«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобасының (жаңа редакциясы)
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
Заң жобасының атауы
«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (жаңа редакциясы).
Заң жобасын әзірлеу қажеттігінің негіздемесі
«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобасының (жаңа редакциясы) тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2013 жылға арналған іс-шаралар жоспарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 13 мамырдағы № 409 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес әзірленді. Тұжырымдаманы қабылдау қажеттігі Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерге де байланыстылығын да атап өту керек:
- Қазақстан азаматтарының өмір-тіршілігі қауіпсіздігіне тікелей ықпал етпейтін барлық рұқсаттар мен лицензияларды қайтарып алып, оларды хабарландырумен ауыстыру;
- бизнеске ұсынатын тауар, жұмыс және қызмет сапасын бақылау мәселелерін өзі реттейтін жағдай тудыру;
- ұсақ кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерді орта деңгейге көшіру үшін жағдай және алғышарттар қалыптастыру.
Қазақстан Республикасының бағалау қызметі саласындағы негізгі заңнамалық акті «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» 2000 жылғы 30 қашадағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) болып табылады. Заң бағалау қызметiн жүзеге асыру кезiнде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi; бағалау қызметi субъектiлерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн айқындайды; бағалау қызметін жүзеге асыру негіздері мен шарттарын, бағалау қызметін мемлекеттік реттеу негіздерін белгілейді.
Қарастырылып отырған заңнамалық актінің құқық қолдану практикасы елдегі бағалауға, бағалау қызметінің тиімділігіне теріс әсер ететін орын алған бірқатар ақаулар мен қарама-қайшылықтарды анықтады. Осы күнгі қолданыстағы Заң елдің экономикалық дамуы үшін қажетті шарттарға және бизнес сұраныстарына, халықаралық стандарттар мен озық практика талаптарына сай келмейді.
Аталған заңнамалық актіні қайта қарау қажеттігі аталған салада орын алған проблемалардан да туындады. Олардың ішінде мыналарды атап өту керек: бағалау қызметінің бірыңғай және тиімді нарығын дамытуды қиындататын бағалаудың төмен сапасы; бағалау қызметі саласындағы халықаралық стандарттарға сай келетін стандарттардың кешенді жүйесінің жоқтығы; бағалау қызметін мемлекеттік реттеу және өзін өзі реттеу жүйесінің жетілдірілмеуі; мүлікті және т.б. бағалау туралы дәйексіз есепті жасаған жағдайда бағалаушылардың жауапкершілігін белгілейтін Заңның нормаларын іске асыру тетігінің жоқтығы. Бұл кемшіліктердің көрініс табуы, бірінші кезекте, бағаланатын мүліктің меншік иелерінен, сондай-ақ бағалау нәтижелерінің басқа да тұтынушыларынан, құқық қорғау органдарынан бағалау жұмыстарының сапасы бойынша шағымдар мен қарсылықтарда көрсетілді. Бағалауға тапсырыс берушілер өздеріне керек көлемге «тапсырыс берген» сияқты «тапсырыспен бағалау» мәселелері жиі көтеріле бастады. Мұның барлығы қолданыстағы Заңның ережелерін жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді талап етеді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы
24 тамыздағы № 858 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында аталып өткеніндей мемлекеттің стратегиялық міндеті ұдайы көңіл аударуды және жетілдіруді талап ететін құқықтық реттеу болып табылады.
Осылайша, бағалау қызметі саласының қазіргі заманғы жай-күйі және туындайтын проблемалары оны дамыту бойынша мемлекеттің мынадай:
Қазақстан Республикасында құнды бағалау бойынша сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін бағалау қызметін өзін-өзі реттеу жүйесін одан әрі жетілдіру;
бағалау қызметін әлеуметтік-экономикалық процестерге толық қосуды қамтамасыз ететін нормативтік құқықтық базаны жетілдіру мақсаттарын тұжырымдауға мүмкіндік береді.
Қойылған мақсаттарды іске асыру үшін төмендегі міндеттерді:
тәуелсіз бағалау, бағалау нәтижесінің дәйектілігі мәселелерін реттейтін заңнаманың толықтығын және қайшылықсыздығын қамтамасыз ету;
бағалау қызметінің халықаралық стандарттарын енгізу бойынша жұмысты жүргізуді талап ететін бағалау қызметін халықаралық талаптарға сәйкес келтіру;
бағалау қызметін мемлекеттік реттеу және өзін-өзі реттеу жүйесін жетілдіру қажет.
Заңнамалық деңгейде бағалау қызметінің халықаралық стандарттарын енгізу, бағалау қызметін мемлекеттік реттеу және өзін-өзі реттеу жүйесін жетілдіру бойынша шаралар кешенін бекіту ұсынылады. Енгізілетін түзетулер Заңның жиырма (20) бабын қозғайды, одан басқа, он (10) жаңа бап енгізілуде. Көлемі Заң мәтінінің жартысынан асатын оған ұсынылатын өзгерістер мен толықтырулар санының көптігіне орай, «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабы
8-тармағына сәйкес «Қазақстан Республикасында бағалау қызметі туралы» Заңның жаңа редакциясын (заң жобасы) қабылдау ұсынылады. Заң жобасында қолданыстағы Заңның күші жойылады.
Қазақстан Республикасының бағалау қызметі саласындағы қолданыстағы заңнамасына сәйкес бағалау қызметін жүзеге асыруға лицензияны жеке тұлғалар да, заңды тұлғалармен еңбек шартын жасаған екі жеке тұлғаның лицензиясы негізінде заңды тұлғалар да алуы мүмкін. Қосарланған лицензиялаудың қолданыстағы жүйесі іс жүзінде еңбек шарты лицензиясы бар, бірақ бағалау қызметімен айналыспайтын адамдармен жасауға әкелді. Бағалаумен көбіне бағалау қызметін жүзеге асыруға лицензиясы жоқ адамдар айналысады. Осыған байланысты жеке тұлғаларды лицензиялаудан бас тарту және мақсаты бағалаушының дайындығы, кәсіби білімі, дағдылары мен тәжірибесі деңгейін белгілеу болып табылатын бағалаушыларды сертификаттауды енгізу қажет. Сертификаттау жүргізу тәжірибесі Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет саласындағы заңнамасында, бірқатар шет елдердің (АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Литва және т.б.) бағалау қызметі саласындағы заңнамасында орын алғанын атап өту қажет. Қазіргі уақытта нарықтық экономикасы дамыған елдерде бағалаушылардың кәсіби қоғамдастықтарының өз мүшелеріне қоятын кәсіби талаптарының деңгейі жоғары (мысалы, Appraisal Institute (АҚШ), RICS (Ұлыбритания).
