Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы
«М.О.Әуезов атындағы педагогика колледжі» ҚКМК
Кабимолдина А.К.
Әдістемелік баяндама
«Орта кәсіптік оқу орындарында білім алушылардың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру»
2017-2018 оқу жылы
Құрастырған
«Педагогика және психология» ПӘК оқытушысы ______ А.К. Кабимолдина
«Педагогика және психология» ПӘК отырысында қаралып, талданды
Хаттама № __ «___» __________ 2017 ж.
ПӘК жетекшісі __________ Архыматаева Н.Ж.
«Келісілді»
Директордың ОӘІ жөніндегі орынбасары __________ Боленбаева А.К.
« ___» __________ 2017 ж.
Әдістемелік баяндама мақсаты: Орта кәсіптік оқу орындарында білім алушылардың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастырудың маңызын теориялық және іс-тәжірибеде қолданудың жолдары арқылы анықтау.
Әдістемелік баяндама міндеттері:
- «Рухани-адамгершілік құндылықтар» түсінігінің ғылыми-теориялық мәнін ашу.
- Адамзаттың жаһандық мәселелерінің рухани-адамгершілік сипатын білім саласындағы жүзеге асырудың жолдарын қарастыру.
- Тәрбие тұжырымдасындағы рухани-адамгершілік құндылықтардың мәнін студент жастардың бойынша щқу пәндерінде қалыптастырудың маңызын анықтау.
- Орта кәсіптік оқу орындарында студенттердің рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастырудың жолдарын ұсыну.
Жоспар:
Кіріспе
1. «Рухани-адамгершілік құндылықтар» түсінігінің теориялық мәні.
2. Адамзаттың жаһандық мәселелерінің рухани-адамгершілік сипаты.
3. Студенттердің рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастырудың маңызы
4. Орта кәсіптік оқу орындарында студенттердің рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастырудың жолдары
Қорытынды
Пайдалынған әдебиеттер
Кіріспе
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау керек»- деп атап көрсетілген. [2.3]
«Мәңгілік ел жастары-индустрияға» жобасы аясында халықтың басым бөлігі шоғырланған оңтүстік өңірлерінен батыс, орталық, солтүстік пен шығыс өңірлерінде білім алып кейін жұмысқа орналасытындай жастар білім алуда.
Елбасы өзінің халыққа Жолдауында тәрбие жұмысын және жастар саясатын ерекше атап өтті.
Білім беру мекемелерінде студенттерді патриоттық сезімге, Отанға деген махаббатқа тәрбиелеуіне назар аударылады. [3.5]
Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды.
Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды.
Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы. [4.3]
Қазақстан Республикасында білім беру жүйесіндегі модернизациялау үдерісі – білім мазмұны мен сапасын арттыру, білім берудің ұлттық моделін жетілдіру, ақпараттық технологиялар жөнінде жаңаша педагогикалық көзқарас қалыптастыру секілді кешенді шараларға тікелей қатысты. Әлем тәжірибесі көрсеткендей, кез-келген мемлекеттің экономикалық жетістігі сол елдің білім жүйесі мен азаматтарының білім дәрежесіне байланысты. Өйткені білім арқылы ғана қоғамның интеллектуалдық капиталы мен инновациялық әлеуеті қалыптасады.[1.7]
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауында «Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары. Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет», – деп атап көрсетті.
Қазіргі замандағы білім берудің негізгі мақсаты: еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, құзыретті, өз жұмысын жақсы білетін, жан-жағына бағыт-бағдармен қарайтын, әлемдік стандарт деңгейінде нәтижелі жұмысқа, кәсіби өсуге, әлеуметтік-саяси оңтайлы тез әрекет жасауға, болып жатқан өзгерістерге тез бейімделуге қабілетті білікті маман, индустриалды-инновациялық жағдайды шешуге лайық, өз қалауы мен қоғам талабына сай өзін көрсете білуге бейім, өз ойын еркін айта алатын, жоғары білімді, ұлттық тілді, тарихты жетік меңгерген, отандық және әлемдік мәдениетті бойына қалыптастырған, шығармашыл, оңтайлы кәсіби маман дайындау. Демек, білім меңгертудің тиімді жолдарын, әдіс-тәсілдерін талмай іздеу – әр педагогтың міндеті.
Жаңа ақпараттық технологияны меңгеруде зияткерлік кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа адами қабілеттің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.
«Қазақ баласын ұлтжандылық, отаншылдық сезімде тәрбиелеу, білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен, жоғары оқу орнына дейінгі барлық ұйымдардың міндеті. ХХІ ғасырда өз ұлтын сүйген, бірлікте болған халық қана тұтастығын сақтап қалады» (Н.Ә.Назарбаев)
Көрнекті педагог В. Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады», - дейді. Демек, шәкіртке жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз.
Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы - өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу.
Ұрпақ тәрбиесі - келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени - ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу -біздің де қоғам алдындағы борышымыз.
1. «Рухани-адамгершілік құндылықтар» түсінігінің теориялық мәні
Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерінде Қазақстанда жеке тұлға іс-әрекетінің дұрыс уәждемелік-құндылықтық аясын; білім алушы жастарда қазақстандық патриотизм, азаматтық өзіндік сана, құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, толеранттылық және рухани-адамгершілік қасиеттер қалыптастырудың артып отырған деңгейін; жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар арқылы мәдениет негіздерін, ана тілі мен мемлекеттік тілге және этномәдениетке құрметті; тұлғаның рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруда білім беру мазмұнының тәрбиелік әлеуетін күшейтуді; бала тәрбиесінде ата-аналардың психологиялық-педагогикалық құзыреттіліктерін арттыруды, жастарды салауатты отбасын құруға дайындауды; білім беру ұйымдарында көпмәдениетті орта құру, тұлғаның өнердегі және болмыстағы эстетикалық нысандарды қабылдау, меңгеру және бағалау әзірлігін дамытуды; тұлғаның дамыған экономикалық ойлауын және кәсіби қалыптасуы мен өзін-өзі жүзеге асыруына саналы қарым-қатынасын; табиғатты сақтауда белсенді азаматтық ұстанымын; экологиялық сауаттылығы мен мәдениетінің жоғары деңгейін; табысты әлеуметтенуді, өздігімен білім алуды және өзін-өзі жүзеге асыруды, өзін-өзі дамытуы мен өзін-өзі тәрбиелеуін нығайтуға отбасы институтының саналы түрде қатысуын қамтамасыз етуі тиіс.
Сонымен, Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерінің үйлесімді, жан-жақты дамыған, рухани-адамгершілік қасиеттері бар, таңдау жасау жағдайында өздігімен шешім қабылдауға даяр, ынтымақтастыққа және мәдениетаралық қарым-қатынасқа қабілетті, елінің тағдыры үшін жауапкершілік сезімі бар, «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаты − Мәңгілік Ел болу жолындағы ұлы істерге белсенді қатысатын адам қалыптастыруға бағытталған. [1.17]
Кәсіби білім беру және оның қоғамдық құрамдас бөлігі – рухани, мәдениетті студенттердің жеке приоритетті қабілеттерін жетілдіруге, өзін-өзі тәрбиелеу және өзіне-өзі білім беру қызметтерін дамытуға, оларды азамат, интеллегент маман ретінде қалыптастыруға бағытталған біздің мемлекетіміздің заңды құжаттарымен нақтыланып, рәсімделген.
Рухани тәрбиенің маңыздылығы. Рухани – адамгершілік – тұлғаға деген ізгі ниеттілік, құрмет, жанашырлық пен сенім, кеңпейілділік, басқалардың мүддесі үшін жан аямаушылық сияқты жеке қасиеттерді қамтиды. Бір минутқа да күмәнданбаймын осы бір болмыстың барлық ежелгі сұрақтарына жауап беру үшін жалпыадамзаттық құндылықтарды жаңғырту керек, өзіңнің бастауыңа оралуың қажет. С. А. Назарбаева. [6.78]
И.Г.Пестолоции: - «Еңбек адамгершілікке үйретеді, балалардың бірімен-бірін өзара және олардың ересектермен дұрыс қарым-қатынаста болуын қалыптастырады»,-деген болатын.
Рухани-адамгершілік тәрбиесі жастардың қоғамға, отбасына, білімге, Отанға, жер бетіндегі бейбітшілікке қатынасын қалыптастырады. Осы заманғы адамгершілік тәрбиесі жекелеген бағыттарға емес, адамгершілік құндылықтарға негізделеді.
Руханилықтың негізінде адамның мінез-құлқы қалыптасады, ар-ұят, өзін-өзі бағалау және адамгершілік сапалары дамиды. Мұның өзі мейірімділікке, ізгілікке шақырады.
Рухани- адамгершілік тәрбие - бұл дұрыс дағдылар мен өзін-өзі ұстау дағдыларының нормалары, ұйымдағы қарым-қатынас мәдениетінің тұрақтылығын қалыптастырады. Жеке адамның адамгершілік санасының дәрежесі оның мінез- құлқы мен іс әрекетін анықтайды. [7.40]
Рухани-адамгершілік тәрбиесінде алдымен баланы тек жақсылыққа-қайырымдылық, мейірімділік, ізгілікке тәрбиелеп, соны мақсат тұтса, ұстаздың, ата-ананың да болашағы зор болмақ. «Мен үш қасиеттімді мақтан тұтам», - депті Ақан сері. Олар: жалған айтпадым, жақсылықты сатпадым һәм ешкімнен ештеңені қызғанбадым.
Бұл үш қасиет әркімнің өз құдайы. «Өз құдайынан айырылған адам бос кеуде, өлгенмен тең» деген екен. Шындығында бұл ақиқат. Олай болса, жеке тұлғаны қалыптастыруда, олардың жан дүниесіне сезіммен қарап, әрбір іс-әрекетіне мақсат қоюға, жоспарлауға, оны орындауға, өзіне-өзі талап қоя білуге тәрбиелеу - адамгершілік тәрбиенің басты мақсаты. Мақсатқа жету үшін сан алуан кедергілер болуы мүмкін. Ондай қасиеттерді бала бойына жас кезінен бастап қалыптастыру жеке тұлғаны қалыптастырудың негізін қалайды.
2. Адамзаттың жаһандық мәселелерінің рухани-адамгершілік сипаты
Жалпыадамзаттық құндылықты оқыту үрдісіне жалпыадамзаттық құндылықтарды енгізу арқылы адамның рухани өсуіне жағдай жасаймыз. Мәңгілік құндылықтар білімнің негізгі өзегі болып табылады. Жалпыадамзаттық құндылықтарды адамның бойынан жарыққа шығару ізгілікке апарады, яғни, мінезін өзгертуге болады. Адамның жақсылыққа ұмтылуы, ақиқатқа жүгінуі оның болмысынан ішкі жан дүниесінде бес құндылықтың бар екенінің дәлелі. Мейірімді мінесіз адам білімді адам болып саналмайды.
Қазіргі замандағы жаһандық мәселелер Жаһандану ұғымы, жалпы алғанда, әлемдік өркениеттің аса маңызды өлшемдерінің жалпыадамзаттық өлшемге ие болуы деп түсіндіріледі. Бүкіл әлемдік даму үдерісі жаһандануға алып келмей қоймайды. Бұл үдеріс бүкіл әлемдік жалпыадамзаттық құндылықтардың тұтастығын талап етеді. [4.5]
Жаһандық мәселелерді тек адамның қасиеттерін өзгерту арқылы ғана шешуге болады. Ол үшін жаңа гуманизм қажет. Оған кіретін құндылықтар: жаhандық (ақиқат, тыныштық); - әділетке деген сүйіспеншілік (сүйіспеншілік, дұрыс әрекет); - зорлыққа наразылық білдіру; (қиянат жасамау).
Адамгершілік тәрбиесі жан-жақты тәрбиенің аса маңызды бөлігі болуымен қатар, ол адамгершілік – қоғамдық дамудың жемісі, әрі қоғам өміріндегі өзгерістерге байланысты дамып жетіліп отыратын маңызды құбылыс.
Адамгершілік тәрбиесінің өзекті міндеті - өзі өмір сүріп отырған кезеңдегі қоғамның алдында тұрған мақсат мүддесіне сай адамгершілік қасиеттердің тұтастығын тәрбиелеу.
Адамгершілік тәрбиесі күрделі де қайшылыққа толы үрдіс. Сондықтан, адамгершілікке баулу дегеніміз – ол адамдардың үлкен бе, кіші ме, әрбір істеген ісін, сөйлеген сөзін, өзгелермен қарым-қатынасын ақылға салып, ар-ұят таразысынан өткізіп, біліммен ұштастырып, ең әділ, ең дұрыс жолын таңдап ала білуі.
Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі де жас ұрпаққа - адамгершілік - рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз - өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқарады. Рухани - адамгершілік тәрбие - екі жақты үрдіс. Бір жағынан ол үлкендердің, ата - аналардың, педагогтардың балаларға белсенді ықпалын, екінші жағынан - тәрбиеленушілердің белсенділігін қамтитын қылықтарынан, сезімдері мен қарым қатынастарынан көрінеді. [6.24] Сондықтан белгілі бір мазмұнды іске асыра, адамгершілік ықпалдың әр түрлі әдістерін пайдалана отырып, педагог істелген жұмыстардың нәтижелерін, тәрбиелеушілерінің жетістіктерін зер салып талдау керек.
Адамгершілік тәрбиесінің әрқайсысының ерекшеліктерін жетік білетін ұстаз халық педагогикасын ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерді, әдет- ғұрыпты жан-жақты терең білумен қатар, өркениетті өмірмен байланыстыра отырып, білім берудің барлық кезеңдерінде пайдаланғаны дұрыс. Ата-ананың болашақ тәрбиесі үшін жауапкершілігі ұрпақтан – ұрпаққа жалғасуда. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, ата-ананың күн сайын атқарып жүрген жұмысы-балаға үлкен сабақ. Жас балалардың үлкендер айтса, соны айтатынын, не істесе соны істегісі келетінін бәріміз де білеміз. Баланың үйден көргені, етене жақындарынан естігені-ол үшін адамгершілік тәрбиесінің ең үлкені, демек жақсылыққа ұмтылып, жағымды істермен айналысатын тұлғаның айналасындағыларға көрсетер мен берер тәлімі мол болмақ..
Адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеу күнделікті өмірде, үлкендердің қолдан келетін жұмысты ұйымдастыру үрдісінде, ойын және оқу ісінде жоспарлы түрде іске асады. Тәрбиешінің ең бастапқы формалары педагогтың балалармен мазмұнды қатынасында, жан - жақты іс әрекетінде, қоғамдық өмірдің құбылыстарымен танысу кезінде, балаларға арналған шығармаларымен, суретшілер туындыларымен танысу негізінде іске асады. Мұндай мақсатқа бағытталған педагогтық жұмыс еңбек сүйгіштікке, ізгілікке, ұжымдық пен патриотизм бастамасына тәрбиелеуге, көп дүниені өз қолымен жасай алуды және жасалған дүниеге қуана білуді дамытуға, үлкендер еңбегінің нәтижесін бағалауға тәрбиелеуге мүмкіндік жасайды. [5.47]
Жас өспірім тәлім-тәрбиені, адамгершілік қасиеттерді үлкендерден, тәрбиешілерден насихат жолымен емес, тек шынайы көру, сезім қатынасында ғана алады. Жақсы адамгершілік қасиеттердің түп негізі отбасында қалыптасатыны белгілі. Адамгершілік қасиеттер ізгілікпен ұштастырады. Әсіресе еңбекке деген тұрақты ықыласы бар және еңбектене білуде өзін көрсететін балаларды еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу басты міндет болып табылады.
Адамгершілік тақырыбы - мәңгілік. Ол ешқашан ескірмек емес. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру- ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті. Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиеттер. Адамгершіліктің қайнар бұлағы-халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет-ғұрпында. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс - тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді.
3. Студенттердің рухани-адамгершілік құндылықтарын
қалыптастырудың маңызы
Колледждегі өзін-өзі танудан білім беру үрдісі, ең алдымен жеке тұлғаға бағытталып, мынандай міндеттерді орындайды: студенттің рухани-адамгершілік, интеллектуалдық-танымдық,психологиялық, шығармашылық іскерлік сапаларын, өз бетінше оқу әрекетін, коммуникативтілігін, әлеуметтенуге бейімділігін, эстетикалық, экологиялық, этикалық, дене мәдениетін т.б. қалыптастыру. Қазіргі кезеңдегі білімді құзыретті маман, яғни өмірлік іс-әрекеттерге дайындалған белсенді, шығармашылық ой-санасы қалыптасқан, өзін-өзі үнемі жетілдіріп отыратын, интеллектуалдық тұрғыда өзін -өзі дамытатын мұғалімнің қалыптасуы.
«Өзін-өзі тану» пәнінің әдістемелік құрылымы өзге пәндерден ерекше. Ол –дәстүрлі пәндер сияқты қоршаған орта туралы ғана емес, Адамның өзі және оның жан дүниесі туралы пән. Әр оқушы өзінің руханилығымен, өзінің тазалығымен және өмірді таза күйінде қабылдай алумен дарынды болмақ. Мектептерде машықтан өту барысында студенттер өзін-өзі тану сабақтарында студенттің жалпыадамзаттық құндылықтар, адамгершілік қасиеттер, жарасымды қарым-қатынас туралы түсініктерін кеңейту мақсатында ақпараттық-комуникативтік технологияға арқа сүйейді және оны білім нәтижелілігіне бағыштайды.
Жалпыадамзаттық құндылықтар мәңгі, тарихи тұрғыдан шектелмеген рухани табиғатқа ие, әлеуметтік, саяси, ұлттық, ғылыми, тұлғалық және басқа құндылықтар жүйесінің өзгермелі инварианты болып табылады, әр адамда және материалдық әлемде барынша қалыптасады. Өзін-өзі тану адамға қоршаған әлемді түсінуге және өзінің сондағы орнын сезінуге, өмірлік ұстанымын анықтауға, қоршаған әлемге көзқарасын жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан жүйелеуге көмектесуі тиіс. Өзін-өзі тану жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына, өзектендіруіне, оның қабілеттері мен әлеуеттік мүмкіндіктерін жүзеге асыруда қажетті шарт болып табылады. Адам, сонымен өзін-өзі тануының нәтижесінде толысу сезімін, өмір қуанышын, оның мәнісін сезіне отырып тұлғалық өсу мен өзін-өзі жетілдіру қабілетіне ие болады. [5.69]
Зияткерлік мәдениетті дамыту білім алушылардың белсенді ойлау қызметін дамытуды, олардың санасын шынайы, қарапайым біліммен байытуды, ойлау қабілетін дамытуды көздейді. Кәсіби-шығармашылық тәрбие кәсіптік және тұлғалық маңызды негізгі құзыреттіліктерді және оның басқа түрлерін қалыптастыруды, білім алушыларды кәсіптік қауымдастықтың дәстүрлері мен құндылықтарына бейімдеуді, кәсіптік этика нормаларын ұстануды көздейді.
Коммуникативтік мәдениет қалыптастыру мінез-құлық ұстанымдарын анықтайды, құндылықтар жүйесін, нормаларын көрсетеді және шығармашылық қызметте өзінің дербестігін көрсету үшін қарым-қатынас жасау, байланыстарды орнату, дамыту, өзара келісу, жолға қою және түзету енгізуге көмектеседі.
Отбасылық тәрбиенің айқындауыш буыны адамгершілік, рухани және гуманистік құндылықтар тәрбиесі басым адамдар арасында эмоциялық және тиімді қарым-қатынастардың әлеуметтік-тарихи тәжірибесін табыстау болып табылады. Балалар мен жастардың әлемдік және ұлттық мәдениеті, дәстүрлері мен барша қазақстандық қоғам қажеттіліктері негізінде құрылған жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға бағдарлануы алдыңғы кезекте тұрады.
4. ТжКББ орындарында студенттердің рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастырудың жолдары
Рухани-адамгершілік тәрбие қоғам өмірінің нормаларымен және дәстүрлерімен келісілген тұлғаның өзіндік санасын дамыту, этикалық ұстанымдары мен оның моральдық қасиеттерін және мақсатын қалыптастыру үшін жағдай туғызуды көздейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – сыбайлас жемқорлықты көпшілік айыптауы көрсететін құндылықтар жүйесі; сыбайлас жемқорлыққа төзімсіздік қатынасты көрсетеді, «адалдық пен сатылмау – жүріс-тұрыс нормасы» берік азаматтық ұстанымды білдіреді.
Тәрбие – жеке тұлғаны мақсатты қалыптастыру үрдісі. Бұл арнайы ұйымдастырылған, басқарылатын және бақыланатын, соңғы нәтижесі қоғамға қажет және пайдалы тұлға қалыптастыру болып табылатын тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің өзара іс-әрекеті. Тұлғаның әлеуметтік-маңызды және жеке қасиеттерін, ерекшеліктерін қалыптастыру (әлеуметтік бейімділік, әлеуметтік белсенділік, әлеуметтік тұрақтылық) әлеуметтік қарым-қатынас жүйесінде мінез-құлықтың өз стилін, шығармашылығын және дербестігін дамытуды, қоғамда болып жатқан өзгерістерге жылдам және тәнік (адекватты) әрекет етуді, белсенді өмірлік ұстанымы болуын көздейді. [4.85]
ТжКББ мекемелерінде өзін-өзі тану пәнінің студенттер үшін алатын орны ерекше. Себебі: мен өзімнің сабақтарымда жағымды күйге келтіруден яғни, тыныштық сәтінен бастаймын. Студенттерді сабырлы, жағымды күйге түсіру үшін баяу музыканың алатын орыны ерекше, сабақ басталар алдында оны жаймен жіберіп қою керек. Ең бастысы студенттің өзі де осы күйде болуы маңызды, ол ішкі тыныштықта, жағымды күйде болса ғана студенттер терең қабылдау алады. Тыныштық сәтінен соң студенттер өз сезімдерімен емін-еркін бөлістеді. Ал әңімелесу барысында студенттің баяу, жылы дауысның мәтінді оқып берген кезде, студенттің әңгімені тыңдай және ести білуі үшін, жүрегімен қабылдауы, ой елегінен өткізу мен пайымдай алуға үйренеді. Өзін-өзі тану сабақтарында жайлы әуен арқылы студенттерді жағымды күйге келудің тиімділігінің маңызы зор болды. [8.47]
«Өзін-өзі тану» пәнінің маңызды бөлігі сабақтың - дәйексөзі. Топ студенттердің танымдық белсенділігін арттыруға, оқу материалын эмоционалдық – бейнелі тұрғыдан қабылдауға ықпал етті. Сабақтың дәйек сөзі ретінде даналы сөз, ұлағатты сөздер алынды. Мысалы: «Қара қылды қақ жарған – жақсылардың белгісі» - Әйтеке Байбекұлы. «Әділ сөз ащы көрінер» - Жүсіп Баласағұн. Осы дәйексөздердің мағынасын ашу арқылы студенттер өз ойларын, нақты әділдік деген не? немесе әділетсіздіктің өмірде көрініс табуының басты себептерін дәлелдеп жеткізе білді.
Ал, шығармашылық жұмыс - бұл студенттің өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі қажет етеді.
Шығармашылық жұмыс арқылы, нақты іс-әрекет барысында жүзеге асырылатын өз бастауы, өту барысы және нәтижесі болатын үрдіс. Бұл үрдіс 3 кезеңнен өтеді: дайындық, ізденіс, орындау. Осы деңгейлерге сәйкес шығармашылық қабілеттерінің құрылымын анықтайды, өз бойынан оларды талдайды, бағыттай отырып дамытады және жетілдіреді. Осы бағытта топ үшке бөлініп тапсырмалар берілді. І топ поэзия минуты. ІІ топ эссе жазу. ІІ топ коллаж жасау.
Әр топтың студенттер өз тапсырмалары бойынша 5-7 минут дайындалып, толыққанды жауап берді. Бұл тәсіл шығармашылық шабытты аша түсуге, символдар, бейнелер мен әрекеттерді ұғыну арқылы өзіндік «Менін» көрсете алуына септігін тигізеді. Бірлескен шығармашылық әрекет әр топ мүшелерінің ынтымақтастық, шыдамдылық, ынталылық сияқты адами қасиеттерді ұғынуына, өзінің пікірін айту мен басқалардың пікірін құрметтей білу іскерліктерін дамытуға мүмкіндік берді, студенттердің өз күшіне сенімділігін, өзінің қабілеттері мен шығармашылық мүмкіндіктеріне сенімдерін қалыптастырды, жауапкершілікке, дербестілікке тәрбиеледі. Шығармашылық жұмыс аяқталып, жауаптары тыңдағанан кейін төмендегідей түйіндеме жасалды. Осы екі адамгершілік құндылық тұлғаны мынандай жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Олар:
- Өзгелерді түсінуге;
- Өмірге құштарлыққа;
- Өз күшіне сенуге;
- Ұтқыр шешім қабылдауға;
- Жеңіске;
Сабақтарда тренинг өткізудің маңызы зор.. Тренингтің негізгі мақсаты - нақты тапсырманы орындауға көмегін тигізетін білім біліктілік қорымен жеке тұлғаның дамып жетілуінде оқыту, үйрету үрдістерінің интерактивті әдістер арқылы тренингте түзетуге арналған бір сала. Тренинг - негізі құрылымдары іс-әрекет яғни қимыл ойындары, пікірталас, жағдаятты талқылау, жалпы жағдаяттар бұлардың барлығы жеке тұлғаның дамуына тікелей бағытталған. Сабақта «Жүрек жылуы» тренингін өткізудің мақсаты: топтағы сенімді атмосфераның болуына, сонымен қатар кездескен қиыншылықтарға сабырлықпен, шыдамлықпен қарауға тәрбиелеу.
- Оң алақанымызды жүрегіміздің тұсына қойып, лүпілдеп соққан кішкене жүрегіміздің дүрсіліне бір сәт құлақ түріп көрейікші.
- Жүректеріңнің соғысын сезесіңдер ме?
- Біздің жүрегіміз қандай, не деп соғады екен?
- Менің жүрегім сендерге деген мейірімділікке толы.
Әрбір студент өз жүректеріндегі сезімдерін айтып шығып, жылы да жұмсақ, батыл да ақылды, қайырымды да мейірімді, нәзік те сыпайы, бақытты да қуанышты жүректерінен шыққан жылуды айналамызға тараттық.
Сабақтың нәтижесінде әдептілік, әділдік, адалдық, ақтық пен пәктіктің әрқашан да өміршіл, қиындықты жеңуге жеткізетін жолдарын қарастырып, білімдері толықтырылды. Шығармашылық жұмыс, дәйек сөз, ән шырқау, трениг, мәтінмен жұмыс және түйіндеме жасау арқылы әдептілік пен әділдіктің зор құндылық екендігіне көз жеткіздік. Адам баласы бір-бірін сыйлап, қадірлеп, қиналған сәттерінде қайырымдылығын жасап, өздерінің иман жүзді адамекендігін білдіре білсе, жерімізде бақытты жандар көп өмір сүрері анық -деп аяқталды.
Кәсіптік білім беру мен болашақ маман құзыреттілігін қалыптастыруда мынадай өзекті мәселелерді іріктеп көрсеткім келеді:
- жас ұрпақты тәрбиелеудің әлеуметтік маңызы мен болашағын қоғамның түсінуін актуалдандыру;
- тәрбие міндеттерін жүзеге асыруда интеллектуалдық, ұйымдастыру-шылық-педагогикалық, кадрлық, экономикалық, әдістемелік және т.б. ресурстарды шоғырландыру;
- балалар мен жас өспірімдердің және жастардың түрлі әлеуметтік топтармен өзара қарым-қатынасты реттеуінде жауапты шешім қабылдай алатын және өзіне жетекшілік рөл ала білетін, дербес жеке тұлға ретінде ашық ақпараттық, білікті, іскерлік және коммуникативтік әлеуметтік кеңістік құруды ұйымдастыру;
- жас ұрпақтың өзінің рухани - адамгершілік, инттеллектуалдық, өмірі мен өз денсаулықтары мен аман-есендігі үшін әлеуметтік құзыреттілік пен жауапкершілігін көтеруді ұйымдастыруға жағдай жасау;
- жас қазақстандықтарды толераттылық құндылықтар, келісімділік пен ұлтаралық қатынас мәдениеті негізінде тәрбиелеу;
- балалар мен жастардың қоршаған ортаға, қоғамға, табиғатқа оң көз-қарасын қалыптастыруға мүмкіндік туғызу, әлеуметтік-педагогикалық жағдай жасау;
- өмір бойы білімін арттыруына, кәсіби қалыптасуына және өзін-өзі табысты көрсетуіне қажетті жағдай жасау.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері. Астана – 2015. ҚР Білім және ғылым министрінің 22.04. 2015 ж. № 227 бұйрығымен бекітілген.
2. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. – Алматы, 2010. 6-б. 3. «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы»
4 Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы. 12.04.2017ж.
5. Баекеева Ш. Т. «Оқушылардың бойында қазақстандық патриотизмнің негізгі құндылықтарын қалыптастыру». "Қазақстан мектебі" журналы №1,2006ж.
6. С.А. Назарбаева Адам әлемі және әлемдегі адам: өзін-өзі тану теориясы мен практикасы. (Алматы, 24 желтоқсан 2007ж) – Алматы: «Бөбек»
7. С.А Назарбаева. Ұстаздан ұлағат.-Алматы: Атамұра, 2000.-40 б.
Достарыңызбен бөлісу: |