Әдебиеттер: 1-5, 6-10, 11-23, 24-27.
5-дәріс. Қазақ тілінің фонетикасын оқыту әдістемесі
Жоспар:
Қазақ тілі фонетикасын оқытудың мақсаты мен міндеттері.
Фонетиканы оқыту ұстанымдары мен әдіс-тәсілдері.
Фонетикалық дағдыларды меңгерту.
Қаза тілі фонетикасын оқытуда қойылатын талаптар.
Фонетикалық талдау.
Фонетикалық жаттығу және оның негізгі түрлері.
Фонетика – тіл білімінің дыбыстық жүйесін зерттейтін сала екені мәлім. Тіл дыбыстарының қолданылуы, жасалу ерекшелігін білмей, әдеби тілдің айтылу, жазылу заңдылықтарын игеру мүмкін емес. Мектеп оқушылары 4-5 сыныптарда фонетиканы меңгеру арқылы әдеби тілдің жасалу нормасы мен айтылу нормасын игереді. Тіл дыбыстарының физиологиялық, акустикалық, қоғамдық ерекшеліктерін оқушыға жете түсіндіру қажет. Дыбыстарды дұрыс айта білу – түсінікті сөйлеудің ең негізгі шарты болып табылады. Тілді үйретуде, сөйлеуде фонетикалық дағдылардың алатын орны ерекше.
Фонетикалық дағдыларды меңгеру – сөйлеу кезінде сөздің құрамындағы дыбыстарды дұрыс айта білу және жазылған әріптік таңбаларды тілде дұрыс қолдану арқылы түсінікті сөйлеу тәжірибелерін жан-жақты игеру. Оқушы дыбыстарды дұрыс айтуға, оқуға дағдыланса, онда ол өз ойын еркін жеткізе алады. Тілді үйренуде фонетикалық дағдылар сөйлеуші үшін де, тыңдаушы үшін де бірдей болады. Әр тілдің дыбысталу заңдылықтары мен ерекшеліктері – тарихи тұрғыдан қалыптасқан, тұрақталған, табиғи қасиеті сақталған күрделі құбылыс.
Фонетикалық бөлшектерді: дыбыстарды, әріптерді, фонемаларды, буындарды дұрыс жазу мен дұрыс айтуға дағдыландыру алғашқы сабақтан басталады. Бірініші сабақта сөздің дыбысталуы дұрыс айтылмаса, не дұрыс үйретілмесе солай қалыптасып кетеді. Ол әдетке айналады да, оқушы басқаша айту нормасын қабылдамайды. Сонымен қатар фонетикалық дағдыларды игеру әдістері қанша жақсы нәтижеге жетсе де, үнемі қайталанып, іске асырылып отыруы керек. Мұғалім дыбыстардың жасалуын оқытқан кезде олардың жасалуына қатысатын дыбыстау мүшелері мен сөйлеу мүшесінің де қимыл-қозғалысын үйретеді. Сөйлесім әрекетінің тілдесім, айтылым, тыңдалым түрелері арқылы іске асуы дыбыстардың артикуляциялық базасына қатысты болады. Оқушы дыбыстардың жүйесін дұрыс игеру үшін, графикалық талдау дұрыс жүргізілуі қажет. Мұғалім оқушының жазбаша да, ауызша да сауатын арттыруға ерекше көңіл бөлгені дұрыс.
Оқушы дыбыс үндестігі мен түрлі дыбыстық ерекшеліктерді жаттанды қабылдамай, оны саналы түрде түсініп меңгеріп, іс жүзінде пайдалана білетіндей болуы қажет. Фонетикалық ерекшеліктерді меңгеру оқушының әдеби тілдің сөйлесу нормасын дұрыс меңгеруіне мүмкіндік жасайды. Көрнекі құралдарды ұтымды пайдалану да өз нәтижесін береді. Тіл дыбыстарының физиологиялық, акустикалық, қоғамдық аспектілерін негізге ала отырып, дыбыстарды оқытудың маңызы ерекше.
Достарыңызбен бөлісу: |