АТА – АНА БОЛУДЫ ҮЙРЕНЕЙІК..
Өркениетке қадам басқан әрбір қоғамның алға қойған мақсат міндеттерінің ең негізгісі – мемлекеттің, ұлттың келешегін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек ету. Жас жеткіншектерді тәрбиелеу ісі балабақшадан басталатыны белгілі. Осы бағытта қанатымен су сепкен қарлығаштай , өздерінің саналы ғұмырларын мектеп жасына дейінгі бала тәрбиелеу ісіне арнаған жандар аз емес. Сондай жандар - бүгінгі әңгімеге арқау болып отырған Саметова Роза Темірбекқызының басшылығымен еңбек жасап жүрген «Жас терек» бөбекжай-бақшасының ұжымы. Балабақша Қарқаралының «қарашаңырақ» білім ордаларының бірі, әрі бірегейі. Балабақшаның жарты ғасырлық өмір тарихында «тарыдай болып кіріп, таудай болып шығып», Тәуелсіз еліміздің кірпішін қаласар азаматтарды қанаттандырған тәлімгер-тәрбиешілердің ата –аналарға айтар кеңестері, берер тәлімдері баршылық.
Балабақшада оқу жылының басында өткізілген жалпы ата-аналар жиналысында ата-аналар назарына балабақшаның жұмыс жоспарлары ұсынылып, ата-аналардың пікірлері тыңдалып, ұсыныстары ескеріліп, балабақша бойынша қорғаншылық кеңесі құрылды. Психолог –маман «Сіз қандай ата-анасыз?» тақырыбында сауалнама жүргізіп, нәтижесі бойынша әр ата-анамен жекелеме жұмыстар жүргізді. Балабақшадағы атқарылып жатқан барлық жұмыстар ата-аналар назарына ұсынылып отырады.
Топтарда өткізілетін ата-аналар жиналыстары дәстүрден тыс, жаңа технологияларды қолданып, ата-аналар қызығушылықтарын оятып, балабақша беделін көтеру мақсатында түрлендіріп жүргізілетін болды. «Айгөлек» тобының тәрбиешілері А.Б.Абзалова мен А.А.Абешованың баланың өзін-өзі тануы бағытында жасалып жатқан жұмыстарды ата-аналар назарына ұсына отырып, слайд арқылы «Баланы тәрбиелеуді табиғаттан үйренейік!» тақырыбындағы көрсетілімдері ерекше әсерлі болып, топ ата-аналарының ықыласына ие болды.
«Жұлдыз» тобында тәлімгер-тәрбиеші Д.С.Ләмбекованың «Нағыз әке» тақырыбындығы дөңгелек үстел басындағы сыр-сұхбат түрінде жүргізген жұмысының тәрбиелік мәні зор болды.
«Қонжық» II-ші кіші тобының тәрбиешілері Б.Б.Бахтиярова., М.К.Кабиевалардың «Ата-ана болуды үйренейік!» тақырыбындағы панорамалық ойын – сайыстарының берері көп болды.
«Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, Қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз». Отбасындағы тәрбие әрбір отбасы мүшесінің өзін – өзі сақтау, ұрпақты жалғастыру және өзін – өзі сыйлау қажеттігінен туындайды. Отбасында адамның жеке басының қасиеті қалыптасады. Отбасының негізгі міндеттері:
1.Баланың өсіп дамуына толық жағдайлар жасау;
2.Балаға әлеуметтік– экономикалық және психологиялық қорғаушы болу;
3.Өз халқының этно-мәдениетінің тәжірибесін түсіндіру;
4.Баланың адамгершілігін дамытуға мүмкіншілік жасау.
Отбасылық тәрбиенің негізгі принциптері:
1.Өсіп келе жатқан адамға қайырымдылық және мейірімділік көрсету;
2.Балаларды отбасы өміріне енгізу, ақылшы ретінде қарау;
3.Баламен ашық және сенімділік қарым-қатынас жүргізу;
4.Талап қоюда жүйелік жасау;
5.Өзінің баласына шамасына қарай көмек жасау, сұрақтарына жауап
беруге дайын болу.
Біздің балабақшаның барлық топтарындағы ата-аналар бұрыштары үнемі жаңартылып, пайдалы кеңестермен толықтырылып отырады. Тәлімгерлер бақшаға келген жас мамандармен жұмыстарында ең алдымен әр баланың ата-анасымен тіл табысып , олардың сенімдеріне ие болуды басты назарда ұстау керектігін айтып, өздері атқарып жүрген жұмыстарын насихаттап, тәжірибелерімен бөліседі, үйретеді.
Достарыңызбен бөлісу: |