Ішкі көші-қон процестерін реттеу мақсатында ішкі мигранттардың
жаңа тұрғылықты жерінде
тіркелу бойынша міндеттерді орындауын бақылау күшейтілді.
Бүгінгі таңда тұрғылықты жері бойынша тіркеу рәсімі оңайлатылған, жаңа мекенжай
бойынша тіркеу және тіркеуден шығару автоматтандырылған түрде және бір мезгілде жүргізіледі.
Бұл тұрғылықты жері бойынша тіркеу мерзімдерін қысқартуға және ішкі көші-қонды бақылау
тиімділігін арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік
береді.
Халықтың ұтқырлығының артуымен қатар (әсіресе стихиялық сипаттағы) бірқатар кері
үрдістер орын алды:
1) демографиялық дисбаланс қалыптасып, күшеюде. Қазіргі уақытта елдің солтүстік
өңірлерінде (Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары) халық саны (барлығы шамамен
2,2 млн. адам) және орналасу тығыздығы 6,8 млн. адам тұратын оңтүстік өңірлермен (Оңтүстік
Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстары) салыстырғанда едәуір аз.
Болжамды деректер бойынша 2050 жылға қарай солтүстік өңірлердің халқы 0,9 млн. адамға
азаюы, ал оңтүстік өңірлердегі халықтың 5,2 млн. адамға артуы мүмкін. Оңтүстік өңірлерде
халықтың орналасу тығыздығы іс жүзінде солтүстік өңірлердің тиісті көрсеткішінен 4 есе
асатын болады.
Бұдан басқа, солтүстік өңірлерде егде жастағы азаматтардың үлес салмағының жоғары
екендігі байқалады. Қартаю индексі Солтүстік Қазақстан облысында – 53,1, Қостанай – 51,1
және Шығыс Қазақстан облыстарында – 46,2 жоғары, ал оңтүстікте керісінше егде жастағы
адамдардың саны көп емес (Оңтүстік Қазақстан облысында – 12,1, Қызылорда облысында – 14,9);
2) экономикалық дисбаланс байқалады. Қазіргі уақытта оңтүстік өңірлерде (Алматы
қаласын есептемегенде) халықтың 38 %-ы тұрады, сөйте тұра олардың жалпы өңірлік өнімдегі (
ЖӨӨ) үлесі 17 %-ды ғана құрайды. Солтүстік өңірлерде (Астана қаласын есептемегенде) 17 %
халыққа ЖӨӨ-нің 13 %-ы келеді. Бұл халықтың көп шоғырланған өңірлеріндегі озық экономикалық
өсімнің әлемдік тәжірибесіне қайшы келеді;
3) ішкі көші-қон ағынының артуына, халық санының кемуіне байланысты ауылдардың бос
қалуы, моноқалалардағы және шағын қалалардағы нәтижелі жұмыспен қамтылу проблемаларының
асқынуы қосылады. Қазақстан Республикасының жекелеген шекаралас аймақтарында да қиын ахуал
қалыптасып отыр. Қолдағы инфрақұрылымның жай-күйінің нашарлауы, қажет қызметтердің қашықтан
алынуы экономикалық белсенділіктің төмендеуіне, халықтың елдің шалғайына кетуіне және едәуір
аумақтың депопуляциясының күшеюіне алып келеді.
4) нашар басқарылатын көші-қон процестері жекелеген жағдайларда мигранттардың бір
бөлігінің маргиналдануы мен криминалдануына әкеледі, жергілікті еңбек және тұрғын үй
нарығындағы бәсекеге қабілеттіліктің асқынуын, әлеуметтік шиеленіс ошақтарын туындатады.
Белгілі бір дәрежеде бұл ішкі көші-қонды басқару жүйесіндегі кемшіліктермен байланысты
:
1) ішкі көші-қон ағындарын өңірлік экономикалық өсу аймақтарына жіберу жүйесі ішкі
мигранттарды жұмыспен, тұрғын үймен қамтамасыз ету және т.б.
мәселелерде қабылдаушы
өңірлердің мүмкіндіктеріне қарамастан жүзеге асырылады;
2) ішкі қоныс аударушыларды есепке алудың жетік жүйесі жоқ. Қазіргі уақытта ішкі
мигранттардың есебі тек тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркелген кезде ғана
жүзеге асырылады. Бұл ретте көптеген азаматтар өзінің жеке меншік құқығында тұрғын үйі бола
тұра тіркелмегенді жөн көреді. 2017 жылғы қаңтардан бастап адамдарға тіркелмегені үшін
жауапкершіліктің енгізілуі жағдайды біршама жақсартты, алайда ішкі көші-қонды толыққанды
есепке алу үшін бұл да жеткіліксіз болып отыр.
Ағымдағы жағдайды талдау жағымды өзгерістермен қатар, сыртқы және ішкі көші-қонда
Қазақстан Республикасының стратегиялық бағдарламалық құжаттарын іске асыру жолында
әлеуметтік қатерлерді күшейтіп, кедергілер тудыратын белгілі бір проблемалардың орын
алғандығын көрсетеді.
Аталған проблемаларды шешуге халықаралық тәжірибені зерттеудің көмегі зор.
3. КӨШІ-ҚОН ПРОЦЕСТЕРІН РЕТТЕУДІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕСІ
Талдау әлемде көші-қон процестерін реттеудің бірыңғай әмбебап моделінің жоқ екенін
көрсетеді. Әрбір ел әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне және ұлттық ерекшеліктеріне қарай
өз көші-қон саясатын қалыптастырады.
Сыртқы еңбек көші-қоны саласында
Ұлттық еңбек ресурстарының дамуы шетелдік жұмыс күшін тартуға негіз болатын
экономиканың және оның жекелеген салаларының өсіп келе жатқан қажеттіліктерінен жиі артта
қалып жатады.
Еңбек көші-қонын басқаруды орталықтандыру деңгейі әртүрлі. Көбінесе, мәселен, Франция,
Германия және Испанияда басқаруда биліктің жергілікті органдары маңызды рөл атқарады, ал
басқа елдерде жалпыұлттық реттеу басымдық танытады.
Еңбек нарығын мониторингілеу мен болжамдау мақсатында оған талдау жүргізу үшін
бірқатар елдерде өкілеттіктер мен функцияларды нақты айқындай отырып талдау құрылымдары
қалыптастырылуда. Қазақстан Республикасы үшін Ұлыбританияның бұрыннан белгілі Көші-қон
жөніндегі кеңесші комитетінің, Migration Advisory Committee жұмыс күшінің ағымдағы
тапшылығын анықтау мақсатында үнемі талдау және мониторинг жүргізу практикасы бойынша
тәжірибесі қызығушылық тудырады.
Шетелден еңбек ресурстарының келуін реттеу ұлттық еңбек нарығындағы сұранысты
айқындаудан басталады. Дамыған елдерде шетелдік жұмыс күшіне қажеттілікті бағалаудың негізгі
екі тәсілі бар: олар сауалнама арқылы және квота белгілеуге өтінімдер немесе нарықты еңбек
тестілеуінен өткізу негізіндегі.
Сондай-ақ Қазақстан үшін Испанияның шетелдік жұмыс күшіне сұранысты айқындау
мақсатында "Жұмыс күші тапшы кәсіптер каталогін" жүргізу бойынша тәжірибесі қызығушылық
тудырады.
Басқа елдерде (Германия, Испания, Канада, Ресей, Франция) өтінім әдісі қолданылады.
Мысалы, Канадада ел экономикасында жұмыс күшіне қажеттілік елдің 22 ірі газетінде
жарияланған жұмысқа қабылдау туралы хабарландырудың санына қарай индекс (Help-wanted Index)
негізінде есептеледі.