ДӘУІР БИІГІНЕН КӨРІНГЕН САРДАР
Тәуелсіз Қазақстанның келешекте өз-өзіне сенімді болуы үшін, өз ұлтын бақытты етуі үшін, өз жеріне, тіліне, мәдениетіне, тарихына толыққанды иелік етуі үшін әлі де көп еңбек қажеттігін бүгінде өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Мұны түсінген ғалымдар түркі халықтарына байланысты өзекті мәселелерді жиі көтеріп, түркі дүниесінің тарихын, әдебиетін, мәдениетін насихаттауды жалғастырып келеді. Осы мәселе төңірегінде соны пікірлер-көзқарастарымен көзге түсіп жүрген көсемдер көкейкесті мәселелер төңірегінде ой қозғап қана қоймай, өзіндік қолтаңбаларымен жұртшылықтың көңілінен шығып жүр. Сол тұлғалардың бірі – Р.Бердібай десек артық болмас.
Р.Бердібайдың елу жылдан астам шығармашылық қызметінде жазған туындыларының бәрі де әдеби сын, фольклорлық зерттеулер, заманының өткір мәселелерін қозғайтын публицистика, қоғамдық істер атқару барысында мінбелерден айтылған пікірлер, симпозиумдарда, конференцияларда жасалған ғылыми баяндамалар болып келеді. Бұның бәрі қазақ халқының тарихын тануға, мәдениетін кемелдендіруге, жадын ұштауға, ұрпақ сабақтастығының сақталуына қызмет ететін туындылар деуге толық негіз бар.
Біріншіден, Р. Бердібай өмірінің жиырма жылдан астам уақытын фольклортану ғылымына арнап, өзінің басшылығымен халықтың арғы-бергі өткен өмірінің қайнар көзі – фольклорды жан-жақты зерттеуге, фольклор туралы бұған дейін айтылып келген пікірлерді тың ойлармен байыта түскен сындарлы еңбектер жарық көргені баршаға аян. Атап айтсақ, «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ тарихи жырларының мәселелері», «Қазақ фольклорының типологиясы», «Қазақ эпосы», «Фольклор шындығы», «Қазақ фольклорының тарихилығы», «Эпос – ел қазынасы», «Эпос мұраты». Бұл ғылыми жұмыстар жазылғаннан кейін Қазақстанда ғана емес, жалпы Орта Азияда жоғары бағаланып, баспасөзде фольклор тақырыбына арналған ғалымның мұндай еңбектерінің осы аймақтарда тұңғыш рет жарық көріп отырғанын атап өткеніміз абзал. Осы ғылыми еңбектер жайлы «Қазақ әдебиеті энциклопедиясында»: «Р.Бердібай түркі халықтары эпосындағы тарихи-генетикалық және тарихи-мәдени ұқсастықтарды талдап, «Дәде Қорқыт кітабы», «Манас», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Алпамыс батыр», «Маадай-Қара», «Алтын арыг» эпостарындағы ортақ сарындарды көрсетті, қазақ оқушыларына саха, хакас, тува, алтай, ұйғыр, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, татар, башқұрт, түрік, әзірбайжан, құмық, қарашай-малқар халықтарының елеулі әдеби ескерткіштерін таныстырды»[4, 169], - деп баға беріледі. Ғалымның жүйелі талдап, тиянақты зерттеуі нәтижесінде түркі халықтарының ауыз әдебиеті мұрасындағы ұқсастықтар мен сарындастықтар заңдылығын айқындайтын әдістің енді бірі – тарихи-генетикалық типология. Бұл орайда ғалым оқырманды ежелгі түркі эпостарының оқиға желісін жалаң қызықтамауға, түбі бір туыстықтың бастауларын көре білуге шақырады. «Эпикалық туындылардың түпкі мәніне қатысты, халықтардың әуел бастағы генетикалық туыстығына байланысты ғалым шығарған қорытындылардан түркі халықтарының көпшілігінде бар эпикалық аңыздардың табиғатына бойлап, қызғылықты тұжырымдар жасауға болады. Ғалымның пайымдауынша, бұл түптеп келгенде, ғасырлар бойында түрлі оқиғалардың салдарынан бір-бірінен алыстап, үзіліп қалған рухани қарым-қатынастарды қайта жалғауға септеседі» [5, 142-б]. Ұлан-байтақ Еуразияны ондаған ғасыр мекен ете жүріп, түркі халықтары небір қилы замандарды бастан кешті. Түркілердің арғы аталары болып келетін Еділ бастаған ғұндар Еуропаға билік жүргізіп, сол заманда әбден мейманасы тасыған, жоғары өркениетке қол жеткізді деп есептелген Рим империясының іргесін шайқалтып, оларды өздеріне салық төлеп тұруға мәжбүрлеген.
Екіншіден, ғалым Рахманқұл Бердібайдың зерттеушілік қызметінің негізгі салаларының бірі – түбі бірге туысқан халықтар әдебиетінің өзара байланысы. Бұл мәселе оның «Гүлстанның бұлбұлдары», «Достық кемесінде», «Сарқылмас қазына» деген кітаптарынан бастау алып, соңғы жылдары жарық көрген «Байқалдан Балқанға дейін», «Жұлдыздар жарығы», «Ел боламыз десек» атты ойы тұщымды, тілі тартымды, аса қызғылықты публицистикалық жинақтарда жалғасын тапты. Ғалымның түркі тілдерінде сөйлейтін отызға жуық ұлттар мен ұлыстардың тарихи-этникалық және мәдени байланыстарының тамырластығы жан-жақты әрі ғылыми тұрғыда дәлелді талданып, шұрайлы тілмен байыпты әңгімеленетін «Байқалдан Балқанға дейін» деген кітабын оқығанда бұған және бір көз жеткізгендей боласың.
Үшіншіден, Р.Бердібай М. Әуезовтің музей-үйінде көп жылдар бойында Алматы қалалық қазақ әдебиеті мен өнері халық университетін басқарып келген. Ол қазақ халқының ғасырлар бойындағы тарихы мен мәдениеті тақырыбына 500 астам дәріс өткізіп, дәрістерінде өзінің ежелгі тарихынан, мәдениетінен кеңірек мағлұмат алсам деген әрбір адамның жүрегіне жол тапқаны тағы бар. Халық университеті көне мәдени мұраны ғылыми дәлдікпен жұртшылыққа қайта таныстыруды алдына мақсат етіп қойған ғалым ағартушылық жұмысына әрдайым бейім тұратын әдетінен таймаған. Орхон-Енисей, Күлтегін, Білге қаған жазулары туралы дәрістер, А. Машановтың Әл-Фараби турасындағы сұхбат-сабақтары, Ә.Марғұланның оғыз-қыпшақ заманының өшпес ескерткіші "Қорқыт ата кітабы" хақындағы, қазақ ғалымы Қадырғали Жалаиридің мұрасы туралы, Ш.Уәлиханов жөніндегі сабақтары, Түрік қағанаты тұсындағы, Қарахандар билеушілігі кезіндегі, Алтын Орда, қазақ хандықтары заманындағы жазба және фольклорлық ескерткіштер, жыршылық, жыраулық, домбырашылық дәстүрлері, тізе берсе ұшан-теңіз рухани байлық көзінен халық университеті тыңдаушылары мейірлерін қандыра сусындады [6].
Төртіншіден, Р.Бердібай сын жанрын жанына серік ету арқылы туған халқының әдебиетінің зәру мәселелерін көтеріп келеді. «Әдебиет сынының көкжиегі» деген көлемді еңбегінде 1956-1997 жылдар аралығында республикалық баспасөз беттерінде жариялаған сыни мақалалары мен рецензиялары енген. Әдеби құбылыстарды, көркемдік шындық заңдылықтарын тексерген ғалымның бұл ғылыми-зерттеу мақалалары қазақ әдебиеті сынының жетістігі ретінде қабылданған деуге толық негіз бар. Ең бастысы оларда қазақ әдебиетінің бүгіні мен болашағы үшін қажетті көкейкесті пікірлер айтылады.
Бесіншіден, Р.Бердібай өз заманының шындығын публицистиканың жанрлары арқылы бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі жариялап келген жалынды журналистің бірден бірі. Мысалы, мектептерде ана тілін оқытуды жақсарту, терминологияны реттеу, қазақ фольклорының бай мұрасын насихаттау, оның көптомдығын бастырып шығару, қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізуді жолға қою, ауыл мәдениетін көтеру, орыс тілінен аударма болып шығатын газет-журналдарды дербес басылымдарға айналдыру, қазақша энциклопедия шығару, республикалық спорт мектебіне Қажымұқан атын беру, қазақша басатын машинка шығару, Әл-Фарабиге Алматыда ескерткіш орнату, мәдени мұраны игеруге байланысты республикалық комиссия құру, Ғылым академиясы құрамында қолжазба, шығыстану институттарын ашу, республикада А.Құнанбаев, М. Әуезов, С. Сейфуллин күндерін өткізу, Наурыз мерекесін тойлау, тіл мерекесін өткізу, Астана қаласында қазақ мектептерінің санын көбейту, Түркістан қаласының құрылғанына 1500 жыл емес, 2000 жыл толды деп тойлау, Түркістан қаласын рухани астана деп ресми түрде жариялау, Отырар шайқасының 850 жылдығын атап өту, Алпамыс жырының 1000 жылдығын атап өту, Түркістан халықтарының арғы-бергі мәдениеті мен тарихын таныстыратын журнал шығару, ғылымның түрлі саласындағы ізденістерді бірлестіріп, жоспарлы, жүйелі түрде зерттеулер жасайтын Орталық Азия академиясын ұйымдастыруды қолға алу туралы алғашқы бастама көтерген де осы академик Р.Бердібай болатын. Ғалымның журналистиканың жауынгер жанры публицистиканы өзінің негізгі ғылыми жұмыстарымен қатар алып жүруі – тегеурінді талант иесінің ғылыми зерттеулер жүргізудегі байыптылығын, тереңдігін, жазудағы ой-қиялының ұшқырлығын ғана емес, сонымен бірге оның педагогикалық-ағартушылық дарындылығын да көрсетеді.
Соңғы жылдары жарық көрген көпшілікке арнаған мақалаларын оқу арқылы автордың егемендік алған елінің ертеңі еңселі болу үшін атқарылар істерді көлденең тартуы заңды құбылыс. Елдік дәстүрді жастардың бойына сіңіру, діни, имандылық тәрбиесін жүйелі түрде жүргізу секілді көкейкесті мәселелерді қозғауы, аталған проблемаларды шешуге мемлекет тарапынан шын жанашырлық тұрғыдан көмек көрсетілмесе, мұның ұлтымыздың келешегіне тигізер залалының зор екенін де жасырмауы үлкен ерлікке пара-пар.
Ғалымның баспасөзде жиі жарық көріп жүрген публицистикалық туындыларынан байқайтынымыз бойындағы халқына деген шексіз махаббат, отанына деген өте күшті патриоттық сезім, арысы жалпы адамзатқа, берісі бауырлас халықтарға деген асқан мейірбандық аңғарылады.
Бүкіл адамзатқа ортақ гуманистік идеяларды бұрын-соңды жазған еңбектерінің бәрінде де ұстанып келген және оны кеңінен насихаттаған автор осы игі көзқарасын әрдайым жалғастырып отырады. Жан-жүрегі адамгершілік пен мейірбандықты қалайтын, өз халқы ғана емес, басқа халықтар да, барша адамзат та бақытты болса екен, адам адамды қанамаса екен, жауыздық біткен жер бетінен жойылса екен деп тілейтін нағыз ізгі ниетті адамның аузынан шығатын сөзді қайталайды. Осындай ізгі ниет, бауырмалдық, бір кезде тұтасып отырған, тілі де, тілегі де бір, салт-дәстүрі де ұқсас түркі жұртының заманалар желінің әсерімен бөлшектеніп кеткен, өзіндік бет-бейнесін жоғалта бастаған бүгінгі мүшкіл халіне деген жанашырлық, түрік тектес түгел бол дегендей ой желісі кітаптың өн бойынан байқалады.
Ғалымның тамырластықты іздестіру, халықтар мәдениетінің ортақ үлгілерін қарастыру арқылы ел мен елді, бауыр мен бауырды табыстыру мақсаты бүкіл шығармашылығының өн бойында өріліп жатыр. Бұл орайда ғалым түркі әлемінің терең тамырларына, сан мыңдаған жылдардың көркем естелігіне – эпикалық аңыздауларға сүйеніп ой өрбітеді, солардағы ұқсастық сарындарына баса назар аударады. Тарихтың белестерін, ескі ұғымдар мен салттардың тізбегін, адамдардың өзін, оның қоршаған орта, табиғат, қоғам туралы түсінігін ерекше тәсілмен баяндайтын аса бағалы мұра – эпос-жырларды зерттеу объектісіне айналдыра отырып ғылыми пайымдаулар жасайды.
Жалпы, Р.Бердібайдың зерттеушілік-публицистикалық туындыларымен жақынырақ танысқан әрбір адам оның сонау бір замандарда іргесі сөгілмей, айбары күшті ел болып отырған, кейін небір қилы оқиғалардың әсерімен бытырап кеткен түркі жұртының бір-бірімен байланысы нығайса, бауырлас халықтардың бір-біріне барыс-келістері көбейсе, бірінде бар игілікті екіншісі қабылдап, рухани байып, үлкен мұраттар көздеп, тізе қосып қимылдаса, дұшпанына дегенін істеткен мығым қалпын қайта тапса деген түпкі ойы мен арман-мақсатын сезінгендей болады.
Халықтарды бір-біріне айдап салу, күшпен жаулап алу, өзге елдің аумағына жымын білдірмей, мысықтабандап ену, құлдыққа бас игендерді ішке тарту, оларды дүние-мүлікпен қызықтыру, қорлыққа көнбегендерді қудалау, жазалау, жерін тартып алу, еріксіз шоқындыру тәрізді тағы басқа толып жатқан айла-шарғымен үлесін ұлғайтқан Ресейдің зымиян саясатының зардабын тартқан татар, ноғай, құмық, қарашай, малқар, қарайым сияқты түркі тілдес халықтардың өмірінен жазған мақалаларында олардың өткендегі аянышты тағдырын, кейбіреуінің бүгінгі күні жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұрған мүшкіл хәлін жанашырлықпен әңгімелейді, отаршылдардың өзге халықты жаулап алып қана қоймай, оны өзіне сіңіру не мүлде жойып жіберу үшін адам жанын түршіктіретін небір сорақылықтарға барғанын ашына жазады.
Ғалымның бұл еңбектері жөнінде кезінде белгілі әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Х.Сүйіншәлиев мынадай пікір білдірген еді: «Зерттеуші тәжік классиектері: Әбілқасым Рудаки, Омар һаям, Әбдірахмен Жәми өмірі мен творчествасы қазақ оқушылары үшін жете таныс болмай келгенін ескеріп, оларды жеке-жеке сөз етеді. Тәжік-парсы әдебиетінен алатын орындарын айта келіп, олардың Орта Азия, түркі елдер әдебиетіне ықпал етіп келгендігін айқындауға ұмтылады» [7]. Шындығында да әрбір түркі тектес ақынның шығармашылығы талданғанда жазушылардың өмірін жалаң баяндаумен шектелмей, ақындардың өз кезіндегі әдеби, мәдени ортаға тигізген әсері, кейінгі әдебиет өкілдерінің олардың дәстүрін жалғастырып келе жатқаны жан-жақты әңгімеленеді.
Ғалымның әдебиетшілікті публицистикамен шебер ұштастыра білуі, журналистік міндетті негізгі ғылыми жұмыстарымен қатар алып жүруі – тегеурінді талант иесінің ғылыми зерттеулер жүргізудегі байыптылығын, тереңдігін, зерттеулер жазудағы ой-қиялының ұшқырлығын ғана емес, сонымен бірге оның педагогикалық-ағартушылық қызметінің жемісті болғандығын дәлелдесе керек.
ҰСТАЗ ҒАЛЫМНЫҢ АБЫРОЙЫ
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Серғалиұлы Серғалиев бүкіл саналы ғұмырын тіл мен әдебиет саласына, білім мен ғылым жолына арнаған, мыңдаған шәкірттер дайындаған ұлағатты ұстаз. Бүгінгі таңда оның мыңдаған шәкірттері Қазақстанның түкпір-түкпірінде өз қызметтерін ойдағыдай атқарып жүр. Академик М.С.Серғалиев қала мен республика өміріндегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып келеді. Лингвистикалық комиссия құрамында Қазақстан Республикасы Президенттікке үміткерлердің мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін анықтайтын емтихан алуға (1998, 2005) қатысты. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ЖОО-ның үздік оқытушысы, ҚР білім беру ісінің үздігі, «Еңбек ардагері» медалының, Қазақстан ғылым мен техникасына көрнекті үлес қосқаны үшін берілген бірнеше мемлекеттік стипендиялардың иегері.
Біз адамды тәрбиелейтін тек қана мұғалім, тәрбиеші, оқытушы деп ұғамыз. Бұл да дұрыс шығар.... Бірақ адамның одан да күшті тәрбиешісі бар екенін жадымыздан шығарып алып жүреміз. Оны қоршаған табиғат, айналасындағы адамдар, өскен ортасы, әрбірден соң тілі мен діні, ділі бәрі-бәрі адамды тәрбиелеуші күштер болып табылады. Бұл туралы біздің ұстаздарымыз айтудан жалыққан емес.
Қадірлі Мырзаекеңнен Қазақ ұлтттық университетінің журналистика факультетінде оқып жүргенде дәріс алған едім. Студент кезімізде Мырзаекеңнің «Стилистика» курсынан дәріс тыңдадық. Ол кісі өзін аудиторияда жинақы ұстайтын, әр дәрісіне тыңғылықты дайындалып келетін ұстазымыз аспай-саспай байыппен оқитын дәрістерін барлығымыз конспект етіп жазып алуға тырысатынбыз. ҚазМУ-де шәкірт болып, алдынан дәріс алған жылдары бір ұққанымыз - қазақ тілінің синтаксис, стилистика мәселелерін зерттеу мен насихаттау саласында осы саланың білгірі ретінде М.Серғалиевтің көшбасшы болғаны. Өз басым осы уақытқа дейін Мырзекеңді іш тартып, туған тіліміздің шын жанашырының бірі деп, иіліп сәлем беруден әрқашан жалыққан емеспін.
Шын мәнінде өзі шәкірт болып көрмеген адам ешқашан да ұстаз болып жарытпайтыны бар. Мырзекең дәріс үстінде тек стилистиканың қыр-сыры туралы ғана мағлұмат берумен шектелмей, әлеуметтік әділеттілік, адамгершілік мәселелері туралы да өз ойларын студенттермен бөлісіп отыратын. Осы тұстарда ұстазымыз біздің ең сенімді досымыз, сыр жасырмай ашық айтатын адамымызға айналып кетіп еді. Тек білім нәрімен ғана сусындатпай, адамның жан дүниелік қасиеттеріне жататын ізгілік, әділеттілік, адамилық сияқты мәселелерді бағалау мен сол қасиеттерге жол ашуды үйреткен университет қабырғасындағы қадірлі тәрбиешімізге айналған ұстазымызға алығысымыз мол. Кейде қанша кітап, қанша оқулық оқысаң да жаныңа сіңбейтін нәрселер болады. Мырзекең өз пәнінен сабақ беріп қана қоймай, сонымен қатар тәрбиеші, адал, әділетті, шыншыл адам ретінде де студенттер арасында үлкен беделге ие болды, мұның бәрі ұстаздың студентке, аспирант, докторантқа деген сезімінде жатқанын байқау қиын емес шығар.
М.Серғалиев өзінің табиғатында артық сөйлемейтін, үнемі іздену үстінде, ой құшағында жүретін, тиісті жерінде әзіл-қалжыңнан да құр алақан емес азамат. Өзінің алдына қойған мақсатына жете білген ұстаз қазақ тіл білімінің дамуына зор үлесін қосты. Іздену үстінде жүретін ғалым тек тіл білімі ғана емес қазақ әдебиетінің өзекті мәселелеріне арнап сындар жазып, сан-салалы кітаптар да шығарды. Бұл тұста біз Мырзекеңнің байсалды да қарымды, пайымды зерттеуші екеніне көзіміз жетті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде студент болып,, қазақ тілі кафедрасының ассистенттігінен, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, факультет деканы дәрежесіне дейінгі ұстаздық-оқытушылық жолдан өткен М.Серғалиевтен үйренетін тұстар көп. 1989-1999 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазМУ жанындағы қазақ тілі мен орыс тілі мамандықтары бойынша кандидаттық, кейіннен докторлық диссертация қорғайтын мамандандырылған кеңестің төрағасы бола жүріп ондаған ғылым докторлары мен ғылым кандидаттарына күні бүгінге дейін жетекшілік жасап келеді. Бүгінгі таңда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде осындай диссертация қорғайтын диссертациялық кеңестің жұмыс істеуіне мұрындық болып отыр. Ұстаздықпен қоса көп жылдар бойы ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып келе жатқан Мырзатай ағамыз қазақ тілінің синтаксисі, лингвистикалық стилистика, тіл мәдениеті, шешендік өнер мен көркем әдебиеттің тілі мен стиліне қатысты мәселелер туралы келелі еңбектерді жарыққа шығарған білікті ғалым. «Синтаксистік синонимдер» (1981), «Қазақ тіліндегі етістікті сөз тіркестерінің синонимиясы» (1967) атты монографиялары қазақ тіл біліміндегі құнды еңбектер ретінде өзіндік орны бар.
Ғалым М.Серғалиевтің түбегейлі зерттеген тіл білімі ғылымының негізгі салаларының бірі – синтаксис. Соның ішіндегі жаңа бағыт синтаксистік құрылымдардың синонимикасы. Бұл мәселе туралы синтаксистік құрылымдардың синонимикасының құрылымдық тұрғысын, оның ішінде синонимдерді бір-бірінен айыра білу жақтарына түсінікті етіп анықтап берген ғалым бұл саладағы назардан тыс қалып жатқан проблемаларды жіктеп көрсетеді.
Стилистиканың өзекті мәселелеріне арналған еңбектерінде оның ұғымдары мен категориялары, лингвистикалық стилистиканың салалары, түрлері, олардың тілдік тұлғаларда қолданылуы, көркем әдебиеттің өзіне тән стилистикасы, тіл мәдениеті туралы терең де тың ойларды ортаға салады. Стилистикаға байланысты оқулығында тек студенттер ғана емес осы саладан дәріс беріп жүрген ғалым-ұстаздар, ізденушілер негізгі нұсқау ретінде пайдаланылуда. Көркем әдебиет тіліне қатысты еңбегінде жалпы көркем әдебиет тіліне қатысты оның негізгі ерекшеліктерін қарастыруда өзіндік жол тапқан ғалым М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, З.Шашкин, С.Шаймерденов т.б. сияқты қазақтың классикалық әдебиетінің үлгісін жасаушы ғұламалардың шығармаларына стилистикалық талдаулар жасап қана қоймай, бұл жазушылардың қандай үйренетін тұстары барын, тіл құралдарын қолданудағы шеберліктерін дөп баса білген.
М.Серғалиев мемлекеттік тілдің өрісін көтеру мәселелеріне бірнеше еңбектер арнаған, оның ішінде тіл мәдениеті, орфоэпия салаларына арнайы тоқталуы орынды. Бүгінгі таңда мемлекеттік тілге қойып отырған талап пен талғамның жоғарылығын тілге тиек еткен зерттеуші «Қазақ тілінің қысқаша орфоэпиялық сөздігі» (1996) атты кітабында тек күнделікті тіл мәдениетіне қатысты ғана емес бүгінгі таңдағы бұқаралық ақпарат құралдардағы тіл мен стиліндегі орын алып отырған кемшіліктер мен сол кемшіліктерді жою жолдарын ашып көрсетеді. Бұқаралық ақпарат құралдарында тілдік нормалардың сақталмауы, ауызекі сөйлеу тілінде пайдаланатын сөздерді журналист қауымы қолдануға жол беріп отырғандығына нақты мысалдар келтірген ғалым еңбегі көпшілік оқырманға ғана емес телерадио қызметкерлерінің игілігіне айналған. Осы тұста ғалым тіл мәдениетіне қатысты еңбектері мерзімді баспасөз тілі, теледидар мен радио қызметкерлерінің тілі, көркем әдебиет тіліндегі ұқсастықтар мен айырмашылықтар, олардың сөзді талдап, талғап қолдана білу шеберлігі, әр сөз тіркесін орынды пайдаланудың жолдарын көрсеткенде нақты мысалдармен дәйектейді. Автор әсіресе, тележүргізушілердің қазақ тілінің емес орыс тілі заңдылықтарына сүйене отырып, көпшілік алдында ақпарат тарататындығына реніш білдіреді. Бұл өте орынды және ғалым айтып отырған бұл келеңсіз жағдайлар қазақ телерадио хабарларында жиі кездесетінін мойындағанымыз ләзім. Зерттеушінің тіл мәдениеті туралы зерттеу мақалаларында көркем сөзді қолданудың озық үлгілерін даралап көрсетеді және жоғарыдағы кемшіліктерді болдырмаудың жолдары ұсынылады.
Профессор М.Серғалиевтің М.Балақаевпен бірлесіп шығарған «Қазақ тілінің мәдениеті» (1995, 2004, 2006) оқулығының «Тіл мәдениетінің салалары» тарауын жазған-ды. Осы ой-түйіндердің жалғасы іспетті «Сөз өнері» (1978), «Жазушы және сөз мәдениеті» (1983) кітаптарына тіл мәдениетінің өзекті мәселелері арқау болады.
«Кең өріс» (1983), «Сөз сарасы» (1989), «Ой өрнегі» (1995) сын кітаптары жарыққа шығып, «Уақыт және қаламгер» (1975, 1978, 1982) ұжымдық жинақтарда қазіргі әдеби өмірде болып жатқан шығармашылық процестер мен белді, белгілі қаламгерлердің шығармашылығында орын алып отырған әдеби портреттер, сол қаламгерлер сомдаған адам характерлері мен тіл шеберлігі, бейнелеу тәсілдеріндегі көркемдік ізденістерін негіз етеді. Бұл еңбектер ғалымның жазушылар шығармашыларындағы сөзді орынсыз қолданған тұстарын, грамматикалық заңдылықтарды сақтауда жіберген олқылықтарын тіл мәдениеті тұрғысынан үлкен кемшілік деп атап қоймай, нақты мысалдармен дәлелдеуі орынды.
М.Серғалиевтің публицистік шеберлігін дәлелдейтін «Өнеге» (1998, 2006) кітабында кезінде өзі тәлім-тәрбие алған ұстаздары М.Әуезов, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ш.Есенов, К.Ахметов, З.Қабдолов, Е.Букетовтермен қоян-қолтық араласа жүріп, көрген-білгендерін, алған тәлім-тәрбиесін паш етеді. Бұл кітаптың келесі бөлімінде қазақтың атақты өнер қайраткерлері С.Қожамқұлов, Қ.Жандарбеков, А.Тоқпанов сияқты кино мен театр тарландарының өнері мен өміріне қатысты мол деректерге қанығуға болады. Сонымен қоса мектеп қабырғасындағы шәкірттік жылдардың қызықты кезеңдері мен әртүрлі жылдары болған қызықты оқиғаларды көз алдымызға елестетін эсселер мен естеліктер үлкен шеберлікпен жазылған.
1995 жылы жарық көрген «Көркем әдебиет тілі» атты еңбегінің шоқтығы биік. Бұл оқу құралында көркем әдебиет тілінің ерекшеліктері мен әр жазушының стиліне тән өзіндік ерекшеліктері мен қолтаңбасы, авторлық баяндау мен кейіпкердің тілі, әр сөз зергерінің сөз саптаудағы айырмашылықтары да жан-жақты қарастырылған. Бұл кітапта тек көркем шығарма тілі мен стилі ғана емес әдеби сын еңбектердің стилі мен тілі кеңінен сөз болады. Автор Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романындағы кейіпкер даралау стилінің ерекше тұстарын дөп баса отырып, бұл шығармадағы ұлттық ділге тән қаратпа сөздерді талдаған тұстары өте қызғылықты және шығармадағы диалог, диалектизм, дөрекі сөздер туралы ғылыми дәлелдер келтіре отырып талдаудың үздік үлгісін көрсетеді. С.Шәймерденовтің «Мезгіл», Т.Әлімқұловтың «Ақбозат», Қ.Найманбаевтың «Көкем екеуміз» шығармаларындағы мәтін түзу, ондағы метафора, теңеу, қайталау мен диалог, табиғат суреттері, мінез бен бейне жасаудағы шеберліктері мен әдеби тілді байытуға қосқан үлестері сараланып берілген. Кітаптың екінші тарауында М.Әуезовтің әдеби-сын мақаларындағы өзіндік ерекшеліктері мен жазушының талап пен талғампаздығына терең үңілген. Белгілі қазақ жазушыларының романдарындағы өмір мен оның әр алуан құбылыстарының, адам мен адам арасындағы қарым-қатынастардың қамтылу деңгейін терең аша зерттейді. Қазіргі кездегі әдебиеттегі әртүрлі бағыттарға көз сала отырып, ондағы жаңа үрдістер мен жаңалық сипаттарды ашып көрсетеді. Роман ғана емес, повесть, әңгіме, новелла жанрында жазылған көркем шығармалардағы қаһармандардың бейнесінің жақсаруы мен жаңаруының белгілерін атап көрсеткен тұстары тағлымды.
М.Серғалиевтің көркем аударма саласымен айналысқан. Я.Камал, К.С.Вирх, М.А.Заряб, К.С.Дугал, В.Валаж, Ә.Қадыров, В.Лацис, В.Кожевников т.б. шетел және орыс прозашыларының әңгімелері мен новеллаларын қазақ тіліне тәржімалаған шебер аудармашы. Бұл жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударуда М.Серғалиев әдебиетке тән көркемдік ойлау жүйесін, бейнелеп сөйлеу, сөз қолдануда әртүрлі тәсілдерді оңтайлы пайдаланған. Бұл тәржімаларға қарап отырсақ басқа тілде айтылған ойдың жылпы мағынасын жеткізуден гөрі, сол әдебиетке сай көркемдік ойлау, көркемдік қуат, бейнелілік әсерін неғұлым толық жеткізуді мақсат еткені байқалады.
Қаламы қарымды ғалымның бүгінгі таңда жеті монографиясы, жеті оқу құралдары мен оқулықтары, төрт әдеби-сын кітабы, 700-ге жуық ғылыми көпшілікке арнаған мақалалары ғылыми айналымда. Бұдан басқа түрлі жинақтар мен анықтамалық, энциклопедиялық әдебиеттерде өзіндік қолтаңбасы бар ғалым әрқашанда қазақ сөзінің дұрыс қолданылуын, мәнерлілігін, қисындылығын дәлелдеген көптеген мақалалар авторы. Осы тұста біз ұстазымыз Мырзатай Серғалиевтің бірнеше қырын санамалап өткенді жөн көріп отырмыз. Біріншіден, ұстаздығы баға жетпес байлық. Мыңдаған шәкірттер тәрбиелеген М.Серғалиевтің ерен еңбегі өлшеусіз. Екіншіден, лингвист ғалымның әдеби тіл, стилистика, лингвистикалық стилистика, көркем әдебиет тілі, тіл ғылымының салаларына арнаған еңбектері туралы жоғарыда атадық. Үшіншіден, журналист ретінде де өзін танытқан ұстазымыз қоғамда болып жатқан өзгерістер мен құбылыстар туралы бұқаралық ақпарат құралдарында өзінің ой-пікірлерін әрдайым ортаға салып, жазып келеді. Төртіншіден, әдебиет сыншы ретінде танылған Мырзатай Серғалиев қазақ әдебиетінде жарық көрген жаңа туындылар мен бұрын да танымал болған классикалық шығармалар туралы өз пікірін батыл білдірумен қатар сыншылық болмысын жан-жақты таныта білді.
Азды-көпті ұстаздық қызметпен айналысқалы байқағаным: қызметте адам баласына үйретуде, ғылыммен айналысуда күй таңдамайтын ұстаздар болады. Сондайлардың сапынан Мырзатай Серғалиевті көреміз. Осы кісінің басшылығымен қазақ тіл білімі саласына, оны зерттеумен айналысуға талпыныс жасаған талай-талай ғалымдар қосылды. Сол шәкірттерінің көбісі қазір Мырзекеңмен қатар отырады, алған тәлім-тәрбиелерінің арқасында ұстаздарына ұқсап дәріс оқып, ұстаздық жолында жүргендері көп. Мырзакең ондаған ғылым кандидаттары мен докторларын әзірлеуде зор еңбек сіңірген, солардың өсіп-жетілуіне, ғылым саласының бір пұшпағын илеуіне септігін тигізген жан. Бірақ, сені оқыттым, жеткіздім, көмектестім деп айтудан аулақ ұстаз өз еңбегін ешқашан нарықтаған емес.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тіл білімі кафедрасының меңгерушсі, академик Мырзатай Серғалиев бір сәтке де өз шәкірттерінен көз жазған емес және Қазақстанның қай түкпірінен болсын Мырзаекеңнен тағылым алған мыңдаған шәкірттерін кездестіруге болады. Қазірдің өзінде ең кенже шәкірттері университеттерде дәріс оқып жүрсе, кейбірі өзіндей қалыптасқан ғалым болып профессор атанғандары аз емес. Барлығы да өз ұстаздарына ілтифатпен қарап, ардақтағанын көзіміз көріп жүр.
ТҮРК ЖҰРТЫНЫҢ ТАРИХЫ ХАҚЫНДАҒЫ ҚҰНДЫ ЕҢБЕК
Көп жылдан бері бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп келе жатқан журналист-зерттеуші Ж. Бейсенбайұлының «Арғы түрктер ақиқатының ізімен» атты еңбегі түрк халықтарының түпкі тарихына қатысты құпияларды ашуға, бұрыннан бар тұжырымдарды қайта қаузауға арналған десек артық болмайды. Кітап «Арғы түрктер ақиқатының ізімен», «Баба жұрттар болған жер» екі бөлімнен тұрады. Бірінші тарауда түрк тілдері, кіндік Азиядағы алтайлық жұрттардың ілкі тарихына қатысты археологиялық-этнотектік ишаралар, арғы түрктердің аймақтары, арғы түрктер мен арилер туралы мол мағлұматтар берілсе, екінші тарауда баба жұрттар, алаш арыстарының ізімен шет елдерге барған жолсапар жазбалары жинақталған.
Автор бұл еңбегінде түрк халықтарының ақиқатына қатысты деректері мол ғылыми ақпараттар көзіне сүйене отырып, соңғы кездегі интернет жүйесі бойынша жарияланып жүрген жаңа зерттеулерді негізге алып, ғылымда нақтыланған ұстанымдардан даусыз түйін жасап пысықтауы құнды әдіс деуге тұрарлық. Зерттеуші түрк халықтарының шығу тарихы, тегі мен түбіне қатысты мәжбүрленіп таңылған ғылыми үрдіс аясына бағынбай, осыдан 50-60 мың жылдай бұрын басталған түрк халықтарының этногенездік тамырын Жерорта теңізінен Шығыс Азияға дейін созылған жерлерді мекендегенін нақты мысалдармен дәлелдейді.
Түрк халықтарының тарихына арналған бұл еңбекте тарих, әдебиет, мәдениет мәселелерін құрғақ баяндамай, керісінше, реті келген жерлерде заманалар шежіресіне жүгініп, кейде генетика ғылымының соңғы жетістіктерін де назардан тыс қалдырмайды. «Америка үндістері – алыстан қосылған туыстар» тараушасы осы сөзіміздің айқын куәсі бола алады. Автор Америкадағы кей үндіс тілдерінің түрк тілдерімен ұқсастығына назар аудара отырып, сиу мен түрк тілдерінің туыстығына қатысты татар ғалымы А.Қаримуллин, Отто Рериг, Б Ферейро, Ж.Дюмезиль, М.Әріпжанов, Ә.Ахметов т.б. еңбектерінде сиулердің тілі ерекшеленіп, түрк тілдеріне ұқсайтынына көңіл аударғанын тілдік деректер арқылы дәйектейді. Үндіс пен түрк тілін білетін мамандардың майя, астек, кечуа халықтары тілдері мен түрк тілдеріндегі ортақтықтар еуроцентристік идеяның кесірінен бұл мәселелердің зерттелуінің кешеуілдегенін, түрк тілдерімен ұқсастық мәселелерінің кеңінен қозғалмай келген себептерін ашып береді. Түрк пен үндіс тілдерінің арасындағы жақындық белгілері дәйексіз емес екендігіне көптеген мысалдар келтіріліп, сиу, кечуа, майя тілдеріндегі морфологиялық категориялар мен лексикалық мысалдар негізінде ұқсастықтарына көңіл аудартқан ғалым соңғы жылдардағы археологиялық, палеоантропологиялық, этнолингвистикалық дәйектерге сүйене отырып ой қорытқан тұстары шындық пердесін аша түседі.
Мексикада, Орталық және Оңтүстік Америка елдерінде мекендейтін сиу-хока тілдерінде сөйлейтін 70 мыңдай, кечуа халқының саны 13 миллионды құраса, майя-астектердің халқы 2,5 миллионды құрайды екен. Азия мен Америка құрлықтарының жапсарлас өңірлерінде жүргізілген көп жылдық қазба жұмыстарының нәтижесі ақиқат дәйектерді қолға ұстатып отырғандығынан хабардар зерттеуші осыдан 45 мың жылдай бұрын Беринг бұғаз-мойнағы арқылы Азиядан қоныс аударған үндіс пен түрк халықтарының ілкі толқыны өтіп кеткенін нақты мысалдармен түсіндіреді. Осы халықтар арасындағы сабақтастықтарды зерделеген кезде тілдік, түрлік ұқсастықтарына талдау жасап, мыңжылдықтарға созылған ұлы көші-қон үдерістері барысында Азиядан келген әуелгі тілдердің көптеген диалектілерге ұшырап, бір-біріне алыстан қосылатын оқшауланған тармақтарға бөлініп кеткендігіне шүбә келтірмейді.
Ж.Бейсенбайұлы түрк халықтары мен үндістердің тілдерін салыстыра зерттеу арқылы көптеген көмескі пікірлердің мәнін ашуға талпыныс жасайды: «... тіл ғылымында еуроцентршіл көзқарас тарапынан қалыптастырылған қағида бойынша түрк тілдері бұдан 2-3 мың жыл бұрын ғана пайда болды деген қағиданы бұзу – қиынының қиыны. Егер үндіс пен түпкі түрк тілдерінің туыстығы шындық деп танылса, онда түпкі түрк тілдерінің әуелгі пайда болу тарихы ежелгі тас дәуірінің бұдан 50000-10000 ж.б. орта, соңғы палеолит кезеңдеріне сәйкес келеді ғой» [8,28-б],- деп қадап айтады.
«ДНҚ ақпараты үндістердің түпкі түрктер екенін даусыз айғақтайды» атты тараушада үндістер мен түрктердің етенелігін, түпкі түбі бір екенін дәлелдейтін бұлғақсыз деректерді автор молынан келтіреді. Америкаға қоныс аударған үндістердің ежелгі түрк қандылармен туыс болып шыққаны, ғылым мен техниканың дамыған дәуірінде тексерілген үндістер мен түрктердің тұқым-тектік ақпарат қорын анықтағанда бүгінгі екі халықтың айна-қатесіз бірдей болып шығуы кездесоқтық емес екенін түбі бір туысқандықты сырын айқындайды. Түпкі түрк пен американдық үндістердің алыс дәуірлердегі ұқсастығына қатысты ойларға олардағы көне мифологиялық сарындардың ұқсастығы да салмақты дәйек ретінде келтіріледі. Үндістер мен түрктердің генетикалық ұқсастығы қазақ даласының ежелгі тұрғындарына жақындығын автор айқын аңғарған.
Зерттеуші түркі тектес халықтардың тарихы тым әріде жатқанына айғақтарды келтірумен қатар Ресей мен Америка генетик ғалымдарының соңғы жылдардағы зерттеулеріне сүйеніп, түрк халықтарына ортақ этногенездік тарихына қатысты тың мағлұматтарды келтіріп, өз сараптауларын назарға ұсынады. Еуразия мен Солтүстік Американы мекендеген халықтардың сөйлейтін тілдерін, яғни үндіеуропалық, афразиялық, алтай-орал тілдерінің бір-бірімен туыстық байланыстары болғандығына тоқталған зерттеуші бұл тілдердің ортақ тілден өрбігендігіне нақты мысалдар келтіре отырып, тілдер арасындағы туыстық белгілерді біршама анықтайды. Түп ностра тілі мен одан өрбіген алты тілдік топқа тән лексемалардың сәйкестіктеріне қатысты мысалдарға назар аудартқан тұстары ғылыми түрде дәйектер деуге болады.
Африканың шығысы мен батысын мекендеген бушмен және готтентот жұрттардың пішіндері моңғол пішінді нәсілге ұқсайды екен де, сөйлейтін қойсан тобы тілдерінде адамзат тілінің ең алғаш пайда болған кезінен қалған архаикалық белгілер ұшырасатыны туралы тілге тиек етілген. Зерттеуші тіл ғылымындағы моногездік теорияға сүйене отырып, әуелі бір түп тіл дүниеге келіп, содан кейін ғана ілкі тіл адамдардың үздіксіз басқа қауымдармен араласуы арқасында өзгелерге ауысып отырғанын есепке алып қорытынды шығарады. Ғалым этнологиялық заңдылықтарға сүйене отырып, қауымдардың жаңа қоныстарға мекендеуін адам санының мөлшерден тыс өсуінен деп түсіндіреді. «Адамдардың белгілі бір топтары ішім-жем қамымен ілгері қарай мекен ауыстырады. Арада біраз жылдар өткен кезде сол тұяқ тепкен қоныстардың да аң-құс қоры сыр бере бастайды. Тамақ асырау мәжбүрлігі адам қауымдарының басы артық бір бөлігін тағы да жаңа аймақтарға қарай жетелейді» [8,44-б]. Әлемге таралу үдерісі Африка жерінен басталып, Азия түппіріне де бірте-бірте жылжуы ондаған мыңжылдықтарға созылғаны табиғи заңдылық. Түпкі түрктік үлесі басымдау қауымдар Каргин мұзаралық кезеңінде орнаған жұмсақ климат аясында саны өсіп, өрістерін теріскейге қарай ұзарту себебі жылы киіну мен қымтану тісілдерін меңгергеннен кейін ғана Чукотка түбегі аумағына 45 мың жылдай бұрынғы шамада жеткен. Қоректік жануарларын өкшелей қуып, жаңа құрлықтарға өздеріне таныс қоректік аң үйірлерін өкшелеп бірге аттануға мүжбүр болып отырған.
Ж.Бейсенбайұлы қаншама осындай көшіп-қону салдарынан түпкі түрк сөздері басымдау кездесетінін байқатар айғақтарды бағалай келе: «Есті адамдардың Азияның Оңтүстік батысынан басталып, Америкаға дейінгі аралықты қамтыған 30-40 мың жылдай ұзақ уақытқа созылған үздіксіз лықсып жылжуы, жаңа қоныстарды игеруі барысында түп тілдің көп өзгеріске ұшырап, әлденеше тармақтарға бөлініп, бір-бірінен алыстай беретін диалектілерге айналатыны да заңды құбылыс» [8,49-б],- дейді. Қазіргі ғылымда түп ностра тілдің және оған жақындығы бар сино-кавказ тілдерінің әуелгі өркен жайған атамекені Оңтүстік-Батыс Азия аумағы деп танып жүргені белгілі.
Адамзаттың шыққан төркіні Африка екендігі ақиқатқа айналғаннан кейін моңғолдық тұрпаттың әуелгі арғы тегінің көктеген жері – Алтай, Қытай емес, Африка құрлығы болып шыққаны, олардың бітімдерінде қазіргі моңғол тұрпаттылық нышаны байқала қоймағаны бұл зерттеуде нақты дәйектер арқылы көрсетіледі. Зерттеуші бұл қауымдардың мутациялық өзгерістерге ұшырап, көптеген ұрпақтар ауыстырғанын да қаперде ұстай отырып қорытындылар шығарады. Олардың бет-пішініндегі өзгерістер табиғат жағдайы, ауа райының ерекшеліктеріне бейімделуіне байланысты болды дей келе, антропологтардың тұжырымына сүйенеді: «... моңғол тұрпаттыларға тән көз қиығы үстінің қатпарлы болуын (эпикантус), қабақтың қалыңдығын – олар мекендеген осы континенталды қуаң аймақта ұшырасатын қатты жел, құмды борандардан көзді қорғау дағдысының қалыптасуы әсерінен туындаған ерекшелік деп таниды» [9,19-20-б]. Зерттеуші алтай тілдері тобына енетін жұрттардың бәрін тұтасымен монголоид нәсіліне жатқыза салуды жөн көрмейді. Әуелгі толқынмен келген қауымдар монголоид нышанына ауысып жатса, қазіргі қазақ жері мен одан күнгейге, күнгей-батысқа қарай Қап тауы мен Каспиидің оңтүстігіне ауысқандар еуропеоидтік қалыптарын сақтап қалғанынан да хабардар етеді.
Академик П.И.Пучков алтай тілді жұрттардың әу баста еуропеоид тектес болғанын, осы нышан түрк халықтарында сақталғаны айтады: «...моңғол, тұңғыс-мәнжүр, корей, жапон жұрттары арғы тектерінің шығысқа қарай жылжып, сол өңірде ұзақ тұрақтап қалуы барысында, олар өздерінің бастапқы еуропеоидтік белгілерін толығымен жоғалтқан» [10],-дейді.
Бұл зерттеуде жинақтаушылық мәні бар байламдар көрініс тапқаны байқалады. Зерттеуші бұған дейінгі дәйектерді зерделеу барысында зерттеушілер арасында бір-біріне қайшы пікірлердің кездесетінін ескер келе, шумер мен түрк тілдеріндегі ұқсастықтардың әуелгі төркінін көші-қон үдерістерінен деп жорамал жасайды. Арғы түрктік қауымдардың әуелден оралдық жұрттармен аралас-құралас өмір сүріп, мезолит, неолит дәуірлерінде Орта Азияда мекендегені, іргелі мәдениеттерге ұласқаны белгілі. Түрк тестестердің тамырластығығы әдет-ғұрпы, мәдениеті, рухани байланыстармен қоса, тілдік қарым-қатынастарды да жетілдіріліп отырғанын белгілі ғалымдар пікірлеріне жүгіне отырып нақтылайды.
Ж.Бейсенбайұлы түрк халықтарының арғы тарихына қатысты жаңаша қисындарды ұсына отырып, Көптау байрайындағы шұраттар мен Әму, Сыр, Зеравшан дариялары атыраптарындағы кәсіптерді анықтап, диханшылық дәстүрге қол жеткізгенін, металл қорытып, қолөнер мен сауданы дамытқанын, қалалар мен ғибадатханалар салу мәдениетінің да дамығанын, отырықшы жұрттар арасында сөздік қорларында елжелгі дәуірлердегі атаулардың да болуғанын теріске шығармайды. Шумер тілінің сөздік қорында алтай тобының, әсіресе, түрк тілдерінде бар біраз сөздер кездесетіні, бұл тілдер бір замандарда жақын болуы мүмкін деген батыл жорамал айтып қана қоймай, түрк халықтарының тілі мен шумер тілінің тамырластығына қатысты беделді ғалымдар пікірлеріне сүйене отырып, бұл тұжырымын ғылыми әдебиеттер мен энциклопедияларға арқылы нақтылайды. Шумер мен түрк тілі арасындағы қатынастарды, туыстықтың болғандығын, шумер мифологиясындағы сарындар мен тәңірілер есімдеріне де назар аудартады, ұқсастық іздерін байқайды. Шумер тілі алтай, арғы түрк тілдерінің лексикалық әсер-ықпалына көбірек ұшырауы мүмкін деген жорамал жасап, шумер тіліндегі кей сөздердің бүгінгі күні түрк тілдерінде сол мағыналарында сақталып отырғаны сабақтас байланыстардың әсері деп көрсетеді.
Ғалымның Шумерлердің теріскейден келгендігін көне әпсаналарда жырланғаны туралы пікірі Шумердің Эрех қала-мемлекетінің әміршісі Энмеркар патша туралы «Энмеркар және Аратта әміршісі», «Лугальбанда және Энмеркар» дастандарында, теріскейдеге Аратта елімен тығыз байланыс құрағаны жырланғаны баса айтылған. Шумер сөзінің шығу төркінін әріден іздегенде бұл этностың екі мың жылдай өмір сүргенін, соның нәтижесінде адамзаттың алғашқы өркениеттік орталықтарының болғанын, сына жазуының пайда болғанын, шумер тілінде алғаш оқулықтар жазылып, мектептер ашылғаны, шумерлердің ана тілі жойылғанымен, өздері семиттерге сіңісіп, аккад тіліне ауысып кеткені, ірі мемлекеттер Бабал мен Ассирия мемлекеттерінің ресми тіліне айналғаны, кейіннен семит текті арамей тіліне жұтылып кеткені жайлы пікірлері айырықша маңызды.
«Көзі қарақты зерттеушілер бұған дейін де арғы түрк тілдерінің іздері шумер жазбаларында ғана емес, осы өңірлерде ғұмыр кешкен басқа да байырғы тілдердің сілемі қалған деректерде ұшырасатынын айтып жүретін. Алайда оларға ғылыми ортада әдеттегіше мән беріле қоймай, жай сәйкестік шығар деген сыңайда қабылданып, елеусіздеу қала беретін»[8,99-б],- дей келе, Азия жерінен Тынық мұхитқа дейін ұласып жатқан, арғы алтайлық жұрттар қоныс еткен аймақтардың тілдік, этногенездік даму дәуірлерін қайта кезеңдеу мен зерттеу кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Зерттеуші этногенездік дамуды қайта кезеңдеуде түрк тілдері өз дамуында алты түрлі дәуірлеуді бастан кешкенін, ғалым өзі зерттеп отырған тақырыбы соның Алтай кезеңіне сәйкес келтінін, оның ежелгі тарихы тым әріде жатқанын, сол дәуірге қатысты кезең ауқымын нақтылай отырып, оны екі бөлікке жіктейді. Біріншісі, ностра, арғы алтай дәуірі, екіншісі, алтай дәуірі. Бұдан кейінгі кезеңді түркітанушылар Хун дәуіріне орайластыратыны айырықша маңызды. Көнешұңқыр және Ботай мәдениеттерінің ізашарлары – ілкі түрктер екені, аталған мәдениеттің бой түзеген шақтарына тән археологиялық белгілер көп болғаны, дала тайпалары ғұрпының басты ерекшеліктері тізбектеліп, әр жұрттармен ықпалдастық қарым-қатынастарға түскені жан-жақты сөз болады.
«Арғы түрктер мен Арилер» атты тарауда арғы түрктік Көнешұңқыр мен алтай-оралдық тайпалардың ұрпақтары туралы, Сынтасты-Арқайым қоныстарын тұрғызушылар, олардың үндіирандықтар деп аталу себебі, Шортанды, Терсек-Ботай мәдениеттерінің сабақтастығы туралы ғалым өз батыл жорамалдарын алға тартады. Мәселенің ақиқатына жүгінген зерттеуші Орталық Азия аумағында әуелден кең қолданысқа ие болған төл алтайлық арғы түрк тілі деп тануды нанымды көреді. Бұл еңбекте арғы түрктер ақиқатына жеке назар аударылып, бүгінгі күн деңгейінде байыпты қарастырылып, жүйелі де салмақты пікірлер айтылғанын ризашылық сезіммен айтуға болады. Кітаптың екінші бөлімінде зерттеуші-журналист туысқан түркі жұрттарына барғанда жазған жолсапар очерктері топтастырылған. Көбінде алыстағы түркі тектес елдерді, олардың тұрғындарын, сол жердің табиғатының әсемдігін, саяхаттың ерекшелігі мен кездейсоқтықтар және тағы басқа саяхатшының көрген-білгенін, қандай да болмасын қаламмен суреттеу барлық жастағы оқырман үшін қызықты баяндалады.
Жол-сапар очеркінің өз тарихы мен дәстүрі бай және қазақтың атақты жазушыларының бұл жанрда жазбағандары кемде-кем. Очеркші материалды баяндай отырып, оқырманмен тікелей сұхбаттасады, тарихи элементтерді, статистика, саясатқа көзқарасын білдіріп, өз басынан өткен оқиғаларды, сезімдерді айта алады. Жол-сапар очеркінің ерекшелігі, бір жағынан автор саяхатының фактісімен, екіншіден, тақырыппен байланысты. Осы жолсапар очерктерін жазу негізінде автордың өмірді қабылдауы анық көрінеді.
Жазушы Ж.Бейсенбайұлының бұған дейін де жазған очерктерінің күрделі эволюциясы, публицистік шеберлігінің шыңдалу кезеңдері - арнайы зерттеуді қажет ететін мәселе. Әйтсе де публицист ойынан туған әрбір очеркі өз заманының толғағын толғап, қазақ елінің көкейкесті проблемаларын алға тартуға арналып отырғанына көз жеткізуге болады.
Ж.Бейсенбайұлының жолсапар очерктеріндегі баяндауынан оқырман кең мағлұмат алады. «Парсы деген еліміз, Иран деген жеріміз» деген очеркінде қызықты деректер келтіріліп, Иранның тұрмысы мен тіршілігі, мәдениеті мен салт-санасы жайынан тосын жаңалықтар жеткізілген. Жол-сапар очеркінің құндылығының өзі осында. Дегенмен, ол бәрін бұрыннан білетін жай жеткізуші болып көрінбейді, керісінше, өзі де білуге ынтызар болғандығы сезіледі. Жазушының Түркия, Иран, Мажарстан Моңғолия, т.б. елдердің әр қаласына барғанда көргенін, ескерткіштер мен басқа да тарихи орындардағы ерекше тарихи штрихтарды, әртүрлі адамдармен дидарласқанын ретімен баяндап, мол ықыласпен жазған және очеркті оқыған оқырман саяхатшымен бірге болғандай әсер алады.
Жазушы-зерттеуші Ж.Бейсенбайұлының «Арғы түрктер ақиқатының ізімен» еңбегі түбі бір түрк халықтарын жақындастыра түсудің жолдарын қарастырған, құнды пікірлер айтылған, түрк халықтарының тілін салыстыра тексеру арқылы көртеген көмескі ұғымдардың мәнін ашуға болатынына көз жеткізеді. Бұл еңбекте дүниеде озбырлықты көп көрген түрк халықтарының өзіндік болмысы, тілі мен діні, ділін сақтап қана қоймай, еуроцентристік саясаттың зардабын шеккен түркі тектестердің ендігі тағдыры өз қолдарында екені баса айтылады. Қорыта айтқанда, Ж.Бейсенбайұлының бұл еңбекте түрк жұртының тарихи-этникалық, мәдени байланыстары мен тамырластығын ғылыми тұрғыда дәлелді талдаған, байыпты тілмен жазылған деуге толық негіз бар.
Достарыңызбен бөлісу: |