2.2 XVII-XVIII ғасырлар ауқымындағы Қазақ-Ресей мемлекетаралық қатынастарының қалыптасуы мен даму ерекшеліктері
Қазақ хандығы мен орыс мемлекетінің арасындағы алғашқы ресми байланыс бірқатар зерттеушілердін пікірінше XV ғасырдың соңына қарай орнатылды. Өйткені, 1575-1584 жылдардағы «Патша архивінің тізіміндегі 38-ші нөмір бойынша қазақтың Қасым ханы мен Тюменнің Иван ханының (дұрысы Ибақ ханы) адамдарының тізімі көрсетілген кітап сақталған. Осы жөнінде орыстың әйгілі тарихшысы А. Чулошников былай деп жазады: «Осы тұрғыдан Тюмень патшасы Иванды еске ала отырып пайымдайтынымыз, бұл кісі 1481 жылы Мәскеу мемлекетімен келіссөз жүргізіп, келісім жасаған, Сібірдің ханы Ибақ екендігін айтсақ қателеспейміз және Қазақ Ордасы мен Мәскеу мемлекетінің арасындағы қатынастар да осы уақыттың маңайында орнатылған деп айтуға болады». Мұндай екі жақты ресми байланыстардың орнатылғанның өзінде, олар тұрақты емес эпизодтық сипатта болды және тікелей емес делдалдар арқылы іске асырылды, өйткені бұл кезде Қазак елі мен Орыс мемлекеті арасындағы аймақты өзара жауласушы немесе бір-біріне «қырғи қабақ» саясат жүргізген мемлекеттер бөліп жатқан еді. Сондықтан екі мемлекеттің арасындағы тұрақты байланыстар XVI ғасырдың екінші жартысында Қазан, Астрахан хандықтары жойылғаннан кейін ғана орнығып, бір қалыпқа түсті. Бұл туралы тарихи деректе былайша сыр шертеді. Осы кезден бастап орыстар қазақ жайылымдарының шекарасына екі бағытпен жақындай бастады батыста - Жайық өзенінің ағысымен және солтүстікке - Ертіс өзенінің сағаларын бойлап қозғала бастады. Сонымен бірге олардың өзара қатынастарында бейбіт, тату көршілік пен қатар жауласушылық іс-әрекеттер де байқалып отырды. 1577 жылдың көктемінде қазақтардың тұтқынынан босатылған ноғайлардың айтуынша, қазақтың ханы Хақназар мен орыстың ұлы князі Иван Грозный бейбіт келісімге келген. Араға он-шақты жыл салып, Тәуекел ханның елшісі Құлмұхаммед Мәскеуде Бұхар хандығына қарсы әскери одақ құру жөнінде келіссөз жүргізген. Сондай-ақ, қазақ хандарының ұсыныстары сол кездегі Мәскеу тарапынан оңды пікірлер ретінде қабылданып отырды, өйткені, орыстар Сібір ханы Көшімге қарсы әскери одақтас табуға өте мүдделі болды.
XVII ғасырдың аумағында әскери - саяси тұрғыдан қуаты күшейіп келе жатқан ойрат билеушілерінің Сібір қоныстарына жиі-жиі шабуыл жасауы, Романовтар әулеттен шыққан алғашқы орыс патшасы Михаил Федоровичтің қазақ билеушілері ортасынан өзіне одақтас іздеуге итермеледі. Бұл кезде орыс үкіметіне Қазақ Елі мен Орта Азия аумағындағы ең күшті, әрі ықпалды билеушілердщ, бірі - орыс деректерінде «Савран патша» (дұрысы, Сауран) деген атпен белгілі Абылай сұлтан екендігі мәлім болды. (Абылай сұлтан қазактың атақты ханы (Әбілмәнсұр) Абылайдың үлкен атасы, қазақ арасында «Қанішер Абылай» деген атпен белгілі болған еді). Онымен Ресей патша үкіметі әскери-саяси одақ жасауға талпыныс жасайды. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін сол кездегі Тобылдың әскер басшысы князь И. Куракинге мынандай мазмұндағы патша жарлығы жіберіледі: «Қазақ Ордасының «Савран патшасы» Абылаймен сауда-саттық қатынасын орнатуға қадам жасалсын, ол өз адамдарын ұлысқа жіберіп, Тобыл және басқа Сібір қалаларында, Ұлы және Кіші жүз қол астындағы адамдармен емін-еркін сауда жасауларына жағдай жасалып, кері кайтуларына ешқандай кедергі болмасын» - делінген [34].
.
Сібірдегі жергілікті орыс үкіметінің қазақ билеуші сұлтандарының тарапынан одақтас іздеуінің тағы бір себебі-ойраттар жасаған шабуылдар барысында тоқтап қалған Орта Азия иеліктерімен сауда қарым-қатынастарын қалпына келтіру мақсаты тұрды. Патша Михаил Федоровичке, князь И. Куракин Абылай сұлтанмен әскери одақ жасап және Есіл өзені жағасына жаңа қамал салуды ұсына отырып, егер де Уәли князі Есіл бойына жаңа қала салып, өзінің қол астындағы сенімді қызметшілерін орналастыратын болса, қалмақтарды бұл жерден біртіндеп ығыстырып шығаруға мүмкіндік болады, сондай-ақ, Бұхар көпестері өз тауарларын Сібір қалаларына көптеп әкеліп, баж салығы арқылы сізге көп мөлшерде пайда түсер еді, егер бұл шаралар іске асатын болса, қалмақтарды біржолата бұл өңірден ығыстыруға жағдай туады деп сендірді.
Бірақ, Абылай сұлтанмен әскери және саяси қатынастарды орнату жөніндегі патша жарлығын Сібір әскер басылары іске асырып үлгермеді. Бұхар ханы Имамқұл мен Абылай сұлтан арасындағы қақтығыс шырқау шегіне жетіп, нәтижесінде өзара шайқаста жеңіліс тауып, шаршап-шалдығып, тоналған Абылай өз иелігіне оралуға мәжбүр болады. Бұл жөнінде И. Куракинге жіберген мәліметінде Имамқұл хан былай дейді: «Абылай сұлтанды тұрған қаласынан айдап шығып, Қазақ Ордасына қуып жібердім, оның орнына Сауранда және басқа қалаларда, өзімнің адамым Тұрсын сұлтанды билеуші етіп қойдым» [34].
Жалпы алғанда, XVII ғасырдың ауқымында қазақ хандығы мен патшалық Ресей үкіметінің арасында сауда-саттық, саяси және дипломатиялық қатынастар біртіндеп жүйелі түрде қалыптаса бастады. Алайда бұл қатынастар қазақтардың көршісі Жоңғар мемлекетінің әлсіз тұсында, оның билеушілерінің тақ билігі үшін таласы мен қырқысуының өршіп тұрған кезеңінде тұрақты сипатка ие болды, өйткені олардың әрқайсысы казақ хандарының қолдауына сүйенуге мүдделі болды. Мұны бірқатар тарихи деректер айғақтайды.
Мәселен сол кезеңде саяси бытыраңқылықты бастан кешірген Жоңғар хандығының қонтайшылары Малай Донов, Чаған Аблаев 1674 жылы әрқайсысы жеке-жеке қазақ ханы Тәукеге өздеріне көмек көрсету туралы өтініш білдірген.
Жоңғариядағы саяси ақуал - Қалдан-Бошақты хан билік басына келгеннен кейін (1644-1697) күрт өзгере бастады. Ол алғашында қазақ хандығының қолдауына сүйене отырып, барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, өзін жоңғарлардың қонтайшысы деп жариялайды. Нәтижесінде Жоңғар мемлекеті алғашқы қонтайшы Батырдың билік құрған кезеңіндегі күш-куаты мен беделін қалпына келтіріп, өзара қырқысу кезіндегі жоғалтқан позициясын қайтарып алады.
Жаңа қонтайшы өз әкесінің тұсында қабылданып, басылған жоңғарлардың дала заңын толықтырып, феодалдық жер бөлінісінің жаңа жүйесін құрастырады, онда өзінің билік мүддесін іске асыру мақсатында ойраттардың бұрынғы үш ханының билігін әдейі шектеп, күш-қуатын әлсіретіп, оларды өзіне тәуелді ету саясатын жүргізеді.
Түптеп келгенде, Жоңғариядағы жаңа қонтайшының саяси сахнаға шығуы қазақ, хандығымен әскери қақтығысқа әкеліп соқтырып, қазақ-орыс мемлекетаралық тікелей қатынастарын қиындатып жіберді. Жоңғарлардың осы кезеңдегі әскери-саяси күш-қуатының нығайғандығының дәлелі - қазақ-орыс жерлерін бөліп тұрған Ертіс, Есіл, Тобыл өзендері аңғарындағы шұрайлы қоныстарды, Сарысу, Қараторғай, Талас, Шу өзендері атырабындағы қазақтың жайлы көші-қон жайылымдарын басып алып койды. Соның салдарынан қазақ хандығы мен орыс мемлекетінің арасындағы бұрыннан қалыптасқан оңтүстік-шығыс және солтүстік-батыс бағыттарындағы байланыстар үзіліп қалды. XVII ғасырдың аяғында қазақ мемлекетінің билеуші топтары Сібірдегі орыс үкіметінің өкілдігіне екі ел арасын жалғастырып тұрған жол қатынасының бекітіліп қалуына өкініш білдіріп, ресми ақпараттар жіберді және бұл жағдайды жоңғар қонтайшысының басқыншылық іс-әрекетімен түсіндіреді. Мәселен, Тобыл архивінің тізіміндегі құжаттық деректің мәтінін өзгертпей келтірсек, онда былай делінген: «А ныне степи, что шайтан объявился, друг к другу не стали ездить многие лета дороги залегли» [35]. Сондай-ак, 1690 жылы күзде Тобол патша әкімшілігінің қолына тұтқынға түскен белгілі билеуші Сары, Тобыл әскери әкімшілігі шенеуініктеріне берген жауабында былай деп мәлімдеген: «Өткен он жыл ішінде алмактын Бошақты ханы қазақтарға бірнеше рет соғыс ашып, олардың қалаларын талқандады». Тарихи фактілерге жүгінсек, бұл жерде пайымдайтынымыз, Қалдан-Бошақты ханның 1680-1681 жылдары Жәркенттіктермен соғысып, қазақ хандығымен арадағы соғыста Жәркентті жаулап алумен бастағаны туралы айтылады. Осы оқиғадан кейін орыс-қазақ қатынастарының уақытша тоқтап қалғаны белгілі.
1886 жылы Қалдан-Бошақты жоңғарлардың көп күшін жұмылдыра отырып, қазақтарға қайтара жорық жасады, бір жылдан кейін Моңғолияға бағыт алды. Осындағы қалқа тайпаларымен мықтап соғысқа кіріскен жоңғар қонтайшысы өзінің бұрынғы жаулап алған жайылымдық қоныстарына біраз уақытқа дейін оралмады. 1696 жылы жоңғар жасақтары Маньчжур әскерлерімен болған шайқаста ірі жеңіліске ұшырайды. Осы жеңілістің ауыртпалығын көтере алмаған жоңғар қонтайшысы Қалдан-Бошақты 1697 жылы уланып өледі.
Осыдан кейін ғана қазақ хандығының билеушілері Орыс мемлекетімен арадағы байланыстарды қайтадан қалпына келтіруге мүмкіндік алды. Бұл мемлекетаралық қатынастардың басы-қасында сол кезде билік құрған әйгілі қазақ ханы Әз-Тәуке тұрды. Алайда, осыған дейінгі уақытта қазақ-орыс қатынастарының жолға қойылып, жақындасуына кедергі болған басты себеп - жоңғар билеушісі Қалдан-Бошақтының шапқыншылық іс-әрекетімен байланысты болған сыртқы саяси фактордың әсері болса, ендігі жерде екі жақты қатынастардың бір қалыпты дамуына ішкі кедергілердің салқыны тие бастады. Өйткені Қазақ мемлекеті мен Ресей империясының арасындағы екі жақты қатынастардың уакытша үзіліп қалған сәттерінде Ресейдің Сібірдегі шекара шебінде қазақтармен арада бірқатар қарулы қақтығыстар болды. Бұл қарулы кақтығыстардың өріс алуына тек қазақтар жағын кінәлауға болмайды. Егер де тарихи деректердің тұжырымдарына сүйенсек, XVII ғасырда Жайық пен Сібірдегі орыс-казак қауымдастықтары тарапынан қазақ даласына жиі-жиі шабуылдар жасалып, қазақтардың ошағын ойрандап, шаңырағын шайқалтып, өздерін тұтқынға алып, малдарын айдап әкетіп отырған. Тек, XVII ғасырдың аяғынан бастап Ресей империясы қазақтарды өзінің басқыншылық отаршылдық саясатын іске асыруда алдыңғы қатардағы құм ретінде қолданып, қазақтардан тартып алынған шұрайлы жерлерге орналастырылып, мемлекет тарапынан жалақы үлестіріп, олар үшін барлық жағдайлар жасаған кезде ғана қазақ даласына жасалатын әскери жорықтар біраз саябырлады, ал қазақтар тарапынан олардың бұрыннан ата қоныстары болған шұрайлы жерлерін тартып алғаны үшін патша үкіметінің өктемдік саясатына қарсы наразылық күшейді.
Орыстың және батыстың тарихшылары көшпелі тайпаларды, оның ішінде қазақтарды да көп уақыт бойы «жабайылар», «қарақшылар», «тонаушылар» ретінде көрсетіп, өздерінің жеке мүдде-мақсаттарын іске асырып баю үшін орыс қоныстарына жиі-жиі шабуылдар жасайды деп айыптап келді. Әрине, мұндай негізсіз айтылған айыптау пікірлердің тарихи шындықка үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Өйткені, қазақтар Ресей империясының басқыншылық саясаты барысында оның казақ даласына барынша ілгерілеп кіруіне тосқауыл қоюға тиісті болды. Сондықтан, қазақ жасақтарының орыстар қоныстанған жерлерде болған қарулы қақтығыстарын «тонаушылық» әрекет деп әсте бағалауға болмайды, өйткені, бұл әрекеттер Ресей империясына қарсы күрестің сол кезеңдегі ерекшелігінен туындайтын шабуылдау - қорғаныс тактикасы сипатында болды. Осыған байланысты атап өтетін жәйттің бірі - Тәуке хан қуатты әрі алып мемлекет Ресей империясымен арадағы екі жақты қатынастарда, ең алдымен сол кезеңдегі біртұтас қазақ хандығының мүддесін, екінші жағынан қазақ қоғамының билеуші топтарының мүдде-мақсатын білдіріп, оны іске асыруға бағытталған саясат жүргізген, алыстан болжағыш, өз заманының білгір дипломаты, беделді мемлекет қайраткері болды. Тәуке хан қазақ-орыс шекаралық шебінде қазақтардың ұйымдастыруымен болған қарулы қақтығыстар барысында, бұл туралы патша үкіметі әкімшілігінде қалыптасқан жағымсыз әсерлердің, пікірлердің тігісін жатқызуға тырысып, қазақ-орыс байланыстарын бірқалыпты нығайтуға ұмтылды. Осы кезеңдегі Тәуке хан саясатының басты мақсаты-орыс-қазақ қатынастарының тиімді негізде жолға қойылып, барынша жақындасуын табанды, дәйекті түрде қолдап, осы бағытты іске асыруға тырысты. Осы мақсатпен, Тәуке хан 1686-1693 жылдар аралығында Сібірдегі патша әкімшілігіне бес рет елшілік жіберді. Алайда, оның саяси қарсыластарының ұстанған теріс бағыттарының әсерінен бұл елшіліктердің жұмысы нәтижелі болмады. Осындай елшіліктердің бірін - Қабай батыр бастап, 1690-жылы қазан айында, патша сарайына арналған тарту-таралғысын алып Тобылға келген еді. Тәукенің бұл елшіліктің алдына қойған негізгі мақсаты - Сібір әкімшілігінің алдында орыс-қазақ қатынастарын тең негізде нығайтуга мүдделі екендіктеріне Ресей жағын сендіріп, дәлелдеп қайту міндеті қойылды. Тәуке өзінің жіберген жолдауында екі ел арасындағы сауда қатынастарын кеңейту қажеттілігін, тұтқындарды босату және екі жақтың арасындағы қарулы қақтығыстарға байланысты пайда болған жағымсыз құбылыстарды түзетуге бағытталған шараларды іске асыруды қолдайтынын білдірген. Дәл осы уақытта Жамыш көлінің маңында Тобылдағы патша әкімшілігінің өкілі Павел Шарыгинмен қазақ-орыс қатынастарындағы жақындасудың жақтаушылары ретінде белгілі болған, ықпалды қазақ билеушілері Сары мен Келдінің қатысуымен екі жақты келіссөздер жүргізілді. Сары мен Келдінің алдына қойылған негізгі міндеттің бірі - Орта Азия көпестерімен делдалдық шарт негізінде Қазақ Ордасы мен Орыс мемлектінің арасындағы сауда келісіміне қол қоюды жүзеге асыру мақсаты тұрды.
Алайда, 1690-жылдың күзінде қарулы қазақ жасағының Шағын тобының орыс кәсіпшілеріне жасаған шабуылының салдарынан бұл міндеті іске асыру мүмкін болмай қалды. Онымен қоймай жергілікті патша әкімшілігіне елшілік мақсатпен барған Сары мен Келдінің саяси концепциясын біле тұра, оларды орыс адамдарының Ертістің арғы жағына алдап өткізіп тосқауылға тап қылды, деген желеумен кінәлап тұтқынға алады. Осыдан кейіш Тәуке хан Ресей патшасына хат жолдаған онда Сары мен Келдіні тұтқындаудың ешқандай негізсіз, заңсыз екендігіне орыс патшасының көзін жеткізуге тырысады. Тәуке өзінің орыс патшасына жолдаған хатында: «Адам Ата жаралғаннан осы уақытқа дейін елшілікке барғандарды ұрып бұзық адамдар ретінде ұстап, қамауға алған іс-әрекетті одан естігенім жоқ» - деп жазады [36].
Түсінбеушіліктің салдарынан болған мұндай жағымсыз іс-әрекетті түзетіп, әлі де болса қалыпты жағдайға түсіруге болады деген үмітпен Тәуке хан қазақ-орыс қатынастарына сызат түсіріп, оны бірінші болып үзуге асықпады. Келесі екі-үш жылдың барысында, Тәуке жергілікті Сібір әкімшілігі арқылы Ресей империясы жөніндегі өзінің саясатында бейтараптық бағыт ұстанатынын орыс патшасының көзін жеткізуге тырысты. Оның дәлелі ретінде Сібірдегі патша әкімшілігі қазақ елшілері Келді мен Сарыны қамауда ұстап босатпай отырған кезде де, Тәуке хан 1691 жылдың басында қазақ даласына жіберілген орыс елшілерін қамауда ұстамай, жедел түрде еліне қайтарғанын айтуға болады.
Тәуке Ресей елшілері арқылы жіберілген орыс патшасының ресми жолдау хатын қабылдады. Бұл жолдауда Ресей хаты Тәукеден шекаралық шептегі қазақтар тарапынан жасалатын «басқыншылық» әрекеттерге тосқауыл қою үшін шаралар қолдануды талап етгі.
Қазақ-Ресей мемлекетаралық қатынастарында ұсақ-түйек мәселе болмайтынын жете түсінген және шекаралық шептегі қалыптасқан жағдайды тек бейбіт жолмен, келіссөздер арқылы дұрыс шешуге болатынына анық көз жеткізіп, оған айырықша маңыз берген, Тәуке, 1691 жылдың күзінде Ұлы жүздің билеуші топтарынан құралған беделді елшілікті Ресейге аттандырды. Тәуке ханның бұл жолғы ресми елшілігінің өкілдері Тұманшы және Қабай батырлар болды. Бұл елшіліктің алдына қойылған басты мақсаттың бірі - қазақ билеушілерімен оның халқының Ресейге қатысты пікірлерінің, көзқарастарының оңды, ақ ниетті екендігіне патша әкімшілігінің көзін жеткізе отырып, қазақ-орыс қатынастарын нығайтуға мүдделі екендіктерін білдіру болды.
Алайда, Тәуке ханның оның төңірегіндегілердің жүргізген оңды көзқарастағы саясатына белсенді қадамдарына қарамастан, қазақ елшілері Сары мен Келді Ресей әкімшілігінің тұткынында ұзақ уақыт қалып коюларына тура келді, тіпті Сары туған жерден жырақта дүние салады. Дәл осы кезде қалыптасқан күрделі саяси жағдайды байыбына барып, дұрыс объективті негізде бағалай алмай, ат үсті, асығыс әрекетке барған орыс үкіметінің Тобылдағы әкімшілігі көзі тірі Кендіні Тәуке ханға қарсы қою саясатын ұстанады. Сондықтан, осы кезең қазақ-орыс қатынастарының ерекше шиеленісумен сипатталды. Өйткен себебі, қалыптасқан саяси жағдайды жан-жақты байыпты түрде талдап, объективті бага берудің орнына Сібір әкімшілігі орыс иеліктеріне қарулы кақтығыстарды тікелей ұйымдастырушы Тәуке ханның өзі деп есептеді.
1698 жылы желтоқсанда Тобылда болған Тәукенің өкілі Қалабай, Жоңғар қалмақтары осы жылдың жазында Талас, Шу өзендерінің аңғарында қазақтарға карсы әскери жорық бастап, үлкен шығын келтіргенін, соның салдарынан қазақтар жағынан бірнеше мың адамның опат болып, он мыңға жуық адамның тұтқынға түскенін хабарлайды.
Міне, осы кезден бастап Тәуке ханның, төңірегіндегі билеушілердің көпшілігі Ресейдің шекаралық шептеріне қарулы қақтығыстар ұйымдастырудың болашағы жоқтығын, оның пайдасынан гөрі шығынның зор екенін түсіне бастады. Сондықтан, қазақ хандығы мен орыс мемлекетінің арасындағы реттелмеген мәселелерді бейбіт жолмен шешуді қолдайтын басым бағыттар пайда бола бастады. Осы сәтті пайдаланған Тәуке Ресеймен арадағы қатынастарды жақсартуға қатысты жаңа қадамдар жасайды. Осындай ниетпен 1702 жылы Камышева көліне арнайы қазақ елшілігін жіберуге шешім қабылданады, алайда, оның жоңғар билеушілерінің қолына түсіп қалу қаупі бар екенін ескере отырып, аталған елшілік Ресей жеріне жіберілмеді. Өткен тарихымызды сараптасақ, жоңғарлар тарапынан болған бұл қауіптің, қазақтардың басына орнаған үлкен зобалаң - «Ақтабан шұбырындыға» ұласқанын жақсы білеміз.
Ресей мемлекетімен арадағы өзара тиімді әрі тату көршілік байланыстардың қажеттілігін жақтап, үн қосып, өз пікірін білдірген Тәуке ханның кеңесшілерінің бірі, қазақтың атақты биі - Төле Әлібекұлы болғандығын да сол кездегі Ресейдің дипломатиялық деректерінен бағамдай аламыз. Осындай бір құжатта, Әбілмәмбет ханмен кездесуге арнайы Түркістанға келген Төле би Ұлы жүз халқының да, Орта жүз, Кіші жүз сияқты Ресеймен тиімді қарым-қатынас жасауға мүдделі екендігін, қазақ халқы үшін ең басты қауіп орыстардан емес жоңғар қалмақтарынан болып тұрганын, олардың шабуылынан қорғанудың бір жолы - қуатты Ресейдің қолдауына сүйенуге болатынын емеурінімен білдіреді. Тіпті, Төле би, жоңғарлар тарапынан жойқын шабуыл басталса, өз халқын аман сақтап қалу үшін Ресей жағына үдере көшіп, қоныс аудару туралы ойлайтынын, бірақ, оның қазір мүмкін еместігін айтады. Орыстарға оңды көзқарас білдіре отыра Төле би: «Жоңғарлар қазақтарды қырып-жойып шабуыл жасаған кезде жан сауғалап кеткен қазақтардың бала-шағалары мен малдарын орыс командирлері бір жерге жинақтап, сақтап балаларын ата-аналарымен табыстырып, мал-мүліктерін тегіс қайтарып берді» - деп пікірін білдіреді.
XVIII ғасырдың басынан бастап Ресей империясының Шығыстың басқа елдерімен де өзара елшіліктер алмасу үрдісі біртіндеп жолға қойыла бастады. Атап айтқанда, 1714-1716 жылдары дворян Трушников бастаған қазақтардың Солтүстік Тибетке барған елшілігі 1719 жылы Колмаков, Сомов, Урусов бастаған Зайсан, Қара Ертісті зерттеу үшін жіберілген экспедициясы. 1713 және 1720 ж.ж. Жоңғарияға елші ретінде жіберілген Иван Чередовтың екі сапары, 1722, 1732 жылдары Унковский мен Угрюмовтардың Жоңғарияга елшілік сапарлары болды. Бұл елшіліктердің Қазақ Еліне тікелей қатынасы болмаса да, объективті түрде орыс-қазақ қатынастарының дамуына жанама әсерін тигізді. Өйткен себебі, орыс үкіметі өкілдерінің Азия мемлекеттерімен арадағы байланыстарды іске асыру қазақ жері арқылы өтетіндіктен қазақ билеушілерімен өзара қарым-қатынастың болмай қалуы мүмкін емес еді.
Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін (1715 яс.) саяси бытыраңқылыққа ұшыраған қазақ мемлекетінде жоғарғы хандық билік үшін таласып, өз ықпалдарын Ресейдің көмегімен күшейту үшін және жоңғар қалмақтары шабуылынан корғанудың басты көзірі ретінде, казақтың әр жүзінің хандары ресеймен арадағы қарым-қатынасты дұрыс жолға қоюға ұмтылыс жасады. Міне, осы кезде орыс елшілерінің қазақ жеріне, казақ елшілерінің Ресейге келіп-кетуі жиіледі. Осылардың арасынан 1716 жылы қыркүйек айында Бекболат Екешов пен Байдәулет Бөриев бастаған Қайып ханның Ресейге жіберген елшілігін және осы жылдың қазан айында Қазақ жеріне жауап сапармен келген Тобыл боярының баласы Никита Белоусов бастаған елшілікті, 1717 жылдың аяғында Әбілқайыр ханға келген Никита Белоусов бастаған елшілікті және Әбілқайырдың өзі 1718 ж. казан айында жіберген Шоба және Бағадур бастаған елшіліктерді атап өтуге болады.
Осы аталған елшіліктер қызметінің нәтижесінде Ресейдің патша әкімшілігі мен қазақ билеушілерінің арасында жоңғарларға қарсы бірлесіп күресу туралы келісімге қол қоюдың нақты мүмкіндігі пайда болған еді. Келісім бойынша қазақтар Есіл аумағында еркін сауда жасауға мүмкіндік алды. Бұл жөнінде 1717 жылдың көктемінде казақ ханы Қайыпқа Қазаннан жіберілген (бұл кезде Қазақ Еліне іргелес жатқан Ресей жерлері Қазан губерниясына қараған) ресми жолдауда былай делінген: «Егер де қазақтар жағынан сауда адамдары жіберілетін болса, жылы жүзді жағдайда қабылданып, ешқандай өкпе-ренішсіз еркін сауда жасауға мүмкіндік беріледі Және қалаларда сіздердің жаққа қандай тауарлар қажет болса, соларды сатып алып, жіберуге шектеу қойылып, тиым салынбайды».
Қазақ хандығына қатысты экономикалық саясат мәселелерінде Қазан губерниясының әкімшілігі,- кезінде Сібір әкімшілігі ұстанған позициясында болды деуге болады, яғни қазақтармен тату көршілік және одақтастық қатынастарды орната отырып, мүмкін болған жағдайда қазақтарды жоңғарларға қарсы пайдалау шараларын қарастырды. Алайда патша империясының Қазан әкімшілігі алғашқы кезден бастап өздерінің жіберген жиі жолдау-хаттарында толық болмаса да, қазақ билеушілердің орыс бөлігін Ресейдің қол астына қосып алуды және қазақ билеушілерінің бір мемлекетін айналдыруды көздеді. Мұндай пиғылды Қазан губернаторы П.С. Салтыковтың жіберген жолдауынан байқауға болады.
Қазақ даласына жіберілген орыс елшісі Федор Жилин арқылы қазақ ханы Қайыпқа мұнандай мазмұнда ұсыныс жасалды, құжаттың мәтінін өзгертпей келтірсек онда былай делінген: «знак, своей же верности прислать посыланцев своих и письменное веление с подписанием рук своих, что по закону своему правоверности своей при его пресветлейшего царского величества державе мирна жить и служить вы желаете» [37].
Бұл қатынастардың күтпеген жағдайда осылайша сипат алуы қазақ билеушілерінің есебіне мүлдем кірмеген еді. Осы жолдау-хаттың салдарынан болар, Қайып ханның төңірегіндегі белгілі және ауқатты билеушілердің бірқатары Түркістанды тастап, Сібір жағына бағыт алып, көшуге ұмтылды. Сол себепті, Ресей елшілеріне қатты ашуланған Қайып хан, оларды әртүрлі сылтаулар айтып, босатпай 1718 жылдың аяғына дейін ұстап тұрды.
1718 жылы өзінің саяси қарсыластарымен кақтығыста Қайып хан өлтірілді, бұл фактінің өзі - Тәуке хан қайтыс болғаннан кейінгі саяси бақталастықтың, бытыраңқылықтың салдарынан, орталықтандырылуға қажетті экономикалық базаның жоқтығынан, сол кезеңдегі қазақ хандары билігінің әлсіз болғандығынан хабардар етеді.
Жалпы алғанда XVII-XVIII ғасырлар ауқымындағы Қазақ хандығы мен Орыс мемлекетінің арасындағы елшілік алмасулар үлкен нәтижелерге қол жеткізбесе де, екі ел арасындағы саяси және сауда саласындағы байланыстарды кеңейтуге жол ашты. Сонымен қатар, бұл екі жақты байланыстардың география ғылымын дамытуға да үлкен үлесі болды ягни қазақ өлкесі жөнінде жаңа ғылыми деректердің аясы кеңейді.
Сонымен қатар, осы кезеңдегі қазақ-ресеи мемлекетаралық қатынастарының Тәуке хан қайтыс болғанан кейінгі қалыптасқан жағдайы мен барысы, деңгейі, мәселелері тарихи - кұқықтық құжаттарда жұтаңдау көрсетіледі. Біздің ойымызша, мұның басты себептері-қазақ мемлекетінің бытыраңқылығы салдарынан туындаған ішкі саяси дағдарыстың нәтижесі болса, екіншіден халқымызды «ақтабан шұбырындыға» ұшыратқан жоңғар шапқыншылығының басталуы бұл қатынастардың қалыпты деңгейде өрбуіне кері әсерін тигізді деп ой түйеміз. Алайда, бұл кезеңдегі қазақ-ресей қатынастары мүлдем тоқырауға ұшырады деп тұжырым жасауға болмайды. Қазақ халқының басына түскен ауыр жағдайды сезе білген Тәуке ханның орнын басқан мұрагері Қайып хан, Кіші жүздің ханы Әбілхайыр екі ел арасындағы қалыпты өзара тиімді қарым-қатынастарды орнықтыруға күш-жігерлерін аямады. Олардың мұндай накты іс-қимылдары осы кезеңде екі ел арасындағы жиі-жиі елшілер алмасу әрекетінен байқалады. Қазақ - орыс қатынасының ерекше ұлғайған тұсы Бірінші Петр билік құрған кезеңде болды. Кезінде бұл мәселеге Ұлы император ерекше көңіл бөлген болатын. Өйткені, Қазақ елінің жері арқылы Ресейдің сауда керуендері Алтайға, Орта Азия аймақтарына өтетін еді.
Ал енді оған дейін қазақ - ресей мемлекетаралық қатынастарының қалыпты, тиімді дамуына мүдделі әрі мұрындық болған Қайып ханды қысқаша таныстырып кетуді жөн көрдік:
Қазак тарихында үш Қайып хан бар. Олар туралы көп зерттеушілердің ішінде толығырақ мәлімет берген III. Уәлиханов болды. Шоқанның жіктеуінше, яғни бірінші Қайып хан Есім ханның (1598-1628) үшінші баласы. Бірінші баласы Жәңгір хан (салқам Жәнгір) (1645-1680), екіншісі Құдайменде, ал үшіншісі Қайып хан. Екінші Қайып хан әлгі Құдайменденің шөбересі. Міне, бірінші Петрмен байланыс жасаған осы Қайып хан еді. Ал үшінші Қайып хан 1745-1756 жылдары Хиуа ханы болды, ол қазақ ханы Батырханның ұлы болатын. Біздің тарихи деректерімізде осы күнге дейін Тәукенің 1718 жылға дейін хан болды, ал Қайып хан 1716-1719 жылдары тек Орта жүз ханы болды деген тұжырымдар айтылады. Осы деректерде біраз қайшылық бар. Егер Тәуке хан 1718 жылы қайтыс болған болса, неге оның есімі тарихи маңызды құжаттарда 1716 жылдан бастап мүлде кездеспейді, Тәуке хан өмірінің соңына дейін хан болды ма деген сауалдар туындайды. Себебі, осы кезеңде Орта жүз емес, бүкіл казақ ханының атынан тек Қайып ханның аты барлық кұжаттарда жазылған. Осындай нақты құжаттарға қарағанда. Қайып хан сол кезде Тәуке ханның орнына уақытша Қазақ елін басқарған деп те ой түйіндеуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |