109. Бiр күн iшiнде бiрнеше рейс орындау қажет болған кезде, рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық куәландыру бiрiншi рейстің алдында бiр рет өткiзiледi.
110. Жүргiзушiлердi рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық куәландыру жеке жүргiзiледi және оған:
1) сауал беру, тексерiлетiннiң сыртқы түрiн, жүрiсiн, тұрысын, мiнез-құлқы мен көңiл-күй әрекеттерiнiң барабарлығын, сөзiнiң байланыстылығы мен нақтылығын, iс-қимылын, санасын, терi жабыны мен көрiнетiн сiлекейлi жабыны, көз шелiнiң түсiн, көз жанарының мөлшерiн, тыныс алу ерекшелiктерiн қарау және бағалау;
2) айтылған арыздарды, рейсаралық (ауысымаралық) тынығу мен ұйқы ұзақтығын айқындау және қарау;
3) артериялық қысымды, пульстiң жиілiгi мен сапалық сипаттамаларын өлшеу және бағалау, дене температурасын өлшеу, тамақты тексеру, лимфа түйiндерiн, iштi қарау, Ромберг тұрысындағы орнықтылықты, саусақ-мұрын және басқа да координациялық сынамаларды орындау дәлдiгiн анықтау кiредi. Жүргiзушi ауруының анамнезiнде артериялық гипертония болған кезде, рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық куәландырудың жеке картасында жүргiзушiнiң негiзгi функционалдық көрсеткiштерiнiң рұқсат етiлген параметрлерi белгiленедi.
111. Шағымдары, аурудың нақты белгiлерi мен ағзаның жұмыс iстеу жай-күйiнiң бұзылуы болмаған кезде, тексерiлушi көлiк құралдарын басқаруға жiберiледi.
Медициналық қызметкер жүргiзушiлер жолаушылар мен багажды тұрақты емес тасымалдауын жүзеге асырған кезде – борт журналының, жолаушылар мен багажды тұрақты тасымалдауды, сондай-ақ таксимен тасымалдауды жүзеге асырған кезде – жол қағазының тиiстi бағаналарына мөртабан қояды. Мөртабанда тексеруден өткен күн, уақыт және медициналық қызметкердiң қолы қойылады.
112. Алькогольдік, нашақорлық, токсикомандық күйде (ауыздан алкоголь иiсiнiң шығуы, тұру орнықсыздығы, сөздiң бұзылуы, саусақтардың нақты дiрiлi, терi беттерi түсiнiң өзгеруi) екенiне жеткiлiктi негiз бар адамдар көлiк құралдарын басқаруға жiберiлмейдi.
Осы қорытындымен келiспеген жағдайда, бұл адамдар психоактивтi затты қолдану фактісін және масаң жай-күйін белгілеу үшiн медициналық куәландыруды жүргiзуге уәкiлеттi жақын арадағы медициналық ұйымға жiберiледi.
113. Жарақат табылған және қатты ауыру немесе ескi аурудың күшеюi белгiлерi - қан қысымының қалыпты немесе жеке рұқсат етiлген параметрлерден сынап бағанасының 20 мм-ге жоғары немесе төмен болуы, брадикардия минутына 55 соғудан кем, тахикардия минутына 85 соғудан артық (жүргiзушi пульсiнiң жеке рұқсат етiлген параметрлерiн қоспағанда), артериялық гипертония, қатты инфекциялық ауру белгiлерi, ауыру синдромы, естен тану және денсаулық жай-күйiнiң басқа бұзушылықтары байқалған кезде, жүргiзушiлер емдеу және уақытша еңбекке жарамсыздықты сараптау үшiн маманға қабылдауға жiберiледi. Қажет болған кезде жедел медициналық жәрдем шақыру қамтамасыз етiледi.
Уақытша еңбекке жарамсыздық белгiлерi амбулаториялық-емханалық ұйымдар жұмыс iстемейтiн уақытта анықталған жағдайда, науқасқа қажеттi медициналық көмек көрсетiледi және тексеру күнiн, уақытын, болжанған диагнозды және көрсетiлген медициналық көмектiң мөлшерiн мiндеттi түрде көрсетiп, маманға жолдама ресiмделедi, ол дәрiгердiң еңбекке жарамсыздық парағын беру үшiн негiз болып табылады.
114. Медициналық қызметкер рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық куәландыру жүргiзу сәтiне жүргiзушiнің көлiк құралдарын жүргізуге жарамдылығы туралы қорытынды бередi.
115. Медициналық қызметкер тасымалдаушыны тексерулерден бас тарту жағдайлары туралы, науқастану, жарақаттар, психактивтi зат қолдану белгiлерi байқалған кезде жүргiзушiлердiң көлiк құралдарының басқарудан шеттетiлуi туралы тасымалдаушыны дереу хабардар етедi.
Рейстен кейінгі медициналық қарап тексеру кезінде жүргізушіде алькогольдік және басқа да психоактивтік, оның ішінде есірткі заттарын қолдану белгілері анықталған кезде медициналық қызметкер алдымен жұмыс берушіге хабарлайды, жұмыс беруші жүргізушіге әкімшілік шаралар қолдану үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің аумақтық бөлімшелерін (бұдан әрі - ӘПК) хабарлайды.
4. Жол жүру құжаттарының (билеттердiң) және багаж түбiртектерiнiң нысаны, сатылу тәртiбi, сондай-ақ жол жүру құжаттарын (билеттерді) алдын ала және электронды сатуды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібі
116. Осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша багаж түбңртектерін және жол жүру құжаттарын (билеттердi) сату:
1) автовокзалдардың, автостанциялардың, жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің билет кассалары және кассалық пункттер арқылы;
2) маршруттың аралық аялдама пункттерiнде билет кассалары болмаған жағдайда автобуста, шағын автобуста отыратын бос орындар болса, сондай-ақ жолаушылар мен багажды 50 км артық қашықтықта тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде автобустар мен шағын автобустардың толу нормасына дейiн жүргiзушi немесе кондуктор;
3) оның ішінде байланыс құралдарын пайдалана отырып, жолаушылар агенттіктері жүзеге асырады.
117. Автовокзалдар, автостанциялар, жолаушыларға қызмет көрсету пункттері және кассалық пункттердiң жолаушыларды тұрақты емес тасымалдауға жол жүру құжаттарын (билеттерді) сатуы жүзеге асырылмайды.
Автовокзалдар, автостанциялар мен кассалық пункттердiң жолаушылардың тұрақты емес тасымалдауына билеттер сатуына рұқсат етiлмейдi.
118. Автовокзалдар, автостанциялар және жолаушыларға қызмет көрсету пункттері Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан елді мекендер арасында жол жүруге жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты халықаралық тасымалдауларды жүзеге асыратын автобустар мен шағын автобустарға жол жүру құжаттарын (билеттерін) сатуды жүзеге асырмайды.
119. Жол жүру құжаттарын (билеттерін) ағымдағы сатумен қатар алдын ала сату, сондай-ақ байланыс құралдарын пайдалану және үйге жеткізіп беру арқылы жол жүру құжаттарын (билеттерін) сату жүзеге асырылады.
Жол жүру құжаттарын (билеттерiн) алдын ала сату, сондай-ақ байланыс құралдарын пайдалану арқылы сатылған жол жүру құжаттарын (билеттерiн) үйге жеткiзiп бергенi үшiн қызмет көрсеткенi үшiн ақы алынуы мүмкін.
120. Жол жүру құжаттарын (билеттерін) алдын ала сату, соның ішінде билет алуға тапсырысты ресімдеу автобус, шағын автобус жөнелтілгенге дейін күнтiзбелiк 30 күн бұрын басталады және автобус, шағын автобус жөнелтілгенге дейін 24 сағат бұрын аяқталады.
121. Жол жүру құжаттарын (билеттерін) ағымдағы сату автобус, шағын автобус жөнелтілгенге дейін 5 минут бұрын аяқталады.
5. Жол жүру құжаттарын (билеттерiн) және олардың құнын қайтару, сондай-ақ қолданылу мерзімі тәртiбi мен шарттары
122. Жол жүру құжаты (билетi) жоғалған және жолаушы автобус, шағын автобус жөнелтiлгенге дейiн жол жүру құжатын (билетiн) сатқан адамға немесе тасымалдаушыға барған және жолаушының жол жүру құжатын (билетiн) сатып алғаны расталған жағдайда, билет ақы алмай қалпына келтiрiлуi тиiс.
123. Жолаушы алынған жол жүру құжатын (билетiн) кассаға автобус немесе шағын автобус жөнелтiлгенге дейiн қайтарған кезде, оған жол жүру құжатын (билетiн) сатқан адам қайтарылған жол жүру құжатының (билетінің) құнынан 3 пайыздан асырмай шегерiлген жол жүру құжатының (билеттiң) төленген құнын қайтарады.
Егер сатып алынған билетті қайтаруды оны сатпаған касса жүзеге асырса, онда касса қайтарылған жол жүру құжатының (билет) құнының 5 пайызын асырмай қайтарғаны үшін комиссия алады.
124. Автобусқа және шағын автобусқа кешiккен кезде жол жүру құжаттары (билеттерi) 3 күннен кешiктiрілмей қайтарылады, бұл ретте жол жүру құжаты (билеті) құнының 70 %-ына тең сома өтеледi.
125. Қалааралық облысаралық және халықаралық қатынастағы маршруттар бойынша жүретiн автобусты және шағын автобусты жөнелту кешiктiрiлген жағдайда, кiдiру немесе кешiгу еңсерілмейтін күштiң салдарынан орын алған жағдайларды қоспағанда, тасымалдаушы жолаушыға кассалар арқылы автобус пен шағын автобусты жөнелтудiң әрбiр кешiктiрiлген сағаты үшiн жол жүру құнының үш пайызы мөлшерiнде айыппұл төлейдi. Бұл ретте айыппұлдың сомасы жолаушы сатып алған билет құнынан аспайды. Егер автобусты немесе шағын автобусты жөнелту автовокзалдың, автостанцияның немесе жолаушыларға қызмет көрсету пунктінің кінәсінен кешіктірілген жағдайда, жолаушылар алдында автовокзал, автостанция немесе жолаушыларға қызмет көрсету пункттері жауапты болады.
126. Автобусты, шағын автобусты жөнелту кешiктiрiлгендiктен жолаушы сапардан бас тартқан жағдайда, жөнелту пунктiнде оған төленген жол жүру құны толық мөлшерде қайтарылады.
127. Жолаушыны бару пунктiне жол, климаттық немесе тасымалдаушыға байланысты емес өзге де себептер бойынша жеткiзу мүмкiн болмаған жағдайда, тасымалдаушы жолаушының талабы бойынша сапар тоқтаған пункттен бару пунктiне дейiнгi жол жүру құны қайтарылады. Автобусты, шағын автобусты жөнелту пунктiне қайтарған кезде жолаушыға жол жүру мен багажды алып жүрудiң толық құны өтеледi.
128. Техникалық себептерге байланысты маршрут автобустың, шағын автобустың және троллейбустың қозғалысы мүмкiн болмаған жағдайда, жолаушыларға сатылған билеттер жарамсыз автобусты, шағын автобусты, троллейбусты ауыстыру үшін тасымалдаушы ұсынған автобуста, шағын автобуста, троллейбуста немесе осы маршруттың басқа автобусында, шағын автобусында және троллейбусында сапарды жүзеге асыру үшiн жарамды болады.
129. Тасымалдаушы билетте көрсетiлген автобус пен шағын автобустың орнына жол жүру құны қымбаттау тұратын басқа автобус пен шағын автобусты ұсынған кезде сапар алынған жол жүру құжаттары (билеттерi) бойынша қосымша ақысыз жүзеге асырылады.
130. Осы Қағидалардың 121-128-тармақтарының шартын орындамаған немесе бұзған жағдайда жол жүру құнын өтеу бойынша даулар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен белгіленген тәртіпте шешіледі.
131. Жолаушылар мен багажды автомобильмен халықаралық, қалааралық облысаралық және қалааралық облысiшiлiк маршруттар бойынша тасымалдаудың жол жүру құжаттары (билеттер) автобус пен шағын автобустың отыруға арналған орындарының санына тең мөлшерде сатылады.
6. Багажды қабылдау, сақтау және беру тәртiбi
132. Сақтау камерасының жұмыс уақыты автовокзалдың автостанцияның жұмыс режимiне, автобустардың, шағын автобустардың қозғалыс кестесiне және жергiлiктi жағдайға байланысты белгiленедi. Автоматты емес сақтау камерасындағы қоймашылардың түскi үзiлiстерi қалааралық автобустардың жиiлiгi ең төменгi жөнелтiлу сағаттарына, кезектi автобус жөнелтiлгенге дейiн 15 минуттан кешiктiрмей сақтау камерасын мiндеттi түрде ашуды ескере отырып белгiленедi.
133. Багаж сақтауға кез келген орамада, оның сыртқы пішініне қарамастан (чемодан, арқа қоржын, түйіншек, шыны ыдыс) қабылданады. Жеке заттар (шаңғы, арбалар, спорт бұйымдары және оған ұқсас) сақтауға орамасыз қабылдануы мүмкiн. Орама бұйымдардың, оларды тасу және сөрелерде сақтау кезiнде сақталуын қамтамасыз етуi тиiс.
Багажды сақтауға қабылдау кезiнде ораманың берiктiгi тексерiледi және ол жарамсыз болған жағдайда, жолаушыға ақаулықты жою ұсынылады.
Талап етілмеген багаж сақтау камерасында алты ай ішінде сақталады. Көрсетілген мерзім өткенде талап етілмеген багаж құртылады.
Өздерiне тән қасиеттерi бойынша басқа жолаушылардың бұйымдарын ластауы немесе зақымдауы мүмкiн бұйымдарды, сондай-ақ өртену қаупi бар, жарылғыш, улағыш, улы, өткiр және күлiмсi иiстi заттар сақтауға қабылданбайды.
134. Сақтау камерасы сақтауға тапсырылған азық-түлiктiң өздiгiнен бұзылғаны үшiн жауапты болмайды.
135. Багажды автоматты емес камераға тапсыру кезiнде оның иесiне:
1) сақтау камерасының деректемелерi;
2) күнi;
3) багаж иесiнiң тегi, аты және әкесiнiң аты;
4) сақтауға қабылданған багаж орындарының саны;
5) сақталу мерзiмi;
6) багаждың көрсетiлген құны (иесi қалаған кезде);
7) багажды сақтау ақысының сомасы;
8) багаж орамасының ақаулықтары (болған кезде) көрсетiлген түбiртек жазып берiледi.
136. Егер багажды сақтау камерасына қабылдау кезiнде ораманың ақаулықтары байқалса, онда иесi оларды не жоюға, не ақаулықтардың барын түбiртектiң түбiрiнде өз қолымен растауға мiндеттi.
137. Багаж түбiртегi мен көшiру қағазы арқылы жазып берiлетiн оның көшiрмесi тазартуларсыз және түзетулерсiз анық толтырылады. Түбiртектiң көшiрмесi сақтауға тапсырылған бұйымдарға бекiтiледi, ал түпнұсқасы жолаушыға берiледi.
138. Сақтауға қабылданған багажды жолаушыға берудi сақтау камерасының қызметкерi түбiртек бойынша жүргiзедi. Беру кезiнде иесi көрсеткен түбiртек пен оның көшiрмесi салыстырылады, сақтау мерзiмi тексерiледi және багаждың иесiмен соңғы есеп айырысу жүргiзiледi.
139. Багаж түбiртегi жоғалған кезде, сақтауға қабылданған багаж иесiне, оның жазбаша арызы бойынша багаждың оған тиiстiлiгi туралы дәлелдер келтiру арқылы берiледі. Бұл жағдайда багажды беру оның иесiнiң жеке басын растайтын құжаттарына сәйкес тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiлген қолхат бойынша жүргiзiледi.
140. Сақтау үшiн ақы әрбiр күнтiзбелiк күн үшiн сақтауға қабылданған күн мен сақтау камерасынан берiлетiн күндi қоса алғанда, багаждың әрбiр заты (орны) үшiн алынады. Сақтауға бiрге байланған бiрнеше зат тапсырылған болса, ақы әрбiр зат (орын) үшiн жеке алынады.
141. Бару пунктiне багаж автомобилiнде келген багажды сақтау үшiн ақы багаж келген келесi күннiң нөл сағатынан бастап және сақтау камерасынан берiлген күндi қоса алғанда, багаждың әрбiр заты (орны) үшiн күнтiзбелiк әрбiр күнге алынады. Сақтауға бiрге байланған бiрнеше зат тапсырылған болса, ақы әрбiр зат (орын) үшiн жеке алынады.