Экономикасы ауыспалы елдерде бағалаушылардың кәсіби ұйымдарын қалыптастыру жедел қарқынмен жүргізілді және сондай ұйымдардың мүшелеріне қойылатын талаптар деңгейі төмен болды. Қазіргі уақытта республикада өзін-өзі реттейтін бағалаушылар ұйымдарына мүшелікте 1100-ден астам бағалаушылардың болуына қарамастан, кәсіби ұйымда мүшелік тұтынушылар үшін (атап айтқанда, банктер үшін) олар көрсететін бағалау қызметтері сапасының сенімді кепілдігі болып табылмайтындай жағдай туындады. Оның үстіне, қазіргі уақытта лицензиясы бар үш мыңға жуық бағалаушы бағалаушылар палатасында мүше емес.
Кәсіби бағалаудың әлемдік және отандық тәжірибесінің талдауы көрсетіп отырғандай, көптеген клиенттер, мүмкіндігінше, тәуелсіз және құзыретті ұйымдардан олар көрсететін қызметтіңсапа талаптарына сәйкестігін растайтын, олар уәкілеттік берген мамандардың біліктілігін растауды алғысы келеді. Осыған байланысты сертификаттауды уәкілетті орган аккредиттеген тәуелсіз ұйым – құрылтайшысы болып табылатын, Республикалық бағалау палатасы құрған Біліктілік комиссиясы жүзеге асыруға тиіс. Біліктілік комиссиясының құрамына уәкілетті органның өкілі, әрбір аумақтық бағалау палатасынан бір өкілден, ғалымдар кіруі тиіс. Сөйтіп, бағалаушыны сертификаттауды енгізу бағалаушының біліктілігін, стандарт талаптарына сай олар орындаған бағалар сапасын арттыруға алып келеді.
«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Заңның жаңа редакциясы қабылданғанға дейін жеке тұлғаларға бағалау қызметін жүзеге асыруға берілген лицензия Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде серификатқа айырбастауға жатады. Бұл ретте, «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Заңның жаңа редакциясы қабылданған күні лицензиясы бар, дара кәсіпкер ретінде бағалау қызметімен айналысатын жеке тұлғаларға, жоғарыда аталған Заң қабылданған күннен бастап алты ай болатын өтпелі кезең ішінде бағалау қызметін жүзеге асыруға құқық берілуі тиіс.
2. Заңда атап айтқанда, бағалау қызметінің субъектілік құрамын анықтауда қайшылықтар орын алған. Сондай-ақ Заңның 4-бабы 1-тармағына сәйкес бағалау қызметінің субъектілеріне бағалаушылар, тапсырыс берушілер және үшінші адамдар жатқызылған. Сонымен бірге Заңның
2-бабы 5) тармағында бағалау қызметі деп бағалаушылар жүзеге асыратын кәсіпкерлік қызмет түсініледі. Біріншіден, Заңда «бағалау қызметінің субъектісі» түсінігі мазмұнын қисынсыз кеңейту және «құқықтық қатынастар субъектісі» түсінігімен оны алмастыру орын алған. Екіншіден, бағалаушыға заңды тұлғамен еңбек келісім шартының негізінде бағалау қызметімен шұғылдануға құқығы бар жеке тұлға не өз бетінше лицензия негізінде (Заңның 4-бабы) өз қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкер ретінде және заңды тұлға жатады. Дегенмен еңбек келісім шарты бойынша жұмыс істейтін жеке адамдардың қызметі кәсіпкерлік қызметке жатпайды. «Бағалау қызметі» мен «бағалаушы» ұғымдары арасындағы қайшылықтар практикада оларды біржақты түсіндіруге алып келеді және бағалау қызметі саласындағы құқықтық реттеудің тиімділігін арттыруға айқын ықпал етпейді. Осыған байланысты, бағалау қызметінің субъектілері заңды тұлғаның бағалау ұйымын мойындау қажет, ал бағалау қызметі деп бағалаудың халықаралық стандарттары мен ұлттық стандарттары Заңына сәйкес жүзеге асыратын бағалау ұйымының (бағалау қызметін жүзеге асыруға лицензиясы бар және бағалаушылардың аумақтық палаталарының бірінің мүшесі болып табылатын заңды тұлға) кәсіпкерлік қызметін түсіну қажет, бағалаушы деп құрамында бір ғана бағалау ұйымы бар, өз қызметін бағалаушы ретінде жүзеге асыратын Бағалаушыларға кандидаттарды сертификаттау бойынша біліктілік комиссиясы берген «бағалаушы» біліктілік сертификатын алған жеке тұлғаны мойындау қажет. Бағалау ұйымының басшысы мен құрылтайшысында «бағалаушы» біліктілік сертификаты болуы міндетті. Осы талаптармен бағалау ұйымының өз жұмысының нәтижесі үшін материалдық жауапкершілігінің ең аз базасы анықталатын болады.
3. Заңда құқықтық нұсқамаларды қайталауға, олқылыққа орын берілген. Атап айтқанда, Заңда оны қабылдаудың мақсаты жеткіліксіз нақты анықталған. Заңның кіріспесінде Заңда «бағалау қызметі субъектілері, яғни бағалаушылар, тапсырыс берушілер және үшінші адамдардың мақсаты мен міндеттері айқындайтыны айтылған. Дегенмен Заң аталған қоғамдық қатынастардың басқа қатысушыларының - мемлекеттік органдардың, бағалау қызметі саласындағы коммерциялық емес кәсіби ұйымдардың құқықтары мен міндеттерін белгілейді.
«Бағалаушылар тәуелсіздігі» Заңының 10-бабы 1-тармағында жағдайлар ретінде: бағалау объектісінде бағалау ұйымының заттық мүддесінің болуы, оның ішінде тапсырыс берушімен үлестестігі; тапсырыс беруші - заңды тұлға бағалаушының кредит берушісі немесе сақтандырушысы болып табылатын, бағалау жүргізуге болмайтын мұндай жағдайлар көзделмеген.
Заң бағалау туралы есептің мазмұны ретінде бағалау қызметінің мұндай кәсіби аспектілерін регламентациялауды қамтиды. (Заңның 9-бабы). Сонымен бірге бағалау туралы есептің нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптар «Бағалау қызметінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 12 ақпандағы № 124 қаулысымен белгіленген. Осыған байланысты, нормативтік нұсқамалардың қайталануы - заң техникасының құқықтық нұсқамаларды баяндаудағы барынша үнемділігі, олардың қайталануын болдырмау сияқты қағидаттарының бірін бұзатындықтан, Заңның осы ережесін алып тастау қажет.
4. Соңғы жылдары аумақтық бағалаушылар палаталарының қызметін реттеу жөніндегі белгілі бір жұмыстар жүргізілді. Аумақтық бағалаушылардың 16 палатасы құрылып, бір мыңнан астам бағалаушыларды біріктіретін: 14 облыста, Астана және Алматы қалаларында жұмыс істейді. Алайда шешімін табуы көрсетілетін қызметтер сапасын жақсартуға, мамандықтың беделін арттыруға септігін тигізетін проблемалар ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Мамандардың біліктілігін арттыруға, аумақтық бағалаушылар палаталарының өз мүшелерін ақпараттық және әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етуін ұйымдастыруына көңіл бөлу қажет.
Заңның 18-бабына сәйкес Заңның 13-2-бабында белгіленген палата функцияларынан туындайтын талаптарды аумақтық бағалаушылар палаталарының орындауын бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады. Бұл, атап айтқанда, бағалаушының іскерлік және кәсіптік әдеп қағидаларын бағалаушылар палатасының әзірлеуін және бекітуін бақылау; бағалаушыларды оқыту және қайта даярлау; бағалаушылар палатасы мүшелерінің тізілімін жүргізу және осы тізілімде қамтылған ақпаратты уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мүдделі тұлғаларға беру; өз мүшелерінің ақпараттық және әдістемелік қамтамасыз етілуін ұйымдастыру және т.б. Осыған байланысты, сондай-ақ оларды уәкілетті органның өзінің аумақтық бөлімшелерінің болмауына байланысты Республикалық бағалаушылар палатасының функцияларынан туындайтын талаптардың орындалуын бақылау жөніндегі уәкілетті органның өкілеттігін белгілеу, сондай-ақ функцияларынан туындайтын талаптарды аумақтық бағалаушылар палаталарының орындауын бақылау бойынша өкілеттіктерді аумақтық әділет органдарына бекіту қажет.
Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда аумақтық әділет органына аумақтық бағалаушылар палатасына олардың таратылуы туралы ұсынымхат енгізу құқығын беру қажет. Бұзушылықтар белгіленген мерзімде жойылмаса, әділет аумақтық органы оларды таратуға мәжбүрлеу туралы қуыныммен сотқа жүгінуге құқылы.
Қаралып отырған салада бірыңғай саясатты қамтамасыз ету, нормативтік-әдістемелік қамтамасыз етілу, сондай-ақ бағалау қызметін үйлестіру мақсаттарында Республикалық бағалаушылар палатасы тиісті облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана аумақтарында құрылған аумақтық бағалаушылар палаталарын біріктіруге тиіс.
Заңда бағалаушылардың кәсіптік ұйымдарының қызметін қалыптастыру және олардың қызметін тоқтату тәртібін белгілейтін нормалар жоқ. Осыған байланысты заң жобасында аумақтық бағалаушылар палатасы басқармасының және Республикалық бағалаушылар палатасының қызметін қалыптастыру және олардың қызметін тоқтату тәртібін белгілеу қажет.
5. Қазақстан Республикасында халықаралық бағалау стандарттарын біртіндеп енгізу бағалауды сапалы жүргізудің қажетті шарттарының бірі болып табылады. Әлемдік практикада Бағалау стандарттары жөніндегі халықаралық комитет әзірлеген бағалаудың халықаралық стандарттары кеңінен қолданылады. Осыған байланысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 13 мамырдағы № 409 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 3.3-тармағын іске асыру мақсаттарында қаржы секторын реттеудің жаңа халықаралық тәсілдеріне өту бойынша Қазақстан Республикасында ресми түрде аударылуына және жариялануына Бағалау стандарттары жөніндегі халықаралық кеңестің жазбаша рұқсатымен қазақ және орыс тілдерінде жарияланған бағалау қызметі саласындағы халықаралық бағалау стандарттарын (қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарын енгізу тәжірибесімен ұқсастыру бойынша), халықаралық бағалау стандарттары ескеріле отырып, Республикалық бағалаушылар палатасы әзірлеп, уәкілетті орган бекіткен Қазақстан Республикасының бағалау стандарттары деп тануды орынды деп есептейміз.
Халықаралық стандарттарды аудару және жариялау бойынша жұмыстарды жүргізу қажеттілігіне байланысты осы нормаларды «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Заңның жаңа редакциясы қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл өткен соң қолданысқа енгізу ұсынылады. Көрсетілген шаралар жүргізілген бағалаудың сапалылығы мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп пайымдаймыз.
