Асхана (дәмхана, мейрамхана, бар) меңгерушісі
Лауазымдық міндеттері. Қоғамдық тамақтану ұйымының өндірістік-шаруашылық және саудалық-қызмет көрсету қызметіне басшылық жасайды, өндірістік бөлімшелердің цехтар мен учаскелердің өзара тиімді қарым-қатынасын қамтамасыз ете отырып, олардың қызметін тамақты, сусындарды дайындаудың жоғарғы сапасы мен келушілерге қызмет көрсетудің жоғары мәдениетін қамтамасыз етуге бағыттайды. Өндірістік және сауда-қызмет көрсету процесін жүргізу үшін ұйымды қажетті азық-түлік тауарларымен, сонымен қатар азық-түлік емес тауарларын сату ассортиментіне кіретін тауарлармен, сусындармен уақытылы қамтамасыз етуді ұйымдастырады. Өндіріс тиімділігінің жоғарғы деңгейін, жаңа техника мен технологияны, қызмет көрсетудің прогрессивті нысандарын енгізуді және еңбекті ұйымдастыруды қамтамасыз етеді. Шаруашылық жүргізудің нарықтық әдістерін ескере отырып, қоғамдық тамақтану өніміне тұтынушылардың сұранысын зерттейді. Қызметкерлердің олардың мамандығы мен біліктілігін, жұмыс тәжірибесін, жеке басындағы қасиеттерін ескере отырып орналастыруды, сонымен қатар ұйымның сауда-қызмет көрсету қызметінде ұтымды еңбек бөлінісін ұйымдастырады. Ұйымның өндірістік-шаруашылық қызметі туралы есептің жүргізілуін және уақытылы ұсынуды ұйымдастырады, еңбекақы төлеу және ынталандырудың қолданыстағы нысандары мен жүйесінің дұрыс қолданылуын қамтамасыз етеді. Тамақ дайындау сапасына, сауда, баға қалыптастыру ережелеріне және еңбекті қорғау бойынша талаптардың сақталуына, еңбек және өндірістік тәртіптің жағдайына, өндірістік және сауда-қызмет көрсету бөлмелерінің санитарлық-техникалық жағдайына бақылауды жүзеге асырады. Қызметкерлердің медициналық тексеруден уақытылы өтуін қамтамасыз етеді және қызметтік қарым-қатынас жасау этикасының сақталуына бақылауды жүзеге асырады. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерінің, өндірістік санитария мен өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді.
Білуге тиіс: Қазақстан Республикасының қоғамдық тамақтануды ұйымдастыруға қатысты заңдары және өзге де нормативтік құқықтық актілер; өндірісті ұйымдастыру мен ұйымды, оның бөлімшелерінің мақсаттары мен қызметін басқару; қоғамдық тамақтану мен келушілерге қызмет көрсетуді ұйымдастырудың алдынғы қатарлы отандық және шетелдік тәжірибесі; жұмыс режимі, қоғамдық тамақтану экономикасы; маркетинг негіздері; еңбекақы төлеу мен ынталандыруды ұйымдастыру; Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасы; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелері; өндірістік санитария ережелері, өрт қауіпсіздігінің талаптары.
Біліктілікке қойылатын талаптар. Тиiстi мамандық бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейiнгi) бiлiмі және мамандығы бойынша жұмыс стажы кемінде 3 жыл немесе тиiстi мамандық (біліктілік) бойынша орта техникалық және кәсiптік (орта арнайы, орта кәсiптік) бiлiмі және мамандығы бойынша кемінде 5 жыл жұмыс стажы болуы тиіс.
Фотозертхана (фотоателье) меңгерушісі
Лауазымдық міндеттері. Фотозертхананың өндірістік-шаруашылық қызметіне басшылықты жүзеге асырады. Ұйым бөлімшелерінің немесе халықтың тапсырысы мен өтінімі бойынша фото жұмыстың барлық түрін уақытылы және сапалы орындауды қамтамасыз етеді. Фотожұмыстарды орындауға өтінімді қабылдау мен тіркеуді, техникалық құжаттаманың түсетін есебін және орындалған жұмыстар мен фотоматериалдар шығыны туралы есепті құрастыруды ұйымдастырады. Фотозертханамен қабылданған техникалық құжаттаманың сақталуын қамтамасыз етеді. Зертхананың жабдықта және фотоматериалдарға қажеттігін анықтайды, оларды сатып алуды белгіленген тәртіпте қамтамасыз етеді, жағдайын, дұрыс сақталуы мен пайдалануын қадағалайды. Жабдықты алдын ала тексеру мен уақытылы жөндеуді, бақылау-өлшеу аппаратурасын тексеруді ұйымдастырады. Ақауға алып келетін себептерді зерттейді, олардың алдын алу бойынша шараларды қабылдайды. Фотоматериалдарды өңдеудің анағұрлым жетілген технологиялық процестерін және режимдерін әзірлеуге және игеруге басшылықты жүзеге асырады. Жұмыстың алдынғы қатарлы тәсілдері мен әдістерін енгізу, оның сапасын арттыру және жобалық әзірлемелерді тездетіп шығару бойынша шараларды қабылдайды. Фотожұмысты орындау кезінде зертхана қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін, өндірістік санитария ережелерін, өрт қауіпсіздігінің талаптарын сақтауын қадағалайды.
Білуге тиіс: фото және фото көшіру жұмыстарын орындау техникасы бойынша Қазақстан Республикасының заңдары және өзге де нормативтік құқықтық актілер, әдістемелік материалдар; фотосурет түсіру және өңдеу ережелері; фотозертхана жабдығының құрылғысы және пайдалану ережелері; жұмыста қолданатын фотоматериалдар және олардың техникалық сипаттамасы; тапсырысты рәсімдеу, есепке алу және беру тәртібі; еңбекті ұйымдастыру негіздері; маркетинг негіздері; алдыңғы қатарлы тәжірибе; Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасы; ішкі еңбек тәртібінің ережелері; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелері; өндірістік санитария ережелері, өрт қауіпсіздігінің талаптары.
Біліктілікке қойылатын талаптар. Тиiстi мамандық (біліктілік) бойынша орта техникалық және кәсiптік (орта арнайы, орта кәсiптік) бiлiмі және тиісті мамандығы бойынша жұмыс стажы кемінде 1 жыл немесе орта білімі және мамандығы бойынша жұмыс стажы кемінде 3 жыл болуы тиіс.
Шаруашылық меңгерушісі (әкімшілік-шаруашылық жұмыс жөніндегі менеджер)
Лауазымдық міндеттері. Ұйымды немесе оның құрылымдық бөлімшелерін жабдықтау және шаруашылық қызмет көрсету бойынша жұмысты басқаруды жүзеге асырады. Шаруашылық құралдардың сақталуын, қалпына келуі мен толықтырылуын, сондай-ақ үй-жайларда және іргелес аймақта тазалықтың сақталуын қамтамасыз етеді. Үй-жайлардың жағдайларын бақылайды және оларды уақытылы жөнделуі бойынша шаралар қабылдайды. Қызметкерлерді кеңсе құралдарымен және шаруашылыққа қажетті заттармен қамтамасыз етеді. Қызмет көрсету персоналының жұмысына басшылық жасайды. Қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін, өндірістік санитария ережелерін, өрт қауіпсіздігінің талаптарын сақтауын қамтамасыз етеді.
Білуге тиіс: ұйымға шаруашылық қызмет көрсетуге байланысты Қазақстан Республикасының заңнамалық және нормативтік құқықтық актілері; қызмет көрсету персоналының еңбегін механикаландыру құралдары; үй-жайларды пайдалану ережелері; еңбекті ұйымдастыру негіздері; Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасы; ішкі еңбек тәртіп ережесі; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелері; өндірістік санитария ережелері, өрт қауіпсіздігінің талаптары.
Біліктілікке қойылатын талаптар. Тиiстi мамандық (біліктілік) бойынша орта техникалық және кәсiптік (орта арнайы, орта кәсiптік) бiлiмі және шаруашылық қызмет көрсету бойынша жұмыс стажы кемінде 1 жыл немесе жалпы орта білімі және шаруашылық қызмет көрсету бойынша жұмыс стажы кемінде 3 жыл болуы тиіс.
Экспедиция меңгерушісі
Лауазымдық міндеттері. Экспедиция жұмысына басшылық жасайды. Түсетін жүктерді, құжаттар мен хат-хабарды қабылдау, өңдеу, жіберілуге тиіс жеріне жіберу, олардың сақталуын және тиісті мекенжайына уақтылы жеткізілуін ұйымдастырады. Экспедиция арқылы келіп түсетін жүктер мен құжаттарды алып жүру бойынша нұсқаулық жасайды. Ораманың (буманың) сақталуын және ілеспе құжаттарға сәйкес ішкі салымының болуын тексеруге қатысады, қажет болған жағдайда – жетіспеушілікті немесе бүлінуді анықтау бойынша актілер жасауға қатысады. Экспедиция қызметкерлерін еңбекті механикаландыру құралдарымен, керек-жарақпен, арнайы жабдықпен қамтамасыз ету шараларын қабылдайды, дұрыс пайдаланылуын және техникалық жарамдылық жай-күйін тексереді. Көліктің қажетті түрлерінің болуын, дұрыс тасымалдаудың ұйымдастырылуын, жүктердің, құжаттар мен хат-хабардың орналастырылуын және жайғастырылуын, қабылдау-тапсыру құжаттарының дұрыс ресімделуін бақылайды. Есеп жүргізу, белгіленген есептемені жасау, жеткізу мерзімін сақтау туралы анықтама дайындау жұмыстарын ұйымдастырады. Жүктерді, құжаттар мен хат-хабарды тасымалдау кезінде сақтаудың қажетті режимін қамтамасыз етеді. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерінің, өндірістік санитария ережелерінің, өрт қауіпсіздігінің талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.
Білуге тиіс: Қазақстан Республикасының іс қағаздарын жүргізуді ұйымдастыруға қатысты заңнамалық және нормативтік құқықтық актілері; ұйымның құрылымы; хат-хабарды өңденудің әдіс-тәсілдері; іс қағаздарын жүргізуді ұйымдастыру; тиеу-түсіру жұмыстарын ұйымдастыру; жүкті қабылдау және тапсыру тәртібі; жүктерді негізгі жеткізушілердің, олардың қоймаларының мекенжайлары; жүктерді қабылдау және жеткізудің құжаттарының нысандары және оларды ресімдеу ережесі; көлікке қойылатын талаптарды құрастыру тәртібі, экспедицияланатын материалдарды тасымалдау, қоймаға салу және сақтау ерекшеліктері; жүктерді, құжаттар мен хат-хабарды жіберушілер мен алушыларды тіркеу тәртібі, олардың жеткізілуіне бақылау ұйымдастыру; белгіленген есептеме; еңбекті механикаландыру құралдары; арнайы жабдықтар мен керек-жарақтар; экономика, еңбекті ұйымдастыру және басқару негіздері; Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасы; ішкі еңбек тәртіп ережесі; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелері; өндірістік санитария ережелері, өрт қауіпсіздігінің талаптары.
Біліктілікке қойылатын талаптар. Орта техникалық және кәсiптік (орта арнайы, орта кәсiптік) бiлiм, жұмыс стажына талап қойылмайды немесе жалпы орта білім және экспедитор лауазымында жұмыс стажы кемінде 1 жыл болуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |