1 ЖАСТАН БАСТАП 2 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРҒА
АРНАЛҒАН БАҒДАРЛАМА
БАЛАЛАРДЫҢ ЖАС ЕРЕКШЕЛІК МҮМКІНДІКТЕРІНЕ СИПАТТАМА
Бала өмірінде екінші жыл ерекше маңызды. Баланың жүруді меңгеруі кейіп-кескінді өзгертіп, сенсорлық дамуды тездетуге мүмкiндiк туғызады, екiншi сигналдық жүйенiң қалыптасуы бала өмірінің екiншi жылын ерекшелейдi.
Екі жаста баланың дене және психикалық дамуы одан әрі жүзеге асады. Ай сайын салмағына 170,0 - 190,0 г, бойына - 1 см қосып отырады. Екі жастағы баланың салмағы орташа есеппен 12,0 - 12,7 кг, бойының ұзындығы 85,0 - 86,0 см жетеді, 20 сүт тісі болады. Сергу уақытының ұзақтығы: бірінші жарты жылдықта 3 сағаттан бастап 4 сағатқа дейін, екінші жарты жылдықта 4 сағаттан бастап 5,5 сағатқа дейін. Тәуліктік ұйқы мөлшері 14 сағаттан 12,5 сағатқа дейін қысқарады.
Бала өмірінің екінші жылында сөйлейді, жүре бастайды, заттармен әрекет жасаудың қарапайым тәсілдерін меңгереді. Ол әлі де ересектердің көмегін қажет етеді, бірақ сәбилерге қарағанда, онда талпыныс, ересектерге түсіндіре білуге деген ұмтылыс пайда болады.
2 жаста қарқынды даму бағыттары айқындалады. Бұл ересек адамдардың тілін түсіну және сөйлеу қабілетінің дамуы, сенсорлық даму, заттармен әрекеттің, ойындардың, қимыл-қозғалыстарының, дербестіктің дамуы. Дамудың әр бағыты басқа бағыттармен байланысты дамиды. Мысалы, заттармен әрекет жасаудың және ойынның дамуы қимыл-қозғалыстың дамуымен, ал 1 жас 6 айдан кейін сөздерді түсінуімен тығыз байланысты. Дамудың бұл бағыттары осы жаста ерекше маңызды, өйткені олар едәуір күшті болып табылады және жағымсыз факторлар әсеріне (нашар анамнез, аурушаңдық, педагогикалық әсерлердің жетіспеушілігі және т.б.) аз ұшырайды. Белсенді тілдің дамуы - жағымсыз факторлардың әсеріне едәуір сезімтал жаңа бағыт.
Екі жас - тіл дамуы өте қарқынды өтетін, тілді үйретуге ерекше сезімталдық байқалатын тіл дамытудағы «сенситивті» кезең. Бала екі жасында ересек адамдардың сөздері мен сөйлемдеріне еліктеп, тілдерін түсіне бастайды. Оның белсенді сөздік қоры өседі, бала тілдің грамматикалық құрылысын меңгереді, сөйлемдерді қолдана бастайды.
Тілді түсіну біртіндеп болатын процесс. Бұл процесстің дамуы үшін бір жарым жасқа дейін заттар, қимылдар мен олардың атаулары арасындағы байланыс қарқынды орнай бастайды, бұл байланыстар алдымен әлсіз болады, оларды нығайту үшін арнайы жағдайлар қажет. Жекелеген анализаторлардың (қозғалыс, көру, есту қабілеттері) арасындағы байланыс тым берік болмайды, бала ересектерді түсінгенімен, оларға назар аудармауы мүмкін.
Бірінші жарты жылдықта тіл айтарлықтай қарқынмен дамиды; сөйлеуге еліктеу қабілеті жетіледі, былдыры күрделенеді; бір жарым жасында белсенді сөздік қоры 30 - 40 сөзге жетеді.
Екінші жарты жылдықта белсенді тіл дамуында айтарлықтай өзгерістер болады: белсенді сөздік қоры 200-300 сөзге дейін артады. Бала тілінде зат есімдердің септік және көптік жалғаулары, етістіктің бұйрық райы мен өткен шақ пен келер шақ түрлері пайда болады. Бала кейбір дауыссыз дыбыстарды дұрыс айтады.