142. Багажды сақтауға тапсырған кезде жолаушы оның бағасын белгiленген комиссиялық алым төлеп көрсетуi мүмкiн.
Сақтауға бiрнеше затты (орынды) тапсырған кезде жолаушы әрбiр өзi тапсырған заттың (орынның) немесе олардың жалпы бағасын көрсетуi мүмкiн. Көрсетiлген бағаның сомасы багаж түбiртегiнде көрсетiледi.
143. Багаждың жетiспеуi немесе зақымдалуы байқалған кезде, багаж иесiнiң, тасымалдаушы өкiлiнiң немесе сақтау камерасы қызметкерiнiң, автовокзал (автостанция) қызметкерiнiң және құқық қорғау органдары қызметкерiнiң қатысуымен екi данада актi жасалады.
Актiде багаж иесiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты және мекенжайы, қабылданған және берiлген орындардың саны, жоғалған заттың атауы немесе оның зақымдалу сипаты, егер ол құжат жүзiнде ресiмделсе, көрсетiлген бағаның сомасы көрсетiледi.
Актiнiң бiр данасы багаж иесiне тапсырылады.
144. Сақтау камерасына тапсырылған бұйымдардың жоғалуы, жетiспеуi немесе зақымдалуы салдарынан болған жолаушының шығындарын, тапсырған кездегi оларды бағалау сомасының шегiнде, оларды өтеу туралы талап етiлген сәттен бастап жиырма төрт сағат iшiнде сақтаушы өтейді.
7. Жолаушылар мен багажды автомобильмен республикаішілік тұрақты тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығына конкурстар ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi
1-параграф. Жалпы ережелер
145. Жолаушылар мен багажды автомобильмен республикаішілік тұрақты тасымалдауын көрсетілген маршруттарға қызмет көрсету құқығына арналған конкурста (бұдан әрі - Конкурс) жеңген тасымалдаушылар, тасымалдаушылар мен жергiлiктi атқарушы органдардың арасында жасалған жолаушылар мен багажды автомобильмен тиiстi тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шарттарының негiзiнде жүзеге асырады.
146. Конкурсқа меншік құқығымен автобустарға, шағын автобустарға иелiк ететін, осы Қағидалардың талаптарына сәйкес осы тасымалдау түрін ұйымдастыратын және «Автомобиль көлігі туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 13-бабының 23-10)-тармақшасына сәйкес автомобиль көлігі саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен бекітілетін Автокөлік құралдарын техникалық пайдалану ережесіне сәйкес автобустарға, шағын автобустарға техникалық қызмет көрсету мен жөндеудi қамтамасыз ете алатын жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.
147. Жолаушылар мен багажды автомобильмен республикаішілік тұрақты тасымалдаудың маршруттары тасымалдаушылардың арасында конкурс негiзiнде бөлінеді. Конкурсқа жеке маршрут та, бiрнеше маршрут та бiр лотпен шығарылуы мүмкiн. Лотты қалыптастыру кезінде маршруттардың маңыздылығы мен рентабельдiлiгi ескерiледi. Лотқа едәуiр рентабельдiлермен қатар рентабельдiлiгi төмендеу, бiрақ әлеуметтік маңызы бар маршруттар кiредi.
148. Конкурстың ұйымдастырушылары:
1) жолаушылар мен багажды автомобильмен қалааралық облысаралық, ауданаралық (қалааралық облысішілік), республикалық маңызы бар қалалардың, астананың қалалық қала маңындағы тұрақты тасымалдаудың маршруттарына қызмет көрсету құқығына – облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары болып табылады;
Жолаушылар мен багажды автомобильмен қалааралық облысаралық тасымалдауды ұйымдастыру үшін автомобиль көлігі саласындағы уәкілетті орган облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органдарына маршруттардың негізгі сипаттамалары бойынша мынадай ақпаратпен қоса бекітілген және келісілген жол жүру кестесін береді:
бастапқы және соңғы жүру пункті бойынша маршруттың нөмірі және атауы;
паритеттік қызмет көрсету тәртібін көрсете отырып, маршрутқа қызмет көрсету кезеңі;
маршруттағы аралық пунктердің атаулары мен санын және тікелей және кері бағыттағы қозғалыс жылдамдығын орташа пайдалануын көрсете отырып, маршрут бойынша қозғалыс кестесі;
жолаушылар орындықтарына арналған орындар бойынша паспорттық сыйымдылығын көрсете отырып, маршрутқа қызмет көрсету үшін қажетті автобус класстарын, сондай-ақ жылжымалы резервтік құрамды есепке алғанда қажетті автобустар санын;
Жолаушылар мен багажды автомобильмен қалааралық облысаралық тасымалдауға конкурс бекітілген жүру кестесін алғаннан кейін 30 жұмыс күннен кешіктірмей жергілікті атқарушы органдары ұйымдастырады.
2) жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты қалалық (ауылдық), қала маңындағы және ауданішілік тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығына – ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары болып табылады.
149. Нақты маршрутқа (маршруттарға) қызмет көрсету құқығына арналған Конкурстың жеңiмпазы болып жолаушыларға сапалы қызмет көрсетудi және осы маршрутта (маршруттарда) тасымалдау қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi ескере отырып, тасымалдаудың ең жақсы шарттарын ұсынған және осы Қағидалардың 6-қосымшасындағы нысанға сәйкес тиісті Конкурстық ұсыныстарды бағалау шкаласы бойынша есептелген ең жоғарғы балл алған қатысушы танылады.
150. Егер екi және одан да көп қатысушы бiрдей барынша жиынтық балл алса, онда отандық өндірісті автобустары және шағын автобустары бар, ең төменгi жол жүру тарифiн ұсынған тасымалдаушыға жоғары баға берiледi, осыған сәйкес тасымалдау жүргiзiлетiн болады.
151. Жергiлiктi атқарушы органдар жолаушылар мен багажды автомобильмен ауданаралық (қалааралық облысішілік), қалалық (ауылдық), қала маңындағы және ауданішілік тұрақты тасымалдаудың маршруттары бойынша конкурсқа қатысушылар ұсынғаннан төмендеу тарифтерді белгiлеуi мүмкiн.
152. Жергiлiктi атқарушы органдар белгiлеген тарифтер осы тармақта көрсетiлген тасымалдаудың шығындарын жаппаған жағдайда, жергiлiктi атқарушы органдар тасымалдаушыға белгiленген тариф пен тасымалдаудың нақты шығындарының арасындағы айырманы тиiстi бюджет қаражатының есебiнен өтейдi.
153. Жолаушылар мен багажды автомобильмен ауданаралық (қалааралық облысішілік), қалалық (ауылдық), қала маңындағы және ауданішілік тасымалдаудың маршруттары бойынша жол жүруге арналған белгiленген тарифтер өзгерген жағдайда, жергiлiктi атқарушы органдар көрсетiлген өзгерiстер туралы халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жаңа тарифтер бойынша тасымалдауды жүзеге асыру басталғанға дейiн он күнтізбелік күннен кешiктiрмей хабарлайды.
154. Конкурс, оны жариялаған күннен бастап және конкурстың нәтижелерi туралы хаттамаға қол қойылған күнге дейін, кемiнде күнтізбелік 30 және ең көбi 45 күндi қамтиды.
2-параграф. Конкурстық комиссия
155. Конкурстық ұсыныстарды, олардың бағаларын қарау және Конкурстың жеңiмпаздарын анықтау үшiн жергiлiктi атқарушы орган конкурстық комиссия (бұдан әрi - Комиссия) құрады.
Комиссияның құрамы қала (аудан, облыс) әкiмiнiң өкiмiнде белгiленедi.
156. Комиссияға:
1) жергiлiктi атқарушы органдардың;
2) көлiктiк бақылаудың аумақтық органдарының;
3) ӘПК-нің;
4) жолаушыларды автобуспен тасымалдаушылар қоғамдық бiрлестiктерiнiң өкiлдерi кiредi.
157. Комиссия құрамында конкурстық ұсыныстарды бағалау құқығы жоқ Комиссия жұмысын ұйымдастыру функциясы жүктелетiн Комиссия хатшысы көзделуi керек.
158. Комиссия бес адамнан тұрады.
3-параграф. Конкурстық құжаттаманың жиынтығы
159. Конкурсты өткiзу алдында жергiлiктi атқарушы орган Комиссиямен келiсiлген лоттарды құрайды және конкурстық құжаттаманың жиынтығын дайындайды.
