|
Қазақстан Республикасы Президентінің
2016 жылғы
№ Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
|
Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі
стратегиялық даму жоспары
Кіріспе
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесі ұзақ мерзімді Елдің даму стратегиясын іске асыру үшін 10 жылға арналған Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарларын іске асыруды көздейді.
«Қазақстан-2030» стратегиясын іске асыру үшін
Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының бірінші бесжылдығы әзірленді және іске асырылды. Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын іске асыру жылдарында 2007-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысының салдарлары нивелирленді, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпінге қол жеткізілді, адами капиталды дамыту саласындағы ахуал жақсарды, ұлтаралық келісім, ұлттық қауіпсіздік және тұрақты саяси жағдай қамтамасыз етілді.
«Қазақстан-2050» стратегиясын, Әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдаманы, 5 институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатты қабылдау орта мерзімді перспективаға арналған стратегиялық міндеттерді іске асыру бойынша тәсілдерді қайта қарауды талап етіп отыр.
Бұдан басқа, әлемдік шикізат «суперциклінің» аяқталуына, әлемдік экономиканың өсу қарқынының төмендеуіне және түбегейлі технологиялық өзгерістерге байланысты геосаяси және әлемдегі экономикалық шындықтың өзгеруі елдің тұрақты дамуы үшін жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдерге негіз болды.
Жаңа стратегиялық міндеттер мен әлемдік экономикадағы жиі өзгерістер жүйелі түзетулер мен орта мерзімді ұлттық іс-қимылдарды жаңа жағдайларға бейімдеуді талап етеді.
Осыған байланысты, жаңа стратегиялық міндеттерді, сондай-ақ жаһандық сын-қатерлерді есепке алу, елді дамытудың ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарына қол жеткізудің бірізді және тұрақты саясатын жүргізу мақсатында Елдің 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары әзірленді (бұдан әрі – Стратегиялық жоспар 2025).
2. Ағымдағы жағдайды талдау
Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын іске асыру жылдарында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының оң серпініне қол жеткізілді.
Қабылданған шаралар 6 жыл ішінде ЖІӨ-нің 34,9%-ға нақты өсуіне қол жеткізу мүмкіндігін берді. Макроэкономикалық тұрақтылық сақталды, 2010-2014 жылдары инфляция деңгейі болжанған дәлізде 6-8% тұрақталды, бірақ
2015 жылы күшті сыртқы күйзелістер аясындағы девальвациядан инфляция 13,6%-ға дейін артты.
Елдің халықаралық резервтерінің көлемі, Ұлттық қор қаражатын қоса алғанда, 90 миллиардтан артық АҚШ долларын құрады, ЖІӨ-ден 50%-ға өсті.
Өңдеу секторына қолдау көрсету және ынталандыру бағдарламаларының іске асырылуы оның өсуіне ықпал етті. Сонымен, 2010-2015 жылдардағы өңдеу секторының жалпы қосылған құнының нақты өсімі 31,8%-дан астамды құрады, ал осы уақытта тау-кен секторында – 9,7% құрады. 5 жылда 28,2%-ға төмендеген экономиканың энергия сыйымдылығы проблемасы біртіндеп шешіліп келеді. Өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 9%-ға артып, 2015 жылы 33 мыңнан астам АҚШ доллары/адамды құрады.
Бизнес-ортаны жақсарту бойынша шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жыл ішіндегі ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 7,6 пайыздық тармаққа ұлғайды және 2015 жылы 24,9% құрады.
Айтарлықтай жақсарулар білім беру саласында болды. Сонымен,
2010-2015 жылдары 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 81,6%-ға дейін, 1-ден 6 жасқа дейін – 53,8%-ға дейін өсті. Авариялық және үш ауысымды мектептер проблемасы біртіндеп шешілуде.
Алдыңғы қатарлы университеттермен және әлемнің ғалымдарымен ынтымақтастықта «Назарбаев университеті» табысты жұмыс істейді. Сондай-ақ 2015 жылы әлемнің үздік университеттерінің QS WUR рейтингінде қазақстандық 9 ЖОО аталып өтті.
Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі қалыптастырылды. Бес жыл ішінде қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 3 жылға ұзарды және 2015 жылы 72 жасты құрады, 2009 жылмен салыстырғанда ана өлімінің деңгейі
3 еседен артық, нәресте өлімі 2 есеге азайған.
Ұлтаралық келісім, ұлттық қауіпсіздік және тұрақты саяси ахуал қамтамасыз етілді.
Жалпы алғанда, 2010 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының
2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары жағдайды тұрақтандырып және 2007-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысынан кейін экономиканың өсуін қамтамасыз ете отырып, өз міндетін орындады.
Сонымен қатар, ағымдағы жағдай бірқатар ішкі сын-қатерлер мен тәуекелдердің сақталуымен сипатталады.
Біріншіден, нарықтық институттардың әлсіздігі байқалады. Мемлекеттің экономикаға қатысу үлесінің жоғары болуы, мемлекеттік және жеке меншік компаниялардың бірқатар секторларды монополияландыруы бәсекелестіктің шектелуіне әкеп соқтырады, шағын және орта бизнестің дамуын қиындатады.
Екіншіден, шикізаттық өсу моделі және шикізат тауарлары экспортына жоғары тәуелділік сақталып отыр (жалпы экспорттан 71,6%). Өндіруші секторға бағытталған тікелей шетелдік инвестициялардың жаппай ағыны барлық тікелей шетелдік инвестициялардың 60,3% құрап отыр. Экономика секторларындағы еңбек өнімділігі ЭЫДҰ мемлекеттерінің салыстырмалы деңгейінен артта қалып келеді.
Үшіншіден, қаржы секторының тұрақсыздығы байқалады. 2008-2009 жж. әлемдік дағдарыстан кейін әлі де жалғасын тауып келе жатқан банк секторының тұрақсыздығы, долларландыру деңгейінің жоғары болуы және ұзақ мерзімді теңге өтімділігіне қол жеткізудің шектеулі болуы нақты экономиканы қаржыландырудың тиімділігін төмендетіп отыр.
Төртіншіден, еңбек нарығында теңгерімсіздік байқалады. Кадрлар даярлау мен еңбек нарығының нақты қажеттіліктері деңгейі арасында теңгерімсіздік орын алуда, кадрлар даярлау деңгейі экономика талаптарына сәйкес келмейді, білім беру қызметтері сапаны арттыруды талап етеді. Жұмыспен қамтудың құрамында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен формалды емес жұмыспен қамтудың жоғары үлесі сақталады.
Бесіншіден, инфрақұрылымдық шектеулер әлі де бар. Тауарлар қозғалысын, еңбек көші-қонын және өңірлер арасындағы тығыз экономикалық ынтымақтастықты қамтамасыз етіп отырған өңірлік инфрақұрылым елдің әлеуетті өсуін шектейді.
Алтыншыдан, өңірлік теңгерімсіздіктер, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы бірқалыпты емес екені байқалады. Жұмыс күші мен ресурстардың «артта қалған» өңірлерден дамып келе жатқан орталықтарға шамадан тыс кетуі өсіп келеді. Бұл ретте, қала халқы санының өсуі сапалы жұмыс орындары мен әлеуметтік инфрақұрылымдардың ашылуымен қамтамасыз етіліп отырған жоқ.
Жетіншіден, мемлекеттік реттеу мөлшерден артық екенін айта кеткен жөн. Мемлекеттік реттеудің төрешілдігі кәсіпкерлерлік үшін жоғары әкімшілік шығасылардың сақталуына әкеліп соғып отыр. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына қанағаттанбаушылық сақталуда.
3. Жаһандық үрдістерді талдау
Жаңа жаһандық геосаяси және экономикалық нақты ахуал мынадай факторлармен сипатталатын жаһандық сын-қатерлерді қалыптастырады:
«Қарқынды қадам» дәуірі аяқталды, әлемдік экономиканың және әлемдік тұтынудың қалыпты қарқынына ауысу.
Әлемдік экономиканың өсу қарқынының баяулауы, оның ішінде орта мерзімді перспективада Қытайда жылына 4-5% дейін байқалады. Халықаралық валюта қорының сәуірдегі болжамы бойынша әлемдік өсу 2016 жылы 3,2% құрайды, ол Халықаралық валюта қорының 2016 жылғы қаңтардағы болжамымен салыстырғанда 0,2%-ға төмен. Экономикасы дамыған елдерде өсу бұрынғыдай төмен деңгейде қалады және шамамен 2%-ды құрайды деп болжанып отыр. Қазақстандық экспорт үшін өткізу нарықтарын ықшамдау әлемдік экономика өсуінің бәсеңдеуі жағдайында ұзақ мерзімді сипатта болады.
Шикізат бағасының «суперциклын» аяқтау тағы бір фактор болып табылады, орта мерзімді кезеңде көмірсутек шикізаты мен металдар бағасын қалпына келтіру перспективасы жоқ. Соңғы жылдары мұнай бағасы
2014 жылғы маусымда 115 АҚШ долларынан 2016 жылғы ақпанда 28 АҚШ долларына дейін ең жоғарғы шекті мәнінен 3 еседен астам төмендеді. Бұдан басқа, металл бағасы да төмендеді (алюминий 11%, мырыш 20%, темір 43%).
Азияның экономикалық локомотивтері – Қытай мен Үндістан – екі жүз жыл бұрын ие болған позицияларын кері қайтаруда, Қытай шамамен отыз пайыз өндірген кезде, Үндістан шамамен әлемдік материалдық құндылықтардың он бес пайызын өндірді. Бұл екі ел 2025 жылға қарай АҚШ пен Жапония экономикасын қоспағанда, барлық қалған экономикалардың
ЖІӨ-нен басып озады, бірақ олар жан басына шаққандағы кірістер бойынша, бұрынғысынша, бірнеше онжылдықтар бойы артта қалып отырады.
Дүниежүзілік банктің болжамдары бойынша таяудағы бірнеше онжылдықтар бойы «әлемдік өлшем бойынша орта тап» болып саналатын адамдар саны әлем халқының 7,6%-нан 16,1%-ға дейін өседі.
Әлемдік технологиялық ахуалдың трансформациялануы
Экономикалық және бизнес-процестерді түбегейлі өзгертетін жаңа индустриялар мен технологиялар пайда болып, жаппай цифрландыру жүріп жатыр. Бұл трендтерге жауап ретінде жетекші елдер мен компаниялар өнеркәсіпті технологиялық жаңғырту стратегиясын қабылдауда. Өз кезегінде, жаңа технологиялар еңбек өнімділігін арттыруға және шығындарды төмендетуге ықпал ететін болады. Сондай-ақ заманауи технологиялар негізінен қоршаған ортаға жүктемені төмендетуге, өндірістің энергия сыйымдылығын төмендетуге бағытталған. Осыған байланысты дамыған елдерде энергияны көп қажет ететін дәстүрлі өндірістер барлық жерлерде жабылуда.
«Жасыл» технологиялар мен энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларға сұраныс өсіп келеді. Жаңартылатын энергетика саласында жаңа технологиялардың құны түбегейлі төмендеп келеді. Осылайша, еңбек шығындарын төмендету және экологиялылықты арттыру есебінен өнеркәсіп өндірісін «оффшорсыздандыру» жүріп жатыр.
Жаңа жаһандық процестер мен сыртқы тәуекелдер
Қазіргі уақытта дамыған елдер өнімділікті арттыру, экономиканың жаңа секторларын дамыту және оларды орналастыру географиясын кеңейту есебінен өсу траекториясына шығуға талпынып, жаһанданудың жаңа кезеңі қалыптасуда. Әсіресе қаржылық нарықты жаһандандыру, оның ішінде қытай юань интернационалдандыру жоғары қарқынмен күшейіп келеді. Жетекші әлемдік экономикалардың валюталық нарықтарында турбуленцияның күшейіп келе жатқаны байқалады. Ұлттық өндірісті қорғау үшін көптеген елдер валюталық және сауда протекционизміне жүгінеді.
Бұл ретте бәсекелестік еларалық деңгейден өңірлік интеграциялық бірлестіктер арасындағы деңгейге ауысады. Дамыған және дамушы елдер арасындағы бәсекелестік күшейіп келеді. Бұл ретте, жұмыс орындары мен өткізу нарығы үшін бәсекелестік ұлғайып келеді. Осыған байланысты, әлемде дамушы елдерден дамыған елдерге қарай көші-қонның бақыланбайтын өсуі байқалып отыр.
Жаһандық қауіпсіздікке қатерлердің ұлғаюы
Экстремизмнің өсуі салдарынан әлемде жаһандық күш орталықтары арасындағы қарсы келу және тұрақсыздық ошақтарының көбеюі, қақтығыс ошақтары мен жаңа шиеленіс нүктелерінің пайда болуы байқалады.
Жоғарыда келтірілген факторлар Қазақстанға теріс ықпал етуі мүмкін.
Біріншіден, бүгінде Қазақстан эскпортының негізін құрап отырған шикізатқа әлемдік сұраныстың төмендеу тәуекелі бар.
Екіншіден, «валюталық соғыстар» мен дамушы нарықтардың дағдарысы аясында қазақстандық қаржы жүйесінің тұрақсыздану қаупі бар.
Үшіншіден, елдің технологиялық артта қалуы тереңдей түсуі мүмкін.
Төртіншіден, Қазақстанды өңірлік экономикалық қарсыластықтарға тарту тәуекелі бар.
Бесіншіден, әлемдік өндірістің жаһандық тізбегіне әлсіз интеграциялану және еркін сауда туралы ірі өңірлік келісімдердің «орбитасынан шығып қалу» (мысалы, ТТС және ТАС) тәуекелі сақталуы мүмкін.
Жалпы, барлық «импортталған» қатерлер ұзақ мерзімді перспективада экономиканың өсу қарқынының төмендеуінің сақталуы мен елдегі әлеуметтік шиеленіс тәуекелін күшейте түседі.
Осыған байланысты, экономикадағы жаһандық сын-қатерлер қазіргі проблемалар жағдайында, Қазақстан экономикалық дамудың қағидатты жаңа парадигмасын қалыптастыру үшін қолданыстағы экономика және қаржы моделін қайта қарауы тиіс.
Қазақстан Республикасының алдағы онжылдық кезеңнің соңына пайымы
«Қазақстан – 2050» ұзақ мерзімді стратегиясында Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі бойынша стратегиялық мақсат айқындалған.
Қазақстанның 2050 жылға қарай ұзақ мерзімді пайымы Қазақстанның еркін нарықтық экономика, заң үстемдігі мен мемлекеттік институттардың тиімділгі қағидаттарына негізделген, ғылымды көп қажет ететін тұрақты экономикасы бар, халықтың өмір сүру сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз ететін ел ретінде қалыптасуы болып табылады.
2025 жылғы стратегиялық жоспар Стратегия 2050 ұзақ мерзімді мақсаттарына қол жеткізу жолында іске асырылуы тиіс негізгі басымдықтар мен бастамаларды айқындайды.
2025 стратегиялық жоспарының негізгі басымдықтары – бұл экономиканың әртараптандырылған құрылымына, бәсекеге қабілетті және басым жеке секторға, дамыған адами капиталға, ауқымды орта тапқа, макроөңірлердің теңгерімделген дамуына, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың жоғары сапасына негізделген ел дамуының тұрақты моделін қалыптастыру.
2025 стратегиялық жоспар өмір сүру сапасының жоғары стандарттарын қамтамасыз етуге бағытталған. Білім берудің жоғары деңгейі, сапалы медицина, қолжетімді тұрғын үй әр адам үшін қолжетімді болуы тиіс.
Мемлекеттің қоғамның зияткерлік әлеуетіне салған инвестициялары арқылы білім беру саласы экономика драйверлерінің бірі болады.
3-тен 6 жасқа дейінгі барлық балалар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен толық қамтамасыз етіледі, 1-ден 6 жасқа дейінгі балалардың қамтылуы 80% құрайды.
Әр оқушы қазақ пен орыс тілінен бөлек, ағылшын тілінде де еркін сөйлей алатын жағдай жасалады. Авариялық және үш ауысымды мектептер проблемасы толық, оқушы орындарының тапшылығы проблемасы кезең-кезеңмен шешілетін болады.
Тегін кәсіптік-техникалық білім беруді енгізу бойынша ауқымды жоба шеңберінде шамамен миллион адам кәсіптік біліктілік алу мүмкіндігіне ие болады. Мектеп түлектері, жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық пен өзге де азаматтар санаттары санынан қалайтындар үшін жұмысшы мамандығын тегін алу мүмкіндігі ұсынылады. Бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының жұмысшы біліктілігін алуға тең қолжетімділігі мәселесін шешеді және жастардың еңбек қызметі саласына әлеуметтік интеграциялануын қамтамасыз етеді. Бұл ретте оқу процесінде теориялық және тәжірибелік дайындықты қатар қолданатын дуалды құрамдауыш күшейтіледі. Жоғары оқу орындарында жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатылады және ректорларды сайлау арқылы және бақылау және қамқоршылық кеңестерді құру арқылы өзін-өзі басқару сапасы артады.
Педагогикалық қызметке дарынды жастарды тарту мақсатында мұғалім мамандығының беделін арттыру бойынша шаралар қабылданады.
2025 стратегиялық жоспар 2025 жылға қарай халықты сапалы медициналық көрсетілетін қызметтермен толық қамтуды қамтамасыз ету үшін жағдай жасайды. Бұл әркімге кірісі мен төленген жарнасының мөлшеріне тәуелсіз бірыңғай ауқымды көрсетілетін қызметтер топтамасына құқық беретін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу есебінен мүмкін болады. Жүйе әлеуметтік әділдік қағидаттарына негізделеді – жарналар мөлшері кіріске пропорционалды болады, ал мемлекет осыны жүзеге асыра алмағандар үшін төлейтін болады. Денсаулық сақтау бойынша шаралар өмір сүру ұзақтығын 2025 жылға қарай 75 жасқа дейін арттыруға мүмкіндік береді.
2025 жылға қарай «Нұрлы Жер» бағдарламасы шеңберінде 100 млн. шаршы метр тұрғын үй салынады, ал тұрғын үймен қамтамасыз етілу жан басына шаққанда 21-ден 25 шаршы метрге дейін артады. Азаматтар тұрғын үйді қолжетімді бағамен алу мүмкіндігіне ие болады. Жеке тұрғын үйді белсенді салуды ынталандыру мақсатында мемлекет азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысына инженерлік инфрақұрылымы әзірленген жер учаскелерін бөліп береді. Тұрғын үйдің қолжетімділігі коммерциялық банктердің ипотекалық кредиттерін арзандату және тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесін дамыту есебінен де қамтамасыз етілетін болады. Қала тұрғындары сапалы көлік және коммуналдық инфрақұрылымға ие болады, таза ауыз суға қол жеткізеді.
2025 жылға қарай барлық қалалар орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтамасыз етіледі, ауылдарда орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілу 80%-ды құрайды.
Стратегиялық жоспардың 2025 жылға қарай маңызды жетістіктерінің бірі ауқымды орта тап құру болуы қажет. Тұрақты жұмыспен қамту арқылы әркімнің тұрақты кіріске ие болуға мүмкіндігі болады. Жаңа бизнес идеялар мен стартап компанияларды қолдауға аса назар аударылатын болады. Бастапқы кәсіпкерлік дағдыларды оқыту, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге сервистік қолдау көрсету және жеңілдетілген кредит беру бойынша қолданыстағы бағдарламалар кеңейтіледі. Нәтижесінде 2025 жылға қарай Қазақстанда
1 миллионға дейін кәсіпкер өз ісін ашуға немесе кеңейтуге мүмкіндік алады, оның ішінде 500 мың кәсіпкер пайда болады. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастыру арқылы жеке сектордың бәсекеге қабілеттілігі артады.
Қазақстан шикізат бағытынан алшақтап, жеке сектордың рөлі басым әртараптандырылған экономикалық құрылым қалыптастыруы тиіс.
Қазақстандық компаниялар үшін өз жұмысына үздік халықаралық практикалар мен технологияларды бейімдей отырып, халықаралық еңбек бөлінісі тізбектеріне кіру процестерін жеңілдету үшін жағдай жасалады. Өнімді терең өңдей отырып, елді қарқынды индустрияландыру жалғасын табады.
Шикізаттық емес экспорттың өсуі үшін жағдай жасалады, бұл елдің транзиттік әлеуетінің даму мүмкіндіктерімен нығая түседі. 2025 жылға қарай Қазақстан «Жаңа жібек жолы» халықаралық экспорт бағытының белсенді қатысушысына айналады. Ол үшін мыңдаған километр магистральдық жолдар жаңартылады, шекара маңы пунктерінде заманауи логистикалық хабтар жұмыс істей бастайды.
Ауыл шаруашылығы ерекше қолдауға ие болады. Аграрийлер ауыл шаруашылық кооперациясы тетіктері арқылы өз әлеуетін арттыру және бір мезгілде қолайсыз ауа-райы жағдайында өнімді сақтандыру тетіктері арқылы өз тәуекелдерін төмендету мүмкіндігіне ие болады. Ауыл шаруашылығында су үнемдеу, суару және дренаждау жүйелерін қалпына келтіруді қоса алғанда, заманауи технологиялық шешімдерді пайдалану арқылы еңбек өнімділігі артады. Ауыл шаруашылығы жерлерінің өнімділігі артады, 600 мың гектардан астам суарылатын жер толық қалпына келтіріледі. 2020 жылға қарай сертификаттаудан бастап өнім өткізуге дейін органикалық өнім өндірісі үшін жағдай жасалады. Аграрлық сектор басқа салалар сияқты табысты болуы тиіс, ал еліміз органикалық өнімнің жаһандық өндірушісі мен экспорттаушысына айналуы тиіс.
Мемлекет тікелей мемлекеттік қолдау шараларынан біртіндеп алшақтап, экономикалық процестерді реттеудің жанама әдістеріне ауыса бастайды. Экономика салаларындағы мемлекеттің рөлі стратегиялық активтерге дейін қысқартылады.
Қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін мемлекеттік аппаратты реформалау бойынша шаралар қабылданады. Ұлт жоспары – 100 нақты қадам шеңберінде бес институционалдық реформаны біртіндеп енгізу мемлекеттік сектор қызметінің тиімділігін арттыруды қамтамасыз етеді. Мемлекет, бизнес және азаматтар арасында тең дәрежелі әріптестік орнату қажет. Елде меритократия, есеп беру және транспаренттілік қағидаттарына негізделген жоғары кәсіби мемлекеттік қызмет қалыптасатын болады. Көрсетілетін қызметтердің түпкілікті алушыларымен үздіксіз кері байланысты қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қызметтер халыққа сервистік негізде көрсетіледі. 2020 жылға қарай автоматтандырылуы тиіс барлық мемлекеттік көрсетілетін қызметтер электрондық форматқа ауыстырылады. Мемлекеттік органдар жұмысы тиімділігінің басты өлшемшарты бағалауға азаматтық қоғамды белсенді түрде тарта отырып, халықтың көрсетілген қызметтер сапасына қанағаттанушылығы болады.
Сот және құқық қорғау жүйелерінің жұмыс істеуі халықтың сенімін арттыру мақсатында ашықтық пен айқындылық призмасы арқылы жүзеге асырылады. Заң үстемділігі қағидатын сақтау мақсатында 2020 жылға қарай электрондық сот ісін жүргізуге толық ауыса отырып, сот жүйесіне жаңғырту жүргізілетін болады. Жеке сот орындаушыларының институтын дамыту арқылы сот актілері неғұрлым тиімді орындалады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында бейресми төлемдерден түбегейлі бас тарту мәдениетін ынталандыру мақсатында толық төзбеушілік пен азаматтық ой-сананы арттыру саясаты іске асырылады. Сыбайлас жемқорлықпен күресте жетекші рөл мемлекет пен қоғам өмірінің әртүрлі салаларында сыбайлас жемқорлықты туындататын себептер мен жағдайларды жоя алатын алдын алу сипатындағы кешенді шараларға берілетін болады.
Қазақстан ІТ-технологияларды пайдалану деңгейі бойынша ілгері жылжиды. Мектептер мен ЖОО-да электрондық контент кеңінен қолданылатын болады. Электрондық еңбек биржасын қалыптастыру азаматтардың жұмыс іздеуін біршама жеңілдетеді. Мемлекетпен жасалатын барлық іс-қимылды электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асыруға болады.
Стратегиялық жоспарды іске асырудың нәтижесі 2025 жылға қарай 7 ұлттық жетістік болуы тиіс:
Бірінші. Экономиканың құрылымы өзгереді. Шикізаттық емес салаларды дамыту экономика өсуінің жаңа драйвері болады. Бірінші кезекте, білім және ғылым саласы, көрсетілетін қызметтер, индустрияландыру және АӨК ғылымды көп қажет ететін экономиканы қалыптастырудың мықты іргетасын қалайды. Бұл өз кезегінде, кірісі жоғары жаңа жұмыс орындарын құрады. Нәтижесінде, 2025 жылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (бұдан әрі – ЖІӨ)
14,6 мың АҚШ долларын (сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша 36,1 мың АҚШ долларын) құрайды.
Екінші. Халық денсаулығын жақсарту бойынша белсенді шаралар орташа өмір сүру ұзақтығы деңгейін 75 жылға дейін арттыру міндеттеріне қол жеткізуге оң ықпал етеді. 2025 жылға қарай барлық қалалар орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтамасыз етіледі, ауылдарда орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілу 80%-ды құрайды.
Үшінші. 3 жастан 6 жасқа дейінгі мектеп жасындағы барлық балалар балабақшаларға барады, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 80%-ды құрайды. Әрбір оқушы қазақ және орыс тілінен басқа, ағылшын тілінде сөйлеуге үйренеді. Авариялық және үш аусымды мектептердің проблемасы толығымен шешілетін болады, оқушылар орындарының тапшылығы проблемасы кезең-кезеңмен шешіледі. Шамамен миллион адам колледждер мен оқу орталықтары базасында сұранысқа ие жұмыс біліктілігін тегін игеру мүмкіндігіне ие болады.
Төртінші. 2025 жылға қарай миллионға жуық отбасы жаңа үйлер мен пәтерлерге кіреді. 100 млн. шаршы метр тұрғын үй салынады. Нәтижесінде тұрғын үймен қамтамасыз етілу жан басына шаққанда 21-ден 25 шаршы метрге артады.
Бесінші. Өз ісін ашуға немесе кеңейтуге ниет білдіргендерге жағдай жасау үшін барлық ықтимал шаралар қабылданады. 2025 жылға қарай Қазақстанда 1 миллионға дейін кәсіпкер өз ісін ашуға немесе кеңейтуге мүмкіндік алады, оның ішінде 500 мың жаңа кәсіпкер пайда болады, бұл ауқымды орта тап құруға мүмкіндік береді.
Алтыншы. Үкімет меншік құқықтарын қорғау, әділ және ашық бәсекелестік есебінен еркін кәсіпкерлік үшін барлық жағдайды жасауға белсенді жәрдем көрсетеді. 2025 жылға қарай жеке сектор экономика өсуінің басты генераторы болады және мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі ЖІӨ-ге қатысты жалпы қосылған құн бойынша кемінде 15% құрайды.
Жетінші. Елде әділдік, ашықтық және кәсібилік қағидаттарына негізделген жоғары кәсіби мемлекеттік қызмет қалыптастырылады. 2020 жылға қарай автоматтандырылуы тиіс барлық мемлекеттік көрсетілетін қызметтер электрондық форматқа ауыстырылады, бұл олардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік және азаматтардың бейресми төлемдерден түбегейлі бас тарту мәдениетін қалыптастыру саясаты іске асырылады.
5. Ел дамуының алдағы кезеңге арналған стратегиялық мақсаты, стратегиялық басымдықтары, стратегиялық бастамалары және ұлттық индикаторлары
Стратегиялық жоспар 2025-тің басты мақсаты негізін ауқымды орта тап, басым кәсіпкерлік сектор және бәсекеге қабілетті кәсіпорындар құрайтын халық әл-ауқатының және өмір сүру стандарттарының жоғары деңгейімен ел дамуының тұрақты моделін жасау болып табылады.
Стратегиялық жоспардың басты мақсатына және ұлттық индикаторларына қол жеткізу мынадай 5 стратегиялық басымдықты іске асырумен қамтамасыз етіледі:
Экономиканың тұрақты өсуі және өңірлердің теңгерімді дамуы.
Дамыған нарықтық институттар және тиімді мемлекет.
Нәтижелі жұмыспен қамтуға арналған білім мен дағдылар.
Болашағы біртұтас ұлт «Мәңгілік Ел»: қазақстандықтардың өмірлерін сапалы өзгерту.
Өзгеретін әлемде белсенділігі дербес сыртқы саясат.
Достарыңызбен бөлісу: |