2 жастың соңына қарай тіл өзінің негізгі қызметі - қоршаған ортамен қарым-қатынас қызметін атқара бастайды. Бала тілді, ең алдымен, ересек адамдармен әңгімелесуде қолдана бастайды. Бұл жастағы балалар суреттегі өздеріне жақсы таныс қарапайым сюжеттерді түсініп қана қоймай, сонымен бірге ересектердің кейбір сұрақтарына жауап бере алады.
Бала үшін тіл қоршаған ортамен қарым-қатынас жасау құралы, ал ересектердің тілі балаларды тәрбиелеудің негізгі құралы болып табылады.
Бала үшін ойынның және заттармен әрекет жасаудың алар орны ерекше. Өмірінің екінші жылында бала ойында заттармен манипуляция жасаумен айналысуды жалғастырады: алмалы-салмалы ойыншықтармен ойнайды, текшелерді бірінің үстіне бірін қояды, пирамида діңгегінен шығыршықтарды алып, қайта кигізеді. Заттармен әрекет жасай отырып, олардың қасиеттерімен танысады. Заттармен әрекет жасау еліктеу қабілеттері мен қол қимылдарының үйлесімді дамуының арқасында біртіндеп күрделі сипатқа ие болады. Бала кірпіштерді қырымен қояды, қоршау жасайды, таныс заттарды (поезд, орындық) атайды және тағы басқа заттарды қолдана отырып, салыстыруға, теңестіруге үйренеді, яғни іс-әрекетті ойлана отырып жүргізеді.
1 жас 3 айдан бастап, 1 жас 6 айға дейін бала жаңа іс-әрекеттерді орындай бастайды, ересектер мен жасы үлкен балалардың іс-әрекеттеріне қарай отыра, тәрбиешінің қимылын қайталап, көргендерін орындайды. Ол бейнелеу әрекеттері деп аталады, 2 жастың соңына қарай бірізділікті қажет ететін сюжеттік ойындарға ауысады. Өйткені, бір жарым жасқа дейін бала көзбен көргенінің әсерінде болады, оның тәжірибелері мардымсыз, ойындары тұрақсыз, ал ойын жағдайын тәрбиеші дайындайды. Келесі жарты жылда ойын едәуір тұрақты бола бастайды, бала бір затпен әртүрлі іс-әрекеттер орындайды. Егер бір жарым жасқа дейін бала бір іс-әрекетпен 2 - 4 минут айналысса, екі жасқа қарай, өз әрекетін сөзбен түсіндіре отыра, 5 - 7 минутқа дейін айналыса алады. Біртіндеп ойын барысында ойлау қалыптаса бастайды: бала ойында ауыстырғыш заттарды қолданады, ересектердің қимылына еліктейді, өзінің іс-әрекетін басқа жағдайға ауыстыра алады. Балада көрнекі-қимылды ойлау қабілетінің негізі қалыптаса бастайды.
Ересектер балаларға белгілі талап қойып, оларды орындауға көмектеседі. Өзін-өзі ұстаудың қарапайым ережелерін орындап, ұқыптылықты сақтауға үйретеді. Белгілі міндеттерге сәйкес үй тұрмысындағы заттарды қолдана білу біліктерін қалыптастырады. Құрал ретінде кейбір тұрмыстық заттарды қолдана білу қабілеттерін дамытады. Баланың мінез-құлқын жетілдіруде, тілді меңгеруде және ойын әрекеттерін дамытуға баланың еліктеу қабілеті маңызды орын алады: бір жарым жастан кейін бала ересектердің қимылдарын қайталап қана қоймай, өзі көрген қимылдарды қайталай бастайды.
Екі жаста негізгі қимылдардың барлық түрлері жетіледі, сонда да кейбір анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктерге байланысты: бұл жастағы баланың аяқтары қысқа, басы үлкен, денесі ұзын; қимылдарды үйлестіру мен сыртқы белгілерге сәйкес ауыстыру іскерліктері жеткіліксіз.
