А.Әділбаев
12. «Онлайн-неке» дегенді естудеміз. Интернет арқылы неке қиятын молдалар шығыпты дейді бір таныстарым. Осынау жауапты нәрсеге осылай оңай-ақ байлам жасауға бола ма?
Отбасы құрып, ұрпақ көбейту – Ислам дінінде қасиетті де ардақты іс. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үйленіңдер және көбейіңдер! Қиямет күні үмметімнің көптігімен мақтанамын», – деп, үйленудің қаншалықты маңызды екенін ұғындырды. Сондықтан да, осы өсиетті орындаудың жолы – неке қию. Бірақ, некені жасырын жүзеге асыруға болмайды. «Онлайн неке» дегеніңіз де сол жасырын некенің үкімін алады! Себебі, екеуінің жанындағылар оларды естімеуі, көрмеуі мүмкін. Осы себепті, куәліктері де жарамсыз. Ал, ата-анасының рұқсаты жөнінде айтудың өзі ұят секілді. Себебі, қандай салихалы ата-ана балаларының некесін онлайн арқылы жүзеге асыруға рұқсат береді? Әсте рұқсат етпесі анық. «Некенің шарты бойынша екі куәгер болса жеткілікті ғой» деу мүмкін, әрине. Алайда Имам Мұхаммад, Имам Шафиғи және Имам Мәлик (р.а.) бойынша неке қиылу үшін қыз әкесінің рұқсаты керек. Қыз қамқоршысының (уәли) хабарынсыз қиылған неке – мәуқуф. Яғни, оның құптауынсыз ерлі-зайыптылардың бірге өмір сүруіне құқығы жоқ [У.Зухайли, «Уәжиз», 3/53 б.]. «Егер қыздың қамқоршысы некенің өзінің рұқсатынсыз қиылып қойылғанын білсе, ол некені бұза да алады, құптай да алады» деген Имам Мұхаммед [«Мабсут», 5/10 б.].
Сонымен қатар, жасырын қиылған неке әлсіз, жауапкершілігі төмен болады. Ондай неке ерте ме, кеш пе үзілуге жақын тұрады. Ондай жағдайда қыздың ары босқа аяққа тапталып, ертеңгі күні шоқ басып, өмір бойы опық жеп қалуы мүмкін. Өйткені, тәжірибеге сүйенсек, осылай некелескен жігіттердің көбі өзінің жарын оңай талақ ете салуға даяр тұрады.
Осындай келеңсіз нәтижелерді ойлағанда, Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Жария ету – үй болғандықтың белгісі» [Несаи, «Никах», 72] немесе «Шариғатқа теріс үйлену мен шариғатқа сай үйленудің ара жігін айыратын нәрсе – дабыл қағып, жария ету» [Тирмизи, «Никах», 6; Ибн Мәжаһ, «Никах», 1896] деген сөздерінің астарында үлкен мән-мағына жатқандығын ұғыну қиын емес. Себебі, той жасап, ағайын-туыстың басын қосып үйленген отбасының керегесі бекем, неке жібі берік болмақ. Елдің батасымен, дұға-тілегімен құрылған шаңырақтың отағасына да неке алдында көп жауапкершілік түседі. Осыны естен шығармау ләзім.
Осы тұста, жалпы Исламдағы неке тақырыбының шарттары мен дұрыстығына тоқталып өтелік.
Шариғат бойынша некенің басты шарттарының бірі – екі ер кісі немесе бір ер және екі әйелдің куәгер болуы. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у) бір хадисінде: «Неке тек қамқоршысы және екі мұсылман (ъадл) куәгердің көзінше дұрыс болады...» [Даруқутни, «Китабун Никах»], – делінген. Тағы бір хадисінде: «Куәгерсіз неке қиғандар олар – зинашылар» [Тирмизи, Китабун никах – №1103 хадис.], – дейді.
Ал, «екі ер кісі немесе бір ер және екі әйел куәгердің болуы» дегенге дәлел келтірер болсақ, Құран Кәрімде былай делінген: «...Екі ер кісіні куәгер етіңдер. Егер еркек табылмаса, онда куәгер ретінде өздерің қалаған бip еркек, екi әйел де болады...» [«Бақара» сүресі, 282 аят].
Ханафи мәзһабы бойынша неке куәгерлерінің шарттары төмендегідей:
1. Куәгерлердің мұсылман болулары. Егер үйленетін қыз да, ұл да мұсылман болса, куәгерлер де мұсылман болулары шарт. Ал, егер қыз өзге діннен (христиан не яһуди) болса, куәгерлердің де осы діннен болуларының ағаттығы жоқ [«Ихтияр», 3/42 бет].
2. Ақыл-естері дұрыс болуы және балиғат (кәмелет) жастан асуы қажет.
3. Есту және түсіну қабілетіне куәгерлердің екеуі бірдей ие болулары керек. Бірі керең, екіншісі еститін болса да бұлардың куәліктері жарамсыз.
Сондай-ақ, куәгерлер неке қиюшы екі жастың сөздерін естіп, олардың сөздерін түсінетін кісілер болулары керек. Өйткені, сөздерін естімесе немесе түсінбесе куәгерлік етудің пайдасы шамалы.
Есту және түсіну қабілеті бар мылқаулардың да куәгерлігі некеге жарамды [«Жәуһәратун нира», 655 бет].
Егер үйленетін екі жас мылқау болса, неке куәгерлері мылқаулардың тілін түсінетін болулары ләзім.
4. Екі жастың үйленуге деген келісімдерін күәгерлердің екеуі де естіген болуы керек. Жігіттің келісімін естіп, қыздың келісімін естімей қалса немесе куәгердің бірі естіп, екіншісі естімей қалса еткен куәгерліктері жарамсыз [«Жәуһәратун нира», 655 бет].
5. Неке куәгерінің намаз оқып, ораза ұстайтын жан болуы шарт емес. Елімізде Аллаға сеніп, Мұхаммедті (с.а.у.) пайғамбар деп білетін, бірақ намаз оқымайтын, ораза ұстамайтын қандастарымыз бар. Ондайлардың куәгерлігі жарамды [«Ихтияр», 3/41 бет]. Себебі Ханафи мәзһабы бойынша мұсылман, бірақ намаз оқу, ораза ұстау сияқты дін бұйрықтарын орындамағаны үшін күнәһар саналатын жанның да куәліктері некеге жарамды.
Е.Оңғаров
13. Оразаны Рамазан айының басында, ортасында, соңында үш күннен ұстауға бола ма?
Рамазан оразасы жайлы Құран Кәрімде «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Әй мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз болғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақсынарсыңдар» деп әмір етілген. Сонымен қатар хадисте: «Ислам бес негізге құрылған: Алладан басқа құдай жоқ және Мұхаммед Алла елшісі деп куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, қажылық ету және рамазанда ораза тұту» [Бұхари, Муслим] деп айтылған.
Рамазан оразасы Алла тағаланың әмірі және ислам дінінің негізгі бес парызының бірі. Сондықтан, рамазан оразасын балиғат жасына жеткен, денсаулығы көтеретін әрбір мұсылман толығымен тұтуы парыз. Рамазан айындағы парыз оразадан бөлек, кәффарат және нәзір оразаларын тұту міндет болып саналады.
Ораза шариғи үкіміне орай: парыз және нәпіл [сүннет ораза да осыған кіреді. Сүннет амалды орындаушы сауап табады, орындамаушыға ешбір сөкеттік жоқ] болып екіге бөлінеді.
Нәпіл оразаға келсек олар төмендегідей:
1. Шәууал айының 6 күндік оразасы. Әбу Аюб әл-Ансари (р.а.): «Кімде-кім рамазан оразасынан кейін шәууалдың алты күнін тұтса, ол бір жыл ораза тұтқандай сауап алады» [Муслим, Әбу Дауд, Тирмизи, Ибн Мажаһ].
2. Зул-хижжа айының 10 күн оразасы. Және қажылық сапарына шықпаған адамдардың арафат күні ораза тұтуы.
3. Шағбан айының басым бөлік күндерін оразамен өткізу. Айша (р.а.) анамыз: «Алла елшісі (с.а.у.) рамазан айынан басқа ешбір айды толық етіп ораза тұтқанын көргенім жоқ. Алайда, шағбан айындағыдай басқа айларда көп ораза тұтқанын көрмедім» [Бұхари, Муслим] деген.
4. Құрметті айлар: зул-қағда, зул-хижжа, мухаррам және ережеп оразалары.
5. Апта ішіндегі дүйсенбі және бейсенбі күндер оразасы. Әбу Һурайра (р.а.): «Пайғамбар (с.а.у.) ең көп дүйсенбі және бейсенбі күндері ораза тұтушы еді...» [Ахмед] дейді.
6. Ай ішінде 3 күн ораза тұту. Ай туғаннан бастап санағанда айдың 13, 14 және 15 күндері ораза тұту. Бұл жөнінде Әбу Зәрр әл-Ғифари (р.а.): «Алла елшісі (с.а.у.) бізге әр айдың 3 күнінде: 13,14, және 15 жұлдызында ораза тұтуға бұйырған еді. Бұл бір жыл ораза сияқты» дейді.
7. Кезекпен бір күн ораза тұтып, бір күн ауыз ашып жүру. Абдулла бин Омар (р.а.): «Алла тағала үшін ең ұнамды ораза Дәуд (а.с.) оразасы. Ол бір күн ауыз бекітіп, бір күн ауыз ашатын» [Бұхари] дейді.
Нәпіл оразаны жылдың кез келген мезгілінде тұтуға рұқсат етіледі. Дегенмен нәпіл ораза тұтуға болмайтын жағдайлар бар, олар:
1. Үлкен және кіші айт күндері, ташқир күндері.
2. Тек жұма немесе тек сенбі күні ғана ораза ұстау.
3. Шәк күні (ертеңгі күн рамазан айының басы екендігінде шәк болған жағдайда) тұту.
4. Жыл он екі ай үздіксіз ораза ұстап жүру.
5. Әйелге күйеуінің рұқсатынсыз нәпіл ораза тұту.
6. Кешке ауыз ашпай, екінші күн оразасын жалғастырып тұту.
Қорыта айтқанда, рамазан оразасы парыз болғандықтан, ол толық тұтылады. Ал нәпіл ораза ретінде рамазан айынан басқа уақытта айдың басы, ортасы және соңында үш күн етіп тұтуға болады.
Б.Бейсенбаев
14. Неге мұсылмандар діни сеніміне байланысты вакцинадан бас тартуда? Оның қандай негізі бар?
Бұл сұрақты басқаша қойған жөн сияқты. Өйткені, екпе жасатудан бас тартып жатқан тек қана мұсылмандар емес. Өкінішке орай, кейбір жекелеген адамдардан байқалған кемшіліктерден қате қорытынды жасап, мұсылмандарға жала жабу қоғамда кең етек алған. Бұл сұрақ қазіргі таңда тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде қызу талқыға түсіп жатқан күрделі мәселелердің бірі екенін айта кетейін. Өйткені, бұрынғы кездері ақпараттық кеңістіктің шектеулігіне байланысты ел көп нәрседен бейхабар болып жататын. Ал интернеттің дамуы арқылы адамдар баламалы ақпараттарға қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Сондай ақпараттардың ішінде екпеге (вакцинация) қатысты түрлі «аңыз» бен «ақиқат» мәліметтер кең тарап, елді сарсаңға салуда. Денсаулық сақтау қызметкерлерінің басым көпшілігі, әрине, екпенің арқасында адамзаттың түрлі аурулардан арылғандығын алға тарта отырып, оның міндетті түрде жасалуы қажет екенін барынша кең насихаттауда. Ал екінші жақтан осы екпелердің салдарынан әлемде орын алып жатқан қайғылы уақиғаларды алға тарта отырып, оның адамзат болашағына құрылған тұзақ екенін және нәтижесінің ауыр болатынын тілге тиек етіп, бұдан бас тартуға халықты үндеп жатқан мәліметтердің де көбейіп келе жатқаны байқалады.
Жалпы ислам дінінде вакцинаға қарсы тыйым салынған деген ешқандай үкім жоқ. Өйткені бұл мәселе Пайғамбарымыздың кезеңінде болған емес. Вакцинациялаудың қолданылу тарихы соңғы бір-екі ғасырға барып тіреледі. Кейбір дін мамандары осы мәселеге тікелей қатысы жоқ жанама діни мәтіндерді алға тарта отырып, екпе жасатуды міндетті десе, кейбіреулері өз дәйектерін алға тарта отырып бұған қарсы шығуда.
Біздіңше, бұл екі пікір де асығыс жасалған шешім. Бұл дін адамы пәтуа беретін қарапайым мәселе емес. Мұндай күрделі мәселені құрамына дін ғалымдары да кіретін арнайы мамандандырылған топ ұзақ және кең көлемді зерттеу нәтижесінде шешіп, соның негізінде пәтуа шығарылуы қажет. Ал мұсылман елдерінде екпенің харам екендігіне қатысты қазірше ешқандай пәтуа жоқ. Сондықтан да екпеге қарсы шығудың астарында жатқан себеп дінге емес, жеке адамға қатысты, ол қазіргі таңда таратылып жатқан бір-біріне қарама-қайшы пікірлердің көптігінде болып отыр.
А.Әділбаев
15. Адам өмірден өтпей тұрып, алдын ала жер белгілеп жатады. Ол дұрыс па?
Ханафи мазһабында мұсылман кісіге қайтыс болмай тұрып өзі үшін жер дайындап қоюға рұқсат бар. Әсіресе, тұрғылықты жерде қабірстанға арналған жер мәселесінде қиындық болса, алдын-ала жер сатып алып дайындап қоюға әбден болады. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бірқатар хадистерінде өлімге алдын-ала дайындалу қажет екенін айтқан. Имам Нәуәуий өлімге дайындалуды күнәдан барынша сақтанып, әрдайым өлімді еске алу арқылы жасау керек деп түсіндіреді.
Енді осы сұраққа жанама алдын-ала қабір қаздырып қою мәселесінде түрлі пікірлер бар. Ханафи ғалымдарынан Хаскафи «Ешбір жан ертең не істейтінін және қай жерде жан тапсыратынын біле алмайды» («Лұқман» сүресі, 34-аят) деген аятқа сүйене отырып, адам өзі қай жерде қайтыс болатынын білмегендіктен өзі үшін қабір қазып қоюы мәкруһ деген. Сонымен қатар, қабір қаздырып қоюға рұқсат деген ғалымдар да жеткілікті. «Татархания» деген кітапта «бесінші халифа» деген құрметке лайық көрілген Омар ибн Абдулазиз, Рабиғ ибн Хайтами т.б. секілді танымал адамдардың қайтыс болмастан бұрын өздері үшін қабір қаздырып қойғандығы келтірілген. Негізінде оның астарында «өлместен бұрын өліңдер», яғни өлімге дайын болыңдар деген түсінік жатқаны анық.
Қорытындылай келе, ханафи ғалымдары өзі үшін қабыр қаздырып қоюдың ешқандай сөкеттігі жоқ екенін, тіпті өлімге дайындық қамында жасағандықтан сауап алатынын айтқан. Алайда, көзі тірісінде өзі үшін қабір қаздырып қойған адам, өзі басқа жерде қайтыс болған жағдайда басқа мұсылман үшін ол жерді беруге қарсы еместігіне қатысты өсиет жазып қалдыруы тиіс. Осы мәселеде Хазіреті Әбу Бәкірдің: «Өзіңе қабір қазып дайындағанша, өзіңді қабірге дайында» деген сөзі ғибрат аларлық. Демек адам баласы жерленетін жерін емес, сол жерге қандай істермен баратынын, қабір сұрағына қалай жауап беретінін ойлап, «Өлместен бұрын өз-өздеріңді сұраққа тартыңдар» дегендей ақыретке дайындалып, ізгі істер жасағаны жөн.
Алау Әділбаев
16. Әжелеріміз көзі тірісінде суретке түсіре қояйын десең, әзірейіл көргендей шошынатын. Ескінің көзін көрген қарияларымыз неге олай етті? Шынымен-ақ шариғат бойынша суретке түсуге болмай ма?
Мұндай әрекеттердің астарында алдыңғы ғасырларда кең тараған діни көзқарастар жатыр. Өйткені бұрынғы кездері суретке түсіретін фотоаппарат жоқ кезде адамдар көбіне суретті өз қолдарымен салып, бейнелейтін. Ал бұл мәселеге мұсылман ғалымдарының көзқарасы соңғы кезге дейін қатаң болған. Соңғы ғасырдағы техника мен технологиядағы жаңалықтар көптеген мәселелерді қайта қарауды қажет етті. Енді осы сұрағыңыздың туындау негіздеріне тоқталайық. Бір-біріне ұқсас әрекеттер – сурет салу мен ескерткіштің жасалуының тыйым салынуына қатысты Пайғамбарымыздан келіп жеткен бірнеше хадистер бар. Мысалы: «Ескерткіштер бар үйге періштелер кірмейді» (Бұхари, «Бәдул-халқ», 7, Муслим, «Либас», 87), «Қиямет күні ең ауыр азапқа душар болатындардың бірі – осы суретті (бейнені) жасаушылар» (Бұхари, «Әдәб», 75) «Қане, жаратқандарыңа жан бітіріңдер» (Бұхари, Муслим), т.б..
Ислам ғалымдары ескерткіш жасауға тыйым салудың негізгі астарында сол кезде кең тараған пұтқа табынушылықтың алдын алу, ескеркіш жасаушының Хақ тағаланың жаратушылық сипатына таласуы, ұятсыз нәрселерді бейнелеуі және пайдасыз нәрселер үшін қаражат пен уақытты ысырап ету секілді себептердің жатқанын атап көрсетеді. Ал ескеткіш бейнесінде емес қағаз, мата дуал секілді нәрселерде бейнеленген суреттерге қатысты келтірілген хадистер олардың толықтай харам немесе харам екендігін білдірмейді. Бұл хадистерді тек қана сөзбе-сөз емес, түпкі себебін назарға ала отырып түсінген ғалымдар суреттің мәні, суретті қолданушының мақсаты мен жеріне қатысты пайымдай отырып, әр түрлі пәтуа шығарған. Мысалы, қасиетті саналып, табыну мақсатында салынған және тәңірлік телінген, ислам шариғатына қайшы жалаңаш бейнелі суреттерді салу – харам. Ал жансыз заттарды бейнелеуге қатысты ешқандай тыйым жоқ. Жаны бар нәрселердің пәтуасы мақсатына қарай өзгереді. Жалпы сурет салуға қатысты хадистердің бәрін бір тұтастық шеңберінде саралап, түпкі мақсатына үңілгенде Пайғамбарымыздың алғашқы кездері адамдардың көңіліне таухид рухын мықтап орнықтырғанға дейін қатаң талаптар қойғаны, ал кейінгі кезеңдерде қауіпті деп саналмаған жерлерде рұқсат бергендігі байқалады.
Фотоаппаратпен түсірілген суретті соңғы ғасырдағы Мысыр ғалымдарынан Мухаммед Бахит әл-Мутғи өзінің «Фотографияның рұқсат етілгендігіне қатысты жеткілікті жауап» деген бір еңбегінде фотоаппарат пен камера арқылы түсірілген суреттің шариғатқа қайшы емес екенін дәлелдеуге тырысқан. Ол «Суретке түсіруді жаратушылыққа ұқсатуға келмейді. Хадистегі «Менің жаратқанымдай жаратсын» деген сөз фотографияны қамтымайды. Өйткені фотография (сурет) адамның көлеңкесін бейнелейді. Мұның атын қойған адам өте дұрыс қойған. Оның мәні - (бейненің айнада) шағылуы, ал фотограф – бейнені шағылтушы. Бұлай аталуының себебі айна секілді бейнені шағылдыруына байланысты. Бұл – ескерткіш жасаушы мен сурет салушының істеріненен бөлек. Сондықтан харамдық шеңберіне кірмейді», – деген екен. Шейх Бахиттың осы көзқарасын кейінгі ғалымдардың көбі қолдаған. Қорытындылай айтқанда, шариғат бойынша жоғарыда келтірілген себептер (табынушылық, жалаңаштық) жоқ болса, суретке түсуге рұқсат.
Алау Әділбаев
17. Қазіргі таңда «халал су» деген пайда болды, ол қаншалықты дұрыс сөз? Сол «халал судан» ішпегендердің барлығы харам су ішіп жүр ме?
Тәңір-тағаланың тіршіліктегі ең маңызды нығметтерінің бірі – су екендігі әмбеге аян. Су Алла-тағаланың адамзат баласына тарту еткен ортақ ризық-несібесі саналады. Бұл жөнінде Хақ Елшісі өз хадис-шарифтерінің бірінде: «Су, шөп, отты пайдалануға тыйым салынбайды» (Ибн Мажа, Рухун: 16) деп бұйырған. Осы себептен шариғатымызда теңіз, көл, өзендер жекеменшік пайдалануға жатпайды. Тіпті, мұсылман құқығында қажетті жағдайда (суға деген зәрулік жағдай) артық ауыз судың өзін сатуға рұқсат бермейді. Бұл хақында Алла Елшісі: «Сапарда сусап келе жатқан жолаушыға өзінен артылған суды бермеген жанға ақырет күні Алла назарын салмайды» дейді. Яғни, халқымыздың «су – тіршілік көзі» деген нақылы дін негіздерінен алынған деп толық айта аламыз.
«Халал су» мәселесіне келетін болсақ, судың табиғаты әу бастан-ақ мөп-мөлдір, тұнық-таза болып жаратылған. Бұл турасында Пайғамбарлар падишасы (с.а.у): «Су – таза болып жаратылған. Судың түсін, дәмін, иісін өзгертпейінше, оны ешкім кірлете алмайды» деп ескерткен. Дегенмен, «тазалық имандылықтың жартысы» деген қағиданы негізге алсақ, жұмыр-басты пенденің тек ластанбаған, таза суды пайдаланғаны абзал. Себебі, Алла Елшісі (с.а.у) «Ағынды емес, тұрып қалған суды ішпек түгілі, дәрет алуға болмайды» (Мүсілім, «Таһара», 36/94-96) деп бұйырған. Хақ Елшісінің (с.а.у) судың тазалығына мән бергені соншалықты, күнделікті асқа тұтынуға Мәдинадан екі күндік жердегі Сукия деген жердің құдықтарынан шығатын тұщы суды алдырып, ішуге пайдаланған. Тіпті тазалық үшін су ыдысының аузын ашық қалдырмауды да (Ибн Мажа, «Ашриве», 19) ескерткен.
Осы себептен арнайы ғылыми зерттеу орталықтары һәм тағамтану институты экологиялық зияны жоқ, керісінше адам ағзасына пайдалы деп таныған минералды және ауыз суды тұтынсақ құба-құп болмақ. Сонымен бірге жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық тексеру орталықтары мақұлдаған су көздерін де толық пайдалануымызға болады. Яғни, «халал су» маркасынан өзге суларды харам деп айтуға негіз жоқ.
М.Исахан
18. Доңыз терісінен тігілген киімдерді, аяқ киімді киюге бола ма?
Соңғы кездегі өндіріс саласында технологияның дамуы кейбір мәселелерге жаңаша қарауға итермелеуде. Ол да уақыт талабы. Соған орай бұрынғы кездері доңыз терісінің харам екендігіне қатысты берілген пәтуа қайтадан күн тәртібіне шығуда. Өйткені, қазіргі таңда доңыз тез көбейетіндіктен және терісі арзанға түсетіндіктен кейбір елдерде оның терісінен сөмке, күртеше, аяқ киім т.б. секілді тұрмыстық заттар кең қолданысқа еніп отыр. Көп жағдайда арзан түсетіндіктен халықтың көпшілігі ол заттарды тұтынуда. Көпшілігіміз оның доңыз терісінен жасалғандығын біле де бермейміз. Енді осы мәселеге қатысты ислам шариғатындағы пәтуаларға тоқталайық.
Доңыз – толықтай нәжіс, яғни харам екендігіне қатысты наас (Құран аяты мен хадис) келген жануарлардың бірі. Оның етінің желінбейтіндігіне қатысты барлық ғалымдар бірауыздан келіскен. Яғни, бұл мәселеде «Ижма» қалыптасқан. Ол ижма Құран және хадиске сүйенеді. «Мәида» сүресінде حُرِّمَتْ عَلَيْكُمُ الْمَيْتَةُ وَالدَّمُ وَلَحْمُ الْخِنْزِيرِ وَمَا أُهِلَّ لِغَيْرِ اللَّهِ بِهِ
«Өлексе, қан, доңыз еті, Алланың атынан басқаның атына бауыздалған малдар сендерге харам етілді» («Мәидә» сүресі, 3-аят) делінеді.
قُل لاَ أَجِدُ فِي مَآ أُوْحِيَ إِلَيّ مُحَرّماً عَلَىَ طَاعِمٍ يَطْعَمُهُ إِلاَّ أَن يَكُونَ مَيْتَةً أَوْ دَماً مّسْفُوحاً أَوْ لَحْمَ خِنزِيرٍ فَإِنّهُ رِجْسٌ أَوْ فِسْقاً أُهِلّ لِغَيْرِ اللّهِ بِهِ فَمَنِ اضْطُرّ غَيْرَ بَاغٍ وَ لاَ عَادٍ فَإِنّ رَبَّكَ غَفُورٌ رّحِيمٌ
«(Мұхаммед!): «Маған уахи етілгеннің ішінен жеймін деген жан үшін өлексе, ағызылған қан, болмысынан лас доңыз еті, сондай-ақ Алладан өзгенің атымен бауыздалған малдан басқа харам етілген нәрсені көріп тұрған жоқпын. Ал енді кімде-кім мәжбүр болса, мұқтаждық мөлшерінен асырмай және өзгенің ақысына қол сұқпай осылардан жесе, расында Раббың өте кешірімді, ерекше мейірімді» де», – деген аят («Әнғам» сүресі, 145-аят) та бар. Әбу Һұрайрадан «Алла тағала доңызды және оның пайдасын (сатқаннан түскен ақшасын) харам етті» деген хадис жеткізілген.
Ал терісі иленген жағдайда таза болатын-болмайтындығына қатысты екі түрлі көзқарас бар:
Төрт мәзһаб имамы оның терісінің иленумен тазармайтындығын айтқан. Өйткені ол болмысынан толықтай лас болып табылады. Алла тағаланың өзі жоғарыда келтірілген «Әнғам» сүресінде لَحْمَ خِنزِيرٍ فَإِنّهُ رِجْسٌ «..доңыз еті, өйткені ол (болмысынан) нәжіс» деу арқылы тек еті емес, толықтай нәжіс екендігін білдірген дейді.
Әбу Дауд әз-Захири мәзһабы (қазір олар қалмаған) және Имам Ағзамның шәкірті Әбу Юсуфтан ханафи мәзһабында дәлдігі жағынан күштірек есептелетін «Захирур-риуа» кітаптарының тысындағы, әлсіз бір көзқарас бойынша иленген жағдайда доңыз терісінің тазаратындығын алға тартқан. Олар мына хадистерге сүйенеді: Пайғамбарымыз (с.а.у.): إِذَا دُبِغَ الْإِهَابُ فَقَدْ طَهُرَ «Иленген тері таза болып есептеледі» деген (Мүслим, «Хайыз», 105, Әбу Дәуіт, «Либәс», 38, Нәсаи, «Фәрғ», 20, 30). جَاءَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ فِي غَزْوَةِ تَبُوكَ إِلَى بَيْتٍ فَإِذَا قِرْبَةٌ مُعَلَّقَةٌ فَسَأَلَ الْمَاءَ فَقَالُوا يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنَّهَا مَيْتَةٌ فَقَالَ دِبَاغُهَا طُهُورُهَا Алла елшісі (с.а.у.) Тәбүк жорығына келе жатқан кезде (өлген жануардың) терісінен жасалған су торсығы ілулі тұрған бір үйден су сұрайды. Сонда олар: «Уа, Алланың ешісі! Ол өлген малдың терісінен жасалған торсық», – деп айтады. Бұны естігенде Аллаһ елшісі (с.а.у.): «Иленсе, тазарғаны» деп (Нәсаи, «Фәрғ», 4; Ахмед ибн Ханбәл, IV, 254, V, 67, VI, 329, 336) үкімін білдірген еді. Шәукани, Қардауи т.б. секілді кейбір ғалымдар осы көзқарасты таңдаған.
Енді осы айтылғандарды қорыта келе, былай деуге болады: Қазіргі Қазақстандағы экономикалық жағдайды ескере отырып, тұрмысы төмен, өзге жануардың терісінен тігілген аяқ киімді сатып алуға қиналатын адамдар үшін, зәрулік жағдайы дей отырып қана рұқсат беруге болады. Өйткені шариғатта зәрулік қысқан кезде, кейбір тыйым салынған нәрселерге рұқсат беріледі. Ал жағдайы жақсы, қалтасы көтеретін болса мужтаһид имамдар харам деген, бұл мәселеде ижма қалыптасқан пәтуаны ұстану қажет.
А.Әділбаев
19. Кока-коланың аударма мағынасына қарап, мұсылмандар ішпей қойды. Кейбіріміз әлі де ішеміз. Күнә жасап жүрген жоқпыз ба?
Бүгінде мұсылмандардың арасында осы сауал жиі қойылуда. Меніңше, иманды адам бұл сусынның атына емес, затына терең үнілу керек сияқты. Олай дейтін себебім, қандайда бір затты жазуын теріс айналдырып немесе үлдірін (негатив) шығарып оқып, өз-өзімізге қиындықтар туғызу дұрыс емес. Дегенмен, шын мәнінде Кока-кола сусынының күмәнді екенін айтуға тиістіміз. Елімізге алғаш келе бастаған уақытта зияндылығы анықталғанымен, кейінгі уақытта өте үлкен мөлшерде сатылуы зияндылыққа қатысты шешімді басып озды. Яғни, халық көптеп пайдаланып, оның құрамына, қайдан шығып, қайдан келіп жатқандығына аса назар аудармады. Кока-колаға қатысты медициналық зерттеулер төмендегідей талдаудың нәтижесін ұсынады. Бірақ, біз бұл талдамаға сүйеніп харам үкімін бермейміз. Шариғатымыз нақты дәлелмен тыйым салмағандықтан оны күмәнді нәрселердің қатарына жатқызамыз.
Медициналық тұрғыдан келсек, даниялық зерттеуші топтың мәліметі бойынша кока-коланы көп ішкен еркектердің белсіздік (ұрықсыздық) кеселіне шалдығу қаупі бар.
«Кока-кола» компаниясы өкiлдерiнiң айтуынша, сусынның негiзгi құпиясы кошениль құртынан алынатын тағамдық қоспада екен. Әдетте оның құрамына қант, кока ағашының жаңғағы, фосфор қышқылы, кофеин, карамель, көмiр қышқылы қосылады деп көрсетiлетiн. Ендi өндiрушiлер сусынның түсiн өзгертетiн бояу ретiнде қолданылатын кошениль құртының еш зияны жоқ деп елдi сендiруге тырысуда. Дәрiгерлердiң пайымдауынша, кока-кола, әсiресе, балалардың бас сүйегiне, ойлау қабiлеттерiне орасан зор зиян келтiредi. Жалпы газдалған сусынды мөлшерден тыс пайдалану адам ағзасындағы кальций, темiр секiлдi ең маңызды элементтердi жойып, есесiне құрамындағы есiрткi зат адам өмiрiн екi есеге қысқартады.
Америкалық денсаулық сақтау органдары «Кока Коланың» рак ауруын туғызуға тікелей әсері бар екенін анықтап отыр. Сусын құрамындағы карамельдің шын мәнінде қоңыр қызыл канцерогендердің қосындысы екені анықталған. Кола өндірушілердің карамель деп жүргені үй жағдайында қантты ерітуден алынатын тәтті емес. «Кока-колалық карамель» - аммиак, сульфит және шекерді реакциялау барысында пайда болатын, адам ағзасына зияны орасан сұйықтық. Бұл қосынды бауыр және қалқанша безі рагының өріс алуына жол ашады. «Кока-кола» компаниясы шығаратын 4 өнімде жасанды карамель пайдаланылады. Ал, оның екеуіне аммиак қосылатынын білген вашингтондық ғалымдар қазір кока-коланың зияндылығын айтып, дабыл қағуда.
Достарыңызбен бөлісу: |