233
«Мұнша неге қалтырадың, нәрестем?»
«Орман-патша жарқ етті бір елеспен,
Сақалы мол, тәжі қара, жайнаған», –
«Ол тұман ғой, су бетінде ойнаған».
Қалижанның аудармасы да түпнұсқаның астарлы сырын,
тынысын, жүрек лүпілін, эстетикалық сипатын үлкен шабытпен
жеткізген төл туындыдай әсер етеді. Мұнда да балладаның
әрбір кейіпкерінің – ашып айтсақ, әкенің, жас баланың, орман
патшасының – сөзі табиғи қаз-қалпында беріліп, сол арқылы
адамның мінез-құлқы, сол сәттегі үрей, қорқыныш сезімі, жан
құбылысы шынайы көрініс тапқан.
Аталмыш қазақ ақындарының екеуі де түпнұсқадан емес,
Жуковскийдің аудармасынан тәржімалағаны көрініп-ақ тұр.
Дәлдік, көркемдік жағынан келгенде екі ақын да Жуковскиймен
еркін таласып, онымен иық тіресіп, балладаның сиқырға толы түр
мен сырын бұлжытпай сақтайды.
Мысалы, Жуковский: «О нет, то белеет туман над водой»
десе, Мағжан іліп әкетіп: «Жоқ, жаным, су үстінде тұман ғой ол
ағарған», - деп өңін аудармай тәржімалайды. Немесе Жуковский:
«Дитя, оглянися, младенец, ко мне» деп жазса, мына жақтан
Қалекең тұрып: «Ей, балақай! Қара маған, кел бері», - деп қолға
ұстатқандай дәл аударады. Сол сияқты, Жуковский: «То ветер,
пронувшись, колыхнул листы» десе, Мағжан: «Жел ғой ол жаңа
оянып, жапырақты тербеткен» деп жібектей желбіретіп жібереді.
Өзіміз көп айтқан сол дәлдікке дәлел есебінде де балладаның мына
бір соңғы жолын келтірейін:
Жуковский:
«В руках его мертвый младенец лежал».
Мағжан:
«Бірақ оның қолында
Нәресте жолда өліпті»
Қалижан:
«Бірақ бала өліп қапты қолында»
Жалпы, мен бірдеңе білсем, ұлы Гетенің аруағы «Орман патша-
сын» әр кезде аударған екі қазақ ақынына риза болу керек шығар.
234
Сонымен балладаның оқиға желісі негізінен диалогқа құрылған
дедік. Түпнұсқадан баланың жас шамасын анықтау қиын. Автор
баланың әкесі және орман патшасы түпнұсқада балаға байланысты
біршама атауларға жүгінеді. Бұл атауларға балама есебінде
Жуковский мынадай сөздерді қалаған: сын молодой, малютка,
дитя, младенец. Григорьевтің таңдап алған сөздері: малютка,
мальчик, дитятко. Мағжан аудармасында сәби атаулары молырақ:
жас ұл, нәресте, бала, көзім қарасы, жаным, балақай, нәрестем,
бөбегім, балақайым.
Сол сияқты, түпнұсқадан әкенің де жас шамасын мөлшерлей
алмайсыз. Ал, Жуковский оны бірде «ездок», бірде «родимый»
деп атап келіп, бірінші шумақтың өзінде «старик» деп жіберген.
Содан келе қазақ аудармашылары да баллададағы әкенің жасын
біраз ұлғайтып, «көтеріңкіреп» жіберіп, «қарт әке», «жан ата»,
«жолаушы» (Мағжан), «балалы шал», «шал», «әкетай-ау»,
«әкежан-ау» (Қалижан) деген сөздерді қолданған. Меніңше «жан
ата», «әкетай», «әкежан», «бөбегім», «балақайым», «жаным»
сөздерін рет-ретіне қарай құбылтып қолдану арқылы қазақ
аудармашылары ұпайын жібермей, диалогқа жан бітіріп, баланың,
әкенің тебірене толқып тұрған сәттегі жан сезімін, тыныс-дірілін
мүлтіксіз жеткізген сияқты.
Ал, енді осы аудармаларда жекелеген әттеген-ай кездеспей
ме екен? Кім біледі, кездессе кездесетін де шығар. Қазақ сөзінің
құдіреті мен қадір-қасиетін терең түсініп, жан-тәнімен сезетін
талғамы биік оқушылар аударма бойынан бірен-сараңдаған
босбелбеу өлең оралымдары мен сөз тіркестерін кездестіріп
қалуы да әбден ықтимал. Олар тұрсын, тіпті, тілі, діні басқа менің
өзіме де бірерлеген дүдәмал-күдік туғызған жерлер бар. Мәселен,
әлгінде өзіміз мақтаған Мағжан аудармасындағы «сансыз қызық
көп нәсте», «ол – ақ шашты ағаштар», - деген жолдар мен «жетті
ғой-бітті ғой», «ойнар да ұшар – ұйықтатар» сынды ұйқастар маған
әлсіздеу болып көрінеді. Сол сияқты, Қалижан аудармасында да
«балалы шал» деген тіркес онша көкейге қонып тұрмаған сияқты.
Айттым ғой, мен табан тіреп таласқа түсем деп тұрған жоқпын,
тек өзімнің күдігімді ғана айттым. Бірде болмаса бірде немістің де
қателесуі әбден мүмкін ғой...
235
Шекспир мен Гетені жетік білген әйгілі ғалым марқұм Александр
Аникст: «Орман патшасы – Гете балладаларының ішіндегі
шоқтығы биік ең озығы және атақтысы», -деген еді. Сондықтан
да, өзіміз сөз етіп отырған осынау әңгіменің байыбына тереңірек
барып, ой толғар болсақ, сонау ежелгі дат жерінен осыдан бірнеше
ғасыр бұрын сапар шеккен, сан қилы, шытырман тағдырды
басынан кешкен, сонша ұзақ жолды артқа тастап, ақырында, енді
міне, қазақ топырағына келіп, екі бірдей көрнекті қазақ ақынының
шабытты қаламына ілігіп, қайта туындап, ұлттық төл шығармадай
табиғи эстетикалық сипатқа ие болуын біз, сөз жоқ, елеулі мәдени
оқиға деп қарағанымыз жөн. Және әңгімеге тиек болып отырған
осы бір ғана мысал ай мен күн астында тірлік кешкен халықтардың
тілінде әр кезде қызық та көркем шешімін тауып, төл перзентіндей
бауырласып, біте қайнасып кеткен, сондықтан да ұлт пен ұлттар
арасында үзілмей, өрбіп келе жатқан мәдени байланыс пен рухани
үндестіктің жан диалектикасының бүкіл адам баласына тән ортақ
құбылыс болып отырғанына әбден айғақ оқиға.
Автордың қатысуымен аударған
Балғынбек ИМАШЕВ
236
4.1.2 М.Әуезов және көркем аударма теориясы
7
М.Әуезовтің әдеби мұрасында көркем аударма үлкен орын
алады. Оның баспасөз бетінде тұңғыш жарияланған көркем
шығармалары да – аударма. 1918 жылы ол орыстың ұлы жазушысы
Л.Н. Толстойдың «Будда» дейтін әңгімесін аударып, баспасөз
бетінде жариялады. Содан бері өзінің күллі әдеби шығармашылық
өмірінде М.Әуезов көркем аударманы қатар алып жүрді. Одан жазу
шеберлігін үйренді, қазақтың тілі мен әдебиеті үшін жаңа дәстүр,
жаңа үлгілер әкелудің жолдарын тапты.
М.Әуезов көркем аударманы тіл әдебиеттің негізгі бір саласы
деп білген. Оны өз халқын дүниежүзілік озық мәдениетпен
жалғастыратын кең арналы сарқылмас қазына деп таныған.
Қазақ тілі мен әдебиетінің даму жолдарын зерттеген адам, енді
қай уақытта болса да Әуезовтің аудармашылық қайраткерлігіне
соқпай өте алмайды. Көркем аудармада ол қалдырған мұра
орасан зор. Және оның әрбір аудармасы ұлттық әдебиет пен
өнердің дамуы жолындағы елеулі кезең. Олардың бәрін былай
қойғанда, М.Әуезовтің қаламынан туған жәй мақала-очерктер мен
ғылыми еңбектердің бәрінде де автордың өне бойы белгілі бір
орыс сөзін немесе ғылыми терминдерді қазақша қалай деп алып,
қалайша қалыптастыруға болар екен дегендей, әр алуан нұсқада
қолданып көріп, тәжірибе жасап отырғаны байқалады. Оның бұл
тәжірибелері, зерттеудің өзі де тіл мәдениетінің дамуындағы көп
жайларды аңғартқан болар еді.
М.Әуезов – шебер аудармашы. Оның аударатын шығармаларды
іріктеп алуында да сыр бар. Сонымен қатар ол әдебиетіміз бен
тіліміздің даму кезеңдеріне қарай аударудың түрлі қағидаларын
да өз тәжірибесінде әдейі қолданып отырған. Әдебиет және тіл
зерттеу ғылымдары үшін сол қағидаларды анықтап талдаудың
да, сөйтіп, көркем аудармадағы Әуезов шеберлігінің мән-жайын
ашудың да ерекше маңызы бар.
Көркем аударманың теориялық мәселелерін талдауда
М.Әуезовтің сіңірген еңбегі ерекше. Оның бұл саладан айтқан
күрделі ойлары бүкіл Одақ көлемінде әдеби және ғылыми
жұртшылықтың пікірін оятып қана қоймай, кейбір шетел
7 «Әлем әдебиеті» альманахының 2008 жылғы № 1 санынан (3-14-беттер) алынды
Достарыңызбен бөлісу: |