Екінші жылдың басында жүру әлі де жеткілікті үйлеспейді: балаға түзудің бойымен жүріп өту қиын, шөп, тас, төбешіктер мен ойлар күрделі кедергілер болып табылады. Балаларға қоршаған ортадағы қимылдармен өзінің қимылын сәйкестендіру, кеңістікке бағдарлану қиынға соғады, заттарға шалынып, басқа балалармен соқтығысып қалуы мүмкін. Бала өз қимылын жолда кездесетін кедергіге сәйкестендіре алмайды. Мысалы, босағаны немесе ойыс жерді аттап өту үшін аяғын ерте көтеріп қояды. Екінші жылдың бірінші жарты жылдығында баланың жүрісі жетіле түседі - бала тек тегіс еденде ғана емес, сонымен қатар далада, шөптің үстінде жақсы жүре бастайды, төбешіктерге өрмелейді, үлкендердің көмегімен сатылардан өтеді. Лақтыру мен өрмелеу жетіледі, балалар төбешікке, диванға, орындыққа өрмелеп, түрлі кедергілерден (бөрене, орындық) асып өтеді, олардың қимылдары үйлесімді, епті бола бастайды. Біртіндеп балалар өздерінің қимылдарын басқа балалардың қимылдарымен сәйкестендіріп, қимыл-қозғалыс дағдыларын жақсы меңгере бастайды.
Балалар заттарды ауыстырып, олармен түрлі қимылдар орындағанды жақсы көреді. Қимылдардың қарапайым түрлерін меңгеруіне байланысты заттар мен олардың қасиеттерін (пішіні, көлемі, түсі, т.б.) қабылдау қабілеттері жетіледі. Бала таныс заттарды өлшемі, реңкі мен орналасу орнына қарамастан тани алады. Алғашқы көрнекті жалпылауы дамиды. Белгілі түсі, пішіні, өлшемі бойынша заттарды іріктей алу қабілеттері пайда болады. Балалар өздерінің іс-әрекеттерін қабылдайтын заттардың қасиеттеріне, олардың пішініне, өлшеміне, кеңістіктегі орнына бейімдеуге үйренеді.
Екі жастағы бала музыка мен көркемсөзге әуес келеді. Балалар би және байсалды орындалатын музыканы түрліше қабылдайды. Қарапайым ән айту ырғақтары пайда болады, балалар жеке буындарға қосылып, ырғақты қайталайды. Қимылдарын музыкамен сәйкестендіру қабілеттері дамиды, қарапайым ырғақтылығы пайда болады, музыкамен орындалатын қимылдар әртүрлі болады.
Тәрбиелеу және үйрету әдістерінің көмегімен баланың қоршаған ортамен байланысы кеңиді: ол өзін-өзі ұстаудың кейбір ережелерін меңгереді, үлкендердің талаптары мен тапсырмаларына бағынады, ересек адамдармен бірінші болып әңгіме бастайды. Басқа балалармен қарапайым қарым-қатынастары пайда болады: бала құрбылары мен олардың әрекеттеріне еліктейді, қызығушылық танытады, бірге ойнауға тырысады, басқа балалардың ойынына қосылуға талаптанады. Екі жастағы балалардың дамуында айтарлықтай өзгерістер пайда болады, сондықтан да тәрбие жұмысында әр баланың жеке ерекшеліктерін ескеру қажет.
КҮН ТӘРТІБІНІҢ ҮЛГІСІ
Үйде
|
1 жас –
1 жас 6 ай
|
1 жас 6 ай –
2 жас
|
Ұйқыдан тұру, таңертеңгі тазалық шаралары
|
7.40-8.00
|
7.30-8.00
|
Мектепке дейінгі ұйымда
|
Балаларды қабылдау, тексеру, ойындар
|
8.00-9.00
|
8.00-9.00
|
Таңғы ас
|
9.00-9.50
|
9.00-9.40
|
Баланың дербес ойындары
|
9.50-10.00
|
|
Ұйқы
|
10.00-11.40
|
|
Ересектердің жетекшілігімен ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті ойын немесе серуен
|
|
9.40.- 11.40
|
Біртіндеп тұру, түскі ас
|
11.40-12.00
|
|
Түскі ас
|
|
11.40-12.30
|
Ұйқы
|
|
12.30-15.00
|
Белсенді сергектік
|
12.00-12.40
|
|
Екінші ұйқы
|
12.40-15.20
|
|
Ұйқыдан біртіндеп тұру, сауықтыру және гигиеналық шаралар
|
15.20-16.00
|
15.00-15.40
|
Бесін ас
|
16.00-16.40
|
15.40-16.30
|
Ересектердің жетекшілігімен ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті ойын немесе серуен
|
16.40-18.00
|
16.30-18.00
|
Балалардың үйге қайтуы
|
18.30-ға дейін
|
18.30-ға дейін
|
Үйде
|
Серуен
Кешкі ас, байсалды ойындар
|
18.30-19.00
19.00-20.00
|
18.30-19.30
19.30-20.00
|
Түнгі ұйқы
|
20.00-7.40
|
20.00-7.30
|
«ДЕНСАУЛЫҚ» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ
Мақсаты: бала денсаулығын нығайту, оның өсіп келе жатқан ағзасының қызметі мен жүйесін дамыту.
«Денсаулық» білім беру саласының базалық мазмұны жүзеге асырылады:
- дене шынықтыру - ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде;
- балалардың өмірі мен тәрбиесін ұйымдастыру: дербес қимыл әрекеті, мәдени-гигиеналық дағдылар, салауатты өмір салты мен сауықтыру-шынықтыру шаралары арқылы жүзеге асырылады.
Дене шынықтыру
Мақсаты: балалардың денсаулығын нығайту, ағзаны шынықтыру, қимылдың негізгі түрлерін дамыту.
Міндеттері:
1. Жүру және басқа да негізгі қимыл түрлерін (еңбектеу, өрмелеу, допты лақтыру, жүгіру және жоғары секіру және т.б.) жетілдіру, тепе-теңдікті дамыту, дұрыс дене бітімін қалыптастыру.
2. Май табанды болдырмаудың алдын алу шараларын жүзеге асыру және қимыл үйлесімділігін дамыту, басқа балалармен кейбір қимылдарды бірге орындауға үйрету.
Мазмұны:
1 жас - 1 жас 6 ай
Жүру және тепе-теңдік сақтау: белгілі бағытта жолақшамен (клеёнка) жүру, көлбеу тақтай бойымен жоғары көтерілу, төмен түсу, ленталар мен жіптерден, еденде жатқан таяқшалардан аттап жүру. Жәшікке шығу (биіктігі 10-15 см).
Еңбектеу, өрмелеу: үстелдің, жіптің, доғаның астынан еңбектеуге жаттығу.
Бөренеден аттап өту, параллель жатқан жіптердің арасынан төрттағандап құрсаудан еңбектеп өту; орындықтың астынан өту.
Лақтыру, домалату, қағып алу: түрлі көлемдегі доптар мен шарларды, әртүрлі ойыншықтарды жинау, бір орыннан екінші орынға ауыстыру дағдыларын дамыту. Допты бір немесе екі қолмен төменгі жақтан алға лақтыру, себетке салу.
1 жас 6 ай - 2 жас
Жүру және тепе-теңдік сақтау: бір-бірінің қолынан ұстап ересектердің артынан, бірінің артынан бірі, топпен бірге (5-7 адам) жүру;шеңбер бойымен жүру;таяқша мен жіптен аттап жүру;жолақша бойымен, көлбеу тақтай үстімен жүру; гимнастикалық орындықтың үстімен (тәрбиешінің қолынан ұстап) жүру; жәшіктің үстіне (10-15 см) шығып, түсу.
Жүгіру: түзу бағытпен жүгіруге үйрету.
Жалпы дамыту жаттығулары: ересектердің көрсетуімен қимылдар жасауға үйрету - қолды жоғары көтеріп, түсіру; қолды алға созу; қолды артқа жасыру; саусақтарды ашып-жұму; еденді тықылдату (тізе бүге отырып); бір-біріне заттарды бере отыра, оңға, солға бұрылуға үйрету.
Еңбектеу, өрмелеу:
Еңбектеп бөренеден асып өту, параллель жатқан жіптердің арасынан еңбектеп өту; құрсау ішінен, орындықтың астынан еңбектеп өту, сатыға (биіктігі 1,5 м) өрмелеу.
Лақтыру, домалату, қағып алу: допты жоғары лақтыру (қағып алмай), екі қолмен домалату, допты бір-біріне беру, гимнастикалық орындық пен тартылған жіп (бала көзінің деңгейінде) арқылы түрлі заттарды бір-біріне лақтыру.
Жыл аяғында бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:
- белгілі бағыт бойымен жүру: жолмен, көлбеу тақтай бойымен жоғары, төмен жіпті, лентаны, таяқшаны аттап жүруді;
- түзу бағытта жүгіруді;
- бөренеден еңбектеп асып түсуді, параллель жатқан жіптердің арасынан еңбектеп өтуді;
- құрсау ішімен орындықтың астынан еңбектеп өтуді, сатыға (биіктігі 1,5 м) өрмелеуді;
- ересектердің көрсетуімен жалпы дамыту жаттығуларын орындауды;
- допты жоғарыға лақтыру (қағып алмай), екі қолмен домалату, допты бір-біріне беруді;
- гимнастикалық орындық пен тартылған жіп арқылы әртүрлі заттарды бір-біріне лақтыруды білуі тиіс.
Балалар өмірін ұйымдастыру және тәрбиелеу
Мақсаты: балалардың қозғалыс белсенділігін жетілдіру, олардың сергек күйін қолдау және шаршаудың алдын алу, қарапайым өзіне-өзі қызмет ету мен ұқыптылық дағдыларын қалыптастыру.
Міндеттері:
1. Балалардың қозғалыс белсенділігін ынталандыруға, қозғалыстың негізгі түрлерін дамытуға мүмкіндік туғызу, қимыл-қозғалыс тәжірибелерін жинақтауға жағдайлар жасау.
2. Балалардың бойында тазалық пен ұқыптылыққа деген қажеттіліктерін қалыптастыру. Алдын ала меңгерген мәдени-гигиеналық дағдыларды бекіту және жаңа біліктерді қалыптастыру.
Мазмұны:
Мәдени-гигиеналық дағдылар
1 жас - 1 жас 6 ай
Тамақтануда:
- үнемі тамақтану алдында баланың қолын жуу;
- 1 жастан 1 айдан бастап 1 жас 3 айға дейін қасықпен қою тамақты, ал 1 жас 4-5 айдан бастап кез-келген тамақты өз бетімен іше білуге үйрету;
- нанды көже ішу кезінде бірге жеу;
- тамақты өз ыдысынан ғана ішу;
- балаларға арналған орындыққа өз бетімен отыру, ересек адам орындықты үстелге жақындатады, тамақ ішіп болған соң, ересектердің айтуымен, өз орындығын орнына итеріп қою.
Баланы түбекке сұрануға және дұрыс отыруға үйрету.
Баланың қолдарын өз бетімен жууын, киімдерін киюін және шешуін, бәтеңкесінің бауын байлауын, киімінің түймесін ағытуын, бас киімін шешуін мадақтау.
Барлық кір, лас нәрсеге жағымсыз қарым-қатынасты тәрбиелеу: бет-аузының тазалығына назар аударуға, жуынуға, сүртінуге, су болған киімдерін шешуді сұрауға үйрету.
1 жас 6 ай - 2 жас:
Тамақтануда:
- үстел басына қолды жуғаннан кейін отыру;
- орындыққа өзі отырып, тұру;
- тамақты төгіп-шашпай ұқыпты ішу, майлықты қолдануға үйрету (еске түсіру), тамақтан соң алғыс айту.
Жуынуда:
- қолдарын (алақандарын бір-біріне үйкелеу) және бетінің төменгі жағын алақандарымен жуу;
- ересектердің көмегімен беті-қолдарын сүрту.
Киініп-шешіну барысында:
- бас киімін, шалбарын, түймелері ағытылған жейдесін, бәтеңкесін белгілі ретпен шешуі;
- шалбарын, бас киімі мен бәтеңкесін киюі.
Баланың түбекке сұрануы, өз түбегінің орнын білуі, өзінің ғана түбегіне отыра білуді бекіту.
Ескерту жасаған соң қол орамалмен мұрнын сүрту, қалтасынан алып, қайтадан салу.
Өз киімдерінің, орамалының орнын, үстел басындағы өз орнын, киіміне арналған шкафты білу, түбекке отыру қажеттілігін уақытында айту.
Дербес қимыл іс-әрекеті:
Балаларды түрлі қозғалыс белсенділігіне ынталандыру. Бөлмеде және серуенде түрлі қимылдарды қолданып, арбалармен, ойыншықтармен дербес ойындарды ұйымдастыру. Қимылды ойындарға қатыстыру, ересектермен жұптасып түрлі қимылдарды орындау.
Салауатты өмір салты мен сауықтыру-шынықтыру шаралары.
Медицина қызметкерінің жетекшілігімен ауада және суда шынықтыру шараларын жүргізу.
Ұзақтығы 3-5 минут болатын ауа ванналары киімдерін ауыстыру, массаж, күндізгі ұйқы мен бөлмедегі қалыпты ауа температурасының барысында іске асырылады.
Күнделікті шынықтырудың бір түрі — суды ағызып, қолын шынтаққа дейін жуу. Сумен шынықтыру бөлме температурасы +22°С болғанда жалпы немесе жергілікті шаралар түрінде жүргізіледі.
Арнайы шаралар (ұсынылған тәсілдердің біреуі қолданылады):
- беліне дейін және бүкіл денесін дымқыл шүберекпен сүрту. Судың температурасын +36°С бастап +28°С жеткенге дейін біртіндеп төмендету (4-5 күн сайын 2 градусқа төмен). Сүртінуде су температурасын +35°С бастап +23°С дейін (4 күн сайын 2 градусқа төмен) жеткізу.
- қарама-қарсы температурадағы жылы, салқын су құю: су температурасы +36°С бастап +25°С дейін, соңында +38°С бастап +18°С дейін .
Жаз мезгілінде бүкіл режимдік кезеңдер мүмкіндігінше таза ауада ұйымдастырылады.
Жеке бас гигиенасының ережелерін үйрету: қолын аузына салмау, едендегі лас заттарды көтермеу, өз қажеттіліктері туралы уақытында хабарлау.
Балаларға таныс заттардың қасиеттерімен таныстыру (сабын, тарақ, қолорамал, сүлгі, т.б.) және жеке бас гигиенасы мақсатында қолданылатындығын айту. Ересектердің көмегімен балаларды қол орамалды қолдануға, киіміндегі ұқыпсыздықты байқауға және өзін тәртіпке келтіруге үйрету.
Жыл аяғында бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:
- доппен ойнай алуы;
- еңістен жоғары көтеріліп, төмен түсуі;
- сатымен төбешікке көтеріліп, төмен түсуі;
- арба мен ойыншық машиналарды сүйреуі;
- ірі жұмсақ ойыншықтарды көтеру, отырғызу, жатқызуды;
- орындыққа өзі отырып, тұруды;
- тамақты төгіп-шашпай ұқыпты ішу, майлықты қолдануға үйрету (еске түсіру), тамақтан соң алғыс айтуды;
- өзінің қолдарын (алақандарын бір-біріне үйкелеу) және бетінің төменгі жағын алақандарымен жууды;
- ересектердің көмегімен беті-қолдарын сүртуді;
- бас киімін, шалбарды, түймесі ағытылған жейдесін, бәтеңкесін шешуді;
- белгіленген тәртіппен киімдерін дұрыс бүктеп жинауды;
- шалбарын, бас киімі мен бәтеңкелерін киюді;
- түбекке сұрану, өз түбегінің орнын білуі;
- ескертуден соң қол орамалмен мұрнын сүрту, қалтасынан алып қайтадан орнына салуы;
- өзінің орамалы мен заттарын сақтайтын орынды білуі;
- өзінің үстел басындағы орны мен киім ілетін шкафын білуі;
- түбекке отыру қажеттілігі туралы уақытында хабарлауды білуі тиіс.
«ҚАТЫНАС» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ
Мақсаты: ересектердің тілін түсіне білуді дамыту, қоршаған ортамен байланыс құралы ретінде тілдік реакциялардың барлық түрлерін, белсенді сөйлеуді қалыптастыру
«Қатынас» білім беру саласының базалық мазмұны:
- тіл дамыту;
- көркем әдебиет;
- қоршаған ортамен таныстыру ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде жүзеге асады.
Тіл дамыту
Мақсаты: ересектердің тілін түсіне білуін, баланың бастамашылық және жауап бере білу тілін дамыту.
Міндеттері:
1. Тілдік еліктеу қабілеттілігін және сөйлеу тілін дамыту. Бала тілін дамытуда барлық режимдік және тұрмыстық жағдайларды қолдану.
2. Сөздік қорды толықтыруға, тілдің грамматикалық жақтарын және дауыс сазы мен дыбыстауды жетілдіруге мүмкіндіктер туғызу.
Мазмұны:
Алғашқы жарты жылдықтың маңызды міндеті ересектердің тілін түсінуді дамыту болып табылады. Екінші жарты жылдықта белсенді сөйлеу тілін дамытуға баса назар аударылады.
1 жас – 1 жас 6 ай
Тілді түсінуді дамыту
Заттардың атын, тіршілік иелерінің қимыл-әрекетін (ұйықтайды, тамақ жейді, ән айтады, тыңдайды және т.б.), сонымен қатар балаларға таныс заттардың белгілерін білдіретін (үлкен, кіші, қызыл және т.б.) сөздермен балалардың сөздік қорын молайту. Балалар өзінің, жақын туыстарының аты-жөнін, киім, жиһаз, ыдыс-аяқтардың, кейбір көлік құралдарының, бірнеше жануарлар мен өсімдіктердің атауларын білуі тиіс.
Өзінің (қол, аяқ, бас, ауыз, көз, құлақ) және ойыншық-жануарлардың дене мүшелерін ажыратып, атай білуін қалыптастыру.
Балалардың күнделікті орындайтын (ұйықтауға жат, отыр - қазір киініп, серуенге шығамыз және т.б.), сонымен қатар сабақтар мен ойын процесстеріндегі (домалат, шеш, ки, аш, жап, т.б.) іс-әрекеттерін білдіретін сөздермен сөздік қорын молайту.
Тәрбиеші өз қимыл-әрекеттерін, ойыншықтарды балаға көрсете отырып, қарапайым тіркестердің және фразалардың мағынасын түсінуге балаларды үйретеді.
Баланы жай сөйлеммен білдірілген өтініштерді түсініп, орындауға үйрету («Айжанға қуыршақты берші. Шыныаяқ әкеліп берші»).
Тұрмыстық және қызықты жағдайларды суреттейтін, 1-3 көріністен тұратын ойыншықтармен, қуыршақтармен шағын қойылымдардың қарапайым сюжеттерін балаларға түсіндіре білу. Тұтас сөйлем мағынасын көрнекіліктермен, іс-әрекеттермен толықтыра отырып, түсінуге үйрету. Бейнеленіп отырған оқиға барысын қадағалай білуді дамыту. Сахналауда көлік түрлерін (машина, арба), тұрмыста жиі қолданылатын ыдыс-аяқ, жиһаз, киімдерді қолдану, 2-3 ойыншық заттарды көрсетіп, атын атау.
Баланың (1 жас 6 айға қарай) тілдерді түсінуіне, көрсетіліммен бекітілмеген алғышарт жасау. Ересектердің өтінішімен заттарды таба білуге, тақырыптық суреттегі бейнелерді, 1 жас 3 айдан кейін заттың қимылын көрсететін суреттерді танып-білуге үйрету.
Айтарлықтай белгілері бойынша заттарды іріктеуге, тапсырмаларды түсініп орындауға үйрету (тілдерді түсінуін жалпылау).
Достарыңызбен бөлісу: |