Амандық, саулық, есендік, салауаттық, есен-амандық, сәлеметтік, есен-саулық, аман-саулық, аман-есендік, амандық-саулық. Сәлемдесу ұғымына қатысты синонимдік қатардың мол болуынан да ұлттық салт-сананың тереңдігі байқалады. Қазақта “Сәлем — сөздің анасы” деген мақал ұлттық таным деңгейін аңғартса керек. Амандық-есендікке байланысты мәндес сөздердің мол болуы ұлттық-танымдық ерекшелік, ал оның тілде таңбалануы заңдылық деп тұжырымдауға әбден болады. Қазақ тілінің орфоэпиялық заңдылықтарын көп зерттеп, сөйлеуде ол заңдылықтарды қатаң сақтауды мұрат тұтқан фонетист ғалым С. Мырзабеков “Қазақта арма дейтін сөз бар ма?” деген сұрақ қоя отырып, қазіргі уақытта қалай амандасып жүргеніміз жайлы сөз қозғайды. “Қазақтыққа бастайтын қарапайым да құдіретті ұғымның әліппесі сәлемнен басталады. Мұны “Қазақтың сәлемі түзелмей, – қазақтық әлемі түзелмейді” – дейтін мақалмен түйіндеуге болады. …Ауыз әдебиетінде саламат, сау-саламат дегенді кездестіргенімізбен, орфографиялық сөздігіміз мұны құптамайды. Шамасы, сөз түбірін салам деп айту сөлекет, ал сәлем тонның ішкі бауындай жақын. Содан да болар, орфографиялық сөздігіміз алғашқы (1963) басылымнан-ақ сәлем ет, сәлеметсіз бе? сәлемет болыңыз түрде жазып, айтуға қосты. Рас, екінші басылымында (1978) аз ғана түзету жасалды: сәлем ет қосылып сәлеметке айналды. Шамасы, ет – көмекші етістік емес, арабтың саламат (безопастность, благополучие) сөзінің құрамды бөлігі түрінде танылған болу керек. Сөздіктің үшінші басылуында (1988) сәлеметсіз бе? Жоқ, сәлемет пе түрде жазылған. Парсы тілінде саламат — денсаулық. Біздің Сәлеметсіз бе? Денсаулықсыз ба? болып шығады. Осыны аңғарған сияқтымыз. Көпшілік, әрине, мұны ұғына қойған жоқ. Сол сәлеметсіз бе? дегенді түрлі дыбыстық вариантта жалғастыруда. Рас, өткен жылы қолымызға тиген “Қазақша-орысша сөздікке” сенсек, сәлемет – диалект сөз. Дұрысы, саламат – здоровье. Саламатсыз ба? – Здравствуйте” [3, 29 б.].
Ғалымның сөзін түгел келтіріп отырған себебіміз, ойының толық жеткенін қалағанымыздан. Бірнеше беттен тұратын мақаланың айтары көп. Қазақ халқына тән амандасудың түрлері талқыланған бұл ғылыми мақаланың тек зерттеушілерге ғана емес, жалпы оқырман қауымға қатысының бар екені рас. Автор ақыр соңында арма, армаңыз, армаңдар, армаңыздар деп амандасуды ұсынады. Сөз орайы келіп тұрған сәтте қазақ ұғымындағы амандық-саулық сұрасудың өзі сөз деп танылғандықтан танымдық сипатының да тілдік аямен қосыла ашылғаны мақұл болған болар еді. Қайткенмен де, автордың арманынан туған арма деген амандасудың түп-төркінінің жақсылық тілеуден туғанына күмән жоқ. Амандық, саулық, есендік, салауаттық, есен-амандық, сәлеметтік, есен-саулық, аман-саулық, аман-есендік сөздерімен синонимдік қатар құрып, ұғымдық негізі бір тұлға ретінде лебізде қолданысқа ие болуына толық негіз бар.
Әдебиет:
Мырзабеков С. Статолингвистический анализ структуры глагола современного казахского языка (пo роману М. Ауезова «Путъ Абая»). АКД, А., 1973;
Мырзабеков С. Қазақ тілінің фонетикасы. А., 1993;
Мырзабеков С. Қазіргі қазақ тілі фонетикасы. А., 1996;
Қазақ тілі дыбыс жүйесіндегі дистрибуциялык пен функционалдылық. ДДА, А., 1998
Мырзабеков С. Қазіргі қазақ тілі фонетикасы. Алматы, Қазақ университеті, 1997.
Мырзабеков С. Қазақ тіліндегі дыбыстар тіркесі. Алматы, 2002, 17-бет.
Мырзабеков С. Қазақ тілінде “арма” дейтін сөз бар ма // ҚазҰУ хабаршысы, филология сериясы. – №5 (77).
Достарыңызбен бөлісу: |