Бұл ретте құрылған лоттарды келiсу жөнiнде шешiм қабылдауды, мәжiлiс хаттамасында шешiмдi бекiтумен, Комиссия жүзеге асырады.
160. Конкурстық құжаттаманың жиынтығы:
1) конкурсқа шығарылатын жолаушылар мен багажды автомобильмен республикаішілік тасымалдау маршруттарының негiзгi сипаттамаларын, оларға сондай-ақ маршруттардың схемалары мен қозғалыстар кестелерi осы Қағидалардың 7-қосымшасындағы нысан бойынша қоса берiледi;
2) Комиссия мүшелерi санына осы Қағидаларға 8-қосымшасына сәйкес конкурсқа шығарылатын жолаушылар мен багажды автомобильмен республикаішілік тұрақты тасымалдаудың маршруттарына қызмет көрсетуге конкурстық ұсыныстарды (бұдан әрi - Конкурстық ұсыныстар) толтыру үшін нысандар;
3) жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты республикаiшiлiк тасымалдауды ұйымдастыру шартының жобасы;
4) осы Қағидаларға 9-қосымшасына сәйкес нысан бойынша жолаушылар мен багажды автомобильмен республикаішілік тұрақты тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығына арналған конкурсқа қатысушы туралы ақпараты;
5) бағалау шкаласын;
6) конкурстық ұсыныстарды беру үшiн бiр үлкен конверттi (егер конкурсқа маршруттардың бiр лоттан артық шығарылса, онда әрбiр лотқа жеке конверттер болуы тиiс) қамтиды.
161. Қатынас түрлері бойынша конкурсқа бөлек лоттармен қалалық (ауылдық), қала маңындағы, ауданішілік, ауданаралық (қалааралық облысішілік), қалааралық облысаралық маршруттар қойылады.
4-параграф. Конкурстық ұсыныстардың мазмұны
162. Конкурстық ұсыныстар Комиссия Конкурстың қорытындылары бойынша қатысушыларды бағалауды жүргiзетiн мынадай өлшемдердiң жинағын қамтиды:
1) ұсынылатын жылжымалы құрамның, соның ішінде отандық өндірісті (автобустардың, шағын автобустардың маркасы мен саны, меншiктiң түрi, пайдалану мерзiмi, паспорттық сыйымдылығы);
2) тасымалдаушының жолаушылар мен багажды тұрақты тасымалдау саласындағы жұмыс тәжірибесі;
3) елді мекенде немесе қала маңындағы аймақта, бірақ конкурс ұйымдастырушысының аумағында орналасқан маршруттың бастапқы пунктінен 50 километрден аспайтын радиуста орналасқан, жылжымалы құрамды сақтауға, техникалық қызмет көрсетуге және жөндеуге арналған өндiрiстiк-техникалық базаның (меншiктi, жалға алынған немесе шарт бойынша қызмет көрсететiн) болуы;
Ескертпе:
облысішілік маршруттар үшін өндiрiстiк-техникалық базаның конкурсты ұйымдастырушының аумағында орналасқан маршруттың бастапқы және соңғы пунктінен 50 километрден аспайтын радиуста орналасуына жол беріледі;
4) автобустарды, шағын автобустарды маршрут бойынша қозғалыс кезiнде оларда ақаулық пайда болған жағдайда ауыстыру бойынша ұсынылатын шаралар жүйесi;
5) жолаушылар тасымалын жүзеге асыру бойынша қосымша ұсыныстар.
163. Жылжымалы құрам (резервтегіден басқа) мен жүргiзушi персоналды осы маршрутты қамтитын лот бойынша конкурс аяқталғанға дейiн конкурстық ұсыныстарда бiр маршруттан артық қайталап көрсетпейді.
Қатысушылар жылжымалы құрам (резервтегіден басқа) мен жүргiзушi персоналды осы маршрутты қамтитын лот бойынша конкурс аяқталғанға дейiн конкурстық ұсыныстарда бiр маршруттан артық көрсету фактiлері анықталған жағдайда неғұрлым кеш тапсырылған конкурстық ұсыныстар жарамсыз болып есептеледi.
Достарыңызбен бөлісу: |