Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірініші жартыжылдықтың нәтижелері мен үстіміздегі



жүктеу 230,69 Kb.
Дата25.11.2017
өлшемі230,69 Kb.
#1751
түріБағдарламасы



Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірініші жарты жылдықтың нәтижелері мен үстіміздегі жылдың екінші жарты жылдықтағы міндеттері туралы ақпараты
Үстіміздегі жылғы өткен кезеңде Министрлік өз қызметін Мемлекеттің стратегиялық жоспарларына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес жүзеге асырды. Меморганның күші мемлекеттік әлеуметтік саясатты іске асыруға және оң нәтижелерге, әлеуметтік процестің барлық қатысушылары мүдделерінің тепе-теңдігіне жетуге, әлеуметтік реформаларды тереңдетуге және қоғамдық ұйымдар мен халықаралық институттар әрекеттестігін кеңейтуге бағытталған болатын.

Еңбек қатынастары

Министрлік еңбек қатынастары жөніндегі заң және нормативтік құқықтық базаны жетілдіруді жалғастыруда.

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қарауға жіберілді.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің жобасымен жұмыс жалғастырылуда.

Еңбек аясындағы халықаралық тәжірибені ескеру мақсатында Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің жобасын әзірлеуге шетелдік сарапшылар (Халықаралық Еңбек Ұйымының сарапшысы, ТМД бойынша сарапшы ) тартылды.

Үстіміздегі жылдың сәуір және мамыр айларында Еңбек кодесі жобасының бірінші нұсқасының тұсаукесері өтті. Ғалымдармен, заңгерлермен және экономистермен, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясымен, Қазақстанның Ерікті кәсіподақтар конфедерациясымен, Қазақстанның кәсіподақ орталығымен, Қазақстан Республикасының Жұмыс берушілер конфедерациясымен, Еуразиялық өнеркәсіп ассоциациясымен, ҮЕҰ өкілдерімен, Мұңай компанияларының ассоциациясымен, инвесторлармен «дөңгелек үстел» отырыстарының нәтижелері бойынша айтылған ескертулер мен ұсыныстардың салыстырмалы кестесі әзірленді және одан әрі талқылау үшін жұмыс тобының мүшелеріне жіберілді.

Еңбек кодексінің жобасы ЭКК отырысында мақұлданды және мүдделі министрліктердің қарауына жіберілді.

2004 жылғы ақпан айында қабылданған «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы» Заңды іске асыру үшін Қазақстан Республикасының 2005-2007 жылдарға арналған еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бағдарламасы әзірленді және мүдделі министрліктер мен әлеуметтік әріптестерге жіберілді.

Бағдарламаның мақсаты өндірісте қолайлы еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттануды болдырмау және алдын алу, еңбек процесі кезінде адамның өмірі мен денсаулығын, құқықтық, ұйымдық-техникалық және әлеуметтік-экономикалық шараларды әзірлеу есебінен сақтау жөнінде іс-шаралар әзірлеу болып табылады.

Тұтынушыларды (жұмыс берушілерді, кәсіподақты, қызметкерлерді) еңбек қауіпсіздігі және еңбек гигиенасы саласында ақпаратпен қамтамасыз ету үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанында Еңбек қауіпсіздігі және еңбекі қорғау жөнінде ақпараттық орталық құрылды. Оның міндеттеріне мемлекеттік еңбек инспекторларын және ұйымдар мен кәсіподақтардың мамандарын оқыту және біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысты жандандыру кіреді.

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөнінде салааралық және салалық нормативтік құқықтық актілер әзірленуде.

Үстіміздегі жылғы сәуір-мамыр айларында Астана, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының тұсаукесері жөнінде өңірлік семинар-отырыстар өтті.

Еңбек жағдайлары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында ғылыми зерттеулер жүргізумен және мемлекеттік еңбек инспекторларының біліктілігін арттырумен айналысатын «Республикалық еңбекті қорғау жөніндегі ғылыми-зерттеу институты» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Мемеңбек инспекторлары еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыруда.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мемлекеттік еңбек инспекторлары 2004 жылғы мамыр-мауысым айларында республиканың құрылыс саласындағы кәсіпорындарда еңбек заңнамасының сақталу жағдайын кешенді тексерулер жүргізді. Үстіміздегі жылы Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның кезекті отырысында республиканың құрылыс саласындағы кәсіпорындарда еңбек заңнамасының сақталу жағдайы туралы мәселені қарау жоспарланып отыр.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары 2004 жылғы бірінші жарты жылдықта ұйымдарда еңбек заңнамасын сақтау мәселелері бойынша 9057 тексерулер мен зерттеп-тексерулер жүргізді, бұл 2003 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 18% -ға артық. Ұйымдардың өндірістік объектілерін тексеру барысында тұтас республика бойынша 67129 бұзушылықтар айқындалған, оның ішінде 57% еңбекті қорғау туралы заңнамаға (38255 бұзушылықтар) келеді. Еңбек туралы заңнама бұзушылықтарының айқындалған үлесі 40,5% (27158), халықты жұмыспен қамту – 2,5% (1716) құрайды.

Айқындалған бұзушылықтар нәтижелері бойынша жұмыс берушілерге айқындалған бұзушылықтарды жою жөнінде 12493 жазбаша өкім шығарылды, сондай-ақ 3606 станоктар, тетіктер мен жабдықтар бірліктерінің және 2089 өндіріс объектісінің жұмысы тоқтатылды.

Бұдан басқа, мемлекеттік еңбек инспекторларының талаптары бойынша жұмыс берушілер 2274 лауазымдық адамды жазатайым оқиғаларға апарып соқтырған еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы талаптарын өрескел бұзғаны үшін жұмыстан босатты.

Еңбек заңнамасы талаптарының бұзушылықтарын жіберген лауазымдық адамдарға мемлекеттік еңбек инспекторлары 31,5 млн. теңге сомасында әкімшілік құқык бұзушылықтар (айыппұлдар) туралы 2572 қаулы берді. Өндірілген айыппұл сомасы 25,0 млн. теңге құрады.

Мемеңбек инспекторларының бұзушылықтарды жою жөніндегі жазбаша өкімдеріне және құқықтық және әкімшілік әсер тигізудің басқа шараларына сәйкес жұмыс берушілер еңбек заңнамасы бұзушылықтарының 54432 немесе жалпы санының 81% жойды.

Өндірісте зиян шекендердің жалпы саны үстіміздегі жылғы 6 ай ішінде өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 2,1% азайды және 1381 адам болды (2003 ж. - 1411). Сонымен қатар, жалпы жарақаттану төмендеу аясында өліммен аяқталған зиян шегушілер саны 17,6 % өсті, 6 ай ішінде олардың саны 147 адам болды. Бұл ел экономикасының дамуына, олардың пайда болуы онда енген азаматтар үшін белгілі қатермен ілесетін жаңа өндірістің өсуіне байланысты.

«Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік әріптестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әлеуметтік әріптестік тетігін одан әрі жетілдіру жөнінде жұмыс жүргізілуде. Үшжақтық ынтымақтастықтың барлық деңгейлерінде әлеуметтік әріптестермен Тараптардың 2003-2004 жылдарға арналған бас келісім шеңберінде қабылдаған міндеттерді орындауын қамтамасыз ету жөнінде конструктивті сұхбат жүргізілуде.

Бірінші жарты жылдық ішінде жұмыс тобының үш отырысы және Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның екі отырысы өтті.

РҮК-та 14 мамырда мынадай мәселелер қаралды:

- Алматы және Жамбыл облыстарындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарының жағдайы және әлеуметтік әріптестіктің дамуы туралы;

- қызметкерлердің міндетті зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы қорларына уақытында және толық аударуы және 2003 жылы зейнетақы қорларының алдындағы борышты өтеу жөніндегі шаралар туралы;

тараптардың әлеуметтік параметрлер мөлшерлері жөнінде Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссиядан 2005 жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру жөніндегі республикалық бюджеттік комиссияға енгізу үшін ұсыныстары туралы.

Тараптар міндетті зейнетақы жарналарын есептеудің, төлеудің, аударудың тәртібі және берешекті болдырмау бойынша жұмысты күшейту жөнінде шаралар қабылдау туралы келісімге келді.



Жұмыспен қамту мәселелері

Жұмыспен қамту мәселелерін шешуге, еңбек рыногындағы шиеленістікті төмендету және жұмыссыздарды әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз ету үшін одан әрі жағдайлар жасауға бағытталған шаралар қабылдануда. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының 2005-2007 жылдарға арналған халықты жұмыспен қамту бағдарламасы әзірленді, оның мақсаты – тиімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, жұмыссыздық деңгейін төмендету, жұмыс күшінің сапалы параметрлерін жоғарылату.

Бағдарлама жобасында мынадай негізгі басымдықтар белгіленген:

еңбек ресурстарын дамыту;

халықты өнімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету;

жұмыссыздық деңгейінің еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін процестерге қауіп төндірмейтін параметрлерге дейін төмендету.

Сонымен қатар Министрлік «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеуде.

Еңбек рыногы жағдайының мониторингі үшін республикада, облыстар, қалалар мен аудандар тұрғысынан жұмыс күшіне тіркелген сұраныс пен ұсынысты көрсететін деректер базасы жұмыс істейді. Талдау, қазіргі уақытта Қазақстанда жұмыс күшіне сұраныстың, ұсыныс сапасының және кәсіптік-біліктілік құрылымының сәйкессіздігі және халықтың еңбекке жұмылуының төмендігі себебінде оның жергілікті еңбек рыногындағы тапшылығымен бірге жеткілікті екенін көрсетеді. Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі органдардың ай сайынғы бос жұмыс орындарының банкі 15-17 мың бірлік құрайды.

Министрлік жұмыс күшіне сұраныс мониторингі мен экономиканың мамандарға болжамды қажеттілігін белгілеу тәртібі туралы үлгі ереженің жобасын әзірлеген, ол облыстар, Астана мен Алматы қалаларының Әкімдеріне қолдану үшін ұсынылды.

Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру жөніндегі 2003-2005 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын орындау үшін өнеркәсіп кәсіпорындары үшін қажет мамандықтар тұрғысынан жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныс мониторингі жүргізілуде.

Бұдан басқа, аталған Стратегияны іске асыру үшін мемлекеттік және жеке сектордың қатысуымен Жұмысшылар мен техникалық мамандарды кәсіптік даярлау, атестаттау және қайта даярлау мәселелерімен айналысатын орталықтар туралы ереженің жобасы әзірленуде, оларды еліміздің өңірлерінде құру көзделіп отыр.

Облыстыр, Астана мен Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп дамудың әкімшілік-аумақтық бірліктерде қолданылатын, жоғары және орта әлеуетіне ие ауылды жерлер тұрғысынан, өнеркәсіптегі, көліктегі және экономиканың басқа да салаларындағы ауылшаруашылық-кәсіпорындарының 2006 жылға дейінгі кезеңге жұмыс күшіне қажеттілігін белгілеу жөнінде жұмыс жүргізілді.

Қазақстан Республикасының 2003-2005 жылдарға арналған кедейлікті төмендету жөніндегі бағдарламаны іске асыру жұмыспен қамту саясатының белсенді шараларын (жұмысқа орналастыру, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру, жұмыссыздарды кәсіптік оқыту) жүргізумен қамтамасыз етіледі. Жұмыспен қамту органдарының көмегімен үстіміздегі жылдың алты айында 79,7 мың адам немесе өтінішпен келген адамдар жалпы санының, өткен жылғы тиісті күндегі 45,7% салыстырғанда – 52,3% жұмысқа орналасты.

Қоғамдық жұмыстарға 82,9 мың адам қатысты, 15,6 мың жұмыссыз азамат кәсіптік оқуға, қайта даярлыққа және біліктілігін арттыруға жіберілді.

Облыстар әкімдерінің деректері бойынша осы жылдың алты айында елімізде 116,8 мың жұмыс орыны құрылды, олардың: 74,4 мыңы тұрақты. Өнеркәсіп және құрылыс салаларында жұмыс күші қосылды.

Еңбек рыногында хылықтың жұмыспен қамтылуының кеңеюі халықтың, атап айтқанда, көмекші шаруашылық немесе жеке қоналқа үй жүргізу дамыған ауылды жерлерде өзін өзі жұмыспен қамту есебінен жүзеге асырылады.

(Анықтама үшін: Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігінің деректері бойынша 2004 жылғы бірінші тоқсанда экономикалық белсенді халықтың саны өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 0,5 млн. адамға өсті және 7,7 млн. адам болды. Республиканың экономикасында 7,0 млн. адам жұмыспен қамтылды (2003 жылғы бірінші тоқсанда – 6,5 млн. адам). Халықты жұмыспен қамту деңгейі 91,1% жетті. 2004 жылғы бірінші тоқсанда жұмыссыздар саны өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 13,5 мың адамға азайды және 685,8 мың адам болды. Жұмыссыздық деңгейі 2003 жылғы бірінші тоқсандағы – 9,7% қарағанда 8,9% дейін төмендеді).

Заңсыз еңбек көші-қонын болдырмау және ішкі еңбек рыногын қорғау жөнінде арнайы шаралар қабылдануда. Министрлік жыл сайын Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға квота жобасын әзірлейді, ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі. Үстіміздегі жылы квота экономикалық белсенді халықтың 0,21% мөлшерінде белгіленді. Бұл еңбекші-мигранттарды іргелес облыстардағы ауыл шаруашылық жұмыстарына тартумен байланысты.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 10 ақпандағы № 147 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді шектеу және бюджетаралық қатынастарды жетілдіру тұжырымдамасына сәйкес «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2004 жылғы 27 қаңтардағы № 524-ІІ Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осы Заңға сәйкес тиісті әкімшілік бірлік аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру функциялары 2004 жылғы 1 наурыздан бастап жергілікті атқарушы органдарға берілді.

Шетелдік жұмыс күшін тарту процедурасын жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 17 наурыздағы № 322 қаулысымен «Квота белгілеу, жұмыс берушілерге Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берудің шарттары мен тәртібі туралы ереже» бекітілген.

Заңсыз көші-қон проблемасын шешу үшін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Республикасының Үкіметі арасында Қазақстан Республикасы азаматтарының Қытай Халық Республикасындағы және Қытай Халық Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасындағы уақытша еңбек қызметі туралы келісімнің жобасы жөнінде ұсыныстар жіберілді.

Республикада 2004 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 9,4 мың шетелдік азамат жұмыс істейді (1.07.2003 ж. – 8,7 мың адам). Шетелдік мамандарды тартатын ұйымдарда, есептік кезеңде 241,9 мың қазақстандық азамат жұмыспен қамтылған, бұл өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 28,8 мың адамға аз; 11,6 мың жұмыс орыны құрылған және 3,4 мың қазақстандық азамат жаңа кәсіптерге қайта оқыды.

Әлеуметтік маңызды проблемаларды шешу үшін Министрліктің ҮЕҰ әрекеттестігі күшеюде. Қазақстан Республикасындағы адам құқығы жөніндегі уәкілетті органмен және «Қазақстан жастарының конгресі» Ассоциация нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл құжаттар адам құқықтарын сақтауға және жас мамандарды жұмысқа орналастыруға әрі әлеуметтік қолдауға мұқтаж қатарындағы жас азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуге көмектесу жөнінде келісілген әрекеттерді болжайды.

Қазақстан Республикасы Президентінің «2004 жылға арналған ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары» 2004 жылғы 4 сәуірдегі Жолдауына сәйкес 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен жалақының мөлшері 5000 теңгеден 6000 теңгеге дейін немесе 2003 жылмен салыстырғанда 32% өсті.

Бұдан басқа, аталған Жолдауды іске асыру үшін «Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 11 қаңтардағы № 41 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі, мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік қызметші емес қызметкерлерінің және қазыналық кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысының деңгейін шамамен 20 пайызға арттыруды көздейтін 2004 жылғы 27 қаңтардағы № 89 қаулыны қабылдады.

Көрсетілген қаулымен мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік қызметші емес қызметкерлерінің және қазыналық кәсіпорын қызметкерлерінің қосымша ақы мен үстемеақы жүйесі реттелді. Бұл ретте жалақы құрылымындағы тарифтік бөлік (лауазымдық ақы) деңгейінің жоғарылауы және тариф үстіндегі бөлік (қосымшалар мен үстемеақылар) деңгейінің төмендеуі көзделген.

Қаулыға сәйкес мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік қызметші емес қызметкерлерінің және қазыналық кәсіпорын қызметкерлерінің лауазымдық ақыларының мөлшері базалық лауазымдық ақы мөлшері 5353 теңгеден (2003 жылы) 6600 теңгеге (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап) дейін және Лауазымдар тізілімі G санатының лауазымдары бойынша қызметкерлердің лауазымдық ақыларын (ставкаларын) есептеу үшін коэффициенттер мөлшерін жоғарылату есебінен көбейтіледі.

Мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік қызметші емес қызметкерлерінің және қазыналық кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақы жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2004 жылғы 18 наурыздағы № 71-ө өкімімен мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, қоғамдық ұйымдар өкілдерінен және Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарынан жұмыс тобы қүрылған.

Мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік қызметші емес қызметкерлерінің және қазыналық кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақы жүйесін жетілдіру жөнінде жұмыс тобы әзірлеген ұсыныстар Республикалық бюджеттік комиссияның қарауына жіберілді.

Еңбекті нормалау саласында еңбек жөнінде нормативтік база құру үшін Министрлік Еңбек, көші-қон және ТМД-ға қатысушы –елдердің халқын әлеуметтік қорғау жөніндегі консультативтік кеңестің шешімдеріне (түсуіне қарай) сәйкес Жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің біріңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығын, Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығын әзірлеуге және сынауға қатысуда.

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен Қазақстан Республикасының «Кәсіптер жіктеуішісі» 01-99 Жіктеуіш негізінде кәсіптер жіктелімін одан әрі жетілдіруге деректер базасын құру үшін жұмысшылар кәсіптері мен қызметшілер лауазымдарының атаулары бойынша материалдар жинау және зерттеу жүзеге асырылуда.

Бағаларға (тарифтерге) кіретін еңбекақы шығыстарын реттеу мақсатында еңбек жөніндегі типтік нормативтер, өнімдеріне (көрсетілетін қызметтерге, жұмыстарға) бағаларды мемлекеттік реттеу енгізілетін субъектілер қызметшілерінің нормативтік саны қаралуда және келісілуде.



Халықты әлеуметтік қорғау

Зейнетақымен қамсыздандыру

Министрлік қызметінің тұрақты басымдығы зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің нормативтік, құқықтық және әдістемелік базасын жетілдіру болып табылады.

Зейнетақымен қамсыздандырудың ынтымақты жүйесі бөлігінде жыл сайын зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыру жөнінде жұмыс жүргізілуде, ол қолданылып жүрген зейнетақы заңнамасы шеңберінде жүзеге асырылады.

Үстіміздегі жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдерінің мөлшерін тұтыну бағалары индексінің өсіміне (5,4%) арттыру жүзеге асырылды, зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері бұл ретте 8579 теңге құрады.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 19 наурыздағы Жолдауына сәйкес зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2005 жылы инфляция деңгейінен ілгерілеп индекстелетін болады, зейнетақының ең төмен мөлшері 6200 теңге құрайды.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесі қалыптасу барысында заң шығару базасы нақтыланды және жүйе қызметіне талаптардың өсуін және оның тұрақтылығын ескере отырып, қайта өңделді. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2002 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ету, зейнетақы аударымдары бойынша берешекті жою және болдырмау, қызметкерлердің жекелеген санаттарын зейнетақымен қамсыздандыруды және қорлардан зейнетақы төлеу тетігін одан әрі жетілдіру және т.б. шаралар көзделген.

Қазіргі уақытта зейнетақы қызметтерін көрсету рыногында 16 жинақтаушы зейнетақы қоры белсенді жұмыс істейді.

2004 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшыларының саны 6 482 674 адам, оның ішінде 6 453 948 міндетті зейнетақы жарналарының салымшылары және 28 726 адам – ерікті болды. Жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшыларының жеке зейнетақы шоттарындағы зейнетақы жинақтары 406,1 млрд. теңге (анықтама: үстіміздегі жылғы бірінші тоқсандағы зейнетақы жинақтарының өсімі 21,2 млрд. теңге) құрады. Міндетті және ерікті аударымдар есебінен келіп түскен зейнетақы жарналарының жалпы сомасы 313,9 млрд. теңге құрады. Салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына бөлінген таза инвестициялық табыс сомасы 100,7 млрд. теңге құрады.

1998 жылдан бастап міндетті және ерікті зейнетақы жарналары есебінен 22,9 млрд. теңге сомасында зейнетақы төлемдері жүргізілген.

Ұсынылып отырған нәтижелер Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылды және табысты қызмет етеді деп айтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жинақтаушы зейнетақы жүйесінде бір қатар проблемалар бар:

халық жинақтаушы зейнетақы қорлары көрсететін қызметтермен жеткілікті қамтылмаған;

зейнетақы жарналары бойынша төмендеуде, бірақ мезгілінде төленбеген салық әлі де жоғары (2003 жылғы 1 маусымнан 2004 жылғы 1 маусымға дейін мезгілінде төленбеген салық 26 100 458 мың теңгеден 12 984 225 мың теңгеге дейін қысқарды).

Жинақтаушы зейнетақы жүйесін жетілдірудің негізгі бағыттары:

халықты жинақтаушы зейнетақы қорлары көрсететін қызметтермен қамтуды кеңейту;

жинақтаушы зейнетақы жүйесінің төлемдеріне әкімшілік ету жүйесін, міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттердің міндетті зейнетақы жарналарының сомаларын аудару процедураларын жеңілдету және салымшыға зейнетақы шартын жасасу үшін ЖЗҚ дербес таңдау құқығын іске асыру мүмкіндігін беретін жағдайлар жасау және әр ЖЗҚ ашылған жеке зейнетақы шоттарының қайталандырмау мақсатында оңтайландыру.

Міндетті әлеуметтік сақтандыруды енгізу мақсатында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2003 жылғы 12 қарашадағы № 277-ө өкімімен «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру үшін қажет нормативтік құқықтық актілер тізбесі бекітілді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 27 ақпандағы № 237 қаулысына сәйкес «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғам құрылды, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің 2004 жылғы 20 сәуірдегі № 111бұйрығымен Қордың Жарғысы бекітілді.

Атаулы әлеуметтік көмек

Халықты әлеуметтік қорғау мемлекеттің әлеуметтік саясатының аса маңызды басымдықтарының бірі болған әрі де бола береді және халықтың әл-ауқатын арттыруға, кедейлікті төмендетуге, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын әлеуметтік қолдауға бағытталған.

«Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 2003-2005 жылдарға арналған кедейлікті төмендету бағларламасы іске асырылуда, оның нәтижесінде:

орташа жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен (2002 жылдың басында 10,2%-дан 2004 жылғы 1 қаңтарда 5,8%-ға дейін)аз қамтамасыз етілген азаматтардың саны азайды;

аз қамтамасыз етілген азаматтарды – атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушыларды есепке алу жөнделді және АӘК тағайындаудың автоматтандырылған жүйесі құрылды әрі аз қамтамасыз етілген отбасылар жөніндегі деректер базасы бөлініп таратылды.

Айтарлықтай оң өзгерістерге қарамай, еліміздің белгілі бөлігінің табысы кедейлік шегінен төмен. 2004 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша табысы кедейлік шегінен төмен халықтың үлесі еліміздің халқының жалпы санының 4,7%, ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен – 14,6% құрайды (2003 жылғы төртінші тоқсадағы жағдай бойынша).

(Анықтама: кедейлік шегі ІІ тоқсанда ең төмен күнкөріс деңгейінің 40% мөлшерінде немесе 2161 теңге белгіленген. Қазақстан Республикасы Статистика жөніндегі агенттігінің деректері бойынша ең төмен күнкөріс деңгейі 2004 жылғы ІІ тоқсанда республика бойынша 5402 теңге құрады.)

2004 жылғы қаңтар-маусым айлары кезеңінде атаулы әлеуметтік көмек 550,7 мың аз қамтамасыз етілген, табысы кедейлік шегінен төмен азаматтарға тағайындалды, бұл 2003 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 223,6 мың адамға аз. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсетуге шығыстар азайды және өткен жылғы ұқсас кезеңдегі 4,2 млрд. теңгемен салыстырғанда 3,1 млрд. құрады.

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындауды талдау Алматы, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан сияқты облыстарда атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері орташа республикалықтан (952,2 теңге) төмен екенін көрсетті.

АӘК алушылар жалпы санының ең үлкен үлесін 62,9% саны 346,1 мың балалар болып тұр, олардың саны көбеюде, өткен жылғы ұқсас кезеңде 60,8% болған.

Сондай-ақ балалар күтімімен айналысатын әйелдер саны да көбейді және 13,7% (75,6 мың адам) болды, 2003 жылғы 1 шілдеде – 11,7% (90,3 мың адам).

Сонымен қатар, АӘК алушылар қатарындағы жұмыссыз азаматтар мен жұмыс істейтіндер санының 113,0 мың адамнан (14,6%) және 36,7 мың адамнан (4,7%) тиісінше 66,7 мың адамға (12,1%) және 21,8 мың адамға (4,0%) дейін төмендеуі байқалады.

Сонымен қатар, АӘК алушылар қатарындағы зейнеткерлер мен мүгедектер саны да төмендеді. Олардың саны 2003 жылғы 1 маусымда 21,4 мың адам (2,7%), үстіміздегі жылғы 1 маусымда – 12,0 мың адам (2,2%) болды.

АӘК алушылар қатарындағы жұмыссыздар санының төмендеуі жұмыспен қамтудың белсенді нысандарын қолдану есебінен болды. АӘК алушылар қатарындағы зейнеткерлер үлесінің төмендеуіне зейнетақы мөлшерінің артуы әсер етті.

Сонымен қатар Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облыстары сияқты облыстарда және Алматы қаласында АӘК алушылар қатарындағы жұмыссыздар үлесі республикалық көрсеткіштен жоғары, бұл ретте Батыс Қазақстан облысында өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда жұмыссыздар саны көбеюде. Бұл жұмыспен қамту органдары халықты жұмыспен қамтудың белсенді нысандарын кеңінен пайдаланбайтынын көрсетеді.

Әлеуметтік қолдаудың бұдан былай жүргізілетін шаралары, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды Президенттің Қазақстан халқына жолауына сәйкес 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап бірінші топтағы мүгедектерге – 3АЕК-ке, екінші топтағы мүгедектерге – 2,5 АЕК-ке, үшінші топтағы мүгедектерге – 2 АЕК-ке, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға – 3АЕК-ке арттыру есебінен жүзеге асырылатын болады.

Көрсетілген шараларды іске асыру үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне Ұлы Отан соғысының қатысушыларын, мүгедектерді және асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты жәрдемақы алушыларды әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы әзірленді, оған сәйкес 2005 жылы соғыс мүгедектері мен қатысушыларының арнаулы мемлекеттік жәрдемақылырының мөлшерін 14475 теңгеге дейін арттыру, оларға Ұлы Отан соғысының 60 жылдығына орай 30 мың теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсету көзделіп отыр. Бұл заңжобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне қарауға енгізіледі.

Ана мен баланы әлеуметтік қорғау мақсатында есептік кезеңде отбасының табысына қарамастан республикалық бюджет есебінен 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бала тууға байланысты жәрдемақы төлеу жалғасуда.

2003 жыл ішінде жәрдемақы 165 мыңнан астам отбасына бөлінген. 2004 жылға арналған мемлкеттің бюджетінде бұл төлемдерге 3,08 млрд. теңге сомасында қаражат көзделген.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003-2004 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарына сәйкес және ана мен баланы қолдау жөніндегі қосымша шаралар мақсатында «Ана мен балаға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы әзірленді, онда бала туғанда берілетін бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы төлеуден басқа балалы отбасыларын әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларын енгізу мүмкіндігі қаралған. Бұл ретте екінші және одан көп бала туған жағдайда жәрдемақы мөлшерін арттыру көзделіп отыр.

Қазіргі уақытта Министрлік Статистика жөніндегі агенттікпен бірлесіп қолданыстағы мемлекеттік әлеуметтік стандарттардың қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайларға сай келуіне талдау жүргізуде, ең төмен күнкөріс деңгейін анықтаудың халықаралық тәжірибесін зерттеуде.

Халықаралық Еңбек Ұйымының, БҰҰ даму бағдарламасының сарапшылары республикадағы ең төмен күнкөріс деңгейін анықтау әдістемесін зерттеп, жалпы оған оң баға берді және тұтыну себетінің азық-түлік және азық-түліктен басқа бөлігінің қатынасын қайта қарауға ұсыныс берді.

Жапай саяси қуғын-сүргіндерден, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен адамдарға біржолғы өтемақы төлеу қайта басталды.

2004 жылға арналған республикалық бюджетте ақталған азаматтарға өтемақы төлеуге 854,1 млн. теңге, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен зейнеткерлер мен мүгедектерге біржолғы төлемге – 197,1 млн. теңге көзделген.



Мүгедектерді оңалту жүйесін дамыту

Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 2002-2005 жылдарға арналған мүгедектерді оңалту бағдарламасында көзделген іс-шаралар жоспарын іске асыру жөнінде жұмыс жүргізілді.

Барлық өңірлерде жергілікті атқарушы органдар жанында Мүгедектер істері жөнінде кеңестер құрылды. Кеңес құрамына министрліктің аумақтық органдарының медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшелерінің мамандары, денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт және туризм, сондай-ақ мүгедектер қоғамдық ұйымдарының өкілдері енді.

Оңалту бағдарламасын іске асыру үшін 2004 жылға арналған республикалық бюджеттен 984,4 млн. теңге жоспарланған.

2004 жылы 20209 протездік-ортопедиялық бұйым, оның ішінде қазіргі технологиялар бойынша – 1284 әзірлеу көзделіп отыр. 16840 мүгедек протездік-ортопедиялық көмек алады. «Протездеу бойынша медициналық қызметтер көрсету және протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша барлық шығастар 43 6260,9 мың теңге құрайды. 65235,0 мың теңге сомасына арба-қораптар сатып алынды.

2004 жылға мемлекеттік тапсырыс шеңберінде мүгедектігі бар адамдар деректерінің орталықтандырылған базасын (АДОБ) әзірлеуге және енгізуге республикалық бюджеттен 75846 мың теңге бөлінді.

Мүгедектерге тұрғын үй, қоғамдық және өндіріс ғимараттарына, әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне қол жеткізу, кіріс жолдарын, пандустарды, мүгедектер арбалары үшін керек-жарақтарды жасау, синхронды дыбыс сигналы бар арнайы бағдаршамдар орнату үшін 35492,2 мың теңге жұмсалды.

Мүгедектерді оңалту бағдарламасын орындау жөнінде бақылауды арттыру мақсатында 2004 жылғы қаңтар айында облыстың еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармаларының (Департаменттерінің) есептері тыңдалды, тыңдаудың нәтижелері бойынша өңірлер әкімдеріне кемшіліктер көрсетіліп және оларды жою жөнінде ұсыныстары бар хаттамалар жіберілді.

Министрлік «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірледі, қазіргі уақытта ол Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде қарауда.

Жалғызілікті қарттар мен еңбек етуге қабілеті жоқ адамдарды әлеуметтік қолдау үшін 33 мың адамға, оның ішінде 7 мыңнан астам мүгедектерге қызмет көрсететін үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері жұмыс істейді.

Медициналық-әлеуметтік сараптаманы ұйымдастыру және дамыту мүгедектерді медициналық, кәсіптік және әлеуметтік оңалтудың тиімді және ең жоғары нәтижелеріне жетуге бағытталған.

2004 жылдың бірінші жарты жылдығында республика бойынша бірінші рет мүгедек деп 21778 (2003 жылы - 22848) адам, олардың 3450 бала 16 жасқа дейінгі «мүгедек-бала» санаты бойынша (2003 жылы - 3411).

Еңбек ету қабілетіндегі жаста 16329 адам (2003 жылы - 16990) мүгедек деп танылды. Сонымен қатар еңбек ету қабілетіндегі халықтың арасында бірінші мүгедектіктің өсуі мынадай өңірлерде байқалады: Қостанай, Жамбыл, Ақмола облыстарында және Астана қаласында тиісінше – 71, 64, 79, 16 адам.

Жұмыс істейтіндер арасында бірінші рет мүгедек деп 4711 адам (2003 жылы - 4692) танылды, бұл өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 19 адамға артық. Жұмыс істейтіндер арасындағы мүгедектердің көбеюі Астана қаласында, Жамбыл, Павлодар, Қызылорда, Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында байқалады тиісінше – 33, 51, 23, 12, 11 адамға.

2004 жылдың бірінші жарты жылдығында республика бойынша 85189 адам (2003 жылы – 86978 адам) қайта куәландырудан өтті, 81185 адам (2003 жылы – 82769 адам) мүгедек деп танылды.

Толық оңалды, яғни 4004 адам (4,7%), 2003 жылы – 4,8% еңбекке жарамды деп танылды.

Жалпы республика бойынша 2004 жылғы бірінші жарты жылдықта бірінші рет мүгедектікке шығу жөніндегі көрсеткіштің жақсаруы және мүгедектердің толық оңалу көрсеткішінің тұрақтануы байқалады.

Мүгедектерді оңалту процесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралардың арасында куәландыру тәртібін, мүгедектіктің себебін, тобын, еңбек ету қабілетінің дәрежесін белгілеуді жетілдіру және мүгедектерді медициналық-әлеуметтік сараптама саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді сәйкес келтіру арқылы жетілдіру.

Ағза бұзушылықтары дәрежесін, тіршілік ету қабілетін сыныптауды Халықаралық қызмет ету, тіршілік ету қабілетін шектеу және денсаулық сыныптамасына (ХКС) сәйкес жетілдіру қажет.

Республикалық бюджеттік бағдарламаларға сәйкес аурудық әр түрлі нозологиялық нысандары кезіндегі медициналық-әлеуметтік сараптама және мүгедектерді оңалту мәселелері жөнінде көрсетілетін консультациялық қызметтермен қамтамасыз ету жөнінде мемлекеттік сатып алу жүргізіледі.

Бұл бағдарламалардың негізгі міндеттері ХҚС бейімделу, медициналық-әлеуметтік сараптама және мүгедектерді оңалту жүргізілген кезде функционалдық сыныптарды қолдану әдісін әзірлеу болып табылады.

Нормативтік құқықтық база

Мынадай Заңдар:

«Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2004 жылғы 27 қаңтардағы № 524-ІІ;

«Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы» 2004 жылғы 28 ақпандағы № 528-ІІ;



Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары:

«Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға 2004 жылға арналған квотаны белгілеу туралы» 2004 жылғы 12 қаңтардағы № 27;

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 11 қаңтардағы № 41 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2004 жылғы 27 қаңтардағы № 89;

«Міндетті зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу және жинақтаушы зейнетақы қорларына аудару ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 15 наурыздағы № 245 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2004 жылғы 16 ақпандағы № 185;

«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғам құру туралы» 2004 жылғы 27 ақпандағы № 237;

«Квота белгілеу ережесі, Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға жұмыс берушілерге рұқсат берудің шарттары мен тәртібі» 2004 жылғы 17 наурыздағы № 322;

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 20 шілдедегі № 983 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2004 жылғы 2 сәуірдегі № 379;

«Әлеуметтік аударымдар есептеу ережесін бекіту туралы» 2004 жылғы 21 маусымдағы № 683 қабылданды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мынадай бұйрықтар шығарды:

«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер тағайындау үшін өтініштің нысанын бекіту туралы» 2004 жылғы 15 маусымдағы № 136-ө (Әділетминің тіркеу нөмірі 2940 09.07.04 ж.);



«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының басшы қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» 2004 жылғы 5 маусымдағы № 154-ө (Қазақстан Республикасының Әділет министірлігіне тіркеуге жіберілді).
жүктеу 230,69 Kb.

Достарыңызбен бөлісу:




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау