Академик Ќ



жүктеу 1,64 Mb.
бет2/16
Дата19.11.2018
өлшемі1,64 Mb.
#20662
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

Секция 1

Тарих және археология

История и археология
Аманкелдінің батыр бабалары

1916 жылғы халық көтерілісінің ер жүрек көсемі, Орталық Қазақстанда кеңес өкіметін орнатушылардың бірі қазақ халқының асқан ірі мемлекет қайраткері Аманкелді Иманов Қыпшақ руынан шыққан. Қыпшақ руы Кеңестер одағындағы түрік-татар тектес халықтардың ұйтқысы болған және түрік тұқымдас елдердің ішіндегі ең іргелісі және жауынгер еді.

Аманкелді батыр шыққан Бегімбет тұқымы Қыпшақ руының ең жақсы жауынгерлік салтын тура сақтап дамытып отырды.

XIX ғасырдың бірінші жартысында болған Кенесары Қасымов бастаған қазақ халқының патша өкіметіне қарсы ірі көтерілісі кездерінде Бегімбетте екі мыңнан аса үй бар екен. Олар, қазақ халқының көп заманғы тарихының бесігі саналған Ұлытаудың төңірегінде Қараторғай, Сарторғай өзендерінің сағасын мекендеді. Бегімбет руы өзінің көсемі Иманның (Аманкелдінің бабасы) басшылығымен Қенесары көтерілісіне алдымен қосылды; патша жендеттерінің, қырғыз манаптарының, қазақтың өз ішіндегі шонжар байларынан шыққан опасыздардың өзара ауыз жаласып, бірлесіп күш жұмсауымен көтеріліс басылған кезіне дейін, Бегімбет тұқымы сол азаттық жолындағы ұлы күрестің мандай алдындағы жауынгері болды.

Аманкелдінің бабасы Иман батыр көтерілістің ең таңдаулы, қайратты көсемінің бірі бүтін көтерілістің жолбасшысы Кенесарыныңда ең жақын, сенімді серігі еді. Халық ауызындағы аңызды әңгімелерге және сол көтеріліске қатынасқан ақындардың поэмаларына қарағанда, Қенесары Иманның жауынгерлік өнері мен тәжірибесін аса жоғары бағалаған. Иман қатынасып, ақыл бермеген жерде Кенесары көтерілістің тәсілі мен басшылығына аса керекті жұмыстар жөнінде өздігінен белгілі бір тоқтам билік айта алмаған. Сөз түйінін әрқашан Иман шешеді екен: сондықтан Қенесары Иман батырды қатты құрметтеп, «Иман келді аман келді» дейді екен. Халықтың есінде сақталып келген бұл сөздердің мәнісі: көтеріліс кезінде Иман бастаған іс пен жорықтар әрқашан абыройлы, жеңісті болғанын андатады. Бұл тамаша тарихи мәтел сөздің кейіннен Аманкелді батырға ат болып кетуі де тегін емес. Бұл арада ел әңгімесі батыр мен оның еркіндік сүйгіш жауынгер бабасының арасындагы тарихи және рухани жақындықты айырықша атап көрсететін сияқты. Аманкелдінің өзінің фамилиясына, қазақтың көпшілігінің әдеті бойынша, туған әкесінің атын алмай, бабасы Иманның атын алуында да үлкен мән бар; осының өзінде де, Аманкелді өзінің туған халқының бостандығы, тәуелсіздігі үшін өмірін пида еткен атақты бабасын ұмытпастай есіне сақтап, оның тарихи ерлік істерін айырықша құрметтегендігі көрінеді.

Кенесары көтерілісіне Бегімбет тұқымымен бірге Иманның балалары: Бердалы, Ержан, Балық, Үдербай да (Аманкелдінің әкесі) қатынасады. Бердалы мен Ержан екеуі Иман батырмен бірге 1847 жылғы көтерілістің соңғы дәуіріндегі ауыр соғыста ерлікпен қаза табады. Балық пен Үдербай көтеріліс басылып, Кенесары мен Иман тұтқынга түсіп өлгеннен кейін, Бегімбеттің аман қалған азғана үйлерімен қаншама апатқа, қорлыққа душар болып Алатау алабынан өзінің туған мекені Торғай даласына қайтып келеді.

