100
Жалпы экологиялық сана қалыптастыруды әр қырынан қарастырған зерттеулерге шолу
жасасақ, мысалы, экологиялық мәселелердің психологиялық ерекшеліктерін зерттеген ғалымдар
Е.Д. Дерябо мен В.А. Ясвин пікірлерінше, экологиялық сананы антропоцентрикалық сана және
экоцентрикалық сана деп екі түрге бөліп, біріншісіне адамның сыртқы ортадағы іс-әрекетін
сәйкестендіріп отыратын, қоршаған ортаның бас факторларына әлеуметтік және мәдени
факторлар жатса, экоцентрикалық сана адам табиғаттың бір мүшесі болғандықтан, ол тек
әлеуметтік ортаға ғана емес сонымен бірге табиғи ортада да өмір сүру барысында қалыптасатын
сана [1; 2]. Оқушылардың экологиялық іс-әрекеті ұғымының мәні мен мазмұнын анықтауда іс-
әрекет теориясын (С.Л. Рубинштейн, А.Н. Леонтьев, Л.С. Выготский, Д.Б. Эльконин) және
экологиялық іс-әрекеттің жеке тұлғалық сапаларды қалыптастырудағы орны жөнінде
педогогика, психология, экология саласындағы еңбектерге (А.П. Сидельковский, С.Д. Дерябо,
В.А. Ясвин) арқау болған. Олардың зерттеулерінде оқушылардың экологиялық іс-әрекеті
табиғатпен сарамандық жағынан өзара әсерлесуінің негізінде жүзеге асырылып, жеке тұлғаның
табиғатқа белгілі бір қатынасын қалыптастырушы фактор ретінде көрсетіледі [3; 4; 5].
Зерттеушілер пайымдауынша, экологиялық іс-әрекет барысында табиғатпен әсерлесуші
адамның ықпалы «субъект-объект» сипатынан «субъект-субъект» сипатына көшеді, өйткені
табиғат та адамға белгілі бір дәрежеде кері әсерін тигізеді. Олар экологиялық іс-әрекетті
адамның жалпы мәдениетінің құрамдас бөлігі ретінде қарастырады. Белгілі психолог-ғалым А.В.
Петровскийдің пайымдауынша, жеке тұлғаның жан-жақты және үйлесімді дамуы әр жаста тек
бір ғана жетекші іс-әрекет түрімен анықталмайды [6]. Біз осы тұжырыммен келісе отырып,
оқушы жеке тұлғасының қалыптасуында оқу іс-әрекетімен байланыста басқа да іс-әрекет түрлері
маңызды орын алады деп есептейміз. Атап айтқанда, сабақтан тыс жұмыстарда орын алатын
ойын, еңбек оқушы жеке тұлғасының ақиқат өмірдегі құбылыстарға қатынасын білдіретін іс-
әрекет түрлері.
Экологиялық іс-әрекет арқылы адамның табиғатқа адамгершілік қатынасын қалыптастыруда
қажеттіліктер мен түрткілер саласын дамытудың маңызын А.П. Сидельковский, П.В. Иванов, Е.М.
Кудрявцева атап көрсетеді. Олардың ортақ пікірі бойынша, адам баласының тіршілігінде
болатын басқа да қарым-қатынас түрлері тәрізді сыртқы ортамен байланыс күрделі де тұтас
әлеуметтік жүйелер құрылымын түзеді және ол жеке адамның сарамандық іс-әрекетінде, жеке
психикасында көрінетіндігі [7]. Экологиялық білім беру мен тәрбиелеудің барлық
мүмкіншіліктерін қарастыруда профессор П.В. Иванов, оқушылардың өз туған өлкесінің
табиғатын танып білуі, олардың табиғат қорғау жұмыстарын ұйымдастыру арқылы жүзеге
асыруды айтты. Оның бұл пікірі экологиялық іс-әрекет ұйымдастырудың маңыздылығын
меңзейді.
Авторлардың ортақ пікірі бойынша ой түйіндесек, табиғат – адамның эмоциялық,
танымдық, этикалық, эстетикалық, материалдық, рухани, т.б. қажеттіліктерін өтеп отыратын
тіршілік көзі болып табылады. Демек, әлеуметтің келешектегі ғана емес, бүгінгі қалыпты
тіршілігін қамтамасыз ету үшін жас ұрпақ тәрбиесінде табиғат әлемімен тиімді әсерлесуге
ұмтылдыратын адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға жеткілікті көңіл бөлу қажет.
Оқушылардың экологиялық іс-әрекетін жіктеуде белгілі бір жүйені қолдануға талпыныс жасай
отырып, экологиялық іс-әрекеттің мазмұны ескерілетін тұста оқушылардың танымдық,
сарамандық, мәдени-ағартушылық және ойын іс-әрекетінде оқу, ойын, еңбек элементтері өзара
араласады, бірін-бірі толықтырады, белгілі бір байланыста, өзара тәуелділікте болады деп
есептейміз. Осы орайда И.Н. Бодықова өз зерттеуінде экологиялық тұрғыда оқушылардың іс-
әрекеттерін жіктей келе, «оқушының экологиялық іс-әрекеті деп оның табиғатты зерттеуін,
танып-білуін, онымен өзара әсерлесудің қоғамдық тәжірибесін меңгеруге және оны байытуға
бағытталған іс-әрекетін айтамыз»,-деп пайымдайды [8].
Қоғам мен табиғаттың өзара әрекеттесуінен туындаған қазіргі замандағы жаһандық
түйткілдердің бірі – табиғат пен адамдардың теріс әрекеттесуі. Сондықтан қазіргі кездегі
экологиялық тәрбиенің мақсаты – оқушыда өзара ұштастырылған экологиялық сана
қалыптастыру, экологиялық іс-әрекетін ұйымдастыру керек деп белгілеп, оларды өзіндік ізденіс
101
белсенділігі арқылы жүзеге асыруға болады деген ұйғарымға келдік [9]. Осы мақсаттан
туындаған мектепте оқушыларға сыныптан тыс жұмыстарда экологиялық тәрбие берудің
міндеттерін былай белгіледік:
- Экологиялық саналы білімді жүзеге асыруға бағытталған құлшынысын ояту;
- Табиғатты сақтау, қорғау, оның қорын үнемдеу мен еселендірудің маңыздылығына
негңзделген қажеттілігін туындату;
- Табиғат – жалғыз тіршілік көзі және онымен біртұтастықты ұғынуға болған ынтасын
тәрбиелеу;
- Қоршаған ортаға ерекше экологиялық жауапкершілікпен қарауға итермелейтін түрткіні
қалыптастыру.
Осы орайда, оқу үрдісінде және сыныптан тыс жұмыстар кезінде оқушыларға
экологиялық білім алу барысында табиғат қорғауға арналған іс-шараларға деген құлшынысын,
алған білім, білік, дағдыларын іс жүзіне асыра алуын, қоршаған орта зиянды ластаушы
факторлармен күрес жүргізуге даярлығын анықтауда экологиялық іс-әрекет деңгейін төмендегі
сауалнама, сұхбат барысындағы сұрақ арқылы анықтадық:
1. «Қоршаған ортаны қорғау, сақтау» деген ұғымды қалай түсінесіз?
2. Келешекте табиғат жағдайының жақсаруы үшін қандай үлес қосар едіңіз?
3. Егер сіз эколог болсаңыз табиғатты қорғау туралы қандай шаралар мен жобалар
ұсынар едіңіз?
4. «Қалдықсыз өнім» технологиясын жүзеге асыруға болады?
5. Өз қалаңызда өндіріс орындарына таным жорыққа шықсаңыз нені үйренгіңіз келеді?
6. Өзіңізге белгілі табиғат байлықтарын құртпай қалпына келтіру үшін не істер едіңіз?
7. Экологиялық тәрбиелі оқушы болу үшін мұғалім тарапынан қандай көмекті
қажетсінесіз?
8. Жер шарында болып жатқан табиғи апаттардың алдын алуға болар ма еді?
9. Күнделікті өмірде қандай әдет-дағдыға машықтанғансыз?
10. «Бір тал кессең, он тал ек» деген өсиеттің мағынасын ашыңыз.
Сұрақтарға берген жауаптарды қысқаша көрсетуге болады: оқушылардан алынған
жауаптар, олармен өткізілген ауызекі экологиялық мазмұнды сұхбат, сауалнама жүргізу, оларды
талдап, сараптау мынандай қорытынды жасауға мүмкіндік берді: оқушылардың көпшілігінің
экология туралы ұғымы жеткіліксіз, кейбір ғылыми ұғымдар туралы мүлдем хабарсыздығы;
жалпы экологиялық білім қоры аз, кейбір оқушылар сауалнама сұрақтарының өзін жете түсіне
алмағандығы; экологиялық жаһандық мәселелерді өздігінен «жоғарыдан» туындауда, адамды
оған қатыссыз деп ойлауы; мектепте және колледждерде экологиялық тәрбиелік іс-шаралар
мазмұнының тартымсыздығы, оларға оқушылардың қызығушылық танытпауы; жалпы орта
білім беру оқу орындарында экологиялық білім-тәлімнің қолдану аясының тарлығы (тек аула
тазалау, көше сыпыру, мектеп маңына гүл, ағаш отырғызумен шектелу) байқалды. Бұл дегеніміз
оқушылардың экология туралы түсініктерінің жеткіліксіздігін, экологиялық тәрбие беруді
ұйымдастырудағы үлкен олқылықты, яғни экологиялық сана қалыптастыруға бағытталған
шаралар мен білім деңгейінің төмендігін көрсетеді және бұл мәселенің өзектілігі арта береді.
Осы тұста теория бойынша бұл мәселе жеткілікті зерттеліп жүрсе де, практикада сөз бен іс
бірлігі арасында алшақтық байқалады.
Біздің көтермекші мәселеміз – оқушылардың табиғи орта құбылыстары мен
заңдылықтарын біліп, алған білімді іс-тәжірибе жүзінде пайдалануға бағыттау. Осы орайда,
білім беру барысында мотивациялы-психологиялық тұрғыда оқушы бойында әлемге, табиғатқа
сүйіспеншілік, табиғи сұлулықтан ләззатану, шынайылық сияқты құндылықтардан тұратын
ізгілікті-этикалық норма қалыптастыруға екпін түсіру қажеттігі туындайды. Адамда жүйелі
ізгілікті-этикалық норма қалыптасқанда, оның бойында ар-намысымен байланыста белсенді
әрекетке қажеттілік туындайды және ол оптималды экологиялық белсенділіктің қалыптасуына
ықпал етеді. Аталған рухани құндылықтарсыз тек теориямен шектелген құрғақ білім
қаншалықты терең меңгерілсе де, дәрменсіз болып қала бермек. Жылдар бойы зерттеп жүрген