Тыңдалым мен айтылым
Тапсырма
1. Мәтінді мұқият тыңдаңыз. Мәтіндегі ақпаратты қолданып, көтерілген басты мәселені, автор көзқарасын анықтаңыз. Оқырман ретінде пікіріңізді жан-жақты тұжырымдап, мысалдар арқылы дамытып, дәлелдеңіз.
2. Өз жұбыңызды мұқият тыңдаңыз. Оның мәтіні, онда көтірлген мәселе бойынша маңызды деп санайтын 2 сұрақ қойыңыз. Оның мәтінінің басты идеясын анықтауға белсенді қатысып, пікіріңізді білдіріңіз.
[10]
1-мәтін
Елімізде жастардың көбеюі, әрине, көңілге қуаныш ұялатады. Еліміздің кемел келешегі болып саналатын жастар, яғни біздер, халқымыздың өсіп-өркендеуі, қоғам үшін де маңызы зор құндылықтың бірі болып саналамыз. Алайда «біздің болашағымыз» деп мақтана жүретін жастарымыздың мінез-құлқы мен тәрбиесі, олардың киген киімі мен ұстанған үлгісіне сәйкес болмай жататыны – ащы да болса, шындық. Негізгі нысанаға, алдымен, мектеп оқушылары мен арнаулы орта оқу орындарында және кәсіптік мектептерде білім алып жатқан жастарды алатын болсақ, олардың қатарында ауылдан шыққан қаракөздермен бірге қаланың «гламурный» ұл-қыздары да бар. Ауылдан келген ұяң баланың көрген өнегесі қалалықтарға қарағанда өзгешелеу болатыны да жасырын емес.
Қазақстандағы субмәдениет жастардың батыс мәдениетiне елiктеуiнен, әртүрлi сән үлгiлерiне, әуендерге қызығушылықтан туған. Эмо, гот, рэппер, рокер, байкер деген сөздер жастар үшiн таңсық емес. Елiмiзде, әсiресе, өрiмдей жастардың арасында рэппер мәдениетi кең етек жайған. Дегенмен мұндай әуендi тыңдағанда “жастарға рэп несiмен қызықты екен?” деген сұрақ туады. Сонымен бiрге бұл мәдениеттiң астарында халықтық салт-дәстүрден мақұрым, ұлттық музыка өнерiнен хабарсыз жас ұрпақтың тағдыры жатқандай.
Тағы да бір айта кететін мәселе, теледидардан толассыз берілетін кәріс, түрік сериалдары да бесіктен белі шықпаған бүлдіршіндеріміздің санасын улап жатқаны рас. Кәріс елінің атақты жас әртістерінің суреттерін қолдарына ұстап, жүректеріне басып жүрген қаракөз қыздарымыз қаншама? Кәріс жігіттеріне еліктеп, шаш өсіріп, оларды өздеріне үлгі қылып алған қара домалақ қазақтың қайран жігіттері-ай!
Өкiнiштiсi сол, сырттан енген субмәдениеттiң кең қанат жаюына жағдай жасап, есiктi айқара ашқанымыз соншалық, өз жастарымызды танымайтындай халге жеттік. Қазақтың ұлттық мәдениетіне жат киім үлгілері, қыздарымыздың тобықтан келетін белдемшелерінің тізенің үстіне көтерілуі, омырауы ашық көйлектерді киюі, батыс мәдениетінің жастардың жүрегінің төрінен орын алуынан.
Шынын айтсақ, мысықтабандап келген субмәдениеттiң елімізде дамуына шектеу қоятындай арнайы заң жоқ. Екшеп-текшейтiн, қадағалап, саралайтын, тиiмдi-тиiмсiзiн сараптап қадағалайтын мемлекеттiк орган тағы жоқ.
Сондықтан, өзін қазақпын деп санайтын және сол сөзді мақтана қуанышпен айта алатын әрбір қазақ жастары – біз бұл келеңсіз жайттарға жол бермеуіміз керек! (290 сөз)
2-мәтін
Жаңа заман көптеген дүниелердің даму шыңына жеткен, жаңа лептің бастау алған кезеңі болды. Ол тек техникалық жетістіктер, ғылыми ашылуларға ғана байланысты емес, сонымен қатар рухани, мәдени жаңашылдықтың да белең алған уақыты. Сондай заман нәтижелерінің бірі – «субмәдениет» ұғымының қалыптасуы. Бұл үрдіс көп кешікпей Қазақстанға да келді.
Жастар субмәдениеті – киген киімнен, сөйлеу мәнерінен, жаргондардан және айырықша әуестенулерден көрініс табатын үлкендер әлеміне, қоғамның ережелері мен құндылықтарына деген өзіндік қарсылық.
Субмәдениет өкілдерін, қала көшелеріне шықсаңыз, міндетті түрде көресіз және бірден танисыз. Өйткені олардың киім киістері де, өздерін ұстауы да, сөйлеулері де өзгеше. Жастар оларды көргенде «керемет» деп тамсанады, қызығып, еліктейді, ал үлкендер «жастар қайда барады?» деп күрсінеді, енді біреулер «бәрі ерекшелену үшін» деп жақтырмай жатады.
Жалпы алғанда, Қазақстандағы ресми емес қозғалыстарға белгілі бір стильдер мен бағыттардың араласып келуі тән. Соңғы жылдары музыкалық субмәениет (поп, рок, рэп), гедонистік субмәдениет (байкерлер, рейверлер және т.б.), спорттық субмәдениет (паркуршілер, сноубордшылар, скейтбордшылар) айрықша даму үстінде. Готика, эмо, анимэ табынушылары секілді спецификалық субмәдениеттің түрлері бізде бар болғанымен, Ресей және басқа да шетелдермен салыстырғанда өте сирек кездеседі.
Субмәдениет – бұл жастардың қоғамдағы әлеуметтік белсенділік алаңы. Қазіргі жастардың жеке, өзіндік өмірге – бүгінгі аса қиын және динамикалық (қозғалысты, көп сырлы) кезеңде аяқ басатындығын ұмытпауымыз керек. Оларға нағыз өмір туралы нақты кеңестер беріп, уақытында өз өмірлік тәжірибемізбен бөлісіп, олардың бастан кешіргендеріне сыйластықпен қарауымыз қажет. Буындар арасындағы түсініспеушілік, негізінен, сол кезеңнің әлеуметтік құрылымдарын, өмір тарихтарын білмегендіктен туындайды. Тарихтың белгілі бір кезеңіне қазіргі ғылыми биіктен қарап, бүгінгі түсініктер тұрғысынан саралап, дәуір психологиясын ескермей, мәселені сол заман адамдарының қандай көзқараспен танығандығын назардан тыс қалдырып жатамыз.
Ендеше, келешекте дұрыс қоғамды қалыптастыру үшiн осындай бөтен мәдениет түрiн қабылдамаудың жолын шешу керек. Керiсiнше, өзiмiздiң қазақы дiлiмiз бен мәдениетiмiзге тән ерекшелiктерiмiздi тануға тиiспiз. Ұмыт қалған салт-дәстүрiмiздi қайта жаңғыртып, дамытып, өзiмiздiң қазақ деген атқа лайық мәдениеттi, оның салаларын қазiргi жастарға насихаттау керек. (394 сөз).
Достарыңызбен бөлісу: |