Осылардың барлығы жас Аманкелдіге көп әсер етеді. Жүре келе, оның халық намысын көздеген саяси көсем, айбынды батыр болып шығуына себепші болады. Бала күнінде Аманкелді Кенесары қозғалысына тура қатысқан өз әкесі Үдербай мен қарт ағасы Балықтан Қенесарының ерлік жорығы жайында әңгімелерді көп естіп, көп тындайды. Бір асқанға бір тосу деп ұғынған жас батыр Аманкелді өз елінің азаттығы үшін күрескен ерлік дәстүрін ту қылып ұстап, халқының арман тілегі үшін жанын қиятын ізгі батыр, кемеңгер басшы болып шығады. 1916 жылы өзінің батыр ата-бабаларының салтын қолданып елден бұрын дабыл қаққан, елді көтеріліске бастаған айбарлы қолбасшы осы Аманкелді болды. Аманкелді көтеріліске әзірленген елдің күш-куатын бір жағынан қазақ даласына қанды шеңгелін салып, құлданып отырған патша өкіметіне қарсы жұмсаса, екінші жағынан қазақ елінің өз ішіндегі жаулары байлар мен сұлтандарға қарсы жұмсайды. Бірақ, Аманкелді батырлық салтын өзінің ата-бабасынан үйренді дегенмен, мұның ісі олардан әлдеқайда өзгеше, кең, терең жатады. Аманкелді шын кемеңгер көсем болғандықтан, өз халқының азаттық күресін енді бұрынғыдай ұлттық көлемде, от басы, ошақ қасында жүргізуден ешқандай нәтиже шықпайтынын терең ұғынады. Сондықтан, ендігі жерде күреске түскен қазақ халқы өзінің ойлаған мақсатына жетуі үшін ең алдымен ұлы орыстың жұмысшы табы мен шаруасына арқа сүйеп, солармен білек қосуы қажет деп білді. Соның үшін ол 1917 жылы қазақ халқын кеңес өкіметін жақтауға үндеді. Оған кеңес өкіметінің жұмысшы табы мен шаруа өкіметі екенін түсіндіреді. Тек түсіндірумен қанағат етіп отырмай, қазақ даласында кеңес өкіметін орнату жолында батыл күрес жүргізді.

Аманкелді Иманов өз заманының мақсатын дұрыс түсініп, қазақ халқын тарихи даму жағынан адаспайтын ең дұрыс жолға салды. Қазақ елін Ленин-Сталин партиясының ісін сүюге шақырды және Ленин-Сталин партиясының еңбекші елді құлдықтан азаттыққа жеткізетін және бүкіл адам баласының бақытты өмір сүруіне кең жол ашатын ұлы күш екеніне көзі жетті, Аманкелді қазақ елін ұлы орыс, Кеңестер одағындағы тағы басқа туысқан елдермен достық бірлігін нығайтуға шақырды. Социалистік отанды көзінің қарашығындай қадірлеп, шексіз сүйе білуге, оны қандай жаудан болса да жан аямай қорғай білуге шақырды. Халық қозғалысының батыр көсемі, мемлекет кемеңгері болған Аманкелді Имановтың шолпан жұлдызындай айырықша нұрланған бір тарихи тамаша ұлы сипаты осы.
Ер Едіге

Сөз басы

Едіге батырдың әңгімесін Шоқан Уәлиханов бірінші рет 1841 жылы Аманқарағай округіндегі «Көрлеуіт қыпшақ» табынан шыққан Жұмағүл дейтін ақынның аузынан естіпті. Осы Жұмағұлдың сөздерін тағы да заты қыпшақ Арыстанбай дейтін ақынның сөзімен салыстырып, әкесі Шыңғыс пен Шоқан екеуі 1842 жылы Едіге батырдың әңгімесін қағаз бетіне түсіріпті. Артынан бұл әңгімені Шоқан орыс тіліне де аударған;. Шоқан өлгеннен кейін, артындағы қағаздарын қарастырған Мелиоранский деген профессор 1905 жылы «Едіге бидің» әңгімесін қазақ тілінде бастырыпты. Бірақ Мелиоранскийдің бастырған «Едігесінің» аты қазақша болса да, заты ноғайшаға жуықтаңқыраған түрі бар. Мұның үстіне әңгіме ішінде келетін түрлі толғаулардың да, аяқ алысы тасырқаған малдың тұяғынша, сандыраққа айналыңқырағаны көрінеді. Бұған айыпты, әрине, Шоқан да, Мелиоранскийде емес. Әңгімені бірінші рет аққа көшірген «Ахмет» дейтін ноғай мен өткен ғасырдағы қазақ жақсыларының бойындағы «кітапша жазу» «ноғайша сөйлеуді» сән көретін әдет қана болуына керек.

