МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТІРЕГІ
Г.Қ.Рысбаева,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің
шетел тілін оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі,
филология ғылымдарының кандидаты, профессор м.а.
Алматы, Қазақстан
Әр халықтың, әр елдің өз тарихы, ең бастысы тілі бар. Тіл – ұлттың төлқұжаты, бет-бейнесі. Сондықтан да тәуелсіздік туын көкке көтерген әрбір елдің мемлекеттік тіл саясатын дұрыс жолға қоюы қажет. Осы орайда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» - деген ұлағатты сөзі әрбір қазақстандықтың санасына үлкен ой тастауы тиіс.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазақ тілі осы мемлекеттің түпкілікті тұрғындары қазақтардан басқа Қытай, Монғолия, Иран, Ауғанстан, Түркия мемлекеттері мен ТМД-ның Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан сияқты республикаларында тұратын қазақтардың да ана тілі. Қазақ тілі – батыс түркі тілінің қыпшақ тармағына жатады. Бұл тармаққа кіретін тілдер – қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қырғыз, қырым татары, қарайшай, балқар, құмық және тағы басқа тілдер. Қазақ тілі - өзіндік әдеби, ғылыми және саяси жазу нормасы қалыптасқан бай тіл. Қазақ тілінің тарихы әртүрлі тарихи кезеңдерді бастан кешкен қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты.
1989 жылы 21 қыркүйекте қабылданған «Тіл туралы» Заңда «Тіл - халықтың ұлы жетістігі, әрі оның ажырамайтын және бөлінбейтін белгісі» делінген. Ал бірінші баптың бірінші тармақшасында «Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады» деп жазылған. Қазақстан Республикасында «Тіл туралы Заңының» қабылдағанына, міне 22 жылдан асты. Ана тіліміздің бұл мемлекеттік бірегей мәртебесі Қазақстан халқының қолдауына ие болып, Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995ж.), «Тіл саясаты туралы» Тұжырымдамасы (1996ж.) және осыларға негізделген «Тіл туралы» Заң (1997ж.), «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» (1998ж), «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010-шы жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» (2001ж), жарияланып, онда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін өсіру керектігі және оны жан-жақты дамыту қажеттілігі және ұлтаралық рухани ынтымақтастықтың құралы ретінде қызмет етуі туралы айтылды.
Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің бірнеше алғы шарты бар. Атап айтқанда, сол тілді қолданушылардың санының жеткілікті болуы, табиғи және табиғи емес тілдік ортаның болуы, республиканың барлық аймақтарына таралуы, қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі және ауызша әрі жазбаша түрде қызмет етуі сияқты сыртқы факторлардың болуы, сондай-ақ қазақ тілінің құрылым-жүйесі жетілген, сөздік қоры мол, лексика-фразеологиялық қоры аса бай, ежелден келе жатқан жазба және ауызша дәстүрі бар ұлттық тілдердің бірі ретіндегі ішкі тілдік факторлардың болуы – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуіне мүмкіндік береді. Мемлекеттік тіл – сол мемлекетте тұратын барлық халыққа ортақ, күнделікті тұрмыста, қоғамның барлық салаларында, тұрмыс-тіршілігінде, рухани-мәдениетінде, іс-қағаздарында, халықаралық қатынаста кеңінен қолданылатын тіл. Мемлекеттік тіл әрбір ұлттың мәдениеті мен рухани болмысының негізгі тірегі, түп қазығы, ұлттың өзіндік бейнесін айқындайтын, рухани келбетін көрсететін төлқұжаты, ұлттың табиғи даралығын анықтайтын айнасы.
Осы тұста Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген тұжырымдамасы Қазақстандағы тіл саясатының бүгіні мен болашағын айқындайды. Бұған Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында, Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңының 4-бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – Қазақ тілі», деп анық көрсетуі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы Жарлығымен бекітілген тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясындағы атқарылған жұмыстар және 28 қаңтар 2011 жылғы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауы нақты дәлел бола алады. Президент жолдауында 2020 жылға дейінгі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының нақты жоспарын айқындап берді. Бұл жоспар Қазақстанның әлемдік дағдарыстың қашан аяқталуын күтпей, өзіндік даму стратегиясын белгіледі. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың тек экономиканы ғана емес, сонымен қатар ғылым мен білім, денсаулық сақтау салаларын барынша дамытуға көп көңіл бөлгендігі ерекше аталып өтілді. Президент жолдауында «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу» деп мемлекеттік тілге үлкен көңіл бөлу туралы назар аударды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан - 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында тіл туралы мәселеге тоқтала келе, «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген қағидатты тағы да қайталап айтты. «Тәуелсіздігін алған тұста еліміздегі қазақтың саны 6,8 миллион немесе 41% болса, қазір 11 миллионға жетіп, 65%-дан асты. Қазақтың саны 4 миллионға артты. Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді. Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады. Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛКЕТІ деп атайтын боламыз», - деді Президент. Сонымен қатар осы жолдауда мемлекет басшысының айтуынша, тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс. Сондықтан алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру табандылықпен жалғасады. «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіру үшін дайындыққа осы бастан кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз», – деді Елбасы. Сонымен қатар, Елбасы терминология мәселесінде де қолға алар істердің әлі баршылық екенін айтты.
«Мемлекеттік тілді үйрену – міндет, ал оны білу – әрбір қазақстандықтар үшін абырой» деген Елбасымыздың дана сөзі бүгінгі қоғамға, жас ұрпақққа игі әсерін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан да, Қазақстан Республикасының әрбір азаматы мемлекттік тіл – қазақ тілін үйренуді өзіне парыз санап, жақсы меңгергені дұрыс деп санаймыз. Қазақстан жерінде туып, қазақтың тілін, салт-дәстүрін, тарихын білмеу, іс-қағаздарын жүргізе алмау және үйренуге тырыспау – қоғамнан тыс қалушылық.
Қазақ тілі заң жүзінде мемлекеттік тіл болып қабылданғалы бергі уақыт аралығында, әрине, аз жұмыс істелінген жоқ. Алғашқы кезде қазақ тілін үйрететін мұғалімдер мен мемлекеттік тілді оқытатын оқулықтар мен оқу құралдары да, бағдарламалар да аз болатын. Қазір, құдайға шүкір, мұғалімдердің саны да, оқулықтар мен оқу құралдарының саны да, түрлері де көбейді. Ең бастысы, ана тілімізді – мемлекеттік тілді үйренушілер саны, тілге деген ілтипат, құрмет артып келеді. Қысқасы, мемлекеттік тіл: біріншіден қазақ халқының салт-дәстүрі мен тұрмысың әдет-ғұрпың мәдениетің тарихын білуге жол ашты, екіншіден көпұлтты халықтын қарым – қатынасындағы өндірістік әрі тұрмыстық қажеттілікті іске асыруға, халықтардын достық қарым-қатынасын күшейтудің құралына айналды. Демек, Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тілімізді жоғары көтеріп, жұлдызын биіктетуіміз керек.
Қазіргі заман талабына сай Тіл саясатына ақпараттық технология келді. Интернет желісінде мемлекеттік тілдің порталы құрылды. Оған интернет-сервистің жиырмадан астам түрлері орналасты. Портал онлайндық сөздіктерге, мультимедиалық кешендерге, қашықтан оқыту жүйесіне, энциклопедияларға, тест жүйесіне және басқа да тіл үйренудің әдістемелеріне қол жеткізуге жол ашады.
Мемлекеттік тіл – тәуелсіздіктің айнасы. Тәуелсіздік - ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана елімізді әлемнің өркенниетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық. 20 жылдан астам тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарыктың қиын өткелектерінен аман өткізіп келеміз. Осы кезенде Қазақстанды ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген Қазақстан республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандады, күтумен өтті.
1991 жыл - еліміздің Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы. Қазіргі Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Қазіргі таңда Қазақстан жас мемлекет бола тұра, көптеген елдерден әлдеқайда алда. Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы - қазіргі таңда негізгі стратегиялық бағыттар. Бүгінгі Қазақстан – тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. «Қаз тұрып, қадам басқан тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, осынау 20 жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынын мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді» - деп Елбасымыз айтқандай, егемен Қазақстанды бүгінде барша әлем танып отыр.
Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Елбасының «Қазақстанның тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастан кешу арқылы қол жеткен өз мемлекттілігін құруға деген заңды құқығы, бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс», - деп атап көрсетуінде үлкен мағына жатыр.
Әдебиеттер:
1. Елбасы «Мәңгілік ел» қақпасын ашты. //Айқын. Республикалық қоғамдық-саяси газет. 17.12.2011. 1-2 бб.
2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауы. 28 қаңтар 2011 жыл.
Резюме
В статье рассматриваются проблемы использование государственного языка в период независимости.
Summary
This article deals with the problems of using state language during the period of Independence.
Жаһандану кезеңіндегі қазақ диаспорасының әлеуметтік-экономикалық ахуалы
Р.Р.Абишева,
филология ғылымдарының кандидаты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы, Қазақстан
ХХІ ғасыр босағасын аттаған тұста қазақ елі өз тәуелсіздігін нығайту жолында шұғыл өзгерістерді бастан кешуде. Ұлт ретінде көптеген қиындықтармен бетпе-бет келгеніне қарамастан, әлемнің әр түкпірінде өмір сүріп жатқан қандас бауырларын елге көшіріп алып жатқан санаулы үш мемлекеттің бірі – Қазақстан.
«Әр елдегі қазақ әр елдің тілін мықтап игерсе, ол – білім. Он шетел тілінде сөйлесе тіпті жақсы, бірақ он шетел тіліне орап ана тілін тұншықтырып, көміп тастасақ – ол кешірілмес күнә. Сол себепті де, мемлекеттік тіл – біздің мемлекетімізді құлатпай ұстап тұратын бір мықты діңгек екенін ұрпақтарымыз біліп өсуге тиіс», - деген еді Елбасы Н.Назарбаев [1].
2002 жылы, қазан айында Түркістан қаласында Дүниежүзі қазақтары құрылтайы өтті. Елбасы Н.Ә.Назарбаев шетелдегі қазақтардың тарихи отанына оралуы үшін бөлінетін квота жыл сайын екі есеге артатындығын ескертіп, 2005 жылы 15 мың отбасыға дейін көбейетіндігін айтқан еді. Осылайша, шетелдегі қазақ ағайындарды жыл сайын қаржы бөлініп, квота бойынша көшіріп алу игілікті іске айналды. Квотадан тыс, өз күш-қаражатымен келетіндер легі де аз емес.
«Елге ел қосылса - құт» демекші, қатарымызды толтырып, санымызды, халық өсімін көбейтіп жатқан бауырларымыздың ана тілі мәселесін сөз еткенде, тілді саясаттан бөліп қарауға болмайды.
«Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша шешілетін мәселелер, оларды бір нүктеде шоғырландыру сияқты т.б. мәселелердің бәрі түгелдей қайта қарауды талап етеді», - деді Елбасы. Үкімет көші-қон заңнамасына өзгертулер енгізуі қажет, біз «оралмандар» деп атап жүрген ағайындар мәселесін түбегейлі айқындап алу маңызды екендігін ескертіп, «Алыстағы ағайынға ақ тілек» хатын жолдады. Ұлт Көшбасшысының мақсаты – тағдыр тәлкегімен төрткүл дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қандастарымызды атажұртқа шақыру еді.
Елбасының ұлт алдындағы, ұрпақ алдындағы ең бір сауабы шексіз сарабдал саясатының құрамдас бөлігі – тіл, діл, дін, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық бірлік сияқты өзекті мәселелерді кешенді шешу көзделгендігі болып отыр.
Біз әрқилы мемлекеттерден қоныс аударған оралман қауымының тілінен, салт-дәстүрінен, өздері туып-өскен бөтен жұрттың әсер-ықпалын жиі байқаймыз. Сондықтан, елге оралған қандастарымыздың бүгінгі қазақ қоғамына бірден сіңісе алмай жатқан бір себебінің ұштығы осында.
Екінші себеп, тікелей мемлекеттің тілімен байланысты, яғни алыс-жақын шетелдерден көшіп келуші бауырларымыздың көпшілігі орысша білмейді. Солтүстік пен шығыстағы облыстарға оралмандардың көп тұрақтамай, қазақы ортасы бар оңтүстікке жақын болуы – осындай тілдік, психологиялық кедергілерді байқатады.
Алыстан келген оралмандардың тарихи жағдайы мүлдем басқаша. Олар байырғы бай да кең, ұзын да ұғынықты, өткір, асыл қазақ тілінің қаймағын бұзбай қайтадан өзімізге әкелушілер. Демек, олармен бірге қазақ тілі, ата-баба салты ғана емес, әлемдік өмір, тәжірибелі ақпарат көшіп келе жатыр деуге де болады. Оралман бауырлардың жат елде жинақтаған, түйіндеген, игерген мәдени құндылықтары бізге өте қажет. Мысалы, Қытайдағы қазақ қытайдан, Моңғолиядағы қазақ моңғолдан көп нәрсе үйренді. Бұл – байлық, бұл – дерек көзі, қазақ еліне қызмет ететін қатпарлы қазына.
Профессор, экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шаменов «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша шешілетін өзекті мәселеге қатысты өз ойын ортаға салды. Ол: «Тәуелсіздік жылдарында атажұртқа оралған ағайындардың капитал тұрғысынан деңгейі қандай?», - деген сұрақ туындайды. Сырттан көшіп келе жатқан қандастарымыздың нарықтық қатынастарға бейімделу деңгейі жоғары деп есептеймін. Өйткені, бізде 70 жыл басқа жүйеде жасап, қанымызға сіңген «барлығын мемлекет қамтамасыз етеді» деген ұнамсыз, масылдық қасиеттер бар. Ал, оралмандар нарықтық қатынас ортасында туғандықтан, жастайынан соған бейімделген. Оған сырттан келіп, өз кәсібін ашып, отбасын асырау, ұрпақ тәрбиелеумен бірге, басқа да ондаған, тіпті жүздеген адамдарды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған талай кәсіпкерлерді мысалға келтіруге болады. 20 жылда 1 миллионнан аса қандастарымыз оралған. Бұл – үлкен экономикалық әлеует. Сондықтан, біз Қазақстанға келіп жатқан ағайындарды елімізге қосылып жатқан үлкен күш, бір әлеуеттік топ ретінде қабылдап, осы тұрғыдан дәріптеуіміз керек», - дейді [2].
Еңбекқорлық – ең ұлы қасиет. Қазақ диаспорасы мәселелерімен айналысушы ғалым Г.М. Меңдіқұлова Қытай қазақтарының Қазақстанға келуінің жағымды жақтарын атап көрсете отырып, былай деп жазады: «... характерной чертой основной части казахов Китая является выработанная дисциплина, трудолюбие и работоспособность, что на мой взгляд, также поможет не только в экономическом, но и воспитательном отношении молодому государству».
Оралман жастардың өз елдеріндегі қалыптасқан тұрмыс салттарына байланысты тәрбиесін, кәсіпке бейімділік ерекшеліктерін де ескермеуге болмайды. Мысалы, Моңғолиядан келген қыз балалар кесте тоқу, киім, бас киім тігуге шебер болса, ұл балалары қолөнер, ұсталық шеберлік, түрлі әшекей бұйымдарды жасаудан алдарына жан салмайды. Ал, Қытай Халық Республикасынан келген жастар аспаздық өнерден хабардар, алуан түрлі дәмдеуіш қосылған тағамдары тіл үйіретініне бәріміз қанықпыз. Қытайдан келген қандастарымыз техника тілін де жетік меңгерген. Мата, тоқыма бұйымдарын өндіретін кәсіптерді жете меңгеріп, жастарымыздың экономикаға тек пайдасын тигізері даусыз. Сонымен бірге, Өзбекстан жастары сауда, бизнесті жетік меңгерген. Саналы адам мүмкіндікті текке жібермей, ақылмен салауатты іс бастаса, парықсыз, қабілетсіз адам мүмкіндігін жіберіп алып, опық жейді. Бұл – өмірден алынған тәжірибе негізінде айтылған пікір. Елбасының биылғы Жолдауында шағын қалаларды дамыту туралы өте кең ұғымда айтылды. Шағын қалаларды дамытудың бір жолы – шағын және орта бизнеске салықтық жеңілдік беру. Оралмандарды мамандықтарына, айналысатын кәсіп түріне қарай орналастырып, өз істерін ашуға мүмкіндік жасау керек.
Сондықтан, әр мекеннен көшіп келіп жатқан қандастарымызды орналастыруды Елбасы Жолдауында айтылған шағын қалаларды дамыту мәселесімен үйлестіре жүргізген дұрыс. Ол үшін, сол қалаларда жұмыспен қамту мақсатында кәсіпорындар ашып, шағын кәсіпкерліктің дамуына барынша жағдай жасау керек. Осылайша, атажұртқа оралған қандастарымыз елдің жүгін бірлесе көтеріп, біздің экономикамызды, бизнесімізді дамытуға қосылатын қозғаушы күш болары анық.
Ұзақ жылдар бойы өз елінен қол үзіп қалған шеттегі қазақтар туған жерге оралғаннан кейін де жергілікті өмірдің тыныс-тіршілігіне кеңінен араласа алмай отыр. Оларға «оралмандар» деп қарамай, бауырластар, қандастар деп бауырымызға тартсақ, моральдық тұрғыдан үлкен демеу болар еді.
Қазір жаһандану үрдісі жүріп жатыр. Оның мағынасы, тұтастану дегенді білдіреді. Ол екі сипатта – әлемдік және мемлекеттік деңгейде жүреді. Қазақты тұтастандыратын нәрсе – ұлттық сана-сезім. Қандастарымыз қай елде тұрғандарына қарамастан, «ұлтым - қазақ» деп сезінетін болса, осы сана бүкіл қазақты тұтастандырады. Ұлттық тарихымызды ширек ғасыр зерттеп келе жатқан ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұхаметханұлы: «Қай елде, қандай тілдік ортада жасағанына қарамастан, қазақтың бәрі – бір қазақ. Олардың кез-келгенінде қазақтың дархандығы, жомарттығы, бауырмалдылығы, сәнқұмарлығы сияқты жақсы қасиеттерімен бірге, дарақылық, мақтаншақтық сияқты ұнамсыз қасиеттеріне дейін бар. Сондықтан, біз бір менталитетті қазақты бірнешеге бөлмей, ұқсастықты, ортақтықты, бірлік пен тұтастықты, әлемдегі бүкіл қазақтың бірден-бір отаны – Қазақ елі, қазақ жері екенін дәріптеп, оған қызмет ету – исі қазақ баласының борышы екенін іштегі, сырттағы бүкіл ағайынның санасына сіңіре білуіміз керек», - дейді [3].
Тағдыр тәлкегімен туған топырағынан көз жазып, әлемнің қырықтан астам еліне тарыдай шашылған қандастарымыз бен олардың ұрпақтары егеменді ел болып, көк байрағы желбіреген қазақ жеріне, отанына оралуы – заңдылық. 90-жылдардың басында бастау алған ұлы көш туған елдің топырағына, атажұртына деген сарғайған сағынышын арқалап, елім, ұлтым деп ағылуда. Оларды ұрпағым, ұлттық тілмен сусындап, ата-бабам әдет-ғұрпы нәр алсын, атажұрттың бір уыс топырағы бұйырсын деген тілек жетелейді. Осы орайда, оралмандар мәселесіне Елбасы да, Үкімет те, сол маңызды іс басында жүрген азаматтар да зор мән беріп келеді.
Әдебиеттер:
Н.Ә. Назарбаев. Қалың елім, қазағым...-Алматы: Өнер, 1998.
Қазақ диаспорасы: бүгіні мен ертеңі. – Астана: Елорда, 2005.
Қазақ тілі және оралман / Ғылыми конференцияға қатысушылар үндеуінен/. – Алматы: Өлке, 2006.
Резюме
В статье говорится о этноязыковой ситуации находящихся в КНР наших сородичей и системе образования Китая. Также говорится о решающихся по программе «Нұрлы көш» вопросах и потоке информаций соответствующих официальным данным. Рассмотрены вопросы приспособления вернувшихся с зарубежья молодых людей к новой среде с психологической стороны, и вопросы вклада, которые они вносят в нашу экономику.
Оңтайлы әліпби
К.Қ.Аюбай,
«Тіл» оқу-әдістеме орталығының оқытушысы,
Алматы, Қазақстан
Қазір түрік және ағылшын таңбаларына негізделген екі бағыт бар. Бірінші бағыт ортақ түркі әліпбиі туыс халықтардың ынтымағына қызмет ететінін тілге тиек етеді. Бірақ ынтымақтастық әліпбиден гөрі мәдени, саяси, экономикалық, т.б. қатынас факторлары бойынша көрінетіні белгілі. Әріп таңбасы ұлттық не түркілік оқшаулауға негізделмеуі тиіс. Ақпарат беретін әріп таңбалары баршаға ортақ. Керек адам латын таңбасына негізделген кез келген әліпбиді меңгере алады. Өйткені көп ел латынның негізгі 22 таңбасын аздаған толықтырумен пайдаланады. Осы әліпбиге бес таңба (д, x, q, с, w) қосылып, 34 әріптен тұратын ортақ түркі әліпбиі құрастырылыпты. Оның түркі халықтары фонемаларын қаншалықты және қалай қамтығанын айту қиын. Бірақ бұл әліпбиді әзербайжан, өзбек, түркімендер қабылдаған жоқ. Ал түріктер болса, кезінде «ng» таңбасы жоғалтқан төл «ң» дыбысына да оралар емес. Ойға қалдыратын өнеге.
Осы ортақ әліпбиге өз тіліміз мүддесінен қарайық. Бұл әліпбиді қабылдасақ, ондағы 8 әріпті (қазіргі 9 әріп сияқты) қосымша пернеге орнатуға тура келеді. Содан интернет, ұялы телефонда «сақау» жазу үрдісі жалғаса бермек. Әрі мәтінде астылы-үстілі белгілер көз сүріндіреді. Ең бастысы, әріптердің қазақ сөзінде кездесу жиілігі ескерілмеген. Сондықтан оны төл әліпбиге қолайлы көрмедік.
Екінші бағыт негізге алған классикалық латын әліпбиінде 26 таңба бар. Пайымдап қарасақ, латын таңбаларын негізге алған елдердің ешбірі (оның ішінде түрік, ағылшын да) жаңа әліпби таңбаларын ойлап шығармаған, латын таңбалары мен белгілерін пайдаланған. Өз әліпбиіміз үшін қайсысын алсақ та, төркіні – осы латын таңбалары. Ендеше өзімізге тиімдісін, қолайлысын таңдауымыз керек. Компьютер мен ұялы телефон пернетақтасында бар ағылшын таңбаларын алсақ, қазақ әріптерін қосымша пернеге орнату машақатынан құтыламыз. Дайын таңбаларды тіл дыбыстарына бейімдеу оңай. Сонымен бірге әріптерімізді Windows операциялық жүйесі толық қабылдайды.
Тіл дыбыстарын таңбалау. Бір дыбысқа бір таңба белгілеуді ұстанамыз. Кеңейтілген латын әріптері қосымша перне талап етеді, диакриттік белгілер көзге шалына бермейді. Сондықтан бір дыбысты екі таңбамен белгілеуді тиімді көрдік. Ол үшін кейбір тілдер «g»таңбасын пайдаланады. Бірақ бұл таңба біздің тілге қолайсыз. Мысалы, «ng» қосар таңбасы қазақ тілінде қатар кездесетін «н» және «г» дыбыстарымен шатастырады. Егер оның орнына «q» таңбасының дыбыстық мәнін нөлге айналдырып пайдалансақ, ондай шатасуға ұрынбаймыз. Үндестік заңы бойынша, тіліміз «к» әрпі тұрғанда «q»-дың дыбыстық мәнін қажетсінбейді. «Q» таңбасы дауыстылардың жіңішке, дауыссыздардың ұқсас нұсқаларын көрсету үшін қолданылады. Оның өзге әріптермен («ж», «ң»-нан басқа) тіркесі түбірде ғана кездеседі. Жазуға, оқуға оңтайлы.
Біз тілдің ерекше дыбыстарын қосымша таңбалармен беруден саналы түрде бас тарттық. Өйткені әліпби ерекше дыбыстарды қосымша белгілеуге емес, тілдің төл заңдылығына, әріптің жазылу жиілігіне негізделуі тиіс. Бұл жиілік дыбысқа әріп белгілеуде ескеріледі.
Жиілігі жоғары әріптер барлық көріністе (сөздің басында, ортасында, соңында) жазылады. Олардың бәріне пернетақтадан дербес әріптер белгіленді.
Жиілігі орта әріптің басқы не соңғы көрінісі кем, бірақ қосымшада жиі кездеседі. Бұлардың ішінде «ғ», «ң», «ж» дыбыстары қос таңбамен белгіленді.
Жиілігі төмен әріптер тек сөз түбірінде жазылады, қосымшада жоқ. Бұлардың ішінде «ә», «ө», «ү» дыбыстары қос таңбамен белгіленді.
Осы жиілік бойынша әріптер былай топтастырылады.
Барлық көріністе жазылатын әріптер – а, е, ы, і, и, у, р, л, м, н, з, с, ш, п, қ, к, т; бір көрінісі кем, бірақ қосымшада кездесетін әріптер – б, ғ, г, д, ң; түбірде болғанмен, қосымшада болмайтын әріптер – ә, о, ө, ұ, ү, ж және кірме сөздерде ғана кездесетін әріптер – ф, х, в.
Әліпбиді тек қазақ оқырмандары емес, өзге тілді отандастар да пайдаланатын кез туады. Сондай жағдайға әзір болу үшін төмендегілерді де ескердік.
Кірме сөздер мен жалқы есімдерде кездесуі мүмкін «дж», «ц», «ч», «щ», «ю», «я» таңбалары «dzq», «ts», «tc», «cc», «iu», «ia» сияқты деп жазылады.
Қазіргі «һ» мен «х» дыбысы бір «х» әрпімен белгіленді.
Орыс тіліне тән «э» дыбысы өзге тілдердегідей «е»-мен жазылады. Ал «ь» және «ъ» белгілеріне керек жағдайда сәйкесінше (`) және (`) белгілері сәйкес келеді.
Бұлардың жазылуына мысал: cjnj, ini, agqa, tanq, aqke, oqner, wqnem, zqanqa, xabar, fabryka, zavod.
Әріптердің сөзде жазылу емлесі жеке қарастырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |