Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау
және әлеуметтік даму министрінің
_______ жылғы «____» _________
бұйрығына қосымша
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрлігінің
2017 - 2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспары
1 бөлім. Миссиясы және пайымы
Мемлекеттік органның миссиясы: Мемлекеттік саясатты тиімді қалыптастыру және іске асыру, денсаулық сақтау саласында қызмет көрсетуді салааралық үйлестіру мен мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру жолымен Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту. Еңбек құқықтарын қорғау, жұмыспен нәтижелі қамтуға және халықтың әл-ауқатының артуына жәрдемдесу.
Мемлекеттік органның пайымы: Халықтың қажеттілігіне сай келетін тиімді және қолжетімді денсаулық сақтау жүйесі. Өмiр сүру деңгейi мен сапасын нәтижелі жұмыспен қамтудың қолжетiмдiлiгiн кеңейту, әлеуметтiк қамсыздандыру деңгейiн арттыру, халықты әлеуметтiк қолдау жүйесiн дамыту және оңтайландыру негiзiнде арттыру.
2-бөлім. Ағымдағы ахуалды талдау және қатерлерді басқару
1-стратегиялық бағыт. 1. Азаматтардың денсаулығын нығайту
1.1) Реттелетін қызмет саласының негізгі даму өлшемдері
Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстанның әлемнің дамыған
30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі Қазақстан − 2050 Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Жолдауының басты мақсатына қол жеткізу үшін Министрліктің қызметі заманауи және тиімді денсаулық сақтау жүйесін құру арқылы азаматтардың денсаулығын жақсартуға бағытталған.
2015 жылы 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» Денсаулық сақтау саласын дамыту мемлекеттік бағдарламасы аяқталған болатын. Оның негізгі жетістігі күтілетін өмір сүру ұзақтығын 71,95-ке дейін жоғарлату (2014 жыл – 71,45, 2013 жыл – 70,85), жалпы өлім-жітім көрсеткішін 1000 халыққа шаққанда 7,47-ге (2014 жыл – 7,63, 2013 жыл – 7,98) дейін төмендету болып табылады. Халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері жақсартылды.
Жоғарыда аталған оң өзгерістерге өлім-жітімнің негізгі себептері болып табылатын аурулардың алдын алуға, ерте анықтауға және емдеуге бағытталған кешенді шаралар айтарлықтай ықпалын тигізді (қанайналым жүйесінің аурулары, қатерлі ісіктер, жарақаттар, ана мен бала өлім-жітімі).
Күтілетін өмір сүру ұзақтығы
Негізгі әлеуметтік-маңызды аурулар және жарақаттарды диагностикалауды, емдеуді және оңалтуды жетілдіру
Ел ауқымында 2010 жылдан бастап Ұлттық скринингтік бағдарлама тиімділігін және сапасын арттыру мақсатында жетілдірілуде.
Өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып табылатын қанайналым жүйесінің ауруларын (бұдан әрі – ҚЖА) белсенді анықтау нәтижесінде ҚЖА-мен сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 2014 жылы 2 394,7-ге ден, 2015 жылы –2429,7 дейін көбейді (2013 жыл – 2463,1). ҚЖА-дан болатын өлім-жітімнің 2014 жылғы 207,2-ден 2015 жылы 193,8-ге дейін төмендеуі жүргізілген жұмыстың нәтижесі болып табылады (2013 жыл – 207,4).
Республиканың барлық өңірлерінде кардиологиялық және кардиохирургиялық қызметтер құру халықтың мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмекке қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік берді. Өткен 2015 жылы республикада 75,0 мыңға жуық кардиохирургиялық операциялық және интервенциялық араласулар жүргізілді (2014 ж. – 70,0 мың.), ол 5,0 мыңға немесе 7,2 %-ға жоғаралаған. Озық технологияларды енгізу асқынулар мен жүрек-қантамыр ауруларынан болатын өлім-жітімнің деңгейін айтарлықтай төмендетті, бұл толыққанды еңбекпен белсенді өмір сүруге оралған пациенттер санының артуына алып келді. Өлім мен мүгедектікке алып келетін ауыр асқынулардың бірі ми қанайналымының жіті бұзылуымен ауыратын науқастарға көмек көрсету мақсатында республикада 40 инсульт орталығы ашылды.
Өлім-жітім себептертерінің құрылымында қатерлі ісіктер екінші орында тұр. 2014 жылмен салыстырғанда қатерлі ісіктермен сырқаттанушылық көрсеткішінің өскені байқалады (100 мың халыққа шаққанда 198,7-дан
2015 жылы 207,5-ке дейін). Бұл көрсеткіштің ең жоғары деңгейі өнеркәсіп дамыған өңірлерде тіркелген, бұл Солтүстік Қазақстан (328,0), Шығыс Қазақстан (301,4), Павлодар 297,2) және Қостанай (295,4) облыстары.
Онкологиялық ауруларды ерте анықтауға, химиялық препараттармен қамтамасыз етуге, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған іс-шаралар қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім көрсеткішін 100 мың халыққа шаққанда 2014 жылғы 93,2-ден
2015 жылы 92-ге дейін төмендетуге мүмкіндік берді.
Сырқаттанушылық, еңбекке уақытша жарамсыздық және өлім-жітім құрылымында, сондай-ақ мүгедектікке алғаш рет шығу бойынша жарақаттанушылық үшінші орында тұр. Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы № 1113 Жарлығымен бекітілген Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011−2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – Мемлекеттік бағдарлама) шеңберінде жол-көлік оқиғаларынан (бұдан әрі – ЖКО) болатын өлім-жітімді төмендету жөнінде ведомствоаралық шаралар қабылданды, оның ішінде ЖКО-дан зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету жүйесі жетілдірілді – жарақаттану қаупінің деңгейі жоғары республикалық маңызы бар автомобиль трассаларының бойында 40 ауданаралық травматологиялық бөлімше ұйымдастырылды, олар заманауи диагностикалық және емдеу жабдығымен жарақтандырылды. Нәтижесінде жазатайым оқиғалардан және жарақаттан болатын өлім-жітім 100 мың халыққа шаққанда 2014 жылғы 87,6-ден 2015 жылы 82,5-ға дейін төмендеді.
Әйелдердің репродуктивті денсаулығын жақсартуға бағытталған іс-шаралар, оның ішінде профилактика, ауруларды ерте анықтау және оларды сауықтыру жалғасуда.
Ана өлім-жітімінің көрсеткіші 100 мың тірі туылғандарға шаққанда 12,5-ті құрады (2014 жылы – 11,7). Нәресте шетінеушілігінің көрсеткіші төмендеді және 100 мың тірі туылғандарға шаққанда 9,37-ды құрады (2014 жылы – 9,76).
Республикада туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты болып қалуда, мәселен туберкулезбен сырқаттанушылық және одан болатын өлім-жітім 100 мың халыққа шаққанда 2014 жылғы 66,4-тен 2015 жылы 58,5-ке дейін және тиісінше 2014 жылғы 4,9-дан 2015 жылы 4,1-ге дейін төмендеді. Елімізде туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына ел ауқымында қабылданатын жүйелік шаралар ықпал етуде. Инфекциялық бақылаудың халықаралық талаптарына сәйкес науқастар легін және оларды қамтамасыз етуді дәл бөле отырып, төсек қорын оңтайландыру арқылы туберкулезге қарсы ұйымдарды қайта құрылымдау жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Сонымен бірге Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексі рейтингінде (бұдан әрі − БЖИ) Қазақстан туберкулезбен сырқаттанушылық бойынша 101-орында және туберкулездің бизнеске әсері бойынша 107-позицияны иеленген. Осыған байланысты, ведомствоаралық сипаттағы шаралар күшейтілген.
АИТВ инфекциясы бойынша жағдай да тұрақтанған, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (бұдан әрі − ДДҰ) деректері бойынша Қазақстан АИТВ/ЖИТС індетінің қойылтылған стадиясында тұр (әлемдік орташа көрсеткіштің 1,1 %-ына халықтың 0,16 %-ы, Қазақстан Республикасы жататын Шығыс өңірде – 0,8) (2010 және 2011 жылдары – 0,18). Өткен 2015 жылы халықтың арасында АИТВ-инфекциясының 0,2-0,6 % шегінде таралуы қалады және 0,18 % құрады (2014 жыл – 0,168, 2013 жыл – 016). Елімізде халықтың қауқарсыз тобтар арасында алдын алу бағдармалар табысты іске асырулуда. Мемлекеттік саясатының сыңарымен ДДҰ-мен және UNAIDS ұсыныс жасалынған, иньекциялық есірткілерді тұтынатын тұлғаларға «зиянды төмендету стратегияның» іс-шаралар болыпты.
Халықтың өмір сүру сапасы мен ұзақтығын сақтауда қант диабеті маңызды рөлге ие. Скринингтік зерттеулер диабеті анықталған. Талдау кезеңінде қант диабетімен сырқаттанушылық төмендеген және 100 000 халыққа шаққанда 2014 жылғы 164,4-бен салыстырғанда 2015 жылы 172,7-ті құрады (2013 жыл – 170,4). Қант диабеті бар барлық науқастар ТМККК шеңберінде дәрілермен қамтамасыз етіледі.
Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру
Халықтың денсаулық жағдайын жақсартуға медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталған шаралар ықпалын тигізді. Мәселен, 2010 жылдан бастап Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (бұдан әрі – БҰДЖ) енгізілуде, оның шеңберінде халыққа соның ішінде ауыл халқына медициналық көмектің қолжетімділігі жақсартылған. Тарифтік саясаттың ашықтығы қамтамасыз етілді, нәтижесінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) берушілердің жалпы санында жеке сектордың үлесі айтарлықтай ұлғайды. БҰДЖ-ның шеңберінде стационарды алмастыратын технологиялар белсенді дамуда, олардың көмегімен 2015 жылы 1,1 млн. адам емделіп шықты (2014 жылы – 1,0 млн адам, 2013 жыл – 995,9 мың).
Медициналық көмектің сапасын арттыруға және 2012 жылдан бастап стационар деңгейінде – клиникалық шығынды топтар бойынша, 2013 жылдан бастап жаһандық бюджет бойынша, яғни амбулаториялық және стационарлық деңгейлерде қызметтер көрсетуге арналған шығыстар қамтылған, 1 ауыл тұрғынына жан басына шаққандағы кешенді тариф бойынша шығындарды тиімді басқаруға бағытталған ең үздік халықаралық тәжірибе ескеріле отырып төлемнің жаңа әдістері енгізілді. Қатерлі ісіктерді ерте анықтауды және онкологиялық науқастардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында бір онкологиялық науқас үшін кешенді тариф бойынша төлем жүйесі енгізілді.
Материалдық-техникалық базаны нығайту және негізгі қаражатты пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында медициналық ұйымдарға жабдықты лизинг арқылы сатып алу мүмкіндігі ұсынылды.
Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (бұдан әрі – МСАК) басым түрде дамыту жалғасуда. БҰДЖ-ның екінші кезеңі шеңберінде әлеуметтік қызметтер институтын дамытуға акцент жасай отырып, МСАК-ты ұйымдастыру мен қаржыландыру жүйесі жетілдірілуде. 2011 жылдан бастап МСАК ұйымдарының штатына әлеуметтік қызметкерлер, психологтар лауазымдары енгізілді. Тіркелген халықпен профилактикалық жұмысты (скринингтер, нысаналы топтарды қалыптастыру, салауатты өмір салты мен профилактикаға үйрету) күшейту мақсатында 2 және 3-учаскелік мейіргер лауазымдары енгізілді.
2014 жылдан бастап, БҰДЖ-ның екінші кезеңі шеңберінде, амбулаториялық-емханалық көмек көрсетуге арналған кешенді жан басына шаққандағы норматив, бұл МСАК-ты қаражаттандыру көбейтіп, ТМККК қызметтерін амбулаториялық-емханалық денгейінде көрсеткенде мүмкіншілігі тең болу үшін еңгізілді. БҰДЖ-ның шеңберінде ТМККК қызметтерімен жеке қамтамасыз етушілердің үлесі 2015 жылы 29,5% болды, сонымен қатар республикалық бюджеттен қаражаттандырлатын стационар деңгейінде ТМККК қызметтерімен жеке қамтамасыз етушілердің үлесі 37,4%.
Дербестікті қамтамасыз ету мақсатында медициналық ұйымдар кезең-кезеңімен шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар (бұдан әрі – ШЖҚ МК) мәртебесіне ауыстырылуда, 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін 504 медициналық ұйым ШЖҚ МК мәртебесіне ауыстырылды.
Қазақстан Республикасының электрондық денсаулық сақтау саласын дамытудың 2013−2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды, оның түпкілікті мақсаты 2020 жылға қарай еліміздегі бүкіл халықтың электрондық денсаулық паспорттарын жасау болып табылады.
Ұлттық телемедицина желісі құрылды, оның көмегімен медициналық көмек көрсетудің әртүрлі деңгейлерінде консультациялар жүргізіледі.
2012 жылмен салыстырғанда 2014 жылы телемедицина консультацияларының саны 2,3 мыңға ұлғайды (2013 жылы – 17752, 2014 жылы – 22 622).
Халықтың, әсіресе шалғайда және жетуі қиын өңірлерде тұратын ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін
49 жылжымалы медициналық кешен (бұдан әрі – ЖМК), 40 трассалық медициналық-құтқару пункті, 3 емдеу-диагностикалық пойызы жұмыс істейді. 2011 жылғы шілдеден бастап Республикалық санитариялық авиацияны үйлестіру орталығы жұмыс істейді, ол бейінді мамандардың консультациялар өткізуі мақсатында ұшуларды жүзеге асырады.
Медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз етудегі маңызды мәселелердің бірі – дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету болып табылады. ТМККК шеңберінде азаматтардың дәрілік заттармен қамтамасыз етуге құқықтарын іске асыру мақсатында амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі жетілдірілді. Қымбат тұратын нозологиялар бойынша дәрілік заттарды сатып алуды республикалық бюджет есебінен бірыңғай дистрибьютор жүзеге асырады.
Диспансерлік науқастардың тіркелімі және амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі құрылды, ол әрбір пациенттің мемлекет кепілдік берген дәрілік препаратты алуын нақты қадағалауға мүмкіндік береді.
Терапиялық тиімділікті, фармакоэкономиканы және жанама әсерлер мониторингін ескере отырып, дәрілік заттарды ұтымды қолдануға бағытталған дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің формулярлық жүйесі енгізілді. Дәрілік заттардың бағаларын мониторингтеу орталығы құрылды.
Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы мемлекеттік тіркеу, сертификаттау жүйесін жетілдіру басталды. ТМККК шеңберінде сатып алынатын дәрілік заттардың бағаларын мемлекеттік реттеу енгізілді. Жыл сайын бірыңғай дистрибуция жүйесі (заттай мәнде) арқылы ТМККК шеңберінде жалпы көлемде сатып алынатын отандық дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың үлесі ұлғаюда (2013 жылы – 40 %, 2014 жылы –66 %, 2015 жылы – 80 %).
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша халықтың хабардар болуын арттырумен айналысатын Ақпараттық дәрі-дәрмек орталығы құрылды.
Республикада медициналық қызметтердің сапасын басқару жүйесі құрылды.
Кезең-кезеңімен аккредиттеудің халықаралық стандарттары енгізілуде. Пациенттердің хабардарлығын арттыру, денсаулық сақтау саласында бәсекелестік ортаны, транспаренттілік және медицина ұйымын еркін таңдау принциптерін дамыту мақсатында 2012 жылдан бастап сыртқы, ішкі бақылау және пациенттердің пікірлері негізінде медициналық ұйымдарды рейтингтік бағалау жүйесі енгізілді.
Объективтілікті қамтамасыз ету мақсатында тәуелсіз сараптама дамуда, 2015 жылы тәуелсіз сарапшылар тартылған, тексерулердің үлесі 35 %-ды құрады, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 2 %-ға артық (2013 жылы – 30 %).
Пациенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестер және Азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы шағымдарын қарау жөніндегі комиссиялар құрылды. Медициналық ұйымдарда шағымдардың алдын алу және оларды туындаған жерде «осы жерде және қазір» принциптері бойынша қарау үшін жұмыс істеуге арналған Ішкі бақылау қызметтері жұмыс істейді.
Халықтың медициналық қызметке тең қолжетімділігін қамтамасыз ететін денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында «100 мектеп және
100 аурухана салу», «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және емхана салу» ауқымды жобалар шеңберінде 409 денсаулық сақтау объектісі іске қосылды және 2016 жылы 40 денсаулық сақтау объектісін салу жоспарлануда.
Білім беру, ғылым жүйесін жетілдіру және инновациялық технологияларды енгізу
Медициналық көмектің сапасын қамтамасыз етуде білікті медицина кадрлары маңызды рөлге ие болып табылады. Мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде денсаулық сақтау кадрларын даярлау сапасына қол жеткізу жөніндегі шараларды көздейтін Қазақстан Республикасында медициналық және фармацевтикалық бiлiм беруді дамытудың 2011−2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді.
Инновациялық білім беру технологияларын оқу процесіне енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда, медициналық ЖОО-ларда оқу-клиникалық орталықтары құрылды. Ел ішінде, сол сияқты шетелде үздіксіз кәсіби даму қамтамасыз етіледі, жетекші шетелдік мамандарды тарта отырып мастер-кластар ұйымдастырылады. Жыл сайын республикалық бюджет қаражаты есебінен 30 мыңнан астам маман өз біліктіліктерін арттырып отырады.
Денсаулық сақтау саласының кадр ресурстарын дамытудың
2013-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарының шеңберінде нормативтік құқықтық база жетілдірілуде, денсаулық сақтау саласының кадр ресурстарын мемлекеттік жоспарлау және болжамдау жүйесі құрылды, мейіргерлік қызметті ұйымдастыру тәсілдері жетілдірілуде.
Әлеуметтік қолдау және мамандардың жұмыс өтеуін нормативтік бекіту бойынша қабылданған шаралар мамандарға деген қажеттілікті 2014 жылғы
3,8-ден 2015 жылы 3,6 мыңға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің базасында ұжымдық пайдаланудағы 2 ғылыми молекулярлық-генетикалық зертхана жұмыс істейді, олар заманауи аспаптарға және студенттер, магистранттар, докторанттар, жас ғалымдар және медициналық ғылыми ұйымдар мен ЖОО-лардың қызметкерлері үшін зерттеулерді орындауға рұқсатты қамтамасыз етеді.
Жыл сайын халықаралық басылымдардағы жарияланымдардың үлес салмағы (2013 жылы – 19,1 %, 2014 жылы – 21,2 %, 2015 жылы – 23 %), биологиялық белсенді заттарға, фармакологиялық және дәрілік заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникаға жүргізілген клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулердің саны (2013 жылы – 50, 2014 жылы – 55, 2015 жылы - 60) ұлғаюда.
2013 жылы Медициналық ғылымды 2020 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Бәсекеге қабілеттілікке және әзірлемелердің сұранысқа ие болуына қол жеткізу, олардың негізінде озық медициналық технологиялар мен инновацияларды енгізу отандық медицина ғылымын дамытудың негізгі мақсаты болып айқындалды.
1.2) Негізгі проблемаларды талдау
Медициналық-демографиялық көрсеткіштердің оң динамикасына қарамастан, туу кезіндегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы төменгі деңгейде қалып отыр және 2015 жылдың қорытындысы бойынша 71,95 жасты құрады, бұл табыстың ұқсас деңгейі бар елдермен салыстырғанда 3 жылға төмен.
Жыл сайын Қазақстанда обырдан шамамен 17 мың адам қайтыс болады, оның ішінде 42 % еңбекке қабілетті жастағы адам.
Республиканың трассаларындағы ЖКО-да 3 мыңға жуық адам қайтыс болады және 29 мыңнан астамы жарақат алады, бұл проблеманың ауқымдылығы мен маңыздылығын білдіреді.
Бұдан басқа, жүргізіліп жатқан кең ауқымды құрылысқа, «DOTS-плюс» туберкулезді емдеу бағдарламасының іске асырылуына қарамастан, туберкулездің таралуын эпидемиологиялық қадағалау, дәрілік төзімділікті дамыту және туберкулезден болатын өлім-жітім мәселелері өзекті болып қалуда. Қазақстандағы туберкулезбен сырқаттанушылық ТМД елдері арасында ең жоғары деңгейлердің бірі болып табылады.
Ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы айтарлықтай жақсы өзгерістерге қарамастан, республикада ана мен нәресте өлім-жітімінің көрсеткіштері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Еуропалық өңірімен салыстырғанда әлі де жоғары.
Отбасын жоспарлау, халықтың саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері бойынша хабардар болуын арттыру жөніндегі жұмысты қоса алғанда, МСАК-тың жеткіліксіз профилактикалық бағыттылығы проблемалары сақталуда.
Сонымен қатар, денсаулық сақтаудағы алғашқы буында жалпы дәрігерлік практика және халықпен профилактикалық жұмыс жүргізуде денсаулық үнемдейтін техологиялардың дамуы осал.
Халықаралық тәжірибе МСАК-пен барынша қамтуға және оның тиімділігіне МСАК-ті қаржыландыру көлемі денсаулық сақтауға жұмсалатын шығыстардың кемінде 40 %-ын құраған жағдайда қол жеткізілетінін көрсетіп отыр. Алайда, жыл сайын МСАК-қа ТМККК-ні қаражаттандыру 2014 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда тек қана 27,5 %-ды құрады, 2015 жылда – 37,42%.
ТМККК нақтыланған тізбесінің болмауы және медициналық қызметтерге қолжетімділіктің теңсіздігі азаматтардың мемлекет кепілдік берген көлемде медициналық көмек алуға құқықтарын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік бермейді. Нәтижесінде азаматтардың бір бөлігі ақылы негізде қызметтер алу үшін жеке денсаулық сақтау секторына жүгінуге мәжбүр. Бұл жағдай азаматтардың денсаулықты сақтауға өз құқықтары туралы нашар ақпараттандырылуына байланысты қиындай түсуде. БҰДЖ шеңберінде қаржыландыру механизмдерін (қор ұстау, жан басына шаққандағы екі компонентті норматив) енгізу жолымен қолжеткізілген бәсекелес ортаны қалыптастырудағы оң өзгерістерге қарамастан, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының басқарушылық дербестігінің төмендігі мен менеджменттің жеткіліксіз деңгейі медициналық қызметтерді берушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға кедергі келтіреді.
Медициналық қызметтер сапасының жеткіліксіз деңгейі сақталуда, медициналық ұйымдарда ішкі аудит жүйесі жеткіліксіз дамыған. Пациенттердің құқықтарын қорғау жүйесі нашар дамыған, тәуелсіз сарапшылардың әлеуеті жеткіліксіз.
БҰДЖ белсенді енгізуге қарамастан, денсаулық сақтаудағы ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның жеткіліксіз деңгейі, медицина қызметкерлерінің арасындағы компьютерлік сауаттылықтың төмен деңгейі сақталып отыр.
Медициналық ұйымдарды жеткіліксіз материалдық-техникалық қамтамасыз етумен байланысты мәселелер проблема күйінде қалып отыр. Бұл ретте лизинг жүйесінің мүмкіндіктері толық пайдаланылмайды.
Қазақстанның ауылдық денсаулық сақтау жүйесі инфрақұрылымның оқшаулануына (қашықтығына), нашар дамуына, материалдық базаның нашар болуына, қатаң климаттық жағдайларға, медицина қызметкерлерінің жеткіліксіздігіне және кадрлардың кетуіне байланысты елеулі қиындықтарға ұшырауда.
Ауылдағы бірқатар медициналық ұйымдар бейімделмеген, санитариялық-гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтін үй-жайларда орналасқан, қазіргі заманғы медициналық жабдықпен, санитариялық автокөлікпен жеткіліксіз жарақтандырылған.
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, фармацевтикалық қадағалау, фармакоэкономикалық зерттеулер, дәрілік заттардың жанама әсерлерін мониторингтеу жүйесі, жалған және контрафактілік дәрілік заттардың өндірісімен және таралуымен күрес жұмыстары одан әрі жетілдіруді қажет етеді.
Халықтың, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын халықтың дәрілік заттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері одан әрі шешуді қажет етеді.
Денсаулық сақтауды қаржыландыру көздері әртараптандырылмаған, негізгі қаржылық жүктемені мемлекет көтереді, іскери қоғамдастықтың үлесі жеткіліксіз, ал азаматтардың қаржылық қатысуы өз денсаулығына деген олардың жауапты қарым-қатынасын ынталандырмайды.
ЖОО-ның ғылымын дамыту деңгейінің төмен болып қалуы жалғасуда, бұл білім беру ұйымдарының ғылыми әлеуетінің жеткіліксіздігімен және ғылыми бағдарламалар мен жобаларды іске асыруда профессорлық-оқытушы құрамды тартудың төмендігімен байланысты.
1.3) Қатерлерді басқару
Мақсаттарға қол жеткізуге ықпал етуі мүмкін қатерлердің атауы
|
Қатерлерді басқару жөніндегі іс-шаралар
|
Сыртқы қатерлер
|
Техногенді және экологиялық аппаттар (қасірет) салдарынан болған әртүрлі жарақаттар мен аурулардың (оның ішінде инфекциялық) жаппай кең дамуы
|
1. Қатердің басталуына байланысты денсаулық үшін салдарды жоюға бағытталған кешенді шараларды қабылдау (медицина кадрларын жұмылдыру, дәрілік заттармен қамту және т.б.)
2. Жарақат алған кезде алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша медициналық пункттер мен денсаулық сақтау ұйымдарын қазіргі заманғы жабдықтармен қосымша жарақтандыруға, сондай-ақ шұғыл стационарлық көмек көрсетудің қосымша көлеміне немесе бюджет қаражатын қайта бөлуге қаражаттың қажеттілігі туралы бюджеттік және экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізу
|
Ішкі қатерлер
|
Медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жеткіліксіз болуына байланысты медицина кадрларының кетуі
|
Жергілікті жерлерде кадраларды тұрақтандыруға бағытталған жаңа іс-шаралары бар қолданыстағы меморандумдарды кеңейту
|
2-стратегиялық бағыт. 2. Халықты әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету
2.1) Реттелетін қызмет саласының негізгі даму өлшемдері
2050 стратегиясының негізгі мақсаты Қазақстанның әлемнің дамыған
30 мемлекетінің қатарына кіруі бойынша Министрлік өз қызметінде қазақстандықтардың әл-ауқатын нығайту принципіне сүйенеді.
Осы мақсаттарда мемлекет масылдықты болдырмайтын атаулылыққа және тиімділікке негізделген әлеуметтік дамудың қазақстандық моделін дамыту принциптерінің бірі – азаматтардың мұқтаж санаттарын әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесін құруды жалғастырады.
Мемлекет адам туылғаннан бастап оның өмірінің барлық кезеңдерінде сүйемелдей отырып, халықты әлеуметтік қорғауға кепілдік береді. Осылайша, Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының мынадай принципі іске асырылуда – азаматтарға олардың өмірінің әрбір кезеңінде әлеуметтік қызметтерді ұсынудың ең төменгі қажетті деңгейіне кепілдік беріледі, ол адамның өзін-өзі дамытуы үшін бастапқы тең мүмкіндіктерге негіз болатын ең төменгі әлеуметтік стандарттар.
Ана мен баланы қолдау жүйесі арқылы бала тууды арттыру және балалы отбасылардың жағдайын жақсарту үшін қолайлы жағдайлар жасалуда.
Еңбек етуге қабілетті жастағы адамдар үшін ықтимал әлеуметтік қатерлер басталған жағдайда және егде жастағы адамдарға лайықты өмір сүру жағдайларын жасау үшін көп деңгейлі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі жұмыс істейді және жетілдірілуде.
Бұдан басқа, азаматтардың материалдық жағдайы белгілінген шектен төмен деңгейде нашарлаған (ең төменгі күнкөріс деңгейі, кедейлік шегі), өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік қолдау және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету шаралары қолданылады.
Соңғы үш жыл осы қызмет бағытын дамытудың мынадай ахуалын көрсетіп отыр.
Ана мен баланы әлеуметтік қолдауды дамыту
Демографиялық процестерді басқару жүйесіндегі буындардың бірі болып табылатын Министрлік бала тууды арттыру, балалы отбасылардың жағдайын жақсарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға жәрдемдесуге арналған.
Халық саны өсімінің оң серпінін атап өткен жөн: 2016 жылғы 1 қаңтарда ол 2014 жылдың басындағы ұқсас көрсеткіш – 17,2 млн. адамға қарсы 17,7 млн. адамды, 2015 жылдың басында – 17,4 млн. адамды құрады.
Бала туу серпіні
(1000 адамға шаққанда, жалпы бала туу коэффициенті,)
Халық санының өсуі, негізінен бала туудың өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Соңғы үш жылдары туылған балалардың орташа жылдық саны 390 мыңнан асты (2013 жылы – 387,2 мың, 2014 жылы – 399,9 мың, 2015 жылы – 397,6 мың); бала туу коэффициенті 2013−2015 жылдары 1 мың халыққа шаққанда орта есеппен 22,8-ді құрады.
Демографиялық ахуалды жақсартуға балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі айтарлықтай ықпал етті. Республикада халықаралық практикада кеңінен таралған мынадай төлемдер (оның ішінде Ресей Федерациясында, Беларусь және Украина Республикаларында) төленеді:
1) отбасыларға табысына қарамастан 31,41 айлық есептік көрсеткіштен (бұдан әрі – АЕК) (бірінші, екінші және үшінші баланың туылуына) бастап 52,35 АЕК-ге дейінгі мөлшерде (төртінші және одан кейінгі балалардың туылуына) республикалық бюджеттен төленетін баланың туылуына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақылар;
2) бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жәрдемақы. Жұмыс істемейтін аналарға ол табысына қарамастан, республикалық бюджеттен сараланған мөлшерде 5,76 АЕК-ден 8,90 АЕК-ге дейін (отбасында туылған және тәрбиеленіп жатқан балалардың санын есепке алғанда) төленеді. Жұмыс істейтін аналар бала туған күнге дейін соңғы 24 айдағы сақтандырылған табысының 40 % мөлшерінде 2008 жылдан бастап «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-нан (бұдан әрі – МӘСҚ) әлеуметтік төлемдер, сондай-ақ жүктілікке, босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айрылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлемдер;
3) мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға берілетін ең төмен жалақының 1,05 мөлшеріндегі жәрдемақы;
4) табысы азық-түлік себетінің құнынан аз күнкөрісі төмен отбасыларға жергілікті бюджеттен 1,05 АЕК мөлшерінде тағайындалатын және төленетін
18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы. Экономикалық өсу қарқынының баяулауы, сондай-ақ 2014-2015 жылдары әлемдік нарықтағы тұрақсыз ахуал 18 жасқа дейінгі балаларға арналған осы жәрдемақыны алушылардың санын қысқарту қарқынына әсер етті.
Бұдан өзге Қазақстанда көп балалы аналардың беделін көтеру мақсатында марапатталған көп балалы аналарға, төрт және одан да көп кәмелет жасына толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға ай сайын арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
Қабылданатын шаралардың тиімділігі туылған балалардың санын ұлғайтуға ғана емес, сонымен бірге төрт және одан да көп бала туылған отбасылардың үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік қамсыздандыру
2015 жылғы Қазақстанда базалық, міндетті және ерікті деңгейлерде нарықтық экономиканың принциптеріне сәйкес келетін әлеуметтік қамсыздандыру үшін жауапкершілікті мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасында бөлуді көздейтін әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің көп деңгейлі моделі жұмыс істейді.
Әлеуметтік қамсыздандырудың негізі үнемі жаңартылып отыратын ең төменгі әлеуметтік стандарттар болып табылады. 2013 жылмен салыстырғанда:
1) ең төменгі күнкөріс деңгейі 20,1 %-ға артты (17 789 теңгеден
2015 жылы 21 364 теңгеге дейін, 2014 жылы –
19 051 теңге). 2016 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейінің белгіленген өлшемі 22 859 теңге құрады;
2) базалық зейнетақы төлемдерін ескергендегі ең төменгі зейнетақының мөлшері – 1,2 еседен артық өсті (28 396 теңгеден 2015 жылғы 34 884 теңгеге дейін, 2014 жылғы 1 сәуірден бастап 32 186 теңге).
Ынтымақты зейнетақы жүйесі бойынша
Мемлекет басшысының тапсырмаларына, «Нұр Отан» партиясының халықтық тұғырнамасы әлеуметтiк бағдарламасының негiзгi ережелерiне және Үкiметтiң iс-әрекет бағдарламасына сәйкес зейнетақы төлемдерi 2013 жылы 9 %-ға арттырылды (инфляция деңгейінен
2 % ілгерілетіп), 2014 жылы 2013 жылмен салыстырғанда 14 %-ға дейін жеткізілді, 2015 жылы – 9 % арттырылды.
Базалық зейнетақы төлемін есепке алғанда (11 182 теңге) 2015 жылы ең жоғары мөлшері – 72 129 теңге болды (2013 жылы – 59 962, 2014 жылы – 67 399), орташа мөлшері – 50 561 теңгені құрады (2013 жылы – 41 727 теңге, 2014 жылы – 46 507 теңге). 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша базалық зейнетақы төлемін 2 млн. астам адам алды.
Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін жүйелі арттыру қарт азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға және ТМД елдері арасында зейнетақымен қамсыздандырудың ең жоғары деңгейлерінің бірін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Базалық және ынтымақты зейнетақы төлемдері есебінен табысты алмастырудың жиынтық коэффициенті 2015 жылда 42,0 %-ға жетті, бұл ХЕҰ-ның ең төмен нормаларынан жоғары (40 %-дан кем емес), 2013 жылы – 41,2 %, 2014 жылы – 42,8 %,
Алмастыру коэффициенті еларалық тұрғыдан алғанда былайша сипатталады: экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) елдері бойынша орта есеппен – 56-57 %, ЕО елдерінде – 50 %-ға жуық, ЭЫДҰ-ға кіретін қалыптасқан нарықты таңдау бойынша орта есеппен – 52 %, Ресей Федерациясында – 34,3 %.
Зейнетақы жүйесін жаңғырту бойынша жұмыс жүргізілуде.
Азаматтардың зейнетақы жинақтарын ұлғайту үшін қажетті жағдайлар жасау және олардың инвестициялық табыстылығын арттыру мақсатында
2013 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылды.
2014 жылдың басынан:
- жұмыс істейтін әйелдер бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыста болған кезеңде олар үшін олардың зейнетақы жинақтарын ұлғайтуға, зейнетақымен қамсыздандырудың барабар деңгейіне жеткізуге мүмкіндік беретін міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау;
- еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстарда істейтін қызметкерлердің пайдасына жұмыс берушілердің қаражаты есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары енгізілді.
Мемлекет басшысының Жарлығымен 2014 жылғы 18 маусымда Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың
2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды.
Талдау жасалған кезеңде қызметкерлердің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне (бұдан әрі – ЖЗЖ) қатысуының кеңейгені байқалады, 2016 жылғы
1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының көлемі 5,8 трлн. теңгеден асты. Бұл ретте салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны 9,9 млн. құрады (2015 жылғы
1 қаңтардағы жағдай бойынша – 9,7 млн. шоттарда 4,5 трлн. теңге, 2014 жылғы
1 қаңтардағы – 9,5 млн. шоттарда 3,7 трлн. теңге)
Жұмыс істейтін халықты ЖЗЖ-мен қамту 2015 жылы 70,4 %-ды құрады (2013 жылы – 68,9 %, 2014 жылы – 70,7 %).
Алдағы уақытта зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін дамыту бекітілген Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың
2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы ескеріле отырып жүзеге асырылады. Жалпы Тұжырымдаманы іске асыру 2030 жылға дейін жиынтық зейнетақының орташа мөлшерінің орташа айлық жалақыға арақатынасын жоғалтылған табыстың 40 %-ынан кем болмайтын мөлшерде сақтауды қамтамасыз етуге және халықты зейнетақы жүйесімен қамтуды жұмыспен қамтылған халықтың 80 %-ына дейін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік қамсыздандыру бойынша
Әлеуметтік төлемдер 2011−2013 жылдары 7 пайызға арттырылған, 2014 жылы олардың мөлшері 2013 жылымен салыстырғанда 12 пайызға дейін арттырылды, 2015 жылы – 7 пайызға.
Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 2015 жылы республика бойынша орта есеппен 670,0 мың адамды құрады (2013 жылы – 679,1 мың адам, 2014 жылы – 671,9 мың адам ), оның ішінде мүгедектер – 494,7 мың адам (2013 жылы – 480,4 мың адам, 2014 жылы – 488,5 мың), асыраушысынан айрылған отбасылар – 170,2 мың адам (2013 жылы – 180,0 мың адам, 2014 жылы – 175,5 мың адам), жасына байланысты 5,1 мың адам (2013 жылы – 18,6 мың адам, 2014 жылы – 7,9 мың).
Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың орташа мөлшері 2015 жылы мүгедектігі бойынша – 22 710 теңге (2013 жылы – 19 030 теңге, 2014 жылы –20 962 теңге), асыраушысынан айрылу бойынша – 20 555 теңге (2013 жылы – 17 427 теңге, 2014 жылы – 18 905 теңге,), жасына байланысты – 11 110 теңге (2013 жылы – 9 330 теңге, 2014 жылы – 10 382 теңге) болды.
Әлеуметтік сақтандыру бойынша
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі қолданысқа енгізілгеннен бері 2005 жылдан бастап 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша МӘСҚ-дан жүзеге асырылған әлеуметтік төлемдердің сомасы 606,3 млрд. теңгені құрады, бұл ретте, 2013 жылы 88,4 млрд. теңге, 2014 жылы 106,1 млрд. теңге, 2015 жылы 126,7 млрд. теңге төленді.
Осылайша, ресми сектор қызметкерлері 6 әлеуметтік қатер – еңбек ету қабiлетiнен айырылу, асыраушысынан айрылу, жұмысынан айырылу, жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылу, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айырылу, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу қатерлері басталған кездегі әлеуметтік қорғаудың қосымша түріне ие болды.
Сондай-ақ міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қызметкерлердің қатысуы кеңейе түсуде, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың саны 2013 жылы – 5,8 млн. адамға, 2014-2015 жылдары – 5,9 млн. адамға жетті.
2015 жылы МӘСҚ-дан еңбек ету қабілетінен айырылған және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер 7 %-ға арттырылды. 2015 жылы МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша 10 761 теңгені (2013 жылы – 8 540теңге, 2014 жылы – 9 655 теңге,), асыраушысынан айырылу бойынша 14 058 теңгені (2013 жылы – 11 399 теңге, 2014 жылы – 12 719 теңге) құрады.
2015 жылы 704,5 мың алушыларға 126,7 млрд. теңге сомасында әлеуметтік төлемдер жүргізілді (2013 жылы – 549,5 мың алушыларға 88,4 млрд. теңге сомасында, 2014 жылы – 616,8 мың алушыларға 106,1 млрд. теңге сомасында).
Халықтың осал санаттарын әлеуметтік қолдау. Қазақстанда халықтың табысы аз тобын қамтитын әлеуметтік көмек жүйесі жұмыс істейді.
2015 жылы:
- атаулы әлеуметтік көмек табысы кедейлік шегінен төмен 38,2 мың азаматқа тағайындалды, ол 2014 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 31,9 %-ға (2013 жылы – 37,1 %-ға) төмен, бұл ретте тағайындаулар сомасы 1,0 млрд. теңгені құрады. Атаулы әлеуметтік көмектің орташа мөлшері – 2 179,0 теңге;
- табысы аз отбасылардағы 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақымен 551,2 мың бала қамтылды, бұл 2014 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,1 %-ға (2013 жылмен салыстырғанда 3,2 %-ға) аз, тағайындаулардың сомасы 10,2 млрд. теңгені құрады;
- тұрғын үй көмегі 93,9 мың отбасыға тағайындалды, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 14,7 %-ға (2013 жылмен салыстырғанда 23,8 %-ға) аз. Тағайындаулардың сомасы 2,6 млрд. теңгені құрады. Орташа мөлшері –
2 179 теңге.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін атаулы әлеуметтік көмек көрсету идеологиясын өзгерту жұмысы жүргізілуде.
2014 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері «Өрлеу» пилоттық жобасы енгізілген Ақмола, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында апробациядан өтуде, ол әлеуметтік келісімшарт жасаған адамдарға шартты ақшалай көмек көрсетуді көздейді.
Жоба отбасының еңбек етуге қабілетті мүшелері жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысқан және әлеуметтік келісімшарттарға қол қойған жағдайда әлеуметтік көмектің ұлғайтылған мөлшерін алу мүмкіндігін береді.
2015 жылғы 1 шілдеден бастап «Өрлеу» жобасына ұқсас әлеуметтік келісімшарт негізінде әлеуметтік көмек төлеу бойынша өңірлік жобалар енгізілген жергілікті бюджет қаражаты есебінен 38 пилоттық аудандар мен қалалар анықталды.
2015 жылы жобаға 3,2 мыңға жуық отбасы немесе 20,2 мың адам қатысты. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді түрлеріне 4 857 адам немесе еңбек етуге қабілетті «Өрлеу» жобасына қатысушылардың жалпы санының 90 %-ы тартылды.
Нәтижесінде жобаға қатысушылардың табыстары 2,1 еседен астам ұлғайтылды, АӘК алушылар құрылымындағы еңбек етуге қабілетті халықтың үлесі 42,4 %-ға қысқарды, АӘК мен балаларға арналған жәрдемақыны алушылардың саны 37,7 %-ға және тиісінше 4,9 %-ға төмендеді.
Қабылданып жатқан іс-шаралар азаматтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етті. Елдегі кедейлік деңгейі төмендеуде – табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 2014 жылғы 2,8 %-ға қарағанда, 2015 жылы 2,7 %-ды құрады, (2013 жылы – 2,9 %). Бұл ретте, ТМД елдерімен салыстырғанда Қазақстандағы кедейлік деңгейі төмен, мысалы, 2014 жылдың қорытындысы бойынша Белоруссиядағы кедейлік деңгейі 4,8 %-ды, Украинада – 8,4 %-ды, Ресейде – 11,2 %-ды (2013 жылдың қорытындысы бойынша Белоруссияда –
5,5 %-ды Украинада – 7,8 %-ды, Ресейде – 11,0 %-ды) құрады.
Арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну, мүгедектерді әлеуметтік қорғау
Өмірлік қиын жағдайды еңсеру шарттарын қамтамасыз ету үшін арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну белсенді пайдаланылады.
«Арнаулы әлеуметтiк қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қиын өмiрлiк жағдайда жүрген адамдарға әлеуметтiк қызмет көрсету сапасын арттыру шаралары қабылдануда.
2015 жылы нәтижелері бойынша 97 мыңнан астам адам (мүгедектер, оның ішінде психоневрологиялық патологиясы бар және (немесе) тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балалар, белгілі тұратын жері жоқ егде жастағы адамдар, 2014 жылы – 90 мыңнан астам адам, 2013 жылы – 88 мыңнан астам адам) арнаулы әлеуметтік қызметтерді алады.
Жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңарту шеңберінде арнаулы әлеуметтiк қызмет көрсету стандарттары енгiзiлді, арнаулы әлеуметтік қызметтің кепілдік берілген көлемінің тізбесі айқындалып, оларды көрсету түрлері кеңейтілді. 2015 жылы медициналық-әлеуметтік мекемелер жанындағы жұмыс істеп тұрған күндізгі болу бөлімшелерінің саны (1,8 мың адамды қамтитын 50 бөлімше) 2014 жылмен салыстырғанда
1,7 мыңнан аса адамды қамтитын 47 бөлімше, 2013 жылы – 4 076 адамды қамтитын 42 бөлімше).
Арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын бәсекелес нарық құрылған және кеңейтілуде. 2009 жылдан үкіметтік емес ұйымдар арасында арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынуға мемлекеттік тапсырысты орналастырған облыстардың санын 4-тен 2015 жылы 15-ке дейін өсті.
2015 жылы азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтерді 81 ҮЕҰ, оның ішінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен 20 ҮЕҰ (республикалық бюджет қаражаты есебінен 2013 жылы – 55 ҮЕҰ, 2014 жылы – 62 ҮЕҰ) ұсынды. Олардың қызметтерін 2015 жылы 3 488 адам пайдаланады (2013 жылы 3451 адам, 2014 жылы – 3482 адам).
2015 жылы арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған адамдардың үлес салмағы оларды алуға мұқтаж адамдар қатарынан 97,4 %-ға дейін ұлғайды, 2014 жылы 96,3 % (2013 жылы – 95,9 %).
Әлеуметтік қолдау шаралары жүйесінде мүгедектерді әлеуметтік қорғаудың орны ерекше. 2015 жылы Қазақстанда 637 мыңнан астам мүгедек тұрып жатыр немесе халықтың жалпы санының 3,6 %-ы, оның 63,7 %-ы еңбек етуге қабілетті адамдарды, 11,9 %-ы балаларды құрайды (2013 жылы - 626,7 мың мүгедек, 2014 жылы- 627,2 мың мүгедек).
Бұл оларды қоғамға етене араластыру шараларын қабылдауды қажет етеді. Қазақстан 2015 жылғы 20 ақпанда Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады.
Жергілікті атқарушы органдарды және азаматтық қоғамды тарта отырып, Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012 − 2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары (бұдан әрі - Жоспар) іске асырылуда.
Мүгедектер ұйымдарының белсенді қатысуымен қолданыстағы заңнамаға түгендеу жүргізілді, Қазақстан Республикасының Президенті 3 Кодекс пен 21 Заңға өзгерістер енгізуді көздейтін Заңға қол қойылды.
Бюджет қаражаты есебінен мүгедектер техникалық көмекші (компенсаторлық) оңалту құралдарымен қамтамасыз етілуде, оларға уақтылы әлеуметтік жәрдемақылар төленеді. 2015 жылы мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасының іске асырылған әлеуметтік бөлігінің үлесі (өткен жылдың есепті кезеңінде әзірленген ОЖБ қатарынан) 68 % деңгейінде қамтамасыз етілді (2014 жылы – 77 %, 2013 жылы – 80,9 %).
Жергілікті деңгейде мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін кедергісіз ортаны қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қабылдануда. 2015 жылғы
6 833 объект бейімделген, паспорттаудан өткен 26,1 мың объектіден 7,4 мың объект бейімделуге тиіс (2013 жылы – 500 объект, 2014 жылы – 2 371 объект).
2016 жылы 3000-нан астам объектіні бейімдеу жоспарлануда.
Мүмкіндіктері шектеулі адамдарды жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. 2013-2015 жылы 80 мыңнан астам мүгедек
тұрақты жұмыспен қамтылады. 2015 жылы мүмкіндіктері шектеулі 4,4 мың адам «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының қатысушысы болды (2013 жылы – 1,8 мың адам, 2014 жылы – 5,6 мың адам). Осы жұмысты жандандыру үшін мүгедектерді жұмысқа орналастырудың өңірлік карталары бекітіліп, іске асырылуда.
2.2) Негізгі проблемаларды талдау
Халықты әлеуметтік қорғау саласын дамытумен байланысты қызметте белгілі проблемалар сақталуда.
1. Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысудың жеткіліксіз деңгейі. 2015 жылы жұмыс істейтін халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамту 70,4 %-ды құрайды, ал талдау кезеңінде бұл үлестің ұлғайғаны байқалады, проблема өзектілігін сақтап отыр (2013 жылы – 68,9%, 2014 жылы – 70,7%,).
Экономиканың бейресми секторы әлеуметтік қорғаудан тыс қалған экономикалық белсенді халықтың едәуір бөлігін алады.
Жұмыспен қамтылған халықтың құрылымында өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың үлесі жоғары 2015 жылдың қорытындысы бойынша – 27,0 немесе 2,3 млн. астам адам (2013 жылы – 30,6 немесе 2,6 млн. адам, 2014 жылы – 28,2 немесе 2,4 млн. астам адам). Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың негізгі бөлігі ауылдық жерде тұрады және көбінесе табысы үлкен емес жеке шаруашылықпен айналысады. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың басым бөлігі әлеуметтік қорғау және қолдау жүйесімен қамтылмаған. Мәселен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар құрылымында 2015 жылы 22,0 %-ы нәтижесіз жұмыспен қамтылғандарға жатқызылған (2013 жылы – 38,6%, 2014 жылы – 30,1%).
2. Ең төменгі күнкөріс деңгейін айқындау әдістемесі жетілдіруді талап етеді. Бүгінгі күні ең төменгі күнкөріс деңгейі халық табысының үздіксіз өсуіне байланысты аз қамтамасыз етілген халықтың нақты тұтыну шығыстарына сәйкес келмейді. Мәселен, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша 2016 жылғы сәуірде ЕТКД шамасы 20 527 теңгені құрады, бұл ретте жалпы шығыстардың 50 %-ынан анық асатын, халықтың азық-түлік емес шығыстарының тұрақты өсуі байқалады.
3. Кедейлікті еңсерудің белсенді түрлерінің жеткіліксіз дамуы және әлеуметтік көмек көрсету критерийлерінің халықаралық стандарттарға сай келмеуі.
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, елде, әсіресе ауылда кедейлік сақталуда.
Атаулы әлеуметтік көмекті алушылар құрылымында 29,2 %-ға жуығын еңбек етуге қабілетті жастағы адамдар құрайды, бұл осы санатқа бағытталатын белсенді шаралардың тиімділігінің жеткіліксіздігін білдіреді.
Дегенмен, табысы аз адамдардың құрамына кіретін балалар мен қарт адамдар жан басына шаққандағы орташа табыс пен кедейлік шегінің айырмасы түрінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 %-ын құрайтын атаулы әлеуметтік көмек алады, бұл табысы аз отбасыларға кез-келген көмек түрін көрсету үшін критерий ретінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері қолданылатын жалпы қабылданған стандарттарға сәйкес келмейді.
4. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін объектілер желісін дамытудың жеткіліксіздігі.
Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін қазіргі ұйымдар негізінен ірі қалалар мен облыс орталықтарында орналасқан. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін үкіметтік емес ұйымдардың ұлғайғанына қарамастан, олар да көбінде қалалық жерлерде жұмыс істейді. Бұл ретте, көбінесе медициналық-әлеуметтік ұйымдарда ата-аналарды сүйемелдеу пункттері жоқ, ол өмірлік қиын жағдайға түскен баланы немесе отбасы мүшесін отбасында сақтап қалу үшін маңызды.
Осылайша, ауылдық жерлердің тұрғындары көп жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтерді алу үшін қалалық жерлердегі қызмет көрсететін ұйымдарға жүгінуге мәжбүр.
5. Мүмкіндіктері шектеулі адамдардың қоғам өміріне толыққанды қатысу мүмкіндіктерінің жеткіліксіз болуы.
Бүгінгі күні мүгедектер үшін жүргізіліп жатқан кедергісіз орта құру жұмысы жеткіліксіз.
2013-2015 жылдары 26,1 мың объект паспорттаудан өткен, оның 72 %-дан астамы бейімделуге жатады деп танылды. Алайда осы кезеңде жергілікті атқарушы органдар мүгедектердің қажеттілігіне қарай бар болғаны
6 833 әлеуметтік инфрақұрылым объектісін бейімдеген (2013 жылы – 500 объект, 2014 жылы – 2371 объект, 2015 жылы – 3 962).
Мүгедектерді жұмысқа орналастыру мәселесі де жандандыруды талап етеді.
2.3) Қатерлерді басқару
Ықтимал қатердің атауы
|
Қатер басталған жағдайда іске асырылатын қатерлерді басқару жөніндегі іс-шаралар
|
Сыртқы қатерлер
|
Инфляция деңгейінің ерекше кезеңдегі экономиканың ағымдағы ахуалының нашарлау жағдайларында әлеуметтік-экономикалық даму болжамымен белгіленгеннен артық көтерілуі (халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауы)
|
1. Уәкілетті органға теріс салдарды азайтуға бағытталған зейнетақы мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін арттыру жөнінде ұсыныстар енгізу
|
Ішкі қатерлер
|
Сыртқы факторлардың әсерінен туындаған арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдар санының өсуі (экологияның, халық денсаулығының, ерекше кезеңдегі экономиканың ағымдағы ахуалының нашарлауы және т.б.)
|
1. Уәкілетті органға мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты кеңейтуге республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер бөлу жөнінде ұсыныстар енгізу
2. Өңірлік деңгейде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің баламалы түрлерін кеңейту
|
3-стратегиялық бағыт. Жұмыспен қамту саясатын қалыптастыру және еңбек қатынастарын реттеу, көші-қон процестерін басқару
3.1) Реттелетін қызмет саласының негiзгi даму өлшемдері
2050 стратегиясына, Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту үшін жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Елімізде ерекше кезеңдегі экономика жағдайларында және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың нәтижесіз санатының санын төмендетуге жұмыспен қамтудың қолжетімділігін кеңейту, жұмыссыздық деңгейін ұстап тұруға, еңбек өнiмдiлiгiн ынталандыруға бағытталған шаралар кешені іске асырылуда.
Көші-қон процестерінің ауқымын, олардың Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдайларға әсерін ескере отырып, тағайындалған құзыретке сәйкес қызметтің өзекті бағыты көші-қон процестерін ұтымды басқару болып табылады.
Экономиканы әртараптандыру қажетті дағдылары бар еңбек ресурстарын ұлғайтуды қажет етеді. Олардың ұзақ мерзімді өсімі халық санының өсуімен қамтамасыз етіледі. Мұндай жағдайларда Министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың қызметі азаматтардың еңбек құқықтарын сақтауды, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жағдайларын жақсартуды қамтамасыз етуге бағытталған. Еңбек заңнамасының негіздері және еңбек дауларында келіссөздер жүргізу және консенсусқа қол жеткізу дағдылары мен біліктерін дамыту мәселелері бойынша қызметкерлер мен жұмыс берушілердің сауаттылықтарын арттыруға бағытталған шараларды іске асыру жалғасуда.
Соңғы үш жылда қызметтің осы бағытын дамыту мынадай жағдайды көрсетіп отыр.
Еңбек нарығы және жұмыспен қамту. Елімізде әлеуметтік -экономикалық өзгерістер кезінде динамикалық тұрғыдан дамып келе жатқан еңбек нарығы құрылды, халықтың экономикалық белсенділігі және жұмыспен қамтылу деңгейі ұдайы арттырылуда. Халықтың экономикалық белсенділік деңгейі 2015 жылы 2014 жылымен салыстырғанда 0,4 %-ға өсіп, 71,1 % құрады, 2013 жылы халықтың экономикалық белсенділік деңгейі – 71,7 % құрады. Жұмыспен қамтылған халықтың саны – 8 623,7 мың адам құрады (2013 жылы 8 570,6 мың адам, 2014 жылы 8510,0 мың адам).
2015 жылы 15 және одан жоғары жастағы экономикалық белсенді халықтың саны 9 074,0 мың адамнан асты (2013 жылы – 9 041,3 мың адам, 2014 жылы – 8 961,9 мың адам). Экономикалық белсенді халықтың жалпы санында қала халқы 5 149,6 мың адамды (56,7 %), әйелдер – 4 430,7 мың адамды (48,8%) құрады.
Үш жылдық кезеңде жұмыспен қамтылу деңгейі 2014-2015 жылдары 95,0 %-ға жетіп (2013 жылы − 94,8 %) экономикалық белсенді халықтың санына қарай 0,2 %-ға артты. Жұмыспен қамтылған халықтың құрылымында өз бетінше жұмыспен қамтылған адамдардың саны 2 328,9 млн. адамды құрады (2013 жылы – 2 621,0 мың адам, 2014 жылы – 2 400,4 мың адам).
Жұмыссыздық деңгейі 2013 жылғы 5,2 %-дан 2014-2015 жылдары 5,0 %-ға дейін азайды.
Жұмыссыз халықтың саны тиісінше 19,6 мың адамға азайып 451,1 мың адам құрады (2014 жылы – 451,9 мың адам, 2013 жылы – 470,7 мың адам).
Соңғы жылдары қалыптасқан еңбек нарығындағы тұрақты оң жағдай дер кезінде дағдарысқа қарсы шаралардың іске асырылуына байланысты да негізделген. 2011 жылы жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы даму қарқынын алды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрақты және нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыруға бағытталған Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасы әзірленді. 2013 жылы ол Жұмыспен қамту 2020 жол картасы (бұдан әрі – Бағдарлама) ретінде қайта өзгертілді.
2011-2015 жылдары Бағдарламаны іске асыруға 329,3 млрд. теңге бөлінді. Бұл Бағдарламаға 470 мыңнан астам адамды тартуға мүмкіндік туғызды, олардың 57,9%-ынан астамы жұмыссыздар, 48 %-дан астамы өз бетінше жұмыспен қамтылғандар, сондай-ақ 8 %-ға жуығы аз қамтылғандар және жалдамалы қызметкерлер.
Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде іске асырылған 4 821 жобаларда 63,2 мың жұмыс орны ашылып, 34 мың қатысушы жұмысқа орналастырылды.
Достарыңызбен бөлісу: |