Ел аузындағы ескі сөздер ғылымға үш негізден маңызды деп білеміз:

1) олардың ішіндегі қазіргі буынға мүлде жат көрініп, ұмытылып бара жатқан қазақтың ескі сөздері көп кездесіп отырады. Бұл «тіл сақтау», «тіл байыту» жақтарынан үлкен бағалы нәрсе;

2. Ескі сөздердің ішінде келетін толғаулар кебінесе шебер, кестелі түрмен жасалады. Бейнешілдік, кендік, суретшілдік жақтарынан алғанда қазақ ескі толғауларының кейбіреулері әлі күнгеше жаңа ақындардың көбіне үлгі болуға жарамды. Бұл әдебиет жағынан маңызды нәрсе. Және осы күндерде « Әдебиет қай жолмен баруына керек!» деп қойылып жүрген сұрауды ел аузындағы ескі сөздер қағаз бетіне түсіп, қазақ әдебиетінің тарихи-табиғи бағыттары әбден айқындалмай көмескі тұрған кезінде дұрыс шешілуі қисапсыз қажет деп айтуға болады.

Ескі сөздердің ішінде қазақ жұртының өткен кездегі тұрмысы, салт-санасы, әдеттері көп суреттеліп отырады. Бұл тарих жағынан қымбат нәрселер. Бірақ, әзіргі кезде ел көпшілігінің жалпы салт-санасының өзгеруімен қатар, ескі сөздің көбіде елеусізденіп, көп аузында ұмыт болып бара жатқан сияқты. Сондықтан осы кездегі әр жерде жасалып жатқан «Аймақ тану» ұйымдарының қазақ ішіндегі істейтін нысаналы жұмыстарының ең алды елдің ауыз әдебиетін жинап алудың шаралары болуына керек. Әйтпесе, қазақ жұрты да, әзіргі татарлар сияқты, енді біраздан кейін әдебиетінің деректерін «орхон жазуларынан» іздеп жүруіне мүмкін. Шоқан бастап жиған осы Едіге батырдың әңгімесін де тарих, тіл, әдебиет жақтарынан қарағанда қазақ ескі сөздерінің ішінде маңызды орын алуға лайық деп білетіндігім үшін оның жыр уәзіндері мен толғауларын тізіп, жазу түрін қазақшаландыруды дұрыс деп таптым.

Ел аузында тарап жүрген Едіге туралы тағы да сорабтар бар шығар. Солардың бәрі де тегіс жиналып қағаз бетіне түссе, Едіге батырдың толық сыны сонда айқындалар еді. Әзірше тек төмендегі аз сөзбен тоқтауға тура келеді.

Едіге әңгімесі қазақтың нағыз ескі жалпақ тілімен жазылған. Сондықтан ішінде әзіргі буынға жұмбақ көрінерлік жат сөздер де жоқ емес. Мысалы: «Қет-құдай» («күйеу» деген сөз) «жыға», «кіреуге», «бартал» сияқты сөздер. Өзінің беретін сынында Шоқан: «бұл әңгімеде бір ауыз бөтен жұрттан алынған кірме сөз жоқ» дейді. Онысын рас деуге де болады. Өйткені, әңгіме ішіндегі кездесетін кірме сөздердің бәрі де пішіндерін бұзып қазақшаланып кеткен. Мысалы: Шатемір Сатемір: бай тақыт, байтақ сияқтылар.

Тарих жағынан алғанда, Едіге батырдың әңгімесі XIV ғасырдың ішінде басталуы керек. Ол кезде «қазақ» елі өз бетіне жеке отау тігіп, «қазақ» атын киіп, айдар тақпаған мезгіл. Бір шеті Алтай мен Тянь-Шань, екінші шеті Балқан тауларының Шығыс бөктері аралығындағы ұлан байтақ жерде түрлі түрік қауымдарының ерікті, бұланды көшпелі өмірмен ерсілі-қарсылы жөңкіліп жүретін мезгілі. Бұл қауым үлкен үш ордаға бөлінетін: Ақорда, Көк орда, Алтын орда. Ұлы хан Алтын ордада тұратын. Әңгімеде келетін Тоқтамыс осы Алтын орданың ең соңғы ханы. Сатемір хан әлемді қанға бояған атақты Ақсақ Темір, оны орыстар кейде Тимур, кейде Темірлан деп атайды. Ақсақ Темір мен Тоқтамыс басында дос болыпты. Достығының себебі былайша: XIV ғасырдың аяқ шенінде Көк орданы билейтін Орыс дейтін хан болған. Оның қол астына қарайтын Толой (Домпауыл) дейтін сұлтан Орысханмен бақкүндес болып, қыпшақ жұртын ыдырата береді екен. Осы Толойдың баласы Тоқтамыс әкесі өлгеннен кейін, Орыс ханынан есесін алу үшін өз еркімен Ақсақ Темірге бағынып, күш-көмек алады. Орысханды жеңіп, Көкорданы иемденеді. Мұнан кейін, 1380 жылы Кулико соғысында Алтын орданың батыры Мамай орыс жұртының князі Дмитрий Донской дейтіннен жеңіліп қалған соң, Мамайдың әлсіздігін пайдаланып, Тоқтамыс Алтын орданы өзіне қаратқан. Сонымен, Тоқтамыс ханның тұсында бүкіл «Дешті қыпшақ» түгелімен бір адамның уысына кірген екі орданы жеке иемденген, Тоқтамыс баққа мастанып, Ақсақ Темірді мұқату үшін әскер жинап, 1388 жылы Түркістан жағына қарата шеру тартады. Сол жолында 1389 жылы жаз Темірдің қолымен түйлесіп, жеңілгеннен кейін, еліне қайтқан. Тоқтамыс сынды «өзі қойған текешігінің» көрсеткен мұндай қоқанын көтере алмай, ашуына мінген Ақсақ Темір 1391 жылы жер қайысқан қолымен Алтын ордаға жөнелді. Сол жылы Еділ жиегіндегі Сарай қаласының жанында Тоқтамыспен кездесіп, жасалған үлкен соғыстан кейін, Тоқтамыс байтағын тастай, бас арашалай қашқан. 1392-1394 жылдарда Темір қызылбастармен соғысып жүрген мезгілінде Тоқтамыс қайта қол жиып, Түркістанға баруга бет алады. Бірақ, жолшыбай 1395 жылы Кавказ тауларының етегіндегі «Терек» өзенінің бойында «Қандырша» деген жерде Темірге жолығып, тағы да жеңіліп еліне қашқан.

Ақсақ Темір бұл жолында Тоқтамысты хандығынан біржола түсіріп, Алтын орданы Қойраджік дейтін ханға сыйға тартып кеткен. Елінен айрылған Тоқтамыс тентіреп, Литва князі Ойтопыт дейтінге барып, оның көмегімен қайта еліне келе жатқан жолында 1406 жылы өлтірілген. Тоқтамыстан кейін, Алтын орда көп кешікпей Қазан, Астрахан, Қырым, Ноғай, Өзбек атты жеке хандықтарға бөлінген. Әңгімеде Тоқтамыс жалғыз «ноғайлы» жұртының ханы делінеді. Бұл тарихи қателік. Тоқтамыс Едігеден қашып, байтағымен қоштасқандағы сөзін:

Ормамбет би өлгенде,

Он сан ноғай бүлгенде.

Саназар батыр жауынан,

Жаралы болып келгенде

Алашты алаш болғанда,

Алаша хан болғанда... - деп бастайды.

Бұл жерде де тарихи қателік бар. Бірінші сөз ішінде келіп отырған. Ормамбет хан (шын аты ұлы Мұхамбет) Тоқтамыстан көп кейін туған адам. Бұл Ормамбет заманында ноғайлыдан туған басқа да дешті қыпшақтағы түрік қауымдарының өзіне хандығын жүргізіп, 1449 жылы өлген. Екінші Саназар (қазақша аты Ақназар) дейтін хан XVI ғасырда болған қазақ жұртының ханы. Бұл Тоқтамыстан 150 жыл бертінде шыққан адам болуы керек. Өйткені, Семен Мальцов дейтін орыстың елшісі 1569 жылы орыстың патшасына берген баяндамасында «осы жылы Ташкент қаласын қазақ жұртының ханы Ақназар қамап жатыр еді дейді. Үшінші, Тоқтамыстың соңғы сөздеріне қарағанда «қазақтан» көрі Алаш ұраны қазақ емес, онан басқа, мысалы өзбек, ноғай, башқұрт сияқты дешті қыпшақтан шыққан басқа түрік ұран болуына лайық.

Алаш-алаш болғанда,

Алаша хан болғанда,

Қазақ-қалмақ, ноғайлар

Бәрі сонда бір болған.

Ынтымағы жарасып,

Айдын көлдей дүр болған,

Еділ-Жайық, Оралды,

Өрлей, қойша жайылған.

Хан Жәнібек өлген соң,

Тоқтамыс, Темір болған соң,

Ел ішіне жік түсіп,:

Үш бөлек боп айырылған.

Қазақ, ноғай құбылады,

Мұсылманға жай тартып,

Дін үшін қатты қайғырған.

Қалмақ, монғол бөлініп,.

Кәпірлігі білініп,

Қүн шығысқа қайырылған,

Шын бұғыдай сонда деп,

Алтайды мекен жай қылған, деген сияқты ескі өлендер, тегінде, Алаша хан деп ел аузы атақты Шыңғыс ханды айтып жүруі де мүмкін.

Әңгіме Қара Қыпшақ Қобыландыны, арғын Қара қожа батырды Едігемен замандас етіп көрсетеді. Олай болса, соңғы батырларда дербес қазақ жұртына емес, дешті қыпшақтағы басқа түрік қауымдарына да жалпы ортақ батырлар болуы керек. Мұнда қанша шындық бар? Ол көмескі... Едіге мен Тоқтамыстың арасында жасалған араздықты да әңгіме бұрып айтады. Тарихи Едіге түріктің «Қоңырат» руынан шыққан. Тоқтамыс байтағының сол жақтағы ұлыстарын билеген «әмірлерінің» бірі болған. Араб тарихшыларының сөзіне қарағанда (бин-арабша, Жаннаби), Тоқтамыс пен Ақсақ Темірдің арасындағы жанжалға ту баста Едіге себепші болса керек. Едігенің сүйенгені Орыс ханының баласы «Құтлұқ Темір» дейтін сұлтан болып, екеуі қосылып, Тоқтамыспен 15 қайтара шеп құрып, соғысыпты. Кейбір соғыста Тоқтамыс та жеңіп жүрген. Әйтсе де, 1399 жылы болған соңғы соғыста, Тоқтамыс бас көтерместей болып жеңілген соң, Темір мен Едігенің табына шыдамай, ел жұртынан безіп, бір жола Литваға қашқан. 1406 жылы Тоқтамыс өлген соң, оның намысын жоқтаушы баласы Қадірберді болып шыққан. 1419 жылы Едіге оны да өлтіріп, артынан өзі де кешікпей Сырдарияның (Сейқонның) суына кетіп өліпті дейді7. Едіге мен Тоқтамыс тартысының тарихи жайы осы. Алдымыздағы әңгімеде істің баяны басқа түрде сөйленіп отыр. Бұл табиғи нәрсе. Өйткені, Едіге әңгімесі Арқадағы түрік қауымдарының ең ескі, ең ертекті әңгімелерінің бірі. Бұл ертектің бір шеті Алтайдағы төлеңгіттер мен қырғыздарда, бір шеті Түркістандағы қарақалпақ пен түрікпендерде, бір шеті қазақ, бір шеті қырым ноғайларының аузында шұбатылып жүр. Қай жұртта болсын, барған сайын басқа сөзге өз тұсынан түрлі жалғаулар қосып отырмақшы.

Екінші жақтан келгенде, ел аузындағы ескі сөз көпшіліктің ар-иманының айнасы деуге болады. Жабайы көптен сытылып үздік шығатын алғыр батыр, шешен би сияқтыларға көпшіліктің қай көзбен қарап, қандай баға беретіндігі, олардың қандай мінез-қылықтарды сүйіп, қандайына күйінетіндігінің бәрі де ел аузындағы ескі сөзде қашан да мықты із-таңба қалдырып отырады. Көпшілік екпінді, қауырт: оның бетінде орталық болмайды. Біреуді сүйсе оны тым ардақтайды, бойына жапсырмайтын қасиеті болмайды: теңіздей терең ақыл, болаттай берік қажыр, таудай биік дәреженің бәрін де оның бойына жалғайды. Едіге осындай ел сынының шын сүйген, шын ардақтаған ерлерінің бірі. Сондықтан тарихтағы Едіге мен ескі сөздің Едігесі біздің қарауымызға екі адам сияқты көрініп отыр. Енді ел қиялындағы Едіге қандай адам? Соған келейік. Бұл сұрауды «ел сынында шын ер қандай болуы керек екен?» деп өзгертіп қоюға да мүмкін, өйткені ел қиялының шын әлпештеген шын сүйген ерінің бірі Едіге болса, оның бойына тағылмаған жақсылық әрине болмақшы емес. Бұл сұраудың толық зерттеуі көп орын, көп уақыт керек қылады, сондықтан ықшамдық жағын қолданып, біз төменде оны тек жалпыша шолып қана өтпекшіміз.

Едігенің ту баста тумысының өзі көптен бөлек, өзгеше, өйткені оның әкесі «Баба түкті шашты Әзіз» сынды кереметі күшті әулие, шешесі су перісінің қызы. Молдадан сабақ оқып жүрген жас кезінің өзінде Едіге 90 баланы біржола жығады, бұл күштілігінің белгісі 90 баланың киімдерін бір жерге үйіп, үстіне өзі мініп алып «міне, мен де Тоқтамыс хандай болдым» деп төсін кереді. Бұл бойындағы даралықты өзініңде ерте бастан сезген даналығының белгісі. Әңгіме де сөйленетін бітімі Едігенің ақылы терең, зейіні өткір, киядан көргіш қырағы, қара қылды қақ жарарлық арының барлығына айғақ болып отыр. Бұлардың бәрі де қазақтың қасқа жолды, келелі, «жарығы» билеріне арнаулы сипаттар. Топ бастайтын көсемдік, сөз бастайтын даналық, көптен үздік даралық, қажусыз еңбек, қайтымсыз жігер, мұқаусыз қайрат арқылы табылмақ. Осы сипаттарға ие болған «өзінен өзі туған» дана жалшы болса да жарқырап жүзеге шықпақшы. Сондықтан, Едіге елеусіз қойшы болып жүріп те айтқан әсем бітімдерімен хан-қараны бірдей таңырқатады. «Ханда қырық кісінің ақылы болса, биде қырық кісінің ары білімі бар». Тура сөзді «әділ жарғыға» сансыз адамның «батасы» тимекші. «Батамен ер көгереді» дегендей, сондықтан қазақ сияқты көшпелі елде қашан да ханнан гөрі бидің қадір «киесі» басым болады. Ханның арқа сүйеуі, жарасымы бимен табылады. Бисіз хан оңбайды, хандықпен қатар қырағы билік те бір жерге бас қосса, ондай ханды ел де сүйеді, ұмытпайды, шежіресінде атын қалдырады.



Алты алашқа мәлім: «ескі жолды» Есімхан, «қасқа жолды» Қасымхан, тура жолды «Тәуекел хан», жеті жарғылы Әз Тәуке, ер Абылай бәрі де осындай хандық пен билікке қатар ие болған «қасиетті» адамдар. Ел меңгерерлік тілі жоқ, еңсерерлік күші жоқ, біліммен ойға, «билікке» ие болмаған, не ел ішіндегі рулардың көсемі билердің ішіне тартып қыбын таба алмаған алаңғасар, әңгүдік хандар хан болып та тұра алмайды. Ондайлардың тағы жарлының ылашығы сияқты, наразы көпшіліктің бірінші құйыны түбіне жетеді.

Қазақ шежіресіндегі Дайыр, Бұрындық сияқты хандардың тарихы мұның шындығына дәлел. Сондықтан, Тоқтамыс хан мен Едіге бидің тартысы да сайып келгенде «ханнан билік кетіп, биге мәдет жету» мен «хан қашып, бидің қууы мен» тиянақталады. Мұнан егерде, хан мен би екі бөлініп таразының екі басына түсе қалса, ел ниеті қашанда бидің жағына ауып отыратындығы көрінеді. Әңгіменің ішіндегі ең маңызды пікір осы деуге болады. Кінәшілдік, не сөз мәнін жұмбақпен сездіретін әдет жалғыз қазақ емес, жалпы шығыс елдерінің салты. Сондықтан, Едіге де Тоқтамыс ханға түйген торын, тұтынған кегін ашық айтпай, кінәмен білдіреді. Әлемдегі аярлық, шақпа тіл, шағымшылдықтың бәрі де ел қарауынша әйелден туып отырады. Әйел айлакер, ділмар. Сондықтан, Едігенің «аруағында» алдымен әйелі сезеді: жұмбағын да алдымен ханымы шешеді. «Қатықты осып ішкені жұртыңды төрт бөлек қылып ірітермін дегені, ортасын былғап ішкені жұртына лайсаң салармын дегені» дейді ханым. Шешумен қоймай ділмар қатын Едігені қалайша өлтіру туралы да ханға ақыл үйретеді. Ол арқылы Едігені айламен қапылыста қолға түсіру, бірақ Едіге сынды, киелі батыр, ондай қоқайды көріп пе? Қатынның ақылымен құрылған торға Едіге әрине түспейді. Тоқтамыстың тоқсан басты ақ ордасының ішіндегі игі жақсылардың ортасынан, босағаны күзеткен 9 батырдың найзасының үшіне сиынған «алдасы» мен сүйенген аңғысын досының арқасында Едіге аман шыға береді. Малын жанға, жанын арға айырбастаған шын ер бетінен қайтқан ба? Едіге де сол кектенген қалпымен бұрылмастан Тоқтамыстың берген «ал қара кес тон, ақ сұңқар құс, бұлулы байтал, берулі байтақтарының» бәріне де қолды бірақ сілтейді. Тоқтамыстың құрметтері былай тұрсын, намыстың жолына Едіге «Омар ханның қызы, айтулының өзі» болған жарын да құрбан қылады. Кенжанбай бұлбұлдың майда тілімен сорғалатқан «ібін-сыбын» сияқты екі нақтың да «сыбыры мен сыңқылы» Едігенің құлағына кірмейді. Қысқасы, бір намыстың жолына Едіге бар дүниенің қызығын құрбан істемекші: «Ер айтпайды, айтса қайтпайды» деген. Намысты, жігерлі, білекті батырлардың бәрінің де ісі ежелден осы болатын. Сондықтан қуып келіп тілдескен Тоқтамыстың 9 батырының біріне де қайрылмастан аштыққа да, жалғыздыққа да көніп, Едіге алыста әлде қайдағы «Сатемір ханның еліне» шу деп жүріп кетеді. Сондағы серігі астындағы жалғыз «тарлан боз» ғана. Мұның бәрі де Едігенің шын батыр екендігіне дәлел нәрселер және де Едіге қазақ батырларының ішіндегі ең мандайы, аруағы, күшті көсемі, сәулесі күшті шолпаны есебінде. Бұған дәлел Тоқтамыстың 9 батыры түйдегімен келіп, бір Едігеге бата алмайтындығы. Ол тоғыздың өзіде елеусіз қарапайым батырлар емес, өйткені оның ішінде: «есенінде ескісін берсе де елемейтін, егескенде жыға тисе де көктемейтін» жан-діні мен Тоқтамыс ханға берілген Есентайұлы Құдайберді батыр, «қос-қос пышақ асынған» Қосдәулет, «өткір семсер байланып, жау қарасын көргенде жауар күндей торланған, кетер, құстай сайланған» арғыннан шыққан атақты Қарақожа батыр, қалың қыпшақтан қара озып шыққан, алты алашқа атын қалдырған, қараңғыда жол тапқан, қапы жерде сөз тапқан, адамның тілін алмаған, өз райысы болмаса, асу жерге бармаған» аты шулы Қобыланды батыр, «қас қояндай қасқарып, қараңғы меңіреу түндерде, сансыз қолды басқарған, Ақбалтырұлы Уақ батыр», «күнде бір сүңгі сындырып, ер көңілін тындырған, алмаған жауын қоймаған, ішсе қанға тоймаған» Манжұр ұлы Шуақ сынды батырлар бар. Осынша батырлар бір қосылып, тізелесіп, ортасына Тоқтамыс ханның еркесі «Кеңесінің бұрышы, кең қарынның құрышы» есебінде саналған Кекжанбай ділмарды басшыға алып түйдегімен барғанда, батырлық көрсетіп, оқ пен найзаға жол беру былай тұрсын, Едігемен тілдесудің өзіне де олардың біреуі жарамай қалып, бет көріскен жерде бәрі де Кекжанбайдың артына қорғалап отыр. Сонымен теріп келсек Едігенің бойына ел қиялының тақпаған қасиеті жоқ, ол әрі би, әрі батыр, әрі көсем, әрі ақылды дана. Көсемдік, даналық майданында ел қиялының төрешісі Сыпыра жырау Едігені Ер Шыңғыс, Әз Жәнібек, Ақназар сынды ерлерден де артық деп сипаттайды.

Едігенің даналығын ел былай тұрсын, дұшпаны Тоқтамыстың өзі де мойындайды: «Едігемнің асу ісі сол еді, өзінен бір жасы үлкенге Әзіз ағамсыз, сөйлеңіз» дер еді. Өзінен бір жасы кіші тұрса «қарағым, сен тұра тұр, мен сөйлейін» дер еді, дейді. Адамшылық көзімен қарағанда Едігенің ең ақсайтын жері Қабантын алыпы қан майданында күші асып өлтірмей, қапылыста қармауға алғандығы. Бірақ елдің сыны Едігенің бұл ісін де оның жолдасқа опашылдығына, өзінен басқаның өміріне ойыншық көзбен қарамайтын рақымшылдығына жатқызып отыр, өйткені 9 батырдан айрылып, Сатемір ханның еліне бетті түзегенде жолдан кездескен, жанындағы 17-серігіне бұлайша беретін серті барды:

Тамақтарың таусылса, тамақ тауып берейін,

Киімдерің жыртылса, киім тауып берейін,

Атын, өлсе төлейін, өзің өлсең не дейін,

Бәрін айт та, бірін айт, мен тіріде өлмессің,

Он жеті дос кедейім.

Сондықтан, егер де ол Қабантынмен кездескен жерден ақыл-айлаға жол бермей тура төбелеске ұмтылса, онда 17 серігіне ту баста берген уәдесін жұтқан опасыз адам болып табылар еді. Едіге мұны істемей «күші өзімен тең болған» Қабантын алыпты әл сынасқаннан гөрі, айламен жоюды мақұл көреді. Бұл әрине есті батырдың ісі. Және де кездескен жерден тура ұмтыларлық Едігенің тіпті орны да жоқ. Өйткені, оның нағыз кегі Қабантын емес, Тоқтамыста. Бұлай болмай жағаласып кеткен кезде де Едігенің жеңуі айқын еді. Мұның шындығын өлейін деп жатқан Қабантынның өзі де куәландырып отыр. Ел қиялы сүйген ерін қашан да көздеген ойына жеткізбей қойған емес. Қандай қиыншылық, бейнет болсын бәрі де ердің басынан өтпекші. Қорытынды ұсталған бет, көзделген ниет жарқырап жүзеге аспақшы, сондықтан Едіге батырдыңда жолы болады. Нұралы сынды боздағын серікке алып Ноғайлының елінен Тоқтамысты қуады. Байтағынан безіп, қаңғып жүрген Тоқтамыстың жапан далада басы қиылады. Едігенің жүрегін өртеген кек сонымен бітеді.

Енді Едіге көздеген ойына жетті, іздегенін тапты. Тоқтамыстың «қызын қатын, қатынын отын» есебінде ұстайды. Он сан ноғайды бір аузына қаратты, хан болды. Егер де әңгіме дәл осы арадан қиылса, Едігенің сыны шалалау қалар еді. Өйткені, Едіге сияқты ерен батырлардың бойына ақыл мен күштің қармауынан тыс, қапыда ұшырасқан кемшілік болса, ондай кемшілікке ел мен ер қай көзбен қарайтындығы бүркеулі қалмақшы. Ел қиялы бұл көмескілікті де ашып, айқындап отыр.

Дегеніне жеткен, «қарадан хан болған» Едіге Қадірберді сұлтанның қапылыста келіп, мойнына мініп бірер секіріп түскенін көтере алмай құса болып, өледі. Олай болса, Едігелер сияқты ардақтайтын еріне ел сыны қапыда болған міндіде кешпейтіндігі көрінеді. Сондықтан, намысына тигенде хандыққа да қол сілтеп, қапыда ұшыратқан міннен Едіге мен Нұралын ел сынының алдында құса болып өлуімен ғана тазарып отыр. Сонымен сөзді қорытсақ, ел аузындағы Едіге сайып келгенде «батырлық» пен «билікке» де бірдей ие болған «шын ер» адам болып табылады. Батырлық жағынан келгенде ел сыны Едігені:

Алдынан келіп сынасам,

Жалыннан пайда болғандай,

Артынан келіп сынасам

Қарадан пайда болғандай, -деп мақтайды. «Бірақ батыр деген ақбарақ ит: екінің, бірі табады, би деген ақ шариғат, елуден біреу шығады» дейді ел мәтелі. Едігенің бойында да асылында батырлықтан гөрі билікке арнаулы сипаттар күштірек болған. Сондықтан, ел сыныда бір ауыздан «Ел билеген Едігем» деп әлпештеп, «Қазақ ерінің әуелі де Едіге, ақыры да Едіге» деп хан көтеріп отыр.


жүктеу 1,64 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау