Біздің мекен-жай: Қазақстан Республикасы, 100008, Қызылорда қаласы, Әйтеке би көшесі, 29 «А» 8 (7242) 26-15-46 , факс: 8 (7242) 26-27-14, E-mail: www.korkyt.kz
1.2. Университет кітапханасы
Университеттің кітапхана қоры 2 175 849 дананы құрайды.
Кітапхана гуманитарлық, ғылыми, техникалық және т.б. салалар бойынша 300-ге жуық атау қазақстандық және ресейлік мерзімді басылымдарды жаздырып алады.
Университеттің оқу ғимараттары мен №5 жатақханада орналасқан кітапхана бойынша 5 оқу залы, 4 абонемент, ақпараттық-библиографиялық бөлім және 3 электронды зал пайдаланушыларға қызмет көрсетеді.
Кітапхананың электрондық ресурстары 7 000 данаға жуық СD-ROM дискілер, аудиокассеталардан тұрады. Оптикалық дискілерде электрондық шығармалардың қоры - бұл мультимедиалық үйретуші бағдарламалар, заңға сүйенген деректер қорлары, экономика, тарих, философия, тіл білімі және басқа электронды оқулықтардың жинағы.
Кітапхана «KazSoft» компаниясы құрастырған «КАБИС-2.1» (Қазақстандық автоматтандырылған кітапхана-ақпараттық жүйесі) бағдарламасымен жұмыс жүргізеді. Кітапхананың мәліметтер базасын қалыптастыру, пайдаланушылардың қашықтағы ақпарат ресурстарына еркін, жедел қол жеткізуін қамтамасыз ету, заманауи технология негізінде ақпараттық қызметтің тізбесін көбейту, оқытушы-профессорлардың еңбектерінің библиографиялық мәліметтер базасын жасау жұмысы қолға алынған. Университеттің электронды кітапханасының қоры жасақталуда. Сонымен қатар әлемдегі танымал Thomson Reuters, Springer, Elsevier компаниясының Scopus, электронды-кітапхана жүйелері «Лань» және «Университетская онлайн библиотека» және отандық электронды кітапханалар РМЭБ (Республикалық жоғары оқу орындары аралық кітапхана) мен КазНЭБ (Қазақ ұлттық электронды кітапхана) деректер базаларын пайдалануға мүмкіндік жасалған.
Кітапхана түрлі техникалармен жабдықталған: компьютерлер, принтерлер, сканер, мультимедиа, аудио-бейне, DVD-аппараттары, телевизор, көшірме аппараттары.
Пайдаланушылардың Интернетке еркін кіру мүмкіндігі бар.
Кітапхананың компьютерлік паркі 70 дананы құрайды.
Кітапхананың негізгі және алға қойған міндеттері:
ҚР білім және ғылым министрлігінен келген құжаттарды негізге алып, университеттің ақпараттық қажеттілігін есепке ала отырып, анықтама-ақпараттық қорды толықтыру;
университеттің бейініне және кафедралардың ғылыми көзқарасына байланысты басылымдарды насихаттау жұмысының түрлері мен әдістерін жетілдіру;
оқырмандарға толық, сапалы, нәтижелі қызмет көрсетуді қамтамасыз ету;
кітапханалық маркетингті кеңінен енгізу;
қорды сақтауды қамтамасыз ету;
кітапхана кадрларын дайындауға және біліктілік деңгейін көтеруге ықпал ету;
кітапханалық – ақпараттық инновациялық жұмысты жетілдіру.
Кітапхана мәдениет пен рухани байлықтың ошағы болғандықтан университетте сала мамандарын дайындауда, студенттерді патриоттық сезімге және адамгершілікке тәрбиелеуде ғылыми-техникалық кітапханасы үлкен рөл атқарады. Бұл тұрғыда университетте өткізілетін көпшілік іс-шараларға кітапхана қызметкерлері белсене ат салысып отырады.
Кітапханашылар жұмыс тәсілінің әр түрлі формасын басшылыққа ала отырып, университет оқытушы-профессорларымен бірге әртүрлі кештер, конференциялар, дөңгелек үстелдер және басқа да іс-шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған.
Кітапхананы пайдаланудың жалпы ережелері :
Кітапхананы университет студенттері, оқытушылары мен қызметкерлері пайдалануға құқығы бар.
Кітапхананың негізгі түрлері ақысыз қызмет көрсетіледі. Университет ректоры бекіткен тізбектер мен прейскуранттарға сәйкес қосымша ақылы қызметтер көрсетіледі. Ақылы қызметтерге мыналар жатады: құжаттар көшірмесі, әдебиеттерді түнге алу, компьютерлік теру, Интернетке шығу.
Әдебиет үйге абонементтерде беріледі. Соңғы немесе бір ғана дана, сондай-ақ «міндетті дана» белгісі бар дана үйге пайдалануға берілмейді. Оқу залында әдебиетті залдан шығару құқығынсыз пайдалануға болады.
Оқырмандарды кітапханаға жазу үшін төмендегідей құжат қажет:
қызметкерлерге – жұмыс орнынан анықтама немесе төлқұжаты;
оқушыларға – университетте оқитынын дәлелдейтін құжат немесе анықтама.
Оқырманға кітапхананы пайдалану құқығын иемденетін бірыңғай оқырман билеті, оқырман формулярлары толтырылады. Кітапханаға жазылар кезде оқырман оның қағидаларымен танысып, оны орындау жөніндегі міндеттемесін оқырман формулярына қол қоюымен растайды.
Оқырман билетінің қолданылу мерзімі – бір жыл. Кітапхана жыл сайын өзі белгілеген мерзімде оқырмандарды оларға жазылған әдебиетінің бәрін көрсетуімен қайта тіркеуден өткізіп, оқырман билетін ұзартады. Қайта тіркеуден өтпеген оқырмандарға кітапхана қызмет көрсетпейді.
Оқу орнынан кетерде оқырмандар өзіне жазылған басылымдар мен оқырман билетін кітапханаға қайтарады.
Кітаптарды, басқа баспасөз туындылары мен материалдарды алар кезде оқырмандар басылымды мұқият тексеріп шығады. Қандай да бір ақау табылған жағдайда ол жөнінде кезекші кітапханашыға мәлімдейді. Олай болмаған жағдайда кітапты бүлдіргені үшін басылымды соңғы пайдаланған оқырман жауап береді.
Пайдалану қағидасын бұзған немесе кітапханаға зиян келтірген оқырмандар қолданылып жүрген заңдарда, кітапхана жарғысы мен оны пайдалану қағидасында көзделген нысанда әкімшілік, заттық немесе қылмыстық жауапқа тартылады. Кітапхана қорынан алынған кітаптарды, басқа да баспасөз туындылары мен материалдарды жоғалтқан немесе оған орны толмас зиян келтірген кәмелетке толмаған оқырмандар үшін жауапкершілікті оны қадағалаушы ата-анасы, асыраушысы тартады.
Басылымды жоғалтқаны немесе бүлдіргені үшін жауапты оқырман оны дәл сондай басылыммен немесе оның көшірмесімен, немесе кітапхана құны бірдей деп тапқан басылыммен алмастырады, ал алмастыру мүмкін болмаған жағдайда оның шынайы нарықтық құнын өтейді.
Достарыңызбен бөлісу: |