6. Қазіргі кезде бағалау қызметін бақылауды қамтамасыз ету, оның тиімділігін арттыру мақсатында бағалау ұйымының құрамы туралы ақпаратты, оның қызметі туралы статистикалық ақпаратты (қалалар, облыстар шеңберінде кезеңдер бойынша жүргізілген бағалау саны), аумақтық бағалаушылар палатасы жүргізген тексерулердің саны, оның ішінде жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер туралы, тексеру жүргізу барысында қолданыстағы заңнамада белгіленген міндеттерді анықталған бұзушылықтар туралы ақпаратты жинау бойынша жұмыстар жүргізген орынды сияқты. Осыған байланысты Заңның жаңа редакциясында уәкілетті органның өздерінің интернет-сайтында бағалау ұйымдарының тізілімін орналастыру және ай сайын оларды жаңартып тұру (мұндай практика мысалға, аудиторлық қызмет саласында, кеден істері саласында орын алған) функциясын көздеген орынды болар еді. Бағалау ұйымдарының тізілімін енгізу үшін бағалаушылар құрамы туралы ақпаратты, кейіннен Республикалық бағалаушылар палатасына, уәкілетті органға бере отырып, бағалау ұйымдарының қызметі туралы статистикалық ақпаратты өзі мүшесі олып табылатын бағалаушылар палатасына жіберуге бағалау ұйымдарын міндеттеу қажет; аумақтық бағалаушылар палатасы жүргізген тексерулер саны туралы, оның ішінде жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер туралы, тексеру жүргізу барысында қолданыстағы заңнамада беліленген міндеттердің анықталған бұзушылықтары туралы ақпаратты уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша Республикалық палатаға беруге аумақтық бағалаушылар палатасын міндеттеу қажет. Осы ұсыныстарды іске асыру келешекте мән-жайды бағалау бойынша жұмыстар жүргізуге,қолданыстағы заңнаманың ережелерін қолдану практикасын қорытып жинақтауға, сондай-ақ осы саладағы нормаларды одан әрі жетілдіру мақсатында өзін-өзі реттеудің нәтижелілік индикаторлары мен критерийлерін жасауға мүмкіндік береді.
7. Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында бизнестіңұсынылатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сапасын бақылау мәселелерін дербес реттеуі үшін жағдайлар жасаужөнінде алға қойған міндеттерін іске асыру,бағалаушылар мен бағалаушы ұйымдардың бағалау стандарттарының талаптарын сақтауы мақсатында заң жобасында ішкі және сыртқы бақылау сапасын жүзеге асыру тәртібін көздеу керек. Осылайша, бағалаушы ұйымдардың өзін өзі реттеу жолында жаңа қадам жасалатын болады. Ішкі сапа бақылауын бағалаушы ұйымдар өз мүшелерінің жұмыс сапасын бақылаудың ішкі қағидаларына сәйкес дербес жүргізуге тиіс. Аумақтық бағалаушылар өз мүшелеріне қатысты сыртқы бақылау сапасын Республикалық бағалаушылар палатасы әзірлеп, бекітетін, Заңға және бағалау стандарттарына қайшы келмейтін қағидаларға сәйкес екі жылда бір рет жүзеге асыруға тиіс. Аумақтық бағалаушылар палатасы мүшелерінің Заңның, бағалау стандарттарының талаптарын сақтауы тексеру нысанасы болып табылады. Бағалау ұйымдарының заңның, бағалау стандарттарының талаптарын бұзуы туралы аумақтық бағалаушылар палатасына жіберілген уәждемелі шағым жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін негіз болып табылады. Бағалаушылардың аумақтық палатасына жіберілген бағалау ұйымының іскер және кәсіби этиканы бұзуы туралы шағым да жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін негіз болып табылады. Тексеру нәтижелері бойынша аумақтық бағалаушылар палатасының алқалы басқару органы: анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығару; ескерту жасау; бағалаушылар палатасы құрамынан шығару туралы; бағалаушылар палатасының ішкі құжаттарында белгіленген өзге де шаралар туралы шешім қабылдауға құқылы.
8. Қазіргі уақытта бағалау нарығында республика аумағында көптеген филиалдары мен өкілдіктері бар бірқатар заңды тұлғалар жұмыс істейді, олардың көпшілігінде бағалау қызметiн жүзеге асыруға лицензиясы жоқ адамдар бағалаумен айналысады. Бұл ретте заңды тұлғалар аумақтық бағалаушылар палатасын өздерінің филиалдарының (өкілдіктерінің) бар-жоғы, олардың саны және орналасқан жері туралы хабардар етпейді. Мұндай себеп бойынша бағалау компанияларының филиалдары (өкілдіктері) әділет департаменттері, бағалаушылар палаталары сияқтыбақылау саласынан тыс қалған. Аталған проблеманы шешу үшін филиалдары (өкілдіктері) бар заңды тұлғаларды өздері қатысушысы болып табылатын, аумақтық бағалаушылар палатасына филиалдардағы (өкілдіктердегі) бағалаушылардың сандық құрамы туралы ақпарат беруге міндеттеу қажет. Сондай-ақ бағалау ұйымдарын: өздері қатысушысы болып табылатын аумақтық бағалаушылар палатасына уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша бағалау ұйымдары филиалдарының (өкілдіктерінің) қызметі бөлігінде статистикалық ақпарат беруге міндеттеу қажет. Бір мезгілде «бағалаушы» деген біліктілік сертификаты болсын деген талапты филиалдың (өкілдіктің) басшысы үшін белгілеу қажет.
9. Практикада бағалаудың анық болмауы фактісін бақылаушы органның дәлелдемеуіне байланысты мүлікті бағалау бойынша анық емес есепті жасағаны үшін бағалаушыларды әкімшілік жауапқа тарту жөнінде проблемалар туындайды. Заңнамада бағалау сараптамасын жүргізу рәсімін реттейтін нормалардың, сондай-ақ есепті анық емес деп тану тәртібі туралы бекітілген стандарттың болмауы мұндай жағдайдың себебі бола алады. Аталған проблемаларды шешу үшінмүдделі тараптардың біреуі бағалау нәтижелерімен келіспеген жағдайда, объектіні бағалау туралы бағалау сараптамасын жүргізу, бастамашылық жасаған тараптың есебінен бақылаушы органның жүгінуі жөніндегі бағалау ұйымы қатысушысы болып табылатын, аумақтық бағалаушылар палатасының міндеттілігін белгілеу қажет. Бағалау туралы есептің сараптама нәтижелерімен келіспеген жағдайда, сараптаманы аумақтық бағалаушылар палатасы жіберген сарапшылар қатарынан құралатын Республикалық бағалаушылар палатасының сараптама кеңесінің жүргізуі ұсынылады. Бағалау туралы сараптама жүргізу үшін ғылымның, техниканың, өнердің немесе қолөнердің белгілі бір саласында арнайы білім қажет болған жағдайда, бағалаушылар палатасы жүргізілетін бағалаудың бейіні бойынша ғалымдар мен мамандарды тартады.
10. Бағалау жүргізуге шарт жасасқан тапсырыс берушіге келтірілген залал немесе бағалау ұйымының басшысы бекіткен, бағалаушы немесе бағалаушылар қол қойған, есепте көрсетілген бағалау объектісінің нарықтық жиындысының шамасын немесе өзге де құнын пайдалану салдарынан үшінші тұлғаларға келтірілген шығын аумақтық бағалаушылар палатасының жәрдемақы қоры (бұдан әрі - жәрдемақы қоры) есебінен толық көлемінде өтелуге жатады. Қамтамасыз етудің осындай мақсатында аумақтық бағалаушылар палатасының жәрдемақы қорын қалыптастыру туралы талапты белгілеу қажет, онда палатаның әрбір мүшесі жыл сайын елу мың теңге мөлшерінде міндетті жарна енгізуге тиіс.
Жәрдемақы қорының қаражаты оларды сақтау және көбейту мақсатында аумақтық бағалаушылар палатасының арнайы есебінде орналастырылады.
Жәрдемақы қорының есебінен залалдың орнын толтыру туралы талап, залал келтірілген кезде бағалаушы оның мүшесі болып табылған немесе табылатын аумақтық бағалаушылар палатасына қойылады.Бір бағалаушыға бір жағдай бойынша жәрдемақы қорының есебіненжәрдемақы төлеу мөлшері тапсырыс берушілердің не үшінші тұлғалардың талабы немесе талаптары бойынша бір жарым миллион теңгеден аспауға тиіс.
Егер мұндай міндеттемелердің туындауы ол реттейтін қызмет түрін жүзеге асыруға байланысты болмаса, жәрдемақы қорынааумақтық бағалаушылар палатасының міндеттемелері бойынша, сондай-ақ палатамүшелерініңміндеттемелері бойынша өндіріп алуға жатпайды.
Бағалаушылар палатасы мәртебесіне ие коммерциялық емес ұйымды тарату жағдайында, осы ұйымның компенсациялық қорын құрайтын мүлік Республикалық бағалаушылар палатасына берілуге жатады. Республикалық бағалаушылар палатасына берілген аумақтық бағалаушылар палатасының өтем қорының қаражатын орналастыру тәртібіне аумақтық бағалаушылар палатасының өтем қорының қаражатын орналастыру тәртібіне қойылатын талаптарға ұқсас талаптар қойылады. Аумақтық бағалаушылар палатасының өтем қорын құрайтын және Республикалық бағалаушылар палатасына берілген мүлік бағалаушылар палатасы таратылған күннен бастап төрт жыл өткеннен кейін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен осындай бағалаушылар палатасының мүшелері болып табылатын адамдарға олардың өтем қорына берген жарналарының мөлшерінен аспайтын мөлшерде ақшалай нысанда қайтарылады.
Сарапшысы немесе сарпашылары оң сараптама қорытындысын дайындаған және бекіткен аумақтық бағалаушылар палатасы бағалау стандартының талаптары бұзылғандығын сотпен белгіленгені нәтижесінде бағалау жүргізу шартын жасасқан тапсырыс берушіге келтірілген шығындар үшін немесе бағалаушының немесе бағалаушылардың әрекеттерінің нәтижесінде үшінші тұлғаларға келтірілген мүліктік залал үшін бірге жауап береді. Бұл ретте бағалауға тапсырыс берушіге және (немесе) үшінші адамдарға келтірілген шығындарды немесе мүліктік залалды өтеу сарапшы немесе сарапшылар мүшелері болып табылатын аумақтық бағалаушылар палатасының өтем қоры қаражатының есебінен жүргізіледі. Шығындарды немесе мүліктік залалды өтеген аумақтық бағалаушылар палатасы бағалаушылар палатасының сарапшысына немесе сарапшыларына регресс қоюға құқығы бар.
3. Заң жобасын қабылдау мақсаттары
Заң жобасы бағалау қызметі саласындағы заңнаманы, бағалау қызметін мемлекеттік реттеу және өзін-өзі реттеу жүйесін әрі қарай жетілдіру, бағалау қызметін халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру мақсатында әзірленген.
4. Заң жобасын реттеу нысанасы
Заң жобасын реттеу нысанасы бағалау қызметі саласында туындайтын қоғамдық қатынастар болып табылады.
5. Заң жобасының құрылымы
Заң жобасы 8 тараудан тұрады:
1-тарау. Жалпы ережелер
2-тарау. Бағалау қызметін жүзеге асырудың негіздері және шарттары
3-тарау. Бағалау ұйымының құқықтары мен міндеттері
4-тарау. Бағалаушының құқықтары мен міндеттері
5-тарау. Бағалаушылар палатасы
6-тарау. Тапсырыс берушінің құқықтары мен міндеттері
7-тарау. Бағалау қызметін мемлекеттік реттеу
8-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
6. Заң жобасы қабылданған жағдайда болжанатын құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдар
Заң жобасының қабылдануы теріс құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқпайды. Оң әлеуметтік-экономикалық салдар:
- мүлікті бағалау сапасын арттыру;
- бағалау қызметтерінің сапасына мемлекеттік-қоғамдық бақылауды күшейту;
- бағалау қызметін реттеудің және өзін-өзі реттеудің мемлекеттік жүйесін жетілдіру;
- бағалаушының біліктілігін арттыру;
- бағалаушы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау.
Құқықтық салдар:
- рұқсат беру жүйесін оңайлату үшін құқықтық жағдайлар жасау, бағалау қызметін лицензиялау саласына санаттарға бөлуді енгізу, бизнеске әкімшілік жүктемені азайту;
- бағалау қызметі субъектілерінің құқықтық мәртебесінің, бағалаушылардың және бағалау ұйымдарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қамтамасыз ету;
- бағалаушылардың аумақтық палаталары мен Республикалық бағалаушылар палатасының құқықтық мәртебесін белгілеу;
- осы салада мемлекеттік органдардың, өзін-өзі реттеу ұйымдарының, бағалаушылар мен бағалау ұйымдарының өзара әрекеттесу мәселелерін реттеу;
- бағалау қызметін халықаралық талаптарға сәйкестікке келтіру, халықаралық стандарттарды енгізу.
7. Басқа заңнамалық актілерді әзірленетін заң жобасына бір уақытта (кейіннен) сәйкестікке келтіру қажеттілігі
Тұжырымдамада ұсынылып отырған заң жобасының қабылдануы қолданыстағы «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының заңдық күші жойылды деп тануға әкеп соғады.
Заң жобасының қабылдануы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық актілеріне, оның ішінде:
2011 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне;
«Әділет органдары туралы» 2002 жылғы 18 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына;
«Лицензиялау туралы» 2007 жылғы 11 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына кейіннен өзгерістер енгізуді қажет етеді.
8. Заң жобасы нысанасының өзге нормативтік құқықтық актілерімен регламенттелуі
Заң жобасының нысанасы бірқатар заңнамалық және заңға тәуелді актілермен реттеледі:
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі;
2011 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі;
«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» 2000 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы;
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы «Лицензиялау туралы» Заңы;
Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4 мамырдағы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы;
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңы; Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 12 ақпандағы № 124 «Бағалау қызметінің кейбір мәселелері туралы» қаулысы;
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 15 сәуірдегі № 317 «Бағалау қызметімен айналысу құқығына үміткер тұлғаларға Біліктілік емтиханын өткізу ережелерін бекіту туралы» қаулысы;
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010 жылғы 9 сәуірдегі № 111 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрілігінде 2010 жылғы 13 сәуірдегі № 6170 «Бағалау қызметі саласындағы мамандарды Кәсіби қайта дайындау бағдарламасын бекіту туралы» болып тіркелді;
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010 жылғы 9 сәуірдегі № 110 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 13 сәуірде № 6169 «Бағалаушылар палатасы мүшелерінің тізілімін жүргізу ережесін бекіту және осы тізілімде қамтылған ақпаратты мүдделі тұлғаларға беру туралы» болып тіркелді.
9. Қарастырылатын мәселе бойынша шетел тәжірибесінің болуы
Шет елдерде бағалау қызметін реттеудің әртүрлі өлшемшарттары бар. Бір елдерде ол нормативтік-құқықтық актілермен кодификацияланған. Басқа елдерде бағалауға қандай да бір қатаң реттеуге жатпайтын кәсіпкерлік қызмет ретінде қарайды. Мұндай елдерде бағалау қағидаттары негізінен коммерциялық емес ұйымдар мен бірлестіктер әзірлейтін, сондай-ақ әдеттер мен доктрина қағидаттарынан қалыптастырылатын ережелер базасында құралады.
Тұтынушыларға (азаматтарға, мемлекетке және бизнеске) арналған нарық бойынша деректердің қорытынды ашықтығы мен қол жетімділігі жағынан бағалау қызметінің нәтижесі - әртүрлі елдерде бағалау қоғамдастығы қызметі тиімділігінің аса жинақталған көрсеткіші. АҚШ пен Канадада бағалаушылардың қызметін мемлекеттік органдар аз реттейді. Қызмет негізінде, ең алдымен Аррrаisal Institute және Аррrаisal Foundation сияқты ұйымдар шеңберінде, өзін-өзі реттеу қағидаттары жатыр. Егер Бағалау институты бағалаушыларды дайындауға және білім беруге жауап беретін болса (атап айтқанда, оларды дайындауды және қайта дайындауды, әртүрлі деңгейде лицензиялауды жүргізеді және жоғары дәреже ретінде МАI мүшелігін береді), онда Бағалау қоры бағалаудың бірыңғай қағидаттарын (Standarts of Professional Аррrаisal Practice) әзірлеуге жауап береді. Мұндай жүйе 70-жылдары жылжымайтын мүлік кепілдігіне берілетін банк несиесі нарығындағы дағдарысқа жауап ретінде құрылған болатын. Осы ұйымдар нарықтар үдерістер туралы деректерді кеңінен жариялайды (сату, жалға беру, табыстылық бағасы), бұл мемлекеттің бағалау қызметін реттеуге мейлінше аз күш салуы нәтижесінде жылжымайтын мүлік нарығының айқындылығын қамтамасыз етеді. Америкада көптеген салалық басылымдар бар, 20 фирмаға жуығы бағалаушыларға арналған ақпаратты жинақтаумен айналысады. Осындай ұқсас фирмалар Англияда, Францияда, Германияда бар. Белгілі деректер базасының бірі Damodaran болып табылады (экономикалық ақпарат қамтылған деректер базасы) және Value Line (қаржыолық ақпарат қамтылған компаниялардың деректер базасы). Қазақстан Республикасында бағалау қызметінің Батысқа қарағанда кейінірек пайда болуына байланысты, нарық, компаниялар, мәмілелер туралы ашық және қолжетімді ақпаратпен қамтамасыз ету әлі нашар.
Ұлыбританияда формальды ресімделген бағалау жұмыстарын RIGS (Rоyаl Institution of Chartered Surveyors) мүшелері жүргізеді. RIGS 163 мың мүше - әлемнің 146 елінің жеке тұлғасы, сондай-ақ 50-ден аса ұлттық қауымдастықтар, қауымдастық топтар мен қоғамдық бірлестіктерден тұрады. RICS негізгі функциялары: білім беру мен кәсіби дайындаудың жоғарғы стандарттарын қолдау; тұтынушыларды ережелердің және қызметтің кәсіби стандарттарының сақталуын бақылау арқылы қорғау; жерді, жылжымайтын мүлікті, девелопментті пайдалану мәселелері бойынша ақпаратты және тәуелсіз сараптаманы беру және бүкіл әлемде бағалау стандарттары ең жақсы әзірленген стандарттар болып саналады («қызыл кітап» – Аppraisal&Valuation Manual). Мемлекеттік реттеу жоқ, алайда бағалау қоғамдастығының түпкілікті жұмыс нәтижесі, атап айтқанда, нарық туралы жүйелендірілген деректерді белсенді жариялау нарықты ашық және қолжетімді етеді. RIGS шеңберінде өздігінен білім алу барлық елдерде танылған, сондықтан олардың орталықтары барлық жетекші елдерде ашылуда.
Германияда бағалау қызметтерінің нарығы дәстүрлі түрде әлемдегі реттелетін нарықтардың бірі болып саналады. Мемлекеттің белсенділігі бағалау қызметін лицензиялау арқылы емес, бағалаудың жеткілікті толық стандарттары (негізін құрылыстық кодекс құрайтын) және қаржы ведомствосы әзірлеген жылжымайтын мүлікті бағалау бойынша теориялық түрде мемлекеттік емес ұйымдар үшін міндетті болмайтын ұсынымдар арқылы көрініс табады. Тәжірибе жүзінде осы ұсынымдарды барлық жеке бағалаушылар пайдаланады. Бағалау қызметіне құқық алу үшін сауда-өнеркәсіп палатасына тіркелу жеткілікті болады. Басқа жағынан алғанда, мемлекет және муниципалитеттер өзінің жұмысын жеке бағалаушылармен ірі қалалар мен аймақтардағы сараптама комитеттерінің шеңберінде біріктіреді. Бұл ретте осы комитеттердің басты міндеті – нарықтағы барлық мәмілелер бағасын өңдеу негізінде және басқа да деректер бойынша жылжымайтын мүлік объекттері нарығы жағдайының толық талдауын беру. Бұл есептер жыл сайын жарияланады және нақты Германияға тиесілі нарықты реттеудің аса тиімді нысандарының бірі болып табылады. Соңғы жылдары бағалаушыларды сертификаттаудың әртүрлі нысандары (мысалы, кепілдік мүлікті бағалау мақсатында), сондай-ақ бағалаушылардың қауымдастықтар қатарына бірігуі дамыды.
Еуропа одағын құруға әкеп соғатын интеграциялық үдерістер және соңғы он жылдықта қарқынды дамудағы бизнесті жаһандандыру үдерістері, оның ішінде жылжымайтын мүлік бизнесі - әртүрлі елдер мен аймақтардың жылжымайтын мүлікті бағалаушыларының күшін біріктіру үшін мықты ынталандыру болды. Бүгінгі таңда бағалаушылардың кәсіби құрылымдарын әдістемелік біріктірудің жетекші халықаралық орталықтары:
- әлемнің 54 елінің 74 ұйымын, оның ішінде бағалаушылардың, қызметтерді берушілердің, бағалау қызметін реттеушілердің кәсіби ұйымдарын біріктіретін IVSC Бағалау стандарттары жөніндегі Халықаралық кеңес (International Valuation Standard Council);
- TEGoVA- Бағалаушылар қауымдастықтарының еуропалық тобы (The European Group of Valuers' Associations), бұл еуропалық коммерциялық емес қауымдастығы Еуропадағы 70 000 жуық бағалаушыларды беретін 30 елдің 52 қауымдастығынан тұрады.
Қазіргі уақытта IVSC немесе TEGOVA кіретін әрбір елде бағалау қызметін ұлттық реттеу режимі бар. Эокономикалық нарығы бар барлық елдерде бағалаушылардың қоғамдық ұйымдары бар және белсенді жұмыс істейді. Мысалы, АҚШ-та осындай 32 ұйым жұмыс істейді. Олардың ішінде аса белгілі ұйымдардың бірі АҚШ-тың 40000 маманнан тұратын Бағалау қоры және Бағалау институты. Бағалау институты (AI) бағалаушыларға арналған міндетті білім көлемін меңгеру бойынша талаптарды орындауға көмектесетін курстарды ұсынады. Ол әрбір өткізген курс бойынша маманның сол штаттың шеңберінде лицензия (сертификат) алу шартын орындағаны ретінде әрбір штаттан рұқсат алған. Мысалы, Калифорния штатында басты сертификаты бар бағалаушы міндетті екі пән кіретін 40 сағаттық арнайы курстан өтуі тиіс; қалғандары – таңдау бойынша, және басқа екеуі өзінің лицензиясын ұзартуды қамтамасыз ету үшін.
АҚШ федералдық заңдарында өткен ғасырдың 90-жылының басынан бастап бағалау қызметін штат билігінің міндетті лицензиялауы белгіленген. Бұған дейін бағалау қызметі АҚШ бағалаушылардың кәсіби қоғамдарымен ғана реттелген. АҚШ бағалау қызметін лицензиялау үлкен шығындары бар жылжымайтын мүлік нарығындағы дағдарыстан және көптеген жәрдем-жинақ банктерінің күйреуінен болды. Жылжымайтын мүлікті бағалаушылар осы апатқа кінәлілердің бірі болып танылды. Сондықтан АШШ Конгресі барлық штаттар жылжымайтын мүлікті бағалауды реттейтін арнайы билік құрылымын құруға міндетті болатын заң шығарды. Оларға бағалаушыларды тестілеу (емтихандар қабылдау), аталған штатта бағалаушының тиісті атағын беру, бағалаушыларға міндетті білім беру стандарттарын белгілеу құқығы берілді. Нақты осы құрылымдар бағалау қызметіне лицензия береді және әрбір штатта белгіленге тиісті ережелерді бұзғаны үшін жекелеген бағалаушыларды лицензиясынан айыруға құқығы бар
АҚШ ипотекалық дағдарыстың соңғы тәжірибесі бағалаушыларды лицензиялау мемлекеттік реттеу ретінде жылжымайтын мүлік нарығының дағдарысынан сақтандыруда әлсіз екендігін көрсетті. Лицензиялауға кәсіби бағалаушыларды емес, штаттардың шенеуніктер айналысатын билік құрылымдарын қосу штаттық лицензиялары немесе сертификаттары бар құзыретті емес бағалаушылардың көптеп пайда болуына әкеп соқты.
Ресейде бүгінгі күні бағалауды дамытуда негізгі рөл өзін-өзі реттеуші ұйымдарға – бағалаушылардың кәсіби бірлестіктеріне берілген. Бағалау қызметін лицензиялау 2006 жыл,ы 1 шілдеде тоқтатылған. 1998 жылғы 29 шілдедегі № 135-ФЗ «Ресей Федерациясындағы бағалау қызметі туралы» Федералдық Заңға 2007 жылы өзгерістер енгізумен мемлекет өзінің бірқатар функцияларын қоғамдық мүдделерді қорғайтын, бағалау қызметін жүзеге асыруда бірыңғай ұстанымды қалыптастыратын және бағалаушылардың қызметін үйлестіретін, сондай-ақ бағалаудың федералдық стандарттарын және ережелерін әзірлейтін бағалаушылардың өзін-өзі реттеуші ұйымдарына, Бағалау қызметі жөніндегі ұлттық кеңеске тапсырды. Қолданыстағы және бұрынғы тәртіптің қағидатты айырмашылығы бағалау қызметінің субъекттері бағалаушылардың өзін-өзі реттеуші ұйымдарының бірінің мүшесі болып табылатын және өзінің жауапкершілігін сақтандырған бағалаушылар – жеке тұлғалар болып танылатындығында. Лицензиялау жүйесін өзін-өзі реттеумен ауыстыру, сөзсіз, бағалау қызметін дамытуда бір қадам алға басу деп санауға болады. Алайда, заңда оның субъекттері құрамынан заңды тұлғаларды алып тастау және жеке тұлғаларды ғана тану, бірқатар ресейлік бағалау компаниялары басшыларының пікірі бойынша тиімді бағалау қызметі үшін орнықты негіз бола алмады (http://www.labrate.ru/Korsakov_sro.htm толық қараңыз).
Кәсіби бағалаудың әлемдік тәжірибесін талдау көрсеткендей, дамыған нарықтық экономикасы бар елдерде бағалаушылардың кәсіби қоғамдастықтары өздерінің мүшелеріне жоғары деңгейдегі кәсіби талаптар қояды. Еуропалық сертификаттау жүйесінің басты қағидаттарының бірі кандидаттардың жазбаша емтиханнан, сондай-ақ жалпы әңгімелесуден өтуін талап ету. Мұндай талап қою көптеген еуропа елдерінде бағалаушылардан міндетті біліктілігін талап етпеуінен және бағалаушылардың әртүрлі білімі, әртүрлі кәсіп иесі, мысалы, архитектор немесе инженер болуынан шығады. Жазбаша емтихан — бұл осыған дейін нақты академиялық талаптары және практикалық сабақтары бар білім беру курстарына қатыспаған бағалаушыларды сертификаттау кезінде өте маңызды элемент.
Бағалаушыларды сертификаттау (аттестаттау) Германияда Шнейдер ісі ретінде белгілі болған, жылжымайтын мүлік нарығында 1945 жылы ең үлкен күйреуге әкеп соқтырған, дұрыс бағаланбаған жылжымайтын мүлік кепілдігіне берілген бірқатар несиені өтеу мәселесі туындағаннан кейін 90-жылдардың ортасынан бастап орын алған. Осы дау-дамайдың оң салдары Германияның ипотекалық банктеріне қолданысқа енгізілген Hyp Zert сертификаттау жүйесінің пайда болуы. Бұл Германияда кепілдерді бағалау бойынша жұмысты орындағысы келетін барлық бағалаушылардың Hyp Zert сертификатын міндетті алуға тиіс екендігіне әкеп соғады. Ұлыбританияда бағалаушыларға қойылатын талаптар олардың жоғарғы білім базасындағы біліктілігін болжайды.
Халықаралық тәжірибеде бағалау туралы есептің сараптамасы бойынша қызмет бірнеше онжылдықтар бойы жүзеге асырылуда, сараптама стандарттары қолданылады, әдістемелік нұсқаулар мен басшылық әзірленген. «Сараптама» термині үшін бағалау қызметіне қатысты «шолу», «рецензия», «қайтарып алу», «тексеру» болып аударылатын review сөзі қолданылады. Халықаралық тәжірибеде сарапшы (reviewer немесе review appraiser) сараптаманы жүзеге асырады және тексеру түпмәтінінде алынған құнның нақты негізділігіне қорытынды жасайды, сонымен бірге. Мысалы Ресей Федерациясында нақты бағалау туралы есепке және онда қамтылған заңнаманы формальды бұзушылықтарды анықтауға маңызды көңіл бөлінеді.
Рецензент сараптаманың құзыретін, кәсібилігін, шынайылығын және жан-жақтылығын көрсетуі тиіс. Мысалы, Американдық басқарушылар қоғамы және ауыл шаруашылығы объекттерін бағалаушылар рецензентке қойылатын біліктілік талаптарына маңызды назар аударады. Рецензент тиісті көп бейінді оқудан және сертификаттаудан өтуі, бірнеше жылдық бағалау тәжірибесі, сот ісін жүргізуге қатысқан тәжірибесі болуы тиіс. Рецензенттің жақсы ауызша және жазбаша коммуникативтік дағдылары болуы, басты мәселелерге зейін қоя білуі, логикалық және талдау дағдыларына ие болуы тиіс. Сараптама үстел үстіндегі, далалық және ішінара далалық болып бөлінеді және үш түрлі сараптама қорытындысы болады (толық, ішінара немесе формальды).
АҚШ бағалау компанияларының көбісі бағалау туралы есептің сараптамасы бойынша қызметтерді ұсынатынын, сондай-ақ бағалау туралы есептің сараптамасына мамандандырылған бағалау компанияларының, мысалы «Есептің сараптамасы бойынша мамандар» компаниясы (Appraisal ReviewSpecialists, LLC) бар екендігін көруге болады.
10. Заң жобасын еске асырумен байланысты болжанатын қаржы шығындары.
Заң жобасын іске асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындарын талап етпейді.
Достарыңызбен бөлісу: |