ҚажықҰмар шабданұЛЫ



жүктеу 0,6 Mb.
Дата26.04.2023
өлшемі0,6 Mb.
#42347
Kylmys 4 tom (копия) 2


ҚАЖЫҚҰМАР ШАБДАНҰЛЫ

ҚЫЛМЫС
Төртінші кітап


Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы


"Атажұрт" баспа орталығы
БІРІНШІ БӨЛІМ

ОЙЫН МЕН ОЙЫН БҰЗАР


І
Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!


Қытай халық азаттық армиясы лек-легімен келіп жатты. Ұлттық (Шынжаңдағы жерлік) армияның тарайтыны тарап, тарамайтындары Үрімжі жаққа орын ауыстыруда. Келіп жатқан армиямыз, тарай кетіп жатқан ұлттық армиямыздан да мейірімділеу іспетті. Қараған көзге мылтық стволдары мен штиктері де қатты металдан жасалмағандай, жұп-жұмсақ, жып-жылы көрінеді. Топырақ өңдесі күлгінсары киімдерінде жарқырауық жез түгіл қайыс та жоқ, түп-түгел шүберек. Шүберек кебісі. Шүберек балтыр ораушы, шүберек сөмкелерін мойындарына асып, шүберек белдікпен беліне қоса байлап алыпты. Басымен бас болып жабыса кептелген қалпақтарының күнқағары да шүберек. Гоминдаң қытайларынша шекірейерліктей нысан жоқ, жұп-жұмсақ шүберек. Өздері ауыздарын аша, түп-түгел күліп келеді. Аппақ тістері де жұп-жұмсақ сияқты. Жып-жылы, сүп-сүйкімді. Бәрі де адамға қарағандай, адам болғанда да көптен бері көре алмай сағынған, өз туысқандарына қарағандай, елжірей қарайды.
Мен де нағыз халық армиясын көргендей, елжірей қарадым. Қадам басуларынан, бұрын өзім көрген үкіметтердің әскерлерінікіндей сарт-сұрт, сақ-сұқ дыбыс та естілмейді. Бір келкі тәртіпті ырғақпен басқанда да адам құлақтарын аяғандай сыбдырсыз сырғиды. Тіпті жер бетін басуға аяп, бір-жар сантиметр көтеріле ұшып өтіп жатқан сияқты. Кей легінің келе жатқанын әндерінен ғана естіп қалып жүрдік; өлеңдерінің өңделмеген қытайшыл дәл өз нұсқасы былай:
Төңкерістік әскерлер еске сақтаймыз
«Үш үлкен тәртіп», «сегіз сақтықты»:
Бірінші барлық әрекетте қолбасшылыққа бағынамыз,
Аяқ алысты бір келкі тастап жеңіске жетеміз,
Екінші бұқараның ине сабақ жібін алмаймыз,
Бұқараның құлшына қорғауына ие боламыз,
Үшінші барлық олжаны қазнаға тапсырамыз.
Халықтың ауыртпалығын жеңілдетуге тырысамыз,
Үш үлкен тәртіпке бойсұнып,
Сегіз сақтықты ұмытпаймыз.
Бірінші сөзде, сыпайы боламыз,
Бұқараны құрметтейміз, дандайсымаймыз.
Екінші сауда саттықта әділ боламыз,
Әділ алып, әділ беріп, озбырлық етпейміз.
Үшінші біреуден қарыз алсақ,
Жоғалтпай, үстінде қолма-қол қайтарамыз.
Төртінші егерде бүлдіріп қойсақ,
Бағасын кемітпей төлеп береміз,
Бесінші адам ұрмаймыз, ианаттамаймыз.
Жүнпалық1 стилді батыл жоямыз.
Алтыншы бұқараның егінін қорғаймыз.
Жорықта, соғыста абай боламыз.
Жетінші әйелдерге қырындамаймыз.
Бұзақылық әдетті батыл жоямыз.
Сегізінші тұтқындарды жәбірлемейміз, албаты тінтпейміз.
Тәртіпке саналы бойсұнамыз,
Өзара бақылаймыз, қайшылық етпейміз.»
Бұл өлеңді көппен бірге күле тыңдап тұрсам да, көзіме жас іркіледі: «Нұрияшымды гоминдаң сараяқтары жеп кетті ғой, әттегене! Сонда сендер болсаңдар мұншалық сергелдең болмас едім ғой!
Бір ротасы біз пәтерлеп отырған ауланың қатарындағы бір кең аулаға түсті. Дауалы биік, қақбасы мықты, көп үйлі, майлының күнгейін қыстайтын бір үлкен байдың қора-жайы болатын. Аудандық үкімет орналастырса да командирлері қора-жай иесін өтінішпен шақырып сыйлап, пәтер ақы ұсынды. Бай оған: «сіздер өзіміздің армиясыздар, ақы алмаймын! Күтіп таза отырсаңыздар болғаны!» -деп берген разылығына қарамай, қауқалақтай жүгірген ланжаңы бай қанжығасындағы қоржынға бір буда ақшаны сүңгітіп үлгерді. «Біз халықтың өгізіміз, ине-сабақ жіптеріңе қиянат қылмаймыз! Мына үйлеріңіз күтілмей, көнеріп қалыпты. Жақсы үй салып беріп кетеміз!» деп аттандырды бір бастығы. Содан көп өтпей, үлкен кварталдың іргетасы қалана бастады.
Қасымызға Жепаңжүн орналасқаны шешем мен жеңгелеріме мұндай рахат боларма; сырттан байқап жүреді де, бір жұмыс істеп жатқандарын көрсе-ақ сыбана жетіп, кірісе кетеді. Жалғыз сиырының тезегін аула бұрышына шешемнің жия жүретінін көргендері бойынша көшеге түскен тезекті түгелімен сол бұрышқа жия беретін болды. Дуал сыртынан лақтырып та жаудыра берді қатқан тезектерді. Балалар ойнап жүріп далаға тастап кеткен көсеу-қысқаштардың қайсысы қай үйдікі екенін ерінбей тексеріп, тауып апарып жүрді. Кемпір-шалдар «айналайын жепаңжүн1» десті. «Айналайын жепаңжүннің» осындай қамқорлығында сол көшеден «салақ әйел» дейтінді естімейтін де болдық.
Бір күні кешке жақын қызметтен қайтып келе жатсам, Манап жолыға кетті. 46-шы жылғы Құлжа түрмесінен біз шыққан соң екі аптада босап, толыға қайта оралған болатын. Күлкілі, мысқылды сөзімен «жағдайларға» сүріне өтіп, кейде сол «жағдайларды» сүріндіре өтіп келеді. Сүрінісе жеңілдім демейтін де, сүріндірсе жеңдім демейтін. Өйтетіні ешкімге жалынбайтын да, жалындырмайтын. Мекеме қызметінен қалдырса, өз үйін мекемеге – дүкенге айналдыра қоятын. Зергер ұста да, лабырант-дәрігер де, саятшы-аңшы да, әңгіме-кеңестің маздап тұратын ошағы. Қызмет-жұмыс түп-түгел өз қолында болатын. Сондықтан бұл кісінің қызмет ахуалын сұрамайтынмын. Құшақтап амандасып, бала-шаға, жай-күйін сұрай сала үйге бастадым.
Қарсы жағымыздан қақпаға бұрын жеткен бір офицер мені көріп тұра қалды. Артына қайыра ұстаған қолында шыбық бар сияқты еді. Біз жақындағанда онысын көрсетпей, артына далдалай қойды.
- Сенің үйіңнен не нәрсе жоғалып еді? –деп сұрады қытайшалап, шешемнен дабыстап сұрадым.
- Ұршық, ұршық! –деп айқайлады шешем. – Бір айдан асты. Кішкене Бижан көшеге шығарып тастады ма екен, табылмай кеткен.
Ұршықты ханзуша не деп атайтынын білмей, "жіп иіретін" дегенді ишарамен көрсетіп едім, қарқылдай күлді де ұстата қойды «айналайын жепаңжүнім». Қос қолын подда итағатшыларынша қабаттай изектеп, артына қайрыла жөнелмекші болғанда, Манап ымдай сөйлей тоқтатты:
- Өзің жүн білетін апицер сияқтысың, тоқташы!... Биған мынауыңа аударып берші сөзімді!... Апицер жолдас, біз, халық, сіздердің осы қамқорлықтарыңызға дән ризамыз. Рахыметімізді айта-айта таусып алатын сияқтымыз. Сіздер келгелі түймеміз жоғалмайтын болды! Жә, осыны бір аударшы Биған!
Қытайшаға шала-пұла аударып бола бергенімде изектей күліп алып, апицер сөйлей кетті:
- Барлық алғыс Маужушиға тән, Маужуши үйретті бізге! Шинжиаңға кірерімізде тоқтатып қойып, мұндай шағын санды ұлттарға қалай көрінуіміз туралы үш ай үйрену жүргізді. Үйренгенімізді әрекетімен істеп те пысықтадық. Біз халықтың өгізі болып, бар жүгін көтеруге тиістіміз!
- Мұнда келіп ойын қоюға үш ай дайындалып, пысықтау жүргіздік деші, бәсе неғып кешікті десем! –деп сылқ-сылқ күлді Манап. – Енді өгіз болмай-ақ қойыңыздар! Бізде өгіз көп, өздеріңе сойып беріп те жатырмыз ғой!... Бізге халықтың тұп-тура жауынгері болып көрінулеріңіздің өзі керек! Жұртқа белгілі болып қалған атағы бар жаулар тұс-тұсқа қашып жатыр. Сіздерден қорқып, оларға алданып ерген бауырластарымыз да кетіп барады. Қашып барады, шәшіп барады. Түймесін ғана емес, түйесін шәшіп, жаннан кешіп барады! Солардың алдарынан тосып, аздырмай тоздырмай, өз жұрттарына қайта әкеліп қоныстандырсаңыздаршы!
- Дүй-дүй-дүй, оны білеміз!... Масғұт-Айса бандысы, Оспан-Жанымхан бандысы, дүй, бүдүй, Қалибек – Такыман бандысы... Тағы-тағы, еш қайсысы бізден қашып құтыла алмайды! Мәсғұт, Жанымқан... бәрі-бәрі қолға түсті. Банды жоқ болды, қорықпайды!-деді де изектей бұрылып жөнеле берді офицер. «Халыққа жағынуды үйрену үшін өткізген осы үш айларыңыз жанымды суырып әкетті-ау!» деген өкінішпен күрсіндім де, Манапты үйге кіргіздім.
Шешеммен тәптіштеп сәлемдескен соң қалың киімін шешіп, төрге жайлана отырған Манап, күлкіден солқ-солқ ете түсті. Шығыңқы қарнына мол күлкі сақтап отырғаны байқалса да, айтудан тартыныңқырағандай; төбесінен ғана басталатын қарабұйра шашын қасып сылап, шодырая біткен тоқ шекесін уқалады. Қырқпа қарамұрты жыбырлай түсті:
- Жоғалғанына бір жарым ай болған әлгі кішкентай ғана сынық ұршықты тауып әкеліп, анықтап тексеріп, тапсырып тұрғанын қарашы! –деп сықылықтады тағы да. – Осы қамқорларым аман болса, үлкен атаңның бесіктегі шүмегі мен түбегін де тауып әкеліп берер-ақ!
- Армияның халыққа мұндай қамқор болуы таңғаларлық жоғары қасиет қой. Нағыз халық жауынгері ғана осылай болар!
- Шын ниетімен осылай болса, жақсылығына шек бар ма!... Осындай қамқорлық неғұрлым шын ниеттен туылса екен!... Биған, мен өзім көрген үкіметтердің бәрінен күмәнданып, үңіле-үңіле қартайған адаммын ғой. Дәл осы үкіметтен титтей күмәнданғым келмейді. Ендігім тіпті ұят болатын сияқты, көптен күткеніміз компартия ғана емес пе еді. Бұдан күмәнданып, енді қандай үкімет іздемекпін деймін.
- Мұныңыз, дұп-дұрныс идеалогиядан туылған сөз. Ал, күмәндандыра жаздап тұрғаны қай жері?
- Мен алдыңғы күні ғана Үрімжіден келдім. Онда да, жол-жөнекей де көргендерім, жепаңжүннің осынысы. Егер осындай ұп-ұсақ шапағатшылдықты басқа, жеке адамдардан көрсем, сөзсіз алдампаздық дер едім, кір азымас ұсақ қылықпен жақсы көрінгісі келетін адамның жүрегінде жадігөйлік жатады ғой.
- Дәл жепаңжүнде ондай ниет бола қоймас, жақсылықты ең ұсағына дейін жеткізе істеу, ханзу халқының ұлттық психикасы шығар.
- Бұдан бұрын көрініп жүрген қытайларымыздан мұндай психика көрініп пе еді?!
- Сізге бұдан бұрын нағыз интернационализмшіл, береке-бірліктің қытайы көрінбесе, оның психикасын қайдан көрмексіз! Бұрынғы көргендеріңіз түгелімен зор ұлтшылдықтың зорекер қытайлары ғана шығар!
- Бұл түсінігің ойыма біраз қонады ғой, әй, сөйтсе де, -деп жымия күлімсіреп алып күрсінген Манап, сөзін жаңағы офицер атаған бандылар тақырыбына ауыстырды. – Масғұт пен Жанымханның қаша алмай қолға түскені рас екен. Айса-Мәмітемендер Қашқарға барып, Пәкістанға өтіп кетіпті. Ал, түрлі қорқыныштар мен үркіп дағдыланған тау қазақтары бұл жолы түгел қопарылып, ессіз-түссіз бет-бетімен қашқан екен. Жол жөнекей жат жерде таландыға түсіп, қырылып барады дейді. Көбі Шыңхай, Тебет жақ иенге бет алыпты. Айланып барып олар да Пәкістан арқылы Түркияға өтпек қой! Оспанның өзі қарулы қолдарымен әлі де Кули жолын тосып, Құмылдан беріде жүр екен. Ал Қалибектер Сауандағы өз жайлауынан Үрімжінің Сардауанына ауып барып қыстапты да, жаз шыға содан ары қарай көштерін шұбырта жөнеліпті. Оған ілескен қауым да не дәуір көп екен. Осы жақында Тебет тауларында жергілікті бұлаңшылар жағынан жан түршігерлік талауға, қырмаға түскен хабарлары Үрімжі қазақтарын құсаландырып тұр! –деді Манап.
- Япырай, олардың алдын тосып, тапжылдырмай қоюға мүмкіндік толық еді ғой! –деп қалдым мен. – Біздің қазіргі қорғанатын ішкі шекарамыз әлі «азат» бола қоймаған сол Тебет жақ қана емес пе еді, жепаңжүн ол жаққа да жетерлік келіп еді ғой, неғып жіберіп қойған?!
- Менің жаңағы батырға «өгіз» болмай, жауынгер бол дегенім сол. Бұл көшеде көсеу жоғалып, немізді құратар дейсің, алданып-зорланып босқан бауырластарымызды қаңғыртып, қасқырға жем етпей, тірі әкеліп қоссаңдаршы! –дегенім ғой.
- Оларды тосып тыныштандыруға міндеттелген арнаулы бөлімдер бар шығар!
- Бар екені бар, бірақ олар қашқандарға «алдыларыңнан жарылқасын кете бер, жерлерің қалса болғаны, тиіспейміз, арттарыңа алаңдамай-ақ қой!» дегендей, шекарадан өткенше алыстан баспалай соңдарынан еріп қана отыратын сияқты! – деп, ызаланғандағы дағдысынша қарқылдай күлген Манап, қыза жалғастырды сөзін. – Олай болмаса, көшіп-қонып бара жатқан ошарлы жанды босқын ауылға салт атты скадрондар жете алмай ма!
- Босып үйренген халық қиыннан жол тауып, адастырып кететін шығар, бұл ахуал батырларымыздың жол білмеуінен, иә, жаңсақтан болса керек!
- Ұлттық армиядан да, жергілікті халықтан да жол бастаушы алмай жүрмейді ғой бұлар!... Бірақ, неғұрлым сенің айтқаныңдай болсын, Биған! –деп жымиған Манап, алдына жайылған дастарқаннан шәй ұрттай түсіп, әңгімемен жалғастырды сөзін. – Мал іздеп жүріп бір ауылға қонған қонақ таңертең шәй ішіп отырса, даладан: «қонақ, қонақ, атыңды қасқыр жарып кетті!» -деп айқайлапты бір бала. «Недейді мынау!» деп елеңдеген қонақ, - «неғұрлым бұтты-шатты, әр түрлі сөйлейтін бала болса екен!» -деп түрегеліп, дастарқаннан аттай жөнеліпті. Сыртқа шыға келсе, әлгі айқайлаған бала күліп жіберіпті. Аты ап-аман жайылып жүр екен. «О... айналайын-ай, өтірікші болғаның қандай жақсы болған, ата-анаңа мың рахмет!» деп алқапты қонақ. Сол сияқты осыны естіген құлағым қақас, иә, өтірікшіден естіген болсам екен деп тілеймін! Әйтпесе біздей халыққа нағыз коммунизмшілерден басқа пана жоқ екенін біліп болғанбыз ғой!
- Расында да өтірік хабар шығар! –дедім мен. – Үрімжіде жасырынған нелер кері төңкерісші бар ғой, жепаңжүнді де жалған қамқор, алдамшы жау етіп көрсету үшін солар таратқан өсек шығар. Бірақ сол шын болса да, тіпті түгел қырылып қалса да, мен өзім соны тым аштысына қоймас едім. Компартия мен социализмді біле тұрып, қаламай қашқандары қырыла берсін. Ал, менің аузымның дәмін кетіріп, аңыртып тұрғаны мұның керісінше. Таптық күрес аяқтасқандай мына бір тымырық тыныштықтың орнай қалуы ғана. Барлық жау сол босқындармен бірге кетіп, адаланып болғандай, үкімет те, армия да байлармен құшақтасып, аймаласып жатқандай көрінеді маған. Үкімет жағы байларды: «сүзеген мүйізіңнен, шайнаған тісіңнен айналайын!» деп құшақтаса, байлар құйрықтарын бұлаңдатып, «аңсағаным менің, арманым менің, тиянақ медеуім... сен болмасаң көргілікті Бақайлар мен Шақайлардан көретін едім ғой!» -деп үкіметтің бетінен жалағыштап жатқандай!... Тыныштық пен демократия шымылдығының сыртынан осындай бір масқара комедия көріп отырғандаймын.
Манап тұла бойын солқылдата қарқылдап күлді бұл сөзіме. Жүзіме ойлана бағдарлай қарады сонан соң:
- Сен бұлай емес едің ғой, Биған. Ойшыл сабырлы сияқты едің! - деп күрсінді. – Тағатыңды тауысып, тықыршытып тұрған бір ісің бар ма, иә, ұшқалақ солшыл болмақпысың?!
- Алдыңғы жорамалыңыз қате емес, ал, кейінгісіндей бола қоймаспын. Мен Маузыдұң жушидың «жаңа демократизмін» оқып шықтым. Бұл, Қытайда социализм құру дайындығы ретіндегі аралық дәуірдің сипаты екен. Осы дәуірдегі жауымыз жиянгерлік, феодализм, бұйрократ капитализм атты «үш тау» деп белгілепті. Ал, мен, сол «үш таудың ортаншысынан жұдырықтай ғана бір тасты жарып, "тексеріп көрейін!" десем, әкімдер маңайына жолатпай қорғап отыр!... Феодализмнің ісін тексеру түгіл маңайына жуытар емес.
- Ол тасты жаруға неліктен асықтың?
- Жүрегім сол тастың ішінде байланып жатыр. Ақыл сұрауға аудандық партия комитеті құрылмады. Тілсімді тас тынысымды тарылтып барады!
- Е... е, тағы бір оқиға бар деші! –деді Манап, қысқа мұртын сылай жымиып алып күрсінді. - Бұл, құшақтау мен жауды аймалау дегенің уақыттық қана бір ойын ғой, Биған, бәрінікі де ойын. Қалай ойналатын ойын екенін жаңағы батырлардың үш ай үйренгендігін естімедің бе, -деп сылқылдай түсіп жалғастырды сөзін. – «Әттәжім тімпи» дейтін ойынды білетін шығарсың, тымписа қалғанда кім бұрын күліп қойса, содан ойынбұзар алынатын. Мына қалпыңда қатты «күліп» қойып, сондай айыпқа ұшырап қаларсың, сабыр ете тұр!
- Мен сабыр сақтап отырғанда нәзік жан үгітіліп, күлге айланар деп қорқамын!...
- Манаптың қайталап сұрауы бойынша, Мақпал жөніндегі трагедияны сөйлеп беріп едім. Ойланып қалған Манап, бұл жөнінде ұйықтар алдында ғана жауап қатты:
- Қайда болса да іздеп таппай болмайтын бала екен-ау!. Бұл туралы асығуың дұрыс!... Әкім қорғап отырған бұл жуандарына тиіспей-ақ, астыртын іздеп тауып, алып келіп алсаң болмады ма! Даумен күшіне сонан соң жауап бере жатпаймыз ба!... Мен іздесейін. Ертең сол мектеп бастығына барып, жол жөнін анықтап сұрап алып іздейін!...
Ертеңіне таңертеңгі шәйдан соң Манапты аттандырып, мекемеге келдім. Шәкербайға Сәрсен саясат келіп, шағым айтып тұр екен:
- ... Бүгін таңертең де газет оқымады. Оқу құралын қолтығына қыса сүмірейіп, алдымен Қайсеннің өзі кетеді. Мұғалімдерге барып айтыңыз, бұл партия нұсқауына қайшылық!..
- Жоғарыдан бұйрық түсіру дегеннің немене екендігін білесің-ғой, Сәрсен-ау, бұйрократтық, бұйрократтық деп бүйірлеп жатпай ма! – дей сала жалт қараған Шәкербай, мені көре сала әлгі әуенін бұза боздады. – Ойпырай, Биғабіл-ау, қайда жүрсің шырағым-ау?! Қазақ ерлер мектебінің оқытушылары таңертеңгі уақытта газет оқымайды екен, соны тәртіпке салсаңшы барып!
- Менің бүйірім темірден жаралып па? –дегенімде Махмұт Керім күліп жіберді.
- Қалжыңды қойшы, Биғаш, сенің тіліңді алады деп айтып тұрмын. Ол мектептерге міндеттісің ғой, бара ғой тез! Таңертеңгі милары тұнық уақыттарында газет оқысын!
- Оқушыларының "милары тұнық уақытында" сабақтарын өтеген дұрыс. Мекемедегі үйрену уақыты мектептерге лайық келмейді. Оқытушылар сол сағаттардағы міндетті сабақтарын тастап, газет оқысын деген нұсқау жоқ. Бос уақыттарында өздері-ақ оқып алады. Бұл, ерікті үйрену.
- Қазіргі міндетіміздің ең негізгісі – партия нұсқауын үйрену – газет оқу ғой, Биғаш! –деп Сәрсен жымиды. Кешегі гоминдаңшы кертартпаның бүгінгі мына «белсенділігіне» ашуым келсе де сыртқа шығарғым келмеді. Тозған бетін осынысымен түзеп, әкімдер алдында, осы ағымдағы көпшілік алдына инабат тауып келе жатыр еді.
- Партия нұсқауын үйрену деген қызмет уақытында газет құшақтап отыру деген сөз емес! –дедім сонда да. – Бос уақытыңда үйрен де, қызметіңді жақсы істе, қазіргі нұсқау осы!
- Өз беттерімен оқымайтындары бар, газетті бұрынғыдай көреді. «Шинжиаң газеті» дегеніңіз қазіргі партия сөзі болды ғой, оны оқымайтындар кім болғаны?!.. Мұны сөзсіз түзету керек, Биғаш!
- Сауаты бар азаматтардың қазір газет оқымайтыны жоқ, мұны кесіп айтуға болады. Жаңа үкімет не дер екен деп бәрі де құлақ түріп жүр.
- Барып көрмей кесім айту, бюрократтық болады ғой Биғаш, өзің барып тексеріп сұрап көрші!
- Олай болса, өзіңіз бар да сабағыңызды өтей бер! –дедім Сәрсенге тура қарап. - Мұндай шағым үшін қызмет тастап кете бермеңіз! Қайсенге айт, газетке шыққан материалдардан мұнан соң барған сайын сұрап тұрамыз. Тіпті сынау да алуы мүмкін. Оқытушыларға түгел ескертіп қойсын! Қайтыңыз тезірек, сабақ сағаттарының бірі де бекер өтпесін!
- Пай-пай, Биғаш-ай, тым өрсің-ау! –деп күліп Сәрсен шықты да, Шакербай жымиып отыра қалды. Мен өз бөлмеме кіріп, қызметіме отырдым. Әкім мен халықтық істер бөліміне арыз айта келгендер терезеден көрініп тұратын. Солардың дабыры елеңдете берді.
«Жалшы-кедейлер үкіметі құрылды» деген хабар естіген арыз-шағымшылар екен. Досан әкім «Жақаң» мен «Жақаштарының» бетіне қарап, бітірмей келген дауларды талапкерлері қайта көтеріп, бүгін қаңтармен бірге қақай жеткендей әкім кабинетіне кіріп шыққан біреуі.
- Үй, мынауың, менің әлгі жемеңгерімді «ұлттық боржай» -деп атап алып, тағы қорғап отыр ғой! –деп шықты.
- Не деп қорғайды? –деп сұрады сыртта тұрған біреуі.
- «Ұлттық боржайға енді зорлық жүргізбейміз, досымыз, үгіттеп түсіндіреміз. Сонан соң ақыңды жемейтін болады» дейді. Бірақ өзі мұртын бұрынғыдай тікірейтпей, былқылдап, жұп-жұмсақ сөйлейтін болыпты!... Сонысы үшін ғана мен де жұмсап, айтыспай шыққаным!
Бұл екеуі осылай сөйлесіп тұрғанда талапкердің тағы біреуі әкім алдынан күңірене шықты:
- Құдай-ау, енді қайда барайын, «мал иелеріне қатты тиісе алмаймыз. Халықтық істер бөлімі шақыртып алып айтып, түсіндіріп көрсін. Ақыңды қайтарса, өздігінен қайтарар, әйтпесе зорлық жоқ, жоғарының нұсқауы осы» дейді. «Кедей үкіметі әпереді» деген соң осымен үшінші рет келдім. Баяғы Досан, «Шығыс Түркістан» кезінде «қазіргі жағдай осы, кейін көрерміз, тоса тұр!» деп еді. Енді тіпті ашыққа шығып, бүтіндей байлардың үкіметі болып алыпты ғой! Енді қашан алармыз есе-теңдікті...»
Қатқыл шыққан осы наразылық үн халық бөліміне де естіліпті. Бір тергеушісі шыға келді.
- Ей, сіз нені уағыздап тұрсыз?! –деп талапкерге зекіре жақындағанда сыртқа мен де шығып, қастарына бардым. Тергеуші маған қарамай, сөйлей берді. – Бұлай сөйлесең кері төңкерісші болып кетесің! Анау мемлекет туы, көрдің бе? –деп қақпа үстіндегі қызыл туды нұсқады да баяулай жалғастырды сөзін. – Сондағы анау бес жұлдыздың ортада тұрғаны – компартия. Оның төменгі жағын ала тізіліп тұрған төрт жұлдыздың жоғарғысы жұмысшылар табы. Онан кейінгі екіншісі егіншілер. Үшіншісі ұсақ буржуазия, төртіншісі ұлттық буржуазия. Бұл төртеуі компартия басшылығындағы төңкерісші төрт тап, халық деп аталады. Демек, үкімет иесі осылар. Демек, үкімет құрамында жұмысшылар ғана емес, ұлттық буржуазия да бар, жау қатарына жатпайды. Мал шаруашылығындағы мал иелері (байлар) де осы қатарда. Демек, бұларға дектатура қолданылмайды.... Демек, - деп тағы бірдемесін айтуға ойлана қалғанда қолтығынан мен тарта жөнелдім:
- Демегің бар болсын сенің! Демек, солай болғанда бұл байларда кедейлерді жейтін тіс жоқ қой?.. Жегендері өтірік пе еді! Ал, «олар да халық» дегенің дұрыс-ақ болсын, бірақ, осы халықтың өз арасында да бірін-бірі қанайтындары, иә алдап, иә зорлап жейтіндері азба еді! Демек, демек дей бергенше соларды тергеп, ақысын алып берсеңші!... Мынау ауыр наразылық! Жұңхуа халық республикасына жаман ат келтіретін наразылық!...
Сөзім осы жерге келгенде қақпадан бір топ адам кіріп келе жатты. Ең алдында Құрышпек пен Кеңесбай. Бұдан оншақты күн бұрынғы бір кеңесуіміз бойынша Нұрасыл өлімі жөніндегі дауларын тағы бір қузап қоюға келгендіктерін біліп, әкім кабинетіне мен де беттеп едім, «сен кірмей тұра тұр, халыс адам болып, кейінгі кезде кіруің қажет болар, сырттан тыңда!» деп күбірлеген Құрышпек, Кеңесбайды ғана ертіп кірді. Ұсынған арызын әкім оқып болғанша күткендей, тым-тырыс еді. Бәсең үнмен сөйлей бастады аз уақыттан соң. Ертіп келген адамдары Кеңесбайдың шақыруымен түгел кірді.
- Бұл, талай тексеріліп, біткен дау. Өнбейтін дауды жаңғыртып не қыласыңдар! –деді Әкім қатқыл дауыспен. – Жауапкерлеріңнен еш мәселе табылмай, Нұрасыл семиясына үкімет жәрдемін беріп қайтарғанбыз ғой, біткен дау!
Кеңесбай да қатқыл үнмен сөйледі.
- Мәселе табылмағандығынан емес, - «жағдай» деп Кәкімбайдан мәселе тапқыларыңыз келмегендіктен тоқтатып тұрған дау болатын.
- Ол берілген, үкімет жәрдемі емес, Кәкімбайдың сіздер арқылы өткізген алдамы болатын. Оны біз білмейді дейсіз бе, жарықтық-ау! –деп Құрышпек күлді. – Оны жәрдемге сындырып малдана көрмеңіз, өшіп біткенді қойып лапылдайтын уақыты енді жеткен дау, қашанға дейін сабыр сақтармыз!
- Байлардың сөзі қашанға дейін сөз бола бермек, біздің талабымызбен дәлелімізге де бір мезет құлақ асыңыз! –деп қалды бір куәгер.
- Қанға құнікер байды қазір ешқандай үкімші қолтығына тығып құтқара алмақ емес қой, Әкім, өзіңіз білесіз! – деп ыңыранды бірі.
Мен үйреткен сөздер жеке-жеке ауыздардан шығып, жерлеп-тапалап жатқанын есік сыртынан күле тыңдап тұр едім:
- Туысқандар, -деп ытқып тұрғаны естілді әкімнің. – Тегінде осы дауды мен басып, Кәкімді мен қорғап отырғандай көреді екенсіздер! Ал, кедей үкіметі құрылды. Нахақ болса да байларды жұлмалап бер – деп мені жұлмаламақ шымшуырларыңыз да көрініп тұр. Бұлай ойласаңыздар, өздеріңіз қатты қателесесіздер. Қателессе де кедейге жаза жоқ деп ойлайсыздар ма, қалай? –дегенінде талапкерлерді қорқытып қайтарғалы тұрғанын сездім де, кіріп барып тұра қалдым. Әкім маған бір қарап қойып, «шыға тұр» дегендей иегін көтеріп қалып жалғастырды сөзін. – Бай саудагер, яғни ұлттық буржуазия да халық, «төңкерісші төрт таптың бірі, оған тиіспейсіңдер!» деп көсеміміз Маужуши шектеп отыр. «Жаңа демократизм туралы» деген кітабында соны жақсылап түсіндірген. Оны білмей келіп, орынсыз даурығып, мені қыжыртпай, сол кітапты толық үйреніңдер! Ал, менікі қате болса, сонан соң көріңіздер!
Құрышпек артына жалт қарады да, маған жалбарақтаған болды:
- Міне, соны білетін үгітші мұғалімнің өзі келіп тұр екен ғой! Айналайын, соны айтып берші бізге! Сол кітапта «кісі өлтірсе де Әкімбайды жазаламайсыңдар!» -деген сөз бар ма екен?!
- Биғабіл, не жұмыспен келдің? –деп Әкім сөзге алдандырып әкетпек болды мені.
- Мектептердің газет үйрену уақытын белгілеу туралы жұмыспен келіп едім.
- Ал, қайтыңыздар, жауап сол! –деді, Әкім талапкерлерге.
- Бұл кісілердің сұрауына да жауап бере салайын, халық емес пе, елемесек, «елемент» болып қалармыз! –деп күлдім мен. – Бұл сұрауыңызға Әкімнің өзі жақсы жауап береді ғой, «қателессе кедейлерге жаза жоқ деп ойлайсыздар ма!» демеді ме. Бұдан кемелді жауап жоқ шығар. Жай қателесу ғана емес, адам қанын ішсе, ұлттық буржуазияға жаза жоқ деп ойлайсыздар ма! Ұлттық буржуазия түгіл өздеріңіздің рулық буржуазия болса да жазалануға тиісті ғой! –дегенімде талапкерлер қарқылдай күлді де, әкім жымия тыжырынды. Мен жайшылық қана түсіндіру әуенімен жалғастырдым сөзімді. – Кәкім байдың табы туралы Маужуши тіпті жақсы сөйлеген. Ол гоминдаң шяңзұңы, шпионы, сонымен байыған. Бұл жағынан ең негізгі жауымыздың бірі – бирократ буржуой. Ал, Дәмешті маған зорлап әпермей Совет одағына қашырып жібердің деп Нұрасылды өлтіргені – бирократ феодалдық! Бұл жағынан да негізгі жау. Жай феодал ғана емес, қан ішкен феодал. Маужуши қайтып қорғамақ оны!... Оны біздің мына Әкіміміз де қорғамақ емес, енді қолдаса оңбайтындығын білмейді деп ойлайсыздар ма! Біледі, тек оны сол қылмысына мойындата алмай отырған шығар!
- Жоқ, олай емес әпендім, бұл сөзіңіз Әкімге бұра тартқан сөз! –деп Құрышпек әдейі шытына қарады маған. – Мойындата алмаған емес, өзіміз-ақ мойындатып берер едік, жөндеп тергетпей қойған!
Әкім тағы да ыршып тұрды. Ашудан ұзын мұрты сілкініп кетсе де баяулай сөйледі:
- Биғабіл, сен қызметіңе бара бер, әлгі жұмысың туралы түстен кейін сөйлесерміз!... Ал, сіздер мені Кәкімбайға қосақтап, қолдарыңнан келсе сонымен қосып жазаламақ сияқтысыздар. Бірақ олай бола қоймайтынына сендіре аламын. Кәкімді қандай жау десеңіздер де өз еріктеріңіз. Үкімет оны да дос деп санайды. Төңкерісші қатарына әлдеқашан қосылған, гоминдаңға қарсы төңкеріс басталысымен шяңзұңдығын тастап, көтеріліске қатынасқан да, бар қазынасымен партизандарды, ұлттық армияны қамдаған!
- Жоқ, бұл артық қорғаштау! –деді Құрышпек. – Тергемей қоюдағы сүйенген сүбіхандарыңыз осы болатын. Гоминдаңның жойылатындығы әбден көрінгенде өзінің қат-қабат қылмыстарынан қорқып, қашқан да қаша алмай сасқанынан ақша шашқан!... Соның қашан қашқанын да, кім кімге қанша шашқанында білеміз. Онан да осы дауды қайтадан қарайсыз ба, қарамайсыз ба, соны айтыңызшы!
- Бұл дауды қарап тексеріп болғанбыз. Айқын дәлел таба алмадық десек, Құнікер байды жақтады деп бізді қосақтайды екенсіздер. Олай болса, бұдан ақтығымызға көздеріңізді жеткізейік, аймаққа жолдатып берейік, енді соларды қорқытып өндіріп алыңыздар! –деп шалқалай отырған Әкім, арыз шетіне бұрыштама жазуға кірісті.
- Әкімге бұра тартпайтындығыма көздеріңізді мен де жеткізейін! –дедім мен де Құрышпекке қарап. – Кәкімбайдың он жылдан бергі қылмысын да делоның 5-6 жылдан бері неліктен шешілмей, басылып қалғандығын да, одан бергі жаңа қылмыстарын да толық білемін. Бұл дело халық бөлімі арқылы аймақтық үкіметке жолданса да бәрі бір, қылмыс өткізілген осы жердің өзіне қайтып келіп тексеріледі. Сіздің маған таққан жаңағы кінаңыздан сонда ағарармын! –деп шығып жүре бердім. Арыздың ақ қалған бір бұрышын тауықтың тұмсығынша шоқи бастаған қызыл қарындаш мен сөйлегенде тұқырған бойы тоқтап қалып еді. Жазылған бұрыштаманы сызып тастап қайта жазғанын кейін естідім. Халық бөлімінен күлімсірей шыққан Құрышпек қара тонымның жауырынынан қағып қалып, өте берді. «Жарадың бауырым!» дегені екен: бұрыштама қайта жазылған арызды халық бөліміне апарса, «шақыртқан уақытымызда келерсіңдер, қайталап мұқият тексереміз!» деп қайтарыпты. Әкімнің кейінгі бұрыштамаса «қайта тексеруге» бұрылыпты.
Әлгі, сылтау үшін айтылған жұмысым жөнінде кабинетіне түстен кейін үш рет кірсем де Әкім табылмады.
Мекемеге ертеңіне таңертең келгенімде Әкім кабинетінің алдындағы қара тақтаға қызметтестер үймелей, күлісіп тұр екен. Мен де бардым.
«Қой аузынан шөп алмас» болса бір жөн,
Бөрі аузынан қой алмас! Бұған не ем?! –
Деген жарты шумақ қана өлең жазылыпты. Бақайдың жазуы екенін мен танып жымисам да, басқалары танымай, маған қарап жымиысты. «Жағдайшылардың барлық сыры мен сипатын екі ауыз сөзге сиғыза қойған мына жарты шумақ қана өлең, семсердей сесімен қарақылды қақ жарып, әділ үкімін де шығара қойғандай әсерлендірді мені. «Жарайсың, романтигім, сыншыл реализмнің азуы алты қарыс өкілі де болғайсың!» деген ыразылық оймен жымиып едім.
- Кеше тағы бір айтысып шыққаныңды естіп едік, әй сенің сөзің-ау осы! –деп күбірледі бірі. Бөліміме қайтып бұрыла беріп тоқтап сөйлей кеттім:
- Мынаны өшіре көрмеңдер, әкімдер қолданба етуге тиісті сөз екен! Мүмкін, кімдікі екендігін тексеріп алып қабылдар!...
Бүгінгі істерлік ісімнің тізіміне үңіле отырып, терезеден көрдім. Қызметіне енді келген үлкен Әкім де, Әлиев те қара тақтаға бір-бір тоқтап, әлгі өлеңді жазып ала өтті. Досан орындығына орнығып болды-ау деген кезде кешегі сылтаулық жұмысымды айтуға тағы кірдім. Райынан өлеңнің күшін де байқағым келіп еді. Қойын дәптеріне сол өлеңді қондырып алып қарап отыр екен. Мені көре сала жылан көрген кірпіше жиырыла қалғандай болды. Кәрленгендегісінше мұрты жайылып тарамдалып алыпты. Дауыл түткен шүйке бұлттай әлемтапырық шырай көрінсе де сыр бергісі келмегендей, мектептің үйрену уақыты туралы сұрауыма:
- Әлиевпен сөйлесші! –деген ғана бәсең жауаппен шығарды.
Әлиевтің кабинетіне рұқсат сұрап кірдім.
- Кел отыр! –деді, стол қарсындағы орындықты нұсқады. Отыра бергенімде түйедей бір сұрауды қойып кеп қалды. - Әкіммен тағы да қарсыласып, қатты тигенбісің?... Кеше ауырып қалыпты.
- Ауырса кеше түстен кейін ғана ауырған болар. Мен емес, түске шейін ел – халық айтысып еді, өз қылмысы түстен кейін ауыртқан болса керек!
- Ол дауға сенің не қатысың болды?
- Мен Әкімге өз жұмысыммен кіріп едім, -деп бастадым да айтысқан сөздерді сөйлеп бердім.
- Ал, өз жұмысың не еді? –деп сұрады күле түсіп, өз жұмысымды баяндадым. Газет оқу жөніндегі Сәрсеннің талабын да күле тыңдап, ол жөніндегі менің орналастыруымды құптады.
- Мына доскідегі өлең кімдікі? –деп сұрады сонан соң.
- Білмеймін.
- Жайшылықта айтып жүретін сенің сөзіңе бек ұқсайды екен!
- Мұндай бек ұқсайтын сөздер әлі бек көбейер!
- Қалайша көбеймек?
- Досан әкімнің қай жақтың қамқоры екендігін анық көруші көздер көбейген сайын мұндай ащы тілдің де көбейетіндігі сөзсіз!... Осы жарты ғана шумақ өлеңнің өткірлігіне мен де қатты таңдандым.
- Бұл рас сенікі емес пе?
- Емес екендігі анық, егер осыны мен жазған болсам, жасыру емес, зор мақтанышпен мойындар едім. Шыншыл тілге сот пышағы енді өте берер ме!
- Өтуі енді тіпті мүмкін, -деп қалып күліп жіберді Әлиев. – Мәселен, Досан әкім қазір осы істерін партия нұсқауы бойынша істедім деп сендіре алады. Сонысымен сені компартияға қарсы бұзғыншылық істеп жүр деп те сендіре алады. Халықты тыныштандыра тұрудың дәл қазіргі кезеңінде мұндай ерікті шыншыл тілдің үлкен қатері бар.
- Бес жылдан бері әсіресе кейінгі екі жылда байларға шынымызды айта жүріп-ақ тыныштандырып, көпшілігіне қызмет істетіп-ақ келген біз ғой. Жәбірленгендердің талабын шетке қағып, жебірлердің бетіне опа жағып, бұлай сүймей-ақ тыныштық қалпын сақтайтын шындықтан жаралған тәжірибе бар еді ғой бізде.
- Ха-ха-ха-һа... осы сөзің де ұқсамай ма доскідегі өлеңге деп, - орынбасар әкім, мойынымнан қыса қойғандай, қатты күлді. Шорт тынып күрсініп алып жалғастырды сөзін. – Компартия өзі белгілеген жолмен ғана жүруге табанды болады!... Бізге өз жолындағы осы нұсқауды бұзбауды тапсырып отыр.
- Бұл партия нұсқауы емес, жасанды ғана ойын сияқты көрінеді. Мал иелері мен буржуазиядан ақы талап ету де бұзғыншылық болмақ па!
- Досан мұныңды бұзғыншылыққа сиғыза алады. Сенің осы көзқарасыңды мен өз идеямда толық қуаттаушы едім. Ал, қазір ашық қуаттай алмаймын. Себебі жоғарының нұсқауы қазірше осылай екені рас. Дәл қазір Досанның шешімі дұрыс болып тұр. Сен де басқаларға әсері тиетін мұндай солшыл сөзді әшкере айта беруден сақтан! «Көпшілікті құтыртушы», «бұзғыншылық қоздырушы» аталып қалмағайсың! Әсіресе зиялыларға бұл жағынан қатал қарайтын сияқты.
Әлиевтің бұл ақылы «тікенсіз» шын ниетімен мені сақтандыру үшін айтылып отырғанын түсініп, бас изей салдым. Осы орайда Мақпалды табу жөніндегі талабымды тағы бір айтып көргім келді:
- Қамқорлықпен айтылған бұл кеңесіңізге рахмет, әкім ағай! Ешкімге мұрындық болатын әшкере асау сөзді сөйлемей-ақ қояйын. Бірақ, ұжданымды күндіз-түні кеміріп жатқан бір дерт барын, өзіңізге айтып едім ғой... Мақпалдың жоғалуы. Соның қайда екенін жасырын ғана тексеріп, ата-ана, туыс-туғандарынан сұрап беруді халық бөліміне тапсырыңызшы!
- Соған әлі қиналып жүрмісің, әлі ғашықпысың? –деп Әлиев тағы күлді. – Біреуге әлдеқашан қатын болып кеткеннен кейін оны енді не қылмақсың!
- Қайда екенін ғана біліп берсеңіздер, ешқандай көпшілікті құтыртпай – бұзғыншы аталмай-ақ жасырын ғана, түп-түзу ғана барып құтқарып әкелер едім!
- Сендей жап-жас, сұлу жігітке қыз табылмай ма!
- Табылады ғой, бірақ, оның жүрегіндей жүрек таба алмайтыным анық!
- Жүрек деген не ол, дүниеде одан көп нәрсе жоқ жігітім! –деп қарқылдады орынбасар әкім. – Ол жөнінен сауатсыз екенсің, қыздардікі таусылып қалғандай, қатынның жүрегін қайтпексің! Шынымды айтайын, ең қызығы әр күні біреуіне ғашық болу! Жүрек жаңарады, жүректі жаңарта беруден пайдалысы жоқ!
- Әкім ағай, сол «пайданың» бәрі өзіңізбен-ақ кетсін! –дегенімде Әлиев өзіне ең ұнамды бата берілгендей, рахаттана күлді. Мен өтінішімді ішкерілей қайталадым. – Кемпір болса да содан басқаны іздерім жоқ! Көптен бері сүйемел болып, өз ағамдай көрініп қалған сізден өтінерім сол ғана!
Әлиев күлкісін тоқтатып, ойланып қалды да, күрсініп жіберді:
- Мал иелерін тергеу тұрмақ, қазыр оларға көздің ағын көрсетпеу тапсырылып отыр. «Қызың қайда?!» деп кім сұрай алмақ олардан.
- Осыдан төрт ай ғана бұрын, өткен 9-шы айда халық бөлімі оның әке-шешесінің жасырын құдалығын тексергенін ескеріңізші! Сонда үкіметтің рұқсат қағазын алмай ұзатса, жазалануға ыразы екендігіне берген тіл хаты бар. Халық бөлімі енді соны апарып тергесе несі бүлінбек? Феодализмді жоюдың жолы ашылды ғой!
- Қазір одан да уақыттық шектеліп отырмыз. Партияның бұл жөніндегі нұсқауы – неке заңы келмей, мұны істей алмаймыз!
«Ахыметжандар өлгеннен соң басы жоқ адамша ойлайтын болып қалғансыздар ма, су жүрек болып қалғансыздар ма?!» дей жаздап, шамына тимеу жағын да ескере кідірдім:
- Қазіргі үш аймақ ахуалында бұлай тартынатын еш қандай төңкерістік себеп жоқ. Досан әкімде басқадай себеп бар ғой, ал, сіздің бұлай болуыңызға қатты таңданамын.
- Жол-жорық осылай деген соң, осылай болу керек!
- Халық азаттық армиясы қыздар түгіл қатындарға қырындамаймыз деп әндетіп келіп жатқанда сондай аяулыларымызды бітеу жұтып қойғандарға ләм дей алмайтын құлға айланғанымыз ба! Тым болмағанда "бесік күйеуді" қайда жібергенін сұратып беріңізші!
- Әйелдерге қырындаудан мал иелеріне «қырындау» қиын болып тұрмай ма! –деп алып, күлкіден тиыла ойланған Әлиев, сөзін күбірлеп жалғастырды. – Осы байлардан сұрап, тексеріп, бұзғыншы аталмай-ақ, тексерсек те енді айтпайды олар... Өзің іздеп тауып қана алып қашып келмеймісің!... Мәселені неке еркіндігіне ғана сүйеп, насихаттап шешу, оңай болар еді!
- Іздеп таба алсам ғой неке еркіндігіңізге де жалынбас едім. Табылмай тұрмай ма!
- Солай болсын, тағы да іздестір! Бір орайын тауып сұрастыруды халық бөліміне мен де айтып қояйын! Қазірше табылмаса шыдап тұра тұруың, бәрінен де қажет. Бұл уақыттық қана жағдай. Мұны «ойын» десең, мына қалпыңда «ойынбұзар» айыпқа ұшырап қалатын сияқтысың, - деп шығарды Әлиев.
Қаңтардың қыс ызғары тамыздың шіліңгіріндей пысынатып, жанымды шыжғырып бара жатқандай, түн бойы дөңбекшіп, күн бойы ішімнен тықыршып жүрдім. Нұрияшымнан хабар жоқ. Қыстың сұрғылт күндері сүзіп қалардай, Досанша тұқыра тымырайып келіп, тымпия өтіп жатты. Жараған бурадай тұна қарап ізденіп жүрмін. Мен күткен дау да жоқ, шабарманға Кәкімбай табылмапты. Жолаушылап кетіпті деседі. Бұрынғы өштестер бір-біріне өңдерін ашып, үнсіз жымия қарасады. Көлгірліктен басқа жау да жоқ сияқты. Бір алып қол ауыз біткеннің бәрін басып алғандай жым-жырт еді.
Бір күні таңертең мектеп аралап қайтып, орныма енді отыра бергенімде Мақмұт Керім, «Шинжяң газетінің» бір нұсқасын алдыма тастай салды. Бас тақырыбына қарап үңіле түскенімде, арандай ашылған бір еркін ауыз жарық еткізді көзімді. Азу тістерін ақситып феодализм машайықтарына ақырып кеп қалғандай елес берді. Өзім қосыла ақырғандай мереймен дауыстап оқи жөнелдім. Оқыған сайын жаным кенелгендей, аузым тұшығандай, тісімнің қышуы қанғандай мейірлене оқыдым:
«Сендер Құдайға сенесіңдер, өздеріңе жақпайтын адамның барлығын Құдайларыңа атқызбақ болып қорқытасыңдар, солай емес пе моллалар?! Ал, мен генерал Уаңжын, міне алдыларыңда тұрмын. Коммуниспін. Ешқандай құдайларыңа бағынбаймын. Қане, құдайларың бар болса, мені атқызыңдаршы, қане!... Қане!.... ешқайсыларың атқыза алмадыңдар ма!... Атқыза алмайсыңдар, Ә!... Олай болса тыныш жүрмегендеріңді мен атамын, ... қысып жүріңдер!» -депті Шинжаңға кірген жепаңжүннің бас қолбасшысы. Өлкелік партия комитетінің бірінші секретары. Оңтүстік Шинжиаңдағы барлық дін ғұламаларын жиып алып сөйлеген сөзі осы екен. Бұл кісінің сөйлеген сөзін естігенім де осы еді.
- Шинжаңға келгеннен бері газетте жарияланған 1-ші сөзі осы! –деп күбірледі Махмұт Керім. Көзім енді ашылғандай қуанышпен бадырая қарадым оған. Қою қара қасының арасына сұйық қана сұраулы леп белгісі (?!) пайда бола қалғандай кірбең қабақпен тым бәсең жалғастырды сөзін – шиті мылтық та көрсетпей берілген Шинжиаңда өздіктерінен бас иіп, қол қусырып тұрған моллалардың жүрегіне осы сөзден дөрекі тиетін түрпі жоқ шығар! Тым кескін адам екен!
- Түрпі түгіл тырнаушы болса да коммунизмшілердікі ғой, әйтеуір! –деп күлдім мен. – Жалпылай емес, феодализмге ғана қаратқан болса, тырнай түссін! Қышыған арқамды қасығандай сүйсіндірді!
Газетті шиыршықтап ала жөнелдім Әлиевтің кабинетіне осы санды газетті орынбасар әкімнің өзі де жайып салып оқып отыр екен. Мен қара тонымды шұбалтып, салдыр-күлдір кіріп барғанымда күліп жіберді:
- Не үшін асығып келе жатқаныңды білемін. Сен қуанарлық сөз жоқ.
- Феодализмді бүйірінен қысып қалып, ішіндегі Мақпалдың әдемі басын шығара қоймады ма!
- Жоқ, бұл жалпы сәлдеге-дінге тиіскені, қой бегіне тиіскені емес.
- Солай болса да менің кішкентай қылмысыма жеңілдік әперетін сөз ғой, өзі бүкіл жаңа демократизм мен төңкерістік бірлік сапты бұзарлық сөз сөйлеп тұрып, «ойын бұзған» есептелмесе, зорлыққа ұшырап, сорланған Мақпалды іздеуіміз қаншалық айып болмақ!
- О заман да бұ заман ойын басқарушының өзі ойынұзар айып тартқанын қайдан көрдің! –деп күлді Әлиев.
- Бұл, бұрын көрілмеген жаңа заман ғой. Ойынбұзарды алдымен ойын бұзған басқарушы тартатын түзім болмаса, заман жаңалығы да болмақ емес қой! Ішімізде сайрап тұр, Құдай тілімізді байлап тұр, амал қанша, Дариға!

Көреген тергеушім, Қытай төңкерісінің осы батырын осы қылмысыма пана тұтпақ болуымнан өтетін надандық жоқ-ақ шығар. 18 мың ғаламның ұлы Құдайының өзін қомсынып жүрген батыр оның қай пендесінің көз жасын көрмек! Тірегі шіріп, өздігінен құлағалы тұрған гоминдаңның тағына шығып алған соң-ақ көзі көкке, көңілі аспанға шығып кетпеді ме! «адыраңдама, соқырым, баланы басып кетерсің!» дей алатын дәл қазір кім бар оған! Еңбекші халықты жендеттерінің ойынбұзар айыппен түрмелейтін құқыққа ие болуы, оның осындай шктеусіз нақұрыстығының нәтижесі емеспе.


II
«Бөрі аузынан қой алар» деп үміт артқан мықтыларым Үрімжіге қызметке шақырылып жатты. Алдымен Әлібек майор көше жөнеліп, көңілім бейжай болып отырғанда, Әлиев пен Махмұт Керімге шақыру қағаз тағы келіп, танауымды қусырды. Енді тотидым-ау!» дедім. «Мақпалды табуыма көмек етерлік кім қалды енді!».


Үрімжіден салмірейген бір қытай жігіт келіп жүр еді, Шакербайдың столының қатарына отыра қалды бір күні таңертең.
- Сіз Махмұт Керімнің орнына келген болсаңыз керек! –деп қытайша соқалай сөйлеп барып, соның орнын нұсқап едім, аңтарыла қалды да, бірдеңе деп былдыр-былдыр ете түсті. «Сенің сөзіңді түсінбедім» дегені екенін, шайқаған қолынан ғана ұқтым. Мен естіп көрмеген, басқа қытай тілінде сөйледі. Аудандық оқу-ағарту бөлімінің орынбасар бастығы болып, оқу-ағарту меңгермесінен тағайындалып келіпті. Бұл жайын Шакербай сөйлеп жүріп, өз столын бір бұрышқа тартып апарып қойды да, елпек қаға ұмтылып келіп, орынбасарының столын дәл төрге орналастырды. Орындығын да әкеліп қойып беріп, «отырыңыз!» дегендей қолын жая шұлғып еді, құрметке құрмет ретінде үш рет шұлғып барып отыра кетті орынбасар.
Шакербаймен істес болғалы өзінен төменірек қызметкерге көрсеткен кішпейілдігін көргенім осы. Таңдана қарап тұрып қалыппын. Қит етсе, «мен бастығыңмын, бұйрық осы» деп қоразданатын осы мәнсапқор бастығымның бүгін мекиенге өздігінен айналғысы келгендей мына көрінісіне күлкім келіп еді. Онымды өзі де сезгендей:
- Қонақ қой, жаңа келді ғой! –дей салып бұрылды маған. – Биғаш, неғып тұрсың шырағым, қызметіңе бар! Махмұттың орнына біреу келгенше бар жұмыс екеуімізге қалды енді! Осы аптада қалалық мектептердің бәрін бір рет көріп, сабақ игерісін тексеріп шық! Қытайша бір клас қана ғой, оны мына кісінің өзі басқарар!
Мен өз бөлмеме кіріп, қағаздарымды жиыстырып жатқанымда біреу Шакербайдың есігінен қарап мені сұрады:
- Биғабіл бар ма, Әлиев шақырады!
- Шырағым, даңғырламасаңшы, жаңа келген кісі отыр!... Биғабіл мектеп аралап кеткен! –деп шақырушыны қайтара сала келіп, мені асықтырды. – Мектептеріңе тезірек кете ғой, Биғаш! По, қызметтен түсуге үш-ақ сағат қалды!
Қызметке бұл асықтыруы, Әлиевтен мені бұл жасыруында сыр барын тұспалдай шығып барып, Әлиевтің кабинетіне кірдім. Қызметін өткізіп болып, үйіне қайтуға киініп тұр екен.
- Міне, Биғабіл дейтін азамат осы, -деді, орнына келген қырма сақалды қараға қарап. – Арасындағы ахуал әлгіндей. Солай бола тұрып, тағы да жібергісі келмей, жабысып алыпты. Тым болмаса, қызметке шақырылған қағазын өзіне көрсетіп, пікірін тыңдамақ та емес! Жаңа кіріп айтып ем, "бәрін әкетпекпісің" деп, бәрін мен әкетіп бара жатқандай түйілді. Өлкелік үкімет алдындағы жауапкерлік үшін қағазын өзіне беріңіздер, өз ықтиярымен болсын!
- Әкімнің ісіне қол сұға алмаймын ғой! – деп жымиды жаңа орынбасар. – мен білмеймін дедім ғой!
- Олай болса мен-ақ ұқтырып кетейін! Биғабіл, сені Үрімжіге оқу-ағарту меңгермесіне қызметке шақырған екен. Кеше кеште ғана естідім. Шақыру хат Досан әкімде. Барғың келсе, дайындал, ешкім тоса алмайды. Барғың келмесе, өзің білесің. Меніңше, өштік-қастықтан аман өсуің үшін саған Үрімжі жақсы. Ал, мен екі күннен соң жүремін. Оғанға дейін көрісерміз!
Осыны айтып шыға берген Әлиевтің соңынан ере шықтым.
- Тез өсуің үшін барғаның жақсы! –деп қайталады қақпадан шыға бере.
- Ағай, менің қазірше бара алмайтын себебім бар ғой, Мақпалды іздеусіз тастап кеткім келмейді!
- Онда өзің білесің. Бірақ, мына мұрт сенің өсу жолыңа бөгет бола береді, қатты өшіккен. Сол үшін орынбасарына бар ахуалыңды айтып ескерттім. Бірақ бұл бір ынжық неме сияқты. Мұндайдың саған ешқандай пайдасы тие қоймайды. Анау саған өз қолынан келгенін істей бере алады, ойланып көр! Өз қолынан жібермесе, менімен бірге жүре беруіңе болады!
- Бұрынғыдай емес, партия комитеті құрылады ғой әлі!... Бұрын менің бұл мұрттан зыта қашқым келіп тұратын. Қазір қарсысына тұра қалғым келе береді. Мұның бар мәселесі маған аян емес пе. Сәті келгенде өзін домалатуға сенімім бар!
- Олай болса, дұрыс! –деп күлді Әлиев. – бірақ, өте сақ болғайсың, бір іске тәуекелшіл болма!... Әлгі қыз туралы талабыңды Айыржапқа айтып қойғанмын. Бірақ ол да ауысуы мүмкін. Өз бетіңмен іздеуге тура келсе, өте байқап ізде, мұрттының содан бір сылтау тауып кетуі мүмкін, асқан аяр неме!...
Әлиев осы сөзбен айрылысты. Мен мектеп шарлай бердім, қиялым қиырда, сонау Жеменейде, Сауыр қияларында оған өткен күз соңында бір рет барып қайтқан Дүйсен ағай Мақпалдың тірі екенін бір әйелден ғана естіп, өзін көре алмай қайтқан. Бесік күйеудің нағашысы басқа бір беймәлім жердегі туыстарына екі күн ғана бұрын жөнелтіп жіберген екен. Дүйсен оның айдалған бағыт-бағдарын да біле алмай қайтыпты. «Жаз шыға тағы бір барып іздеп қайтамын» деп жұбатады. Тірі екенін айтқан сол әйелге Мақпалдың бар жайын біліп тұруды мықтап жалынып тапсырыпты.
Сонымды таппай осы жерден тапжылғым келмеді. Арман-тілегін азат ете алмаған азаматқа азаттық қайда. Егер оның өзі бесік күйеудің бесігіне бала салып, сонысын қимай мені қиса, сонда да жартылай азатпын дейтін сияқтымын.
Мектептегі жұмысым ертерек аяқтаған бір күні кешке жақын үйге қайтып келе жатқанымда бір қарымды қол арқамнан қағып кеп қалды. Жалт қарадым да құшақтаса түстім. Аласалау ғана иықты келген құбақан жігіт, мені белімнен қаусыра көтеріп әкетіп, шыр көбелек айландырды. Тарбағатай халқының бұлбұлы аталған әнші Шәкен Елубайұлы еді ол. Жұртшылық қанша ардақтағанымен өзін аямайтын «тесік өкпе» еңбекші азамат Шәуешек қазақ орта мектебіне ғылми меңгеруші болған соң да демалыс күндерін қара жұмыспен өткізіп келе жатыр еді. Қартайған жалшының жалғыз ұлы, семия тұрмысы үшін жасынан дағдыланған осындай кәсібінен әлі айрыла қоймаған. Өзінен не дәуір тұрықты мені қомсындырған Қуат, құрыштай шынқтырған сол еңбектің қуаты үйіріп-үйіріп тікемнен тік қоя салды. Тәлтіректеп алқына тұрып амандастық. Мемлекет бойынша тұңғыш рет әдебиет-көркемөнершілер жиынына шақырылған екен. Түскен жүк аптамобилі артқы аяғынан "ақсап", емдеу керек болған соң қоналқыға деңге тоқтапты. Шәкенді қоналқыға кетіп бара жатқан жолынан бұрып, үйге қарай қолтықтап ала жөнелдім.
- Үй-үй, Қиялзат түсте кездесіп, үйіне шақырып қойып еді, сонда баралық!
- Қиялзаттың да, оның қыдияр заты да қазір келеді біздің үйге!
- Бұрын шақырды ғой, уағда беріп қойып едім!
- Мыңбектің үйіне сол уағдаңның өзі-ақ қонсын, Шәкендер мен сияқты «бір бектің үйіне қонады!».
- Әкесі Мыңбек пе еді, онда ... болса-болсын! –деп өздігінен құлшына кетті Шәкен. – Қиялзатқа жауап та өзіңнен болсын!
Жолда кезіккен оқушылардан қағаз жазып, Бақай, Мәулен, Өмірбек, Қиялзаттарды қосарларымен шақырдым да, лайықты ішімдіктерін жол жөнекей түгендей келдім. «Арақты қойғанмын, мені қинаушы болма!» деп Шәкен өтіне кірді үйге.
Алқын-жұлқын болып Қиялзат пен Мәрия жетті алдымен.
- Мұның не ей, бастық, шақырып қойған қонағымызды жолдан жетектеп әкетіп, қай басынғаның бұл! –деп Қиялзат тепсінгенде, Шәкен маған қарап жымиды.
- Е, бастық дегеннің басқаны басыну үшін бастық болатынын көрмеп пе едің, оның жөнін Мыңбек әкеңнен сұра! –дегенімде Шәкен қарқылдай күліп, не дер екен дегендей Қиялзатқа қарады.
- Сені әкемнің басынғанын қашан көрдің! Айыбына жүр, сен өзің де жүресің біздің үйге!
- Мені әкең басынбаса, қасыңдағы оның келіні бұрын кімнің қалыңдығы еді, білмеймісің?! Жасау-жабдығымызды екеулеп дайындап болғанымызда зорлап саған құшақтатып жүрмей ме!
- Жеңілдің! –деді Мәрия Қиялзатқа баяу ғана күбірлеп, төмен қарап барып өкінші бар адамша әдейі күрсіне отырды орындыққа. Даңықты әншінің әнін қайнатаның үйіне кіріп тыңдай алмайтын болған соң осында қондыру жағына шыққаны, маған осы актердың күрсінсінен байқалды. Шәкен оған таңданысты шыраймен аңтарыла қарап қалыпты. Марияның бұл бейнесінен бұрын расында да менің қалыңдығым екендігіне сенген сияқты да, неткен шыншыл жан деп таңданғандай.
- Мыңбек ұлы кімнен кімді тартып алып малданып жүргеніңді енді мойындаған шығарсың, айыбына өзің отыр! –деп Қиялзатты жетектеп, Шәкеннің қатарындағы орындыққа отырғыздым. Қиялзат дауын қайта жаңғыртты:
- Өз қалыңдығыңнан айрылып қалған ынжық, соның кегін енді менен алмақпысың!
- Ие, оны тартып әкеткен де Мыңбек емес пе! –деп күрсіндім мен – қала қасқыры, қыр қасқыры – бәрі бір қасқыр. Мен екеуімізге де ортақ қонақты қолының ғана жетектеп күлдіріп әкелдім. Ал, сендер, қалыңдықтарымды зорлап атқа өңгеріп, шырылдатып әкеттіңдер ғой! Рас па Мәрияш?
- Рас! –деп Мәрия тағы да томсара күрсінді. – Екеуі де рас! –деді төмен қарай беріп.
Шәкен оған таңданыспен бадырайған қоңырша көзін енді маған аударды:
- Мына қалжыңдарыңа қарағанда тағы да талай оқиға кешірген сияқтысың ғой?
- Бұл тыныш жүрушіме еді, -деп Қиялзат жұлып әкетті жауапты. - Әкімдердің құйрығынан түрткілеп шамдандырып алып, өз таңынан тартқызады да жүреді!
- Әкеңнің көзімен қарағанда менің солай көрінетінім рас! –дей салдым. – Сау көзбен қарасаң, ондайдың қарсысындағы образбен көрінер едім.
Шәкен Қиялзатқа көзін сығырайта жымиып, мысқылмен қарап сөйледі:
- Әкімдердің құйрығынан түртіп шамдандыру емес, таңның тәттілігімен қызықтырып тартқызады десең, нанымды болар ма екен?! Таңы тәтті болмаса әкімдер тарта бермесе керек қой!
- Рас солай болатын! – деп Мәрия мұңайғанси құптады оны.
- Бәріміздің дәмімізді осы Мәрияш біледі! – деп күліп жібергенімде, Шәкен қарқылдап ала жөнелді.
- Үшеуіңнің араларыңдағы қалжыңға сеніп, Қиялзатқа өшіге қалыппын! –деп еселей күлді. – жарайды қарындас, мықты актер екен! Сендердің сөздеріңді шыраймен бекітіп, нандырып отырған осы!...
«Мақпалды осы өнермен де құтқара алмай қалдық қой, әттеген!» деген өкінішпен Мәрияға тына қарап алып, тығылып отырып қалыппын. Бұл жайымды терши қалған маңдайымнан байқады ма, Мәрия да сезіп, мұңая қарап отыр екен. Мәулен мен Өмірбек келіпті. Алдарына жүгіріп барған Шәкенмен есік жақта құшақтасып, амандасып тұрғанын бір-ақ білдім. «Қой, Биға, бұл жайыңды енді әшкерелей берме!» деп күбірлеп түрегелді Мәрия орнынан.
Жақында босанған Меһір, бала жағдайымен келе алмай қалыпты да, Бақай табылмапты. Дастарқан жасатып, шәй құйғыза бердім. Жеңгелерімнің алдына түсіп, күтуші бола қойған Мәрия бөтелкелермен стакандарды суырып шығарып ала қойды. «Әнді ертерек бастату үшін» деп күбірлеп барып, сәй қуырдақ әкеліп қоя сала түрткіледі мені. «Арақ құй!» дегені еді. Артыма қайрылып мен сыбырладым. «Көргенсіз болма, бәйбіше, алдымен шәй ішіп алсын!» дегенімде, құлағымды қос қолымен далдалай сыбырлады Мәрия: сен шәй ішкізіп баптап болғанша менің күлкішім қонағыңды жетектей жөнеледі де екеуімізді тағы да тақырға отырғызып кетеді!»
- Ей, ана екеуін қарашы ей, әлден сүйісіп отыр! –деп мырсылдады Өмірбек, Қиялзат орнынан ыршып тұрды:
- Тап... қысыңдар енді!
- Бұл зіркілге қысыла қоймас, - деді Шәкен күліп, маңдайына жығылған шашын сілкіп қайырды. – Не деп сыбырласқандарын сеземін. Мен өздерін қысайын!... Қане, қарындас, Биғабіл екеуің алдымен ауылдың алты ауызын айтыңдаршы, сонан соң қонақтан күтетіндерің арақсыз-ақ орындала береді!
Мәрия сыңғырлап күліп, есіктен шыға жөнелді де, мен жалма-жан арақ құюға кірістім.
- Қыстырдың-ақ! –деп Өмірбек мырсылдады да,
- Мына біреуінің, тіпті, пішілгендей, - деп Қиялзат шиқылдады. - Жымқырыла қалғанын қарашы!
- Жоқ, қыстырмаймыз да піштірмейміз! –деп күбірлеп стакандарды тарта бердім. – Ей, Мәрияш, бері кел, «алты ауызын» мен-ақ айтып беремін! Алдымен жадыратып алайық өздерін!
- Мен өзіңе айтып едім ғой! –деп Шәкен, алдына қойылған арақты маған күбірлей қайтарды да, жариялап сөйледі. – Достар, мен арақты бұрыннан жақтырмасам да, тек, жадырау үшін ғана ішетінмін. Енді міне көңілім ғана емес, бүкіл аспан жадырайтын негіз орнады. Маған бұдан артық температура керек емес. Мұнан соң ішпеймін деп, жас кемпіріме де ант беріп қойғанмын. Ал, сендер қуаныш үшін де, маған арнап жасаған осы отырысқа шаттық қызу шақырып та ішетін боларсыңдар... Бұл пейілдеріңе разылығымды әніммен көрсетіп, дос көңілдің мерекесін әніммен қыздыра берейін, арақтан рұқсат етіңдер, рұқсат етпесеңдер де бәрі-бір, ішпеймін. Бұл жайымды Биғанға келе жатып-ақ айтып болғанмын, кешіріңдер!
- Менің әуенім бұдан әдемілеу, -дей түрегелдім мен – рас, бұрын біз, «күніміз бір сорлымыз, күңіренейік қосыла!» деп те ішіп қоятынбыз. «Көңіліміз бірде күресте, Күлейкіші қосыла!» деп те ішіп қойған жеріміз бар. Бұл арақ бүгін сол екеуінен де басқаша себеппен құйылды: Бижіннен қараған көзге ең түкпір деп есептелетін Шәуешектен жалшының жалғыз ұлы, еңбекшілердің күрескер әншісі, ұстаз Шәкенді дәл тауып көріп, сол астанадағы көркемөнер жиынына дәл тауып шақырған компартияға – Маузыдұңға алғыс үшін көтерелік осы тосты!
- Әй, алып кеттің-ау! –деп ыршып тұрды Шәкен. Менің алдыма қайтарып қойған стаканын өзі ұмтылып келіп ала-сала шақ-шұқ қағыстырып жіберіп қағып салды. Сол тұрған бойы шәй кесесін алып, ұрттап, ұрттап жіберді де, «партизандар маршын» ханзуша өз тексімен сайратып ала жөнелді. Шәкеннің үн желбезегінен ең бақытты ән ғана шығатынын пәш еткендей, өзі де елпілдеп-ескектеп құйқылжып айтылатын елгезек ән, ерен нақышқа бөленіп, алуан түрлі зер жіптерге тізілген алуан түрлі меруерттей құлпырды.
Ән басталысымен елеусіз ғана кіріп, мені далдалай тыңдап тұрған Мәрияның сол әнмен бірге құйқылжып кеткені, менің иығыма сүйенген қолынан білініп тұр еді. Арақ құюға тосыннан еңкейе қалғанымда жалп етіп құйрығыма қона түсе жаздады. Бұл қылмысын зейіндері әнде ғана болып, тынып қалған даукестер байқамай, екеуіміз ғана жымиыстық бір-бірімізге. Мәрия ән аяқтасымен лып етіп, шыға жөнелді. Мен стакандарды екінші рет тарттым. Шәкеннің алдына да қойғанымда бұл жолы қарсылық көрсетпей, қуырдақ асай түсті. Онысы, өзі бір рет тост көтертуге дайындалғаны екен. Стаканын ұстай түрегелді.
- Достар, маған ғой, көтермесем болмайтын ерекше тілекпен бір румка алдырдыңдар. Осы отырған бәріміз де оқытушы екенбіз, осындай мөрті келгенде көтермесе болмайтын тағы бір тост бар. Сонымен жұп болсын. Тарбағатай газеті Биғабілді осы өткен күзде тағы шақырып еді. Мектептен басқа орында қызмет істегісі келмейтіндігін айтыпты. Сонысына мен қатты разы болдым. Мұғалімдік деген мәнсап емес. Қазір еңбек ақысы да төмен. Ал, газет сияқты атыңды да шығармайтын, жолы жіңішке, табаны жалпақ, жапалы қызмет. Биғабіл сол жапалы қызметіне ешқандай мәртебені теңгермейді. Тіпті өзі сол мәртебесіздігінен мерт бола жаздағанда да теңгермеді. Сонысы үшін Биғабілді ешқандай Әкімге мен теңгермеймін. Мекктеп ананы осы Биғабылша ардақталық! Жаңа өркендердің мүддесі үшін Биғабылдай жанқияр ұстаз болайық!
Осы сөзбен екінші рет қағыстыра бергенімізде кердең басып үш-төрт жуан кіріп келді. «Ассалау-ассалау» дескенде «астағыпыралла!» деп қалған Шәкен стакандағысын қағып салып қарсы алды. Алдына Сәрсен Саясат пен сарала капитан Үсен екен. Мұндай қасиетті тостқа оларды ортақтастырмайық дегендей бәріміз де сіміріп жібердік. Табалдырықтан кекірейе аттаса да, бар кеселін босағама тастай салғандай еңкейген Сәрсен, қолын маған да жалбақтай ұсынып еді, «тақсыр» капитаным сес көрсеткісі келгендей бейнемен қолымды сере ұстап, сілкілей амандасты. Төрдегі орындықтардың біріне нұсқағаныма қарамай, есік жақтағы бір орындықты оңаша терезе алдына апарып шалқалап сұлай кетті.
- Палиторігім ресми шақырғаныңда шығармын төріңе. Бір мықты әнші келді деген соң ән тыңдауға ғана келдік. Отырыңыздар, отырыңыздар!
- Палиторг түгіл жаныңда тат басқан қанжарың, соңыңда таз конвойың жоқ, неңе кекірейесің! –деп Өмірбек мырсылдады онысына. – Келерің келген соң дастарқанға шақырғанда бұлданбас болар!
Төрдегі өз орнына Шәкен де шалқалай кетті. Шырайына біз көрмеген такаппарлық орнай қалыпты. Қатарына отырып, қайталай амандаса түскен Сәрсенге ернін жыбырлатып қойып қана сөйледі:
- Отыр, Биғаш, капитан мырзаны «ресми» шақырып күтіп аларсың, мен де сол кезде келіп, зетпен тұрып ән салып берермін. Қазірше құрмет қабылдауға зауқы жоқ көрінеді, қайтесің зорлап!
Өзі келіп ап мұншалық кеселденуіне аң-таң болып тұрып қалған мені есіктен Мәрия шақырып сыбырлады:
- Әлия бірнеше қызбен ән тыңдаймыз деп бағана келген. Қарсы үйде отыр. Әнеу капитан соны аңдып келген сияқты. Төбелес шығармасын, байқа!... Айырылсуларын сенен көретінін естігенмін!
- Қонақтарға шәй құйыңдар! –дей салдым да Үсеннің қатарына орындық тартып отыра күбірледім. – Капитан, расында ән тыңдауға келдің бе, менімен айырым сөйлескелі келдің бе?
- Мені айырым сөзі бар екен деп естідің бе? –деп түйіле күбірледі Үсен.
- Олай естімесем де солай түсіндім. Әлияның қарсы үйге келіп отырғанын жаңа естіп, сенің төрге шықпай қоюыңды солай түсіндім, сөйлесесің бе?
- Маған ол туралы айтатының барма еді?
- Бар! –дедім де қолынан жетектей жөнелдім. - Әлияны сен ертіп шық! –деп Мәрияға сыбырлай шықтым. Қақпаның сыртқы босағада алдасына Үсенді тоқтатып бастадым сөзімді. - Әлия екеуің уағдаласып па едіңдер, жоқ уақытша ма еді?
- Онда не жұмысың бар?!
- Жұмысым тек екеуіңнің ар намыстарың үшін ғана!
Үсен басын төмен салып, ойланып тұрғанында Әлия қақпа алдынан мені ғана көріп, күлімсірей жетті де Үсенді көре томсарып шегіне берді. Шап беріп қолынан ұстай алдым.
- Сіз қашан келдіңіз мұнда?
- Ән тыңдайын деп бағана келгенмін!
- Мына батырыңызды ренжітіп келген сияқтысыз, тоңырая келуінен байқадым. Ән тыңдағыңыз келсе, күйеуді күлдіріп кіргізіңіз, қонақ алдында ұят болады!
- Бұл кісіні мен танымаймын! –деп қызарақтай тұқырды Әлия. Үсен зірк ете түсті:
- Танымай қатын болып па едің маған?!
- Мұнысы мені масқаралау үшін жапқан жаласы! –деп бетін баса шиқылдады Әлия.
- Жала емес, жаны бар сөз екені қараңғы көшедегі жүрістеріңнен де белгілі болған ғой, Әлияш!... Екеуің расында дәл табысқан, бір-біріңе сайма-сай жансыңдар! Жүз жыртыспай, бақытты жұбай болуларыңа тілеулеспін. Осы жерде сөйлесіп, рақайласып кіріңдер де, құрметті қонағым болыңдар! –деп тастап, үйге беттегенімде сырт бұрылып, сарт-сұрт баса жөнелді Үсен. Талай офицерді осындай «қаһарлы маршқа» жүргізген Әлияға жымия қарап өтіп едім, Үсеннің әлгі рақымсыз әшкерелеуін есіме алып, менің алдымда сонысымен керекке алғысыз етіп масқаралап кету үшін ғана келгенін түсіндім де, шегіне жете масқараланған Әлияға жаным ашыды. Қайырылып тұра қалдым.
- Әлияш, -деп шақырғаныма қарамай бұғып, өкси берді өзі. - Өз уыңнан құтырған ит, әрине, солай қабады, -деп дағдай сөйледім. - Өзің тапқан дерт болған соң өкінбе де ашынба оған!... Жүр үйге кіре ғой, ән тыңдап қайт!
Есік алдына шыға келген Мәрияға, «ертіп кел!» дегенді ишараладым да үйге кірдім. Арақ құюшы Өмірбек, мысқыл, арақ ішуге қузаушы Сәрсен Саясат болып отыр екен. Басқаларына Маужуши үшін де, Шәкен үшін де бір-бір рет көтертіп алған сияқты өзі. Шәкенді көндіре алмағанын айтып сайрай жөнелді:
- Міне өзі келді ғой, төрелігін Биғаш айтсын енді. Шәкен жолдаспен бұрыннан танысы болсақ та бірінші рет дастарқандас болып отырыппыз. Ұлы әншіміздің өз денсаулығы үшін көтерген тостымызға мүлде баспай қойғанын кішпейілдігіне сындырып, өзіміз орындай салып едік. Міне «Маужушидың денсаулығы үшін» ұсынған тостымызға да қарамай отыр. Біз ғой алып қойдық. Дастарқан иесі, енді өзің айтшы!
- Сіздер келгенде көтеріп тұрған тосты сол көсемнің денсаулығы үшін болатын. Енді Бижинге барып, сол кісіге ән салып беруі үшін тамағын сақтауы қажет қой. Сондықтан Шәкенді араққа енді қузауымыз, саяси қылмысқа саяды. Оған ішкізбелік! –деп саяси дауды тоқтаттым да басқасының істегендеріне толтыра құйғызып, тың тостқа шақырдым. – Қане достар мына тосты компартияның денсаулығы үшін көтердік!
Бұған келгенде Сәрсен стаканының өзін жұтып жібере жаздады, тағы құйғызып, тағы көтерттім:
- Енді Люшяучи Пужушидің денсаулығы үшін! – Бұл тост та жылымай өте шықты. Сәрсеннің саясатынан үстемірек саясат шығармай сасқалақтан құтылмайтындығымызды тағы ескердім: «енді Жунлай, Жуде тағы басқа ақсақалдардың денсаулықтары да қам жегізетін денсаулық» екендігін айтқанымда өзі де күліп жіберді.
- Дем алып ап ішерміз, ән тыңдалық! –десті көпшілік. Шәкен орнынан тұрып барып, ілулі тұрған домбыраны алып, шертіп көрді де, өзіме ұсынды.
- Олай болса, уағда бойынша алдымен ауылдың әуенін естілік!... Әлгі Мәрияшың қайда?
- Қазір келеді. Мен орындай берейін!
Ақансерінің «Сырымбетіне» қалқыта жөнеліп едім, төмен басталып қалыпты. Мәрия келіп қосыла кетті де, екі еселей көтермелеп шырқата жөнелді.
- Әб бале, -деп қалды Шәкен Қиялзатқа қарап. – Ғашық болса, осылай болсын!... Енді сендім!
.... «Ауылым көшіп барады құзбасына,
Ерімейтін мәңгілік мұз қасына.
Қайда, қайда барасың мені тастап,
Қызыл жаулық жамылып қыр басыңа?!» -деген шумаққа келгенде осы мұңға бар ықыласым ауып, бар дауысыммен өзім де көтере жөнеліппін. Қызыл жаулық жамылған Нұрияшым артына жалт қайрылғандай елестеді де, аялы көзінен тұп-тұнық жасын төгіп-төгіп жібере жөнелгендей көрінді, көзім буалдырланып, жасқа толып алғанын ән аяқтағанда білдім де сырт айнала ыршытып, қол орамалмен сүрте салдым. Қарсы үйдегі қыз-келіншектер орындық әкеліп, қатар тізіле отырған екен. Маған қарасып қалыпты. Орта шенінде отырған Әлия ғана қызара қусырылып, төмен қарап отыр.
Мәрия екеуімізге алма кезек қарай берді Шәкен. Бағанағы қалжыңымызды енді мүлде шынға балап сенгендей, Қиялзатқа да көз қырымен қарап қояды. Мәрияның енді ақталғысы келгендей, күле берді.
- Өзім айтқан әнге осылай өзім жылайтын ынжықтығым бар! –деп жымидым мен. Басқа тыңдаушылар күліп жіберді де, Шәкен басқа пәтуа айтты:
- Ән құдіреті дауыста емес, жүректе. Жүрекке сіңіре, жүрекпен тебіренте айтқан ән ғана жақсы шығады. Ән мәніне солай беріліп айтқан әншінің өзіне де қатты әсер етеді. Биғабілді да сондай әсер биледі. Тамаша айтты! Ән салғанын да, әнші екенінде көргенім осы!
- Ал енді өзің айтшы! –деді Мәулен. Шәкен Мәрия екеуімізге тағы да кезек қарап қойып, «Ләйлым шырақты» бастады. Бар кінәні Ләйлімге артып, ішкі ауыр күйніші-өкінішін ойнақы сазбен жеңіл ғана ақтаратын тым нәзік күрсіністік әні еді бұл. Шәкен әннің сол мәнін жетілдіре айқындап шығарды. Шегіне жете бұралған скрепка сымындай, енді бұралса үзіліп кетердей шқынған өткір күйініш мативінен өлең сөзіне аса шебер қанат бітіп, тыңдаушылардың жүрегін іліп-іліп ала жөнелгендей сезілді. Қыз-келіншектердің жасыра күрсініп тыңдағандықтарын көкіректерінің көтеріліп түсулерінен байқап отырдым.
Сәрсен Саясаттың қузауымен жігіттер тағы да стакан көтеріскен соң, Шәкен «Қорлан» ға шырқады. Сұлу Қорланның жер бетінен «табылмайтынына» сипаты көп сияқты, жоғары қарай отырып самғатқан Шәкеннің асқақ дауысы аспанды шарлай жөнелді. Қол жетпесі сол арманына өршіл сұлу әнімен жетіп, Қорланның өзін де мұратына еркін жеткізгендей. Қарсы алдына жаудырап отырған қыздардың қусырылып, төмен қарай берулеріне Өмірбек күліп отыр екен.
"Соншалық биіктегі арман қызда нем бар, осы жердегі қыздарымды жарылқайыншы" дегендей Сәрсен, бүгежектеп жүр. Патноспен ұсынған шарап стакандарын қыз түгіл келіншек те алмай, бас шайқай берді. Есіл-дерттері әнде ғана болып, түйілісіп алыпты. Сәрсеннің сыйын Әлия ғана қабылдап, қасындағы қызды далдалай бере қағып салды.
- Ішпегендеріне енді сен ұсын! –деп сыбырладым Мәрияға. Ойына әлдене келгендей жымың қаға жеткен жылпос қыз Сәрсеннен патносты алды да, қыздардың қарсы алдына тұра қалып күбірлеп ду күлдірді.
- «Биғабілдің көз жасын бірінші рет көргендіктірің үшін алыңдар!» деген екен. Стаканды сыңғырлы-сырнайлы күлкімен бәрі алып қағыстырғанда, Сәрсен долығып отыра кетті. Мен әдейі толқып түрегеліп, жігіттерге арақ құйдым.
- Жігіттер сүйінші, көз жасымды қыз-келіншек түгел көретін болды да, тілегімді беретін болды! Осы мол дәулеттен сендерге де енші берейін алып жіберіңдер! –дегенімде Шәкен де қарқылдай күліп қағыстырды.
Қалжыңдар қағысып, күлкілер тоғысып ала жөнелген дуылды Шәкеннің талабы тоқтатты бір шақта.
- Жә, енді кезектесіп орындалық! Мен талап орындаушы ғана болмай, талап етуші де болайын. Қалай дейсіздер?
Бұл әділ талап, еріксіз қабылданса да Мәуленнен басқа еш қайсысы орындай алмады. Шәкеннің алдында бәрі де тартынып айта алмайтындықтарын білдірісті. Әйелдер жағына көбірек үңілген Шәкен, айтса осы айтар-ау дегендей Әлияны тауып еді, «мен билеп берейін, би күйі шертілсін!» деп күбірледі ол. Стықтамаса да кастюмын шешіп қоя салды өзі. Домбыра қыдырып барып тапқан бір жігіт, би күйіне құйқылжытып ала жөнелгенде дара биге құйқылжып Әлия шыға келді. Мен алғаш көріскендегі зеңгір жібек кофта бұрынғыдан да жараса түскендей сымбатты мүсін, былтырғы у гүліне теңегенімнен де арырақ жиренішті көрінді көзіме, тіпті жасарып кеткендей, жіңішкере түскен белі талшыбықтай бұралғанда өзі улы жыландай көрінді. Ал, өзіне таныстығы аз, басқа жігіттердің көзін суырып әкетіп бара жатқандай телміртті сол сиқырлы мүсін. Маған бір қарап қойып өтті де биге Шәкенді тартты.
Жалпылық танса басталысымен Әлия Шәкенді тағы да іліп ала жөнеліп еді, сол ілгеннен іле берді де, құйқылжып күле берді. Тансаға демалыс жариялап, ән мен араққа қайта отырғанда Мәуленді орнынан ығыстырып, Шәкенге тығыла келіп отырып сыңғырлады. Онысына Мәрия екеуіміз күле беріппіз. «Шәкенге арақ шкізудің бабын осы табады әлі!» деп күлді Мәрия. Расында да сыбырлай-сипалай отырып сол тапты; не дегені белгісіз, бір сыбырлағанда «жорғаңыз өте жайлы екен, алсам алайын!» деп қағыстырған Шәкен, екінші кезекте бір сыбырлағанда «осы тілегіңіз қабыл болу үшін көтерейін!» деп қағыстырды.
Көпшілік Шәкеннің «боз жігіт – Жамал» трагедиясында орындаған әндерін айтып беруін өтінді осы кезде. Бір жағында отырған Сәрсен бұл талапқа қарсы ширыға түрегелді:
- Жолдастар, -деді тамағын қырнап жіберіп, - біз осы қашанға шейін жылай бермекпіз. Бағанадан бері тыңдағанымыз мұң мен зардың әні, енді қоялық сол жылауды. Гүңчандан заманы мұндай әнмен сиыспайды. Өйтетіні, гүңчандан мұң емес, бақыт әкелді бізге. Мұң мен зар көне заманмен бірге кетті. Енді қайталамақ емес! ... Бақыт пен еңбектің әнін ғана шырқауымыз керек! Бұл заманда кім жыламақ, қане!...
- Сіз жыларсыз! –деп жымиды Шәкен. – Бірақ көпшілік сіз үшін емес, тариқты ұмытпау үшін тілеп отыр ғой деймін. Өткенін ескеру, өршелене өрлеу үшін қажет. Басынан кешкенін ұмыту бастан мақұрым адамның ерекшелігі. Ал, сізді бастан мақұрым демек емеспін. Кешіріңіз, өзіңізден сұрап түсінейінші: қашаннан бері гұңчандаңшыл болып едіңіз, мұншалық «жаңарғандығыңыздан» хабарсыз екенмін. Әлде 43-44-ші жылдардағы сарала фірқаңыз қызартып кетіппе еді?!
Көпшілік Шәкеннің әр сөзі сайын күлді де, арты дуға айналды.
Сарғыш көк көзін күлдіруге қаншалық тырысқанымен де күлдіре алмай шекшитіп алған Сәрсен шығып жүре берді. Тағы күлді көпшілік.
Шәкен боз жыгітті жоқтаған досының зарын боздата жөнелгенде күлкі тына қалып еді. Сол күлкінің жымиысы бірте-бірте томсарысқа айналып, күлімдеген көздер бадырая түсті, төмен қарап жұмыла түсті сонсоң күңігірт жүздерде жарық лапмының нұрымен мөлдіреген жасы тамшылары домалай-сырғанай жөнелді. Кей бастар тұқырып, кейі теріс қарап домалатты. Кей бір аппақ тамақтар бүлкілдей, кейбір дөңес мұрындар пыс-пыс ете түсті. Қазіргі көңіл-күйімізде бұл сәтті әрине мен де тыныш өткізбесем керек.
Ән тоқтаған соң да көпшілік тым-тырыс отырып қалып еді. Әлия «ел неге жылайды» дегендей көзін ақ жібек орамалмен басып алып, қатар отырған Шәкеннің қолтығына кіріп бара жатқанын байқағанымда күліп жібердім. Сәрсеннің жаңағы бір сөзі есіме түсе қалды:
- «Бұл заманда менен басқа кім жыламақ!» деп зірк ете түстім. Ду күлді көпшілік қайтадан....
Шәкеннің әні осылай бір күлдіріп, бір жылатып отырғанда дастарқан жаңарып, табақ тартылды. Тамақтан соң да бір аз әндетіп, үйірілісе билесіп, таңға жақын тарады жастар. Әлия Шәкенді көпшілік иірімінде қанша үйірсе де екпінді ағынмен бұрынырақ шығарып әкете алмап еді. Қайтқан достарымен қақпа алдында қоштасып бола бергенде ғана қолтығынан тартқандай болды. «Мені шығарып салмайсыз ба» деп күбір ете түсті жекелей бере.
- Енді бұл кісіні! –күліп жіберіпті Мәрия. - Сені біз-ақ апарып саламыз! –деді де қолтығынан қысып ала жөнелді. «Жаңа ғашыққа» қайрлып, ашық күрсіне қоштасты Әлия:
- Хайыр уақытша!... Таңертең ұзата шығармыз!...
Оңаша үйдің төріне қатар жатып ап әңгімелестік Шәкен екеуіміз. Арғы-бергі жағынан сұрастыра келе Үрімжідегі Күләннің Шәкенге жиен (әкесінің қарындасының қызы) екендігін білдім. Гоминдаң лайсаңынан бері көрмеген екен. Осы жолы іздеп табатындығын айтқанда ыршып тұрып шам жақтым да хат жаздым. Ақылбай өлімі туралы 46-шы жылы ұзағынан хат жазып, көңіл айтқанмын. Бұл хатта негізгі бүйімтай, Нұрияштың сүйегін іздестіру жөні болды. Көмілген орнынан дерек табылысымен маған хат жазуын өтініп, адрісімді ескерттім.
Шәкенді күн көтеріле аттандырып, мекемеге беттегенімде Әлия қарсы кездесті:
- Ұйбай, кетіп қалды ма?! –дей сала, жауабымды күтпей-ақ қайрылып, қатарласа қайтты менімен. Басын төмен салып біраз үнсіз келе жатты да ашық күрсініп алып сөйледі. – Барлық мәселе өзімнен өтті ғой, сізден қалай кешірім алудың жөнін таба алмай жүрмін. Бүтіндей жаңарғым келеді. Сіз үшін әрқандайына да сөз бермей айныдым, кешегі жала содан жабылды, қайтсем екен?!
- Екеуіміздің арамыздағы мәселе үшін кешірім сұрасудың жөні жоқ, біткен ғой!
- Солай болса да... қалай болса да, -деп мекемесінің қақпасынан менімен бірге өте шықты. Жыпылықтата жалғастырды сөзін. – Мейлі жай достық жөнімен болса да сізбен тату болғым келеді. Сол үшін қандай шарт қойсаңыз да орындар едім!
- Адамгершілік татулық сұрасаң, мен одан безбеймін ғой, ал, сенен сұрайтын бір ғана жайым бар: Мақпалдың әкесіне қай уақытта не деп жаздың? – Бағдарлай қарадым жүзіне. Қызғыш тартып кідіре жауап қатты.
- Мен.. хат жазғаным жоқ!... Танымаймын ғой!
- Мақпал туралы сен шағыстырмасаң туған қызына әкесі оншалық тасбауырлық істемеген болар еді!
Әлия басын төмен салып, ойланған бойы қайта жөнелді де, мен өз мекемеме кірдім. Төрдегі әкім кабинетінің алдында екі-үш арызшы сөйлесіп тұр екен.
- Мен осымен 4-ші рет арыз әкеліп тұрмын да-деп күрсінді бірі. – Көпе-көрнеу тұрған ақымды өндіріп әпермейді! Өй, осы әкіміңді сол залымның күйеу баласы ма деймін, тіпті беттер емес!...
Бірі мырс ете түсіп, мысқылдай жауап қатқанда, бөлменің есігін жетіп, жанқалтамнан кілт іздеген бейнемен тұра қалдым:
- Һ....ы.. күйеу баласы ма дейсің-ау, мен осыныңды қожайынымның келіні деуге, қолағаштай мұртынан ғана батына алмай жүрмін. Басқа дәлелім толық. Алдына сегіз рет кіріппін, «халық бөліміне апар!», «пәленге апар, түгенге апар» дей салады! Ал, халық бөліміне апарсаң, «әкімнің қиғаш қасы» дей ме, «бұрыштама» дей ме, сол керек деп арызымды алмайды!... Талай күнімді бекер өткіздім. Осы жолы пәлемді бір састыратын арыз әкеліп тұрмын, байдан ақы сұрады деп, әзер болса қамап қойсын!
«Қиғаштама», «бұрыштама» деген атауларды, өзінің «келін» дегенін биенелеу үшін қалай өзгерткеніне күле кірдім бөлмеге. Кешегі тексерген мектебімнің ахуалы жайындағы естеліктерді үлкен дәптерге реттеп қондырып шыға бергенімде, есік әйнегінен көріп отырған Шакербай шақырды. Қақ ортадағы стол үстінен бір аяғын соза тастап, орындық арқалығына сұлаған орынбасар, газетті көзәйнек сыртына тақай оқып жатып, менің кіргенімді көрмеді. Оның жалпақ датушесінің1 сыңар табанынан сақтана өтіп барып, бұрышта сүмірейген бастығымның алдына тұра қалдым.
- Әнеу орындықты жақындатып әкеліп отыршы, Биғабіл, бөлме тар болып қалды! –деп тыжырынған бастық – сені бір істен сақтандыру үшін шақырдым, -деп боз көзін өлеусірете қарап сөйледі. – Есіңде болсын, шырағым, тегінде арызшыларға арыз жазып, сөз үйретуден сақтанғайсың! Қазір түймедейін түйедей қып даулайтын арызшылар көбейіп қалды. Әкімді қайдағы тентек сөзбен жәбірлеп, үкімет сенікі емес, менікі дегендей иық көрсететіндер шығып еді, байқасақ, оларды құтыртатын бұзықтар бар екен. Үкімет нұсқауына, заңға қарсы сөз үйретіп, ұрдажық арыз жазып беріп, айтақтап жүріпті. Үкімет ісіне мұндай бұзғыншылық салушылар аяусыз жазаланады. Тегінде ондайларға болысушы болма, тіпті жақын жүрсең де өзіңді шарпып әкетуі мүмкін!...
- Маған осыны ескертіп, жуасытып қоюды әкім сізге тапсырған шығар, рақымет! –деп түрегелдім мен. – Заңға қайшы келуден сақтану – сақтандыру бәрімізге ортақ қой, пәлеқорлыққа, жалақорлыққа парақорлыққа, адамды адам езіп-қанауға жалғыз емес, бірлікте қарсы тұралық!»
Осы ұраныммен Шакербайдың жүрегін болмаса да, танауын қызартқаныма «қуанып» шығып едім. Әлгі арызшылар әкім алдынан тіпті қуанып шыққандай көрінді. Бұл жолы «тексеріп көрейік» депті де арыздарын түгел алып қалыпты. Тексеруге міндетті ешқай орынға қолма-қол жолдай бермей, өзіне алып қалуының, оншалық қуаныш емес екендігін сезгендеймін, жазу үлгісін тексеріп, арыз жазып берушіні таппақ сияқты. 47-ші жылы жазда менен Қиялзаттарды «сақтандырған» әдісі бойынша тағы біреуімізді қырына алғаны, Шакербайдың жаңағы мені «сақтандырғаны» сөзінен байқалмады ма! Бірақ, кімді ұстамақ екенін межелей алмай, қызметіме кете бердім.
Ертеңіне таңертең Бақай шақыртылып келгенін терезеден көре елеңдеп, сыртқа шықтым. Маған кідірмей, көзін қыса амандасып өтіп, әкім кабинетіне беттеді. Сен араласпа деген ишарасы еді. Сонда да ілесе барып, есік ашып кіргіздім. Сәлемге сағыз такаппар әкімнің Бақайға жеңіл де жұмсақ қана амандасып, орындыққа құрметтей шақырғанын естіген соң мектептердегі өз қызметіме кете бердім. Таңертеңгі шабарман арқылы шақыртылушы Бақай түскі демалыста өз жатағынан табылды. Әкім оған мұртынан күлімсіреп қана он шақты арызды жайып көрсетіп, кім жазғанын сұрапты.
- Мен жазып бердім! –дей беріпті іркілмей. «не себепті бұлай жаздың» деп сұрайтын шығарсыз? –деп өзінен сұрапты соңында.
- Жоқ, оны сұрамақ емеспін, шырағым, осы ғана!... Осыларды сенің жазып бергеніңді білген соң өзіңе ғана бір кеңес бергім келіп шақырғанмын.... Айтпақтайын біздің қаратақтаға әнеу күні жазылып қалған... «қой аузынан шөп алмас» дей ме, бір екі ауыз сөзің де бар екен ғой?
- Ие, бар! –деп жымиыпты Бақай. – Бірақ, айтпағым «қой аузынан шөп алмас» тар жөнінде емес. "Бөрі аузынан қой алмастар" жөнінде болатын.
- Ие, ие ол да бар. Мен өз басым мұндай сқақтарға күліп қана қоя салармын. Бізде қазірше мұндай ахуал жоқ емес қой. Бірақ, бұл үкіметіміздің саясаты бойынша жүргізіліп жатқан істер болғандықтан, әлгіндей сөздерің дәлме-дәл үкімет саясатына қадалады. Ал жазған арыздарыңыз да ыңғай ұлттық буржуазия мен мал иелерін талатпадың-бұлатпадың дегендей, үкіметті жазғыратын сөздер көп екен. Басың жас қой шырағым, мұндайдан мұнан соң қатты сақтан! Төңкерістік бірлік сапқа шабуыл жасамау керек!... Мен ғой білмегеніңді кешіремін ғой. Бақылаушы орындар ести қалса, зор шатақ солшылдық бұл!... Ескертейін дегенім осы, келгеніңе рахмет, шырағым! – деп тоқтаған әкімге Бақай да «жанашырлық» ескертуін айта шығыпты:
- Үкімет саясатында, "төңкерістік бірлік саптағы байлар жалшының еңбек ақысын жей берсін" деген сөз жоқ шығар. Мұны сіз де ескерерсіз әкім!... Берген кеңесіңіз үшін сізге де рахымет!
Әкімнің бақайды шақыртқандағы сөзі осылай өтіпті. Кешегі Шакербайдан ұққанымды мен де айттым Бақайға. Асау жамбасына аларда әкімнің мұрты осылай бүлкілдейтінін ескертіп сақтандырып шығып едім. Бірақ Бақайды сол кеште үш-төрт сақшы келіп, қара қақпаға кіргізіп әкеткені ертеңіне естілді. «Ойынбұзар» айыпқа осы адал жұмысшы, өжет ақын ілінгені бетімді ду еткізді. «Төңкеріс жолы бұралаң болады»1 деген ғой, оқасы жоқ, босап шығар бір күні деп қолымды сермей салдым.

Әділетті тергеушім, соғып тастауға өзіңіз қисынын таба алмай қойған турашыл Бақайды мына төңкерістің келе сала қағып әкетіп, қылмыстыға айналдыра қойғанын көрдіңіз бе. (Қолдағы қылмысты болса түрмеленді, түрмеленсе болды түзелді демейміз бе.) Бұраң ғана жолды төңкеріс мұндай турашыл – ақиқатшыл қылмыскер туғыза алатын болғанда, шіркін, иір-иір жолды төңкеріс қандай камалатты қылмыскер туғызады екен деші!... Түгел осындай қылмыскерге айналғанымызда, коммунизм жәннатына көміле қалатынымызға күмән бар ма!


ІІІ



Бақандай жарым ай қамалып Бақай шықты түрмеден. Әкімді екі еселеп боқтай шықты. Абақтымен бопсалап қана жуасытып шығармақ екен. «Бірлік сапқа бұзғыншылық салатын арыз жазбауға», «бұзақы өлең шығармауға» тілқат сұраған сақшы тергеушісіне тілқат жазбайтын себебін ғана жазып беріп шықты. Әкім құйрығы жоғары жақтың бекітуінсіз бекемделмесе керек, бәсе! деп күлістік.
Жарқырап 50-ші жылдың жазы келді. Менің көзім де тау жаққа қарап, жарқырап жүр еді. Мақпалды іздестірген достарымның еш-қайсысы толық дерек таба алмаған. Қыр мектептерінің жылдық сынау уақыты жетісімен жорта жөнелдім. Омарбек мыңбектің ауылы бұрынғы көктеулік жұртында екен. Аңсағаным, сол ауылдың келіні болғандықтан алдымен әрине сонда бармаспын ба. Бірақ, сақтық үшін қоналқыға бір мұғалімнің үйінде болып, ертеңіне сәскеде соны ерте бардым. Омарбек қолбаңдап, Әлімбай жылмаңдап, әрине бұрынғыдан да жақсы күтті. Қожасы Әлімбай қатшының пор қолымен арақ құйғызып, «азаттығымыз үшін алып жіберелік!» деп күтті. Бірақ, онысымен күтілгім келмей, «мұны ішпейтінмін» деп қайтардым. Оның есесіне келін-кепшектерін байқастауым қажет қой. Сол мақсатпен түстік жеуге көніп, онысы пысқанша қоныс-қолаңдарымен «ахуалдасуға» шықтым. Қасымдағы мұғалім сол ауылдың сөз қуған шалымен де, құлағы ұзын кемпірімен де, аяғы жеңіл келіншегімен де, алғыр жігіттерімен де орайын тауып сөйлестірді. Әр баппен әр қырға алып байқадым. Бұл, жақын ауылдардың маңын Мақпалдың әлі баспағаны біліне берді, із жоқ. Жаңа бүрлеген жусанның жағымды иісі де сезілмеді мұрныма. Боз торғай зар шеккендей, шырқап-қалқып, ұғымсыз тілмен жылай-жоқтай былдырдайды. Көк аспан мелмірейіп, нұрлы күн телміріп қалғандай. Ауа лебі ішіне тартылып сыбыр-сыбдыр берер емес.
Ішімді кептірген жүрек дертіме бір қойшы келіншегінің тұспалы ғана шала-шарпы ем айтқандай болды: «Мақпал екеуіңіздің жайыңызды естігенбіз. Әліге дейін осы ауылға келін болып бір көрінбеуінен үміттенсеңіз болар. Егер ол разылық көрсеткен болса, жер тебініп жүрген мына мықтылар осында отау тігіп алып келуден қорқпас еді. Мақпал сол бөле бауырын өзіне әлі жолатпай, тепкілеп жүрген сияқты» деп күлді келіншек. «Қаймиған аузыңнан айналайын!» деп ішімнен айттым да, сыртыма одан да кеңірек тілегімді шығардым:
- Мейлі жолатсын-жолатпасын, өзі тірі табылса екен!
- Мақпал өлсе ең болмағанда өздерінің ұлы қайтып келмес пе. Және құдалары тым тату, сыбырласып сөйлеседі. Соның тірі болып көнбей жүргеніне өздерінің қапалы екендіктері байқалады. Мақпалдың тірілігінен әсте үміт үзбеңіз!...
Сергек сезімталдығы жайнаған көзінен білініп тұратын осы қара келіншектің қара құрым үйінен осындай үміт ұшқынын жылтыратып шыққандаймын. Мыңбектің үйіне көңілдірек оралдым. Қайта кіріп отырысымызбен қолға су құйғызып, дастарқан жасатты. Қонақасыға мал союдан, ысрапқорлықтан сақтану жөнінде епті ғана үгіт-насиқат жүре бастаған кез болса да, бізге түстікті мол асыпты. «Төре табақ» деп аталатын үйменің үстіне жамбас пен жая қондырып, әрең көтеріп әкеліп тартты Әлімбай.
- «Ет аз, күн жаз» дейді. Ысырап деп мал союға өздеріңіз көнбейсіздер, - деді қожасы. – Аз да болса алыңыздар енді!
- Үкіметтің өз кадырлары жеген ет «ысырап» аталмас деп барымызды қойдық әйтеуір! –деп Әлімбай жымиды. Орайы келсе бұл қу осы қонағасының өзін үлкен мәселеге көтеретіндігін осы сөзінен сезіп, мен де жымидым. «Өз құлқыныңды көздеп сен астырдың да, жоғымызды іздестіру үшін біз көндік» дей жаздадым да күліп жібердім.
- Екі жігіт үшін ғана астырсаңыз мұншалық ет ысырап аталуы да мүмкін! –дедім сонан соң, мұғалім кесуге ыңғайлана бергенде жамбас пен жаяны алып, Әлімбайдың өз алдына қойдым. – Мыналарды «артық ысырап» еткелі салдырған - өз қомағайлығыңыз. Мына үйме табақ бәрімізге жетеді!
«Артық ысырапты» Әлімбай қайта көтеріп, табаққа қоса қойды да, іркілдеп бізбен бірге күлген мыңбек, ысырап еместігіне қазақ дәстүрімен пәтуа айтты...
Етті бізбен бірге асай отырып күрсінді мыңбек:
- Өткен қыс біздің малды тағы да недәуір шығындатып кетті, Биған. Бұрынғыдай емес, азайып қалдық! –деді.
«Көменес партиясы келді. Қаншалық жымиғанымен жиып алмай қоймайды», «қаншалық бай болсаң, соншалық өшігеді» дейтін өсектері бойынша малдарын азайтып жатқаны белгілі еді. Сол сұмдықтарын қыс «апатымен» жасырмақ екенін түсіне жауап қаттым.
- Өткен қыс оншалық өктем қыс емес еді. Малыңыз келер қыс қиын деген өсек естіп, қорққандықтарынан сандыққа кіріп кеткен шығар! –дегенімде оның жайын түсінетін мұғалім Ерен күлді де, мыңбек пен қатшы ере күлді. Үкіметтің қазіргі саясатын айқындайтын түсінік қостым сөзіме. – Малдарыңызға жақсырақ түсіндіріңіз, мыңбек, «мұнан соң беталды соя бермейміз. Сендер түгіл иелеріңді де үкімет әлпештеп отырғанын көрмейтін неткен надансыңдар!» деп өздерін сөге түсіндіріңіз!... Расында да солай, жаңа дамократиялық бір дәуір бар алдымызда. Ұлттық буржуазия мен мал иелері канпескісіз қорғалады. Маужуши солай нұсқап отырмай ма. Соған сеніңіз! –Тек, басқаларды... мұнан соң алдап-зорлап қанамасаңыздар болғаны!...
- Ие, дұрыс айтасыз, ұлы көсем Маужушиға сенемін ғой, шырағым! Малдың биылғы азаюы канпестен қорқудан емес, қыс қсымынан, сонан соң... мына мыңбек болған соң... қонақ көп болады... ұяласың. Содан болып отыр ғой азаюы!...
- Қонақ пен қыстан дәл сіз зияндалып та көрген емессіз, -деп күлдім мен. – Оған жайылымыңыз бен шабындығыңыздың молдығы кепіл.
Омарбектің түлкілігінен Әлімбай түлкілігі ежелден артық екендігін білетінмін. Бірақ, бұл жолы тіпті ерекше артып кеткені, саясатты менен аса жүйткіткенінен байқалды:
- Ие, Биғаш дұрыс айтады, жеріміз күшті, қыс тіпті қорқытып бара жатса, малшыларды күйлендіре түсуіміз, ынталандыра түсуіміз керек!... Күшті малшылардан мұндай жерде қыс әкете алмайды! –деп бастады да, үкімет саясатына зиянсыз өтірігінен үстемелеп қосып, «байларға шексіз ұжмақ» саясатқа айналдыра – далита соқтырды. Бұрын зорекерлік жағынан мыңбекпен тілек мұраты ортақ, оның дырау қамшысы болып келген қатшы енділікте бөлектеніп ұрымтал жолға түсіп келе жатқан сияқты. «Осы аюды түбінде өзің-ақ шоңқитарсың, түлкім» деген оймен күле аттандым.
Түс ауған шақ, қоналқыға барар жерім, жау қайынжұрт аулындағы дос Дүйсеннің үйі еді. Бірге жүруін өтінбесем де, жампеңдеп маған ілесе аттанды Әлімбай. Жол бойы сөйлеген сөзінің бәріне де Маужуши араласып, көзін Маужуши ашқанын, күш жігерінің енді тасығанын тіпті, мына атының күйі де «биыл ғана» оңалғанына дейін сөйлей жортты.
Мақпал маған алғаш көрінген белеңге екінтіде шыға келіппіз. Әуелі көзіме жарқ ете түсті де, өртенген жұрттай өшкіндеп жүдеп сала берді, өзі жоқ қой!... Ие, мен бас изей өтер құрметті жеңешесі де жоғалған!... Қасіретті қос терек пен оның сыртындағы «қасқырлы» шиге мен мұңая қарадым да, Әлімбай жымыңдап күле қарады. Ат басын өр жаққа бұрып, мектепке туралай тарттым.
- Мен мына ауылға қонайын, Биғаш, шақыратын кісілерің болса... өзім хабарласармын!
- Шақыртатыным шақырылып болған дедім ғой. Осы мектепке ауылдарынан өздері-ақ келеді, қош тұрыңыз!
Сұрқия-сұм сөздерімен жарым күн мезі еткен сапарласыма тіл қатуым осы ғана. Жолымды өрмекшінің нәзік те жиренішті торынан аршығандай, қамшы сабын шайқай жөнелдім.
Бұл ауылдағы жаңа сыбыстарды Дүйсен ағайдан оңаша сұрап, анықтап тыңдамақ едім. Бөтегелі жеңгем шәй құя отырып, ағыта жөнелді: жуан кемпір өзіне-өзі күбірлеп, немере қызын қарғай отыратын болыпты. Содан талай өсек тарапты: «Мақпал күйеуін ұрып, оның нағашысы ұрсса, қашып кетіпті, қайда кеткенін ешкім білмейді.», «Мақпал өліпті», «пәле, өлсе әжесі қарғайма, біреумен кеткені кеткен», «Мақпал сол маңдағы бір жігітпен табысып, Үрімжіге кетіпті», «Мақпал бір ауылда екі күн тұрса-ақ, үкіметке арыз жазады екен. Сондықтан иендегі бір аңшының үйіне апарып қамап тастапты»... дегендей қауесеттердің бәрін шешен-шежіре жеңгем жиып-теріп баяндады да, бір-ақ қортынды шығарды: «Мақпал бар, және Биғабілді ұмытып еш кімге кетпейді. Өлу түгіл бір жаққа дерексіз жоғалса да әжесі бұлай қарғамайды. Бұл өздерінің жеңілісінен дал болып қарғауы. Нұрияшың қайда болса да қатты күресіп жатыр. Қайтсеңдер де тез тауып, құтқаруларың қажет!» деп бұйыра тоқтатты сөзін.
Дүйсекең екеуіміз іздер жер, жүрер жол жайын әңгімелесе бастағанымызда, қазан-ошақ жақта жүрген жеңгем қайтып кеп кірсе кетті де, жол-жорықты тағы да тартып ала сөйледі. Мақпалды іздеп бір рет барып келген оқымысты «шалынан» оқығаны бойынша күйнішпен ойлай жүріп, Жеменей қаритасын тоқып болған сияқты, ортамыздағы аласа столға бормен сызып көрсете түсіндірді. Ерлі-зайыптылар бір-біріне қараса түсіп, екі-үш қарулы жігіт қосып бере алатындықтарын айтып еді, оған мен көнбедім:
- Дабырасыз жіңішке жолмен жүрмей табу қиын ғой. Алдымен өзім бір кезіп көрейін!.
Бұл сөз іңірде итпен айтыса келіп Әлімбай кіргенде тоқтап еді. Әдемі мылжың, қағытба қалжыңдар онымен бірге кіріпті. Тамақ жесіп болған соң шәйді да бірге ұрттасып, Дүйсекең екеуіміз қисайғанда әрең қайтты олар.
Ертеңіне таңертең районға қарасты төрт мектептің бастықтары мен ғылыми меңгерушілері келіп болсымен жиын аштық. Жылдық сынау комиссиясы құрылды. Емтихан тәртібін шорт-шортынан түсіндіріп мақұлдаттым. Әр бір кластың сабақтарынан шығарылған сұрауларды район инспекторына беріп, құпия сақтауын тапсыра сала қайттым.
Бұл аудандағы ауыл қулары бірдемеден танарында «астапыралла деңіз» деген сөзді көп қолданушы еді. Жол ортасына енді жақындағанымда сол сөз мені де мойындатып, «астапыралла» дегізді, өткен түнде ғана мүдірдің үйінде менімен табақтас болған Әлімбай тал түсте қарсы алдымнан шыға келді, қалаға барып қайтып келеді екен. Зәуде болса Досан әкімге әлденені сыбырлап қайтқандай, сезігін секіруінен сездім: мені әудем жерден тани сала, ат басын күн шығысқа шорт бұрып шапқылай жөнелді. Маған танылмай зытпақ болғаны еді бұл. Оның алдында не сөйлегенімді ойлана жеттім мекемеге.
Әкім менің қайтып келгенімді ертеңіне естіп шақыртты. Ол алуға балсінетін сәлемімді мен қымбаттата түскенмін. Бұл жолы амандаспай қарастық. Мен ернімді де жыбырлатпағанымды байқағандай, аздан соң мұртын жыбырлатып қалды өзі, амандасқаны еді.
- Қашан келдің, Биғабіл, отыр! –деді сонан соң. – Жә, Омарбек районындағы жұмысың бітті ме?... Ал, басқа не жұмыс істедің?
- Мыңбек үйінен түстік жедім. Шындығында, түстік жеу үшін емес, түсірген келінін көрейін деп барғанмын.
- Өзіңнен үлкен адамға қылжақтамай жауап бергенің жөн шығар!
- Қылжақтауға мұрсам жоқ, рас жөнім сол!
- Мал шаруалары жөнінде не түсінік беріп қайттың?
Әкімнің бұл сұрауынан Әлімбайдың бір жаласы мал жөніндегі сөзімнен болғанын түсіне жауап қайырдым:
- «Малымды өткен қыс азайтып кетті» деді мыңбегіңіз. Мен: «өткен қыс өктем қыс емес еді, келер қыс қатты болады дейтін өсектеріңізден қорқып, малыңыз сандығыңызға кіріп кеткен шығар» дедім. Социализмнен қорқып, малдарын сандық сомасына...
- «Келер қыс» дегенің үкімет қой, «қатты болады» дегенің, «тартып алады, конфессиялайды» дегенің ғой, солай емес пе?
- Тіпті де олай емес, оған да, дәл қазір сізге де өздері шығарған өтірік-өсек екенін айттым ғой! Жаңа демократиялық өтпелі дәуірде жекеменшіктегі малдың да, мал иесінің де қорғалатындығын түсіндірдім. Өз аулының мұғалімі бар қасымда... ол Әлімбай сияқты жалақор емес, қай жерде де дұрысына куә бола алады!
- Һы, ауыл белсендісін жалақорға шығардың ба тағы да!
- Мен шығармай-ақ әлде қашан өзі-ақ шығып болған. Белсенді боп еш кімнің беліне тіреу бола алмайды ол!
- Демек... Омарбекке «алдағы қыс қатты болады деген өсекпен, малды сандыққа тығып ала қойдыңдар» дедің. Жаңағы өз мәлімдеуің солай ғой?
- Солайырақ.
- Ал, өзің қасыңа еш кімді ертпей, ол ауылды не деп тінттің?
- Тінтпедім! Бұрыннан таныс жалшы үйлерінің жәй-күйлерін көре шығуға кіріп сәлемдестім.
- Жә болды. Ондай абыройлы ауылды шарлап, түрткілеп күдіктендіруің зор қателік болатындығын талай айтқанбыз. Сен бұл жолы одан зорғысын істеп қайттың...
- Не істеппін?!
- Қандай әдемі сөйлесең де әлгі сөзің не? «алдыларыңда қатер бар, малдарыңды жоғалт, тық!» деген сөз екені расқа шығып отырмай ма!... «не істеппін» дейсің тағы да! Үкіметке қастық істедің! –деп ақыраңдай кідірді де, қайта бәсеңдеп «жұмсақ» әуенге түсті. – Шырағым, дәл қазір кері төңкерістік сөз бұл. Мұнан соң ондай жерде мұндай сөз шығарудан сақтансын деген ниетпен ғана айтқан ақылым!
Бұл сұмның «шырағым» деуі, түрмеге қарай шырық үйіре жөнелетін амалы екендігін Бақай мәселесінен есіме түсе қалды да, мен де өзінше жымиып, жылы жылым райға келе қалдым. Бірақ, жымиғаныммен үскүрік суық, жылымсынғаныммен орқаш-орқаш толқын шықты сөзімнен:
- Мені "шырағым" деп атай көрмеңіз, сізге шырақ болып көргенім жоқ. Мұнан соң да бола алмайтынымды түсінемін. Сақтансын деп айтқаныңызды Бақай да өз аузыңыздан ести салып, түрмеге кірген ғой. Өзім сақтанбасам, бәрі-бір сақтай қоймайтыныңызды бұрыннан білемін. Әлімбайдан басқа сап-сау адамдар да естіген бұл жолғы сөзімді кері төңкеріске шығара алмайсыз! Бәрі-бір оған өзім де шықпай қоямын, дәлелім көп. «Кері төңкеріс» дейтін шоқпар енді маған тимек емес, өз иесін табады! Қолыңыздан келгеннің бәрін істей бер! –деп есікке беттедім.
- Биғабіл, тоқта, сөз соңын күт! –деп әкім қайта тоқтатты. – Тегінде мұндай сөзді мен өз жанымнан шығарған деп ойламағаның жөн...
- Ойлағаным жөн! –деп сөзін бөліп жібердім. - Өз жаныңыздан бұдан үлкен де шығатын ғой. Омарбектер жіберген жылан жұмыртқасы Әлімбай арқылы сізге келеді. Сіз оны бауырыңызға басып өсіріп, менің балағымнан жүгіртесіз. Мен сол районға шыққан сайын бар жақсы еңбегім зая кетіп, жаманға айналып келе жатпай ма!... Қайтып келген сайын тергелемін!
- Соңғы сөзіңнің дұрыс жері де бар-ау! –деген болып, мырс ете түсті әкім.
- Басқы сөзім тіпті дұрыс. Бәрі дұрыс. Мен сізге өтірік айтуға мұқтаж емеспін, әкім. Тегінде олардан көрі менің сөзімді инаваттырақ деп тыңдауыңыз сізге жөн! Себебі, мен істеп жүрген ісім жөнінен де, ой-сана, тұрмыс-халім жөнінен де компартияны жанымдай сүюге, бар күшіммен қорғауға тиісті кадырмын. Ал, Омарбектер кім! Мұны менің өзім түгіл сіз де іштей жақсы түсінесіз!... Осы үкіметке қастық істейтін мен бе!... Халықтан, қалыс адамдардан сұрап көріңіз!
-Менің бір осал жағым бар, шырағым. Нанғышпын, кім жылырақ сөйлесе соның сөзіне ергіштігім бар екен. Ал, ұмытшақтықтан қайтадан ойлап көрмей... ұмыт қала береді екен. Сондай себептен бір сыпыра іс өткен болса керек... осы материал туралы да бәрін де мен жіңішкелеп қайтадан тексеріп көрейін. Қайраты бар жас зиялысың ғой, көтере тұр менің ауыс-күйісім болса!
«Күйісіңді с...»-деп шықтым ішімнен. – «Нанғыш та, ұмытшақ та емес, нағыз ішмерез ібліссің!».
Уын умен қайтарғанымнан ба, ушы сәл жетіліңкіремей қалғандығынан ба, иә, «денсаулығым» күштірек екендігін біліп, мықтап шағуға орай күтті ме, немесе, «осы пәлеге енді соқтықпай-ақ қояйын» -деді ме, «қазіргі қызмет қажеті үшін сақтап тұрғысы келді ме, әйтеуір, бұл жолғы Әлімбайдан тапқан шырағымды да мені шырмай қоймады. Мектептердегі жылдық сынауға дайындық істей жүріп сапарға дайындалдым. Мал сатушылар көбейген, арзаншылық шақ еді. Биғазының ұтқырлығымен бір жақсы ат сатып алып, тағы бір мықты аттың жаздық майын алдық. Жылдық сынаудың нәтижесі шығарылып болысымен Шакербайдан демалыс сұрадым.
- Биғабіл-ау, өзің қалайсың, шырағым? Мекемеде басқа инспектор қалмағанын біле тұрып, демалыс сұрағаның не! –деп қынжылды ол. Бұл сапарым үшін Өмірбек семіз де өзінің «бір жаздық майын берген» болатын. Соны алдына тарта қойдым:
- Менің орныма Өмірбек істей тұрады, өзі разы болған!
Не дерін білмей әкімге жөнелді бастығым. Құныперен болып ұша жөнелуіне орынбасар бастығым өрт кетті ме дегендей аңыра қарап қалып еді. Демалыс сұрағанымды, былтыр жазда да дем алмағандығымнан ауырып қалғанымды естіген соң басын шұлғып жіберіп, тағы да өз ханзушасымен саудырлатты:
- Көп болды, сен жалғыз істеді. Жаз болды, сенде қызмет азайды. Дем алған жақсы, мен қосыламын! –дегенін ұқтым. Жарты сағаттан соң Шакербай біржолата шаршағандай, алқын-жұлқын ентіге жетті:
- Ұйбай, Биғаш-ау мен ұмыта қалыппын ғой, шырағым, жаздық демалыс кезінде мұғалімдер курсы ашылады екен ғой. Сенен басқа лектор да жоқ. Мен де дем алмақ едім, биылша үміт үздік енді рұқсат сұраудан.
- Мен былтыр жазда демалмағандығымнан ауырғанмын ғой, енді біржолата төсек тартқым келмейді. Және өз орныма өзімдей оқыған сабақтасымды қалдырып отырмын. Менің орныма сол өтей тұрады.
- Жоқ, болмайды, Биғабіл, айта көрме оны, сол курсты бастан-аяқ басқаруға міндетті өзіңсің. Әкім де, мен де тоқтата алмаймыз бұл курсты. Жоғары жақ тапсырыпты!
- Бұл, жандарыңыздан шыққан «жоғары жақ». Шын болса, мына орынбасарыңыз да, бас инспектор мен де еститін едік қой. Биыл аудан бойынша қызмет нәтижесі төмен шыққан оқытушы екеу ғана. Оның бірі өздеріңіздің Мәкен көк көздеріңіз. Ал, сонда да курс ашылатын, оқытушылар блімін асыратын нұсқау болса, орнымда Өмірбек қалды. Сол міндетіне алды!
- Қалай да рұқсатсыз кеткеніңе қосыла алмаймыз!...
Ертеңіне таңертең Өмірбекті ертіп келіп, инспектор шкабындағы іс қағаз, кітап-кінешке тізімдерді бір-бірден көрсетіп өткізіп беріп жатқанымда, күліп кірген Шакербайдың танауы қызара қалды. Мен Өмірбектің оң қолын көтере күліп тұрып сөйледім:
- Өмірбек, сен Биғабілдің қызметін ақсатсам аяғым сынсын деші Шакеңе!
- Ақсатсам, сүйекті аяғым түгіл, сүйексіз аяғым да сынсын! –деп Өмірбек мыс-мырс күлді. Шакербайдың үлкен өлез көздері от алып, тікірейе қарады оған.
- Бұл не дегенің?
- Шәке, бұл шындап ант еткенім ғой. Осының демалысына ең жан жерлерімді де қосып атамасам көнгелі тұрсыз ба! Бұл кедей шолағыңыз жауыр болғалы қашан. Қысы-жазы міністе болғанына бес жыл болыпты. Бір аз уақыт дем алғызып, бой жаздырмаса бола ма... осының менен парқы мына бурыл бұйра шашы ғана. Басқа жағынан мені қалысады екен демеңіз. Рұқсат етсеңіз, қызметін уақытша орындап бере аламын!
Шакербай шыға жөнелді де, әкім кабинетіне тағы кірді. Он шақты минуттан соң нығыздалып, сыз көрсете сөйледі:
- Биғабіл, сенің мына қарбалас уақытта қызмет тастап кеткеніңе еш кім рұқсат ете алмады. Егер осыдан бір мәселе туылса өзің жауап бересің, шырағым, енді менің жұмысым жоқ!
- Мақұл, заңсыз-жолсыз мәселе туғызсам өз обалым өзіме!...
Шакербай шығып кеткен соң, Өмірбекпен қол қысыса қоштастым.
- Нұрияшыңды не ғұрлым тауып қайтуың үшін Меһір екеуіміздің бар тілегіміз жолыңда. Бірақ, көп кешіксең мыналарың сені бір тықырға тақайтын сияқты! –деп күрсіне қоштасты Өмірбек.
Бақай екеуіміз соның ертеңіне, 6-шы маусым күні ерте екі атпен екі қоржын азық алып жолға түстік. 1947-ші жылы Оспан қозғалаңында Биқаділдер жаяу асатын Орқашар жолы, Қобыққа ең төте салт ат жолы еді. Емілді өрлеп барып, тау аңғарына кіргенімізде күн батып бара жатты. Сонда да едәуір ішкерілеп, өрлеп барып түстік. Қалың терек-қайыңды, шалғынды жылға жағасына ат қаңтарып, отын жиғанымызша ымырт жабылды. Шатқалдың екі жағындағы заңғарларда түксиіп, тас қараңғыға айналды. От жағып, мескейімізге су қайнатып отырғанымызда алыстан бажылдай бақырған әлдененің қорқынышты дауысы естілді. Тұсымыздағы құзарлардың жаңғырығуынан жартылай бажыл спеттес әлгі айқайдың – аюдың ақырғаны екендігін білдік. Бақайдың темір шоқпары мен қанжардан басқа қаруымыз жоқ болатын. Соны ескеріп, бір-бірімізге қарасып қана қойдық.
- Осыншалық сұлу табиғаттың аңқыған сүйікті демінен қорқынышты сүркей леп те шығатыны өкінішті-ақ! –деп күлді Бақай.
- Сұлудың басынан суық қатер кеткен бе! –деп мен күрсіндім. Жуығырақ жерден тағы бір аю ақырды. Маңымыздағы тау-тас түгел бажылдап, біріне-бірі жалғаса, күңірене барып тынды. Отын жиғанда дайындап қойған екі қайың сырғауыл сойылдың екі басын отқа сұғындыра қаладым мен.
- Өй бар қаруымызды отқа тыққаның не?
- Мұндай жауды қаруыңның басын қызартпай қорқыта алмайсың. Жеңіңдегі темір шоқпарды бүйірінен түртіп қалғанда құлай салатын көше сотқары емес бұл!
Екеуіміз қатар күлген болсақ та көңілімізге хауіп сезіле бастады. Халық қолынан мылтық кеткен Шың шысай дәуірінен бері бұл таудың аюы көбейіп алғанын, отпен қорғанбаса қатерлі екенін естігенбіз. Отыны көп жерді таңдап, кешіге келіп түскеніміз содан еді. Екеуіміз қайта түрегелдік те ат жайылатын жердің сыртына да от жақтық. Шатқалдың жоғарғы жағынан алдымен иттің, одан соң адамдардың шуылы естілді бір шақта. Алдымызда таяу жерде ауыл барын сонда білдік те, ауылға аю тигенін естіп елеңдей түстік. Иттің еселеп үргенінен басқа шуыл тез тынды. Шоқ лақтырып жүріп қуып жібергенін түсініп, жайлана бастағанымызда аттарымыз құлақ тігіп тықырши бастады.
- Әлгі аю енді бізге келді ме екен?! –дегенімше жиырма шақты метр ғана алдымызға келіп бір үлкен тас гүрс ете түсті. Аттар осқырып шиыршық атты.
- Мына биік жартас үстенен лақтырды, күйреткенше лақтыра береді енді. Кеттік, мін атқа! –деп мен мескейде қайнап тұрған шәйді төге салып жиылдым. Басы жанып шоққа айналған екі сырғауылды екеуіміз алып, атқа міне қаштық. Сезімтал жануарлар құйындата жөнелді. – Ат тізгінін еркіне жібер, жаңағы ауылды өздері табады!
- Япырай, әлден аю қуса, алдымыздан айдаһар да шығар ма екен! –деп күлді Бақай. Қолымыздағы қайың сойылдың шоқтарын жарқылдатып, ат екпінімен лапылдата жеттік ауылға.
Сырт жақтарына әр жерден от жағып, ересектері түгел қой маңында жүрген 3-4 үй екен. Жайлау жұрттарына жете алмайтын болған соң, қос тігіп, бұлар да еріксіз түнепті. Өздеріне серік қорғаушы келгеніне қуанышын айтыса қарсы алды....
Соның ертеңіне екінтіде Қобыққа жетіп, таныс мұғалімнің үйін тауып түстік.
- Биғабілмісің, үй? Құдай айдап келді ме, құйын айдап келді ме?!-деп қарсы алған қунақы жігітке ненің айдағанын айтпай жымиып қана амандасып едім. Шәй іше отырып, сұрастырғанымда Сауырдағы Мақпалды торлаушы бүйіні танитындығын білдірді. «Өзі бұрын бандыға байланысқан, барынша сотқар бай еді. Қазір мүйізі ішінде, жуасыған сияқты болып жүр» деп таныстырды. Мені ненің айдап келгенін арақ іше отырып, үшеу ара оңаша сөзге келген соң айта бастадым. Қызыса келе тіпті қиюласып алдық. Бірақ монтаны сотқардың қолына жиен келін түскенін білмейді екен. «Бұл аудан үкіметіне сондай қамаудағы әйелден келген арыз бар-жоқтығын халық бөлімінен сұрап бере аламысың?» деп сұрадым. Ол ауылдар Алтайдың Жеменей ауданына қарасты екенін айтты. «Арыз жазса Жеменейге жазар» деп тұспалдады да, сонда да ертеңіне таңертең халық бөліміндегі бір досынан сұрай барып, мұнда ондай арыз түспегенін біліп келді.
Енді сол ауылға «иіс сездірмейтін жолмен» тездетіп, жеткізіп салуға келісті мұғалім.
Сауыр тауына кіре қайдағы қиын қия жолдармен бастап отырып, тықыр ғана өскен күреңсе-бетегелі тегіс жонға шығарды. Жорта жөнелдік. Шығыс-Солтүстікке қарай құлаған бір сай басына ат шалдыруға түсе сөйлеп, сапар жоспарын айтты. Осы сайдың аяқ жағында оңаша ғана отыратын үш үйлі туысқан ағасының ауылы бар екен, «тұрағың сол болады» -деді ол маған, бұл ауылға бөлелік туыстықпен жайлауға шыққан Бурылтоғай аудандық мектептің оқытушысы боласың. Атың Әбділ, ұмытпа!» деп бастап, Әбділ жайлы да, мектебі туралы да түсінік берді. Ағасының үйіне «бөле» болып, недәуір таныстықпен жеттім сөйтіп.
Барып түсісімізбен аға-жеңгесін жеке шығарып сөйлесіп күлдіріп кірді... Ертеңіне таңертең Бақай екеуі сол үйде қалды да, ағасының ұлын ертіп, іздеген ауылыма жалғыз кеттім. Тағы екі қырқа асып барып, жыныс шатқалға түстік те күнбатыс жаққа қайта өрлеп барып, жайдақ сай ішіндегі ақ үйлі ауылға күншығыс жағынан келдік. Былтыр күзде Дүйсен ағай келіп танысқан Қайдар атты қонысының қоңырша үйі бай үйлерінің алдыңғы жағында, қотанның оңтүстік жақ шетінде екен. Мақпалым бірінен жарқ етіп шыға келер ме екен деген дәмемен атты белдеуге асықпай байлап, айылды асықпай босатып, ақ үйлер жаққа қарай-қарай кірдім. Ол жақтан көрінбеген жақсы елес, кірген үйімнен жарқ ете түскендей болды; сырт жақ тұрқы Мақпалға ұқсайтын ақ көйлекті бойжеткен, төрге жаңа сырмақ салып, төр көрпесін тәптіштеп жая еңкейіп жүр екен. Оң жақтағы өз орнына сол жұмысымен шегініп барып түзеліп қарады маған. Қара торы жүзі тұтас көрініп, Мақпал емес екендігі айқындалғанша бар ыстық сәлемімді сол бойжеткенге бріп болыппын. Сәлем алушы кісінің үні арт жағымнан шықты; естуімдегі үй иесі көсе қара сол (жақ) босағада тұр екен. Жалт қайрылып қол бердім де, өреше жақтан түрегелген толықша қызыл күрең әйелмен амандастым. Ақ көйлек Мақпалдікі болмай шыққаннан кейінгі керегім осы әйел еді. Тәуап еткендей иіліп амандастым....
Үн де, ажар да сөйлесе келе ашылады. Қасымдағы баланың «Бурылтоғайдан» келген бөле ағасы болатындығыма сендіре сөйлеп отырғанымда, қыз да ашыла күлімсіреп, маған қарай берді. Сыртқа шығып кетіп, жер ошақ басынан шешесін шақырды бір шақта. Шешесі күбірлесе түсіп қайта кірді де, шәй құя отырып, «шалына» бір жұмыс жайын ескертті:
- Ей, шал, осындайда өгізбен әлгі отыныңды әкеліп алсаңшы, мына бала атымен барып артысып берер!...
Шәй жиылып бола бере шалы түрегеліп, менің серігімді ерте жөнелді.
- Жә, шырағым, «Бурылтоғайданмын» дедің бе? –деп әйел менен қайталай жөн сұрады. Сонсоң оңашада шыныңа келіп, бүйімтайыңды айтып ал дегені екенін сезіп, мен де сұрау қойдым.
- Жеңеше, былтыр күзде осында Дөрбілжіннен Дүйсен дейтін кісі келді ме?
- Ие, ие, келген. Оны қайдан танисың?
- Мен сол кісінің інісімін.
- Е, е, ол кісі... жоқ іздеп жүргенін айтып, маған бір жайларын көп тапсырып кетіп еді... Сонысын білемісін, шырағым?
- Әрине, білемін. Ол кісі екеуіміздің жоғымыз бір, -деп жымия күрсіндім мен. Әлдеде толықтап-анықтап алып сөйлеспек екенін түсіндім де, атын атап сөйледім. Былтыр күз басында Мақпал дейтін аяулы «қарындасымыз» жоғалып, әліге дейін ізін таба алмай жүрміз!
Босағаға сүйеніп, сырттан тыңдап тұрған қыз кірді де, күлімсірей келіп отырды қасыма.
- Ағай сіздің атыңыз кім?
- Мұнда келгелі атым Әбділ, өз жерімде Биғабіл едім.
- Бәсе! –деп қыз төмен қарай беріп күлді.
- Шырағым, қалыңдығың аман-есен... өз қалпында... денсаулығы жақсы!-деп шешесі күрсіне жалғастырды сөзін – амал қанша, қыстаудан көшуімізбен қайта айрылып қалдық. Қыс бойы бізбен бір қыстауда тұрып еді. Көктеуге көшерімізде оның отауын көшірмей еру қалдырған. Ертеңіне басқа біреу түйе әкеліп көшіріп әкеткенін артынан естідік. Қайда әкеткені әлі белгісіз.
Тұқырып отырып қалыппын. Бұрқырап шыққан маңдай терімді сүрте бердім. Қыз көз алмай қарап отыр.
- Бөле күйеуімен қалай екен өзі? –деп сұрадым аз кідірістен соң. – Біраз тату тұрған сияқты ма?
- Жоқ, ойбай, қанша телісе де күйеуім деп танымайды онысын, «бауырым» дейді екен. Өзі аса ақылды бала сияқты ғой, осындағы нағашы аға-жеңгелері екеуінің арасына дәнекер болып, талай кіріскен екен. Сөзге еш қайсысын беттетпепті. Сонда да екеуін кішкене үйлеріне қамап, түнде сыртынан құлыптап қояды. Алғашқы кезде күйеу «есік аш – есік аш!» деп айқайлап, түн бойы жылап шыққанын естігендер бар! – деп күліп жіберген әйел, аузын қолымен баса қойды. – Астағыпыралла-астағыпыралла, не күлетіні бар мұның, ешкімнің басына бермесін!... Мақпалдың бұл қылығына кейде үлкен ақсақал да шыдамай, терезеден ақырып жіберген кездері бар... Басқа түспегір, не қилы істер болғанын естиміз, әйтеуір Мақпалдың көнбейтіндігін біліп болдық. Үлкендерін әдепті сөзбен мойындатып, сөйлетпей тастайды. Ал оның жауы, байдың кіші ұлы Әбеу дейтіні. Ол да отызға жақындап қалған. Келіншегі екі баласы бар... Мақпал сол кіріскенде ғана қатты сөйлейді. Кейде ащы тілмен янаттап та қуады екен!...
- Ал енді мен оны қай-қай жерден іздеуім керек?... Былтыр күзде Дүйсен ағай іздеп келгенде қайда жасырыпты, соны білесіз бе?
- Мына жақта Сауыр дейтін бөктер тау бар. Сондағы Көнбай дейтін інісінің қолына жіберіпті. Ондай туыстары көп мұның. Бәрінің қоныстанған жерлерін әлгі шал біледі. Келген соң жазып аларсың шырағым!...
Бүгін мұнда қонбай қайтатынымды естіген шешесі қызына бір қарап қойып, далаға, ошақ басына кетті. Төмен қарай отырып күрсінген бойжеткен сөйледі енді:
- Ағай, мен қыста Мақпалмен анда-санда дүзде ғана кездесіп, сөйлесіп қалып жүрдім. Оны өз үйінен басқа еш кіммен сөйлестірмейді. Үйінен шығармайды. Дүйсен ағаның келіп қайтқанын менен естіді. Сіздің атыңызды, түріңізді өзі айтып берген, көп жылайды. Қыстаудан біз көшер алдында 5-6 күн бұрын бір кездестік. (одан соң мүлде көрістірмей қойды). Ондағы айтқаны былай: «осы жазда Дүйсен аға мен... сіз бірге келетін шығар» деп күлімсіреді. Егер мен тағы да кездесе алмай қалсам, ұмытпай мына сәлемімді айт» -деді сонсоң. – «Мен өзінше уағда бергенмін. Сол антымды тірі тұрғанымда ұмытпаймын!... Үкіметке арыз жазып жатырмын. Бірақ еш-қайсысы жетпей, жолда ұсталып қалған сияқты. Осы жақында бір қисынын тапсам тағы жазамын. Қайткенде де бұған адам болмаймын.... Көнгенім жоқ, өлсем де көнбеймін!... Ол да мені ұмытпасын!... Қашан құтылсам, өзіне дереу хат жазамын, тіпті өзім барамын! Сабыр етіп денсаулығын сақтасын!»
Жаңа көріскендіктен тосырқап қысылған бойжеткен Мақпалдың осы сәлемін кідіріп-кідіріп айтып болғанша өзі де терлеп, мені бұлауға салғандай балқытты, Нұрияшымның өз сөзін дәлме-дәл жеткізу жолында қаншалық қиналғаны өткір қара көзін кең аша түйілуінен білініп отырады.
- Рақымет қарындас! –деп қолын алып, тотыққан сүйір саусақтарын қыса түстім. – рақымет, көп рақымет!... Бақытты, өмірлі бол!... Ал енді, егер осы сапарымда өзін таба алмай қайтсам, менің мына сәлемімді де бұлжытпай жеткіз. «Мен бұл сапарда таба алмасам да күтемін! «ақсақ» иә, соқыр болып қалсаң да...» деп өзіне мен де ант бергенмін. Сондағы жүрегім мәңгілік қалпында!»
Қызмен сөйлесіп отырғанымда шешесі есік алдында қазанға от жаға жүріп, бізге қараумен, күлімсіреумен болып жүр еді. Қолын алып сөйлеген сөзім бітісімен үйге кіре күрсініп сөйледі:
- Менің бұл жалғызым, Мақпалмен кезіккен сайын бір жылап келетін. Өте жақсы көреді, қыстаудан айрылысқалы аузынан тастамайтын болды. «Іздеушісі қашан келер екен!» деп күбірлеп жүруші еді. Жаңа келе жатқаныңда босағадан қарап көріп, «сол сияқты» деп күліп жіберді!
Көзінен тұп-тұнық қос тамшысын ыршытып қалып, бетін баса жөнелді қызы. Мақпалдың тірілігін алғаш жеткізген осы үйге сүйіншілік үшін алып шыққан бір палтолық сукнаны жол сөмкемнен шығардым да, шешесіне ұсындым.
- Жеңешетай, мынаны қарындасыма пальто тіктіріп беріңізші, ағасының берген сүйіншісі болсын!.... Жеменейге жақындағанда сейпінге апарып тіктіріңіз.
- Ниетіңе рақымет, шырағым, ырымың қабыл болсын, алайын, алайын!
Жаны нәзік, сұлу сымбатты жас бойжеткеннің аты Гүлсана екен. Биыл өз қыстауындағы мектептен алтыншы клас бітіргенін айтты шешесі.
- Жағыз дедіңіз бе, олай болса, оқудан тіпті де қаға көрмеңіз, қадамы жеткен жерге дейін оқысын! –дегенімде үй сыртынан тағы да күлімдей кірді Гүлсана.
- Аға, сізді мектеп басқарушысы деп естігенмін... Көмегіңіз тисе қайдан болса да оқи берер едім! –деп қолын артына қайырды да, басын бір жақ иығына жыға еркелей қарады.
- Биыл аудандардың бәрінен де 7-ші клас ашылмақ. Орта мектепті егер біз жаққа барып оқығың келсе, көмегімді аямайын!... Неғұрлым мына қамаудағы әпекеңді ерте барсаң, саған ең қормал пана сол болар еді –деп жымиғанымда шешесі саңғырлап, өзі таза күмістей сыңғырлай күлді.
- Жазда келсе бұлардан мен-ақ алыпқашар едім! –деп күлген бойы қайта шықты сыртқа. Ақ үйлерден тыңшы келіп қалуынан сақтанып, күзетте жүргені екен. Әлпештеуде өскен ерке қыздың естелігі де, ер көңілділігі де жетерлік екенін байқап, басымды изеп-изеп қалдым. Шешесі күрсіне ойланып, мына қалыпта Мақпалдың құтылуы қиын екендігін, бұл аудан үкіметіне арыз жазғанымен батыл көмек тимейтіндігін айтты.
- Ағай, Сарсүмбеде достарыңыздан ешкім барма еді? Деп есіктен басын сұға күбірлеп сұрады Гүлсана. Менен Ынтықбайдың аты-жөнін естіді де қызмет жайын толықтап жазып қойыңызшы! –деп басын тағы сұқты. – Оған өзіңіз де хат жазып, Мақпал туралы мықтап тапсырыңыз!... Өз үйіңіздің тұрған жерін де анықтап жазыңыз!....
Сөйтіп, әр жайды бір сұрап жаздырып тұрғанында отыншылар қайтып келді. Асылған түстікті жеп болғанша күн екінтіге еңкейіпті. Мақпалды ендігі іздеуге тиісті жерлерімнің барлығын Қайдардан егжей-тегжеймен сұрап, жазып ала қайттым.
Алғашқы табысыма Бақай да, дос мұғалім де разы болды. Бірақ іздейтін жеріміз бір-бірінен аса шалғай, басатын жерлеріміз көп екен. Ертеңіне Қобық мұғаліміне рахыметті жаудыра айрылысып, Бақай екеуіміз Жеменей қалашығына кеттік. Көп сабақтастың бірі ол жерден де табылды. Бірақ Жеменей аудандық үкіметтен Мақпал жазған арыз табылмады. Жолдан қағып алып, байға қайтарып тұратын біреуі бар сияқты. Сонан соң-ақ тау сағалап, дала шиырлап кезе бердік. Алдымен Сайырдағы Көнбайдың иен жықпылдағы үш үйін тауып түсіп едік. Іңірде әкесі сыртқа шығарып күбірлеген бала жігіт таңертең жоқ болып шықты. «Мақпалды жасыруға сол жөнелген-ау!» деп түйілді Бақай. Жоғымызға сол жігітшені қосып іздеп кезе бердік, кезе бердік. Жазып алған бар адрестен бір із табылмады. Біз көз жүгіртпеген қуыстары қалмады.
Шілденің аяқ шенінде жауындатып, малшынып «бөле» аулымызға қайта келдік. Айран-шалабымен өзімізді, жұғымды жайлау жайылымымен атымызды күтті. Біздің қайтып келгенімізді бөле баладан ести шапқылап Гүлсана жетті бір күні. Азып-тозғанымызды көре сала жылай күліп, ағалай кірді құшағыма. Осы қиналғаныңызды толық айтамын өзіне. Білесіз бе, ол қайраттанып кетеді мұны естісе!... Және ол сіз дегенде қандай деңізші....
- Желекпен жүре ме өзі?
- Жоқ, желек қайда!... Түзге шығарда жеңгелері әкеліп жапса, лақтырып тастайды екен!... Өзінің жазған бір өлеңі мен сіздің бір өлеңді қосып айтып күбірлей жүреді де, «жоқ, мен өлмеймін, сені көрмей тіпті де өлмеймін!» деп тауға қарай сөйлеп жібереді. Сол кезде тіпті нұрланып кетеді. Киімін түзеп, ұзын бұрымын уысына жиып, күлімдей қарайды жан-жағына!. Қандай сұлу деңізші!.... «Келе алмаса өзім-ақ барамын да» деп неше рет айтқан. Ол сізді таппай қоймайды, ондай ақылды қыз көргенім жоқ. «Күркіреп төнген аюды күле сөйлеп қана жуасытып қайтарады екен!» деп бір кемпір айтып күліп жүрді. Енді сіз бұл жерде көп жүрмеңіз, байлар сезіп қалса, оқыс қып кетер. Аман-есен қайтып, оны қамсыз күтіңіз!»...
Гүлсана осылай жұбатып қайтып еді. Содан екі күн өткенде әкесі келіп, біреуден естіген көмескі хабарын айтты: «қыз – күйеу отаспаған соң өз жеріне қайтарып жіберіпті дейді. Мөлшері сіздер келудің алдында ғана сияқты!»
Бақай екеуіміз бұл хабарды ести сала қамданып, ертеңінде құзғын сәріде аттандық. Дауылдатып Қобыққа жеттік те, Мақпалдың бұл қайтарылуына сенбей, Ынтықбайға құтқаруды мықтап тапсырып, хат жаздым. «Көрсең, Нұрияштың дәл өзі екендігіне мойындайсың» дегенімде көз жасым да ыршып түсті қағазға. Жаңбырлата жортып, аюлата ығып, Орқашардан түстік. Бақайды атымен Дөрбілжінге қайтардым да, бөктермен айлана тартып, қайын жұрт жаққа жөнелдім.
Өзім көріп жүрген жайлауының ауыл сыртындағы белесіне ертеңі талтүсте жетіп едім. Алдымнан қайната жүзбек атпен шыға келді. Сәлем беріп тұра қалдым алдына. Бұл жолы тым ақжарқын амандастым. Ол да пейілдіси ахуалдасты. Атымның жараулығы мен жүзімнің тотығуына қарай түсті. Аужәйді байқағандай, «жол болсын» сұрамады.
- Ағай, Мақпалыңызды аман-есен көріп, көз айым болған шығарсыз? –дегенімде қызының көзіндей үлкен көкшіл көзі бадырая түсті.
- Қашан келіпті! ... Биған-ай, ол қайда енді маған, дерегін әлі де таба алмай шешесі зар қағып отыр! –деді де күрсінген болып, атын тебіне жөнелді. Қанатын кере жайған қара құстың көлеңкесі қарсы алдымнан жүйткіп өте шығып еді. Іле шала бір түйдек қара бұлт келіп, күн жүзін қымтай қойды да, басып тұра алмай, ол да жылжып кете берді. Жазық сайдағы жым-жырт ауылға жылжып мен жеттім де, тура тартып келіп, үлкен үйіне түстім. Сәлеміме шала-шарпы амандаса салып ыңқылдап, дөңбекши түсті жуан кемпір. Кіші үйіндегі үлкен келініне дауыстады.
- Үһ-аһ-аһ-һ... әй Бижамал қайдасың, бері кел ойбай!...
Мақпалдың өз шешесі кіріп, маған бар пейілімен еселеп амандасты. Соза күрсініп, дымданған аялы көзін кимешегінің шалғайымен сүртті. Тасырая қалған тажал кемпірге сонан соң қарап еді. Сыр мінез ененің тілдеп жіберуге оқталғанын байқады білем, ақ жүзі сәл қызғыш тарта жылжып алдына барды. Сермеп жіберген саусақ тұспалымен жүктен екі жастық алып, басына жастады. Сонан соң саусақ бұйрығын көрмесе де, үстіне кемпірдің өзінің қаптал күпісін жапты. Күн ыстық болса да басы-көзін мықтап қымтап жатқанына қарап мен жымидым...
Арманды ананың ішінен түйіліп, зәр жұтып жүргенін енді біліппін. Күмісті тегенеге қымыз құйып әкеліп, дастарқанын шағындап қана жайды да, екі шыныға қымыз құйды. Өзі де отырып ішті. Көз астымен қарай-қарай отырып егілгенде, мен де тұқырып, ішіп отырған шыныма төгіп-төгіп жіберіп едім. Мұнымды біліп қалған ана өзін-өзі тежей алмай, өкси жөнелді. Күпі астынан жалғыз көзімен сығалап жатқан тажал:
-Ыһ-һы-үһ... байың өлді ме ей сенің! –деп қалғанда екеуіміз де тиыла қалдық.
- Енді соны жұтбақсыз ба! –деді келіні.
- Ойбай-ай, мына бетпақ не дейді? –деп басын көтеріп алды да менің бадырая қалған көзіме қарап, сұлық отырып қалды. Алдымдағы бірінші қымызды жұта салып, Аллоху акбар айттым да, шыға жөнелдім.
Нұрияшымның нұрлы шешесі соңымнан еріп, үй сыртындағы дереге бірге келді.
- Жеменейге барып келдім. – деп күбірледім ат айылын тарта тұрып. – Мақпалды көп іздеп таба алмасам да, амандығын толық естіп қайттым. Қамықпаңыз, ол келеді!
- Келсе, өзің қабыл көрсең... бар батам екеуіңнің жолыңда болар еді!
- Бұл жаққа... жасырып әкелсе, естісіңізбен дереу мына мектеп бастығына – Дүйсенге хабарлай қойыңыз!
- Енді ешкімнен тайынар да, жасырар да жайым жоқ!... Бұл жауыз қанша жиырылса да, өлген айдағардай көрінеді маған. Өзің де тез-тез хабарласып тұр, қарашығым!..
Атқа ана пейілімен қуаттана қонып, Дүйсеннің үйіне жеттім....
Апайтөс жеңгем екі биесінің қымызымен төрт-бес күн күтіп, тынықтырып қайтарды. Екі ай бойы сарпылдап жортып, салбырап қайтқан жайым бар. Қақпадан көрінісіммен шешем шығып, күле қарсы алды: «О құлыным-ау! Аман қайттың ба, әйтеуір? Не қилы қастыққа ұшырады деп өзің кеткелі зәрем қалмады!.. Бақайдан естідім, ұжданы бар бала көрінеді ғой, тірі болса шығар бір жерден!».
Тағы да екі-үш күн дем алып, мекемеге түс жарымдағанда бардым. Баруымнан қайтуым тез болды, Махмұт екеуіміздің орнымызға кексесінен жуан екі инспектор тағайындап, орнымызға жалпайтып отырғызып болыпты.
- Қысқартылып қалдың, шырағым, жалғыз сен емес, бүкіл мекеме қызметкерлері ықшамдалып, қысқартылып жатыр. Өзіңнен де болды ғой, өкпелеме! –деп Шакербай тұқырды.
- Жоқ, Шәке, мен қайтадан ұзара аламын, сіз өкпелемеңіз! –деп күле шығып барып, әкім бөліміне кірдім. Алдындағы қағазын түртпектеп, бас көтермей қойды Досан. Қасақана төр жақтағы орындығына шалқаладым.
- Жай-жапсарды Шакербайдан ұққан шығарсың? –деп әкімнің мұрты бүлкілдеп қалды бір шақта. – Кадырларды ықшамдау шартына ілініп қалдың, амал қанша!... Және, шырағым, өзің асқан бір қыңыр жігітсің ғой, сонда да әйетуір неше жыл қызметтес болғаныңа қарап, ол айыптарыңды ашпадық жоғары жаққа.... Ғани батырдың қалай қолға алынғанын естідің бе өзің? Осы жақында Үрімжіге зор жиынға барып қатынасқан екен. Бір әйел өкілді жеке жатақта ұстап алып, қыртып отырғанында сақшы кадырлары кіріп, бассалыпты. Ал, сен одан да асып бірлік саптың құрметті өкілдеріне «қызың қайда?!» деп ақыраңдауға дейін жеттің ғой!... Тіпті өлмелі қарт шешесін басынуың қаншалық! ... Қызметтен қысқартылған соң, жығылған үстіне жұдырық болмасын деп мұны жаба салып отырмыз... Ал, өзің қаншалық бұзылғаныңмен де қабілетің бар жігітсің. Әлде де бір жерден қызмет іздестіріп көрерміз. Тағы да біраз дем ала тұрасың да енді! Қазірше лаж жоқ, жоғары жақтың бекітуінен өтіп кетті, қысқартылып қалдың!
- Жоқ, әкім, мені қанша шұнтитқаныңмен де кеми қоймаймын, нанбасаң созып көрші өзің, кедейдің көнпісі емеспін бе, бес құлаш ұзарарлығым бар әлі! –деп шықсам да, ойынбұзар айыпқа тартылғаныма қам жеп шықтым. «Төңкеріс жолы бұраң» деген ғой, оқасы жоқ. Компартия бар, түзетілер деген сенімге кеп те шықтым.

Данышпан тергеушім, даңуисіз1 бостандықтың дектатура пышағы қайраусыз. Кезінде-ақ талай қысқартылған, өрескел ұзын кері төңкерісші екенмін ғой, әлде де бір аз тұқылым қалар. Қылмыс деген, ондай тұқыл түгіл титтей оқыра қабыршағынан да өніп-өсе беретін, аса жансебіл батыр емес пе?!


IV


«Аудандық партком көшіп келді, сүйінші!» деп, кеше Биқаділ айқайлай жеткізіп еді маған. Бүгін Шакербайға да, әкімге де «ұзарамын» деп буланып шыққаным сол болатын. 1947-ші жылы жаздағы бір «қысқартылғанымда» күшеп «ұзартқан» төңкерісшіл жастар ұйымы жоқ. Оның орнына құрылған «Шинжаңда тыныштық пен халықшылдықты қорғау одағы» халықтық ұйым ретінде ғана сақталып отыр. Демек қазір оның мені Досаннан арашалауға күші жетпек емес. Кадырлары жаңа ғана көшіп келіп, әлі орналасып бола алмай жатса да, партком түсті деген аулаға кіріп бардым. Бұрынғы әскери қамдау мекемесінің қорғаны берік ауласы еді.
Жепаңжүн пормасында жаздық сары бешпет-сым, күнқағары да шүберек жұқа сары қалпақ киген екі әйел қақпаға беттеп, маған қарсы келе жатыр екен. Шаштары тым қысқа қырқылған, әйел екендіктеріне сену қиын көрінді. Аңыра қарап өте беріп, шардиған іштеріне көзім түсті. Жалт қайрылып тұрып қалыппын. Ақ жібек көйлек пен бұтымдағы қыры сынбаған қоңыр бастон сымды аула сыпырып жүрген бір жұмысшы аяғандай дауыстады:
- Мына шаңда неғып тұрсыз?
- Буаз әскер көргенім осы! –дедім мен. - Япырай екеуі де буаз!
Қарқылдап күлді жұмысшы.
- Неге күлдің ей, Мұрат? –деді сырт жағымнан біреу. Таныс дауысқа тағы да жалт қайрылдым. Сәрсен саясат, іздеп келген парткомымның ең төрдегі үйінің есік көзінде тұр! Жеңін сыбанып, екі балағын түріп алыпты. Аппақ ізбес бет-аузына дейін шашылған, парткомның кеңсесін ақтасып жүрген екен. Ашық терезенің бірінен ақсайтан Мұқан көрінді, ол да сондай шып-шыбар.
- Ағарту жолдарыңды енді тауыпсыңдар! –деп ақталып жатқан үш бөлмелі үйге күле кірдім.
- Енді ағарып жындымыз ба, «қызара түс» десеңші, Биға! –деп Мұқан күлді. Бұл үйлерге қызмет істесіп жатқан тағы 4-5 жігіт бар екен де, солардың ішіндегі ең жанкүйері осы екеуі ғана сияқты, басқалары ақ балшықпен бұл екеуінше безене қоймапты. «Гүңчандаңға» гоминдаңды жағайымсытқан дәуірге рахымет!» деген оймен жымиып, жаңа келген партия қызметкерлерін іздедім. Бір үйге шкап, стол орналастырып жатқан үш еркек жепаңжүнмен амандасып қана қайтуыма тура келді, сөз тыңдаса, мұрсалары жоқ екен.
Үйге қайтып барып, бар мұңымды күлкіге айналдыра шешеме шерттім.
- Әдіра қалғырлардың әлі де қорс етерін қоймауын қарашы! –деп күрсінді шешем. – Енді бұлармен ырылдаспай, әлгі шақырған қызметіңе – Үрімжіге барып ал, құлыным! Әкең айтқандай «аласапыран» шақ қой бұл да. Үкімет жаңарған алғашқы кезде қалалардың осылай құтыратыны бар. Біреуі мүйізіне тағы да іліп әкетіп жүрмесін!
- Жоқ, апатай, Мақпал келгенше тосамын. Және осы жерде істеуге тиісті істерім көп... Компартия келді ғой, енді ілдіре қоймаспын, менің де мүйізім өсетін шақ жеткен шығар. Онан да Шәуешекке барып, болған ахуалды түгел мәлімдейін, не дер екен!...
Арызымды сол кеште жаздым да, таңертеңіне қатынас пунктының қара машинасымен Шәуешекке аттандым. Бір сағатта ғана жетіппін. Аймақтық оқу-ағарту мекемесіне кіре бергенімде алдымнан Нұржан шыға келді. (Баяғыда Шың Шысай Дөрбілжіннен екінші рет ұрлап жұтқан орынбасар әкім Нұржан. Осы аймақ бойынша тірі шыққан үшеудің бірі еді. Гоминдаңмен жасасқан он бір тармақты бітім бойынша қайтып келіп, аймақтық оқу-ағарту мекемесінің бас инспекторы болған.) Менің қызметіммен төте қатысты, жайымды жетік білетіндігі бойынша амандаса салып, қолымнан тарта жөнелді. Бөлмесіне кіргізіп, қатарласа отырды да «қысқартылған» себебімді алдымен өзімнен сұрады, хабардар екен. Досанмен болған байланысымды басынан бастап едім:
- Жо-жо-жоқ, Биғабіл... бұрынғыңды б-б-білеміз! –деді байырғы әдетімен сыпайы ғана тұтығып сөйлеп. – Дәл о-осы жолғысын айтшы!
- Мен қызмет істеген төрт жыл ішінде қысы-жазы бір күн де (былтырғы науқастануымнан басқа күнде) демалған емеспін. Жаздық демалыстарда да тіпті апталық демалыс күндерінде де оқытушы, үгітші, инспектор болып, салпақтай бергенмін. Биыл мектеп оқушылары тарасымен демалыс сұрасам, бермеді. Орныма Өмірбекті қойып, демала шықтым да елу күнде қайтып келдім. Менен табылатын қылмыс осы ғана!
- Ал... бұ-бұдан үлкен... са-саяси жақтан да бастықтарыңның жазған мәліметтері бар екен. О...о.. оған не дейсің?
Екі үш жылдан бергі Досанның мені шақыртып алып, таққан айыптарының бәрін шолып, қысқаша-қысқаша сөйлеп болысыммен "о-осылай ғана ғой?... б-бәсе солай... жү-жүр енді!" –деді де ерте жөнелді.
Аймақтық оқу-ағарту мекемесінің орынбасар бастығы Болтайдың бөліміне кірдік. Жаңадан өрлеген жас бастық менің мәселем туралы Нұржанша ағылып алдыма түспеді. Соңымнан ерген қарттай рай көрсетіп, сағыз сақтықпен кіртік сұрақ қоя берді. Мен туралы сауатында Досаннан естігені көп сияқты. Ол бастықтың жалалы шағымын бұл бастықтың миынан адалап болғанымша түскі демалыс уақыты жетті де, түстен кейін қайтып кеп сөйледім. Қойған сұрауларынан жалалы мәлімет тапқан сайын Болтайдың қара қоңыр жүзі қызғыш тарта берді. Ақырында діңкелеп тоқтағандай шалқайып ойланып қалды. Саяси мәселеден арылған сияқтымын. Оқу-ағарту қызметіндегі ескілік пен жаңалық жөнінде Нұржан шабуылдай жөнелді осы кезде. Бас инспектор өзінің әр жылдық қызмет естелігін жайып салып сөйледі. Шакербай, Сәрсен, Арыспектердің Досанға сүйеніп істеген кедергі, тосқындық, қастықтарын, төрт-бес жылдан бергі менің сіңірген еңбегімді нақтылы болған оқиғалармен дәлелдеп шықты. Тірі айғаққа аудандық оқу бөлімінің бұрынғы бастығы Тынысқанды тартты. «Япырай, мынау өзі сұмдық қой!» деп басын көтеріп алды Болтай. Орынбасар бастық пен бас инспектор бір-біріне үнсіз қараса қалды сонан соң. Алдарында өздері басып өте алмайтын бір мықты кедергі бар сияқты. Ол, Досанның үлкен тірегі болса керек. Жүздерінен лажысыздықтың ізін байқап қалдым.
- Б-б-Бәшекең бар ғой! –деп күбірледі Нұржан. – Ертең қызметке келетін күні.
- Әкімшілік мәселесі ғой, сол кісіге төте жолдауымыз жөн шығар! –деп күбірлеген Болтай, маған қарап сөйледі:
- Биғабіл, сен ертең таңертең Башпай уәлидің алдына кір! Мына арызың мен біздің мекеменің пікірі бірігіп, сонда төте барады. Егер келмеген болса, сол кісінің келуін күтуіңе тура келеді....
Арызым дәл қазір бас уәлисіз шешім таба алмайтындығын осы сөзден түсініп шықтым. Досан туралы арызды аймақтық үкіметте жолдан тосып ала қоятын бір көлденең қырсықтың, әрине, бар болғаны ғой!... Осы жұмысымның жағдайы үшін кешінде Тынысқанның үйіне барып қондым.
«Қысқартылғанымды» ести сала қызынды ол. Көк көзі ұшқындап, қарақасты ақсары, сұлу жүзі жана түсті.
Сен асықпай шәй іше бер, мен қызмет бөлмеме кіріп, телефонмен басекеңе баяндап, келейін. Ертеңгі сөйлесуіңе оңайлық туылады. Ал, сені өлкелік оқу-ағарту меңкермесі қызметке шақырғанын да естігенмін. Досан сені 47-ші жылы «Тарбағатай газетіне» бермей, «көктей ору» әдісін тағы қолданыпты ғой! –деп арқырай күлді Тынысқан. – Уәлиге бәрін толығымен жеткіземін!...
- Әйеліне ымдай кетуі бойынша қуырылған сәй дөңгелек столға жеткенше өзі де қайтып келді. Кастюмын шешіп, орындық арқалығына кидіре күлді де, отыра бере күрсінді. Тағы күліп, әйелі әкелген орамалмен терін сүртті де, тағы бір күрсініп алып сөйледі. Күлгені, өзі баяндап болғаннан кейінгі Башпайдың жауабы екен:
«Ей, әкеңнің аузын с... деймін, ей Тынысқан, мұндай жетілген қызметкерлерді «қысқарту» дейтін сұмдық қайдан шығыпты ей!» дегенін айтып, қайта бір арқырап алды:
- Сен үшін башекеңнен осылай бір тілденіп қайттым. Өзің айтқандай, қайта ұзарасың-ақ. Бірақ енді сол қызметіңе қайта бармай-ақ қой! Осы редакцияға орналасып қал! Егер Үрімжі күшеп шақыртса, кадірлік қалтаң, біздің қолдан жолданғаны жақсы! –деп алып тағы күрсінді. – Сен әнші Шәкеннің жайын естідің бе?
- Өткен қыста Бижінге кетіп бара жатқанында бір әңгімелесіп едім. Одан бері хабарсызбын.
- Сөдегей сөзден бірдеңе айтып па еді сонда?... Жасырмай айта бер!
- Жасыратыны да, ешқандай «сөдегейі де» болған емес ағай, Сәрсен саясатты келістіріп бір боқтағаны ғана бар, ол былай...
- Жоқ, оны қойшы! –деп алып, арақ құйды. Менің бұрынғы шәкірттік әдеп сақтап тартынуыма болмай зорлап румка қағыстырды да, өзі алдымен ішіп алып сөйледі:
- Шәкен сол сапарынан қайтып келісімен бір зор шатаққа тап болғанына жарым жылға жақындап қалды. Қазір түрмеде!...
Жай шатақ қана емес, «зор шатақ» естілісімен қолымдағы арақты мен де өңешіме қотара салдым.
- Не шатақ екен ол?
- «Тұрсын – Шәкен шайкас» деп аталыпты. «Кері төңкерістік ұйым құрыпты» десіп жүр. Бұған осындағы қазақ орта мектебінің ең белді-беделді мұғалімдері түгел қатынасқан дей ме қалай, бәрі де тергеуде, режімде жүр!
- Мектеп бастығы Тұрсын Жарқынбаев пен Шакен бе сонда, оларды шайкаға ұйымдастырған?!
- Солай дейді! –деп күрсінді Тынысқан. – Бірақ, мен өзім сенбеймін. Тұрсынды «Алаш ордашыл» дейді. Осы тарбағатайдан оқып, кәдеге жараған интеллигенттің барлығының ұстазы. Бір-екі сабақты мен де сол кісіден оқығанмын. Ондай жаман идеясын осындағы жиырма жылында оқып шыққан оқушыларының ешқайсысы білмейді. Кері төңкеріс ұйымының ұйымдастырушысы болса, солардың бірі болмаса бірін үгітші де болмас па!... Біз оның сабақты жақсы игерген оқушыларына сүйінгенде айтатын бір ғана сөзін білеміз:
«Қазағымның қара шұнақ баласы-ай!» деп басын сипай өтетін. Мұнысынан алашордашылық емес, білім сүйерлік қана леп сезілетін!... Ал, Шәкенді өзің де білерсің. Осындағы жас қызылдың бірі. Табы анау!...
- Ие, оны «Алашордашыл – ұлтшыл ұйым ұрды» десе ұят болар!... Ал, осы «Алашордашылық» деген неменің затымен болмаса да, атымен жойылған қазақ оқығандары аз емес қой. Тұрсынды Совет одағынан қашып өткен оқыған қазақ болғандығы үшін сондай логикаға сиғызсын-ақ...
- Жоқ, оған да симайды, Биқабіл, кейінгі заманда, -деп Тынысқан қолындағы румкасын столға қоя салды... -Шинжаңға кейінгі заманда қашып өткен қазақстандық қазақтардың оқығандарын "алашордашыл" деген сылтаумен Шың Шысай құртып болған. Алашордаға титтей қатысы болса, соның қанды торынан сол кезде қара нардай көзге түсіп жүрген қара Тұрсын қалар ма еді. Бұл бір түсініксіз мәселе болып тұр!
- Қалай да алашорда заманын көрген Тұрсын болған соң ондайға жала жабу оңай ғой. Ал, оны ұйықтағанда түсінде де көрмейтін Шәкен қалай ілінбек?
- Оған тонды өзіне ылайықтап пішкен көрінеді, -деп Тынысқан тағы бір күліп алып күрсінді. – Бижінге барғанда гоминдаңшылардың кері төңкерістік жасырын ұйымымен астасқан-мыс. Содан азып келген соң, Тұрсынның алашордасын қабылдамай ма деседі!
- Астағыпыралла! –деп қалыппын. - Өз ауылына тірі келген гоминдаңмен тістескен Шәкен Бижінде өлген гоминдаң аруағымен сүйісбек пе!
Мені бұрыннан жақсы бағалап келген көне ұстаз, осы сөзіме келгенде тау өзеніндей күшті күлкісін тағы бір арқыратып жіберіп, арқамнан қақты:
- Мінеки жайқап өтетін өткір логика осылай! Мен де осыны айтқанмын! Бірақ осы жалаға негіз салушы, мектептің өз ішінен шығып отыр, мықтап құрастырыпты.
Өтілген мәселені Тынысқан енді нақтап баяндады:
- Былтыр күз соңында келіп орналасып болған жепаңжүн полкы 2-3 ай өтісімен осы мектепті сұраған екен. Тұрсын Жарқынбаев мектеп қызметкерлерінің жиын талқысына салып, жауап қатынас ретінде соның қаулысын жолдапты: «біріншіден бұл мектеп, бүкіл аймақ бойынша оқушылары ең көп, қозғалуы өте ауыр мектеп; екіншіден, аймақ бойынша қазақ халқы өздіктерінен талпынып, өздерінің қосқан расхотымен, өз еңбегімен бірінші рет әрең ұйымдасып салдырған тарихи мәнді мектебі. Сіздерге әрқандай жерден де орын табылады ғой. Бұл мектепке қолқа салмауларыңызды өтінеміз!» деген сөз бар екен. Жиын ашып, жауап жазуда мектептің ғылыми меңгерушісі Шәкен Елубайұлы да, әрине, бар ғой. Ал, тура мінезді дарын иесі Шәкен бар жерде жең ішінен жұдырық түйе жүретін Кәкен де, Бәкен де болмасын ба. Әсіресе уытты жұдырық түйіп жүрген басқаша тұра, басқа мүдделі бір запхоз бар екен. Ол Шәкенге сұлу периродкы әйелінен күмәнданып, өштесіп жүрген екен.
Шәкен Бижінге барып қайтқан соң жепаңжүн полкының екінші реткі талабы және келіпті. Бұл ретте тіпті «мектепті босатыңдар!» дегендей үзілді-кесілді бұйрықты талап қойылыпты: «ол мектеп орны қала шетінде, ауласы кең, қорғаны берік, жауынгерлер машығына бірден-бір қолайлы даласы бар орын. Полк штабы соған ғана түсуге қаулы етті!» депті. Бұл талапқа бөрі тигендей шулапты мектеп қызметкерлері. Және жиын ашыпты да, әлгі запхоз шақырылмай-ақ өздігінен және келіп қатынасыпты. «Қызыл шатырлы үйлері тіпті қызықтырады екен» деген сөзді бұл талаптарына қоспапты ғой!» деп күлген Шәкеннің желкесінен қыдия тыңдап отырған екен. Ал басқа мұғалімдер жағынан түскен наразылық пікірлер одан әлде қайда зілді болып шықса керек: «Шың Шысай дәуірінің бастапқы кезінде қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымы қазақ халқының өз қаражатымен салдырған ең кемелді екі мектептің бірі – Дөрбілжіндегі «қазақ ерлер мектебі» еді. Оны гоминдаң сараяқтары келе сала тартып алып, мың шақты оқушысын шулатып таратып жіберген. Одан қалған бірі осы мектеп еді. Енді өзіміздің жепаңжүн келе сала мың неше жүз оқушымызды шулатса, бұдан тіпті жаман мағына шығады!... Ғылым-білімнен мүлде артта қалған аз санды ұлттың баласы оқымай-ақ қойсын» дейтіндер ғана осылай көзігуі мүмкін ғой. «Халық азаттық армиясы» деп аталған өз армиямыз ондайдан аулақ шығар, ойлап көріңіздер!» деген жауап жазуға келісіпті.
"Өз армиямыз деген сөзді өз сараяқтарымыз деп жазса, мәселе салыстырмалы түрде айқын әсерімен жетер еді!" деп күрсінген Шәкеннің желкесінен запхоз тағы да қыдия тыңдап жымиыпты. Сол күні түстен кейін полк комиссары келіп, көшуге үгіттегенде, Шәкен бұл сөзін бетпе-бет тағы айтыпты. Комиссар тағы да күшей үгіттепті де, ғылыми меңгеруші тағы да күшей тойтарыпты:
- «Халыққа дабыра етпей, компартияға, төңкеріс армиясына жаман ат келтірмей жым-жырт қана көшіңдер, қала орталығындағы мектепке түсесіңдер, 1-шіден оқушыларға жақын, екіншіден өздеріңе де жақын!» деп комиссар жымиғанда, Шәкен ұзағынан шұбырта жымиыпты:
- Оқушыларымыздың көбі сахарадан келген, мектеп жатағында жатады. Сіздер тартып әпермек болып отырған бастауыш мектеп кластары жарымымызға да жетпесе, жатақ қайда, бір, інілерін жақын мектебінен қуып, ағалары барып оқымақ емес, екі! Бағанағы қатынаста жазғанымыздай, халықтың қалаулы мектебін гоминдаң сараяқтарынша тартып алмақ болсаңыздар, халық сіздерді де «сараяқ» атамай қоймайды, үш! Түкең екеуіміз жым-жырт кеткенімізбен мыналардың қайсысының аузын баса аласыздар, төрт! «Халық азаттық армия», «компартияның армиясы» дейтін қасиетті түсінікке дақ келтіріп, «сараяқ» атала көрмеңіздер, бес!... Өзіміздің жеке мүлкіміз емес, халық мүлкін халықтан жасырып, тіпті де бере алмаймыз, алты!...
- «Біз халықтың жаңа келген қадірменді туыс қонақтарымыз, қалағанымызды беруге борыштысыздар! –деп комиссар күлгенде:
- «Халықтың қадірменді туыс қонағы да, құрбандыққа бас тіккен қорғаушысы да, халықтың қосқан жерінде жатып, қойған жерінде тұруға борышты! –деп Шәкен күліпті.
Мұны аударушысынан ұққан комиссар күлкісін тоқтатып, ыңырана сөйлеп түрегеліпті:
- Мен қолбасшыларымыздың айт дегенін жеткіздім. Менде басқа сөз жоқ. Қанша жыл қан кешіп, құрбан беріп қиналып келген армияға бұл ауланы тезірек босатып беріңіздер, бәрібір алынады!
- «Қарағым, бастықтарыңыз бұйырған болса, айта бар, ал өзіңіз бұйырсаңыз тыңдай қайт, -деп Тұрсын мүдір насыбай шақшасымен столды тықылдатыпты. – Тәжірибелі үлкен қолбасшы буынсыз жерге пышақ ұрмаса керек қой!... Сіздер орналасуға бұдан да кең аулалы үй көп. Ал, біздің көшіп жүріп мешеу қалған қазақтың мына қарашұнақтары сиып оқуына бұдан басқа үй жоқ!»
- «Дәл бұл мектепті бере алмаймыз!»... «бермейміз!» деп шулай қайтарыпты оқытушылар...
Осының бәрін тыңдап ұғып отырған запхоз, бұйра шашты сұлуына Шәкенді мүлде көрсетпеудің амалын ойластыра отырған екен. Сол күннің ымырты үйрілісімен мектептің тақтай еденінің астына, төбесіндегі шатырына екі-үш жерден тобылғы үйіпті. Астыларына от тұтататын тамызық қойып үлгеріпті де, таң атысымен алқына сөйлеп жетіпті полк штабына: «Шәкен кеше бұл мектепті жепаңжүнге бергенше өртеп жіберемін!» деп еді. Қалжыңға балап жүрсем, өрт қоюға бүгін түнде дайындап қойыпты. Тез жүріңіздер! Көріңіздер!»... оқушыларының кешкі сабақ пысықтауын тексеріп әр күні іңірде мектепте жүретін Шәкенге бұдан да жұғымды жойымпаз дала болсын ба, штап машинасы гүр ете түсіп, сақшыларды дүк көтеріп жетіп барса, «ып-ырас»! Мектептің асты-үстіне үш тал сіріңке шағыл ғана қалыпты. Лап еткелі тұр екен. Құртушы деп Шәкенді, құтыртушы деп Тұрсынды құрсаулай қойыпты сақшылар. Мектептің екі бастығының халін көріп, үрке қалған Үркіншіні қоса матапты. Ол мектеп кеңсесінің қатшысы еді. (тергеушім, қылмыстан сырт адам қорқа ма, тегі оны «қорқушы» деп қолға алса керек.)
- Міне, бес ай болып қалды, әлі жатыр! –деп күрсіне кідірді Тынысқан. – Нендей жауап беріп, неғып жатқандықтарынан хабарсызбын. Әйтеуір иелері шырмалған соң полктың мектеп жөніндегі талабы жым-жырт тоқтап тұр.
Осы оқиғаның ашыншымен жіттірмелете екі румканы қағып салып, үнсіз отырып қалыппын. Электр шырағы жарқырап тұрса да қарауыта берді көңілім. Сыншы ұстаз сөзін көңілді-қалжыңды тақырыпқа бұрды. Е,е, леп жымиып тыңдағанси отырып, әлгі оқиға туралы сөзге қайта тарттым:
- Ағай, әлгі запхоздың Шәкенмен қастасып жала жауып жүрген себебін тергеуші орынға мәлімдеген ешкім бар ма?
- Запхоздың әйел жайындағы өштігін естігендерден тергеушілерге де, полк штабына да жазып мәлімдегендер бар. Бірақ, бәрін де «әшкерелеушіге шабуыл жасатпаймыз!» деп ақырып қайтарыпты...
Міне, міне, сол қылмыстылардың біреуі келді! –дегенше, ішкі әйнекті есікті ашып, Қуат кірді. Екі езуі екі жақта. Тынысқанға сәлем беріп, қол алыса сала мені бассалды:
- Үй, сенің «қысқарып» келгеніңді Нұржан ағайдан кешке жақын ғана естідім. Қалай қысқардың, аяқ жағыңнан ба, басыңнан ба?
- Тұп-тура ортан белімнен! Бұғанама қосып, екі омыртқамды алып тастады! –дегенімде Тынысқан қызара арқырап, татар жеңгеміз ауыз үйден кісіней күлді. Сөзімді жалғастыра жөнелгенімде күлкілерін кілт тоқтатып тыңдап, қайта күлісті. - Өздерің мектеп бойынша сыпыра қызылкөтен болып жатып, бір ғана менің қысқарғанымды сұрайтын не күйлерің бар, жығылып жатып қисайғанға күле ме екен!
- Е, шырағым, біздің қырсық сенікіндей емес, қисынды қырсық болып тұр ғой!
- Жә, қалай қисындасып жатыр, соны айтшы, өзің режімнен құтылып келдің бе мұнда?
- Құтылсам, бағана ертерек келмей, түнделетіп жүрем бе, шырағым-ау!... Мектепке біз тұтатады деген өрт, енді өзімізге тұтап барады. Тұрсын мен Шәкеннің қолын құрсаулай салып, Үркінші дейтін шалымызды тергеп еді. Өте қорқақ неме екен. Дірілдеп-қалшылдап: «партия бізді өртейді деп сенсе, өртейтін болғанымыз ғой!» дей салды. Түкең қатты ызаланса керек, бажылдай тойтарды бұл сөзді: «үй, үркінші-ау не былжырап тұрсың өзің! «партия сенсе» дегенің не айтып тұрған! Сенбесе қолымызды шегелете ме! Өзіміз әрең салған мектебімізді өзіміз өртеп жындымыз ба демеймісің!... Осыған от кете бастағанын көрсем, алдымен өзім барып бассалар едім сол өртті! Мына Шәкен, мына тұрған барлық ғылым сүйер азаматтарымыз тұтас кетер едік сол өртке, өзіміз кетсек те осы мектепті шарпытпауға құрбандық боп үйілер едік қой!... "Өртейтін болғанымызың" не оттап тұрған! – деп ақырғанда желкесінен біреу қойып жіберді де, екі сақшы екі жағынан дедектете жөнелді! –деп Қуат бір тыныстады.
- Ал, Үркінші қайтты? –деп қалыппын, естігенше асығып.
- Түкең мен Шәкенді ала жөнелгенде Үркінші өзі ере сөйледі: «партияның сөзі – сөз, бізде не тұр, полк штабы мектепті аламыз дегеннен-ақ ызаланғанымыз рас, қарақтарым!... Төрт баудан екі-үш жерге тобылғы үйгенде рас екен ғой. Көрдің ғой, не дейміз бұған енді!» -деп сыздықтата сылдырап бара жатқанында, оның қолына да құрсау сала қойды біреуі! – Осы сөзге келгенде қатты күрсінген Қуат, шәйдан ұрттап-ұрттап алып жалғастырды сөзін. "Тегі, Үркіншіні мықтап домбытып тергей келе, мойындау жағынан әжетке жарайтын азамат екен» деп құрсаулаған сияқты!... «Мойындағанға кеңшілік» берілетіндігі мен «жайылдық еткенге қатал шара» қолданылатындығын Үркіншінің құлағына айқайлап бара жатқанын естіп едік. Соның артынан іле-шала Сейтпек, Абдолла, Дәуітпек атты аға оқытушыларымыз қолға алынды да, басқамыз әліге дейін тергеліп келеміз. Барлық қатеріміз қазір сол Үркіншіден болып тұр! Рас-ақ былжырап жатқан сияқты. Әйтеуір «кері төңкерістік шайка» аталып тұрғанымыз рас.
- Осы Үркіншілеріңіздің миында бір ақау бар ма еді? –деп Тынысқан күлді де, білімдісініп, тым ширақ жүруші еді! –деп Қуат жымиды. – Түкеңнің құрсауланғанын көре сала шашылды да кетті!...
- Партком кірісіп, әлі анықтар, еш нәрсе етпес! –деп күрсінді Тынысқан. - Бірақ, Шәкен бетің-жүзің демей төтесінен бір-ақ шығатын жігіт еді. Содан шиеленісіп кетпесе бірдеме болар!
- Түрме біздің мектепке жақын. Торлы терезесінен шырқатқан әнін естігенде, біраз көңілденіп қаламыз!
Қуат өзінің ауыр қайғылы әңгімесін доғара салып, мені сөйлетуге кірісті. Мендегі оқиға одан көңілдірек екенін сезгендей, екі езуін жая тыңдады...
Тынысқан ертеңіне таңертең мені газетханаға ерте барып, телефонда аймақтық оқу-ағарту мекемесіндегі Болтаймен сөйлесті. Мен туралы тоқ етпе, жақсы түсінік айтып болып тыңдады да, күлісіп алып, разылықпен тоқтатты сөзін.
- Ал, енді бар, Башпай уәлидің өз алдына кір! –деп маған қарады. – Арызыңды да, оқу-ағарту мекемесінің пікірін де Нұржан әкетіпті. Кеше іңірде тілі жететін бір-екі мықтыға Болтай еріп барып айтқан екен Башекеңе, бар ахуалды жеткізіп болған сияқты. Өзің ол кісінің алдында тым биязы-әдепті болма! –деп Тынысқан күле жалғастырды сөзін. – Тілдей қалса ауыр алмай, қисынын тапсаң өзің де тілдей жауап қайтар! Бәшекең тентек шешендікті сүйеді. Өзіне неғұрлым қисынын тауып тиіссең, солғұрлым жақсы көретін кісі...
Башпайдың мінездемесіне Тынысқаннан қанық боп барсам да, өзін көре ондай бейпіл ауыздыққа қимадым. Толық денелі, ықшам тегістелген дөңгелек қара сақал, қара қасты, ақбөрте келбетті жүзінен де, сынай қараған шаралы қара көзінен де оқыған, зор салмақтың кісісіндей көрінді. Көлдей шалқыған зор байлық, толқытып-шалқытып, айтқанын орындатып, осы келбетке ерікті ауыз, еркін одағай мінез бітірсе таңданатын не бар. Менің ести-ести ең қатты таңданып жүргенім, өзіндей басқа байлардың еш қайсысына бітпеген, бітуі мүмкін де емес сияқты ойлататын ерекше батыл турашылдығы мен төтенше жомарттығы еді.
«Қазірге дейінгі Марксизмнің таптық сипаттамасына сыймай қалған, әлем бостығында дара тұрған жұмбақ сырлы тұлға»1 кабинетінде жалғыз отыр екен. Бұрыштағы қатшысынан басқа ешкім жоқ.
- Ассалаумағалайко..м..м! –деп әдейі айқайлай сәлем беріп едім.
- Әлікі салем, кел бала, кел! –деп орындық нұсқады. – Е, сәлеммен қорқытатындай ерекше шықты ғой дауысың, кім едің, шырағым?
- Ерекше қамқор деп біліп, ерекше сыйлағым келген кісіме ерекше сәлем беретін мінезім бар еді. Оның үстіне ерекше жәбір көріп келгендігімнен дауысым тіпті ерекше шықса кешірерсіз! Атым Биғабіл Жаппарұлы, Дөрбілжіннен келдім.
- Е, е, жарайды. Жоғары отыр, жоғары орындыққа! Ие, сені кешеден бері бірнеше қу айтып еді маған. Арызың мен оқу-ағарту мекемесінің қатынасын мына Бабашқа жаңа оқытып тыңдадым. Жә, өзіңнен бір жәйды сұрайын енді, шыныңды айт. Тегінде өтірік әңгіме сұрамаған кезімде өтірік айтып қойсаң, менің басымның сақинасы ұстап қалатыны бар. Сол әкеңнің аузын... дерге соншалық не қылып едің, қане, соны айтшы?!... Бүлдіршіндей жап-жас жігіт көрінесің, соның келініне барып қойдың ба деймін?
- Ол жағынан оншалық сау емеспін, Башаға...
Жауабымның бұл бастамасына ұзын бойлы, пісте тұмсық, қараторы қатшы қарқылдап күліп жіберіп, сөз кірістірді:
- Жоқ, Биғабіл, сенің турашылдығыңнан өткен оқиға көп екен. Олар саған мәселе болып жұқпайды. Естідік. Саған артылған негізгі мәселе саяси жақтан сияқты, Уәлиге соны айтсаң болып жатыр!
Осы талапқа сай, мектеп жөніндегі, тап жөніндегі өтілген оқиғаларды рет-нөмірі бойынша бір-бірден тұжырып сөйлеп бердім. Бәшекең сөз тыңдауға тым байсалды кісі екен, үнсіз тыңдап отырып, аз ойланып алып сұрады:
- Ие, Досанды саған өшіктірген осылар ма деймін, тегінде тексере қалғанда өзіңнен басқадай күнә шықпай ма?
- Шықпайды, Башаға, мен де өзімше есеппен істеп келгенмін. Сенімім толық!
- Ей, Бабаш, шақыр анау сартымды!
«Сартым» деп отырғаны өзінің орынбасары, өзбек Ғалымжан Ілһамжанов еді. Былтыр күзде Бижіннен Үрімжіге келген генерал полковник Уаңжынді қарсы алып алдынан шыққан «беделді» мырзалардың бірі осы «сарт» болатын. Сонда қолбасшыға «сыйлық» деп алтын патсигар ұсынғанында, ол «сыйлық» қабылданбай сындалғанын естігенмін. Диюдай денесімен, қазандай басымен, келіскен керім сымбатымен сол «сарты» кіріп келді:
- Мені шақырдыңызба, тақсыр?
- Ие шақырдым! Ей, сарт, танимысың мына баланы?
Ол кіргеннен ізетпен түрегеп тұрған маған сонда ғана қарады. Ерін жыбырлатып амандасқан «сарты», әрине ,танымағандай.
- Бұ жолдас басқа ауданнан келгенда, танымадым тақсыр! –деді.
- О әкеңнің аузын с... сарт! –деп Башекең кіжінгеннен бастап, қол қусырып күле берді «сарты» - Досанның шағымын растап, қызметтен қысқартқанды білесің, өзін білмейсің деймін, ей!... Қане көрші, сөйлесіп көрші өзімен, не қылмысы бар екен! Қане?... Әкеңнің аузын... деймін!.. Иә, білім дәрежесі толмай ма екен, тексеріп көрмеймісің деймін!
- Тақсыр, біз жоғары жақтан сеніммен тағайындалған аудан әкімшілік апаратының ұйғарымына қол сұқпаймыз ғой, бұған өздері жауапкер!
- Апаратыңды с...! Тағайындаған сенімдің жер өртесе, сол апараң түгел күйіп кетпей ме, ей есек сарт, сен не бітіресің деймін! Оның қаскүнемдігін бекіткен сен жауап бермеймісің деймін!... Өздеріңдегі мұндай білімді мұғалім қызметтен қуылса, қуушының өзін бассалар едің, үй әкеңнің аузын с... қара жүрек сарт деймін! Қазаққа оқыған азамат керек емес пе деймін!... Көр мына арыз бен аймақтық оқу-ағарту мекемесінің пікірін!
- Мақұл, мақұл, көрейін, тақсыр! –деп күлген сарты төменгі орындыққа отыра қалып көріп шықты да, - мақұл, мақұл, қайтадан тексеріп түзетейін! –дегенге келді.
- Үй, сен керіліп, созылып, опа далабыңды жағынып, таранып болып тексергеніңше мұндай азамат сарылып қарап отырмақ па деймін! Дереу бұйрық жаздыр, қызметтен қысқартылатын еш-бір себебі жоқ!
- Тексермей бұйрық жазу бирократтық болады ғой, тақсыр!
- Қайталап айтайын, дәл әкеңнің аузын с... деймін, өйтіп қорқытып отырған бүйрегіңді с... деймін! Бүйректен қорққанша алтын парадан қорқ деймін!
«Сарты» қызарақтап қысыла күліп ап сөйледі.
- Жерлік орынның қалай босатқандығын анықтамаса болар ма екен? Деп, Бабаш аталған қатшыға қарады. Қатшы түсінік айтты:
- Бұл кісі анықтап болды. Ахуалын білетіндердің кешеден бері бірнешеуінен естіп, қапаланып отыр. 4-5 жылдан бері күшеп еңбек сіңірген кедей азаматын қызметтен өштікпен қуа салу, үлкен қателік болады! Ал, мәселе болса, ауданның парткомы қызмет бастаған соң тағы да анықтай жатпай ма! Сол айтылған мәселелері бар болып шыққан күнде де оқу-ағарту мекемесі мұндай қабілетті мұғалімді қумақ емес!
Бәшекең ақыра сөйледі енді:
- Қайта анықтаған күнде де «мәселе» дейтін немелерің Досан мен сені маңқитпаса мен кепіл деймін! Әкеңнің аузын с...дер деймін!... Дәл осылай жаздыр да маған алып кел!
«Сарты» уәли столына еңкеңдеп күле жақындап, менің арызымның шетіне бұрыштама жазды. Бас уәлиге күбірлеп оқып беріп, қол қойдырып ала жөнелді.
- Ей Бабаш, сен де бар деймін қатшы бөліміне, мына сарттың құйрығы қисық. Қатынасқа ілмекті сөз жаздырып қоймасын, менің сөзімді өзің айтып тұрып жаздыр! –деп қатшысын шығарды да, маған қарады. –Жә, бала, менің алдыма келгенің осы ғана ғой. Әлгі сартты үстемелеп боқтай бергеніме қарап, әлде қалай ойларсың деймін. Олай ойласаң сеніңде әкеңнің аузын... бұл сарттың әлгі Досан сияқтылармен тегіннен ымы-жымы бір. Мен жоқта талай істі істеп болады. Қалай істегенін білмей де қаласың. Сенің ісіңді де осыған жаңсақтатып істетіп жайлады ма екен деймін. Бұйрықты өзі айтып жаздыруға зорлағаным сол. Ал енді барып қызметкер қалпыңа келген соң ойланатын тағы бір ісің бар. Сені Тынысқан газетханаға сұрап отыр. Оған не дейсің?
- Башаға, мен өз ықтиярым болса оқу-ағарту саласында ғана істегім келеді. Және Дөрбілжіндегі болып жатқан істің жақсысын да, жаманын да білемін. Сәті келгенде мәселенің бәрін ашып тастағым бар. Сол орнымда тұра тұрсам деймін!
- Ондай сенімің болса, мақұл сөз! Мен Тынысқанға ұқтыра салармын. Әлгі компартия дейтіндеріміз енді келіп жатыр ғой, оқымысты қулардан естуімше солар қызмет бастағанда әр аудандағы істер тексерілетін көрінеді. «Сәті» дегенің де сонда келіп қалар...
Жазылып ашық канвертке салынған қатынасты Бабаш алып келіп, уәлиге оқып берді:
«Д.а. Әкім мекемесіне!
Инспектор Биғабілді қызметтен қалдырған себептеріңізді аймақтық оқу-ағарту мекемесі тексеріп көріп, наразылық пікір жолдап отыр. Және бізге қабілетті қызметкерді «қысқарту» дейтін еш қандай нұсқау келмеді. Егер мәселе өтіліп, тиісті орындар жағынан тексеріліп анықталған соң, аудандық парткомның пікірі бойынша бір жақтылы етілуге тиісті. Қызметтен қалдыруға біз жақтан рұқсат етілмегендігінен хабардар боларсыздар!
Тарбағатай аймақтық әкімшілік мекемесі» -деп таңба басылыпты.
- Менің сөзім бойынша неге жазбайды деймін осы әкеңнің аузын... дер! Ал, бұл да бола тұрсын. Конвертін пешеттеп бер! –деп Бабашқа тапсыра сала маған қарады уәли. – Бала, Биғабілмін дедің бе, осы қатынасты Досанға өзің апарып беріп, қызметіңе отыра қал, қыңқ етсе маған телефон соқ, ұмытпа деймін осыны! Жазылмай қалған сөзімді ол әкеңнің аузын... ге сонда айтып алайын деймін!
Досанның көп күшеніп жүріп әрең тоқыған төрін бір керіліп қана үзіп, «ойынбұзар» айыптан құтылғаныма сеніп қайттым.
Көреген тергеушім, қылмысымның 2-ші томында гоминдаңды гоминдаңға қырғызған, тергеушіні тергеушіге тергеткен әзәзіл екендігімді көріп едіңіз, осы тарауда байлардың қорғаушысын байлардың байына сыбатқанымды көріп отырсыз. Енді жендеттерді жендеттердің жендетіне жегізгенімді көргіңіз келмейтін шығар. Шындығында сіздердің кезігіп, қылмыскер деп аулайтындарыңыз өздеріңізге күдікті-хауіпті боп естілгендер ғой. Тарихтар бойына тап басып ізбасар болып, бабадан атаға, атадан әкеге, әкеден балаға мирас етіп, жұтына кесіп жұтқызып келе жатқан кәнігі жерік астарыңыз – хауіптілердің бастары емеспе еді. Енді міне алдыңызда хауіпті ғана емес, қатерлінің өзі тұрғанда қалай сабыр етіп отырсыз! Тұлабойы, ішек-қарнымен жүз процент ашыған қылмыс деп бітеу жұта салсаңыз, маңдай теріңізді бұрқ еткізіп, рақаттандыратындығыма барлық жын-шайтандарым кепіл!

V


Аймақтық үкімет қатынасына қосымша сол күні түстен кейін оқу-ағарту мекемесіне де бір конверт ала қайтқанмын. Ертеңіне сағат онда жетіп, Досан әкімнің алдына кіріп бардым. Әкім түксие қарады.
- Рұқсатсыз неге кіресің, Биғабіл сен?
Екі конвертті алдына тастай қайырдым жауабын:
- Осы жолы әкімнің есігін ұрып, басын ауыртпай кіре бер деді ғой!
- Кім? – дей сала аймақтық үкімет конвертін ашып жіберіп, түнере үңілді үлкен таңбалы қағазға. – Бұл не дегені? –деп өзіне-өзі күбірлегенде, сол сөзінен екі еселеп жыбырлады мұрты. Жыбырлап барып жиырылып маған қарады. – Сені қабылдаса қуана қарсы аламыз ғой, бірақ осыларда ұғыспастық көп, шырағым, сен ертең бір келіп қайтшы маған.
- Рас, осылардың сіз бен мен туралы ұғыспастығы көп екен. Мен барып айтқанда ұқты! –деп жымидым мен. - Бірақ, сізше «ертең бір келіп қайт» демеді өздері маған, «бар да ісіңе отыр!» деді.
- Башекең солай деді ме, отырсаң отыра тұр оқу бөліміне барып! Шакербайды шақырып жібер!
- «Отыра тұр» деген жоқ, «біржолата отыр деймін!» деді.
Күле шығып барып, Шакербайға әкім шақырғанын айттым. Ол маған бажырая қарап, өтіп бара жатып сұрады:
- Өзің бір жаққа барып қайтқанбысың?
- Сауырға барып қайтқанмын ғой!
Шакербай барып әкім кабинетіне кіргенде, мен барып оның қарсысындағы қатшы бөліміне кірдім. Күткенім, екі сұмның аймаққа телефонмен сөйлесуін есту еді. Қатшымен қалжыңымыз «қысқару» мен «ұзару» жөнінен екі белең асып, қарқылға айналғанда тірілді әкім телефоны. Досан Башекеңнің «сартымен» сөйлесті. Алғашында бажалардың бас тырнасқанындай ғана ымыралы үн естіліп еді. Соңынан «ассалаумағалайкум.. мен, мен ғой, Досанмын Бәшеке, Досанмын!» деген әкімнің жалбарақтаған итағатты дауысы шыққанда мен де шықтым ауыз бөлмеге. Әкім өз атын ақаған соң сөзден қалды. Бәшекеңнің «аптаматы» от бүркіп сақылдап, мұртты тұқыртып тастағаны байқалды. Шалқалай басып үйге қайттым.
Шакербай ертеңіне сағат онда мені іздеп үйіме келді:
- Ойбай-ау, Биғабіл-ау, бұл жатысың қай жатыс!... Жолдау қағазды өзің әкеліп тастап, мұның не шырағым-ау, жүр, тез киін!
- Қайда бармақпын?
- Қайда бармағың не айтып жатқан! Қызметіңе, өз қызметіңе орналастың!
- Үй, одан «қысқартып» едіңдер ғой? Әлгі мұртың көне ме екен оған?
- Көнсін-көнбесін, мен өзім шақырып келдім ғой, міне!... Оқу-ағарту мекемесі қайта қабылдаған соң, мен өзім шақырып келген соң болмады ма!... Сен қысқарды деп естігелі қақсап едім бәріне. Әйтеуір өзің барысыңмен шешіп беріпті ғой!... Рақымет оларға! Бар бетке ұстар инспекторымызды қалдырсаңыздар мектептеріміз түгел ақсайды деп әкімге де зар қаққанмын!... Ол қайдан біледі, біздің қызметте қандай рөлің барын!... Білгені сол ғана болған соң қайтпексің сол шалды, қоя сал енді сен де кешіріп!...
- Ие, көпшілік қой десе, сізді де, оны да қоя саламыз ғой, жаназа шығарып қоюды қосса, оған да бармын! – деп күрсіне салдым. Құйрығы ашылып жатқанымен ісі де болмай сылдырайтын осы ыштансыз алдамкөстің бетсіз, құрдым мылжыңын қуалай беруден зеріккен сияқтымын. «Жаназа» деген сөзіме ғана тойтарыс жасағысы келгендей жалт қараған ол да қуаламай қоя салды. Қоя салмаса, қоясын түсіретінімді біледі екен. Осы жайына «сүйіндім». – Жау болса да көріскен-біліскен адам жақсы екен! –деп жымидым сонан соң. Оқып жатқан кітаптарымды жиыстырып, түрегеле сөйледім. – «Жайы мәлім шошқаның түрткенінен жасқанба» деп ұлы Абай, сол «жайы мәлім» жауды «жақсы» көретіндігінен айтқан екен ғой!
- Биғаш, осындай ащы қағытаны қоялықшы енді, жалынайын, әкімге қадамай-ақ қойшы енді мұндай сөзді! –деді Шакербай. Тыңдай күлімсіреп отырған шешемнің алдында, соңғы осы сөзімнен де қылмыстан өзін арашалап, «Досаннан болды» деген мағына білдірді.
- Жоқ, бұл әкімге ғана емес... Абай Досанды ғана көздеген дейсіз бе, -деп күле ердім соңынан.
- Шырақтарым, бұл бала қызметінен осымен екі рет қуылды, -деп қалды шешем Шакербайға. – Нелеріңді бүлдіріп қуылатындығын түсінбей-ақ қойдым. Енді қусаңдар қисынын тауып мықтап қуыңдаршы, анықтап түсінетін болайық!
- Биғабілдің бұл қулығы өзіне жеңілдік әкелді апай. Ренжімеңіз! Бұл кетті деп орнына екі инспектор алғанбыз. Қызметі енді жеңілдейді!
- Е, е, қызметі ауыр деп қуалап па едіңдер, рахымет ондай жақсылықтарыңа!
Шешемнің бұл сөзіне Биғайша мен кіші жеңгем күліп жібергенде, Шакербайдың өзі естімегенсіп, жеңіл арбаға секіріп отыра сала божы қақты. Үсті-үстіне сабалап қақпадан безілдете шықты да, безгелдекше жорғалата жалғастырды сөзін:
- Расында да, енді жеңілдеді қызметің, ханзу мектебін орынбасар бөлім бастығының өзі-ақ басқара береді. Онымен жұмысың болмайды. Ал, аудандық басқа мектептерге де, райондық мектептерге де анау екі семізің жетіп жатыр. Оларды бөлімде отырып қана нұсқап басқара бересің, шырағым, әйтеуір ана жүріс-мына жүріс, ана сөз-мына сөз, әне теріс үгіттедің-міне теріс үгіттедің дейтін қыжыртпа сөздің бәрінен құтылдым дей бер! .н.. Айтпақтайын, өзің әлгі келіншегіңді таптың ба, таба алмай қайттың ба?
- Енді қартайғанда келіншекті қайтпекпін, оған кінәлі бастықтарымыздың бірінің қызын ала саламындағы! –деп күрсіндім.
Шакербайдың өзінде қыз жоқ болғандықтан, ол жөнінде менен хауіпсінетіні де жоқ еді, қарқылдап күлді бұл сөзіме.
- Биғабіл-ау, «енді қартайғандаң» не, қызың не айтып келе жатқан! .. .Тым шақбасың-ау өзің, бір қырсықсыз сөз шықпайды-ау аузыңнан! –деп күлкісін тоқтатты да, божы тартып, атын ілбіте аяңдатты. Сөзін «ақылға» аударды енді. – Осының болмаса баға жоқ жақсы жігітсің өзің, өтінгенім осы болсын сенен. Осындай шағып алып тулататыныңды қойшы, шырағым!... Осы әкімнің саған өшігуі де ту басында осыдан болыпты. Содан үстемелеп-үстемелеп шағып, ушықтыра беріпсің...
- Менің шақпалығым шындық айтудан шығар. Шындықпен сөйлеу деген одан мақұрым адамға улы болып сезіледі. Ал, сіз екеуіңіз... Әй, соңын айтпай-ақ қояйыншы, не керек айта беріп! Сіңбейтін жерге сигендей, балаққа шашырай береді.
- Ие, әкімді енді қажамай-ақ қой, Биғаш! Сыйлағың келмесе де сыйлаған болып, үнсіз жүре берші өзің, оның кемін мен-ақ толықтырып отыратын болайын!... Ал, өзіңе енді бір айтар ағалық ақылым бар. Мен сенен тым болмағанда екі көйлек бұрын тоздырған шығармын. Өмір көрген, тәжірибем бар кісімін ғой.
- Ие, осыныңыздың біраз шындығы бар сөз, айта беріңіз!
- Сыртынан көріп жүрген шығарсың, бірақ, көңілің басқада болып, оған назар салмаған сияқтысың. Қалыңдығың қайсы десе, мынау дейтіндей бір сұлу бар осында. Сыры мен сымбаты тең жаралған, мінезі қандай десеңші шіркіннің...
- Сілекейімді шұбырта бермей, айтыңызшы кім ол?
- Әлия бар ғой, Әлия сұлу! Осы аудан бойынша ең келісті қыз сол, соны көндірсең әкесімен өзім сөйлесіп, тойыңды өзім жасап беремін!
- Е, есіме енді түсті Әлия сұлуыңыз, ие солай. Сыры да, мінезі де өзіңізге құйып қойғандай ұқсастығы бар, сылдырлы-сыңғырлы жақсы қыз! –деп күліп жібердім. – соны өзіңіз қосымшаға алсаңыз, қандай келісер едіңіздер шіркін!
- Қой, беті ашылмаған бала туралы олай қалжыңдама, шырағым! Қол жетпейтін перизат ол! Көрде тұр, басыңдағы бар ауыруды осымен жазамын әлі! Тек өзің мұнан соң әкімге қатқыл сөз шығара көрме! Соның бір досының қызы ғой Әлия. Мұнан соң тіпті сол кісінің алдына кірмей-ақ қойшы, ісің болса мен-ақ сөлесіп беріп тұрайын!...
Бұрынғы орныма сөйтіп үндемей-ақ келіп отыра қалдым. Бөлім бастығы Шакербай мен жоқта тағайындаған екі семіз инспекторымен бұрыннан таныс босам да мені таныстырып, «аймақтан қайта тағайындалған бас инспектор» деп атады. Қызмет бөлісінде ол екеуі – мектеп шарлаушы, мен – жинаушы, айдаушы болдым, олар әкелген мәліметті тиісті грапаларға қондырып алып, сол бойынша нұсқап қана қос семізді борсаңдатып, жүгіртіп қана отырады екенмін. Бұл мәртебені қамқорларымның маған іске нұсқаушы бол деп бермей, сыртқа шықпаушы бол деп бергені байқалды. Сөйтіп мектептерде оқу басталысымен екеуін екі жаққа жөнелттім-де қырық шақты мектептің тізім-грапаларын алдыма ала омпиып отырдым да қалдым.
Сол омпиуымнан бір апта өткенде бөлімнің қатшылық қызметіндегі қайқы тұмсық сары қыз алмасып, орнына сүйрік тұмсық дәрі қыз - Әлия сұлу келді. Сыртқы есіктен мұлайымсып тұқыра кірді де, бүйірдегі есіктен маған алтын сырғасын жарқ еткізіп, көзін жалт еткізіп қарап, амандаса барып отырды. Орны орталық бөлменің терезе алды. Менің орныма тұспа-тұс, есік ашық тұрғанда көз алдымнан кетпейтін орындықтан романтизм суретшісінің әсіре көркем сызбасындай керіле қарады маған. Жарқырауық алқалы топ-тоқ алқымын тіпті ағартып, опалап алыпты. Барлық жағынан да дәл сол алқымындай ағарып, адаланып кіргендей сіпет көрсетіп, ұялғанси күлімсірегені байқалды.
Оның қарсы алдында екеуімізге кезек қарап тұрған Шакербай шақырды мені. Жаңа келген қатшымен таныстырмақ екен.
- ... Бұл баланың жазу подшеркі әдемі болған соң көмекші қатшылыққа алмастырып әкелдік. Бұрынғы орнында да көмекші қатшылық істейтін. Енді біздің оқу-ағарту қызметіндегі қатшылыққа толық төселгенше саған сүйенеді. Былайша айтқанда, шырағым, сенің көмекші қатшың болып істей тұрады.
- Өз бетімен дербес істеп келе жатқан бұрынғы қатшының да подчеркі әйей еді ғой! –деп жымидым мен. – Енді ана қызметтен мына қатшылыққа алмасқаным ба менің?
- Ойбо...й, шырағым-ай, қалайсың өзің, негізгі қызметің бұрынғы бас инспекторлық қой! Ол қызметте де көмекшің көбейді емеспе, мына бала төселгенше қатшылықты да қосымша істей тұрасың деп тұрмын!
- Ал, бұл бала «төселген соң» қайтпекпін деп тұрмын мен?
Шакербай еркінен тыс күліп жіберді де, Әлия тұқырып алды.
- Әлияш, мұндағы істің жайын үйреніп болған соң ресми қатшы болады. Сен қазірше үйретуші ғанасың!
- Мақұл олай болса, бұрыннан үйреніп қаныққан бала көрінеді ғой, уақытымды көп ұтпас!... Әлияш сіз, мұндағы іс қағаздарын, дәптер-кінегелерді тапсырып алып па едіңіз?
- Жоқ, ертең келіп, бәрімен таныстырып өткізіп бермек! –деп күлімдей қарады Әлия.
- Оғанға дейін кіріс-шығыс, қатынас дәптерлеріне қарап, тіркелу, жазылу тәртібін үйрене отырыңыз!
- Тіркеу тәртібін білемін!
- Аббәле, рахымет Әлияш! Бәсе біледі деймін ғой!... Олай болса, Шәке, бұл хатшыңыздың ендігі үйренетіні өзіңізде ғана қалды. Бөлім жағынан қай қатынасты не деп жаздыратындығыңызды бөлім бастығы өзіңіз айтып, тапсырып жаздырасыз ғой. Тіпті, инспектордың жаздыруға тиісті қатынасы болса да өзіңіздің бекітуіңізбен қатшыға өзіңіз арқылы өтіп келе жатпай ма!
- Қалай жазылатын әдісін үйрет деп тұрмын ғой, шырағым саған!
- Не деп жаздыру өз еркіңізде, таңбаны қай жерінен бассаңыз да өз еркіңізде деп тұрмын ғой, Шәке саған!
Өз орныма жөнеле бердім. Шәкербайдың танауы қызара күлді бұл жолы. Ызасы келсе де лажы қалмаған сияқты.
- Бұл жігітіміз, осындай қалжыңшыл өзі,- деп күбірледі Әлияға. - Сырын білмеген адам қалжыңын шын екен деп қалады. Солай дегенмен өзі-ақ жардамдасады саған. Білмеген жеріңді одан да, менен де сұрап істей бер!
Бастық маған қарап аяңдады сонан соң. Есік жаба кіріп күбірледі:
- Шырағым-ау, өзің қалай жігітсің, осыншалық дөрекі ме едің! Қызметтерің жағынан әдейілеп қисындастырайын десем, осыншалық қашқалақтағаның не!
- Қисындасқым келсе маған қиын емес, қиюын өзім-ақ таппас па едім, мынауыңызға зәру емеспін. Екеуімізді қисындастырамын деген желеумен мені енді хатшылыққа қисындастырамын деп ойлай көрмеңіз! Мына қырық шақты мектептің оқу ісін жүргізу, маған жетіп асып жатыр. Қатшыңызды өзіңіз басқар, өзіңіз үйрет! Ал, мектептерге инспектор талабымен шығатын қатынас болса, түп нұсқасын өзім-ақ жазып беріп, өзіңізге көрсетіп көбейткіземін!
- Болады, болады, солай-ақ үйретіп тұралық! ... бірақ шырағым, -деп жымия кідірді Шәкербай. – Осыдан жақсы «хатшы» жоқ екенін түсінерміз әлі. Басқа біреу қағып әкетіп жүрмесін!
«Талай қағылып болған» дей салудың қажетті-қажетсіздігін ойланып үлгере алмай қалдым. Шакербай менің бөлмемнің есігін шалқалата ашып тастап кетті де, өз бөлмесіне кіріп Әлияны шақырды. Біраз ғана күбіресіп, бірнеше газет көтере шыққан сұлуымыз сылаңдай келіп, бір нұсқасын менің алдыма жымия тастап қайтты. Жүрісі қандай әсем болса, оқыған болып отырған газетінің үстінен маған қарасы да сондай әсем көрінеді екен. Құдай айғақ, тұмсығына жақындай жайылған газеттің бетіндегі ірі жазулы тақырыпты да көрмегенін біліп отырмын, маған қарай берді. Мен де қарап қоямын. Ол маған не үшін қарай беретінін өзі біледі. Әлдеқашан үзіліссе де есекдәменің әлі де үміткерлігімен қарайтын шығар. Ал, менің қарайтыным, жаспын ғой, ол жөнінен мынау дап-дайын сұлу ғой, көзім уақыттық зарурат үшін абайсызда ауып кетеді. Ал, анархиялы сезімнің мұнысынан сырт, әдейілеп қарайтын да себебім бар: «қамқорларымыз» маған осы «қарғамды» не мақсатпен телімек болып әкелгенін білгім келеді. Осының сиқырлы жүзіне көзімді сүріндіріп апарып, мені қылмыс құйына түсіріп айыптамақ па?.. Иә, мені осы «асылымен» өздеріне тартып алып, мүритіне айналдырмақ па? Деген оймен де қараймын. Ойлай келгенімде осы екі тұзақтың бірімен шырмамақ, қайсысына түссе түссін, әйтеуір түссін дейтін сияқты. Осы наданын оқу бөлімінің ысылған дағдылы хатшысына айырбастап әкеліп, менің алдыма отырғыза қоюындағы бұдан басқадай мақсат болуы мүмкін емес. Бұған, қызметімді мына мүлде отырақтастыруын қосқанда Нұрияшымды іздетпеу, ол туралы шатақ шығартпау мақсаттары әккілікпен байланыстырылған. Түрегеліп барып есігімді жауып алып отырдым. Әр күні жауып алып отырсам да, дидарласудың қисынын тауып алып Әлия жүрді. Газет әкеледі, табылса шәй, табымаса қайнақсу әкеліп қояды. Іс жайын сұрайды. Газеттегі сөздің мағынасын сұрайды. Ондайларымен маған ауыз ашқыза алмай қалғанда кезе жөнеліп барып, қыдырма сөз тауып айтып келеді. Сол тапқандарының бірі мені елең еткізді бір күні:
- Аудан бойынша бір үлкен жиын ашылатын болыпты, конференция дей ме, әйтеуір, аудандағы қызмет жөнінде халықтан пікір алу жиыны дейді.
- Қай орын ұйымдастырып ашады екен оны? –деп жалт қарадым.
- Парткомнан Сәрсен ағай шығып келеді екен, сол айтты ғой әйтеуір. Сайланатын өкілдерді әр орыннан, тіпті райондардан да алдымен әкім мекемесі тізімдеп сайлатып шақырады дейді. Әкім де, Шәкербай аға да біздің орынбасар бөлім бастығы да сонда отыр деген соң кірмей қайтып келдім.
- Парткомға өзің не жұмыспен барып едің?
- Мен әр күні бір рет барып, әйелдерінен ханзуша тәл үйрініп жүрмін ғой, -деп Әлия бұрынғысынша жыпылықтата жөнелді сөзін. – Бұрын, оқып жүргенімде біраз үйренгенмін. Соны айтып едім, әйелдері әр күні бір рет келіп, дәріс алып тұруымды тапсырған, сол бойынша... барсам-ақ қуанып қолтықтай жөнеледі бір бөлмесіне!
- Ал, мен бір ақыл айтайын ба саған?
- Айтшы!
- Айтсам, ол әйелдермен көрісеріңде сен де, тым болмағанда қарныңа бір жастық тыға бар, өзіндей болып барсаң, тіпті жақсы көреді!
- Қойшы, Биға, қыртпашы! –деп Әлия сырт айлана жүріп кетіп, қайта қайрылды. Құйқылжи күліп сықылық қақты да, күлкісін тез тоқтатып сөйледі. – Сәрсен аға парткомға аударушы болып жүр. Ашылатын бұл жиынды басқаруға партком әкімнің өзін бастық қып сайлады деп далбырлап, мені құшақтай ала жаздады. Оған Сәрсен аға неге қуанады, білемісіз?
Осы жайды сұраған болып, орындық тартты да, мені лебімен желпігісі келгендей, лып етіп отыра қалды. Мүңк ете түсті хош иіс. Неғұрлым тезірек қууым қажет екендігі сол иісмайымен бірге сезілді өзіме.
- Сен маған сұрау қою үшін алдымен менің жазғытұрым қойған сұрағыма жауап беруің қажет!
- Не сұрап едіңіз, ұмытып қалыппын! –деп Әлия ділгірси қарады маған. – Құдай ақы, есімде жоқ!
- Мақпалдың үстінен әкесіне не деп жаздың?
- Соны маған айта бермеші, Биға!... Сол немеңізді таба салып, маған опасыздық істегенсіз ғой!
- Одан бұрын істеген сенің опасыздығың азғантай ма еді!... Ал, Мақпал не жазып еді саған!... Соған істеген қастығыңды шыншылдықпен айтпасаң, татулыққа келісе алмаймын дегенмін ғой, сол сөзім сөз!
- Айттым ғой, сізді қимадым, әлі де қимаймын! Сондықтан сіз туралы айтар жерім болса да, ешкімге шағынғым келмей жүр, жақсы ойланыңыз, Биға!
«Маған қайта берілмесең, үстіңнен арыз жүргіземін» деген мағынамен арқа тірегі барлығын сездіре көрсеткен бұл сесіне қарсы өзін қорқытатын құбыжықты айқындап көрсеткім келді:
- Әлі де тоймай шаққың келсе шаға бер, аяма! Бірақ саған "қылмыскер" бірнешеуміз ғой, рет-ретіміз бойынша түгел шағуың шарт! Әкеңнің көрін қазған жалғыз мен ғана ма едім! Бажыраясың ғой өзің, албасты басып ұмытып қалғаннан саумысың? –деп күлгенімде сықылықтап ала жөнелді өзі. – Алдымен менен бұрынғыларыңды, онан соң мені, онан соң Қасенді, онан соң Үсенді, Күсенді, Есенді, Әсенді шаға бермеймісің өзді-өз реті бойынша! Өзің шаға алмайтындарыңды мен-ақ шағып берейін, алдымен басташы өзің!
- Рас қатты қалжыңдайды екенсіз, Биға! –деп тағы сықылықтап бетін баса күлді Әлия. Бір кезде менің өзіне көрші қонғанымды айтса, көпке ортақ емші болғаны да ашылып қалатындығын енді толық түсінген сияқты. – Маған обал етпеңіз, өзіңізден басқа еш қайсысына... қалыңдық болғаным жоқ, Құдай ақы дейін! –деді де бетін сол басқан бойы солқылдап ала жөнелді. Намыстан мүлде азықсырап, мағынасыз жай күлкімен ғана шығып кеткім келді.
- Ахұн демей-ақ қой Құдайды, ахұн десең сарт болып кетеді! –деген құрғақ қалжыңмен орнымнан түрегелгенімде, қайта сықылықтап жалт қарады. Соншалық солқылдағанда әдемі көзінен бір тамшы жас шығара алмапты. – Жаның шықсын! –деп орындық арқалығындағы бешпетімді кие бастадым.
- Отырыңызшы, бүгін оңаша қалыппыз, айтатыным бар!... Осы сөздің бастабында менен не сұрап едіңіз?
- Расыңды! –дей салып, орныма қайта отырдым.
- Жас кезде... адам қателеседі екен, Биға... тәуірлеу көрінген жігіттер жалынған соң... соңынан ере беріппін! Бірақ, сіз айтқандағыдай көп емес. Бір-екеуіне ғана ілескенім рас. Жай ғана жүрсем де сіздің көңіліңізді қалтыратын қателік екенін кейін түсіндім. Мұнан соң ондай қателік өткізсем, аяма, өткен істі кешірші!
Алдыңғы екі сөйлемді растығымен айтып қалса да, қайта жалт беріп, дағдылы танымпаздығына баса жыпылықтатты сөйтіп.
- Ал, Мақпалды не деп шағыстырдың? –деп сұрадым. Нақтылы білмегім осы мәселе еді. Бұл жолы өз шамасына лайықты логикамен шықты жауабы:
- Сені Мақпалдан қызғандым дедім ғой, басқаға кетсең де оған жібергім келмеді! Менімен әбден... бірге жүріп, оны менен артық көріп кеттің ғой!... Соған ыза болып, ахуалды әкесіне жазып жібергенім рас! Сен үшін ол бишараның обалына қалыппын. Артынан естіп жаным ашыды. Бірақ өтер қателік өтіп кетті, қайтемін, кешір мені, бір сен деп қана!...
- Сенің маған істеген опасыздығыңды, менен кейінгі азғындықтарыңды біле жүріп-ақ, ешқандай өш алу, жұртқа жайып масқаралау ниетінде болмаппын ғой! –деп қатты күрсіндім.
- Ие, сол жақсылығың да мені өзіңе...
Сыртқы есіктен Ербол кірді. Әлия сөзін тоқтата қойды да, сыпайы сызылып, күле шықты. Ерболдың әйгілі тұмсығы бүгіле түсті маған қараған шақта. Есік жаба кіріп, отыра күбірледі.
- Мына сиқырды саған не үшін сыбай қондырып отырғанын түсінемісің?
- Түсіндім.
- Жарассаң шіртушің, жараспасаң түртушің! Әйел емес пе, ендігі мықты жауың осы!
- Дұрыс, екі жақтан бірдей аулау үшін қосып отыр екен. Орта шеннен өте тұратын жол жасайын деп, жуастау рай көрсетіп отырмын!
- Бәсе! –деп қарқылдай күлді де, келген жұмысын баяндай жөнелді. Ашылғалы тұрған конференция жайын баяндап, одақ комитетінің аудандағы жастар мен зиялылар өкілі етіп мені сайлауға келіскендіктерін айтты.
- Бірақ, бұған партком кіріспейтін сияқты ғой, -дедім мен. - Әлгі сайқалымнан естідім. Барлық тізгінді тағы да Досанға берді деп Сәрсен қуанып жүр дейді!
- Тізгінін сулыққа жалғасқан жерінен ғана қиып жіберіп, қосамыз сені! –деп күлді Ербол. – Қуанатындары қуана тұрсын, сол қуантатынның мұртын ғана халыққа жұлып әперетініңе сенеміз. Істей аласың ғой соны?!
- Мұртын ғана емес, халық керек етсе мұрнын қоса жұлып әперемін!
- Біз де сол күшіңе сендік. Ал енді сен біздің сайлау жиынымызға қатынаспай-ақ қой, омырауыңа қызыл лента тағып қолтықтағанымызда бірақ түрегелетін бол, зорлап сайлаймыз, дайындала бер! Саған қосымша материал беретіндер әлден-ақ шыға бастады. Жұртшылықтың құлағы түрулі екен!
Ербол осыны айта сала жөнелді. Соның ертеңінен бастап аудандық мектептерді, қала райондарының бөлімше одақ ұйымдарынан хабарландырушы келе берді. Конференция өкілдігіне бәрі де мені сайлағандықтарын айтысты. Белгілеме бойынша керегі, сайлау жасына толған әр үш жүз адамнан бір өкіл екен. Сайлау орындарының көбі оған әкім мекемесінің белгілеп берген кандидаттарын алып тастапты. Кейбір мекемелері мен халық жағынан жиынға қойылатын талап, арыз, шағымдар да документтерімен маған келіп жатты. Мұның ішінде байда ақысы кеткен еңбекшілер де, байдан алынған паралар да бар, ти деген жеріне тимей қойғандықтан қызметтен қуылған қыздар да, қызметінен сондай себеппен төмендетілген жас келіншектер де бар. Бұлардың Мақпал сияқты оқудан қуылғандарының тізімі өзімде түгел еді. Материалдарым аса айқын деректі дәлелдермен байи түскеніне қуанып қабылдай бердім.
Бөлмеме кіргендердің сөзін түгел естуге тырысып Әлия жыллтыңдады. Мақпалдың қазақ қыздар мектебіндегі бас мұғалімі маған келіп сөйлескенде тіпті көп жылтыңдады. Күндесінің атын естіп қалған сияқты. Әйелдер ұйымы жағынан сайланған өкілдің бірі осы ұстаз екен. Мақпал туралы мәселені өз сөзіне қосатындығын айтты ол. Кейінгі ахуалы мен қазір қайда тұратындығын менен сұрап жазып алды.
Шәкербай мен Сәрсеннің сайлам орындарына шапқылап жүргенін де естідім. Олар сияқты жүйрік болмағанымен, Арысбектің құла жорғасы да қалыса қоймапты. Бірінің сөзін оқу-ағартуға «уәзір» деп, бірінің сөзін тілмәш көзір деп тыңдаса, бірін қарт ұстаз деп сыйлайтындар аз емес сияқты. Олар беделі бар сайлаушыларға әкімнің сәлемі ретінде де, дәмдес болған сайлаушыларға өз талаптары ретінде де «мінездес дұрыс» өз адамдарын сайлатуға шапқылайды екен. Ал, менің сайлануыма қарсы пікір айтамын деп өздері қарсылыққа ұшырап шыққан жерлері көбірек естілді. Ондай қарсылыққа ұшырағанда әкім кабинетіне тоқ соққандай ыршып жетіп шағынып, қайта жүгіреді екен.
Жиынның дайындық қызметі үшін Ербол келіп, әкім кабинетінің ауыз бөлмесіне стол құрып еді. Ашық терезелерден соның күлкісі көп естілді маған. Әкім алдында сол жүйріктерінің пәленді сайлап қойды, түгенді сайлап қойды деген шағымдарын естіген сайын күліпті де, әкім қынжылған сайын сақылдапты. «Бұл, мәнсапқа сайлау емес қой, жұртшылық кімді сайласа да өз пікірімізді жеткізеді деп сенген азаматтарын сайлайтын шығар. Онда не тұр!» деген жұбату сөзін де естідім.
Әлия бұл күні менімен сөйлесе алмаса да ешқайда шықпады. Бастықтардан да, менен де тапсырылған жұмыс жоқ еді. Мына дүрбелеңді – дулы күні желөкпе жаны қалай шыдап кезбей отырғанынан секем алдым. Маған келіп сөйлескен адамдардың кейбірінің атын шығып кетісімен менен елеусіз ғана сұрап қоюынан тіпті байқалды, столының арғы шетіндегі бір тарақ қағазға тізімдеп отырған сияқты. Анықтағым келіп, «Әлияш, мұнда келіп қайтшы!» деген өтінішпен шақыра қойдым. Келіп қана қайтуға лып етіп жетіп келгенде сол қағазы орнында қала берді. Орындық нұсқадым да, бір мектептің тізіміндегі белгі қойылған бірнеше оқушыны айырым тізуді тапсырып, қалам-қағаз ұстаттым. Арлы-берлі жүрген болып барып қарасам, сол күдікті қағазға таңертеңнен бері мені іздеп келгендер түгел тізіліпті. Әрқайсысының тұсына естіп қалған сөздерін де жазған көрінеді. «Биғабілдің бүгінгі оңаша сөйлескен кісілері» деген тақырып қойып, алдымен Ерболдан бастаған екен. Үнсіз күрсініп қайта келіп отырдым да, «салақ тыңшыға» белгі қойылған оқушылардан бірнешеуін өзім айтып, тізімдетіп қайтардым.
Менің тұнжыр қабағыма үнсіз қарап қойып отыр еді. Істен түсердің алдында Шәкербай терлей қайтып келіп бөлмесіне кіргенде сұлуым әлгі табысын бүктеп, күлімдей түрегелді де, соңынан кірді. Бақылаушының тапсырып бергені де, Шәкербайдың оны қайтетіні де бастығымның әкім кабинетіне қарай жөнелгенінен түсінікті болды.
Жазықсыз Мақпалға мені қимағандығы үшін ғана қас қылған бикеш, әлі де қимайтындығын, сол жүрегі үшін менің үстімнен үкіметке арыз айтуға қиналатындығын білдірген бикеш, сонысын айтып, жалынышпен кешірім сұрай сала, сол жалындырған «сүйіктісінің» үстінен жасырын көрсетінді жазып жіберіп, тағы да жалтақтап қарай түсіп отырды. «Пышақ сайлай жүріп, құшақ жаятын, өз жүрегін аймалай жүріп найзалайтын, қандай таптың махаббаты бұл?» деп ойландым мен. – «Махаббат адамзаттың жоғары қасиеті, ал, таптар – адамзаттың экономикалық – тұрмыстық тәсіл жағынан бөлінісі. Демек әрқандай тап – адамзаттың құрамдас бөлігі. Ал, мына «қарғам» соның қай түріне жатпақ? Адам емес деуге бола ма, немесе адам делінссе де, ең опасыз азғын таптың, ақылдан ең мүсәпір өкіліне жата ма? Әй, соңғысынан-ақ орын алар-ау!» осы ақымақты маған бақылаушы тәйни етіп қосып отырған қос сұм неткен жауыз еді! Мұнысын мені құлдырату үшін ғана құрбандыққа шалуын қарашы!... Құрбандыққа шалу емей немене, «қызының» қылығына қарай мен де жалған махаббат жолына түссем, алдымен осы масқараланбай ма! Жалған махаббаттың арам жемісін қалай арқалап жүре алмақ, масқара өлімге де тап болуы мүмкін ғой!... Жоқ, бұл мен жүрерлік жол емес! Ақымақ болса да адам делінеді ғой, тәрбиелеп байқайын. Дәл осы нәпсіқұмар, тұрлаусыз кезбеге ең қажетті тәрбие - нәпсі тәрбиесі. Жатқызып алып тұрып, «сенің ақыл-санаң осында ма еді!» деп тарпып-тарпып жіберіп, бетіне түкіріп кету. Маған істеп жүрген қастықтары үшін де осылай тәрбиелегенім рауа ғой!... Бірақ, мұның мағынасы алдап алып, қорлау болмай ма. Бұл да мен басарлық жол емес! Ақымақтың өз жолымен өзін баптасам, менің одан парқым не болмақ! Қой, берілмейтін де алмайтын адал ғана жай жүріспен тәрбиелеп көрейін. Ерболға айтқаным да «ортадан жол жасау» еді ғой. Емексітіп қана ертіп әкете алсам, маған тәини етіп қосқан сұмның өзіне тәйни етіп қоса алмаспын ба. Жаман итті өз иесін үргізу қиын ба!... Және осы сұмдар жағынан маған осындай оңай тәйни қосыла бермес. Бұл ақымағымен ат кекілін кесіспей тұра тұрайын! – Осы ұйғарымға келдім де күліп жібердім. Бағана түскі демалысқа менімен бірге шығып, бір сыпыра жерге дейін бірге барған «сүйікті» тыңшым, енді кеште де бірге қайтпақ екені қарағыштай беруінен сезілді.
- Ей, жолдас, сен үйге бұрынырақ барып, тамақ дайындай берсең болмай ма? –деп қалып едім. Сақылдай күлді бұл сөзіме.
- Алдымен солай болып алайықта! –деп ұятсынғансый тұқырды.
- Солай болсам дейтін таза үміттің қалыңдығы не істеу керек? –дедім де бешпетімді кидім. Ойланып қалды. Қайтуға есіктен шығып едім, ере шықты, қатарласа аяңдадық.
- Не деп сұрадың жаңа? – деп қақпадан шыға бере қайта сұрады. Қайта айттым:
- Жақтырған жігітімен қосылсам дейтін таза үміттің қалыңдығы не істеу керек?
- Жігітімен бірге тұрып, бірге жүретін шығар! –деп күлді.
- Одан басқа тағы не істейді?
- Не істеуші еді! –деп сақылдай күліп алып жалғастырды сөзін,- одан басқа... не істе десе, соны істейді дағы!
- Теріс іске, бұзық іске бұйырса да істей бере ме?
- Сөйтіп, қосылған жолдас болған соң айтқанының бәрін істей бермей ме!
- Жоқ, бұл феодализм езгісінде қалыптасқан әйелдердің салты, күңдік салт! –деп кідірдім. «Өзің де сол салтпен уланып, жұртта қалған сорлы мидың тоғышарысың ғой!» дегенді қосқым келмей, ойланып қалдым. «Сормаңдайды соққылай беріп қайтпекпін!».
- Шынында, менің білетінім сол ғана, – деп құйқылжи сықылықтады Әлия. – жолдасының айтқаны теріс болса да орындауы керек қой, мен өз сүйгенім теріс іске бұйырады деп мүлде сенбеймін!
- Сүйгенің мен шығармын, бұл сөзің бойынша... мені осылай, теріс іске бұйырмайды деп сенесің ғой?
- Ие, соншалық сенемін!
- Олай болса, шын сүйеді екенсің дейін, ал, сол сүйгеніңді союға пышақ таба алмай жүрген бастықтарға материал жазып берген себебің не? Бірге тұрып, бірге жүргің келетін адамыңды жоғалтып, жалғыз қалғың келгені емес пе!... Осылай екі басты, екі тілді болуыңның себебі не, осыны айтшы!
Шықынып қалып, қызарақтай қарады Әлия маған.
- Кім айтты материал жазып берді деп?.. Құдай ақын...
- Құдай «ақын» деме, істеген істеріңе мен де ақын, бар сырыңды білемін. Бүгін менімен келіп сөйлескен сегіз адамды тізімдеп бердің!... Бастықтан бүгінгі алған тапсырмаңның бірі осы болатын. Маған сені бақылаушы етіп әкелгенінен бергі ісіңді түгел білемін!... Бірақ, осы әкеліп қосуы, екеуіміздің өзара түсінісуіміз үшін табылмайтын жақсы орай. Сенің маған «теріс іске бұйырмайды» дейтін сенімің бар екен. Менің солай екенім ып-рас. Ал сондай жүрегіңнің барлығына, адалдықпен сүйетіндігіңе мені сендіруің керек! Солай емеспе?
Әлия бір қолымен шекесін баса ойланды. Сол жеріне осы сөздерімнен жүгірген бірдеме бар сияқты.
- Өмірбектің үйіне барайық па!
- Жоқ, алдымен бір келісімге келіп алайық!
- Қандай келісім?... Айтшы!
- Досан мен Шәкербай саған мені бақылап, қия басқанымды өздеріне жеткізіп тұруды тапсырды. Тапсырмасын орындай бер, ол туралы саған өкпелемеймін! –деп «қызық екен» дегізгендей сақылдатып бір күлдіріп алдым да, өз тапсырмамды айттым, - ал, мені сүйетінің рас болса, олардың берген тапсырмасын маған айтып тұрасың!
- Одан қорқамын, қызметтен қуып жібереді ғой!
- Сенің айтқаныңды мен оларға титтей де сездірмеймін! Сырға берік екенім өзіңе белгілі ғой!
- Олай болса мақұл!... Бірақ, сенің не істегеніңді олардан жасыра алмаймын! Басқа да байқап жүретін адамы бар сияқты!...
- Менің ісімді жасырушы болма, ал, сенің маған жеткізгеніңді мен жасырамын! Оған сене бер!... бірақ, маған өтірік айтсаң, мен де біліп қоямын! Мәселен делік, сені біздің бөлімге қызметке әкелгенде бастықтарың мен туралы не айтты, алдымен өзің сөйлеші!
- Сені маған мақтады! –деп сықылықтады Әлия. Ымырт түсе бастаған екен, солай деп қолтығымнан ұстай омыраулағанда байқадым, адамы сирек шет көшеге шығып кетіппіз. – Шәкербай аға мақтады. Екеуіміздің бұрынғы... жақындығымызды білетін сияқты, -деп күрсініп алып, күле жалғастырды сөзін. – «Сен оны иліктіре аласың» дейді –деп тағы күлді, «Биғабілдің ең бір болмайтын жері әкіммен шығыса алмайды, өштесіп алған» дейді. – «Ол өзіне жаман болады, сол өштіктен сақтандыр» дейді... Расында менің әкем осы әкімнің айтқанынан шықпайды. Осы кісіге жылы қарап, жақындасу жағын ойласаңшы, мені былай қойғанда өзіңнің өсуіңе жақсы ғой!
- Шәкербай Биғабілға осыны сіңір деп тапсырды ма өзіңе?
- Ие, ол да айтты... мен өзім де осылай болуыңды қалаймын!
- Бұдан басқа не айтты?
- Сонан соң әлгі өзің айтқандай, кіммен сөйлескеніңді... не істейтіндігіңді күндегісін күнде жеткізіп тұр деді. Оны кешіремін дедің ғой. Сонда да мұнан соң өзің айт дегеніңді ғана жеткізіп тұрайын!... Жалғыз-ақ менің сыртымнан байқайтын әлгі... Далдағұл сияқтыларға сездірмейік!
- Әкімнің өзі не тапсырды саған?
- Әкім, осындағы хатшылыққа ауысарымда ғана сөйлеген. «Сен менің қызымсың, осында адалдықпен қызмет істейді деп сеніп ауыстырып келтірдім. Бастығың Шәкербай ғой, соған ғана бағыныштысың, айтқанын екі етпей орындап тұр!» деген. Содан бері сөйлеспедім.
- Ал, Шәкербайдың ертең не тапсырғанын маған өз уақытында айтасың ғой?
- Айтайын!... Неге тоқтадың, қазір қайтпақсың ба?... Ерте ғой әлі!
- Қайтамын. Маған деген жүрегіңнің адалдығына сендіріп болғаныңша осылай ғана жүріп тұрмақпын!
- Мен сенің ықтиярыңдамын ғой... өзім туралы... алғашқы кезде де... сені шектемегенмін ғой! –деп тырнағын шұқылады Әлия. – Жалғыз-ақ қорқатыным әкімдер, оларға қарсы жұмысқа бұйырмассың!... Өзің де қарсы шықпа!
- Олардың саған тапсырғаны әлі бар, ұмытып қалсаң ойланып көр, маған айтып қойғаныңды сездірмеуге өзім кепіл!
- Мақұл!...
Өз көшесіне осы сөзбен шығарып салып қайттым. Күз басының жылы іңірі де, аңқыған бикештің қолтығымдағы ақ білегі де тоңазытқандай салқын салмақпен ауырлай қайтып едім. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегендей Досан мен Шәкербай жауыздықтың езбесі болды екен деп, менің мылжыңға айналғаным ба, өзін-өзі сорлатып жүрген осы сойқанды кезбеде нем бар еді!» деген ой қорландыра берді.
«Осыны қор еткен ту басынан-ақ сыртқы көркі ғой. Сұлулығына қарап, көрінген жігіт сумаңдай берген де, сұлулығына сеніп, өспей қалған басына «маған әрқандай жігіт дайын» деген желді ой бітіріп желдендіріп әкеткен; желікпе-еліккіш сезіммен қателескен сайын, келісті көркі жігіттерден кешірім-келісім әпере берген, сөйтіп дәніктіріп, жан дүниесіне шексіз дәменің арсыз жүрегін қалыптастырған. Мұны менен қайта үміттендірген де сол арсыздық. «Бастай алмаған басы аяқты мазасыздандырады». Мұның өз көркіне ғана сенетін арсыз басы, аяғын ғана емес, тұла бойын жауыр еткен, шын сорлы. Жазалап та, шыныңды айт деп мазалап та, ұялмай осымен бірге көше кезе беретін нем қалып еді!» деген оймен аяғымда тіпті ауырлай бастым.
«Әттең, Мақпалым, қашан көрісер екенбіз! –деп күңіреніп жіберіппін бір шақта. Өзіме түн сөйлегендей сезілді. –«Әлде жасырын қастықтан өліп кетермісің!» -осы күдік оралысымен жан-жүрегімді құйындай үйіріп ала жөнелді. – «Маңайында көріп-біліп жүрген көз-құлақ баршылық қой!» -деп өзіме медеу ойладым сонан соң. –«Қазіргі шақта қол қандаудың қайда апаратынын қаскөйдің өзі де білетін шығар. Және Нұрияшымның өзі де айласыз емес қой, оңайлықпен өле қоймас! «Өзім-ақ барамын» деген серті бойынша, әлде, бүгін-ақ келіп қалды ма екен!» - Осы қиял алдамшылығымен үйге жалтаңдай жетіп кірдім.
Ертеңіне таңертең мекемеге келгенімде Шәкербай мен Әлия көрінбеді. Өз бөлмеме кірсем, шкап құлыбы да, стол тартпасының құлыбы да ашылып қалыпты. Қайтадан жабылмайтындай болып бұзылған. Ішіндегі мектеп делолары мен кітап-дәптерлер, әдеттегі қойылған тәртібінен мүлде басқаша, түгел ақтарылғандай. Ауыр тінтуге ұшырағанымды түсіндім де, іргелес бөлмедегі кассирге бардым. Асыға сұрауым бойынша кассир құлбының амандығын таңырқай айтты. Кассирді де бастық бөлмесінде газет оқып жатқан орынбасар бастық Лиді де шақырып әкеліп, бөлмемдегі суық қолдардың ізін көрсетіп едім! Ауыздарын аша таңырқасты. «Инспектор бейшаралардың бөлмесінде ұры қызығатын ақша тұрмайтындығы белгілі ғой!» -дей салып, қолымдағы сумкамнан кеше жиылған материал-құжаттар мен кешегі өзім жазған тезисті шығардым. Бұл ұрының қызыққаны мына қағаздар. Осы үшін ғана құлып бұзған, осы үшін ғана бұрынғы тәртінібіне менің қолыммен бір аптада әрең келетін 40 шақты мектептің ісін шашқан! Сіздерге осыны көрсетіп қою үшін шақырдым!» дей салып артыма қарасам, Шәкербай мен Әлия келіп қарап тұр екен. Бастығым едірейіңкі, сұлуым қызарыңқы көрінді.
Шәкербай ұмтыла жөнелді өз бөлмесіне, бара сала зарлады.
- Ойбай-ау, менің құлыбымды тіпті шығыршығымен жұлып алып тастапты ғой!... Бә-ле... қараңдаршы жігіттер! Ең керекті қағаздарымның бірнешеуін өртеп те жіберіпті, қайда деп іздесем, күлі жерде жатыр, міне!:.. Мұншалық не іздеген!... Түгел ақтарыпты түбің түскір!...
- Қолың кесілгір деп қарғасаңшы тым болмаса, -деп күлдім мен бара жатып. – Оның түсетін түбі жоқ, жылым-зымиян неме ол. Біріміздікін бұзғанда, сезіліп қалмау үшін өзінікін қоса бұзған, түбі жоқ залым екендігі сол емес пе!
- Жә, ол кейін шығар енді бір жерден! –дей сала шырайын бастықтыққа келтіріп, ресмилесе қалды Шәкербай. – Ал, Биғаш, екеуімізге тағы бір қарбалас жұмыс кезіге қалды. Мен 5-ші районға шығатын болдым. 9-шы район мектебінен кеше түстен кейін тағы бір қатынас келген... (бүгінгі ұры соны да қосып өртепті) Ол мектепте бір үлкен шиленіс туылды. Оны шешуге сені тағайындадық. Соны дереу барып жайластырмасаң оқу тоқтап, іс насырға шабатын түрі бар. Атқорадан жақсы аттың бірін таңдап мін де, тез жөнел!
Бұл жұмсауынан жиынның маң-қарасын көрсетпей, сонау Майлыға қуалауға келіскендіктері түсінікті болды... Бармаудың сылтауын мен де таба қойдым:
- Кәзен инспектор қазір Толыда, сол мектептің дәл қасында. Соған телефон бере қойыңыз!
- Ойбай, шырағым-ау, сенің жөнің басқа емес пе, әкім сенің тиянақтандыра алатындығыңа сеніп тапсырып отыр!
- Олай болса, осындағы бір тартысты бітіріп алайын, тоса тұрыңыз! –дей сала шығып кеттім. Әкімнің ауыз бөлмесінен көрініп отыратын Ерболды қақпа сыртына ымдап шақыра кеттім. Досанның мына жиынға мені жолатпау мақсатымен тапқан жұмысын ести сала түсінген Ербол парткомға жөнелді.
- Мұнда істейтін жұмысың одан әлде қайда қажетті. Майлыға кетіп қалма! –дей жөнелді.
9-шы райондағы «мәселені тез шешу» керектігін Шәкербай, бөлмеме келіп отыра қалып өсиеттеді енді. Екеуіміздің де езуімізден көбік бұрқырап, «рахаттана» түсіндірісіп отырғанымызда, телефонға шақырылды бастығым. «Сізді парткомнан телефонға шақырады» деп терезеден хабаршы келіп тұра қалды. «Партком» дегенде-ақ ырши жөнеліп, әкім кабинетіне ширақ кіріп еді. Бастығымның шыққандағы солғындығы тым күлкілі көрінді көзіме. Осы жиын біткенше мені жұмсай қоймайтындығын сонысынан-ақ түсіндім. Бөлімге қайта келмей, қақпаға қарап ілбіді. Қақпадан шығып, қарасы өшісімен лып етіп жетіп келген Әлия қарсымдағы орындыққа етегін тағы да желпи қонып жымиды.
- Не болды? Не айттты бүгін? –деп сұрадым.
- Мекемеге келе жатсам, Шәкербай аға жолымнан күтіп тұр екен, -дей сала кідіріп, ойланып қалды да күрсініп жіберіп жалтара жыпылықтатты сөзін. Пәлендей бірдеме тапсырғаны жоқ... кешегі тапсырмасы ғана... жүрісімізді Шәкербай аға біліп қойыпты!
- Келісіп алды деп түсініп пе?
- Солай түсінбегенде, -деп құйқылжи сықылықтап алып томсарды Әлия. – мына жұмсаған қызметіне тып-тыныш қана барып келсең... жақсы болар еді!... Бармасаң... осы әуремен жүріп... ауырып қаларсың ба екен!... Маған бұлай қарамашы, бармасаң өз еркіңде ғой! Егер барғың келмесе.. бүгін-ертең кештерден сақтан! Ешқайда шықпай үйде бол!... Мен жаңа қызметімді жуатын болдым. Жастардан бірнешеуіне өзіңді қосып, қонаққа шақырамын. Бірақ келмей-ақ қой! – Осы сөздерін үзіп-үзіп жыпылықтатып болды да, лып етіп барып өз орнына отыра қалды. «Олар қастық істемек пе, соны ғана айтшы!» -деп артынан барып екі рет сұрағанымда да ұқсас жауап қайтарумен тындырды:
- Бұлар сені өзіңе қатерлі бір қиын сөзге шықпақ дейді, содан сақтандыру үшін ғана ғой деймін.. .Бірақ білмеймін, білсем қазір-ақ... кейін бір шақта айтамын ғой! –деп соңғы сөзімен құйқылжи қарады. Мен орныма барып орнығып, сөйлейтін сөзге дайындала бердім.
Жиынның даярлық комиссия мүшелері түске жақын қамсы қаламмен жазылған бір жарым метрдей ұзын тізімдікті әкім кабинетінің қабырғасына әкеліп жапсырды. Аудан дәрежелі орындардан сайланған өкілдер тізімі екен. Жүгіріп шыққан Әлия менің атымды дәл ортан белінен көргенін, күле келіп айтып еді. Тізімге іле-шала әкім шығып қарады да, бөлмесіне қайта кіре зекігендей болды. Тізім дереу жиылып-бүктеліп қатшылар бөліміне қайта кірді. Ербол тағы да жүгірді парткомға. Әкім қалай туласа да осы сөзім желкесіне қонбай қоймайтындығына сеніп, даярлығымды жүргезе бердім.
Түстен кейін әкім парткомға кеткенде сайлаушыларымның мықты бір тобы жиылып, бас қатшы бөлімінде айқайласып шығып еді. Кешке жақын сол тізімдік сол қабырғаға қайта жапсырылды. Менің атым бір өшіріліп, алдыңғыдан ірірек жазумен қайта жазылыпты. Соны тағы барып көрген Әлия төрдегі хатшы бөлімінен бастап, екі-үш бөлімге кіріп шықты. Қонақ шақырып жүргенін өзіме келгенде түсіндім, күлімсірей келіп, алдыма шақыру қағазын тастай салды да: «мына бағақты әркім көретін жерге жая салшы, өзің барма, өнітемін!» деп күбірлей кетті. Өзі қонаққа шақырып, өзі бармауымды өтінуі күлкілі де, таңдандыратын да жұмбақ еді. Кейін айтамын дегенін ескеріп қоя салдым.
Ол лыпылдап қақпадан шыға жөнелгенде, әкім қарсы шыға келді. Әлияға бір қарап қойып қана үнсіз-ымсыз өткенін байқадым. Соңынан Шәкербай еріп келеді екен. Маған суық қарай кірді бөлімге. «Япырай, мына баланың қарбалас уақытта қонаққа шақырып жүргені ай!.. Сені де шақырды ма, Биғаш?» деп шалқасынан жатқан бағаққа қарай жалғастырды сөзін. – Е, бәсе, барыңдар, барыңдар, жассыңдар ғой, жолдарың болсын!»
Бастығым маған қарап сөйлеп тұрғанда, екінші рет жапсырған өкілдер тізімін үлкен бастық тағы да сыпыртып алып болыпты. Бірақ үшінші рет тағы сайланудан үміттене қайттым үйге. Аудандық үкімет қақпасынан гүрілдей кірген жүк аптамобилінің кабинкасынан аймақтық Телбай атты бір мықтысын көре қайттым. Ертең таңертең бірақ келмей кештете жетуіне қарағанда аймақтық үкімет осындай таластарды естіп, бұрынырақ жөнелткендей. Жаңа құрылған аупартком батыл кірісе алмай, аймаққа хабарлаған сияқты.
Таңертең қайтып келгенімде менің атым екі рет өшіріліп, үшінші рет жазылған өкілдер тізімі қайта жапсырылып жатыр екен. Бір рет қана өшіріліп қайта жазылған төрт өкілдің атына үңіле қарап қайттым. Бірі Мақпалдың ұстазы. Жиын түстен кейін ашылатын болыпты. Бөлімге қайтып кіргенімде түн бойы қонақ күтіп кіртиген Әлия да жетті. «Бүгін өкпелеймін» деген күбірін түсіне алмай қалып едім, Шәкербай келгенде қабағын қарсы жауып ала қойды. «Биғабіл екеуіңізге қатты өкпеледім» деп бұртиғанда «бәсе, Биғаш бармай қалып па еді» деп қалып, қарбаластықтан өзінің бара алмай қалғанына Шәкербай кешірім сұраған болды. Мен үнсіз қалдым.
Өкілдік қызыл лента түске жақындағанда келіп қадалды омырауыма. Түскі демалысқа жалғыз қайтып бара жатқанымда Әлияның Далдағұл деп атап әшкерелеп қойған аңдушысы алдымнан тоса қалып, өз үйіне «кешкі отырысқа» шақырды. Екі үшті жауап қайтарып едім, түстен кейін жиынның ашылу мірасімі ғана болатындығын айтып, «сөзсіз баруымды» қадағалап қолқалай өтініп қалды. Әлияның сақтандырғанын сездірмеу үшін «мақұлын» айта салдым да, ақылын кештегі жұмысыммен таптым, оған да бармай қалдым...
Менің сақынаға шығу кезегім үшінші күні түстен кейін әрең жетті. Мақпалдың барлық зарын екінші күні сөйлеген ұстазы келістіріп төккен. Өкілдерді күрсіндіріп, өзімен бірге жылатып та түскен болатын. Жиын басқарып отырған Досан түксиіп, мұртын салбыратып жібергенде оған бір қарап қойған аупартком секретары сөйлеушіден Мақпалдың атын да қазіргі қамаушының адресін де қайта сұрап, анықтап жазып алған. Менің ол жөнінен сөйлемек сөзім недәуір ықшамдалды.
Өкіл сайлаудағы тартыстарда шулы бола қалған атым аталысымен менен көз алмай қарады секретар, басқа сөйлеушілерден ерекше қарсы алынып, қолшапалақтың жер сілкіндіргендей шатырлауына қарап, ол да шұлғи шартылдатты. Өкілдердің сахнаға кім шықса да шәшу шашқандай жомарттық ететін осы арзан қолшапалағын сындаумен бастадым сөзімді:
- Өкіл жолдастар, сіздердің әрқайсыныңызды кем дегенде үш жүз азамат сайлаған. Сол үшін жүз азаматтың талап-тілегін партия мен үкіметке толық жеткізу міндетімен келдіңіздер ғой. Демек осындағы әр-бір қол үшін жүз азаматтың қолы, өздеріңіздің ғана қолдарыңыз емес. Байқамай соғып арзандатпаңыздар оны! Әр-бір қолшапалақтарыңыз сол сайлаушыларыңыздың мүддесін назарға ала отырып соғылуға тиісті. Ал, мені мұншалық қарсы алудың керекті-керексіздігін білгенді былай қойып, не сөйлейтінімді білесіздер ме? – дегенімде зал толы адам жым-жырт бола қалды. Сахнадағы басқалардың демі де шықпай қалғандай, жалғыз шыбынның ызылы ғана естілді. – мұным сөгіс емес, -дедім сонан соң, -осы жиындағы әрқандай сөзді сайлаушыларыңыздың талғамы бойынша ғана қабылдауларыңызды өтінгенім. Мен өткен үш жылдың ішінде Досан әкім жағынан қызметтен үш рет қуаланған «бұзық» қызметкермін. Осы жиын өкілдігіне сайлаушыларым үш рет қайталап сайлағанда әкімнің мойынын әрең иіп, зорлық күшпен сайланған «зорекер» өкілмін. Алдыңғы екі рет сайланғанымда тізімнен екі рет өшіріліп, үшінші рет сайланғанда ғана сайлаушыларыма Құдай көмектескендей болды. Нанбасаңыздар сиқымды ауыз залдағы өкілдер тізімдігінен көріңіздер!
Мен сол бойбермес «тоңмойын» сайлаушыларымның жеткіз деп тапсырған мәселелерін ғана сөйлемекпін. Сөзімді қатты талғап тыңдаңыздар!...
Алдымен Телбайды күлдіріп, зал толы өкілді түгел қарқылдатқан осы кіріспеммен бастап сөйлеп, бір жарым сағат сақылдаппын. Дұспанға уыты толған у сойқыдай тисе, досқа толассыз сорғалаған балдай тиді білем, әр тыныстағанымда бір дуыл көтерілді де тұрды. Сөзім бітісімен шу көтерілді.
- Ей қарақтарым, -деп бір сары шал сол шуылдан асыра айқайлап ыршып тұрды. - Менің аузым ораза ғой, өтірік айта алмаймын, мынау ақсұры жігітті көріп отырғаным осы, бұрын сөйлескенді қойып, танымаймын да. Бірақ жаңсақ айтылған бір де сөзі жоқ. Бәрі рас, бәрі болған іс!
Қырықошақ қыстағынан келген дәудей орыс Досанға жұдырығын түйе гүжілдеді де, күреден келген мұңғыл да, Қайрақаннан келген қырғыз да, ойдағы ұйғыр мен ой мен қырдан құрылған қазаққа қосыла көтеріліп алқады мені. Орныма жете лық етіп отыра қалғанымда, ішімнен мұжып жүрген кектің жебір құрттары сау етіп төгіліп түскендей жаным жай таба қалды...
Жиын аяқтасымен Досан аймаққа шақырылып кетті де, орнына әкім болып Телбай қалды. Досан менен дәметіп жүрген «ойынбұзар» айыпты өзі тартқанын білген сайын жайландым.

Көреген тергеушім, «қадалған жерінен қан алмай қоймайтын, бұрынырақ соқпасаң өз теріңді сыпырып, құйрығыңды қарға шаншатын «көкжал» осы қылмысымен қипықтатып, тісіңізді қышытқан-ақ шығар!


VI


«Америка жиянгерлігіне қарсы тұрып, Чаушанға көмектеселік!» дейтін ұран шу көтерді бір күні. Бірер айдан бері күздің сары жаңбырындай себезгілетіп келе жатып, тосыннан нөсерлете жөнелгендей, барлық газет беті айқай белгісіне толды да кетті. Ертеңіне газеттерден асып, қызылды-жасылды қағаздармен көшеге лап қойды. Аупартком секретары Лиіңдәйшыңның дауысымен клуб залын солқылдатты. Секретардың төңкерістік ішкі соғыстан әрең қалған сыңар көзі сыртқа теуіп, сыртқы шапқыншылық соғысты сөйлегенде жарқырап шыға келді. Келгеннен бері басын төмен салып, тым момақан көрініп жүрген құба жүзінен от жайнап, жауынгерлік бейнесін аша сақылдады. Қас жауынгер жайшылықта емес, еліне жаугершілік төнгенде жайнайды ғой. Секретар жүзінен сол көрінді.
«Чаушанға төнген шапқыншылық шын мәнінде Жұңхуа халық республикасына төнген шапқыншылық» -деді секретар.
Қытай құрлығынан гоминдаң мен қоса қуылған америка құрама штатының жиянгерлік тобы Азиядағы ұланғайыр зор несібесінен айрылғанда ұли жөнелген болатын. Ұли-ұли жершарының барлық бөрісін жиып келіп, ашулы тістерін коммунистік Жұңгоның дәл бүйірінен - өз ықпалындағы оңтүстік Чаушаннан (Кореадан) сақылдатып жатқанын естіп жүргенбіз. Енді міне, лап қойып, қанды қырғынға кірісіпті де, азат Солтүстік Чаушанның астанасына дейін ойрандапты. Бір айда Чаушанды түгелдеп жұтып болып, қанды аузын Жұңгоның өкпе-жүрегінен келіп салмақ!»
Ұлттық төңкеріс кезіндегі дәстүріміз бойынша жалпы аттанысқа келе қалдық. Жастар соғыс майданына баруға тізімделіп, кәрілер капиталдық көмегін тізімдетті. Мұндайда жарысқа түсе кететін байлар сайгүліктерін үкілеп нөмірлетіп жатқанда, Башпайдың өгіздері мен дөнен-бесті қойлары қорғаушы қыран аэропланға айнала кетіп, Чаушанға жүйтки жөнелді.
Мен өзімді жауынгерлікке алдыңғы қатарда тізімдетіп едім. Секретар алдымен өшіртті. Қыр райондарына үгітке шығармақ екен.
Күздің мұндай бұлыңғыр суық шағында көшпенді халыққа шығатын үгітке бұрынғыдай жеңіл-желпі екі-үштеген, төрт-бестеген ғана емес, алпыс адам ұйыдастырды секретар. Көбі әнші-биші қыз-келіншек. Бұл атретті «Чуан-шуән туан»1 деп атап, туанжаңдыққа2 аупарткомның үгіт бөлім бастығы Жаң фамилиалы жігіт тағайындалды. Жаң туанжаңға бақандай алты орынбасар футуанжаң керек екен. Алты футуанжаңның бесеуін секретардың өзі көрсетті: бірінші футуанжаң деп алдымен Сәрсен саясатты, екіншіге ақсайтан Мұқанды, үшінші мен төртіншіге және солар сияқты жиі көрініп жүрген Ербол мен Далдақұлдың атын атады. Бесіншіге келгенде тізіміне қарап «Хайсан» деп дауыстады секретар.
Бір жағымда отырған Өмірбек мырс-мырс күлді.
- Үндемей жүріп Қайсен де жылпос екен-ау, партияға өтуге бұл да арыз жаза қойыпты ғой!
- Бұл жылпостығымен емес, жуастығымен – мұрнының суын да жия алмайтындығымен сайланса керек! –деді Қиялзат.
- Жуастығын секретар қайдан көре қойды дейсің?
- Онысы мұрнынан қылтаңдай – жылтыңдап тұрса да көрмей ме!...
Бұл қалжыңдарына Өмірбек пен Қиялзат қарқылап күліскенде алтыншы орынбасар болып менің атым аталды. Секретардың аузынан Телбай әкімнің күбірлеуімен аталғанымды байқадым. Сәрсен мен Мұқан жатталған коммунистің уызынан қып-қызыл менің атым әрең шыққанына намыстанғандаймын: «осындайлармен бірге жәннатқа кірудің өзі де жақсылық болып жарытпас!»
- Партияға кіруге сен әлі арыз жазбапсың ғой? –деп күбірледі Өмірбек.
- Мүше қабылдау ісі әлі басталмады ғой.
- Бәле, пәлен күні бастаймыз деп құлақтандыру шығарады ғой деп жүрмісің! Өзің талап етпесең, сені зорлап тартпақ па!... Телбайлар әлдеқашан өтіпті. Мына Сәрсен мен Мұқан қулар арыздарын алдымен жүгірткен. Қазір сынақ астында. Осы сайлануына қарағанда партияға қабылдану алдында сияқты. Мен жазғалы да үш-ақ күн болды. Тегінде бойымызға сеніп жүріп, жылдан құр қалмайық!
- Бұлар өтсе, біз зып ете түсерміз, -деп күлдім. – бірақ... коммунизм партиясы осы гоминдаңшыларды да қабылдаса кім болмақ?...
Алдағы үгіт қызметіміздің тәртібі жайында секретар сөйлеп кетті де, жеке сөз доғарылып қалды. Алпыс адамдық бір үгіт атретінің бастығына алты орынбасар сайлаған себебі, барған районымызда алтыға бөліне жаяулап, ауыл-ауыл, үй-үйге қыдыра жүріп үгіттейді екенбіз. Күнделікті қызмет нәтижемізді штапқа, дәлін айтқанда туанжаңға, футуанжаңдар барып баяндап, жол-жорық сұрап тұрады. Аталған көмек пен Чаушан майданына жазылған ерікті жауынгерлерді бұл жолы жимай, тізімдеп қана қайтатындығымыз айтылды.
«Халықпен жақындасу үшін» халықтың өзінше құба төбел ғана киініп баруымызды баса дәріптеді секретар. Сөзсіз түсінікті болу үшін «оқымыстылар тілін қолданбай, халықтың дәл өз тілінде» сөйлеуімізді де көбірек ескертті.
Төңкеріс кезінде ішкі өлкелердегі жиы қоныстанған тұрғылықты халыққа өздерінің жүргізген әскери үгіт тәжірибелері бойынша орналастыру еді бұл. Бытыраңқы алыс-алыс ауылдардан әр күні штапқа жүгіру сияқты ауырлықтарды бара түзетіп алармыз-ақ. Ал, мына аласапыран жауын-шашынды мезгілдегі көшпенді халыққа жүргізілетін үгітті әнші, биші көп әйелді қалай пайдаланып, қайда сиғызатындығымыз ойыма симады. Бұл жәйтті секретар өзі даярлаған үгіт тезисін түсіндіріп, таратып болған соң сұрадым. Бұған қайтарған жауабы жергілікті дәстүрге тым күлкілі болып шықты: қиырдан-қиырға жаяу жортатын үгіт группалары әр ауылға әндетіп, гүлдетіп, бишілерін бүлкілдете жетеді екен. Ондайға ауыл адамдарның тез жиналатындығын айтты.
- Сонсоң іле-шала еліміздің қақпасына жау кіргенін сөйлейміз ғой, билеп барып соған сүйінші сұрағандай болып көрінбейміз бе! –деп қалды Қиялзат. Ербол қосымша қосты:
- Гармондатып билеп, думандата жеткен соң жау тигенін қай бетімізбен сөйлеп, көмекті қай бетімізбен сұрамақпыз! Бұл үгітке ән мен би сиыспайды. Ауыл жігіттеріне көркемөнерімізді масқаралатып, құнын тілдетіп аламыз!
- Солай болатыны рас! –деп қостады Өмірбек. – Бүйтіп күлкі болғанша, әр ауылға аттандап-бауырымдап кіргеніміз дұрысырақ шығар!
Өмірбектің бұл пікіріне ду күлді көпшілік. Сәрсен зекіп жіберді:
- Талкуайтты қойыңдар жолдастар! –пікір көтерушілер бұл зейілдікті елемеді.
- Ән мен биді де, аттанды да қойып, дйуананың жеп-жеңіл сапайы мен өкіргішін ғана алып барсақ болмай ма, оған ауыл балалары тіпті тез жиналады! –деген біреуінің пікіріне тіпті қарқылдады.
Телбайдың ханзушаға аударуынан түсініп отырған секретар қызғылт тартып күлімсірей берді.
- Жолдастар, сіздер осындай ұлы әрекетке көркемөнер қатысуына қарсы шығып отырсыздар ма, қалай? –деп Сәрсен өктей кірісті сөзге, - партия көркемөнерге жоғары мән беріп, үгіт ісіне әдейі қатынастырып отырғанда мұндай мағынасыз қитұрқы күлкіні қоялық! Лиң секретар бәрін ойлап орналастырып отыр!
Пікіріне Лиң секретарды қосқан соң күлкі де, пікір де тияла қалып еді, Лиң Дәйшің бұл сөзді алғашқы қозғаған менен сұрады:
- Биғабили шәнсың, сенің пікірің қалай?
- Менің пікірім: 1-ші малшаруашы райондардағы халық қазір қарбалас, көші-қон уақыты. Кішкене-кішкене күркелермен ғана отырады. Өз балаларын әрең сиғызып отырғанда мұншалық бойжеткенді қайда жатқызбақпыз. Бір үйге екі-үш емес, бір қонақтың сиуы да қиын, жауынды-шәшінді шақ. Сондықтан үгіт атретіндегі адам санын азайтпасақ, халықты қатты мазалап қоямыз.
Сәрсен тағы да дүрсе қоя берді:
- Ең жақын досымыз Чаушандай бүкіл бір мемлекетті жау шауып, қырғындап-шулатып жатқанда, біздің үйлерімізге бір-екі қонақ артық қонса не болады екен! «Мазалап қоямыз» дейді тағы да!
- Тоса тұр, сөйлеп болайын, сонан соң қаншалық айтсаң да өз еркіңде!-дедім Сәрсенге, - 2-ші біздің бұл жолғы үгітіміз мереке мен жетістік-табыстың үгіті емес. Ойранды шапқыншылыққа қарсы күйзелісті жалпы аттаныстың үгіті. Көші-қонның қарбалас уақытында ән мен биге халықтың уақыты да зауқы да жоқ. Көлбеңдеп билеп барып, жәрдем-көмек сұрауымыз келісімсіз. Біздің халыққа құнсыз-арсыз дйуаналық болып көрінеді. Ауылдан-ауылға жаяу жауындатып-дуылдата жетіп, әндетіп-билетіп жіберіп сөйлеген сөзіміз – баланың ойыны, бақсының жыны сияқты ғана әсер етеді. Сондықтан мына аса салмақты міндеттің үддесінен шығуымыз, санмен емес, сапамен толық түсіндіру арқылы ғана жанашырлық сезімдерін оятып, салмақ салуымызды қажет етеді! Менің пікірім осы.
Ақсайтан Мұқан мен Әлия қатар түрегелді бұл сөзіме қарсы. Сәрсен жолдас бұл жолы аптықпай, отырып қана қол көтеріп талпынды. Менің сөзімді Телбай толықтап, ұзағырақ сөзбен түсіндіре аударып болғанша көз алмай тыңдаған Лиң секретар сөзді алдымен Әлияға берді.
- Біз әйелдер, әй, қыздар жағы әрқандай қиыншылықтан қорқпаймыз! –деп Әлия бір сүрініп қалып, «түзеп» бастады сөзін. – партия рұқсат етсе, мылтық алып, соғысқа да аттанбақпыз. Оның қасында немене, мына үгітке біз де шығамыз. Билеу ғана емес, біз де сөйлейміз!... Әлгі Биған, әй, Биғабіл айтқандай, қайда жатамыз, қайда ұйықтаймыз деп, орын-көрпе іздемейміз! Тіпті үйдің де керегі жоқ бізге. Жылы киініп шығамыз да.. ешкімді мазаламаймыз! Бұл күреске бастан-аяқ қатынасамыз! Қыздардың пікірі осы!
Лиң секретар бұл сөзді бар разылығымен шұлғи тыңдап, қойын дәптеріне жазып алды да, сөз кезегін Мұқанға берді. Күле сөйлесе де мені күйдіре сөйледі Мұқан:
- Біздің бұл соғыста мазамыз кетеді, «халықты мазалаймыз» дейтін ешқандай хақымыз жоқ. Жаудың жазасын беріп болғанша соғысамыз! Осы соғыстың жеңісі үшін әрқандай құрбандыққа дайынбыз деп жүрген кейбір азаматтар үгітке ән-би ансамбілін алып шығудан «диуана болып кетеміз» деп намыстанады екен. Партия қосса мен өз басым қаһарман Чаушан халқы үшін алақан жайып, қайыр тілеуден де намыстанбас едім!
Сәрсен саясат тепсіне түрегелді де, «диуана» туралы сөзді ақсайтан Мұқаннан жұлып ала жөнелді:
- Төңкерістік көркемөнерімізді диуаналыққа, қайыршылыққа теңейтін мырзалар, байқап-шаңыраққа қарап сөйлесе болар ма екен. Әдебиет пен көркемөнер біздің партиямыздың саясатының ең жауынгер қызметкері. Бұл жауынгерді қорлап істен шығару, партия мен үкімет саясатын ақсатудан басқа нәтиже бермейді. Бұл, кері төңкерістік сөз!...
Сәрсеннің бұл тұжырымына сақылдап күлді Телбай. Батыр пішінді, ат жақты, ақсары жүзі қызарып, кең маңдайын алақанымен баса күлді. Жиында отырғандардың күліс-керісі араласып ду көтерілді. Жымия тыңдап отырған Лиң секретар, қолы мен басын бірдей шайқап, дабырды әрең тоқтатты.
- Салисан жолдас, -деп Сәрсенге қарады сонсоң. Білек сағатын көрсетті. Уақыт бітті, сөзіңді тоқтата тұр дегені екен. Ауыр оймен ырғала түрегеліп сөйледі өзі. – Бұл жиында пікір қатыстырушылардың бәрінің сөзі де жақсы болды. Америка жиянгерлігіне қарсы тұрып, Чаушанға көмектесудегі бұл рухтарыңа алғыс айтуға татиды. Ең алдымен пікір көтерген Биғабили мырзаның сөзі менің бұл жолғы ұйымдастыруыма шын жүректілікпен ақыл қосты. Жаңа келіп, жергілікті ахуалмен әлі танысып болмаған біз үшін мұндай пікір өте қажет. Мен Биғабили мырзаның әсіресе көшу уақытында халыққа қонақ болып қинамау жөніндегі пікірін дұрыс идеяның жемісі деп танимын! –деді де көшпелі үгіт атретіне екі-үш шатыр тауып беру жағында болатындығын айтты. – Ал, жергілікті кейбір қалақ дәстүрлерді ақырын-ақырын өзгертіп әкетуге болады, - деді сонан соң. «Бұрын халық қабылдай алмай келе жатқан жақсы дәстүрлерді Жұңго коммунистік партиясы жақсылап сіңіруге борышты екендігін сөйлей келіп, «әдебиет-көркемөреді саяси қызметтің ең өткір құралына айналдыру – біздің ең алдыңғы қатардағы борышымыз» деп түсіндірді. Бұл жөнінде Маужуши шығармаларынан бірнеше ситат алып, бұл реткі үгітке де көркемөнершілерді ертіп шығуды мықтап бекітті. – Ал, Әлия жолдастың рухынан үйренуге әйелдер ғана емес, бәріңді шақырамын! –деді соңында. – Оның сөзі өте жақсы болды. Әйелдерді кемсітуге жол берілмейді. Бұл сөзім Биғабілдің пікіріне қарсы емес. Оның сөзінен әйелдерді кемсітетін мағына шыққан жоқ. Мұнан соң әрқандай қызметке әйелдер ерлермен тең қатынасатындығын ұқтыру үшін ғана айтқаным. – Қане, Әлия жолдастың осы идеясын құттықталық! –деп қолшапалақ бастаған секретармен бірге шатырлата жөнелдік. Әлияның идеясын білетіндеріміз күле шатырлаттық. «Әлия жолдастың идеясын Құдай тағала Меһір мен Мәрия жолдастарға жұқтырмаса болғаны!» деп шапалақтаған Өмірбектің сөзі тіпті ұзақ күлкі тудырды.
Лиң секретар жалғыз көзімен аңыра қарап қана қойды бұл күлкіге. Танысып жете алмағандықтан жаңсақ шығарған кей тұжырымдарына бұл қараған қарасы үшін кешірім еткендейміз. «Жергілікті ахуалды түсіне келе түпкіш, мықты секретар болады» деп недәуір сенім байлап қарап едік. Есіктен шыға бере «Биғабили афенді!» деп менің қолымнан ұстай алды Лиң секретар.
- Кей бірінің сөзін саған қаттырақ тиіп қалды, а, қиыншылық көріп қалдың, ә! Ондай сөздерді үлкен кешіріммен тыңдау керек!
- Сәрсендердің мұндай жалаларына менің құлағым дағдыланып қалған, -деп шала-шарпы қытайша сөйлеп күлдім. – Ал, әлі де кері төңкерісші бола қоймадым. Ештеңе етпес!
Лиң секретар қарқылдап күліп, арқамнан қаға қайтты.
Сапарластарымның көбі сол жиынның ертеңінде-ақ «Құбатөбел» болуға қайдағы ескі-құсқыларын киіп алыпты. Кейбірі арзанқолды көктайғақтан бешпет-сым тіктіре қойып, құбатөбел емес, «көктөбел» болып үлгеріпті. Менің ескімді егіншіліктегі інім тонайтын. Құбатөбел деп аталатын ескім жоқ еді. Ал, көктайғақ, таулы районның қазіргі қарасуығына қайтып пана болмақ. Сол «шайтан терісін» де іздемей, дағдылы қаракөгім мен талай ыстық-суықты бастан бірге кешірген қаражарғақ палтоны сайлап едім. Бірақ, ол шіркінді қарындасым гірімдеп жарқыратып қойыпты. Ал, таза құрым етік, майланбай, жарқырамай тұрған ба! «Алтын төбелі» десе де сол қалпыммен шығудан басқа лажым қалмады.
Үшінші күні таңертең дайындалған бес бірешкенің үстінде сүмірейіп-сүмірейіп сапарластарым отыр екен. Жалт-жұлт етіп жетіп барған маған ду күліп «қолшапалақпен» қарсы алды. «Көнсул келді!» десті, «көпес келді!» десті, «шетел өкілі келді!» десті. Кімнің келгенін де білдірмегім келіп бедірейіп алдым. Әйтеуір ұялмаған сияқтымын. Қызармағанымды бетімнің дуылдамауынан сезбеймін бе. Тек алда жүретін «Америка жиянгерлігіне қарсы тұрып, Чаушанға көмектеселік» деп жазылған керме қызыл тулы, бетке ұстар арбаға отырудан тайсақтап өте беріп едім.
- Орныңыз мұнда, Биға! –деп қалды Әлия. Үлкен қатерімді де осының үстінен көрген соң қол сермей зыттым. Екінші арбаға жеткенімде қайрыла қарап тағы шақырды Әлия. – Орныңыз мұнда, жол біледі деп сізді осы алдыңғы арбағы бөлген! Туанжаң!
Екінші арбадан Мәрия күлді:
- Биғабили шансың, «орның» сонда екенін әлі білмей жүрмісің?
- Сендей капиталиске орын жоқ мұнда! –деп қасындағы Қиялзат зекірді. - Күнше жарқырап көзімізден айырасың, қайт!
- Сенің хаупің көзден айрылу емес, Мәриядан айрылу шығар! –дегенімде үшінші арбадан Мәулен мен Өмірбек күлді. Олардың артына жабыса отырған Сәрсенге қарап қалыппын. Өмірінде киіп көрмеген қайдағы шоқбытты тауып киіпті де, тым сорлы жуас көрінгісі келгендей қара елтірі малақайының маңдайын көзіне түсіре салбыратып жаба қондырыпты.
Алдыңғы арбаға қайта бардым. Ең алдыда отырған Әлия ұмтылып келіп қолымнан тартты да, өз қасынан орын ашып, жеңімнен сілкіп отырғызды. Жап-жаңа сұры шұға кастюмның екі шынтағына қоңыр тірике жамау жапсырып алыпты. Сол жамауға да, соны ойлап тапқан өзіне де тіксіне қарадым. Қымсынсыз қылықтысынған сиқырлы шырайында «қайда қашып құтылмақ едің!» дегендей жымиысы бар.
Көне сары березен боқшасын мойнына асып, оңып кеткен мақталы сары бешпет-сым киген сұңғақ бойлы сұрша туанжаңымыз келіп, Әлияның екінші жамбасынан орын алысымен қос қоңырат сырғыта жөнелді арбаны.
Сылдыратып ән сала шыққан көңілді Әлия мен тұнжыраңқы маған туанжаң алмакезек қарай берді. Оның әніне арбадағылар түгел қосылып әндеткенде де сол түнеріңкі қалпымнан жазбағаныма назарын тіпті бөле қарағанын байқап отырдым. Өзіне Әлия күлімсіреп құйқылжып сөйлеген сайын қысылғандай ыңғайсызданып, тұқыра түседі де, қысылыңқы қара көзін жылт еткізіп маған тастай береді. Әлияны қызғанып отыр деп қысылатын сияқты менен. Бірақ, неліктен бұлай түсінетіндігін ұға алмай мен де қарай беріппін. Бір шақта Әлия оған ханзу тілінде тағы бірдемені сөйлеп жіберіп, иығына қолын артты. Селк ете түсті туанжаң. Арба жарендігінен құлап түсе жаздап түзелді де, Әлияны маған екі қолдап итеріп жабыстырып, күле шұлғыды. Сенікі дегендей ишарамен шұлғиды. Қыздың бір қолын менің иығыма артып, изектей түсті де, «хуайың-хуайың!1 Деп қол шапалақтады. Арт жағымызда отырғандар ду күлді, туанжаңның бұл қылығына «стил мәселесінен2 сақтану» жөнінде кеше ғана шектеп-шегелеп сөйлеген өзінің шыға сала «ең қатерлі» Әлия екеуімізді қосақтауын тым оғаш көріп қалып еді. Әйелдерге қалжыңдамайтын маршпен өсіп стил» жөнінен барынша күмәнсіз көрінгісі келетін алал азаматты әлдеқандай бір сұмдықпен бұлай қателестіріп отырған өзіміздің сұлу сайқал екенін осы қосақталуымнан байқадым, иығыма басын сүйей қойған Әлия «жолдасын» туанжаңның өзіне қайта итермелей күліп едім. Бірақ ішкі көңілсіздіктен тағы ашулы көрініппін. Орнынан ыршып тұрды туанжаңым. Арбаның орта шенінде отырған кексе келіншекке ымдай жымиып барып, орын ауыстыра қойды. Артымыздан Мұқанмен бір келіншек қатар күлгенде Әлия қызарақтап қарап күбірледі маған.
- Жалынамын, Биға, қабағыңды ашып отыршы!
Жауап орнына мен де ыршып тұрып, артымдағы келіншекпен орын ауыстырдым. Стил мәселесі» туралы күмәннан пәк туанжаң қашқан пәлелі орында арылмаған айыбы бар алтыншы орынбасар қайтып күліп отырмақ. Туанжаң енді бақырая қарады маған. «Араларына күмән салып айырдым» деп шошынған сияқты, қынжылыспен бақырайды.
«Екі шақырым жолда екі мықты жігітті қашырып үлгерген» сұлудың екі бүйірінен екі келіншек түрткілеп қалжыңдаған сайын мойыған Әлия жылап жібергенде туанжаңның тіпті қысылғаны байқалды, Әлия мен маған кезек қарағанда көзі жалт-жұлт етті...
Сол жолда көз қиығын маған жасыра жүгіртуді туанжаң қоймады. Онысына марғау ғана қарап қойып, күрсіне қалғуды мен қоймадым. Тағы бір қыс келіп қалса да Мақпалымнан хабар ала алмай кетуімнің көңілсіздігі де баршылық еді... Бесінші районның орталық ауылына күн еңкейе жеттік. Хабарланып отырған мыңбек ел адамдары мен жүзбасы, онбасыларын түгел жиғаны, ауыл маңындағы ертоқымды аттардың көптігінен байқалды. Қарсы алуға қызыл ту көтертіп, бір шақырым жерден ұрандата беттеді бізге қарай. Арттағы Сәрсеннің әмірімен арбаны тоқтатып, секіріп-секіріп түстік. Малақайының маңдайын салпылдата жеткен қырық жамаулы Сәрсен шырқ иірді бишілерді, гармоншыға би күйін тартқызып, билеп жүруді бұйырды. Ербол екеуіміз Жаң туанжаң мен Қайсенді алдыға салып, ұрандатып келе жатқан қарсы алушыларға қарай тізіле жылжыдық. Биге Әлия алдымен түсіп, бұлтыңдай жөнелгенде басқа бишілер екіден-үштен күлісе қашып, біздің соңымызға келіп тізіле берді. Ең соңында Әлия мен гармоншы борсаңдатып қуалай жетіп қосылды Сәрсен. Күдірлеу пісте тұмсығы үшкірейіп, қысықтау сарғыш көзі шекшірейіп алыпты.
- Неге билемейсіңдер! –деп зекіді бишілерге.
- Ауыл адамдары ұран шақырып келе жатқанда былқылдап-сылқылдап қалатындай не бопты бізге! –деп Мәрия ғана жауап қайырды оған. Қарсы алушылар жақындағанда күлкілерді тоқтатып, мен де ұран бастадым. «Америка жиянгерлігінң итаршысы гоминдаң жендеттері жоғалсын!» деген ұранды қоса шақыртқанымда маған бір қарап қойған Сәрсен үнсіз көтерді қолын. Менен зып етіп өте шықты да, ең алдағы туанжаңға қатарласты. «бірінші орынбасардың» орны расында сол еді. Мыңбек, жүзбектердің қолдарын алдымен алған да өзі болды...
Арбадағы шатырларды тігуге әртістерді жібердік те, бұл райондағы үгіт әрекетінің бастама жиынын ауыл шетінде жұрт беделділері мен атқамінерлердің тарамай тұрған шағында ашып алуға келістік. Жиынның беташар сөзін Сәрсеннің «өзі» сөйлеп, өзі басқара жөнелді. Жаң туанжаңның сөзін аударуды да Мұқанға қимай «өзі» аударды. Сөйлегендегі жігерінен малақайының маңдайы да сапылдап, әр сөйлем сайын тұмсығын бір соғып тұрды. Бұл жиындағы маған міндеттелген сөзді де «өзі» сөйлей жөнеліп, малақай маңдайын екі рет сапылдап үлгергенде туанжаң күбірлеп тоқтатып, сөзге мені шақыртты.
Чаушанда болып жатқан соғыс апаты жайындағы менің ашынышқа толы сөзім дүр сілкірдірді тыңдаушыларды, тым әсерлі шыққанын көздердің бажыраюынан, елеңдей тыңдап, жұрттың дыбырдан мүлде тоқтауы мен соңында өздіктерінен ұран шақыра түрегелулерінен байқаған туанжаң, сөзім бітісімен ыршып келіп қолымды қысты.
Ауыл қыдыра жүргізілетін жаяу үгіт қайдан басталып, қалай беттейтініне дейін келісім тапқан соң тарады жиын. Күн көк жиекке таяпты. Жаң туанжаң мені ымдап шақырып, қолтықтай жөнелді оңашаға. Таңертең арбаға отырғаннан бері маған жат көзбен қарағыштап келуінің себебін сұрау ойыма түсе қалып еді. Сөзді өзі бастады:
- Парткомға сен аз келдің, аз келдің! Менің келіншегімді көрдің бе, жоқ па, ол да жас және жақсы! –деген сөзін өз тілінде тез сөйлегендіктен әрең түсіндім де, аңыра қарадым: «өзімнің жақсы келіншегім бар. Әлия туралы менен хауіптенбе» демекші сияқты.
«Әлгі буаз әскердің бірі сіздің келіншегіңіз екен ғой» дей жаздағаныма күлкім келді.
- Көрдім, жақсы! –дей салдым, іштегі күлкіні әрең тежеп.
- Ол сүйкімді, оны мен өте жақсы көремін. Ол да жақсы көреді. Баламыз енді екеу болады! Сенің қалыңдығың да жақсы. Ол да сені жақсы көреді. Сен оған бекер өкпеледің! Ол...
- Менің қалыңдығым кім? .... Әлия ма, оны кім айтты сізге?
-Менің келіншегіме өзі айтыпты. Сүйген соң болды, жасыру керексіз, ұят болмайды.
- Ол өтірік айтқан. Менің сүйген қызым басқа. Әлияның сүйгені де басқа!
Шатыр жақтан бір жүзбек бізді малға бата қылуға шақырды.
- Өтірік? –деп туанжаң аңыра қарады маған. - Өтірік болса ол неге солай айтады? – Тілмаш шақырайын ба?
- Қазір керек емес. Мәселені сізге кейін түсіндірермін. Қазір бізге осы қызметті жақсы істеу ғана керек. Әлия жөніндегі мәселеге алаң болмаңыз. Сізден бүгінгі жолда ешқандай қателік өткен жоқ. Ал, менде де мәселе жоқ! –деп қарқылдай күлдім. Туанжаң да күрсініп жіберіп күлді. «Әия!» деп қалды өзі. Әлияның қасына отырып, «махаббат бұзғыншысы» болып қалу хаупінен енді азат болған сияқты.
Шатырға қайттық. Ауылдың қонақ асына соймақ малдарын матаудан Сәрсен зекіре босатқызып, өзі қуа жөнелгеніне ауыл адамдары үдірейе қарап, атрет қарқылдай күліп тұр екен. Орынбасарының бұл қызметіне Жаң туанжаң ыразылықпен изектеді. «Су қайнатып берсе, шәй-тұз да, нан да өзімізден. Мал ысырап етпеңіздер!» деп мыңбекке қарап үш рет бас иді. Бұл сөзін Мұқан аударып түсіндіргенде кемпірлер таңданып, ауыз сылпылдатты да, мыңбек пен жүзбек қызғыш тарта тұнжырады. Маңайындағылар тым-тырс аңырыста. Туанжаң атретін жиылысқа шақырғанда, ауыл адамдары сөлмірейіп, үйді-үйіне тарай берді.
Атрет жиыны ертең басталатын жаяу үгіт группаларына бөліну жөнінде талқы жүргізді. Таңертеңнен бері тамақтанбаған көпшілік талқыны қайтпек, «басшылықтың өзі бөле салсын!» деп қынжылысты. «Қиыншылыққа шыдау» жөнінде сөйлей жөнелген Сәрсенді тыңдамай қағытпалап, бір-бір тоқаштарын үлесіп ала-сала жер ошақ басына жөнелісті. Жаң туанжаңның алдына алты орынбасары ғана қалыппыз. Бұлардың ішінен де қиыншылыққа «тоқ қызыл» Сәрсен саясат пен «нақыл қызыл» Мұқан ақсайтан ғана шыдап көп сөйледі. Группаларға тізім жасады.
Бар тілегім Әлиядан құтылу ғана болып, аредік-аредік мен де сөйледім. Сол періні менің группама мықтап жапсырған Сәрсеннің өзіне өткізуді ымдай бердім туанжаңға. Әлия екеуіміздің арамызда бір жұмбақ мәселе барын байқап қалған туанжаң, бұл талабымды Сәрсенге ең соңында зорлап қабылдатты...
Ертеңіне таңертең бір-бір тоқашымызды жей сала, мұнан соңғы тамақты барған ауылдарымыздан ақша төлеп жейтін болып аттандық. Мәрияш пен Қиялзат бастап тізілген группаның соңынан ере жөнелгенімде, жеке сөйлесіп тұрған Әлия мен Сәрсен түйіле қарады маған. Әлия көзін сүрте сүзілгенде Сәрсеннің жүзі нөсерлі бұлттай түнеріп қарады. Маған арнаған осы сапардағы жаласын осы сайқалды қосақтау арқылы жапсырмақ еді. Ол жоспары орындалмай қалып бара жатқанына түнергендігін түсіне кеттім.
Басқа топтар жылу сұрайтын ауылдарына жырлап барды ма, жылап барды ма білмеймін. Біздің топ міндетін сөзбен ғана орындай берді. Ән мен биді ауыл жиынында жұртшылық талап еткенде, иә, «қонақ кәдісі» үшін ғана пайдаланды. Іс салмағын сөз тегінен өлшей білетін сарапшыл-таразы халық, Чаушаннің шапқыншылықтан құтқарылуы жолына барын атады. Әр ауылдан майданға жазылған азамат пен қаражат тізімін әр күні кешке жақын штапқа атпен жеткізіп тұрдық. Қызметіміздің артық-кемшілігі жайында да мәлімдеп тұру талап етілген еді. Қиялзат екеуіміз кезек шапқыладық. Табысымыз басқа группалардан әр күні артылып отырғандықтан Жаң туанжаң бізден «жаман стил», қателік-кемшілік сұрауды қойды. Шаршағанда Қиялзаттың тізесін жастана сұлайтын мәрияның «мәселесін» мәлімдеуді мен де қойдым. «Жаңбыр жауғанда Би футуанжаң1 палтосын Патимаға кигізді», «қалпағын Қатипаға кигізді» дегендей «мәлімдеулерін» Қиялзат та тоқтатты.
Осы табыстармен қиыр шеттегі 7-ші район ауылдарын қыдырып жүргенімізде бір қырсық туыла қалғанын білмей де қалыппыз. Жаң туанжаң жар салып, бәрімізді бір-ақ шақыртты штапқа. Барсақ Сәрсен сайрап, сөз кезегін ала алмаған Мұқан тісін қайрап отыр екен.
- Кейбір футуанжаңымыз, ерінен қашып төркініне келген келіншектің қасына қонған. Ыңғай бойжеткен қызы, жесір келіні бар үйлерге қонатын кәдірлерді де естідік!... Ал, жап-жас әйелі бар Әмірқанның үркуі осындайлардан қорқудан пайда болған оқиға екендігінде дау жоқ! –деген Сәрсен сөзінің үстіне келіппін. Түйіле қарадым.
Бұл көрсетілген футуанжаңы мен едім. Ерінен қашқан келіншектің төркін үйіне қонғаным рас. Бірақ, төсегіне қонбағаным тіпті рас болатын. Оған дәлелім көп еді. Жауап беруді кейінге тастадым да, Ерболдан «Әмірқанның үркуі» дейтін оқиғаны сұрадым.
- Осы районның шеткері бір ауылында саяқтау қоныстанып жүретін Әмірқан дейтін шалдың әйелінің аты Шәмшә екен. Екеуінің арасында кірбеңдік бар сияқты. Біздің атретті «Әмірқанды жоғалтып, Шәмшәға көмектесейік!» деп келе жатыр деп естіпті де, қашып жоғалыпты!- Ербол осыны айтып күлді. – Жаң туанжаң осы шалды кім қорқытқанын сұрап еді. Сәрсен бар пәлені екеуімізге жауып отыр!
Қыз-келіншегі бар үйлерге қонып жүрген сен бе едің? –деп күлдім мен.
- Е, жауын жауып тұрғанда ыңғай кемпір-шалдың үйі табыла береме, қызынан қорқып далада қалайын ба!
- Туанжаң, -дедім мен бастыққа тіке қарап, Мұқанның ыңырана бастаған сөзін ишарамен тоқтата сөйледім. – Ербол сен аударып бер туанжаңға! Осы сапарда бізден үріккен жалғыз Әмірқан ба, тағы басқа үріккендер бар ма?
- Басқа жоқ, -деді туанжаң. – Бірақ, мұндай қорқушылар көбейе берсе өте зор шатақ туылады. Мәселені осындай кішкене кезінде анықтап, уақтында шешіп отыруымыз керек. Маужушидің нұсқауы осылай!
- Олай болса ол бізден қорқып қашқан емес. Әмірқанды мен талай көргенмін. Танимын, өз кәсібін ғана білетін ақкөңіл еңбекші. Бірақ, әлеуметтік байланыстан шет қалған қорқақ, надан шал. Сіздер Американы Миго деп атайсыздар. Біз, Америка деп өздері атайтын өз аттарымен атаймыз. Америкалықтарды кейде Американ деп атаймыз. Ал, Әмірқан шалы, «Америкаға қарсы тұрып, Чаушанға көмектеселік!» дейтін ұранды әйелінің аты Шәмшә болғандықтан өздеріне жорыған, «Әмірқанға қарсы тұрып, Шәмшаға көмектеселік!» деген мағынада ұққан. Өзінің әйеліне аздаған өктемдігі болғандықтан содан қорқып қашқан. Ол жайын білетін қалжыңшыл ағайындары солай қорқуына себепкер болуы да мүмкін. Нанбасаңыз, үйіне барып сұрап көрелік!
Ербол бұл сөзді аударып бола бергенде Жаң туанжаң енді ұқтым дегендей қарқылдай күлді. Бірнешеуі оны жалғыз күлдіргісі келмегендей жарқылдай күлді.
- Сөзімнің жалғасы бар, күлкіні тоқтата тұралық! –дедім мен. – Туанжаң, сіз, біздің арамызға жаңа келдіңіз. Тұрмысымыздан да, салт-санамызбен мінез-құлқымыздан да сауатыңыз жоқ. Кесіп айтқан бұл бағамның дұрыстығын кейінірек толық түсінесіз. Қазір сізге айтпасам болмайтын қысқаша ғана бір пікірімді айтып тынайын: осы сапарда сіз пікірді жағайымсып-жалбақтамайтын, көп сөйлемейтін сапарластарыңыздан көбірек тыңдаңыз! Көп сөйлеп, маңайыңыздан кетпейтін жағымпаздардан тыңдамасаңыз тіпті жақсы болар еді. Ал, тыңдамай болмайтын мезетте аса сақтана тыңдау дұрыс. Ондайлар сөзсіз қателестіреді. Мәселен, Әлияның әйеліңізге айтқан сөзіне сеніп қалғандығыңыздан, осы сапарға шыққан күні басыңыз қатты ауырмады ма!
Қызара қалған Жаң туанжаң Әлияға жалт қарады. Ол, тұқырып алыпты.
- Басқаны шарпымай сөйле! –деп күбірледі Сәрсен.
- Шарпудың әкесі енді келе жатыр! –деп күліп жіберіп жалғастырдым сөзімді. – Сол Әмірқанның қашу себебін туанжаңға сен недеп түсіндірдің! Біздің келіні мен қызы бар үйлерге қонуымыздың, «Әмірқанға қарсы тұрып Шәмшәға көмектескелі қаптап келе жатыр» деп қашқан сонау шеттегі Әмірқанға не байланысы болыпты!..
- Жас әйелдерге «көмектесіп» келе жатқан дағбыртымызды естімей ме, Биғаш ол! –деп күлген Сәрсен, сөз соңын жайма шуақтай салды. – Бірақ, мұнда саған қаратқан мәселе жоқ. Тек, жалпы Әмірқанның қашуына түрткі болған ақуалдарды айтқаным ғой, қате болмас!
- Әмірқан, жас әйеліме «көмектесіп» қояды деп қана қауіптенсе, әйелінің қасында болып қорғамай ма! Сол қимасын иен тастап, өзінің ғана қашуы қалай?... Қисынсыз қиракезік көрсетіндігіңді қате емес деп ақтап көрші қане! Ал, бұл дәлелсымағыңмен бізді ғана емес, туған еліңді түгел қаралап, мына күнәсіз сәби туанжаңға қате түсіндіріп отырғаныңды түсінемісің! Қарындастарың үйіне қона салғанға дайын бола салушы ма еді!.. Иә, ата-анаң қонағына келіні мен қызын қоса салушы ма еді!
Қызметтестер түгел қарқылдап күлгенде Сәрсен күреңітіп, тығыла түсті. Сөйтсе де, туанжаңға көнімді жуас адам болып көріну үшін баяу үнмен сөйледі:
- Ата-анамен қарындас әркімде бар ғой, мырза, енді оларға шабуылдамасаңшы!
- Бізді ғана қылмыскер етіп көрсету үшін соларды түгел масқаралап шабуылдап отырған өзің емеспісің, пролетарым-ау! –деп күлдім мен. Ерболмен Өмірбек, «мырза» мен «пролетар» жөнінде Сәрсенді сықақтап, қақпақылдай қақты. Менен қорғанғысы келіп, енді үндемей жымиған «саясат», жасанды қылығы мен жамаулы киімі әшкереленіп бара жатқанда ғана өршеленіп, туанжаңға ханзу тілінде сөйлеп кетті:
- Жаң туанжаң, Әмірқанның қашуына себеп болған тағы бір фактор айтылмай қалыпты: ол, Биғабіл мырзаның елден ерекше киген мына киімі. Жарқыраған қара құрым батинканы көре сала гоминдаң ұлығы келді деп қорқып қашқан.
- Биғабіл жолдастың бұған жарғағын Әмірқан алдыңғы жылы да, былтыр да көрген, -деп Ербол да төте тілмен жауап қайтарды. – Онда қашпаған Әмірқан, енді қашпақ па! Бұл да жалақорлық пікір!
- Биғабіл жолдас осы райондарға бес жылдан бері таныс үгітші, сен аудар, -деді Өмірбек Ерболға жымия қарап. – мына қаражарғағы осы елге бес жылдан бері таныс жарғақ. Сол кезде қашпай, дәл осы кезде үріккен адам, тек Сәрсеннің малақайының мына салпылдағынан ғана үріккен. Бұл даусыз факты. Қараңызшы, туанжаң, адам түгіл ат үркпейме мынасынан! Байдың гоминдаңшыл баласы осынысымен пролетар «жолдас» аталмақ па! –дей сала Сәрсеннің малақайын басынан жұлып алып, шатырдың есігіне лақтырды. Бажырая қалған туанжаң көпшіліктің дуылды күлкісінің екпінімен бірге күліп жіберді де, ұшып тұрып, Сәрсеннің малақайын әкеліп кигізе қойды. «Қалжың-қалжың, ештеңе емес, ештеңе емес!» дегендей жұбату сөзін күбірлеп айтты да, көпшіліктің күлкісін қол ишарасымен тоқтата сөйледі.
Айтылған қайшікез пікірлеріміздің бәрін де қабылдағандай, бұл «рухымызды» жақсы-жақсы деп бағалады. Қалған пікір болса, «оқиға өтілген семияны» барып тексеріп көрген соң ынтымақтылықпен сөйлеуге шақырды...
Ертеңіне таңертең күн ашық екен. Атпен барып, Әмірқан семиясынан мәселе анықтауға Жаң туанжаң Сәрсен мен мені ғана ертті. Қожыр-қожыр адырларға қопақтай жетіп, еңісте құйысқанға, өрде ат жалына қос қолымен жабыса аяңдап, шалқар түсте әрең жетті өзі. Иен сайда шошиған екі қостан үдере шыққан жеті-сегіз қара борбай үдірейісіп, көз астыларымен ғана қарайды. Үлкендерінен ешкімі шыға қоймады.
- Ой, Сәке, -дедім, қосқа жақындай бере арттағы Сәрсенге дауыстап. – Малақайыңның маңдайын салпылдатпашы, енді бала-шағасын үркітерсің!... Сәлеметсіңдер ме, балапандар? –дегенімде екі үйдің «ақжаулығы» бір қостан шыға келіп амандасты. Жастау қараторысы көзін кең аша қарады маған: «мынау, былтыр келіп жүретін өзіміздің Биғабіл ғой!» -деп қасындағы кемпірге күбірлей сала амандасты. Шәмшә осы екенін тұспалдай түстім аттан:
- Аманбысың, қарағым? –деп кемпір қос қолын соза ұмтылғанда, Шәмшә қолымнан шылбырды алып, атымды бір қазыққа апарып байлады. Туанжаң кемпірге менше қос қолдап амандасып еді. Өзі жатсынып, тосырқай қарап тұрған кемпірге Сәрсен тіпті жат атаумен таныстырды оны:
- Қорықпаңыз, шешей, өзіміздің Жаң туанжаң ғой!
- Сен де қазақпа едің, шырағым-ау! –деп кемпір Сәрсеннің өзіне түйіле үңілді.
- Ал, жеңеше, Әмірқан ағай қайда? –деп сұрадым Шәмшәдан. Сыпайы әйел кібіртіктеп сөйлей бастағанда кемпір сампылдап ала жөнелді. Қосынан сырмақ әкеліп жайып, бізді отырғызған соң шәмшәда бір тізелеп отыра қалып сайрады. Оқиға былай дамыған болып шықты.
Бұрынғы әйелі өлген Әмірқанға Шәмшә бұдан он шақты жыл бұрын қалыңмал күшімен – ықтиярсыз келген екен. Ұрыс-қағыстары жиы болып, үшінші баласы туылғанша Әмірқан оған недәуір жәбірлі «жиянгерлік» істепті. Сондағы қылмыстары осы жолы үгітке шыққан «комммунистердің» шақырған ұранымен менің жорамалымдағыша, ұштасып қылпылдатпасын ба. Өзін іздеп жүргендердің» көптігін, ұсқындарын, әскерше тізіліп, ауыл-ауылды «тімтінулерін» сырттан баспалай жүріп көрген Әмірқан «мына қу қатын қылған екен маған!» деп ауылына қарап күбірлей зытыпты. – «Аузын тезірек алмай болмас!»...
- Жаным Шәміш!... Шәмшажан, сен осы үкіметке мен туралы бірдеме айтып па едің? –деп сұрапты келе салып.
- Е, не бопты, тергеді ме өзіңді?
- Қаладан өңшең ескі киімді жепаңжүн қаптап шығыпты. «Әмірқанды құртып Шәмшәға көмектесейік! –деп айқайлап мені іздеп жүр!
Осындағы қулардың бірлесіп шығарып жүрген қалжыңы болар деп жорамалдаған Шәмшә соған меңзеп қалжыңдай салыпты:
- Сен маған не істемеп едің! –деп жорта бұртия қалғанында, жалбарына жөнеліпті Әмірқан!
- Оны қойғамын ғой, жаным! Енді тіпті қояйын, құлың болайын! Мына балаларды жетім қалдырма Шәмшәжан, ақылың бар еді ғой!
Әйелінің қасақана жауап қатпай сырт айланып жүріп кетуін, «арыз жазып, көмекті өзі шақырғанға» ұйғарған Әмірқан әлгі жалынуына намыстанып, ызамен тиыла қойыпты. Атына қайта қонып аяңдап беткейге шыққанда қарсы алдынан кезіге кетіпті бір күйдіргі.
- Үй, сарқыт, мына келгендерің кімді жоямыз деп жүр, шынын айтшы, шырағым!
- Е, атыңды атап айқайлап жүргенін естімеп пе едіңіз!... Жеңгемізге көмектесуге ыңғай шолақ етек, бота тірсек қаптап келеді. Олардың бастығы жепаңжүннің әскери соты екен. Тезірек жығылыңыз жеңгейдің аяғына, олар келгенше өзінен кешірім алып, арызынан тандырыңыз! Жүріңіз мен ертіп апарайын!
- Үй, шатпашы, әкесін өлтіргендей қатынның аяғына жығылмақпын ба енді!
- Олай болса кеттіңіз ғой су түбіне, ақсақал-ау, қаша алмайсыз да ғой, жеңгейдің екі аяғын қаусыра құшақтап жатып алудан басқа не лаж қалды!
Үйіне жалт қайрылып айқайлапты Әмірқан:
- Ей қу қатын, құрттың мені, құрттың!... Енді соларыңның біреуіне тиіп ал, мен кеттім! –дей сала беттен асып жоғалған екен...
- Бүгін үш күн болды, ағыкем мен екі бала сабылып соны іздеп жүр. Тіпті бұл маңда жоқ дейді! –деп жылады Шәмшә - ұрандарыңызды қате түсініп келгенін білген соң қорқа түссін деп қалжыңдағаным болмаса, Құдайдың момыны болып еді өзі!
- Жыламаңыз, Сарқыт екеуіңіздің қалжыңыңыз бір жерден шыққан соң қашқан ғой, іздетіп тауып түсіндіреміз, қайтып келеді!. –деп мен тоқтау айттым.
- Сарқыттың ісі қалжың ба, нағыз кері төңкерістік әрекет бұл, алу керек қолға! –деп Сәрсен ентікті. Жаң туанжаң оны құптағандай рай білдіре сала, біздің Әмірқанды іздеп келмегенімізді айтып, екі әйелге Америкамен Чаушан туралы ұзақ түсінік сөйлеп қайтты.
Район бойынша іздеуші салып жүріп, қашқанына бір апта болды дегенде Әмірқан айдалып келді. Тергеу жүргізіліп, сол «қылмысы» анықталысымен аудандық үкіметке Сарқыт айдалды.
Сөйтіп, Чаушан майданына жәрдем мен ерікті жауынгер ғана емес, оған қарсы «бұзғыншы» жаһангер де тапқан соң кешікпей ісімізді аяқтатып қайттық. Қалаға жақындай бере қаңтардың аязындай бір суық хабар сумаң ете түсті: Шәуешекте жалаға ұшыраған Тұрсын Жарқынбайұлы мен Шәкен Елубайұлы өлім жазасына үкім етіліпті.

Әділетті тергеушім, адамзатты «коммунизм жәннәтына бастаушы» партиямыз Шинжаңға алғаш кіргенде өздерінің әртістік шеберлігіне жетілгендігімен халықты таңдандыра, сүйіндіре кірген ғой. Ол шақта бұл партияның бақыт орнататындығына «сеніміміз толық, туымыз айқын» болғандықтан сахнамызға итке үргізбей, кісіге білгізбей шықпақ болған әрқандай әрекетін тектемеуге тырысқанымыз да өзіңізге мәлім. Жауды да досты да өз бауырына тартып, бәріне жақсы көрінудің керемет бір ойынын даярлады ғой сонда. Ойын көрсету кезеңінде өзіңіз бастап бүкіл армияға «халықтың өгізі» болып көрінуді Шиңанда үш ай үйретіп (репетиция жүргізіп), құлша жорғалатып әкелгендіктеріңізден бізде уақытында хабардар болып жатқанбыз. Шинжаңдықтардан шыбындай ызың естілсе-ақ бассалып, ойынбұзар алатындықтарыңызды ұға алатындарға сол арқылы-ақ ұқтырғансыздар. Бұл кітаптың 1-ші бөлімі осы «ойынбұзар» тақырыбымен басталғандығының себебі сол. Мұнда комедияларыңыздан бірнеше ғана көрініс алып, басымызға әрең сиғызып отырғанымызда соңғы көріністе Тұрсын мен Шәкен сынды арыстарымыздан алған «ойынбұзарларыңыз», ойынбұзар ғана емес әлембұзар болып, бас сүйегімізді дал қылып жарып жібергендей әсер етті. Аш қасқырдың азуынан қой байқұс осындай ғана қылмыс көруі мүмкін екендігін әрине өзіңізде білесіз. Қасқырдың коммунизмі қандай болатындығы көз алдымызға келе қалған.


Екінші бөлім


ТАРАЗЫ

І


Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!
Аймақтан екі тергеуші мен бір тілмаш келіп, халық бөліміне мені шақыртты бір күні. «Төңкеріс майданында мықты тұрып, жаумен аяусыз шайқас жүргізуімнің қажеттілігін айтып бір сыпыра насихат берді. Шәкендердің мәселесімен менің байланысымды тексеру үшін келгенін тұспалдадым. Насихаттарын тыңдаған сайын миыма тікендей қадалды. Қатты ширыға жауап қаттым:
- Төңкеріс майданында ымырасыз мықты тұратындығыма сендіре аламын. Сіздерде сондай тұратындықтарыңызға сендіріп, сұрайтындарыңызды сұрай беріңіздер, ұзақ насихат керек емес!
- Шәкенмен байланысың қалай? Бижінге кетіп бара жатып, сенің үйіңе қонғанда не сөйледі, не істеді? –деп ханзу тілінде сұрады әскери тергеуші. Шетірек тұрған қазақ тілмашына қарап, ыммен сұрап аударттым. Шәкеннің атылуға үкімі шықса да, кері төңкерісшілдікке қылмысы шықпай тұрғаны сұрағынан да сезілді. Әлі де құрастырып, шартына толтрып атпақ сияқты. Онысына ыңғайын келтірмей, Шәкеннің төңкерісшілдік факттерін жариялай бердім. Онымен алғаш танысқаннан үйіме сол сапарда келгеніне дейінгі баяным талассыз өтті. Тергеушілердің дәмесі біздің үйдегі отырыста сияқты. Телміре қарады соған келгенде. Сапарына сәт тілеп, өзіне денсаулық, қызметіне табыс тілеп те ішкізе алмаған арағымызды «компартия мен Маужушидің амандығы үшін!» дегенімізде ғана қабылдағандығын айтып бір тынып едім. Қара елтірі малақайлы құба тергеуші бас изей салды да, әскери сары малақайлы сұры тергеуші тыжырынып қалып, күле сұрады:
- Басқалар «Маужуши үшін!» деп қанша ұсынса да ішпей, позициясын қатты бұзыпты ғой!
- «Басқалар» деп сіз Сәрсенді ғана айтып отырсыз! –дедім мен оған ызбармен қарап. Сәрсеннің көрсетіндісі алдымнан тағы да шыға келгеніне қатты ызаланып қалыппын. – Шәкен жолдас, бір бетті, шыншыл, тура мінездің адамы. Ал, саяси сайқал Сәрсеннің, күні кеше ғана гоминдаңның осы аудандық пырқасында «Жаң зұңсай үшін» әпшаркалық міндет өтеген Сәрсеннің бүгін көрісе сала «Маужуши үшін!» деп араққа қыстауына ол көне ме!... Мен болсам, сол жадігөйлігі үшін Сәрсеннің сол қаражүзіне шапалақ жаныр едім, Шәкен қонақ болғандығынан ғана тартынған: «Компартия мен Маужуши үшін үй иесі ұсынған арақты жаңа ғана іштім, рахымет!» деп қоя салған.
Сары малақай күлімсірей отырып, сары боқшасынан қағаз шығара сөйледі енді.
- Сол отырыстарыңызда бір азамат Шәкенге мұң-зардың әнін айта бермей, төңкерістік ән айтуды насихаттаған. Ал, Шәкен, ол пікірді қарсы алудың орнына насихаттаушының өзін иянаттап жұдырық ала жүгірген. Солай ғой?
- «Солай» емес, тіпті де «солай» емес! Шәкен, мұң-зардың әнін айтпаған, алдымен Жұңго төңкерісінің «партизандар маршын» орындаған. Екінші ретте Біржанның «ләйлім шырақ» дейтін әнін, үшінші ретте «Қорлан»ды айтып тоқтаған. «Бір азаматыңыздың» Шәкенге зарламау жөнінде нәсихат бергені шылғи өтірік! Сондықтан Шәкеннің «иянаттап жұдырық ала жүгіргені» -ең ұждансыз өтірік! Ал, расы былай: төртінші ретте көпшілік Шәкеннен «боз жігіт – Жамал» трагедиясындағы өзінің орындаған жоқтау әнін айтып беруін талап еткен. «Бір азамат» деп атап отырған Сәрсеніңіз көпшілікке ақыраңдай жөнелген сол сәтте «компартия заманына мұндай ән керек емес... Компартия заманында кім жыламақ, қане?» деп ақырған.
«Сіз жыларсыз!» -деп Шәкен күлген онысына. «Жыласа, гоминдаң жендеттері жылар!» деген сөзі еді бұл. Анықтап жазып алыңыздар! Көпшілікке ақырған Сәрсенге Шәкеннің осы күлген күлісі, жұдырық қана емес, күрзіден де қиын тиген. – «Сіз жыларсыз,» -деген Шәкен сөз соңын дәл былай жалғастырған – «бірақ көпшілік мұндай әнді сіз үшін емес, тарихты ұмытпау үшін талап етіп отырған шығар. Өткенді ескеру, өршелене өрлеу үшін қажет. Бастан кешкенін ұмыту, бастан мақұрым адамның ерекшелігі. Ал, сізді бастан мақұрым демекші емеспін, кешіріңіз, таңданып отырмын. Қашаннан бері компартияшыл бола қалып едіңі? Мұншалық «жаңарғандығыңыздан» хабарсыз екенмін. Әлде 43-44-ші жылдардағы сарала пырқаңыз қызартып кетіппе еді!»
Шәкеннің осы сөзіне өшіккен Сәрсен оның басына іс түскенде бүтіндей жала жабуға кіріскен екен ғой!
- Бұл материалды Сәрсен берген емес! –деді сары малақай, осыным ғана шын дегендей ашыла қарады. – Тек өшіккен адам ғана әшкерелейді деп түсіну дұрыс емес!
- Тек өштігі бар адам ғана жала жаба алады деп түсіну дұрыс. Егер бұл материалыңыз жала болмай шын әшкерелеу болса, Сәрсен өштесіп жазған демес едім. Сәрсеннің жайын толық білетіндігім үшін мұны айтудан қателеспейтіндігімде толық сенемін! Ал тіпті Шәкеннің өз мектебін өртеу үшін тобылғы үюі де жала! Бұл жаланы жабушы запхоз, өзінің әйелі туралы Шәкеннен күмәнданып, яғни бұл да өштескендіктен жапқан! Мәселенің түбін тексеріп, ақ-нахағын айыруға, бір алал төңкерісші өнер иесі болған азаматымыздың нахақ күймеуіне күш салуларыңызды талап етемін!
- Бізді істің нахақ болмауы үшін күш шығармай жүр деп ойлайсызба? –деп сары малақай енді қарқылдай күлді.
- Өшіккен бір кері төңкерісші жазған материалдың бүтіндей жала екендігі дәлелденіп болса да, үлкен дәсмия етіп, әлі де «әшкерелеу» атап отырсыз ғой. Осындай аңыстарыңыздан анықтап-ақтағысы келмейтін дүмбілез тергеуші ме екен деп күмәнданып отырғаным рас. Бірақ, сіз коммунистік партияның кадырысыз. Соныңыздан ғана үміт күтіп қорықпай талап етіп отырмын. Дүниеге әйелінің артқы саңлауынан ғана қарайтын бас жалақорға сеніп кету зор дәрежеде қателестіреді. Ал, таласқа түскен мектептің әдемілігіне қарап отырып үкім шығарсаңыздар, одан да зор қылмысқа душар етеді. Әсіресе осы екеуінен сақтануларыңызды талап етемін! Бұл, зор азаматтарымыздың тағдырына байланысты зор мәселе!
Қара елтірі малақайлы тергеуші бұл сөздерімді естелік дәптеріне тездетіп сүйкей отырып сылқылдады. Сарала малақайлы тергеуші аударушысынан тыңдай отырып, өз қағазына екі-үш түрте салды да күлімсіреген бейнемен изектеді:
- Дұрыс-дұрыс, шын жүректілікпен қойылған талап. Біз ондайдан әрине сақтануға тиістіміз, сенсеңіз болады. Ал, инспектор мырза сізді мен де бір мәселеден сақтандырғым келеді. Менің де қорықпай талап етуіме рұқсат шығар?... Маужуши бізге шындықты іс жүзінен іздеуді үйретіп келеді. Әсіресе біздің заң қызметінде мәселенің әділет табуы үшін бұл принцип шарт ретінде қолданылып келеді. (Бізге сеніңіз дейтін себебім сол.) Ал, сіз сол принцип бойынша анықталып табылған қылмыскерді «төңкерісші», «жолдас» деп атайсыз да, партияға жақындасып, жәрдемдесу жағында болып жүрген азаматтарды «кері төңкерісші», «екі жүзді сайқал» деуге бейім көрінесіз. Сізді мен жеке өз бетіңізбен үкім шығарудан сақтануға, жеке батыр болмауға, компартия жағында болуға, шындықты іс жүзінен іздеуге шақырамын!
Маңдайымнан тер бұрқырап шыға келді. «Шындықты іс жүзінен іздеу – Марксизмнің мен табынатын ең ерекше қасиеті ғой, осыны қалай түсінген мына сұры?... Қайдан шыққан ұғым бұл? Қалай анықтасам екен?» деген оймен таңдана қарам алып сөйледім:
- Өз күмәніңізді сіз де шын жүректілікпен айттыңыз, рахымет!... Компартия жағында болмауды өлімнен де қиын қатер дейтін түсініктің «мырзасы» едім. Ал, «шындықты іс жүзінен іздеу» деп нені айтып отырсыз?
- Түсінбедіңіз бе?
- Түсінбедім. Менің түсінігімнен басқашарақ сияқты. Мәселен, жаңағы маған таққан кінәңіз бойынша Сәрсенді «төңкерісші», «жолдас» деп, Шәкенді «кері төңкерісші», «екі жүзді сайқал» деп атасам, шындықты іс жүзінен тапқан болам ма?
- Не үшін солай болатындығын түсінбей отырсыз! –деп қарқылдай күлді сары малақайым. – Сіз жаңа, партия жағында болудың бірден-бір мұратыңыз екенін айттыңыз. Осыныңыздың шын өтіріктігін қалай айыру керек. Партия жақтағанды сіз жақтайсыз ба, жақтамайсыз ба, соныңыздан ғана айырмаймыз ба!.. Шындықты іс жүзінен іздеу деген осылай. Шәкен іс жүзіндік әрекетімен партия алдында нақтылы кері төңкерісші болып табылып отыр. Сондықтан оны енді «жолдас», «төңкерісші» деп атамаймыз. Ал, Сәрсеннің тарихи жақтан белгілі дәрежеде қателігі болса да қазір партия жақта. Күнделікті көрген-білгенін мәлімдеп тұрады екен. Бұзық сөз, бұзық әрекеттерді әшкерелеу жағына батыл деп естідік. Партия ондайдың бәрінен де толық пайдалануға тиісті. Сондықтан оның да кім екенін іс жүзіндік әрекетінен іздейміз. «Кері төңкерісші», «екіжүзді, сайқал» деп атамаймыз. Өзіңіз ойлаңызшы, бар пейілімен партияға жақындасу жағында жүрген адамды «екіжүздісің, сайқалсың» деп жәбірлесек, «компартияға жақындама, гоминдаңшыл қалпыңда қал!» дегендей кері төңкерістік сөз болып қалмайма, ха-ха-һа-һа... Биғабили мырза мұндай қалпақ кию сізге лайық емес!... Сіздің білім қабілетіңіз одан әлде қайда жоғары екенін, таптық келіп шығуыңыздың да, тарихыңыздың да таза екендігін естідік. Сіз де партияға осылай, іс жүзіндік әрекетіңізбен қызмет етуге борыштысыз!... Енді түсіндіңізбе?
- Түсіндім. Саяси тактика жағындағы кей сөздеріңіз, мойындатарлық сөз. Бірақ, идеялогиялық ұлы мұрат жағынан маған мүлде жұмбақ пікірлеріңізде көрінді. Қысқаша ғана айтып қалайын рұқсат етіңіз!... Бірінші, менің білім-қабілет, тарихтық, таптық-фактік жөнімді Сәрсеннен жоғары бағаладыңыз. Демек, төңкеріс сабында келе жатқан қатардағы азаматпын. Ал, осы жайымды біле тұра менің дәлелдеген мәселелерімнің ешқайсысына сенбейтін себебіңіз не? Сіздің алдыңыздағы инабатым мен сол факттерім бір гоминдаңшының жапқан қисынсыз жаласы құрлы болмағаны ма? Шәкенге мен де жала жапсам құшақтай алғалы отырсыз. Мұның себебі не?
Екінші, Сәрсеннің беріп жүрген материалдары егер іс жүзіндегі факттерден құралған, дұрыс материал болса, сіздерге солай істеп беріп жүрген алал қызметі үшін оны мен «екі жүзді, сайқал» деп иянаттаған болсам, маған қандай қалпақ кигізсеңіздер құқылысыз. Ал, алал азаматтарға жауып жүрген жалаларының жала екендігін дәлелдегенім үшін күліп отырып қорқытпақ болған себебіңіз не?
Үшінші, шындықты іс жүзінен іздеу дегеніміз, бүкіл Марксизмнің – ғылыми материализмнің зерттеу – тексеру методы. Бұл әсіресе Шәкендерге түскен мәселе тәрізді кездейсоқ құбылыстарды анықтау үшін өте зәру принцип. Мұны орталық комитет Марксизмшілдікпен мәселені дұрыс шешсін деп дұрыс ұсынып отыр. Еш уақытта бұрыс іске бұрмалап құрал етсін деп ұсынған емес. Ал, сіз, Шәкен мен Сәрсен туралы шындықты қайдағы "іс жүзінен" тапқансыз? Бір адамның іс жүзіндік әрекеті, яғни, әмалияты деп белгілі себептен болған тосын құбылысын аламыз ба, иә, тұтас өмірінің, идеологиясының жемісі болған барлық дәйекті іс-әрекетін аламыз ба?... Бесіктен белі шыққаннан бері кертартпаларға, гоминдаңға қарсы күресіп келген жалшының жалғыз ұлы Шәкен, өз үкіметі құрылып, өзінің күні шығысымен сол үкіметіне, сол күніне қарсы кері төңкерісші болып шыға қоймақ па!... Ал, бесіктен белі шыққаннан бері Шың Шысай, гоминдаң үкіметтеріне жасос болып келген байдың ұлы Сәрсен, өзіне жау үкімет құрылып, өзіне түн туысымен сол жауына, сол түніне шын жүрегімен белсенді қолдаушы болып шыға қоймақ па! Максизм-ғылыми материализм. Ол әлемде себепсіз ешқандай салдар болмайтындығын дәлелдеп болған. Әкесіз бала туылмайды, ғайыптан пайда болады дейтін құрапат нанымның барлығына қарсы. Ал, сізді, шындықты ғайыптан іздеуші деуге дәлелім жоқ. Себебі, Маужушидың іс жүзінен ізде деп үйреткендігін айтып отырсыз. «Іс жүзі», «амалият» дегенді түсінбей отыр деуге де дәлелім жоқ. Себебі, Маужуши сізге оны да «алмалият туралы» деген атақты шығармасымен 37-шы жылдан бастап үйреткен. Солай емес пе? Олай болса осы үш түрлі сұрау тек мынадай ғана жауап табады. Жалаларға қарсы факттерді тыңдағыңыз келмей, жалақорлардың материалына жабыса беретін себебіңіз, сіз Шәкеннің мәселесін анықтау үшін келген халыс тергеуші емес, сол жалаларды қалыптастыруға ғана келген дағуагерсіз. Полкке мектеп бергісі келмей, айтысып қалғандығы үшін Шәкенге сіз де өштесіп қалған жалақор дағуагерсіз. Сондықтан сізді заң қызметкері деп танымаймын. Осы көргендерімді қосып, жоғары жаққа арыз жазамын!
- Мақұл, мақұл, жазыңыз! –деді сары малақайым, сақылдап күліп, -қайда арыздансаңыз да бәрібір, Жұңго гұңчандаңның заң орны тексереді. Оныңызға қарсы емеспін. Жалғыз-ақ мына екі істі ескерсеңіз қателеспейсіз. Бірінші, біздің сізден анықтағалы келген материал, Сәрсендікі деп өштесіп, мәселе тауып алмаңыз! Оның жазғаны емес! Екінші, тергеушіде болатын бір позицияны білмейді екенсіз. Сондықтан маған көрсеткен бұл позицияңыз үшін көпелемеймін. Түсініп қойыңыз, жауапкер мен қылмыскер жақта тұрып сөйлейтін тергеуші болмайды. Сондықтан мен туралы сіз де жаман ойда болмаңыз! –деп күліп қолын созған сары малақайдың қолын мен де күле алдым:
- Басқа қалыс тергеушінің ол тықырына сіздің бұл тықырыңыз ұқсамайды!
- Жарайды, бұл жауаптарыңызбен пікір-талаптарыңызды басшылыққа толық жеткізейін! –деп сары малақай ханзу тілінде ресми сөйледі де соңын шала-шарпы жерлік тілде күле сөйлеп қоштасты. – Біздің идея жақсы, хапа болмайды. Бәріміз бір!
Аударушысымен бірге ол жөнеле бергенде, тұра қалған қара малақайлы қазақ тергеуші мырс-мырс күлді.
- Үстінен түйе айдап өтсең де күледі бұл. Ыза болуда да жоқ, пікіріңді қабылдауда да жоқ. Өз шешімі өзінде!... Ал, аман тұр, Биғаш! –деп қолымды күрсіне қысты сонан соң. – Мәселені тамаша аштың, япырай, қарсы жағыңды қылыштай қиып сөйлейтін азамат екенсің-ау!... дәлелдемелерің мен талабыңды сот комиссиясына толық-ақ жеткізермін. Бірақ, мынау шындап емес, күліп жеңеді бізді. Тұрсын ағаң мен Шәкеннен айрылып қалатын сияқтымыз. Ең үлкен жазаны жоғары жаққа бекіттіріп болған сияқты. Мына тексеруі, жұртшылықтың аңысын байқау ғана шығар деймін. Жазамын деген арызыңды дәл солай жазып, тездетіп жолдағаның жөн шығар!
- Бекіткен қай орын екен?
- Үрімжі, Уаң Жын ағаңның нұсқауы шығар. Өте шорт кісі көрінді. Жазсаң одан жоғарырақ орынға – ең жоғары сотқа жазсаң болар ма екен, бірақ, қалай да тез болсын!...
Арызды сол күні кеште отырып, ұғынықты тілмен айқын дәлелдеп кеңінен жаздым. Шәкенге төнген жала ғана емес, «Тұрсын-Шәкен шайкасы» деп аталған зор пәлелі делоны төңкеріп тастайтындай болып шыққанына қуана жүгіріп жеттім аударушы дос хұйзуыма. Ұйқысынан енді оянған шақта жетіппін. Қолқалауыма жарай бетін жумай-ақ кірісіп, сәскеге дейін аударып бітіріп берді. Тұрсынға оқушы, Шәкенге дос болған азаматтардың ғана емес, барлық сауатты кісілердің қолы түгел қойылды. Жалалы екеуінің аяулы аты көпке таныс болғандықтан, халық өздіктерінен өшіретке тұрып, әдейілеп кірісті қол қоюға. Екі түрлі тіл, екі түрлі жазудағы үлкен арызды почтаға күн еңкейе жеткіздім.
Шәуешекте қандықол жауыз помещик сібе Пужынғуа мен Жәлел дейтін жемеңгер помещик ұйғыр атылды деген хабар сүйінші сұрағандай ғана, сондағы қаңтар бораны көктем желіне айланғандай жылы леппен тарады. Үш аймақ төңкерісінің алғашқы кезінде «Сандуа атылды сүйінші!» деген Биғаділдің үніндей жадыраңқы қуанышпен шықты газет хабары. Олардың өткізген қылмысты істеріне қарап, «өтпейтін пышақпен бауыздаса да рауа екен!» дедім. «Бәсе бостандық дауылы осылай, жанды тебіренте соғуы қажет қой. – Соқ дауыл, үдей соқ! Барлық жемеңгер, кертартпа, қандықол, қараниет жалақорлардың жұлындарын үзе соқ!»...
Соның ертеңінде Шәуешектен келген Өмірбек көшеде кездесіп, Тұрсын Жарқынбаевті де сол екі помещикпен бірге байлап, көше аралатқанын айтты.
- Сақшылар атылатын екі помещикке өз қылмыстарын сөйлетіп еді, Тұрсын аға да сөзі барын, бірақ, сөйлей алмайтындығын білдіргендей, басын шайқап-шайқап жіберді де шалқалап көзін жұмды, қатты жүдепті!
«Нахақ өлетін болдым» дегені ғой мына ишарасы! –деп айқайлап жіберіппін көшеді.
- Ақырын сөйле!... Тілін байлап қойған сияқты! –деп күбірледі Өмірбек. – Шалқалағаны сонысын көрсетпек болғаны деп түсіндім. Әйтеуір олармен бірге атылмай қалды ғой, қайтадан анықтайтын болған соң алып қалып отыр ғой!:. Бірақ, Шәуешекте бұлар туралы ешкім ауыз ашпайтын болыпты. Сақшының тегеуіріні қатты сияқты. Сен де ашық сөйлемей, «әдеп сақта», шырағым!
- Әй осы жалақорлар жейді-ау сол бейшараларды. Арызымыз тез жетсе екен әділет орталығына!
- Япырай әлгі сары малақайыңа арыз жазатыныңды айтып қойғаның-ай, почтаханаларға телефонмен-ақ тексертіп, тоса салар ма екен!...
Атылушылардан қалған екінші күні Тұрсын Жарқынбаев туралы өзіміздің Тарбағатай газетіне бір мақала шықты: «қатерлі алашордашыл Мұстапин» деп атап жариялапты. Тұрсын ағасын қадірлейтін Тынысқан басқарып тұрған газет-ұстазын қадірлейтін шәкірттері редакторлық істеп тұрған газет мұны нахақ басар ма? –деген күмән сап ете түсті миыма. Осы мен көрген дәуірлерде ешқандай «алашордашылдығын» көрмесем де, осы сезімтал құлағыммен ешкімнен естімесем де, солай күдіктеніп қалдым өзім. Әйтеуір «Тұрсын-Шәкен шайкасы» дегеннің жоқ мәселе екендігіне көзім толық жететін болған соң өз жазған арызымнан қорқа қоймадым. Менің ақтайтыным, сол «шайка» дегені ғана ғой. Жирялана қоймағанына қарағанда бұл жағынан ақталуы мүмкін сияқты-ғой. Ал, сүйегі әлдеқашан қурап қалған алашорда тауқыметі Түкеңді де әкете қоймас деген сенім үміті жылтырай қалып еді. Бірақ, Түкеңді дәл сол «әкете қоймас» деп отырған уақытымда-ақ қағып әкеткен сияқты, сол мақала оны атқан оқпен қарайлас шыққан екен. Үкімі не дәуір кейін жарияланыпты. Атылу жайын жарияланған соң ғана сұрастырып ұқтық.
Сол мақала жарияланған күні қара жазумен қараланған алпамсадай Жарқынбаевті дәу қара аптамобилдің үстінен түрегелтіп байлап, алдымен көше аралатқан екен. «Алаш орда жоғалсын», «кері төңкуерісші, кертартпа жоғалсын» дегендей реалдан алыс ұрандарды жаудыра айдап апарып, «Жауыртамдағы» зираттыққа түсіріпті. Тіліндегі құрсау алынысымен «ау адамзат, мен ақпын, нахақ атылып барамын!...» дей бергенінде қатар атылған бес мылтық миын шашып үлгерген екен. Жапа тармағай жүгірген бастауыш мектеп оқушылары жете сала-ақ шу ете түсіпті. Қуаты мол бұжыр-бұжыр ми түскен жерін түршіктіргендей, дір қағып, шоршып жүргенін көріп шулаған екен.
- Математика мен филология ғой ол шоршығандар! – деп Дөрбілжінде естіген мен жылап жібердім. Өз көздерімен көрген оқушылар қалай шуламасын!
Соның кешінде мені Дөрбілжін аудандық сақшы мекемесінің саяси бөлімі шақырды. Ол бөлімге үш аймақ үкіметінің алғаш құрылғандағы аласапыранынан кейінгі шақырылғаным осы еді. Әйтеуір көрпе-төсенішімді сұрамағанынан байқадым, аласапыраноптар бұл бөлмеде қазірше жоқ сияқты. Жұмаш деген жұп-жуас жалбарақтап амандасып отырғызды да, осы өткен түстен кейін кім үшін жылағанымды күле сұрады. Мен оның қайдан естігенін сұрамай-ақ, қалайша жылағанымды шертіп бердім. Жүзім жанбай келістіріп отырып шертіп едім. Оның өзінің жүзі жанып, төмен қарап кетті. Саяси жала сабаз педагоктың миымен қосып, оның елу неше жыл бойы жиған бүкіл математикасы мен филология ғылымын шашатынын сөйлегенімде күреңіте қалып, күрсініп жіберді. Бірақ, тез қатайды өзі. Принципке өте мықты екен. Сол принциптерімен мені де сірестіріп шегелеп шығаруға тырысты: «Жарқынбаевтің мәселесін бір адам емес, заң кадрларының он шақтысынан құралған комиссия тексеріп анықтап отыр. Олар қате жазаламайды!» деді ол. – Егер дұрыс емес жері болса да оны қателікке партия шығармай тұрып сен шығарсаң, қатты қателесесің. Жұртшылыққа жаман әсер беретін мұндай сөзді мұнан соң басқа ешкімге сөйлеуші болма! Басқаларды партиямен үкіметке қарсы құтыртқан деген есепке толасың да, нақтылы кері төңкерісші қатарында жанышталып кетесің! Бұл, сені жай ғана қорқытып қояйын дегенім емес, Биғаш, шыны сол. Ондай жазаға қимайтындығымнан ескертіп отырғаным. Мұнан соң жазаланушылар жағынан ауыз ашпа! Егер нахақ екендігін толық білсең, партияның заң орындарына ғана жазып жібер!
Осылай сөйлеп келді де «басқаларға кері әсер ететін мұндай сөзді екінші рет сөйлемеуге», «егер сөйлей қойсам, жазалануға разы болатындығыма» тіл хат жаздырып алып қалды. Шәуешектегі азаматтардың үнін буып, газетін құйрығынан сөйлетіп қойған қандай құдірет екенін осыдан түсініп шықтым. Қылдырық жолды құпия бөлімдердің осындай жіп-жіңішке сақшылары шақырып-шақырып алып, жұп-жуан, жұп-жуан құбыжық көрсетіп шығарған екен ғой!...
Шолаң-шошырақ қира кезіктер құраған мұндай құбыжықтар бұл аймақтағы нелер сәулелі көзді де бақырайтып қойғаны байқалды. Телбай әкімнің көзі де солай болған сияқты екен. «Тел ағай, енді шайка деп тапқандарын жайқамасын, өзіңіз білетін майданы дұрыс, саналы азаматтарымыз еді ғой, жерлік парткомға айтсаңызшы!» деп өтініп едім. «Бұл өлкедегі саяси көз де, әскери қол да бір ғана соғыскер генералда тұрмай ма! -деп бас секретарды ишаралады әкім – «мына дивизияның саяси бөлімі бекіткен іске жерлік партком қазірше қол сұға алмайды. Енді өзің де май өкшеңді сақтағаның жөн шығар!» -осы сөзбен күле жөнелген әкіммен бірге күлсем де, май өкшені сақтау ғана емес, май құйрығымды да қыса тұруға мойындағандай болып шықтым.
Арызымыз кеткен астанадан қамқорлық ишара күтіп жүргенімде, Шәуешектен бишара хат жетті бір күні. Қуат тым асығыс жазыпты да, апарушы адам оқып қоймасын дегендей сақтықпен желімін тышқақтатып, ораған қағазына қоса жабыстырып тастапты. Жарып жіберіп, «ішек-қарынын» арши отырып әрең оқыдым: «мектеп өртемек дейтін жалаға бәріміз маталдық. Бүрсікүні Шәкен де оталмақ. Жоққа мойындап, «кеңшілік мәртебе» таппақ болған Үркіншінің өзі он жылға, Сейітпек, Абдолла, Дәуітпек мұғалімдер бес жылға кесілетін болыпты. Басқамыз режімде істемек екенбіз. Жау өз ішімізден шықты ғой. Басқа ешкімге өштік болмасын! Бижінге сендердің де арыз жазғандықтарыңды естігенбіз. Одан келген жауапты тірі қалғанымыз ғана көрерміз. Мұндай нахаққа шыдамайтын мінезіңмен енді қатты кірісуші болма, шарпуы мол өрттен сақтануың қажет!» -деп қана жазыпты.
Бижіннен жауап келгенше Шәкен үстіндегі үкімді кешеуілдетудің шарасын іздестіргім келді. Дайындық іске дереу кіріссем де, ертеңіне түс уақытында әрең жеттім. Шәкен тіршілігі үшін тырбанатын уақытымның бітуіне төрт-ақ сағат қалды деген сөз еді бұл. Мекеме қызметі сағат бесте тоқтайтын шақ еді. Аласапыран амалды март қанша қырға аларын кім білсін. Әйтеуір шешім айта алатын біреуін тапсам, айтыса кеткім бар.
Ақылды ағайлардың ешқайсысынан жөн-жосық сұрауға үлгере алмай, аймақтық сот мекемесіне тура тарттым. Ашық автомобиль үстінде жеңіл мақталы сырыма бешпет тоңазытып келіп еді. Қатынас бекетінен жаяулай жортып, күзетті қақпаға жеткенімше терден малмандай су болыппын. Малақайымды қолыма алып, терімді сүрте өтіп бара жатқанымда алдымнан тоса қалды күзетші қазақ жауынгер, кімді іздейтінімді сұрап, қақпа сыртынан күте тұруға бұйырды.
Қайта шыға бергенімде қарсы алдымнан жарық ете түсті іздеген бастығым. Түскі дамылдан енді келе жатыр екен. Сол жақ бетіндегі кішкентай тыртығынан таныдым. Аязда киетін ақ жағалы қара тонынан әлі шыға қоймапты. Қарсы ұмтылуымнан өзін іздеп жүрген біреу екенімді байқап тұра қалды. Ықыласты сәлемімді ытқытып жіберіп, қол бере сала өзімді таныстырдым.
- Ие, ие, естігенмін, атың таныс. Ал, бір іспен келіппе едің, шырағым?
Бүйімтайымды асығыс бұлдыратып баяндай сала арыз ұсындым. Бұл да екі ұлт тілінде бірнеше адамның атынан жазылып, Шәкен туралы үкімнің тым болмағанда бір ай кешіктірілуін сұраған арыз еді. Сот бастығы оқып шығып, іркіліссіз қайырды жауабын:
- Ең жоғары сотқа бұл айтылғаныңнан басқа да бірнеше арыз кеткен сияқты болатын. Сендердікінен бұрынырақ жазылған. Олар туралы да ешқандай нұсқау келмеді. Бәлкім, келе қоятын уақыты бола қойған жоқ. Ол орынға жетуі қиынырақ шығар деймін. Ал, бұл делоны ақтау үшін берілген мүддет бітті. Сонда да... мұндай талап қоюдарың қате емес. Тым болмағанда жұртшылықтың қарсы пікірі аз емес екендігін білейік те!... Қазақша жазылғанын мен алып қалайын. Ал, сен, полк штабына тез жетіп, мына ханзуша жазылғанын Ложың дейтін комиссарының өзіне қолма-қол тапсыр! «Ложың» ә, ұмытпа, орта бойлы, орта жасты, көсе күрең!
Сот бастығының қадағалап атап, түстеп таныстыруынан ба, іс соның қолында екендігі түсінікті болды. Шәкендерді «шайка» атап алғаш қолға алушы комиссар осы болғаны ғой. Қай жерде екенін сұрап біле сала жүгірдім.
Полк штабының қақпасы төрт жауынгердің күзетінде екен Ложыңда жұмысым барын естісімен біреуі күлімсірей ымдап, босағадағы хабар бөлімін нұсқады. Хабар бөліміндегі кішкене офицері үлкен байсалдылықпен бажайлай қарап, тексеруге кірісті жұмысымды. Қандай жұмыс екенін анықтап айтпасыма қояр емес. «Ложыңуидің өзі ғана естуге тиісті зор жұмыс» дегеніме қанағаттанбай тақауырлайды:
- Нақтылы не жұмыс екендігін айтпасаң, сырт адамды жыңуидің алдына жіберуге құқымыз жоқ! –деп басын бір-ақ шайқады. Шәкеннің атылуын кешіктіру жөнінде талаппен кірмектігімді айтсам, бұл жөнінде хабар бөліміне жыңуидің өзінің қабылдамайтын тапсырмасы бар сияқты сезілді.
- «Полк жыңуиінің1 ғана естуіне тиісті құпия жұмысты тыңдаймын деп тосып алатын құқыңыз да жоқ!» -дегенді соқалап ұқтырып тігіле қарадым. - Әскери адам бұл тәртіпті түсінеді. Барып өзіне мәлімдеңіз. Мені егер осы қазір қабылдамаса, халыққа да, партияға да үлкен қиянаты бар мәселе болып есептеледі!... Гоминдаң полкы емес, халық азаттық армия полкы халыққа мұндай бирократтық істемеңіздер!
Осы сөздердің өзін түсіндіруіме де недәуір уақыт кетіп еді. Соңғы сөзді ести сала орнынан ыршып тұрды.
- Дұрыс, осы пікірлеріңді өзіне мәлімдеуге болады. Дузы бұжаң,2 а, мен қайтып келгенше қақпа алдында күте тұрыңыз, дүй, бүдүй?3
Мені осы сөзбен қақпа сыртына шығарып қойып, өзі ауланың төріне қарай жөнелді. Сиконттар сырт-сырт ыршып барады, заулап орғып барады. Уақыт өткен сайын тықыршып, кеткен жағына телмірдім де қалдым. Көзім сыртына теуіп шығып бара жатқандайма, иә, ішіне қарай ойылып түсіп бара жатқандай ма, тамырлары созылып, орны аши берді. Қабаршым не дәуір кешікті. Сағат төртті басты. Екі аяғым тоқтамай тыпырлап, тықырши түстім. Жерді неше жүз рет тарпығанымды білмеймін. Айланып кеткен мүйісінен жарқ етіп шыға келгенінде ішке қарай ыршып беріп едім.
- Жыңуи жоқ, таба алмадым! –деп дауыстады хабаршы. – Машинамен шығып кеткен дейді, амал жоқ!
«Амал жоқ» дегені «артыңа қайт» дегені екен, қолын сілтеп қалды соңынан. Сағатыма тағы бір қарап жібердім де онысына көне қоймай, хабар бөліміне ере кірдім.
- Табылмайын деген соң табылмайды ғой! –деп күрсініп жіберіппін. Жанқалтамнан арызды алып, ақ қағазға орадым да желім сұрадым. Асығыста Қуатша мен де желімді тышқақтатып жіберіппін. Бұл да «мықты» жапсырылды білем, дәл сол бишара хат сияқты құрысып, қотыр-қотыр болды да қалды. – Мынаны Ложыңуидің дәл өз қолына дереу тигізіңіз! –деп түйіле өтініп ұсындым өзіне. – Бұл, кейін сұрауы бар, өте қажетті хұжат. Таңертеңдер сұрастырғанымда сол кісінің өз қолына тимеген болса, сіздің өзіңіз жауапкер болатын документ. «Халық үшін қызмет істелік!».
Маужушидың бұл сөзін ол да итағатпен қайталап айтты да арызымды қос қолдап тапсырып алды. Ертең сағат оннан соң керексіз болып қалатын бейшара арызды осылай жолдай салудан басқа лаж бар ма!
Сәлмірейіп Тынысқанның үйіне қарай беттедім. Бақ-ыт бөктері мен Барлықтың тең аралығынан күн де сәлмірейіп батып барады. Жер бетінен көңілі қалғандай жылусыз жылтыраған «көзі» өшкіндеп көмескіленіп барып «жұмылды» -батып тынды. Ие, есіл Шәкеннің ақырғы күні батты! Жалынды әнші, жас жан, жала түгіл жай жалғанға қас жан, сол жалған-жаладан мерт болды! Ертеңгі жарқырап шыққан күн, оның мүлде өшіп, өлген күні есептелмек. Ертеңгі күн қанша жарқыраса да оның өшкен көзін қайта нұрландыра алмақ емес! «Ақ екен, қылмыстан пәк екен!» деп шапағат нұрына қанша бөлесе де, абұлхаят суына қанша малса да қайта тірілмек емес! Көрге қолқа жүрмейді. Өйткені ол шексіз тас бауыр, мәңгі қараңғы, қойынына кірді кетті. Мәңгілікке бітті!
Тынысқанның үйіне осы зілдей ауыр күймен, ауырлай кіріп едім. Ауыз бөлмеден әйелі амандасып төр үйді нұсқады. Жабулы есігін ашып қалғанымда ең түпкі кішкене бөлмесінен скрипканың нәзік мұңлы үні естілді. Үзіле талмаусырап өшіп барып, қайта көтеріле бозқдағанда еріп келе жатқан жеңгейді қайтарып, сол ашқан есігімнің босағасындағы бір орындыққа отыра қалдым. Скрипка үні қайта баяулай толқып барып, қайта өрледі. Бұл өрлеуі боздау емес, ашынышты, аса күйінішті мұңның ышқына өрлеуі. Енді ұқтым, Шәкен ғана орындап жүретін сол атақты зардың әні екен. Тынысқан соны скрипкада кеңіте әрлеп, семпонияға айналдырып отырған сияқты. Кей жерлерін қайталап, толықтыра түседі. Соны енді Шәкеннің өзін жоқтайтын күй дастан етіп шығармақтай, зор дарын байқатты. Тынысқан қайталап екінші рет орындап бола бергенде, әйелі мен отырған есіктен дабыстап шақырды оны. Шыға келіп жалт қарап менімен амандасқан Тынысқан, Шәуешекке не жұмыспен келген жайымды қоса сұрады. Шәкен үстіндегі үкімнің кешіктірілуін талап ете келіп, өз сотымызды тапсам да, Ложыңды таба алмағанымды айтып күрсіндім.
- Ие, Шәкен жөнінде іздегенге ол жыңуи табылмайды! –деп ол да күрсініп барып, стол жанындағы орындыққа отыра кетті. – Табылса да бәрі-бір, оның делосына қатысым жоқ, мен сот емеспін дей салады. Оны қой енді!...
Бұл тақырыпта сөйлеуді осы сөзімен доғарған Тынысқан басқа тақырыптарда да сөйлесіп жарыта алмады. Менің де пәлендей жарытайын деп отырған ниетім жоқ сияқты. Қысқа-қысқа сұрау-жауаптар мен басымыз төмен тарта берді. Ерінің жайын қабағынан танып, ыңғайына бағып әрекеттенетін сараң сөзді әйелі бұл бұйығы жайымызды өзгерткісі келгендей, шәй үстіне жұмыртқа қуырып әкелді де шкабынан екі бокалымен бір бөтелке әкеліп, алдымызға қойып шықты. Оны да үнсіз қабылдап, бір-бір рет алысып қоя салдық. Үнсіз түрегеліп, барып түп үйден скрипкасын әкелді.
- Сен тыңдап көрші, түсінілерме екен! –деп күбірлей салды да, мен келгенде өрнектеп отырған күйін орындай жөнелді. Шықшыты бүлкілдеп, ақ жүзі күп-күрең қан реңіне айналды. Қас-қабағы күйдің нәзік ырғағымен бірге дірілдеп, сан түрлі құбылады. Күй жарқырап тұрған күн астында құрдым шыңырауға тасталған бір кесек гауһардың жарқ етіп, жалт беріп құлдырай жөнелгеніндей елес берді бір шақта. Сонан соң әр қырынан әртүрлі нұр атып жалындап барды да, өшкіндеп жылтылға айналды. Жылт-жылт, жылт қағып барып, түнек тереңге батқандай ғайып болды. Естен тандырғандай меңіреу мұңмен созылып, үзіліп-үзіліп барып шөгіп тынды. Күйдің өзі де солай ғайып болғандай сезліді маған.
- Не болды сендерге! –деп қалған татар жеңгенің үнімен «ояндым». Ұстаз да мен де көз жасын үнсіз парлатып отыр екенбіз. Тынысқан тиыла қойып күлімсіреді.
- «Қатын ашуланса қазан қайнатады», бар ошағыңа! –деді әйеліне. – Қалай түсіндің? –деді сонан соң маған қарап. Қолын жауапсыз алып, құттықтаған шырай білдірдім.
- Шәкен орындап, жүрген бір әннің әуені арқылы соның өз дауысымен өз трагедиясын дәл бейнелейтін күй-дастан жасапсыз! –деп сүйіне қарадым ұстазға. – Жарқырап шыққан күн нұры астында, қайдан келгені белгісіз жауыз қолдан шыңырауға лақтырылған бір кесек гауһар, сол тереңнің көрдей түнек түбіне жеткенше көрінді көзіме!
- Оның өмірін ұзарта алмайтын болған соң ең шебер орындаған әнін ұзартқаным ғой! –деп күрсінді Тынысқан. – Ие, өз дауысымен өз трагедиясын көрсетпек болғаным рас еді. Сол түсінікті болса жарағаны! Бірақ терең суға батқан гауһарға ұқсатып суреттеу жөнін ойламаппын. Ал, мендегі қимастық сезім матиптері музыкадан солай байқалса ғажап емес, оны әлі де жетілдіруім қажет екен, жақсы айттың!
Тұрсын Жарқынбаев туралы әлгі бір жалақор мақаланы газетке не себеппен бастырғандығын сұраудың орайы енді келгендей болды. «Оның алашордашыл емес екендігін өзіңіз де айтып жүруші едіңіз ғой» деген сөзді қосып сұрадым.
- Ұлттық мектептер ара жарыс-бәсекелерде Жарқынбаевпен түртісіп қалып жүретін тегі басқа күншіл-тар ұлтышлдар бар еді, оған «алашорданы» солар танып, мақаланы солар жазған екен. «Бас қылмыскерге сондай үлкен негіз таппаса, атылу шарты толмай тұрған сияқты. Комиссар ол мақаланы газетке Тұрсынның атылатын күніне дәлдеп, партком арқылы өткізді. Оны баспасақ редакторларымызға да сол «алашордашылдықтан» сыбаға беретін сыңай байқатты!...
Соның ертеңіне таңертең Тынысқан менің жүзіме қарай беріп күбірледі.
- Сен бүгінгі үкім орындалатын майданға бармай-ақ қой!
- Не себепті?
- Өңің бұзылып отыр, бір шатақ тауып аларсың. Бүгін барлап-бақылаушылар көбірек шығуы мүмкін. Ол үкімге қарсы пиғылдарды іздер. Ал, сен ондай сұқ көзге шалықпаған жағдайда да бұл, нахақ өлтіру ғой, идеяңа дақ түсуі мүмкін. Бармай-ақ, көрмей-ақ қоялық оның өлімін!... Бұл арқылы партияның бүкіл әділетті-заңды ісіне, коммунистік қимылға кір келтіруші болма! Себебі, бұл бүкіл партияның ісі емес. Арам тырнағын ішіне бүккен бір-екеудің ғана ісі!...
- Оны білем, ағай, толық білем. Марксизм-Ленинизмге бүтіндей жат іс бұл. Партия мұны ертең-ақ теріске шығарады!.. Башекең уәлилік атымен бірдеме айта алмады ма бұл үкім жөнінде?
- Ол кісінің уәлилігі бірлік сап қызмет ретінде ғана пайдаланылатын болып жүр. Чаушан соғысына аэропланы ұшқан соң, өзі көбірек «демалатын» болды. Қазір Шағантоғайдағы өз ауылында. Жиынға шақырылса ғана келеді...
Таңертеңгілік шәйді ішкен соң Дөрбілжінге тура қайтатын көрініспен қош айтысып шықтым да, жұрт ағылып жатқан зираттыққа бұрыла жөнелдім. Ешкімге «көрінбеу» үшін ешкімге қарамай, кетіп бара жатқан көктайғақ киімді кадрлар да мен сияқты сырыма сарылы сыпайылар да баршылық. Олар сияқты тұқырмай-ақ тікірейіп өтсем де мен танитын ешкім көрінбеді. Сақшы қорғап тұрған жаза алаңына жеттім де, жай халықтың арасына сіңіп тұра қалдым.
Қаладан өрге қарай ышқына зырлап қара машина шыға келді бір шақта. Үстінде қолы артына қайрылып байланған жалаңбас Шәкен, төрт-бес сақшының алдында тіп-тік қарап келеді. Кеудесіне жапсырылған «нақтылы кері төңкерісші элемент» деген қара жазуды жұртшылыққа айқындап көрсетіп, мына жалаға қараңдар деген рай бар. Жиналған халықты түгелі шолып, әлдекімді іздеп келе жатқан сияқты, «келіншегі мен кішкене қызын ақырғы рет бір көргісі келетін шығар, қайтсын бейбақ!» деп қалды бір кемпір. "Оларды бұл жерге келтірмеуге бұйырыпты!" деп жаулығымен бетін басты біреуі. Басқа әйелдер де үнсіз жылауға кірісті.
Автомобиль тоқтасымен тәртіп бойынша лақтырып тастамақшы болған сақшыларды иығымен қағып-қағып жіберді Шәкен. Кісенін шалдыр еткізді де өзі ыршып, тік түсті жерге. Шалдырлатып жедел басып барып тұра қалды. Жан-жағына тағы жалтақтап, қимастарын асыға іздеді. Күрс етіп бір-ақ атылды бес мылтық. Шәкен шалқалай тәлтіректеп барып, қырынан құлап түсті. Шырылдаған әлсіз қос дауыс естілді осы шақта. Шәкеннің аяғы екі сермеліп қалып тынды.
Бір топ ер-әйелдің қоршауында құшағындағы баласымен шырқыраған жас әйел, ыршып келіп, қанға малшынып жатқан өлі денені бассалды. Көз жасым парлай жөнелді. Кілт бұрылып, өзім де жөнеліп беріппін.
Қаһарлы тергеушім, атылғанда да қылмыстары шашылып әшкереленген жайыл кері төңкеріс шайкашыларына ақтаушы, сақтаушы болғанымды, амалым мүлде құрығанда еңіреп жоқтаушы болғанымды да енді білдіңіз. Мен кім екенмін ы..ым! Осы қылмысым бүкіл өміріңізге азық болар-ақ. Мұншалық мол ырызықты сіздерге менен басқа қай кері төңкерісші тауып беріпті! «Ыстық кампитпен» енді мені де сыйламасаңыз, алтын таразыларыңызға мүлде қайшы келмей ме!

ІІ


«Кері төңкерістік Тұрсын-Шәкен шайкасы» туралы үкім сол күні жарияланып, Тарбағатай газетіне «кері төңкерісшілерді аяусыз жанышталық» деген тақырыпта мақала шықты. Жарқынбаевтің алды-артында жазаланған атақты помещиктердің де, Шәкеннің алды-артында жазаланған шатақты помещиктердің де жан түршігерлік жауыздықтары тізілді. Ал, Тұрсын мен Шәкеннен олардікіндей жауыздық шықпаса да солардікіндей күп-күрең қан шықты ғой, демек олар да жауыз, сол себептің үстіне мол себеп «нақтылы кері төңкерісші» аталып атылуы, тіпті, «асқан жауыз» екендіктерін дәлелдегендей. «Олай болса солай болған-ақ шығар» дегізгендей, халық сезіміне секемсіз сіңгендей, олар туралы ешкім ақтау айта алмайтын болып қалды.
Әйтеуір, қанқұйлы помещиктердің бірнешеуінен таптық кек алынғаны рас қой, мен қайтып келген күннің ертеңіне Дөрбілжінде Митингі мен көше ереуілі ұйымдастырылды. Парткомның үгіт бөлімі сөйлеушілер қатарына мені де қосып қойған екен. Митингіде сөйлеуге бір күн бұрын дайындалған әкімдер сөйлеп болысымен мінбеге шығу кезегі маған тие қалды. Атақты «шайкаға» ақтаушы болғанымды естіп, позиция байқамақ шығар деген оймен сақтана шықсам да, өз білгенімнен бөгде, реалдан сырт түсінік қоспауға тырыстым. Жаңа жылдан бері жазаланғандарға «Тұрсын алашордасы», «Шәкен фащизмі», шайкалы қарақшылық дегендердің ешқайсысын қоспай, таптық тонаушылықты, феодал қандықолдарды, гоминдаң қалдықтарын, зорекер қарақшылықты жоюдың қажеттігін сөйледім де, бұл жөніндегі бастаманы «қызу қарсы алатындығымды» білдіре, сол жауларға қарсы ұрандап түстім.
Жұртшылық бұл сөзімді қызу қолшапалақпен қарсы алса да, сөзге менің соңымнан шақырылған Сәрсен, «қызу қарсы алмайтындығын» сездіре сөйледі: сөзінің барлығында «төңкеріске қарсы саяси шайка» Тұрсын-Шәкендердің жанышталуын қызу қолдайтындығын қосып, «олардың қалдықтарын» соғуға «жан-тәнімен» көмектесетіндігін білдіріп түсіп еді. Тыңдаушы жұртшылықтан «қызу қарсы алатын» бірде қолшапалақ естімей түсті.
Мұнан соңғы сөзге шақырылушылардың көпшілігі менің орталыққа жолдаған арызыма қол қоюшылар екен. Бұдан сол "шайка" туралы саяси орындардың іздейтін мәселесі бар екендігін де айқын сезгендей болдым. Ақтаушылардан бұл митингіде, әйтеуір, Тұрсын-Шәкендерді қаралап тілге алған ешкім болмады. Жұртшылықтың да сондай райда екендіктірі байқалды.
Осы қызумен көше ереуіліне шықтық. Алдымызда биші қыздар тобы жүрді. Ең алдыдан әрине Әлия көрінбес пе. Басқа қыздар оқалы камзол, қос етек көйлекпен өздерінің ұлттық өнер көркемдігін меңгере билесе, ол таңқы құйрық, тарбалақ сыммен бөксесін төңкере қылмыңдап, таңғаларлық «қызғындықпен» құйқылжыды. Халық тек сол мол құйрыққа жиналатындай, жиналған сайын жымыңдап, көпшіліктің қарқ-қарқ күлкісіне «бөлене» бұлтыңдатады онысын. «Нағыз төңкеріс деген осы!» -деп Сәрсен жырғайды. – Бұл пәле қыз «жаңа мәдениетті» қалай тез игеріп үлгерген!» - Әлияның өнері жиған халыққа өзі де алдымен үлгере сөйлеп, «Тұрсын-Шәкен шайкасын» нығыта соққылап жүрді.
Сол ереуілден екі-үш күн өткенде аупартком шақыртты мені. Шақыртқан Лиң секретардың өзі екен. Бөлімінде жалғыз отыр. Түрегеліп, қолымды қыса шұлғып амандасып отырғызды. «Бір мәселе жайында қысқа ғана пікірлесуге» шақырыпты. Қысқа ғана дегені бойынша аударушы керек етпеп едім. Қойған сұрауы ұзақ жауап беруге тиісті сұрау болып шықты.
- «Тұрсын-Шәкен шайкасы» туралы қандай позицияда болдың? –деп сұрады.
- Ол туралы үкімге бүтіндей қарсы позицияда болдым! –дей салдым да себебін түсіндіруге ханзуша тілім жетпейтіндігін айтып, Сәрсен мен Мұқаннан басқа тілмәш өтіндім. Секретар аудандық үкіметтегі дос хұйзуымның атын атап телефонмен шақырды да, уақытының тым аз екендігін айтып, неғұрлым қысқаша тұжырып сөйлеуімді сұрады. Алғашқы келгендегі аққұба толықша жүзі солғын сұрыға айналып, жағы сорайып қалыпты. Міндетіне аса жауапкерлікпен ауыр қарап, тым аз ұйықтап жүрген кісі сияқты, солып ішіне отырып кеткен кем көзі ғана емес, екі көздің міндетін жалғыз атқаруға дағдыланып – бадырайып алған сау көзінің шанағы ойыстанып қалған екен.
- Жергілікті тұрмыс сауатымыз аз, бізге көбірек тыңдау өте қажет. Бірақ, амал жоқ, уақытымыз жетіспей жүр! –деп әлгі қысқа сөйлеу талабын тағы да ескерткендей болды шужи. Тілмаш келіп отырысымен сол «кері төңкерістік шайка» дегеннің мүлде нақақтығын айтып, себеп дәлелдерімді тұжырып-тұжырып сөйлеп бердім. Соңында дәл осы мазмұнда ең жоғары сотқа арыз жазғаным да айтылды.
- Оған қол қойғандар кімдер? –деп сұрады секретар.
- Қол қоюшылар көп, есіме түгел сақтай алмадым. Әйтеуір қалашығымыздағы еңбекшілер табынан шыққан, компартияға сарайы түзу сауатты азаматтардың бәрі бар, өздіктерінен өшіретке тұрып қол қойды. Компартияға жау жақтан, дұспан тараптан, жалған жағымпаздықпен күле кіріп жүргендердің еш қайсысын қоспадым. Мәселен, Сәрсен мен Мұқандар жоқ. Олар қол қоймақ болса да, тілегімізді былғатпау үшін қойғызбайтын позиция көрсеттім.
Лиң Дәйшің секретар қарқылдап күлді бұл сөзіме. Изектеп біраз ойланып қалды. Қол қоюшылардың есімде барларын қазбалап сұрар ма екен деп дайындалып едім, оны да қойып, басқаша сұрау сұрады.
- Ең жоғарыға секірмей-ақ өлкелік үкіметтің жоғары сотына не себепті жазбадыңыз?
- Ең мықты панамыз орталық болған соң, ең қатты қысылғанымыз да сол адрес қана есімізге түсіпті.
Лиң секретар Үрімжідегі қолбасшы секретарының бұл мәселедегі позициясын білетін сияқты, «орталықтың Шинжаңдағы өкілі Уаң секретар естеріңе қалай түспеген?» дегенді ашып сұрамай жымиып, орағыта ескертіп қана өтті:
- Арыздарыңды орталықтың ең жақын жердегі – Үрімжідегі өкіліне жазбайсыңдар, Бижіннен жауап келгенше үкім орындалып болыпты.... Енді не істейсіңдер?
- Не істейміз, атылғандары кетті қайтып келмейді. Қалғандарына қамқорлық келер, нақақ делоны қайта тексертер, қандықол жалақорларға тиым салар!
- Дұрыс-дұрыс, солай болады. Егер қателік болса, орталық комитеттің түзететіні сөзсіз! Осылай үміт күткенің жақсы, Биғабили мырза! Шындықты іс жүзінен іздеу жөніндегі жаңағы сенің түсінігің өте толық. Партия сөзсіз солай қарайды! –деп сағатына қараған секретар, айтпақ негізгі пікіріне келгендей, ырғалып қойып жалғастырды сөзін. – Ал, арыздарыңа жауап ретінде орталықтан нұсқау келгенше бұл үкімді ешкім бұза алмайды. Бұзу түгіл, аздап түзету туралы пікір ұсынғандар идея жағынан өздерін тексеруге тиісті болып тұр. Үкімді қаралайтын мұндай сөзді мұнан соң басқа ешкімге сөйлемей күт, өзіңе үлкен мәселе болып қалмасын! Ертеңнен бастап, Маужушидың «жаңа демократизм» туралы шығармасын негіз етіп кадрларға үйрену жүзргізіледі. Дос пен қасты айыру туралы осы үкімдер де ісжүзіндік мисалға алынуы мүмкін. Егер сен айтқандай бірер қателігі болып табылған күнде де мұнда жазаланушылардың көпшілігіне қолданған шара дұрыс қой, істі негізгі үлкен жағынан қарап бағалауың керек. Әрекетті қаралап қоюшы болма, жалпы төңкеріс жолымыз негізгі жағынан дұрыс. Халықтық демократия мен дектатураны халық санасына, кадрлардың санасына дұрыстап орналастыруымыз қажет, негізгі нысана осы!... Сендердің наразы болып арыз жазғандықтарыңды аймақтағы саяси заң орындары да, ерекше сот өкілдері де естіген екен. Түзету беріп қоюды бізге тапсырыпты. Кейбіреу өзіңе сын айтса, жуас қана жауап бер, тіпті үндемей қоя сал! Мақсатың дұп-дұрыс. Маған шыншылдықпен жақсылап түсіндірдің. Ештеңе болмас, күдіксіз жақсы істей бер!
Аупартком секретарының алдынан осылай шындық пікірімді баяндап-та, өзінің шыншыл, тап-таза жүрегі барын байқап та шықтым. Өзінің сақтандырушы жылы сөзіне де, жылулы райына да разы болдым. «Халықтарды бостандыққа жеткізуші – коммунизмші партия кадры, бәсе осылай болса керек қой!» деп жүрегінен жылынып шықтым. Ал, әлгі «шайка» табушылардың ендігі мына зейілдігіне ызамен бірге күлкім де келді. Баяғыда бір қатігез шалдың әйелі өзінен күшті екен. Қамшысын үйіріп қоқаңдай берген «батырының» алқымынан ала түсіпті де алып ұрып, кеудесіне мініп отыра қалыпты. «Батыр» тулап-тулап аудара алмай, әйелі басып отырған қолындағы қамшысын ескертіп, «қатын деймін, үй қатын, тап көзіңе қамшы тиеді енді, тұрып кет деймін жаныңның барында!» деп кіжінеді дейді. «Қатын, қатын, көзіңе қамшы тиеді!» дейтін мәтел содан қалған екен.
Нақақ шығарған үкіміне қарсы пікір айтушыларды бұл зейілдер де солай қорқытып жуасытпақ тәрізбен өзімізді сындатпақ болғанына мырс-мырс күле беріппін. Кеш түсіп, қызметтен қайтысымен Өмірбектің үйіне қарай беттедім. Мекемеден бірге шыққан қызметкерлерде дағдыдағы қалжың-күлкі жоқ, жым-жырт, түнде жауған қарлы жаңбырдың лайсыңынан сақтану ма, иә, ертең басталатын «үйренудің шарпуынан сақтану ма, әйтеуір бір сақтану жиырылысы пайда болған сияқты сүмірейсіп, сыбдырсыз-дыбдырсыз жөнелісті. Батып бара жатқан күннің де сондай сақтықпен жым-жырт сүңгіп бара жатқандай көрінуіне жымия қараппын. «Ал, күн ана бұрын саңғырлап күліп, даңғырлап сөйлеп батушы ма еді!» деген оймен күліп жібердім. Маңайыма қарап, өзімнің де сондай сақтықпен күдік сезіміне оқыс тап бола қалғаныма қынжылдым сонсоң. «Адамзат Құдай тағалаға да ойыншық емес. Оны бар деп сенушілер «жаратқандығы» үшін алғыс айтуды өздеріне шарт деп білсе, сол жаратушының өткізген қателік-қылмысына пікір айтуды да шарт деп білуі қажет қой. Солай етсе, Құдекең де қылмысты іс істей беруден аяғын сақтана басуы мүмкін шығар. Математиканы жаратқан адамзаттың ұлылығы осындай дәлшілдік-шыншылдықта ғана!
Өмірбектің отауына осы ұжданмен қайралғандай жарқылдап, ірі мінезбен кіріппін.
- Үй, өзің қай күшіңе сеніп батырымсынып жүрсің? –деп жымия қарсы алды үй иесі.
- Не бопты батырымсынбайтын, бостандыққа жетіп, төрт түрлі еркіндік алғанымызды естімей мылжиып отырмысың!... Қазір Нұрияштан басқаның бәрі бар менде, тірі болса, оным да табылады!
- Ертең басталатын үйрену, арыз жазғандарға күйзелу ала келетіндігін естімедің бе?
- Естідім. Одан күйзелетін не бар! Компартия осы ауданға да келіп орнығып болды ғой! Сенше «үйі түскенде миы түсетін» жаман болмаспын!
- Е, бүйте берсең, миың түспегенін көрермін. Тұрсын ағаңдікінше шашылып та кетер! Сенім жағынан Шәкен сенен кем бе еді! –дей салды да келте мұрнын тартып қойып, кейінгі естігенін сөйледі. – Олардың үстінен шығарылған үкім Үрімжіден бекітіліп келіпті деген сөз бекер екен. Үрімжіден сары киімді бір өкіл ғана келіпті. Бекіткен сол екен. Мұндағы заң кадрларына қолын бір-ақ сілтеп, атылсын дей салыпты!...
Лиң секретардың «ерекше сот өкілі» деп атағаны есіме түсе қалды.
- Бәсе, әскери сот келген екен ғой! –деп күрсіндім. – Соғыс кезінде басып алынған жерге келе сала «ананы ат, мынаны шап!» деп бұйыра салатын әдетімен атқызған екен ғой!
- Ие, сол әдет бар сияқты. Әскери кескіндікпен көз ашқан Уаң Жың ағаң, сол мінездің атақты өкілі емеспе!... І...м, ендеше к...ңді қысып жүр, келе салып дамоллаларға «Құдайыңды да атамын» деген батыр, сенің тіл безеуіңе көнеді екен деме! Өзіңмен Лиң секретар сөйлескен шығар?... Сен жазған арызға қол қоюшылардың бәрімен сөйлесіп жатыр. «Үйрену жүргізіледі, сын айтылса жуас бол!» деп бәрімізге тапсырды. Сонда... жуас болғанда қалай жуас болу керек? Үкімнің нақақ жерін нақақ демей, мойындай сал деген сөз емес пе бұл!
- Жоқ, шындықты бұрмалап мойындай салу, үлкен қателікке соғады. Сынға жуас боламын деп ақты қараға айналдырып мойындай салу жуастық емес, ластық. Марксизмше жуас болу деген, құлға айналу деген сөз емес, адал төңкерісші болу деген сөз. Мұндай даулы істе жуас бол десе, жуас сөйлеп-ақ жалған, мен жаланы жуадай жұл! Оны төңкерістің әділ қызметіне азық ет! Бұдан басқа жуастықтың жолы болмайтындығын көргенбіз ғой!... Дәл осы үкімнің қателігі партия мен үкіметтен емес, заңнан емес, айырым жалақорлардан туылды. Қай жерде де осылай сөйлесең болғаны!
- Әттеген-ай, Шәкеннің сол жалақорларға жем болып кетерлік бір қате сөзі бар екен-ау! –деп күрсінді Өмірбек. – Анау күні саған келген жалақор тергеуші дәл сол шақта тімтініп жүріп тапқан екен. Бижіннен қайтып келген соң Шәкен, «қытайлар бақа мен жыланды, итті де жей береді екен» деп қойыпты ғой біреулерге. Сонысы «бүкіл қытай халқына қарсы кері төңкерістік үгіт» болып табыла кетті.
- Осы тапқан фактының өзі де дәл қазір белгілі дәрежеде қателік болғанымен, өлімге бұйыруға жарарлық факт емес. Қытай халқының уытсыз азықтығы бар мақұлықтарды талғамай жей беретіні рас. Көне замандарда тұрмыс таршылығынан пайда болып, қалыптасып кеткен әдет. Онысын өздері де, басқа ұлттар да біледі. Басқа жерлес-бауырлас ұлт еңбекшілері ол әдеттері үшін жауласқан емес. Ұрлап, иә, зорлап жемей, адам жемей, сондай ашық алалдықпен күнелте алатын ырыздығы мол өміршеңдік қасиеті бар жұртшылыққа шындығында өштесудің қажеттігі жоқ қой. Онысы үшін өштесетіндер тек әр ұлттан шығатын адам жегіш, дін жамылғыш шонжарлар ғана. Ал, дұрыс ниетті сот келіп, Шәкеннің ашаршылықтарда жеп өскен желкегі мен өлекселерін, қан мен кебегін білетін болса сол сөзді ханзулармен жауласу үшін айтпағандығын да білер еді. Ату түгіл түрмелемей де ескертіп түзете салу жағында болар еді. Сайып келгенде оны атқызған компартия мен Марксизм емес, ал енді...
- Әлия келе жатыр! –деп сырттан Меһір асыға кірді осы шақта. – Ол енді саған тыңшылыққа келді, Биға!..
Шынтағына қоңыр жамау бастырылған сұры кастюмы мен сары сым киген Әлия іле-шала сылдырап сөйлеп кірді есіктен.
- Екеуің тағы да отырыпсыңдар ғой, е-һе-һе-һе!
- Е, отырмағанда сен екеуіңді тағы да қайте бермекпіз, о-хо-хо-һо! –деп Өмірбек әдейі оқырана күлді. Меһір қосыла күлді де, Әлия бұртия қарады оған:
- Қойшы енді сондай қалжыңды!
- Қашаннан бері қойып едің?... Олай болса, Қасенің туралы қалжыңдайын ба, Үсенің туралы ма?
- Қой деймін енді, жалаларыңды қоздата бермей!
- Өзің қоздатып, қоздатып алып, «қой» десең, енді боталағаныңда ғана боздатайын ба!
Меһір бұл сөзге қыстыға сықылықтап шығып кетті. Өмірбекке ашумен тікірейген Әлия көзінің қиығымен маған да бір қарап қойып күлімсіреді:
- Биған аға екеуіміз мұндай қалжыңды қойғанбыз, ие!
- Ие, лажысыздықтан әрең қойып жүрміз ғой әйтеуір, Құдайға шүкіршілік! –деп жымиған маған енді салқын сызбен қарап отырып қалды. Былтыр күздегі үгіт сапарымызда Жаң туанжаңның сұрауы бойынша, айрылысып кеткен себебімді түгел мәлімдеп, іркес-тіркес «қалыңдық болған» жігіттерін айтып бергенмін. Әлияның жүзінен сол «қылмысымды» естіген-естімегенін іздеп мен де қарап қалыппын-білмейтіндей, әлі де үмітті өштіксіз өкпелі шырай ғана байқатты Әлия. Өмірбек әлде не оймен майлы көзін жұма жымиып, сыртқа шығып кеткен соң сөйледі:
- «Лажысыздықтан әрең қойып жүрміз» дедің бе?... «Құдайға шүкір» дейді тағы да! Шынымды айтсам, мен әлі қояйын деп жүргенім жоқ! –деп сылдырай күлді. – Сен қойсаң өз еркі, менің саған деген достығым мәңгі сақталады!.. Шәкен туралы қатты қайғырып жүрсің, білем, сөйлемейтін болып алдың. Мен тіпті қатты өкінемін сол кісінің де кері төңкерісші болып кеткеніне!
- Ие, сенің тіпті қатты өкінетін жөнің бар, -деп томсардым мен. – Былтыр бүйіріне қанша жабыссаң да бір құшақтай алмай қалдың-ау бишара!
- Қойшы мархұмға олай қалжың айтпашы енді, аға деп жақсы көргенім болмаса... Өзінің кері төңкерісші болғаны рас па? Қалай атылды, кім атқызды өзін, ел нақақ деп жүр, барып келдің ғой сөйлеп берші!
- Жә, өзің сөйлеп берші, мекемеден менің соңымнан шығып едің, мұнда келерің бар, менімен неге бірге жүрмедің?... Алдыңнан Сәрсен тосып, бері қарай сол «қуалап» жіберді ғой, ие?
- Жоға!... Екеуімізді Сәрсен таныстырып па еді сонша! –деп өзінің орынды сөз тапқанына сықылықтай күлді Әлия. Өзім .. осында бір көріскім келді... Шәкен ағаны сол кері төңкерісшілдікке қимай, ызадан ұйықтай алмайтын болып қалдым. Анығын оңашада бір сұрап алайын деп, -деді де бетін басып, көзін сүрткен болды. Ол сүрткілей бергенде түрегеліп, жөнеле бердім. – Қайда барасың?
- Дәретке...
Сол кеткеннен ертеңіне таңертеңгі үйрену жиынында бір-ақ кездестім Әлиямен, орнымыз аудандық үкіметтің кішкене залы болып белгіленген. Оқу бөлімінен, халық істері бөлімінен, сақшы мекемесінің саяси бөлімінен, тыныштық пен демократияны қорғау одағынан құрылған жалпы отызнеше қызметкер бір группа болып бөлінген екенбіз. Үйренетін шығармамыздың ханзуша нұсқасы мен тізімімізді Жаңбужаң әкеліп, Сәрсен саясатқа ұстатты да өзі бір бұрышқа барып отырды. Группа бастығы Сәрсен, орынбасары Ербол балатындығын, сол түкпірге барып отырып ап айтты. Сәрсен аударып оқып күшене бастағанда, Қазақстаннан арап әрпімен басылып келген қазақша нұсқасын Ербол суырып алып, судырата жөнеліп еді.
- Жоқ-жоқ, түп нұсқасының өзінен аударуға жетпейді! –деп Сәрсен, қолын шайқап-шайқап қалды, көпшілік ду күлді.
- Сенің аударуыңнан жетігірек шығар деймін! –деп күлді Айыржап. – Сенбесең ханзушасына қарап «тексере» отыр.
- Сәрсен саясатқа осылай «тексерте» отырып оқытып, үйренушілердің ұқпаған жерлерін ұғатындарымыз түсіндіріп ескерте отырып оқып, әр күні таңертең екі сағаттық уақытпен бір аптада бітірдік. Үйренудің бұл сатысында Сәрсеннің саяси сауат жағынан маған тікірейген мүйізі майрылғандай болды. Өйткені Қазақстан аудармасынан оның тексеріп қатеге шығармақ болған сөйлемдерінің дұрыстығын мойындата бердім. Өзінің қате түсінгендігін жай да мойындатпай, желкесінен баса мойындатқандаймын, әр таласымыздан бір күлкі шықта да отырды. Бұл үйренгеніміз, Жұңго қоғамының жартылай феодалдық, жартылай отарлық сатысынан сотциялизмге өтуге дайындалатын аралық дәуір «жаңа демократизм туралы» еді. Үйренудің екінші сатысына екінші аптада өттік. Бұл сатыда сол үйренгендерімізді қазірге дейінгі тарихи ақуалдарға, қазіргі іс жүзіндік әрекеттерімізге байланыстырып талқылайтындығымызды Жаң Бужаң сөйлеп түсіндірді. «Тартынбай талқылаңдар, алдымен қазіргі осы қоғам тралы әркім өз түсінігіне реалды мисалдар алып сөйлесін, кемі болса толықтырып, қатесі болса түзету айтыңдар! Басқа ешқандай мәселе жоқ, тек, танымды арттыру қажет. Ол үшін дұрыс танымға жеткенше тартысыңдар, аянбаңдар!» -деп тастап, бұрышына қайта отырды. Қасындағы аударушы Мұқан жазатын қағазын жайып салып, жалақтай қарады жан-жағына.
- Қанеки кім сөйлейді?... Уақыт сырап болмасын жолдастар, тез-тез сөйлеңіздер! –деп дығырлата түсті Сәрсен. Қазіргі Жұңго қоғамының жартылай феодалдық, жартылай отарлық бейнесін дәлелдеп үш адам сөйлеп болысымен тыржия қалды өзі.
- Уай жолдастар, бәріміздің танымымыз бұрыннан солай түп-түзу ме еді!... Жұңго қоғамын бәріміз осылай, Маужушише түсінуші ме едік!
- Енді қалай? –деп қалды біреу.
- Е, қате түсінік зәру болса, өзің сөйлесеңші! –деп біреуі көсіп қалды. Алалдықпен мойындағансып, күліп жіберген Сәрсен, басын изеп-изеп жіберіп рұқсат сұрады.
- Сөйле десеңіздер сөйлейін, сөйлейін! Рұқсат па жолдастар? –деп изектей қалды. – Міне ендеше, өзіндегі мәселені ашу деген былай болады. Қанхор Шың Шысайға да қызмет істеп бергенмін мен. Мінеки! Соның алты саясатын үгіттейтін саясат мұғалімі болғанмын. Ол кезде мен гоминдаң басқарып тұрған Жұңго қоғамын феодал жиянгерлік деп түсінгенмін. Гоминдаңнан солай жиренгендігімнен Шың Шысайдың саясат мұғалімі болдым. Оның қаншалық зор қылмыс екендігін, мінеки, ұлы Маужушидің қамқорлығында енді ғана түсіндім. Сол саясаттың оқытушысы болғандығым, Шынжаңды ұлы Жұңгомыздан бөліп, қанқұйлы Шыңның өзі жеке карол болуына қызмет істеу емей немене!, бұдан үлкен азғындық бола ма, а!
- Азғындығың бұл емес! –деп күліп бөлді Ербол оның сөзін. – алты саясаттың өзі социялистік Совет одағының талабы бойынша жасалған дұрыс саясат болатын. Ол саясаттың оқытушысы ғана болсаң, төңкерісші болғаның! Өзіңді өтірік қаралама, зужаңым байқұс! Онан да Шың Шысайдың қандықол сақшысына жасос болғаныңды айтсаңшы! Қанша төңкерісшіні ұстаттың!
- Жо-жоқ, Ербол жолдас! –деп Сәрсен Жаң бужаңға қарады. – Жасос болғаным жоқ, сөйлеп болайын!
- Өзі сөйлесін, өзі сөйлесін! –деді үгіт бөлім бастығы. – Сәрсен жолдас жақсы сөйлеп отыр! Әркім осылай өздігінен, өз идеясын қазып сөйлеген жақсы!
Сәрсен енді өзінен-өзі жиренгендей бейне көрсетіп, күрсіне тыжырынып жалғастырды сөзін:
- Сол азғындықтан жүзіміз жанбай келіп гоминдаңға өттік. Менің мақұлықтығым сонда, оның әзәзілдігіне тағы алдандым: «феодал жиянгерлік қоғамы» деген танымымды быт-шыт қылып, Жұңго қоғамы ұлы көсеміміз Жаң Зұңсайдың басшылығында құлдық пен отарлықтан құтылған еркін демократиялық қоғам деп түсіндірді. Мен еркіндікке енді жеттім деп түсіндім. Сөйтіп, азғындағаннан азғындап барып санмиңжуиидің1 оқытушысы болдым. Санмиңжуиидің маған өте мөте ұнағаны «ұлтшылдығы» болды. Бірнеше ғасыр бойына мұңғыл мен мәнжу хандығының тепкісінде келген ұлы ханзу халқы ұлтшыл болып, өз тәуелсіздігін сақтаса, одан үлкен мұрат бар ма деп түсіндім. Сол түсінікпен Дөрбілжін аудандық прқаның үгіт бөлім бастықтығына дейін көтерілдім. Сөйтіп, гоминдаңның қабан жендеті, яғни, кернейі болып кеттім. Үш аймақ төңкерісі басталғанда, мен партизандарға төңкерісшілдігіммен емес, сол қылмысымнан қорқып қашқаным ып-ырас. Мінеки жұп-жуас әкемнің бар малын сол төңкеріс расхотына сол қорыққандығымнан шәшіп, тақыр жерге отырғыздым. Барлық қателесуімнің түпкілікті негізі қоғам тануымның қателігінен болған. Жартылай феодализм, жартылай отар қоғамының перзенті екендігімді маған міне ұлы Маужуши ғана толық түсіндіріп беріп отыр. Бұл қамқорлыққа шексіз қарыздармын. Жолдастар, енді қателеспейтіндігіме сенімім толық!
- Сөйтіп екі дәуір қарақшыларының халыққа қарсы шпионы болғандағы қылмыстарыңды айтпай-ақ кеткенің бе? –деп күлді біреу.
- Жолдастар мен жазуыздықтың осылай шегіне жеткендігімді, гоминдаң прқасында бастық болғандығымды айтып отырғанымда, егер істеген болсам шпиондық деген сөз бе. Ол, гоминдаңның ең төмен қара жұмысшысының міндеті!
Сәрсеннің осы түлкілігіне қарсы сөйлеуге менімен бірге бірнеше қол қатар көтеріліп еді.
- Дажа-мажа, Сәрсен жолдастың бұл сөзі өте әсерлі болды, -деп Жаңбужаң басу айтты. – Бұрынғы қуыршақ үкіметтерге істеген осы қызметтері арқылы нақтылы өткізген қылмыстарын парткомға өздігінен тапсырды, әлі де тапсыра бермек, өздігінен тазалану рухы жеткілікті. Оны сөйлету үйренуіміздің характеріне сыймайды және уақыт алады. Бұл үйренуде таным жағынан дәл осылай сөйлесе болғаны!
- Бұл қу өзін иянаттай отырып киген мына қалпақтарының астынан мәселе түгіл өзі де табылмас, -деп күрсіндім мен. – Маужуши айтқандай конфет қағазына бомбы орап ұстатып өте бермек!
Тағы біреу рұқсат алып, өз танымын сөйлей бастағанда Жаңбужаң менің бұл сөзімді Мұқаннан сұрап тыңдап, естелік дәптеріне жазып алды. Мұнан соңғы сөйлеушілердің бір сыпырасы Сәрсенше сөйледі. Тіпті өзінде болмаған «мәселені» де тауып, қалпағын неғұрлым үлкейтіп киюге тырысу, үлгіге айналғандай. «Қылмыспен» жарыта алмайтындарының жүзі төмендеп, ұялатынды шығарды. Өзіме сөйлеу кезегі келгенде мен:
- Қылмыссыз адамдар сөйлей алмай қиналып отыр! –деп бастадым сөзімді. – Біздің қазіргі талқылап отырған тақырыбымыз, Жұңго қоғамының жартылай феодализм, жартылай отарлық халі туралы еді. Қоғамның осылай болып қалу себебін табу үшін өзіме ғана үңілсем мен де сөйлей алмайтын сияқтымын. Өйткені оған мен тіпті де қылмысты емеспін. Ал, негізгі қылмыстыларды Маужуши шығармасынан толық үйрендік. Олар шетел жиянгерлігі, өзіміздегі феодализм мен бирократ капитализм екен. Бұл жауларға менің титтей де ымыраласқан жерім жоқ. Бұлардың өзара қалай келісіп, біздің қоғамды осы халге қалай түсіргенін сөйлей бер десеңіздер түбін түсіремін. Сөйлейін бе, сөйлемейін бе?
Көпшілік күлкімен қарсы алды да «басшылықтар» бір-біріне қарасып, ойланысып қалды.
- Сөйлесін, сөйлесін! –десті бірнешеу. – Биғабіл жете түсіндіріп сөйлейді! ... Ол сөйлесе, артық болмайды!
Сәрсен Жаңбужаңға жүгіріп барып күбірлеп-күбірлеп жіберді де, бас изетіп келіп отыра қалды орнына. Күбірдің сырын алдымен үгіт бөлім бастығының өзі ашты:
- Өз әрекетінде болған кемшілік-қателіктерді соған байланыстырып сөйлесе болады!
- Бұл тақырыпқа байланыстыруға лайықты кемшілік-қателігім жоқ! –дегенімде Сәрсен, бауырмалдық білдірген кісіше күлімдей бастады сөзін:
- Биғаш, адам өз кемшілігін бірден тануы қиын. Мен есіңе түсіріп көрейінші, рұқсат па?
- Рұқсат, рұқсат! Өзім таба алмай қиналып отырғанымда көмектесе алсаң алғыс айтармын!
- Мәселен, біз осы үйренген шығармамыздан «халық» деп, дос деп кімдерді танитындығымызды білдік қой, Биғаш? Ал, жаңа өзің айтқандай жартылай феодалдық, жартылай отарлық халге түсіріп қойған жау деп кімді танитындығымызды да білдік қой?
- Ие, білдік дедім ғой!
- Білсең, енді өз мәселеңді, мәселен, осылармен болған байланысыңнан іздеші!
- Іздеп таба алмадым дедім ғой, «мәселен» осы «жартылайлардан» бүтіндей құтқарып социялизмге жеткізетін өтпелі дәуірдегі дос таптарға істеген қастығым болмапты да, жауларға достығым болмапты. «Мәселен» білсең айтып-ақ берші қане!
- Мәселен халық дегеніміз – жұмысшылар табы, егіншілер, ұсақ буржуазия, ұлттық буржуазия. Солай ғой, Биға? Мал иелері де осы қатарда. Қазір тиіспейміз. Оларды тергеу, түртпектеу дегеніміз – бұзғыншылық. Яғни жау жаққа шығу деген сөз. Осы жағынан өткізген мәселеңді ойлап көрші! «Кім халық жақта тұрса, сол төңкерісші, кім жау жақта тұрса, сол кері төңкерісші» солай ма, Биға? өзіңді Маужуши үйреткен осы таразымен өлшесең қате кетпейсің!
- Кітаптан алған сөздерің – маужушидың сөзі ғой, әрине дұрыс. Өзің қосқан сөз – Сәрсеннің сөзі, әрине қате. Мәселен, мал иелері де халық қатарында деген сөз кітапта жоқ. Бұл таптың феодалдық жағын тектемейміз деген сөз де жоқ. Мен ғой, қызды малға сатып, малша байлап-матап жоғалтқан екі байды ғана тергедім, мұны маған ескертпей, қай жақта тұрғаныңды өзің ескергенің, өзіңді тексергенің жөн!
Көпшілік ду күлді бұл қайтармама.
- Ал енді өзің айтқан дұспан жақпен болған байланысыңа келейік, -деп екінші шабуылға ыңғайланған Сәрсенге ашу шақырды екі кадр:
- Сен басқаға көмектесуден бұрын алдымен өзіңе «көмектесушілерге» жауап беріп алсаңшы ей!...
- Бұл қалай өзі! Бар мәселені жауып қойып, жоқ мәселені іздете ме екен!
- Тоса тұрыңыздар жолдастар, -деп тоқтаттым оларды. – Бар мәселе ешқайда кетпейді, жоқты іздесу керек. Бардам кісінің жоқшылық көрген кедейге «көмектесуі» жақсы қасиет. Қиналғанда әрең тауып отырған «көмекшімді» тоқтата көрмеңіздер! Ал, сөйлей бер Сәке! (Сәрсен сөзін көпшілікпен бірге тағы да күле жалғастырды.)
- Расында былай, жолдастар, бұл үйренуде биғашқа көмек қажет болып отырған себебі бар. Және қателіктерін түсінбей отыр. Мәселен, Алдыңғы сөзінде бұл қоғамның жауларына «титтей де ымыраласқан жерім жоқ» -деді ғой. Енді соған келейік!.. Биғаш, біздің негізгі жауларымыз жиянгерлік, феодализм, бирократ капитализм» дедің ғой солай ма?... «Кім жау жақта тұрса, сол жау». Мәселен, солардың атылған Шәкен сияқты кері төңкерісші құйрықтарын ақтау деген, ашықтан-ашық жаулық, солай ғой Биға! Шәкен атылғанда нақ сол майданның өзінде жыладың ғой!
- Кітаптан қосқан сөздерің дұрыс, өзің қосқан мисал қате. Жоғарыға арыз жазғаным рас, ол атылғанда жылағаным да рас. Кесіп айта аламын, Шәкендер Маужуши шығармасындағы осы таразы бойынша өлшеніп атылған емес. Сондықтан, бұл туралы партия мен үкімет жазықты емес!...
- Енді қалай, партия мен үкімет оны көрмей атқызды ма? –деп тікірейді Сәрсен.
- Сен сияқты жалақорлар атқызды!... Шәкеннің үстіне үйілген жаланың ішінен сенің қосқан жалаңды өз көзіммен көрдім. Былтыр біздің үйдегі отырыста Шәкен сен жазғандай қылмыс істеп пе еді!
- Не жазған екен? –деп елең ете түсті біреу.
- Сөйлей бер, Биғаш!
- Біз де естиік, сөйле, Биға! –деген бірнеше дауыс қатар көтерілді. Сақшының саяси бөлімінен үйренуге қатынасқандардың біреуі басу айтты дүрліккендерге:
- Тәртіп-тәртіп! Біраз тоса тұрыңыздар! –деп тоқтатты да Жаңбужаңмен күбірлесе кетті.
- Сенің сөзің бітті ме, бар ма? –деп бастық бір аз уақыттан соң Сәрсеннен сұрады.
- Бар, бар, әлі жарымы бітпеді!
- Биғабили мырза, олай болса, алдымен группа бастығының көмегі сөйленіп болсын!... Дұрыс па, дұрыс емес пе дажа-мажа?...
- Сөйлесе, сөйлеп болсын! Бірақ әлгі сұрауға қарай Биғабілдің толық жауап беретін құқығы бары да есіңізде болсын! –деді Ербол. Оның да бүксі танауы түрегеле түскен екен.
- Жолдастар, мен Биғаштың өзінен ешқандай мәселе таба алмағанына қарай, өзінің де талап етуіне қарай есіне түсіру үшін ғана көмектесіп отырмын, басқа ешқандай қарарым жоқ!... Ал, Биғаш былтыр біз парткомның бөлмелерін ақтап жатқанымызда, сен ақ жібек көйлекпен кіріп келе жатып не дедің өзің айтшы!
- Қақпаға шығып келе жатқан екі буаз әскер көрдім. «Ой аллай, буаз әскер көргенім осы!» дедім!
Көпшілік ду күлді тағы да. Сәрсен тәртіпке шақырып алып сөйледі.
- Дәл айттың, жарайсың!... Ал, жолдастар ол әйелдердің біреуі мына Жаңбужаңның Рапиқасы, бірі ұйымдастыру бөліміндегі Либужаңның Рапиқасы. Оларды масқаралаушы білімді бас инспектор Биғабіл. Білмей сөйлеген надан біреу емес. Ал, жепаңжүн, халықтың бірден-бір құтқарушы армиясы. Ол екі жолдас сол қатардан келген аупартком қызметкерлері. Ал, бүкіл жепаңжүнді, тіпті коммунистік партияны осылай масқаралау, қай майдандағы адамның ісі!... «Кім жау жақта тұрса, сол жау» екендігін түсінесің ғой, Биғаш. Қай жақтың адамы екеніңді өзің сөйлеші енді!
- Сөйле дегенің дұп-дұрыс, сөйлейін. Мен Жұңго компартиясымен оның армиясы – Жұңго халқының бірден-бір құтқарушысы екендігін дәл сол кезде біле тұрып сөйлегенім рас. Және буаз әскер дегенді дәл сол аулада ғана көргенім де ып-ырас. Одан бұрын буаз әскер көрсем көзім шықсын! Көпшілік ду көтере күлді бұл сөзіме. Күлкіні қоя тұралық жолдастар, менің жауабым жаңсақ жазылып қалмасын, дуылдамаңыздар, сөзім бітпеді!... Ал, сол екі ғана әскери жеңгемнің буаз екендігін тосыннан көріп таңданып қойғандығыммен бүкіл партияға, бүкіл армияға, ол арқылы бүкіл халқыма жау бола қалмақпын ба! Мынауың да пәлендей өнімді «көмек» болмады, Сәке! Жұңго халқының осындай жүкті әйелдеріне дейін мылтық ұстап, майдандасып жүрген себебі, жауымыздың мен сияқты қалжыңшыл емес, өзің сияқты қанішер болғандығынан шығар!... Ал, жауап бергізгеніңе рахымет! Енді басқа қылмыстарымды «есіме түсіре бер»! Әйтеуір көмек бергің келсе көзге көрінерлігінен бере көр!
Мұқанның аударуынан тыңдаған үгіт бөлім бастығы да қызара күліп қарқылдап отыр екен. Сол екі әскерді «буаз әскер» ататып қойған екі «қылмыскердің» бірі өзі болғандығынан қызарғаны ғой. Сәрсен шабуылға енді шаптыға өтті:
- Биғабілдің әйел-қыздарды бұлай қорлау ғана емес, аяқ асты етіп, тастап кеткен шіріктескен қылмыстары да жетерлік. Мұнда да бұлтартпайтын факттер бар. Биғабіл, сенде феодалдық идея бар ма, жоқ па? Алдымен осыған жауап берші өзің!
- «Шіріктескен», «әйелдерді аяқ асты еткен» қылмыстары да жетерлік» дегендерің тіпті ұждансыз жалақорлық! Олай делінетін себебі, бір ұждансыз – штансыз жезөкше үшін ақтаушы болып, тап-таза стилдің адамын қараламақ!... Өздігінен көп адамның аяғының астына түсіп кеткен бір салдақы үшін мен «шіріктескен», «феодал» болып қараланбақпын ба! Бұл қалпақты сол жезөкшең мен өзің ғана ки!...
- Бап жауап осы болды! –деп гу ете түсті бірнешеу. Әлияның жайын білетіндер оған үңіліп, оның бұғып алғанына күлісіп отыр екен.
Менің қатал жауап қайтарған мәселем, Әлия жөнінде екендігін енді түсінген Жаңбужаң оған да бір қарап жіберіп ұшып тұрды:
- Бұл жауап осымен тоқтап қалсын! –деп басын маған білінер-білінбес шайқап қалды да Сәрсенге қарады. – Бұл туралы өзі сөйлегеннен басқа мәселесі болса, айырым жазып бер, ал, бұдан басқа тақырыптағы пікірің болса, сөйлей бер!
- Жолдастар, мен Биғабілдің бірнеше мәселесіне көмектестім. Бірақ бірін де қабылдамай, өзіме қарсы ұшып отыр. Сонда да ойлансын, есіне түсіріп қояйын деген ниетпен ғана сөйлеп отырмын. Енді біреуін айтып көрейін. Сонан соң сіздер де сөйлеңіздер! Есіне түсіру – дұрыс тануына көмектесу, дұспандық емес, достық.
- Биғабілдің өзінің есіне түсу үшін емес, қағазға түсу үшін деп тым болмаса бір рет шыныңды айтсаң сөйлер едік! –деген біреуінің сөзін бірнешеу күле құптады. Осы жиындағы қотыр сөзді қолдап, шын сөзді елеусіз қалдырып отырған басқарушының олақтығын да осы күлкімен ептеп шымшылап жатты.
Бұл күлкіні менің сөзім тоқтатты:
- Бірін емес, бәрін-ақ сөйле, -дедім Сәрсенге қарап. – Сый қылсаң сыпыра болсын, нысанаңа бірі болмаса бірі тиер, бүрке бер!
- Биғаш, сен төңкерістік бірлік сапқа ежелден қарсысың ғой, -деп сабақтады енді Сәрсен. – Моллаларды, дінді көміп тастаймын деп 47-ші жылы осындағы барлық бірлік сап адамдарын дүрліктіргенің рас қой, сондағы мақсатың не еді?
- Мақсатым төңкерістік бірлік сапты қорғау үшін мектептегі ғылым сабағына, материализмге қарсы тұрған кері төңкерісшілерді, атап айтқанда сенімен Набиолла молланы ғана аластау болатын. Ондағы мәселені осындай отырғандардың бәрі, тіпті, Лиң шужи де біледі. Бұдан басқа шындыққа сәл жақынырақ «көмегің» бар ма?
- Жолдастар,, Биғабілдің райын байқадыңдар, енді біраз сөйлесем, жұдырық ала жүгіретіндігі көрінді ғой, онысына тап болмай, осымен тоқтата тұрғаным жөн шығар. Биғабіл осы үйренуден хабарланған күннің кешінде өзінің Тұрсын-Шәкен шайкасын ақтаушы ең тіректі серігімен жасырын сөйлесіп алған. Үстінен түскен бір жолдасқа, «сені Сәрсен жіберді ғой» депті де шығып жүре беріпті. Сондағы ақылдасқандары мәселелерін қалай жасыру, әшкерелеушілерге қалай соққы беру екендігі беп-белгілі. Мен осымен артын күте тұрайын. Ал, сөз көпшіліктікі.
- Ей, Сәрсен, -деді Ербол – «көмегіңе» өзі зәру болып, талап етіп отырғанда қыңыратқымай сөйлеп ал! «Жұдырық ала жүгірсе» мына сақшылар не бітірмек, біз не бітірмекпіз! Әшкерелейтін мәселең болса, осындайда ақтарып ал! Байқасақ бәріміз де саған ерекше құқық беріп отырыппыз, сөйле!
- Енді несін сөйлемек, бітті! –деп мен қарқылдап күлдім. - Сәке өзіңді-өзің, әсіресе кейінгі «көмектеріңде» тамаша әшкереледің сасқаныңнан тіпті әнеу бір Құдай қосқан әдемі құлағыңды да әшкерелеп қоймадың ба!.. Распа, Әлия, мынауың құпиялығыңды сақтайтын опалы бастық бола алмай қалды ма, қалай! - Әлия күреңіте түссе де күлімсіреген болып төмен қарап алды. – ал енді «басшылық жолдастар, енді мені «мырза» деп қомсына бермей, сөйлеу құқығымды қайтарып беріңдер!... Осы шығармадан білгеніме өзімнен болмаса да маңымнан іс жүзіндік мықты мисалдар айтып, мен де азаматтық «көмектесу» борышымды өтейін!
- Сөйлесін, сөйлесін! –деп шу көтерді көпшілік. – Қайдан болса да амалиатқа байланыстырып сөйлесе болмады ма!
Әлгі саяси бөлімнің кадры Жаңбужаңмен тағы да күбірлесе кетті, сағатына қарап жіберіп, бірдеме айтып тоқтады. Оның ұйғарымын тағы да Жаңбужаң мәлімдеді:
- Үйрену уақыты бітіп қалды дажа-мажа. Бұл талаптарыңды үйренудің басшылық группасына жеткізіп, соның нұсқауы бойынша ертең жауап берелік, дұрыс па, бұрыс па?...
Ертеңіне таңертең мені жеке шығарып алып, не сөйлейтінімді сұрады Жаңбужаң. Шәкен туралы сөзімнің, жұртшылыққа енді мүлде кері әсер тудыратынын айтып тосты да, Сәрсен туралы көп адам білмейтін факт болса ғана сөйлеуімді қосты. Оны да ептеп қана нақтылап қана қысқа сөйлеуімді тапсырды сөйтіп.
Үйрену басталысымен Сәрсен туралы түсінік берді өзі. «Сәрсеннің қазіргі белсенділігі аса жақсы» екендігін, «өз мәселесін де үздіксіз тапсырып» жатқандығын, «әлі де сынақ астында» екендігін, егер өздігінен ада-күде толық тапсырмаса ғана жұртшылық алдында тексеретіндігін» ескертіп, "бұл үйренуде Сәрсен туралы көп мисал алмай-ақ күтудің" керектігін айтты...
Менің сөзім сол екі сағатты түп-түгел жұтып алғанын сезбей қалыппыз. Сәрсен туралы «мисалды» ептеп қана сөйлесем де, өзінің сыбағасын басына кептеп қана кигізіппін. Шын пейіліммен «нақтылап қана» ұсынған екі-үш материалым келепандай кесірлі басына шап-шақ қана қалпақтық «көмек» бола кетті. 1945-шы жылы жаздағы жиырманеше қойшыны жалдап, гоминдаң бирократтарының халықтан бұлаған 12 қора қойын Үрімжіге жеткізіп бергені сол қалпақтың «күнқағары» болып тігілген соң Үрімжіге дейін делдиген топ-тоқ қалпақ болып, қона кетпесін бе....

Әділетті тергеушім, біз сол шақта қалпақ дегенді солай шақтап қана тігіп, нақтап қана кигізуші едік. Онымыз қонымды болып еді. Қазір сіздер алтын таразыларыңыздың басшылығында найзадай шошақтап тігіп, тоқбақтап кигізіп жүрсіздер. Бұларыңыз өлімді болып барады. Киген бас дал болып өле берсе, кигізген сол қалпақтарыңыз жесір қала бермей ме. Оларыңыз улап-шулап, өз бастарыңызға жабыспай қалай күнелтпек! Әкелері жоғала берсе, өңшең жетім қылмыс, өздеріңізден басқа кімді паналамақ! Мінеки, менің жадымдағы қылмыс осыншалық арсыз.


ІІІ



Мен сөйлеп болғанда үйрену уақыты бітіп еді. Сәрсеннің сонда айтылған мәселелерін тыңдаушылар анықтап сұрауға ертеңіне кірісті. 1945-шы жылы жаз басында Үрімжіге қашқан гоминдаңшылардың соңынан 12 қора қой айдатып бергенін «қорыққандығымнан» деп мойындады Сәрсен. «Сондағы гоминдаң сақшы мекемесінің қанішер бастығы мылтығын білеп тұрып бұйырғандықтан 25 қойшы тауып бергенім рас. Әйтеуір қойшылардың пайдасын көздеп жалақысын молайтқыздым» -деді. Ал 44-шы жылы көктем мен жазда партизан үйлерін барлап жүріп, сары аяқтарды үстінен түсіріп, екі рет екі партизан ұстатқанын, «бастық болғандығымнан» деп мойындады. «Аудандық прқаның бір бөлім бастығы болғандығым үшін әрине гоминдаң қылмысы маған да ортақ қой. Әйтеуір ұстатқан барлаушы ғана басқа. Қашып кетіпті, әйтпесе мойынынан қойып берер едім!»
- Жоқ, сондағы ұстатып берген барлаушы дәл өзіңсің!... Оныңды көрген адамдар қашқан жоқ, өлген де жоқ! –дедім мен.
- Айтып тұрмын ғой, Биғаш, үгіт бөлім бастығы болғандығымнан олардың төгілген қанына мен де ортақпын деп! Мен басқа кейбіреуше «аппақпын, періштемін» деп, Маужуши сияқты дәнішпан, көреген болғанмын деп отырғаным жоқ қой!... Ол шақта қарамын, қап-қара соқырмын. Негіз жағынан гоминдаңның бар қылмысында болғанмын!... Олай үлестес болатыным, санминжуийді үгіттеп, уын шәшіппін де жүріппін ғой, бұдан зор қылмыс бола ма?
- Қаншалық молынан мойындаған болып көрінсе де, шпиондық жаққа бастырып көрші қане!
- Өзі таңдап құрама қалпақ киіп ала қояды екен де, тесігінен шығып кете береді екен, ха-ха-һа-һа....
- Әй, су жұқпас-ау мынаған!
- Су жұқсын-жұқпасын, жолдастар, мен онымен есептеспеймін, -деп түйілді Сәрсен. – Тек Маузыдұң идеясы жұқса болғаны! Барлық тіршілігім сонда ғана. Менің барлық тіршілігім, панам - Маужуши ғана! – деп айқайлап жіберді.
- Қашаннан бері! –деп жымиды Ербол.
Сәрсен іле қайырды жауабын.
- Осында Маузыдұң идеясы келгеннен бері!
- Тіліңді тартып сөйле! – Ербол зекіріп қалды. – Сендей гоминдаңнан қалған нәжесетке Маужуши пана болмақ па!... Мен енді анықтап ұқтырайын саған, Маузыдұң идеясының сен шығып құтылып кетерлік тігісі жоқ, ол құрама емес, тұп-тұтас құрыштан құйылған идея! Ол - Марксизм-Ленинизм!
Айыржап Сәрсеннен енді тұжырымдай сұрады:
- Жә, Сәрсен, сен өзіңе мисал ретінде қойылған үш мәселеге, қазірше негізгі жағынан мойындадың ғой?
- Ие, әрине мен гоминдаң прқасының бір бөлім бастығы болғандығым үшін негізгі жағынан бәрі де бар менде!
- Олай болса, қай жақтың жауынгері болып, қай майданда тұрып келген екенсің, өзің айтшы!
- Мен үш аймақ төңкеріс басталғанға дейін сөзсіз жау жақта тұрып келдім дедім ғой, жау болып келгенмін. Ал, Биғабілдің талабы бойынша... мынаны да мойындаймын: тіпті осында аупартком келгенше Биғабілдің жауы жағында тұрып келгенім ып-рас. Үш аймақтағы ұлттық төңкеріске мал-жанымды түгел салғаным тек қорыққандығымнан ғана дедім ғой!
- Олай болса төңкерістік азаматтардың үстінен жүргізген материалдарыңды заң жағынан тексеруге тиістіміз. Жала жабуыңа мүлде рұқсат жоқ! Ондай әрекет істесең қатты жазаланасың!
- Құп-құп!... Жала жапсам, тіпті, дұспан жақта болмасам да жазалануға тиістімін. Ал, реалда болған іс туралы пікір айтуымды шектемессіздер, солай емес пе!
- Сәрсен туралы сөзді осымен тоқтата тұралық! –деді Жаңбужаң. - Өз мәселесін тануы қазірше жаман емес. Осылай сөйлесе жақсы! Ал енді сөйлемеген басқа азаматтарға өтелік. Дұрыс па, бұрыс па?
Сөйлемеген азаматтар өздеріне лайықты қалпақ қана тігіп, сол жұмыстарынан аса алмай отыр екен. Бұрынырақ тігіп болғандары бұрынырақ киіп, тәп-тәуір сөйледі. Тігіп бола алмағандары пішкен материалдарын жалбыратып, Шәкербайша ортаға тастай сөйледі. Кейбірінікі қалпақ түгіл бесіктегі балаға түбек те, сауын ешкіге желінқап та бола алмайтындай еді. Әйтеуір, Сәрсен саясаттың өңешімен оңалып, «көмегімен» көрік тауып, кәдеге жарай берді. Ең олағы Әлия сияқты. Қалпағын тігіп киюді былай қойып, әлі піше алмай отырғандай, аса қиын халге түскенін жалтақтауынан байқадым. Сөйлеу кезегі өзіне жақындаған сайын сасып, сасқан сайын өңі сарала тартып, алақ-жұлақ қарай берді маған. Өйтетіні әйтеуір кию қажет болған соң онысын өзінде бар материалдан пішсе, өзінің «қыз» басын оңдырар ма. Қыз түгіл келіншек кисе де «кезегендік» деген жиянгерліктен де кесірлі қалпақ қой, беті шыдап қалай кимек!... Ал, өзінде жоқ материалдан пішсе, «өтірік!» деп мына Биғабілдар сап ете түспей енді аяр ма, «өзіңнің Сәрсенге тәйни болғаның рас болды ғой» -деп кесетіп ескертіп те қоймады ма! «Әсен, Үсен, Қасен-Күсен... бұл кезде бәрінің мойнынан асып, аяғының астына түскен!» деп ішек-қарнымды ақтара салар! –деген күдікпен сасып отырғаны, мен күліп жібергенде тіпті айқындалды, көзінен жасы ыршып кетті де, бетін екі алақанымен басып отырып қалды. Үйрену уақыты біткен жарияланғанда бір-ақ көтерді басын. Сөйлеу кезегі енді жетіп еді. Қиналыс тері жүзінен бұршақтап кеткен екен. Қол орамалын алып беті мен мойынын сүртті де соңымнан ілесе шықты. Бөлімге соңымнан ілесе кіріп, ауыз бөлмедегі өз орнына екпеттей сұлады.
Түпкі бөлмеге кірген екі бастық газеттерін шиыршықтай ұстап қайта шықты. Орынбасар үнсіз кетті де, Шекербай Әлияға қарап тұра қалды.
- Үй, Әлияш, не болды, ауырдың ба?! –дей салды да жауап күтпей-ақ бүйір бөлмедегі маған ұмтылды. – Ал, Биғаш, біз әкім кабинетіне мәжіліске кеттік. Бөлім қызметі өзіңе қалды. Әлияш ауырған болса... сөйлесіп көрші, ауырса доқтырға барсын! Ал, сен екеуің, -деп, қатар столдағы екі инспекторға қарады. – Мектеп аралайсыңдар ма?.. Бірер айдан бері тексерілмей қалған мектеп бар ма еді, Биғаш?
Бірімізден жауап шығып үлгергенше, бастығымыз лып етіп, есіктен шығып та үлгерді. Үшеуіміз қатар күлдік. Осы үйренуде «қырттық» пен «езбелік» қалпақтарын қабаттай кигені сауап болғандай. Бір жиынға кетерінде қалғанымызға бір жиын ашпай кеткені осы ғана еді. «Сөзін бұдан қысқартса, бастықтығын біле алмай қалмаймыз ба!» деп бір инспектор еселеп күлді де, «Әлияның неден ауырғанын да қайталап сұрамай-ақ кетті ғой, енді қайтпек бұдан артық!» деп бірі күлді. «Маған сөйлегені әлі артық. Ертең «мылжыңдық» қалпақ кигізбесеңіздер болмас!» деп мен күлдім.
Шәкербай өзінің басқа үлкенірек мәселелерінің барлығын Досан әкімге артып «құтылып», өзі тігіп киген қалпақтар еді бұл. Қызметтестер түгел мені «қазымыр», «езбе», «қырт» деп атайтын. Сондай кемшіліктерім рас та болуы мүмкін. Қызметке солай шөгелірек қузамасам болмайтындай еді!» деп мойындаған.
- Шәкеңнің сұрауды қойып-қойып, жауап күтпей кете салуы сол қалпағынан қорыққандығынан болды ғой. Бүйте берсек, бұл жадігөй қасақана мылқауға айнала қояр ма екен! –деді бір инспектор.
- Біз бұл үйренген тақырыбымыздан ауа жайылып барамыз, -деп ойлана қалдым мен. – Асыра сілтеніп барады. Бәріне қалпақ іздетіп, «қыртпын», «мылжыңмын» дегізбей-ақ, жаңа демократизмнің негізгі жауларын ғана айқындап түсіндіріп, соларға байланғандарды ғана сөз ету қажет еді бұл жолы...
Сөзімді тоқтата қойдым, ауыз бөлмедегі Әлия басын көтеріп алып, қарай қалған екен. Екі инспектор түрегеліп, қызметтеріне жөнелді.
Оңаша қалғанымызды біліп, орнынан күрсіне түрегелді көне таныс. Ақырын жылжып жетіп, қарсыма тұра қалды. Өңі қуарып, сазара қарады маған:
- Биға, қош болыңыз, әсіресе сіздің алдыңызда күнәм көп, кешір!
- Қайда кетпексің?
- Өлемін!
- Не үшін?
- Өзімнен кеткен сол мәселелерді сөйлеп, қалпақ кигенше солай болғаным жақсы екен!
- Соныңнан басқа мәселелеріңді, мисалы, делдал буржуазияның баласы екеніңді ғана сөйлеп шықсаң болмады ма!
- Сіз енді сол мәселелерді әшкерелемей қоймайсыз ғой!
- Қалайша?
- Мен, сүйгеніңізден айырдым, бақытыңды байладым... Қолымнан келген бар қастықты істеппін... тіпті Сәрсенмен тілдес болып, өзіңіз айтқандай тайнилік те істегенім әшкереленді. Мені енді аямауға тиістісіз!
- Аямағанда не істемекпін?
- Бәрін жайып салып, абыройымды төгесіз!... Өзіңіздің менен ақталуыңыз үшін де соларды әшкерелеуіңіз қажет қой!
- Әлия, мен олай әшкерелеуге зәрулықтан құтылғанмын, -деп жымидым. – Сөйлемек емеспін. Себебі, біздің бұл жолы іс жүзіндік әрекетке байланыстырып талқылауға тиісті мәселеміз – жаңа демократизм туралы, оның досы мен қасы туралы ғана. Мәселен, Жұңго қоғамының жартылай отар, жартылай феодализм қаліне түсіп қалуы сенің әуейілік мәселеңнен болған емес. Атап айтқанда бұл қоғам сенің Қасенмен де, Үсенмен де, менімен де жүруіңнен туылған бала емес. Сондықтан бұл жолғы үйренуде мен сөйлейтін мәселе ол емес!.. Тіпті оның туралы басқаларға да сөйлетпеуге бармын!
- Рас па?... Басқалар... тіпті бәрін сөйлеп жатыр ғой!
- Сасқан сиырша әртүрлі жапалайтындар ғана солай сөйлеп жатыр. Олардың негізгі үлгісі де түрткісі де Сәрсен. Ал, менің үлгім Сәрсеннің қарсы жағында болуға тиісті. Сасатын ешқандай мәселем де жоқ. Сенің Үсен, Күсендерің туралы бұл жиында ауыз ашпаймын!
Әлия орындық тартып апарып, алысырақ отыра күрсінді. Бар мүсәпірлік басына орнағандай ыңғайсызданып, тырнағын шұқылады. Тура қарап отырған маған бата алмай, тұқыра түсті. Мен:
- Өліп алу дегенді мұнан соң ойыңа алушы болма, нағыз адам болуға тырыс! –деп түйілдім.
- Мен сізден бүтіндей басқаша бірдеңе екенмін! –деп күбірледі Әлия. – Мұнымды кейінірек біраз түсінсем де, өз шырайыма қарап, теңмін деп үмітімді үзбей келгенмін. Енді толық түсіндім. Мені тастап кеткеніңізге енді наразылығым жоқ. Тіпті... ол жағынан қарыздармын!
- Қарыздармын деп түсінсең, мұнан соңғы тапқан махаббатыңа опалы бол, адал бол! Бақыттың кілті дененің сыртқы сұлулығында ғана дейтін қате түсініктен без!... Сонан соң бір бетті-бір тілді, шыншыл... және өзіңе байланысты мәселелерде өзімшіл болмай, әділ ойлайтын бол!... Маған емес, адамгершіліктің осы міндеттеріне қарыздарсың. Бірақ, қазіргі сен үшін әсіресе соңғылары өте қиын-ау! –деп күліп жібердім. – Бұлар үшін тер төге жүріп, сана іздеу керек қой!
- Сізге қарыздар болатыным... өте обалды іс істеп қойдым ғой!... Сол маған...
- Мақпалға обалды іс істегендердің негізгісі сен емессің. Оның әкесіне сенің солай шағымды хат жазарлық сбебің бар ғой. Ал, өз обалымды да саған артпаймын. Мұнан соң әлгіндей дұрыс адам болу жолына түссең болғаны!
Әлия маған басын ие күлімсіреп түрегелді. Жасаураған көзін жалт еткізіп бір қарады да қайта тұқыра иілді. «Төлейін!» деп қалды. Төлейтіні не екенін түсінбесем де, бұл иілуінің шын пейілімен тағызым еткені екенін түсіндім. Артына кілт бұрылып, көзін сүрте жөнелді де, орнына қайта барып отырды. Қыбырсыз жым-жырт ойға кеткендей, түске шейін сол отырысынан жазбады. Түстен кейін де істеген ісінен сол мелшиуі көбірек болғанын байқап отырдым. «Он бала туудан жұрт алдында өзі туралы он минут сөйлеудің қиын болып отырғанын қарашы» деген оймен күлкім де келді. Ертең сөйлеуінен жылауы көбейіп былықтырар ма екен деген күдігім де болды.
Бірақ ертеңіне таңертең сөйлеу кезегі тиісімен жайнап сала бергеніне таңдандым. Сөзді өзінің туған табы, семиясы туралы бастады. Өзінің Шинжаң жағдайындағы делдал буржуазияның бесігінде өскенін, бұл бесіктің Жұңго елін шет ел жиянгерлігіне саудалаушы бір таптың бесігі екендігін айтқанда тыңдаушылар аңыра қалыпты. «Сондай ата-ананың тәрбиесін ғана көрдім. Өзімді кішкентайымнан безеп, опа, еңлік жағынуды ғана үйрендім. Мектепке басқа қыздардан ерекше жасанып баратынмын. Ондағы мақсатым, басқалардан ерекше сұлу көріну ғана. Барлық адамдар маған ғана қарап отырса дейтінмін. Басқалар сұлусың деген сайын менменсіп, такаппар болып өстім. Кейіннен қалай екенін білмеймін... басқа бай қыздары... кімді жақсы көрсе... жоқ... қандай киімді жақсы көрсе соған қызығып, соны олардан бұрынырақ киетін болдым.... Сол киімді тіктіргенше тыныштық таппайтын болдым... Осындай... «мешшанка» болып өскен менің кім болып келе жатқаным белгілі ғой... Әкем сияқты, пайда көрсе бәрінен бұрын жүгіретін, шешелерім сияқты ыңғай жасанып, ыңғай рахатта жасауды ғана қалайтын «делдал буржуазия» болғаным ғой!... Ал, менің қазір бұлай... ерекше киінетін болған себебім... қазір көп адам жепаңжүнді жақсы көреді. Мен де солай... тіпті басқалардан артығырақ жақсы көрейін деп жепаңжүннің қыздарынша киінуге асыққаным!... Менің мәселем осылай... болып келді, сөзім бітті.»
Тыңдаушылар жымиса қарап отырып қалып еді.
- Бұдан басқа қызмет стилің жағынан айтарың жоқ па? –деп маған бір қарап жымиып қойды Ербол.
- Бәрі осы, айтты, бәрін айтты! –дедім мен шын ниетіммен шұлғи қанағаттандым. – Осы Әлия сипатты әрқандай қыз өз мәселесін осыдан артық қазып сөйлей алмайды. Өзін тәп-тәуір шыншылдықпен тексерді!
Көпшілік құптай жөнелгенде, Әлия маған көз астымен қарап алып тұқыра түсті.
- Мұнан соң, қалай өзгересің? –деп сұрады Жаңбужаң. - Соны сөйлей кеткенің жақсы!
- Ие, айтпақтайын соным қалып қапты ғой! –деп күле сөйледі Әлия... – Мұнан соң жуас боламын! –дегенінде көпшілік ду күлді. – Партия не істе десе соны істеймін!... Өзгеремін!...
Осылай разы еткен Әлия Жаңбужаңнан рұқсат алып шығып жүре берді. Басқамыз үйрену уақыты біткенше тағы бір адамды сөйлетіп тарадық. Әлия өз орнында қызмет істеген болып отырыпты. Шәкербай мен орынбасары бөлмелерінен газеттерін шиыршықтап тағы шықты да, әкім кабинетіне тағы кетті. Бастығымыз бүгін тым сәлмірейіп, өсиет айта алмай шықса да, екі инспектор мектеп шарлауға тағы жөнелді. Әлия екеуіміз тағы да оңаша қалдық. Ол менен де оңашаланғандай мүлде қарамай, үнсіз «жуастықпен» істеген болып отырды.
Ісімді түстен кейін жарты сағат бұрын жиыстырып, сырттай үйреніп жүрген қытайша дәптерімді аштым. Жарқ ете түсті бір сұлудың фото суреті. Жарқ ете түскен көзімді сығымдап-сығымдап жіберіп үңілдім. Маңдайына қарап, Мақпалымнан жасырын келген сурет екен деп қалып едім. Оның сағынышты кең шанақты тұнық аспан түсті көгілдір көзінің орнынан дөңгелек қана қаракөз көрінді. Бұл парықтың үстіне жақ сүйегі мен иегінен сопақша сүйірлеу, ұйғыршалыс бір айырмашылық байқалып, Мақпал болмай шыққан соң стол шетіне қоя салдым да, еріксіз қайта үңілдім. Дөңгелек қара көзі сәл тасырлау, қарсы алдындағыны отымен ерітіп жібергісі келгендей шақшия қараған сұлу дидар. Қысылыс-қымтырылыссыз өжеттікпен қылымсыған жап-жас қыз. Өрілген қос бүрімін екі иығына түсіре қабаттап түйіпті. Киінсі мәдениеті мен жалпы жүз шырайында Әлияға ұқсастық бардай. Әлияның кешегі «төлеймін» дегені есіме түсе кетті. Жалт қарадым өзіне. Ол да көз қиығымен қарап қойып отыр екен. Суретті алдына апарып тастай салдым.
- Мына сурет менің дәптерім арасына қалай кіріп алған?
- Білмеймін, -деп таңырқағандай үңілді Әлия суретке. – Танымайды екенмін! Сізге ғашық болып жүрген біреу шығар, танысу үшін қойып кеткен бе екен. По, неткен сұлу өзі!... Және жап-жас!
- Өзіңде тұрсын! –деп орныма қайттым.
- Мен қайтем мұны! –деп Әлия сақылдап күліп алып, күрсініп жіберді. –Танымаймын да! –деп қуа келді де суретті үстеліме қойып қайта қайтты. – Қойып кеткен орнында тұра берсін, қайтарғыңыз келсе, өзіңіз қайтарарсыз!... Сақтай тұрыңыз, ауырлығы болмас!
- Ауырлығы болмағанымен, Нұрияшымның жолында жеңілдігі де болмас!
Қайта қайрылып келіп, жымия сұрады Әлия:
- Сіз Мақпалдан әлі үміттісіз бе?
- Үміттімін. Одан үмітім өшкені сол, күн өткен сайын лапылдап барады. Ол өшпек емес!
- Ол енді әйел болып кетті ғой, -деп түйіле күйінгенсіді Әлия. – Екі жыл болып қалды. Балалы да болған шығар! ... Қайтесіз енді оны!
- Ол, бес балалы болса да келеді маған, иә, қайтарып аламын! Себебі, ол маған опасыздық істеп, өз еркімен кеткен емес, қара күштер шырылдатып байлап әкеткен!...
- Биға, Мақпалыңыздың ұжданы бар екені рас болса, біреуге әйел болған соң сізге енді қайтып келе алмайды, тіпті көріне де алмайды!... Өтер іс өтті, енді біреуді таңдап алуыңыз ғана қалды. Бұл, менің... жүрегіңізге суық салайын дегенім емес... және де енді басқадан... неғұрлым өз абыройын сақтаған қыздардан біреуін таңдаңыз!... Мен өз күнәмді жуу үшін.. тым болмаса кездестіріп, таныстырып қоя аламын!
- Кешегі «төлеймін» дегенің осы болды ғой, сен енді мынаны да түсініп ал! Шын махаббаттың төлеуі болмақ емес. Оның өзінен басқа енді төлеуі де, баламасы да жоқ, жалқы!
- Солай болса, мүмкін солай шығар, білмеймін де. Бірақ, сіз жап-жас тұрып, осы күйіңізде өте алмайсыз ғой, шын махаббатыңыз табылмаса, жай махаббат табу керек шығар. Тіпті өтірік махаббатпен де жүрген кезіңіз болған шығар!
Күліп жіберіппін, мына сайқалдан мойындатарлық шын сөз естігенім осы ғана сияқты, тың жаңалық сияқты сезілді.
- Мына сурет, сен қойған сурет болды, алып кет! –дедім сонда да.
- Жоқ, мен қоймадым. Біреудің көңілін сізден енді тосатын ақым жоқ қой! –деп күрсінді Әлия.
- Өзінің келіп, дәптерімнің арасына қойып кеткенін көрдің бе?
- Көрмедім! –деп суретке қайта үңілді Әлия, - анықтап көріп алайыншы!.. Өзі осы жердің қызы емес сияқты, мұндай сұлу көрмеппін, кездессе ертіп әкеліп көрістірейін!
- Болмайды!... Төлеймін деп бір бейкүнә қыздың пәк жанын кірлеуің, көз жасыңды енді тия алмайтын қылмыс болады! Мақпалдың жүрегінің жат болып кеткенін өзінен естімей, басқа ешкіммен үйленбеймін!
- Ол жайыңызды оған өзіңіз айтарсыз! –деп Әлия жүре сөйледі. Бейтаныс суретті үстел тартпасына тастай салып, түскі демалысқа мен де қайттым.
Түстен кейінгі қызметке қайтып келе жатқанымда алдымнан Айыржап қарсы ұшырасты. Екеуімізді партком егіншіліктегі «төтенше бір қызметке» жібермек екен. Қайдағы қызмет екенін білуге кетіп бара жатқанын айтып өтті. «Жер майын азайтып, жуан жұдырықтарға соққы беру» әрекетін бастау үшін Шәуешекте курс барын естіп едім. «Мақпалдан тағы да қабарсыз кететін болдым-ау!» деген күдік тықыршыта жөнелді жүрегімді. Түпкі бөлмедегі Шәкербайдың зарын ауыз бөлмеден Әлия тыңдап отыр екен. Мені көре сала түрегелді де, алдымнан тоса күбірледі:
- Биға, мен почтаханаға барып келейін!
- Бастығыңнан сұра!
- Ол кісімен әкім сөйлесіп отыр. Қазір барамын да қайтамын!
- Тез қайтатын жұмыс болса бара бер! –деп өз бөлмеме кіре бергенімде, Шәкербайға әкімнің күңгірлеген жуан үнді сөзі естілді.
- Лиң секретарға бұл жайыңды айттым. Көп мыжыма енді! Оқу бөлімінде Биғабілдің жалғыз істеп отырған азамат екенін, оның орнына екі инспектордың бірін жіберуін мен де өтіндім. Көнбеді. «Мұндай тыңнан ұйымдастыратын қызметке қабілет керек. Айыржап пен Биғабіл барады деп отырып алды. Ертең кешке дейін қызметін біреуге тапсырып болып, бүрсікүні таңертең жүрсін!...
Әкімнің жауабын маған жалтақтай қарап тыңдаған Әлия лып етіп есіктен шыға жөнелді.
-Биғабіл келді ме? –деп дабыстады Шәкербай. – Сырқаттанып жүреді, өзімен сөйлесіп көріңізші!
Шәкербайдың тағы да өтірік айтқанына күліп жіберіп кірдім. Жаңа міндет жайын әкім түсіндірді. Күдіктенгенімдей ұзақ уақыт алатын міндет емес сияқты. Және қайынжұрт ауылым жақта болған соң көне кеттім: жермайын кеміту әрекетінің алдында тәжірибе, үлгі ретінде ең кедей бір кентті серіктестіру қызметі екен. «Үлгілі мойынсерік құру – деп атады әкім. Барлық кедей, төмен орта егіншілер жерге ие болғанда егінді бірлесіп егудің абзалдығын сол мойынсеріктен үйренетін болады» деп түсіндірді.
Қызметімді ертеңіне семіздерімнің біріне тәптіштеп тапсырып болысыммен аупарткомға шақырылдым. «Үлгі мойынсерік» құрудың жобасын Лиң секретар Айыржап екеуімізге толық түсіндіріп шығарды. Екінші күні таңертең әкім мекемесінің жеңіл арбасын жектіріп жатқанымда, суреттегі сұлуды ертіп, Әлия сұлу жетіп келді. Алдыңғы күні почтаханаға рұқсат сұраған жұмысын енді түсіндім, күле жетті. Маған көрсетпек «төлеуін» телефонмен шақыра қойған екен.
Әпекесіне ілесіп жүрген жас сіңілдей еркін бейғам бейнемен көрінген сындарлы көріктен ибалы бикештің қымтырылысы ғана байқалды. Мен де, әрине, «қандай қызсың, қайдан келдің?» дегендей көңіл бөлген көзқарас байқатпауға тырыстым. Ауыз жыбырлатып қана сәлемдесе салдық. Екеуімізге айлакер жеңгедей кезек қараған Әлия сөйледі:
- Сіз жүргелі жатыр деп естіп келдік. Аман барып, аман қайтыңыз!
- Үлкен табыспен қайт десеңші! –деп әдейі түйіле «өтінгенімде» бет танысым күліп жіберіп, туфлиінің біздей өкшесімен сызып тұрған жеріне қарап алды. Әлия жымия қайырды жауабын:
- Амандық болса табысты болатындығыңызға сенемін ғой!
- Мен өзім табысты болатындығыма сене қоймағандықтан тілектестікке шақырып тұрмаймын ба!
Беттанысым көз астымен күлімсірей қарап алып, дөңгелек қара көзін төмен төңкеріп әкетті. Ашық жауабын тағы да Әлия қайырды:
- Социялизм міндетіне бірінші болып аттанған сізге тілектес болмай, кімге тілектес болмақпыз. Бірақ, табысты болудың негізгі талабы ізденушінің өзінен болмай ма! Біздің тілектестіктің белгісі болар деп мына аз ғана жолдығымызды әкелдік, қабыл алыңыз!
- Сіздердің де жолдарыңыз болсын, рахымет қарындастар! –деп қалдым. Бұл қайшыкез «тілектестігіме» көңіл бөлмеді Әлия, қолтығындағы қағаз қобдишасын арбадағы үлкен сумкамның қасына апарып қойды. Қайталай амандық тілеп қайрылып, қош айтысты да артына бұрыла берді. Ал, беттаныс күлімсірей бас иіп тастап жүріп кетті. Ақ кофта үстіне киген шап-шақ қана қызыл күрең сарапан, бар көркемдігін паш еткендей. Артынан қарап тұрып қалыппын. «Суреттегісінен де сұлу екен-ау!» деп жібердім. Бірақ, Әлияға туыстық жағынан бір жақындығы бар тәрізді. Ол суретінің тартпада жасырусыз қала бергені есіме енді түсті. Әлияға сонысын қайтарып алуын тапсырайын деп оқтала бергенімде, ақ жүзін қайыра жарық еткізді жас сұлу. Ол қарағанда аңдып келе жатқан қарт сұлу да қарай қалды. «Кінәрәтсіз жас жанға соққы бергендей ол суретті қалай айқайлап қайтарамын» деген ыңғайсыздықпен кідіріп қалып едім. Жасы кәрісінен енді артта қалыңқырай қойып, ұрланып қарады маған. «Көңілінде кінерет жоқ емес екен-ау, әуіре болмасын, айтып-ақ жіберейін, Нұрияшымды қалай қиярмын бұған!» деген оймен қолымдағы партпелді арбаға лақтыра салыппын. Жас сұмның бұл ұрлығын қарт қарақшы тағы да сезе қойғандай, қайрылып қарап жымиды маған. «Дүниеде Мақпалдан басқа ешкім жоқтай көруші едің, көзіңді суырды ма, бәлем, қалай екен!» деп күлгендей сезілді. Көзім сурыла қоймаса да арттарынан сүйреліп қылмыс таба қойғанын енді білдім. «Ей Әлия!» дегенімше қос сұлу қақпадан шығып ғайып болды. Қызмет бөлмеме жүгірдім. Тартпада қалған суретті Әлия отыратын столдың тартпасына сүңгітіп жіберіп қайттым.
Айыржап келісімен арбакеш делбе қақты. Ойыма орала берді Әлияның «төлеуі». Күншіл сайқалдың осы сұлуды шындығында Мақпалдың орнына төлеу үшін емес, қылмыс төлдеу үшін тапқанын ұқтым, онысын осыншалық қызыл жілік, албарынды-жалбарынды болып көрістіруінен де айқындалмады ма. Сол күндесінен үш ала түсу үшін, одан менің жүрегімді айырып, мүлде ұмыттыру үшін осындай аса шырғаға тартуы керек қой. «Мені өзіне қайта қарата алмаған сайын қозданған күндестігі тіпті өзінің намыссымағын да құрбандыққа шалып, жеңгелікке түсіріп, өзін қор етуін қарашы!» деген оймен жымидым. Күншілдік деген азғындықтың анасы екен-ау, неткен зәрлі у еді! –деп күрсіндім.
Әлияның бұл жайын әлгі нәзік бикеш білмейді. Мені аспанға көтеріп, төндіре мақтағанына шынымен иланып, танысу үшін-ақ келген сияқты. «Көсемінен» жасырып қалай-қалай қарайды маған!... Байдың сұлуларын кедей белсенділеріне жаутақтатқан заманға қалай алғыс айтпассың! Және мен «көмөнес», социализм коллективін ұйымдастыруға осы аймақ бойынша бірінші болып аттанған «компартияға ең сенімді көменес» болып көрінуім қалай жаутақтатпасын! –деген ойға келгенімде күліп жіберіппін. Айыржап бір қарап қана қойды мұныма. – «Маған тиген бай қызына осы көменестігіммен зор бақыт орнататын, тіпті таптық жазадан әкелерін де құтқаратын «үлкен мәнсап иесі» болатындығымның мүмкіндігі көрініп тұрмай ма! Бұл жайт қалай жаутақтатпасын, бұйра басымды нұрдай көрсеткен-ақ шығар!» деген оймен қарқылдай күлдім.
- Не болды, Биға? –деп Айыржап таңырқай қарады. Бұған жауап боларлық бір сөз тіліме орала кетті:
- Байбосын дейтін әлгі бір район қатшысы бар ғой, соған жақында бір байдың қызы ұнататындығын айтып хат жазған екен. Байбосын ол хаттың шетіне «саған үйленіп өмір тарихыма дақ түсірмеймін!» деп «бұрыштама» жазып қайтарыпты.
- Дұрыс! –деді Айыржап күліп. – Таптық қарым-қатынас жағынан ондай некенің кір жұқтыруы мүмкін, ал, таптық көзқараста қыздың өзі дұрыс майданда болса, мәселен, сенің Мақпалың сияқты өз семиясында езгіге, феодалдық зорлыққа ұшыраған қыз болса, Байбосын жауапты олай жазбас еді.
Күрсініп жібердім. Мақпал ауызға алынғанда, қарсымыздағы тау жақтан соққан салқын ызғырықтан көзді жұма отрып қалғуға кірістік. Құрыштаған сол ұйқыдан айыққысы келген Айыржап, үлкен қапшығынан бір құмыра арақ шығарды. Менің есіме бикештердің жолдығы түсті. Оны ашып конфет алдым. Бір бөтелке Совет кониегінің астынан бүктеулі хат шықты. Айыржап ұсынған құмырадан екі қылғып жібердім де, каласканың арқалығына шалқалай жатып оқыдым. Әлияның жазуы: «аты Әсия, орта мектептің тоғызыншы класын бітірген. Бұл да Мақпалға ұқсас жақсы оқып жүр еді. Ата-анасы өздеріне жақын келетін бір байдың ұлына бермек болып, Мақпалға ұқсас мұны да зорлауға кірісіпті. Сізге сыртыңыздан таныс екен. Бұл жердегі қызмет жағдайыңыздың бәрін біледі екен. Мен айтқанымда сыртыңыздан соншалық жақын таныстығын білдірді. Қайтып келгеніңізде сөйлестіремін! Мені кешіріңіз, ықтияр өзіңізде ғой!...»
Хатты өз қалпымен бүктедім де, партпелімнің бір қалтасына тыға салдым. Түске көтеріліп қалған күн шары бадырая қарап, қарсымыздан соққан жел ызғарын сындыра бастады. Қыс қыспағынан «талықсып қалған» сұры дала есін енді жиып, күн нұрына шерін шерткісі келгендей демін күрсіне алып, өксіп жатқандай сезілді.
Біздің ұйымдастыруға келген кентіміз Сарбұлақ деп аталатын. Оны «Сарыбұлақ» атандырып қойған шығыс жақ қатарындағы екі бұлақтан су ішетін бір ғана жаңгөдей1 негізгі иесі болған отыз үйлі кент ол бөгеуден бергі тұмалардан ғана там-тұмдап күн көріп келіпті. Үш аймақ төңкерісі жеңіп, жаңгөдей помещиктің ерекше құқығынан жерлік халық құтылғанда, су да құтылды. Жазда үзілмей ағатын болған сол бұлақ, маңайы көк жасаңға айналып қалса да, әліге дейін «Сарыбұлақ» аталық келеді.
Тұралап келген тұрғындары екі-үш жылдан бері ғана қоңторғайлықтан құтылып, жейтініне жетсе де жегіміне әлі де толық жете қоймапты. Көпшілігі соқасы мен тіс ағашына бұзаулы сиыр, құлынды бие, тайынша жегеді екен. Күш көлігі мен бұлығы барларын тізімдеп кеп жібергенімізде, он шақты отбасы ғана шықты. Олардың жетеуі орта, үшеуі ғана жоғары орта егінші қатарына жетіп келеді екен. Әйтеуір күштері серіктессе сол кенттегі егілуге тиісті жерді түгел меңгеріп әкете алатындығын есептеп шығардық.
Егіс уақыты мен жиым-терім кезінде күш бірлестіруге көндіре алсақ болғаны, Сарыбұлақ, егінсіз үй жоқ, тұтас жасыл бұлаққа айналады екен. Тұрмыс жағынан әл-ауқаты жасыл бұлаққа да, егіншілердің тілек-мұратын бірлестіретін асыл бұлаққа да айналады. Біз үшін ең зәруі осы соңғысы, яғни бұл бұлақты осы өңірдегі егіншілердің көзіне көрсетіп, коллективизмдік аң-сананың бесігіне айналдыру еді. Істі алдымен осындай идеологиялық тәрбиемен бастадық. Әрбір отбасымен жеке-жеке де, бәрінің басын қосып та әңгімелестік. Серіктесудің пайдасын көздерімен көрмей көне қоймайтын ұсақ меншік ережесі бойынша есептеп те көрсеттік. Күш көлік пен құрал-сайман жағынан жақжұты кедейлері құлшына кетті бұл есепке.
Ал, өзіндік егінге күші жететіндері, әсіресе жоғары орталар нараулай тыңдады. Бұларға лайықты нәсихатты күшейте түстік. Құрал-сайман, күш-көлік жағынан көбірек күш қосқандары қол күштерінен де көбірек пайдаланады, салыстырмалы түрде көбірек егеді ғой. Оның үстіне, өз күшіне қарағанда сол көбірек егінін еккенде тез егеді де, жиғанда тез жияды. Табиғи апаттан көп зияндалмай, мол өнім алу – күш серіктестірудің негізгі абзалдығы екендігін еселеп-еселеп түсіндірдік. Бір аптада кеңірдегімізді құрғатып, жағымызды сорайтып болған осы кеңесімізбен бәрін көндірген сияқтымыз. Мектептің үлкен бөлмесіне алғашқы үлкен жиынымызды ашып кеп қалдық бір күні. Разылық дауыстар көтеріле, түгел құптап еді. «Енді өзіміз кеңесіп, өзара келісіп алайықшы!» -деп күбірлеп қалды көсе сары шал. «Өзіміз кеңесейік» дегенді көпшілік тағы да түгел құптай дауыстады. Бір сағатқа келісіп шыға беріп едік, соңымыздан қаптап ере шықты да, төрттен-бестен бөліне жөнелісті. Сарыбұлақ мектебінің маңы түгел күйіс қайырғандай күбір-сыбырға тола кетті. Сарылған ұзақ күн еңкейіп қалыпты. Кей бір топтағы күйістер кіртілдемей сартылдай бастады.
Айыржап екеуіміз жатқан мұғалімнің үйінен шәй ішіп шығуға кетіп бара жатып, тұра қалдым. Әлгі өзара кеңеске шақырған сары шалдың үйіне өткен кеште Таңқан дейтін кәрі үкірдай ауылынан біреу келіп қонып кеткенін естігенмін. Шәй ішуге Айыржапты жібердім де, күйістерден аңыс байқау үшін сол маңда арлы-берлі жүрумен болдым. Ұзын бойлы еңкіш, көсе, сары шал жоғры орта егіншінің бірі болатын. Екінші топтан үшінші топқа ауысқанын көрген көзімнің қыры сонда болды. Оның алғашқы «күйсескен» тобы бір-бірден таралып, басқа топтарға ауысыпты. Солармен бірге әзәзілдіктің де таралып жатқанын ауыс-күйістердің көбейе бастағанынан байқай қыдырыстадым.
Уақыт бітіп, мектепке қайта кірдік.
- Ал, қандай пікірлеріңіз бар, ұқпай қалған мәселе бар ма екен? –деп Айыржап сұрады. Бағанағыдай аңқылдаған мінез жоқ, көпшілік жиырыла қалғандай, жым-жырт отырып қалып еді. Ең момыны болып көрініп жүрген бір қарасақал қол көтеріп, сөйлеуге рұқсат сұрай түрегелді. Көсе сарының қарсы сөзге осы «момынды» ыңғайлап қойғанын тұспалдадым.
- Жаңа үкіметіміз кедейлердің өз үкіметі, бостандық пен еркіндікке жеткізді дейсіздер ғой шырақтарым, солай ма?... Осы біздің еркіндігіміз бар екендігі рас па?
- Рас! –деді Айыржап маған бір қарап қойып.
- Еркіндікке жеткендігіміз рас болса, мына жұрт егінді де өз еркімізбен егеміз, бірлеспейміз деп отыр. Қамқор үкіметіміз әркімнің өз қотырын өзі қасуына рұқсат етсе болғаны, Құдайға шүкір, әйтеуір, жаңа үкіметіміз помещиктерді кідіңдетпейтін болды ғой, енді күн көре алмасақ өз обалымыз өзімізге болсын!... Сөзім осы ғана.
Айыржап абыржып алақ-жұлақ қарап сөйледі жан-жағына:
- Ал, бағанағы келісімнен қандай себеппен айныдыңыздар, соның себебін айтыңызшаршы?.. Әлде азғырған біреу бар ма?.. иә, түсінбейтін, шеше алмаған бір мәселе шықты ма?
Ешқайсысынан жауап шықпай қалған соң мен сұрадым:
- Енді осы «өз қотырын өзі қасу» дегенге қарсы пікір бар ма, қане? Көпшілік бір-біріне, әсіресе көсе сарыға көбірек қарасып қойып, тағы да үнсіз қалды. Мен күлкімен қайта сұрадым. – «Өз қотырымызды өзіміз қасуға қолымыз жетпейтін шолақтарымыз көп» дейтіндер бар-еді ғой!... Ал, «өз қотырымызды өзіміз қасысақ та, қышуымызды қандыра алмайтынымыз тіпті көп. Келіңіздер селбесіп қасысалық!» дейтіндер де аз емес еді ғой!... Солай болғанда «өмір бойы қанша тырнасақ та арқамыздың қышуын бір қандыра алмай, тасқа да, ағашқа да сүйкеніп келеміз. Байдан да Құдайдан да тілеп, сол сордан бір құтыла алмадық, қанеки өзіміз бірлесіп, айызымыз қанғанша қасысалық!» дейтін біреуіңіз жоқ па?
Егіншілер бұл сөзге түгел күлсе де, әр тұстан жамырай жауап шығарды:
- «Көп суыр ін қазбайды, ін қазса жөн қазбайды»... еңбегіміз өнімсіз болып қалса, бір-бірімізден көріп бажылдаспайық!»... «Аш құлақтан тыш құлақ».. «Қойдық әр қайсынымыз өз бетімізбен – кқ көрелік!»... «Өз еркіміз өзімізде екені рас болса, болды, рахымет бұл қамқорлықтарыңызға!
- Көп суыр ін қазғанда өте жақсы қазатын мықты тәртіп, абзал ақыл тауып берсек қалай? –деп мен сұрадым.
- Шырағым, Биғаш, рахымет, қойдық енді соны, қойдық! –деп шу көтерген көпшіліктің соңында - «бұл баяғы калхоз ғой, жаңа ұқтық!» - деп қалды біреуі. Жат таптың сүпсиқырымен айнығандықтарын енді толық түсіндім. Жіп үші көрінсе де тастай қатты түйіншектелгендіктен қатқыл тойтарыстарынан байқап, Айыржап екеуіміз бір-бірімізге күйзеле қарастық. Бір апталық жапалы үгітіміз зая кеткендей. Зорласақ өзімізге зобалаң көрінетіні сезілді, ешқандай өктемдік көрсетпей, насихаттап қана, нағыз өз ықтиярларымен серіктестіруді Лиң шужи қатты тапсырған болатын.
- Енді қайтеміз? –деді Айыржап күбірлеп. – Қалай да ұйымдасудың пайдалы болатындығын ескертіп қана ойлатып қойып, біреуіміз парткомға барып келейік пе?
- Жоқ, оны артынан көрерміз. Мен енді бір сағат сөйлейін. Мына айну, біреудің кері үгітімен пайда болғаны сезілді. Совет одағындағы колхоздасуды да жиренішті етіп, қате түсіндіріп қойған екен. Колхозға қай таптар неліктен қарсы болып бұзғыншылық әрекет жүргізгенін, колхоздардың оларды қалай жеңгенін, аса күшті фашизммен соғысқанда колхоздық коллективтің Совет одағын қаншалық құдіретке ие еткен тарихын қысқаша ғана сөйлеймін. Мына мойынсерігіміздің қасиеті осы баяндамамен айқын түсінілетін болады, қалай?... Бұдан зорлау мағынасы шықпайтын шығар?
- Осы сөзіңнен «қайтсең де серіктесесің» дегендей зорлаушылық мағына шығармай, сөйлей аламысың?
- Жай ғана әңгіме етіп шертемін, тыңдап көр!...
Айыржап түрегелді. Көпшіліктің өз ықтиярында екендіктерін қайталай дәріптеді де «Биғабіл жолдастың» аз сөзі барын айтып, тыңдауға шақырды. Егіншілер мына бұйрабас қу енді қай қырына алар екен» дегендей аңтарылыспен үнсіз қарасты маған.
- Менің туысқан ағаларым мен інім, бес жылдан бері өздері сияқты жалданба егіншілер мен серіктесіп, қашқан бір жаңгүдейдің жеріне ортақ егін салып келеді, -деп күлімсірей бастадым сөзімді. – Сенбегендеріңіз барып көріңіздер! Мына Қарағашта ғана, Бикелді, Биғазы, Биғаділ дейтіндер! Жалшының тері мен қанын қоса сорып әдеттенген байларды сол серіктесулері арқылы малайсыз қалдырып, ызаландырып жүр. Біреуден кепсен сұрағанды қойып, қазір өздері кепсен беріп жүр. Демек, мен жалшылықтан да, жоқшылықтан да әрең құтылған, өздеріңіз сияқты семияның баласымын. «Өз өлтірмейді, жат жарылқамайды». Сіздер осы ауылға кешегі келген қонақтың қомағай қожайынындай – Таңқан, Омарбектердей өздеріңізді торып жүрген – тонап жүрген қасқырлардың азғырындысын тыңдағанша менің, көзді-құлақты мына өз балаларыңыздың ақылын тыңдаңыздар! –дегенімде еріксіз өксіп қалып, бір кідірдім.
- Ал, тыңдадық, тыңдадық! –деп қалды бірнешеуі. Мен, іле жалғастырдым сөзімді:
- Өзі түсіне алмай жат таптың сұп-сиқырына сенген бір сорлы шалдың сөзімен айнып қалып отырсыздар. Ол шал колхоздық тұрмысты мүлде білмейтін, колхоздың жауларының сөзімен кері түсінікке ие болып қалған шал. Сондықтан колхоз туралы шындықты түсіндіру өте қажет болып қалды. Қазір мен сіздерді колхоздастыру үшін емес, тек, қате түсінікке қарсы дұрыс түсінік беріп қою үшін ғана сөйлемекпін...
Осылай басталған лекция бір сағатқа жетпей аяқтады. Сөзімнің қаншалық жеңісті болғанын Айыржаптың жадырауынан байқадым. Елжірей қарап изектеді маған. Көпшілік атынан сөйлеген бағанағы қарасақал жан-жағына жалтақтай түсті де, «сорлы шалына» қарады.
- Енді болдық! –деп дауыстап жіберді өзі. Бұл «болған» қалай болғандық екенін «сорлы шал» қалбалақтай сөйлеп түсіндірді:
- Шырағым, түсіндік, тіпті жақсы түсіндік. Сөзіңның бәріне... Әсіресе, менің рас сорлы екендігіме мойындадым. Ал, сіз айтқан кешегі қонақ менен де сорлы, ол да бұрыннан естіп жүрген өсектерін айтқан, ып-рас, үстінен түстіңіз!... Жалғыз-ақ, ол әлгі Омарбек пен Таңқанның сөзімен келген емес, өз пікірі солай... ал енді бастай беріңіздер, бар ыразылығымызбен ердік сіздерге!
- Біз ғой, мына ақсақалдарымыздың райына қарап отырғанбыз, -десті көпшілік. – Осы кісілердің айтқанымен жүретін әдетіміз болмаса, ақылдарыңызға алғашынан-ақ көнгенбіз ғой!... Енді ешқандай қарсылығымыз жоқ. Бірлестік!... Енді бастығымызды, қалай, қалай істейтінімізді, әсіресе тәртібімізді мықтасаңыздар болғаны!..
Ертеңіне көпшіліктің дауыс беруі бойынша сол ырықты көсе сарының өзін бастық етіп сайладық та, жеке жерлерде соны мықтап тәрбиелеумен болдық. Оған ақылшы-хатшы деп сайлағандарымыз да, бақылаушы комиссия етіп сайлағандарымыз да ыңғай кексе кедей егіншілерден болды. Табыс біткеннің барлығы ұйымшылдықта, тәртіп-түзімшілдікте екендігін түсіндіре жүріп, жер жыртуға дайындадық. Әр-бір егіншінің жер бөлігін көріп, өлшесіп жүргенімде Лиң секретар жетті. Қайын жұртына ұрын келген дәстүршіл күйеуше, алыстан жаяулап еді. Алдымен маған қарай беттеп жақындағанда күйеу сияқты емес, ондайдан бүтіндей басқаша көрінді: әскери сарыларынан таңдап, ең көп жамаулысын киіпті де, сары былғары мумкасын ат дорба сияқты ескі березен дорбаға тығып, қолына ұстапты. Жарқырауық ешнәрсе көрсетпей, кедей егіншінің дәл өзі болып көрінейін деген сияқты. Өзінің бүтіндей керісінше ыңғай былғары киінген маған салқын ғана амандасып, қысқаша сөйлесті де, егіншілерге изектеп күле өтті. Бір жақта жер өлшесіп жүрген Айыржапқа жөнелді.
Айыржапты ерте жүріп, әркіммен сөйлесті. Түскі демалыста да, кешкі қоналқыда да келмеді менің қасыма. Оған еріп тілмаш болып жүрген Айыржап, «үстімізден көрсетінді бар сияқты!» -деп бір кезі келгенде күбірлеп қана өтті. – «Биғабіл қорқытып зорлап ұйымдастырды деген сөз бар екен. Бірақ, кімнің көрсетіндісі екенін айтпады!» деп ескерте кетті.
Аупартком секретары ең кедей үйдің бидәй көжесін ішіп қонған соң, бар егіншімен жеке-жеке сөйлесіп болған соң, ертеңіне түсте бір-ақ келді менің қасыма. Ауыл мұғалімінің төр үйіндегі дөңгелек столда шәй ішіп отырғанымда екі езуін екі құлағына жеткізе күліп кірді де, төрге шақыра түрегелген менің қолымды қатты қысып, сілкіп-сілкіп жіберді.
- Құттықтаймын жеңісіңді!... Егіншілердің қайта айнығанынан кейінгі лекцияңды түгел естідім. Бәріне де өте жақсы әсер еткенсің!... Кейін бұлар копирацияласқанда да бұл сөзің естерінде болады, өте жақсы!...
Сол күні кеште сол үйге бірге қондық. Әр түрлі сұрау қойып, бар жағдайымды сұрастырып жатты. Айыржап былтырғы конференциядағы шағым сөздерден мақпалдың атын секретардың өзі жазып алғанын біледі екен. Байланып жоғалған сол қыздың менің қалыңдығым екенін айтқанда, едәуір ыңылдап ойланып қалды секретар.
- А..а, -деді бір шақта – былтыр 11-ші айда Мақпалды мен Алтай жерлік парткомға тапсырып қатынас жібергенмін. Оны сақшы мекемесі арқылы тапса, өз қамқорлықтарына алуларын өтініп жазғанмын. Тапса олар бізге хабарлайды!...
Алдынғы күні Дүйсен ағай маған келіп, «Мақпал 1 ай мөлшерінде бөле күйеуден құтылған сияқты деген тұспалын айтқан: «Сауырдан, қай жердікі екені белгісіз, сақшылар алып кетіпті». Секретар менен соны естіп, «ы----ң, табылған болса, бізге қайтарады!» дей салды да қор ете түсті.
Ертеңіне таңертең әкімнің жеңіл арбасын шоқақтатып көшіре келді. Кешке жақын шығып, жолдағы туыстарына қоныпты. Секретарға конверт ұсынды. Шинжаң өлкелік парткомның үгіт бөлім таңбасы басылған қатынас екенін көрдік. Менің Үрімжіге – оқу-ағарту меңгермесіне қызметке шақырылғанымды аупарткомға тапсырып жазыпты. Оқу-ағарту меңгермесі бірінші рет сұрағанда аудандық үкімет бермегендігі себепті партия жағынан сұратқан сияқты.
- Биғабили жолдас, сен осы арбамен қайтып, Үрімжіге жүруге дайындала бер! –деді секретар, маған райлана қарап алып, - бірақ, мен қайтқанша күте тұр!... Партия қатарына өтуге жазған өтінішің бар емес пе, мен өзім кепілдік етіп қабылдатамын. Партияға өтіп, партбелетіңді алып барғаның жақсы!..
Қолымды кеше қатты қысқан секретарымның қолын енді мен қатты қысып аттандым. Бәсе, таразыны әркім өз көкіректеріне - өз жүректеріне тіремей, осылай қалыс ұстау керек қой! –деп жымидым былай шыға бере.
Жеңімпаз тергеушім, қадамын қалай-қалай тастаған мына тарих!... Сәрсен ағаң мың құбылып, мың бұралып кіре алмай жүрген партияға илігуді білмейтін мендей «тоңмойын кері төңкерісшінің» шынымен-ақ зып бергені ме! Дүлей жұдырығыңызбен қағып тастап, қайта жазсаңыз қайтеді сол тарихты. Әділет таразыңыз осыны құптайды ғой! Қолыңыздан бұрмалауда жұлмалау да келіп жүрмей ме! Тарихты сіз жаратпай, сіздейлерді тарих жаратып, соқыр шегіне жиып сақтап келе жатқанымен ісіңіз болған ба. «Партияға сиқырлықпен жалбызбалап кіріп алған, бұл атақты қылмысын бұрып алған, зор шатақты қылмыскер» деп қондыра қоярсыз!

IV


Күрсініп жіберіп, арбаны 3-ші ауылдағы Дүйсен мектебіне қарай бұрғыздым. Жаңа бүрлеп келе жатқан жусанды жазық дала, жайнаған шуақты күн, қалай жүрсең де қауіпсіз, тыныс кеңіте аңқыған жұпарлы леп. Көкірегімді тарылтып келе жатқан, тек Мақпал ғана. «Ішімнен өзінен бір лебіз ести алмай кетер ме екенмін!» -деп қынжыламын. «Рас сақшы құтқарған болса, ең ұзағанда ақпан айында-ақ хат жазар еді ғой!»...
Мақпал қақпанға түскен Дөңгелекши жиегіне жете бере арбадан секіріп түстім. Сондағы арпалыста тереңірек түскен сыңар табанның ізі табылса да сүйгім келгендей, құмарта, қадала іздедім сол маңды. Екі қыс бір жаздың жауыны мен желі барлығын өшіріп жоғалтыпты. «Жүрегіндегі лапылдаған отын да осылай өшіріп кетті мекен!» -деп қалғанымда көзімнен жас ыршыды. Арбаға қайта келіп отырып, қос теректің тұсына келгенде тағы да секіре жөнелдім. Ұмтылмас қасиетті «төсегімізді» сиыр аунап, бұқа тарпып ойрандағандай қарға, қарақұс саңғырығы да жатыр. Ондағы шалғын-қияқтан ештеңе жоқ! Жаңа көріскенімізде, онан кейін жолығып, айрылысар шақтардағы қайта-қайта қайрылысып, сүйісулерімізде далда болған Жарқабақ та құлап, бір опырылым түсіпті! Ар жағында көктеулік жұртында шошайып-шошайып, туған-өскен ауылы отыр. Жерошақ маңында күйбеңдеген бір-екі кемпірден басқа ешкім көріне қоймады. Тағы да күрсіне қайтып арбаға шықтым. Бұлақты жағалап барып, мектеп тұсына жеткенде өттік.
Мені тани сала қарсы ұмтылған мол омыраулы жеңешем қолымды қыса амандасып, үйіне жетектей жөнелді. Оның дабырынан түскі демалыста жатқан «шалы» оянып, ыршып тұрды. Арбакеш атын доғарып, жем беріп кіргенше, көңілімдегі әлгі күдікті сұрауларды тұспалшыл жеңгеден сұрап та үлгердім:
- Сауырдағы түтқынды қай жердің сақшысы құтқарғанынан дерек таппадыңызба, жеңеше?
- Қай жердің сақшысы екенін білсе, шешесі маған айтар еді. Өздері жақында ғана солай естіп, жыласып жүр. Үлкен шешесі «үкімет сақшысы әкетіпт» деп жыласа, өз шешесі «сақшы болып жасанған басқа біреу әкетті ме екен?» деп жылайды. «Сонау 1-шы айда кеткен, рас сақшы болса, қазірге дейін бір хабар келмей ме!» дейді. Сенің де хабарсыз екеніңді естіп, алдыңғы күннен бері тіпті көп жылап жүр. Осы үйге келгеніңді білсе, өзі қазір-ақ жетеді.!
- Әлгі бөле күйеу мен нағашылары Жеменей сақшы мекемесіне барып сұрастырмап па?
- Қай беттерімен сұрайды!.. Сақшылар Мақпалды шанаға орап отырғызып ала жөнелгенде, тіпті үйлерінен де шыға алмай отырып қалыпты. Үкімет сақшысы әкеткен болса, артынан ол ауылға тергеуші келмей ме. Бұл туралы хабар естілмей жатыр. Екінші хабар келмеуіне қарағанда, мен ойлаймын, бөле күйеуде, нағашылары да түгелімен абақтыға түсіп, мұндағы үйлеріне хабар жеткізетін ешкімі қалмаған шығар!
- Әмин, олай болса, рас сақшы әкеткені күмәнсіз болар еді ғой! Ал, бірақ міне төртінші ай, ол рас құтылған болса маған неге хат келмеді?
- Алдыңғы күні осыны шешесі де айтып жылады, Биғаш. Мен ойлаймын, Мақпал саған хатты өз атымен жазса, поштадан ұрланған ба екен деймін!. Сен қаладан шыққалы екі апта болды ма?... Ендігі тағы бір жазған хаты үйіңе, немесе, мекемеңе келіп те қалған шығар, күйеужан-ау, асықпасаңшы, ол жөпшенгіде ешкімге алдана қоятын қыз емес дегемін ғой! –Жақсы ауызды жеңешем, осыны сөйлей шығып, сырттағы ошаққа қарай кетіп бара жатты да жалт қайрылды. – Айттым ғой, әне, келе жатыр!
Келе жатыр дегенін Мақпалға ұйғарып, ыршып тұрдым орнымнан. Сыртқа жүгіре шығыппын. Ауылынан бері беттеп келе жатқан шешесі екен.
- Әй, уақыты жетпей алжыған жеңешетайым-ай! –деп күле қайтып, сылқ түстім төрге. Үйден аға, сырттан жеңге қарқылдағанда арбакеш кірді. Бұл тақырыптағы әңгімені сонымен доғардық.
Мақпалдың шешесі жетіп, ошақ басындағы сырласымен күбірлесті. Қызы жөніндегі менің пікірім сөз болғандай, жақындап отырып, бар зейінін сала тыңдағанын байқадым. Кимешек шалғайымен көзін сүртіп, жат көзге жайбарақат күлімсірей кіріп амандасты менімен. Ибалы күйеудің әдеті бойынша иіле түрегеліп амандасып, төр нұсқадым.
- Рахымет, қалқам, отыра ғой! –деп қалып, күрсінді де, Дүйсеннің төменгі жағына келіп отырды. Бұл күрсінісі мол сабырдан асып, шалқып шыға келген күйініш еді. Дастарқан жасалып, шәй құйылған соң шынысымен жүзін далдалап, тұқыра ұрттады шайын. Мен де тұқырудан кенде емес сияқтымын. Көз астымен ғана қарасып, көлдей жасымызды ішке төгіп отырған жайымыз бар. Езіліп-елжіреп отырған ана, дертіне ем боларлық дерек іздейді жүзімнен. Өзінің нұрлы қамқор жүзінен мен де соны іздеп жаутақтадым. Былтыр жаздағысынан әжімденіп, күйіктен қартайып қалғаны байқалды. Көз жасы шынысына қосарымен домалады бір шақта. Ем таба алмасам да дәтке қуат дәрмен айтып кеткім келді. Дүйсенге қарап сөйлеп, Мақпалды құтқару жөнінде аупартком секретарының өткен күзде Алтайға қатынас жаздырып жібергенін айттым. Елеңдеп жеңілдей тыңдады шешесі.
- Ол, өткен 11-шы айда Алтай парткомына жазылған қатынас, -деп айқындай сөйледім сонан соң. – Ал, биыл 1-ші айда Сауырға сақшы келіп әкеткен болса, сол партком жіберген сақшы болады. Олар әрине қарақшы емес. Мақпалыңыздың құтқарылғаны рас!... Жалғыз-ақ өзінен хат келмей тұрғаны болмаса, алаңдайтын мәселе жоқ! .. Хат келмеуінде әртүрлі себеп болады ғой, иә, бір себептен жазылмай қалады, иә, жазса да поштадан – жолдан жоғалады.
- Ие, солай болатын себеп көп қой, -деп құптады Дүйсен. – Хат жазбады деп алаңдау қазірше орынсыз болады!
- Әке-шешесі болсақ та бізден көңілі қалатын жөні бар ғой! –деп күбірлеген ана көз жасын бір ағытып жіберіп сүртті. – Тіпті өмір бойы бізге қайрылмай, танымай кетуге де ақысы бар! Ал, қалқам, құтылса саған... жазады. Ол мінезіне сенемін!... Әйтеуір мені өзің... келісімен сүйінші сұрап қуантпасаң, бір күнім он жылға бергісіз ауыр болып барады!...
Жылаудан ерінін жия алмай түрегелген ана, сырт айланып шыға берді. Үрімжіге қызметке шақырылғанымды ол каісі кеткен соң айттым аға-жеңгеге. Ондағы адресімді анықтап жазып беріп, Мақпалдан қандай хабар келсе де сол адреске тездікпен хабарлауын қайталап-қайталап өтініп қайттым. Үш рет қайталап өтінгенімді қалжыңға айландырған жеңешеме өз күдігімді де, тіпті өзімнен хауіптенетіндігімді де жасырмай қысқаша ескерте кетуге тура келді.
Күдігім: бөле күйеуден Мақпалдың қалай да құтылғаны рас. Басқа бір суық қолға тұтылуы мүмкін емес. Мұмкін емес болатыны, ол маңдағы суық қол қара күштер суық қол беделді нағашыдан жиен келінін тартып әкетпейді. Еркіндік әперетін сақшының әкетуі толық мүмкін. Олар Мақпалды әрине қамамайды. Ал, еркіндік алғанына үш ай болғанға дейін маған Мақпал қалай хат жазбайды. Жазса, марттың соңына дейін маған қалай тимейді? Соған қарағанда Мақпалдың көңілін алып құтқарған біреу әкеткен болуы мүмкін. Олай болғанда көл жағасында жүрген менің бұлай күтіп қурай беруім құр әурешілік болмай ма?!
Ал өзімнен қауіптенетінім: қыздарға тым көрсе қызар болып бара жатқаным. Әнеу күні де бір жендет қыз көзімді суырып әкете жаздамады ма. Осы дүниеде сұлу сиқырдан қатерлі жендет өткен бе. Әлиясының өзі-ақ мені талай әлекке салмап па еді. Қырсық шалғанда бүтіндей жұмбақ сырлы Асияларының бірі мені шрық үйіріп әкетіп, махаббат шыңынан Әлияша шыңыраудағы ми батпаққа былш еткізбесіне кім кепіл. Ал, олай болмағанда да, неше жылдан бері тіршілігімнің ең зор арманы болған Нұрияшым шырмаған тағы бір тордан мүбәда жарқ етіп шыға келсе, оған дейін жаңсақтан жаза басып мен жоғалсам не болғаны!...
«Бірінші айда құтылыпты» деген хабар екі-үш күннен бері менің басыма осындай бейжай ой түсіретін болған. Аға-жеңгеге тұспалдап қана айтқан күдігім мен хаупім осы еді. «Бір хабары неғұрлым Үрімжіге жүргенімше жетсе екен!» деген тілегімді тағы қайталап білдіріп қайттым.
Аудандық үкіметке келіп арбадан түсе сала жүгірдім бөлімге қарай. Жүгірткен – Алтайдан хат келген-келмегенін білу. Орнынан бұрала түрегеліп қол берген Әлиядан сұрадым.
- Жоқ, хат көрмедік! –деп төмен қарап күбірлегені күмәнді қоздырды. Стол тартпаларын лезде ақтарып-тексеріп жіберіппін. Табылмағандығы бетімнен шымшып алғандай сезілді. Жүзім сәл қызыңқырап мен де төмен қарай бердім. Ұялғанымды білген Әлия кешірім еткісі келдіме, әлде хат жөнінен мүлде бейхабар екендігін көрсетпек болдыма, бұл тінтуімді Асияның суретін іздегендікке айналдыра салды. – Картшкасын өзі алып кеткен! –деп арбай қарады жүзіме. Мұнысы сұмдығы болса да сүйсіндім бұл жолы. Үнсіз бұрылдым да жүре бердім. Орнымда қалған инспектор де, Шәкербай да, кассир де маған келген ешқандай хат көрмепті. Поштаханаға жүгірдім. Әлия бірге жүгірді. Күлімдесе де күлгін тарта сұрады менен:
- Не болды, Биға? Өзі хат жаздым деп хабарлап па?
- Жоқ! –деп қалыппын. «Әттегене» дедім ішімнен, хабар келді дей салсам, әлгі тінтуімнің ұяты, мұмкін жеңілдер еді де. Шынға әдеттенген аузым тағы да алдырып қойды-ау!» деген оймен қынжыла бұйырдым. – Сен қайтып қызметіңді істей бер, Әлия.
Ол аңтарылғансып тұрып қалды. Жүзінің ағара түсуінен күдігім қайта жаңғыра түсті. Поштахана бастығының бөлмесіне кірдім.
- Өткен 2-3-ші айлар ішінде маған Алтайдан пошта арқылы жолданған хат бар екен, -дедім қол алысып сәлемдескен соң. - Әлі тапсырылмады. Мен көптен күткен аса зәрулі хат еді. Хат-шек басқаратын қызметкерлеріңізден анықтап берсеңіз екен!
Сол өтінішпен бастықты ертіп шыға келгенімде залдың үлкен есігінен Әлия шыға жөнелді. Кімге сөйлесіп кеткенін біле алмай қалдым. «Мына сайқал сол хатты алған адамның аузын бекітіп кетті ме екен» деген жорамалмен кектене қарадым сыртынан. «Алдымен хат таратушыдан сұрасамшы!»
Бастық мені ерте жүріп сұрастырды. Хат тарататын бөлімдегі тізімдерді де тексеріп, дерек таба алмай, хат таситындарды тағы да қузап тексеріп көретіндігін айтып қайтарды.
Үйге қарай ілбідім. Иілген басым тік көтерілді бір шақта:
«Мақпалдан хат келген делік» оны күншіл күндес білген делік те, оқып көрген делік. Сонда ол хатта мені суындыратын – махаббаттан үміт үздіретін хабар жазылған болса, алдымнан күле көтеріп, табалай шықпай, Әлия жасырмақпа ондай хатты!» -деген ой үйріле қалып еді. – Нұрияшым маған құтылғанын, пәлен адрестен табылатынын айтып, қуандырып-уандырып жазған. Мені аздырып айыру ниетіндегі Әлия сондықтан жасырған» деген наза-наламды жеңілдеткендей болды.
«Ал, ең зәруі адресін білу ғой. Сол хатты, тым болмаса, канвертін қайтып қолға келтірсем екен?... Ашықтан-ашық тінте берсем тіпті ұят. Ашық тиісіп тергесем ерегесе түспей ме. Күйдіріп мүлде жоғалтуы да мүмкін!.. Жалынсам жібір ме?.. Қорқытсам берер ме?... алдасам алдырар ма?»
Үйге келіп, далұрған далбаса мен хат келген-келмегенін қарындасымнан да, шешемнен де сұрадым. Ешқандай дерек жоқ. Титықтап отырып қалыппын. «Қолды болған хат. Сұмдығынан асыра сұмдық қолданбай оны ала алмайсың!» деген қортынды шықты. Бишара халге түстім.
Шешем қатарымдағы орындыққа келіп отырды да, басымды алдына алып, маңдайымнан сүйді. Аялап, арқа-басымды сылап-сипалай түсті. Арықша, шағын ғана ана алдында мен де кішірейе түсіп, балалық шағыма қайта оралғандай, бесікте тербелгім келгендей болды. Ана омырауын иіскелеп, мойнына асылдым. Қартайып қалған әжімді ашаң шырайынан жүрегіме тағы бір ауыр қам орала қалды. Көзіме жас келіп, иығына тамшылады. «Әке-шешем өліп қалса қалай тірі қалмақпын!» -деп терге малшынып, ұйқысыз өткізген түндерімдегі сияқты бір түнек қайғы еді бұл. Әке өлгенде тірі қалдым. Бірақ тірлігімнен дерек білдіре алмай, аса аянышпен – арылғысыз зармен айрылдым ғой. Енді мына қартайған жалғыз аяулы ана!... Мен Үрімжіге кетсем, бұл да менен сондай тағдырмен айрылса қайтпекпін!»
- Сен одан қамкөңіл болма, қарғам! –деп шешем көз жасымды алақанымен сүртті. «Одан» дегені Мақпалдан деген екенін сөзінің жалғасынан ұқтым. – Ол табылады. Мақпалдың дәл өзі, бәлкім өзі болмаса өзінен айырғысыз біреу келеді. Менің білуімше өзі, дәл өзі табылады! Сенің бақытты болатындығыңа сенемін!
- Апа, ол туралы емес, мен Үрімжіге тағы шақырылыппын. Соған кетемін ғой, сен қартайып қалдың ғой... соған..
- О қарғам-ау, мен туралы несін қайғыланасың! Әке-шеше кімге жолдас болған!... Жолың болсын, алаңсыз бара бер! Бұл жерде әр томарға бір шалынып жүргенше, сондай биігірек жерге барғаның жөн. Ананың алаңы, өз өлімі емес, артында қалатын балаларының хал-жайы ғана болады. Ал, сенің мұратыңа жететіндігіңе жақыннан бері қатты сеніп, қуанып жүрмін! Бәсе...
- Болжап білдің бе, түс көріп білдің бе? –деп күлдім мен.
- Оны өздерің әке-шеше болғанда түсінерсіңдер. Мархұм әкең сенің бірдеме болатындығыңды ауырғаннан бұрын, сау кезінде-ақ маған сыбырлап айтып жүруші еді! Мен енді ғана толық сенетін болдым. Бақытты боласың, қарғам!
Алдыңғы Нұрияның 45-шы жыл басындағы осындай бір болжамы есіме түсіп, күрсініп жіберіппін. Ол, айрылысатындығымыз туралы екі-үш рет айтып жылап еді ғой! Сонысы артынан іле-шала шынға айланбады ма!... Ол да бүкіл жан-жүрегі, бар тілегімен, терең қаммен ойлайтын, шексіз махаббат иесі. Адам миы - әлем заттарының ең дамыған, ең жетілген жемісі десек, сондай күшті махаббат иелеріне болжағыш қасиет бітер-ақ. Ал, мен неге Мақпал жөнінде мұндай болжамды сенімге келе алмаймын?... Әлде оған арналған махаббатым кемірек пе? Жоқ, тіпті де олай емес!... Әлде сезімдік апараттарым әлсіздеу ме?... Мүмкін, мәселе осыдан шығар!... Әлде оның махаббат оты өшкендіктен бе?... Жоқ, жоқ өшпек емес, өшпесін, өшпесін!» осы ой басымды шешемнің алдынан ыршытып жібергендей болды... Ертеңіне мекемеге барып, қызметімді түгел өткізіп бердім. Үрімжідегі қызметке орналасқанымша расхот ретінде Телбай әкім екі айлық артық еңбекақы босаттырып берді. Лиң секретарды күтіп, партияға өтудің жосынын өтеуден басқа жұмысым қалмады. Мақпалдың дерегін табудың қамымен поштахана мен Әлияны ғана айналсоқтай бердім.
Үрімжіге кететіндігімді Әлия алғаш естігенде елең ете түсіп, сұрлана қалып еді. Онысын мені қимайтындығына балап, қайтадан дәмелендіріп қоюдан сақтансам да, Мақпал хатының иісі осының бойынан сезілгендей мені тімтіндіре берді. Екінші күні оңашада жанқалтасына ғана емес, төс қалтасына да қол салып жіберіппін. Жылмаң қақтырды бұл қылығым. Мен түйіле қалдым онысына.
- Түсінемін, Асияның картшкасын іздегенің ғой! –деп күрсінді Әлия. Мен де әдейі соған аудара салу үшін үнсіз жымидым. – Қырға кетеріңізде біз берген жолдықтың ішіндегі хатты көрдіңіз бе? –деп сұрады сонан соң. - Әсияның ахуалы расында солай. Бірақ өзі танысқан жігітінің сырын біліп болмай ешкімге сөз бермейді. Оған сөз салған жігіттер көп. Біраз сөйлесіп көріп, бәрін де қайтарып жүр. Сол картшкасын мен өтініп, сізге көрсетейін деп әрең алғанмын.
- Өзі алып кетті ме? –дегенімде Әлия күліп жіберді.
- Сіздің оны әлі де көргіңіз келетінін білемін. Үйде, әкеліп берейін бе?
- Қазірше керегі жоқ, өзіңізде тұра тұрсын!
- Қазірше? –деп тағы күлді Әлия. – Сол жоғалған қатыннан әлі де үміт күтетіндігіңізге күлкім келеді!
- Ол күлкі келетін іс емес!... Өзі солай!...
- Қазірше дегеніңіз не? Мақпалдан хат келгенше дегеніңіз ғой? Ол меніңше енді хат жаза алмайды. Неге десеңіз...
- Ол қалай да жазады. Тым болмағанда мені күттірмеу үшін жазады! Оның жауабы келмей мен де ешкімге сөйлеспек емеспін!
- Оған осыншалық опалы болғаныңызға таңмын!
Бұл жауаптарым тағы да шынына сайып, күншілдігін тағы да қоздырып алғаным сезілді. Енді қалай да азғырылған болып көрініп, іштесуге, сөйтіп, өз бөлмесінде тінтіп көре алатын байланысқа тез жетуге асықпай болмады. Тәуекел айттым да, «қамқор қйынбике» атап, «күле» айлансоқтадым. Ертеңіне өзі бұрынғыша алтын сырғасымен жарқырап киініп, бұрқырап келіпті. Бұл жасануынан Асия мен де бақталас болып «базарға» одан бұрын өзі бір салып алмақ ниеті барын байқағандай болдым.
- Жақын кезімізде жатағыңды бір көрмеппін-ау шіркін! –деп күрсіндім әдейі. - Өзің сияқты жайнап, жәннат аңқып тұратын шығар?
- Көргіңіз келсе барып көре беріңіз, айырым бөлмеге шығып алдым.
- Арамызға асусыз талай кезең тастап айрылыстық қой, енді Асиямен сөйлестіргеніңде көрмесем!...
Осы сөзбен күрсіндіріп қана шығып едім.
Сенбі күні түске жақын бөлімге бір кіргенімде Әлия бүктеулі қағаз ұстатты қолыма. Сол жерде ашып оқыдым: «Әсия кеше кеште келген. Сізбен әңгімелескісі келетінін айтты. Кеште клуб алдынан күтіңіз, сол жерден табыламыз! –деп қана жазыпты. Бас изей сала қайттым. Поштахананы әсіресе ондағы Әлияның бекіткен аузын тауып тексеру, осы бояушы сиқырлармен сөйлесудің алдындағы негізгі жұмыс болды. Бірақ, қалай түрткілесем де поштадан Мақпал хаты туралы жылт табылмады.
Ақшам бата үйден шықтым. Таныстырушы Әлиясына қарап ойлана келе танысушы Асиясына бой ұрмауға мықтап бекініп, хат іздеу үшін ғана шықтым.
Әлия жалғыз, клубтан көп бері жарым жолдан кезікті. Бар асылын сусылдатып киініп шыққанына мен таңырқай қарадым да, менің көне тоз сұры көйлек-сыммен ғана шыққаныма ол күлімсірей үңілді:
- Асияға жақсы көрінгің келмейтінін біліп қойдым.
- Көп сынайтын қыз дегенсің ғой. Қажеті киім болса, үйге апарып көрсетемін!
Сыңғырлай күлген Әлия білегімді мығым омырауына баса қолтықтап, басқа көшеге бастады. Әсия қайда деп сұрағаныма ойланып, кідіре жауап қатты.
- Біздің үйде! –деді күрсініп қалып. - Әжемнің қасында қалды. Тілегіңіз бойынша менің бөлмемде сөйлесесіз!
- Сендерге туыстық жағынан жақын ба еді?
- Жақын, немерелеспіз. Ол менен бір жас қана кіші сіңілі. Мен сізге қастық істегенде сіз маған көп жерде достық істедіңіз. Сондай борыштарлығым үшін...
Кәкімбайдың қақпасының алдынан өте бергенімізде, Әлияның әкесі мен Кәкімбайдың жақын сыбайластығы, үлкен шешесіне іргелес көрші екендігі есіме қалт түсе қалды. Қашып жүргендігін білсем де жорта сұрадым:
- Кәкім бай үйінде бар ма, көптен көрмеппін. Не істеп жүр?
- Саудамен кетіп жүр ғой деймін. Үйінен бейсенбі күні ғана көрінетін болып жүр ғой, енді былай жүрейік. Біздің жайымыз мынау – сәл кешірек кірейік!
Қараңғы түскен шақ. Кәкімбайдың үйіне келетін бейсенбі кешін есіме түйіп, оны қолға қалай түсірудің ойымен қала шетіне шыққанымызды сезбей қалыппын. Оңаша бір құрғақ арық жағасына келіп отыра қалды Әлия.
- Отыршы! –деп қолымнан тарта отырды. Кішкене әңгімелесіп алайықшы! –деп күрсінді біраз ойланып алып. – Сіз енді кетесіз ғой, мені кешір! Көп уақыт бірге болдық, жақсы айрылысайықшы! –осы сөзімен иығыма басын сүйеді. Жымия сұрадым:
- Қайтсек жақсы айрылысқан боламыз?
- Сіз Мақпалдың жауабын күтіп, зарығып жүрсіз ғой, жаным ашиды. Ол кеткен адам ғой. Рас кеткендігін білгенде... тағы қиналасыз ғой!Бірақ лаж жоқ болған соң, мәселен делік біреумен үйленесіз ғой. Сонда кіммен... шыныңызды айтыңызшы?
- Өзің сіңіліңмен көрістірмек болып ертіп келдің ғой! –деп аңыра қарадым жүзіне. – Сөйлесіп көреміз, сынасамыз. Лайық деп табыссақ сонда естірсің. Қазірше айтарлық бұдан басқа шыным жоқ.
- Оны сіздің ұнататындығыңызға сенемін, ол ұнатпасашы?
- Онан соңғысын артынан көрерміз, өлер деймісің! –деп күле түрегелдім де оның қолынан мен тартып тұрғыздым. – Жүр, кешігіп қалдық, үйіңде де аз мылжыңдаспаспыз!
Әлия қайта қолтықтап жүре сөйледі:
- «Мақпалдан бір жауап алмай, ешкіммен сөйлеспеймін» демейсіз бе?
- Сіңілің жарамды болса, олай демей-ақ қоярмын!
- Мақпал әлдеқашан кетіп, балалы болып қалса да, соншалық күткен себебіңіз не?
- Уағдама опалы болайын дегенім ғана ғой, әйтпесе кімнен сұлу дейсің. Күтуім енді жеткен-ақ шығар! – Осы сөзді ести сала аш белімнен шәп берді Әлия. Күрсініп жіберіп қыса құшты. – Қайынбике, енді әдептен асып кетпелік! –деп күле сырғыттым қолын.
Іштен ілінген қақпасын бұта сұғып ашты да, сықырлатпай жауып, ілгегін қайта ілді. Бөлмесінің есігі үлкен үйінен айырым екен. Оны да еппен ашып кірген соң шырақ жағып, терезе пердесін жапты.
- Ал отыра тұрыңыз, мен Асияны шақырып шығайын! –деп шығып кетісімен столының тартпасын аштым. Әртүрлі тағам салынған екі-үш тәленкеден басқа ешнәрсе көрінбеді. Жиған кітаптарына ұмтылдым. Ең үстіндегі кітапты тарақтап қалғанымда ақ конверт жерге түсіп кетті. «Дөрбілжін оқу-ағарту бөліміндегі Биғабілға», «Алтай-Сарсүмбе пошта-телеграф мекемесі (м...дан) деген таныс жазу жарқ ете түсті. Көзімді сығымдап жіберіп қайта оқыдым да жанқалтама тыға қойдым. «Сұмдығыңа менің дөрекі қулығым да төтеп бере алды ма бәлем!» дегендеймін. Есіктен еш сыбыс естілмеген соң конвертті асыға аштым. Жазылған азғантай ғана сөз дәл төбемнен шойын шоқпармен періп жібергендей мең-зең етті. Отыра қалдым. Жазу түріне жан-дәрмен қайта үңілдім. Айнақатесіз Мақпалдың өз жазуы: «Биға, мені кешір, өз басымда сізге опасыздық істемек ой жоқ еді. Өзіңізге белгілі зорлыққа ұшырадым. Сонда да, осы бала білінгенше қашып барайын деп тырысып көрдім. Лаж жоқ, өлсем де бір көруді нәсіп етпепті, босанғаныма жарым жыл болды, ана болдым. Үкімет құтқарса да баламды шырылдатып тастап кете алатын емеспін. Естуімше сіз мені әлі күтіп жүріпсіз. Ендігі бақытыңызды ойлаңыз, мен жоқпын. Маған сізде жоқсыз! 1951-шы жыл 10-шы март.
Бақытсыздыққа еріксіз көнген сорлы М...ңыз. Хат сөзі осылай ғана. Столды орып жіберіп екбетімнен сұладым. «Үкімет құтқарып, бөле күйеуден айырса да баласын қимай, қайта барып қосылып алған екен ғой!» деген өз күбірім өзіме жат біреудің сөзіндей естілді. Сырттан аяқ сыбдыры білініп, басымды көтеріп алдым да сымымның жан қалтасына тыға салдым суық хатты. Сұрғылт тартқан Әлия кіріп, жүзіме бағдарлай қарап сөйледі:
- Асия сыртқа шығып кетті дейді, осы көшеден іздеп таба алмай келдім. Қазір келіп қалар, күте тұрайық!
Әлияға қарап отырсам да сөзі құлағыма дарымағандай. «Бұл хатты не себепті осыншалық оңай жерге қойған?» -деген сұрау келді ойыма. – Осы бөлмесінде Асиясымен кездестірмек болып, түстен бұрын шақырды ғой. Менің келетінімді біле тұрып... Ең негізгі сырды осы жерге қоюын, ұмытшақтық, иә, салақтық деуге бола ма?... Жоқ, конвертін жыртып қойып айыпты болғандығы үшін ғана жасырғансымақ болғаны!... Осы кітап арасынан өзі тауып оқысын, күткенінен осы жерде түңілсін дегені!... Егер Мақпалдың хаты мені үміттендіріп, күттіретіндей болып жазылса, мұндай оңайға сақтар ма!...»
Көзімді керең адамша жарқыратып отырып қалыппын. Хатты тауып оқи қойғанымды Әлияның өзі де білгендей, жалтақтай қарап, күрсіне берді. Хат сақтаған кітабына қарап та қоймай, лыпылдап дастарқан жасады. Қонаққа керек деген тағамдарының бәрін де осы кішкентай ғана аса сәнді бөлменің шкап-тартпаларына дайындап қойыпты. Оларын тәптіштеп жасап жатқанда кітап қойылған бұрышын тағы айландырдым. Терезені тұтас қаптаған пұлыс пердесінің сол жағынан бағана саңлау қалдырып жауыпты. Енді байқалды. Хатты тапқанымды сол саңлаудан көріп тұрған сияқты. Асияны іздеп емес, мені сырттан көздеп қана кешіккені түсінікті болды. Шай құйып тұрған Әлия үнсіз егіліп, көз жасын төгіп тұр екен. Орныма қайта оралып отыра кеттім.
- Асия келгенше шай іше отыралық! –деп күбірлеп Әлия да отырды. Бетін басып алып солқылдай жылады енді. Стол ортасына қойылған жуан бөтелке канияктан стаканға толтыра құйып, бір-ақ көтердім. Кішкене стаканға өзі де лақылдата құйып, жұтып жіберді де, столға басын тақ еткізіп қоя солқылдады. Әлия солай екбеттеп жатқанда дәніккен көзім үй ішін тағы да тінте жөнеліпті. Енді сол «сұғанағыма» ызаланғандаймын, «табылмаған енді нең қалып еді!» деген оймен столды жұдырықпен қойып жібергенімде Әлия басын көтеріп алды. Өз ыдысыма канияктан тағы құйдым. Өз ыдысына Әлия тағы лақылдатты да менің стаканыма қаағыстырып жіберіп қылғыды.
- Сен көп ішпе! –дедім, өзім де сіміріп жіберіп. – Оңаша бөлмеде қатерлі қонақ күтіп отырған қызсың ғой, алданған адам ашулы келеді, менен сақтан! Осында алдап шақырғаныңды арық бойына апарып сөйлеген сөзіңнен-ақ білгенмін!
- Кешір! –деп ыршып тұрған Әлия басымды құшақтап аймалай солқылдады. – Сені осында жеткізгенге дейін, тіпті қазірге дейін алдауға мәжбүр болдым. Кешір жаным! Өзімнің қызықтырарлық іштеңем жоқтай басқа бір қызды көрсетіп, соның магнитімен ғана әкелгеніме қорланамын! Бұдан да өлгенім артық! Ақыры рет бір сөйлесіп көру үшін ғана алдадым.
Қатты басым осы сиқырдың мамықтай омырауында жұмсап бара жатқандай сезілді. Атып тұрдым да екі иығынан бүре ұстап, орындығына отырғыза сөйледім:
- Расында, мен Асияңа қызыққандығымнан емес, осы байланыспен не өзіңді алдау үшін келіп едім. Бірақ, болмыс мені алдандырып, алдырып қойыпты! –дедім де бөтелкеден тағы да құйып сілтеп жібердім. Әлия енді күлімдей қарады. Арақұ қызуымен қызыға қарадым мен де. Ойнақы қара көзі де, ерекше қалыпқа құйғандай сұлу мұрны да, суретші қолмен жасалған қап-қара қасы да, иығына төге қырққан жылтыр қара шашы да жарасымды, барлық мүсінмен бұрынғы сүйген кезімдегідей көрінді. Адамгершіліктен сырт өткізген аса сүйкімсіз қылықтары есіме түсе бергенде, сана-сезіміме онысы жуымасын дегендей оң қолымды сырт жағыма қатты сермеп қалыппын. Орнымнан тұрып, арлы-берлі жүріп кетіппін.
- «Асияға қызыққандығымнан келмедім» дедіңіз бе? –деп Әлия бұрала күлімсіреп сұрады.
- Ие, оның сыртқы сұлулығы екі жылдың алдындағы сенің өзің ғой баяғы. Мен онымен сырласпадым ғой. Дүниедегі ең баянды сұлулық адамгершілікте ғана. Гүл солады, жүз тозады, жан сұлулығы ғана тозбайды. Сенен Асияның сол жағынан артықшылығы болмаса, физиологиялық парқы жоқтың қасы.
- Ол... екі-үш жігіттен ажыраған! –деп қалып, иығын бір құйқылжытты ачасы1. – Жоқ, ғаибат болмасыншы, Үрімжіге жүргеніңше бір келіп қалар, өзің сөйлесіп көрерсің!... Сонымен, енді мені адам болады деп ойламаймысың?
- Құбылмалы мінезің адам алдауға ғана салынып, қалыптасып кетті ғой, Әлияш, ондай үміт күту қиын! –деп салып, тағы да қарап тұрып қалыппын. Әлия бөтелкеден ыдысына тағы құйып жұтып жіберді. Мен күле жалғастырдым сөзімді. – Бірақ, қазіргі көркіңде титтей де мәселе жоқ. Уақыттық жүруге қызықтырасың-ақ!
- Қойшы! –деп мойнын бұрып салды да, құйқылжи ұмтылып, патифонына табақ қойды. – Кел, онанда билейік!
Құшақтаса кеттік. Мастық толқыны валис толқынын жұтып жіберді ме, әлде өзіміз жасампаздық шабытпен дамытып әкеттік пе, әйтеуір, дағдыдан тыс неқилы «жаңа фигуралар» жаратылды. Сорақы соқтығылыстар, қаһарлы қақтығыстар, долы жүргендей, валисіміздің туталақайын шығарды. Нағыз «күрескер валис» осылай ойналса керек қой. Тасқын толқындары бірінен-бірі аса шапшып, бірінен-бірі аса орғып, бірін-бірі баса қарғып барып, көлге құйылғанда ғана тынышталмай ма. Сол бейбітшілікке жетуге асыққандай краватқа барып құлай кеттік. Қаншалық құтырсам да оны бұл ретте құлатқан мен емес, Құдай біледі, «Әлияшымның» өзі. Ешқандай сылтаусыз-ақ өздігінен құлады. Мен, әрине, сонан соң құладым...
О дүниенің бейіші бейіш пе, бейіштің әкесін таңға жақын оянғанда көрдім. О дүниенің бейішіндегі кебінсіз шәйттер мен жалаңаш қор қыздары мұндай рахатқа ешқашан миссар бола алмаған шығар. Лампы өшірілмепті. Айдай ашылып, айрандай шашылып, батбиып-баттасып, тұтасып қана қалыппыз. Аппақ етті мәликем тіпті сазандай жалаңаш, толықсып жайқалып жатыр. Басымды тыржия көтеріп алуымнан оянғансыды да, қымтырылған болып, бас жағындағы іш көйлегімен жіліншігін ғана жапты. Сұлулығын тұла бойымен тұтас көрсеткісі келіп жатқанын сездім.
- Неғып мұншалық жалаңаштанғансың? –деп тыжырына қарадым жүзіне.
- Өзің ғой!...
Шашымды қос қолыммен уыстай бүріп отырып қалған екенмін. Әлия білек сағатына қарады да, мені құшақтай тартып, қайта жатқызды. Ырқына әдейі сұрау қоя бағындым:
- Осы пәле сенен болды ма, менен болды ма?
- Менен, өзімнен!... Өзім шақырып келдім ғой, жаным!
- Әлгі сөйлестірем деген Асияң қайда?
- Айттым ғой!... Оның уәделесіп қойған жігіті бар. Анау уақытта Дөрбілжінге келгенін естіп, ұрыпты....
- Мақпалдың әлгі хатын неге жасырдың?
- Сені аяп, көрсеткім келмеп еді... көрсетпесем, сен күтіп, зарыға беретін болған соң... осылай болды... көңіліңді аулап, күйігіңді басқым келді!
- Жаның шықсын!-деп құшақтадым. Күліп жіберді де, жыламсырай аймалап сөйледі Әлия:
- Мені некеңе алсаң да, алмасаң да өз ықтиярың, сүйетінім сондай, әрқандай жағдайда да саған енді жаманшылық істемек емеспін!...
Қатерлі қақпадан таң біліне қайтып шықтым да, недәуір жол жүріп барып, жусанды далаға жаттым. Мақпалдың хатын қайта бір тексеріп көргім келді. Анықтап салған жанқалтам түгіл салмаған қалтамды да аудара ақтарып таба алмадым. Құмардан ұтамын деп барып, құлағымды да ұттырып қайтқандай сұмдық сезілді. Хатты қайтарып алып қойған екен! Енді несіне керек етпек болып, қайта ұрлағандығын түсіне алмай жатып, ұйықтап қалыппын. Ояна кетсем, күн сәскеге көтеріліпті.
«Мақпал! Мақпал!... қалай болдық, Мақпалым! Нендей азғын халге түстік! –деп жусанды жұла бердім, күңірене-долдана жұлыппын. «Көк жусан немді алып еді!» -деп қалғанымда көзімнен жас саулай жөнелді...
Түстен кейін сақшы мекемесінің бір бастығына Құрышбекті ертіп, арызын көтере бардым. Құрышпек Кәкімбайдың табылатын жерін де, табылатын уақытын да толық мәлімдеді. «Әр бейсенбі күннің кешін ұмытпаңыздар! Мен де маңайлап барып тұрамын. Егер сіздер бармай, маған тап бола қалса, қарсылық көрсетеді. Біз, қанымыз қарайып жүрген талапкерміз. Ондайда қатерлі іс туылады!» деп мықтап ескертіп қайтты.
Үйге келіп, Мақпалдың бұрынғы жазған хаттарына ұзақ үңілдім. Кеше іңірде жарық лампада оқыған суық хаттың жазу үлгісінен бұлардағы жазудың ешқандай парқы табылмады. Әлиядан сол хатты қайтсем де алып, қайтадан анықтап тексеріп көруді қатты аңсадым. «Менің көргенім осы сайқалдың өзі жазып қойған өтірік хат болмаса, қайтадан ұрлайтын себебі жоқ қой! Егер маған бұл көрініп жоғалған хат, өтірік хат болса, шын хат және тығулы. Мақпалдың жазу үлгісін содан үйренген де солай жазған!». – Осы жорамал мені ұшыра жөнелді тағы да, Әлияның істен түсер уақыты болып еді. Екі үйінің арасындағы көше түйілісінен тостым. Көре сала құйқылжып, күлімдей жетіп сұрадым:
- Ерте шығыпсың ғой, неге асықтың?
- Мақпалдың кешегі мен көрген хатын қайта ұрлаған себебіңді сұрауға асықтым.
- Ұрлағаным жоқ, өзің тастап кетіпсің! –деп маған аса таңырқаған шыраймен қарады Әлия. – Қайта ұрлап мен оны қайтпекпін!... Өзің де керексіз еткендей тастап кеткен соң Асия сияқты басқа біреу көріп күлмесін деп күйдіре салғанмын!
- Өртеп жібердім деймісің? –деп бажырая қалдым. Бұл жауабы нанымды. Қыжыл болғандай жауабын моий қайтарған шырайы да нанымды көрінді.
- Қайда, ошаққа тастап күйдірдің бе?
- Өз бөлмемде, сіріңкемен... барғанда көрерсің күлі де жатқан шығар!... Жүр, Жержамбыл жақта жүре тұрайық!
«Мұнысы да нанымды!» деген оймен қынжыла ілестім. – «Бірақ, әр қадамда бір алдайтын салдақы ғой, үйінде басқа бір хат бар-жоқтығын қалай да тексеру қажет!»
- Мақпалдың хатта жазылған адресі қалай еді? –деп сұрадым әдейі.
- «Сарсүмбе пошта-телеграф мекемесі М...дан» деп қана қойыпты ғой. Өз адресін жазғысы келмегені ол сенен хат күтпейтіндігі де белгілі.
Бұл жауабы да нанымды шыққандықтан, «шын хат» табу жөніндегі үмітім өшкіндей берді. Сөзден қалып ойланумен болдым.
- Мен көңіліңді қанша көтерейін десем де, қайғылана береді екенсің! –деп кейи күрсінді Әлия бір шақта. – Бұл көңілсіздігіңнен мен де қиналып келемін. Асияны шақырып берейін бе, сол біраз жадырата алар ма екен?
- Сөйлескісі келсе, өздігінен келіп кездесер. Бірақ шынын айтқанда қазір оған да көңілім жоқ, қалай екенін білмеймін!
- Сенің қайғыңды көргенде жерге кіріп кете жаздаймын!... Осындай болуыңа мен де қылмыстымын ғой, енді қайтсем екен?
- Ие, сол қылмысың үшін... сенімен некелене алмаймын ғой Әлия, алдағым келмейді. Сені адам болмайды деп аса кем санағаным да емес. Егер мен туралы осы түсінігің тиянақтаса, тіпті жақсы жар болуың да мүмкін. Бірақ, өзің айтқандай Мақпалға қас қылғаның бар. Соны біле тұра оның орнына сені алуға ар-ұжданым көтермейді! –деп шынымды айта сала, хат жайын жете тексерудің амалына көштім. - Некеленбейтінім рас. Бірақ, опасыз, алдампаз сүйіктім, өзің білемісің, өте сұлусың ғой сен, етің қандай аппақ! Енді тамыр керек болған соң, үйреніскен жаумыз ғой, өзіңмен ғана болсын, түндегідей қызықтай берейікші!
- Қойшы! –деп Әлия мойнын иығына жыға қойғанда, мен шынымен қарқылдай күлдім. Бұл күлкімді мазақ күлкі дегендей сезікпен қарап сұрады Әлия. – Неге күлесің?
- «Қойшы!» дегенің «қоймашы!» деген сөз еді ғой, өте сүйкімді естілді маған. Ха-ха-һа-һа...
Қараңғы түсіп, «қоймайтын» бөлмеге кіргенімізше осы күлкім үзілмеп еді. Әлия мұның есесін Мақпал хатының күлін көрсетіп, күліп қайырды:
- Міне опалы сүйіктіңнің хаты! Оған деген өз опалылығың да белгілі болды!
Осы табасы түйсігімді қатты түртті, күндесінен кегін толық қайырып мұратына жеткендігін бейнелегендей көрінді. «Мақпалдың өз хаты басқа» деген сезігімді арттыра түсті. Бұл түнгі тінту қарқынымды да арттыра түсті бұл жайт. Әжесінен шәй сұратып та, дәрі сұратып та шығарып жіберіп, сандық пен чемоданнан басқа күдікті жерлерін түгендеп тінттім. Бірақ хат табылмады. Соның ызасымен тағы да жалаңаштап қайттым.
Ертеңіне іңірде өзім әкелген арақпен жығып ұйықтатып тастап, сандық пен чемоданын тінттім, бұл жолғы төккен терім де селге кетті. Хат таба алмай өзін тақыр жерге жалаңаштап тастап қайттым...
Екеуіміз осылай жалаңаштап, тінтісіп жүргенімізде, өлкелік партия мектебінен курс бітірген екі жігіт келіп, аупарткомның көмекші іс басқару қызметіне орналасып еді. Бірі, аузы толған алтын тісімен Әлияны жалт қаратқандай, қою қара қасты, қырма мұрт, қоңқа тұмсықты, саржы сымының қырын пышақ жүзіндей «қайрап» жүретін жігіт екен. Мұндай серінің партком қызметінде болуы тіпті қызықтырды білем, Әлияшым күндіз соның қасында жарқылдап көбірек жүрді. Төртінші рет жалаңаштауды мен де көксей қоймадым.
«Алтай (Сарсүмбе) пошта телеграф мекемесі арқылы Мақпалға» дегеннен басқа анық адрес қазірше табылмайтынына көзім жеткендігі еді бұл. Өзіне жетуі екіталай, тым күңгірт болса да сол адреске тәуекел айтып хат жаздым.
«Қадірлі Мақпал!... Сенің атыңнан 10-шы март күні жазылған қысқаша бір хатты көргеніме үш күн болды. Қатты жабырқадым. Жазу үлгісі сенікі. Бірақ, сенен күткен сөзім бұл емес, мені түңілдіру үшін басқа біреу жазған, жат ниеттің (қастықтың) хаты болар деген жорамалға әрең келіп, осы қысқаша өтінішті жолдап отырмын. Тапсырып алысыңмен неғұрлым тездетіп, қазіргі ахуалыңмен адресіңді анықтап жазып жібере гөр! Әрқандай тілегің болса да орындалатындығына күмәнданбай жаз! Құрметпен: Б...ың. Енді 10 күннен соң (1-ші майдан бастап) адресім: Үрімжі. Оқу-ағарту меңгермесіндегі... болып жазылады. 1951-ші жыл 20-шы апрел.»
Хатты поштахананың Алтайға жүргізетін березен қапшығына өз қолыммен салып, өз көзіммен жөнелттім. Секретар содан екі күн өткенде қайтып келіп, күткен жұмысымды орындап берді.
Мен Сарыбұлақта жүргенде, Қиялзат пен Мәрия «сырапқорлық» дегеннен қорқып, шәкілдеуік-бұршақпен ғана ың-жыңсыз тұрмыстана қойған екен. Мені ұзату сылтауымен отауларына барлық достарын шақырып, той жасады. Осы бастама бойынша, Емілдің аржақ-бержағына ұзатылатын қызша «танысып» үш сөтке жүрдім. «Тойымның ең соңғы күні кешке жақын ақ қайыңдай ырғалып, жас шыбықтай бұралып, Әлия шыға келді алдымнан. Алтын тістінің қасында, қызылкөпірдің басында кездесті. Киімін енді қайтып шешпестей, түйме бауларын түгел салып, кемер белбеуін мықтап байлаған жайы бар. Алтын тіс маған иіле қол беріп, амандасып өтсе де, Әлияның әдемі мұрны кетеген түйе бастанып кейкие қалыпты. Көріспеген осы 4-5 күн ішінде мені танымай қалғандай паңдана өтуіне таңдана қарап мен өттім. Қасымдағы Мәрия күле өтті де, Меһір сүле өтті.

Әділетті тергеушім, осы тараудан сіздің алдыңызда қылмысым міне деп ашып, ашалап тапсырарлық мәселе «табылмайтындығы» өзіңізге аян шығар. Әлияны жалаңаштауым қылмыстан ақ-нахақ екендігін анықтау үшін ғана істелген тексеру қызметі ғой. Тексеру стилін кім тектемек. Және «ашық-әшкере» істеу, қылмыс қатарына жатушы ма еді. Алтын таразыңыз дәл осылай өлшемей ме!


V


1-ші май мерекесін Шихуда өткізсем де, Үрімжі көшесі ұрандатып жүр екен. Алау-жалау қып-қызыл борлат. Аспаны бұрынғыдай бұлыңғыр болғанымен бұрынғыдай түксимейді. Бәрі де күліп тұрғандай. Ауыздар түгел ашық. Бірақ күлкі үні естілмейді, айқайлайды. Жасасын тақырыбы аз, аз болса да көп (көп қайталанады). Жоғалсын тақырыбы көп. Көп болса да аз (аз қайталанады). Әрбір жауының тұмсығына асығыс бір-бір түйіп қана өтіп бара жатқандай. «Жоғалсын Америка жиянгерлігі», «жоғалсын Лиснман1!», «жоғалсын гоминдаң қалдықтары!», «Америка жиянгерлігінің құйрығы, гоминдаңның қарғылы төбеті Оспан қарақшыға өлім жазасы берілсін!» деп, барлық «жоғалсындар» Оспанға келіп тіреле берді.
Оспан қолға түсіпті, соның орайымен көтерген ереуіл екен. Қызмет бөлмемнің бір бұрышына кіреует құрып орналаса сала, мен де қосыла жөнелдім. Байқасам, «еліру бәсекесі» бар сияқты. Оспанды тілдеу жөнінен бірінен-бірі өтеді. Бір ақын қара тақта газетіне «сақалы қара байтал құйрығындай» деп жазса, бірі Шиңжаң газетіне «сақалы сартөбеттің балақ жүні» деп жазыпты. Сақалынан көрсете ұстамаса, оған қарсылығының шындығы іс жүзінен көрінбей қалатын болғаны ғой. Ал, ұстағандары қара Оспан ба, сары Оспан ба, ол жөнін білмесе де әйтеуір үкімет жауын тілдемесе өздерінің күн көре алмайтындығын білетін жұртшылық емес пе. Ісінің ақтығы мен қаралығына қарап іркілетін «ақымақ» деймісің, аузына салғанын шайнап, аспанға бүркіп жүр.
Төңкерістік үш аймақтан қызметке шақырылып келгендерден басқа бұл қалада түзу киінген интеллигент көрінбеді. Көбі Сәрсенше шоқпыт жамаулы – «пролетар» бола қалыпты. Қоңылтаяқ іле салған тесік кебістерінен башпайлары жылтылдап жүр. «Гоминдаң қалдықтары жоғалсын!» деген ұранға келгенде шошынғандай тіпті қатты айқайлайды екен. Өздері «қалдық» делінетін індеттен осы айқаймен әрең құтылып жүргендей. Шидей мойындарынан кеңірдектері бөлініп, жеке-жеке сойдиып алыпты.
Бұрынғы сабақтастарымнан алдымен Асылқан ақын кездесті.
- ... Мен кеткенде гоминдаң сақшы мектебінде едің. «Қалдық» болмай құтылғанбысың Асеке? –деп сұрадым амандасып болған соң.
- Қалдық болмағанымды қайдан білдің?
- Арықтамапсың ғой?
- Е, елше жіңішкеріп, арықтағанымды көрсететін бөлек-салақ мүше барма еді менде, -деп жымиды домаланған тұп-тұтас Асылқан. – Арықтағаным – аласарғаным емеспе.
- Түрмеде тергеуде болдың ба?
- Мендей қалдықтар тергелмей кім тергелуші еді. Мені, әйтеуір, жын шалығы тигендер қатарына қосып жиды да, сұрап-сұрап, өмірбаянымды жаздырып шығарды. Он бір тармақты бітім кезінде Ахыметжандар жаққа шығып алғамын ғой, менің күнәмді өлшеген таразы сол болды. Қазір өлкелік театр группасында ап-аман жүрмін.
- Ал мына интеллигент «пролетарларыңды» кім мініп арықтатқан?
- Бұлардың бір бөлімі рас белсенді. Ал, көпшілігі -мәселесі анықталмай «асылып қалғандар» ғой. Ондайлар тіпті белсенді. Күндіз-түні дамыл таппайды. Төңкерісшілер қатарында болғандықтарын іс жүзінен көрсету үшін әрнеге дайын. Жалпы алғанда қазір Үрімжі Қарасат майданында. Қылкөпірден бірі өтіп, бірі тозаққа кетіп жатыр. Сен де мына киімдеріңді тастай тұр, жерлес. «Жарау көктен» киінгенің жөн шығар деймін!
- Азат Үрімжіге таза киінген азат пролетар керек емес дейсің бе, иә, «азат болсаң да азапта жүргендей көрін» дегенің бе?
- Алла, Алла! –деді Асылқан. – мына сөзіңді Маханбек естімесін!
- Маханбеңің кім?
- Өлкелік парткомдағы мықтының бірі, әскери район әдебиет-көркемөнер басқармасының бастығы. Әлгі сөзіңді естісе «қалдық» та емес, тіпті нақтың өзі деп есептейді. Қазір партия зиялыларға қарапайым киінуді үгіттеп жатқанда, жарқырап киінуге сен үгіттесең кім болғаның!... Ол кісі әйелдердің ұзын етек көйлегін «феодализм», белдемше көйлегін «капитализм» деп атайды.
- Ал, «пролетары» қайсысы екен?
- Ханзуша тарбалақ сым киуді дәріптеп жүр ғой. Құлжаға барып, әртіс әйелдерге зорлап кигізіп қайтыпты осы жолы. Сонысымен ханзуша «тыш-таң-таң» ға билеуге үйретіпті.
Әлияның жаңа биі есіме түсе қалды.
- Маханбегің дәл осылай істеп жүрсе, дұрыс мақамның қариы бола алмағаны! Бұл, солшыл коммунизмші әуеніндегі шовнизм! –дегенімде Асылқанның көзі бадырая қалды. – Сенің гоминдаңға жағатын бір өлеңің бар еді ғой, -дегенімде селк ете түскеніне күле жалғастырдым сөзімді. – «Шыққан жерім Хуаңхы кенересі, бәріміз бір Хуаңдидың немересі» деуші ме едің?.. Осы өлеңіңді енді Маханбектің құлағына сыбырлай жүрсең болады екен!
- Биғаш, мына қалжыңың осы жерде қалсын! Гоминдаңның «шалығынан» әрең құтылып жүргенімде, енді «қалдық» дегізіп құртатын сияқтысың мына қалпыңда!... Жоқ, түк те күлкісі жоқ, рас айтам!
- «Шалық» дегенің қандай қалпақ?
«Қалдық» деген, байлап-матамаса болмайтын «жынды» сияқты өте қатерлі қылмысты ғой. Ал, шалық» деген одан жеңілдеуі. Бақсылардың «жын шалығы тиген» деп кейде зіркілдеп ойнап, кейде ұшықтап емдейтін ауыруын білмеуші ме едің, сол ғой баяғы. Айтпақтайын Күлән сенің ең жақын досың емеспе еді. Келгеніңді естіп қуанып жүр. Бүгін сені үйіне бастап баруды маған тапсырды. «Шалық» дегеннің қандай қалпақ екендігін содан ұқ!
- Үй, гоминдаңның шалығы оған да тиіп пе еді? Ол қайда істейді?
- Ол да театрда әртіс. 49-шы жылдың басында ғана Бердіқұл дейтін жасосқа тиіп еді. Онысы Үрімжі азат болысымен қолға алынды.
- Е, сол жасостың кесірі тиген екен ғой. Япырай, гоминдаңшыларға өте қарсы еді, қалай тиді екен оған?
- Жыңса басқармасы зорлап қосқанын сол кезде маған жылап тұрып айтқан болатын. Сол жасосқа қамап беріп қосқан екен. Күлән сонда да онымен көп бірге тұрмап еді. Жақында оны идея жағынан ақтап, басшылыққа пікір жазып бердік. Ендігі күмән қалай жабысып тұрғанын білмедім. Кей біреу тіпті гоминдаңның жыңса басқармасы құрылғаннан бері тізімінде бар тәйни екен деп жүр.
- Жоқ, ешқашан да тәйни болған емес. Ол бейшараны қырсық қырқыншы жылдан бастап, жап-жас оқушы кезінде Мұсатай атты сұлу жігіт болып келіп шалған ғой! –деп күрсіндім мен. Оны жыңсаға тізімдетіп те, Хугожыңға құлдандырып, шпионның жесірі ретінде Бердіқұлға байлатқан да сол Мұсатайдың әлепеті. Ал, Күләштің төңкеріске титтей де қиянаты жоқ!
- Әлбетте, Күләштің жауабының дәл үстінен түстің, Биғаш!... Бұл жауабына көпшілік сенбей жүр еді!... Өзің партияға өтіп пе едің? –деп күбірлеп қана сұрады Асылқан. – Олай болса, театр басшылығына Күлән жөнінде білгеніңді толық жазып берші, сауабын сөзсіз аласың!... Мұндай сұлудың сауабындай тәтті сауап қайда дейсің шіркін!
- Асеке, оның көзінше маған бұлай қалжыңдаушы болма! Ол маған Ақылбай қатарында ұстаз, қамқор болып келген. Қатты сыйлаймын!
- Үй, ынжық! Бәсе әлі күнге дейін неғып үйленбеген десем, осындай әдептіліктен құр қалып жүрген сияқтысың ғой бәрінен!... Жүр, кеш болып қалды. Қазір үйінде сені күтіп отыр! Ал, сонан соң... жесір келіншектің үйіне әрқашан қонбаймыз ғой, барып біздің кемпірді басамыз. Бүгінгі келісіміз осылай, ұқтың ба?...
Майданның күншығыс жағындағы баяғыда Әлмен қашқан бұрма-мұрма тар көше көзімді жасқа толтырып, бұлдыратып жіберді. Нұрия екеуіміздің құшақтасып түн кезетін жымымыз осы көше болып еді ғой. Сол кездегі үлкен көшеден суырша шақылдайтын сараяқ күзетшілердің дауысы да естілгендей сезілді бір сәтте. Жалт қарадым. Сондағы Нұрияш жоқ, қазіргі қолтықтасып келе жатқаным жұп-жуан Асылқан екен.
- Осы ыстықта тоңып келесің үй! –деп қана қойды. Буынымды тез бекітіп, көзімді оған байқатпай сүрте салып едім. Әудем жердегі кішкене қақпа алдында тұрған ұзын бұрымды «толықша бойжеткен» де көзін сүрткендей болды. Ақ жүзін жарқ еткізіп, тұра ұмтылды бізге қарай. Тарбелдемше тұсауындағы біз өкше туфлиінің көз ілестірмей лыпылдағанына қанағаттанбай, тоқ омырауын солқылдата жүгіріп жетіп құшақтай алды мені. Өзінен недәуір ұзын да иықты денемді көкірегіне тұтас сиғызып, мойныма асыла еңіреді. Алғашында шиқылдап-солқылдап құшқан мен де үн қоса жөнеліппін.
Күлән өшпес өкініш, бітпес мұң арқалап қалғандығын, қорланғанын айтып, шағына егілгенде қосылып еді үнім. Оның Ақылбайды жоқтап тұрғанын түсінбеген Асылқан бұл зарын сөге күбірлеп шектеді.
- Үй, Күләш, мұның не, көшеде соны айтып жылай ма екен!... Жасусты жоқтағаның не!
- Білмеген соң былжырамашы, Асеке! –деп жіберіп солқылдағанымда, біреудің мұрнынан мырс еткізіп күліп жібергені естілді. Күләнға қызметтес әртіс әйел екен. Бір жағынан шешесі келіп, Күләнді айырды да, менімен қос қолдап амандасып, бетімнен сүйді...
- Нұрияштың сүйегі табылмады! –деп күрсінді Күлән, үйіне бастап келе жатып. – Көмілді деген ауланы гоминдаң берілсімен төңкерісшілер илеп, түгел тінтті. Күдікті жерлерін жендеттердің өздеріне қаздырып та көрді. Тексеруді қатты жүргізді. Амал қанша, сол оқиға кезіндегі офицерлерінен бірі қалмапты. Басқа жерлерге ертерек ауысып-ауысып жоғалыпты. Нұрияштың денесін иенге апарып тастап, қылмыс ізін мүлде өшіріп кеткен сияқты! –деді де менің көзқімнен сырғанаған жасты көріп, өз басынан өткен азапты да қосып шағына жылады. – Адам өлген соң денесі не халге түссе де бәрі-бір ғой, Биғаш, дүниеде көзбен көріп, тірі қорланған... қиын екен! Нұрияшша соғысып-жағаласып өлсем арман не еді! –деп бетін баса солқылдады Күлән.
Әйнекті есіктің екеуінен өткізіп, үшінші үйге – кең стол төріндегі жұмсақ орындыққа отырғызды. Ұлттық төңкерісшілермен жергілікті халық оңайлықпен кіре алмайтын қамал ішіндегі бұл сәнді үй гоминдаңның Бердіқұлға Күләнді қосқан үйі екенін түсіндім. Гоминдаң көкжалдары өз апандарына іргелес, берік қақпалы үй беріп, Үрімжінің таңдаулы сұлуының бірін зорлап қосуларына қарағанда, бұл шпион гоминдаңның ең көп пайдаланған, ең қанқұйлы шпионы болғаны ғой!
- Күләш, Бердіқұлың қай жерлік екен бұрын? –деп сұрауды төтесінен қойып қалыппын. Бұрынғы әзілдесер шақтағы шырайына келе қалды Күлән, күлімдей қарайтын өжет өткір қара көзінің астымен Асылқанға, «айтып қойыппа едің» дегендей жымия қарап алып, күрсіне сөйледі.
- Бердіқұлымның қай жерлік екенін білмейтінмін, сөйлесіп көрмегенбіз. Ол қолға алынған соң жарым ай өткенде тергеушісінен естідім. Боғдада баулынған Алтай қыраны екен. Үлкен әйелі мен бес баласы қазір Жемсарыда. Менің соңыма түскен мән-жайын кейін айтып берейін!
Күләш соны айтып, сыртқа, тамақ дайындығына шығып кетті де, Бердіқұл жөнін Асылқан сыбырлап түсіндірді.
- Бердіқұл Алтайдан Жемсарыға 40-шы жылы келген Кәменнің нағашысы екен. Гоминдаңның астыртын қызметіне Кәмен арқылы танысып, 45-ші жылдан бері ғана қатынасыпты. Күләштің «Боғдада баулынған» дегені сол! –деп жымиды ол.
1945-шы жылы жазғытұрым Кәменнің Нұрияны жасырын әкету үшін шақырып келтірген жуан сары нағашысы есіме түсе қалды. Бұқпа Сәбиттен естіп едім ғой.
- Түрі қандай? –деп үңіле сұрадым Асылқаннан.
- Жуан қызылсары, білуші ме едің?
- Жас шамасы?
- Қырықтың жуан ортасында ғой.
- Дәл өзі! –деп столды тақ еткізіппін. Дастарқан әкеліп жасаған Күлән бас изеп, ішінен тына күрсінді.
- Ие, сол! ... Оның Кәмені қайда екенін білемісің, Биғаш?
Кәменнің Манас бойында қолға қалай түсіп, қалай өлгенін сөйлеп бердім.
Сол дастарқан үстінде Құлжа түрмесінде Мұсатайды соққызғаным да баяндалды. Өзінің алғашқы сүйген жігітіне істеген бұл қастығыма күле әзілдеді Күлән.
- Менің бір «құныкерім» өзің болыпсың ғой!
- Рас!.. Жүрегіңде соған арналған титтей қимастық болса, шынымен-ақ құныкеріңмін!
- Ол, гоминдаң түрмесінде өзінде жоқ қылмысқа мойындап, шпион болып еді, -деп Күлән енді түйіле тыныстады. - Талай қимасымызды қинатып өлтіртіп еді. Ал, біздің түрмемізде өзінде бар қылмысқа мойындамай, жасырынып жасамақ болыпты ғой!
- Бәрін де сен үшін, сені қимай тірі жасау үшін істеген далбасасы емес пе!
- Ие, солай-ақ болсын. Түрмеге бір барғанымда онысын өзіме де айтқан. Бірақ, туған еліне опасыздық істету үшін жарқырап алтын болғанымнан, күйіп көмір болғанды жақсы көретіндігімді мен де айтқанмын!
- Жүрегіңнен айналайын, Күләшім-ай! –деп ішінен сөйлегендей Асылқан күбірледі. Мен елжірей қарап отырып қалыппын. Күлән стакандарға арақ құйып, алды-алдымызға қойды да, бірін өзі ұстай сөйледі.
- Қане, Биғаш, Ақылбай мархұмға зират орнатқызғандығың үшін, мұнан соңғы тиген жігітімді тағы өлтірсең де құныкер етпеспін. Кел, сенің амандығың үшін алып жіберейік!
Асылқан мен әртіс келіншек стаканды Күләннің соңғы тілегі үшін қағысып көтерісті де, келешектегі белгісіз күйеуді «тағы жұтқалы отырғанын» қағытпалап ұзақ күлді. Күләннің өзі де бірге күлісіп алып көзін сүртті. Күләннің өз денсаулығы үшін менде бір тост көтерттім. Нұрияшты ескерісіп те бір-бір көтерістік. Нұрияға қосылып айтқан әндерімізді Күлән екеуіміз шиқылдаса отырып шырқаттық. Оның өзі бастағандағыдай айта алмағандығымызды сөз етіп, көз жасымызды еселей бір ағытып алғанымызда Асылқанның үлкен көзі аямай ағытып, төгіп-төгіп жіберді. Нұрия туралы түсінігі енді толықтаныпты. Бірақ, бұл жылауынан өзі қорқып, жалтақтай қарады жан-жағына. «Азат заманда мұндай мұңлы ән айтып, бұлай жылау, кімнің әрекеті!» деп қалар ма екен дегендей, өздеріне қызметтес әйелге жалтақтады.
- Әліге дейін жылатып отырған гоминдаң ғой! Жүр екеуіміз бұрынырақ барып, біздің үйдегі кемпірге көмектеселік! –деп ерте жөнелді онысын. – Ал, Күләш Биғабілді біздің үйге өзің бастап апар! –дей кетті.
Күлән «кейін айтып берейін» деген әңгімесін Асылқандар шығып кеткен соң, ас үйдегі жұмысын шешесіне тапсырып қойып, оңашада бастады. Өзі іштей аса ұнататын құрбы жігіт алдында өзінің сүйер жар іздейтін, әлі де уылжыған сұлу жесір басына мін боларлық оқиғаны бүкпесіз шындықпен сөйледі:
Үрімжіден мен кеткен соң Бердіқұл аты жуан сары іле-шала көрініпті Күләнға. Қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымына жиы келіп тұратын жүз танысқа айналыпты. Ұйымның ойын-сауық бөліміндегі шахмат-дойбыдан, билярд столының маңынан, газет оқыған болып кітапханасынан жиы көрініп жүріпті. Сырттан бейтаныс қазақ келе қалса, соны айлансоқтап оңаша шығарып алып тексеріп, соңынан ере жөнелетін болыпты. Сөйтіп сақшы орнына бірнешеуін ұстатыпты. Содан бірнеше ай жоғалып кеткен Бердіқұл 46-шы жылдың жазындағы онбір тармақты бітім кезінде Үрімжіге қайта пайда болған екен. Гоминдаңның бір бұзғыншылығынан қозғалған халық ереуілінде жасостығы көрініп соққыға жығылыпты. Халық оны оңтүстік қақпа алдында ұстап, тапалап кеткен екен. Өлмепті. Қамал қақпасын іштен қорғап тұрған құралды сараяқтар қаптап шыға келіп, сүйреп кіргізіп әкетіпті.
Гоминдаңшылардың ең қатты құтырған 1947-ші жылдың 25-шы фебрал оқиғасындағы бұқараша киінген гоминдаң армиясы халық ереуілене қарсы халық болып жасанып, қыр көрсеткенде, Бердіқұлды ұран бастаушы етіпті. Бет-бейнесі қазаққа ұқсайтын жалғыз Бердіқұлдарына «үш аймақ бандылары жоғалсын!», «Шығыс Түркістаншылар жоғалсын!» дегізіп, үш аймақ өкілдерінің алдында қазақ тілінде де, ұйғыр тілінде де ұрандатып алған екен.
Сондай сатқындық еңбектерімен қожаларының мол разылығына ие бола қалыпты Бердіқұл. Жыңса басқармасының бастығы Хугожың шақыртып алып, «бір тартар» жақсы темекі ұсыныпты.
- Белидығули мырза, сен жақсысың, жақсы істедің. Біз саған жақсы сыйлық береміз, көп-көп ақша береміз, жақсы істеп тұр! –депті.
- Хұп, пақырыңыз жақсы істейді чужаң! –деп түрегеліп бір тоңқайып жіберіпті Бердіқұл. - Өздеріңізге жан-тәніммен беріліп істеп жүрген мен пақырыңызға ақша мен төленбейтін ауыр апат келіп тұрғанын ұмытпасаңыз екен!
- Қандай апат?
- Ехе-һе...һе, сіздің бір сожаңыңыз келінім Нұрияны... атып өлтіргені есіңізден шыға қалыпты-ау тақсыр! Ал, інім Кәменнің өзін де... міне екі жыл болды көрсетпей қойдыңыз!... Ол да өлді ме екен деп күмәнданамын!
- А-һа... Кәмен бар, аман келеді!
- Ал, келінімді өлтірген сожаң өз қызметкеріңіз болғанда, мен де өз қызметкеріңізбін ғой, төлетіп біріңіз тақсыр!... Адамыма дәл сондай адам алмай разы болмаймын, еже-һе-һе-һе!
- Ол туралы қамсыз бол, Белиді хулыи мырза! Кәменге уағда бергенмін. Келген соң өзі таңдаған қызын алып береміз!
- Ол жас қой, аман келсе бір қызды өзі таңдап, өзі-ақ алар. Ал, өлген келінімнің Күлән атты бір әпекесі бар, осында. Естуімше оның басын бандылар айландырып жүр екен. Аман тұрғанында соны маған әперіңіз, тақсыр, құлыңыз болайын!
- А-ха-һа-һа-һа... Ол біздің қызметкеріміз, біздің бақылауымызда, ешқандай банды әкете алмайды!... Сіз онымен сөйлестіңізбе?
- Сөйлесуге көнсе, сізге жалынамын ба, тақсыр-ау! Ол ыңғай Шығыс Түркістаншылармен, коммунистермен сөйлеседі. Мені гоминдаңшыл деп жек көреді!
- Гоминдаңшыл деп, а-һа! Көрсетемін мен оған гоминдаңның құдіретін! –дегенде чужаңның көзі қанталап, аузы көбіктеніп кетіпті. – Белидіхули мырза, сізге неғұрлым тез істемесе болмайтын, өте қажетті қызмет тапсырылғалы отыр. Соны бітіріп келісіңізбен оған өз қолыммен үйлендіремін. Мұнда, менің бақылауымда аппақ сұлу тоқалыңыздың барлығына сене бер! Хауіпсіз жерден жақсы, қоражайыңыз да болады. Одан қам жемеңіз! Тек міндет толық орындалса болғаны!
Жыңса басқармасының осы уағдасымен семірген Бердіқұл Шонжыдағы Хабатуанға1 жіберіліпті. Сөйтіп, көріністе бір скадронның саяси жетекшісі. Іс жүзінде жыңса басқармасының сол полктағы құпия қызметшісі. Полк әскерлерін ғана емес, бүкіл Шонжы ауданын да бақылайтын арнаулы жасостар тобының «орынбасар бастығы» болыпты.
Сол 47-ші жылдың майында гоминдаң Мәсғұтты өлкелік үкімет бастықтығына заңсыз тағайындап, бітімді бүтіндей бұзған. Бірлескен үкіметтегі үш аймақ өкілдері Құлжаға қайтқанда Күлән бірге көшіп кетуге дайындалған екен. Жыңса басқармасы ұрлап қамап алып қалыпты да, үй ішін қала сыртынан күзет қарауылының түбіндегі осы үйге көшіріп әкеле қойыпты. Құлжаға қашпақ болғандығы үшін Күләнді бір ай қинап, сырт адамдармен сөйлессе ауыр жазаланатынын айтып шығарыпты.
Күләннің жыңса басқармасына қарасты аулаға қамалғанын естіген Бердіқұл Шонжыдан үш қазақ ұстатып, Хугожыңға «шарқидың шпионы» деп мәлімдей жетіпті бір күні. Разы болған қожасы Күләннің төріндегі үйді жабдықтап, жасатып, Бердіқұлын жеңіл машинаға отырғызып әкеліп, «зор құрметпен» орналастырыпты. Бастап келген басқарма офицері Күлән мен шешесін таныстырыпты «қора иесіне».
«Мынау шешесі, мынау қызы, оқуда бір ұлы бар. Құлжаға қашып, көменестерге қосылмақ болған қылмыскер семия. Сіздің осы үйіңізге көшіріп әкеліп, бақылау астында ұстап отырмыз. Кешіріңіз, басқа бір қолайлы үй табылған соң үйіңізді түгел босатып берейік!
- Е, несі бар, бұл қора қазірше бос қой! –депті Бердіқұл да дайындап алған сөзін сылдыратып. - Өздері маған түс таныс адамдар көрінеді, отыра тұрсын. Бір қазақ болса да пана бола алсам деп армандайтын жігітпін. Қораны таза ұстап, ие болып отырса болғаны!
Осы жексұрын шпионның қора қожасы бола қалуынан секем алған Күлән «жігітпін» деуінен тіпті жиреніпті.
- Біз бұл қораға үй іздеп келіп, өз еркімізбен түскен семия емес. Қамалған семиямыз, ие бола алмаймыз! Шешелі-балаы үшеуімізге түрменің бір камерасын берсе де жетеді. Соны айтып көшіртіңіз! –депті.
- О не дегенің, шырағым-ау, мынадай бос үйі тұрғанда қытайдың сасық түрмесіне ағаң қайтып қимақ! Отыра беріңдер үндемей ғана!... мынау қанаттыға қақтырмайтын, тұмсықтыға шоқытпайтын берік, жақсы үй! –деп жепектеткен Бердіқұл басқарма офицеріне ханзуша сөйлей жөнеліпті. – Мынау мен танитын жетім-жесір семия. Қылмыскер болса да менің панамда отырған соң тұрмыстан қиналса, қазақ жосынында маған ұят келеді. Чужаңға айт осынымды!...
Күләннің қытайшаға сауатты екенін білетін Бердіқұл, басқармасына осыны тапсырған болып, осылай қамқор ағасынып бір күн қоныпты. Жыңса басқармасынан келген қонағасылық тағамдарының тойлық дастарқандай болуынан бастабында қатты қорыққан Күлән, түп үйдегі шпионның тыныш қорылына қуанып таң атырыпты. Бердіқұл, «аға» бола отырып ішкен таңертеңгілік шайдан соң шығып кетіп, түскі тамаққа тағы да «аға» бола келіпті: «япырай қарындас-ай жағдай мұншалық ширығып тұрғанда қатты қателесіпсіздер-ау!» -деп күрсіне отырыпты дастарқанға. – «Қаншалық өтінсем де кеңшілік етпеді мына қытайларың, Үрімжіден жасырын банды тазаланып болғанша, сыртқа шығармайтын болыпты ғой өзіңді! Қатты тентектік қылып, өшіктіріп алыпсың, режиміне бағынбасаң атып тастайтын да сөздері бар. Қазақ қызы болған соң жанашырлықпен айтамын, осы қақпадан шықпай, жуастықпен ғана жауап беріп отыра тұр, басқа лаж жоқ. Ағаңның қолынан келгені тұрмыс расхот қиыншылығынан құтқару ғана болды. Базарға шешей мен бауырың шығып, керегіңді әкеліп беріп тұрады. Қайтесің шыдай тұр, қалқам! Кейінірек бір лажын тауып, кеңшілік әперермін!» деп «елжірей» шағыпты. Содан бастап, мырза қамақтағы Күлән үйінің тұрмысы аста-төк молшылыққа айналыпты да, бір жыл өткенге дейін сол «қамқор» жасостың өзі көрінбепті.
Бердіқұлдың көрінбегені, ауыр міндет арқалап Алтайға кеткен екен. Басқармасы әперетін ақ тоқалы мен жатқызатын ақ үйін көрсеткені үшін күшеп-ақ арқалаған көрінеді. Үш аймақ үкіметінен бұзылып, Көктоғайда жатып алған Оспанға гоминдаңның қару-жарақ керуенін шұбата жетіпті. Батырдың өзіне лайық батыл қорғаушы болып ашық таныстырылып, гоминдаң сызған жолмен жүрмесе батыл жондаушы болып, жасырын сайланып барыпты. Әрине өз соңында да бақылаушы бір Уаң жүрген екен.
Бердіқұл Оспанның соңынан «батыр-батырлап» ере жүріп, ермеген халықты батырлатып, жазасын бере жүріпті. Оспанмен бірге Сарсүмбеге кіргенде тіпті сақылдаған Бердіқұл өздігінен жазалаушы атрет құрып қырғындай жөнеліпті. Бірнеше азаматты ат құйрығына байлатып сүйретіп өлтірткен осы шпион екен. Алтай аймақтық сақшы мекемесінің бастығы болған Кәкім деген азаматты өлтірту әрекетінде ғана бір жаңсақтық өткізіпті Бердіқұл. Оны найзалатып, мылжалатып апарып, өлген-өлмегенін тексермей суға тастата салған екен. Алтайда Бердіқұл бұйырған жазадан өлмей қалғаны тек осы Кәкім ғана болыпты. Суда екі сөтке жатып қана тіріліп кетіпті.
Ал, тағы бір «кемшілікті» Оспаннан қорыққандығынан өткізіпті шпион: Дәлелқан генералдың Алтайда қалған үлкен үйіне қылыш суыра ұмтылғанда әудем жерден Оспан көріп, «тәйт ары» деп ақырған екен. Бердіқұл соңында жүрген уаңның қазақ тымағы астынан сығырайған көзіне жалтақтай қарап тұра қалыпты сонда. «Суанлы ба»1 депті қожасы да еріксізденіп. «Маған қарамай-ақ, Оспанның бұйрығын естімегенсіп шайқай берсең болатын еді!» деген өкінішпен ғана күбірлепті соңынан.
Бердіқұлдың 47-ші жылғы Оспан бұзғыншылығындағы міндеттері, осы екі кемшілігін қоспағанда толық орындалған екен.
Сарсүмбеден қайта қаша соғысқанда да недәуір басты домалатыпты Бердіқұл. Артына қайрылып ата алмаса да беліндегі гранаты мен қолындағы автоматын қалып бара жатқан бет алдындағы мал мен кідірген көштен аямапты. «Сендерді көменестерге қалдырып кеткенше осылай қатырып кетейін!» деп атқылағанына соңындағы Уаңы Бәйтікке кіргенше изектепті.
Бәйтікке Оспан мен бірге қамалған Бердіқұл қысты сонда өткізіп, 48-ші жылдың жазында әрең қайтыпты Үрімжіге. Жыңса басқармасына есеп бере келгенде Бердіқұлдың «санап өткізген» қазақ басы, әрқандай қыз үшін берілетін қалыңмал санынан кем түспесе керек: «бар!» -депті Хугожың – «Күлән сенікі!... бірақ, қазірше әшкере той жасап бере алмаймыз, шұғыл міндет бар!»
Бердіқұлды нұсқаушы уаңымен бірге басқарма асханасы зияпаттап-қонақтатып жатқанда басқарма тергеушісі Күләннің шешесі мен бауырын шақыртып, «тергеуге» ала қойған екен. «Көшеден нәрсе сатып алу сылтауымен шығып жүріп, банды-шпиондармен байланысқан факттерің табылды» деген жаланы жапсыра тергепті. «Бір жылдан бері қандай-қандай адамдармен сөйлестің?», «ол не деді, сен не дедің? Дейтін созылмалы сұрақтар қанша күнде бітетінін кім білсін, әйтеуір «түгел айтып бергенше жатасыңдар!» деген атақты «метод» пен қамапты. – Бердіқұлға «қалыңдықты» осылай оңашалап беріпті «жеңгелері».
Шешелі-балалы екі «қарақшы» қатарынан ұсталған аула тінтусіз-күзетсіз қалушы ма еді. Қақпа алдында сіресіп тұрған құралды қос жендет оны ізетпен өткізгенін терезеден көрген Күлән «бәсе!» деп қалтырай түсті.
«Бердің бе Құдай» дегендей құшақтай алған Бердіқұлға алғашқы сәтте ғана бір шапалақ сала алыпты. Қайта құтыла алмапты сол жауыз құшақтан...
«Не оны, не өзімді өлтіруге қаншалық әрекеттенсем де қолыма қару боларлық ешнәрсе түспеді. Күш-қуат дегеннен мақұрым жаралыппын!» -деп еңіреп жіберді Күлән. – «Иә, дауысымды естіп кіріп, ара түсерлік көрші жоқ!.. Он шақты күн әуреледі сол иен үйде!... адам істемейтін арсыздық істетті. Жағымды керіп, тамақты да еріксіз жұтқызды!..»
Осылай он күн «қалыңдық ойнаған» Бердіқұл бір күні таң бозында тағы жоғалыпты да іле-шала Күләннің шешесі мен бауыры қайтып келіпті. Олар қайтып келісімен үйіне пышақ та шедеу де қайтып кірген екен. Намыскер әйелдің бұл қорлықтан өліп құтылуына енді сол қимас жандары бөгет болыпты. Бірер айдан соң желікпе ауыруға ұшырапты Күлән. Жүкті болып қалғанын білгенде желігіпті. Пышаққа шешесімен таласа түсетін, киімін жыртып тұзақ есіп апарып, кілет салдауырына байлай қоятын болыпты. Бірақ аруанадай боздаған шешенің аянышты зарын естігенде шыдамы жетпей, өлуге батына алмай қалады. Бұл әлсіздігін жеңу үшін құлағын мықтап тығындапты бір күні. Ол, құлағын тығындап жатқанда шешесі жасырып жүрген өткір пышағын суырып алып, қазан ернеуіне жаныпты. Ақшам үйріліп бара жатқан шақ екен. Қызы ұрлаған шедеуден қымқырып кілетке кіргенде, шешесі бүкшеңдей жүгіріп барып, қарсы алдына тұра қалыпты да пышақты өз өндіршегіне тірей қойыпты. Күлән қолындағы шедеуін лақтыра салыпты соны көріп. Шешесін құшақтай шырқырапты. Қарысып қалған қатпарлы қолдан пышақ сабын әрең ажыратып, оны да лақтырып жіберіпті. Қараса қалыпты бір-біріне. Жастай жесір қалып, екі балапанын өсіру жолындағы азаппен уақытсыз қартайған анаға қарап, көз жасын қызы төгіпті. Көз аша жетім қалып, анасы мен бауырын асырау жолында үздіксіз құйға батып келе жатқан бақытсыз қызына қарап ана егіліпті. Бірін-бірі құшақтап алып, зар жырына қосыла еңіресіпті сонан соң... үздіксіз тепкі, мол теперіш көріп келе жатқан көп сорлының бірінше күн жарығын көре тұруға көніпті сөйтіп.
Жыңса басқармасы Бердіқұлын Күләнмен шырғалап, осылай мықтап мұрындықтап алған соң тағы бір машақатты міндетке жегіпті.
Бәйтіктегі Оспан өзіне ерушілерімен тағы босып Үрімжі аймағына көшіп өткен екен. Гоминдаң оның құралды азаматтарын Хабатуанға бақылатып қойыпты да еруші ауылдарын Жемсары, Шонжы тауларына бөліп-бөліп қоныстандырыпты. Хабатуанның негізгі әскерлері де, бұл өңірдің тауы мен сақара тұрғындары да тіпті Мори, Баркөл тауларына дейін тұтасып жатқан түгел қазақ қой. «Бұл қазақтары тұрғанда Оспан батыр қатындыққа көне қоймас» деп гоминдаң сол «досынан» хауіптене қоныстандырыпты. Бір мылтығы болса да еркімен жүруді көксейтін бұл мықтыға еліктеп, бұл жақтағы қазақтарда үш аймақ қазақтарынша түгел қаруланып, тұтас көтеріліп кетуінен қорыққан көрінеді. Оспаншыларды шын досы ретінде қарсы ала отырып, қарусыздандырып, сыйлай отырып сыпырып, батырын бақыалу астында пайдалануды ойластырыпты.
Сынақтан өткен сенімді жасосын – Оспанға туыс жағынан да түс жағынан да, таныстығы бар сіңімді жасос Бердіқұлын сол мақсат үшін Хабатуынға қайта орналастыра қойған екен. Малұйжаң1 оны Оспанға Хабатуанның байырғы офицері ретінде таныстырып, жауынгерлігін мықтап мадақтапты да баталион комиссарлығына көтеріпті. Мұнысы, сол жасосты Оспанға көмекші етіп қосып, сол арқылы сарбаздарынан айыру амалы екен. «Қытайға да сеніп кетпеу керек!» деген өсиетін Оспанның өзі бір айтса, Бердіқұл бес рет қайталап айтып жағынып, көмекші ғана емес, «нұсқаушы» болуды сығалап көріпті.
Сұңшилан генерал Жемсарыға жатып алған Оспанды Үрімжі қонақ үйіне шақырып келтіре алмаған соң Үрімжінің сол түстігіндегі Шүймогудың (су тиірменді сайдың) шырайлы жасаңына көптеген киіз үй, ақ шатырлар тіккізіп, қонаққа шақырады. Бірақ «нөкерлеріңіздің ешқайсысы құрал әкелмесін, қорғауға біз міндеттіміәз» деп өтіне шақырады. «Ақсақ қабылан» аталған секемшіл сақ Оспанның шағын ғана сарғыш қоңыр сақал-мұрты тарамдалып, шаралы көзі жарық ете түсіпті мұны естігенде. Кең иықты жуан денесі тұтасымен бір қозғалыпты. Бірақ, гүр ете түспей, жымия сұрапты: «осыны әлгі Сұң батырдың өзі жазды ма, иә, көп қоян жүректерінің бірі жазды ма?»
- Ол кісінің өзі жазбайды ғой батыр, -деп, шақырушыдан бұрынырақ шауыпты Бердіқұл. - Өзіңіз сияқты қолбасшы болған соң хатшылары бар ғой. Солай да қонаққа өздері бірін-бірі шақырғанда да құралсыз барады.
Оспан Бердіқұлға бадырая қарапты да зекіре тойтарыпты.
- Арамыздағы салакештерше сумаңдамай тыныш отыр шырағым, мен мына шақырушы мықтының өзінен сұрап отырмын!
- Ие, ие, тақсыр, генералдың өзі, өзі осылай бұйырған! –деп полковник дәрежелі шақырушының қасындағы қазақ капитан шұлғи күліпті.
- Өзі жаздырған болса айтып бар, -деп Оспан ресми жауап қайтарыпты сонсоң. – Қонаққа, құрылтайға құралсыз шақыру, құралсыздандырып апарып қолға алу дегендерің Шың дубаннан қалған әдет. Мен ту басында сонысына қарсы болып соғысқанмын. Қонаққа олай шақырғанша шақырмай-ақ қойғанның өзі жақсы. Мұнысы жаман ырым. Қонаққа шақыртып ерулік бермесе де Сұң батырмен біргемін. Рахымет деп айтты де!...
Шақырушылар шығып кетісімен кеңкілдей күлген Бердіқұл Оспанның бұл жауабын мадақтағансып, түлкіліктің енді бір түріне ауыса қалыпты.
- «Хе-хе-һе-һе... қандай дұрыс, қандай кемеңгерлік жауап! Қарадан хан болып туған патшам, ел бақыты үшін әйтеуір ұзақ жасай көр!... Бұл жолғы зияпатына қайткенде де құралсыз бара алмаймыз! Тіпті әдеттегіден де молырақ қаруланып баруымыз қажет, батырдың Үрімжі маңындағы тұңғыш сапары ғой бұл. Жемсары мен Шүймогу аралығында қандай пәле барын қайдан білейік!...
Бердіқұлдың бұл сөзін де бадырая тыңдап, байыздай қараған Оспан тағы да шорт тойтарыс айтыпты.
- Құралсыз баруға қарсылығым тек осы жолғы сапар үшін ғана айтылған сөз емес, «бұл жолы» деп жыпылықтатпа. Біз әрқандай жерде қарусыз жүрген емеспіз, мұнда да осылай жүреміз, ұқтың ба?!» -депті де бір маузерін кең шалбарының ышқырынан суырып алыпты. – Мынау мылтық. Мұнысыз әрқандай адамзатта еркектік болмақ емес. Қарусыз адам түгел қатын! Осынысы бар әйелді көрсең де еркек деп есептей бер!... Бұл дүниенің еркектік мүшесі осы ғана! Қарусыздансаң-ақ қатын боласың. Ұмытпаңдар осынымды!
Сұңшилан ертеңіне закшың аталған Закария полковникті жіберіпті шақыруға. Оспанның өзіне Хабартуанның бастығы ретінде көптен таныс Закария кешегі шақырушылардың сөзін қатеге шығара шақырыпты. «Кешегі шақырушымыз жаңсақ баяндапты Оша. Құралсыз келсін деп бас қолбасшы ешқашан айтпаған екен. Ауыр зеңбірекпен жүрсеңіз де өз еркіңізде, бізге қаратқан сеніміңіз білсін! –деді қолбасшымыз. Тек қанша нөкер ертіп баратындығыңызды ғана сұрайды. Мұны, қонағасы мен үй дайындату үшін ғана білмекпіз!»
Оспан, күдіктенген мына мәселелерін тағы қайталап сұрап-сұрап алып сеніпті Закарияға. Жүз ғана атқосшы, жетпіс қана ақсақал ертіп баратындығын айтып қайтарыпты. Ертеңіне мылтық, автоматпен сіресе қаруланған жүз жауынгерінің қорғауында Алтайдан ертіп келген үш жүз шақты сақалдыларынан таңдалған жетпісін «ел ақсақалдары» деп атап ертіп апарыпты. Гоминдаң мәнсаптыларына сыйлық үшін айдатқан 40 сайгүлігі тағы бар. «Қайдағы қашқын-босқының емес, әлі де іргелі қазақтың қанымын» дегендей депломатиялық сеспен көріну екен мұнысы.
Гоминдаң да сондай әртістікпен аса зор күш, мол байлық көрсете қарсы алыпты. Қонақтар мен одан да көп қарсы алушы мәнсаптыларына тіккен қалың шатырын қоршаған қорғаушылардан сырт, төрт-бес шақырым маңайдағы бел-белестердің барлығына ауыр-жеңіл құралды күзет қойылған екен. «Құрмет қарауылы» атымен тізіп қойған сараяқ әскерлерінің өзі бір полк. Оспан, қандықолдардың шатырлаған шапалағымен аса қызу қарсы алынса да, өзінің құралды қорғаушылары батырының маңынан ажырамапты. Түскен ақ ордасының алды-артына өз күзетшілері тұрыпты.
Шыпырлап сапырылған сары қымыз, Алтай сақарасындағы барлық қасқырды сыйлағандай тартылып жатқан мол ет, көбік болып атылып жатқан күрең сыра мен бірге көпірген қарсы алудың жарамсақ сөздері Оспаннан желп еткен бір разылық лебіз шығара алмапты сол күні. Ондайға өз серіктері мен жандайшап Бердіқұл ғана жауап қайырып отырған екен. Жанымқан қажысынан басқаға құлағын жақындатпаған Оспанның осы райына қарап бас қолбасшы Сұңшилан қызмет бабындағы өз пікірін білдірудің орайын күтіп, көп кідірген екен. Ондай шабытты орай келмейтінін білген соң тост ретінде қымыз кесесін көтере сөйлепті.
«Батыр, сіздің аман-есен қайтып келіп, өзіміздің Жұңхуа-меңгоның ұлы құдыретіне құдырет қосқаныңызға шын жүрегіммен қуаныштамын. Және бізге ешқандай коммунистер төтеп бере алмайтындығына сенімім кәміл. Солай болса да, өз арамыздағы ынтымақты күшейтіп, бір-бірімізге толық сеніммен бірлесіп істеуіміз қазіргі шақта өте қажет. Ол үшін мұнан соң барлық күшімізді құрал-жарақ, жауынгер-жасақтарымызды бір ғана қолбасшылықтың, ұлы Жаң Тұңшуайдың 1 орналастыруына ғана өткізуіміз, әсіресе құралды біріңғай басқаруымыз шарт! Ал, сіз бен біз сол ұлы құманданның ең алдыңғы шептегі батырымыз. Осы тосты сіздің денсаулығыңыз үшін көтеремін! Солай ма достар? Қане, олай болса, осы кесенің түбін құрғаталық!». Сұң Шиланның көп көпшікшілері бұл сөз үшін кесені шуылдай көтергенде, Бердіқұл шырылдай қуаттап көтеріп алған екен. Оспан мен оның бірнеше серігі кеселерін дастарқаннан алмай отырып қалғанын көріп, ол да қоя қойыпты. Серіктері Оспанның қабағына бағып отырған екен. Бір қозғалып қойып, Оспан сөйлепті енді.
- Мен Сұң батырға расында да серік болуға келдім. Достыққа ынтымаққа берік болуға келдім. Сонымен бірге осы батырдың саясында құрал ұстауға, жасақ ұстауға, ерік алуға да келдім. Егер батыр екендігің рас болса, менің аз ғана құралыма, үріккен қойдай бір топ қана қолыма алақан жая көрмеңіз!... Шынтуайтқа келгенде, менің Оспан атым өзгергенше құрал мен қолдан айрылмақ емеспін. Сізбен бірге осылай өз арман-тілегім бойынша тұруға сеніп келдім. Ал, осындай сенім байлатқан Сұң батырымның денсаулығы үшін осы кесені көтердім!
Гоминдаңшы қулар Оспанға секем алдырып қоймау үшін бұл сөзді де ду көтере қарсы алған болыпты. Осылай сегіз күн қонақтатып, сексен қырына алған Сұңшилан мың сарбазын тәрбиелеп – «әскери өнер үйретіп» беруге «Лю батырын» әрең көндіріпті. Ол мыңды үшке бөліп, үш жерде тәрбиелеуді, Хабатуан басшыларының көмегімен ең соңында айтыпты да, осылай бөлшектеп орналастыруының бодауына мол сыйлық беріп қайтарыпты.
Жемсарыға қайтып барған соң Оспан өзінің ең сенімді адамдарының алдында Бердіқұлға қатал ескерту беріпті:
«Сен өзің суда да, жерде де бірдей шұрылдай беретін бақа сияқты жігіт екенсің, біздің аң аулап күн көретін азғантай құралымызды жиып алып, батырларымызды өз әскерлеріне сіңіріп тартып әкетпек болған Сұң батырдың сөзін қалай шұрылдап қуаттағаныңды білемісің? Оның бізді қандай күйге түсіретіндігін түсінемісің!... Мұнан соң әрқандай жерде менсіз, өз бетіңмен істеуден сақтан!... Ал, мен жоқ жерде қалай қарекеттенуді өзімнің мына балаларым біледі. Сенен ақыл сұрамайды. Мені аңдуға әдейілеп міндет алып келген болсаң да, мінезімді байқап, біліп аңды!... Ұқтың ба?
«Аңдуға келгендігінен» ант су ішіп ақталған Бердіқұл тұла бойымен домалап, «ең сенімді сарбазың болайын!» деп құлдық ұрыпты. Осыдан соң Оспанға «ақыл» үйретуден бір жолата қалған екен. Қожасына «аюдың» жүрген жүріс, тұрған тұрысын ғана мәлімдеп тұратын тыңшылыққа ғана жарапты.
- Жендет тыңшы сол кеткеннен 49-шы жылдың басында келді, -деп тым суық жымиды Күлән. – Қожасы оның бұл сапарынан да талай бас жеп, разы болған сияқты. Жалданба сопы – бүбілерін жиып жіберіп, менің жауабымды сұрамай-ақ неке оқыта салды!
- Өзің одан... балалы болып қалғандығыңнан мойып... қажығансың ғой! –деп бәсең күбірлесем де үнім дірілдеп шықты. Өкси күрсініппін.
- Жоқ, баласын тірі таппадым! –деп Күлән бір шытынып қалып, ширыға сөйлеп кетті. – Оның зорекерлігі үшін балалы етпекпін бе!... Той ырымын өтеп жатқанда у ішіп түсірдім. Өлейін деп едім. Бала түсіп, өзім аман қалыппын. Әлгі төбет мен жазылғанша бір ай тұрып, тағы да жоғалып еді. Қожасының бұйрығымен аюын аңдуға қайта кеткен екен. Содан азаттық жарияланғаннан үш күн өткен күні түнде жасырын келді. Мені алдап әкетпек болып келіпті. Оны аңдып жүргендер бар екен, тартысып-айтысып тұрғанымызда ұстап-байлап әкетті. Ал, қазір менің сонда хабарлай алмай қалғандығымнан күмәнданып, маған да гоминдаңшыл деген қалпақ кигізбек болып жүргендер бар. Әйтеуір менің жайымды қанық білетіндер ара түсіп, ақтап жүр!
Өмірге зор үмітпен өршіл талап, ақыл-келбетпен келіп тұрып, ұждан азабынан өле салуға да мұрса таба алмай қорланған осы азез жанға жаным қатты ашыды. Есіркегім, еркелеткім келді.
- Дүниеде бірін-бірі «қанық білетін» екі адам болса, екеуіміздей-ақ болар. Солай ғой, Күләш, Күләшім! –деп құшағыма тарттым. Омырауыма басын сүйей күрсінді. – Нұрияштар өлгеннен соңғы қалған дүниеде екеуіміздей түсініскен тең-тұс жоқ шығар! –дегенімде селк еткендей болып, басын көтеріп алды. Оңалып, аулақтана отырып, көз жасын парлатып жіберді де, бекемделе сөйледі:
- «Тең-тұс!», «қимас құрбы!» ... сол шақта мен де осылай ойланғанмын. Есіңде ме?
«Қос гүлдей еді аттарың,
Қосылып бірге жатталдың.
Жан сәулем үшін атыңды
Сүйдім де қош тұр, аттандым!» - деп жазып кетіп едің ғой! ... Енді міне көріскеніміз, өмір талқысы екеуіміздің парқымызды қаншалық зорайтқанын білемісің!... Мен үш еркекті жолға салған әйелмін. Және Ақылбайдан басқасы қандай деші!... Сені енді өзімдей әрненің қалдығына тіпті де қимаймын! Сені олай қорлауға титтей де хақым жоқ!..
- Мен де бұрынғыдай аппақ, пәп-пәк қалпымда келгенім жоқ, Күләш! «Хақың жоқтығына» да, «қалдықтығыңа» да қарсы жауабым толық. Сенің жүрегіңде кінәрат-кіршік жоқ, қаншалық зорлық көрсең де пәк жаныңа ешқайсысы дақ түсріе алмағанын мендей түсінетін ешкім жоқ!
- Оны айтпа, Биғаш, дәретханаға түсіп кеткен бір жапырақ ет деп біл! Маған енді ол жөнінде көңіл бөлуші болма! Ақыл таразысы мені қазір солай өлшегенмен, оның қарсы жағындағы көңіл кірінің салмағы кейінірек басып түсе беретін болады. Мені сол бұрынғы қайынбикем деп қана түсін. Тағы да сондай жақының боламын!... Саған шын лайықты жар, тағы да менің маңымнан табылады. Сөз берген басқа біреуің болмаса, соны көрерсің!
«Егер Мақпалдың Әлиядан көрген хаттағыдай халге түскені рас болса, енді өзіңнен басқа ешкімді іздемей-ақ, көрмей-ақ қоярмын!» деген ойды серттей сеніммен қайталадым ішімнен.

Дәнішпан тергеушім, сол шақтағы Күлән туралы осы ойыма, бір емес, екі рет жөткірініп жіберген шығарсыз. Бұл шешім әділет таразыңызға мүлде қайшы болып қалды ма. Онымен үйлендім десем, гоминдаң жасосының жесірін алған кері төңкерісшінің мұрагері деп соқпақсыз да, үйленбедім десем, сол жасостан әйелін айырғысы келмей жан ашығаны деп соқпақсыз. Ал, бұл туралы мәселемді сіздің адамгершілік нормаңызға лайықтап қана жазып құтылайын десем, өзіңізден ондай норманың табылуы бәрінен қиын ғой. Солай болса да жөткіріне-жөткіріне кеңірдегіңізді ауыртып алып, маған тағы бір қылмыс тауып бермей күте тұрыңыз, болған нақтылы жайын айтармын!


VI


Күлән екеуіміз Асылқанның үйіне қарай қолтықтаса жылжыдық. Күн де жылжып батып барады. Көз бақтырмайтын кереметті нұрын жасырғысы келгендей солғынсып, төмен қарап барады. Күләш та дәл осындай райда сияқты. Ақ дидарлы топ-толық дөңгелек жүзін төмен салып, жас жігіт қолтығындағы жасамалы әйелдей салмақпен солғын көрінгісі келеді. Сөйтсе де қазіргі мына жайлы көктем кешіндей көңілділігін бусанып албырап келе жатқан ашық маңдайынан, жып-жылы қарасынан байқаймын. Ақ кофтасын кере жарасқан омыраулы толық денесінің қызуы айқасқан білегінен маған өтіп, ішінен түлеп, ішінен көктеп келе жатқаны да сезілді. Бұл жайын өзі сөйледі бір шақта.
- Бүгін сені көріп, Нұрияшым тірілгендей сезімге келдім, Биғаш, жеңілдеп қалдым. Ол туыспаса да менімен егіз туғандай, менен 3-4 жас кіші болса да құрдастай, нағыз дос еді ғой!.. Сен алғаш көріскеннен бұрын-ақ... білетін шығарсың, мен әлдеқашан қалыңдық болып кеткем. Керіскедей... кексе едім. Тек Нұрияшпен бірге жүргенде ғана сонымен лайықтасып, жаңа өспірім қыз болғым келетін...
- Сен сәби кезіңнен қайғы көріп, қамкөңіл болып өстің. Адамды қартайтатын да, жасартатын да көңіл. Сол кезде өзіңе өзіңді «кексе» сездірген сол қамкөңілдігің, көңіл жүдеулігің болса керек. Оның есесіне ақылың ерте толды. Адамды ақылды ететін арман мен қам ғой, -деп жіберіп, сөзімнің соңын тия қойдым. Тағы да ағытылуға ыңғайланған ыстық сезімімді тиғаным еді бұл. Өйтетінім, Күләннің, өзін кексе әйел, кәрі етіп баяндап келе жатқаны өзінен мені суытудың сөзі. Өзінен менің көңілімді бүтіндей тиюдың, зор ақыл мен ахлақтың сөзі. Сол ақылға өз сезімін де көндіріп, өз көңілін де шектеу үшін сөйлеп келе жатқаны. Егер, мен тұтансам, ол өз еркінен тыс лап ете түсетіндігін сезіп, сақтанып та, сақтандырып келе жатқаны. Ал, мен Мақпалдан бір жауап алып, одан үмітім үзілмей, мұның әрең жасырынып тұрған нәзік жүрегін қытықтағым келмеді.
- Ақылбайдың мерт болғанын сол 45-ші жылдың соңында естігенмін! –деп Күлән, енді мүлде қартайған адамша қатты күрсінді. – Арман-үмітім де сонымен бірге өшкендей, содан бері бір жадырап күлмеппін.
- Арман деген бұғының мүйізіндей салаланып, бірінің үстіне бірі өніп тұрады ғой. Адам тіршілігі арман-үміттен адаланбауды шарт етеді. Ол өшсе өмірің де өшеді. Мүбәда өмірің өшпей қалса, адамгершілік қасиетің өшеді. Адамгершілік қасиет дегеніміз – өмір талқысына (жауыңа) қарсы жауап қайтара жасау. Яғни жауың қор етейін десе, мен сенен зор өтейін деп күресу. Ол қысқанда қабысудың орнына керней түсу. Адамгершіліктің ең негізгі қасиеті осы деп түсінемін. Бұл қасиет сенде бұрын жетерлік болатын. Бердіқұл сені зорлап қорлағанда, өлуді ғана ойлағаныңа – у ішкеніңе наразылық ойлап қалдым.
- Сол қорлағанына мойындап, некелі әйелі болуға көнсем разы болар ма едің? –деп жымиды Күлән.
- Қарсы шара қолданбай, у ішіп өле салмақ болғаның күрескерлік емес дегенім. Тым болмаса, талай азаматтың түбіне жеткен сол қанды қолдың арам қанын ғана төгіп өлудің амалын қолдансаң еді!
- Өзіме өкпелейтін дәрменсіздігім сол! Мен үшін төлейтін қалың малы ретінде Сұңшиланға туыстарымның бастарын кесіп әкеп беріп, өзімді әйелденгеніне өліммен жауап беруді ғана ойлаппын!
«Біреуді өлтіруге жүрек қуаты жетпейтін адамның мұндай ұйғарымға келуі де шегіне жеткендігі-ау!» -деп ішімнен сөйлегендей күбірледім де, сөзді басқа тақырыпқа аудардым.
- Жә, Бердіқұл сенімен сол «құтты» тойын өткізген соң «игілікті» қызметіне қайта кетті. Сонан соң не істепті?
- Оны да осы жақында тергеушісінен естідім. 49-шы жылдың 2-ші айында кеткен. Бұл, Жұңго төңкерісінің күшейіп, гоминдаң үкіметінің құлайтындығы айқындалып қалған шақ. Оспан өзінің негізгі серіктерін жиыстырып, гоминдаңнан іргесін бөле бастапты да, Бердіқұлға шарт қойыпты: «сен шырағым бізбен бірге болғың келсе күбір-сыбырыңды қойып, келген жеріңе қайт!» -депті. Бердіқұл сол жерде құран ұстап, қасам беріпті де, жыңса басқармасына жазатын мәліметтерін батырының өз айтқаны бойынша ғана жазып тұруға келісім алыпты.
- Гоминдаңға адам ұстап беруді қойып па?
- Оспанның бекітуі бойынша ханзудан көменес деп ұстап, үш-төрт рет айдатып апарған екен. Оларын жыңса орындары қамамай қоя беріпті! –деп Күлән күліп жіберді. – Он шақты тұтқыннан еңбегі солай еш болған соң, адам ұстауын Бердіқұл да қойыпты.
- Ол гоминдаң түрмелерін үрей жұтқан кез ғой! –деп толықтадым мен. – Бұл шақта Сұңшилан қанқұмар жоқ. Шинжаңдағы бас қолбасшылыққа Таусиуй қалған. Жаңкайшы оны да шақырып, жүз мың сараяғымен өзін қорғатпақ болған. Демек, «генералсимосының» өзін де үрей жұтып қойған кез. Таусиуй ол бұйрығына: «біз кетсек, қалған мына жеті аймақ үш аймаққа қосылып кетеді!» деп бақырыпты, ха-ха-ха-һа-һа... Үлкен бастығы «қосылса қосыла берсін, қайт!» десе, «бірігіп алып, Жұңгодан бөлініп кетеді!» деп бақырыпты.
Қарқылдап күлгенімді қызықтағандай күлімсіреп, бағдарлай қарап қалған Күлән мен қарағанда көзін лып қағып, төмен түсіре сөйледі.
- Дегенмен өзі қиын екен, басым кетсе де уысымдағы асым кетпесін дегені ғой!...
- Бұдан басқа лажы да жоқ еді. Жолдан талай соққы жеуге шыдап Кулиге қайтқанымен де, осы жүз мыңмен Жаңкайшының қу басын қорғап, жеңіске жете алмайтындығы айқын болатын. Онан да Жұңго компартиясына осы Үрімжіде тыныш қана тізе бүгіп, уысындағы осы асының абыроймен өз басына сауға тілеуі тиімді ғой. Осынысы абырой болды өзіне!... ал, ұстағандарын түрме қабылдамайтын болған соң, Бердіқұл не кәсіп істепті?
- Оның кәсібі: отырғанның артынан қыдиып мәнпағат таба алмағанда, жүргеннің соңынан сүмеңдеу ғой! –деп түйілген Күлән өштікпен айтқан бұл суреттемесін өрескелдеу сезінгендей қызғыш тарта жалғастырды сөзін. – Оспанға иісшілдігімен жағып, соның мал табары болып шапқыншылық істеп жүрген екен. Өзінің гоминдаңының Құмыл мел Үрімжі арасындағы тасымал автомобилдерін тонайдыда баяғы. –деп Күлән енді сықылықтап күлді. Әрқай сөзінен шешендік байқап мен таңырқадым. Жүзіне өзінше мен де қарап қалыппын. Онымды сезе қойған Күлән төмен қарап жалғастырды сөзін. – Тоғызыншы ай ішінде Америка елшісі Макынанды халықазаттық армия қоршауынан құтқарып жіберу міндеті түскенде, Оспан бірнеше мықтысына сол иісшілді қосып жұмсапты. Олар Макынанды Баркөлге, одан қарақшының төте жолдарымен Шинхай-Тебет шекарасына жеткізіп салыпты. Ол қайтқан кезде гоминдаң офицерлерінің қаруы түгіл беліндегі қайыстары да жұлынып болған екен. Қару тапсырмай отырған Жемсарыдағы Оспан ғана сияқты. Закария мен Қадуаңнан басқа қашуға тиісті қазақтардың барлығы соның үйінде бас қосқанына үш күн болғанда жетіпті Бердіқұл. Шонжарлардың не қаулыға келгендіктерін білмепті. Тек тарайтын шақтағы бір-біріне айтқан қоштасу сөздерінен ғана өзді-өз беттерімен оңтүстікке қарай босатындықтарын сезіпті. Оспан олардың жайын кейінірек тұспалдап қана айтып, кету-кетпеу мәселесін Бердіқұлдың өз еркіне салыпты.
- Не депті?
- «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кетіп жатыр, Бердіқұл. Қаламын десең жер міне, кетемін десең, осылардың біріне қосып жіберемін. Ал, бірге көрмек болсаң, мен міне, қайтпексің?» депті.
- Сіздің соңыңыздамын, батыр. Қалай бастайтындығыңызды ғана ұқсам болғаны, соған қарап дайындық көрейін!
- Менің енді қонарымды сай, көшерімді жел біледі. Алдымен өзің барып келген жақтағы бір иенге жүк салып, ерген елімді сол жаққа қоныстандыра тұрмақпын. Ал, өзім қалып, аспанның райын, көменестердің қабағын бағамын. Маған тиіспейтін болып сенімді келісімге келсе, ауылдарды қайтарып әкелемін. Алтайды тастап кеткім келмейді!
- Хұп! –депті Бердіқұл бұл ақылға. – Мен сол көштеріңізбен бірге болайын. Көріп келген жолым ғой, бұл жерден пайдам тиер! Қазірше әкете тұратыным, жаңа алған әйелім мен бір інім ғана!...
- Бердіқұл қолға алынар кезінде осы мақсатпен келіпті маған! –деп Күлән мұрнын бір шүйіріп қалды. – Қалай келгенін білмей қалыппыз. Екі кілем мен бір мөшек бұл әкеліп, шешемнің краватының бас жағына қоя салды да, әрқайсымызға әкелген асыл киімдері мен алтын алқа, сырға жүзіктерін түп үйдегі үстелге әкеліп жайды. Мен шешеме басымды бір шайқай салып, сыртқа шыға жөнеліп едім... сақшыға мәлімдемек едім. Бердіқұл ауыз үйде қуып жетіп, қарқылдап күлген болды да, түп үйге білегімнен сүйреп апарды. «Сақшыға бармақсың ғой, ақиқатқа қайту үшін жаңа үкіметке біздің не әкелгенімізді тыңда алдымен!» -деп сөйлей жөнелді. Есім шығып, қалтырап кетіппін. – «Бес керуен! Оспанның шердиманы да бар! Тебетке қашып бара жатқан гоминдаң – офицерлерін ұстадық!» деген кей сөздері ғана кіріпті құлағыма. Сөйлей жүріп, алқа-жүзіктерін менің ілулі тұрған қол сумкама салды. «Оспанның қыз-келіндері ендігі Шүймогуге жеткен шығар. Қазір көңкемен сонда барып, қонақ үйге алып келеміз... сен де барасың, дайындал!» -дегенде есік-терезе қатар қағылды. Жалт-жұлт қарап зыта жөнелген бандыны қарапайым киімді төрт жігіт, біз шыққанша байлап болыпты. Жан мылтығы мен қанжарын өз бойынан тінтіп тауып, айдай жөнелді. Үйде қалған нәрселерін ұстаушылардың нұсқауы бойынша біз тізімдеп апарып, халық сақшы мекемесіне өткіздік. Бір жарым жыл болды. әлі тергеуде дейді. Қайда жатқанын да білмеппін. –деп тоқтатты Күлән әңгімесін.
- Мәселесін Оспанға беттестіріп анықтап алып атпақ шығар! –деп күрсіне салыппын. Күлән жалт қарап сақылдай күлді бұл күрсінісіме.
- Немене, «жездеңді» қимай келемісің?
- «Нақ сүйеріңді» сен қисаң, мен қиямын ғой!
Асылқанның үйіне екеуіміз жарқылдап күле кіріппіз. Бізден басқа шақырған қонақтары жиыла қоймапты.
- Күлкілерің құтты болсын! –деп жымия қарсы алды Асылқан. -Бәсе, екеуің «бірге азат болатын» жөндерің бар еді!...
- Бұлай қалжыңдама, Асеке! –деп Күлән қызара күбірлеп өте шықты да, қайта қайрылып сыбырлай сөйледі. – Биғаштың менен жасы да, жолы да кіші, ұят болады!
Жас шамамызды толық білетін Асылқанның епті қалжыңы езуінен бүлкілдей берді сонда да. Кең столдың төріне екеуімізді қатар отырғызды да күтуші әйелдерге сездірмей өрмекшіше торлап қосақтай түсті. Бұл қалжыңнан Асылқанды бұру үшін мен Күләннан жолдағы әңгіменің жалғасын – Оспанның қолға қалай түскенін сұрадым.
- Оны Асекең толық біледі, Асеке, сіз сөйлеп берші! –деп Күлән Асылқаннан жымия өтінді. Мұндай отырыста оның саяси мәселе араласқан сөзге баспайтындығын Күлән біліп жымиған екен:
- Оспан жайынан оншалық хабарым жоқ! –дей түрегеліп, есікке беттегеніне Күлән сақылдап күліп жіберді.
- Бәсе, күлетін жерде күледі-ақ екенсің-ау! –деген Асылқанның сөзінен мойығандай қызғыш тарта қалған Күлән, әңгімені тез бастап әкетті:
Оспан сол айтқаны бойынша «аспанның райын, көменестердің қабағын бағып» жатса керек. Шапқыншылық жөнінен жаман ат шығара қоймапты. Сайлауыт азаматтарына лайық мал-басын шағындап қана қалдырған аулымен құбының иен құмын тып-тыныш қыстапты. Құмнан жазға салым қайта көшіп шығып, Жемсары даласының шетіне көктепті. Қаруларын кең ышқыр мен мол етектерінен шығармаған күйі, енді Боғданың қиысына барып жайламақ екен. Оның қабағын да қалт жібермей бағып отырған жаңа үкімет елшіні осы мезгілде салыпты.
- Өзінің сенімді қызыл қазақтарынан ғана емес, ағынан да, сарысынан да, қарасынан да, аласынан да, тіпті аласасынан да жіберіпті, -деп Күлән Асылқанға тағы да жымия қрап сөйледі. Оспанның, шашты қазақтар ішіндегі аузы дуалысы деп ең сенетін Закариясы да бар. Үкімет оны тіпті осы елшілер группасының бастығы етіп тағайындап жіберіпті....
- Үкіметтің Закарияны көріністе елші етіп жіберудегі мақсаты дұрыс, -деп сөзге Асылқан енді кірісіп, толықтау айтты. – Ол Оспанға бұрыннан сырлас-ниеттес адам ғой. «Салмақ салып, құрал тапсыруға қайтсең де көндіресің!» деп мықтап тапсырып жіберген. Закарияның өз идеясын да өлшейтін таразы осы болатын. Осы арқылы сынап крмек еді!
- Асеке өзің де сол елшілердің бірі едің ғой, қалғанын сен сөйлеші! - деп Күлән тағы өтінді де, тағы да күліп жіберді. Бұл жатбатардың жаңағы «қарасы да, аласы да, тіпті аласасы да бар» дегеннің бірі осы Асылқан аласа екендігін енді түсініп мен де күлдім.
- Мен қайдағы елші, ойын қоюға барып, қатындарымен қалжыңдасып қана қайтқанмын, білмеймін! –деп Асылқан тағы түрегелгенде қатарласа күлдік.
- Көргенін көрмегендей, көрмегенін көргендей сылдыратуын қарашы, әй ақындарым-ай! –деп Күлән еселей күлгенде мен де еселеп жіберіппін.
- Ие, ие, осы күлкілерің жарасты. Қосақтарыңмен қоса ағарыңдар! –деп Асылқан езуін тағы да бүлкілдете шықты есіктен. Екеуіміз бір-бірімізге қарасып жіберіп тұқырдық. Отты көздеріміздің жарқ-жұрқ етіп бір сәт тоғыса кетуінен қысылдық тағы да. Осы қарасымызбен-ақ екеуіміз бір-бірімізге алаң-ашыққа тыржалаңаш шыға келгендей көрініппіз. Жалт беріп әңгіме шытырманына қайта кіре жөнелдік. Ұяттан құтылуға асыққанымыздан сұрауда тез қойылып, жауап та тез қайтарылды.
- Сөйтіп... жаңа үкімет Оспанмен не жөнінде сөйлесуді тапсырыпты елшілерге? –деп мен сұрақ қойдым да.
- Оспанға жаңа үкімет саясатын түсіндіруді тапсырыпты! –деп Күлән іле қайырды жауабын. – Шың Шысай мен гоминдаңға қарсы күрескен бұрынғы батырлығы үшін кешірім етеміз. Басы түгіл малына да тиіспейміз, Жұңго компартиясына сеніп, құралдарын тапсырса болғаны! - депті. Партиямыздың саясатында ақиқатқа өз еркімен қайтушыға әрқандай кері төңкерістік қылмыс болса да жаза қолданылмайтынын толық түсіндіруді тапсырыпты. Закария үкіметтің осы үндеуін дәлме-дәл айтып жеткізіпті де, басқа елшілер ұзақ-ұзақ сөйлеп насихаттапты.
- Оған Оспан не депті?
- Оспан бұл сөзден күмәнданатындығын айтыпты. «Шың Шысай да мен халық үкіметімін деп келіп, осылай кеңшілік деген сөзімен бізді талай алдап еді. Ырысқан, Есімқан мархұмдар отты оқтан емес, дәл осы тәтті тілден өлген болатын. Мұндай кешірім дейтіннен аузым талай күйген жан иесімін, шырақтарым. Ал, бұл үкіметтеріңнің кешірім ететіні рас болса, «құрал тапсыр» дейтін суық сөзді айтпасын, аң аулайтын осы бір-бір көсеуімізбен жүріп-ақ үкіметтің момын бұқарасы болмақпыз. Осы сәлемімді айтып барыңдар!» депті.
- Елшілер Оспанның осы сәлемімен ғана қайтып па?
- Жоқ, -деп маған көз қиығымен бір қарап қойған Күлән, қайта төмен қарап алып жалғастырды сөзін. – Елшілер жаңа үкіметтің саясатын тағы дәріптеп, қоғамның, төңкерістің қазіргі ауқымын айқындай түсіндіріпті. Халықтың аң-санасы әлі түгел ашылып болмаған шақ қой бұл, Америка жиянгерлігі мен гоминдаңның азғыруына сенетін адамдар әлі де жоқ емес қой. Мұндай шақта бұқараның қолында соғыс құралы сақталмауы қажеттігін айтыпты. Партияға сенетін адам дәл қазіргі шақта қару ұстап отырмайды. Егер қарсыласу ниетіңіз болмаса, құс атар шитілеріңізді де тапсырып беруіңіз шарт!» -депті елшілер. Оспан тұнжырап ойланып отырып қалыпты да, Закарияға қарапты: «ал Закария, шашыңды есепке алмағанда қазақтық қаның, мұсылмандық иманың бар азамат едің ғой, сен сөйлеші» депті...
Әңгімені қайта келіп тыңдап отырған Асылқан Күләннің сөзін осы кезеңде шорт бөлді:
- Тоқтай тұр Күләш, қателеспе! Оспанның бұл сөзі Закарияның қараниеті әшкереленетін жерде айтылған. Титтей бұзып айтсаң-ақ қателесесің!. Қазір тергеліп жатқан Закарияны ақтап қоясың... Оспан бұл сұрауын Закарияны оңаша шығарып алып сұраған.
- Қайдан білейін қайда сұрағанын, -деп Күлән тағы да сықылықтап күліп жіберді. - Әйтеуір Оспанның осылай сұрағаны рас қой? Басың кетпес, өзің сөйлеші, Асеке!
- Осылай сұрағаны рас, бірақ орны басқа... елшілер әлгіндей талпты қойып қысағанда Оспан қарақшы жауапсыз тұнжырап, сыртқа шығып кеткен. Үйінің сырт жағына оңаша барып отырып алып шақыртқан Закарияны. Ал, сөзіңнің басқасы дұп-дұрыс, сөйлей бер!
- Шақыртып алып не айтыпты, менен толық білетін, қатынасқан әңгімең болған соң сөйлей берсеңші, әңгімелеуші мен-ақ болайын!
- Әңгімелеуге келгенде сен қыздың менен артық жерің бар, әркімнің сөзін өзінше сөйлеп алады екенсің, сөйлей бер, сөйлей бер!
- Қорқақ қана жанының қулығын қарашы! –деп Күлән енді сақылдап күліп жібергенде мен де сақылдап күліп алып, қалғанын Асылқанның өзі әңгімелеп беруін өтініп едім. Қорқақ аталуынан қорланғаны ма, иә, менің өтінішімнен зорланғаны ма Асылқанның өзі әңгімелеуге кірісті:
- Елшілердің талабы жаңағы айтылғандай үзілді-кесілді болды. Оспанның құрал тапсыруын тынышталудың жалғыз-ақ шарты етіп қойды. Оспан тұнжырап сыртқа шығып кетті де үй сыртынан Закарияны шақыртып алып, оңаша сөйлесті. Сонда недеп сөйлескенін қазір тергеудегі Оспанның өз жауабынан естідік: «Е, Закария қазақтық қаның, мұсылмандық иманың бар азамат едің, шынын айтар деп сеніп шақырып отырмын. Сен алдап өлтіртсең, менің қаным өзіңе алал ас бола қоймайтынын түсінесің, маған айтшы осы оңашада. Егер құрал тапсырып, қол көтерсем, мені, менің соңымнан ерген мына азматтарымды түбінде осы үкіметтің жазаламайтындығына сенім бере аламысың?» деп сұрапты. – Мұны Оспанның өзі айтқандай сеніп сұрап отыр ғой. Егер сонда Закария ақымақ «тиіспейтіндігіне көзім жетеді» деп сенім бере салса, бұл қарақшының қару тастап бағынғысы келіп отырған кезі ғой. Осыны айтқанда Закшыңның өз басына да үлкен абырой болар еді. Зор қабілетіне лайық жоғары дәрежелі қызметке де орналасар еді ғой, неткен алжасқандық!..
- Енді не депті, айтсаңшы Асеке-ау тезірек! –деп күліп едім.
- Тоса тұр Закариясына жаны ашығаннан есін жия алмай қалды! –деп Күлән ілмелей күлді. Өзінің денесіндей жұп-жуан домалақ басын сипап отырып қалған Асылқан селік ете түскендей болды бұл «қылмысынан»:
- Жоқ, қайдағы «жанашу», азғындығына ызаң келеді!... «Көзім жетпейді» депті!
- Бұл «азғыныңыздың» тым болмаса өз жауабын айтсаңшы! –деп сықылықтапты Күлән.
- Осылардың сөзін өзің-ақ сөйлей берші Күләш, толық білмеймін!
- «Азғынның» сөзін «азғын-ақ» сөйлесін деп бұйырғаның ғой! –деп Күлән тағы да күліп жіберіп сөйледі. – Ал, не боп кетсем де сөйлейін. Закария оған: қару тастап сендіріп бағынсаңыз, дәл қазіргі жағдайда жазаламайтындығына көзім жетеді! Ал, түпкіліктің түбіндегі іске көзім жетпейді. Жазалайды, иә, жазаламайды деп келешектегі іс туралы кесім айта алмаймын!» депті. Осы сөзімен күрсіне түрегелген Закшіңді Оспан қолынан тартып қайта отырғызып сұрапты:
- «Жақсылық істесең жете істе» дейді ғой Закшы, қандай себептен «көзің жетпейді», енді соны айта кет! –депті.
«Бұл сауалға өзіңіз де жауап бере аласыз, батыр. Сіз өзіңіз байсыз да, бисіз де... азғантай ауылыңызға падша аталып та көрдіңіз ғой, социализм қағидасы ондайларға қарсы жазылған ғой, ал, біздің мына Жұңго социализмі келешекте сізге, сіздейлерге не айтатындығы маған қараңғы. Көзім жетпейтін себебі сол. Мен не көрсем де осы Үрімжіден қозғалмайтын адаммын, сізбен мына елшілердің көз алдында оңаша сөйлесіп отыра берейін, қайтсеңіз де өзіңіз біліңіз! Олай істеме, бұлай істе деп жауапкершілік көтере алмаймын!» - Закария Оспанның жеке кеңесінен осы жауаппен әрең құтылыпты.
- Ал, Асеке, -деп Күлән сық ете түсті де күлкіден зорланып тиыла сөйледі. – Сөйлеуден қорыққан сөзіңізді сөйлеп, құтқардым ғой, қалғанын өзіңіз әңгімелей беріңіз енді!
- Қателесетін жеріңнен енді өзің де өттің, Күләш, -деп Асылқан төрт аяқтай түрегелді де кеселді сөзін езуінен тағы бүлкілдете беттеді есікке. – Бұл әңгімеден енді қателесетін жерің қалмады ғой. Жалғыз-ақ Оспанды «батыр» деп, Закышыңды «ақыл» деп қоймай ептей берсең болғаны!... Әйтеуір осындай тәтті шағыңда қателеспей, мынадай татымды күйеуге тиіп алғаның жақсы, мен осыны ғана білемін!
- Қойыңызшы осы сөзді! –деп қызғыш тартқан Күлән, Асылқан шығып кеткен соң төмен қарап күбірледі.
- Ондай... шағым қайда кетті, мен қайда қалдым!... Биғаш, сен басқалардың мұндай жел сөзімен, мұндай қиялдан сақтан! Бағанағы сөзімді есіңнен шығарма! Қазір осында келіп қалар. Нұрияштан қалған қасіретіңді жоя алатын Кәмалат, ақылды қыз. Мен кепілдік ете аламын!
«Басқа камалаттың енді керегі жоқ. Маған тірі Нұрияшымнан қалсам, анық түсініскен нағыз «камалатым» қажет шығар!» деген ой жүрегіме тағы да үйріле қалды. Жауабымды күлкімен жаймалай салдым.
- Шағым кетті демесең болғаны, сақтан дегеніңнен сақтана отырайын да, көр дегеніңді көре отырайын!... Енді әлгі әңгімеңнің жалғасын айтшы! –деп «қиялдан» серпіле қарадым сонан соң. Оспан Закарияның сол камалатты жауабынан соң не істеді?
Өзінің «камалатты» деген сөзін Закарияның осы жауабына қолданғаныма бас изей жымиған Күлән да серпіліп, іркіліссіз жалғастырды әңгімесін.
- Оспан елшілер отырған қонақ үйіне, сол тұнжыраған қалпында қайта кіріпті. «Ал, меймандарым» -деп тік тұрған қалпында жауап беріпті. – «Менің жаңағы жауабым естеріңде шығар, сол жауабым, дәл жауап. Жаңа үкіметтерің менің шексіз көп қылмысымды кешіретінін айтқанына көп рахымет! Шын кешіруді ойлаған болса, менің там-құмдаған күн көргіш қаруларымды тапсырып бермейтіндігіме де кешірім жарияласын! Кейінгі уақытта шындап рақайласа алатындығыма көзім жеткенде өзім-ақ түйеге теңдеп апарып бере салармын! Ал, бұл тілегімді қабылдағысы келсе осы алдымыздағы екі-үш күннен қалдырмай, маған мына Закарияны қайта жіберіп хабарласын. Мен де адам жіберіп тоқтамдаспақпын. Осы сөзімді өзгертпей жеткізіңіздер! Топ болып елеп-ескеріп келгендіктеріңізге рахымет, қайтуларыңызға рұқсат!» деп шығып жүре беріпті. –деп Күлән сырттан естілген дабырды тыңдап отырып қалды.
- Сонан соң? –деп жалғастыра бер дегендей сұрадым.
- Сонан соң... өзің түрленіңкіреп, шашыңды жөндеп тарап алсаңшы күйеужан!... Енді алшаймай, әдеппен отыр менің қасымда! Біздің қыз секемшіл, сезімтал қыз. Ал, мен әңгімемді бітіріп тынайын. Сонан соң Оспанның айтқаны екі-үш күн ішінде ешкім келмеген екен. «Көменес партия екені рас болса, бұл үнсіздігі, менің маңайымды енді бір-ақ қоршап болып келуге дайындалып жатқаны!» деген күдікпен көше жөнеліпті. Із жасыру үшін таумен жоталап та, бөктерлеп те, тынбай көшіпті. Баркөлдің бір қиысына көліктерін тынықтыру үшін аял етіп, өздері тынықпай-ақ, мал таба кетудің, артынып-тартынып азық-түлік таба кетудің жортуылына қайта аттаныпты. Жол тосып, бекет тонапты. Жүргіншілерді зар қақсатыпты. Соңынан қуғыншы барын сезісімен иенге тартып, жоғалып беріпті сөйтіп. Осы жазғытұрым Шыңхай шекарасындағы жап-жазық даладан ұсталыпты ғой.
- Талайды көрген сақ қарақшы, жап-жазық даладан қалай ұсталған!... Атысамын деп қоршалып қалып ұсталып па?
- Жөнделіп атысуға да мұрсасы келмепті!... Оны қуып дағдыланған ұлттық армиядан жол бастаушы болған соң ондайға төзімді қалың жепаңжүн қоя ма... иенде көк мұз болып қатып жатқан қақтардың ортасына қонған жалғыз үйден ұсталыпты.... қалай екен, сол күні өзінің жауынгер қызынан басқа ұлдарынан ешқайсысы жоқ екен дейді. Із өкшелей берген қалың қуғыншыдан тарай қашқан ауылдарын қорғауға мықты азаматтары бөлініп-бөлініп кеткен сияқты. Таңға жақын қатты ұйқыға кеткен Оспанды, қоршалып қалғанын таң атқанда бір-ақ білген қызы оятыпты. Сол күні белдеуде ер-тоқымды жалғыз-ақ ат қалған екен, екеуі мінгесе қашыпты. Өкпе тұсынан төнген бір қуғыншылар тобы таяп қалғанда жалтыр мұздан аты тайып жығылып, мінгескен екеуі ұшып түскен екен. Оспанның қолындағы маузері мұз үстінде недәуір алыстап ұшыпты! – Күлән күрсіне аяқтастырды сөзін. – Оспан ол «еркектігіне» домалап жеткенше өзіне қуғыншылар жетіп, жабыла кетіпті де, тұруға үлгіртпей басып байлап алыпты!...
Көз ұясына іркілген жасын Күлән елеусіз ғана сипап тастап, күлімсіреген бейнемен ауыр тыныстады. Оспан батырдың қолға түсуі талай жасырын талқыдан, талай өкініш пен күрсіністен өткен ғой. Бұл оқиғаны осы рет әңгімелеуші әйел досымның тіл орамының епшілдігіне қызыға қарап қалыппын. Өзі қандай шыншыл, қандай әділ, өз жүрегіне шығарған үкімін ескерші! Нысапсыз Әлиялар бір процентін үйренсеші осының! Ғазиз басы қара батпаққа қаншалық малынса да, бүйі тағдыр қаншалық шырмап, қаншалық қырсыққа шалынса да, қатал қара жауыздық қаншалық масқаралап, жігер-қуатын қаншалық тонаса да мойымаған-мойындамаған қандай ерік!... Өзін-өзі өлтіруге мәжбүрлесе де, талай уақыт өлім табалдырығында жатса да, қоғамдық болмысқа көз жұмбай қарап жатқандай неткен зеректік! «Әлеумет ісіне көкірегі жарық, көзі өткір, көңілі тыныш, жүрегі бүтін ең биік дәрежедегі бір әйел қараса, осы жаралы-қаралы тұтқын сұлудай-ақ қарар! Құйындай үйрілген құбылыстарды осындай-ақ түсінер!» деген оймен есіркей-елжірей қарап қалыппын Күләнға.
- Міне келді! –деп күбірлеп, шынтағымен түртіп қалғанда ғана оянғандаймын. Есік жаққа жалт қарадым.
- «Сәлем!» - «Сәлеметпе?» - «Есенсізбе?» -деп өзіме таныс амандасушы екі жігіт, екі келіншектен соң жымиып, ернін жыбырлатқан сұры қыз, сонан соң күлімдеп көзін жұмған аппақ «сырлы» қыз, күлкісін миығындағы шұқыршағына ғана иірген, қызыл ерінді шырлы қыз, қара көзді, қайқы кірпік «мұңлы»қыз, аппақ тісін жарқыратқан аялы көзді нұрлы қыз, ойнақылана қарайтын керме көкірек сынды қыздар кірді. Жүздеріне қарай-қарай қол алыстым. Мені Күләнға шынтағымен түрткізіп оятқаны қайсысы екенін аңғара алмадым. Сонда да, көрсетушіден ешқандай ишара болмады. Әйтеуір бәрі де сұлу сияқты. Бірақ, Мақпалдан қалып, Әлиядан тоңып-жаурап келген маған Күләннің өзінен басқасынан жылу табылмайтындай.
Алдымен кірген сұры қыз Асылқанның таныстыруы бойынша емхананың пелішері екен де, қайқы кірпік мұңлы қыз, институт бітіріп, жаңа шыққан оқытушы екен. Басқа қыздардың әйел-қыз киімді бірі де жоқ. Ал, түгелімен артиска. Көк бешпет-сыммен келіпті бәрі де. «Мына тырсиғандар – Маханбеңнің сымы ғой, ә» дегендей, Асылқанға қарап жымидым.
- Ол Асылқан ағаңның өзі ғой, Биғаш! –деп күбірлеп, Күлән қалжыңдады. – Көк сымнан қарап, оны да қыз екен деп қалдың ба?
Қарқылдап-сыңғырлап бәріміз түгел күлдік. «Олпы-солпысы жоқ» тұп-тұтас, жуан қара Асылқан бұралып-қылмиып, қыз бола қалғанда ішек-сілеміз қатқанша күлдік. Алғашқы тосырқауды бұзып, бетімізді ашқан осы күлкі болды.
- Осында Биғабіл дейтін оқымысты сылқым келді деп еді. Жаңылмасам сол мырза сіз шығарсыз деймін? –деп Асылқан қылмыңдағанда, менің де жасырын әртістігім қоза кетті:
- Так тошно, сұлу бикеш! Аңсаған сол оқымысты сылқымыңыз мен боламын! –деп, басымды оңды-солды ойнақтатып жіберіп, иығыма сала иілгенімде күлкі тіпті үдеді... бір-бір шыны шай ішкенше-ақ үйірлесіп, «ауыл аралас, қой қоралас» ымдас-жымдас бола кетіппіз.
Менің келуімді құттықтаған бұрынғы сабақтас жігіттер кезек-кезек тост сөзін сөйлеп, стакан қағыстырды. Қағыстырғанмен де ауыздарына қабыстыра алмаған «жаман қыздар» Асылқаннан айып тартып жатты. Төлейтін айыбы ән мен күй, болмағанда іс екен. Көтерілген алғашқы екі тостан-ақ қыздардың көбі айыпталып, алдымыздан бір-бір өтіп еді. Үзім виносынан ұрттап қана құтылып отырған «әйел қыздардан» айыпкер болып, «қайқы кірпік мұңлы қыздың» аты шықты бір кезекте. Айта алмаймын дегеніне қарамай, шарт ретінде Әсеттің «еркем-айы» талап етілді. Ұяңдығына қарап, «қиын ән қысты – ау мына байқұсты» дегендей төмен қарап алып едім. Алғашында тартыныңқырап, әнін төмен бастап алған «мұңлым», тамағын бір қырынып жіберіп, екі еселей көтергенде әннің өзін үйіріп-серпіп аспанға ұшыра жөнелгендей сезілді. Дауысында маған таныс та тәтті, аса сағынышты бір саз бардай. «Мұңлымның» мұңы тереңнен тұна мөлтілдеп жасаурағандай көрінетін тұнық қара көзінде ғана екен. Ән салғанда тұла бойынан шаттық таси жөнелгендей құлпырғанына таңданыспен көз тоқтата қарадым. Мұнымды бір жалт етіп қана байқаған Күлән, әншінің өзіне қарап жымиды. Ән тоқтасымен көпшілікті бастап қолшапалақтай айтты құттықтауларын. Өзі дырама театрының бірден-бір әншісі аталып жүрген, өзі жүрегін менен ынсап құдіретімен ғана шектеп отырған құштар Күләштің осы көз тартар сұлудың әнін күншілдік кірбеңінен мүлде пәк ниетімен құттықтағанын сездім. Осы қызға бар ақыл-есімен барлық тілеулестік пейілмен сүйіне, рахаттана қарап отырған ақ жүзіне мен аңқия қарап қалыппын. «Көкірегің кең, мінезің жайсаң, білімді ақсың-ау, Күләш!» дегендеймін.
- Биғабіл, ей, -деді Асылқан. – енді Күләштің әнін тыңдағың келіп отыр ма?
- Айыпты болмаған адамға ән салдыру, обал ғой! –деп едім. Күләннің өзі іліп әкетті.
- Биғабіл менің «обалыма» емес, өз «обалына» қарап отыр, айыпты болмаған адамға ән салдырмайтын заң шығарып, «қонақ кәдесінен» құтылып кетпек! –деп күлді де, әнші қызды шақырды. – Кел Ақияш, екеуіміз «ауылдың алты ауызын» айтып берейік те, көрейік құтылғанын!
Осы сөзімен арамызға бір орындық әкеліп қоя қойды да, Ақияны қолынан тартып әкеліп отырғыза қойды қасыма. Маған айтқызбақ «қонақ кәдесінің» сылтауымен таныстырмақ қызын жабыстыра қоныстандырғанына күлкім келіп еді. «Ағажай» әніне бастай жөнеліп, сол күлкімді жылауға айналдырып жібере жаздады. Тісімді тісіме баса қойдым. Алғашқы танысқандағы Нұрияшымның айтқан әні еді ғой бұл. Сонда да осы Күләш қосылып айтпап па еді! Жүрегімді төңкеріп жібергендей құйғытып, төңкеріле басталып, дәл сол әуеннің өзі жетті құлағыма. Жетті де жетемді еріте жөнелгендей, тұла бойым езіліп бара жатқандай сезілді. Ішімнен егіле тыңдадым. Бұл әнге келгенде Ақия Нұрияның дәл өзінше айтады екен. Енді пәш болды. Күлән Ақияны осы әуені арқылы сол өшкен Нұрдың қайта жануына, солған гүлдің қайта жайнауына балап аялайды екен. Өзі таңдана-тамсана ұнататын Нұрияш екеуіміздің махаббатымызды қайта тірілтуге мықтап бекіген сияқты.
Күлән Ақияға осы әнді бастап айтқыза отырып, менің жүзімді бақылады. «Нұрияш осылай айтушы ма еді?» деп күбірлеп, күрсініп жіберді ән соңында. Бас изей салдым. Үн шығарсам-ақ көзім жаспен жауап беретіндей білінді.
Күлән сол отырыстағы Нұрияш айтқан әннің бәрін айтқызды Ақияға. Бәрі де соның нақышымен безеніп, құлағыма соның жалынындай тиді. Әншінің жұп-жұмсақ нәзік саусақтарын қос қолыммен қысып, разылық алғысымды айттым. Дастарқандастар қолшапалақпен қарсы алды.
- Ал, ауылдың алты аузын екі еселеп орындадық білем, -деп Күлән жымия қарады маған. – Енді қонақтық қарызыңды өтейтін шығарсың!
- Не айтайын? –деп сұрадым әдейі Күләннің қаразын айқындағым келді.
- Осы әндердің өзіңе белгілі қарымжыларын айтарсың!
Нұрияшпен ұмтылмас сол отырыстағы менің айтқан жауап өлеңдерімді осы Ақияға да айтуымды осылай талап етті. Бұл әндердің қарымжысы қалай екен дегендей аңтарыла қарасты көпшілік.
- Мақұл, қазіргі өзіме ең белгілі, ең жаңа «қарымжысын» айтып берейін! –дедім де, Қасым Аманжоловтың «дариға сол қыз» атты жаңа романысын айта жөнелдім:
«Өңімде ме еді, түсімде ме еді,
Көріп ем ғой бір армандай қызды.
Бір нәзік сәуле күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс соқты да бұзды!
Тербелді теңіз, шайқалды шың-құз,
Қайда екен, қайда Дариға сол қыз? –деп басталушы еді.
Жүректің ең терең түкпірінен тербеліп, шықына өксіп басталатын алғашқы екі тармағы көмейімнен шыға бере өзім де тебіреніп, жан пернемді дәл басқандаймын. Өксуім де, өкінішім де, сол арманды аңсауым да ағытыла-ақтарыла жөнелді. Тек көзімнен жас шығармауға, үнімнен жарықшақ шығармауға тас бекініп, тас түйіліп алып, келістіріп әндеттім. Қол жаулығымен көзін басып отырып қалған Күләннің екі иығы ән аяқтағанша қалтырады. Ал, басқа көздер әйнектей жарқырап, қыбырсыз телміре қалыпты.
Үрімжі көркемөнермендерін бұрын естіп көрмеген поэзия періштесі құлақтарынан кіріп, киелі қанатымен жүректерін орап ала жөнелгендей. Ақияның көзі тіпті мөлтілдеп кетіпті. Өлеңнің авторын Күлән мен Асылқан жарыса сұрады да қайтадан айтқызды. Бірнешеуі жазып та алды. «Дариға сол қыз» ды айту арқылы Нұрияшты жоқтап отырғанымды айқын түсінген Күлән, сол Нұрияшыңның төлеуі мынау, қамықпа дегендей Ақияны нұсқап екі рет ымдады...
Отырыстың соңы биге ұласты. Күләннің өзімен де, ұсынған кандидатымен де әлденеше рет биге түстім. Ненің кереметі екендігін тергеушімнің өзі білмесе, мен қайдан түсінейін, Нұрияштың төлеуіне татитындай сол асқақ әнші, сұлу Ақиядан тайқап, биге, «әлдекімдерден қалған» Күләнді тарта беріппін.
- Менде не тұр, анаумен сырлассаңшы! –деп құшағыма күбірлей ілінген Күлән, жүзіме әдейі самарқау қарап, солғын билейді. Іс ырғағы жеделдегенде қомақты омырауына "асқазаным" тиіп те кетеді кейде. Ол шақта екеуімізде қызара қарасып алып, жүзімізді екі жаққа бұра билейміз. Оның неліктен қызаратынын өзі білер. Ал, мен ғой, сол қылмысты қазаным тиіп кеткенде күйіп кеткендей шым ете түсуінен қызарамын. Бұл құбылысқа да таңырқайсың. Мұндай омырау бұрын тиіп көрмеп пе еді маған. Әлияның омырауы да баршылық еді ғой? Жүз, шырай, айшық, әшекей жағынан ол тіпті артық та емеспе еді? Бірақ, оның қылмыстары мені жирендіргендігінен «тоңғанмын» дейін. Ал, Ақияшта не мін бар?...
Күлән екеуіміз бұдан соңғы отырыстарда да оқыстан соқтығыса қалып, қиыншылыққа ұшырай бердік. Ақыры асқазандарды жолатпай, алысырақтан сөйлесіп, сирегірек кездесетін болдық. Мақпалдан жауап хат келмеді. Кемелді Ақиясын күн сайын көріп жүрсем де көңілім түспеді. Сөйтіп, Нұрияштардан қалған соңғы дүниеде Күләннан басқа қыз жоқ сияқты сезіле берді. Бір күні таңертең көше қызыл-жасыл, алау-жалау бола кетті тағы да.
«Оспан қарақшыға өлім жазасы берілсін!» деп жазылған плакаттар мекеме ауласының ішкі қабырғаларына да қаптай жапсырылыпты. Жұрт өз еріктерімен ағылып, қызыл майданға кетіп барады. Таңертеңгілік тамақты іше сала мен де ұмтылып едім. Күлән көшеден кезіге кетті де, Ақияны күтіп тұрғанын айтып тоқтасты.
- Естідің бе, бүгін Закария да атылатын сияқты! –деді сонан соң. – Кеше үйіне апарып қоштастырып шығарыпты. Қазір ондай өлім жазасына бұйрылғандардың не тамақ жегісі келетіндігін үш күн бұрын сұрап, тілегенінше тамақтандыратыны бар. Закария өз үйінде отырып ет астырып жеуді өтініпті. Оны сот қызметкерлері үйіне хабарлап, дайындатып қойған екен. Закшың бір табақ етті асықпай, терлей отырып жепті де, жаңа туған жалғыз қызының бетін сүйіп қана шығыпты! –деп күрсінген Күләннің көзіне жас іркіле қалды. Мен де күрсініп жіберіппін. Жайшылықси қарап сұрадым:
- Қимайсың ба?
- Ол өз қылмысы үшін емес, Оспанның өтінуі бойынша өзі білетін шындығын айтудан ғана кетті ғой... өкініші-ақ!...
- Екеуіңізді көп күаттіріп қойыппын-ау! –деп жеткен Ақияға қарап, Күләнға дайындап тұрған Закария өлімі туралы сөзімді тоқтата салдым. «Екеуіңізді» деп қосақтап, дағдай атағанына Күлән бажырая қарап жымиды.
- «Әпекелі-бауырлы» екеуіңізді десеңші!
- Биған ағай келгелі ұялшақ та, секемшіл де болып барасыз-ау, ал, кешір, мұнан соң солай шұбырмалы атаумен-ақ атайын! –деп Ақия сыңғырлай күлгенде, мен тіпті сақылдап күліп жіберіппін.
- Міне, енді "екеуің" деп мен атасам болады. Қатар шыққан күлкілерің қандай жарасымды! –деп Күлән жүре сөйледі. Ортада екеуін қолтықтай аяңдап едім. Күләннің қолтығына барған қолым тағы да ду ете түсті. Күләннің қолтығы тіпті «быж» ете түскендей, серпіле шығып, Ақияның ар жағына өтіп ала қойды. – айтпақтайын менің Бердіқұлым да атылатынын естідім, бүгін мені күлдірмеңдер! - деп Күлән күлгенде, Ақия менің жүзіме байқай қарап жымиды. Мен кейігенси қарадым Күләнға.
- Күйеуі қазір атылатын келіншек осылай күле ме екен!
Үшеуіміз қосыла сақылдадық. Күлән күлкісін тез жиып, күрсіне сөйледі.
- Өзіме атқызса соны!
- Қай жерінен атар едің?
- Қиналып өлер жерін өзім білем ғой!
Күлән екеуімізге кезек қарап күле берді Ақия. Ішегі түйілгенше күлді. Іштей ғашық екі достың мұндай күлкілі сөздерін комедия сахнасынан да естімеген сияқты.
Біз жеткенде сот майданы адамға лық толы. Үкім жарияланып болған екен. Атуға дайындаған оннеше кері төңкерісшіні дауалға қаратып, қатар тізіп қойыпты. Үшеуіміз қолдасып, қыспақтан бірімізді-біріміз суырып тарта барып, атылушылар көрінетін жерге жеттік. Жиырма шақты құралды сақшы мылтық шақпақтарын қайыра кезегенде артымыздағы халық арасынан иман оқыған күңкүлдер естілді.
- Кері төңкерісшілер өліміне иман айтуға болмайды! –деді бір белсенді зейіл дауыспен. – Тек осыларға тілеулес кері төңкерісші ғана оқуға тиіс!
Көп адаммен бірге күңгүрлеп тұрған бір ұйғыр қарт, бір аттап түсіп, бәсең дауыспен оған жауап айтты.
- Балам, біз бәріне емес, біріне ғана оқып тұрмыз, мұсылманбыз ғой, бишара Закарияға! Пақат соған ғана оқимыз! Ол, Оспан қарақшыға расын айтудан басқа істерінен атылуға тиісті емес адам еді. Ал, расын сөйлеу – иман!
- Егер нахақ екендігін толық білсеңіздер бұрынырақ неге арыз жазбадыңыздар?
- Оның да атылуға бұйрылғанын енді естіп тұрмыз, балам!
Бұл сөзді сыртынан естіп тұрған тапалдау қызылкүрең жігіт сөйлей жөнелді.
- Закария түгіл, «Оспан қарақшы» аталып тұрған кісіңіздің өзі де нахақ жазаланып тұр. Ол, нағыз халық батыры еді, амал қанша! 47-ші жылы шарқи Түркістан басшыларының оның еңбегі жөнінен шығарған аса тар ұлтшыл қортындысы нерв жүйесін зақымдап кетпеген болса!...
Үкім орындаушы мылтықтар дәл осы мезетте гүрс-гүрс етіп, едел-жедел үш рет атылып үлгерді. Ырғала толқып барып бұратыла-бұратыла құлады жазаланушылар. Түгел жусап түсті.
Қызыл майданға жиылған он мыңдаған адам солармен бірге жан үзгендей түйіліп тына қалғанда, мен әлгі бір тың пікір айтқан жігітке ұмтыла бердім. 1947-ші жылы Шығыс Түркістан атындағы үш аймақ үкіметінің бастығы Ахыметжан Қасым мен Сайфидендер Алтайға барғанда, Оспан батырмен не сөйлескенін толықтап сұрап көргім келді. Оспанның төңкеріс жолынан айнып, кері бұрылыс жасаған кезеңі дәл сол сөйлесу екендігін мөлшерлейтінмін. Жер тар болғандықтан турасынан қойдым сұрауды. Ыстық пен суықты көп көргендігі қоңырқай тартқан қызылкүрең, қалың жүзінен білініп тұратын жалпақ, түртпақ жігіт маған үңіле қарап жөнімді сұрап алып, қысқа сөйледі, сырын ірікпеді. Ұққаным мынау: Шың Шысай – гоминдаң үкіметтеріне қарсы 8-9 жыл бойына аса жапалы, қанды-қырғынды соғыс жүргізіп, аяулы бала-шағасын, алтын басын, талай боздақтарын, қанша мыңдаған қарапайым туысқандарын төңкеріс жолында құрбандыққа берген батырға халық талабы бойынша «халық қаһарманы» атағы мен алтын орден беруге келген сол үкімет өкілдерінің атақты Алтай төңкерісін «іле төңкерісінің бір тармағы» деп бағалағандығынан бұзылыпты. (Құрышпен құрсанған зор жаумен құр қол он жыл айқасқан Алтай көтерілісі қан кешіп, империялистік басқыншыны қалжауыратқан кезеңге дейін Іле аймағы тәтті ұйқыда жатқан еді ғой!) Анасын өзі туған кенже ұлынан тудырғандай бұл көргенсіз-ұждансыз өзімшіл бағаға батыр қатты шамданыпты. Үкімет бастықтары әкелген бес бұрышты батырлық орденді Ошаң таяғымен түртіпті: «Тоғыз жыл соғысқанымда бір бұрышын әрең түсіргенмін бе!» - бұл сөз, Шың Шысайдың алты саясатын бейнелейтін алты бұрышты жұлдызымен салыстырғаны. – «мен, қарғы тағатын иттерің емеспін, әкет ары!» дейтіні содан екен.
Соның алдында ғана жас балаларын 20 метр тереңдіктегі құдыққа тірідей тастап қырған гоминдаң жендеті қолға түскенде жол ортадан қосылған осы басшысымақтардың қорғап, құтқарып жібергені де батырдың кекті жүрегіне мұз болып қатқан екен.
Батырлық орден сыйлауға келген осы төре-қожаларды осы сөзбен Ілеге қайтарып жіберісімен Сарсүмбедегі уәли мекемесінен Көктоғайға көшіп барыпты да, көне жауы гоминдаңмен келісуге беттепті. Өмірлік мақсат-мұратынан осылай безіпті.
Қанға малшынып жатқан Оспан батырдың дөңбектей өлі денесіне жақындап келіп, қарап тұрып қалыппын. «Тарихы ерекше биік мұнаралардың біріндей есіл еңбек, дүниеге некенсаяқ келетін есіл жүрек, мұқалмас наркескенім, сол шарға бойлы, шабан үйлі, қисық көз, тар құрсақ жолбике мәнсаптылардың қорлауына тағы біраз шыдап тұрсаң, батыр атағың жерді жарып, көкті шарпып, ажал жетсе де алтындай жарқырап, мәңгі тірілігіңмен тік тұра берер едің-ау!» деген өкінішпен көзім бұлдырап барып, ірі-ірі тамшыларын ыршытып-ыршытып жіберді. Күлән мен Ақия өшіретпен тарап жатқан халыққа бұл жайымды білдірмей ортаға алып, ашық қабақпен қолтықтай жөнелді.

Кемеңгер тергеушім, оқыстан еріксіз тамшылап кеткен көз жасым үшін екі көзім солақай саусақтарыңызға киілер-ақ! Өз отанын қорғау үшін құрал ұстаған «қарақшы» Оспан мен титімдей өтірік сөйлей алмайтын «кері төңкерісші» Закария марксизмге «ұлы үлес» болып қосылып отырған ең пәк-ең әділ таразыңызбен нақ өлшеніп жазаланса да «нахақ» деп жылаған көзді солай жоймай болама!.. Қасқыр тақсырлардың жауы – адамның көз қарашығы екендігін өмір әлдеқашан дәлелдеп болған ғой!


ҮШІНШІ БӨЛІМ

УЫСТАҒЫ ШУ


І


Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам, тас төбемнен ұрыңыз!
Жепаңжүннің1 «мүләйімдігіне» қарап, «кері төңкерісшілерді жаныштау дегенді осы момындарым білмей қалар ма екен!» деп те қам жеген кезім болып еді. Бұған жауап іле-шала бірнеше қанды қол помещикті қылжитқан мылтық дауысымен естілді. Ал, «нақтылы кері төңкерісші» деп, Шәуешектен Тұрсын мен Шәкен мұғалімдерді атқанда, «мыналар қалай сығалайды, ойбай!» деп қалған жайым да болды. Гоминдаңша атқаны ма!» деп шошынғаным еді.
Бұл мәселедегі пікірімді көп адамның қолын қойғызып, орталыққа да жолдағамын ғой. Мұнымызға арнаулы жауап келмесе де, көп адамға сауап келгені байқалды. Мұнан соңғы атылғандардан "нахақпын" деп шырылдаған ешкім болмады. Әділет таразысына тура өлшеніп, тура жазаланып жатқандай сезілді. Жанымхан, Рақымжан Сабырқажы, Нәбижандар атылғанда, соларды атқызған үкімге халық жағынан алғыс жауды. Сонау 45-ші жылдың жазғытұрымында гоминдаңнан қашқан біздің топты Боғдада ұстатқан Қабдолланы да өзі теңдесі гоминдаң шпиондарымен қосып атты. Ал, Шың Шысай қырғыннан бергі ең қандықол жендет Лииыңшиді Кулидегі қалың шиырдан тауып әкеліп, атып беруі, Шинжаңдағы жерлік халықтың көңілін алды.
"Жұңго төңкерісінің он мың шақырымдық сапарының бір қадамын ғана бастық» деді Маужуши. «Қазіргі жеңіске қанағаттанып қалмаңдар» деген сөзі еді. Мектептердің көбінесе саяси идеологиялық қызметіне көмектесетін инспекторлық міндетімді құлшына атқарып жүрдім. Бұл негізгі жақтан жиын мен үйрену группалары арқылы жүргізілетін қызмет болды. «Жер майын азайтып, жуан жұдырықтарға қарсы тұрудың» қолданба материалдары да осымен бірге үйреніліп жатыр еді...
Сол 51-ші жылдың күзінде осы ұранмен көше тағы да алау-жалау бола кетті. Бұл жолы жүз толғанып, мың бүктетіліп, қағаз айдағар да шықты көшеге. Тісін ақситып, аузын арандай ашып, тағы да кері төңкерісші іздегендей, әр терезеге бір қарап, жер иіскелеп, аспан қапқандай құтырған бейнемен жұтына шықты. Соңында тозаңдай қаптаған қаранөпір, түгелімен биші. Көпшілігі таңқы құйрық, тарбалақ әйелдер. «Тышшш...таң-таң... тышш...ш...таң-таң» дегендей соғылатын барабан ырғағына сол жасанды айдағарша толғанып, ши аяқ тәйтәйларша қойқаңдап билеп шұбырды. Әлия бір жыл ішінде-ақ он мың еселеп өрбіп, өре жөнелгендей.
Толғанған айдағардың жонында да, толқыған әйелдердің құйрығына да қарамай, толқынды ұранға бар дауысыммен үн қоса ілестім. «Жер майын азайту» ғана емес, бүтіндей қалдыру. «Жуан жұдырықтарға қарсы тұру» ғана емес, жою ұраны бар еді жүрегімде. Социализмге өтудің аралық дәуірінде бұл ұранға қалай қосылмайын, бар қайратымды жұдырығыма жия көтеріп, ұрандап жүрдім. «Бір қадамы ғана кеміген он мың шақырымдық жолда» әйтеуір мына айдағарша жалмап-жайқамай, жаңсақтатпай, «төңкеріс жолы бұралаң» деп бұрмаламай, жырмаламай, ұлы мұратқа нақ өлшем, нық қадаммен жетсек! – осы болды барлық талап-тілегім.
«Жер арендасын азайтып, жуан жұдырықтарға қарсы тұру» науқаны, біз қала көшелерінде ұрандап жүргенімізде ауыл-қыстақтарда орындалып болған екен. Қыс басталысымен «жер егушілердікі» дейтін, «жер реформасының» ұраны көтерілді. «Помещиктерге қарсы тұрып, бай егіншілерді жетім қалдыру, орта егіншілермен ынтымақтасып, кедей-жалданба егіншілерге сүйену» әдісімен жүргізіледі екен. Қағаз айдағар мен таңқы құйрықтардың соңына тізіліп, әрине мұны да ұрандастым. Мектеп оқытушылары мен мекеме қызметкерлерінің үйрену уақыттарында бұл науқанның екпіндісіндей, ұзақ-ұзағынан сөйлеп, құя түсіндіріп, қыза мұрындықтап жүрдім. Іс жүзінде қалай орындалып жатқандығын көрмесем де, осылай істелетіндігіне сенімім толық. Қоғамдық іс қарбалас-асығыс болса да, мектептердегі оқу қызметі тыңғылықты, тиянақты. Сондықтан Мақпалдан басқа жөнінен көңілім тыныш еді.
Қар кетіп, жер қарайған бір күні кеште жатағымда қызықты кітап оқып, ұзақ отырып қалыппын. Таң бозарғанын сағаттың саусағы өртті түрткенінен біліп, төсегіме киімшең құлай кеттім. Қатты ұйықтаппын. Түсімде дене-тәрбие майданында сияқтымын. Маңдайымдағы жігіттер аспанның тұнық зеңгір күмбезіне қызыға қарап, бешпеттерін шеше бастағанда қаңтардың құрғақ зәрлі қары қапалақтай жөнелді. «Япырай мынадай ашық аспаннан қар жауа ма екен!», «мұнысы несі, қыстың қайта түскені ме?» дескен жігіттер киімін қайта киіп, бүрісе бастады. Ал, маған ыстық та, суық та сезілмегендей. Бірақ, майданда бұрқасын жүріп, үскүре бастағаны анық көрініп тұрғандай. Аспанның жаймашуақ ашық шағында борай жауған қармен бірге күн күркіреп, найзағай жарқылдап таңдандырды енді. Асылқан сияқты біреу «мына Құдай алжыған ба?» деп қалып еді. Тағы біреу саңғырлай қостады. «Қилы-қилы заман болады, қарағай басын шортан шалады» деп Асанқайғының айтқаны келгені ғой!»
«Кім, кім?... Кім сөйледі?» -деп сыртымыздан Сәрсен дүрсе қоя бергенде, қолымды мен сермей сөйледім.
«Болды, аптықпай-ақ қой, күн ашықта қар жауып, қар жауғанда найзағай жарқылдаса, оған таңданбай бұл сөзге таңданатын не тұр!... Жүр жігіттер, анау сахнаға паналай тұралық!»
Осы сөзбен майдан сахнасына беттеген сияқты едік. Қарсы алдымыздан биік мұнара пайда бола қалды. Оған аса зор бір таразы орнатылғандай. Бір басы көтеріліп, биікке шығып кеткен екен. Екінші басына қарай жүгірдім. Оның табағына қабан, жолбарыс, аю, қабылан, көкжал бөрі сияқты ыңғай жыртқыш аңдар қамалған сияқты көрініп еді. Дәл қасына барып қарағанымда айғыр, бұқа, теке, қошқар, төбет ит сияқты ыңғай үй жануарларына айнала кетті. Маңайында тұрған көпшілік шуылдасып, дауласып тұр екен.
«Үй, анау айғыр емес, ат қой, қарамаймысың бұтына!»
«Ей, аттыкі соншалық болушы ма еді!»
«Ей, ей жолдас, анау бұқа емес, өгіз! Қарасаңшы умасына!»
«Үй, соқыр, ол талыс көзіңе әлі толмай тұрма!» деседі.
Қарқылдаған көпшілік күлкісі мұнара басынан аюша ақырған бір дауыстың аштылығынан шорт тиылды осы шақта. Шалқая қарадым. Қос жұдырығын түйе ақырған сида ғана ақсұры қытай екен. Екі езуінен екі ұры тісі өсіп, ернін түре ақсиып алыпты. «Мынау, қиын шаңбащы, фокс көрсеткелі тұр, шегініңдер!» деп қалды біреу. Мұнара басындағы шаңбащы оң жұдырығын жүрегіне тірей ышқынып, сол жақ жұдырығын биікке көтере берді. Зорая берді сол жұдырық. Оң жұдырығы көкірегіне батқан сайын ышқынып, ышқынған сайын сол жұдырығы өсіп, бір керемет алыптың күрзісіне айналғандай. Тастап кеп жіберсе, осы майданды ғана емес, бүкіл қаланы Боғда тауымен соққандай, жәншіп жіберетіндей көрінді. Шаңбащы сол зор жұдырықтың сұқ саусағын ғана шығарып, екінші рет бажылдай ақырды да, таразының көтеріліп тұрған бос табағын түйіп кеп қалды сол сұқ саусағымен. Сақ еткізді жерге. Таразының хайуандар тиелген басы аспанға фонтандай атылып еді. Бұқа сиырша мөңіреп, айғыр байталша кісінеп, төбет қаншықша қаңқылдап, тозаңдай шашылды. Жұртшылық қарқылдап күлген екен деймін. Менің көзім аспандағы бұқадан айрылмады. Анық көріп тұрған сияқтымын, басы Омарбек мыңбектің басына ұқсап, сақалынан танылып еді. Терісі таңынан айрылып, сыпырыла барып, соның мол қара шапанына ұқсап кетті. Етегінен әйелдің қос етекті ақ көйлегі желбіреп шыға берді осы сәтте. Көзіме өте ыстық көрінген қос етекпен бірге шалқып, қап-қара қос бұрым да шығып еді. Іле-шала бүп-бүтін Мақпалымның өзі шыға келді де, қара шапанды аяғымен серпіп тастап, желге қарсы ұша жөнелді. Ертегілердегі пері қызындай сымбатымен айқындала желбіреді ақ Мақпалдың ақ көйлегі. Енді бір сәтте маған жалт қарап, құшағын жая құйылды аспаннан. «Биған!» дегені гүлдей ернінен білініп, аққудың үніндей бір әсем саз естілді. Шанақты тұнық көгілдір көзі күлімдей төніп, жасаурай жайнады. Өзімді ғана емес бүкіл майданды балқытатындай шыраймен көрінді. «Нұрияш!» деп айқайлаған өз дауысымнан оянып кеттім. Қатты өкіндім оянғаныма. Енді бірер секонд қана сабыр етсем айқасар еді ғой құшағымыз!...
Жасы парлай жөнелген көзімді қайта жұмдым. Дереу ұйықтай қоюға, сол түстің жалғасын көруге қаншалық тырыссам да кірпігім айқасар емес. Бұрық-сарық қайнаған бастауымнан жылт-жылт жылжи берді жылы су. «Мақпал қайда енді маған! Екі жарым жыл! Сауырдан әлдекімнің әкеткеніне де міне он төрт айдан асты. Шынымен құтқарушы әкеткен болса, неге қайтпайды! Ал, Әлиядан табылған күмәнді хаттың жазылған числасына бір жылдан... міне жиырма күн асыпты. Әй сонысы рас хат болды-ау!... Солай болған күндеде менің анықтау үшін жазған хатыма жауап жібермегені қалай?... Басқа біреумен кеткені ғой!... Енді қалай табыла қойсын! Ашық күнде қар жауып, қар жауғанда найзағай шағылғандай алжасқан қисынсыз қиялдың мазағы ғана ғой мына түстегі көрініс!... Солай болса да жерге түскенін көріп, түсімде болса да бір құшып қалсамшы!...»
Сол түсті қайта бір көргім келгені соншалық, түскі демалыстада, кеште де краватқа асыға жетіп құлап жүрдім. Тіпті ұйқышыл болып алдым. Бірақ, қайта көрінбеді Мақпалым!... Жазда демалысқа шығып, Алтайдан тағы бір іздеп қайтуға бекіндім.
Сол қисынсыз қызықты түсті көргеннің екінші күні бір мерекелі күн болды. «Тшшш... таң-таңға»1 көше тағы да күйлей жөнелді. Жалмаңдаған қағаз айдағарымыз сол бұрынғы қалпында. Ал, таңқы құйрық, тарбалақтарымыздың бір сыпырасы ескілі-жаңалы порымды жерлік масқараттық бояулар арқылы феодалдар мен капиталистерді бейнелеген болып шығыпты. Ұзын шапан, сәлделі сақалды «масқараның» соңында да, ұзын көйлек, ақ жаулықты «масқара» ның соңында да, қатырмалы кастюм, қырлы сым, галстукты «масқараның» соңында да, кофта-юпкалы, бұйра шаш-шылапалы «масқараның» соңында да қып-қызыл, сұлу, біріңғай таңқы құйрықтар жүрді. Жай да емес, қарала жаулардың желкесінен мылтық найзасымен түрткілеп айдап жүрді. Көріністе феодализм мен капитализм үстінен жүргізілген пролетарият дектатурасы еді бұл. Ал, мән жағынан жерлік шағын санды ұлттар үстінен жүргізілген қытай дектатурасы болып та бейнеленді.
Ертеңінде қызыл майданда зор жиын барын естіп, ерте тұрдық. Бұл жиыннан ешкім қалмасын деген бұйрық бойынша жұмысшы-қызметшілеріміз түгел жиналып, үлкен ту, керме туларымыз даярланып болғанша күн сәскеге көтерілді. Қызыл майданға кешігіңкіреп жетіппіз. Үрімжідегі барлық мекеме-мектептер, завод-фабрика жұмысшылары, саяси және әлеуметтік ұйымдар, серіктіктер, жаңадан құрылған сауда, қол өнер корпарациялары түгел жиналып, майданды кептеп алыпты. Күнібұрын белгіленіп, жалау қадалған орнымызға әрең кіріп, әрең сиыстық. Бір бүйірімізден партия мектебі. Бір бүйірімізден жұмысшылар ұйымы қысып, шынтақтасып қалған дауыстар да естіле берді. Өзіміз сиыспай сүзісіп-қағысып тұрғанымызда майдан тәртібін сақтаушы сақшылардың келіп қожаңдауы тіпті қатты тиді. Шекарамызды бөліп тұруды, «басқа орынның адамымен» сөйлеспеуді бұйыра берді.
- Е, мына қысылшаңда сөйлесіп, құда түседі ғой деп тұрмысың! –деп өзінің зейіл дауысына ұқсатып мен зекіп едім, үш орынның ұйғыр, қазағы түгел күліп, ду көтерді. Менің күлкімен қалжыңдағаныма қараған қытай сақшысының өзі де амалсыз күле келіп сұрады.
- Не дедіңіз?
Әлгі сөзді сол дауысыммен қытайша қайталап айтқанымда тағы күлді көпшілік.
- Мен бұйрық орындаушымын, кешіріңіздер! –деп баяулай түсіндірді әлгі сақшы. – Бұл жиынның тәртібі осылай. Әр-бір орын өзара болмаса, басқа орындағылармен сөйлесуге, араласуға рұқсат жоқ. Азда болса аралық шекара сақтап тұрыңыздар! –дей салып жүріп кетті. Бұл жиынның кері төңкерісшілерді жаныштау науқанының бастаушы жиыны екендігін осыдан байқадық.
Сахнадағы микрафонда сөйлеген Бұрһан Шаһиди жаныштаудың бұл мазмұнын жай ғана раймен түсіндіріп келіп, сөзге Уаңжын секретар шығатындығын, жақсы тыңдауды тапсырғанда ғана сәл көтеріліп тоқтап еді. Әр ауыз сөзі бір айқаймен созылып шығатын Уаң секратардың дауысы тым сотқар, өктем екен. Құлағымызға жұдырығын сұққандай, иә, миымызды ыңғуырлағандай, кейде тіпті аса зор жыртқыш желкемізден басып, басымызды мұжып жатқандай тыжырынып, тұқырып қалыппыз. «Шындасам, бір тарының қауызына тығып жіберемін, сендерді менің қолымнан ешкім айыра алмайды, қане еркек болсаңдар маған бір қарап көріңдерші!» дегендей аса асқақтап ақырады. Себепсіз, жазықсыз мына төмендеген жұртшылықты түгелімен жаныштауға бұйырып тұрғандай позициясын айқын көргендеймін осы дауысынан. «Біз аңсаған компартия секретары осы болғаны ма?» -деп зерделедім ішімнен. – «Жоқ, шексіз дектатураның әскери әкімі ғана ғой мынау!...» - Дөрбілжіннен партия мүшелігіне өткізген жолдау қағазды орауымен төс қалтамнан суырып алғанымды сезбей қалыппын. «Бірақ, бұл жексұрын дауыстың да дәл қазіргі аузына алып, азулап тұрған жаулары түгелімен менің де жауым ғой, барлық сөзі кері төңкерісшілерді жаныштау болып тұрғанда қалай күстаналарсың!» -деген ой келгенде жолдаманы жұмарлай қысқан қолым босай қалды. Оны қайтадан төс қалтама сұға салдым.
Асау секретарымыз ат жақты, ұзын-ұзын орсақ тісті, солай да бойшаң ғана сида, ақсұры, келбеттілеу кісі екен. Ақырып тұрған – доңыз айбатпен сөйлей берді. – «Аспанда тор, жерде қақпан, халық жауларының ешқайсысы бізден қашып құтыла алмақ емес! Мен генерал полковник Уаңжын соны да ескертіп қояйын, ешқандай жау бізден қылмысын жасырып құтыла алмайды! Сондықтан, мәселені жасырып өтіп кету дәмесінен аулақ болыңдар!... Кейбіреу, «бас қылмысты кері төңкерісшілер жойылды. Енді жанышталуға тиісті пәлендейі қалмады» дейді. Мұның өзі де кері төңкерісшілер таратқан сөз! Мен Уаң секретар тағы да айтып қояйын, Шинжаң өте асау болып келген район. Мұнда халық жаулары әлі көп, тіпті көп! Әсіресе кері төңкерістік мәселе көп өтілген район!... Кері төңкерісшілердің шығар жолы біреу ғана: Әрқандай мәселені кіші демей, үлкен демей, өздіктерінен тапсырып, кешірім алу ғана!... Жұңго компартиясына әркім өздігінен тізе бүгуі, мәселелерін тапсыруы керек пе, керек емес пе, соны ғана ойлаңдар! Егер тізе бүгу, тапсыру керек емес болса, өлім ғана керек болғаны!...»
Уаң секретардың бұл жолғы сөзі ашты дауысына қарағанда халықты ыңғай сыбап-тілдеп тұрғандай естіліп, іс жүзінде жауды ғана рахымсыз жазалауды бұйырып жатты. Майданға симай сығылысып тұрған жұртшылық осы сөзден-ақ жаншылып, бір-біріне жабысып қалғандай, майдан кеңіп, әр-бір орынның шекарасына алаңқы, ашық жолдар пайда болды.
Көзім Уаң секретарда, құлағым соның аспандағы өктем дауысында еді. Қызқметтес бір ұйғыр жігіт арыт жақтан келіп жеңімнен тартты. «Арт жақта біреу шақырып тұр» деп ымдаған жағына қарай жылыса бердім. Өз қызметтестерімнің арасынан әрең өтсем, «арт жақта» деп тағы ишаралайды біреуі. Енді жылжысам «шекара»-дан өтіп кететін сияқтымын. Нұсқалған жақтағы әркімге бір қарап, тұрып қалып едім. Ыңғай көк бешпет-сымды партия мектеп оқушыларының соңғы тізбегінен бір ұзын бойлы, сом денелі ұйғыр әйел қол бұлғап шақырды да, өзі де жылжыды маған қарай. Сығылып тұрған жұртты кимелей жетіп, қолымнан тартып қыспақтан шығарды.
- Есіміңіз кім? –деп сұрады менен.
- Биғабіл!
- Бізнің бір сабақдаш қызның акасы1 екенсіз, «сізні ау шеттен күтемін!» -деп шығып кетті. Тез барың!
- Қайдан келіпті, кім ол?
- Алтайлық.
- Мақпал! –деді бір қазақ қызы, кідіріп қалған ұйғыр әйелдің арт жағынан кимелей жетті.
- Аһ, Мақпал? –деп бадырая қарап тұрып қалыппын.
- Ие, Мақпал. Сіздер осы жерден өткенде таныпты, жылай берген соң...
- Қалай кетті? –деп сұрай сала, нұсқаған жағындағы «қамалды» бұза-жара жөнелдім.
Майданның оңтүстік жақ сыртындағы дәретханаға алқына жетіп, алақ-жұлақ, тапыр-тұпыр жүгіріп, үш рет айланып та үлгеріппін. Көрінбеп еді.
- Биған! –деп дабыстады сағынышты үн. Ар жағындағы тар көшеден естілді. Өзінше, маған зәрулі-зәрусыздығын, менің сағынышымның қаншалық дәрежеде екендігін байқағысы келіп баспалап, қарап тұрған сияқты. Жүрегімнің лапылын, аяғымның лыпылынан біле қойғандай, бір қалтарыстан шыға жүгірді. Мен де ыршыдым. Тоқ омырауы мен қыпша белінен көк шиянфу бешпет-сым да жарасым тапқандай, аппақ ажарын аша түскен екен. Желкесіне түскен көк шапкасын қолына ала ұмтылғанда түюлі қос бұрымы тарқатылып, алқымын орай ұйтқыды. Айнадай тұнған аялы көзінен меруерт-моншақ төгіп, құшағын аша жетті. Ышқына өксіп, асыла кетті мойныма.
- Биған!... Биғашым!...
- Сәулешім, Нұрияшым! –деп құшып, өн бойын сылай беріппін. Сүйе беріппін. Бетін далдалап, сырт айлана сыбырлады Мақпал.
- Ел қарап тұр екен, кейін жаным, кейін! –деп құшағын жазды да, бір қолымды қос қолдап ұстап, жең ішінен сипалай берді. Үнсіз-тілсіз төніп, іштен тынып қараса бердік бір-бірімізге. Толық маңдайы мен түп-түзу қырлы мұрнына, бетіне түскен сызат, таяз тыртықтар байқалды көзіме.
- Шынымен Мақпалымның өзімісің, иә, түсімде көріп тұрмын ба?
- Өңімде көргеніме өзім де сене алмай тұрмын! –дегенде қос жанарындағы қос көлшік тағы да ағытыла кетті. Дірілдей шықты үні. – Үрімжіге қашан келдің?
- Былтыр майда. Ал өзіңші?
- Мен былтыр сентябрде келгемін... Бірнеше хат жазып... бір жауап ала алмағаныма... менен суынып, ұмытқан шығар деп жүр едім... Жаңағы жасырынып тұрған себебім де сол. Іздейтін-іздемейтіндігіңді байқағым келді.
- Сенен суынбақпын ба!... Хат түгіл адресіңді де таба алмай, зар болдым!
Бір-бірімізге төне қарасып тұрып, тағы да жабыса қалғанымызды тағы да байқамай қалыппыз.
- Нимін ганса? –деді арт жағымыздан бір зейіл үн. Жалт қарап, құшағымызды жия қойдық. Майдан тәртібін сақтаушы сақшылар екен. Мақпал ұялғанынан нарт жанып, тұқыра қойыпты.
- Кешіріңіздер! –дедім мен қытай тілінде. - Біз көріспегенімізге көп уақыт өткен жұбайлар едік. Жаңа табысып тұрмыз!
- Жұбай?... некеленіп пе едіңдер?... Сы бұсы?1 –деп Мақпалдан сұрады біреуі.
- Сы! –деді Мақпал тұқырған күйі. Тіпті қызара түсті.
Бұл шырайынан күмәнданған сақшылар, арамызға кіре түсіп, тақауырлай сұрады Мақпалдан:
- Қашан некеленген?
Мақпал енді өздерін жазғырған шыраймен тура қарап, таңданысты күлкімен сық-сық күле қайырды жауабын.
- Үш жылдан асты!... Оны сұрап қайтесіз!
- Әия, сіздер тұрмыс құрмаған қыз-жігітсіздер! Неке қағаздарың қане?
- Шәуешекте қалған. Жүгіріп барып әкеле қояйын ба? –деп жымиып едім. Мақпалдың сыңғырлай күлуінен бе, менің сөзімнен бе, екі сақшы мойығандай, бірақ, сол мойығандарына намыстанып, мойындамағысы келгендей, танаулары қусырыла қарады маған.
- Қалжыңды қой! –деп бірі тыжырынды да,
- Біздіңі бұл сұрауымыз қателік пе? –деп біреуі тікірейді.
- Сұрауларыңыз қате емес, «әйелдерге қалжыңдамаймыз» деп ұрандап жүргендеріңізде, мынадай зор қылмыстың үстінен түстіңіздер ғой! Енді неке қағазымызды әкелмей құтылмаспыз!
- Мына жігіт рас еріңіз бе? –деп Мақпалдан қайталай сұрады бірі.
- Рас емегенде...! –дегенінде Мақпалдың жүзі тағы қызара қалды. Сақшы тағы күмәндана қарады да, аты-жөні мен мектебін, оқып жатқан класын сұрап жазып алды. Менің де аты-жөнім мен адресімді жазып тұрып, «айя!» деді тыжырынып алып, «тәлім-тәрбие» беруге кірісті.
- Оқу-ағарту қызметкері мен партия мектебінің оқушысы күп-күндіз, халықтың көзінше сүйісе ме, басқалардың идеясын бұзып, халыққа жаман әсер туғызбай ма!
- Дұрыс, дұрыс! –деп шұлғып-шұлғып жібердім мен. Насихатын қысқартып, тез жөнелткім келді. – Енді идеямызды бұзбай сөйлеселік! Жүре беріңіздер!
- Тағы сөйлеспексіңдер ме! Уаң секретардың сөзін тыңдамайсыңдар ма!... Төңкеріс керек пе, керек емеспе!... Қайтыңдар орындарыңа!
- Мақұл, қайта тұрайықшы! –деді Мақпал, маған күлімдей қарап қолымнан тарта жөнелді. – Енді барамыз ғой, жиын аяқтаған соң-ақ жолығармыз!... Әйтеуір, қаншалық қиыншылық көрсем де күте алдым сені!
Енді айрылмасқа ант етіскендей қолымызды мықтап қыса ұстасып бір-бірімізге жаутақтай қарасып барып кірдік көпшілік арасына.
Қуаныш екпінімен көпшілікті қаға-соға жол ашып, Мақпалды орнына жеткіздім де, көмектескен ұйғыр әйел мен қыздың қолдарын қатты-қатты қысып, алғыс айтып қайттым. Уаң секретардың сөзі біткен екен. Басқа біреуі жәбірлемей-жерлемей, жуас қана сөйлеп тұр. Барлық сала, барлық орындардың «тарих тапсыру (боқша тастау)» науқанының басталғанын жариялады. Бұл науқанда қылмыс атаулы құртылатындығы, түймедей кемшіліктің де жасырынып қала алмайтындығы бірнеше рет қайталанды. «Либрализмге от ашылады», «мен айтпайын, сен де айтпа» дегендей, қылмыстарын бірлесіп жасыратын, тіл біріктіретін адамдар аяусыз жазаланады», «көкке ұшса аяғынан, жерге кірсе шашынан тартылып шығады», «аспанда тор, жерде қақпан құрулы» деген жаттанды сөйлемдерді шешен нақтап зекіре сөйледі де, тыңдаушылар ұран шақыра, қол шатырлата қарсы алды. «Бүгіннен бастап тарих тапсырып болғанша әр сала, әр кәсіп, әр орындағы жұмысшы-қызметшілердің рұқсатсыз барыс-келіс байланыстары тоқтатылатындығы жарияланып тынды соңында.
«Япырай, әрең табысқанда тағы да бір сыпыра уақыт көрісе алмай қаламыз-ау!» деген күдік, ең зор қатердей тітіркендірді.
Майданда сіресіп тұрғандар екі шеттен сап бойынша тізіліп кетіп жатты. Тылсымдай тынған жым-жырттық орнай қалыпты. Мен өз сабымның ең соңына барып, Мақпалға телмірумен болдым. Ол да көз жазар емес. Құшағымыз жетпесе де көзіміз жетер жерден қозғалғысы келмегендей жаудырады да тұрды. Микрафаонда майдан басқарушы жағынан мектебінің аты аталып, сабақтастарының жалжып бара жатқанын сезбей тұрып қалып еді. Бағанағы қазақ қызы күліп жіберіп, қолынан тарта жөнелді. Қол бұлғап хош айта кеткен Мақпалдың соңынан әлі де көз алмай қарап тұрғанымда, бізді тергеген сақшының бірі командирының алдын тоса қалды. Бірдемені қысқаша айта сала қағаз ұсынды. Бағанағы қылмысымызды мектебіне мәлімдеген қағаз екенін түсіндім. «Некеліміз деп берген жауабымыз үшін Мақпалым енді мектебінің кергісіне түседі-ау» деген хауіп тықыршытты енді.
«Үш жылдың алдында өз сеніміміз бойынша өздігімізден некеленген жайымызды сабақтастарының алдында қалай сөйлеп, қайтып түсіндіре алмақ! Клас меңгерушісіне сақшының шағымы жеткенше өзімнің жетіп мәлімдеп, түсіндіруім қажет қой!»
Бір бастығыма партия мектебіндегі жұмысымның қисынын тауып айтып рұқсат алғанымша недәуір уақыт өтіп еді. Соңғы тізбектегі Мақпалды мектеп қақпасына кіре бергенінде қуып жетіппін.
- Мақпал! –дегенімде жалт қайрылып, саптан шықты да тұра қалды. Командиры Мақпалға «кіріп кет» дегенді қолымен бұйыра сала маған беттеді. Бет-аузы ақтаңдақтанып жонылғанша қырылған отыз жастардағы ұйғыр жігіт екен.
- Иолдаш сізнің атыңыз кім? Қай идарадан? –деп сұрады менен.
- Мағарып назаратынан. Атым Биғабіл.
Сақшының қағазын жанқалтасынан суырып ала үңілді.
- Ыһ...ы, сіз қайтып тұрыңыз, сөйлесуге мүтлақ1 рұқсат берілмейді! Чоң жиында не деді, аңладыңыз ма2?
- Аңладым! Мақпалдың сынып журыны3 кім? Сол кісімен сөйлеспекпін!
- Тез қайтып кетіңіз, бұ һарекет уақыты!
- Журынның аты Сұңжанхуа! –деді Мақпал, оның арт жағынан. – Мен шақырып келейін!
Жүгіре жөнелген Мақпалға шытына қарап бұрылды «құманданы». Қолын артына қайырып, мығымси жылжыды соңынан. Мақпал айланған бұрылысқа барып тоқтады. Сол жерде тергемек екен. Мақпал қайта шыққанда алдынан көлденеңдей сөйлеп тоса қалды.
- Сұңжурын бөлімінде, -деп маған дауыстады Мақпал. – Сізге келсін деді, күтіп отыр, кіре беріңіз!
Босағадағы хабар бөлмінен шығып қарап тұрған қытай шалға иек қаға салып кірдім.
- Ахуалымызды мына кісі де сұрап тұр, дене тәрбие ұстазы ғой, айтып берейін! –деп жымиды Мақпал жақындай бергенімде. – Сіз кіре беріңіз, мына қатардағы 5-ші номірде. Ол кісі класымыздың саяси жетекшісі. Мен туралы толық біледі. Ашық сөйлесе беріңіз!
Бесінші номірдің есігін қаққанымда, көк бешпет-сым киген келті шашты, қараторы толық денелі әйел есік ашып қарсы алды. Көк шапкыны ол да желкеге Мақпалша қондырған екен. Қол беріп, шұлғи амандасты да столының қарсы жағындағы орындықты нұсқап отырғызды. Амандасуына қарағанда қазақша, ұйғыршаны араластырып, жатық сөйлейтін кісі көрінді. Маған тым жылы күлімсіреп, зерттеген шыраймен қарай берді жүзіме. Кескінімді іштей құптағандай бас изей салып, атымды сұрады. Араласпа тілде сұраудан сұрау тудыра отырып, менің баяндамақ мәселемнің барлығын сөйлетіп тынды. Партиялы-партиясыздығымды да сұрады соңында. Былтыр апрелде Дөрбілжінде аудан секретарының өз кепілдігіне ие болып жолдама алып келгенімді естігенде орнынан тұра құттықтап, қолымды қысты.
- Мақпал екеуің енді бақытты, төңкерістік семия боласыздар, қандай жақсы, а, бек жақсы!... Білемісің-білмеймісің, Мақпал менің қызым, һәм менің оқушым! Осы курс түгігеннен кейін тойларыңды өзім басқарып беремін!
- Рахымет! Сіздің күйеу бала болсам, мен тіпті қуанар едім!
- Білемісің-білмеймісің, Мақпалды азаттыққа шығарған менің жезним мен апайым. Алтай жерлік парткомда шлейді. Мақпалды және ұрлап алып кетпек болып жүрген бірнеше аксиятшыны1 жезним біліпті. Соның үшін өз үйіне апарып, апайыма жарым жыл бақтырған. Апайым ханзуша тіл-жазу үйреткен. Былтыр күзде біздің осы мектеп оқушы қабылдайтын кезде маған таныстырып жіберіп берген. Аэропланмен жіберіпті. Жезнимнің таныстыруын Мақпалдың боқшасына қосып қойдым. Бек яқшы.
- Ол кісіге де рахымет айтып хат жазамыз! Қамқорлығын ешқашан ұмытпаймыз! –деп күрсіндім мен.
- Жезним жазған тексеру материалынан бәрін түсіндім. Мақпал бек яқшы қыз. Зорлап апарған жерінде қаншалық жазаланса да, көп таяқ жесе де, әйел болышқа пақат ұнамай қойған! Сен оны ерден шыққан деп ойлама, мақұл ма?
- Олай ойламаймын. Ол көпе көрнеу зорлықпен кетті ғой. Тіпті бала тапса да маған өзі талап етіп қайтып келсе, өзімдікі деп серт еткенмін!
- Жоқ, ол тіпті де... ешкіміне көнбеген! Оны үш жігіт зорламақ болған, ұнамағанлықы үшін үшеуінен де қатты таяқ жеген!.. А, мен бекер көп сөйлеп қойдым ба! –деп қызара қарқылдап күлген Сұңжурын орнынан ұшып тұрды. - Өздерің қазір осында сөйлесіп алыңдар! Онан соң тарих тапсыру әрекеті біткенше келме! Сабақдашлары оған пікір айтып, сындап әурелемейтін болсын! Мақұл ма?...
Осы сөзбен сыртқа шығып кетіп еді. Лып етіп Мақпал кіріп келді.
- Бес минут қана! –деп сықылықтай кірді де, тағы да асыла түсті мойныма. Құшұрлана қысқан құшағымнан үні әрең шығып, алқына сөйледі. - Зыдауян1 бес минутқа ғана... сөйлесіп ал деді... менің саған жазған хаттарымның біреуі де тимеген бе?
- Сенің жазу үлгіңмен сенің атыңда 51-ші жыл 10-шы наурызда жазылған бір хатты Әлия деген сайқалдың кітаптарының арасынан тауып көрдім. Онда: «балалы болдым. Енді оны тастап кете алмаймын, хош бол!» дегендей суық сөз бар екен. Сенікі екендігіне сенбедім.
- Астағыпыралла, мен олай болмақ түгіл... қойшы! –деп күліп жіберді де, өкси жөнелді Мақпал. Құшағымда жылай отырып сұрады. – Онан соң қайттың?
- Онан соң... ол ұзақ әңгіме, кейін айтып берермін! Мен сол хатта жазылған адресің бойынша қайталай өтініп бір хат жазғанмын. Тимеді ме?... «Сарсүмбе поштаханасы арқылы Мақпалға!» деп қана жазып едім.
- Бәле, ондай әдірістен хат тие ме маған! –деп сықылық қаққан Мақпал, ернімнен, иегімнен, бетімнен, маңдайымнан сүйе берді, сөйлей берді. – Сен де қиналып, ақылдан айрыла жаздапсың-ау жаным!... Оның лажысыздықтың далбасасы ғана ғой, Биғаным!... Алдыңғы жылғы Сауырда Гүлсанадан айтып қайтқан сәлемің ғана қалдырды ғой мені өлімнен!... Сені ойлап тұрып, қамалған үйімнің діңгегін де талай құшақтап сүйдім ғой!... Осы ерніңді сағынып, есіктің тұтқасын да қанша сүйдім десеңші! Бәрінен күлкілісі қотыр-қотыр келсаптың басы! –дегенінде қатар күлдік екеуіміз.
- Бес минуты бітті ғой әттегене! –деп мен де шөпелдеттім.
- Енді... енді... он бес-ақ күн ғой, жаным!... Шыдалық!..
- Жап-жақын жерде тұрып... көрісе алмау... тіпті қиын ғой!
- Міне, соғанға дейін жол азығың болсын! –деп Мақпал тілін де тосты аузыма...

Әділетті тергеушім, әйелдерге қалжыңдамайтын мезгілде партияға «тарих тапсыру» деп аталатын қылмыс тапсыру науқаны басталған күні не істегенімді көрдіңіз бе!... Қылмыстар түгелімен мүсәдыраланатынын ести сала қылмыс тауып, қылмыс жалмап, қылмыстан қылмыс туғызып, өршеленіп, дүниедегі барлық қылмысты жекеменшігіме тартып жиып, жырғай қоймадым ба! Із-тозсыз жоғалған менің Мақпалым да ойда жоқта, міне, қылмыс қоймаларының бірінен жарқ етіп шыға келді ғой. «Қуырдақтың әкесін түйе сойғанда көр» дегендей, жиянгерлікті менің қылмыс банкымнен ғана іздегейсіздер!


ІІ


«Тарих тапсыру» жиындары 50-ші жылдың басынан бастап-ақ әлденеше рет ашылған екен. Онда гоминдаңшылардың мәселелерін анықтауды негіз етіп, өмірбаяндары күрделі-жұмбақты адамдарды ғана шақырыпты. «Тарих тапсыру науқаны» деп аталып, жалпы беттік әрекетке айналып жүргізілуі осы ғана. Бұл жолы қызметшілер мен жұмысшылардың күмәнді-күмәнсызына қаралмады. Тіпті өткен кезеңдерде тарихын тексеріп, ілінерлік мәселе таба алмай қайтарған адамдарын да қайта жиыпты. Қолға алынып, түрмеге кірсе де ондағы тергеу де мойындамай, қылмыс заң жазасына толмай жатқандарын да әкеліп қосатыны естілді.
Мен Тяншан қонақүйінің екінші қабатындағы сондай бір құрама, күрделі атретке шақырылыппын. Бұл атретке қатынасқандар кәсіптік, сала жағынан да әрқилы екен. Оқу-ағарту саласынан да, әдебиет-көркемөнер саласынан да, редакция-баспахана саласынан да, Шинжаңда бейбітшілік пен демократияны қорғау одағынан да, тіпті заң саласынан да, тағы-тағы баршылық көрінді. Бірақ солардың мәселе тапсыруға ең іріктелген активтері мен пассивтерінің өкілдерінен ғана құралған сияқты.
Әйтеуір мені көңілдендіргені, ең жақын достарымнан Асылқан мен Күләннің келуі болды. Бұл екеуін мәселе тапсырғысы келмейтін тоңмойын ретінде әкелген болса керек. Осы жолы Күләнді күмән біткеннен ада-күде арылтармын деп сендім.
Кешкі тамақтан соң жеңіл ғана төсенішім мен көрпемді кішкене бөлменің бір бұрышта жайып жатқанымда, туанжаң1 деп аталған бір бастық шақыртты мені. Осы қонақ үйде тарих тапсыратын екі-үш атреттің бастығы екен. Аты Нюханбең. Жепаңжүн спеттес сары киінген қысық көз, сопақ бетті, сірке қара. Жепаңжүннің басқа жауынгерінен Нюханбеңнің бір айырықша белгісі ұп-ұзын мұрнынан табылды. Аузына жоғарғы ернінен аса жетіп төнген сол мұрын күлкіге де, сөзге де билегендей бұраң қағып, ирелеңдеп тұрады екен.
Ню туанжаң, шағын бөлменің төріндегі серппелі орындығынан жеңіл түрегеліп қарсы алды мені. Атыма «жолдас» деген қымбатты атауын қосып атап, қол алысып, бас изектетіп отырғызды. Шақырылғандар жиырма шақты ғана. Көбі партия мүшелері екен. Жанқалтамдағы жолдамасын әлі тапсырмаған, партияға ант беріп өтпеген мені бұл топқа қалай қосып отырғанын түсінбедім. Тек, Дөрбілжін аудандық парткомның қызметкерлік боқшамдағы таныстыруы жақсы екендігі байқалды. Сөйлей жөнелді туанжаңымыз. Менің зейінім сөзіне емес, тұмсығына ауып кеткенін сезбей қалыппын. Аузымен бірге сүйреңдеп сөйлегендей, иреңдеп билегендей көрінетін мына мұрын, биші мұрын ғана емес, аса иісшіл мұрын шығар» -деп межеледім. Олай болатыны, біреуге қарағанда мұрны көзінен бұрын бүріліп, үш жағы жыбыр қағады екен. Сезімталдығы мұрнына бітетін иісшіл жануарлардың тұмсығы да осылай жыбырламаушы ма еді!..
«... Партия қатарына өтерде Маужуши мен партия туы алдында қалай ант беретіндігіміз есімізде шығар?» деген сөзі құлағымнан тартып қалғандай болды бір шақта. – «Партия қайда қойса мен сонда, шартсыз бойсұнып, қалтықсыз істеймін!» дейміз ғой. Бұл ант қашан да есімізде болсын!... (Мен түйіле ойладым бұл анттың ішкі мәнін. «жұп-жуас өгіз бол» деген сөз ғой бұл. «Партияға өкіл ретіндегі бір террор жыртқыш тісін ақситып шыға келіп, сүз мынаны десе, өңшең өгіз оған «шартсыз бойсұнып» нұсқалған адамды сүзе бермес пе! Есіл Тұрсын, Шәкен мархұмдар сондай «мүйізден» өлген-ау!... Ал, қане, Оспан мен Закария мархұмдарды мұндай тағдырдан айырып көрші!» - Басымды жағымсыз ойдан бір шайқап тастап, Нюханбеңінің сөзін жалғасты тыңдадым.)
«... Сол антты іс жүзінен көрсететін ең жауапты қызмет, міне, енді тапсырылды. Бізге: Үрімжі қаласындағы ең тоңмойын, жасырынымпаз кері төңкерісшілердің көбі біздің туанымызға жиналды. Мәселелерін ада-күде анықтап, толық мойындату осы отырған бізге тапсырылды. Ұру-соғу қинау сияқты бұрынғы зұлым үкіметтердің терорлық әдістері мүмкіндігінше қолданылмайды. Бірақ, қылмыстарына қалай да мойындатпай қоймаймыз!... Бұл өзіміздің партиямыз алдындағы бірден-бір міндетіміз. Ал, осы ардақты міндетті, қалай істегенде табыспен орындап шыға аламыз?... Бұл туралы тактикалық, стратегиялық пкірлеріңізді ортаға қойыңыздар! –деп тоқтады туанжаң.
Әркім өз пікірін іркіліссіз қойды ортаға: «әрқандай кері төңкерісшінің өзді-өз айғақ-факттерін табу», «белсенділер қатарын көбейту», «ұрмай домбытып, көпшіліктің ортасына шығару», «тілдемей янаттап, шымшылап сөйлету», «ұрмай буындырып, қорқытып сөйлету», «қинамай қидалап сөйлету», «ырғаққа салып ұйықтатпай, есінен жаңылдырып сөйлету», «жан жерінен ұстап, үрейін алып сөйлету», «ұтылап қуып індетіп ұстау», «есінен айырып есеңгіретіп сөйлету», «жаңылдырып мойындату»...
«Аң аулаудың» осындай айлакерлік жолымен қақпанға түсіру әдістері түгелімен сөйленді. Бірақ ақ-нахақты айыру Күлән сияқтылардың куәсі мен айғақтарынан анықтап ағарту, жаладан құтқару, жалақорларды жазалау жақтарынан ешқандай пікір айтылар емес. Мұның негізгі себебі, «тарих тапсыру» дегенге туанжаңымыздың «қылмыс тапсыру» деп қана сыңар жақты анықтама жасауынан болып отыр еді. Сөйлеу кезегім тиісімен осыны ортаға сұрау ретінде қойдым:
- Жолдастар, осы пікірлеріңізден менің ойыма бір сұрау келіп отыр. «Тарих тапсыру» деген не? Алдымен осыны анықтап алайықшы! «Тарих» деген не? «Тапсыру» деген не?
Ешкімнен үн шықпай аңтарыла қарасып қалып еді. Туанжаң мырс-мырс күлді де, мұрны оң-солына кезек бұрылып жыбырлады:
- Биғабили жолдас, мұны неліктен сұрадың, алдымен өзің сөйлеп түсіндірші!
- Мен өзім әр-бір адамның «тарихы» дегенді қылмыс деп қана түсінбеймін, «өмірбаяны» деп түсінемін. Өмірбаянның қылмыстысы да, қылмыссызы да болады ғой. Бұл әрекет соны анықтау емеспе!
- Ал оған «тапсыру» деген сөздің неліктен қосылғанын түсінемісіз? –деген туанжаңның мұрны ойнақтап кетті.
- Мен сізден соны сұрайын деп отырмын. «Тарих тапсыру» емес, неліктен «тарих анықтау» болып аталмайды?
- Бізде коммунизмдік тәрбие қызметі енді ғана басталып жатыр. Әлден анықтадық, аппақ, қылмыстан пәк дей салмаймыз. Шынында әсіресе мұнда қылмыстан мүлде пәк адам болмайды. Сондықтан «тарих тапсыру» дегенді түпкілікті мән жағынан «қылмыс тапсыру» деп түсінуіңіз қажет!... Түсіндіңіз бе?
- Түсіндім, бірақ, бұл районда «мүлде қылмыссыз адам болмайды» деген пікірге қосыла алмаймын. Әрқандай районда қылмысты адамдар да, қылмыссыз адамдар да болады. Тіпті қылмыссызы өте көп болады!
- Жарайды. Бұл пікір осы жерде тұра тұрсын. Уақыт қысқа. Ал, бұл науқан туралы өз позицияңызды сөйлеңіз!
- Бұл науқанда айқын қылмыстыларға батыл түрде қылмыс тапсырту, белгісіздері мен нахақтарына қылмысын анықтау позициясында боламын!
- «Айқын», иә, «нахақ» дегендеріңді қалай айырасың? –деп сұрады Ню туанжаң.
- Оны өзінің көтеріп жүрген боқшасы айырып береді. Және жұртшылықтан түскен факттер бойынша тексеріп анықтаймыз! Дерек таппай «қылмыс тапсыр» дегеннен аулақ болуымыз қажет!
- Боқшасынан дайын факт шықпаса, жұртшылықтан пікір түспесе, тексермей-ақ қарап тұру керек пе!... Биғабили жолдас, мынауыңыз оңшыл пікір! –деп күлді туанжаң. – Факт деген іздемей табылмайды. Біз тіпті жоқтан іздеп табуға да міндеттіміз!
- Кері төңкерісшілдік ыспат-факттері барларына қарсы аяусыз күрес жүргізуге міндеттіміз. Ал, коммунист деген адам ең алдымен материалист болуға тиіс. Материалсыз-фактысыз ешқандай адамға өзіміздің субъективтік қиялымызбен соқтықпауға да, соқыр тәуекелмен қимылдап марксизмдік партияға кір жұқтырып алмауға да міндеттіміз!
Ню туанжаң мені бар зейінімен иіскелегендей, тоқтаусыз жыбырлаған мұрнына мен қарап қалыппын да, менің шекелі кең маңдайыма, бұйра шашыма ол қарап қалыпты. Күлімсірей сөйледі сондада:
- Сіз буржуазия зиялыларынша ойлайды екенсіз. Өскен ортаңыз тәрбиелеген ұстаздарыңыз солар ғой. Сізді кіналауға болмайды. Дұрыс түсінік тауып, ақырын-ақырын түзеліп кетерсіз. Қазірше қызметіміздің методы жағынан бірлікке келіп алайық! Мен, факт дегенді жоқтан іздеп табуды дәріптегенде қаймана біреуге субъективтік қиялмен соқтығып, қалпақты зорлап кигізуге шақырып отырғаным жоқ. Оның бүтіндей керісінше, мәселе тапсыруға барынша ынталандыру жолымен қолға келтіруді айтпақшымын.
- Аббәрекелді! –деді бірнешеу. – Осылай істегеніміз дұрыс! Қане, туанжаң соны сөйлеңізші!
- Жарайды, жолдастардың пікірін тыңдап болдық, -деді туанжаң ырғала түсіп орнығып, шын сөзге енді кірісетіндігін білдірді. – Насихатымызға иланбай, тоңмойындық істеген кері төңкерісшілерге не амал қолданатындығымызды жақсы сөйледіңіздер. Бірақ сырттан зорлап сөйлетуден өздіктерінен сөйлеуге құлшындыру – ең негізгі, ең ұтымды әдіс. Енді соған келейік. Жаңа Биғабили жолдас менің «мүлде қылмыссыз адам болмайды» деген себебімді түсінбей қарсы шықты. Бұл кері төңкерісшілерге қарсы ендігі күресіміздің тактикасы. Бұл, жаудың өзін өзіне әшкерелетудің тактикалық көзқарасы. Қолға түскен кірпікшешен, суға салмасаң ашылама!... Ха-ха-ха-һа... «Қылмыссыз адам көп, қылмысты адам аз, сендер ғанасың. Ал, сөйле қылмысыңды!» десең жау сөйлей ме! Ха-ха-ха-һа..!...
– Рас-ау! –десіп күлді бірнешеу.
- Бұл әрекетте қылмысты істерге біз осындай позиция қолданамыз. Жолдастар, «әрқандай адамда қылмыс болады. Бірақ, соның қылмыс екендігін танып, өздігінен әшкерелеп тастамаған адам қылмыстан тазармайды», «қылмыс деген ауру, ауыруды емдеп адамды құтқару қажет!», «әрқандай қылмыс болса да өздігінен әшкерелеген адамға кеңшілік, тоңмойындық еткенге қатал жаза қолданылады», «әркім өз қылмыстарына от ашуға борышты», «кел, жолдастар, қылмыс біткенді аяусыз әшкерелелік, жиып-теріп бір-ақ жерге үйелік те, өртеп жіберелік!» -қызметіміз алдымен осы сөзбен басталады. Расында да осылай істейміз. Өздігінен әшкерелегендердің қылмысы үшін жаза қолданылмайды. Ұқтыңыздар ма?
Шатырлатып қол шапалақтай жөнеліп едік. Туанжаң дуылымызды қол ишарасымен тоқтатып, жалғастырды сөзін.
- Жолдастар әркім өзіндегі қылмысты әшкерелеуден қорықпау керек. Мәселесін тапсыру-тапсырмау, әркімнің өзінің партияға сену-сенбеуіне байланысты. Ал, партия мүшелері әрқандай әрекеттің алдыңғы шебінде болуға міндетті ғой, солай емеспе?... Солай болса, әрбір группаның, атреттің бастықтары болатын сендер, тарихтарыңды бірінші болып өздерің тапсырасыңдар! Бұл жерде тағы бір шындықты ашып айту керек. Қарауларыңдағы адамдардың мәселе тапсыруы, сендердің шабыттандыруларыңа байланысты. Мәселе тапсырудан өздерің неғұрлым аянбасаңдар, қолдарыңдағы кері төңкерісшілер де солғұрлым оңай ашылады.
- Ал, кері төңкерісшілерді сондай қылмыспен жетектеуге өзімізде қылмыс жоқтарымыз қайтпекпіз? –деп сұрай қалды бір ұйғыр жігіт. Нютуанжаң оған кіржие қарағанда, мұрны күржие жыбырлады. Көпшілік жағымпаздар бастықтың бұл райына бағып, сұрау қоюшыға дүрсе қоя берді.
- Сол да сөз болып па!
- Таппай ма екен бірдемені!
- Апасын айта алмасаң да, тақайы бар емес пе! –деп бір шақшақ1 ду күлдіргенде, Нютуанжаң алақ-жұлақ қарады жан жағына.
- Інім, өзіңізден чоң мәселе табылмаса да кемшіліктер бар шығар, -деп кексе бір жарамсақ айқындады. – Сондайларды чоң принципке көтеріп, ауыз толтырып сөйлей берсеңіз бола береді! Нютуанжаң жаңа қателіксіз адам болмайды демеді ме. Бұл ақиқат!... Сөйлей беріңіз, туанжаң!
- Жолдастар, -деп туанжаң сөзін қайта жалғастырды. – Партия мүшелері төңкеріс жолында. Партия жолында өздерін құрбан етуге әрқашан даяр тұруға тиісті. Солай емес пе!... Жан-тәнімен берілген мүшесін партия да бар күшімен қорғайды. Төңкеріс мүддесі үшін, партия мүддесі үшін өзіңді кейде өте көп қателескен адам етіп көрсетуге де болады. Расында сондай ауыр мәселелерін алалдықпен тапсыруы арқылы партияға өтіп, зор сенімге – беделге ие болған партия мүшелері аз емес қой. Партия кеңшілігінің шексіз екендігін осымен дәлелдеуге болады. Ал, қылмыс өткізу қорқынышты емес, партия алдында соны тапсырмау қорқынышты. Біздің жан-тәніміз де, ар-намысымыз да -партия, келешегіміз шексіз нұрлы!... Ұқтыңыздар ма?...
- Ұқтық, ұқтық! –деп ду көтерді көпшілік. Төрдегі Маужуши суретіне қарап, қолшапалақтай жөнелді.
Нютуанжаң мұнан соң әрқайсымыздың міндетімізді, басқаратын группа, атретімізді ұқтырып, күнделікті іс-әрекет жадуелін таратып беріп шығарды. Мені атрет бастықтығынан өшіріп, бір группаға түсіргені, маған қарап қойып, тізімнен сызуынан байқалды. Ал, мен басқаратын группадағы Күлән мен Асылқанды басқа группаларға ауыстырды да, орындарына менімен сыбайластығы жоқ деп табылған түс таныс қана ұйғыр жігіттерді қосты.
«Мүлде қылмыссыз адам болмайды» деген солшыл тұжырымға қарсы пікірімнің дұрыстығына көзім жетіп тұрса да, туанжаңның «тактика үшін» дегеніне мойындап, мұнан соң оң көзімді мүлде жұмып алуға бекіндім. «Коммунизмшіл партия алдында кертартпа, оңшыл аталудан өлім артық қой! Расында, жан-денем де, ар-намысым да, тіпті барым осы партия емеспе еді. Ол мені қылмыскер бол десе, бола салайын да, сәби бол десе, іңгәлап қайтадан туа салайын!... Бұл, өзімнің ес білген жиырма жылымнан бері оқып, біліп қанған партиям, көңіліме тоқып көксеген арман партиям, бұл, мені, таныса салып, қатарына тартқан Лиңдәйшің тектестердің партиясы. У ұрығын ексе де бал өндіретін, «сайтанды адамға айналдыратын» партия. Бұл маған теріс үйретпек емес. Тіпті де оңшыл бомаймын, көзімді жұмғаным-жұмған!» -деп жіберіппін.
Өзіме міндеттелген группаға ертеңіне таңертең өзім барып, Нюханбең сөйлейтін жалпы жиын залына бастап келдім. Туанжаң қылмыс жөніндегі өзі «тактикалық» деп атаған қате анықтамасын өткен түндегі бізге сөйлегенінен де асыра дәріптеп сөйледі. «Кемшілік, қателік, қылмыс дегендер тірі адамда өтілмей қоймайтын құбылыс. Қателік өткізу жиренішті емес, қазіргі кезеңде оны партияға тапсырмау жиренішті. Қателік істеу қорқынышты емес, оны партияға тапсырмау, түзетпеу қорқынышты. Өз мәселесін кім жасырса, партияға сол сенбейді. Демек, сол жау. Кім толық тапсырып, мәселеден өзін адалап шықса, сол дос. Кім жау, кім дос, қане енді көрелік!»
Туанжаң сөзінің ұзынырғасынан адам тәрбиелеуге тат осы түсінік, әдемі сөзбен жарқылдады да тұрды. Тыңдаушылардың әрқайсысына қараумен болдым. Қылмысы көбіректерінің иығы көтеріліп, құлағы қайшылана түскендей де, қылмысқа «кедейлері» қусырылып, бүрісіп бара жатқандай. Өткенде жартымды қылмыс өткізе алмағандықтарына өкінетіндей.
Сырттан тыңдаушылар қатарында отырған бір кексе әскери сары киімді осыны байқаған сияқты. Дұрыс сарын білдірді.
- Қылмыс өткізу мақтаныш емес қой, қылмыс түгіл кемшілікті де өткізбеу жақсы. Ал, өткізген екен, оны дер кезінде өздігінен тапсырып, өздігінен түзету жақсы! –деп қана қойды жиын тарай бергенде. Лектордың сөзін жасынға шығарып алмайын дегендей тым бәсең үнмен айтты. Ресми сөйленбегендіктен көпшілік оған назар аудара да алмай тарады.
Осы науқанға қаратылған лекциялар мен мақалаларды группаларға бөлініп, қайта үйренуге кірістік. Әрине алдымен Маужушидың «либрализмге қарсы тұрайықы» деген мақаласы оқылуға тиісті ғой. Бұл арқылы қылмыскерлер көпшілігінің тығылар ұяларын түгел талқандап, лыпасыз жалаңаштап тастағандаймыз. Мұнан соң зор жиынның баяндамасы мен өзіміздің Нютуанжаңның баяндамасын талқылағанымызда «жазасы кешіріліп», қапастан «азат болған» қылмыстар жамырап-қайнап таси бастады.
- Алдымен мен тапсырайын, мен!
- Үй, сенде не бар дейсің, мен тапсырамын!.. Міне, менде мығым күнәлар бар! –деп бұлқынды жалаңаштар. Кей бірі тіпті әлмисақтан-ақ қылмыс жаратушы күнә тәңіріндей өктемси көтерді қолдарын...
Ал, мен, қылмыс тапсыруға жетекші болып сайланып келсем де, өзімнен Әлияны жалаңаштаудан басқа «жарамды қылмыс» таба алмай қиналдым. «Тарихтарын» алдымен тапсыруға мына таласушылар желкеме мініп, ереуіл көтеретіндей сезілді.
- Мәселе тапсыруға қайсынымыздың дайындығымыз толық болса, алдымен сонымыз сөйлейміз. Сабыр етіңіздер! –дей салдым да, «дайындықтарын анықтап сұрап алып тізімдей бер!» дегенді қатшыға күбірлей салып шықтым. «группа бастықтары алдымен тапсырсын» деп бұйырған Нюханбеңге жүгірдім. Алдымен өзім тапсырсам, бәрі-бір жалған қылмыс құрап айта алмаймын, қылмысқа жарыта алмаймын ғой. Мына кейпіммен қылмыстарымды жасырғандай, сол арқылы «сендерде жасырыңдар, айтып қойсаңдар жазаға ұшырап қаласыңдар!» деп басқалардың қылмыс тапсыруына тосқындық жасағандай көрінетін сияқтымын. Туанжаңға соны айтып, өзімнің тексерілуімді кейінге қалдыра тұруды өтінуді ойлап келе жаттым да тұра қылдым. «Жоқ, алдымен-ақ тапсырып құтыла салмаймын ба!... Ергейтіде бала кезімде бір жаз борми ұрладым деймін. Қауын ұрлағаным да бар емес пе еді. Бигелдінің сиыр ұрлап сойғанын жасырдым. Ал, мектепке кірген соң түйедей қуанышқа німнің мұрнын бұзғанымның өзі-қ бірсыпыра сөз. Сөйтіп жігіт болдым. Әлиямен әншейін еріккендіктен байланыстым. (Бірақ, Әлия опасыздық етпесе, мәселе болмас еді ғой оным) Ал, сонда Әлияны мен бұздым ба, мені Әлия бұзды ма?... Соңында тіпті жалаңаштап тастадым ғой, мен-ақ бұздым дейінші. Бірақ, сол мәселелер, қазіргі менің мына жуан басыма қалпақ болып қанағаттандыра алар ма!... Басқасы ғой сот жүрмейтін балалық шақтың жемісі. Ал, жалғыз ғана Әлиямен болған стилдік мәселем, Биғабылдың барлық қылмысы болып, мына жаланған көпшіліктің қайсысын жарытпақ!... Әттегене, осыған қосымша титтей саяси қылмысым болсашы!... Қой, мына сопы қалпыммен басқалардың мәселе тапсыруына кесе көлденең болып алдыға түспей-ақ қояйын!».
Кіріп барғанымда Нютуанжаң тұмысығы бұраң ете түсті. Менен не дәметкенін сезбегенсіп, отыра бере бастадым. Сөзімді екі-үш күннен бері ойланып, мәселе тапсыруға өзімнен осыдан басқа «үлгі боларлық» қылмыс таба алмағандығымды мәлімдедім.
- Қазір мәселелерін өздіктерінен ақтарғалы отырған көпшіліктің алдына түсіп тапсырған жартымсыз бұл мәселем кері үлгі, ауыз басудың үлгісі болып қалады ғой, мен кейін тапсырайын! –деп өтіндім соңында.
- Әия, жазбасаң да сөйлегеніңде жамап-құрап көбейте бер демедім бе, мәселе тапсыруға сендер ашық қолды болсаңдар, қол астыңдағылар тіпті ашады дегемін ғой!
- Жоқ, мен өтірік қоса алмаймын, бұл, қорыққандығымнан емес, партияның ісіне де, халықтың ісіне де, тіпті өзімнің ісіме де өтірік қосып, ешкімге жұрындық болғым келмейді!
Нютуанжаң үнсіз қарап отырып қалды маған. Тұмсығы үздіксіз жыбырлады. Жүзімді аса суыққа салған сияқтымын. Енді зорласа, «жолдас» болудан кешетіндігімді сезгендей.
- Болды, осыдан басқа тапсырар мәселең болмаса... кейін анықталар, -деді. – Қазірше сөйлемей тұра тұр, бола ма?... Жақсы істе, а, группадағылардың мәселелсін жаңсақ қалдырып қойма! Позициаң мынадай болып тұрғанда, өзіңе сөз келіп қалатын іс туылмасын!
Нютуанжаң менімен бірге кірді группаға.
«Биғабили зужаңның мәселесі бұрын негізгі жағынан тапсырылып болғандығы мен қалған мәселелерін әлі де үздіксіз тапсыра беретіндігін» туанжаң айтып бола бергенінде, Мәтқары атты орынбасарым ыршып тұрды.
- Өшірет менің, мен тапсырамын!...
Тұмсығының суағарына ғана мұрт қойған ұзын бойлы, арық Мәтқарының мәселе тапсырғыштығына таңдана қарап қалыппын. «Әш-пәш дегенше» балалық шағының алты қылмысын айтып жіберді. Су бойындағы балшыққа «үйленуінен» бастап, есекке басқыншылық қыламын деп тепкізгеніне дейінгі қылмыстың бір дәуірі еді мұнысы. «Бала кезінде өстіген қылмыскер, жігіт болғанда не оңдырмақ!» дегендей «келешегінен зор үміт» күткен Нютуанжаңның мұрны жыбырлап, қызыға қарады оған. Мәтқары бозбала болған шағындағы қылмысын қартайған сол есекке дектатураны аямай жүргізгенінен бастады енді. Ашыналарымен ойнауға сол «бәйбішенің» өзін мініп барғанын сөйледі. «Абысындарын» күндеп-күйінсін дегендей көзін жаудыратып қойып, құнажындармен ойнағанын «асқан зұлымдығым» дегендей ашына сөйледі. «Бәйбішені» бұл қорлауы алпыс неше рет такырарланыпты. «Қыз емес» екенсің деп алғашқы екі рет үйленген екі адам келіншегін тастап, қолаңсаң бар, сасық екенсің деп тағы бір адам келіншек тастағанын әшкерелеп күрсінді. Күрсінгені, онысына өкінгендігі емес, қылмыскерлігінің жетілген кезеңіне өрлеуге күш жиғаны екен. 1943-ші жылы Қашқарда гоминдаңға «өз талабымен» мүше болып, 44-ші жылдың жазынан 46-шы жылдың жазына дейін (11 тармақты бітім жарияланғанға дейін) шпиондық міндетке жегілгенін айтты. Сонысын айта салды да, тыңдаушылардың үңірейген көздеріне қарап қорқып, сөзінен қайта тана қойды. «Нақ шпион емес, бір шпион әйелді қорғау міндетінде болдым. Жыңса мекемесінің бұйрығы бойынша оның не істеп жүргенін сұрамай-ақ қорғап жүрдім. Ол бір жиынға кіргенде сыртта есік алдынан күтемін. Үйіне дейін апарып қоямын, басқасын білмеймін» деп танды Мәтқары.
Бұл танғанына біз тамсана үңілдік. Ол әйелдің аты мен тұрған үйінің адресін сұрадық. «Атын жасырын ұстайды. «Үйі де жасырын, әр күні әр қораға кіреді» деп Мәтқары тіпті ғайыпқа айналдыруға беттеді. Белсенділеріміздің таңдайы шық-шық ете түсті. Бұл «қылмысымен» біздің қарнымызды ашырып алатындығын содан түсінгендей, ол әйелмен де «екі-үш рет ашына болып қалған» қылмысын айтты. «Қып-қызыл ерінді бек шырайлық» екен де, екі рет өз талабымен бақшада, бір рет деңге1 апарып, бірге жатқызыпты-мыс. Мәтқарының өз тапсыруы осымен бітті.
«Енді құтқармаспын» дегендей ойнақтады Нютуанжаңның тұмсығы. Сағатына қарап алып Мәтқарыны мақтай жөнелді.
- Мәтғали, жақсы жолдас! –деді разылық шыраймен. – Партияға сенімі толық, келешегі нұрлы! Өз мәселесін толық тапсыратындығына мен де сенемін. Жалығз-ақ, бүгін даярлығы жетіңкіремей қалған ұқсайды, ойлансын! Жыңса мекемесіне қашан, қалай байланысқаннан бастап сөйлесе, көпшілікті толық қанағаттандыра алады. Қашан сөйлесе де уақыт шығарып беремін. Бұл кейінгі мәселе боқшасында да бар сияқты болатын. Өз аузымен толықтап сөйлеп берсе болғаны!... Өзі сол әйелмен бір бүтін қызметтес болған, көп істерде бірге, ақылдасып істеген. Қандай қылмыс болса да осылай сөйлей беруге болады. Өтілген уақыты мен орнын қалдырмай, дәлел-факттерімен сөйлесе, көпшілік қарсы пікір көтере алмай қалады. Өз қателік-қылмысын әшкерелеген сайын тазарып, адамның жүзі ашылып, әрлене түседі. Ауыруды жойып, адамды құтқару деген осы. Міне, осылай сөйлей беріңдер! –деп туанжаң үстеме жол-жорығын бере шықты. Орынбасарымның «шпион» әйелге осы жағуымен-ақ күрес нысанамызға іліне қалғаны сезілді.
Мәтқарыдан соң екінші болып тапсыруға таласқандарды әрең тоқтаттым. Қатшының тізімдеген өшіретіне бағынып, «қылмысқа ең байы» деп межеленген біріне бердім сөзді. Бұл да алдымен адамгершілікке жат істеген қылмыстарын көпіртіп, іркіліссіз сөйлеп келді де, саяси қылмысқа келгенде шөмейіп, «мақтана алмай» қалды. Екі-үш жалшының еңбегін қанағандығын әңгімеге айналдырып, сөйледі. Гоминдаңға мүше болғандығын кері төңкерісшілдікке жатқызып, нықтап мойындаса да, жасостығын ұры-қарыларды, апиншыны, парақорды ұстатқан жақсы іске, игі еңбекке айналдырып көрсетті. Көпшіліктен наразы пікір гуілдей жөнелді бұған келгенде. Көпшілік пікір беріп көмектесетін кезең, егер өзі дұрыс тапсыра алмаса, кейінгі сатыда екендігін айтып тоқтаттым. Мұның тапсырғанына да сұрау белгісін қойып, кейін қайта тексертуге қалдырдық.
Бұл группада кері төңкерістік қылмысы бар деп белгіленгендерден бұдан басқа үшеуі бар еді. Бұлардың да өздеріне саяси кір жуытпай, осылай өте шығатындығын байқап, алдыларына белсенділердің екі-үшеуін салып сөйлетіп едім. Бұлар Мәтқарымнан да оза шауып, саяси қылмыстың нағыз «саңлақтары» бола кетті. Қарқылдап күле беріппін бұлар сөйлегенде, «кері төңкерісшілерге арнап құрған торымызға ақжүрек белсенділеріміздің ұмтылуын қарашы!» деп күлдім. Нанымдылық жөнінен ажалдың желіні жеткен анасындай қылмыстар да, өтірік пен шынның шата баласындай қылмыстар да шықты. Бұл белсенділерімнен біреуі тіпті шылғи жалғаннан жаралған, басы қазандай, аяғы шидей қарақасқа қылмыс та жасап шығарды. «Жасостықты жақсы істеп бергендігі үшін 49-шы жылдың 9-шы айында Жаң Кайшының өзі арқасынан қаққанын айтты. Ол шақта Жаң Кайшы «арқасынан қағу түгіл» ұлы құрлықта жоқ, Тәйуанға қашып кеткен болатын. Бұл, Нитуанжаңның «қылмыс өткізу жиренішті емес, оны партияға тапсырмау жиренішті» деген нәсихатының, «өтірік айту жиренішті емес, өтірік айтпау жиренішті» дегендей, ең жиренішті танымға жетіп қалғанын байқатып күлдірді.
Күндіз тапқан «қылмыстарымызды» іңірде апарып, басшылар ортасына қойдық. Нютуанжаңның басқа группа бастықтарының тапқанына көрсеткен разылығы сияқты менің тапқаныма да бас шұлғи салды. Өтірік болсын, шын болсын, әйтеуір қылмыс тапсаң болғаны» дегендей. Бұл пиғылына қарсы пікір айтудың қисынын таба алмай отырып қалдым. Қызметіміздің кемшілігі жөнінен ешкім ауыз ашар емес. Туанжаңға артпай, өзімнің кемшілігім ретінде өзіме аударып сөйлегім келді.
- Туанжаң, біздің бүгінгі қызметіміздің кемшілігі жөнінде айтар пікіріңіз, қояр талабыңыз бар ма? –деп сұрадым соңында.
- Қандай кемшілік жөнінде сұрайсыз? –деп тұмсығын бұра қойды маған.
- Мәселен, бүгін мен нысанадағы кері төңкерісшілеріміздің ең негізгі бір екеуіне титтей де саяси мәселе айтқыза алмай қойғанымды баяндадым-ғой. Бұларға мұрындық боламын деп, белсенділеріміздің үшеуі кері төңкерісшіге айналған факттерін әкелдім. «Тактикамыз» кері нәтиже шығарды. Бұлай істей берсем, ақты қараға, қараны аққа айналдырған нағыз кері төңкерісші өзім болып қалмаймын ба?
- Өздері сөйлеген мәселеге сен қалай жығынды болмақсың?
- Белсенділерімізді солай сөйлеп, өздерін қаралауға мен түрткі болдым ғой!
- Қалай түрткі болдың?
- «Қылмыс өткізу жиренішті емес, тапсырмау жиренішті», «қылмыс өткізу қорқынышты емес, тапсырмау қорқынышты» деген сөзіңізді мен қайталап дәріптей бердім оларға. «партияға кім сенсе, мәселесін сол көп әшкерелейді» деген ақиқатымыз тағы айтылды. Ал, бұлай сөйлеудегі мақсатымыз, кері төңкерісшілерді өздерін әшкерелеуге шабыттандыру еді. Бірақ, олардың ешқайсысына жұқпады бұл сөздерім. Себебі, кері төңкерісшілеріміз тактикашыл, бізден де қу. Олар әккі, кәрі түлкі. Партияға мүлде жат көзқараста болғандықтан сенбеді, сенбейді де. Бекерге кері төңкерісші аталмаған олар. Ал, төңкеріске жан-жүрегімен берілген, партия не айтты десе, соған үйи қалатын белсенділеріміз, «жиренішті емес» дегенге қайдағы өзінде жоқ масқара қылмысты жиып, партияға сенетіндіктерін таныту үшін «мәселе» тапсырғыштап, өз беттеріне кетпейтін қара сыр жағып жатыр! «Өтірік айту жиренішті емес, өтірік айтпау жиренішті» деуге де жетіп келе жатыр. Бұл қателік қайтсем түзеледі?
Бұл сөзіме атрет, группа бастықтары қарқылдап күлгенде, Нютуанжаң да, оның мұрны да күлді.
- Рас, сондай беталыс бізде де бар! –деп бір-екеуі күбірлегенде, туанжаң мұрны соларға қарап жыбырлап, күлкісін тоқтата қойды.
- Өз қателік қылмыстарын сөйлегендерді біз коммунистер, «ағарды», яки, «ағаруға беттеді» деп есептейміз! –деп жымиды туанжаң. – Еш уақытта да «қарайды», бетіне «қарасыр жақты» демейміз. Ешқандай марксшы олай сөйлемек емес!... Тек!
- «Тек» дей көрмеңіз, өзінен рас өтілген қылмыстарын сөйлеушілерді мен де олай демекші емеспін. «Өтірік айту жиренішті емес, өтірік айтпау жиренішті» дейтін танымға жетіп қалғандарды «ағарды» десек, марксизмге бүтіндей арам сөз сол болуға тиісті. Өтірікке аяусыз қарсы тұрмай ешкім марксизмші бола алмайды. Бір белсендіміз, «мен жасостық міндетті жақсы өтегендігім үшін 49-шы жылы 9-шы айда Нанжінде Жаңкайшы арқамнан қақты» - деп әшкереледі өзін. Бұл уақытта Жаңкайшы қайда?
- Ха-ха-ха-һа-һа..!.. мұндай факттердің өтірік екендігі өзінен-өзі әшкереленіп, өшіріле салмай ма! –деп күлді туанжаң. – Ондайдан қорқатын не бар!... Биғабили жолдас, сіз өз ойыңызға келген пікірді ашық айтып отырсыз, мұныңыз жақсы! Бірақ, коммунистер ешқандай қателіктен де, қателесуден де қорықпайды, ұмытпаңыз!... Әрқандай адам, қандай қылмысын әшкерелесе де рұқсат, одан ешкім нахақ жазаланып кетпейді! Олар партияға сенеді. Тек, өзіңіз де сеніңіз!
Бұл сөзіне туанжаңның өзі бас болып, барлығын жетектей күлгеніне мен де күлдім. Бірақ ішімнен ыза бүріп, тым келте күліп едім. Сонымды ерекше мұрын сезе қойғандай, тағы жыбырлады.
- Биғабили жолдас, біреу мәселесін сөйлегенде мынауың шын, мынауың өтірік деп кірісу үлкен қателікке апарып соғады. Өтірік мәселені айтудан шектеймін десеңіз, шын мәселені айтудан да шектеп қоясыз. Бұл, теріс әрекет болады. Кері төңкерісшілер кей уақытта қисынсыз жерден қиып түсетін қылмыс өткізеді. Қисыны жоқ, мынауың өтірік десеңіз-ақ мойындай салып, қиналғанымнан айттым деп жоққа шығара салады. Сонысынан дәндейді де шын мәселесін де әдейі қисынсыз етіп құрап, өзің арқылы жоққа шығарады да отырады. Бұл - кері төңкерісшілерге пана болғандық. Өтірік айтудан сақтан десеңіз-ақ, олар шынын айтудан сақтана қояды. Себебі, өзің айтқандай, олардың аты кері төңкерісші емеспе, ха-ха-ха-һа-һа!... Сондықтан олар қандай қылмысын әшкерелесе де бас изеп қойып, жия бер! Керекке жарайтынын аламыз, керексізі қала береді. Солай емеспе жолдастар!...
Туанжаңымыз «солай емес пе!» деген соң, солай емес дейтін «жолдас» бола ма, мойындарын іштеріне тығып шыға берді. «Нұсқаушының дұрыс-бұрыстығын артынан өзі-ақ көрер» деп мен тықтым ішіме. Ертеңіне тағы да солай, қалған кері төңкерісшілерімнің алдыларына «қылмысқа жомарттарынан» бірден салып сөйлете бердім. Тапсырған «тарихтарына» өз пікірімді қосып, атрет бастығыма өткізе беруден басқа, Нютуанжаңға пікір өткіземін деп әуреленудің қажеті жоқ сияқты.
Маған группамдағы кері төңкерісші деп таныстырылғандардың екеуі негізгі жағынан әйелқұмар, екеуі қанаушы алдамкөс-пайдакөстер ғана болып мойындады. Ал, нағыз кері төңкерісші қатарына жататын саяси қылмыскерлер жалаңаш белсенді болып танылғандардан шықты. Мәселе тапсырудағы логикалық-танымдылық жақтарын ойластыра келе мұны да таңданарлық құбылыс емес дегенге келдім соңында. «Дөрбілжіндегі Сәрсен саясаттың жолымен белсенді қатарына өте қойған кері төңкерісші Үрімжіде аз деймісің!»
Иісшіл туанжаңымның мұрны менің орынбасарыма қарап көбірек жыбырлайтын болып еді. Мәтқары өздігінен секіріп тапсырғаннан екі күн өтісімен оны атрет бастығы шақырып, айырым сөйлесті. Іле-шала туанжаңның өзі шақырып екі сағат сөйлесіп қайтарды да, мені шақыртты.
- Биғабили жолдас, сіз Мәтқарының мәселе тапсыруын қандай деп түсінесіз?
- Шала, шала болғанда да ең негізгі қылмысын жасырып қалмақшы!
- Жақсы! ... Ал, ол қылмысын қайтсек мойындатамыз?
- Сіз айтқан боқшасындағы мәліметтерге логиканы қосарлап мініп қуалаймыз!... Тек, боқшасында сондай мәселе бары рас болса, мойындату тіпті оңай ғой!
Туанжаң төмен қарап ойлана күбірледі.
- «Боқшаңда бар сияқты болатын» деп мен, шындығында, тактика үшін ғана бопсалағаным болмаса... жасостық туралы мәлімет жоқ. Қазірде солай бопсалап қайтардым.
- Бұл «тактикаңызға» не айтты? –деп күліп жібердім.
- Позициясы жақсы емес. «Сіз, кері төңкерісшілерді мәселе тапсыруға шабыттандыру үшін өтірік қылмыс тауып айта бер дегенсіз ғой. Сол үшін айттым!» деп менің өзіме жабысты, ха-һа-һа-һа... шындығында бұл әлгі әйел шпионмен болған байланысын басқаларды шабыттандыру үшін ғана өтірік құрастырған емес, соны сылтау етіп көпірден өтіп алмақ!
- Мен де солай мөлшерледім, -деп жымия қарадым мұрнына, «бәсе мынауыңыз бекер мұрын емес» деуге батылым жетпей, басқа қалжың айттым. – Сіздің «тактикаңыздың» өзін қамалға айналдырып, паналай қоюы мүмкін ғой!
- Биғабили жолдас, бұл мүмкін ғана емес, дәл солай. Бұл, асқан әккі кері төңкерісші. Фузужаң болып, тіпті ішке кіріп алғанын көрмеймісің, мұны мықтап ұстау керек!
Бас изей салдым да, ойланып қалдым. Бас изегенім, Мәтқарының өз мәселесін тексерген тексерісінен жасос болғандығының растығын сезгендігім еді. Ал, ойланып қалғаным, фактсыз болжалды логикамен ғана мұндай адамды мойындатудың қиындығы сезілді. Туанжаң қудың алдағанына алданғансып тұрып, алып ұрудан үміттенетін адам оңай қу емес қой!... Менің бұл ауырсынып қалған жайымды тағы да иіскеп білгендей сөйледі туанжаң.
- Бұған тиісті материалды да, ахуалын білетін адамдарды да ертең саған жіберіп беремін. Алдымен группаңда тексересіңдер. Жасостығының бір ұшын шығарып бере алсаңдар болғаны, атрет жиынына салып тұрып, зорлап суырып аламыз!...
Жатағыма қайтқан жолымнан Күлән қарсы кездесті. Сөйлеспей лып беріп өте шықпақ болғанында алдынан тоса қалдым.
- Биғаш, артымда бақылаушы бар! –деп күлімсіреді.
- Неңді аңдиды?
- Бәле, мені түгіл сені де аңдиды! –деп күліп жіберді де, жүре сөйлемек болды. – Менің соңыма белсенді қатарына қосылғанымнан соң ғана түсті. Соған қарағанда «жолдас» сіздің соңыңызға бұрынырақ түскен шығар. Сырластығымызды білмесін, кесірім тиеді, алысырақ жүре тұрайық!
- Неғұрлым білсін, мен туралы қорықпа, өзіңе не күмән артса, ақтығың үшін мені куәға тарта бер!
Алды-артына жалтақтай тұрып сөйледі Күлән:
- Маған, «Хугожыңмен болған байланысыңды айт» дейді. Одан ақтауға дәлелің жоқ қой, куәлікке өте де, ақтай да алмайсың!
- Ақтай аламын! 43-ші жылдың қысында Хугожыңды өзіңнен қатты жирендіргенсің... «шешем сифлспен ауырған. Маған да жұғыпты» деп жирендіргенсің. Соңынан үш рет шақыртқанда өзің ауырған болып, бармай қойғансың!
- Сол кезде Нұрияштан басқа ешкімге айта алмағаныма өкініп жүр едім! –дегенде Күләннің өткір қара көзінен жас парлай жөнелді. – Біледі екенсің, сол айтқан ғой!... Есіл сіңілім!
- Басқа ахуалыңды да түгел айтқан, бәрі есімде, толық ақтай аламын!
- Мен, осы екі-үш күн ішінде күреске түсемін! –деп жүріп кетті. Мен жатағыма кіре сала Күлән жөнінде ақтау қағаз жазуға кірістім...
Мәтқары үстінен күрес ертеңіне таңертең дайындалды да, түске жақын басталды. Группамызға оның жерлесінен, сабақтастарынан, «шпион әйелге қорғаушы болдым» деген кезіндегі жақын жүрген адамдарынан бірнеше қызметкер келіп қосылды. Жиынды мен басқардым да, алдымен хатшыға оның тапсырған тарихын оқытып бердім.
- Мәтқары, сол «қашқарлық» шпион әйелге қорғаушы болғаныңды өзің тапсырдың, рас қой? –деп сұрай бастадым сөзді. –Сөйтіп жүріп ашына болғаның да рас қой?
Алғашында «өтірік айтқамын» деп жалтарды да, сырттан қатынасқан таныстарынан: «ол әйел қашқарлық емес, ақсулық» деп біреуі, «ашнасы ма, әйелі ме әйтеуір көп уақыт бірге жүрген» деп біреуі шығысымен Мәтқарының аузы буыла қалды. Аузы буылған соң айдаушы да, мұрындықтап жетектеуші де шыға бермей ме. Әйелдің аты да шықты. Оның қазір Ақсу түрмесінде тергеуде екендігі де шықты. Гоминдаңға кім-кімді ұстатқандығы айтылып барып, ол әйелдің жасостығы анықталды.
- «Жасос әйел, жыңса басқармасы таныстырып қосқан сенімді қорғаушысына, өзі сүйген ашнасына тым болмаса бір сырын айтпай ма, саған міндет артпай ма?» деген логика шабуылына өте бердім мен. Мұндай шабуылға пәле екендігімді білген сайын алара берді көзі. Сөйтсе де, «маған біреудің қайда баратынын, не сөйлейтінін біліп келуді ғана тапсыратын» дегенге бір күн шұқшиғанымызда әрең мойындап еді. Іңірден бастап қайта шұқшиғанымызда міндетті ашыналық теңдікпен ақылдасып орындайтындықтарына түн ортасында мойындады. Астыртын міндетке кейінірек тартылса да ашынасымен тең дәрежелі жасос болғандығына таңертең бізді шұқшитпай-ақ шұбырта жөнелді өзі.
Бұл кезде әр атрет, әр группадан Мәтқарыны білетін белсенділерді тәрбиелеп, жалаңдатып Нютуанжаң үлгерген екен. Өзі айтқандай, атрет жиынына салып жіберіп, кеңірдегінен суырып алды бар-мәзірін. Ерлі-зайыпты екі шпион Ақсуда гоминдаңға үш адам ұстату арқылы қызмет орнын өсіріп алып, Үрімжіге шақырылған екен де, Үрімжіде үш аймақ шпионы деп төрт адам ұстатыпты. Бақытына жарай сол ұстатқан жеті адамы да азаттыққа тірі жеткен екен. Көрсетінді материалымыздың жеңілдігімен бәрі құтылды деп мойындады Мәтқары. Солардан хауіптенгендіктен екі шпион некеде ажырасқан болып, әйелін Ақсуға қайтарып жіберіпті...
Нютуанжаң Мәтқарыға «аз кемшілігін қоспағанда мәселесін өздігінен тапсырған» деп «кеңшілік» жариялады да, орнында қалтырды. Мені арқамнан қағып, жеке сыбырлады сонсоң: «жарайсың, жақсы ұстадың! Бірақ, енді көзіңнен таса етпе!... Ал, өзің мен туралы күмәннан тазарған шығарсың? –дегенде мұрны жыбырлай жөнелді.
- Қайсы күмән?... Әлгі қылмыс жөніндегі ұғымдарыңызға қарсылығымды айтасыз ба?... Ол, күмән ғана емес, көзқарас қарсылығы ғой. Бірақ, оны сіз тактика үшін ғана деп түсіндіргендіктен қоя салдым ғой. Шындықта «қылмыс» деген – қылмыс, күнә!... Ол жиренішті. Адамзатты оған мүлде кешірім етпеуге шақыру ғана дұрыс!...
- Сен, Биғабили жолдас... табиғи, өте қарапайым төңкерісші, мынау дұрыс, мынау қате дегендей ғана қатып қалған шыншылдықпен жеңіске жету мүмкін емес. Әлі ойланыңыз! Күресте тактика бірінші орында тұруы қажет! Мәселен, осы Мәтқары осы тактика болмаса жасырынып қала берер еді.
- Бұл кері төңкерісшінің Ақсудан ашылып шығуында сөз жоқ еді, -деп мен өктедім. – Жерлік халықты, бұдан зиянкестік көргендерді былай қойғанда, куәгерлік еткен осы адамдар мен қолға алынып отырған шпион жесірі-ақ ашып тастар еді. Ал, бастыққа ақсақалсыды деп айыпқа бұйырмаңыз. «Жолдас» деген сөзде үлкен кішілік жоқ шығар, солай емеспе?... Сіздің «тактика» деген түсініктеріңізге менің таласым бар. Сыпыра алдауды тактика дей көрмеңіз. Мұнымен бір ғана алдадық. Екінші рет алдай алмаймыз. Партияның стажды кадры деген алтын басыңызға алдамшы деген атауды қостырмауыңыз қажет. Мұны тактика деп қолданып, ұлы партиямыздың абыройына кір жақсақ, халық алдындағы сенімнен айырсақ бұдан жиренішті оппортонизм болмақ емес. Бүгінгі «төңкерістік жеңіс» дегендеріміз ертең өтірікке шығып жатса, сол коммунизм болмақ па! Алдампаз, өтірікші суайттарда не қасиет, нендей бедел болмақ! Ал, «қылмыс өткізуден жиренбе» дей берсеңіз, халық жұртшылығына қандай тәрбие болмақ, нендей нәтиже шықпақ? Әсіресе осыны тереңірек ойлап көруіміз қажет!...
Бұл кеңесіме шытынып суынып келе жатқан бастығым «алтын басыңыз» деген сөзімнен жылу тауып, сәл жұмсара тыңдады. Өзімнің ханзу тіліне аударылған Күлән туралы ақтау қағазымды осы сәтте ұсындым.
- Міне, мына адамды өзіңіз айырым тексеріп көріңізші!...
Міндеттелген группамдағы «тарих» Мәтқарыдан соң тағы да 10 шақты түн шала ұйықтағанымызда әрең тапсырылып болды. «Тапсырылып болды» деуге де болмайды-ау, «кері төңкерісші» деп танысқандарымыз-ыңғай қанаушы-алдамшылар мен әйел жендеттері болып қала берді де, «белсенді» деп қатарға алғандарымыздан үшеуі саяси қылмыскерге айланып, кері төңкерісші қатарына шықты. Нюханбеңнің бұларды алдымен белсенді қатарына тартуы да «тактика үшін» екен. Кері төңкерісшілердің қалымысын айқындап, мойындатудағы менің еңбегіме қатты сүйінгендіктен, кейінірек «тактикасының» бұл сырын да айтып берді.
Өзімен бірге мені де ала жығылуға тырысқандай, Мәтқары әлі де орынбасарлық сипатымен менің «тарих» тапсыруымды үш-төрт рет талап етіп еді. Менен бұл жолы Әлиядан басқа «тарих» тапсырып ала алмайтындығын білген Нютуанжаң сол жауабынан айнымай қойды. «Ол айырым тапсырып жатыр, әлі де үздіксіз тапсырады» деп тойтарып тастады. "Әлі де үздіксіз тапсырыңыздар, тазаруға үздіксіз тырысыңыздар!" -деген суық сөзін туанжаң саяси қылмыс таба алмағандарының бәріне соңғы жиында бірақ жариялап қайтарып еді. Төсенішті қолтығыма қысып, есіктен шыға бергенімде, Күлән қуып жетіп, бірге шықты.
- Ақтаушым, сізге де осыны айтты ма? –деп күле сұрады.
- Әрине, үш-төрт рет айтты.
- Олай болса, менің өкпелеуім қате екен! –деп тағы күлді. Алдыңғы күні бір күн өзі тергеді мені. Алдына жайғаны сенің ақтау қағазың екенін сезгенім бойынша жылай отырып, бар көргенімді жасырмай бір-ақ төгіп едім. Сенің қағазыңды менің сөзіммен салыстыра зерттегендей кезек иіскелеп отырып, шұлғи беруінен ақталған-ақ шығармын деп қатты үміттеніп қалыппын. Қортынды ретінде «әлі де үздіксіз ойлан!» демесі барма! Ыршып түрегеліппін. Қайта отырғызып алып такрарлап, осы қортындысының дұрыстығын жарты сағат дәріптеді. Сендіруге қаншалық тырысқандығын, езуіне бармақтай көбік үйіп қалуынан көріп, күліп жібердім. «Сіздің көнешілдігіңіз, әрқандай шұбатылған бұрымдарыңыздан да көрініп тұрмай ма, көбірек ойланыңыз!» деп қайтарды.
- Қара! –деген Асылқанның нұсқаған жағына жалт қарадық. Шпиондық қылмыс шыққандарды түгел тізіп, сақшылар айдап барады екен. Ең алдында кешірім етіледі деген ұп-ұзын орынбасарым. Қолдары түп-түгел байланыпты. (туанжаңымның бұл кешірімі де «тактика» болғаны ғой!)
- Қарамаңдар, қарамаңдар! –деп тосты алдымызды Нютуанжаң. Оларға тура қарай алатын бет қалды ма, торға алданбай түскені жоқ.

Әділетті тергеушім, дүние жемқорларының ешқайсысының есіне түсе қоймаған заманда-ақ қылмыс жидашыларын шығарып, қылмыс-қылмыс деп қылқыңдатып едіңіз. Қылмыстан тәтті зат жоқ екенін сонда-ақ біле қойыпсыз-ау. (тәтті у ғой ол). «Қылмыс істеу жиренішті емес» деп әлемде 1-ші болып міңгірлеген сіз едіңіз, іле-шала тамағыңызды кенеп алдыңыз да, «қылмыс істеу жиренішті емес, компартияға тапсырмау жиренішті» деп жар салған тағы да сіз. Сөйтіп, жиып алып қоғамдастырып, қылмыс социялизмін құра қойдыңыз.


«Келешегің нұрлы» деп жағың сенбей ендігі ұрандатып жатқаныңыз, әрине, қылмыс коммунизмін құру ғой. Ал, қылмыс коммунизмі дегеніңіз – жер шарын мүңкітіп, бүкіл әлем дәретханасына айналдыру емес пе! Жұңхуаның келешегі нұрлы болмай, кімнің келешегі нұрлы болмақ! Ішінде әлбаттасы бар имандай сеніміміз осы!

IІІ

«Тарих тапсыру» науқаны тапқан қылмыстыларын сотқа-түрмеге тартып, оларға қарсы күресте көрінген белсенділерді партия қатарына тартып, өлке орталығынан аймақ-аудандарға, одан ауыл-қыстақтарға жайылып бара жатты, жайқап бара жатты. Менің тірі Нұрияшым да сол мектебінде тұрып-ақ, кері төңкерісшілер мен жуан жұдырықтарды жайқаушылардың бірі болыпты. Өзі білетін аудандарға «әшкерелеу», «анықтама», «мәлімет» жазып, өз жауларының тарихтарын дұрыс тапсыруына «көмектесуші» болып сыбанған екен. Тяншан қонақ үйінен мен қайтқаннан соңғы бесінші күні әрең келіп көрісті менімен.
1949-шы жылдың сентябрінен берге өзінің маған жұмбақ болып қалған тіршілік күйі менің оңаша жатағымда шертілді.
Тергеушім, несібеңізге не ілінер екен, енді соны тыңдап көріңіз!
* * *

Ауылының күзеулігіндегі өзі маған уәде еткен иен дөңгелек шиге Мақпал ымырт жабылысымен барып тығылып, көбінесе отаудағы ауыру жеңгесінің қасында болатындықтан, соған қоштасып қана шығып кеткенін ешкім сезбеген екен. Күзетшіден күндіз жіберіп орналастырған киім-кешегінің амандығын көріп, арқандаулы атын ерттепті. Ат құлағы көрінбейтін биік ши арасынан баспалап, иіскелеп жүріп табатын қасқырдан басқа қорқыныш жоқ сияқты. Ал, оны да алдымен аты сезіп белгі беретінін біледі. Көзіне мына электр көзін қадай қойсам, ол да қорқынышты емес деген оймен қолшырағын ыңғайлап отыра қалғаны сол-ақ екен, екі тұсынан тасырлатып оншақты салт атты шыға келіпті. Мақпалды атына міне қашуға үлгіртпей ұстаған екі жігіт, асау қол-аяқтары мен аузын мықтап байлап, бір жуанына өңгертіпті. Ала кеп жөнеліпті атты бөрі.


Тауға кірген соң артта қалған тосқауылшы тоғыздан бір қосар атты екеуі қуып жетіпті. Күбірлесіп қана Мақпалды аттан түсіріп, байлаудан босатыпты. Қап-қара жартас, қараңғы шатқал, қара орман, қара жүзді үш қарақшы... бәрі де бейтаныс. Мақпал өз тауының қай үңгірі екенін де айыра алмай тұрып қалған екен.
- Енді ибалы бол, келін! –депті өңгеріп әкелген қатты қолды бөтен дауыс. – Тағы да асаусысаң, лаж жоқ, қайта байлаймыз!
- Мен сіздерге өлсем де келін болмаймын, ағайлар, мендей қарындастарың да, қыздарың да бар шығар. Қаныма ортақ болмай қайтарып жіберіңіздер! –деп еңіреп жіберіпті Мақпал. – Менің өлімім іздеусіз қалмайды, өз тіршіліктеріңізге де кесір болатыным анық!
Қарақшылар Мақпалдың өз ертоқымы ерттелген бөтен атқа көтеріп мінгізіп жатып қайрыпты жауабын:
- Ақ қой сойып, ақ бата оқытқан, құдай қосқан өз орның, шырағым!... Басқа емеспіз. Әжең де, әке-шешең де разылықтарын беріп тапсырды бізге!... Өздері де келіп айтар, ақылыңа келесің, қазірше ренжіме! –дей жүріп, шырқыраған Мақпалдың аяқтарын ат бауырынан қосып байлап-та үлгерді. Ұзын арқанмен қолын денесіне шырмап байлап, арқан ұшын біреуіне ұстатты да, шылбырдан жетектей жөнелді. Екі асудан асып, жонға шықты да, күн шығысқа қарап зулатты. Үш сағаттай уақыт тоқтаусыз желе шоқырақпен жортып барып, теріскейге қарай еңкейіп еді, түсірер жері тұйық шатқалдың басы екен.
Бір топ ақ терек арасындағы тас үйден екі әйел шықты. Қатты байлаудан аяғы үйіп қалған Мақпалды аттан екеулеп сүйемелдеп түсірді. Екі қолтығынан екеуі әрең көтермелеп есікке апарды.
- «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң», оң аяғыңмен бисмилла деп кір, Мақыш! –деді бірі. Мұның бөле күйеудің жеңгесі екенін Мақпал дауысынан танып ширады.
- Мен келін боп түскенім жоқ, әпке, малша байлап әкелді. Егер қаныңыз болса бұған сіз де намыстануға тиістісіз! –деп серпіліп, тепсіне кірді үйге. Ауыз үй екен. Майшамның алакеуім сәулесімен бір бұрыштан қолын қусырып бөле күйеу көрінді. – Аманбысың бауырым? –деп Мақпал тура ұмтылғанда, ол ығысып барып, кішкентай есіктен түп үйге зып беріп еді. Мақпал қуа кіргенде, амандаса алмай, ауыз үйге қайта шыға жөнелді.
Екі жеңге Мақпалдың бұл өжеттігіне күліскен болып, соңынан қуа кірді. Түскиізді, шымылдықты жер төсектің алдына иығынан басып отырғызды «келінді». «Бөле күйеудің» өлексе жастығын білген Мақпалдың көкірегі сәл кеңігендей соза күрсінді. Бейтаныс «жеңге» жаппақ болған желекті қолынан жұлып алып, лақтырып жіберді де, кешірім сұрады өзі.
- Жеңешетай, бір-бірімізге өштік-қастығымыз жоқ, жаңа көрістік қой, көңіліңіз қалады, бұл жөнінде зорлай көрмеңіз мені!... Осы жолда келін бол деп құдай зорласа да көріп алмақпын. Жазаның ең жоғарысы өлім ғана шығар! Бейтаныс жеңге, таныс жеңгеге ымдап қойып, ауыз үйге шығып кетті. «Сен ақыл айт!» дегені екен. «Әпке» болып алғаш сөгіс естіген жеңге енді ақыл айтпай, өз жөнін ғана айтты.
- Мақыш, мен тым алыста жүрсем де таниды екенсің, енді не айтайын, «барып жеңгелік міндет өте, қайтсең де көндір» деген бұйрықпен келдім. Қазір сендерді жатқызып тастап қана қайтпақпын. Мынау біздің жігіттің нағашы жеңгесі, Сауырдан келіпті. Мұнан соң сол қарайды саған. Ендігісін өзің біл. Бірақ енді құтылуың қиын. Құдайға тапсырудан басқа менің қолымнан келер жоқ! –деп өксіп қалды әпкесі. - Әйтеуір, ақылды екеніңді еститінмін. Өлім дегенге барма, қандай ахуал болса да тірлік керек, сіңілім!
Ауыз үйден жуан қарақшының біреуді жазғырған түрпідей үні шығып, сөзі естілмей қалып еді. Іле-шала бөле күйеу күбірлеп жауап қайырды.
- «Бауырым» дейді, өзі үлкен екен менен, ұрып тастайды!
- Бойы ұзындау болғанымен, көрмеймісің өзің, жіп-жіңішке! –деп сыбырлай кіжінді қарақшы. – Ал, сен одан жуансың, күшің толық жетеді, өз келіншегінен қорқа ма екен, ынжық!
- Оның қолы ұзын, буындырып кетеді!
- Қап мынаның! –деп тістенген қарақшының күйеуді сыртқа жетектей жөнелгені сезілді.
Сөздерін шиқылдап күле тыңдаған әпке «жеңге» Мақпалға қарай берді. Сәулелі шанақты көзі кең ашылып, безере қарады Мақпал да:
- Менің өз шешемді білесіз ғой, сәлем айтыңыз әпке, оған өкпем жоқ. Ана аюға билігі жүрмейтінін білемін. Өзі менен басқа бір жақсы баласы барын сезетін. Сонысын бауырына тартсын!... Мен қашан да бір табамын!...
Осыны сыбырлап айта отырып егілген Мақпалмен бірге жылаған әпкесі, жат жеңге кіргенде шорт тиылды. Дастарқан ала кірген жеңге шәугім әкелуге қайта шыққанда, әпкесі сыбырлады:
- Мұнан соң мыналарға жуас болып көріне тұрғаның пайдалы шығар! Ал, қайным өте аңқау-ақымақтау бала. Биыл 14 те ғана ғой. 15 те деп өтірік айтып жүр. Жасырын қорқытсаң да, алдасаң да айтқаныңа көндіре алатын сияқтысың!...
Екі жеңге зорлап отырып тамақтандырды Мақпалды. Бейтаныс қарасы төсек салуға кіріскенде, әпке аталғаны Мақпалды түзге ертіп шығып еді. Қайта алып кіргенде күйеусымақты төсек іргесіне жатқызып, шымылдықты түсіріп қойған екен. Мақпалдың сырт киімі мен етігін тартып, зорлап шешіндіріп, шымылдыққа «ақыл» айта итермелеп кіргізген екі жеңге шырақты үрлеп өшіре сала шығып кетті. Кішкене ғана түп үйдің есігі сыртынан құлыпталғанын естіді Мақпал. Ақырын басып барып, ішкі ілгегін ілді де, астына бір көрпе жая салып, төрге жатты.
«Күйеудің» шымылдық сыртына домалап шыққанын Мақпал сезбей қалыпты. Тағы бір аунап жетіп, жамылшы сыртынан құшақтай алғанда, Мақпал селк ете түсті де, шәп беріп алқымынан ала түсті. Бөлесінің өзі хауіптенгеніндей кеңірдегінен тірей қысып, шиық-шиық еткізді.
- Үніңді шығарма! –деп сыбырлады сонан соң. – Мен әпекеңмін. Әкең мен менің «шешем» бір анадан туған! Оны білемісің?
- Білмеймін. Әйтеуір сені менің келіншегім деген соң... осылай құшақта деген, тәтетай... құшақтамасам олар ұрсады!
- Менің тілімді алсаң оларға ұрысқызбаймын. Тілімді алмасаң осылай буындырып өлтіріп тастаймын. Тілімді аламысың, алмаймысың?
- Алайын, тәтетай, алайын, қоя бер!
Мақпал алқымынан қолын босата бергенде, бөлесі шымылдығына қайта домалай жөнелді. Қайта бассалып ұстады Мақпал:
- Менің сөзімді ұғып алып қайт!... Сенің Қади деген әпекең бар емес пе?
- Бар еді, күйеуге беріп жібердік.
- Мен сол әпекеңмен құрдаспын. Қадиды келіншегім деп ойнаудан ұялмаймысың!
- Жоқ, жоқ, болмайды олай десем, ол мені қуып жүріп сабап, таспен ұрып, өлтіріп тастай жаздаған!
- Маған қылжақтасаң, таспен ұрмай-ақ мына қолыммен үніңді шығармай, түнде буындырып өлтіріп тастаймын, өлгеніңді ешкім білмей қалады, ұқтың ба?
- Ұқтым, ұқтым!
- Мұнан соң екеуіміз ыңғай бір үйде тұрамыз. Бірақ түнде менің қасыма келмейсің! Сенің қасыңа мен бармаймын. Ал, күндіз, мен не айтсам соны істейсің! Сонда екеуіміз тату боламыз. Ағаларың ұрыспайтын болады. Ұқтың ба?
- Ұқтым, ұқтым!
- Мен сенің дәл Қадидай әпекеңмін. Саған келіншекті өзіңдей ғана кішкенесінен, өте сүйкімдісінен тауып беремін! Оны алғанша ешкімге айтпайсың, ұқтың ба!... Айтып қойсаң, соның кешінде буындырамын, ұқтың ба?
Мақпал бөлесінің осылай алқымына да, ақылына да мықтап қондырып қайтарып, тып-тыныш ұйықтатты. Таңертең жеңгесі есік қаққанда төрдегі көрпе-жастығын шымылдық ішіне тастай салды Мақпал. «Күйеу» қасынан, шымылдық ішінен шыққандай көйлекшең барып, ілгек ағытты. Бейтаныс жеңге елеген-құман, орамал, сабын кіргізіп, қатпарлы кексе көзінің астымен ғана күлімсірей қарап қойып шықты. Мақпал шымылдық сыртына отыра қалып, қайта киінді де бөлесін оятты. Бейтаныс қара жеңгенің кімнің әйелі екенін сұрады.
- Ортаншы нағашымның қатыны! –деп даңғырлады бөлесі. – Түнде сенің атыңды жетектеп келді ғой, ортаншы нағашым сол!
Бейтаныс жеңге, алғашқы өңгеріп ала қашқан қатыгез жуан қараның әйелі екенін Мақпал енді ұқты.
- Тұр, киін! –деп бұйырды бөлеге.
- Мақұл, тәтетай!
- Ақырын сөйле! «Тәте» демей, «Мақыш» деп ата мені, ұқтың ба?
- Ұқтым, ұқтым!
- Мақпал бөлесінің қолына су құйып беріп тұрғанда, жеңгесі есікті ашып қалып, ұялмасын дегендей тез жаба қойды. Мақпал құманды сонан соң бөлесіне ұстатып, беті-қолын өзі жуғанда есік тағы бір ашылып жабылды. Нағашы аға-жеңгесінің «күйеу» мен «келіннің» отасу-отаса алмау жағдайын бақылап жүргенін байқаған Мақпал таңертеңгілік шайды түйіле отырып ішті. Байланып келіп тым тез келіскендей көрінудің өзі де күмән тудыратындығын ескерген еді бұл.
«Дүзге» шығарғаннан басқа уақыттың бәрінде де есік сырттан құлыптала берді. Бөлесіне осылай зорлап теліп, зарықтыру арқылы үйреністіріп қоспақ екендігін түсінді Мақпал.
«Телініп болдым-көндім, келін болдым» дегендей жалған ишараны күнсайын ашығырақ байқатып сендіруге тырысты. Сендіру арқылы сыртқа шығып, жүріп тұруды оңайластырса, зыта жөнелу де оңайласпай ма. Күлімсірейтін де болды Мақпал. Бірақ нағашы аға-жеңге онысына алданбай, қамай берді. Нақұрыстанып өскен жиені үш күн ішінде-ақ, күздің қурайындай сарғайып болды. Іші пысқандықтан "шығамын-шығамын" деп есік тепкілеп бақырды. «Сен шықсаң Мақыштың іші пысады, шықпайсың отыр! Қарта, дойбы ойнаңдар!» деп сырттан нағашы жеңгесі зекіді.
- Сыртқа шығайық! –деп сен айтшы Мақыш, сен сұрасаң шығарады! –деп бір күні таңертең Мақпалдан да өтінді бөлесі.
- Мен айтсам «ұят» болады! –деп сыбырлады Мақпал оған. «Мақыш екеуіміз жақсы болдық қой, енді не өштерің бар бізде! Екеуіміз бірге шығамыз, қарап тұрыңдар өздерің, тоғай аралап сергіп келейік» деп айт!
Мақпал осы сөзді бөлесіне түске шейін жаттатып, әрең сөйлетті. Есік ашып үнсіз күлімсіреп қана тыңдаған жеңгесі Мақпалға сынай қарап кіріп, желек салып еді, «келін» бұл жолы қарсылық көрсетпей жамыла салды. Қос тұтқынды соның ертеңіне алтыншы күні таңертең нағашысы шығарды сыртқа. «Осы үй маңында ғана ойнаңдар, бұл тау қазір иен, қасқыр ашыққан уақыт. Аю да көп, жеп кетеді!» деп қорқытып шығарды. Мақпал желекпен үнсіз ғана мойындағандай ілесті бөлесіне. Сөйтсе де, онысын нағашы күбірлі зілді бұйрықпен басқарып, үй маңындағы тоғайды ғана аралатып қайтарды.
Екінші күнгі екінші сейілді де, үшінші сейілді де әккі аңдушыларын секемсіз сендіру үшін сондай ибамен өткізді Мақпал. Сол үш күн ішінде ерттеулі аттың күндіз бекітілетін жерін де, жонға шығатын жолын да біліп болып еді. Төртінші күні сейілдеуге бөлесін сол аттар бекітілген жаққа қиыстай беттетті де, бір қолын ұсына бұйырды.
- Мені сүйре!
- Неге?... Ұрмаймысың?
- Тілімді алсаң неге ұрады екенмін, жүгірт мені!
Бөлесі Мақпалды қайдағы бір топ қарақатқа қарай дедектете жөнеліп еді. Арттарынан баспалап қарап тұрған жуан қара айқай салды.
- Ой, қайда барасыңдар?
- Қарақат іздейміз дейді! –деп оған Мақпал дауыстады да –сүйрей бер! –деп бөлесіне бұйырды. Өзін «күйеу» тоқтата алмай зорланып бара жатқандай бейнемен сірікке тайғанап жығылғансып, тұра сала тағы «дедектеді».
Бақылаушыға көрінбейтін бір жыраға түсісімен «мықты күйеуді» домалата сала зытты өзі.
- Ал, қуала мені! –деп жыраны өрлей жөнелді. Борсаңдап тоқ «күйеу» қалды да, тастан тасқа орғып, жарау «келіншек» кетті. Құз жартас түбінен кеше көрінген ертоқымды екі ат бүгін жайдақ, екі жерде арқандаулы екен. «Жүйрігің осы болар» деген бір күреңіне жетіп барғанда арт жағынан айқайлаған жуанның зор дауысы шығып, барлық жартастарды жаңғырықтырды. Мақпал арқанның бір ұшымен күдір күреңді ноқталап жіберіп, шапанын тоқи сала ырғып мінді. Біреу ыршып кеп аш белінен жабыса түсті дәл осы кезде, ат үстінен жұлып кеп алды да, аяғын жерге дік еткізді.
Жартас үңгүрін паналап, ат бағып жатқан қызылкүрең бір қарақшы тағы бар екен. Ұйқыдан қанталаған қиық көзін Мақпалға қадай түсіп, атын қайта арқандады...
Үлкен қарақшының аласұра жетсе де аяй ұрған бір шапалағымен Мақпалдың қылмысы, екі шапалақпен «күйеудің» қылмысы кешірілгендей, жым-жырт қосақталып, қайта қамалып еді. Содан тағы екі күн өтіп, үшінші күн жеткенде сыртқа «күйеу» ғана шықты. Шыққанда да мықтап шығып, Мақпалға түскі шайдан басқа уақытта көрінбей, кешкі жатын орында ғана кездесті. Бұрынғыдай емес, кесірлей кездесті. Ұйқы бермей жалына берді Мақпалға: «жалғыз жатсақ қорқамыз ғой, бірге жатайықшы... тиіспеймін ғой!» деп жалынады. Жалынған баланы жазалау қиын екен. Қылқындырмай, шымылдық ішіне бірнеше рет желкесінен қысып қана сүйреп кіргізіп тастады. Онысына қоя қоймаған соң кеңірдек жағына үлкен ескерту айтқандай бір рет қана шиқылдатып қайтарып еді. Таңға жақын өзінің сілесі қатып, қатты ұйықтап кетіпті. Жамбасына қонған мысықтан ауыр, қозыдан жеңіл бірдемені сезіп ояна кетсе, бөлесінің бір саны екен. Арқасына жабысып, үшкір тұмсығын етке сіңіріп алған түйекенедей қадалып қатып қалыпты. Шынтақпен бүйірлеп, қабырғасына түйгілеп жіберіп, әрең ажыратты Мақпал. Мұндай өнерлінің кеудесін мықтап басып қоймаса, қатерлі болатынын білді. Көкірегіне қона сала екі қолын тізесімен басып алып, ал, шапалақтамаймысың. Кеңірдегін «ойбай» мен «аттанға» жібермей қысып, шиқылын ғана шығарды. Ішінен ілгінген есікті жұлқылап, аша алмаған жуаннан ғана жуан үн шықты енді.
- Қылқындырма!.. Ей келін, босат қолыңды, өлтірмекпісің!
- Ие, өлтіремін де, өлемін де! –деп Мақпал шақ ете түсті. – Ақымақ жиеніңді бұлай құтыртуыңды қоймасаң, біздің соңымыздан өзің де өлесің!
- Күйеуін ұра ма екен, Құдайдан безген!
- Құдайдан безген өздерің, бауырын әпекесіне қосақтай ма екен!
- Босат қолыңды, қоя бер!
- Мақұл, болсын, таңертең сен де қоя бер мені!... тірі тұрғанымда өз еркімнен тыс ешкімді де басындыра алмаймын! Мына ісіңнің аса қатерлі екенін ойла да, қайтар!
Жуан үн осымен тоқтады.
Өндіршектеуден бөлесі де тоқтағандай, ертеңіне кешті тыныш ұйқымен өткізіп еді. Енді шариғатшыл қатындарды әкеліп, өндіршектетпек екен. Үшінші күні түсте бір топ қатын сау ете түсті. Мақпалға бейтаныс екі кемпір бүбі «еркек киесі» туралы екі сағат хикая айтты да, емшек сүті араласпаған немерелерді қосатын шариғат туралы бір сағат сапылдады. Ал, Мақпалдың жауабына жарты минут та тиімді.
- Апайлар, бұл шариғаттарыңыз татар-өзбек байларының ғана шариғаты, бұған Омарбек пен менің соқыр әжемнен басқа қазақ мүриті табылмайды! –дегенше аузын баса қойды жеңгелері.
- Тәйт ары! –деп екі бүбі қатар зекіді де, үлкен қайнатасының атын «батпитып», «мүрит» дегендігі үшін екі-үшеуі жабылып шымшылап, додаға сала жаздады.
Молланы шақырып кіріп, ауыз үйге жүгінтіп те қойған екен. Төр үй есігін аштырып тастап, дереу неке оқытты. «Разымысың» деп сұраған моллаға күйеу атынан «разымын» деп орта жасты бір еркек жауап берді де, Мақпал атынан бір жас әйел жауап бере салды.
- Разы болсаңдар өздерің-ақ некеленіңдер! –дегенге ғана жетті Мақпалдың мұрсасы. Қасында отырған бір жеңге аузын баса қойды.
«Күйеу» атынан разылық айтушы еркек, «келін» атынан разылық айтушы әйелдің қайнағасы екен. Бұл күнәсі үшін Мақпалды өкіл әйел бассалып, аузын шымши берді. Тіпті тырнақтап та жіберіпті. Аппақ бет қып-қызыл қан болып көрінгенде, ол дауперімді тағы бір дауперім әйел бассалды. Тырнаушының беті де Мақпалдың бетіндей боялғанда ғана арашаланды...
Тату сампылдаса келген әйелдер өзара қату сампылдасып, күн еңкейе асты асудан. Іңірдегі дастарқанда жастау екеуі ғана қалғаны көрінді. Бұрынғы қара жеңгемен үшеу болып, Мақпалды «күйеу» көрпесіне кіргізді де шымылдық түсірді. Сыртынан сақшыдай күзетіп үшеуі қатар жатты. Шырақ өшті.
- Бауырым, тыныш жатпасаң жазаңды қолма-қол беремін! –деп сыбырлады Мақпал бөлесіне. «Күйеу» алдыңғы күні ғана көрген жазаны қайта көрмеуге ант еткендей іргеге қарап тоңқайды да, қозғалмай қорылдап қана таң атырды.
Жеңгелерінің ерте түрегеліп, ауыз үйдің тым ерте қозғалғаны Мақпалды елеңдетіп еді. Өзін түзге шығарғанда қомдалған екі түйенің есік алдына шөгерілгеннен сезді - «отауды» көшірмек екен. Асығыс жасалған шайдан соң оқалы камзол, үкілі желек, шытыралы камар, әшекей айшықты кебіс-мәсі әкелген әлгі үш жендет үш жағынан жалаңдап, басқаша порыммен киіндіре бастағанда бір-ақ түсінді, өзін басқа жаққа әкетпек екен.
Сырттан жуанның күбірін естіп келген біреуі үкілі желекті тымаққа ауыстырып, оқалы камзол үстінен олпы-солпы еркек шапанын кигізді де, Мақпалды сыртқа шығарды. Мырзалау ғана ер-тұрманды шардақ көк бие көлденең тартыла қалған екен. Аяғын тағы да ат бауырына таңдырмау үшін Мақпалдың өзі, еркімен мінді. Тізгіні өзіне тигенімен шылбыры тағы да жуан қарақшы қолында. Көз жасын үнсіз парлата жөнелді. Жетектеуші де айдаушы да, айқара басқан сұры тұман да жым-жырт, түксие түсті...
Біріне-бірі жалғасқан қожыр-қожыр бөктерлер, қиқы-шойқы, кедір-бұдыр керітастар арасында үзік-үзік соқпақтар. Үш күн басқан жолын үш жыл кезсе де қайта таба алмайтындай, басын айландырды Мақпалдың. Үшінші қоналқыға жеткен түкпірі – ендігі қамалатын абақтысы – иен қыстау екен. Бұған айсыз қараңғы түнде жетіп түскендіктен қай жақтан келгенін де білмей қалды. Жалғаса қаланған бірнеше есікті аласа тас үйлерден Мақпалға ортадағы кішкентай есік ашылды. Аяқ ауызындай ғана жалғыз көзді терезесі бар аядай бөлменің бір жақ жарымын ағаш креует алыпты. Бөлесін мұнан кейінгі кеңірдектейтін үйшігі осы екен. Сауыр адырларының біріндегі нағашы қыстауына осылай келіп қамалыпты.
Содан үш-төрт күн өткенде екі жағындағы қабырғалас үйлерге күзеуліктегі үлкен ауылдан екі отау көшіп келіп түсті. Бірі «ортаншы» делінген жуан қарақшының өз үйі де, бірі бөле күйеудің айтуынша кенже нағашысының үйі екен. Маймаңдаған семіз кемпірді екі келіні тар есіктен нығарлай кіргізіп, төсек алдында жалаңбас отырған Мақпалды көрсетті. «Шашу» шашты. Келін сиқында иба, илігу-имену дегендерден ештеңе сезілмеген соң, есікке дереу қайта бұрылып кептелді кемпір. Бұйрықты сырттан түсірді. Желек салу, жас жиенге жел беру, жасындырмау – басындырмау... тағы басқа не бұйрықтар бары белгісіз, әйтеуір Мақпалдың алғаш көрген тұйығындағы науқандар қайта жүргізілді. Бірақ, қос жеңге сыртынан құлыптаудан басқа міндетке сыпайылық сақтап, сыбанып кіріспегендіктен, бұл жолы да ештеңе өндіре алмай, Мақпалды желекке де көндіре алмай қойды.
Жеңгелікке әйелінен көрі Әбеу атты кенже нағашысының өзі спорлау екен. Мақпал ілген ішкі ілгекті сыртынан бұтамен ағытып кіріп, бір-екі түнде Әбеу жыландай ысқырды. Мақпалмен арбасып қатты айтысты. «Келіні кем түспей қойғандықтан, «дарынды» жендеттігін әшкерелемесін бе. Креуетта тоңқайып жатқан жиенін көтеріп әкеліп, жер төсектегі Мақпалдың үстіне екпеттете басты. Әрине, жүрекшайлы күйеудің өзі шырқырады мұнысынан.
- Әкетіңдер мына арсыздарыңды! –деп сыртқа Мақпал айқайлады. - Неткен тексіздік бұл! – Қабырғалас үйдегі кемпірдің құлағын кебісше кие жөнелгендей болды бұл сөз, ол үйден ол аю ақырғанда, есік алдында тыңдап тұрған ортаншы жуан жолбарыс күркіеді.
- Әбеу, қайт! Шық бері!
Дәл осы шақта Әбеудің босай қалған алақанының астынан мысықтай ыршып жиені шықты. Алды-артына қарамай қашып, нағашы шешесінің қойнына тығылды барып. Мақпалдың әлгі сөзінен сырттағы жуан шімірігіп, өз үйіне кіріп кеткен болатын. Бөлесін серпіп тастап, көрпесін қымтана қойған аппақ Мақпалға енді Әбеудің өзі төнді. Мұны үлкен деп сыйлаудың тіпті де қажет жоқ екендігін енді түсінді «келін». Дәл тұмсықтан теуіп кеп жіберді.
- Жеңеше, жеңеше! Балкүміс, құтқар мына тексізіңнен! –деп бар дауысымен айқайлады сонан соң.
Есікті шарқ еткізіп теуіп, шаңқылдай кірді жас әйел. Қайнағасы үйіне кіріп кетісімен есікке жетіп, тыңдап тұр екен. Дәу танауын қолымен басып тұрып қалған Әбеу, жармаса түскен әйелін шынтағымен қағып жіберді. Ішкі-сыртқы ащы тілдер астында аузы мен мұрнынан мыңқылдай сөйледі Мақпалға:
- Ңайтып ыңқояйың, ңосы кегің ңүшіүн ңөзім ңкүң тоқал ңетемін сені! Бадешке іңконбей ңкөрші ңқане!
Әйеліне жеңгесі келіп қосылып, ала жөнелді Әбеуді.
- Неғып жүрсің ей? –деді ағасы Әбеуге сыртта күбірлей кіжініп, сүйрей жөнелді оңашаға. – Осындай да масқаралық бар ма?
- Іңне деміп тілдегенін ңестімедің ме!
- Тексіз деді, бұдан да өткен тексіздік өтуші ме еді! –деп ағасы шарт еткізді шапалақпен. – Сенен басқа қай қазақ өңмеңдепті келініне!
- Ңеш қайсыңмызды ңадам құрлы ңкөрмей асқаңқтауына ңқалай шыдайсың! –деп бажалақ қақты Әбеу. – Еркектік намысымыз қайда!... Еңгер ңөз күйеуін меңсіңбесе, менің қалай қорлап ңайелденетінімді іңкөресің!
- Жап аузыңды! –деп ағасы гүж ете түсті. Шарт-шұрт, оңды-солды шапалақтан шегінген Әбеуде қатуланды енді.
- Ой, Әбдібай, ағалығыңды сыйлаудың шегі бар. Тап қысқарт енді!
- Қысқартпасам қайтпек едің! –деп інісін ағасы бассалғанда, сыртқа шыққан семіз кемпірдің дауысы естілді.
- Өй, әдірақалғырлар, не жетпеді сендерге! –дегенде-ақ тыныштала қалды екі дәу. – Осы мінездеріңді біліп-ақ келіппін-ау! Әбдібай, сен естілеу едің ғой, қарғам, қайта ғой үйіңе, анау бетсіз сұрының жазасын өзім-ақ берермін!... Бадеш! –деп шақырды сонсоң жиен баласын. – Сен де бара ғой отауыңа! Мақыш бір ашуын берер маған!
Бәдешті кіші жеңгесі «отауына» жетектеп әкеліп кіргізгенде, Мақпал шырақ жағып алып, есік ілгегін таспен ұрып жөндеп жатыр еді.
- Қорқып қалдың-ау, Мақыш! –деп күрсіне күбірледі кіші жеңге. - Мен бармын ғой, қайтер дейсің!... Сөйтсе де, сақтанғаның жақсы, қызыл көрген соң мұндайлар тіміскілер-ақ әлі! – Көйлек-штаншаң жалаңаяқ күйеусымақты креуетіне шығарып жатқызған Балкүміс үйіне қайта барып, тістеуік әкелді.
Мақпалдың есік ілгегін жақсылап иіп берді.
- Екі күшіктеген соң амалсыз байланып қалғаным болмаса... мен де көріп жүрмін-ау бұдан! –деп сыбырлады да, көз жасын сығып-сығып алды «жеңгесі». – Мінезі осы!
- Мені де сізше солай байлау үшін әкелгені ғой!
Мақпал осы күбірмен қыстыға еңірегенде маңдайынан сүйіп алған оймақ ауызды қып-қызыл Балкүміс, тілеулестігін айта шықты есіктен:
-... Сабыр ет шырағым, шама шарқым жеткенше көмегіңде болармын!
Алқам-салқам көп үйлі иен қыстауда жеті кейіпкерлі комедия осымен аяқтағандай түнекті түн тыныштығы орнай қалып еді. Ноябр соңына таман ауыл түгел көшіп келді. «Зорлайтын жеңге жендеттер енді көбейді-ау!» деген хаупі күшейе түсті Мақпалдың.
Сауыр жотасынан етек жайған қар бұл қыстауға да бір жауып салған күні тұтқын «келін» мен «күйеуі» тосыннан тағы да киіндірілді. Мақпал жеңгелерінің желек салуына қарсы шығып тұрғанында, есік сыртынан жуан ақсақалдың даңғырлаған кеңшілік үні естілді:
- Мейлі, желек салынбай-ақ қойсын, тымақпен-ақ барып қайтсын! –деді ол. Үйренген тымағын кептеп кие сала шыққан Мақпалға қою бурыл сақалды шал бағдарлай қарады да, сырт айланып жүре берді. Кішкене күйеудің таудай көретін нағашы атасы осы еді. «Жаңа келіннің» именсіз бадырая қараған шаралы көзіне түртіп қалғысы келгендей түйліге қарап бұрылды. Саптама етік, желбегей жамылған мол барқыт шапан, түлкі тымағымен сыртынан көрінгенде палуан денелі кісі екен бұл да. «Қайната деп танымасам да қайымсыз әдет көрсетсем нем кетер еді!» деген оймен төмен қарап тұрған Мақпалға тағы да сол көк шардақ, енді күміс ертоқыммен көлденеңдеді. Мақпал тағы да өз еркімен мініп еді. Сәнді киінген қоңқа танау сұры Әбеу қамшысын сүйрете шығып, дередегі атына ұмтылғанда жүрегі зыр ете түсті қыздың.
- Ей, сен қал! –деп Әбеуге зекіді ақсақал. – Ой, Әбдібай қайдасаң, бар, мына балаларды сен бастап апар! Бол, жүріңдер тез!
Бұйрық табанда орындалып, бала күйеу, Балкүміс, Мақпал үшеуін ортаншы жуан бастай жөнелді. Ақсақалдың батпақшылықта уақытсыз қыдыртып жіберген жері Сайырдағы Көнбай атты інісінің ауылы екен. Мақпал онда барып бүйімтайсыз-жұмыссыз бір апта қамалған себебін түсінбей, аса құсаланып қайтып еді. Артынан естісе, олар Сайырға аттанған күннің ертеңіне ауылға ұстазы Дүйсен келіпті. Оның Мақпалды іздеп шыққанынан алдын ала хабарланған «ұзын құлақ» сұмдар Мақпалды тасалауға қыдыртқан екен. Дүйсеннің келіп айтып кеткен сәлемін Гүлсана Мақпалға содан бір апта өткенде «түзге» шыққан уақытында әрең жолығып жеткізіпті. Биғанға дерегім жететін болды деп қуанған Мақпал содан бастап, Гүлсанаға кезіккен жерде мені суреттеп таныстыра берген екен.
Әбеу құтыртқан «кенесі» Мақпалға сол қыста екі рет қана жабысып, екі рет қана мытылып, шиқылдапты. Терезе сыртынан соны естіп, нағашыларының ақырғаны болмаса, бұл қыстан қысым көрмей шығыпты Мақпал. Балкүміс арқылы Жеменей сотына екі рет, Алтайдағы аймақтық сотқа бір рет арыз жолдап та үлгеріпті.
Қар кете келеді деп мені күткен Мақпал арыздарына жауап күтіп, ұйқысы қашып жүргенінде сұмдықтың үлкені көрініпті бір күні: Көктеуге ауыл көшесімен «жаңа отауын» Көнбай ауылына көшіре жөнеліпті. Өзінің сыралғы бөлесімен ғана емес, сұры тажалдай Әбеудің үйімен бірге көшіріпті.
Мақпал үшін ең қатерлі жаз басталды сөйтіп. Іргелес берік, ілгегі мықты там үй емес, айбарлы ері, иә, асалы қарты, салмағы-сақтығы бар үлкенірек те киіз үй емес, желге жеңсік, есерге ебелек көрінетін титтей отаусымақтағы күшіктей ғана күйеусымағын менсінбейтін сұлуға сұқ көз, сумаң қолдар көбейе бастады. Түнде іргені, иә, жабықты көтеріп кіріп, кезек-кезек сумаңдады. Жай ақылға көніп, кет дегенге кеми қоймайтын сұғанақ иттер де бар екен. Ондайларды өзі оқтаулап, бөлесін аттандатып әрең кетіретін болды Мақпал. Сол сумақылардың ең сотанақысы Әбеудің өзі болып еді. Оны артынан қуа жеткен Балкүмістің көсеуі, алдынан Мақпалдың оқтауы әрең қаймықтырып, зорға қайтарып жүрді. Ақыры Әбеу мен Балкүміс үш тәулік толассыз соғысып, айрылысу үшін Көнбайға жүгінді. Көнбай Әбдібайды шақырып, екеулеп соққылады да, ауыл молласының алдында ант шкізіп әрең тиды Әбеуді.
Басқа бейтаныс сұғанақтар торықты ма, зорықты ма, бұл сұлуды көндіруден әйелдікке айғырды көндіру оңайырақ екендігін түсінді ме, әйтеуір толастай қалды. Түнімен соғысып, таң ата талығып жығылатын Мақпал тыныштық таба қалып еді сөйтіп. Бірақ бұл тыныштық та баянды болмады. Шілденің ақырына таман біртүрлі мазасыздық тағы жетті Мақпалға. Бөлесі екеуін Көнбайдың бір ұлы айдап, бір ұлы жетектеп, уақытсыз қыдыртып әкете берді. «Биған мұнда да келіп тінтіп жүр екен-ау!» деп айқын сезсе де, үнсіз егілуден басқа лаж таба алмай, айдала берді Мақпал. Орман күзетшісінің жалғыз тамына да, қыстаулық, күзеулік жайылым күзетшілерінің лашықтарына да қамалып, он шақты күн серуендеп қайтарылды. «Биған мені таба алмай қайтты-ау!» деп онан сайын егілді. Тым болмаса менің сәлемімді Гүлсанадан естісе игі еді!
Көнбай ауылындағы күндер осындай сергелдеңмен өтіп жатқанмен, сергітетін үміткерлік істер де естілді. Балкүмістен өтініп, оның ең пысық деген бауырын шақыртты күзге таман. Алтай жерлік парткомға барлық ахуалын баяндап, құтқаруды өтінген арыз дайындады. Өзінің күзде, қыста, жазда табылатын адрестерін түгел айқындап, толық ескерту жазды. Шақырылған уақытынан біраз кешігіп, сентябр жарымдағанда жеткен бауырына Балкүміс арызды жерлік парткомға өз қолымен жеткізуді мықтап тапсырып аттандырды.
Сол балдызынан секем алған Әбеу, «Мақпалды игеру» қимылына қайта кірісті енді. Әйелін ұрып таяққа жығып тастаған бір күні бұрынғысынан өсіп, ержетіп қалған Бәдешті Мақпалдың көзінше ашық қайрады. «Жігітке өз келіншегінің қасына жата алмаудан өлген жақсы», «ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді», «соншалық намыссыз неткен ынжық едің! Күшің былтыр жетпеген болса, енді биыл толық жететін зіңгіттей жігіт болғаныңды білмеймісің! Мына сұлуды егер сен ала алмасаң, «ерден кетсе де елден кетпейді», мен аламын, ұғып қой!... Егер саған бәйбіше болғысы келмесе, маған тоқал болады. Басқа барар жері жоқ. Осыны екеуің де ойланып көріңдер!» -деді.
Мақпал да егеспен жауабын қатты қайырып, тірі тұрғанда берілмейтіндігіне серт айтып шығарды. Әбеу іңірде жиенін сыртқа шығарып алып, тағы да күбірлеп кіргізді. Ел ұйқыға жатысымен алысты бөлелер. Жанталас шайқас отауды шақырлатты. Мақпал бұл жолы астыға қаплыс түсіп қалып әрең аударды да, әрең шиқылдатты. Жан ашуымен қатты қылқындырып еді. Аз уақыт өтпей өзі шыр ете түсті. Бір күшті қол арқасынан сап ете түсті де бассалды. Ол бассалған мықтының Әбеу екендігі, іле-шала өзінің шалқадан түсіп аттан салуынан танылды. Оны аңдып тұрған тағы біреу бассалып, тепкілей жөнелген екен. Үшінші рет аттандауға мағдыры жетпей қырылдай қалды Әбеу. Соққыға жыққан екі малшы мырзаны есіктен сүйреп шығарғанда, ауыл адамдары шулы отауға қарай «домалап» келеді екен. Көйлек-штан үстінен қаптал шапанын желбегей жамыла мамырлап келе жатқан Көнбайдың алдына Әбеуді тастай ақырды малшының бірі.
- Не қылық бұл!... Келінін інісі үшін қайнағасы зорлау қайдан шыққан!...
- Қандай хайуанның ісі бұл! –деп малшының тағы бірі ұмтылды.
- Қарақтарым, Қазікен, Бәзікен сабыр етіңдер! –деп қалтыраған Көнбай, Әбеуден ант алған молланың үйіне қарай айқай салды. – Ой, моллеке, Жантас бері кел, бері кел! Мына ант атқырдың азғындығын көр!
Үйінен шығып молла айқайлады:
- Өй, байеке, анау келін-кепшіктің, балалардың алдында не дейміз, өздерің бері келіңдер!... Қазікен, «ашу алдында, ақыл соңында» мұнда келіп сөйлеселік!
Қазікен, Бәзікендер қылмыстыны сүйреп, іркілдеген Көнбай, Кенбайлар өздерін-өздері сүйрегендей ыңқылдай дедектеді моллаға.
Таяққа күндіз жығылған Балкүміс Мақпалдың үнін естісімен сенделектей түрегеліп, сыртқа шыққан болатын. Күйеуі «кіші отаудан» сүйреліп шыққанда ол кіріп, Мақпалдан көңіл сұрады.
- Бүгінше бармын жеңеше! –деп үн сала еңіреп жіберді Мақпал. Қараңғы үйде екеуі қосыла еңіресіп, сөзге мұрсалары келмей отырғанда сырттағы көпшілік молланың үй жағына кетіп еді. Екі жақ сөз бастасымен молла екі кемпірді Мақпалдан қылмыс анықтауға жіберіпті...
- Қайнағаңның еті дарыды ма, дарымады ма, қалқам? –деп біреуі күбірлеп қана сұрады Мақпалдан. – Ұлы істе ұят жоқ, бізге шынын ғана айтсаң болғаны! Өзіңде айып жоқ екенін бәріміз де білеміз!
Үлкен аналардан шыққан осы сөздің ұятынан жерге кіріп кете жаздаған Мақпал, тұқырып, түйіле түсіп, қалай сөйлегенін де сезбей қалды:
- Дарығаны несі, тірі тұрғанымда мұндай жабайылыққа жол бере қоямын ба? Бірақ, жабайы болғанда да... тіпті төбеттей ұятсыз... соған намыстанамын!
- Е, болды онда, ештеме етпес, түзелер бар жағдайың!
- «Жас өсіп, жарлы байымай ма» -деп екінші кемпір ғана зіл сездірді сөзінен. - Әлі-ақ бақытты боларсыңдар!
Екі кемпір шыға жөнелді осы жауаппен. Біраздан соң бөлесі әлдекімнің итермелеуімен қайтып кіріп, өз төсегіне сұлай кетті де, Балкүмісті Мақпал сүйемелдеп, өз үйіне кіргізіп қайтты. Есікті босағадан шандып байлап, өз орнына қисайды. Қайтадан жым-жырт бола қалды ауыл. Таң атқанда тіпті жым-жырт, түндегі оқиға сондағы қараңғылыққа сіңіп, сол түнмен бірге жым-жылас жоғалғандай.
Сол жым-жырттан жым-жырт, сұрлана-сұрлана күз ақырласты. Алғашқы қар жауды. Әбеу төсек тартып жата берген сайын сұрланған ауыл, тіпті жым-жырт. Заман жаңарғанын Қазкен, Бәзкендердің жауапқа тартылмағанынан біліп Мақпал жатты. Бұл ауыл қыстауына көшерде үлкен ауылдан көлік келіп, екі отауын көшіріп әкетті. Ердің қасына төрт жастық қойып өбектеп әрең жеткен Әбеуді көргенде әке-шеше, туыс-туғандары тіпті сұрланды. Жым-жырт, күн бұлай өте берсе, мына жендеттер өзін жемтікке айналдырмай қоймайтынын түсініп, Мақпал да сұрланды. «Басқасын былай қойғанда мына жаман Бәдештің бес жас үлкен өзімен жағаласатын болғанын көрмеймісің! Еркек емес пе, күші ертең-ақ асып, емін-еркін зорлайтын болатындығында күмән бар ма!... Балкүміс айтқандай «күшіктесе» күні не болмақ!... Осы қатерден тітірей беретін болды Мақпал. Мұндай зорлықпен лажысыз көндіру бар екен, әрине күшік өндіруде бар ғой. Онан соң тірлік не болмақ!...» Күшікті қыңсылатып тастап, сүйген жарға қалай тірі көрінерсің! ... Шипасыз қасіреттің емі тек өлу, өлу ғана болмақ!... Зорлыққа төтеп бере алмай жеңілген күні-ақ жерге кіруім жөн!» -осыны ойлап тітіреді Мақпал. Бесік күйеудің беті қалыңдап, күшейіп келе жатқанын көрген сайын тітіреді.
Мақпалдың осылай қысылып жүрген шағында Гүлсана, айтар сыры барын сездіре жалтақтап, әудем жерден қарағыштай жүрді. Әбеу соққыға жығылып келгеннен бері тіпті аларған көздер, оған Мақпалды «дүзге» барған шағында да жақын келтірмей қойған. Гүлсананың бір хабарды жеткізе алмай тықыршып жүрген жайын сезген Мақпал да тықыршып, Балкүміске жалынды.
- Жеңешетай, әнеу үйдің қызынан сұрашы, маған келген хат бар ма екен!
- Келсе де айтпайды ғой, маған сенбейді!... Онан да, мен ауырдым деп сені суға жұмсайын. Оған сен өзің ғана жолық!
Сай тағанындағы бұлақтан су тасу құқығы Мақпалға соның ертеңіне таңертең иінағашпен бірге тиді. Қар қалың түсіп, сырттан келетін жол беки қалған күн еді. Сонда да текше төріндегі үй төбесіне Әбдібайдай айбынды қарауыл орнаған соң шығарылыпты. Гүлсананың үйі бұлаққа түсетін жалғыз аяқ соқпаққа жақын шетте еді. Жолға түскен Мақпалды көрген шешесі қарауылдағы жуанға да баспалай қарап қойып кірді үйіне. Мақпал ол кірген есікке көз қиығымен қарай-қарай өтті.
Сайдан ол қайта өрлеп шыққанда әрең көрінді Гүлсана. Шелектерін иінағашпен бұлғақтатып, әдейі тентектене даңғырлатып келеді екен. Жақындай бере Мақпалға жол бергенси омбылап тұра қалып сөйледі:
- Мақыш, жазда Биғабіл аға келген. Айтарлық қуанышты хабарым бар еді...
- Рахымет жаным! –деп Мақпал өз жолына үңілген беті жылжып жүре жауап қайырды. – Қағазға толық түсіріп, менің қызыл тал тұсына бұрылғандағы бірінші ізіме көме ғой! Өзің сол ізді басып өт!...
Мақпал ол бұрылыс қадамын белгілі кесек тастың түбіне басқан екен. Суға ертеңіне кешке жақын барғанында бес тарақ қағазға жазылған кесек хат тауып қайтты.
Сауырға менің барғанымнан қайтқаныма дейінгі барлық ахуал мен Гүлсанадан айтқан сәлемім түгел жазылыпты. «Отауына» қайта қамала сала оқыған Мақпал алдымен хатты сүйіп-сүйіп алыпты да, құшақтай алып діңгекті сүйіпті... «Жоқ, енді ешшкімнен де жеңілмеспін!» депті сонан соң. Бұл сүйегендігі өмірге деген құштарлығының еселеп артып қозғаны екен. Содан кейінгі уақытта үш рет шабуылдаған бөлені үш рет жаныштап, жүрегін бір жолата қайтарыпты.
Январ жарымдағанда Әбеу жазылыпты. Бір күні түс уақытында «отау түрменің» есігінен кіжініп те кетіпті.
- Енді көресің менен!
- Көрсетпек болсаң енді өлесің! –депті Мақпал ашық дауыспен сақ ете түсіпті. Гүлсана мен хат жазыса жүріп, ықшам ғана шойын шоқпар тауып қайтқан екен. Бірақ, Әбеу «көрсетер» түніне жете алмай, шоқпар жей алмай қалыпты. Содан екі күн өткенде ел жата байдың үйі дабырға тола кетіпті. Екі-үш адамның аяқ сықыры Мақпалдың есік алдына келіп, құлып ашылыпты.
- Есік аш қарындас, қорықпа!... біз сақшы қызметкеріміз! Арызың бойынша құтқаруға келдік!...
Мақпал арқалықты шанаға жайғасып отырып, қасқыр ішікке оранып алып, зырлай жөнелгенде ауылдан ешкім шықпапты сыртқа. Мықтылары қорқып шықпаса, шеттегі қоңсы үйлері сезбей де қалған сияқты. Мақпал түскен шанамен қорғаушы он атты әскер Жеменей сақшы мекемесінде қалыпты да, шофердан басқа құралды бір жауынгер мен екі әйел отырған кішкене машина Мақпалды аймаққа (Алтайға) ала жөнеліпті.
Екі күн өткенде соттан көрініпті бөлесі. Нағашылары мен төртеу болып келіп қамалған екен...
Әйелдер қоғамының бір бастығы Мақпалды тергеу біткенше үйінде ұстауға міндеттеліп еді. Түсі суық жуандар сол үйге де үңіле берген соң, сақшыдан күзет қойыпты. Содан 4-5 күн өткенде үй иесі сұрлана кіріпті сырттан. «Маған өшікті» дегеннен басқа ештеңе айтпай қайта шығып кеткен екен. Жепаңжүнше киінген бір ханзу әйел іңірде келіпті де, Мақпалдың басынан сылап, өз үйіне апарып қорғайтындығын айтыпты.
Мақпал бесік күйеуден азат болғандығын да, бұл қыста Дөрбілжінге қайта алмайтындығын да сол үйде естіпті. Бір аптада маған екі рет хат жазыпты да, поштаға сол «мамасын» жіберіп салдырыпты. Өзіне лайық оқу құралдарын «бабасы» арқылы тауып, үйден «жалғыз шықпай», «қатерге ұшырамай» оқып, жаз шығарыпты.
«Мен сұрастырып, естіп біліп жүрмін», -депті «бабасы», Мақпал түсінетін болған ханзуша тілде. – «Саған қастық дайындағандар аз емес. Сен Үрімжіге барып, партия мектебінен оқы, Дөрбілжінге сол жақтан қайт!...»
Мақпал бұл ақылға да көнген болыпты да, маған тағы да хат жазып, «мамасына» ілесіп барып, өзі салыпты поштаға. Бір айдың ішінде менен бұл хатына да жауап ала алмай, Күмәнмен торыға бастапты. «Масқараға ұшырау үшін болмаса Дөрбілжінге енді кіміме бармақпын, байқайын!» - Үрімжіге – партия мектебіне барып оқуға осылай бекіпті. Жүрер кезінде маған тағы да хат жазып, «керек болсам, мені енді Үрімжіден – партия мектебінен табасың!» деп жазыпты да, «мамасының» сіңілсіне тапсырған хатын алып, «бабасы» дайындаған белетпен аэропланға шығыпты... Үрімжіге келген соң тағы да екі рет хат жазыпты маған...

* * *

Мақпал менің шырақ жағылмаған күңгірт жатағымда әңгімесін осылай аяқтатты. Сұрау қоя қарады жүзіме.
- Менің Алтайдан жазған хаттарымды Әбеу жыланның туыстары жұтып алды делік. Дүйсен ағайға жазған хатымды Әлімбай жұтсын. Ал, мұнда келіп жазған хаттарым Дөрбілжіндегі үйге неге тимейді?
- Алтайдан жазған хаттарыңды да түгелімен Әбеулер жұтқан емес, -дей құштым жанқияр жарды. – Кемінде бір екеуін Әлия дейтін күндесің жұтқанынан дерек бар. Ол, хат түгіл, менің өзімді де жұтып қоя жаздаған. Хатыңның кейінгілері де соның қолына түскен шығар!...
- Сондай «досымыз» тағы бар ма еді?
Екеуіміз жабыса түсіп, қатар күлдік. Менің намыстан жүдеген жеңіліс күлкім тез тиылды. Былтыр осы айдың бір таңертеңінде назадан Көк жусанды жұлған жұлысым елестеп, бетім мен құлағым қыза түсті, «азғындық!» деп жіберіппін. Нұрлы көзін кең аша қараған Мақпал кезек-кезек шөпілдетті екі шекемнен.
- Мен сол шидің ішінде отырмай, атты қуғыншының ешқайсысына шалдырмайтын сенімді жүйріктің үстінде маңымды шолып қана отырсам, олар көрінісімен-ақ тебініп қалып ызғытып, жарып шығар едім де, шаңымнан да адастырып, қалаға бір-ақ тартар едім ғой! Онда, онда, бұл жапа жоқ еді ғой бізге! Өзімнен болды бәрі де, сол сәтті жіберіп қоюымнан болды! – Күрсініп жіберіп көкірегіме басын сүйеді Мақпал.

Мәртебелі тергеушім, өзінен әлдеқайда күшті зорекермен ар үшін, жар үшін өлім-өмір шайқасына түскен жанқияр жар алдында менің қорланғандығым соншалық, өзімді жиренішті қара жүректердің бірі екенмін деп қалдым. Жардың мен үшін арпалысқа түскен сол шағы, менің салдақы Әлияны жалаңаштап мәз болып жатқан шағым екен ғой! Жасырын қарақшылық, қаражүрек шенділердің негізгі белгісі емес пе. Ұлы мәртебелі сіздерге сәл ғана ұқсай қалған мұндай қара тектіліктен ақ өлімнің өзі жақсы еді ғой! Маған біткен еркектік қару-жарақ тұла бойы тұтасымен қылмыс екендігі енді айқындалған-ақ шығар!


IV


Қызыл-жасыл ұрандар мен көше тағы да жайнап қалды. Қызыл-жасыл, сарала қатпарлы қағаз айдағар тағы да бұраңдап, қызыл-жасыл таңқы құйрық бишілер «тышш.таң-таң» ға тағы да бұлтыңдай шықты көшеге. Көне қытай биімен бұлай бұлтыңдаушылардың «тарих тапсыру» науқаны жалпыласқаннан бері тіпті көбейгені көрінді. Бір сыпыра әйел бұрымдары кесіліп те үлгеріпті. Құйрықтары ғана емес, енді желкелері де таңқиған екен. Жер помещиктерден егушілерге тигендігін тойлап, азат егіншілерді коперативға ұйымдастыруға толғап шыққаны еді бұл.
Ертеңіне таңертең күтпеген уақытта жатақханама Мақпалым кіріп келді. Бағдарламадағы теориялық сабақтары бітіп, осы науқанға қатынасу дайындығы үшін бүгін бір күн босатыпты. Ауыл шаруашылығын коперативландыру қызметіне, практика ретінде, көмекке шықпақ екен.
- Біздің атрет Тарбағатайға бөлінді, ертең таңертең жүретін болдық! –дей келіп күрсіне отырды креуетке – Сенің қасыңда тым болмаса екі-үш күн демалып, арттарынан баруыма рұқсат етпеді! –дегенінде, алқызыл ерні үлбіреп, еркелеген шыраймен сәл ғана бұртиғаны байқалды.
- Зыдауяныңа айтпадың ба, ол кісі ахуалды біледі ғой?
- Зыдауян айтса да бізбен бірге жүретін атрет бастығы көнбей қойды. «Әсіресе коллективтестіру қызметі өте асығыс. Көктемдік егіс науқаны басталғанша, осы айдың ішінде бітіруіміз шарт» дейді.
- По-о... осы жиырма неше күн ішінде ғана коперативтендіріп үлгере қоймақ па екен! –деп қалыңдықты құшақтап, қыса түстім. - Идеялық тәрбие жүргізбей-ақ былай қысып, қоса салмасаңдар қайтып бірікпек!
- Ондай дайындық... қызметтер бітіп... қалыпты, -деп сөйлей алмай Мақпал ышқынды. – ақырын қысшы, жаным... сөйлеп болайын!... Егіншілер көпшілігі помещиктердің үстінен күрес жиынын ашқанда-ақ бірлесіп кетеді дейді. Кадр көп екен. Бір үйге бірден үгітші қойсақ та жетеді дейді... Бір құпия ескертуде ол біткен соң малшаруашылығына да реформа жүргіземіз дейді!
- Қайтып? –деп қалдым мен. Құшағымды жазып, жүзіне аңтарыла қарап қалыппын. – Қазірше, «малшаруашылығы тапқа айрылмайды, мал үлеске түсірілмейді. Мал иесі мен малшыға тең байланыс жасалады» деген орталықтың саясаты қайда қалмақ?
- Біз де алғашында осы саясатты оқып едік. Өзгерткен сияқты ғой, соны айтып сұрау қойсақ, Шинжаңда малшылық пен егіншілік бір сипатты. Реформаны бірге жүргізе берсе болады дейді. Бір ұстазымыз тіпті «жер иесі, мал иесі – бір иелік» деп күлді. Қайтсе де жоғарғы жақтың ісі ғой, қоя тұрайықшы, барғанда көрерміз! Ал, мал шаруашылығын да егіншілік сияқты былай қысса, фермаға айналып бірігіп кететін шығар! –деп мені енді Мақпалдың өзі қыса сықылықтады.
- Бұл жазда маған тағы да жоқпын деші! –деп мен күрсіне құштым, шөпілдетісе жөнелдік. Желкесіне түюлі шашына ғана киген көк қалпақ түсіп қалды да, қарақоңыр ұзын бұрымын менің иығыма, мойныма өз қолымен тәптіштеп орай отырып сөйледі қалыңдық.
- Айытпақтайын, шашты бұлай өру, төңкеріс кадрларына лайық емес, феодализмнің үлгісі дейді. Әсіресе реформа кадрлары мұндай тоғышарлықтың бәріне қарсы тұру керек деді. Сабақтастардың көбі бұрымдарын қиғызып тастады. Мен сенімен ақылдасайын деп келдім.
- Ақылдасатын не бар, өзің білесің!
- Бұған да екеуіміз ортақпыз дегенсің ғой!
- Құқығың өз меншігіңде ғой, сәулешім! Бірақ, төңкерісшілдік пен кері төңкерісшілдік әйел бұрымымен өлшенсе, одан зор ақымақтық болмақ емес.
- Бәсе, күзеуге сен де қарсы екенсің ғой! –деп Мақпал сықылдағанда айқастыра ораған қос бұрымын мойнымнан ажыраттым. Қос уысыма жиып, бетіме қастерлей бастым да, тәптіштеп арқасына түсірдім.
- Мұны қалпаққа да түрмелеме, осылай еркімен бұлаңдай берсін!
Түрегеліп барып чемоданнан Мақпалға арнап жасырын тіккізген киімдерімді алып бердім. Осы маусымдағы бешпеті мен белдемше көйлегі де, алқызыл кофтасы да, туфлиі де сайма-сай, бұрынғы Нұрияштың формасы еді бәрі де. Шаралы көзі шар айнадай жайнап, қызғыш тарта, аңтарыла қарап отырған Мақпал күліп жіберді.
- Біліп қойдым. Менімен ақылдаспай, өзің дайындауыңа қарағанда, Нұрияшша жасандырмақ екенсің!
- Дәл солай. Ал, мен, мекемеге барып, бүгінгі ең қымбатты күніме рұқсат алып келейін! Есікті іліп алып киін!
- Суреті барма еді?
- Бар, тапқамын!
- Әкелші!
Нұрияның Күләннан табылған толық фото суретін жол сөмкемнен алып бере сала жөнелдім. Қайтып келсем, есік ілгегі әлі де ағытылмаған екен. Екінші рет шерткенімде біз өкше туфлидің лыпылдай басқан жеңіл тықылы естілді. Есікті ашып жіберді де, жымия шегініп барып, көлденеңдеп тұра қалды.
- Ұқсайтын сияқтымын ба?
Алды-артынан да, қырынан да қарап алып құшақтадым.
- Дәл өзісің!
- Парқымыз бар екен! –деп күрсініп, жүзіме бағдарлай қарады да, қолындағы Нұрияның суретіне үңілді. Суреттегі жар мен тірі жарға кезек қарап алып сөйледім.
- Ол сәл еттілеу ғой, теңеліп кететін парық! Қайта оның мұрны сәл доғалдау екен. Бұл мүше жағынан сен сұлусың!
- Жоқ, түрімнің пәлендей артық жері жоқ. Әйтеуір, мұншалық асылыңды жоқтатып, сені жүдетпейтін сиқым болса, болғаны ғой. Бірақ, қалай екен, күндегім келді! –деп сықылық қаға тығылды қолтығыма. – Сондай бір жиркенішті сезімге келе қалғанымнан қорқтым өзім. Өлген адамды күндеу, өлімтік болатын адамның мінезі емес пе!
- Дәл таптың, жаным! Сол сықылды тағы бірін айталық: досты күндеу бос кеуде қуыс көкірекке тән психика.
- Расында да солай болып қалар ма екенмін! –деп күрсінді Мақпал. – Бұл мектептен тек тап пен таптық күресті ғана оқыппын. Нұрияш мархұмның білімділігі мен мәдениеті тұрған тұрысынан да көрініп тұрады екен.
- Бұл жағынан әлі асып та түсесің!... Жоғары мектепте оқисың!
- Енді оқимын десем, сені... тойдан кешіктіріп қоямын ғой! Осыншалық күттіргенім де жеткен шығар!
- Жоқ, енді олай зарығудан Құдай сақтар. Тұрмысты болып тұрып-ақ оқи бересің!
- Бірақ, онда....
- «Бірағыңды» жеңеміз!...
Есік шертілді бір шақта. Рұқсат үнім шығысымен кіріп келді Күлән мен Ақия. Мақпалмен қатар ыршып тұрыппын. Қызғыш тарта қараған Ақия ұзын кірпігін лып-лып қағып тұрып қалды. Күлән аңыра қарап жылжи берді. Мақпалдан көз алар емес. Амандасуды да ұмытқандай. Қасына келіп тоқтады. Жасаураған өткір қара көзін сүртіп жіберіп үңілді. Ерін жыбырлатып амандасқан Мақпал, жауапсыз тесірейген сұқ көзден тайсақтағандай төмен қарай беріп еді. Екі алақанымен екі шекесінен сылай ұстаған Күлән, маңдайынан сүйіп-сүйіп алды.
- Кешір, сіңілім, бір аяулыма ұқсатып... есімді жия алмай қалыппын! – Көз жасын төгіп-төгіп жіберген Күлән сырт айланып, бетін баса өксіді. Күлген болсам да көзімнен қос тамшы ыршып түсті. Құшақтай алдым Күләнді. Оның маңдайынан мен сүйдім де, Мақпалға таныстырдым:
- Естігенсің, Нұрияш, мынау Күлән әпекең!
Мақпал лып етіп барып, иіле ұсынды қос қолын. Күлән қаусыра құшақтап алып сүйе берді. Нұриялық бет мүшеден біраз парықтылау сұлу мұрнынан басқасын түгендеп өпкеніне қарап күлдім. Күтілмеген көріністен ыңғайсызданып тұрып қалған Ақия да келіп, қолын алды Мақпалдың. Ақияның аты мен «қызметтес» екендігін қосып таныстырып едім.
- Атың да - Нұрия ма? –деп Күлән Мақпалдың тұла бойын зерттей қарады енді. Мақпал жауабын сық-сық күліп жіберіп қайырды.
- Өз атым - Мақпал.
- Түсіндім! –деп Күлән маған жымия қарады. – Бүгін біздің үйге фокстык ойын көрсету үшін дайындалып жатқаның екен ғой! –деп келіп отырды орындыққа. – Киімді тіпті ұқсатыпсыңдар!...
Мақпал столға кішкентай дастарқанымызды жасады да, прандік, конфет әкеліп қойып, термостан шай құйды.
- Жүрісі де аумайды! –деп күбірлеген Күлән, қай жерлік екенін, Мақпалдың өзінен сұрады. Алтайдан партия мектебіне оқуға келгенін естіп, тағы да үңілді.
- Расыңды айтшы, жаным, Нұрияштың сіңілсі емеспісің?
Мақпал сықылықтап күліп қана қойды да, «Тарбағатайда туылып, Алтайда оқығандығын» мен айттым. Мақпал екеуімізге кезек-кезек қарап, үнсіз отырған Ақия «қайтайық» дегендей ым қақты Күләнға.
- Біз мына жақтан келе жатып, жолдан ахуалыңды біле кетейік деп кіріп едік, -деп Күлән маған қарап күлімдеді. – Нұрияшымды қайта көремін деп ойламаппын!.. Жүріңдер үйге!...
- Әпеке-сіңілі болып осында-ақ отырыңдар бүгін. Нұрияш Шәуешекке таңертең ерте жүрмек, тоқымын қағалық! –деп Ақия екеуіне кезек қарадым.
- Тірілгенін шешесіне де көрсетейін, тоқымын сонда қағамыз! –деген Күләннің қолқасына Мақпал екеуіміз қосыла күлдік те, ілесіп шықтық. Ақияның Мақпалды көріп, көңілсізденіп қалғандығы ашық көрінді былай шыға бере. Күләнға «мектепте өтейтін сабағы барын» айтып кетпекші болды.
- Бүгін түстен кейін бос екендігіңе дәлелім бар, Ақияш, -деп барып қолтығынан тарта жөнелдім. Күлән мен Мақпал өзара сөйлесіп, артымыздан ілесті. Күбірлей сұрадым Ақиядан. – Неден көңілсіздендің?
- Жоқ, ешқандай! – Төмен қарап күбірледі Ақия. – Ертеңгі сабаққа дайындалмақ едім!
- Оны іңірде көрерсің. Мынау бес жасынан бері 17 жыл бойына феодализмнің түрмесінде жатқан қыз. Соның қасіретінен құтылғанына 20 күн ғана болды...
- Сізбен қашан танысқан?
- 48-ші жылы жазда «түрмесінен» ұрлап көріп қойғанмын.
- Бізге айтпайсыз!
- Қалыңдығының ұлы тірлігінен хабар ала-алмай жүрген сұм жігіт, «ей, қалайық, менде қалыңдық бар!» дей ме екен!
- Ақияның сөлкебай меруертті үні ашыла сыңғырлағанда өзім қосыла сақылдаппын. Бірге күлерлік тыңдаушымыз бар ма екен дегендей арт жағымызға қарасақ, Мақпал, көрген түрмесін шағына «жырлап», Күлән егіле жылап келеді екен. «Жаңа ғана өлген байларының қазасына» көңіл айтып күлдірдім...
Күләннің шешесі Мақпалды алғашында бассалса да, басқа Нұрияш екендігін тез айырды.
- Бәсе, ол қарашығымның қаза болғанына міне жеті жыл өтіпті ғой, қайдан мұндай талшыбық қалпында келе қойсын-ау!... Сонда да бетіңнен сүйейін балам, ұқсайды-ақ екенсің! –деп емірене сүйді бетінен. - Өмір жасың ұзақ болсын, бақытты бол, әдебіңнен айналайын!..
Бұл үйдегі отырыста Мақпал өзінің сыншылар алдында әзіл-қалжың, әңгіме-сыр жақтарынан ұтыла қоймаса да, ән жағынан недәуір қыспақ көріп қалды. Әсіресе, Ақия жеке ән салғанда көзінің шарасынан шығып кете жаздағанын байқадым. «Мархұм Нұрияш осы әнді бұдан да көркем орындаушы еді!» деп Күлән күрсінгенде, Мақпалдың көзі жасаурай бадырайып, маған қарап жымиды. «Тірі Нұрияш» болып табылғандығы үшін қалай да бір ән орындатуға Ақия көп күшеп еді. Мақпал күлдіргі әңгіме айтып беріп құтылды.
- Мен ес білгелі «аю бүбі» аталған әжемнің «әнінен» басқа әнді жақыннан естіп көрмегенмін, -деп күлді Мақпал. – О кісінің «әндері» тым «мәдениетті» еді. Кітап оқып отырғанымды көргенде, «ей қыз, енді қысқарт!» дейтін «әні» аса жоғары дауыспен айтылатын. Ауылда той болып жатқанда «ойбай белім-ай!» дейтін әнін көп орындайтын. «Уқала ойбай, уқала!», «бассаңшы мына жерімді!» дегендері сол той тарқағанша тоқтамайтын. «Шықпайсың сыртқа!», «барасың берген жеріме!» деген әндеріне мүлгітпей қоймайтын. Сол «думаннан» құтылғаныма жарты жыл, өз еркіммен жүре алатындығымды сезінгелі жиырма күн ғана болды. Сенсеңіздер екі-үш адамның басы қосылған сауыққа қатынасқаным осы ғана. Қазірше әу дей алмаймын. Мына «тұрпайы» әндеріңізді үйренгенімше кешіріңіздер!
Мақпалдың осы өтініші көп күлкімен, аздаған көз жасымен қабылданды. Оның есесіне салмақ маған түсіп еді. «тірі Нұрияшымның көзін қызықтырып, Мархұм Нұрияшпен бірге айтылған әндерге бастадым да, Күлән мен Ақияны қайта еліктіріп, өздеріне айтқыздым. Қуанышы жайнай ашылған шырайынан көрінген Күлән Мақпал екеуімізді құттықтайтындығын аса ыстық ықыласымен білдірді. «Сен енді мені туысқан әпекем деп біл!» деп құшақтай отырып, ет асатты Мақпалға... Күн батып, кеш түсті. Ақия қайтқан соң, Мақпал екеуіміз де ымдастық... Жатаққа қайтып кеп кірісімізбен Мақпал мені құшақтай алып күлімдеді.
- Анық білдім ғой деймін!
- Нені?
- Енді үш-төрт ай кешіксем, маған сен жоқ екенсің! Мынандай қыз ерік алдыңа қояр ма!... Неткен әнші, неткен сұлу! ... Өзі жоғары мектеп оқытушысы, білімді ғой және!... Тамаша қыз!... Өзіңді қыз маңайлап жүргенде шыдап, мені күткенің үшін... осындай бола алсам!...
- Жоқ, білмепсің! –деп мен сүйдім. – Қазір-ақ бұдан әлдеқайда артық екеніңді білмепсің!... Ондайлар садаға кететіндей сұлулығыңды білмепсің!... Ақылдың айнасы екендігіңді де, мұнан соң білімнің кені болатындығыңды да...
- Бұл жағынан тырысармын-ақ, бірақ осындай әнші бола алармын ба?... Өзің де әнші екенсің ғой... қайтып күттің екен мені!.. Сертке беріктігің ғой, жаным!
- Шындығында ол қыздан Күлән сұлу екендігін түсінерсің әлі Нұрияшым! Егер өзің сол бетіңмен табылмай кетсең... мүмкін, осы жесір әпекеңнен басқаға қарамас едім.
- Ие, жаны асқан сұлу, асқан мейірімді екен!... Сенен жасы үлкендігіне қарамағанда...
- Жоқ, жасы үлкен емес!
- Енді қайт деп тұрсың маған? –деп сақылдай күлді Мақпал. - Қазір-ақ жібере қой демекпісің?...
Қалыңдықты таңертең күн шыға мектебіне жеткізіп салып қайттым. Біреудің тағы бір қастығына ұшырап қалмауы үшін, қызмет бөлісінде өз ауылына шығып қалудан сақтана тұруын тапсырдым...
Уәде бойынша апта сайын хат келіп тұрды. Хат емес, әр апталық қызметтің доклаты сияқты. Шәуешек ауданының бір егінші районына бөлінген он кадірдің бірі болыпты. Сондағы істеп жатқан істерін күлкі етіп баяндай берді. «Қызмет группасы» келісімен-ақ жер реформасында үйренген әдеттері бойынша кедей, жалданба егіншілер жиылып қоршай қалады екен. Ешкім сайламай-ақ белсенді екендіктері сол ынталарынан көрінеді. Бұл шақта төмен орта, орта егінші аталғандар маңдайлап келіп, әр тұстан сығалап жүрсе керек. Кадрдан жиылыс сөзі шығысымен сау ете түседі екен. Көпшілігі жарқырап, коллективтесуге разылықтарын байқата келсе, бірнешеуі қалтырап, жекешілдік идеясын байқата келеді. Ондайларды «жоғары орта!» , «жоғары орта!» деп белсенділер бәсекелескендей жарыса күбірлеп таныстырады. Жарыса шыққан күбір, секемшіл құлаққа айқайлағандай естілмей ме. «Жоғары орта» делінгендер сұрлана елеңдейді екен.
Коперативтену туралы баяндама жасаушылардың алғашқы сөзінен жүректері орныққандай жадырай қалады ондайлар. Егістік жер, егіншілік сайман, күш-көлік қана бірлестірілетіндігін, оған да қатынасу-қатынаспау әр егіншінің өз ықтиярында болатындығын сөйлегенде жадырайды. Ал, баяндама соңында «жеке егіншілерге су беру-бермеу құқығы коперацияның қолында болады» деген ескерту айтылғанда сұры тұман қайта басады.
- Шырақтарым-ау, коперацияға кіру-кірмеу әркімнің өз ықтиярында дегенің қалай, егіншінің қаны есептелетін су коперацияның ғана билігінде дегенің қалай? –деп дауласа кетеді бірнешеуі.
- Солай, коперативке қосылу, коллективтесу жақсы дегеніміз сол! –дейді кәдір мүләйім ғана үнмен. – Жекелерге су коперативтен асқанда ғана тиеді. Аспаса, әрине, лаж жоқ.
- Қате болса кешіріңдер, шырақтарым, коперация қатынаспасаң, егін екпей жата қал, кеуіп-семіп, қата қал деген сөз ғой мыналарың, қайдағы еркіндік! –деп салады кей бір сұрланушылар.
Абзалдығын көрсету арқылы ұйымдастыруды ұқтырғандығын мен жәй ескертіп қана жаздым.
«Біз де солай оқып едік. Орындауымыз солай болып тұр» -деп Мақпал жазыпты. – «Қолым мен аузым екі басқа дене болып кете ме екен деп қорқамын. Бірақ, коллективтендірудің осы әдісін өз ауылымда бір қолдануға құмарлығым да жоқ емес. Өз әкем мен бұзық Әлімбайдың алдына Омарбекті тұрғызып қойып бір тергесем, байлаушылармен шапалақшылар аз болмас еді-ау, бар қылмысын өзіне-ақ ақтарғызар едім ғой!»
Мақпал маған осыдан кейінгі аптада жазған хатында егіншіліктегі қызметтер зор табыспен аяқтағанын жазыпты. Табыс болғанда да тапқан «кері төңкерісшілері» қоралап айдалған көрінеді. Енді мал шаруашылық реформасына аттанғандықтарын жазған Мақпал, содан 4-5 күн кейінгі хатында мал шаруашылық реформасының ісіне кірісе қоймағандықтарын жазыпты. «Әр байдың малын анықтап тізімдеп, аудандық парткомға жолдап жатырмыз» депті.
«Жолдаған тізімдеріміздің жолы болатын сияқты» деп жазыпты сонан соңғы хатында. Ұсақ малы 500- ге, ірі қарасы елуге жеткен, бұған орташалар түгел қарқылдайды. Бұл күлкіге белсенділер шамданып түгел шақылдайды.
Күн батысымен күрес жиыны ашылады сөйтіп. «Жетім қалдырылған» бай егіншілер мен «қарсыласқан» әлгі «бұзық элементтерді» қатар тұрғызып қояды да, қамалып жатқан помещиктерді абақтыдан шығарып әкеліп, сол қатардың ең алдына тұрғызып тергейді. «Осы қасқырдың құйрығы сендерсіңдер!» деп бай егіншілермен «бұзықтарға» қайрыла ескертіп қойып соққылайды помещикті. «Құйрық» аталғандар «бастарға» таяқ тиген сайын бүріседі. Өздеріне таяқ тие қоймаса да «енді тиер-ақ» деп бүріспесін бе. Сол бүріскендерді көріп отырған керенаулар ертеңіне ерте жүгіреді екен тізімделуге. Бүріскендердің кейбірі, тіпті, ұйықтай алмай, таңды басқарма есігінің алдында атыратын сияқты.
Мақпалдың жазған хаттарында егін шаруашылығын коллективтестірудегі осы епті зорлаушылық күлдіргі әңгіме ретінде суреттеліп келіп тұрды. Оның дұрыс-бұрыстығы жөніндегі өз пікірін айтпай-ақ жаза берді. «Егінді жеке егемін десең, өз ықтиярың. Бірақ, су кооперативінің ықтиярында» дейтін бұғалық, орталық комитетің нұсқауында жоқ екендігін, бастан-аяқ ерікті түрде, коператсияның байларды аудандық үкімет «жиынға» шақырып жатыр екен. Бұрынғы мыңбек, жүзбек болғандар мал саны ол өлшемге жетпесе де шақырылыпты. Сақшы келіп әкетіп жатқандықтарына қарағанда жиын емес, қиын жерге шақырғаны байқалады. «Мал иесі» деп атапты өздерін. Және шақырылып кетісімен үйі бақылауға түсіп, малын кадрлар күзетеді екен.
«Малды азайту мақсатындағы бұлан-талан көбейіп барады» деп жазыпты тағы бір хатында. – «Ондайларды ұстағанымызбен тиылым жоқ. Қамасақ қорамызға, айдатсақ түрмеге сияр емес. Халықтың райынан өзімізге де қатер сезілетін болды. Әйтеуір құралды қорғаушыларымыз жетерлік».
Мақпалдың осы хаты мен семиялық жағдайыма алаңдап жүргенімде тілегім қабыл бола кетті: жылдық сынау комиссияларына өлкелік оқу-ағарту меңгермесінен әр аймаққа бірден инспектор шығатын болды. Соның бірі болып, өзім білетін Тарбағатайға бөліндім де, ылдиға домалаған тастан зымырай жөнелдім.
Совет граждандар ұйымының Шәуешекке баратын жүк автомобиліне түсіп едім. Шыға сала Құтыбиға келіп бір тоқтадық. Көше ереуілі жол берер емес. Көтерген ұрандарына қарағанда «феодализм үстінен түп еселі жеңіске» жеткендіктің мерекесі көрінеді. Жалаңдаған қағаз айдағардың соңында құйрықтары бұлтыңдаған бишілер арасынан да, көшені кере шақырымдап созылған халықтың арасынан да әйел киімді біреуі көрінбеді. Ұзын етек көйлек түгіл тізеге жететін шапан да жоқ. «Феодализм жойылғанда әйелдер еркекке айналып кетті ме екен!» деген күдікті, Құдай тағаланың надан пендесіне еріксіз ойлатқандай көрініс. «Бұлай болғанда қоңырақындардың1 күні не болмақ!» -деп қарқылдап күліп жіберіппін.
Ереуілшілердің ең соңында сақшылар айдап келе жатқан «феодалдар қоғамын» көргенде қалжыңым шынға айналғандай күлдірді. Барлық ұзын етек осы жойылушылардың арасында екен: ұзын қара шапанды, ақ сәлделі молла, бетперделі, ұзын етек шағи көйлекті тоқалымен, ұзын ақ жібек көйлек ақ салылы бүбі ханымның ортасына қосақталыпты. Алқам-салқам мол сары шапанды лама, қызыл шапанды келең-кешілдерінің ортасында. Жырық етек ұзын торғын шапан, шляпалы дижулар2 қойқаңдаған ши аяқ тәй-тәйларымен бір қатар, шардиғаны жуан қарынын көтере қара шүберек белбеу байлаған бадам-доппалы3 помещик, етегінен асып жерге сүйретілген ұзын бұрымды ханымымен қосақталыпты. Қара елтірі тымақты, дырау қамшылы, қаптал шапан, оқшантайлы күміс белбеуімен шардиған «мал иесі», кимешек-шылауышты, мол көйлек, камзолды бәйбішесімен бірге қосақталып тізіліпті. Бәрінің де беттері бояумен айғыздалған өңшең қарала.
«Феодализм қоғамы» жол босатысымен біздің автомобиліміз әрине зырлай жөнелді. Тамақтану үшін Манас базарына кіріп, халық клубының қарсысындағы бір асханаға түсіп едік. Клуб маңдайына қызыл-жасылды тулар асылып, бір зор жиын ашылып жатқандай байқалған. Құралды сақшы күзеті көп қойылған екен. Не жиын екендігі, біз тамақ ішіп болғанша толық айқындалды. Манастың мал шаруашылық райыондарынан «жиынға» шақырылған «мал иелері» осында екен. Есіктен бір-бірден шақырып шығарып байлап, тізіп жатты. Көшеде сақшы шақылдай бастағанда, аптомобилге қайта отырып, жөнеле бердік. Мақпалдың соңғы хатындағы Шәуешектің «аудан жиынына» шақырылған байлардың да көргені осы екендігін Манастан сөйтіп түсіне шықтық.
Шихаңзы мен Сауанның ешқандай «қызығын» көре алмай өтіп едім. Күйтің даласындағы шетіне көз жеткісіз әскери егіншілікке тойған қозыша марғау қарап келе жатып, тосыннан ашыққан қасқырша тімтіне үңілгенімді сезбей қалыппын. Көне Күйтің қалашығы тып-типыл, үстінде трактор жортып жүр екен. Солтүстік жағындағы Қарасу маңы мүлде жыртылып болыпты. Сондағы Ақылбай мархұмға орнатылған мола қанша үңілсем де көрінбеді. «Осыншалық мол даладан біздің төңкеріс құрбандарының бір ғана гектарлық жердегі зираттығын да қалдырмағаныма!... Бұл да жойылуға тиісті феодализм болыпты-ау!» деп ызамен күбірлеп жымидым.
Ол шақта Шәуешек жолы Шихуды батыс жағынан айланып өтетін. Сондағы Әмірқан үйіне қонып, Күйтіңдегі Баянбай ағаның ахуалын содан естідім. Ақылбай зиратын қорғаштап жүріп сонда қоныстанған екі баталионға жек көрініп қалыпты да жер реформасында жерге кіріпті. Үш аймақ дәуірінде өз күшімен орта егіншілік ауқатқа ие болған екен. Өштесушілер өршелене шабуылдап жүріп бай егінші дәрежесіне жатқызыпты. Ол қалпаққа мойындамай факт көрсетіп жүріп «тоңмойын бай егінші» аталыпты. Зираттық үшін тағы да керісіп жүріп «кері төңкерісші бай диқан» аталған екен. Жалшылықпен қартайған басы оған иілсін бе. Күрес кезінде додаға түсіп, соққыдан өліпті. Тағы бір ашынышты жері, өзінің тірі кезінде қараса жүрегі айнитын жексұрын құшнашпен (1945-ші жылғы мен шайқасқан құшнашпен) бір шұңқырға көмілген екен.
- Күйтіңнің басқа тұрғындары қайда? –деп сұрадым көз жасымды сүрте отырып. Бұған Әмірқанның жездесі жауап айтты:
- Баталион олардың мықты еңбек күші барларын таңдап малға шығарды. Қалғанының бұрынғы үйлері үшін баспана салып алуларына азын-аулақ ақша беріп, Шиху қарастылығындағы кенттерге өткізді.
Соншалық құрбандық беріп күткеніміз азаттық емес, апат болғаны ма, Биға? –деп Әмірқан түйіле қарады маған. Жездесі бұл сөзді күлкіге айналдыра салғысы келгендей күле тойтарды.
- Өй, тентек, гоминдаң жырған құлағыңды енді гоңшандаңға жұлғызарсың! –дегенде шай құйып отырған жас келіншек, күйеуінің құлағындағы ақауды енді көргендей, тосын күлкіден аузындағы шайын бүрке қашты. Жездесі бұл қылмыстарды жуып-шая жалғастырды сөзін. – Кеңестер одағының алғашқы кезіндегі қалаймақаншылыққа қарағанда мұны апат деуге болмас!
- Ол кезде тосын орнаған Совет одағында дұрыс оқыған кадр жоқтың қасы емес пе еді! –деп Әмірқан өршеленді. – Ал, отыз жыл бойына Совет одағының көмегімен кадр тәрбиелеп жетістіріп келген Жұңго компартиясы ондай солшылдық істесе оңбас!
- Орталық комитеттің стилі де, ісі де дұп-дұрыс, -деп кірістім сөзге. – Шаш ал десе бас алатын шолаң-шошырақ батырлардың мұндағы ісін көрер де түзетер, артын күтпей булығу, қазірше артығырақ болар!
- Осындай мол өнімді жерге әлден ашаршылық орнады, Биға, ал, былтырғы өнімі кем жерде не болып жатқаны осыдан көрінбей ме!
- Жоқ, ештеңе етпес, алғашқы асау толқындарға қарап, егіншіліктің де миі шайқалып тұрғаны ғой, төңкеріс тасқыны арнасына түсе келе бәрі де орнына түседі...
Шихудағы көше ереуілін ертеңіне Шәуешекке жүрерде көрдім: Құтыбида көргенімнен мұндағы ереуілдің парқы салпаң сары киімді ламалармен көлбең қызыл киімді келеңдердің айдауға тым молайып түскендігінен көрінді. Мұның себебін Әмірқан жай қоңыр мінезбен ғана түсіндірді: Шихудың моңғолдарында ұйымдасқан қарсылық дүрбелең пайда болған екен. Содан қолға алынғандары қылмысты мұңғолды көбейткен ғой...
Дөрбілжіндегі үйіме түспей, көшеде кезіккен біреуден сәлем айтып өте бердім. «Нұрияштың» табылғандығы бұрын хабарланған болатын. Ішіп-жемнен тарылған мына тапшылық күнде ағаларды тойға жініктіріп, қарыздандырып қоймау үшін біраз өтірік айта кетуге де турал келді. «Тойымыз Үрімжіде жасалып болған» деген сөзді қосып, осында бір қойдан басқа ешқандай даярлық қажет емес екендігін мықтап тапсыра өттім.
Шәуешекте аймақтық оқу-ағарту мекемесінен мені Болтай қарсы алып, мейманханаға орналастырды. Нұржан Үрімжіге, өлкелік сыртқы бәжі мекемесіне ауысқан екен. Оның орнына бас инспектор болып келген бір ханзу жігітпен таныстырды. Жылдық сынаудың ұйымдастыру қызметі соның таңертеңіне басталып кетті де, Тарбағатай тауының бір қойнауындағы Мақпалға телефонды үшінші күні әрең түйістірдім. Сонда да ерін жымқырысып, тамсанысумен ғана болыппыз. «Иесін «жиынға» жөнелтіп, малын бағып жатқан жайымыз бар. Бұл малды қасқыр қатерінен бір жолата азат етпей қия баспайтын сияқтымыз» деген сөзін есіме әрең түйдім. Бұл, «Мүсәдірламай босай алмаймыз» деген сөзі екен.
Мұнан кейінгі сәлем бергім келгені Башпай еді. Ол кісіге жолығуымды комиссия қызметтестерімнен ешкім қабылдамады. «Онда неңіз бар?» деп қана күбірлеп қоя салады. Кейбірі тіпті көз қиығымен жасырын ата қарайды өзімді. Башпайдың уәлиліктен қалдырылғанымен саяси кеңестен құрметті орын берілгендігін естіп едім. Мына шектеулері қайран қалдырды. «Мал иесі» қалпағымен Баспайды да қамап тастағаны ма деп күдіктендім. Оның ахуалын, үйіне барғанымда Қуат түсіндірді: «Шырағым, басекеңе сәлем беруді қоя тұрғаның жөн шығар. Мал иелерінің қатарында қолға алуға Шағантоғайдан неше рет айдатып, неше рет қайтарып жүр. Жойымпаздар шақыртады да, жайын білетін бұрынғы қызметтестері қайтартады. Қазіргі аты ғана саяси кеңес мүшесі. Түбі алмай қоймас соны!... Көзі бадырайған тұзыңды, сығырайған екілік көзір-ақ тыңқита салмаушыма еді. Қаншалық сенімді болсаң да аяғыңды байқап бас. Қазір ауарайы тым бұзық, шырағым!»
- Егер қас жау болса, бас бай Башпайға қаһар төгу дұп-дұрыс болар еді. Ал, төңкеріс жолына барын арнап жүрген бас қамқор Баспайды мал иесі деп жазалау, тіпті адамзат алдында ұят қой!
- І ... һы... ұятшылын ұлығымның! Жоғарыға қараймын деп жүріп, етегіңе өрт тигенін көрмей қалғансың-ау шырақ! Астанада болмаса, ұятқа баспана қалмай бара жатпай ма!... Саған құйылған мына сұйық көже 33-шы жылдан бері ашаршылық көрмеген мына Шәуешекте астықты да сол өрттің жалмауынан құйылып отырмай ма!...
Сол өрттің тұтанғанын дәл уақытында көріп отырған жуанбас Қуаттың көзіне де өрт тигенін байқап, сөзді басқа жаққа бұрдым...
Бұл мәселенің қалай тынарын, үлкен газет басқарып отырған Тынысқаннан сұрағым келді. Әдейі жалғыз барып, үйінен таптым. Оның көгілдір көзі тіпті тұтаныпты. Қитұрқы күлкіге зауқы жоқ, принциптің түзу ғана сөзіне қалыптасқан оған да ащы мысқыл біткен көрінеді. «Басыңыз аман ба, малыңыз аман ба» деген қалжыңды амандасуыма лайықты жауабын іле қайырды.
- Өзіміздің нөл малымыз аман ғой, әрине. Жоғалып жатқан бай шаруалар мен орталардың малы. Олардың да мал иелерінің байлануынан «үркіп» жоғалғаны болмаса, қазірше итқұс тие қойған жоқ, әйтеуір!
- Ал, ондай мал үркітетін байлауды қайдан таптыңыздар? Құтырмаса, малын алсаңыздар да, бас қалуы керек еді ғой?
- Малын сыпырып алғанымызда құтырмасын деп, сақтық үшін байлап жатқаны шығар! –деп арқырап күлді Тынысқан. - Оны байлатушының өзінен сұрарсың. Қасындасың ғой!... Жоғары шық, отыр!
- Төңкеріс жолына мал-басын түгел арнаған «үш аймақтан» кері төңкерісшінің осыншалық көп шыққаны ма? –деп күрсіне барып отырдым. – Ұлт азаттық төңкерісінің 1944-ші жылдан бергі қамдаушы қазынасы осылар емес пе еді!... Егер жау делінсе де Маужуши айтқандай «бір-бірлеп жою» емес, түгелімен айдағаны қалай?
- Ип, мұны қан жағынан гоминдаңға сәл жақындығы бар үкімет істесе, кек алып жатқаны дер едік. Амал не, өзіміздің коммунистік партия! –деп Тынысқан сөзін бәсеңдей сабақтады. – Ал, бұл өзі орталық үкімет саясатында жоқ іс болып тұр!.... Мал шаруашылығы жөнінде осылай істе деген нұсқау жоқ! Бұл жөнінде халық жағынан редакциямызға сұраулар көп түсіп жатыр. «Егер бұл, орталық үкіметтің жаңадан белгілеген саясаты болса, көпшілік халық қателесіп кетпеуі үшін газет бетінде жариялап, ашық түсіндіріңіздер!» деп жазыпты бірнеше оқырман. Бұл сұрауларды жоғарыға жолдап отырмыз... Партияның орталық комитетіне бұл пікірді төте жолдап жатқандар да баршылық. Саяси жолымыз осы болса да, иә, бұрмалап жатқан айырым жандайшап қылмыскерлер болса да, жақында анықталып қалар, бұл сөзді қоя тұралық!... Ал, өзіңнің жоғалған, әлгі қимас қалыңдығың табылыпты деп естідік. Рас болса, хайырлы болсын!...
Жайшылық қалжыңды әңгімеге енді келіп, шәй ішіп отырғанымызда сыртқы есік сақ ете түсті. Тақтайлы еден де сартылдап, құйын ұшырғандай біреудің асығыс кіргені естілді. Біз отырған орта есік те сарт ете түсті лезде. Мақталы бешпет-сымның түтесі шыққан, аю талағандай алба-жұлба біреу кіріп келді. Малақайының екі құлағы жұлынып, өзінің екі құлағы мен бет-аузы қанға боялған, тұмсығы көнектей, адам танығысыз ұзын бойлы жігіт екен. Ісіп кеткен еріндері икемге келмей былдыратып, асығыс сөйлей жөнелді:
«Құба құстың тісі етіңе тисе, атаңның төрі түгіл көріне кіресің» депті, кешіріңіздер сөлекеттігімді! Соңымда қуғын бар! Осында Үрімжіден келген Биған деген кісі сіз шығарсыз? Мына арызды сізге қол тапсырып қана кетуге келдім! –деді де шикі нанмен баттастыра жапсырылған ораулы қағазды қолыма ұстата сала есікке бұрылды. - Өлкелік партияға қолма-қол жеткізе көріңіз!
- Азамат сәл сабыр ет! –деді Тынысқан – тым болмаса өз жөніңді айта кет, не болған, қайдан келдің?
- Мен Дөрбілжінге қарасты Зарубек деген шағын ғана малы бар бір момынның ауылынан келдім. Адресіміз мына қағазға толық жазылған ер жеткен ұлы жоқ, қолқанатсыз Зарубекке менің ағам бірнеше жыл малшы болған. Еңбек ақымызды жеу түгіл оның ақысы бізде кететін. Әнеу күні сол момынды кадр дейтіндері белсенділерге байлатып тексерді. «Қанша адамды ездің? Эксплат қылған әдісіңді айт!» дейді. Ол бейшара ешқандай күнәсін айтып бере алмайды. Ешқандай жазығын біз де тауып бере алмай қиналдық. Менің ағамды тұрғызып қойып, шағым айтуға зорлады. «Бұл, бір бейшара, елді жеу түгіл өз мұрнын да жия алмайтын бір сорлы еді, несін айтамын!» деп ақтады аға. Белсенділер Зарубекті қамауға қайта әкетті де, ағамды жұдырықтай жөнелді. «Қылмысын әшкерелеудің орнына «байды ақтадың» деп сабап-сабап, ағамды қайта сөйлетті. – «Ол менің ақымды жеу түгіл, мен артық жеген өз малын да сұрамайтын ынжық болатын. Құдай біледі, солай! Менің балаларым көп болғандықтан, одан жылына кейде ұрлап, кейде жылап, ақымнан сырт 10-15 тұяқ малын мен жейтінмін!.. Сұрағанмен немді алады менің!... Оны сөйтіп өзім жеп келіп, ол жеді десем, менде адамгершілік қала ма, шырақтырым-ау!» деп ағам зарлай берді. Активтер тапалап, текпкілей берді. «Зарубектің малы он жылдан бері 300-400 ден аспай қойған себебі, сенің пара жеп жасырысуыңнан болған, шыныңды айт!» деп тепкілейді. Ағамды өлтіретін болған соң мен арашалап едім, маған жабылып, енді мені түрткіледі. Мінеки ахуалым! Ақыр өлетін жан екенмін дедім де тым шошаңдап кеткен бір-екеуін екі ұрып құлатып, қашып шықтым. Дөрбілжінге бір үйге түссем, артымнан қалаға қуа жетті белсенділер. Өлкеден келген Биған деген кісі бар, арызыңды сол жеткізе алады деп арыз жазып берді біреу. Келіп іздеп тапқаным осы, азаматтығыңызға тапсырдым! Арызыма жауап келгенше жасырынып жүре тұрармын. Жауап келмесе, кеткенім-кеткен!» деген жалбыр сарт-сұрт басып шыға жөнелді.
Ақсары Тынысқан түншыққандай күреңіте қызарыпты. Бір-бірімізге қарасып отырып қалдық. Тапсырған «пешетті» арызының сыртына «өлкелік партия көмитетіне тапсырылсын!» деп қана жазылыпты. Бұл арыздың маған қалай тигендігі жөнінде ертеңіне таңертең бүкпесіз толық түсінік жазып, таза конвертпен қаптадым да, адресін толықтап, өз атымнан поштаға салдым.

Әділетті тергеушім, қандықол кері төңкерісшіге қандай кері төңкерісшінің қамқор болатыны мылтығыңыздың қарауылына да түсінікті болған ғой. Оны сөйлеудің қажеттігі қалмаған. Ал, тордан қашқан аю алдымызға келіп тұра қалғанда, ұстаудың қаперіме кірмегенінен, менің әлмисақтан-ақ қанқұйлы бұзық болып туылғандығым көкейіңізге қона қалған шығар. Сол ашулы аю тауға шығып алып, халықтық үкіметімізге тас домалатар деп ойламаудан зор қылмыс бар ма!


V


Әр ауданның оқу-ағарту бөлім бастықтары мен инспекторларынан, мектеп меңгерушілерінен құрылған жылдық сынау комиссияларын Тарбағатайдың жеті ауданына ауыстырып бөліп аттандырған соң менің қызметім саябырлап еді. Аймаққа төте қарасты орта мектептердің емтиханы басталғанша Мақпалмен де көрісіп қайтпақ болғанмын. Осы жоспарым ғана сәтсіздікке ұшырай берді. Толы аудандық1 мектептердің комиссиясына бастық болып кеткен Шәкербай Дөрбілжінге кеткен Қуаттың үстінен шағым айтып, жолымнан бір қалдырды. «Ало, Биғаш!» -деп шырылдатты телефонды. – «Анау Қуат дегенің бір тайгелтір көрінеді, бауырым. Қыстай істеген еңбегімді еш қылып, ең жақсы оқыған оқушыларымның бір сыпырасын емтиханнан өткізбей тастапты! Өзім қайтып барған соң көз алдымда қайта емтихан алдырамысың, иә, анауыңды түзетемісің?
- Дүние сенің көзіңмен ғана бағаланса қаран қалады, Шәке! Оған алаң болмай, қазіргі өз міндетіңді дұрыс атқар!... Қуат қастық істемейді, қастық істесе көреміз!
- Ойбай, шырағым Биғаш-ау, өзім деп, өзіңнің ана мектебіңнің, өзің тәрбиелеген мектебіңнің көзжасын мәлімдеп тұрмын ғой! –деп бастады да зарлай берді. Әр клас оқушыларының алған номеріне дейін айтып шағынды. Математикадан бір клас түгелімен клас аттай алмай қалған екен. Шәкербайды әрең тоқтатып, Қуатпен сөйлесуге жолдан бір қалып едім. Осындай дау алыс-жақыннан шықта да тұрды. Бесінші күннің кешіндегі дау тағы да Шәкербайдан көтерілді. Шиху ауданына оқу-ағарту бөлім бастығы болып былтыр ғана тағайындалған Қайсенді осы жолғы жылдық сынауда Шихудың өзіндегі емтиханға міндеттеп едік. Шәкербай телефонда енді соның үстінен зарлады.
- Әло, Биғашпысың? .. Ало, Биғаш!.. Қайсен туралы жұртшылықтың пікірі асқынып барады. Бауырым, тыңдай көр!
- Қай жұртшылықтың?
- Жылдық сынауда өз ауданынан жер аударылған комиссия мүшелерінің бәрінің пікірі! Өздерін-өздері «жер аударылған» деп атаған соң менің де солай атағанымды кешір, Биғаш! –деп Шәкербай күле жалғастырды сөзін. – Жер аударылмай өз мектептерінен өзі емтихан алған Қайсен бір оқушысын қалдырмай өткізіп жатыр екен!
- Өтірік айтпаңыз, кеше ғана сөйлестім онымен!... Кей клас жақсы, кей клас нашарлау. Осы өздеріңнің ахуалдарыңдай!... ал, «асқынып бара жатқан» пікір осы ғана ма, басқасы тағы бар ма?
- Осыдан артық Қайтпек ол, өте нашар шыққан бір баласы жоқ!
- Өзіңнен басқаның барлығы құри беруін тілейтін, баяғы кәрі құрдым ниетіңді қашан түзейсің, Шәке, соны айтшы енді?
- Ойбай, ойбай Биғаш-ау, олай дей көрме бауырым, менің тілегім алдымен өзіңе түзелген, тап жауларынан басқа ешкімге теріс ниетім жоқ қазір!
- Теріс ниетің жоқ болса, оны былай дәлелде: бірінші, «жер аударылдық» дегендер кімдер, мойнына қойып бересің! Екінші, Қайсеннің үстінен «асқынып бара жатқан» пікірді толық дәлелдейсің! Үшінші, Қуаттың мектептеріңде нахақ қиратқаны болса, дәлелдеп бересің!... Тоса тұр! Сөзді тыңда!... Мұнан соң телефонда әурелемей, осы үш талапты жазба түрде маған тез жолдап бер, ұқтың ба!... Талабың осы аймақтық оқу-ағарту мекемесінде қаралып, мәселе кімде болса да түзетіледі... Тоқтат, сөз осымен тынды!
Арт жағымнан сықылық қақты таныс күлкі. Жалт қайрылып, құшақтай алдым. Мақпал келіп тыңдап тұр екен...
- Жаңағы сөйлескенің - баяғы Шәкербай ма? –деп күрсіне сұрады Мақпал. - Әлі сол қанды ұрт, қырт қалпында жүр екен-ау!...
Мақпалдар мал шаруашылығындағы бақылау қызметтерін жерлік кадрларға өткізіп, атретінің осындағы бас штабына қайтып келіпті. Тоқтап тұрған бұл қызметтерінің жүргізілетін-жүргізілмейтіндігін өздері де білмейді. Аудан орталықтарына қамалған мал иелерінің бір сыпырасы еңбек майданына айдалып, қалғандары әлі де тергеліп жатқандықтарына қарағанда беталыс әлі сол қалпында сияқты. Осыны баяулай сөйлеп келіп, тың қуаныш жеткізетіндей жайраңдай қарады Мақпал:
- Айтпақтайын, менің Сұң зыдауяным да келді осында, штапта! Менімен бірге барып, сәлемдесіп қайтшы, рұқсат алуымызға оңайлық туылар ма екен!...
Шарапатты «қайнененің» алдына күн батып бара жатқанда көк тайғақ бешпет-сымды «қызын» қолтықтай кірдім. Иіле ұсынған қолымды бүктетіле қабылдап, шұлғып-шұлғып жіберіп, орындыққа отырғызды. «Қызына» термостан қайнақ су құйуды ымдай сала сұрады жайымды. Шәуешекке қашан келгендігім мен не қызметпен келгендігімді сұрады. Мен де қысқаша жауап қайырып болып, жұмысымның енді бір аптада бітетіндігін, Мақпал екеуіміздің де үйіміз Дөрбілжінде екендігін қосымшалап ескерте салдым.
- Сізнің қызмат түгегенде бірлікте барып, көрініп қайтсаңдар болады. Ликін қазір той қылмайды. Аз уақыт қалды, менің қызым мактап бітіргеннен кейін той қылады! –деп бөгелгенде, қараторы жүзі сәл қызғыш тарта күлімсіреді. – Шәуешек халық бақша бек яқшы екен. Барыңдар тамаша-тамаша!...
Мақпал екеуіміз бір-бірімізге қарасып жіберіп түрегелгенімізде, «қызының» киіміне қарап сөйледі «мамасы»:
- Ей, яту1, қарашы жігітіңе, қандай яқшы киеді. Сен де ки!
Сықылық қаққан қалыңдық маған қақпаға шыға бер дегендей ымдай сала жөнелді жатағына. Лезде Нұрияша жасанып, қолаң қоңыр қос бұрымын өрден құлаған қос бұлақтай құйылта шықты. Қазық өкше туфли, алқызыл жібек кофта, қынамалы белдемше көйлек, құлын мүсінді Мақпалға аулада доп ойнап жүрген сабақтас қыздары ду көтере құттықтау айтып, қол шапалақтады. Сұң жанхуа шыға келді бөлімінен. «Міне, енді жарастың!» дегендей басбармағын көтере күлімдеді. Солардың алдынан ешқандай ыңғайсызданған шырай көрсетпей, күлімсіреген аса сәнді табиғи қалпымен өткеніне қақпадан өзім де сүйіне қарап қалыппын.
Шәуешектің бұрынғыдан сәл жүдеңкіреп қалған атақты бақшасына ымырт түсіп, электр жанғанда кірдік. 40-шы жылдары мені қомсынған «шолақ пері» порымдас қыздар сирепті. Олардың көбі «таңқы құйрық тар балаққа» айналып кеткен көрінеді. Ілуде бір асқақ салауатпен көрінгісі келіп жасанып шыққандары да бізге жақындай бере төмендеп, көз астымен ғана қарап өтіп жатты. Тұқыра өтсе де артымыздан бәрінің де тұна қарап тұрып қалғандықтары байқалады.
Әсіресе, Мақпалға қадалған көздердің көптігін сезіп келемін. Ондай құдіретін қалыңдықтың өзі түсінбегендей. Екі жағымызда мәуелеген теректерге, жаңа өсіп жайнаған гүлдерге ғана қарап, әлдене ойда келе жатты.
Ақтеректің түбіндегі бір оқшау орындықта жалғыз отырған қыз киімді кексе әйел жалт қаратты мені. Жалт қаратқаны, үңірейген көзінен ғазап оты жарқылдап, анадайдан от ашқан фулемоттай көрінгендігі болды. Мен де шошынғандай тесіле қарадым. Еттен айрылған сол арық дененің ақсұры қайрақтай суық жүзінде маған бір таныстық бар сияқты. Қадала келіп, шорт тайдырдым көзімді. Халима екен. Жындыға қарағандай көз қиығын сақтана тастаған Мақпал менің ыңғайыммен аяғын жеделдете басып өте шықты.
- Мына әйел тірі ме? –деп, былай шыға бере қайрылып тағы бір қарады. – Көзі әйнектей қыбырсыз ғой, тіпті!...
Бақшаның күңгүрт жағымен аймаласа айланып өттік те, менің жатағыма қарай бір-бірімізге жабыса аяңдадық...
Шәкербайдан жауап келмеп еді, жұмыстарын бітіріп қайтқан сапарластарынан «ауырып әрең жетіп, үйімде қалдым» деген сәлемін жіберіпті. Өзінің өтіріктерінен қорыққандығы сезілді. Менің орта мектептердегі сынау жұмысым бітісімен қайырымды зыдауяннан бір апталық рұқсат алған Мақпалды Дөрбілжінге ертіп қайттым.
Аймақтық үкіметтің қос атты күймесімен елең-алаңда аттанып, тал түсте жетіп едік. Біздің үйдің ауласының адамға лық толғаны бұрылыс көше басынан көрінді де, Мақпал мойнына ораған жібек салысын желек етіп, басына сала қойды. Мәрия мен Меһір алдымыздан жүгіріп шығып, көшеге екеуімізді де түсірді. Мақпал мен күлісе құшақтасып, кеңкілдесе сүйісіп, сыңғырласа қайта күлісіп, қайта жыласты. «Үй мен келін емес, текедей байларың едім ғой!» дегенімше қарамай мені де сүйді екеуі.
Қақпа алдына жеткенімізде жауған шашудың астынан Өмірбек пен Қиялзат мені тарта жөнелді. Қалың қыз-келіншектің ортасындағы Мақпалға қолы жетпей арсалақтаған Бақай маған жүгірді. Оның сүюі қабаған иттіңі талауынан да, мылқау жындының түншықтыруынан да қиын тиіп еді. Бірақ сол қинауының өзін бүкіл туған елімнің құдіретті құшағындай сезініп, соның әлпештеуіндей сүйінішпен қабылдадым. Мен де оны құшырлана құшып, сүйісе беріппін. Есімізге қайдағы түсіп, көзімізден жас ыршыта, солқылдай сүйісіппіз.
- Өй, жаман, «үйің түскенде миың түскені ме», бұл! –деген Өмірбектің сөзімен күлісіп тиылдық. Мақпал, есік алдынан күтіп тұрған шешеме оң тізесін қос қолымен баса бүгіліп сәлем етті. Енесі алғысын айта, рахыметін жаудыра құшақтады келінін. Екі бетінен, маңдайынан кезек-кезек сүйді. Келіні енесіне көрген қорлық-зорлығын шағынғандай, үнсіз жаутақтай қарап егілді. Табалдырықтан аттай бере үйге үш рет сәлем етіп кірген Мақпалдың соңынан қолшапалақ шатырлады. Салт-санаға қарамайтын солшыл төңкеріске қатынасаып жүріп түскен жаңа заман келіннің мына ибасына көпшілік аса ыстық ықыласпен алғыс айтты. Солар қатарында дәл желкемнен сөйлеген айқын үнді «алғысшыға» жалт қайрылдым. Сәрсен саясат екен. Қолымды ұстап алып, құттықтау сөздерін құйынша үйірді. Қырсықтың тағы да шалғалы келгенін сезіндім. «Қақпа алдынан аула төріне дейін шашылған қант-конфет пен бауырсақты бір орайы келгенде менің үстімнен пәле етіп жаудырмай ма бұл енді!» деп тыжырындым. Қиянат болмаса, ашаршылық шақта «халыққа қарсы, партияға қарсы» бұл сырапқорлық қайдан шықты!» деп шақылдамай қояр ма!».
Қарасам, лапас астында үш-төрт қой, ауланың бір бұрышына дөнен өгіз, бір бұрышына семіз байтал байлана қалыпты. Екі-үш қой сойылып та үлгерген екен. Тер бұрқырады маңдайымнан. Биғазыны шақырдым.
- Мұнша малды қайдан таптың, неге әкелдің? Мен бір қой ғана тапсырып едім ғой? –деп кеий сұрадым ағадан.
- Жоқ, жарығым, өзім әкелген мал емес, бәрі де ағайындардың сенің тұрмыстануыңа әкеліп қосқаны. Ел-жұрт бұл берекесін қоя ма!... Қайтарып жібергеніме көнер емес!
- Биғаш-ау, ел дегенің көл емес пе! –деп күбірлеп Сәрсен кірісе кетті. – Сендей азаматынан несін аямақ, өздері той жасап, қуанышыңа бірге қуанғанның несі айып! Қайтарма қолдарын, ұят болады!
- Сәке, үкімет саясатын, әрине, білесің ғой өзің, -деп мен жымия өтіндім өзінен. - Әкелген ағайындарға соны жеке шығарып түсіндіріп, қайтарып жіберіңдер. Жалғыз Биғазының айтқанына көне қоймас. Болмай бара жатса, өздерін қорқытсаң да қолыңнан келеді! Менен мың алғыс пейілдеріне! Берекелеріңе рахымет айтты деп ұқтыр!
- Биғаш, сен келінді ғана ертіп әкелдің ғой бізге, сырапқорлық дейтіндей артынып-тартынып, мал айдап әкелген жоқсың, қалыңмал берген жоқсың, оны білеміз! Қалған іс біздікі, жұмысың болмасын, кір үйге! –деп Сәрсен өндіршектеді. Келген қонақтарды басқарып орналастырып жүрген Құрышпек аға біздің жеке күбіріміздің жайын біліп жүр екен. Сәрсеннің осы сөзнің үстіне келді де, маған сөйлеген болып, Сәрсенге кесетті:
- Биғаш, бұл тойды сен емес, біз істеп жатырмыз. Шашуға ғой шашқан әйелдер жауапкер, шашылған солардың өздерінің дастарқаны. Ал, сойылған және сойылатын малға менен бастап, міне мыналар жауапкер! –деп тізімді Сәрсен екеуіміздің арамызға жая көрсетті. Міне, Биғазының бір де қойы жоқ мұның ішінде!... Елі үшін тер төккен азаматынан елі несін аямақ! Ұғып қойыңдар, пәлекеттерім! – Қарқылдап күлген достарыммен бірге «қарық бола күлген» Сәрсен Құрышпектің арқасынан қағып-қағып қалды.
- Шіркін, Құрекем-ай, жарайсың-ау!... Ал, апарыңдар жігіттер, Биғашты тамақтандырыңдар! –деп сыбана жөнелді ошақ басына...
Күн кешкіріп, күндізгі той тарқағанда Мақпалдың төркін жағынан Дүйсен аға мен қаз бөтегелі жеңешем жетті. «Қаланың ыстығынан» Дүйсекеңнің қомақты «рызығы» тіпті бөртіп, қос обаға айналғандай. Дүйсен келіп мені құшақтай алғанда, жеңешесінің бауырына шымылдықтан шыға келіп Мақпал тығылды. Ол екеуі үнсіз жыласа аймаласқанда, Дүйсекең екеуіміз қарқылдап күлісе сыйпаластық.
Көпшілік арасында басқа жайды сұраса алмап едік. Оған уақыт күн батып, күтушілер кешкі той дайындығына кіріскенде тиді. Төртеуіміз оңаша бір үйге кіріп алып сұрастық: Мақпалдың бұрын «аға» деп атайтын әкесі «мал иесі» қалпағымен осы қалада түрмеде жатыр екен. Әжесінің өлген хабарын естісімен, Мақпал оны елеусіз қадырғысы келгендей:
- Тәтемнің денсаулығы қандай? –деп жедел өз шешесінің жайын сұрады. Мақпалдың осы атауымен жауап қайырды Дүйсен.
- Тәтеңнің денсаулығы жақсы. Биғазы құда арқылы жазған хаттарың жетіп, сенің аман табылғандығыңды естігеннен бері тіпті жасарып, көңілденіп алды. Басқа жағдайларын есіне де алмайтын тәрізді.
- Бәсе! –деп жымиды Мақпал. – Мен туралы еріксіздігі жеңіп жүргенін сезетінмін. Сіздермен бірге келіп көріп қайтқысы келетінін айтпады ма өзі?... Айтпақтайын, малы да, өзі де бақылау астында екен ғой! –деп күліп жіберіп, төмен қарады.
- Дәл солай, келгісі келсе де сендерге мал иесінің бәйбішесі атымен кесірін тигізуден сақтанды тәтең расында! –деп Дүйсен, сөзінің жалғасын айтқанша әйелі ала жөнелді:
- Өз шешең екенін білесің ғой, Мақыш, енді «апаң» дейікші! «Халық пен үкімет алатын малдарын алып болысымен барып, көріп қайтармын!» деді апаң. – «Алаң болмасын, сәлем айт, бар тілеуім екеуінің жолында екенін Биғанның өзіне де айтқанмын, шексіз қуаныштымын!» деді.
- Биғаш, бері шығып кетші! –деп есіктен Құрышпек шақырды осы шақта. Өздіктерінен шеше алмайтын мәселе келгенін сезіп сыртқа шықсам, «мәселе» ғана емес, жабысқақ кеселдің даудей дәл өзі көрінді. Шәкербай келіп тұр екен. Тойыма ту бие әкеліпті.
- Үй, сіздің аурумын деп Шәуешекке бармай қойғаныңыз қалай? –деп ұсынған қолын тергей ұстадым. – Үлкен дәрігер сонда еді ғой?
- Жүруге тіпті дәрменім де болмай қалды, Биғаш, кешір, мұнда келген соң алты күн, алты түн дөңбекшіп, дәрінің күшімен ептеп түрегелгенім осы, әйтеуір... тойың құтты...
- Құдай сақтаған-ақ екен, -деп «құтты» ның «болысын» ын айтқызбай іліп әкеттім. – Алты сөткен дөңбекшіткенде, ажарыңыз түгіл шырыңыздың шырғасын құртпаған неткен қамқор ауыру еді өзі, түйнек пе?
Тыңдап тұрғандар ду күлді. Қолынан жетектей жөнелдім бір бөлмеге. Шай құйғызып, той тағамынан тартқыздым. Шешем шақырды есіктен:
- Қарғам, мына жауыз өзі иіліп келгенде шалқақтап ештеңесін бетіне баспай-ақ қой! Тойлығын, жылы сөйлеп қана рахымет айтып қайтара саларсың! Ащы тілмен шағардағы шырайыңа келгеніңді байқап ескерткенім! –деп сыбырлады да жөнеле берді. Қайтып кірсем Шәкербай өз қолымен екеуімізге екі стакан арақ құйыпты. Отырысыммен құттықтау сөзін бастады. Өз жүрегін де ортаға қойғандай сөйлеп қағыстырды. Ауыз тие сала тілеулестік сөзіне мен де разылық, алғыс жауап қайтардым.
- Менің сізге айтар бір ғана тілегім бар, -дедім сонан соң. – Егер келіспей қалсақ, шарт ретінде батыл қоятын талабым да осы: бұрынғы идеяңыздан қайтыңыз! Өткендегі істеріңіз үшін сонда ғана кешірім алуыңыз мүмкін. Егер сол идеяңызды, сондағы мінезіңіз бен әдетіңізді ада-күде түзетпей, енділікте титтей қайталасаңыз, кешірудің уақыты мүлде өткен болып есептеледі. Әнеу күнгі Толы телефонындағы сөзіңіз, әлі сол бұрынғы стилде жүргендігіңізді көрсеткен. Жазып беруді талап еткен себебім сол еді. Онда да үстіңіздегі мекеме қызметкері алдында ғана сындап, түзету айтып кетпек едім. Бақытыңызға жарай жеке жерде айтып отырғанымды түсініңіз! Өткендегінің бәрінен кешіп, мұнан кейін аға-бауыр болып кетуіміз үшін идея бірлігіміз, стил бірлігіміз керек!
- Биғаш-ай, шынымды айтсам, адамгершілігіңе енді толық мойындадым-ау! Өмірің ұзақ болсын, қосағыңмен қоса ағар! –деп мен құйған стаканды қағыстырды.
- Осы қосаққа да істеген «жақсылығыңыз» есіңізде шығар?
- Ха-ха-ха-һа-һа... «сый қылсаң сыпыра» дейді. Оны да кешіргеніңді сезіп отырмын. Бәрін де мойындап, құттықтап келгенімді келіннің өзіне де ескерте саларсың!... Ал, кешкі тойларыңа жастар келе бастаған көрінеді, мен кетейін!
- Қатынассаңыз да өзіңіз біл!... Бірақ әнеу пәлелі ту биені біреуге жетектетіп қайтарыңыз!
- Япырау, Биғаш-ау, кешірмегің не, қолымды қайтармағың не?
- Бұл, қол қайтарғандығым емес, қазіргі уағданы шындап орындайтындығыңызды білу. Бұл бие де бұрынғы идеялогия, бұрынғы стиліңіз бойынша келген, Досандарға ұсынып әдеттенген «сыйлығыңыз» маған керек емес!
- Астағыпыралла – астағыпыралла! Енді не айтайын!
- Идея өзгертуге расымен бекісеңіз, айтатыныңыз қалған жоқ!...
- Ей, ей бала, анау биені жетектеп ала кетші! –деді Шәкербай сыртқа шыға сала. Менің қолымды қысқан беті тартып, оңашаға шығара күбірледі. - Өткендегі қателік-кемшіліктерім түгелімен есімде, Биғаш. Сол үшін Мақпалжан екеуіңе өмірлік борыштармын!...
- Біз үшін қол астыңыздағыларға қайырымды, адал аға бола алсаңыз, ол борыштарыңыз өтелді деп қоямыз! –деп шығарып салдым.
Кешкі тойға менің бұрынғы сабақтастарым мен осы аудандағы құрбылас, қызметтестерім түгел шақырылған екен. Күндіз қонақ күтіскен Сәрсен солардың бірі болып, столдың ең төрінен орын алыпты. Бақай мен Өмірбек шығып, сол шаянның үстінен шағым айта берді маған. Осы отырыстан сөз аңдуға келген. Соны аластамаса ойын-күлкінің буыла беретіндігін айтты. Өз тойым болғандықтан оны қууға менің кірісуімнің жөні жоқ еді. Бір үйде Дүйсен сияқты құрметті қонақтарды күтуді міндетіне алған Құрышпек, Сәрсенді шақырып, ол үйге шығара алмады. Ауыз үйде соның жайын ақылдасып тұрғанымызда менің құрметті ораз «сақауым» кіріп келіп құшақтап құттықтады да, әдеті бойынша бірге келген «кемпірін» құшақтатты. Үш жылдан бері қала сыртына егіншілікке шығып алғанын еститінмін. Әйелін жаңа порымда тәп-тәуір жасандырса да, өзі ескі бешпет сыртынан шүберек белбеу буынып, мұрт қойып, айыр қалпақпен нақтылы диқан порымына түсіп алыпты. Мұның Сәрсенге жылан көрген тәуеттей тігіл екенін білетінбіз. Ол келгенде қарқылдап күлді Өмірбек, амандасуымызбен аймаласуымыз біткен соң, Ораздың құлағына бірдемені сыбырлай салды да, есік ашып, төрді нұсқады: Жоғары шық ожа, жоғары шық, төр өзіңдікі!
- Сәлеметсіңдеррр ме, жолдастарр, жолдасша ханымдаррр! Егінші деп қомсынбай сендерр де сәлем алыңдарр! –деп «р» дыбысын басып нығарлай сайраған Оразға көпшілік құрбылары күле түрегеліп жол берді. - Өй, Қалпе Әбзи, сіз әлі барр ма едіңіз? Деп Сәрсеннің иығынан баса барып отырды Ораз. Бүкіс танауы күжірейіп, шегір көзі от ала қалған Сәрсен ішкі ашуын сездіргісі келмей, тұқыра амандасып қана қойып еді. Жауабына таңырқағансып үңіле қарады Ораз:
- Шүкіррр, шүкірр! Ә, Компартия заманында аман болмай не көррініпті маған! Баяғыда гитлеррді ғазыррейіл дегенім үшін сіз өлтірре алмаған мені енді мына заманда кім өлтіррмек!
- Қойшы, Ожке, енді соны! –деп Сәрсен тізесінен басып қалғандай болды.
- Қоймасам, айтпақтайын гоминдаңға тағы да ұстап беррерсіз, қояйын-қояйын!... Япыррай, осы сізді көррмей жүррген Құдайдың көзінің де мүкісі барр-ау!...
Ораздың сөзіне ішек сілесі қатқанша күліп отырған көпшілікке «біреуің шектеу айтсаңдаршы!» дегендей жалтақтай берді Сәрсен. Есік сыртында тұрған мені іздегендей мойнын соза-соза қарады. Бақай Ораздың соңғы сөзіне жауап айтқан болып кірісті.
- «Бұқаның арамзасы бұзау арасында жүреді» деген мақалды құдакең білмеуі мүмкін. Жастар арасына кіріп алған Сәкеңді әлі де жас екен дейтін шығар. Сол себептен болмаса, ол кісінің көзі де жарқырап тұратын көз болатын.
Жастар ду көтерді бұл сөзге. «Шешімі енді табылды!» деп күлісті. Шай осы күлкі үстіне келіп құйыла бастап еді. Қол жуу сылтауымен есікке беттеген Сәрсенге Биғазы күбірлеп, ерте жөнелді. Енді көпшілікті жазғыра күлді Ораз:
- Осы жұрт гоминдаң шпионын соғудың оррнына, одан баррған сайын қоррқатын болып барра ма, қалай өзі?
- Ожа, тілмаш көбейген соң болмаса, айтпа бұл сөзді! –деп күбірледі қасында отырған бір жігіт. – Мұның дарулығы сонда ғой!
- Тіл аудара жүріп пілді де аударамын дейтін сияқты бір бу бар өзінде! –деп тағы бірі күбірледі. – «Үйренген ауыз бүлкілдеуін қоя ма», жұрт сонысынан қаймығады.
- Ал, бүлкілдеткеніне қопаррыла қаласыңдарр ма, сонда! – деп Ораз оған қомсына қарап жымиды. – Компарртия онысына жол қояды деп қоррқасыңдаррма?... Қой шыррақтарым, ондайға компартия жол қойса, гоминдаң болып кететіндігіне мен қол қоярррмын!.
Бірнешеу қатар күліп жібергенде менің қарсымда отырған Ораздың әйелі күйеуіне қарап басын шайқап қалды. Әңгімені мен басқа тақырыпқа жетектедім:
- Ожа, жайың қалай, не істеп жатырсың, соны сөйлеші енді!
- Өз жайым қазірр айтарр жоқ жақсы!... Жалғыз едім ғой, оның үстіне әкем де қарртайған соррлы, жалғыз болып едім. Сенің мына мендегі қатының жаррылқаймын деп баламды беске жеткізгенде тіпті соррландырған. Ішіндегісін қосқанда дәл бесеу болып тұра қалады! –дегенде қасымда отырған Мақпал сықылық қағып тұқыра берді. Дуылдай күлді көпшілік. – Сөйтіп жүргенімде компарртия алдымен мойынсеррікке, онан соң мына коператсияға ұйымдастыррып, шындап жаррылқады.
Алдымда аға, арртымда бауырр көбейіп, жалғыз сақауыңды думанды бай ауылға айналдырра қойды. Өзім қазірр сол ауылдың отағасы-үлкені болып шалқып тұррмын, әррі хатшы, әррі бұғалтыррмын. Есеп шот дегеніңді шарртылдатқанымда мына кемпіріңнің көтен ішегі солқылдайды.
- Ей, қойшы ей, енді, жаңа келіннен ұялсаңшы, тым болмаса! –деп бес баланың апасы да сақылдай күлді.
- Е, қоятын не тұрр, осындай қызған кезде шартылдатпай бола ма! –дей салып, көпшілік күлкісі саябырлағанша үнсіз жымиып отырып қалды. Қалпағын алып, тізесіне қойды да, жалтырап қырылған басының бұрынғы айдар қойылған «функтын» ғана сипалай берді.
- Биға, маған енді бірр қайғы пайда болып тұрр, -деді сонан соң ауыр күрсініп. – Ей, кемпірр, айтайын ба, айтпайын ба?... Бәсе, сенен айт дейтін ым көрінсін бе! Жоқ, айтайын, жұрттың сөзі ғой.
«Таудан тасқын келмесе,
Копирация суды бермесе,
Арғы қолыңды беррі әкел,
Жекелерр аштан өлмесе!»
Дейтін өлең шығып тұррр қазір. Бұл «кертартпа зиялылар» дың шығаррғаны емес, диқан бабаның өзінің төл тумасы. Осы өлеңді естігеннен беррі айдаррымның оррнын қанша сипасам да ақыл шықпайтын болып қалды. Ақыл шығарр еді ғой, Биға, өзің білесің, мен кеменгерр едім ғой, біррақ су шығар емес. Су биыл коперацияның өзіне де жетпейтін секілді. «Желіні барр», «желіні барр» деп кең даланы түгел жыртқызды. Ал, өзімізден су аспаса, жекелерге су бермейтініміз де рас. Біз, кадррларр беррсек те, бәррі-бірр, көпшілік мүшелерр бермейді. Шотымды қанша соққаныммен су тұррмақ дым шығарра алатын емеспін!
- Рас!... Рас айтады! –деп Мақпал төмен қарап отырып, жасырын күбірледі маған.
- Биыл коперацияға кірмей қалған жекелерің қанша еді? –деп сұрадым.
- Біздің ауылдықтың 30 пайызы жеке!... Ал, коллективтің жыртқан жері 700 гектарр. Су қазірр бір құлақ қана. Таудан тасқын келмесе құрритынымыз ып-ырас!...
- Жым-жырт отырып қалуларыңа жол болсын жолдастар! –деп Бақай стакан көтеріп келіп, тізе бастады. – Тойға келіп отырмыз ғой, енді тойдың өлеңін айталық!...
Той тосты бір рет көтерілісімен Мақпал екеуімізге қарсы «көтерілс» те бастала кетті. «Арақтарың ашты болып кетті. Ауыздарыңның дәмін алыңдар!» дей ме, «ауыздарыңнан дәм беріңдер!» дей ме, әйтеуір, екеуімізді қатар тұрғызып қойды да, «ашты-аштылап» айқайға бастай келіп, қала жастарының бұл әдетінен бейхабар Мақпал аңыра жалтақтады жан-жағына.
- Мақсаттары, -деп сыбырлап күлкілі түсінік айттым – «Иә, екеуімізді сүйістіріп, көп алдында күнәға батыру иә, бәрі жабылып екеуімізді сүю. Егер соңғысы болса, мен үшін үлкен апат, әрең тапқанымда сенің титімдей ерніңнен мына қасқырлар не қалтырар!» -дегенімде сықылық қақты Мақпал. - Өзіміз ғана сүйісудің амалын іздестіріп көрейін. Оған көнсе алдымен сен бастап сүйесің!» - дегенімде қызара тұқырды.
- Ей, ағайындар, ей, -дедім көпшілікке қарап, әдейгідей жалынышты үнмен – егер өз ауыздарыңның дәмін бізден алмақ болсаңдар, бәрің де менің өзімнен алыңдар, әрең тауып тұрған мынауыма тиіспеңдер, мөнтиіп қана тұрған тұрысынан-ақ ешқандай жазығы жоқ екені көрініп тұрмай ма! Осыным үшін садақа, міне, ернім! Алдымен әйелдеріңе сүйгізіңдер, дәм татсын. Сонан соң өздерің келіп жей беріңдер!
Көпшілік ду күлді. Бетін басып түншыға күлген Мақпал шыға жөнелуге оқталғанда Мәрия ұстай алды. Менің Мақпалға «ашты» жүнін не деп түсіндіргенімді сезіп отырған бірнешеу «жабылып сүюді» бір жолға кешіргенсіді.
- Ал, алдымен өздерің-ақ сүйісіңдерші, қане! Бір-біріңе пейілдерің қаншалық екендігін байқалық! –десті. – Егер келін өздігінен әрекеттенбесе, көріп алармыз!
- «Бұларыңыз қиын екен!» деп сық ете түскен Мақпал көпшіліктен бетін далдалай келіп, жабыса түсті бетіме. – «Болды ма?» деп сыбырлады бір аздан соң. – «Бес минут!» деп мен сыбырлай өптім. Көпшілік мұнымызды естіп қойған сияқты. Дуылдаса күліп, қолшапалақтай берді. Мен әдейі сағатыма қарап жіберіп босатқанымда Мақпал орындығына бетін баса құлап сықылықтады.
- Бәлем, қоррқады екенсің, ә! –деді оған Ораз. – Күйеуімді басқа әйелдерр сүйіп қоймасын деп жабысып алдың ғой! Тұрра-барра қайтерр екенсің?
- Алдымен өздеріңіз қорқып ... мені құрбандыққа шалған соң... сауап үшін бір жолы құтқарғым келді.
- Жеңдің, Мақыш! –деді бір жағында отырған Мәрия. Сақылдап күліп, арқасынан қақты.
Мақпалдың жеңістері үшін тост көтеріле берді сонан соң. Бұрын өзім виносын ішпейтін әйелдердің бірнешеуі ақшиған ақ арақтан да тайынбай тартып, ерлерін қайрады. «Сегізінші марттың жеңісі», «төңкерістің жеңісі», «Ұлы Жұңго компартиясының жеңісі» деген арнаулы тосттар, әнге де, биге де салды сөйтіп. Соңында өлең сайысына апарып күп еткізді. Сол сайыстары бітпей, таң атқанда қайтып бара жатып, көшеде айтысты...
Біздің келіп тойлатып жатқанымызды Лиң Дәйшің секретар естіген екен. Ертеңіне түске жақын өзі келіп құттықтады. Жалғыз көзі күлімдеп, Мақпалдың қолын ұзақ сілкіледі.
- Макбали жолдас, сіз Макпали жолдас?.. Жаксы, жақсы!.. Мен шын жүрек күттықтайды!
- Бұл кісі біздің партком секретар Лиң Дәйшің жолдас. Есіңде шығар саған партия жағынан алғаш іздеуші болып, Алтай жерлік парткомға тапсырған осы кісі! –деп таныстырғанымда көзі жарқырай түскен Мақпал да қосы қолдап сілкіледі. Секретардың қолын ханзу тілінде сөйлей сілкіледі.
- Көп рахымет сізге, Лиң шужи!... Маған істеген қамқорлығыңызды естігенмін, мәңгі ұмытпаймын!
- А...а... мұндағы қыздар ханзуша тіл білмейді. Сен ханзуша жақсы сөйлейтін болыпсың! –деп секретар енді өз тілімен сөйледі. – Қайдан үйрендің?
- Сіздің сұрауыңыз бойынша іздеп тапқан Алтай жерлік парткомда сегіз ай тұрдым. Онда асырап алған әке-шешем бар. Солардан үйрендім.
- Сегіз ай?... Сөз жоқ, өте зерек екенсің, Мақпал жолдас!... Біздің мынау тамаша жігіт, сені жақсы таныған, жақсы күткен!... Өте-өте құттықтаймын! –деп менің қолымды қайта алып сілкіледі Лиң Дәйшің. Үйге қолтықтап кіргізіп, дастарқан төріне отырғыздым да, шешемнің істеген бұл тойына шақыруға үлгере алмай қалған жайымды айттым. Шай құйып түрегеп тұрған келінін тілмаш етіп шешем кешірім сұрады.
- Мен бастықтарды тойға шақырудан бұрыннан қорқатынмын. Біздейлердің тойына келу түгіл, осы ұлымды келмеске талай қуалаған ғой. Олармен силаса алмайтынбыз. Ал, сіздей де кішпейіл бастық болатынын енді көрдік. Мұнан соң тойға алдымен шақыратыным сіз боларсыз! –дегенде секретар қарқылдап күліп, шұлғып-шұлғып жіберді.
- Бұл терең сөз, табымыз бір екен, рахымет сізге!.. Биғабили жолдасты жамандаушылар көп болған. Ал, мұндай қабілетті жақсы кадр бізде қазір жоқ. Сіз бақыттысыз. Мынадай келін түсірген соң тіпті шексіз бақытты болдыңыз!
- Өзі менің байқауымша шыншыл сияқты, көңілімді өсірген сенің өркенің өссін, Мақышым!... Жақсылап күтіңдер өзін! –деп шыға берген шешеміздің сөзіне күліп едік. «Не айтты?» деп сұрады қонағымыз. Аударып түсіндіргенімде қарқылдап күлген секретар дастарқан ортасындағы бөтелкеден екі стаканға арақ құйды.
- Білемін, келін ішпейді, кел, екеуіміз Мақпал жолдастың азаттығын құттықтаймыз! –деп қағыстырды менімен. – Енді ішпеймін, менің жұмысым көп, жақыннан бері тіпті көбейіп кетті. Қалаймақаншылық бар! –деді де, ет жеп, шай ішті. Өзім толық түсіне алмай жүрген бір мәселені сұраудың орайы келе қалды маған:
- Мал шаруашылық райыондарындағы жұмысты қалай көбейтіп алғансыздар, орталық комитеттің нұсқауы осылай болды ма? –деп бүлк еткіздім.
- Біз (оның ішінде мен де) түгел әскери адамбыз ғой, -деп жалғыз көзін қадай жымиды маған. - Өзіміз төте қарасты басшылықтың нұсқауына әскери тәртіппен ләм демей бағынып әдеттенгенбіз... Сол бойынша жүріліп жатыр!... Ал, Биғабили, Макпали жолдастар, осы аудандағы жоғары тап өкілдерінің ісінен екеуіңнің де хабарларың бар шығар. Бейсембі күні клуб майданында бір бөлім кері төңкерісшілердің үстінен халықтың күрес жиыны ашылады. Соған қатынасып беріңдер!
- Мақұл, қатынасайық!... Олардың ішінде біз арнайы сөйлеп әшкерелеуге тиісті кімдер бар екен? Дайындалып барсақ жақсы болар еді!
- Жақсы! Тізімін жіберіп берейін! ... Тарих тапсыру әрекетінде Мақпал жолдастың бізге жолдаған әшкерелеу материялдарын қылмыскерлеріне сол бойынша мойындатқанбыз. Ал, сенен ондай материал келмеді. Бетпе-бет сөйлеуге көпшілік сені шақырар. Көбін білесің. Мәселен, асқан тоңмойын, кері төңкерісші Кәкімбайды білесің. Оған келгенде сенің төтеп бере алатыныңа сенеміз. Сондықтан ескерткенім. Екеуің де білетін Омарбек бар, Таңқан бар. Ал қалғанын тізім келген соң ойланып көресіңдер, мақұл ма?... Жер иелерінен бұл күреске көп тартылады. Мал иелеріне қазірше тек кері төңкеріске қатыстыларын ғана тартпақпыз.
- Басқа мал иелеріне кеңшілік етпексіздер ме? –деп жымия сұрадым.
- Оларға дайындығымыз жетпей жатыр... Мақпал жолдас, әкеңе кеңшілік сұраймысың? –деп күлімсірей сұрады секретар.
- Жоқ, ол маған кеңшілік етпегенде, мен кеңшілік етем бе! –деп Мақпал төмен қарай сөйледі. - Оның үстінен де бар білетінімді жазып бергенмін. Жалғыз-ақ жала жабуға, нахақ күйдіруге бармаспын. Соным ғана кеңшілік!
- Жақсы!... Жақсы коммунист шығады сенен! Әрқандай жауға да жала жаппау дұрыс! Жау екені рас болса, кейін өзі-ақ ұсталады. Жаланың не қажеті бар!
Осы сөз үстінде Нюханбең есіме түсіп, Лиңдәйшіңге сүйіне қарадым. «Екеуі де бір партияның мүшесі. Ал, екеуі қалайша екі дүниедей қарама-қарсы пікірде?»...
Клуб майданындағы күрес жиыны сол айтылған күні таңертең сағат тоғызда басталған екен. Мақпал екеуіміз бір сағаттай кешігіп барыппыз. Сығылысқан халықтың майданға симағандары қорған дауалына, сырттағы үй-үйдің төбелеріне шығып қарап тұр. Күн бүгін тіпті шақшырая көтерілген. Қып-қызыл сахнадағы мекрафоннан сөйлеп тұрған бір қазақ тергеушінің өткір дауысы кереметтің қолындағы шексіз ұзын бишіктей үйріліп, аспаннан осқылап тұрғандай. Бүкіл аудандағы «феодализм» мен «капитализм» бір уысқа кіргендей көрінді.
Тіксінсек те тыныш, қымсынсақ та тынысты қалпымызды сақтап, сахна бүйіріне қиырлай жеткен екеуімізді Лиңдәйшің көре қойып, қол бұлғап, сахнаға шақырды. Желегін тастай, Үрімжіде мен бұйыртқан киіммен келген Мақпал күрес жиынының сахнасында «буржуазия бикештерінше» көрінуден имене шығып, ең артқы орындыққа отыра қалды. Мен, нұсқалған, алдыңғы қатардағы орындыққа барып отырып едім. Лиң шужи күлімсірей түрегелді де, Мақпалды қасыма арқасына қаға әкеліп отырғызды. Күрес құманданының өз орны орта шенде екен.
Майдан алаңының жарымын қылмыстылар толтырғандығы мені қатты таңырқатты. Ең алдында қолдары желкесіне қайрылып байланған кері төңкерісшілер, оның артына қолдары құрсаулы жер иелері, ең соңына ең көбі болып қамаудағы мал иелері тізіліпті. «Бұлардың еңбек майдандарына айдалып кеткендерін қосып, оның үстіне белсенділер қатарында Сәрсен тектес жалаңдап жүрген орайшыл кері төңкерісшілерді тізсек, бұл майдан төңкеріс қылмыскерлерімен лық толмай ма!» деп тігіле-үңіле қарадым. – «Лиңдәйшің сынды салмақты секретар бастаған бұл ауданнан жазаланатындар мұншалық көп шықса, ал, Нюханбең сияқтылар иіскелеген аудандардан қаншалық шықты деші?.. Осыншалық жау ішімізде тұрғанда, біздің үш аймақ төңкерісі жеңіске қалай жеткен?... Бұлардың бәрі жау болса, кедейлер жұртшылығының әл-ауқатын жақсарту үшін алман-салық салмай, гоминдаңмен табан бес жыл алысқан төңкерістік үкіметтің барлық расхотын кім көтерген. Отыз-қырық мың төңкеріс армиясының экономикалық тірегі кім болған? Осылардан көмек жиғанда жау көріп, қайсынымыз мылтық шошайтып барып едік?» деген оймен басымды шайқап-шайқап қалыппын.
Мойындарына өлім жазасының тақтайы асылған ең алдыңғы қатардағы кері төңкерісшілер арасынан Кәкімбай маған көз астымен қарап тұр екен. Тани қойдым да шайқаған басымды изеп жіберіп, Мақпалға қарадым.
- Омарбекті көрдің бе? – деп күбірледі. – Тақтай қарғылылардың сол жақтағы екінші, мені көзімен атып тұр!...
- Бұл, өлтірмей-ақ тірі жазалауға лайық қылмыскер еді!
- Мұны атбаса разы бола қоймаспын!
- Бәйбіше, тым қатал бола көрме! –дегенімде, бұл атауды алғаш естігендіктен маған жымия қарап сөйледі Мақпал.
- Қаталдық істеуге тиісті жерде қатал бола алмасаң, жеңіске жете алмайсың!
- Жеңген ит қана желкелей бермек!... Бұл жемеңгерлікпен байыса да, кейін мойны босап, қорқақ, көнімпаз ғана феодал болған. Мұндайды сен де мойындатып өзгерте аласың!... Өзгеруге көнгенді өлтіру – ең зор қанішерлік болады!... Әкеңді көрдің бе? –деп сұрадым төмен қарап күбірлеп. Мақпал да төмен қарап сұрады.
- Қай тұста?
- Артынан санағанда бесінші қатардың сол жағынан сегізінші. Қолы байланбапты. Үлкен жазаға тартыла қоймас!
- Көрдім, -деді 4-5 минуттан соң Мақпал. – Менің көргенімді біліп жылап жіберді көзіңе ақ түскір!... Өзі арықтап, қатты жүдепті, мыстанның түрмесінде менше 15 жыл қамалса, өлетін сияқты ғой!.
Қылмыс делолары жайында ұзақ сөйлеген шешен, мекрафонды жара шаңқылдап ұран көтергенде айыпкерлер тіпті бүрісті. Бір кезде кеудесімен тау соғардай асқақтап, ақырыңдай жүретін Кәкімбай, қазір тышқанның ініне де сиятын тәрізді.
Кері төңкерісшілер үстінен шағым айтушыларға сөз берілді мұнан соң. Алдымен аты аталып шақырылған Құрышпек, сөзді Нұрасылдың өлімінен бастап сөйлеп, Кәкімбайға қаһар үйірді. Ашуы жеткен удай алымды-өнімді сөз майданға қарлы боран соқтырғандай, оның жендеттерін де қалтыратып еді. Халық кегі буырқанып, сөйлеуді талап етушілер шу көтергенде сахнаға Әлия шыға келіп, өз әкесінің үстінен «дерт төкті». Әкесі екі әйел алып, шешесін тірі жесір қалдырғанын айта еңіреген кексе қызға халық арасынан күлкі көтерілді. Жиын басқарушы Ербол жиырыла қарады Әлияға. Оның «күрес жалынын бастың» дегені екенін, қыран тұмсығының күдіреюінен байқаған Әлия жылауды қойып, енді шақылдай жөнелді. Әкесін «мәйбан1 буржуой тамады2» деп тілдеп жіберді де, гоминдаң уақытында «Америка жиянгерлігіне» отан сатқан делдалдардың бірі болғанын әшкереледі. Бижін мен Шанхайға барып жүріп, Жаңкайшымен тіл біріктіргендігін айтты. Сол сапарларында 500 мың долларлық қана сомамен барып, бес милион долларлық тауар алып қайтатындығын тізіммен дәлелдеді». «Отан сатпасаң оларды қайдан алдың?» деп сонан соң ақырдай келіп әкесіне... Сұлу мұртты сопақ бетіне түрмеде қауғадай қара сақал біткен саудагер, қызына мүлде түншыққандай тығылып, көзі атыла қарады. Кәкімбаймен қатар тұр екен. Әлияның әр ақыруына бір шатырлаған қолшапалақ пен күлкі араласа жауды.
- Әкесінен шекарасын осылай бөлмесе қалай бөлмек!
- Тұмсық күйеу разы болған-ақ шығар!
- Әкесін сойып берсе де разы болмай ма! –деген күлкілерде естілді көп арасынан.
Базардың таңқы құйрық Әлиясы сахнадан түсе жөнелгенде, сақараның бір таңқы құйрық қызылы тағы шыға келді сахнаға. Саркідір тартқан әйел болса да солай киініпті өзі. Мұның да активтің тым асқан аптығы екенін, кеуделей келісінен байқай қойдым.
- Мен жауыз Таңқан Үкірдай үстнен сөйлмек едім, -деп бастады сөзін. – Бұл жауыздың – кәрі қабанның елу жыл ішінде қол астындағы халыққа істемеген зорекерлігі қалмаған. Алғашқы айыптаушының айтқандарының бәрі рас, қол қойып қосыламын. Мен қазір Таңқанның өзіме қыз кезімде істеген бір зорлығын ғана өзіне сөйлетейін деп шықтым. Ей, кәрі төбет, көтер басыңды! –деп шаңқ ете түсті. Жетпістен асып бүкірейген шақшадай ғана аппақ шал төмен қарап тұрып алып еді. Көп арасынан Әлімбай хатшы шыға келіп ақырып қалды. Мақпал, негізгі бір жауын енді көріп, бадырая қарап қалған екен.
- Әлімбайды көрдің бе, Омарбектің орнына райыон бастығы болып сайланыпты! –деп Мақпал күбірлей күрсінді. Әлімбай ыршып барып, Таңқанның қураған селеудей селдір сақалынан көтеріп қалып, шалқасынан түсірді. Қайта көтеріп, шымға қағатын қазықша ырғап тіктеді де, бізге бір қарап қойып, жөнеле берді.
- Ей, кәрі қабан, жауап бер! –деп шаңқылдады шағым айтушы Таңқы. – Жиырма сегізінші жылы күзде... айдың... күні түнде маған не істегеніңді сөйле! Қаншалық қинағаныңды, бәрін сөйле!
Тұқырып алған Таңқанға бірқанша белсенді қатар ақырды.
- Шырағым, осы сөзіңе жап-жас өзің емес, өлмелі менің бетім шыдамай, жерге кіре алмай ұялып тұр едім. Құдай басқа салған соң сөйлейін енді, сөйлейін! –деді Таңқан. – Менің жауыз болғаным рас, өзім-ақ айтамын ғой бәрін. Халім барда әйел құмар болғаным рас. Үкіметке сондай пәлелігімнің барын айтып, қинаудан құтылу үшін, тіпті, артығымен сөйлеп беріп едім. Ал, сен туралы... мен... тіпті қараудан ұялатын қарғадай бала едің... оның үстіне сені... өзім қызым деуші едім... шынын айтқанда, ол кезде шешеңмен тәуір едім ғой, тергеушіге берген тізімімде ол мархұмның да аты бар. Нанбасаң содан қарашы, шырағым! Мұндай жала жауып, Құдайдан безбе! Құдай алдына барғалы тұрмын ғой, қызым, Алла сақтасын, сен жаққа беттеп көргенім жоқ! –дегенде шу көтерді көпшілік намыстың қатал шеңгеліне түгел кіргендей, рақымсыз уыста мыжылып бара жатқандай, аянышты күңіреністер естілді құлағыма. Беті қанға боялғандай қызарған әйелге бірнешеу қатар ақырды.
- Сөйлетпеді деп қазір атқызып жіберсең де, тоқтат арсыз сөзіңді, лағынат! –деп жіберді Құрышпек.
- Егер рас болса да өзіңді шиге шаншып масқараламай, тергеуші алдында ғана беттеспеймісің! –деп күбірлей келген біреу тарта жөнелді қолынан. Бұл әйелді сөйлеткен Әлімбай екендігі, олар сахнадан түсе салысымен көрінді.
- Зорекерлер үстінен шағым айтқызбай сүйреіп түсіретін кімсің сен! –деп кіжінді Әлімбай.
- Район1 жолдас, мұндай есуасты қайрап, жоқты көкіткенше6 барын өзіңіз-ақ сөйлесеңіз болмай ма! Жауға өзін масқаралату үшін шығарғаның ба бұл! –деп Әлімбайды кінәлаған бір жігітке қарап отырып қалыппын. Атым мекрафонда аталғанына жалт қарасам, Ербол мені сөйлеуге шақырып тұр екен. Көптен таныс көпшілік дуылдай қолшапалақтағанда түрегеліп, бас идім де мекрафон алдына бардым.
- Мен бұл жиында сөзге шығушылардың ең соңында сөйлемек едім, -деп бастадым сөзімді. – алдымен мына дұспандар үстінен шағым айтушылардың - әшкерелеуші, айыптаушылардың сөзін тыңдамақ едім. Кім дәл айтты, кім жала айтты, бұлардың қылмысын толық білетіндердің қайсысы ашылды, қайсысы жасырды, бұларға бұрын қолшоқпар болғандардың қайсысы өзін әшкерелеп, шекарасын ажыратты. Анықтап алып сөйлесем, бұл күрестеріңізге үлес қоса алатындығыма сенемін. Өйтетінім, дәл мына алдыңғы қатарда тұрған айыпталушылар маған толық таныс. Бұлардың қылмыстарын білетіндерді де, бұлардың асырап өсірген күйкентайларын да, айтақтайтын жендеттерін де толық білемін. Өздіктерінен әшкерелемейтін болса сонан соң сөйлемек едім. Ал, жолдастар, қашан сөйлейін?
- Соңында сөйлесін! Ең артынан-ақ сөйлесін! –деген дуыл көтерілді.
- Олай болса, қылмысты асыра сөйлеушілерге де, жасыра сөйлеушілерге де, жасырынушыларға да осы жолы қатал тиісетіндігіме сеніңіздер, отыра тұрайын!
Бықсымаларды дәл тауып көсеппін. Сөзге шығуға таласушылар лап ете түскендей шуылдай көтерілді. Тізімдеп алған, тәртіппен сөйлетуді Ерболға сыбырлай салып, орныма қайттым. Бұрын Кәкімбайға сыбайлас болған Сәрсен мен екі жендеті алдымен тізімделді. Кибірахұн мен Әлияның әкесінің әшкерелеушілерінен үшеуі, Омарбектің жандайшабы Әлімбай бастаған төрт әшкерелеуші, Таңқанның үстінен бес әшкерелеуші тізімделгенде Мақпал жайраң қақты.
- Бұлар енді сенімен маған сөйлейтін материал қалтыра қоймас! –деп күлді. Әлгі сөзіңнен қорыққан-ақ екен. Бәрі де Омарбек пен Таңқанның сайыпқыраны болған!... Әкемнің ісін білетін де осылар!
- Әкеңнің қылмысы аз болса керек!
- Недәуір бар шығар, бірақ, атылуға шарты тола қоймас! –деп күрсінді Мақпал.
Әрқай белсенді өзді-өз қожайындары үстінен сөйлей берді, түткілей берді. Ең мықтысы болып, оза шапқан Сәрсен мен Әлімбай Кәкімбай мен Омарбектің бет-аузын қанға бояп келіп сөйледі. Қайта барып сақалдап та сөйледі. Маған қарап қойып та, Мақпалға қарап та жұдырықтады.
- Өздерің қатысқан қылмыстары қалып қоймасын! –дегенді күбірлеп ескертіп мен отырдым.
Сәрсен саясат Кәкімбайды гоминдаң партиясына тартып, шаңзұңдыққа көтергенін әшкерелегенде иіле түсті. Оны Досан әкіммен бірге үш аймақ жазасынан құтқарысып-жасырысып келгендігін сөйлегенде бүгіле түсті. «Бұл кері төңкерісші Ахыметжан, Ысқақбек сынды көсемдеріміздің өлімі туралы ұлы құтқарушымыз Жұңго компартиясына, беті бүлк етпей жала жабуға дейін бармады ма!» деп сақылдады соңында. Осыны сөйлегенде ғана бой жазып, қайта тікірейді де, сахнадан ыршып түсіп, Кәкімбайын тепкілей жөнелді.
Жауынды күні Зарықбай, Қоңқай ауылындағы қарақшылығын сөйлеген Әлімбай «мені де алыңдар қолға!» деп қос қолын көтере айқайлап еді. Мақпалды аңдып жүріп қолға түсірген қарақшылығын әшкерелегенде, өзін шапалақтап-шапалақтап жіберді. «Осының барлығын зорлап істеткен осы боқсақал!» деп ыршыған Әлімбай Омарбегінің сақалына сап ете түсіп шартылдатты.
Бұл рет тізімделіп сөйлегендердің көпшілігі осындай фоксшы жендеттер екен. Пышақтарын өз беттеріне қадап қойып, қожаларының қолқаларына сүңгіте берді.
Бұлар түгіл сөйлеп болғанда, өзім тағы сөйлеп өш алу түгіл, байлаулы сорлы дұспандардың өші менде кеткендей, жаным ашыды. Қорқытып өз жендеттеріне өздерін өлерде тепкілеткен мен болмадым ба! Маған жымия қараған Ербол «ең соңында сөйлеймін» дегенім бойынша мекрофонға сөзге шақырды. Түрегеліп барып, көпшілікке бас идім де ресми дауыспен! «Менің бұл реткі жазалау жиынында кері төңкерісшілер үстінен әшкерелейтін мәселелерім осымен бітті!» -дегенімде ду ете түсті көпшілік. – «Кейінгі тізімделіп сөйлеушілердің жұдырықтарынан басқасы түгелімен менің сөзім!».
Жиын басқарушы Ербол Лиңдәйшіңнің қасына барып, сөйлейтін сөзі бар-жоқтығын сұрап еді. Секретар басын, көңілсіз ғана шайқай салды. Алдыңғы ұзақ сөйлеген тергеушінің қасында отырған жепаңжүн порымдас сары киімді Ерболдың ымын көре сала түрегелді де үкім оқуға кірісті. Солт осы кісі екен. Мойнына тақтай асылған он екі адамның аттарын алдымен атап, өлкелік жоғары соттың бекітуі бойынша өлім жазасына үкім етілгендігін сақылдай сөйлеп бір тынды. Іле-шала қайта сақылдап, несие өлімге (екі жыл кешіктіріп атуға) кесілгендердің тізімін оқыды (оны санай алмай қалдым. Әйтеуір ұзағырақ оқыды). Онан соң мүддетсіз қамалатындар мен жиырма жылға кесілгендердің тізімін оқыды. Неше мыңдаған адамның өліктей үнсіз тынып қалғандықтарына қарап отырып, бұлардың қанша адам екендігін де санаусыз қалдырдым.
Нақ өлімге үкім етілгендердің автомобил кузыбына лақтырылғандағы аянышты үні әлі де құлағымда.
- Лиңдәйшің, Лиңдәйшің! –деп айқайлап барып үзілді бір үн.
- Төңкеріс деп сұраған көмектеріңнен немді аяп едім, көргендерің айтсаңдаршы шырақтарым-ау! –деп бірі лақтырылмай тұрып-ақ жалп ете түсті.
- Секретар-ау, қарағым-ау жүзің жылы еді ғой, рахымың қайда! - деп бірі зарлай ұшты кузыпқа.
- О дүниеде қолым сенің жағаңда, Әлімбай! –деп Омарбек лақтырыларда қалтырап кетті.
- Лиңдәйшің-ау, арқамнан қағып жүріп, басымды қағып тастадың-ау!..
Өзінің аты қазір өлетіндердің аузынан шыға бергеннен көрге бірге кететіндей түршіккені ме, иә, ішіндегі ашынышын жасыруға күші жетпегені ме жалғыз көзі шақшиып, күре тамырлары бадырая қалған секретар сахнаның артынан түсе жөнелді. Сол басқышпен Мақпал екеуіміз де сырғи жөнелдік. Қолдасып алып, тұп-тура үйге тарттық. «Омарбек өлтірілмесе, разы бола қоймаспын» деп келген келіншегімнің көзі тіпті бақырайыпты...

Әділетті тергеушім, өз танымымда бұл тараудағы қылмысым - отты басқалардың қолымен көсегендігім еді. Ал, сіз, сол өнер арқылы жұрттың қолын түгел өртеп болып, отты енді тұмсықтарымен көсетіп жатқаныңызда менің мұным қылмыс болып жарытар ма. Кешіре тұрыңыз, ендігі тараулардың бірінде егіз қылмыс тудырып берермін!


VI


Осы қырма жиынның кешіне бізді Өмірбек қонаққа шақырып еді. Кешке жақын Мақпал екеуімізді екі жағына алып шәй ішкен шешем, әр нені ақыл етіп сөйлеп отырып кешіктірді. Күнбатыс жақ көкжиекті ымырт көмкере бастағанда шығыппыз. Жұлдыздары бадырайған көк аспан жердегі қара көлеңкеден бір сұмдық сезгендей, қадалып алыпты. Көше ішінен тынғандай тымырық-тыныссыз сезілді. Науқандар көбейгеннен бері бұл қалашықта күн батысымен көше қимылы өздігінен тоқтап қалатын болғанын естігенбіз.
Өзімізден басқа ешкім жоқтай сезілген соң тоқтай қалып, айқара құшып, аймалай сүйісіп келе жатыр едік. Сол мақсатпен жаудыраса қарасып тағы бір рет тұра қалғанымызда көше теректерінің далдасынан біреулердің күбірі естілгендей болды. Елең қаққан Мақпалдың шанақты көзі жалт-жұлт ете түсті де, қолымнан тарта жөнелді. Жеделдете бастық аяғымызды. Дауал жағалап соңымызға түскен аяқ сыбдыры естілді. Дедектетіп жүгіртуге айналған Мақпалды мен тежедім.
- Асықпа, кім екенін байқалық. Бұл көшеде қастық қыла алмайды!
Үш адам көше ортасына шығып, күбірлесе ілесті соңымыздан.
«Биғабіл екен» -деді алдымен шыққаны. – «Осыған да айтып кесетіп қоялық!... жігіт еді не дер екен. Тым болмаса жоғары үкіметіне пікір жеткізер!»...
Біреуі оза шығып жақындай берді бізге. Қуып жетіп, қол созым алыстықпен қатарласа жүрді. Ұзын бойлы сопақ бет қара сияқты. Үңіле қарап едім.
- Мені тани алмайсыз! –деп күлді. Дауысы да бейтаныс екен. – Бізді толық азаттыққа, бақытты тұрмысқа жеткізетін коммунист. Үкімет келеді деп ең көп сөйлеген сіз едіңіз, жазаңызды беру үшін ілесіп келеміз.
- Бірақ бере алмай қалар ма екенсіздер, жазығым жоқ қой! –деп күліп едім. Қолтығымдағы білегі дір қаққан Мақпал да күлген болды. Тағы да үңіле қарап алып сұрадым. – Ал, сөйлеңізші, не қылмысым үшін жазаламақсыз?
- Бәз баяғы гоминдаңды компартия деп таныстырып алдағандығыңыз үшін!
- Шынымен алдаппын ба?
- Шынымен болмаса, мына үкіметіңіз не істеп жатыр!.. Тіпті гоминдаңнан да асып, осы төңкерістік үш аймақтың өзінен әр ретте мыңдап қолға алып қырғындап, гоминдаңның бізде кеткен өшін алып жатпай ма!
- Е...е... сіздің «мені тани алмайсыз» дегеніңізді енді түсіндім. Кері төңкерісшілердің қолшоқпары екенсіз ғой. Олай болғанда рас тани алмайды екенмін! –деп енді қарқылдай күліп едім, қолтығымдағы Мақпал қалтырай күлді.
- Осы қырылып жатқандардың бәрін кері төңкерісші деп танисыз ба? Сіз жалғыздан жалғыз кезіп, төңкерістік үгіт айтып жүргеніңізде, осыншалық көп кері төңкерісші болса қалай тірі қалғансыз? Қолыңызда кейде қамшы да болмайтын. Көп кері төңкерісші неңізден қорықты сонда!... Өлтіру түгіл, төңкеріс үшін сұрағаныңызды түгел беріп, айтқаныңызды толығымен орындап келіп еді ғой!... Менің байлармен ешқандай шатысым жоқ қара табанның қара баласымын. Солай да істің әділі керек қой, осы айдалып атылып жатқандардың сондай бізден күткен жақсылығы осы болғаны ма!... Көпшілігі тіпті обалды кетіп жатыр!
- Өзіңіз, оқыған, білерлігі мол адам сияқтысыз, -деп үңіле қарадым тағы да – енді мен де шынымды айтайын, осыны істеп отырған, нағыз компартия мен марксизм емес, сондықтан менің үгітімнің де жазығы жоқ!... Жандайшап, шаш алудың орнына бас алуды ғана білетін зор ұлтшыл жендеттердің ісі!... Халыққа заттық армия арасына баяғыда кіріп алған Әлімбай мен Сәрсен сияқтылар аз дейсіз бе!... Мұның артын күтіңіздер, осы ахуалды жоғары жаққа әр жерден мәлімдеп жатыр. Орталық комитет бірдеме айтпай қоймайды. Мен өзім де сол үміттемін. Әйтпесе көрмей-білмей жүргенім жоқ!
- Бәсе... бірақ артын күте-күте артымыз ойылып-үңірейіп қалды. Енді екі-үш күнде тағы да жиын ашып, қасаптығын тағы әкетеді. Кәкімбай, Кибірахұн, Омарбек сияқтылар ғана болса ғой сауапты іс дер едік. Көп болса екі жыл ғана қамалуға тиістілерді қырып жатыр. Енді шыдай алатын емеспіз!
- Сонда қайтпексіздер?
- Тым болмаса шыл құрлы болмаймыз ба, тыпырламақпыз!... ал кеттім. Сіздерді ойлансын деп кезіккеніміз. Мұндайда артын күтіп отыру, азаматтық емес, алдын тосу қажет! –деді де қараңғыға сүңги жөнелді.
- Мынау бір пәле екен, кері төңкеріске үгіттеп жүргені! – деп Мақпал күрсінді де, мен соза дем алдым. Өмірбектің қақпасына үнсіз жеттік.
Ауыз үйде отырған шешесіне мен қол беріп амандасып болғанша біраз кідіріп, сыртта қалған Мақпал, бір тізелеп иіліп сәлем ете кірді. Жайшылықта «төрт аяқтап» әрең тұратын ауыр кемпір бір қолына ғана демеліп, ыршып түрегеле ұмтылды келініне.
- Рахымет, балам, рахымет! Өмірің ұзақ болсын, көретінің қызық болсын!... Бақытты бол дегенім ғой, нұр жаусын басыңа! –дей жетті де иегінен көтеріп, маңдайынан сүйді. - Маңдайың жазық, жүзің жарық екен!... Мейіржан, үйге кіргіз, отау ғой, төрге отырсын!. Бәсе, Биғаным осында сайланып жүрген қыздарға неге кекірейе береді десем, келінім дейтіндей келін болатын сияқтысың ғой, өркенің өссін, балам!
Сықылықтай кірді Мақпал отауға. Қақпаға жеткенде салынған жұқа қызыл жібек желегін мойнына қайта түсіре барып отырды. Бізден бұрын Мәулен, Қиялзат келіншектерімен, Бақай ғана келген екен. Сырттан іле-шала Ерболдың кіргенін, ауыз үйдегі шешемізбен сәлемдескенінен сездік.
- Есенсіз бе шеше? –деп ол өзінің астамсудай сезілетін, саңырауға сәлем бергендей кесек дауысымен амандасып еді.
- Шүкіршілік! –дей салған кемпір танымай қалғандай үңіле түсіп, аз кідіріп барып сөйледі. – Е...е... компартиялардың біреуі екен десем, өзіміздің Жайсаңбайдың Ерболы екенсің ғой, амансың ба, қалқам? Осы бір тыртиған көк киімдеріңнен де қателесе беремін. Үйге кіре ғой балам, достарың күтіп отыр!
Бәріміз күлдік, шай құйылды. Дастарқан әңгімесі осы «компартиялардың біреуі екен десем» деген мағыналы наразылық сөзден басталды.
- Япырай, -деп сыпайы әнші Мәулен бір бөгеліп барып сөйледі. – Осы кісі компартияны өзіндей, өзінің Өмірбегінің қамқор қормалындай көруші еді-ау, енді мына сөзінің қыршаңқысын қарашы, жат көріп қалыпты ғой!
- Жат көрмей қайтеді, -деген Бақайдың көзі ұшқындап кетті. – Жалғыз ұлын ел құрбандығына атап, әрең құтылған жауы жылмиып қайта келгендей көрініп отырмай ма!...
- Ей пролетар, -деп қалды Ербол. - Өз үкіметіңді гоминдаңға теңеуіңе жол болсын!
- Әлей болсын, кадрым, -деп Бақай жымиды. – Пролетарияттың, төңкерісші таптың пікірін мылтықтарыңа патрон етіп, халыққа фащизмнің улы қорғасынын атуларыңа жол болсын! Гоминдаңның жүз мың армиясын жіпсіз байлап, құс атар шитілерін де тырс еткізбей қарсы алған ұлттық армияның «запхоздары» мен «склаттарына» мына тастаған бомбаларың кімдікі? Пролетарият бұл жойымпаздықтарыңа жол қоя алмайды. Бас қылмыстарыңды іздейміз. Іздеп те жатқан шығар, көресің әлі.
- Сонда таптық жауларыңды Кәкімбай, Кибір, Күпірлеріңді жазалап бергендігіміз үшін жойымпаз аталғанымыз ба, жоқтап отырғаның кім өзі?
- Пролетар бұларды атпа десе, өздерін Құдай атсын. Ал, басқа атылғандарды, өмірлік кесілгендерді, жиырма жылдықтарды бір-бірден атап, қылмыстарын сарапқа салып көрші, қане, осы атаудан қалай құтылар екенсің!... Иттікке індіні көнбейтін қасқырды ғана жою керек шығар! Ал, мына қораларыңа симай, шөлге айдатып жатқандарың, қайсы жиянгердің қайсы шапқыншылығынан түсірген тұтқындарың!
Жеңілген Ерболдың өзінен бастап, бәріміз күліп едік, Мақпал жалтақтай түсті жан-жағына. Бұрыннан сырлас дос екендіктерімізді білмей, осы сөздерді аса оқыс сезіп отыр екен.
- Мына лүкшек пролетарыңа не дейсің Биға? –деп Ербол маған қарағанда.
- Екі ақын арасындағы айтысқа басқа ақын килікпеуі жөн шығар! –деп күлді Мақпал.
- Басқа мықтырақ ақынның қалыс төрелік айтып келістіретіні де болатын, келін! –деген Мәуленнің сөзінен жеңілгендей қызғыш тарта жымиып тұқырды өзі.
- Екеуінің бұл айтысы заңды, дұрыс айтыс! –дедім мен. – Ерболдың жеңілер жеріне жетпей төрелік сұрауы жеңілгендігінен емес, көк айылдық істетсе көсіп қалатын жерлері бар. Бірақ, өзінің ішкі пікірі Бақайдың пікірімен ымдас-жымдас болғандықтан қоя салғысы келген сияқты. – дегенімде Ербол қарқылдай күлді.
- Олай болмаса, тым болмағанда «нақтылы кері төңкерісші, міне!» деп ұстатып, атқыза салу қолымнан келмей ме, шарты алдыңғы сөзімен-ақ тола қалды ғой!
- Шарты қазір толғанымен кейін толмай қалса, не бетіңді айтасың, - деп күлімсірей тойтардым бұл құқайын. – Бақайды сен «кері төңкерісші» демек түгіл «лүкшек пролетар» деуің де әділетсіз баға. Лүкшектік әрекетке қарсы лүкшекше үзілді-кесілді пікір айтпайтын пролетар жоқ. Егер болса, пысқан пролетар емес, ұсақ буржуазиялық либралшылдар қатарынан ғана орын алар еді.
- Жарайсың! –деп Бақай баспармағын көтере түрегелді орнынан. - Қырық алтыншы жылдың күзінде пимакат дүкеніннің түкпіріндегі тауық ұясында арақ ішіп отырғанымыздағы өзіңе берген бағамды толық ақтадың осы жолы, құтқардың мына пәленің қоқанлоқысынан! Әкел бетіңнен енді бір сүйейін!
- Құдай жарылқасын, сүйе көрме! –деп екі қолымды бірдей көтердім. – Мақыш, сен де сақтан мынадан, сүйемін деп қасқырша талайтыны бар мұның!
Қарқылдай күлгенімізде ауыз үйден тыңдап отырған қарт ана тіпті қарқылдады. Столға ішімдіктер келіп, ауыздары ашыла бастағандықтан онымен отаспайтын саяси айтыстың аузын бекіте салу үшін қалжыңдап едім, Ербол қолдай кетті.
- Бәйбішең болса да, Мәрия бейшараны бұлай қорғаштамаушы едің, -деп жымиып, тұмсығымен бірге бүгіле түсіп еді. Мақпалмен қарасып алып күліскен Мәрияның әртістігі қозып, қалжыңның қолтығын қытықтай жөнелді.
Қараңғы көшеде кездескен бейтаныс қараның сөзі мен мына жарық үйде көзді жайнатып қойып сөйлеген Бақайдың сөзі бауырлас бір тұлғадан туғандай сезіліп, менің ойымды ауырлата берді. Қаншалық қызықты күлкіге бөленіп отырсам да, қапастағы кісенді тұтқындардың күлкісіндей, өзімізді өзіміз алдаған шекті күлкідей, сыздан арыла алмай қайттым.
Сол ләзәтті аптада шақырған басқа үйдегі сауықтарда да дәл осындай уытты ызаға қайралған пікірлер алдымызды кесіп өте шығып жүрді. Тау тасқынындай лап қоятын апатты бір толқу бар сияқты алдымызда. Мақпал да соны сезіпті. Рұқсатты уақыты біткен күні түн бойы кірпік ілмей аймалап, осындай пікірге мүлде қатыспауымды өтінді.
- Қалай дегенмен де, партия басшылығындағы іс қой бұл. Қаншалық солшылдық болса да, біз үшін бақыт әкелгендігі осы қосылуымыздан дәлелденді ғой, жаным. Қарсы пікірден аулақ болайықшы!... Сен мені асқан сұлу да, ақылды да көресің ғой, ал мен үшін сенен артық ешкім жоқ. Анау алғаш көргенімнен бері біреу саған теңдесерлік адамзат бар десе күнәға бататындай сеніммен келемін. Осы партия болмаса екеуіміздің басымыз екі далада қалатын еді ғой! Осы партия не істесе де кір келтірмейікші!
- Бұл партияға кір келтіруге болмайтындығын мен сенен артығырақ түсінемін ғой, Нұрым, бірақ, мына асыра сілтеушілік, партияның ісі емес дедім ғой. Мен қателеседі деген хауіптен аулақ болшы!
- Қауіптенбейін жаным, осы пікірді де айтпай қоя тұршы!... Бәлкім, осы істің өзі дұрыс шығар, күнім! –деп Мақпал осы іс дегеннің өзін де дәлелдей ақтап, ләзатқа бөккен жалынышын құя берді көкірегіме.
Кірпік ілмей таң атырдық та, шешемізді ортаға алып, шай іштік. Аудандық үкіметтің жеңіл арбасында кірпік қақпай қараса отырып, Шәуешекке жеттік. Зыдауян «мамасынан», бұрынғы дұспандарының қастандығынан сақтануын өтініп қайттым.
Бір апта кешіккендігімнен асығып, ертеңіне түстен кейін Үрімжіге жүретін бір жүк автомобилінің үстіне отыра салып едім. Жолдың нашарлығынан Толыға жеткенімізше күн көкжиекке жетіп, Жаматы сайына кіргенімізде ымырт жабылды. Менімен бірге Дөрбілжіннен шыққан екі әскер елеңдеп, бір-біріне қараса берді. Неден хауіптенетіндіктерін білмеппін, көздерінен күдік оты жылтылдай қарасады. Қысаң жартасқа жақындадық. Біреуі жан мылтығын менен жасыра суырып, шатының арасына оқтағанда, біреуі бесатарының шақпағын қайырды. Арт жағымызда отырған қазақ шал күбірледі маған:
- Япырай, мыналардың шырайы бұзылды-ау деймін, шырағым!
- Жоқ, ата, бұлардың шырайы бұзылмайды. Қараңғыда осы қысаңның ауарайы бұзылар деген сақтықтары шығар!
Жолдың екі жағындағы такаппар екі құзар кеуде соғыстырып тұрғандай көрінетін тар иіннен автомобиліміз баяулай ышқынып өтті. Жылай безілдеп екінші қысаңға жете бере кілт тоқтады. Қазандай-қазандай төрт тас жолды кесе тізіліп бекітіп тастапты. Шофер кабинкадан секіріп түсіп, тасқа қарай жүгіргенде үлкен жартастан сабырлы бір жуан дауыс естілді.
- Ей, шопыр, жаныңды сақта, мұсылман екенсің, онда барсаң-ақ оқ тиеді. Қолыңды көтере ғой онан да! –деді қазақша баптап сөйлеп.
- Тез қайт, бұр машинаңды! –деп жан мылтықты офицерім ханзу тілінде сақылдады. Жартасқа қаратып мылтық кезене қойып еді.
- Ата алмайсың! –деп екінші жағымыздағы жартастың үстінен біреу ақырып жіберді. – Арт жақтарың да бекітіліп болды, қайта алмайсың! Таста құралдарыңды, қырыласыңдар!
Маған жалт қарады офицер, әлгі сөзді аударып ұқтыра қойдым. Құрал ұстаған қолы сылқ түсті. Дәл қасымыздағы далдадан әлгі сабырлы дауыс тағы бұйырды.
- Ей, шопыр, автомобиліңдегі адамдардың бәрін түсір де, шырақтың алдына тіз!... Оқ шығармай берілсеңдер, құралдан басқа ешнәрселеріңді алмаймыз! Ал, қайсының қарсылық көрсетсеңдер, иә, жасырынсаңдар, соның ғана атыласыңдар!
- Тез түсіңдер! –деп арт жағымыздан бірнеше дауыс дүрсе қоя берді.
Секіріп-секіріп түстік те, автомобиль парының алдына барып тізіле қалдық. Екі әскер қалтырай келіп, менімен қатарласа тұрды да, құралдарын алдыларына тастай салды. Бір қыз бен ауыру кемпір түсті кабинадан. Артымыздан ақырғандар автомобильдің үсті мен кабинкасын тексеріп шықты. Тізілген жетеуімізді сақараша киінген екі жігіт түгел тінтіп болды да, оқ тізілген екі шүберек белдік пен үлкенді-кішілі екі мылтықты ғана алып, жөнеле берді.
- Ұлықтарыңа сәлем айтыңдар! –деп ескерте кетті біреуі. – Жалпылай қолға алу мен заңсыз кісі өлтіру дереу тоқтамаса, халық азаттық армия деген аттарыңды да тартып аламыз!...
Автомобилімізге қайта отырып, аман-есен зырлата жөнелдік.
Құралдарынан айрылған екі жауынгер Күйтіңге түсті. Куә болуымызды өтініп, рота штабына бізді ертіп апарды да, тік тұра қалып, капитанына жолдағы оқиғаны түгел баяндады. «Қасымыздағы мына бес адамның аман қалуы үшін, құралымызды қарсылықсыз тастамасымызға мүмкіндік болмай қалды.» деп қосты соңына. Капитан акт жаздырып, біздің де қолымызды қойдырып алды да, телефонмен сақшы мекемесінен біреуді шақырды. Онысы үлкенірек офицер көрінеді. Дереу келіп екі жауынгерді қайта сөйлетіп, қайта тыңдады да, қалған бесеуімізді тергей жөнелді. Құрал тонаушылардың бар сөзін, үкіметке айтқан сәлеміне дейін толық сөйлеп берген мен байқұсты тіпті көп тергеді. Ата тегімнен бастап сұрап, жаңа үйленген келіншегімнен басқамды түгел айтқызды. Сұрайтын мәселелерінің арзанқолдығынан байқап, келіншек жайын «онымен қалай байланыстың» дегізбеу үшін ғана жасырып едім. Партиялы, партиясыздығымды ең соңында сұрады. «Кінешкесіз кандидат» екендігімді естіді де «құпиялықты мықты сақтау» жөнінде молынан түсіндіріп тоқтады.
Кететін бес қылмыстыға жеке-жеке тілхат жаздырды сонан соң. «Жайыр тауында көргендерімізді жан баласына айтсам, жанымды суырып алыңыз!» деген тілхатты кәрі қазаққа жазып, бармағын бастырдым да, «саяси орындарға зәрулігі болмаса, басқа ешкімге айтсам...» дегенді өз атымнан жазып қол қойдым. Адресімізді де тәптіштеп жаздырып шығарды.
Саяси жел алдымен соғатын Үрімжіге тағы бір қатты боран көтеріле бастағанда келіппін. Аудандардағы мылтық тарсылдары мен таулардағы ат тұяғының тасырларын басып түсіп, естіртпей тастау үшін соққан борандай, үлкен қаланы бүріп, ұшырған тастарымен төпеп ықтырып-бұқтыра бастаған екен. «Үшке қарсы науқан» деп үкімет қызметкерлеріне, «беске қарсы науқан» деп қала кәсіпшілеріне үскіріпті. «Үшке қарсы» дегені қиянатшылыққа, сырапқорлыққа, бирократизмге қарсы деген науқан екен де, «беске қарсы» дегені – қолөнер, сауда өнеркәсібіндегілерге жүргізілетін қиянатшылыққа, сырапқорлыққа, бирократизмге, үкімет мүлкін қымқыруға, арзан алып қымбатқа сатуға қарсы науқан екен.
«Былтырдан бергі жеке-жеке жүргізілген бірлерге ғана қарсы науқандар адам басын мыңдап мылжалағанда, қабаттап жүргізілген бақандай-бақандай сегізге қарсы науқан кімді аман қоймақ!» дегендей бүрісіпті қала халқы. Ал, мен, осы науқан қанға шөлдемей, қастық сайламай, «сақалға лайық іскек, сабаға лайық піспек» қана қолданып, әділ жүргізілсе, аса сауапты науқан болатындығы үшін құлшына қатынастым. «Бұл , тек саяси науқан ғана емес, адам тәрбиелейтін, адамгершілік мөралға да, коммунистік идеялогияғада баулитын науқан ғой!»
Мекеме кадрлары ұйғырша, ханзуша екі атретке ғана бөлініп жүргізіпті. Алғашқы қолданба материалдар үйрену сатысын бітіріп, «либрализмге қарсы тұрайық»1 ты оқып, үш жауды жасырмай-бүкпей әшкерелеуге ант берісіп, позиция білдірісіп болған екен. Мен келіп қатынасқан күні өзін-өзі әшкерелеу сатысына өтті. Әркім өзінің есі білгеннен берге қиянатын, ысрапшылдығын айтып жатты. Әкімшілік саласында істеп көргендері өз шақтарында өткізген бирократтықтарын – төрешілдік қылмыстарын да әшкереледі.
«Тарих тапсыру» науқанындағы мен сияқты өздерінен ондай еш қылмыс таба алмай қысылып отырғандары да бар екен. Ондай бейуаздардың бұл науқанда тіпті қатты қиналып отырғандықтары байқалады. Қиналатыны, өлкелік парткомнан осы науқанға басшылық етуге келген Абыла дейтін жас кадыр өзінен ондай қылмыс таба алмай, өзін ақтаушыларға өте қатал қарайтын.
- Өмірінде ешқандай қиянат істемейтін періште жоқ! –дейтін ол, жымиса да Зымыстан зығар шашып тұрып «күлімсірейтін». – Адамды адам жейтін көне қоғамда қиянатсыз адам бола ма! ... ешкім төлетіп аламыз демегеннен кейін.. айттық қой, сөйлей берсеңіздер болады! Компартияның өтілген қиянаттарды бұлай іздеп-сұрап отырғандағы мақсаты, тек, буржуазия идеяларынан тазартып, коммунизмге лайық жаңа адамға айналдыру үшін ғана. Ауыруды жойып, адамды құтқару үшін ғана сұрайды. Қане, коммунизмді қалаймыз ба, қаламаймыз ба?...
- Қалаймыз, қалаймыз!... Әрине, қалаймыз!
- Олай болса ине, түйме, тіпті бір сабақ жіптей қиянаттарымызды да қалдырмай, түгел әшкерелеп, ашып тастап, адалануымыз қажет!... Ал, қиянат болған жерде сырапқорлық та болады, оны да ұмытпайық! Бұл екеуі бирократтықпен туыстас болады. Десек, бұл үшеуі бір-біріне тығыз байланысты жаулар. Буржуазиялық идеялогияның осы тамырларын түгел қырқып тастап, жаңа дәуірдің жаңарған сап-сәлемет азаматы болып шығалық! –деп тынды Абыла.
Шындығында, қиянаттың сырапқорлық пен бирократизмге байланыссыз өтілетіні көп қой. Осы жайытты ептеп қана ескертіп-сіңіріп, көтеретін жүгімізді жеңілдетіңкіреп қойғым келді. Бір түрлі қылмыстан үш түрлі қылмыс өндіретін Абыланның бұл сыңар жақты «теориясынан» өзін әшкерелеушілер тіпті қорқып, тұйықтала түсіп еді. Бір мәселесін сөйлеймін деп шылғи өтіріігінен мойынына артық екі қылмыс артып алған бір сорлыдан соң өзімнің құрастырып жасап алған «қылмыстарымды» әшкерелеуді талап еттім.
- Мен сөйлейін! –деп қол көтере бергенімде-ақ Абыла шұлғып-шұлғып жіберді. – Көпшілікті алдымен өзімнің өмірбаяныммен қысқаша таныстырып шықтым да, 33-ші жылғы ашаршылықта отбасымыз бойынша ұрлап жеген көк жүгеріні айтып едім, бірнешеу күліп жіберді. Абыла оларға түйіле қол шайқап қалды да, кесек алтын тапқандай жарқылдай қарады маған:
- Жақсы, жақсы! ... Ал, осы қиянатыңыздың мөлшері қазіргі ақшаға шаққанда қаншалық болатындығын айтып өтіңіз!
- Онда от басымыз бойынша жеті жан едік. Бір жарым ай сонымен ғана күнелттік. Күніне 10 кило жесек, мөлшерімен, 450 кило болады ғой.
- Қазір килосы жиырма тиыннан, 20 юан болады екен! –деді хатшы есептеп жіберіп.
Абыла тағы қузады. Сол жылдың күзіндегі дүнген жаугершілігінде Сақабай атты тізесі батқан зорекер помещиктің бір сиырын ұрлап жегенімізді айтқанымда, Абыла сомасы қанша екендігін, тіпті қуана сұрады.
- Әйтеуір үлкен сиыр, 40 килодай май шыққан.
- Олай болса 1-ші дәрежелі сиыр. Қазір Үрімжіде 250 юан! –деп хатшы тағы да көмектесе қойды.
- Бұған қосымша айта кететін бір жайт бар, -дедім сонсоң күліп жіберіп. – Осы қиянаттарымда иттей де сырапшылдық болған жоқ. Кеуіп жүрген аузымыздан жерге бір тал жүгері түспеді. Ал, сиырдың кемікті сүйегін де қалдырмай мұжығанбыз. Ұрлық қылғанымыздан қорқып жүріп, бирократтық дегенді түсімде де істемеппін!
- Биғабіл жолдас өзін адалдықпен жақсы әшкерелеп келеді, -деді Абыла, көпшіліктен әлде нені іздей қарап. – Бұл жолдас бүгін ғана келді. Материал үйреніп те үлгермеді. Бұл әрекет жөнінде берген түсінігімізді де естімей, ортаға түсіп, өз қиянаттарын әшкерелеуге кірісті. Партияға адал кадр екендігін осыдан көруге болады. Осы позициясынан бәріміз де үйренуге тиіспіз. Ал, сөйлей бер, Биғабіл жолдас!
- Осы екеуінен басқа сөйлерлік қиянатым жоқ. Енді жазып тапсырарлық бір ғана қиянатым қалды.
- Не жайындағы қиянат? –деп Абыла тінте қарады маған. Арт жақта отырған әйел қызметтестерге естіртпей күбірлеп сөйледім.
- Бір әйелге ғана... оны жазып тапсырайын. Ол қиянатты ақшаға шаққанда қанша юан болатынын да білмеймін.
Естігендер ду күлді.
- Дұрыс, дұрыс! –деді бастық. – Жазсаң жазып бер! Бірақ, ондай қиянатыңыз біреу ғана болмайды, толық жазыңыз! Ал, сізде басқа түрдегі мәселе әлі көп, есіңізге салып қояйын, мәселен, оқытушы болдым, инспектр болдым дедіңіз ғой. Бұл қызметте пара да, тарту-таралғы да болады. Бирократтық, срапқорлық дегендер әрине болмай қоймайды. Материалдарды үйреніп болған соң есіңізге бәрі де түседі!... Ал, енді кім сөйлейді? –деп дауыстады Абыла.
- Мен! –деп үнсіз отырғандардың біреуі түрегелді. – Аз болсын-көп, болсын өзімізде болған мәселені әшкерелей берсек болады екен ғой. Биғабіл жолдастың сөйлегенінен есіме түсті. Мен жас кезімде Шәкілдеуік шағуға құмар едім. Ақшам жоқ күндерде сатушылардан бағысын сұрап, дәмін татқан болып, әрқайсысынан бір шымшымнан әкете беретінмін. Ойлап көрсем, міне, сонымнан да недәуір қиянат істеген екенмін!
- Қаншалық қиянат екендігін есептен көрсетіңіз! –деп Абыла мұны да ақша мен тиянақтатуды талап етті. Өзінен қиянат таба алмай зарығып отырған бишара әрең тапқан жалғызынан аянсын ба.
- Бір шымшым бес грамнан десек, күніне 10 шымшымнан 50 грам делік. Шакілдеуікті кемінде 10 жыл шаққан шығармын, 3650 күн. Сонда қанша болады? –деп қалып еді, қамқор хатшымыз есебін тағы да таба қойды.
- 182 жарым кило болады екен. Көшеде сататын шакілдеуіктің килосы қазір екі юан, бұл кәсіптен 365 юан қиянат етіпсіз!
- Ап, бәрекелде, міне менің қазірше есіме түскен қиянатым осы ғана. Биғабіл жолдас айтқандай, сұғанақ қолым оның бір түйіріне де сырапқорлық қылған емес.
Мәселе тапсырудың алғашқы өздігінен әшкерелеу сатысын бастығымыз осылай қайталап қузай сұрап отырып бітірді. Сөйлемей, мәселе тапсырмай қалған ешкім болмады да, қиянат арқаламаған ешкім қалмады.
- Позиция білдіру сатысынан бәріңіз де жақсы өттіңіздер! –деп бастады Абыла ендігі сөзін. «Бисмилласын» ғана бітірдік дегені еді бұл. Тікесіне қараған көпшілікке томпақ көзі шынын сөйлеуге енді келгендей бадырайып, қара қошқыл түкті жүзін томсарта сөйледі. – Бұл науқанға бәріңіз де ынталы екендіктеріңізді көрсеттіңіздер. Мәселе тапсыруды енді бастаймыз. Тағы да бір айтып қоялық, бұл үш түрлі қылмыстың титтейі де жасырынып қала алмайды. Әркім өздігінен тапсырмаса, басқалар әшкерелейді. Сөзсіз әшкереленеді. Бүкіл халық қозғалады. Сондықтан өздеріңізді-өздеріңіз толық адалап, бір тиындығын да қалдырмай ада-күде, тап-таза, топ-толық тапсырып шығуларыңыз шарт. Бұдан басқа құтылар жол жоқ! Әсіресе, азаттықтан бергі қылмыстар аз сөйленіп жатыр. Содан толық тазарып, үзілді-кесілді, бүп-бүтін, түп-түгел әшкерелеп, буржуазия жолына баспайтын, қып-қызыл жаңа адам болып шығуларыңыз шарт!... Ал, кім бастап сөйлейді?
Үн-түнсіз бүрісіп отырып қалыппыз. Абыланың көзі бадырайып барады. Қылмысты көздер жұмылып, ойланып қалғандай. Сасқандықтарынан бір-біріне «сөйлесеңші!», «сөйлесеңші!», «енді немді айтайын!» дескендей жалтақтаушылар да көбейді.
- «Ескі қоғамдағы қылмысты сөйлегеннен қазіргі жаңа қоғамдағы қылмысты сөйлеген жақсы! –деп еселей қузады Абыла. – Жаңа қылмысты сөйлеудің жақсы болатын себебі, идеяңның жаңарғандығын, партияға сенетіндігіңді ашық көрсетеді. Басқалардың әшкерелеуінен өздерің әшкерелеу жақсы. Шала әшкерелеуден толық әшкерелеу жақсы. Кейін әшкерелегеннен бұрын әшкерелеген жақсы! Көне қоғамнан жұққан індетті осылай аластап, тезірек адаланып шықпасақ, зор дертке ұшырайтын боламыз!... Қиянатшылдық, срапқорлық, бюрократтық дегендер көне қоғамның ең жұқпалы аурулары. Бұлардың идеядағы микробтарын қалдырмай жиып өртеп, орнын дизенфекциялап тастау, партияның бұл науқанды жүргізудегі мақсаты осы ғана!... Партияға кім толық сенсе, сол толық әшкерелйді. Кім сенбесе, сол жасырады...
- Мен сөйлейін! –деп түрегелді қырма бурыл сақалды мекеме күзетшісі. – Былтыр жазда қай күні екенін ұмытып қалдым. Аула сыпырып жүргенімде дарбаза алдынан жүз юан ақша тауып алғанмын. Мұның кімдікі екендігін сұрастырып, иесіне тапсырып бермей, ескі қоғамнан қалған идеяның жетекшілігі бойынша жеп кеттім. Жаңа қоғамда туылған болсам, мұндай қиянат қылмайтын едім. Партия басшылығында ондай шірік идеядан енді құтыламын!
- Әббәле, міне осылай сөйлеп тапсыра берсеңдер кешірім етіле береді! –деп Абыла әркімге бір қарап қойып, тағы сұрады күзетші шалдан. – Қандай жақсы өзгердіңіз, танымыңыз қандай жақсы!.. Тағы не бар?
- Енді... енді, былтыр күзде таудағы бір байдан халыққа көрсетпей екі қойды арзанға сатып алған едім. Базарға қасап қып сатып, екеуінен екі жүз юан пайда таптым. Бұл, қолындағы малын азайту үшін мал иесінің ұрлап сатып жатқан малы еді. Міне ескі қоғамның басымда қалған шірік идеясы!... Содан дәндеп алып, биыл осы өткен 6-шы айда тағы да он қойын базарға әкеліп тірі сатып, 70 юаннан 700 юан пайда таптым. Бір байдың өзі сойып жеген 30 қойының терісін арзанға сатып әкеліп, тағы да 200 юан таптым. Қазірше ойыма түскені қиянатым осы 1200 юан. Мен партияға сөзсіз сенемін! Және ойланып есіме түскенін тапсыра беремін!:..
- Жарайсың Рузы ахұн, және ойлан! –деді Абыла бас бармағын көрсетіп, -қой мен тері сатып берген адамдардың атын маған адресімен жазып бер, мақұл ма? Бұл, өзі кері төңкерісшілдікке байланысты зор қиянаттар болса да осылай өз ықтпярымен тапсырғандықтан кешірім етілетіні сөзсіз. Партия саясаты ашық, ауруды емдеп, адамды құтқару!...
Ал, жолдастар, Розы ахұнның идеялық өзгерісінің қаншалық нәтиже тапқандығын көрдіңіздер. Бұл өзі қарапайым жұмысшы. Қиянат істеу мүмкіншілігінен алыс жүрген бір жұмысшы осыншалық қиянат істепті. Ал, ондайдан мүмкіндігі толық зиялылар, жоғары таптан шыққандар не істемейді. Ойланыңыздаршы!... Қазан басында отырып, жемейді дегенге сенуге болама!... Ха-ха-ха-һа... енді кім сөйлейді, қане!...
Басшылық етіп отырған «парткомымыздың» қабағын ашу үшін көңілшектікпен жоқтан құраған жомарт «қиянатшылар да» сөйледі. Шылғи қайыс сияқты созылып, шын қиянатшылар да сөйледі. Жел қаққан мақташа қопсып мақтаншақ қиянатшылар да, алып ұшып аңғал қиянатшылар да, жылп беріп өте шығу үшін жылым қиянатшылар да сөйледі. Бұл – екінші реткі адалануды төрт күнде әрең бітірдік.
Бұл жолы қиянатым жоқ деуден қымсынбаған мен ғана қалған екенмін. Маған арсызға қарағандай адырайып, бетсізге қарағандай бедірейіп Абыла жүр еді. Бір күні кеште бөліміне шақырып алып, жеке тергеуге кірісті.
- Жолдас Биғабіл, сіз партияға кіруге дайындалып жүр екенсіз. Осы науқанға қалайша пассив позицияда болып қалдыңыз? ... Идеяңызда қандай мәселе бар, соны айтыңызшы!
- Пассив болғыш ниетім жоқ. Өзімнен тек қиянат таба алмай қысылып жүрмін. Әркім өзінікін өзіне жеткізе алмай жүргенде, қарызға да таба алатын емеспін! –деп мүсәпірсігенімде, еріксіз күліп жіберген Абыла қайта түйілді.
- Рас, жоқ дей аласыз ба, сырапқорлық пен бирократизмнен де тап-тазамын дей алмассыз!
- Дей аламын. Анау алғашқы сөйлеген үшеуімнен басқа өз басымнан мұндай мәселелердің ешқайсысы өтілмеді!
- Шығып қалса қайтесіз? –деп бадырая қарады Абыла.
- Шығып қалса партияға кіруге арыз жазып қойған адамға грамның да тонналап өлшенетіндігін – зор қиянат болатындығын түсінемін!
- Бұл уағда осымен тұрсын. Бар мәселе шықпай қалмайды. Ойланарсыз! Ал, сіз пассив болғыңыз келмейтіндігін айттыңыз ғой. Ертеңнен бастап үшке қарсы тексеру сатысына өтеміз. Басқалардың қылмысын әшкерелеу, күмәнді жақтарын да ортаға қойып, батыл күрес ашу сатысына өтеміз. Коммунистер үшін төңкерістің ең алдыңғы шебінде болу шарт екендігін білесіз ғой. Демек бұл саты әсіресе сіз үшін ауыр сын кезеңі болатындығын жолдастықпен ескерткенім, коммунизмшілдік сапаңызды сақтаңыз! Ұқтыңыз ба?
- Ұқтым, ақиқат пен әділет жолында болатын күрестің ең алдыңғы шебінде тұру, коммунизмші болудың бірінші шарты екендігін тіпті жетік түсінемін! Коммунизмшілдік сапа осыған ғана бағынышты!
Абыла арбай қарап қалды да, мен атыла бір қарап қойып шыға бердім. Ертеңіне бүкіл мәдени-ағарту саласындағы үйрену активтерінің жиыны шақырылды. Зәуде болса мені сындар-ау деп барып едім, олай емес сияқты. Осы науқанда тағы да біздің салаға туанжаң болып тағайындалып келген Нюханбеңнің қиық көзі маған түсе қоймады. Қарақоңыр, сопақша жүздегі маңдайдан иекке дейін созылған ұзын тұмсық ирелең қағып, әр мекеме, әр орынның атрет бастықтарынан доклат тыңдады. Қиянат пен төрешілдік көбірек шыққан басқа мекемелердің доклатын мұрны жеңіл жыбырлап күлімсіреп қана тыңдады да, біздің мекеме тәрізді қара жұмысшыларынан басқа «жолбарыстық қиянат»1 шыға қоймаған орындардың доклатына сол мұрын кеңсірігіне дейін толғанып, түйіле иіскелеп тыңдады.
- Мұнымен қайтып төңкерісші кадр қатарына қосылмақсыңдар! –деп бір зекіріп қалды. Біз жаққа қарап, іле-шала салқын сабырлы кейіпке келе қалып, зілдене жалғастырды сөзін. – Төңкеріс деген жанды қыру деген сөз. Қоғамды, адамды жаңарту оңайлықпен орындалмайды. Әркім өз жанын қырып-жонып, өзіндегі дертті жойып, жаңарып, онан соң өзіне батылы жетпегендердің жанын қырып тазартып қатарға қосу шарт. Дертті жою үшін дәрігерлер қырып-жону түгіл, жарып-кесіп те емдейді ғой, ха-ха-ха...!.. Жанашумен ауыру жазыла ма! Белсенділіктерің жетпей жатыр!... Атрет бастықтары, тағы да естіп қойыңдар, бұл қарқынмен, бұл либрализммен «жолбарыс соғу» жоспарларың орындалмайды. Партия мен халық алдындағы борыштарыңды толығымен орындауларың шарт. Кем орындауға жол жоқ! Жубайчың жолдастың іледегі «жолбарыс соғу» тәжірибелері туралы жазған доклатын осы жиынның соңында оқып қайтсаңдар болады! Ал, атрет бастығынан басқа жолдастар оны кейін тыңдарсыңдар. Сендерге қазірше мәселені ашу, қылмыс әшкерелеу жөнінде бірнеше мисал айтайын. Ұзын етек, асыл көйлек киген, ұзын бұрым өсіріп, күніне жуып майлап тұратын әйелдер соларына ғана өзді-өз өмірлерінде қаншалық ақша сырап еткендіктерін, она қайдан қапқандықтарын білесіңдер ме?!.. Әсіресе ұзын етекке кеткен бұлды есептеп көріңдерші! Арзан қолды бұлды менсінбей, ыңғай қымбат шұға, жалтырауық құрым киетін, үйіне ыңғай қымбатты бұйым, жиһаз жиған қызметкерлер қаншалық срапқорлық істеген, қоғам қазнасын қаншалық бұлағандығын білесіңдер ме!... Қиянатым жоқ дейтін мырзалардың көзіне сонысымен ұрмайсыңдарма! Ал, қымқырғаны мың юанға жетпеген қиянаткерлер жолбаырстық дәрежеге жетпей қалады. Естеріңде болсын! Коммунистер партия нұсқауын шартсыз орындауға міндетті. Партком жағынан тағайындалған атрет бастықтарының ұсынысын бұлжытпай орындауға борыштысыңдар!
Нюханбеңнің екпінді-отты лекциясынан жадымда қалғаны осы ғана. Балшараптай нелер «сіңімді, тәтті» сөздері бар еді. Әлгі «жолбарыс соғу жоспарлары» дегеннің нендей жоспар екендігін қиялдап отырып, ол сөздерін есіме сақтай алмай қалыппын. Жиыннан тарағанда да сол жоспары басыма симай төгіле берді. «Жолбарыс соғу жоспары? –сонда бұл науқан басталмай тұрып, белгілі адамдарды жолбарыс етіп шығарып, соғу жоспарланған екен ғой!...
- Жолбарыс болудың өлшемі мың юан болса, рузы ахұнның не болғаны! –деп қалды алдымда келе жатқан екі қызметтестің бірі. Екіншісі күңкілдеп қана қайырды жауабын.
- Көресің әлі, Рузы ахұн жолбарыс болмай қала береді. Басқаларға мұрындық ету үшін әдейі сөйлетіп отыр оны!:.
Атрет бастықтарының жеке жиыннан Абыла күн бата қайтты. Көзінің жарқылынан Нюханбеңнің не оқытқаны байқалғандай. Асқанадан бір термос қайнақсу мен екі момы алып, бөлмесіне кіре сала белсенділерін бір-бірден шақыра берді. Жеке-жеке қайрап қылшылдатып жатқанын сездім. Құрал жағынан бұлай дайындалмай жолбарыс соға алар ма!
Мені түнге сағат үште шақырды. «Биғабіл жолдас, партия сіздің қабілетіңізден үлкен үміт кетеді екен» деп бастады сөзін. – Алдымызда төңкерістің жеңісі, иә, жеңіліс, өмір, иә, өлім сипатты зор сынақ майданы тұр. Себебі, бұл мекеме буржуазия зиялылары ең көп орын тепкен мекеме. Қиянатшылдық пен бирократизмнің ұясы болған орын. Сондықтан, партия сіздей еңбекші тап зиялыларын солармен аяусыз күресуге шақырады!... Осы мекеменің өзінен... басқа орындардікінен көбірек... ең кемінде бестен жетіге дейін жолбарыс шығару белгіленіп отыр. Бұдан азайту кертартпалық... бұл күреске кім қандай үлес қосады... артынан есептесеміз.
Атрет бастығымыз соңғы сөздерін ұйқыдан жеңіліп, үзіп-үзіп айтып келді де, қор ете түсті. «Бес!... жеті!... он болса силанармыз да...» деген есеңгіреудің былжырағына зарлана түрегелдім де, шығып жүре бердім. Артымнан «құпиялықты мықты сақтаңыз, ә!» дей салды да, қайта қорылдап қала берді.
Жубәйчың мен Нюханбеңнің әр мекемеге салған жолбарыс салығы мені сол түні ұйықтатпай дөңбекшітті. «Жолбарыс-жыртқыш атап соғуды әркімнің істеген қиянат-қылмысына қарап белгілемей, сан жағынан мекемеге күні бұрын салық етіп салғаны неткен сұмдық! Мәселесін анықтамай-ақ жанын алмақ болғаны қалай? Бирократизмге қарсы тұрғаны осы болғаны ма! Марксизмші болып «шындықты іс жүзінен іздегені» осы ма! Жубайчыңның іледегі жолбарыс соғу тәжірибесі дегені осы болғаны ғой! Ұлттық төңкерістің орталығын осындай салықпен алдын ала жаркемдеген екен ғой! Неткен сорақылық бұл!» деген қапалық гоминдаң түрмесінің темір қасқырынша азулады жүрегімді. Қайткенде де, үн шығармай күте тұруға бекіндім.
Таңертең жиын залына айбаттана кірген Абыла науқанымыздың жалпылық әшкерелеу сатысына өткендігін жариялады. Түндегі еңбегі жаныпты. «Кім әшкерелейді?» дегенде-ақ шуылдай көтерілді белсенділер, бұлттай түнеріп, борандай түтеп көтерілді. Мекемедегі қиянат аталып әшкереленген ақша факттерін кешке дейін толассыз ақ жауындай сатырлатты. Әсемпаздық пен әуейілік, бұйрықшылдық пен зейілдік, такаппарлық пен астамдық, қымқырымпаз қиянат ен астатөк сырапқорлыққа тұтасты да, жорамал-күмәндармен көл-көсір сел қаптатты. Кешке жақын қарасам, бөлімнен жоғары бастықтарымыз бен бұғалтыр-кассирларымыз судан шыққан тышқандай салмірейіпті. Әшкерелеудің нысанасы осылар болып еді. Дір-дір қағып бүрсеңдей жөнелді үйлеріне. Көріністерінен жолбарыс деудің өзі мазақ сияқты.
Осылай екі-үш күн селдетіп алып, өздерін сөйлету-мойындату басқышына көтеріліп едік. Жолбарыс түгіл көбі көздерін жұмып алатын мысық құрлы да бола алмай қалды. Кейі түп-түгел жоққа шығарудан ұялатындай да, кейі «жуастықтан аттап «тоңмойын» аталудан қорқатындай спетпен аз-аздап мойындай бастады. Мойындаған сайын қыстады белсенділер. Шапалақтап та, жұдырықтап та, өздері шын жолбарыс болып жұлмалап-талап та мойындатуға кірісті. Үйлеріне қайтудан, бала-шағасымен көрісуден тиды. Ұйықтатпай жұмысқа салып-есеңгіретіп тергеді. «Жолбарыстар» үш күннің ішінде-ақ тышқан деп те танығысыз түйенің құмалағынша домалап қалды.
Наразылық білдіріп, иә, өліп құтылу ниетімен тамақ ішпей қойғандарының аузын керіп умаш құйды. Қимайтын бала-шағасын шақыртып әкеліп, солардың көз жасымен де зорлап ішкізді. Сонда да «қиянатын» толық мойындату зұлымдығынан қайтпады белсенділер. «Өліп алу мен қорқытатын жауды аяса төңкерісші бола ма!» бір рет тамақ ішкізіп алған соң қимастарын үйлеріне қайтарып жіберіп, қайта қинай берді.
Мұндай «мықты төңкерісшілер», құйрықтарынан құтыртқы жел беріле берсе, жеңбей қоймайды екен. Түгел мойындатуға айналды. Мойындаған «қиянаттары» үшін «жолбарыстардың» үй мүліктерін канфескелеп төлетіп жатты. Толық мойындай алмаған «партияға сенбейтін бетпақтары» әртүрлі қабат үйлердің терезесінен домалап-құлап, иә, асылып өліп жатты. Көшелердің таңын «жолбарыстардың» өлекшіндері мен күшіктерінің шуылы атыратын болды. Ханбеңдердің уысындағы бұл шудан менің таңым да ертерек атып жүрді. Әлсіз өлекшіндер мен аштықтан бұралған күшіктер асыраушы паналарының өлігін көріп шулағанда, мен де шиқылдап жылай сенделдім.

Әділетті тергеушім, жолбарыс күшіктерімен бірге қыңсылап-шиқылдауымнан, бәрі-бір, менің де тегім жолбарыс екендігі көрініп болмады ма. Қиянат қылмадым деп жасырынып қалуым мүмкін емес екен. Зорлап қиянатшы етіп қамаған «жолбарыстарыңыздың» да қиянат қылғанын ешкім көрген емес қой. Олардан менің не парқым бар. Тіпті сол шулаған өңірдің тау-тасы түгел жолбарыс. Қиянат етіп, конфескеленбесе бекер шулай ма...


Құдай ниетін алған айдағарыңыз сол шулағандарды аумағымен жұтса, жершарындағы барлық қылмыс сіздің құрсаққа ғана жиналғаны ғой. Шіркін, шіркін, сол құрсаққа бір ғана қолбомбы сүңгітіп кеп жіберсе!... Планетамыз қылмыстан қалай тазарар еді!
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ

ЕСІРКЕУ

І

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!


Абыланың көзі адырая қалды бір күні маған. Бөлмесіне тағы да шақырып алып тергеді. Қылмысымды әнеу күнгідей сұрау емес, суырып аламын дегендей адыраяды.
- ... Өздігіңнен әшкерелеймісің, жоқ па?
Жоқтығына нандыру ниетіммен бірнеше рет қайтарған жуас жауабымнан жуандап келіп осылай ақырғанда, менің де адыраймасыма болмады.
- Әшкерелейтін мәселем жоқ болған соң, жоқ! Егер тапқан болсаң, мойныма қой да, додаға салып талата бер!
- Олай болса тыңда!... Дөрбілжінде мектеп тексеріп жүрген кездеріңде малшылардың үйіне қонып, жалпы елу қой жегенсің! Рас қой!
- Жолаушылап, жүргенде қонған үйің, тамақ бермей жатқызушы ма еді! Мал шаруашылығындағы халық қонағына ет асып бермей тоқтамайтын. Даяр еті болмаса, қонағының еркіне қоймақ қой соятын. Себебі, басқа тамақтарын тамақ деп есептемейді. Ал, мен, соншалық зорланғанда бір кило етті әрең жей аламын. Басқасы түп-түгел, өз үйінде қалады.
- Бір килодан... демек, қиянат деген міне осы емеспе!
- Жоқ, бұл қиянат емес!... Қонақтың өзі бұлап, иә, ұрлап жемей, үй иесі сыйлап-зорлап жегізген тамақты адам баласы қиянат деп есептемейді. Ал, қонаққа мал сою әдеті жаңа үкімет жағынан шектелгеннен бері мен де шектей алатын болғанмын. Нанбасаң қонған үйлерімді тізімдеп берейін, өздерінен сұра!
- Хош, мұны кейін көрелік. 1951-ші жылы 4-ші айда «буаз әскер көргенім осы» деп партияның әйел кадрларын масқаралағаның рас қой?
- Мұны қалжың ретінде айтқаным рас, «масқаралағаным» өтірік. Әйел әскердің буаз болғанын көргенім 1-ші рет болғандықтан таңданыспен қалжыңдағанмын. Мұны сол «буаз әскердің» ерінің алдында да айтып күлдіргенмін. Бұған қанша ақша алатындығыңызды парткомнан баға шыққанда болмаса, айтпауыңыз, намысыңыз үшін қажет! Бұл қалжыңым, кері төңкерісшілерді жаныштау» науқанында да ортаға түсіп, әшкерелеушіге ешқандай абырой әпере алмаған болатын. Бұл науқанға әкеліп тағы салатындай, қаншалық қиянат болып, қаншалық қазыналарыңды шығындатқандығымды үлкен жиынға салыңыздар, төлеуін дәл сол жиында қайтарып берейін!
- Бұл мәселе де тұра тұрсын! –деп түйілді Абыла. Қорқыта алмағаннан қорланғандай, танауы ашудан керіле түсті. – Сен партияға кіруді талап етіп жүргендігіңді ұмытпай жауап бер!
Компартияға қазірше мүше болып өтудің өз ар-намысыма қаншалық масқара жүк артатындығын мөлшерлеп болған едім, ішімнен күле, мысқылмен айттым жауабын.
- Бір секундта ұмытқан жерім жоқ!
- Олай болса, атылған кері төңкерісшілер үшін қайғырып, жылайтын себебің не?
- Кері төңкерісшілер үшін емес, Шәуешекте нахақ атылған нағыз төңкерісші екі ұстаз үшін жылағаным рас. Жылау ғана емес, оларды ақтап орталық комитетке арыз да жазғанмын.
- Хош, осыған қазіргі, қиянатын жасырып қалу мақсаты мен өліп алған жолбарыстар үшін жылайтын себебіңді қосып жауап берші, қане, қай майданның оқымыстысы екендігіңді көрелік. Компартия мүшесінің майданы ма бұл.
- «Коммунист» деген меніңше адамгершілік санасы толық, нағыз адамға берілетін ең ардақты атау. Осы өліп жатқан «жолбарыстарың» сияқты өлтіру жазасына толмайтын оқыс ахуалдан өзің өліп қалсаң, саған да жылар едім! Бұл, менің компартия жөніндегі майданыма нұқсан келтіре алмайды!
- Партия мәнпағатын ұмытсаң, партиялы болуыңа нұқсан келмей ме! –деп зекіріп қалған Абыланның томпақ көзі әйнектей жарқырады.
- Партия мәнпағатын ұмыту емес, партия мәнпағаты үшін қайғырған коммунистің майданы қайда кетпек! –деп мен тесірейдім. – партиямыз дәл қазір экономистерге, тәжірибелі мықты бұғалітрлерге мұқтаж болып отырғанда, олардың қиянатын бұғалтір иә заңымен жіңішкелеп тексермей, мұрнын жұдырықпен бұзып, көзін саусақпен тесіп мойындатамыз деп өлуге мәжбүр етсек, бұл террорлығымыз партия мәнпағатын – партия абройын сақтағандық болмақ па!
- Ы...һы... партияның нұсқауы бойынша жүргізіліп отырған науқанды террорлық десең, партияның өзін кім демексің, бұл кімнің майданы!
- Науқан, партияның нұсқауы бойынша жүргізілген, еңі жақсы, қасиетті науқан. Ал, қайткенде де мойындатамыз деп ұру мен қинау-жеке өз террорлығымыз. Мұны партияға арта алмаймыз. Себебі, соны істеген қол біздікі. Компартия мүшесі болу дегеніміз ақиқат пен әділетке шын жүрекпен жолдас болу деген сөз. Бұларға жаман жолдас бола алмаған «партия мүшесі», марксизм шығармаларына тоғыз қабат оранып алса да коммунист бола алмайды!
- «Ақиқат», «әділет», «адамгершілік» деп базарға салған немелеріңнің кімнің малы екендігін түсіндіреміз әлі, тұрып тұр! –деп сүзе қараған тасыр көзді Абыланың жуан тұмсығы тіпті ісініп, талаурата қалды. Көзін ғана емес, күре тамырларын да бадырайта сөйледі енді. – Табын ұмытып, буржуазияның құлына айналған оппортонистердің екі құлағын төбесіне жеткізіп тұрып түсіндіреміз әлі!
- Оппортонистігім рас болса, екі құлағымды өйтіп мұратына жеткізбей-ақ жұлып тастап түсіндіруге болады, -деп мен де жымидым. – Бірақ, алдымен ақиқат пен әділеттің кімнің малы екендігін түсіндіріп жұлатын да міндетіңіз бар. Ақиқат пен әділет орнату үшін болмаса, не үшін коммунист боламыз? Мәнсап алу үшін бе, иә, құлдық пен оппортонизм үшін бе?
- Қазір буржуазияның құрғақ пәлсапасын талқылауға уақытым жоқ! –деп зекіп қалды Абыла. – Одан да мәселеңді расшылдықпен тапсыр, ақиқат пен әділет деген міне осы!
- Мәселе деп танитын қателіктерімді өзім айтып болғанмын. Дөрбілжіндегі Сәрсеннің жіберген осы материалы бойынша сұрап анықтайтын мәселелерің болса, тағы сұрай бер!
- Кімнің материалы дейсің? –деп Абыла алдындағы қағазына үңілді.
- Сәрсеннің материалы деймін, гоминдаң шпионының! –деп күліп жібердім. – Мұндай жүзі қалың материалды Дөрбілжінде одан басқа ешкім жазбайды!... Менің үстімнен енді оның әшкерелейтін «әйелдерді қорлады» дейтін бір ғана мәселесі қалды. «Әйелдер» дегені бір жезөкше ғана. Оны жазып тапсырғанмын. Тек, ақшаға шаққанда қанша болатындығын ғана білмеймін дедім ғой!
Абыланның көзі қадалып отырған материалынан жалт етіп маған төнді.
- Одан басқа жоқ па?
- Жоқ!
- Әлі көп! –деп зірк ете түсті тергеушім. – Жоқ дегенін!... Сөйле!
- Өзім, «жоқ» деп сөйледім. Бар десең сөз сенікі, мархамат!
- Ойланыңыз, мен сөйлесем, ауыр келеді өзіңізге!
- Ауыр болса, әрине қылмыскердің өзі көтереді, сөйлей беріңіз!
- Ұмытып қалған шығарсыз, есіңізге біреуін түсірейін, мәселен делік: осы сапарда үйленіп келгенсіз, тойыңызға сегіз қой, бір өгіз сойғансыз. Шашу деп шашылған бауырсақ пен қант-конфет бүкіл көшеге шашылған рас қой? Кедей семиядан шықсаңыз осыншалық көп малды қайдан алдыңыз? Халық таба алмай тұрғанда мұншалық сырап еткен «молшылық пара болмаса қайдан келді? Алдымен осы факттерге толық жауап беріңіз!
- Шашуды шаттықтарын білдіру үшін тойға жиылған достар мен туыстар әкеліп шашқан. Оны ырым үшін тойшылардың өздері теріп жейді. Жерде бір түйірін де қалдырмайды. Ал, тойыма өзім бір қой ғана союды тапсырғанмын. Басқа қанша мал сойылса да осы материалды жазып жіберген Сәрсеннің өзі біледі. Өзі жауапкер, мен білмеймін.
- Өз тойыңа сойылған малды қалайша білмейсің! –деп Абыла шүйліге сұрады да, мен сондағы болған бар ахуалды түйіле сөйлеп бердім. Жауабымның толық дәлелді, айқын сөйлегеніне қарап, енді құтылған-ақ шығармын деген сенімге келіп тоқтап едім. Құтқармайтын сенімге келгенін сездіре Абыла бұйырды.
- Осыларыңызды қалған мәселелеріңізбен қосып, толықтап жазып тапсырыңыз!... Тегінде обалыңыз менде қалмасын, ескертіп қояйын, жазғанда расы бойынша бір мәселеңізді де қалдырмай толық мойындап жазбасаңыз құтылуыңыз мүмкін емес!.. Қылмысты жеңілдетуді өз танымыңыз – жуастығыңыз белгілейді.
Осыдан басқа растығымның жоқ екендігін қайталап айтып көрдім де, сенушімнің де жоқ екендігін білген соң, айғақ-куәларды тартып, жалақордың өзіне дәлелімен артып жаза салғым келді. Заң орындарына ұсынуға да осындай жазба түрдегі тура жауаптың дайын тұруы қажет қой.
Әсіресе, тойдағы сойыс малдың күнәсін маған артқанымен жолы болмайтындығын ескертіп, алдымен Сәрсенге хат жолдадым. Бір түннің ішінде бейнетті жауап материалым да жазылып бітті. Өзі оқи салып шиыршықтап, қолтығына қыса жөнелді Абыла. Нюханбеңге әкеткендігі сезіліп еді. Іле-шала қайтып келіп, қалдық жолбарыстардың үстінен күрес жүргізіп жатқанда телефонға шақырылды. Енді ерекше бадырая қарап кірді маған. Бадырая-бадырая отырып, түскі демалыс кезінде тағы шақырды.
- Дайындал, түстен кейінгі жиынға кірмей ойлан, мәселең ертең таңертең көпшілік алдында тексерілетін болды! –деп шығарды.
Күреске-додаға түсесің дегені еді мұнысы. Ханбеңдердің солай зорлап мойындатпақ болғаны ғой! Сол жарым күн мен түні бойы ойлағаным, додаланбаудың қамы ғана болды. Енді Әлия түгіл сонау дәуірдегі көк борми мен сиырдың да қылмысын өзіме дарытпай, себептерін ғана сөйлеп тастап, ашық айтысуға ғана бекіндім. Мұндайда күреске түспей, белсенділерге талатпай, заң сарабына ғана түсудің қажеттігі көрініп болып еді. Кейбіреу додадан осылай құтылған. Аянбай ашық айтысқа түскен де қолы желкесіне қайрылып байланып, түрмеге айдалған. Қазір заң тергеп жатқанын естігенмін. Батыл болмай мимырттасам-ақ мылжаланатыным анық. Қылмысты-қылмыссыз жолбарыстардың бәрі де қарсы тұруға батылдық ете алмаудан соғылып жатпай ма. «Ал, мен ондай төтенше батылдықпен батырлықты тәуекел ретінде ғана қолданып, қиналып қалмауым үшін әдіс істетуім керек. Бар жауабымда белсенділерді өзіме тартып, тіс ырситпайтын етуім қажет. Ол үшін өздерін нандырып-бағындырып әкететін өткір шыншыл сөз қажет!... Әй, бірақ, әнеу басы жоқ кеуделер оныма көне қояр ма екен!...»
Таңертеңгі тамақтан соң бір белсенді жатағыма келіп, жиынға шақырды. Тас түйін болып, қанды майдан залына кіріп бардым. Көпшілік тып-тыныш, тым-тырыс. Абыла баяу ғана сөйлеп тұр екен. Маған жайшылықси ғана қарап, «отырыңыз!» деді. Мен де жайшылықсып, салмақты қадаммен ең артқы орындыққа барып қойдым.
- ... Хош, бүгін солай, Әбілемитті қазір шығарып әкеліп, қайта сөйлетіңіздер! –деді Абыла. – Зорламай тексеріп, мәселесін бір-бірден анықтап сұрап, жауап алыңыздар!... Хатшы алдымен оның өз жауабын, онан-соң көпшілік пікірін жазсын! Жиынды Биғабіл жолдас басқарады. Биғабіл жолдас, мұнда келіп отырыңыз!... Мен парткомдағы бір жиынға баратын болып қалдым. Бұл іс бүгін сіздің міндетіңізге қалды. Әбілемит тезірек анықталып болса, Ошырды шақыртып тексеріңіз!
Мен орнымнан қозғала қоймадым.
- Мақұл-ақ болсын, бірақ, осы «жолбарыстарыңның» мәселесін қайта анықтап, «кескін тиянақтату» құқығы қалай берілді маған? –дегенімде көпшілік күліп жіберді де, мен сұрауымды айқындап, қайталай тастадым. - Өзім күреске түскелі отырғанымда «жолбарыстарыңыздың» қылмысын маған қайта тексертпек болған себебіңіз не екендігін түсіндіріңізші?.. Оларды ақтатқызып алып, «міне майданың, кім екендігің енді анықталмады ма!» деп менің алқымымнан ала түспексіз бе?... Жоқ, бұл қақпаныңызға түсе алмаймын!
- Ә...ә... сіздің осылай күмәнданатын да себебіңіз бар екен ғой! –деген Абыла өсіп кеткен сақалын сипалай берді. «Жолбарыс» соғуға кіріскеннен бері қырылмаған сақалы басына апат орнаған жолбарыстарының сақалдарынан да асып, арасынан бит те өте алмайтын нуға айналып кетіп еді. Сонысын енді тұтамдап сылап тұрып қалды. Өзі қара адамның қызарғаны білінбесе де, біртүрлі жұмбақты мүсәпірлік халге түскені осы тұрысынан байқалғандай.
- Менің күмәнім сіз ойлаған себептен де ауырырақ! –деп салдым. –Көпшілік алдында өзімді тексергенде ортаға салармын. «Мәселелерім» тексеріліп анықталғанша бұл артқан міндетіңізді атқара алмаймын!
- Екеуміз кейін түсінісіп қалармыз! –деген «жолбарыс» қыраны партиялы біреу мен белсендінің біріне сыбырлай сала жөнелді. Жиынды сол екеуі қосақталып басқарды да, мен «ауа райының» бүгінгі өзгерген себебін іздеумен болдым. Екі-үш күннің алдында батыс-терістік әкімшілік районының секретары Ши жұңшүн деген кісінің Үрімжіге келгенін естіп едім. Себеп сол кісіден болғаны аңғарылғандай. Қос басқарушы қосарлана аңқылдап, Абілемит және Ошыр атты бөлім бастықтарына өздері зорлап мойындатқан қиянаттарын өздері қайта ақтады да отырды. Дауысқа салып жіберіп, абақтыдан үйлеріне қайтарып тынды. Соның ертеңіне төтенше қуанышты бір хабар көшені жайраң қақтырды. «Ши Жұңшүн орталық комитеттен үлкен міндет алып келіпті!». «Шинжаңдағы асыра сілтеушілікті естіп келгенін айтыпты!». «Орталық комитеттің саяси биросы оған Шинжаң қызметі жөнінде ең жоғары құқық беріп аттандырыпты!». «Айбатынан ай жасырынады деп сенетін ақырымпаз Уаңжынды келе сала бүре түсіпті!», «қыран секретарыңды селкілдетіп жіберіпті!» деседі.
Өлке қызметін тексеру, алдымен өлкелік партком ядросының өз ішінде болғандай, қала көшелері тына қалып тыңдаса да қаралып жатқан мәселелердің қай мәселелер екендігінен ешбір сыбыс ести алмай қалған екен. Онан соңғы бір-екі күнде партбюро мен өлкелік үкіметтің басшы қызметкерлері секретардың шағын жиын залында бас қосқан күбірлері естілді. Сондада сөздері ұғылмап еді. Сол жиын кеңейіп, үкімет мүшелері түгел жиылғанда ұқтық. Партбюроның әр сала қызметінен бір-бір жуанды жауапқа тартып, тексеріп жатыпты.
Күткен үмітіміз алыстан барандап, ноқаттан допқа, доптан күбіге айналып, жақындай келе нағыз өзі көрінді де зорая берді. Үкімет мүшелерінің жиыннан соң өлкелік мекемелердегі партия мүшелері түгел шақырылды. Жетіп келген ең сағыныштымызды қарсы ала шыққандай бізде алақайлай жүгірдік. Батыс сарайды сықа лық толтырыппыз. Сахнаның төр жақ бұрышынан орталық комитет уәкілі алдымен шықты. Залдың арт жағында тұрған менің бұлдыраған көзіме жүзі айқын көрінер емес. Әйтеуір бір сопақшаланған аумақты нұр сияқты. Өмірімде қолымды ең қатты шапалақтағаным осы-ақ шығар, қып-қызыл шоқты шапалақтағандай, алақандарым лапылдап жанып кеткендей болды. Сахнаға ере шыққан бірнешеудің ең соңындағысына сол нұр қолын сермеп қалып, тоқтатты да, сұқ саусағын қадап, сахнаның арғы жақ босағасын нұсқады. «Сол жерге тұр» деп бұйырғаны екен.
Өткен екі жарым жылдың алдында ғана Шинжаң халқының жаны уысымда дегендей жұдырығын түйе ақырып келген генерал-полковник Уаңжын, жазаға тұрған жай әскердей итағатпен сүмірейіп тұра қалды. Жұдырығын түймек түгіл саусақтарын жия алар емес. Сөйтсе де, «секретар селкілдеді» деген сөз бекер көрінеді. Жерге шаншылған шыбықтай шайқала тоқтап, қыбырсыз мүлгіді.
Орталық комитет өкілі сөйлей жөнелді. «... Шинжаңда жүргеізілген бұл асыра сілтеушілік пен қатігездік еліміздің басқа өлкелерінің ешқайсысынан да көрілмеді. Бұл, орталық комитеттің нұсқауымен істелген іс емес! Бұл апатты жойымпаздықтың бас қылмыскері - міне, мынау!» деп төр босағада тұрған Уаңжынды саусағымен нұсқап жіберіп бастады сөзін. Әсіресе мал шаруашылық райыондарына төнген қатерді толық сөйледі. Орталық комитет өзінің мал шаруашылығы жөнінде белгілеген саясатын ешқашан өзгертпегендігін нақтап түсіндірді. «Мал шаруашылығы тапқа айрылмайды, мал үлеске түсірілмейді, мал иесі мен малшыға тең байланыс жасалады. Бұл саясатты бұзуды саған кім тапсырды!» -деп Уаңжінге төне қарап жалғастырды сөгісін. «Халыққа жалпылай соққы бер, жауды көбейт деп қай кері төңкерісші, қайсы фащист үйретті!... Лауфың1 айтса тыңдамайтын, Люлаудың2 нұсқауына бағынбайтын қайдан шыққан немесің сен!... Сөйле, қайдан шықтың?»
Уаңжын төмен қарап үнсіз тұқырды да өкіл көпшілікке қайта бұрылып, ұзақ сөзге кірісті. Орталық комитеттің Шинжаң қызметі жөнінде белгілеп қойған жалпы нысана, бағыт-саясаттарын айқындап баяндады.
«... Шинжаңға ішкеріден келіп қызмет істеп жатқан кадрлар, тыңдаңдар!» -деп дауысын өрлете бұйырды бір шақта. – Қайсыныңда зор ханзушылдық идея болса, соның дереу қайтыңдар Шинжаңнан!... Қаншалық қабілеті, қаншалық стажы болса да, қаншалық еңбек сіңірген болса да зор ханзушылдардың көп ұлтты бұл өлкеге титтей де қажеттігі жоқ... орталық комитеттің тапсырмасы бойынша қайталап бұйырамын, өз идеясын өзгерте алмаған зор ханзушылдар кетсін Шинжаңнан!..»
Осы сөзбен ақырып-ақырып жіберіп, пролетарияттық интернационализмнен сәл болса да шеттеген коммунис сымақтардың коммунизмші еместігін, ондайлардың партиядан түгел айдалуы қажеттігін сөйлегенде зал дүр көтеріліп ұзақ қол шапалақпен алқады. Көз алдымда сөйлеп тұрған осы бір жазық маңдай, жарқын жүзді сұңғақ дене, адамзаттың өзімшіл санасын өзгерте аларлық партияның шынайы тұлғасындай аса зорайып, шұғыла шашып тұрғандай көрінді. Көз шанағыма жас толды.
Өкіл осы пікірін талдай келіп, Шинжаң қызметінің әр саласынан көрінген зор ұлтшылдықты сөз етті. «Әсіресе мәдени-ағарту саласындағы зор ханзушылдық, партияның ұлттық саясатына тікелей қарсы шабуылға айланған!» -деп, әлдекімді іздей қарады жан-жағына. «Басқа ұлттардың ұлттық дәстүрлерін, кертартпалық, кері төңкеріс» деп иянаттауға дейін жеткен! Әйелдер шашын кеспегендігі үшін ғана «кері төңкерісші», "феодал ханымы" аталып, саяси қақпайға ұшыраса, демек, ханзуласпаса, төңкерісші қатарына қосылмақ емес екен ғой!.. «Осы елде төңкерісшілдік ханзуға ғана тән болып, меншіктеліп беріліп пе еді!.. Туысқан ұлттарды солай қорлап, аяқ асты ету жағынан гоминдаңнан да асып түскен. Қорқытып зорлап ханзуластырмақ болған». Тағы да шошқа етін жемейтін адам төңкерісші бола алмайды-мыс!... «Жаң Жеші шошқа етін жейтін. Оның да төңкерісші – коммунизмші болғаны ғой!...», «Маханбең!» -деп дауыстап шақырды сонан соң.
- Бар! –дей сала жүгірді Маханбең есік жақтан. Мыңдаған көз осы қасқырдың қоянша бүгежектеген сорлы кейпіне қарап қалыпты.
- Тума Жыхүй жуиші1 сұмырай! –деп зірк ете түсті зор дауысты партия өкілі. – Кет жоғал, шешеңді...!
Сахнаға жақындап қалған Маханбең кілт тоқтады. Артына әскери тәртіппен бұрылса да, оқ тигендей сенделе басты аяғын, жүзі бір қуарып, бір қызарды. Ешкімге қарай алмай тұқыра жөнелді сыртқа. Жирене қарап Нюханбеңді де шығарып салдым. Ол бұқпантайлап жан есіктен шықты. «Қайран басқалқаларыңнан айрылдыңдар-ау!» деп күлді біреу.
Өкіл енді орталық комитеттің жаңа нұсқауын оқыды. «... Уаңжын Шинжаңдағы қызметінен мүлде босатылсын! Өткізген қылмыстарынан есеп беру үшін Бижінге қайтарылсын! Оның қызметін генерал литенант Уаң Әнмау тапсырып алсын! Уаңжын солшылдығы ойрандаған барлық халықтан хал сұрасын! Мал шаруашылық райондарынан қолға алынғандар түгел қайтарылып, қалпына келтірілсін! Басқа делолар қайта қаралсын! Соққыдан зақымдалғандар түгел үкімет расхотымен емделсін, шашылғандары жиылсын, шағылғандары төленсін!».
Орталық комитет пен Маужушиға бар алғысымызды жаудыра ұрандап-ұрандап тарадық. Ертеңіне-ақ ұйымдастырылып тұс-тұсқа, аймақ-аудандарға «хал сұрау» - үгіт атреттері аттанды. Алтайға баратын бір зор атретке мен де шақырылдым.
Үгітші-шешендер, емші-дәрігерлер, күйші-әнші-бишілер, киношы-апаратшылар, есепші, кездемеші-қамдаушылар, сақшы-қорғаушылардан құралған зор керуен болып Алтайға жеттік те, тезірек бітіру үшін үш атретке бөлініп кірістік.
Ертегілердегідей «тылсыммен» байланған талай бәйшікештермен әділетті талап еткен ақтаушылар, қақас-жаңсақ жібергісі келмейтін халыстар көген мен қамаудан ағытылысымен енелерін көрген лақ-қозыдай жамырады бізді көргенде. Маңырасып-аңырасып жыласып көрісті. Күрес жиындарында жұлмаланған бешпет-сымдардың мақта жүндері де жаға-омырауымызбен, етек-жеңімізге жабыса шағынды. Аяғы шағылғандардың балдақ-таяқтары да, белінен күйрегендердің зуа-замбілдері де таласты бізге. Өлгендердің шешелері мен бала-шағалары шулап, құлағымызды бітірді.
Тірі қалғандарына той, өліп «құтылғандарына» ас, көкпар, ат жарыс, қыз қуар... тағы да немене-немене, әйтеуір, тау-дала жылаулы, күлкілі шуылға толды. Биік шыңдар, қарлы жондар, нулы шатқалдар, иен құмдар бұл шуылдармен қосыла жаңғырықты. Ашқан жиындарымыз тіпті айқайлы, азалы-қазалы-қаралы, жылаулы-жоқтаулы, ұранды-сүренді, жеңісті-желпіністі шуыл. Компартия мен Маужушидің қамқорлықтары бәрінен аса жырланып, аспандап шырқалды бұл шуылда. Жер-көкті қамтыған бұл «жеңіс» шуылы халыққа қиындағы бандыларды, қиырдағы қашқындарды жетектеп әкеліп қосып шұрқырастырды. Бізбен соларда құшақтасып-аймаласып жүргенін сезбей де қалған сияқтымыз. Сезсек те секемсіз сеніммен-кешіріммен құшақтастық. Олай болатыны, бұлардың қылмысы Уаңжынмен бірге қуылмады ма.
Осындай жиынның бірін Алтайдың «Үш тұйық» деп аталған төр жайлауынан асуға жақындап келіп қонған бір ауылында ашуға шықтық. Қарағайлы, ну орманды шатқалдан қиалап асып шыға келгенімізде, жондағы жасыл белестердің түсе беріс салаларына үйме-жүйме қонған көп ауыл екен. Күні бұрын хабарландыруымыз бойынша жиылған халық үдере жүгіріп қарсы алды. Үлкендеімен қос қолдап амандастық. Солшыл науқан жазасына ұшырап, айдаудан қайтқан азаматтарымен аймаласа құшақтасып, балаларының бетінен сүйдік.
Майып-кемтар болғандарын жиынға даярланған алаңдағы орындарынан басып, алдыларына бір-бірден жүгініп, құшақтап келе жатыр едім. Бар ете түсті бір жуан дауыс. Мені танып сау қолымен қолтығына тірей көтерілген сыңар балдағы тайып кетіпті де, сынық аяғы астына түсе құлапты. Үрімжідегі сабақтас-ұйымдас Шақан батырым!... Ыршып барып мен де өкіре құшақтадым... Сынғаны сол қолымен оң аяғы екен.
- Салғызғаныма екі апта болып еді, қайта үзілді-ау! –деп ол күңіренгенде.
- Не көрмеп едік, Шақа, -деп мен еңкілдедім. – Гоминдаңның темір қасқыры шайнағанда да үн шығармап едік қой, бас тісіңді тісіңе!
Бұрынғы тостағандай бет үштері қос төбедей теңкиіпті де, қалың еріндері жардай түріліп, науқан басталғалы қырылмаған сақал-мұрт қоғадай қаптапты жүзіне. Алыптың тұлғасы енді біткен екен. Әлгі сөзімнен соң үнсіз шалқалап жатып қалды. Өзіндей болмаса да өзгенің әйелдерінің жайнындай жайқалып қызыл келіншек отырды аяқ жағына, Шақанның соққыға неліктен ұшырағанын содан сұрадым. «Екі-үш жылдан бері оқытушылықтан ауылдық үкіметке ауысып, жүз басы болып еді. Елдің мал тізімі өз қолында болған соң... сонысын жайып салып, кей біреулердің бай қатарына жатпайтындығын айтып, ақтай беретін болған...» - Осыны ғана қалпымен сөйлеп келіп, боздай жөнелген келіншектің сөзі жоқтау сарынымен тұжырылды. – Байлардың малын жасырдың, пара жедің, қашырдың дейді-ау сұмырайлар!... и!»
Екі мықынын екі қолымен тірей шайқалып Ынтықбай келе жатты бір жағымнан. Сүзуге бейімделген қаратоқал бұқадай сүзіле қарап, жалаңбас мамырласа да жаңа пішілгендей талтаңдап, бөксесін әрең көтеріп келе жатқаны байқалды. Қарсы ұмтылдым. Әскери белгіден нысан жоқ. Көктайғақ бешпет сыртынан түте-түте мақталы бешпет киіпті.
- .... Саған не болған, Ынта? –дей жетіп, құшақтай алғанымда ышқынып қалды, мықшиып барып отыра кетті де, күрсіне сөйледі.
- Әйтеуір, аман қалыпсың-ау, Биғаш, мұндағы сабақтастарыңнан күйремегені жоқ!... Мен қалада жолбарыс болып соғылып жатқанымда мұндағылар далада бөлтірікше мыжылыпты. Салғыңның халы бәрінен мүшкіл! Бір көз, бір құлағын «қырандар» шоқып тастапты. Анау арғы ауылда. Жазылса шұнақ соқыр болып, әрең жазылатындай. Әсіресе, көзін ағызған сұқ саусақтың зардабы қинап жатыр екен!
Көзімді жұмып мелшиіп отырып қалыппын. Қартайған бейнемен ауыр күрсінген Ынтықбай, сөзін басқа тақырыпқа ауыстырды.
- Айтпақтайын, кейінгі Нұрияшыңды құтқару жайын тапсырып, 50-ші жылы жазда маған бір хат жазған екенсің. Биыл жазғытұрым ғана тиді. Сұрастырып көрсем, қалыңдығың құтылып, өзіңмен табысып та болған екен, хайырлы болсын!
- Оғанға дейін қайда болдың?
- Көктоғайда, Шіңгілде әскери міндетпен тұрып, осы жазғасалым «кәсіп ауыстырған соң» әрең қайтқанмын. Содан «өсіп» жолбарыстық дәрежеге жеткенім осы ғана. Бұл «дәрежеге» жаумен неше жылдық жан алқым шайқаста көрсеткен еңбегім қосылып әрең «жеткізіп» отыр...
Емдеу шатырлары тігіліп болысымен аурулы-жаралы мертік-шортықтарды сонда жидық. Екі атпен зузаға салып салықты да әкелді. Осы ауруханаға жатқыздық. Жайма шуақ ашық күнді лезде тұман басып, жонда жортқан тұнжыр бұлттар ішінде қалғандығымыздан хал сұрау жиыны ертеңіне ашылды.
Жиын жайын мен түсіндіріп ашып, алдымен күресте, айдауда өлгендердің қызыл бояу мен үлкейтіліп жазылған аттарына аза жариялап едім. Мархұмдардың шешелері мен әйелдері, әпеке-қарындастары зармен шу көтеріп, жыр-жоқтау айта жөнелді. Аза мен иілген басымызды поезия құдіреті қаншалық тұқыртып, қаншалық көз жасының төгіліп, қанша уақыт тұрып қалғанымызды сезбей де қалыппын. «Сағатыңызға қараңызшы!» деген бір бастықтың сөзінен оянғандай селт етіп көз жасымды сүрттім де, микрафонда жиынның аза уақыты біткенін ұқтырдым. Халықтың өксіп, күрсінісі мен сыңсу, еңіреулер, жігерлі де жағымды шыққан көңіл айту сөзімнен әрең тоқтады.
Хал сұрау атретіміздің бастығы Жау шужи сөйлейтіндігін жарияладым да, сөзге шақырдым. Егде тартқан жасамалы секретар кішкене столға салмақпен жетіп, көпшілікке бас иді де, бастама сөзін соза ойланып, асықпай түсіріп, тезис қағазын жайды. Қалың палтосын асықпай шешіп, желбегей жамыла баптанып отырды да, ресми баяндамаға кірісті. Аударушысы оң жағымда түрегеп тұрып аударды. Көшпелі елде орындықтың жоқтығынан сол жағында қақшиып мен тұрдым. Сақшыларымыз қоршаған жұрттың алдында қиқайып-шойқиып отырған жаралыларды ентелеген аңқау-аусар аяқтардан қорғау мен қарбаласта жүр еді. Аурулар қатарының арт жағына отырғызылған бір дудар бас қартаң әйел қолындағы шылауышын бұлғай түрегелді орынан. Екі сақшы екі жағынан келіп ұстап, қайта отырғызбақ болып еді. Екеуінің қолынан бір-ақ сілкіп босады да, мықын тіреніп тұра қала ақырды.
- Е, мені де жемек пе едің, жауыздар!... Қарашы қуларын, тағы да көгендеп тізіп қойып, бір-бірден соймақсыңдар ғой! Екі қозымды жеп болып, енді кәрі саулықтай мені табуын қарай көр, қанды қолдарыңа түссем-ау енді! –деп жыпылықтата сөйлеп жіберіп, иін тірескен жұртты қаға-соға жөнелді. Ұстамақ болғандардың ешқайсысына ілінбей сытылып шықты да, безгелдекше безілдей зытты. Жыртылған етек-жеңі, қолындағы шылауышы мен иығындағы өрім-өрім кимешегі ұйтқып, құйын қуған қаңбақша кейде домалап, кейде ұша жөнелгендей көрінеді. Жаяу қуған жігіттерді шаңына ілестірмеді де, атпен қуғандардың аттарын үркітіп, маңына жуытпай қарағай орманына кіріп кетті.
- Асқан кең жайсаң, көркем бәйбіше еді, амал не! –деп күрсінді қасымда тұрған бір қарт. Көз жасы мол бурыл сақалына төгіліп тұр екен. Жалт қарап, басымды төмен сала сұрадым.
- Не болған?
- Мал иесі болып нысанаға алынған жесір әйел еді. Екі ұлының бірі күрестегі қинауға шыдамай, жартастан құлап өлді де, үлкені оңтүстікке айдалып бара жатып, ауырып өліпті. Соның күйігінен жынданған. Келінінің бірі айдаудағы күйеуінің қазасын естісімен-алдыңғы күні қайтыс болды! Сөйтіп, кіші келіні мен 4-5 кішкене жетім қалды арттарында!...
- Болды, қумай-ақ қойыңдар! –деп сыңғырлады көп арасынан біреу. – Енді бой бермейді ол, әбден шаршап қалжаурағанда үйіне қайтып келеді өзі!
Жау шужи сөзін асықпай-саспай жалғастыра берді. Бұл реткі солшылдықтың кесірі мен кеселі ұзақ баяндалып, мұны партияның түгел жинақтап, толық түзететіндігін, ендігары мұндай қателіктің қайталанбайтындығын, оның объектив-субъективтік себепші негіздерін талдап-тараулата сөйлей келіп, «бай, бақытты, сәулетті болашағымызға» тамсанғанда, көпшілік те тамсанғандай үий тыңдады.
Ши Жұңшүн жетккізген орталық комитеттің жаңа нұсқауы осыдан соң сөйленді: Уаңжынның мұндағы қызметтен мүлде басатылып, қылмысы орталыққа тергелетіндігі, сөйтіп, жауапқа-жазаға тартылатындығынан бастап, зақымдалғандардың қашан жазаланғанша үкімет расхотымен емделетіндігі, халықтың шашылғандары, тіпті ине сабақ жібі де қалмай жиналып, шағылғандары үкімет жағынан түп-түгел төленетіндігіне дейін бұл да жеке-жеке тармақталып-тақырыпталып сөйленді. Жиындағы жұрт тіпті балқып, маужырай тыңдады. Жылы сөзге түстен ауған күннің жылы шуағы қосылып қалғыта бастады көпшілікті. Бұл қамқорлықтың барлығы Маужуши мен орталық комитеттен келгендігі қайтадан еселеніп сөйленді сонан соң. Маужуши барда біздің ешқандай жаудан жеңілмейтіндігімізді, ештеңеден күмәнданып қам жемеуіміздің қажеттігін қайтадан объектив-субъектив негіздерімен қортындылады. Сөзін осылай бітіріп, ұран шақыра көтерілгенде, тосыннан столымен бірге омақасып барып, екпетінен түсіт секретар.
Алғашында Жау шужидың бастаған ұранына ілесе «Маужуши жасасын!» -деп айқайлап көтерілген халық, іле-шала «өлтірді, өлтірді!... Ұстаңдар, ана жындыны ұстаңдар!» деп шу ете түсті.
Тігілген үйлер мен шатырлардың ара-арасымен жымп келген жынды артына ұстаған қайың тоқпағымен Жаушужиды шүйдеден қағып жібергенін сезбей қалыппыз. Екінші рет ұруға ұмтылғанда мен ыршып барып, тоқпағын жұлып алдым. Жынды кемпір екпеттеп жатқан Жаушужидың үстіне қона түсті. Үш-төрт сақшы енді жетіп ажыратқанда жерліктерден он шақты жігіт дүрсе қоя берді жындыға.
- Жау! Жау! –деді жынды кемпір алақ-жұлақ қағып шегіне берді. - Өздерің «жау» деген соң ұрдым ғой, ха-ха-һа-һа... жауды қорғайсыңдар ма! Ха-ха-һа-һа...
- Кім жау!... Жау сенсің!
- Бұл тап жауы, өтірік жынданған, аяусыз жазалау керек!
- Соттау керек!... ату керек!...
- Жіберіңдерші, қазір-ақ жаһаннамға жөнелтейін!...
Қоршап-қорғап тұрған сақшыларды екі-үш әпербақан кимелеп барып жұдырық салды жындыға. Енді қорғаушылар мен шабуылшылар кеңірдектесті. Сақшылар тоқтата алмаған шабуылшыларға көпшілік зекірісті. Халыққа өктемдік жүргізіп әдеттеніп қалған адырақбайлар тұс-тұстан ақыра түрегелген жұртшылық кегі от ала кетті, лап қойды адырақбайларға. Шуыл аспанға көтерілді.
Жаушужиды шатырға көтеріп апарып тексерген дәрігер мен сестралар мекрафонда шулады осы шақта.
- Жаушужи тірі! Тірі!... Тірі! Көзін ашты! Ештеңе болмапты! Ештеңе!... Ұрмасын дейді!... ұрмаңдар дейді жындыны!... Ұрмасын, қол тигізбесін дейді!...
- Ие, ие, ауыру жындыны ұрмаймыз! Сау жындыларды ұрмасақ, енді бізді жындандырады! –деп барылдады біреулер.
Арашаға түсіп ештеңе өндіре алмаған мен де жүгірдім микрафонға. Аспанды бөрік қып киіп дөңгелетіп жүрген жұртшылыққа жерді жара бақырсам да тыңдаған ешкім болмады. Жынды кемпірге ұмтылған алғашқы он шақты адырақбайды жиырмаға жеткізіп жығып, мертік-шортықтардың қатарына әкеліп сұлатқан жұртшылық жиындағы өзді-өз орындарын қайта тауып отыра қалысты да қарқылдай күлісті. "Міне енді рас тынышталамыз!" деп күлісті. Мықты діңгекке байланып, құралды екі сақшының қорғауында тұрған жынды кемпірдің екі көзі тіпті шадырайып кеткен екен. Адамзат шошырлықтай қатты қарқылдады.
Жиынның жалғасын ертең таңертең ашатындығымызды қарлыққан дауысыммен мекрафонда тағы да бір сыпыра айқайлап, халықты әрең тараттым. Жаушужи жатқан аурухана шатырындағы бір креуетке жынды кемпірді де жатқызып таңдық та, мықты күзет қойдық.

Саққұлақ тергеушім, жазған қылмыстарымның кейінгі екі тарауы көп шулап, шекедегі құлағыңызды тұндырып-ақ тастаған шығар. Алғашында уыс сыққандағы шуылымыз деп шыңғырсам, соңында уыстан шыққандағы шуылымыз деп қышқыра бермедім бе. Жоғарыдағы бір жауабымда қарыздар болған егіз қылмыс дегенім, міне, осы. Бұл қышғырудағы қаскүнемдік мақсатымды әрине түп-түбірімен түсініп отырған шығарсыз. Тыңдампаз, естігіш құлағыңызды осылай шыңғырып, кереңге айландырсам, «ендігі қылмыстарымның сыбдырын естімей қаларма екен» деген далбасам еді бұл. Ал, қылмыс іздегенде құйрығыңыз да құлаққа айналатындығы есімде болсашы!


ІІ


Осындай хал сұрау жиындарын Алтайдың әр аудан әр районы сайын аштық. Шұрқырастырып, шулатып, шағындырып-шабыттандырып, тыңдатып-тыныштандырдық. Жынданғандары мен сынғандарын мықтап таңдырып кем-кетігктерінің қуыстарын дәрімен толтырдық. Өлгендері үшін бір-бір өгіздік, өлімшілеріне тайлық, өлмейтіндеріне шайлық бұл-бұйым алдырдық. Сауларының ойнын қандырып, етектегі жылы қоныстарына қондырдық. Адырақбайларды аяқтарына жығып, өштік отын сөндірдік. Сөйтіп орнықтырып, жайлап отырғызып қайттық.
Асыққан бірнешеуіміз қатынас аэропланымен қайтып едік. Үрімжі аэродкомына түс уақытында түссек те, өз орныма кешкі сағат төртте жетіппін. Мақпалдан келген хат болса ала шығу үшін алдымен қызмет бөлмеме кірсем, Сәрсен жазған бір хат қана табылды. Осы науқанда жапқан жаласына ызаланып, шенеп жазған хатыма жауап екен. (Ол хатты Ши Жүңшүн келердің алдындағы қыслшаңда ғана жазып едім ғой). Сәрсен өзінің бұл жолғы жапқан жаласынан өзін ақтап, ант іше жазыпты: «... Сенсең соңын күт, мекемеңдегі науқанға басшылық етуші жолдасқа анықтама жазып, өткенде өзімнің өштікпен қаралаған бар ісіңнен ақтадым. Тойыңдағы сырапшылдыққа сенің титтей де қатысың жоқ екендігін, туысқандарыңның тойлыққа әкелген көмеген де қайтармақ болғаныңды, ол малды өзіңнен жасырып сойғызуға менің себепкер болғанымды да айқындап жаздым. Егер бұл ақтауыма сенбесе, менің өзімді айғаққа тартып шақырт, сол жерде ақтап шықпасам атым өшсін!... Биғаш, адал болудың мұнан соң қаншалық қажет екендігін өмір үйретіп жатыр ғой. Титтей нахақ әшкерелеуден адам өлетін зор мәселе туылады екен. Сенің пәк адамгершілігіңнің алдында қаншалық қарабет қарыздар болғандығымды күн сайын толықтап түсініп келемін. Өзіңнен кешірім алмай тынбайтындығыма серт етіп қолыңды қыстым!» деп жазыпты. Числа жоқ, қашан жазғаны белгісіз.
Сәрсен саясаттың бұл хаты Ши Жұңшүннің әкелген өзгерісін естігеннен кейін жазылған ба, иә, одан бұрын жазылған ба, соны анықтау қажет болды. Егер одан кейін жазылған болса, әрине бұрынғы түлкілігі. Ал, одан хабарсыз кезінде – бұрын жазылған болса, маймылдығы болар. Адамның ісіне әуестенген маймұлдың үйреніп, адамша істейтіні бар ғой!... Маймылдан адам шықққанда, арам адамнан адал шықпас па. Өзгермейтін дүние болмағанда өзгермейтін адам қайда туылмақ!...
Осы оймен отырғанымда амандаса кірген қызметтестердің соңын ала аңқылдап абыла жетті. «Үшке қарсы» науқанды делоларды қайта қарап тиянақтату үшін әлі осында тұр екен. Қос қолын соза ұмтылуынан-ақ кішпейіл бастыққа айнала қалғанын сездім.
- Сізге Сәрсеннен мені ақтаған хат келді ме? –дп сұрадым, қысқаша амандық айта сала.
- Дөрбілжіндегі аударушыдан ба?... Келген.
- Қашан, қай күні келгенін айтып беріңізші!
- Сіз Алтайға жүруден бұрын келген шығар. Оны қайтесіз, жолбарыс болуға көнбей қойдыңыз, бітпеді ме! –деп қарқылдай күлді.
- Ол біткенімен ұғысатын-түсінісетін мәселе әлі біткен жоқ... Сәрсен ақтап жазыпты. Ал оның алдындағы қаралауды кім жазып еді. Тағы да соның өзі еді ғой!
- Жоқ-жоқ, ол емес! –деді ойланып алып. – Кім жазғанын сұрамай-ақ қойыңыз!
- Жала жапқан кім екендігін сұрама десеңіз, мәселе сіздің өзіңізден болғаны ғой.
- Менен көретін де хақыңыз бар, Биғабіл жолдас, бірақ мен де қыл үстінде әрең қалдым. Қорыққандығымнан күреске түскеннен бетер жапа шектім. Менің де іздейтін жауапкерім бар шығар. Бірақ, партия оны қузастырма деген соң қойдық ха-ха-ха-һа-һа... әйтеуір бас қылмысты ашылған соң болды дейміз де, қалғанын партия орындары іштей түзетпек! Қазір ондай материал жазғандарды сұрастырып, өш алу емес, ынтымаққа шақырып отыр. Олай болмағанда талай оқиға туылмай ма!... біз партия мүшесі, артқа емес, алға қарауымыз шарт, алдымен кемшілік-қателікті емес, жетістікті көруіміз шарт. Алдағы нұрлы келешекке қарауымыз шарт. Сіз бұл методты толық түсінесіз. Бұл науқанда осындағы бірден-бір марксизмші философ екендігңіңзді көрсеттіңіз, мен қол қойдым сізге. Сол айтысқан кеште жеңілгенімді сол уақытында біліп отырдым. Бірақ, амал не, ол пікіріңізді қуаттайтындығымды білдіруіме рұқсат жоқ. Басшылыққа бағыну принцип! Сізше ғылыми негізге құрылған тәжірибем де жоқ. Қызмет уақытым қысқа, енді ғана көз аштым ғой!...
Абланың мені осылай қолпаштап, жуып-шая берген көп сөзінен, сырттан көрсетіп жала жабушыны жасыратындығын ғана назарладым да, жауапсыз отырып қалдым. «Сәрсеннің аты-жөні баяғыдан-ақ Сәрсен саясат емеспе еді, өте сұм саясаттан жаралған ғой. Бұл жолғы қаралауын сол қолымен жазып жолдаса да, Лиңдәйшіңді иіскелеп жүріп, орталық комитеттен осы түзетудің келетіндігін алдын ала естіген соң қорыққандығынан оң қолымен қайтадан ақтап жазып, менімен достаса қоймақ болғаны ғой. Бұл хатындағы ниетіне сенудің жөні әлі де жоғырақ!» -деген ойға бекідім.
-... Бұл туралы екеуміз әлі толық түснініп, «майдан жағынан бір кеуде» болып достасып қалатындығымызға сенемін! –деді Абыла сөзінің соңында. – Сізге енді бір хош хабар айтайын. Қалыңдығыңыз келіп, отауыңызды дайындап болды!
- Қайда?
- Күлән деген әйел, сіздің ашаңыз екен. Сол бір үйін беріпті. Алдыңғы күні екісі бірге келіп, маған айтып, жатағыңдағы нәрселеріңді арбамен көшіріп әкетті. Кейінірек мекемеден жақсы үй босатып, өзіміз қайта көшіріп әкелеміз! –дедім. Жүріңіз, машинамен өзім апарып қояйын!
Шопырды шақырып, мекеменің «поведасына»1 отыруға беттегенімізде, Күлән мен Мақпал қолдаса жүгіріп кірді қақпадан. Қасымда кісі барын көріп тежеліп, жүрістерін баяулатты. Мені сарғайта сағындырмай, сарылта аңсатпай көрінбейтін болған мөлдір аспаным жайнап, жұлдыздарын ойнатып келеді екен. Нұрияш киетін модының тағы бір түрін – ойма жаға, кілетті омырау, қынама бел, қима етек, ақ жібек көйлек киіпті. Қолаң қоңыр қос бұрымын арқасына тастаған ақ маңдай, аппақ алқымымен аса жарасымды көрінді. Жақындап келіп кідіргенінде алдына Күлән түсе ұмтылып, қос қолымды қыса амандасты да, келіншегім жымиып, ауыз жыбырлата сала күліп жіберді.
Абыла томпақ көзін екеуімізге кезек тастай күліп қалжыңдады оған:
- Сіз танымайсыз ба? Таныстырып қояйын ба?
- Танитын сияқтымын, -деді Мақпал, ақ тісін жарқырата сықылық қағып. – Сіздің ең соңғы сайлаған "жолбарысыңыз" болса керек!
Бұл сөзге Абыла маңдайын алақанымен ұра қарқылдап күліп, сөзден жеңілгендігін бейнелеп тұрғанда, Мақпал келе сала қолымнан алған менің жол сумкамды көтере кірді машина есігінен. Үшеуіміз артқы орындыққа қатар орналасып болған соң, шофер қатарынан қайрыла қарап отырған Абыла ақталуға кірісті:
- Биғабыл жолдасты Нюханбең күреске салуға бұйырып еді. Сіздер соны естіген екенсіздер. Мен оған қарсы болып, өзіне екі рет, қожайыны Маханбеңге үш рет айттым: «бұл жолдастың мінезі төте. Өзінде бар мәселені жасырмайды, жоқ мәселе, түссе илікпейді. Ешкімнен қорықпайды. Мен екі-үш рет тексеріп көрдім. Күреске түсерлік мәселесі жоқ. Ештеңе таба алмайтындығымызға көзім жетті. Бір жақсы кадрды бұзып алмайық!» дедім. Биғабіл жолдас расында да солай. Мен өзім қорқып қалдым бұл жолдастан, ха-ха-ха-һа-һа-һа... Ши Жұңшүн жолдастың келуінен бұрын-ақ менің алдымда осы солшылдықтың тамырын қазып, назария жағынан жалаңаштап тастады емес пе!... «Террорлық!», «жендеттік!» дедйі. А-ха-ха-ха...!... біз істің солай болып бара жатқанын білсек те қорқып, ол туралы ләм дей алмағанбыз. Биғабіл жолдастың бұл сөзін жеткізсем ғой, ол шақта жайлап жіберуден тайынбайтын еді ха-ха-ха-һа-һа...!..
- Абыла жолдас бұл ианатымды жеткізуін жеткізіп-ақ мәлімдесе де, рақымдылық етіп, сондағы басқа сөздерімнің көбін «жеткізбегені» рас! –деп мен де күлдім. – Мәселен, «партияның жүргізген бұл науқаны жақсы науқан. Бірақ бұған бұзғыншылық еткен өз қолымыз, террорлық жүргізген өзіміз! –деген сөзімді жеткізсе Маханбең мен Нюханбең, мені "жарылқап", ертең таңертең күреске түсе қойсын дерме еді!
Бұл кекетініме екі жағымда отырған Күлән мен Мақпал сақылдап күлгенде, шофер да күліп жіберіп тиылды. Қызарақтай жымиған Абыла не дерін білмей қалғандай.
- Нюханбең жолдас кетпеді. Маханбеңнің орнына сол кісі тағайындалды. Ол, жақсы кісі. Маханбеңдердің қатарына қосуға болмайды! –деп күбірледі.
- Мақұл, мақұл, айтпақтайын, кеткен Ханбеңге кетпеген Ханбеңді ұқсату, қылмыс болады деші! –деп изектегенімде күлкі тіпті қозды. – Аты бір болғаны заты да бір болған соң, кетпей қалғандық айырмашылығына қарамаппын, кешірсін, тағы да жеткізе салыңыз!...
Күләннің Бердіқұлдан қалған ауласына осы күлкімен келіп түстік. Шешесі ұмтылып келіп менімен амандасты да, отауымыздың есік алдына Мақпал екеуімізді бастап апарып, батасын берді. Неше жылдан бері бекітіліп жатқан бір жақ есігін ашып, түпкі бөлмесін дербес үйге айналдырған екен. Драма театрде істейтін бір күлдіргі келіншек біздің үстімізге бауырсақ пен конфет араласқан шашу шәшіп еді. Отауға біздің соңымыздан ілесе кірген Абыланың тұмсығына сайлаулы қатты бауырсағын «асатып та» үлгеріпті.
Алғашқы рет үй иесі болып, үйіме кіргендерді алғашқы рет қарсы аул үшін жалт қайрылсам, алғашқы қонағым тұмсығын басып тұра қалған екен.
- Ештеңе емес, ештеңе емес! –деп жерден екі конфет алды. Мелжемді мұрны орнында тұрғанын байқаған соң «ештеңе емесін» мен де мақұлдап, төрдегі орындыққа апарып отырғыздым.
- Бұл да менен өтілген сырапқорлық емес! –деп қалжыңдадым сонан соң. - Таңылатын қылмыстың қайдан шығатындығын тұмсығыңыз да сезіп қалды ма қалай?
- Жо-жо-жоқ, бұл, сырапқорлық қатарына жатпайды! –деп мұрнын қол орамалымен басты Абыла. Сық етіп күліп жіберген Мақпал, дастарқан жасауға келген күлдіргі келіншекке сыбырлағанын да байқадым. Бастығымның суағарына аз-аздан қан іркіліп отыр екен. Келіншек те күліп жіберіп, шыға жөнелді де құмған мен елеген алып кірді.
- Қол жуыңыздаршы! –деп жымия жетті де, Абыланың қолына су құйды. Тұмсығын алғаш басқанда қолымен сүрткен қанын енді көрсетті Абыла.
- Міне, сіздің шашуыңыз!
- Шашудың емес, науқанда соғылған жолбарыстардың қаны шығар! –деп бүлк еткізген келіншектің епті соққысына ду күлдік. Абыла тіпті қатты қарқылдады.
- Осыны айтып алу үшін мұрныма дәлдеп ұрған екенсіз да ха-һа-һа...
- Шашу мына күйеу жігіттің бетіне көбірек тигенін өзіңіз де көрдіңіз ғой, шашудан болса мұның мұрны неге қанамайды!
- Олай болса, Биғабілдің мұрнында қан жоқ деп дәлелдеу қажет шығар! –деп Күлән жымиғанда Абыла тағы да қарқылдады. Бұл қалжыңдар «қандықол», «қанды ауыз» деген мағынада айтылып жатса да ауыр алмағандай Абыланың мына аңқылдақ күлкісіне сүйіне қарадым: «тегі, күшеп істейтін еңбегіне ғана сүйенетін ақкөңіл, жақсы жігіт сияқты. Саяси сұмдықтан жаралған емес. Еңбекші табның көнімпаз, шындыққа мойындағыш мінезі жан-дүниесінде әлі де сақтаулы көрінеді. Бұл науқандағы қылығы тапшыл жүрегіне терроршылар соқтырған құйыннан пайда бола қалған жендеттік сияқты. Тапшыл сезімнің өзі санаға айланбаса, әділеттен туылған сәби бала ғана ғой, үйретуші оған не істетпесін! Осында келе жатқанымызда мен туралы қосқан екі беткейлік өтірігі ұятының сасқандығынан – лажысыз қынжылғанынан ғана айтылған болса керек. Осы науқаннан ақыл кіріп, балиғатқа шығып-ақ қалар!» деген ой басымнан жүрегіме қарай жүйткіп өте шықты.
- Жеңешетай, үйіме алғаш кірген жалғыз қонағымның мұрнынан қан ағыздың! –деп күйдіргіге қарадым. – Сөйтіп тұрып тағы да қандықол атамақшыңыз. Қонағы қандықол болса да айыбын төлеп-бастықтарын ұстап беріп еді. Енді сендер де қандықол болдыңдар ғой, айыбына не төлейсіңдер, қане?
- Е, біз де ең толымдымызды ұстап, беріп отырмыз ғой! –деп Күлән жәй қалжыңмен тоқтата салмақ болып еді.
- О тықыр мен бұ тықыр ұқсамайды, күйеужан! –деп «күйдіргі» қадала түсті. Көзімді қысып қалғанымнан «енді соққылай берме» дегенімді сезіп, жауабын ойлана қайырды. - Қонағыңыздың жүзінде танаудан басқа тақыр орын жоқ екен. Шашуымыз содан басқа қонар жер таба алмапты. Бұған шашуымыз де, өзіміз де айыпты емеспіз!
- Тақырдан басқаға түспейтін бомбы жоқ қой. Шашу да, басқа да емес, тек қолымен атушы ғана айыпты болмай ма!
Айып жөнінде өзіне үлкен қатер сезінген Абыла менің бұл кесіміме тіпті қарқылдап, арқамнан қағып-қағып қалды.
- Биғабіл жолдас, бұл айыпты өзім кештім, кештім!... Сіздің отауыңыз, біздің жаңа қосылған бір үйіміз ғой. Қарашы қандай жақсы жасаған! Осы еңбегі үшін сіз де кешіріңіз!
Төр қабырғаға керілген қызыл-жасыл өрнекті үлкен кілем, серппелі креует, керме шымылдық, шым кестелі түскиіз, айналы шкап, айшықты перделер, шытыралы сандық, үш-төрт чемодан, кең стол, кестелі дастарқан. Таңданарлық басқа ештеңесі жоқ. Осы шақтың орташа ғана жасалған қала отауы. Солай да осныың бәрін кереметтей көрсетіп, теңдессіз нұрландырып отырған қайқы кірпік, ақ Нұрияшым ғана екен. Өз көркімен жәннат сахнасындай жайнатып, төсегіміздің алдындағы орындықта шай құйып отыр. Кең шаралы көзінде ойнаған шаттық ұшқындарын өзіме ғана шашып, жалт еткізіп, мен қараған жаққа гүл дестесін лақтырып қалғандай төңкере қарап күлімсірейді. Күлән да менше сүйіне қарады оған. Қабақ астымен сүзіле қарайтын Күләннің қарақаттай мөлдір, күлім көзі менің көзіммен де жиі тоғысады. Жымиысып қарасамыз. «Жасырын құштарлықтың соқпалы күншілдігі көп әйелден осындай кезеңде кірбең болып байқалушы еді ғой деген оймен мен аңди жымидым да, «бір өңірдің қатар өсіп, қарасып ашылған гүлі едік. Сенің жайнағаның, менің құрығаным болмас!» деген терең ойлы шырай білдіріп, ол жымиды. «Екеуіміздің ортақ Нұрияшымыз тіпті нұрланып тірілмеді ме!» дегендей балбырай күлімдеп, Мақпалға көз тоқтата қарайды.
Абыла отауды құттықтау тостын көтеріп, қуанышын лепіре сөйлеп отырғанда өз мекемемізден тірі қалған үш «жолбарыс» кіріп келді. Бастықтарымыздан ұзын бойлы, ақсары Әбілемит, жуан ақсұры Ақыметқан, ілмие арықтаған Ошұр бұғалтыр, қызметке келмей әлі де үйлерінде демалып жатқандықтарын естігенмін. Бұрын такаппарлау көрінетін Әбілемиттің мұрны күрес жұдырығынан сәл қисайыңқырап қалған екен. «Япырай, тіпті такаппар көрсетеді-ау мына кемістік!» деген оймен жымия күліп амандастым. Болжамымды дереу шындыққа шығарғандай Абыла аузын да қисайта қарап, иек қаға сала амандық айтыспай отыра кетті. Ахыметқан менен бұрыла жалбаңдап барып, Абыланы бассалды. Оның соңынан ақсай кірген Ошұр менімен құшақтасып амандасып, арқамнан қаға құттықтады. Ахыметқанның бізден аттап барып, Абыланы құттықтағандай болуы көңіліме дық бола қалып еді. Ол маған қарай қайта оралып қол созғанда, қасақана көрмегенсіп, Ошұрды қолтықтай жөнелдім төрге. «Биғаш!... Биғаш!» деп қалған Күләннің қаратпа үнін естімегенсіп, Ошұрды орындыққа сүйемелдеп отырғыза қалжыңдадым.
- Сшотты таңертеңнен кешке дейін шақылдатып отырып алушы едіңіз, енді тіпті тапжылдырмау үшін аяғыңызды мүлде алып тастай жаздапты-ау!
Қалжыңның қармағы тағы да өзіне сап ете түскендей сезінген Абыла қарқылдап күлді де, Әбілемит назыр үнсіз күлімсіреді. Менің қайрылмай тұрып алған себебімді түсінген Күлән мен «күйдіргі» сықылықтағанда Ақыметқан иығымнан қағып қалды. Қолын әлі ұсынып тұр екен.
- Үй, Ақа, амансыз ба? –деп енді көргенси алдым қолын. – Жорғалаймын деп жолды бұзып кеттім бе, кешіріңіз!
- Сен жорғалаған жоқсың, -деп қалды «күйдіргі» сырт жағымыздан. - Қайнағаның өзі бетіне мөр басқан кісіге қарап, бізді соға домалағанда үркіп кеттің!
Бұл сөзге Әбілемит те күліп жіберді. Ақыметқанның бетіне соққыдан түскен тыртықты енді көріп қарқылдадым. Қорыққанына жағайымситын айыбын бетіне тағы бір «мөр» қып басқан «күйдіргіге» де жалбарақтай ұмтылғанда еселеп күлдім.
Жаңа отауды құттықтап, бақыт тілейтіндігін Әбілемит шәй ішерде айтты. Ахыметқаннан басқа «жолбарыстардан» жылы шырай көрмеген Абыла кесесіндегі шайын жұтып алып, түрегеле беріп еді. Әбілемит шынтағынан түртіп, ымдап отырғызды. Қабағын салып, бастықтық салмақпен күбірледі. Әлдене бір тапсырма бергенін сездім.
- Хұп-хұп! –деп изектеді Абыла. – Мен де соны ойлап... сізге айтпақ едім. Мақұл, қазір барып, смета түзейін. Сізбен Ошұр куайжи қол қойып берсе, кассирден аламыз!
- Біз қамалып жатқанда кассирден ақша босатып көрмеп пе едің, ей, харамзада! –деді бұғалтыр күлімсіреген бейнемен. – Істете бермеймісің сол құқығыңды!
Абыла тұқыра күлімсірегенде, Әбілемит орындық арқалығына шалқалап сыздықтатты пікірін.
- Биғабіл жолдас жас болса да үш аймақ төңкерісіне недәуір үлес қосқан және біздің негізгі ең мықты кадрымыздың бірі. Келін ғой әйелдер құқығы жағынан зор үлгі жаратқан, қарсы алуға толық лайық келін екен. Екеуінің үй құру тойын меңгермеміз жағынан жақсылап өткізіп берсек болатын шығар. Ақа, бұған не дейсіздер?
- Мен қосыламын ғой! –деп Ақыметқан мойнын сырт бұра жауап қатты. – Жалғыз-ақ мен де қазақ болғандығымнан, жақынына тартты дегізбей, өздеріңіз істеп берсеңіздер болар! Басқа не деймін!
- Менің дейтінім бар, -дедім мен. – Біз үлкен тойымызды Дөрбілжінде өткізіп, шашылды, төгілді, сырап болды дегізіп келдік. Мұндағы жолдастарды тойдың жаңа дәстүрімен – шәкілдеуік, бұршақпен ғана өзіміз шақыра салмақпыз. Пейілдеріңізге рақымет!
- Ондай бірдеме әр екеуіңе де, ұлттық дәстүрге де, мекемеміздің абройына да мүнәсіп емес! –деп Әбілемит күлімсірегенде, Ошыр мен Абыла жарыса тойтарды менің пікірімді.
- Ұлттық саясат жолға қойылу байланысымен шет аймақтардан келген ұлттық кадрлардың тұрмысына да, мұндай мырасімдерге де көңіл бөлінетін болды. Қиянат болар деп қам жемеңіз!
- Бұл мекемеміздің өз қуанышы, өз тойы, Биғабіл жолдас, сіздің шаруаңыз болмасын! –деп Абыла тұра жөнелді.
- Қиянат болмағанымен басқа жастарға кері үлгі болады! –дегенімде, Мақпал Абыланы қуа шықты да, мен пікірімді жалғастыра бердім. – Ұлттық ерекшелікке қарамай, партияның негізгі саясатын іске асырушы болуымыз қажет болар!
Әбілемит Ақыметқанға қарап әлдене жөнімен қарқылдап күліп жіберді де, Ошұр сөйледі:
- Ой-хой, Биғабіл жолдас, не болмайды бұл дүниеде, мен де сондай принциппен қатып тұрып алатынның бірі едім ғой... Ал дегенде алып, же дегенде жеп, қой дегенде қоя салса болады екен!
- «Қорыққанды Құдай алмай ма!» деген менің бір сөзімді құптаған едің ғой, Биғабіл! –деп Әбілемит сарғыш қоңыр көзін кең аша қарап күлімсіреді. – Шинжаңда бұл реткі солшылдық бейнемен жүргізілген зор ханзушылдық саясат сені де қорқытып қойған екен!
- Солшыл шуинизм шектеліп, басшылары қуылғанымен де, біразы қорқыңқырап-сақтаныңқырап істеу жөн екендігін осы жолы анықтап көрсетіп кетті ғой! –деп мен жымидым. – Оқығандарды шыққан табына қарамай, бір-ақ қосақтап, буржуазия интеллигенциясы деп қана таниды екен. Бұл танымының өзі «ұлттық буржуазияға» қолданылатын «ынтымақ, күрес, ынтымақ» формалы шектеп өзгерту саясатын бізге де жүргізетіндігін көрсетеді ғой!
- Дұрыс, солай!.... Мұның үстіне, -деп кідірді Әбілемит. Абыла барда ішпей қойған арағын асығыс ұрттап жіберіп, үй ішін шола қарады. Әйелдер ауыз үйде, тамақ дайындығына кетіп еді. Әбілемит тағы да күлімсіреулі сұраумен жайшылықси жалғастырды сөзін. – «Солшыл шоуинизм шектелді», «басшылары айдалды» дедің бе сен?... Мұндай түбегейлі өзгеріс болмады. Айдалды дегеніміз Бижінге қайтарылғанымен, керісінше сыйланғандай өсіріліп, орталық үкіметтің бір минстрлігіне тағайындалды!...
- Жаңсақ естіген шығарсыз? –деп бажырая қарадым. – Ши Жуңшүн жолдас өтірік айта ма?... Алдай ма?
- Жоқ, алдамас. Бірақ, ол кісі орталық комитетте оңшыл аталып жүрген қайраткер, Уаңжынның сүйеушілеріне күші жетпеген сияқты... Білемісің, орталық комитеттің өзі бірнеше топтан құралған. Онда оңшылдар да, солшылдар да, интернационализмшілдер де, шоуинизмшілер де бар. Уаңжынды сүйеушілер күш бермей қойған болса керек!...
- Уаң шужидың төңкеріске сіңірген еңбегі де зор ғой, -деп құйрығын орындыққа ырғай қозғалды Ахыметқан. – Сол еңбегіне қаралған шығар. Әйтпесе, орталық комитетте Маужуши барда топшылдық қайдан болсын!
Әбілемит бұл сөзді жақтырмағандай Ахыметқанды көз қиығымен ата бір қарап қойып, жалғастырды сөзін.
- Демек, менің айтпағым, солшылдық та, шоуинизм де осымен бітті деуге болмайды. Сақтық дегенің қашан да қажетті, дұрыс сөз. Бірақ та «қорқу» дегеніңе қосылғым келмейді. Биғабіл жолдас, сен жассың ғой, солай да үлкен кісідей пәһамың, недәуір зор білімің бар, түсінерсің деп сенемін. Қорқатыныңды білдірсең қорқытушылар көбейе береді екен де, мойныңа мініп алады екен. Пролетарияттың интернационализмдік нысабымен өзіңді-өзің қысып, бүрісе берсең, сыртқы шектеусіз қысым орын кеңейтіп, бүре береді екен. Мына әділетті шешім кезеңінде өзіміздің ұлттық нормамызды, кем болса болмайтын орнымызды сақтап тұруымыз қажет! «Ұлттық норма» дегенде мен ешқашан бір ұлттың социялизм ісіне лайық келмейтін кертартпа-ескішіл дәстүрлерін де сақтап қалуды айтып отырғаным жоқ!.. Адамгершілік жолындағы жаңашыл дәстүрлерімізді сақтаудан тіпті қаймықпауымыз қажет!... Ал, біздің бұл келін, Мақпал ма есімі... қазақ ұлты арасындағы барлық феодалдық зорекерлікпен аяусыз күресіп, жеңіп шыққан қаһарман қыз екенін естідік. Өз сүйгенін жан пидалықпен тауып келіп қосылыпты....
Осы сөз үстінде кіріп, орнына отыра қалған Мақпал тұқыра түсті.
- Маужуши мен партиямыздың қамқорлығы болмаса, келінге бұл жеңіс жоқ қой! –деп сөзін бөліп жіберген Ақыметқанға Әбілемит көз қиығын тағы да бір тастап жіберіп, тұжырды сөзін:
- Еркіндік-теңдік үшін жапа-машахатты мұндай көп көрген төңкерісшіл келінді аса зор ықыласпен қарсы алуға борыштымыз, мекемеміз жағынан айырым той жасауды қуаттап отырған себебім осы!
- Бұл бағаларыңызға бізде борыштымыз, ағайлар, рахымет! –деп иіле күлімсіреді Мақпал. – Мен қазір партия мектебінің қарауында тұрмын. Отауымыздың тойын мектеп жасап бермек. Абла ағайға соны айтсам, тыңдамай кетті. Басқаларға жаман әсер...
Мақпалдың сөзін кесіп, Әбілемит сөйлей түрегелді орнынан:
- Сіз партия мектебінде болсаңыз, тұрмыс құрған жігітіңіз біздің мекемеде. Әрі салауатты кадрымыз. Той біздікі ха-ха-ха-һа..!..
Әбілемит күле қалжыңдап шыға берді. Тамақ дайын болып қалғанын айтып тоқтата алмадық. Екінші, үшінші «жолбарыстар» да алдыңғы "жолбарыстың" сөзін қуаттай шықты.
- Отау өзіміздікі – той біздікі!
- Мектебіңе күшік күйеу етіп бере алмаймыз! Ха-ха-ха-һа...
Бастықтарды аттандыра шығып, қақпа алдында ойланып тұрып қалыппын.
«Неше мыңдаған халықтың нахақ қаны армияның бір ғана генералының кірпігіне кір бола алмағаны ма!... Соншалық ауыр қылмысынан есеп алудың орнына, қайтып бара салысымен министр сайлап сыйлағаны қалай!... Япырай, жақсы-ақ қырыпсың-ау батырым! - дегені ме?... Егер төңкеріске сіңірген еңбегі үшін сақтап қалу керек болғанда да, халықтың көңілі үшін тым болмағанда қызметінен бірер жыл тоқтата тұруы жөн еді ғой! Соның бір жылы үшін ғана бір ұлы партияның халық алдындағы бір ойына мұншалық жиркенішті таңба баса ма екен! Ауыздарынан түсірмейтін «халық», «халық үкіметі», «халық үшін», «халық азаттық армия» дейтіндері нендей сайқалдық болып қалды енді!..»
«Дәл қазіргі кексе Әбілемиттіің бұл хабарын өтірік деуге болмайды! Ал, партияның ішкі қызметіне араласып жүрген, орталық комитет мүшелерінен жақын сабақтасы, сырлас досы, көне қызметтестері бар Әбілемитті қақас естиді деуге де болмайды. Шындығы ертең-бүрсікүні көрінбей қоймайтын ұмтылмас ауыр мәселені тісқаққан Әбілемит, шын болмаса тіпті де айтпайды. Бұл шын, әрі жүрек айнытатын хабар!...»
«Осы өтілген науқанда нелер адал азаматтың ар-намысын тонайтын, еріксіз, жиренішті іс істететін сүркей принциптерді де естідім ғой: «коммунистер партия нұсқауын шартсыз орындауға міндетті» екен. Тіпті, «партком жағынан тағайындалған атрет бастықтарының ұсынысын да бұлжытпай орындауға борышты» екен. Сонда партком деп пір тұтатынымыз Уаңжын, Маханбең, Нюханбең, тектестер болмай, кім болмақ!... Бұл принцип бойынша партия мүшелерін есек етіп жорғалатпай олар қояр ма!... Қой, мұндай партияға мүше болып, тілсіз құлға айналуға ант беруден Құдай сақтасын!... Лиңдәйшің жолдас, бұл партияда аса сирек ұшырайтын жолдас сияқтысың, кешір мені!... Мені бұл партияға мүше етпек болған пейіліңе рахымет!»...
- Неғып тұрсың, жаным? –деген Мақпалымның сүйкімді үніне жалт қайрылдым. – мені сағынбағанбысың? –деп күбірлеп, тұнық көгілдір көзін еркелей төңкергенінде, шайқалмаған мөлдір сенімнің аса ыстық құштарлығы жарқылдады.
- Сағынғанда қалай!... Сәулешім! –деп иығына асқан қолымды көкірегіне тартып баса қолтықтады да, отауға жетектеді.
- Не ойладың?... Шырайың бұзылып кетіпті ғой?...
Өзі Абланы қуып сыртқа шығып кеткендегі Әблемиттің жеткізген әлгі суық хабарын айтсам, келіншегімнің дереу «кері төңкерістік бұзғыншылыққа» шығарып, қызметтестеріме бүтіндей суық қарап кететіндігі белгілі еді. «Кейін өзі естір» деген оймен бұл сұрауларын қақас қалдырып, той жөніндегі ұйғарымымды айттым:
- Біздің мекеменің «жақсы тойын» істетпей-ақ қоялық. Басқа расхотына рақыметімізді үйіп-төгіп айтып, шәкілдеуікпен бұршағын ғана қабылдай салармыз.
- Солай болсыншы! –деп батып бара жатқан күнге қарап қойып сөйледі Мақпал. - Таңертең барып айтшы! Дөрбілжіндегі тойдың жаласынан әрең құтылғаныңда, мына тойды «партияға ерегесіп істеген сырапқорлық» деп жүрмесін!... Әлгі жолбарыс бастығыңда сондай ерегесу де барма екен деп қалдым. Уаңжынның асыра сілтеушілігі болғанымен орталық комитеттің бұл әрекеттегі жалпы нысанасы дұрыс қой, соны ескеруі керек еді. Сақтанайықшы, кейін осындай тағы бір науқан шыға қалса, «мекеме зорлап істеген той» дегеніңе сене қоя ма. «Бастықтарымен шайка болып бірлесіп істеген қиянат» деп қосақтап, зорайтып соғады ғой!
- Ақылыңнан сенің!... Өте қорқақ болып кетпесең болғаны, басқаңның бәрі дұрыс! –деп жұп-жұмыр ұлпа білегін мен де құшырлана қыстым.
Бір-бірімізге «жалынышты» көзбен жаутақтаса отырып тамақтанып, құттықтай кірген тағы бір топты жайнаңдаса түрегеліп қарсы алдық. Олар да қайтып, күтуші жеңгеміз бен Күләнға «рахымет айтқанымызша» жарты өміріміз өткендей сезілді. Өзара әңгімеге мұрсамыз сонан соң ғана жетті. Жабысқақ еріндеріміз сонда да әрең-әрең босап, Шәуешектен айрылысқаннан бергі әңгімелеріміз үзіліп-үзіліп айтылып жатты.
- «Күләш әпкеме мен бұрын адам көрмегендей тіпті қатты таңданатын болып қалдым, -деп соза дем алды Мақпал бір сөз кезегінде. - Нұрияш өзінің туысқан сіңілсі емес қой. Сабақтас болғанда да тіпті бір партада отырған сабақтасы да емес екен ғой. Мені сол Нұрияшқа ұқсатып жақсы көргенде де тіпті жанын үзе жаздайды!... Мына жастық тыстары мен киім жапқышы, терезе перделерінің бұлын түгел өзі сатып алып, өрнектерін түгел өзі сырды. Кестешіні өзі тауып, өзі үйретіп жүріп кестелетті. Мына түскиізді де бұрын өзіне арнап кестелеткен екен. Шәуешектен мен қайтып келген соң берді. «Біздің түстік кілем бар» дегенімді тыңдамай зорлап, осы отауға әкеліп өзі құрды. Сөз салып соңынан қалмай жүрген жап-жақсы жігіті бар екен. «Әпекетай, маған көмегің жетерлік болды. Өзің де тұрмысқа шығасың, мұны өзіңе сақта!» деп екі-үш рет апарып тастадым. Дереу қайта әкеліп құрады. «Мен тұрмысқа шыққанша мұндайдың талайы тозып, талайы жасалар» деп күледі. «Адам сияқтысы кезікпесе, тұрмыстанудың қажеті не!» деп күрсінеді. «Екеуіңнің қызықтарың – менің де қызығым екенін сен түсінбейсің ғой!» деп күлімсірегенде, өткір көзі еріп бара жатқандай жасаурайды» деп тоқтады Мақпал.
Сұлулық пірісінің жалаңаш бейнесіндей бітімді, сүйкімді жар әңгімесінің соңғы сөйлеміндегі суреткерлікке сүйініп, тіпті аймалай құштым.
- Айтпақтайын, Сәрсенді өте жек көретінсің ғой жаным, -деп бастады бір сөзін. – Сен жек көрген соң мен тіпті жау санайтынмын. Үрімжіге қайтқаныңнан кейін, ол маған бірден-бір қамқор болып алды. Біздің атрет тауға шықса да, ойға түссе де тауып барады өзі. «Біздің үйдегі жеңгеңнің сәлемдемесі» деп май, тоқаш, прандік, конфет, орамал, сабын апарады. У берер деген хауіппен сақтанып жүрсем, ондай қастығы жоқ болып шықты.
- Бұл «жақсылығы» саяси жолда өзгеріс боларын естігеннен кейін шығар?
- Жоқ. Ондай сыбыс естілмеген, солшылдықтың шақылдап тұрған шағы. Ал, ол хабар естілген соң да солай қауқалақтай жүр. Кіші ағамен бірге мені өз үйіме төркіндетіп апармақшы да болды. «Ешкіміне қастық істетпеуге жан-қаныммен міндетті болайын!» дейді. Оған апам екеуіміз көнбей қойдық. Апам, құда-құдағиын шақырып келтіруді айтып еді. Әкем келетін болса, мен «көрінбей Үрімжіге қайтып кететіндігімді» айтып отырып алдым. Апам құшақтап алып, қанша жалынса да көнбей қойдым, -деп сықылық қақты Мақпал. – Ақырында шешемнің өзін ғана шақыртуға, онда да бұрынғы маған арнаған жасау-жабдығынан еш нәрсе әкелдірмеуге келістік. Сәрсен мен кіші аға барып ертіп келді.
- Жыласып көрістің бе, денсаулығы қандай екен?
- Жақсы екен. «Қандай шарт қойсаң да көндік күнім, келмесін деген соң әкеңді қалдырдық» деп күледі де жылайды. Үңіле-үңіле қарайды жүзіме. «Үйдегі жабдықтарыңнан ешнәрсе әкелмесін депсің, әкелмедім. Сол ұшынған дүниені енді ұстамағаның да жөн!» дейді. Сенің денсаулығыңды қайта-қайта сұрайды. Қырық жылдан бері жиған бар батасын екеуімізге беріп тауысты... һа-һа-һа... «Үбірлі-шүбірлі болыңдар!» дегенде бүйірінен түйіп жіберіппін!...
- Ең жақсы бата сол емес пе, әмин дей салмай! –деп мен де күлдім.
- Апамның көзінше айтқанына ұятсынып ұрып алып, ол кісінің бізден немерелі болуын жақтырмайтындай көрінгеніме тіпті ұялдым!... Айтпақтайын, сөйлейтінім Сәрсен жөнінде екен ғой. Апам мен өз шешем біздің жасауымыз жайын сөйлесіп отырғанда, Сәрсен бір келіп келіп еді. Соның кешінде әйелімен екеуі бір көрпе, екі жастық, бір әдиял әкеліпті. Алмаймын дегеніме шешем де көнбей, базардан әнеу кілемді сатып әперген. Үйдегі нәрселерімізбен қосылып, алып жүретін жүгім тіпті көбейіп кетті. Әкелісуге аға-жеңгелердің, Биғаділдің де мұрсасы жоқ, атретінде орақтың асығыс кезі болатын. Сол қиыншылығымды да Сәрсен шешті. Әйелі мен ұлын қосып беріп, Үрімжіге-осы үйге дейін жеткізіп салып қайтты. Соншалық неге бәйпетек болатындығын түсінбедім.
- Оның маған істеген қастығы шегінен асып кетті. Жаздағы бір хатында жазғанындай сол қылмыстарын шынымен жумақ болғаны шығар. Бірақ сол нәрселерін бекер-ақ алғансың. Тым болмаса үйге тастап кетсең болатын еді!
- Өздері соншалық жерден әкеп салатын болған соң, өз көмектерін тастап кете алмадым. Адал көңіл көрсеткен сайын арамсына беруге дәтің шыдамайтын кез де болады екен.
- Дәті дәрменсіз арудың арын тонайтын алдамшы көп боладығой!
- Арға қатері бар жерде арыстан болатын ару да аз емес шығар!
Қатар күліп, қабыса түстік...
Той дайындығы таңертең-ақ басталып кетті. Партия мектебінің «ЖИП» машинасымен Сұң Жянхуа шешеміз жетіп, бір мөшек қоспаға айналған шәкілдеуік, жер жаңғақ, бұршақ, өрік-мейізі түсіртті. Тәртіп-ережешіл енемді мен «қызына» мықтап ширатқызып жібердім де, өз мекемеме ертіп апардым. Оны көрген Әбілемит, тіпті ширап тыңдады сөзін. «Сырапшылдық» дегенін сырып тастағандай қолын теріс сілтей сөйлеп, Мақпал екеуіміз туралы кешегі айтқан мадағын кестелей түсіндірді.
- Бұл екі жастың жеңісі - халқымыздың шынайы бостандығы мен рухани жеңісінің символы. Сондықтан мұны мекемеміз толығырақ расхот шығарып тойлауға тиісті! –деп тұжырды.
- Екі жастың сол күрес нәтижелерін халық алдындағы сол үлгі-абыройларын көтере түсу үшін тойларын да идеялогиялық жаңа үлгімен өткізуіміз қажет, жастарға үлгі болсын! –деген жуан «енемді» тағы да еңсерді Әбілемит:
- Дәл қазір партияның ұлттық саясатының жеңісін іс жүзінен көрсетуіміз өте қажет! Уаңжын қара әйнекпен көрсетіп, Шинжаң халқы алдында қарайтып қойған партиямыздың образын қайта айқындап ашып түсіндіруіміз қажет! Бұл үшін ұлттық дәстүрдің қалпына келгендігін көрсетудің үгіттік рөлі төтенше зор. Бұл жастардың тойын қыспаққа алушы болмаңыз! Орталық комитеттің нұсқауын тағы да бұзуға жол қоя алмаймыз! –деген қатал сөзден қаймыққан «енем» қарқылдап күлді. «Енді өзің бірдеме айт!» дегендей маған екі рет қрап та жіберді.
- Аға жолдастар, біз үшін мұншалық қамқорлықпен көңіл бөлгендіктеріңізге мың алғыс! Бірақ, өз тойымызды қалай өткізудің құқығы өзімізде қалсын! –деген сөзбен шорт тойтардым Әбілемитті. – Біз коммунизмші жаңа, жас жұбайлармыз, ұлттық дәстүрге, ғана байланған жастар жаңара алмақ емес!
Әбілемиттің көзі маған бір аларып, лезде күлкіге айнала қалды.
- Сен екеуің неке тойларыңды өз жұрттарыңда өз туыстарыңның басқаруында өткізіп келдіңдер. Енді мұндағы жаңа құрылған отауымыздың ата-анасы мына Сұң ханым екеуіміз, сен жым отыр! Бұл тойды, Әлбатта, атаң басқарады! –деп қарқылдап күлген Әбілемиттің иығынан наздана түйіп қалды «енем».
- Мақұл-мақұл, сіз басқарыңыз, бірақ ана құқығы қазір атамен теңелді. Солай ғой, Әбілемит жолдас!
- Солай-ақ болсын ха-ха-ха-һа... Биғабіл жолдас, мені де олжасыз қалдырмадың!
- Олай болса ата-ана екеуіміз бірлікке келіп, тату-тәтті болу үшін отауымызға орташа ғана коммунистік қарапайымдық қана той жасаймыз! Мақұл болды ма! –деп шаңғырлай күлді «енем».
Әбілемит Абыланы шақырды да, тойдың ол жасаған сметасын біраз қысқартып қайта қол қойып берді 150 кило ет пен 200 адамдық арақ-шарап, барлық расхоттың денін қамтитындығын ғана байқадым. Тойды мекеменің жиын залында өткізуге келісті.
Айтысқан әріптесінің алдында аяғын қағып қалғандай әлгі тойтарысымнан ба, иә, пікір-ниетіміздің ұқсаспай қалғандығынан ба, бастығымның көзі маған қиғаштау, салқындау көріне берді. Бірақ, сол күннің ертеңіндегі кеште тойға жиналған кадрлар мен жастарға сөйлеген той бастар сөзінде мені асыра мақтау арынын кеміте қойған жоқ. «Келіні» екеуіміздің төңкерісшілдігімізді екі жүздей стаканмен бірге төбеге көтере жарқыратты.
Екінші тост сөзін сөйлеген Сұң Жанхуа шешеміз, стаканнан бұрын көзінің жасын жарқыратты. Бас бостандығы үшін қаршадайынан күреске түскен «қызының» басынан кешкен жәбір-зұлымды баяндай тұрып, пысылдап-еңкілдей тұрып жарқыратты. Бір бүйірдегі столда отырған бізге келіп Мақпалдың басын сылады да, менің арқамнан қағып, қолымды қысып қайтты. Стаканын ұстай тұрып өрлетті дауысын:
- Осы бостандық пен осы бақытқа жеткізген Маужуши мен гұңшандаң жүз миллион жыл жасасын! Осындай күрескер төңкерісшіл ұл-қыздарымыз көбейе берсін! Қанеки жолдастар, достар осы стакандарды сол үшін құрғаталық!...
Сұң Жанхуаның бұл сөзінен шабыттанған жауап ұрандар көтерілді сонан соң:
- «Осындай мейірімді ұстаздар көбейе берсін!», «ұлттар достығы жасасын!» - бұл ұрандар да екі жүз стаканды екі рет сүзістіріп «құрғатып» еді. Төменгі столдардан мұнан соң «қалжың» ұрандар көтеріліп қағыса берді: «Сұң апайдай» енелеріміз көп болсын!», «аңшы жендеттер жоқ болсын!».
Алғашында «орташа», «құба төбел» деп бекітілген дастарқанымыз тіпті молая түсті: «жаңаша» тойдың құрғақ шәкілдеуік-бұршағына қанағат етпейтін жастар «той қызығын» өзді-өз жанқалталарына басып әкеліп әдеттеніп қалған екен. Көпшілігі біздің тойға да солай келіпті. Тойдың «ата-аналары үшін» де, «қыз күйеу үшін» де, «бұлардың үлгілі сүйіспеншіліктері үшін» де арналған бөтелкелер әр жанқалтадан жарқылдап шығып, лақылдап құйыла берді стакандарға. Әлденеден секем алған Әбілемит, арақты саябырлату үшін танса ойнауға шақырды көпшілікті. Өзі түрегеліп, «құдағиына» күлімдей иілді де, іле жөнелді. Қос-қостан қойқаңдап тағы бірнешеу ілесе шықты. Абыла столдарды іргеге тартып, майдан кеңітуді бұйыра дауыстап қалып еді, гармонның дарылы мен қыш еденде көшкен стол сирақтарының шақ-шұғы арасынан екі жігіттің бір ашуға мінгескен дабыры шықты осы сәтте.
- Аузынан бұйрығы әлі түспеген бе мына жендеттің!
- Ат үстінен кеуде түспей, үзеңгіден аяқ түсе ме!...
Мұнан соңғы қақпақыл сөздерді ести алмай қалдым. Ойын-сауық атретінің оркестрі «аужар» ға лапылдата жөнеліп еді. Мақпалдың «көк шолақ» сабақтастарынан екеу келіп, екеуімізді тансаға тартты. Мұндайда отырғандарға жағалата ұсынатын сидың сырғымалы стакандарынан құтылудың мықты сылтауы отырмай билей беру болатын. Музыка тоқтасымен «көк шолақ» балдызымды өз орнына отырғыза барып, Ақия отырған қатардағы біреумен сөйлесіп тұра қалдым. Музыка қайта басталғанда лып етіп келіп, мұңшыл қара көздің өзі тарта жөнелді биге.
- Енді шындап құттықтайыншы сізді!
- Бұрынғың өтірік құттықтау ма еді?
-Оным ауыз ұшында ғана болатын. Шын жүрекпен құттықтау, басқа ғой. Өз теңіңізбен қосылғаныңызға бұрын сенбейтінмін.
- Мақпалмен алғаш көріскенде бірге отырмай кеткенің сол екен ғой!
- Есіңізде қалыпты!... Дәл солай. Сыр-сипаты таныс болып қалған бір досыңның бейтаныс біреумен кеткенін көру-көңілсіз ғой, көркі келіскенімен сауаты келіспейтін ауыл қызын тапқаныңызға өкпелегендей едім... Жоқ, өкпелеу емес-ау, -деп сықылық қаға жалғастырды сөзін. - Өзіңізге лайық көрмеп едім. Онымның бүтіндей қате баға екендігін осы екі-үш күннен бері ғана түсіндім. Білім-мәдениеті де ешкімнен қалыспайтын, шынымен жақсы жар тауыпсыз, бақытты болыңыздар! –деді де сол жақ алақанымды аппақ саусақтарымен қымтып, қыса түсті қолымды.
- Шыншылдығың мен әділдігіңе мың рақымет қарындас!...
Би аяқтаған соң Ақияны қолынан тартып апарып, Мақпал екеуіміздің арамызға отырғыздым. Екі келіншек жарты стакан каниек әкеліп, менің келіншегімді қысап тұр екен.
- Біз бәріміз Мақпалдың отауын тойлаушымыз, солай емес пе, көпшілік? –деп дауыстап жариялады біреуі. – Меймандарын шын қуанышпен қарсы алатындығын білдіріп, осы өз тойында бірер стакан қағыстырмады. Сол айыбы үшін осы стаканды ағартсын, иә, ән салып берсін, қалай дейсіздер!
Қонақтар шатырлаған қолшапалақпен дуылдай қостады бұл талапты.
- Чаң! Чаң! –деді Мақпалға «мамасы» жақындап келіп, ол да қысылған сияқты.
- Мен бастайын, тартынбай ілес, Мақыш! – деп Ақия күбірледі. Мақпал түрегеліп, көпшілікке бас иісімен Ақия да түрегеліп «жас келін» әніне бастай жөнелді. Ұяң Мақпал атақты әншімен жақсы үндесіп, келістіре еріп орындап еді. Көпшілік қанағаттанбай, қайта дуылдап, жеке орындауын талап етті. Мақпал иығын бір көтеріп қойып, жалтылдай қарап күлді жан-жағына, қайратқа енді келгенін байқадым.
- «Жазған құлда шаршау жоқ» өзім-ақ орындайын!» деп Ақияға бас изей сала алдыға бір аттап түсті. Арт жағындағы Күләнға бір қарап қойып, иілді көпшілікке. «Ағажайға» жоғары дауыспен Нұрия мархұмның дәл өзінше төңкере тастап, шырқата жөнелді. Күлән маған жалт қарап өксіп қалды да, бетін басып тұқырып алды. Сырғып бара жатқан көз жасымды жасыра сүрттім де бекіне қойдым. Нұрияшты есіме түсіру үшін осы әнді Мақпалдың әдейі таңдағаны белгілі. «Қимасыңды елестеттім бе» дегендей, енді маған сынай қарауы да кәдік. Өз қызығының үстінде Нұрияны жоқтағандай көрінбеуім қажет қой.
Дауысы Нұрияштың дауысынан сәл жіңішкелеу болса да, аумаған сол нақыш, сол ырғақ. Самалмен шалқыған жібектей сол нәзік сағыныш ағыны. Сол балтаңдай, солқылдаған құрыш шыбықтай сол серпінді жүрек толқыны!...
Әнді аяқтата бере қарады маған. Күлімсіреп қана бас изеп қойдым. Қолшапалақ шатырлай жөнелгенде тізесін басып, сәлем ете иілген Мақпалды Ақия ыршып тұра құшақтады да, екі бетінен кезек-кезек сүйді. Аса ыстық алғыстар арасынан «асқан әнші екен-ау өзі!» деп қалды біреу.
«Шіркін-ай, шіркін-ай!» деп бір жағымнан жымси күбірлеген Асылқан бүйрімнен түртіп қалды. –«Әй, қуым-ай!»...
Сырттан зекірген-ақырған, шақырған сасқалақ дабырлар естілді осы шақта.
- Кім!... Кім ұрды?... Кімді ұрыпты?.. Қайда жатыр, қайда?... Сақшы, сақшы шақырыңдар! Сақшы!
Залдағы топ дуылы тына қалды да дүркірей жөнелді сыртқа. «Қайда... қайда?» десіп, қақпаға қарай жүгірістік. – «Әнеу бұрылыс көшеде әлгі Абыла дейтін бастықты өлтіріп кетіпті!» -десті. Тағы жүгіріп, жарты айдың ала кеуім ғана сәулесі түскен қараңғы көшеге кірдік. – «Жақындамаңдар! Жақындамаңдар!», «е, өлі ме, тірі ме, білейік те!», «кірмеңдер деймін мына сызыққа, тексеріледі!», «япырау залдан әлгінде ғана шығып бара жатыр еді ғой өзі! Қалай келген мұнда!», «е, мас болып келіп жатқан шығар!», «ол арақ ішпейтін!», «жәй мас болып жатқан адам қанға малшына ма!».
Тұс-тұстан жарқырады қолшырақ. Тармақ көшенің дәл ортасында шалқасынан Абыла жатыр. Жаға-жеңі дал-дұл, аузы-мұрны қан-қан. Киіз үйдің орнындай дөңгелетіп сызылған шектеме сызығының іші әлемтапырақ аяқ ізі. Недәуір алыс-жұлыс болғаны байқалады.
Бұл көшеге Шың Шысай заманында төселген ұсақ тас, гоминдаң заманында жерге батып, қазір топырақ басып қалған. Тіпті сол Шың заманында аспалиттелген орталық көшелердің де ойылып-ойылып, тозалаңы шығып жатқан шақ еді.
Әділетті тергеушім, көп сақталған сүрі қылмыс, сауапқа айнала ма екен деймін. Төрт жылдан бері қылмыс іздеп жалаңдап жүріп, көшелердің ауыз-мұрнынан асып, албастыдай басып жатқан осы жойқын қылмыскер қоқсық борбасқа күрек-сібірткі тигізбеуіміз нағыз қылмыс еді ғой. Осыны сақтап қалуымыз, енді шын көрегендікпен істелгендей үлкен сауапқа айналмады ма! Осынымыз болмаса, Абыланы жайратып кеткен қандықолдардың ізін табу қайда! Жазатайым тақырлығынан тозаң үркетін айна таздың басындай жалтыратып қойған болсақ, дәл бүгін не бетімізді айтар едің!

ІІІ



Алқын-жұлқын жүгіріп сақшылар жетті. Қақ жарылып жол бердік. Шектелген сызық ішін Абыламен қоса шыртылдатып суретке қарттай келіп, жырынды сақшылар көшенің екі жағын бөгеп те үлгеріпті. Ойбайлай жеткен қызыл кресті автомобилдің шырағын жағып қойып, қыбырсыз денені ақ халеттілер тексерді. Сақшылар бастығына сыбырлай сала қаумалап көтере жөнелді автомобиліне. «Тірі ме екен?» деп сұрағандарға ләм демей ысқырық тартты да, жауынгерлерін тізіп алып, бастық сақшы да қайтты. Оқиға болған орынға екі күзетші қалдырыпты.
- Тойға қатынасқан жолдастар, тарамаңыздар! –деп Әбілемит қана дауыстады. – Тойымызды жалғастырамыз. Кім кетіп қалса, бұл оқиғаның күмәні соған артылады, жұмо!1
- «Мақұл, мақұл!» -деп ұйғырлар, «жұ,жұ!» деп күлдіріп қазақтар ілесті. Сұң шешемізді Мақпал екеуіміз екі жағынан қолтықтап қайта кірдік той залына. Әбілемит тойға шақырылған қонақтарының тізімін тауып, ресми жоқтама жүргізді. Бірде-бірі қалмай келген екен.
- Бұл өте ауыр мәселе. Той иесі бізден де, қатынасушы сіздерден де жауап алынуы мүмкін! –деді той басқарушы. Кімнен кім күмәнданса себебімен қосып толық ескеріп, зерттеп жазып қойыңыздар! Осы жасырын қастыққа осы тойдан ең болмағанда бірер адам қатынаспады деуге ешкім сенбейді. Себебі, оқиға түнгі сағат екіде өтілген. Бізден басқа жұрт ұйқыдағы уақыт. Абыла жалғыз қалай барды ол көшеге? Иен көшеде оған қастықшылар қалай кездесе қалды?
- Мен де солай ойлаймын! –деп домалана түрегелді Ақыметқан. – Той басталып, Әбілемит әпенді сөйлегеннен бері, Құдай біледі, дәретке де шыққаным жоқ!... Ие, ие, суық хабарды естігенімізде бәріміз бірге жүгірдік қой. Сонда жолдағы бұрышқа ғана түрегеп тұрып дәреттендік...
Көпшілік ду көтеріле күліп жіберді. Әйелдер жағы үздіксіз сықылықтай берді.
- Сол бұрышқа егер отырып сиген болсаңыз, Абыланың қазасы сізден десек сиятын шығар? –деп кесетті Асылқан әдейі.
- Жо-жо-жоқ, шырағым, басқа ешқайда шықпағанымды айтқаным ғой! Ал, осы жерде Абыла жолдасты қағытпалап, әр түрлі сөйлеген азаматтар болды. Сөз әлпеттері суық еді. Олар сөйлегенде, әне, ана Биғабіл жолдастың өзі де елеңдеп қалған болатын. Олардың кім-кім екендігін, не дегендіктерін Биғабілдің өзінен сұраңыздаршы!
- «Өзі», «өзі» дегеніңіз неткен суық еді! –деп мен күлдім. Өзімдікін өзім айырым жазып берермін. Өзіңіздікін, өзіңіз-ақ сөйле!
- Үй, Ақа, ол сөйлегендер, міне, мына жігіттер болатын. Айта алмайтын түгі де жоқ, әшкере сөз! –деп сылқылды, қарқылды күлкілерді кесе сөйлеп түрегелді бір жігіт. Аты-жөндері мен қосып, не сөйлегендіктерін де қалпын бұзбай айтып берді. – Бірақ, -деп бір кідірді сонан соң – бірақ, бұл жігіттер қия басып, тіпті өзіңізше бұрышқа да дәреттенген жоқ. Оған куә көп. Бұл сөйлегендердің сыртқа, егер біреуі шыққан болса, мен де күмәнімді осыларға артар едім.
- Бұлардың солай сөйлегендері рас, -деді тағы бір-екеуі жарыса сөйлеп. – Сол қағытпа сөздерден соң Абыла, басқаларды жұмсаудан мүлде қалып, тиісті жұмысқа өзі жүгіре берді. Анау бұрышта арақ ішіп отырған жігіттерге шай құйып, сәй әкеліп берді. «Енді түзелді» десіп күлдік. «Партия кадыры» осылай болса керек қой!» -дестік. Осыдан соң бұл жігіттер де жуасып, ол кісіге дұрыс қарап отырды. Арақ ұсынды. Абыла ішпей ауыз түйіп қана рақымет айтты. Содан Абыланың қайда кеткенін білмедік көрінбеді. Бірақ, бұл жігіттердің сыртқа ешқайсысы шыққан жоқ. Тансада көп билеген осылар!
- Танса басталғанда Абыла дүйжаң асханаға барып, жарым сағаттай отырған, -деді шай қайнатушы ұйғыр әйел дауыстап сөйлеп. – «Сіз неге билемей отырсыз?» деп сұрадым мен. «Кейінгі столдағы жігіттер арақты көп ішті. Бірнешеуі әлі ішіп отыр, шатақ шығарар ма екен!» деп күлімсіреді. Алдындағы столға бір шыны шәй құйып қойып едім. Ішпей түрегелді. Есіктен біраз қарап тұрды да шыға жөнелді. Соншалық тез шыққандығынан, өзінің соңына түскен біреу барма екен деп қарасам, жалғыз өзі қақпадан шығып барады екен. Бұл ауладан артынан ерген ешкім көрінбеді. Тек ол кеткен жаққа көшеден екі адам өткендей болған.
- Дұрыс, мұндағы оған сөйлеген жігіттерден ешқайсысы сыртқа шықпады. Мен соны ғана білемін! –деді кекселеу бір кісі. – Бұлардың әлгі шақпалы сөзі мен арақты көп ішкеніне қарап, сол пәлеге соқтығып қаларма екен деп аңдып отырғанмын. Тегінде бұлардың сөзін біреу тергей қалса, нахақ бірдеме айтып, обалына қала көрмеңіздер көпшілік, бәріңізге де айтқаным!
- Бұл оңай мәселе емес, сөзсіз, өлім жазасымен бітетін іс!
- Мейлі, қалай бітсе біте бермей ме, оның бұйрығына ең алдымен қарсы сөйлеген, міне менмін, қандай жерде де сөйлей аламын! –деді алғашқы орақ ауыз, аты Сымайыл екен. Мастығы ақыра сөйлеуінен білінді. – Қане, айтыңыздаршы, өтірік бар ма сол сөзімде! Науқан уақытында жүргізген бұйрығы арқылы қаншалық апат келтірді! "Жолбарыстарды" қайтсеңдер де мойындатыңдар деп бізді кезектестіріп, бейшараларға күндіз-түні айтақтап салды да отырды. Дем алғызбай, ұйықтатпай қинатты. «Мен жоқ жерде қаттырақ таяқ тигізсеңдер де болады. Қалай да мойындату қажет!» дейді. Бір-екеуі сондағы қинауымыздан қапалықпен өліп кетті. Тіпті, әне, Әбілемит болған акамды екі рет ұрғызды маған. Сондағы пұшайманымды1 жиуға қазірге дейін сиғызар дағар таба алмай жүріппін!... Ңа...һа...һа...а-деп өкіріп жіберді де, бажалақтай жалғастырды сөзін. – Енді бұл тойға келіп, сол бұйрығын және жүргізіп тұрса!... Ой, қашанға дейін бұйырмақ бұл!... Мұны жазалайтын хүкімет, қане, хұкмат!...
Әбілмейіт оның һәңіндағы жігіттерге «алып кет!» дегендей ым қақты.
- Енді мұндай сөзді қоялық! –деп күлімсіреді сонан соң. Қане тойымызды жалғастырамыз!...
- Дұнияда әр не болып тұрады, жолдастар, -деп Ошұр бұғалтыр түрегелді орнынан. – Ғажаптанарлық ештеңе жоқ! Қане, билеңдер, ән салыңдар!... Оқиға көшеде болыпты. Бұл тойымызға ешкімнің дахлы1 жоқ!.
Бұлармен тағы бірнешеу қосыла шақырса да той қайтып қызбай қойды. Өзара күбір-сыбыр сөз ғана болып жатты әр столда. Алдарына келген тамақты сыпылдата жесті де, тойға рахыметтерін айтып, Мақпал екеуіміздің қолдарымызды ала-ала тарасты.
Отауымызға үнсіз жетіп, үнсіз шешіндік те шымылдыққа үнсіз кірдік. Мақпал кірпік ілмей атқызды сол таңды.
- Той біздікі ғой, бұл өлімнің бір ұшығы сені шарпиды-ау, жаным! –дей берді. – Абылаға сені де өш деп санайтын себебі бар ғой, кек алушылар қатарына жатқызып, тергеуге алатын шығар!
- Тойдың да, өлімнің де бізден болмағандығына дәлел көп емес пе, сәулешім, үрейленетін ештеңе жоқ!
- Саяси жалалы өлім ғой, қатты тергеуге тиісті. Аяқталғанша бірсыпыра жатып қаласың-ау деп қорқамын!
- «Бірсыпыра жатып қалсам» тіпті жақсы, шыққан соң тағы да бірсыпыра той қыламыз!
Мақпал сықылық қағып күле құшса да, күрсіне берді.
- Кезек-кезек жоғалып табыла бермесек те, көрер едік бірсыпыра тойды!
Мақпалдың қашан тұрып, киініп алғанын сезбей қалыппын. Салқын самалдан ояна кетсем, бас жағымнан төне қарап желпіп тұр екен. Сағат тоғыз болыпты.
- Тұра ғой енді, біреу келіп қалар! –деді де бетіме бетін төсей құлады. – Шақыртатын уақыты болды!
- Қайда шақыртады?
- Қайда болмақ, тойға да. «Бі сыпыра той» бүгін-ақ басталатын шығар! –деп Мақпал жымиса да, көз жасы мөлтілдей қалды. Басымды көтеріп, алдыма ала әндеттім «бесік жырына».
«Әлди-әлди әуп бөпем, әуппай,
Мың жылқының маңдай алды жорғатай.
Жыламашы жілік шағып берейін,
Жыламашы, жыламашы балақай!»
Білегімді жастана сақылдап күлген Мақпал, сырттан есік қағылғанда шорт тиылды. Креуеттен домалай түсе барып есік ашты. Бізді оятуға келген Күлән екен. Жырымды естіп қойғанын оның да сақылдап күле қайтқанынан білдік.
Мақпалдың бір алашаға көрпе-жастық, киім-кешек орап, таңып қойғанын көргенде күлкіден мен де тиылдым. Ерте тұрғаны сол жұмысы үшін екен. Отау тойымыз болған кеште мені келіншегімнің түрмеге дайындауы елегзітті. Содан көңілсіздене қалғанымды байқай қойды Мақпал.
- «Сақтықта қорлық жоқ» дегенім ғой, жаным! –деп келіп тағы да құша құлады үстіме. – Осыны таңарымды таңып қойып, өзімнің де көңілім босады. Жаңағы көз жасым соныкі! –дей сала солқылдады.
- Әлди-әлди әуп бөпем, әуппай!...
- Тағы бірдеме шағып бермексің ғой!...
Тағы күліп жіберіп, ыршып тұрған Мақпал қытықтай жөнелді мені. Алғашында ес таппай күліп, тулай беріппін. Байқасам, оның мен тулататын тетігі тіпті көп екен. Бірін қорғағанда бірі табыла беретіндей. Шәп беріп ұстап, іргеме домалатып түсірдім де, мен де міндім Мұсама: он саусағым қолтықтан қабырғаға, қабырғадан тақым мен табанға, тағы-тағы ойлы-қырлы жортты-ай келіп.
- Қорқуды қоямысың жоқ па!... Қырық қоян суаттайтын екі көзің құрғай ма, жоқ па!
- Құрғайды, құрғайды! Ха-ха-ха-һы-һы-һы-ық... қояйын, қояйын!.. Ха-ха-ха-һы-һы-һы-ық.. осылай сақ-сақ, сық-шиқ-шиқ күліп, апалаң-топалаң болып жатқанымызда есік тағы да қағылды. Тағы Күлән шығар деген түйсікпен елеңсіз, қытықтаса беріппіз.
- Бұлар неғып жатыр, үй! –деген еркек дауысы шығып, қарқ-қарқ күлгенде ыршып-ыршып тұрдық орнымыздан. Тарқатылған бұрымын жалбыратып, есікке Мақпал жүгіргенде, сымымды теріс киіп ала қойыппын.
- Үй, тұра тұршы, мынау теріс! –деп қалғанымда сырттағы кісі тіпті қарқылдады. –Сабыр ете тұршы, ей, ағатай, тым сасқалақ іс болып қалды!
Өзін ұяттан арашалауға асыққан Мақпал, есікті шалқасынан тастап, сырт айлана күліп сөйледі.
- Мынаны қарашы Асаға, киімін бір оң, бір теріс киеді де отырады өстіп!
- Мұндай бошалаң жігіт емес сияқты еді, есін шығарып жібергенсің-ау, келін! –деп Асылқан миығынан күле өрледі төрге.
- Жоқ, оның есін мен шығардым, -деп, келінін бастап мен ақтауға кірістім. – Абланы мен өлтірткендей қорқып, жылай берген соң қытықтап, елестеген жындарын қақтым.
- Ие, партияның бір саяси өкілі осы кезеңде тойыңда өлтірілсе, сенің де жауапқа тартылуың кәдік қой. Ал, сол бетімен тілсіз өлген болса, тіпті осындағы "жолбарыстардың" бәрін шарпитын еді... енді келіннен сүйінші алсам болады екен!
- Алыңыз, алыңыз! –деп жалт қайрылды Мақпал. Асылқан да түрегеліп, келініне қарай жүре сөйледі:
- Тек, айтқаныңнан қайта көрме, келін, Абыла тірі қалыпты. Осы қазір ғана тілге келіп, сөйлей бастағанын естідім. Байың енді нахақ тергелмейді! Әкел сүйіншімді, бетіңнің үшінен ғана аламын!
Білегінен ұстай алған «қайнағасын» сілкіп тастап, «келіні» есіктен ырши жөнелді.
- Айтқаныңнан қайтсаң қарғаймын, ей, келін, қарғаймын!... Ой ыршыған аяғыңды жия алмай, шермиіп қал! –деді сонан соң. – Иттің етіне жерік бол! Ыңғай сұры қасқасынан сегізді ту!... Күндіз-түні қыңсылап, кірпігіңнен қатырсын!
- Ыңғай сұры қасқа болса, өзіме тартқаны ғой, әмин, айтқаның келсін! –деп мен күлгенде, ауыз үйде сықылықтап жүрген Мақпал да бір қарғап қалды қайнағасын.
- Жеңгемнен ыңғай қарақасқа өрбісін!
- Тек, қайнағаңды қарғама! –дей шықтым ауыз үйге.
- Қайнаға болғысы келмесе қайтем енді, «жүгірмек келсін!» деп те қарғайтын шығармын! Отын мен суға да жұмсармын!
Қалжыңнан жеңілгендігі әдетімен қарқылдай күлді Асылқан. Дастарқан жасай кірген Мақпалдан кешірім сұрағаны естілді бір сәтте:
- Келін, байқап қалжыңдамаса болмайтын пәле келін болдың! Қойдым енді қойдым!
Жуынып қайта кіргенімде, шайды келіні келінше қос қолдап ұсынып, жуан қайнағасы кекірейе қабылдады. Тоңазыған жамбасты қолына алып, қиялай кескенде бір бөтелке арақ шығарды келіні.
- Міне, қайнаға, сүйіншіңіз!
- Е, бәсе, -деп Асылқан күбір ете түсті маған қарап. – Қыздырмасын берген соң қызылы қайда қашар дейсің!
- Қайнаға не деді? –деп бір жағынан «келіні» жымия күбірлеп сұрағанда, қайнағасы жалтара жөнелді.
- «Қызыл Абыласы тірілген соң... қырсығы қаншаны шалар дейсің!» дедім, келін, солай емес пе?
Өз сөзін жаңсақтату үшін дыбыс үндестігін сақтайтын мына сөзді дереу тауып бұлтара қойған тапқырлығына қатты күлдім. Мақпал менің оқыс күлкіме таңырқай қараса да, Асылқанның жауабына нанғандай:
- Ие, басқаны шарпымай, шын қылмыстысын табар енді!.. Абыланың өзі не айтып жатыр екен? –деп сұрады.
- Ол жендеттің кімді көрсетіп жатқанын маған естірте ме, келін-ау! Жала жабудың немен тынатындығын көрді ғой әйтеуір, өзі білетінін ғана айтар. Қуыстанғандай болмай, осы сөзді қоялық енді!
Сүйіншілігінен мен ішпей қойған соң, Асылқан екі стакан ғана алды да, қалғанын келіннің өзіне «аманатқа қойып» шықты.
Рұқсатты демалыс күнім болса да аңыс аулау үшін мекемеге бардым. Әбілемит той тарқасымен «поведасына» отырып, Абыланы іздеп кеткен екен. Екінші емханадан тауыпты. Есі кіресілі-шығасылы, әрең-әрең сөйлейді дейді. Сақшы тергеушілерінің түндегі ахуалды өзінен сұрағанын біраз естіп қайтқан екен. Сағат сегізде өлкелік партия комитетіне жиынға шақырылып кетіпті.
- Әбілемит қазір сол жиында –деді Ошұр. Сәл сұрланыңқы көрінді өзі. - Қанша уақытқа созылатынын кім білсін, жасырын қастықты іздеп, тексеріп жатқан болса керек. Абыла өзін пышақтап кеткен екі жігітті тани алмай қалған екен. Шатақ осында болып тұр. «Ауыз мұрындарын шарпымен орап, қалпақтарын баса киген, бірі ұзын, бірі орта бойлы» деп қана түстепті!
- Өзі сол тар көшеге қалай кіргенін айтып па?
- Айтыпты. «Той үстінде бір топ содырдың сөйлескен сөздерінен қорқып, бұрынырақ кетіп қалмақ болдым» -депті. – Қақпадан шыққанымды аспаз қатыннан басқа ешкім білмеген. Соңымнан екі адам қуа шықты. Көре сала жарық көшеде тұрып қалғанымда олар өтіп кетіп, тар көше аузынан арырақ алыстап барып, бір теректің түбінен тосты. Олардың жолдан торып жүргенін байқап жасырынып, тар көшемен кетпек болып едім. Қарсы алдымнан екеуі шығып, басыма қолшоқпармен ұрды, онан соңғысын білмеймін» депті. Түнгі сағат екіде ұрланып қашып шыққанында нақтылы қылмыскердің осы көшеден тап бола қалғаны қисынсыз!
- Мына арт жақта кішкене есік бар емес пе, содан шығып айланып барып, тар көшеден тосты десе қисынсыз ба! Бәрінен де Абыланың үлкен көшедегі екеуін «қақпадан шықты» дегені шатақ екен! –деп күрсіндім мен.
- Артқы кішкене есікті ұры кіреді деп бұрын бекіттіріп тастағанбыз. Биғабіл жолдас, мынаны да біліп қоюың қажет: тойда мастықпен сөйлегендердің сөзін Абыла тіпті құтыртып, өсіріп мәлімдеп жатқанға ұқсайды: «сол сөйлегендердің бірі сен гүй бүгін-ақ жайланасың деді, тойдан жасырын шығып кеткенім, содан қорыққандығымнан болды!» депті. Мастардың бұлай сөйлегенін маңындағы ешкімнің естімегені мәлім. Мұндай жалаға қарсы тұрмасақ, сол жігіттердің обалына қаламыз!
- Өзінен басқа естіген куәсі болмаса, ондай жалаға енді жол берілмес! Бірақ, Абыланың соқтықпалы жігіттерден қашып шыққаны анық болды ғой. Сол жігіттердің сырттағы содырлармен байланысы жоқ деп ақтай алармыз ба!... Меніңше Абыланы үркітіп, сол қараңғы көшеге шығару әдісі екі сатылы болып жоспарланған сияқты. Бірінші сатысы қоқанлоқы сөзбен той үстінде үркітіп, жалғыз қайтару. Екінші сатысы жарық көшеден үркітіп, қараңғы көшеге шығару. Сөйтіп осы логика бойынша ішті-сыртты байланысқан біртұтас кек алушылар шайкасының әрекеті болып табылмай ма. Ал, бұл шайкаға мұншалық әдіс-айла тауып, той жасап, орай тудырып беріп отырған нұсқаушылары, әрине Абылаға өштескен, басы бар, үлкен-кіші «жолбарыстар» деп жорылады. Сонда бұл мәселенің түбі бізді шарпыса қайтеміз? –деп бұғалтырдың жүзіне сынай қарадым.
- Құрып кетсін бұл жорамалыңыз бен логикаңыз! –деп Ошұр ахұн ыршып тұрды орнынан. – Айтпаңыз мұндай жорамалыңызды, Биғабіл жолдас, пахат айтпаңыз! Бір Абыладан нахағынан екі соққы көру, бізге тіпті қатты обал болатындығын ескеріңіз! Бұл сөз тергеушілер жағынан айтылса жауабымыз бар, өз ішімізден шықса, олай болмағандығына нандыру қиынға түседі!
- Жан жеріңізден тиді ме, қалай! –деп күлдім мен. – Осындай қисынды қырсықтың алдын алуды ойлансын деп айтып отырмын...
Сақшылар келіп, орақ ауыз Сымайыл мен тойда шай қайнатушы Әйшамды әкеткені естілді осы шақта. Ошұр ахұн екеуіміз бір-бірімізге қараса қалдық. Қоңырша ап-арық бұғалтырым сұрлана түсті. Жіңішке ұзын саусақтары жыбырлап, қырма сақал-мұрты тікенше тікірейді.
- Дұнияда әрне іс болып тұрады, Биғабіл жолдас, -деп күбірледі. – Сымайыл ғой түндегі жаман сөздің бастамашысы болған. Оны енді әкетіпті. Қостаушыларын бағана жиып әкеткенін естігенмін. Байқауымша төменнен өрлетіп келеді. Енді мен де даярлансам болатын ұқсайды! Сіз осындай той жасауға қарсы болып едіңіз, сондықтан сізді қолға ала қоймас. Бірақ, жауап алынуға тиісті. Оған сіз де дайындық көріп тұрыңыз! Және айтып қояйын, әлгіндей логикаңыздан қатты сақтаныңыз! Ондай жорамалды мүлде тастап, амали әрекет бойынша ғана жауап бергейсіз!
Бұғалтыр қағаздарын жиыстырып, қайтуға беттеді. Сағат он бірді басып өтіп барады екен. Мен де шықтым. Ошұрдың әлгі сөздері мен шырайынан күмәндана шықтым да, мекеме ауласының артқы есігіне қарай беттедім. «Осы тойды ұлғайтып жіберген осы бұғалтыр мен Әбілемит «жолбарыстар» еді ғой. Еркімізге қоймай соншалық өршеленуі шынымен достық-тілектестік қамқорлығы ма, әлде басқадай мақсат үшін тапқан алдамқорлығы ма?... Ошұр ахұнның бұл қорқуы жасырын қастық пен байланысы болғандығынан ба, жаладан жүрек шайлы болып қалғандығынан ба?.. Кек алғандар тойға қатысушылардан шықты ма, әлде Абыланың осы тойда екендігін сырттан естіп, көшеден тосушылар ма? Әлде, өзім ойлағандай, ішті-тісті бірлесіп алған шайкалық әрекет пе?» -осы сұрауларға жауап тауып, ақ-алал дәлел дайындауым қажет болды. Әсіресе, соңғы өз жорамалым тиянақты сияқты. Сырттан торушылардың ғана ісі болса, дәл сол уақытта қараңғы көшеден қарсы кездесуі екіталай еді.
Артқы тар есікке келсем, екі шойын құлыппен тас бекітулі екен.Ошұрахұн айтқандай «көп бұрын бекітілген», жаңа із жоқ. Қайтып барып, қызмет бөлмеме палтомды тастап, жеңілденіп шықтым. Той болған залдың есік алдына келіп, сағатыма анықтап қарап алдым да, жүгіре жөнелдім артқы есікке қарай. Дауалының аласалау жерінен секіріп түсіп, артқы көшемен айлана жүгірдім. Тар көшедегі оқиға өтілген жерге он екі минутта жетіппін. Түнде ойлы-шұңқырлы жолда мұндай бөгеліссіз жүгіре алмайды ғой. Он төрт минут деп жаздым кінешкеме. Тікірейе қалды бір ханзу сақшы. Күзет әлі тұр екен.
- Мына мәселені зерттеп жүрмін! –дей сала өте бергенімде тоқтатып, аты-жөнімді сұрады. Аты-жөнімді адресіммен толықтап ол да жазып алды. Үлкен көшеге шыға өрлеп, түнде Абыла шыққан алдыңғы қақпа алдына бардым. Енді қайта құлдап, оның басқан жолын да өлшеуім керек. Ие, бұл да сағат тілімен өлшенеді.
«Той залында соқтыққан жігіттерден ұрланып шыққан Абыла қақпа алдына кідірмейді. Көшенің жоғарғы жағына бір қарай салады да, жедел аяңмен құлдай жөнеледі» деген оймен қайта құлдап, қадымымды тездете бастым. –«Жоғары жақтан келе жатқан екі жігіт қақпадан өткенде көрінді оған. Көрді де көше электрі бар осы жарық тұқсқа тұра қалды» дедім де, өзім де тұра қалдым. – «Екі жігіт кең көшенің ар жақ шетімен өтті. Өтіп барып анау терек көлеңкесі түсетін күңгүрттеу шетке тоқтады. Ол ұзағанда осыдан екі минуттық жол. Қақпадан қуа шыққан кек алушылар деп білген үрейлі Абыла оларға одан ұзақ қарап тұра алмайды. Олар тоқтасымен лып етіп мына ұсақ теректер далдасына өтеді. Осы күңгүрт шетпен былай бүкшеңдей жүгіріп барып, тар көшеге кіре жөнеледі» деген есеппен ұсақ терек даласына өзім де лып ете түстім де, жүгіріп барып тар көшеге сүңгідім. Жаңа ғана тергеген күзетшінің алдына екінші жағынан тағы да алқын-жұлқын жетіп барыппын.
- А...а... тағы да келдің бе?
Жауап қайтармай, сағатыма тағы да қарап жіберіп, мұны да жазып алып қайттым үйге. Жолда тоқтаған екі минутын қосқанда, Абыла қақпадан шоқпар астына алты минутта жеткен екен.
«Тойға қатынасқан жігіттерді топырлатып айдап барады» дегенді естіген Мақпалдың көзі тағы да бадырая қалыпты.
- Жаным-ау, неғып кешіктің? –деп құшақтай алды.
- Тойымызға төнген жауапкершілікті зерттеп шықтым. Сен алаң болмай-ақ қой, сәулешім! Түндегі көше оқиғасынан қонақтарымыздың қолы түп-түгел ақ! Көшеге расындада еш қайсысы шықпаған!
- Тойға шай қайнатқан ұйғыр әйелді де әкетіпті ғой!
- Ең алдымен сол ақталады!...
Тергеуге сол күннің іңірінде шақырылдым. Бұл тойға қалай дайындалғанымнан бастап, той үстінде көрген білгенімді, жасырын қастық жөнінде кімнен күмәнданатындығыма дейін сұрады.
Той жасап беру жөнінде Абыланың өзі мен Әбілемиттің бізді еріксіздендіргенінен басталған жауаптарымның барлығына бас изеп отырған тергеуші, мастардың Абылаға соқтыққан сөздеріне келгенімде ғана тоқтатты:
- Тоса тұрыңыз! «Абылаға сен гүй бүгін-ақ жайланасың!» дегенді Қайсысы айтты?
- Мұндай сөзді естімедім. Кейін көпшіліктен сұрастырғанымызда да мұндай сөз шықпады!
- Шықпады? –деп шығандай қарады сақшы тергеуші.
- Мұндай сөз шықпады!... Енді бұдан үлкенірек бір шындықты да айтайын, осы тойға қатынасқандардан сол түні Абылаға шоқпар түгіл қол жұмсаған ешкім жоқ. Себебі бұл оқиға уақытында ешқайсысы сыртқа шықпаған!
І...һы, -деді тергеуші. Енді қыдырыстана қарады. – Бұл сөз, оқиға өтілгеннен кейінгі келісіп алған жауаптарыңыз ғой, солай емес пе?
- Меніің бұл туралы жауабым ешкіммен келісіп алған жауап емес, ешкімді қымырлатпайтын дәлелі бар, мықты негізі бар жауап. Абыланы үлкен көшеден торыған... Қорқытқан жігіттер де, тар көшеде тоқпақтаған жендеттер де тойға қатынасқан адамдардан емес. Қандықол қылмыскерді тойдан іздеп, уақытты зая кетірмеулеріңізді сұраймын!
- Енді тоқтап тұрыңыз! –деп жуастау әуенге келді тергеуші. – Сізді біз осы әнзіге1 қатынасты деп тергеуге алып отырған емеспіз. Партияға сенімі толық, жақсы кадр деп естідік. Той сіздікі болғандықтан әнзі анықтауымызға көмектесер деп шақырып отырмыз. Өткен түндегі мәселенің тактика жағынан былай өтілгені анықталды. – деп күрсінді де, Ошұрахұнды шошытқан менің жорамалымның дәл өзіндей қортынды шығарды. Жасырын қастық осылай жоспарланған да, Абыланы тойдан кетуге мәжбүр еткен. Содырларға тіпті төндіре түсті сонан соң. Абыланың қақпадан шығып бара жатқанын Әйшамхан жеткізген. Содырлардың екеуі қақпадан дереу қуа шығып, тағы қорқытып, Абыланы қараңғы көшеге кіруге мәжбүр еткен. Екеуі ауланың артқы есігінен шығып барып, қараңғы көшеден тосқан да ұрып жығып, екі пышақ салып үлгерген. Жарық көшеден өздеріне қарай жүгірген екеуінің аяқ дыбысынан қорқып, пышақ салушылар қашқан. Бұлардың қашуынан Абыланы өлтіріп қайтты деп сеніп, ана екеуі қашқан. Сөйтіп, екеуі алдан, екеуі арттан қайтып барып, той залына кіріп ала қойған.
- Демек, шоқпар мен пышақ тар көшеге той залынан барған дейсіз ғой?
- Әрине, сырттағы адамдар істеді деудің қисыны жоқ. Абыланың түнде жүретіндігіне себейтін тар көшеде сырттағылардың төрт-бес сағат күтіп тұруы мүмкін емес. Жарық көшеден де түн бойы күтуі екіталай.
- Ие, бұл, сырттай ойлағанда қатесіз жорамал сияқты көрінеді. Бірақ, сондағы жол ұзындығы мен соны басатын уақыт мөлшерін айқындап есептеп көрдіңіздер ме?... Уақыт пен орын, қылмыс анықтаудың негізгі факторы ғой, солай емес пе!
Алғашқы сұрауыма жауап қатпай қырындай қараған тергеуші, соңғы сұрауыма бас изей салды.
- Олай болса, жорамалға ғана сүйенбей, алдымен осыны анықтап есептеп көріңіздер демекшімін. Оқиға басталардың алдында ғана Абыланың қақпадан шығып бара жатқанын Әйшамханның көргені анық. Мұны, есін жиған соң Абыланың өзі де айтыпты ғой, енді сол қақпаның алдынан тар көшеге барып жығылғанға дейін Абыла ең жәй жүргенде төрт-ақ минутта жететіндігін білесіз бе?.. Үлкен көшеден өтіп барып, сексен метрдей ғана алдынан тосқан екі жігітке күдікті Абыла көп қарап тұра алмайды. Олар тұра қалғанда тар көшеге қарай бұға қашады. Сол қарап тұрған уақытты екі минут деп қосқанда да, пышақ алдына алты-ақ минутта жеткен. Мұны, жарық көшеде қашқан бастықсымақ Абыланың өзінше жүріп анықтауға болады. Ал, той болып жатқан залдың есігінен арғымақтай екі жігітті арт жақпен жүгіртіп көріңіз сонан соң!
- Қанша уақытта жетеді екен? –деп жымия сұрады тергеуші.
- Мен күндіз 14 минутта жетемін. Сіз семіздеусіз ғой, түнде ой мен қырға жығылып-сүрініп жүріп жиырма мирнутта жетерсіз. Ал, әлгі сайгүлік жігіттеріңіз түнде ең тез жүргенде 12 минутта жетеді делік. Қараңғы көшеге кірген соң зыта жөнелетін үркек Абыланы бұлар сол қысқа көшеден тосуға үлгере алмайды!
- Сіздің бүгін түс уақытында өлшеп жүргеніңізді естігенбіз! –деп күлді тергеуші. – Болады, жақсы ой салдыңыз!
- Сіздің де Абылаға ой салып қоюыңызды өтінемін! –деп жымидым. - Өткен науқан уақытында жаңсақтатып, жалалы пікірлермен бірнеше адамның өліміне себепкер болған Абыла жолдастың енді әділ сөйлеуі шарт! Мәселен: Әйшамның оған шай құйып күтуінен басқа, меніңше ешқандай жазығы жоқ. «Көшеге шықсын, мен жендеттеріме жеткізе қояйын» дейтін арам ниеті болса, Абыланың алдына шай қойып, кідіртіп қайтпек! Осыны да логика таразысынан өткізіп көріңіздерші!...
Тергеуші алдынан осы сөзбен ғана шықтым. Күзетті қақпа алдында Мақпал мен Күлән күтіп тұр екен. Қатерлі ауладан айдаушысыз шыққанымды көріп, екеуі екі жағымнан қолтықтап ала жөнелді.
Ертеңіне таңертең сол тергеушінің өзі де бар 7-8 адамның мен айтқан жолдарды зерттеп жүргенін естідім. Бірақ, содан үш күн өткенде Әйшамханнан басқа қамаудағыларға тергеу қатая түскен сияқты. Семиясындағылармен көрістірмей, кіргізген тамақтарын тексеріп қабылдайтын болыпты. Ошұр ахұнның арық саусақтары дірілдеуін қоймады да, Әбілемиттің «парткомдағы жиыны» бітпеді. Көрісе қалғанда екеуі де мені жатырқағандай. Салқын көз, тілсіз иекпен ғана амандасып жүрді. Осқыра қарасады. Екеуін менен Ошұр ахұнға айтқан жорамалым үркіткені байқалады. Бір күні сол күмәндарын жоюға тырысып, сол бұғалтырға өзімнің тергеуші алдындағы жауабымды толық баяндадым. Ол жорамалды тергеушіге мен айтпай, маған тергеушінің айтқанын, оны менің теріске шығаратын дәлел көрсеткеніме дейін сөйлеп бердім. Сонда да сендіре алмағаным, қабағынан үстемелеп байқала берді. Шалқайғанға қаңқайып алатын ұстамалы мінезім құрыстай берді мұнысына. Ол екеуіне мен де кердие қарап өтетін болғанымды байқап жүрдім.
Бұл қызметтестердің дүрдараздығы айқындалған сайын Ахыметқанның құшағы ашыла түсті маған: «бауырым! Бауырым!» деп жүрегіне басқандай сыңай көрсетіп жүрді де, Мақпал екеуімізді үйіне қонаққа шақырды. Жағымпаздық пен қорқақтық бірдей біткен аса қатерлі «ағаға» жақын болуды жақтырмасам да, бұл жолы бармасыма болмады. Үлкеннің жаңа түскен келінге «үй көрсету» салты бар. Оның үстіне «отқа салардан»1 қашты дейді ғой. Барысымызбен шашуын шашқызып, ықыласын төгіп, бар ниетімен өкпе, бауыр, жүрегін де жайып салғандай қауқалақтады.
- Бауырым, -деді шайдан соң оңаша бөлмесіне шығарып алып, арақ құя бастады. – Осы сарттарға екеуіміз не жаздық, білесің бе?
- Қай сарттарға?
- Әбілемит пен Ошұрға. Абыла жөнінде тергеуге түскендерінен бері екеуімізді атарға оқ таба алмай жүрген сияқты. Байқасам саған тіпті өшігіп...
- Өшіккенін білмеймін. Әйтеуір маған әлдеқалай бір өкпесі барын байқаймын.
- Сол өкпесінің нендей өкпе екенін білдің бе?
- Оны да анық білмеймін.
- Білмесең мен айтайын, ол екеуі біздің өздерін компартиядай көріп, табынуымызды талап етеді. Істеріне шек келтірмей, ләппайлап қол қусырып тұруымызды ғана жақтырады. Осы тойдағы оқиғадан бізге күмән арттыңдар! –деп өкпелеп жүр. Бауырым бұл оқиға туралы сен де өте жақсы позиция ұстапсың, өзіңе өте разы болып қалдым. Әмісе солай болу керек бізге! Партиядан басқа мидың да, көздің де қажеті жоқ. Бұл мәселеде еш қайсысын ақтаушы болма, партияның ыңғайына қарап бағып, түйсінгеніңді соған қарай бейімдеп мәлімде де жүре бер.Ақтаудың да, қаралаудың да жөнін партияның өзі біледі.
«Мүшелері сіздің осы айтқаныңыздай соқыр, саңырау, кеуек бас бола берсе компартия дегеніңіздің өзі кім болар еді?» деуге оқталып барып жымидым да, басқаша жауап қаттым:
- Осы оқиғада мен сіз айтқандай позицияда болмадым. Сі қайдан естідіңіз?
- Оныңды менен несін жасырасың, бауырым, мен де сол позицияның кісісімін ғой!... Абыла жолдасқа болған осы қастықты сырттан іздемейміз, шайка өз ішімізде деп мен де дәл сен сияқты жорамалдағанмын. Бұл түйінге бәлкім сенен бұрынырақ келген шығармын. Қанша айтқанмен ағаң емеспінбе ха-ха-һа-һа...а..
- Бұлай болғанда, мен сізге бауыр түгіл бүйен де бола алмай қалатын сияқтымын ба, қалай! –деп мен күлдім. – Ашығырақ сөйлесіп, талқылап көрейікші, Абыла туралы тергеуге қандай жауап бердіңіз?
- Оны қайтесің шырағым, әйтеуір жорамалымыз дұрысқа шықты ғой, болды! Тағы да тіл біріктіріп алды деп жүрмесін, қайтесің оны!
- Тергеуде мені осындай жорамал айтты деген кім, соны ашып айтыңызшы! Сонсоң «тіл біріктірмей-ақ», үндемей-ақ қоялық!
- Мұның өзі партиядан шыққан, партиялық пікір ғой, осылай анықтадық деп тергеуші де айтты. Мен сенен соң іле-шала шақырылдым. Демек, пікіріңіз партиянікімен бірдей шыққан соң қорқатын не тұр! Ал енді осы пікірді айттыңдар деп мына сарттардың өштесетін не жөні бар! Партия айтып отырғанда біз қостамасақ, кім болар едік!... Осыны ойламайтындығына ыза боласың. Партияның көзқарасын былай таста да басқаша көзқарас айтып, бізді кіршіксіз көрсет дегендей буынсыз жерден пышақ салатыны қалай осылардың?
- Бұлай болғанда, ол екеуінің бізге өкпелейтін жөні бар, ақсақал, -деп күрсіндім. – Партияның әрқандай мүшесі мұндай жауапты мәселеде шындықты іс жүзінен іздеуге ғана борышты. Партия айтты деп көзді жұмып қостай салуға борышты емес! Сабыр ете тұрыңыз, себебін айтайын!... партия айтты болды деп көзді жұмып қостай салу шарт болса, заң тергеуінің, мәселе анықтаудың, тіпті заңның да қажеті болмас еді. Және жаңағы «партия пікірі» деп айтып отырғаныңыз, партия жиыны шығарған қаулы емес, жеке мүшелердің пікірі. Құдайыңыз біледі, әлгі тергеушіңіздің ғана пікірі шығар! Ол да жеке адам ғой. Ол мәселе анықтау үшін шақырып отырғандықтан бізде өзіміздің дербес пікірімізді айтуға еріктіміз. Мәселен, сол шайка турасында іс жүзінде не көрдіңіз, сізді қандай әрекеті, қандай факттері күмәндандырды, соны ғана айту қажет қой. Партияның «шындықты іс жүзінен ізде» дегені осылай. Еш уақытта көзіңізді жұм да менің пікіріме қосыла сал дегені емес. Ал, мен сол тергеушіге ешқандай ойжота жорамал айтқан емеспін: тапқан фактым, игерген материалым болмағандықтан шайка жөнінде, оның ұйымдастырылуы жөнінде ешнәрсе айта алмадым. Зерттеп тапқаным бойынша осы қастық әрекетіне тойдағылардан дәл сол түні қол салып істеген ешкім болмағанын ғана дәлелдедім.
- Демек, партияның ұйғарымымен қамалып жатқандарды түген ақтаған екенсің ғой?
- Дәл сол түнгі шоқпар мен пышақтан ақтадым. Дәлел айттым.
- Япырай, балақай-ай өте бір қатерлі жолға түскен екенсің-ау! –деген Ахыметқанның сопақшалау, кең қаракөзі бадырая түсті. Салыңқы жалпақ қарнын қатты уыстай сөйледі. – Шындықты іс жүзінен өзі ақ табатын ұлы партиямен үзеңгі қағысып, іс жүзінен оған қарсы шындық табамын деп қарсыласуға дәтің қалай жетті екен!
- Бізге ондай жүрек пен ондай дәт берген, пікір айтуға ерік берген, сол ұлы партияның өзі!... Тегінде осы партияны ұлы дей алатын сеніміңіз болса, көзді жұмып шұлғи беруімізді талап етеді деп ойламаңыз!... Мүшелеріне өз көзін де, миын да керексіз етіп, адамша көрмей, адамша ойламай, мүрит болуды үйретеді деп қорлай көрмеңіз! Егер мүшелерін осылай тәрбиелейтін болса, партияның өзі де көзбен мидан айрылған кеуек бас болып қалар еді! Олай болатыны, партия дегеніміз – бір ұлы мақсат жолында біріккен сол жекелердің құрамы. Ол, партия үйымы орналасқан там да емес, бір ғана құқықты бастығы да емес, мықтап ұйымдасқан коллектив.
- Аллай, Аллай, сақтай көр! –деп түршікті Ахыметқан. – Партия көзбен мидан айрылып, кеуек бас болады деуін қарашы мынаның!... Партия деген, құқығы бар бір бастақ емес дедің бе тағы да, Маужушиды партия емес, бір жеке, партияны Маужуши емес, құрама дегенің бе бұл! Мұныңа қосыла алмайды екенмін! Па-па-па, Құдай сақтасын сенен!
- Менің «сізге бауыр да, бүйен де бола алмаспын» дегенім осы емес пе! –деп жымидым да алдымдағы арақты жұта салып түрегелдім. Борсып-сасып кеткен кесек етке қарағандай, оның қашан таусылатындығынан қайғырғандай кіржие қараппын. Енді татқым келмесе де тағыдр қосқан соң отыра тұруым жөн болды.

Әділетті тергеушім, Ахыметқандай адал құлына Құдай тағала дән риза ғой. Ұжмағының төрін, әрине, осыған-ақ арнап отырған шығар. Мұны сасыған еттей көріп кіржиіп, бас сүйегімді қылмысқа толтырған мен бейшараның енді қай жаққа қарап қашатындығын білдіңіз бе? Тозаққа-тозаққа-тозаққа!... Құлшылық идеялогиясының сасық иісі әрине оған бара қоймас!


IV


Мақпалдың партия мектебіндегі оқуы ауылшаруашылығын коператцияландырып, мал шаруашылығын қырғындаумен аяқтап еді. Қызметке әлі бөліне қоймаған. Сұң Жанхуа «шешесі» арқылы сіңірген арызымыз бойынша келіншекті Шинжаң институтынан оқытуға ыңғайлап жүргенімде қызмет жолдамасы шыға келді. Тағы да сол ауылшаруашылығын коперацияландыру қызметі. Енді жоғары дәрежелі коперация ұйымдастырмақ екен. Жаңа ғана құралған отауымызда бір-бірімізге қарасып отырып қалыппыз.
- Оқудан да, күйеуден де жастай айрылып, тағы да қаңғимын деші! –деп күлгенімде, Мақпал көзінен маржандарын қос-қостан тастап жіберіп, құшақтай алды.
- Жоқ, бармаймын, оқимын!...
- Әрине, оқисың, жаным, жылама! Алғаш уәделескенімізде қойған талабың осы еді ғой, орындаймын, қайтсем де орындаймын.
- Оқуға осындайда орналасып алмасам, енді бірер жылдан соң...
- Ие, ие, іңгалайтындар бөгейді демексің! –деп қосқанымда еңкілдеп күле жылады Мақпал. Мен алдыма отырғызып уата сөйледім. – Оны да ойластырғанбыз ғой, оқуыңа ол да бөгет болмайды, тәрбиеші шеше табылады!... Ал, мен қазір-ақ барып, байланысты орындарға қызметке шықпайтын себептеріңді түсіндіріп келейін, бұл жөнінен қамсыз бол!
- Сен бұл іске кіріспе, жаным! Өзім-ақ сөйлесемін. Сен барсаң, төңкеріс қызметіне қарсы тұрды дейді!
- Жоқ, менің бұл жөніндегі пікірім де ондай құқайдың қарсы жағынан шығады: Сен төңкерістік күреске ес білгеннен бастап қатынастың. Құрбандыққа бас тігіп, мақсатыңа жете алмайтыныңды білген күні өле салатын, үздіксіз қатер астында күресіп келдің. Сондағы іздегеніңнің ең негізгісі оқу бостандығы болатын. Партия мектебіне, қызмет алу үшін емес, тек сол бостандығыңды алу үшін ғана келгенсің. Оған куә Сұң Жанхуа мен оның әпеке-жездесі. Оқу-білім жолындағы мұндай төңкерістік жанқиар тілегіңе төңкерісшілер емес, кері төңкерісшілер ғана қарсы болып келген. Мен осы шекке жатекізіп сөйлей аламын!
- Мұны өзім сөйлесем сиады, сен араласа көрме!
- Мұны өзің сиғызғаныңмен, онан соңғысын айта алмайсың да сиғыза алмай қаласың!... Оқуға биылдан бастап түспесең, оны бітіргенге дейін балалар шулайды да, мен тулаймын!
- Ха-ха-ха-һа-һа..а..!
- Сонда сенің төңкерістік мақсатыңа жеткізбей қойған, бәрі-бір мен болып шықпаймын ба!... Жоқ, мен сенің алдыңда кері төңкерісші болғым келмейді, уәдем-уәде, жоғары мектепке дейін оқытамын деп алғанмын, оқытамын! Жоғары коперациясы түгіл аспандағысы болса да, оқудан тыс кадрлары жетеді!
Асылқан кіріп келгенде ғана қарадық сағатымызға. Түс болған екен.
- Жо-жоқ, бұл, бармаса болмайтын қызмет! –деді Асылқан таласымыздың жайын тыңдап алған соң. – Коллективизмнің – коммунизмнің қызметі ғой бұл. Идеяңды шынықтырып, қыл көпірден шалдырмай өткізетін қызмет осы. Бұған бармаймын деп бас тартушы болмаңдар, Құдай сақтасын, құлақтата көрмеңдер!... Келін, ең игілікті қызметке бөлініпсің, қызмет орның құтты болсын!
- Асеке, саған-ақ лайық қызмет екен осы, -деп жымидым мен. – ақынсың ғой, шабытыңды қайрап, көзіңді жайнататын талай материал тауып келер едің!
- Амал не, мені жібермей отырмай ма. Одан басқа пайдасы да өміріңе жетіп жатыр ғой. Бұған қатынассаң адасқан оқ тимейді, отқа денең күймейді. Аларман жауың батпайды. Сөйтіп, бар қырсықтан сақтайды. Социализм құрылысына қол салып кіріскен, коммунизм үшін күрескен, нағыз төңкеріс жауынгері боласың да тұрасың, тірлігіңде де, өлігіңде де салтанат құрасың!... Ұлы Маужушидың өз қолындағы жауынгер болуға не жетсін!... Келін, әлгі менің аманатым бар ма, әкелші!
Аманатының не кендігін ұмытқан келіні маған аңыра қарап тұрып қалды да, есіне мен күле түсірдім:
- Анау күнгі сүйіншілік арақ ше!
- Жақсы да жақын көретін қайнағасын мұндай құнысыздыққа қимады ма, асығыста арақпен сыйлап отыру, ақылана симады ма:
- Үйбай! –деп мырс ете түсті Мақпал. Бұл оқыс таңданысынан қызара тұқырды өзі. Ыршып барып, ваза-таленкелерімен дастарқан жасады. Термос пен шынаяқ әкеліп, шай құя қайырды жауабын:
- Оныңыз бар, мен сәй қуырып жіберейін!
- Шай ішсек болды, келін, болды, басқасының керегі жоқ, сонымды әкеліп бер де өзің отыр мұнда!... Ой рахымет, келін, болды, көп жаса! –деді бір шыны тостағаншаны менімен қағыстырып жіберіп, өңешіне құя салды. Мен ішпей дастарқанға қоя салдым. – Ұлы Маужушидың бұл қамқорлығынан айрыла көрме, келін! –деп қайталап тиянақтатты насихатын. – Жә, Биға, жазғытұрым ұйымдастырып болған коперациясынан енді құратын коперациясының не парқы бар екен?
- Бұрынғысы «үшті бірлестіру» - жер, күш көлік, өндірістік құрал-сайманды ортақтастыру болатын. Енді «бесті бірлестіретін» жоғары дәрежелі коперация құрмақ, бұрынғы үшеуінен сырт, егіншілік қатынас-тасымал құралдары мен егістік маңындағы қора-қопсылар да ортақтастырылмақ.
- Тамаша, тамаша дәнішпандық!... Осындай көсемнен айланып кетпейміз бе! -деп Асылқан ыдысындағы арағын көмейіне тағы да құя салды. – Алсаңшы, ей, сен де! –деп тыжырынып, тамағын қырына өтінді.
- Менің түстен кейін өте жауапкерлікпен істейтін жұмысым бар, ішпей барайын!... Тамашасы тамаша, -дедім сонан соң коперация туралы разылық пікіріне қосылып. – Мұның тамашалығы коллективизмді секірмелі, тәуекелді, үйреншікті формамен емес, сатылы, байыпты түрде орындау ғой. Мұның атын шеберлік дейміз. Бірақ, сол сатылы-салмақты өрлеудің тағы бір шарты жетпей, шикі күйінде қалар ма екен деп қорқамын!...
- Тек, Биға, мұндай қайшы пікір айта көрме!
- Соңын айтпаса кері төңкерістік пікір болып та кетер, тыңдап көр!... Коллективтестірудегі ұшқалақтық енді былай көрініп жатыр: алдыңғы жылы егіншілерді мойынсеріктесуге әрең көндіріп едік. «Осылай серіктесіп істесеңдер молшылыққа жетесіңдер!» деп бастап, көп үгітпен көндіргенбіз. Осылай тым болмағанда екі жыл бойларын үйретіп-әдеттендіріп алмай, сол жылы іле-шала копирацияласуды тағы да үгіттей жөнелдік. «Осылай істесеңдер молшылыққа жетесіңдер!» деп тағы сылдырадық. Іс жүзінде биыл жазғытұрым, сол айтқан молшылығымыздың орнына тапшылық, кей жерлерде тіпті ашаршылық та пайда бола қалды... Шешендіктен Құдай атайын дегенде дуасыздыққа кіріптар етеді. Бұл ашаршылық, біздің коперациямыздың лайықсыздығынан-жеткіліксіздігінен болған емес, соған тәрбиелеу уақытымыздың жеткіліксіздігінен – солшылдық апаттың араласып кеткендігінен болды. Ал енді үшті ортақтастырған осы коперациямыз биыл ғана жалпыласып болған шақта, енді бесті бірлестіріп жоғары коперация құрсақ тіпті молшылыққа жетеміз деп шықпақпыз!... Бұл айтып отырғаным болмыс. Ал, өз пікірім былай ғана: біздегі егін шаруашылығын коллективтестіру қызметінің осы үш сатыға бөлініп жүргізілуі дұп-дұрыс. Бірақ, жау қуып келе жатқан көштей қуаламай, әр сатыға бой үйрету-әдеттендіру, жаңа санаға жеткізу сынды идеялық тәрбиеге уақытты молынан беріп отырып өрлетсе ғана дұрыс. Олай болмағанда «үгітің бір тиын» болып, зорлықты күшке айналады. Егіншілікте сан жылдар бойына басып жатқан бытыраңқылық-жекешілдік індетті коллектившілдіктің жеңуі үшін осы сатылар бір-бір тарихи дәуір сипатында өтуі қажет. Сонда ғана тиянақты өміршең ұйым болып қалыптасар еді!
"Рас-ау" дегендей бас изей тыңдап отырған Асылқан, осы изектеуімен «партияға шек келтіріп, күнәға бата қалғанын» енді сезген адамша селік ете түсті.
- Биға, осыған басымызды ауыртпай-ақ қоялық! Партияның бір күндік басшылығы бір ғасырлық жеңіске жеткізіп отырғанда, асығыс стелді деген сөз бе. «Қиялдан өмір озды» деген осы. Біз қиялдап болғанша орындап болу, тек компартияның ғана қолынан келетін іс! Қане, тек Маужушиымыз бен оның партиясының жасай беруі үшін шелік осыны!
- «Есіл пікірім қор болған!» деген оймен қарқылдап күліп жіберіппін. – Саған айтып отырыппын-ау осыны!... Партия мен Маужушиды жоялық деп отырғандай көрінуімді қарашы!... Ха-һа-һа-һа.. қане осы жақсы тілегің үшін ішсем, шейін, бірақ, мұнан соң зорлама!...
- Ой, шіркін, қызық дүние-ай, -деп Асылқан жадырай түсті сонан соң менің көңілімді де аулап қоюдың кезегі енді келген сияқты. – Егін шаруашылығын кеше ғана коперацияландырып, ұһу деп отырғанымызда, енді бүгін одан өте шығады деп кім ойлаған. Алал жүректі сенің мұны айтатының да табиғи. «Қиялдан өмір озғанда» осылай озатыны да табиғи ғой! –дей салды.
Осы жуанбас, тұртпақ қара досыма жымия қарап отырып қалыппын. Ахыметқан мен екеуі, бір соқаға мойынтұрық қосқан пар өгіз сияқты көрінді алдымен. Бірінің қара, бірінің ақсұрлығы болмаса, тұрықтары бірдей. Күштері мен төзімділіктері де бірдей. Араққа келгенде пысылдап тарта беретін, мас болуды, желігуді де, жеңіліп сенделектеуді де білмейтіндей, күндіз-түні құйсаң да зерікпей жылжыта беретін қасиет екеуіне тең біткен. Бұлар жұмыстың ауырлығынан қорықпайды. Қорықпайтыны, ауыр жұмыстан қашып шыға біледі, зәуліғалам, қашып құтыла алмай қалса, оны бітірем деп әуре болмай, қабақ та шықпай, өздерінің арақ ішкендегілеріндей ғана пысылдап, қыбырлап зеріктіреді. Әлеуметтік қамы түгіл өз семияларының қамы да қаперлеріне кірмейді. Қаперлеріне кірмейтіні, әлеумет жүгі халықтың мойнында, семия жүгі қатындарының мойнында болып дәндеткен. Құдай тағала бұл екеуін ұқсатқанда әйелдерін де бір-бірінен аудырмай ұқсатып, үңірейген арса-арса сүйектерден жасап беріпті... Сөйтіп, борбас пен батпақта да, тегіс даңғыл мен тайғақ мұздарда да екеуінің жүрісі осы жүріс.
Ахыметқан мен Асылқанның қорқатындары да бір ғана құбыжық. Парлап жеккен сол қос өгіз қорқатын құбыжық сияқты бір ғана бишік-саяси бишік. Барлық зерделерін сол бишікке ғана жұмылдырып алған. Қай жағымыздан келіп шарт ете түсер екен деп алақтайды да жүреді. Бақырайған алакөз болып қалулары содан сияқты. Сол бишік басқаларға үйріліп, сылдай бастағанда өздеріне де тиіп кеткендей мықшыңдасып жібереді де, топырақты бұрқақтатып, ала жөнеледі соқаларын...
Айтпақтайын, қасымдағы мына қара «өгізімді» сұры «өгізге» бүтіндей ұқсатып, жазықсыз жазғырып тастай жаздаппын ғой. Бір науқан басталып, саяси қамшы үйріле бастағанда, «пар өгіз» шошынғандықтарынан соқаларын жеделдете сүйреп, бұрқақтата жөнелді дедік қой. Содан бастап екеуінің парқы көріне бастайды: сұры өгізде жалтару, бұрылу деген болмайды. Мұрындықсыз ұрыншақ, алдына не келсе соны басып, бәрін де соқалай береді. Ал, қара өгіз бейшара мұндайда екі жағына жалтақтап, байқай ілеседі сұрыға. Қожадан ғана емес, жазықсыз біреудің қазан-ошағын соқалаудан да қорқып, ондайға дөп келгенде бұрыла бұрқақтатуға беттейді. Сөйтіп сұры өгіз бен парласудан қалады...
Асылқанның «құбыжықтан» қорқатын себебі Ахыметқандікінен бір есе көп еді. Ол, гоминдаңның жыңса мектебінде оқыған. Сол қылмысын да есінен шығармайды. Құйрығым әлі де активтердің қолында деп жасқанып, біреуге зәбір көрсетіп қоюдан сақтанады. Және сол мектепті бітіргендігіне лайық сөйлеу тәсіліне де бай. Пікірлер қақтығысында өзінің зілдей салмағымен домалақ қарбызша, қай жақта, неліктен домалап жүргенін де сезбей қаласың.
Ал, Ахыметқан ондай кері төңкерістік кертартпа мектеп түгіл «оң тартпа» мектеп те көрмеген. Медреседен алған қой қаттық сауатын былай қойғанда, шүкіршілік айтса айтарлықтай, оқу білім жағынан «тарихы тап-таза». Ұлттық армия қатарынан бір полктың саяси жетекшісі болып өсіп шыққан. Ұлттық армия офицерлерінің көбін кәсіп ауыстырған шақта армиядағы сол «ұстаздық» дәрежесі бойынша оқу-ағарту меңгермесіне орынбасар бастық болып бөлініпті. Сөйтіп, Ақыметқан бұл дәуірге өз әке-шешесінің байсымақ отбасынан емес, төңкерістік армия сабынан келген. Сондықтан таптық жағынан да тап-таза. «Үшке қарсы» науқанда жолбарыс санын толтырушылар жағынан иегіне «таңба» басылып, жаңсақтан жыртқыштар қатарына қосылып қалғаны болмаса, тарихынан ешқандай хаупі жоқ еді. Мұны «құбыжықтан» қалтыратып қойған, тек, қазіргі мәнсабына лайық ғылыми негізінің жоқтығы ғана. Алған қызметіне бұл жағынан мүлде лайықсыз болғандығынан саяси-идеялогиялық жақтан толымдылығын сақтап қана күн көргісі келеді. Әсіресе саяси жақтан кіршіксіз сенімділікке мұқтаж. Өзін осы мәнсапқа Құдайдай қолдап көтерген, расында да, саяси мүриттігі мен идеялогиялық сәбилігі. Мүриттігім болмаса бұл мәнсаптан мұрттай ұшамын деп біледі. Саяси қамшыдан дерек сезілгенде, беталдындағыны соғып-шағып, соқалап ала жөнелетіні содан.
Асылқан мен Ақыметқан сыртқы бейне жағынан ұп-ұқсас болғанымен ішкі дүниелернің осындай парықтары да бар еді.
Мен Асылқанға күлімсірей қарап отырып қалғанымда, ол көз қырын бірер жүгіртіп қойып жымиды. «Қиялдан өмір озды» деп мені алдарқатуына қарай, әлдеқандай биіктен қомсына жымиған жайымды сезген екен.
- Әлгі пікіріме қарап мені ішіңнен сынап-шыжғырып отырсың-ау, қуым, ә! –деп күлді. – Құдай біледі, «арақтан басқаны білмейтін неткен топас едің!» деп отырған шығарсың!
- Мені де пәлендей балиғатқа толған жігітке санап, жарылқап отырғаның белгілі ғой! –деп күлгенімде ол қарқылдай күлді. – Қайта мен Ахыметқандай топасқа салыстыруға болмайтын жорғалығыңды бағалап отырмын!
- Хы-хы-хы-һы Ахыметқан не деп еді?
- Ол, осындай пікірімді естіп, «Құдай сақтасын сенен!» -деп «бағалады» ғой!
Асылқан құшақтай алып, маңдайымнан жоғарыға сылап-сылап жіберді де, қаттырақ күлген Мақпалға қарап тез жиылды.
- Ол иттің сондай шошқалығы бар, Құдай соның өзінен сақтасын сені! –деп күлімсіреді. Біреуді көзбе-көз мақтардағы әдетімен төмен қарап жалғастырды сөзін. – Пікірің көзіңнен де өткір, шалымды-жалынды жігітсің ғой, бірақ оныңды ашық бағалаудан не пайда! –деп қалды да арағын стаканына толтыра құйды. Жұтып жіберіп соза күрсінді. – Асқар таудың қойнауларындай алаң-ашық досым, тек аман бол!
- Осы жолы мақтауыңды сұрап-ақ алдым, Асеке, тек, аңқау-мақау табиғатша ашылып-шашыла береді екенсің дей көрме! – Және осы партиядан жақсы партия іздейді екен деп те күдіктенбе, «жоғалсын» деп қоймасын дегендей, «жасасыныңды» жаудыруыңнан қорқып қалдым!...
Асылқан кеткен соң Мақпал екеуіміз аймаласа отрып айтысып, келістік: ол өз мектебіне жалғыз өзі кетті де, мектеп бастығына Сұң зыдауянды ерте кіріп, арызына растама жаздырып алып келді. Ертеңіне өлкелік партия комитетінің үгіт-насихат бөліміне екеуіміз бірге барып, оқуына рұқсат алып қайттық. Мақпал өз талабы бойынша, Шинжан институтының физика-математика факултетіне түсті.
Абыла жөніндегі тергеу толқыны ұйғыр қызметтестердің көбін жайқап өтіп, басқа мекемелердегі, тіпті көшедегі дос-жарандарына дейін шарпыды. Олардың бірнешеуін сүңгітіп әкеткенде, қазақ қызметтестерінің басына шашыранды су да жұқпағаны ұйғыр қызметтестердің күмәнін қоздырған көрінеді. Әрине, ол күмәннің шын негізі Ахыметқанның қоспа-қойыртпақ пікірлерінен құралғаны мәлім. Ал, менің Ошұр ахұнға айтқан шайка жөніндегі жорамалым ұйғыр қызметтестердің көкірегіне Ахыметқанның сол қойыртпағымен бірге кіріп, іштерін кептірмесін бе. Сөйтіп, «кек алу шайкасы деген көрсетінді қазақтардан шықты» деген күмән асқынып, қояға айналып қалған сияқты. «Ей қазақ!», «ей қоңқабай!» деп шақыртаын болды қазақтарды. Менің Ахыметқаннан алыстауым, олардың көзін алдау үшін әдейі істеліп жатқан «жасырынымпаздық», «қулық», «айлакерлік» болып қала берді. Әбілемит пен Ошұр ахұн алдында ақталуым, өзімді ақтай алмай, сол мағынада жексұрын көрсететін болғандықтан, оларға да заулығалам иіліп қоюдан арланатын болдым. Сөйтіп, егерлескен екі жақтан да алыс жүруіме тура келді.
Ұлттық жіктеу, ұлттық қорлау ретіндегі сондай атаулармен шақырғандарға алғашында қатал ескерту беріп жүрдім. Ондайлар сонда да көбейе берді. Көп еді. Ерінбей-жалықпай жіңішкелеп түсіндіріп, көкейлеріне қондыруға тырыстым: «қоңқабай» деген сөз тұмсығы кесек адамға, оның ішінде қимыл-әрекеті кесек, дөрекі адамға үйлеседі. Мәселен, Ахыметқанға сәл лайықтау. Егер ұйғыр халқынан іздесеңдер бұл атауларыңның жолы тіпті оңалар еді. Ал, маған мүлде үйлеспейді. Сол тәрізді «қазақ» деген атау, сендерге «мазақ» мағынасында айтылғандай сезім туғызғанымен бізге құрмет көрсеткендей естіледі. Мәселен: кемсіту үшін боқ шашудың орнына гүл шашқандай ақымақтықтың ісі болып қала береді. Бұл мисалдардан ұлтшылдықтың көзі басқа ұлттарға қашан да жұмулы болатындығы айқын көрініп жатыр. Достар, екі көзді бірдей кең ашып қаралық!» -деп орайы келген жиындарда да түсінік айттым.
«Биғабіл жолдас, қалжыңымызды шын көріп қапсыз» деп қарқылдап күле жүре шындай берді қоялылар. Мен сырттай бердім. Ұлттық мұндай жік пен бөлектеушілік өмір сүрсе, ол «қалжыңдарына» қарсы қалжыңдай жүріп, өзім де бөлектеуші болып қалмаспын ба. Олай болғанда интернационализмші-коммунизмші болу қайда!... «Гоминдаң бесігіндегі оқушы Биғабіл рушылдық жікке соншалық қарсы тұра білгенде, компартия столындағы коммунизмші Биғабіл ұлтшылдыққа қарсы тұра алмай ма!..». Сөйтіп, осы сенім, осы үнмен газет журналдарға теориялық мақалалар жаза бастадым. Пікірлес-армандас достар іздедім. Тарбағатай ауасында өскен ұйғыр достарымды алдымен көксеп, алдымен іздеппін. Махмұт Керім мен Тұрған Әлиевтің үйлеріне жиы барып, үйіме жиы шақырып тұрдым.
Үрімжіге қызметке шақырылып келген жерлестерім көбейіп қалып еді. Бәрімен де етене туыстай болып бара жаттым. Бәрінен де қызығы – Үрімжіге сабақтастарымның жиналуы болды. Маған қызметтес болып Алтайдан Ынтықбай, Шәуешектен Қуат, Құлжадан Юсуп Қасым келгенде тойға бергісіз зияпаттармен қарсы алдым. Үйімен көшіп келген Юсуптың мен танымайтын «шөкенін» де сүйіп алыппын. Есесін жібермеу үшін ол менің келіншегімнің желкесіне егеудей иегін үйкеп-үйкеп жіберді. Өздерін күту үшін екі сабақтасын ертіп келген оқушы «қызға» одан артық қайтпек...
Абыланың пышақталуы турасында күмәнмен қамалғандар сол күздің соңына таман бір-бірлеп елеусіз түрде босатыла берді. Ең соңғы, ең ауыр күмәндылары қыс ортасында қайтарылды. Жалпы ұққаным, артылған қылмысқа ешқайсысы мойындамапты да, мойындатарлық мықты факт түспепті. Кімнің көрсетіндісімен қамалғандықтарын да, нендей мәселе қойылғандықтарын да айтпайды. Үнсіз жымиып қана шығып, жұмыстарын жымп қана істей берді. Қамалып жатқандағы айлық еңбек ақысын алуда да елпек, жұмыста да елпек.
Қызметіне тек Абыланның өзі ғана қайтпады. «Абыла гөй жазылмаса шықпайтын едік...» деп қана қойды біреуі. «Бүйрегім дей ме, бөрігім1 дейме, бірдемем ауырады деп қана дем алып жатқан ұқсайды. Күтімі ерекше екен. Жәннатқа кіріп алған соң шыққысы келмей жатыр, жұмо!» деп күліседі. «Кісі өлтіру шайкасы» болып қамалғандар ақталса да, «қоңқабайлар шайкасынан» біз ақтала алмадық. Бұл атау үдеп, жалпыласа берді. Мұның ішкі мәні мен сырын білмейтін сырт ұйғырлар да қазақтарды солай шақыратын болды. Оған қарсы «сарт» дейтін атауды қазақтар қайта қолданды. Жақын екі ұлт ара қалжыңның «бисмилласына» айналды сөйтіп. Мұның алалық-жікшілдік мәні бар «қалжың» екендігін білетін менің ұйғырларым туыстарына қарсы түсінік айтып жүрді. Олардың «сен де қоңқабай!» дейтін тігіл жауап алып қайтып жүргенін де естідім. (Тарбағатайдың қазаққа үйірлесіп кеткен ұйғырлары қаззақша аралас тілде сөйлейтін. Олардың қоңқабайлық белгілері сол тілі мен бізді жақтағандықтарынан табылыпты.) Сөйтіп, қоңқабайлар қатары көбейе түсті.
Менің отауым әр сенбі кешінде «қоңқабайға» лық толатын болды. Өзімді қоңқабай демейтіндердің барлығын қоңқабай қатарына қосып күте беріппін. Сөйтіп жүргенімде Сәрсен саясат пен Әлия келді. Сәрсен өлкелік үкіметтің бір бөліміне аударушы болып келіпті де, Әлия партия мектебіне оқуға келіпті. Отауыма қос сайқалдың қосарлана жетуіне алғашында таңданып та, тіксініп те қалып едім. Мақпал мектеп жатағынан үйге қайтпайтын кеш, тұрмысымызды құттықтай келген Әлия Күләнмен танысып, ауыз үйге тамақ істесуге шықты. Оның ахуалын Сәрсен түсіндірді өзі жоқта. Әлияның өзгерісі мен партия мектебіне қабылдануы жөнінде тіпті қонымды шықты Сәрсеннің сөзі:
- «Гоминдаң адамды албастыға айналдырса, гоншандан албастыны адамға айналдырады» демеді ме гоморо, Биғаш, осының керемет даналық сөз екендігі іс жүзінде талай жерде-ақ көрініп жатыр! –деді ол.
- Дәл Әлияны албастыға айналдырған гоминдаң емес-ау! –деп мен күлдім.
- Ол, өз табының идеялогиясынан азат болу үшін қаншалық күресті десеңші, сол жолда әкесін де құрбандыққа шалмады ма!... Санасына қаншалық батылдықпен төңкеріс жасағандығын екі жылдан бері көрмедің ғой, Биғаш, ондағы Әлия жоқ қазір демсомолға1 мүшелікке өтіп, ауданымыздың ең саналы төңкерісші, ең абыройлы қызы болды. Бақытына жарай күйеу жігіт те мықты болып кездесті ғой!...
Сәрсен сыртқа шығып кеткенде ол туралы Әлияның баяндауы да дәл солай сөйленді:
- Биға, «кімде-кім жаман болса, заманы бейнауат» депті ғой Абай атамыз... Бірақ, мен өзім... өзімді заман бұзған дегендей ақталмақшы емеспін. –деп қызғыш тарта күлімсіреп жалғастырды сөзін. – Менің ақымақтығым табымнан жаралып, өзімнің балалық-надандық әуесқойлығыммен өскен ғой!... Ал, мына Сәрсен ағаның өзгерісі адам таңданарлық өзгеріс болды. Бұрын өз пайдасынан басқаны білмейтін қыңыр еді ғой Сәкең, қазір кімде қиыншылық болса, семиясын да, өзін де соның құтылар жолына көпір етіп жатқызатын кісі болды!... Өзіңіз де көрерсіз әлі!...
Сәрсеннің өзгерісі жөніндегі Әлияның, бұл айтқаны Мақпалдың Тарбағатайдан көріп келгендерімен расталғандай, зейін сала тыңдадым. Бірақ Мақпал екеуіміздің қосылуымызға зиянкестік істеген осы салдақының өзін осы үйге мұнан соң үйір етпей, келтірмей қоюдың амалын ойластырғанымша ерекше бір өтініш қойып қалды өзі:
- Биға, өткен іс өтіп кетті ғой... қайта келмеске кетті енді, басқа басқа семияның адамы болдық... мұнан соң өзді-өз семиямыздың татулығын сақтауымыз шарт қой. Оларға... Мақпал мен менің жігітіме ештеңемізді сездірмей-ақ қоялықшы!
- Мақұл, -дедім мен жымиып. - Жігітіңізге ол жайды естіртпей өтуге сіздің бақытыңыз үшін уағда болсын! Ал, менің келіншегім әлдеқашан естіген, айтып қойғанмын. Сондықтан ендігары мұнда келмеуіңіз, оған көрінбеуіңіз дұрыс.
- Нені айттыңыз? –деп сұрлана қарады Әлия.
- Бәрін айттым. Алтайдан жолдаған төрт хатының маған тимеген себебі сенен болғанына сендіру үшін айттым.
- Алдында өткізген қылмысым үшін Мақпалға өмір бойы қарыздарлық сезіммен өтермін! –деп жыламсырай сөйлеген Әлия бетін басты. Көзінен бірдеме шығарып алып басты ма, әлде жылады деп нандыру үшін тағы да шығармай-ақ баса салды ма, онысына қарамадым. Түзден Сәрсен қайтып кірген соң, қайтқанша әңгіме сонымен ғана өтті.
Содан үш күн өткен соң Сәрсенбі кешінде Мақпалым, лыпылдап кіріп, асыла түсті мойныма. Өзі тұтқындықтан құтылғаннан кейінгі Алтай мен Үрімжіден маған жазған төрт хатын қолыма ұстата асылды.
- Міне, хаттарым табылды!... айтқаның түгел рас екен жаным!.. Әлия қайтарып берді, түгел айтты!
- Нені айтты?
- Ғашық болып сені қолына түсіру үшін оның істемегені жоқ екен ғой, бәрін айтып, кешірім сұрады менен!
- Кешіре салдың ба?
- Кешірмегенде, "мойындағанға – кеңшілдік, жасырғанға - қаталдық» дейтін көсем тәлімі бар ғой. Және... сені шынымен жақсы көрген адамды мен жек көрем бе!
- Ол мені жақсы көрсе де... сенімен күндес болды ғой, зиянкестік істеді ғой!
- Ол бұрын менімен таныс-біліс емес, қаншалық зиянкестік істегенін бейтаныстығынан өлшей алмаған. Сені басқаға қимайтындығынан ғана істеген. Ал, сен маған арнаған жүрегіңді сақтағансың. Мені іздестіріп-сұрастырумен ғана болғансың! Менің кегім сонымен-ақ қайтпады ма!
- Ол енді сенің ішіңе кіріп алып, мені тағы айландырса, болмағанда қастық істесе қайтпексің?
- Сенің оған азбайтындығыңа сенімім толық. Айландырғанға айлана беретін бас мынау емес шығар! –деп Мақпал күле құшты шекемнен. - Мен оны сембінің кешіне қонаққа шақырып қойдым.
- Сәулетайым, мына бұрын асқан арсыз әзәзіл болған. Арамызға суықтық салмасын деймін. Оншалық жақындасып кетпе онымен!
- Менің жер бетінде бар-жоқтығымды білмей тұрғаныңда менен сені суыта алмағанда, сенен мені енді суыта алмақ па!... Үлгі алсын бізден, оған жақсылық көрсеткім келеді, қастық істеп қайтер дейсің!..
Сөйтіп, сембілік кешімізге Әлия мен Сәрсен тағы келді. Маған жақын жүретін «қоңқабайлардың» көбімен қолдасып, қошаметтесіп те үлгерді. Мені «Биғаш», «Биған», Мақпалды «Нұрияш», «Нүкеш» атап жыпылдай берген соң, тас бекініп алу жөнін мен де ұмыта бастадым.
Маған әр кеш сайын келіп тұратын Ынтықпай мен Күлән бір-біріне бастан кешкендерін жасырмай-бүкпей түгел әңгімелеп болып еді. Күләннің сүйгенін гоминдаң өлтірсе, Ынтықбайдың жаңа алған келіншегі үшке қарсы науқанда «жолбарысына» ара түсіп өлген ғой. Сондай жан түршігерлік трагедияларын айтысқанда екеуі талай рет бірге жыласып та алған. Бір-бірінің сыр-сипатын алғашында менен ұққан екеуі көп өтпей жалтақтасып, күлімдесетінді шығарды. Екеуі де біреуге қарастағы өзді-өз әдеттерімен тұқыра-сүзе қарасып күліседі. Бұл «сүзілісулеріне» Мақпал екеуіміз дән риза болып жүрдік. «Менің әпекемнің көзі магнитше тартып бара жатыр-ау осыныңды!» деп маған Мақпал мақтанады да, «менің досымның мойны осыныңды мамықша жабыстырар әлі!» деп мен бәс айтамын. Сембілік кештерімізді осы екеуі үшін барынша жасап, өнерлі сауықпен өткізіп жүрдік. Мұндай кештерімізден Әлия мен Сәрсен қалмайтын болды. Қазан-ошақ пен дастарқан мәселесіне екеуі де шебер. Мақпал екеуімізді ол жаққа жуытпай, қонақтар қатарына отырғызып қойып күтеді. «Әлияш» би бастауға, «Сәкең» сауық басқаруға Құдайдың әдейілеп арнап жіберген көсемдері бола кетті. Ал, «әпеке-сіңілі Күләш пен «Нұрияш» бір құрсақтан қосылып ән айта туғандай ғой. Әсіресе, осы екеуінің әні «қоңқабайлар» ды қойша иіретін болды отауымызға.
Сембілік кештер біздің отаудан басталып, өзінен-өзі осылай ұйысты да, 54-ші жылдың жазғытұрымына келгенде жалпыласа дамыды. Әрқайсысы өз үйлеріне шақырып, кезектесіп өткізетін болды. Қалпымызды бұзбай баруға әдеттеніп алдық. Сөйтіп, дастарқанымыз ғана емес, ой-пікір, санамыз да бірлесіп, одақтасып кеткендей сезілді. Саяси пікірден мені талай састырып, қатты сақтандырып өсірген Сәрсен саясатымның өзі де сақтануды қойған сияқты. Жазаланады деп қайтарылған Уаңжынның Бижінге қайтып бара сала орталық үкіметтің бір министрі болып сайлана қойғанын «алдымен естіген» сол болып шықты бір отырыста.
- Үй, әлгі Уаңжін қалай жазаланды екен деп жүргенімізде бір министрліктің тағына шығып та үлгеріпті ғой! –деп қалған біреуге қарап мырс-мырс күлді ол:
- Жаңа естідің бе? Хы-хы-хы... былтыр 8-ші айда қайтып бара салысымен тағайындалған!
- Орталық үкіметтің басқа барлық ісіне сүйінсем де, осынысы миыма симайды! –деп Ынтықпай күрсінді. Жақын отырған Күлән «ол жаққа барма» дегендей стол астынан тізесін қағып қойғанын байқадым.
- Қалай ғана сиғыза аларсың-ау! –деп Сәрсен де күрсініп қойды.
- «Бәрекелде, Лаууаң, жақсы істеп келдің!» деп сый тартқаны ғой, миға симайтын не тұр онда! –деп өршелене түсті тағы бірі.
- Уаң шужидің бұл еңбегі үшін емес, Уаң генералдың бұрынғы еңбегі үшін көтергенде осылай көтер деп пе едік. Гоминдаңды қырғанына көтеріп болған! Шинжаңдағы өзінің қойлары мен қойшыларын қырғаны үшін аспанға шығарғаны қай өнер!
- Қол қашан да ішіне қарай иіледі, жігіттер, -деп Сәрсен тұжырымдады. – Мен соны ғана білдім!
- Осы сөзді қойсақ қайтеді! –деп қасында отырған жігіт күбірледі де, Сәрсен оған қарап, көпшілікке түсінік айтты:
- Мұндай отырыста мұндай сөз керексіз де шығар. Бірақ, өмір бойы аңсап күткен сөз-пікір еркіндігіміз енді ғана тиіп отыр ғой. Осылай сөйлесуге жеткізген Маужушиға мың алғыс. Ішімізге симаған бірер жайтты айтқанымызға қайтер дейсің. Уаңжын түгіл, жекеге шоқынуға қарсы тұруды дәріптеп, өзіне де пікір талап етіп отырмай ма көсеміміз!
- "Бәрін айт та бірін айт, ішіндегі дәнін айт" депті ғой бір қыз, -деді бір қу. – Бұлай болғанда әркім өз қотрын өзі қасығанға жететін мұрат жоқ екен!
- Ие, Уаңжынның жазалану орнына сыйлануын естігеннен бері ұйғыр жолдастар арасында осындай пікір көбейіп кетті! –деп аяқсыз қостай салды біреуі. Сөздің бөліну, дербестік талап ету сынды насырға шауып бара жатқанын түсіндім. Өзімше дұрыс тұжырым айтып, бұл тақырыптағы пікірлерді тиғым келді:
- Жолдастар, мәселе мынада, -деп қалғанымда, қасымда отырған Мақпал санымды қысып қойды да, қарсы жағымнан Әлия басын шайқап-шайқап жіберді. Сақтандырушы қамқорымның екеу болғанына күліп алып жалғастырдым сөзімді. – Кейінгі пікірлеріміз, үркетін жылқыша құйрықтарын көтеріп осқырына бастады ма, қалай!... Осы сөздің шығуына себеп болып жүрген мәселе, Уаңжын идеясын орталық комитеттің үзілді-кесілді шектейтін шара қолданбауы – біраз уақыт болса да жазаламауы ғана шығар. Орталық комитеттің бізді осындай идеяға келтіріп үркітетін жазығы бар ма?
- «Басқа не жазығы болсын!», «баспанамыз, ұйтқымыз болған соң халықтың осындай тілек-талабына жеңіл қарамаса дейміз де!» -десті бір-екеуі.
- Олай болса, дұрыс түсініп алу қажет! Уаңжынды осылай орналастыра қойған, компартиямыздың орталық комитеті емес. Соның ішіне кіріп алып, қымырлап жүрген басқаша тұрпаттағы бір жәндіктер. Тегінде битке өкпелеп, тонымызды отқа тастайтын ақымақтықтан аулақ болайық, жолдастар!
Тағы да Сәрсен бастаған бірнешеуі ду күліп, құптай жөнелді бұл жауапты. Жатып атар Асылқан осы сәтте бір жағымнан күбір ете түсті.
- Айтып отырған битің кім, ей?
- Кім болса болсын, қасқыр бар деп асқар тауымызға атом бомбы тастамайық деймін!... Ұлы мұрат жолында кішкене мәселеге қарап ұли бөліну, үлкен зиян тартқызады!
- Сонда да... қасқырың кім дегенім ғой? –деп тағы да бүлк еткізді Асылқан. Естіп қойған бірнешеуімен қосыла күлдім. Мені қорқытып отырған өзін өзінше күбірлеп қорқытып қойғым келді:
- Ақыметқан екеуіңнің ең қатты қорқатындарың көсемнің аты ғой, қасқыр деп ішіңнен сол кісіні межелеп отырған шығарсың!... Ол кісі нелеріңді жеп, соншалық құбыжық болып көрінді сен екеуіңе, соны өзің айтшы, қане!
- Біз қорқу емес, ол кісіні күніміз деп сыйлаймыз, қасқыр деп сол көсемді айтқан болсаң, тұмсығыңа қойып жібермекпін! –деп ол күбірледі.
- Бір басшыны күн деп шоқынатындарға қарсы күрес ашыңдар деп, ол кісі өзін адам деп санайтындарға бұйырып отыр. Кімнің тұмсығы қатер астында тұрғанын осыдан-ақ байқарсың. Ертең-ақ Ақыметқан екеуің көресің, тұра тұр, бәлем!
- Оғанға дейін ішіп ал десеңші!...
Осымен оның қалжыңы саяси түртпектен дастарқан түртпегіне айналды...
Былтыр Совет компартиясының бас секретары – Сталин өлгеннен соң оның ізбасарын қағып тастап, орнына Хрущев шыққан. Өлген көсемін «жеке өзіне ғана табындырушы болды» деп тірі көсем қаралап, қатты жазалай шыққан болатын. Жекеге табынуға қарсы науқан Совет одағында осылай басталып, Сталиншілерді кеңірдектеп жатты. Ал, Сталиннің табындырушылық ізіндегі ілесуші Жұңго компартиясының «қызыл күні» болып алған Маузыдұң, «Сталиннің басқа ұлы күрестердегі абыройын сақтап қалу» желеуімен ол науқанға қарсы болды. Солайда сырт көзге сталниншіл емес болып көріну үшін, «өз қызметіміздегі ондай жарамсыз стилден тәжірибе алуға – сақтануға» бұйрық түсірді. Сөйтіп, «жекеге табынуға қарсы тұру» науқанын біз де жүргізуге дайындалдық. Асылқанды «тұра тұр, бәлем» деп қорқытқаным осы айтылған науқан еді. Оның құбыжықты қалжыңын осы құқаймен тосқаным болмаса, азуымды басқаным, әрине, нақ табынушы Ахыметқан сияқтылар болады ғой. Үлкен газеттерден сол тақырыптағы мақалаларды қайта оқып, құралданып болғанбыз. Бұл науқанға әр күні таңертеңгі екі сағаттық үйрену уақыты ғана белгіленген.
Жекеге табынушылыққа қарсы өзара пікір айтысу, сындау сатысы басталғаны жарияланды бір күні. Бірақ көпшілік пікірі «өзара» түгіл мекеме маңына да жоламай, ауа жайыла берді. Кей бірі тіпті Құдай мен Сталиннен басқа табындырушы «таба алмады». Кейбірі одан төменіректерден іздесе де, Уаңжыннен басқасына беттей алмай сипалақтады. Кейбірі өз тіршілігімізден бірдеме айтқысы келсе де, табындырушысын атай алмай жаймашуақтады кеп. Біліктілері өз құйрығымыз қалай болар екен дегендей, арттарына жалтақтап, үнсіз қалды. Сөйтіп, бәрінің де шоқындырушыны мықтап шоқи алмай, шоқынушыны шоқығысы келмей отырғандықтары байқалды.
- Жолдастар, бұл науқанда біздің негізгі түзететініміз жекеге табынушылар, -деп бастадым өз сөзімді. – Табынушы мүриттер түзелсе, табындырушы әулиесі қайтер дейсің. Дәл қазіргі кезеңде біздің желкемізден басып зорлап табындырушы табуларыңыз қиын. Ал, сорлы бастарын өздіктерінен жерге соғып, өздіктерінен табынушылар баршылық. Ондайлар құлшылық пен табынушылықты қызмет орнын сақтап қалудың кілті деп түсінеді. Ондайлар қазіргі білікті құқығы бар жекелерді компартия орнына қойып табынады. Өзі сайлап, сиынып жүрген сол құқықтысы не айтса, соны партия нұсқауы деп, мойнына бойтұмар етіп таға қояды. Онысы, «пәленде кері төңкеріс идеясы бар болуы мүмкін» деп қалса, «ие, дәл таптыңыз, ол нағыз кері төңкерісші» дей салады. «Кіс іөлтіруші шайкада пәлен-пәлендердің барлығы байқалды» дей қалса, «дәл айттыңыз, мен де соны білдім. Ол шайкада осылардың бар екендігін көрініп тұр!» дей салады. «Ал енді осыны сіздің дәлелдеп бере алатындығыңызға сенеміз ғой?» деп сұраса, «дәлелдеу деген сөз бе, оны дәлелдеген-дәлелдемегенде не тұр, партияның өзі де көріп отырыпты ғой, ол қате бола ма, жүріс-тұрыстарынан маған да дәл солай көрінді. Мәселен, пәлен пәлен уақытта дәретке шыққанда, түген де шығып кеткен. Пәлен кіргенде, түген де кірген» деп қисындастырып, қиырдағы пәлені шиырдан тауып құрастыра береді. Осыдан келіп, жала да туады, қаза да туады. Дүниені тышпай бұлғайды! – Осы сөзге келгенімде қызметтестер дуылдай жөнелді. Пікірімді аяқтатуға әрең тоқтаттым. – Жекеге табынушылық бізге дәл осындай аса ауыр зардаптарын тигізіп жүр, жолдастар! Біздің осындайлардан бір рет болса да есеп алып, мұнысының қоғамға қаншалық дәрежедегі у болатындығын айқындап, түсіндіріп қоюға борыштымыз. Табындырушыны тию үшін алдымен табынушылықты тиюымыз қажет. Өзінің табынушыларынан айрылса, табындырушылардың өздері халыққа табынатын болады. Ең жақсы шара осы!
Сөйлеуді талап етушілер жалақтап, шуылдай көтерді қолдарын. Бәрінің де көз қыры Ақыметқанда екендігін байқадым. Ал, ол местің өзі қаннан қаперсіз, өзіне келер-кетер сөз жоқтай орындығына шалқалап, екі бұтын екі жаққа тастап, жатып алыпты. Ақырғы сөзімді айқайлап әрең естірдім басқарушыға:
- Менің бұл әшкерелеп тұрғаным, барлық табынушы пенделердің бір түрі ғана. Өз маңдайына құлдық таңбаны өзі басып алған ең сорлы біреуі ғана. Бұл табынушы дәл осы залда өз ортамызда отыр. Мәселесін алдымен өзі тексеріп, өзін-өзі түзетсін! Егер шындығына келе алмаса, иә, түсіне алмаса, пәктік көмегіміз бен түсінігіміз сонан соң айтылады! –деп тоқтаттым.
Ақыметқанға қарап, көпшіліктің түсі бұзыла бастап еді. Жиын басқарып отырған мекемеміздің кеңсе бастығы, бас хатшы Лижурін, сөйлеуді талап етушілердің ешқайсысына рұқсат етпей, өзі сөйледі мұнан соң. Біреудің атын атап сындамауды, қатты тиетін, абыройын төгетін сөз шығармауды, біреуге түсін бұзып шұқшимай, «Биғабіл жолдасша» жуас сөйлеуді ескертті. «Өзін-өзі сындаушылар болса, өз ықтиярымен шықсын, өткендегідей күреске тарту позициясын қолданбаймыз» -дей салып, жиын уақытының біткендігін жирялады.
Кешке жақын мені шақырып алып, тым «жуас» ескертті өзі де: «сіздің сөзіңіз бастан-аяқ орынбасар бастығымыз Ақыметқан жолдастың үстінде болғанын бәріміз де түсініп отырдық. Жақсы сөйлеп, қонымды, жетерлік тәрбие бердіңіз. Өзі де жақсы әсер алғанын айтты. Мұнан соң оның өзін-өзі тексеруі жөнінде қузастырмай-ақ қойыңыз. Ол да, сіз де партияның жақсы кадрлары. Біріңізге-біріңіз шабуылдай берсеңіздер жақсы нәтиже бермейді. Әсіресе, Ахыметқан жолдас партияның басшылық қызметтегі жақсы кадры.
- Партияның жақсы кадрлары бірін-бірі сындамаушы ма еді? –деп жымия сұрадым мен.
- Сындайды, әрине, сындайтынын білесіз ғой, бірақ, мәселен, Ахыметқан жолдас, тек партияға ғана табынамын дейді. Солай болу жақсы ғой, оны ашық сындап не өндірерміз!
- Сонда өзінің табынып жүрген «партиясы» кім? Кісі өлтіру шайкасы ретінде әркімді жаңсақ көрсетіп, алжастырып жүрген «партиясы» қай жолдас екен? Өзінен анықтап сұрадыңыз ба осыны?
- Аха...ха...һа...а... сұрадық, сұрадық, бәрін де сұрадық, өзі де мойындады, Биғабіл жолдас! Ал, осыны енді көпшіліктің алдында сөйлетудің кімге пайда, кімге зиян болатындығын ойланыңызшы! «Өзімді партия мәнпағаты жолында құрбан етуге әрқашан дайын тұрамын!» деп партияға өтерде берген анты бар ғой! Ха-ха-ха-һа... а... бұл науқан жөнінедегі жоғарының жол-жорығы осылай ғана сындау. Бұл міндетіңізді толық орындадыңыз, жақсы ескерттіңіз, болды!
Мен қолымды бір сілтеп тастадым да, жөнеле бердім. Ертеңіндегі науқан жиынында сөйлеушілердің кешегі арынынан тағы да айрылып қалғандығы көрінді. Кей «жолдас» нысанамызға артқан қылмыстарын «кемшілік» атап, қойжорға қоңырларын бүлкілдетіп қана өтіп жатты, Ахыметқан жаққа тіпті басар емес. Лижурін бәрін де емдеп қойыпты. Оның өзнің елпек, ерке бұралқысын қорғайтындығына сенетін Ахыметқан «Пу тыңжаң да»1 бұл науқанды алшайғаннан алшайып, қатердің иісін де сезбегендей қаперсіз өткізді. Әйтеуір, сол кәрі қораздың сұры тәжін өткір тұмсығыммен алғашқы сәтте бір шоқып өткенім ғана сауап болғанын сезіндім. Бірер айға дейін мойнын ішіне тыға жымиып, маған жуастау қарап жүрді.
Онысының монтанси жүріп орай күту екенін қайдан білейін, құлағын жымқыра бастады бірер айдан соң. Шанхайдың Хупың атты дарынды ақыны «жекеге табынуға қарсы тұру» науқанында «тұп-тура партияға қарсы – Маужушиға қарсы шақшиып шыға келіпті» деп естігенбіз. Күштіге шақшия қоятын сау адам болмаса да, шиқанға тиіп кететін шындық болады ғой. Содан от алып «Хупыңға қарсы тұру» дейтін тағы бір науқан іле-шала басталып кетіпті. «Жекеге табынуға қарсы» науқанның аяқсыз тоқтай қалғаны, табындырушылардың өздеріне төнетін зобалаңнан қорыққаны екен де, Хупың сияқтыларды түншықтырып, құртып жіберу науқаны екен. Ақаңның құлағы бекер жымықтырылмапты.
«Хупың» ғана емес, «Хупың тобы», «партияға қарсы Хупың шайкасы», «Хупыңның кері төңкерістік ұйымы» аталып, зорая түсті. «Бұл науқанымыз, шынтуайтқа келгенде буржуазияның кері төңкерістік шабуылына қарсы шабуыл» деп бадырайғанда Ақаңның көзі маған ақшия бадыраймасын ба.
Сөйтсе де, сауапты ісім қылмысқа айналар ма екен деп күмәндана қоймадым. Буржуазияның шабуылы болса, оған қарсы мен шаппай кім шаппақ. «Буржуазияның конфет қағазына оралған бомбасына» - буржуазияның жалбызбалап кіріп алған жағымпаз сайқалдарына қарсы құлағымды қайшылап, мен де құралдана жүрдім.
Біздің буржуазияны өзгерту саясатымыз – ынтымақ, күрес – ынтымақ формасында. Ал, Хупыңшылар - буржуазияның партияға қарсы тісін қайрап шыққан бас өкілі. Сондықтан бұларды біз осы науқанда қатты сын тезіне алып түзетеміз. Түзелмесе, мәселені батыл күрес жолымен шешеміз деп белгіленді бұл науқанның характері. Алғашқы күнгі жиынымызда осы мазмұнға қарата әркім өз көзқарастарын сөйлеп, позиция білдірді. «Буржуазияның шабуылына қарсы» ауытқымай батыл күрес жүргізетіндіктері жөнінде қатысушылар түгел уағда беріп өтті. Бұл уағданы, әрине, Ахыметқан екеуіміз де мықтап бердік.
- Менің бұл реткі пікірім Биғабілдің үстінде, -деп бір зекіп жіберді де, қайтадан жуасып, сабазси жалғастырды сөзін. – Алдымен соны ескертіп қояйын, Биғабіл екеуіміздің арамызда жеке өштік - қастық жоқ. Біраз білімі бар қызметкеріміз болған соң, тең-тұс қызметтестерше тату-тәтті өтуге тырыстым. Бірақ, партиялық принцип бойынша, жолдас болмай, арандатушы, арам пиғылды оқымысты болған соң, шекарамды ажыратуға тура келді. Бұл азаматтың білімі түп түгел буржуазиялық білім екен. Мұның партияға кім жақын болса, сонымен жауласатындығы, өзінің кім екендігін айқын көрсетіп бере алады. Мәселен, өткен «жекеге табынуға қарсы» әрекетте кім екені белгісіз, партиялы-принципшіл бір кадрды қаншалық улы тілмен шаққанын көрдіңіздер ғой!...
- Көрдік, көргенбіз, білеміз! –деді бір ұйғыр жігіт күліп жіберіп, өшіктіріп айтақтай түскені сезілді. – Тұп-тура сіздің үстіңізден сөйлеп, сізді шаққан, сізді масқаралаған!
- Ендеше, солай-ақ болсын, -деп өршелене түсті Ахыметқан. - Хупың да солай шыққан. Партияны кім қорғаса, соған қарсы атылған. Ал, партияны Биғабіл да «көзбен мидан айрылған кеуек бас» деп, ... айдың... күні... інші сағатта, менің үйімде, дәл менің алдымда айтқан. Және дәл сол отырыста «Маужуши компартиядан басқа адам», «компартия деген бір идеямен біріккен емес, құрама» дейді. Осылай ғой, Биғабіл мырза! Қане, Хупыңнан басқаша оқымысты екеніңді енді дәлелдеп көрші!... Жолдастар, сөзді енді осы Хупыңның өзіне беріп көрелік. Өзін-өзі тексерсін, мәселесін толық тапсырсын! Бұл, дегенмен буыны қатпаған жас Хупың ғой, өзін-өзі тез түзетіп, бөгелмей қатарымызға қосылып кете алар! Сөзімді осы жақсы үмітпен тоқтата тұрмақпын. – деді де қарнын былқ еткізіп отыра кетті.

Әділетті тергеушім, бір құлаққа әр айғай. Қашқан да Құдай дейді, қуған да Құдай дейді. Қашқандар құтқар деп тілесе, қуғандар жеткіз деп тілейді. Дүние у-шу. Бәрін бір өзіне табындыру үшін Құдекеңнің өзі әдейі осылай қарама-қрсы шулатып қойған ба екен деп ойлаймын. Ал, қарама-қарсы, қым-қиғаш мүдделер мен шырма шату, шытырман тілектер сол табындырушымыздың миын өз бас сүйегінің ішіне де қоймай шашып, қасқырға ет, қойға шөп етіп жіберген бе екен деп те ойлаймын. Мәдени төңкерісші, қып-қызыл қорғаушым, бәрін де өзіңіз басқармасаңыз мына әлем мәдениет пен санадан жұрдай болып, қалымыс шыңырауына батып кетер ме екен!


V


"Ахыметқанның бұл әшкерелеуі Биғабілдің төбесін ойып түсті» деп білген Лижурын ожырая қарады маған. Қисық көзінен қызыл ұшқын жылтылдады. Ақсұры жүзіне сес пайда болып, келте танауы үңірейе қалды.
- Жолдастар, қазір науқанымыздың әшкерелеу сатысы, -деді сонан соң көпшілкке қарап. – Үстінен пікір түсушілерден жауапты кейін аламыз. Алдымен әшкерелеушілер сөйлеп болсын. Ахыметқан жолдас аса жақсы сөйледі. Осы науқанымыздың қарсы тұратын мәселесін дәл басып сөйледі. Бәріміз де Путынжаңнан үлгі алайық! Хупыңшылардың ешқандай мәселесі жасырынып қалмасын! Ада-күде әшкерелеп, азат болыңдар! Ал, үстінен пікір түскен жолдастардың да өзі білетін басқа Хупыңшылардың мәселесін әшкерелеуіне болады. Бұл, олардың өздерінің кеңшілік алу жолы. Қане енді кім сөйлейді?
Көпшіліктің үнсіз қалуынан тынышсызданғандай жалтақтаған күзетші Рузы ахұн қырма бурыл сақалын сипай түрегелді.
- Мен мына Ахыметқан тынжаңның пікіріне қосыламын. Биғабілдің үстінде басқа пікірім жоқ. Таныстығым аз екен. Менің Әбілемит жолдасқа бір-жар ғана суалым бар. Жекеге табынушыларға қарсы әрекетте бұл кісі де недәуір сөйлеген. Сол шақта маған да бір рет «Розы мүрит» деп күлген. Кімге мүрит болғанымды, мүрит болып не істегенімді енді сұрамақшымын. Және Биғабіл әпендінің қандай әпенді екендігін енді көріп отырыппыз. Ол әпендіге бұл әпенді соншалық көп расхот шығарып, той жасап берген, сондағы мақсаты не, қандай байланыс бар? Осыған да ақиқи толық жауап берсін!
- Менде пікір бар, -деп Сымайыл орақ ауыз түрегелгенде, мені бұл да бір орып өтер ме екен деген оймен, Әбілмейітке жымия қарап едім. Ол миығынан күліп, төмен қарап алды. – Жолдастар, сақтығымызды күшейтейік, мына екі әпенді бір-біріне қарап күлісіп отыр, бірлесіп алды көрдіңіздер ме!
- Бұл екеуі бірлесіп алған болса, Хупыңшыл топ құрған болса, ашық фактыңызды қоярсыз! –деді Юсуп Қасым. – Ал, қазір күлді деп, бір-біріне қарап қойды деп пәле жапсыра беретін солшылдықты такрарламайық, жолдастар. Мәселе әшкерелеуде тек факт қана құқық жүргізеді, факт бойынша сөйлейік!
- Осы күлкісінің өзі де факт емес пе, жолдас, сіз жаңа келдіңіз, білмейсіз бұлардың сырын. Бөріні бөрі иіскеп табады. Маған осылардың осындай күлкісінен кісі өлтіру шайкасының тіректі мүшесі деген жала жабылып, үш ай қамалдым. Бұлардың бәрі бір орманның бөрісі! Биғабіл әпенді жекеге табынуға қарсы әрекетте сол ахуалдарын біраз сөз қылғандай болып еді. Осы ағалары қарап осылай күлген соң жым болып қалған. Сол күлкімен-ақ жасырайық дегенді ұғысып, әшкерелейтін мәселесін аяқсыз қалтырып қойған. Мені қаматқандар енді толық табылды. Осы Биғабіл ғұнсұр1 мен анау жақсы сөйлеп отырған қоңқабай Ахыметқан тынжаң. Бізді «кісі өлтіру шайкасы» деп шыққан осы екеуі. Бұлардың пікірін партком жиынында қорғаған, осы Әбілемит «акамыз»! Буржуазия зиялылары жұмысшылар табына тіс-тырнағымен қарсы. Бізді жоғалтуды ғана ойлайды. Буржуазия шабуылына қарсы бұл әрекетті қозғап берген ұлы көсеміміз Маужуши түмен мың жасасын!
Сымайыл орақ ауыздың бұл сөзіне қарсы күбір көтерілді. «Бағыраз!»2, «бағраз!» деседі. Көздер алара қалған екен. Бірнешеуі: «дөйдала, лақпа пікірді тоқтатайық!» десіп, жиылыс басқарушыға дабыстады. Ең соңында біреуі:
- Биғабіл жолдастың жекеге табынуға қарсы науқанда көтерген пікірі аса дұрыс, ақиқат пікір болатын! Ол пікірін біз қазір де қорғаймыз! –деп орнынан көтеріле сөйледі. Бұл сөз шығысымен «жиын уақытының біткені» жарияланды. Сол күні кешке шейін күңгүрледі Лижурынның бөлмесі. Белсенділер бір-бірден шақырылып, тәрбиеленіп жатқанын сездім.
Ертеңіне таңертеңгі жиында Ахыметқан тағы да бірінші болып сөйледі.
- Биғабілдің жекеге табынуға қарсы науқанда партияның адал бір кадрына жасаған шабуылын кешегі жиында кей жолдас ақтамақ болды. Бүгінгі әшкерелейтінім Биғабілдің сол сөзі, -дей бергенде Ошұр бұғалтырдың ызасы бұрық ете түсті.
- «Партияның адал кадыры» дегеніңіз кім ол?... «Партияның адал кадырына жасаған шабуыл» дей бермей, «маған жасаған шабуыл» деп бірер рет дұрысын айтсаңыз болмай ма!
- Кімге қаратса да, мен Биғабілдің сол сөзінің тұп-тура Хупыңның партияға жасаған шабуылы екендігін дәлелдемекпін! –деп тастап Ахыметқан сөзін қайта жалғастырды. – Сол сөзі арқылы Биғабіл Хупың, жекеге табынушыны сындау далдасына өтіп, партияға жақындаушыларды жоймақ болды. «Табынушылары жойылса, партияның өзі халыққа табынар еді, бұл жақсы болар еді» деген кімге қарсы екендігін ап-ашық көрсетіп тұрмай ма! Сөйтіп, партияны халыққа табындырып, оның халыққа жетекшілік рөлін жоймақ болды!... Қане, Биғабіл мырза, сондағы әшкерелеу сөзіңнің осыдан басқа не мағынасы бар? Қане жауап беріп көрші!
- Менің ол сөйлемімде «партия» деген термин жоқ, «табындырушы» дегенмін сонда да. Бұл сұрағыңызға сұрақ қана болмаса, жауап шығын бола қоймас! –деп жымидым мен. – Жиын төрағасы, мына әшкерелеушіңіз сұрақ қойып отыр маған, жауап берейін бе?
Ли журін қасында күбірлеп отырған тілмәш ханзушаға аударып болғансоң ғана сөйледі.
- Сіздің жауап беруіңізге қазір рұқсат жоқ. Әшкерелеушілер сөйлеп болған соң ғана жауап бересіз. Жақсы тыңдап жазып ала беріңіз
- Сөйлесін, сөйлесін! –деп дүр ете түсті көпшілік. - Әшкерелеушінің өзі сұрап отырғанда жауап бергізбеу, не деген сөз!
Лижурын көпшілікке жалтақтай қарады да, маған иегін көтеріп қалды. Маған сөз бергені еді.
- Ахыметқан ақсақал осы реткі сөзі арқылы маған тағы да үлкен жала жауып тұр! –деп бастадым сөзімді. - Бұл қылмысын мына екі сұраумен ғана мойындата аламын. 1-ші сұрау. Маузидұң жолдас «біз, халықтың өгізі бола білуіміз қажет» деген бе, иә, партияның өгізі бола білуіміз қажет деген бе?...
- Халықтың!... Халықтың өгізі болуды айтқан! –деп қалды біреулер.
- Ендеше, халыққа табынудың, яғни өзіміздің жаратушымызға, партиямыздың әкесіне табынудың қателігі қай жерінде? – Жаңағы жапқан жаласына қарсы осы сұрау туылады. Екінші сұрау: партияға табынушы құл қажет пе, иә, азаматтық еркі, адал жүрегі бар жолдас қажет пе? Яғни мүшелерін жолдастыққа шақыра ма, құлдыққа шақыра ма? Бірінші сұрауыма Маужушидің жауабы жеткілікті. Ал, осы, кейінгі сұрауыма ғана жауап беріңізші, өз сұрауыңызға жауапты содан шығарып берейін!...
Ахыметқан шалқалай құлады орындық арқалығына. Сол қылығына жарай маңайында отырғандар ашулы үнмен қайталап сұрады:
- Жауап беріңіз, біз де соны сұраймыз сізден! – Алшаймай тыңдаңыз сұрауды! Айтыңыз, бір ғана сөз ғой жауабы, «партияға құл қажет пе, жолдас қажет пе?»
Ахыметқанның жаңа түскен келіндей қымтырылуына алара қарап, Лижурынның өзі де қиналды.
- Бұған жауап бере алмайды, қинамаңыздар енді! –дедім осы ахуалдарын көрген соң. – «Партияға жолдас керек» дейін десе, маған жапқан жаласы уытынан айрлып қалады. Ал, «партияға құл керек» дейін десе, өзіне қорқыныш. Менің орныма өзі Хупың болып «сайланбақ». Егер партия өзіне табынуға жол қойса, партиям деп жекеге табынуын осы борсық қояр ма!
Көпшілік дуылдай күлді. Мен жиын төрағасына өзінше иек қаға салып отыра кеттім.
- Қане, Биғабіл әпендінің үстінде әшкерелейтіндеріңіз бар ма, сөйлеңіздер! –деді Лижурын.
- Жоқ! Жоқ, пікіріміз жоқ! –десті көпшілік.
- Бар, бар! –деп екі жігіт қол көтерді. Әлі де бірдеме шығар дегендей жымиған Лижурын ым қақты біреуіне. Кеше кештегі ең жақсы қайралғаны болса керек. Маған сүзе қарап, шұқшия сөйледі.
- Биғабіл «әпенді» сіздің үстіңізден Ахыметқан жолдас екі күннен бері ауыр мәселелердің ашық факттерін қойды. Ал, сіз ол факттерді екі сұраумен ғана тойтармақ болып, қарсы позиция көрсеттіңіз. Біз оныңыздан қорықпаймыз! Сіздің буржуазиялық біліміңіз бір тиын! Біздің сұрағымызға қарсы сұрақ қоймай, жуастықпен жауап беріңіз сол факттерге! Оның соңынан кезек алған екіншісі де сол пікірді қуаттады.
- Биғабіл «мырза» қазір жауап берсін! –деді ол айқындап сөйлеп. – Біздің қоятын әшкерелеу факттеріміз бен пікіріміз сонан соң сөйленеді!
- Жауап берсін, өзін тексерсін! –деп тағы екеуі айқайлап жіберді.
- Ахыметқан «жолдастарыңыздың» мені Хупыңға қосу үшін қойып отырған дәлелсымақтарының бәрі жала! –дедім қайта түрегеліп. – Менің сөзімді қаншалық бұрмалағандығын білетін мына көпшіліктің алдында тіпті ашықтан-ашық жала. Бірнеше науқан әбден дәнігіп семіріп алған, беті өте қалың жала. Мұндай қалың батпаққа кетпеннен басқаның күші жетпейді. Бұған менің қайтаратын жауабым жай жауап емес. Кетпенмен құралданған жауап болуға тиісті. Кетпендеп ашамын мұндағы мәселені. Бүтіндей қарсы факт қойып, қарсы күрес ашамын. Одан мына науқанымызға жаман әсер жететіндігі сөзсіз. Сондықтан партия группасында ғана сөйлейін! Қазір менен жауап сұрамай, әшкерелейтіндеріңіз болса әшкерелей беріңіздер!... Гүлниса жолдас! –деп қалыппын сонан соң. Көпшілікпен бірге күліп отырған жиын хатшысына қарадым. – Менің осы пікірімді толық жазыңыз!
- Жолдасыңызды тауып жолдас деңіз, жолдас! –деп шаңқ ете түсті хатшы әйел. Ұйғыр тілінде өзінің жұбайын «юлдаш(ым)» деп атайтын әдеті бойынша шамдана қалды. – Мен сіздің жолдас емес!
Бұл сәтсіздігіме көпшілік ду күлді.
- Немене күлкі! –деп зірк ете түсті Сымайыл орақ ауыз. Көпшілік тына қойды. Сымайылдың ойнақтап кеткен тасыр көзі менің басымнан аса шақшиды. – осы жиында қойылған мәселеге осы жиын мүшелерінің өзі жауап алады! Қалай дейсіздер, жолдастар? –орақ ауыз осылай сапылдасымен серіктері сақылдай жөнелді.
- Жауап берсін, жауап берсін!
- Биғабіл Хупың бізді қорқытпасын, жауап алмай қоймаймыз!
- Хош, біздің бұл төңкерістік әрекетіміге жаман әсер тигізіп көрші қане! –деп Рузы күзетші түрегелді. – Жиынымызды бұзатын өнеріңді көрсетші, қане! Кетпенің мен балтаңды шығаршы, қане, көріп алайық!
- Мен ол кетпенді ештеңе түсінбей бақылдап тұрған сіздерге емес, төңкерістік мына науқанға да емес, басшыларыңа ғана көрсетпекпін. Біздің арамызда қайталап өніп тұратын апаттардың бір тамырын партия группасының алдында қазып көрсетіп қоймақпын! Осыны да түсінбейсіздер ме?
Бұл сөзіме Сымайыл орақ ауыз бастатқан үш-төрті аңыра қарап тұрып қалды да, Рузы ахұн сәл бәсеңдеу үнмен сұрады:
- Олай болса, науқанға жаман тәсірі тиеді дегенің не сөз?
- Мәселен, мен әлгі айтылған қалың батпақты қазғанымда Лижурынның бетіне шашырайтыны сөзсіз. Ал, Лижурын қазыр партгруппасының уақыттық секретары. Осы науқанды жүргізіп отырған бірден-бір бастық. Басқарушының бетіне батпақ жабысқанда науқанға әсері тимей қала ма! Мен осы науқанды сондай нәжестен аяп сөйлемей тұрмын. Кешіріңдер! Мен жеке жерде партия группасына ғана сөйлеп берейін!
Партияның Әбілемит бастатқан бірнеше мүшесі Лижурынды қоршап күбірлесе қалып еді. Жаңа келгендігінен ғана сөз қатыстырмай отырған Ынтықбай зіркілдеп жіберді осы сәтте:
- Партия группасына жауап беруіне не себепті қарсы болдыңыздар осынша! Мекеменің ең негізгі басшылық ұйытқысын, партияның мекемедегі өкілдік ететін орынын танымайсыздар ма? Иә, партияға бағынғыларыңыз келмей ме?
- Жоқ, партия иәшейкасын таниды. Мәселе мынада, - деп Юсуп Қасым көпшілікке әдейі естірте жауап берді оған. – Партия группасында үстінен пікір түскен жолдастың жоққа шығару, қарсы пікір айту құқығы болады ғой. Ал, мына науқан жиынының принципінде үстінен пікір түскен азаматтың қарсы сөйлеу құқығы болмайды. Бұлар сол принциптен пайдаланып, жойғысы келген «жауларын» осы залда жөндеп алмақ!...
Маған төнген мықтылар айқайдан мүлде қалды. Зал жым-жырт. Жиын төрағасына бірдеме деп қолын сермей салған Әбілемит сыртқа шыға жөнеліп еді. Меңгерме бастығының артынан қарап қалған Лижурын орнынан күрсіне түрегелді.
- Бүгінгі жиын осымен тоқтады. Қазір өзді-өз бөлмелеріңе қайтып, пікірге-әшкерелеуге дайындала беріңдер, ертең жалғастырамыз!
Мекемеміздегі партия группасының Уаң фамилиялы жөндемі секретары Кулиге емделуге рұқсат алып, орнына осы хатшылар бөлімінің балстығы Ли Журынды уақыттық сайлап кеткен болатын. Науқан жиынын тарата сала секратар бөлмесінің есгіін ашып, партия группасын кезектен тыс жиынға шақырды. Мүшелерінің санын жаңа келген Юсуп Қасым мен Ынтықбай он бірге әрең толтырыпты. Өзара біраз сөйлесіп алған соң шақыртты мені. Қақ төрдегі орындықта секретар столында шашын құйын соққандай дудыратып Ли журын отыр екен. Мен кіріп келгенімде, шектерірек бір орындыққа отыруымды нұсқады.
- Бұл реткі жиынымыз Биғабіл жолдастың талабы бойынша кезектен тыс шақырылып отыр, -деп бастады Ли Журын сөзін. Бұл бөлмеге кірісімен «жолдас» аталғаныма жымиып отырғанымда, жолдастықтан қалдыратындай сөзді тағы шығарды. – Бұл жолдастың өзінің үстінен мәселе әшкерелеушілерге көрсеткен позициясын өздеріңіз көрдіңіздер. «Партияға құл керек пе, жолдас керек пе?» деп айқайлауға дейін жетті. Партияның әрқандай дәрежелі мүшесі Жұңго компартиясның абыройына нұқсан жеткізетін мұндай ұран көтермейді! Ал, өз үстінен пікір көтеріліп жатқанда мәселе қойған сол көпшілікке жауап беруден бас тартып, мекеменің партгруппасына ғана жауап беруге сіресіп алуы да дұрыс кадрдың ісі емес. Комунист сыннан қорықпайды. Талабы бойынша сөзді енді Биғабілдің өзіне берелік. Қазірше отырып сөйлесін. Егер бұл группада мәселесін жасырып кетпек болса, бәрі-бір көпшіліктің алдында қайта шығаруға мәжбүр боламыз. Ұқтың ба, Биғабіл, қане сөйле!
- Мен көпшіліктің алдында сөйлеуден бас тартқан болсам, қазір-ақ анықталады. Асықпаңыз, осы сөзіңіз де жауапсыз қала қоймас! Науқан жиынындағы жауабымды жақсы ұқпапсыз. Аударуда жаңсақтық болды ма екен! Солай да, мені түсіретін тор тоқуды ғана ойламай, жауапкерлікпен, ықылас қойып тыңдауыңызды талап етемін! Тілмаш жолдас, секратерға осы сөзімді бір жеткізіп қойыңызшы! –Ханзуша, ұйғырша, қазақша тілге жетік сібе тілмаш аударғанда өзім де тыңдап отырып сөйледім. – Үлкен жиында менің үстімнен Ахыметқан Путынжаңнан басқа ешкімнен «факт» түспегенін білесіздер. Демек, менің барлық әшкерелеуші талапкерім де осы бөлмеде, осы жиынға қатынасып отыр. Сыртта менің үстімнен пікір көтеретін басқа ешкім қалған жоқ. Сөзім қате болса, өзінше бұрмалап, өтірік қоссам осы жерде айтып, бетіме түкірсін! Егер өзі тағы бұрмаласа мен де енді кешіре қоймаспын! Осыны бір жеткізіп қойыңыз, тілмаш!... Мен енді түсінікті болу үшін Ақыметқан екеуіміздің арамыздағы мәселеден бастайын. Былтыр күзде Абыланың жасырын пышақталуы жөніндегі тергеу күшейген шақта, «кісі өлтіру шайкасы» деп аталғандар қамалып жатқан шақта, мен де бір рет тергеуге түстім. Содан екі-үш күн өткенде Ахыметқан Путынжаң мені қонаққа шақырды. Әңгімеміз былай басталды...
- Мұны сөйлеудің не керегі бар! –деп тыжырына қалды Ахыметқан. - Әбілемитті көзімен нұсқап, оның алдында мұны сөйлеме дегендей басын шайқап қалды. Мен сөзіме осынысын да қостым.
– Секретар, мына әшкерелеуші белсендіңіз күрестегі Хупыңмен ымдасып отырғанын көрдіңіз бе? –деп қарқылдай күліп едім, қызарақтай ескертті Ахыметқан:
- Жолдастарды бір-біріне өшіктіріп, арандатпай-ақ, өз мәселеңе жауап берсең болмай ма! Тіпті ұлттар ара өшпенділік салмақсың ғой!
- Кетпеннің басын бассаң, сабы тұмсығыңа тимей қайда тимек! Сен жала жабуға дейін жеткенде мені шынын да айта алмайтын ынжық деп білгенбісің? –деп ашына жалғастырдым сөзімді. – Менің кетпенмен қазамын дегенім осы болатын. Маған жапқан алдыңғы екі жалаң сондағы сөзден бұрмалап жасалған жала екендігін ұмыттың ба? Сол пәлеңнен осы факттерді ашпай қалай құтылмақпын!... Қонаққа шақырып алып сөйлеген Ахыметқанның сол сөздерін қазірше қысқартып қана баяндай тұрайын. «Кісі өлтіру шайкасы» деп аталып сол қамалғандар жөніндегі көзқарасын Ахыметқан маған былай сөйлеген: «бізге партиядан басқа мидың да, көздің де қажеті жоқ. Бұл мәселеден қамалғандардың ешқайсысын ақтаушы болма, партияның ыңғайына қарап, алдына түс те, түйсінгеніңді де, күмәніңді да дәлел етіп сөйлей бер! Ақтауды да, қаралауды да партияның өзі біледі!» - осылай сөйлеп пе едіңіз «Ақсақал», мен өтірік айтып қойдым ба? –деп сұрадым. Ахыметқан үнсіз тоңырая түсті. Мен сөзімді жалғастырдым. – Сондағы Ахыметқанның осыншалық пассив үгітіне қарсы былай жауап қайтарғанмын: «Партияның әрқандай мүшесі мұндай жауапты мәселеде шындықты іс жүзінен іздеуге борышты. Партияның менен күтетіні сенім ғана деп көзді жұмып қостай салуға борышты емес... Партия ұйымы сізден ондай мүриттік үміт күтпейді де! Ал, соқырша шұлғи салуыңды күтетін кейбір кадрлар компартияға өкілдік ете алмайды!» -дегенмін. Осы жауаптарымнан Ахыметқан мынадай сұрақ шығарып кіжінген сонда: «демек, партияның ұйғарыма бойынша қамалса да, осы қамалып жатқандарды түгел ақтаған екенсің ғой? –деген.
«Абыла пышақталған түні тойға қатынасқандардан қақпа сыртына ешкім шықпағанын дәлелдеп ақтағаным рас» дегенімде, Ахыметқан, міне өзі отыр, маған қаһарын төгіп шыға келген болатын.
- Жоқ, қаһар төккенім жоқ, пікір ғана білдіргенмін! –деп Ахыметқан шалқалай түсті.
- Ал, қаһар төкпеген-ақ болыңыз, мақұл! - күліп жібердім мен. - «Япырай, балақай-ай, өте бір қатерлі жолға түскен екенсің-ау!» дегенсіз, солай ма? –«Шындықты іс жүзінен өзі-ақ табатын ұлы партия мен үзеңгі қағысып, іс жүзінен оған қарсы шындық табамын деп қарсыласуға дәтің қалай жетті екен!» деп тітірегенсіз, солай ғой?... Ашығын айтайын, Ахаңның осы надандығына қарсы түсінік бермесіме болмады, жолдастар, сондағы берген түсінігімнің дәл өзін бұзбай сол бойында оқып берейін, бәріңіздің де жазып алып тексерулеріңізді үміт етемін! Маған «Ахаң» жапқан жаланың ең негізгісі осы сөзімде болғандықтан түгел жазып алуларыңыз, ақ пен қараны анықтап ажырату үшін өте қажет! Хупыңның сөзіне ұқсату үшін осы ақсақалымыздың қаншалық бұрмалағандығын осыдан көресіздер!... Бұл түсінік Ахаңның жаңағы, «дәтің қалай жетті екен» деген күйінішті сөзіне жауап ретінде айтылған.
«Бізге ондай жүрек пен ондай діт берген, пікір айтуға құқық берген сол ұлы партияның өзі! Тегенде осы партияны ұлы дей алатын сеніміңіз болса, көзді жұмып шұлғи беруімізді талап етеді деп ойламаңыз! Мүшелеріне өздерінің көзін де, миын да керексіз етіп, адамша көрмей, адамша ойламай мүрит болуды үйретеді деп қорлай көрмеңіз! Егер мүшелерін осылай тәрбиелейтін партия болса, ол партияның өзі де көз бен мидан айрылған кеуек бас болып қалар еді! Олай болатыны, партия дегеніміз – бір үлкен мақсат жолында біріккен сол жекелердің құрамы. Ол, партия ұйымы орналасқан там да емес, бір ғана құқықты бастығы да емес, мықтап ұйымдасқан осы коллектив!» дегенмін. – Мінеки мені Хупың етіп «сайлатып» - қателестіріп отырған сөзім осы ғана. Асты сызылған сөздерімді тұтас денесінен қалай үзіп, қалай илеп, қандай уға айналдырып отырғанын көрдіңіз дер ме!
- Енді ойлашы, осы сөзің у болмай, бал болмақ па, тексеріп көрейікші, қане! –деп Ахыметқан ұшып тұрды.
- У болса да, бал болса да, партия группасындағы сенен басқа жолдастар айырады. Талқылап, ақ-нахағын тексерсін деп баяндап отырмын. Сенің бағаң науқан жиынында айтылып болмады ма!... «Партияны көзбен мидан айрылған кеуек бас дедің», «Маужуши компартиядан басқа адам дедің», «компартия деген бір идеямен біріккен емес, құрама дедің» деп бұрмалағаныңда бетің бүлк етпеген ғой!... Қазір өз сөзімді өзім бұрмалап отырған болсам ғана сөйлейтін еркің бар! Иә, толықтап қайта сөйлеп бер деймісің?...
Ахыметқан сылық етіп шалқалай қалды да, Әбілемит мырс етіп күліп жіберді.
- Рахымет, Биғабіл жолдас! –деп күрсінді сонан соң. – Ахыметқан жолдасқа берген бұл түсінігің партияның недәуір көп мүшесіне зәрулі сөз екен!... Ал, қалған сөзің болса... неқадар қалтырмай сөйлеп шыққаның жақсы!
- Менің өзіме түскен мәселелерден ендігі қалғаны -Ахыметқанның жекеге табынуға қарсы әрекеттегі сөзіме жапқан жаласы ғана. Менің ондағы «егер жекеге табынушыларға тиым салынса, табындырушысының өзі халыққа табынар еді» деген сөзімді «партияның өзі халыққа шоқынар еді деді» деп бұрмалаған. Мұнысы мені құйға батыра алмайтын жала болса да, құйрығының қаншалық көтеріліп, қаншалық басынғандығымен ашындырды. Ондағы сөзімді осы отырған бәріңіз де естіп, толық ұққансыздар. Бәріңіз де қарсы алғансыздар ғой!... Табындырушы деген сөзді партия деп көпе-көрнеу бұрмалағандығына өзімнен басқа ешкімнің түзету айтпай үндемей қалуы тіпті ашындырады. Егер жекеге табынуға қарсы науқанды жоғарғы жақ қате деп жарияламаған болса, сондағы дұрыс майданда тұрып сынды пікір көтергендерден өш алғысы келгендерді мықтап түзету, төңкерістік шарт!... Олай болатыны, науқанда дұрыс пікір көтерушіден өш алу деген кері төңкерістік әрекет!
- Сіздерге ендігі мәлімдейтінім мына Лижурынның үстінде. Бұл кісіге мен бірнеше сұрау қоймақпын!..
- Бұл кісіге сұрауыңды кейінірек қойсаң қалай? –деп Ынтықпай күбірледі. – Алдымен Ахаң екеуіңнің араңдағы мәселені айырып алғанымыз жөн шығар!
- Жоқ, бәрі біртұтас мәселе. Түгел баяндайын да, партгруппа талқысына тастап шыға тұрайын!... Ли шужи, -деп шақыра қарадым оның жүзіне. – Ендігі пікірім сізге қаратылады: жекеге табынуға қарсы науқанда мен атын атамай, Ахыметқанның үстінен сын көтергенімді әрине ұмытпаған шығарсыз, сол күннің кешінде сіз осы бөлмеге мені шақырып алып, айтқан насихатыңызды есіңізге түсіріңізші! Сол сөзіңіз түгелімен Ахыметқанды ашық сыннан, өзін-өзі тексеруден құтқарып қалу үшін сөйленді, солай емеспе?
- Ол сөзім, ісімізді сол науқан жөніндегі жоғарғы жақтың белгілеп берген көлемінен асырып жібермеу үшін ғана сөйленген. Жоғары жақ ол науқанды сынның шектен асып, күреске айналып кетпеуін тапсырған!
- Сонда да жекеге шоқынушылар сындалмасын, жекеге шоқынушыларға түзету берілмесін, өзін-өзі тексермесін, тіпті оның мәселесі мәселе ретінде қаралмай аяқсыз қалдырылсын демеген шығар? Жоғары жақтың сізге берген жол-жорығы әлде газет-журналдарға бсылған жол-жорығынан басқа жол-жорық па еді?
- Биғабили жолдас, мұны жоғары жақтан сұраңыз! –деп Лижурын қызарақтай күлімсіреді. – Бұл мәселені жоғарғы жақтан Хупың да сұраған, онысы үшін ешкім кіналамаған, сіз де сұрасаңыз болар!
- Хұп, Хупыңның өзінен түрмеде сұрай жатармын. Жоғарғы жақтың алты жүз миллион халыққа жариялап қойған газетіне сенбей, өзінен қайталап сұрауым, барып тұрған арсыздық болар!... Сізге енді бір сұрауым, Ахыметқан екеуімізді сол «ынтымақтастыру» насихатыңызда маған: «сіздің сыныңыздан Ахыметқан жолдастың өзі де жақсы әсер алғанын айтты» дегенсіз ғой. Жақсы әсер алса, осылай бұрмалап, осындай жала жауып, осылай өш алуға кірісе ме? Шужи басыңызбен не үшін өтірік айтасыз?.. Сол жерде тағы да: «Ахыметқанның мен сындаған мәселесінің не мәселе екендігін, кімді жағымпаздықпен алжастырғандығын өзінен анықтап сұрадыңызба?» -дегенімде «сұрадық, сұрадық, бәрін де сұрадық. Ахыметқан жолдастың өзі де мойындады!» дегенсіз, қане мойындағаны? «Партияның адал бір кадырына шабуыл жасады» деп мені қазірге дейін жұтып жібергісі келіп отырмай ма! Ал, оның айырым мәнсаптыларды ғана «партия» деп санайтындығын, «Ахыметқан жолдас партияға ғана табынамын дейді, мұнысы жақсы ғой!» дегеніңіз – қанша бирократтың ұжданы жететін ақтау? Сын айтушының ашынарлық дәлелі, көпшіліктің ашулы айқайы құлағыңызға ілінбей, Ахыметқанның сыбырының ғана жүрегіңізге сіңіп ала жөнелетін себебі не? Сіздің көзіңізге басқа қызметтестеріңізден оның несі артық көрінеді?... Жағымпаздығы, құлдығы, мүриттігі емес пе!...
- Сіз артық кетіп барасыз! –деп секретар столын түртіп қалды.
- Артық кетсем артынан көрерсіз, сабыр етіңіз, секретар! Өзіңіз айтқандай «коммунист сыннан қорықпайды».
Бұл сөзіме Әбілемит бастатып бірнешеу күлгенде, ұялғанынан өзі қаттырақ күлді. Сонысы үшін мен де күле жалғастырдым сөзімді.
- «Ахыметқан жолдас партияның жақсы мүшесі, Биғабили жолдас, сіз де жақсы, бір-біріңізге шабуылдамаңыздар!» деп аяқтаған сол насихатыңызбен сол науқанды аяқсыз қалдырғансыз ғой! Ал, осы науқанда сол жақсы мүшеңіз бүтіндей жала жапты. Мен оның үстінен партия группасына шағым айтқалы келіп отырғанымды білесіз. Біле отырып-ақ, осы жиында алдымен мәселе анықтаудың орнына менің үстімнен күрес ашудың қамына кірістіңіз!.. анықтап айтқанда жиын ашу сөзіңіз, ақ-нахақты айырғысы келетін секретардың сөзі емес, мойнына арқан салудың сөзі болып шықпады ма! Маған көзіңізді аларта бергенше, сол сөзіңізді группа жиынның мына естелік дәптерінен қайта оқып көріңіз! «Тексермеген адамның сөйлеу құқығы жоқ» деген Маужушидың нұсқауы қайда қалған! «секретардың орнына отырып, не сөйлесем де Жұңго компартиясының аузынан шыққан сөз бола салады, мына мүрит жолдастар мен жаққа ауа салады да, мына элементтің аузын буа салады» деп мынадай мүриттен әбден дәніккендегі сөзіңіз ғой бұл, ие, солай емес пе! Олай болмаса үлкен жала жабылып, партияның әділдігіне жүгінуді талап етіп келген адамның үстінен мұндай үкім шығаруға не құқығыңыз бар еді!
- Қане жолдастар, менің қылмысым қаншалық екендігін енді талқылап, тексеріп-өлшеп көріңіздер! –дей сала түрегеліп есікке беттедім. Мына екеуі мойындамай, менен қайталап сұрайтын мәселе шықса, өз бөлмемнен табыламын! –дей кеттім.
Сол күні түстен кейін де, кеште де мені іздеген ешкім болмады. Әр іңірде жаңа отауға келіп,Күләнмен көз сүзістіріп қайтатын Ынтықбай да келмеді. Мақпалдың үйге қайтпайтын кеші. Қуанышымызды да, мұңымызды да ортақтастырып өскен Күлән екеуімізге оңаша тиді сол кеш. Мұндай қонақсыз кештің тағамын Күләннің үйінен шетінмін. Ынтықпай әлі де келіп қалар дегендей, өзі әкеліп дастарқан жасады. Менің орындығыма бүйірлесе тақау тұрған орындыққа Мақпалша келіп отыра кеткенде, тіземіз тиісе қалды. Екеуіміз де сезгенімізбен, елеңсіз жақындығымыз, есепсіз достығымыз еді бұл. Тамырлары бір болмаса да жабысып, етене егіз өскен екі түп қайың сияқтымыз. Жағынысумен жалғасуды ойға да алмайтын мұндай пәк сүйіспеншілік, тең-тұстығы жарасқан екі жыныстың жастарында сирек кездесер-ақ!... Ие, Мақпалдың табылуынан үмітім үзіле бастағанда, осы тізесі мен осы білегі от болып та сезілген ғой маған. Сол кезеңде денесін осылай тиістіріп алудан бір шақ сақтана қойған осы келіншек, қазір менен бой тартуды ескеретін емес. Бүгін тіпті келісіп жасаныпты өзі. Біздің белсенділеріміздің «сырапқорлық» деп тыржия сындайтын иісмайды да көбірек құйыныпты. Тегі бұл кеш Ынтықбай екеуінің күткен тарихи кезеңдік кеш болса керек деп ойладым.
- Күләш, мен бір сыр сұрасам, шыныңды айтар ма едің?
- Сенен қашан сыр жасырып көріп едім!
- Ынтықбай екеуің қалайсыңдар қазір?
- Не қалайын сұрайсың? –деп Күлән сықылықтай күлді. - Өмірлік келісім оңай таныстықпен жасалса, оңбайтындығын Ынтықбай екеуіміз білетін «балалармыз» ғой!... Енді-енді танысып келе жатырмыз.
- Танысып болғанша бастарың тақырланып кетер ме екен деп қорқып жүрмін. Айтып едім ғой өзіңе, саған қастық ойлаймын ба, бұл жігіт бақыты - сәл орталау қызға табыла қоймайтын жігіт!
- Мен туралы оған да осыны айтып жүргеніңді білемін. Көріскелі бір айға толмай екеуімізді бір қазыққа арқандағандай, бір-бірімізге қараттың да қойдың!... Енді өтінерім, бірімізге-біріміздің кемшілігімізді де адалдықпен таныстыр, әсіресе менің кемшілігім туралы үстемелеп сіңірші оған, тым болмаса асықпай сынап көретін ойға келсін!
- Асықтырып жүрме сені? –дегенімде тұқыра күлді. - Өзім көргеннен бергі Күләштан титтей кінәрат таба алмасам, немді айтамын оған! –дегенімде күрсініп жіберді.
- Маған келгенде үлкен көзбен, зор кешіріммен қарайтыныңды білемін ғой, Биғашым! –деп қалды да, қызғыш тарта түйілді. - Өзің солай түсінсең... солай-ақ болсын, бірақ мені Ынтықбайға ондай кешіріммен таныстырма, неғұрлым кемірек таныстырсаң әділдік болады. Кейін мен оның ойлаған жерінен шықпай қалып жүрмейін!
- Өзіңнің одан байқаған мінің бар ма?
- Бұрын... оқушы шақтарыңдағы саған істеген теріс азулығынан жасырынып қалғаны болмаса...
- Пәле, - деп қарқылдап күлдім. – Мәселен, сенің өзіңнің он алты жасыңда Мұсатайға соншалық тез алданғаныңды қазіргі мінің деп есептесем, менің кім болғаным!... Оның балалық-тәжірибесіздік қана емеспе еді. Ал, ол шақтағы Алтай тауының ақсақалдық бесігінен басқаны көрмей келген Ынтықпайға да сол мін әлі жабысып жүр деп ойлаймысың, одан бері ол екеуіміз не көрмедік! Содан бір жыл өтісімен-ақ надандықтың ол торын быт-шыт етпедік пе! Мынауың, басқа мін таба алмағандықтан ғана тапқан әсіре талғампаздық жал ғой!
- Ие, солай-ақ шығар. Маған мұндай күмән ойлатқан Мұсатайдың жылымдығы мен Бердіқұлдың зұлымдығы ғой, басқа негіз жоқ. Шындығында мен оның бұрын сөз беріп қойған тағы біреуі болып, маған көрсе қызарлықпен көз тігіп жүр ме екен деп қана шектелемін.
- «Көз тігіп» демей, «сүзіп» десеңші, екеуің қарасқанда тұп-тура сүзісуге ыңғайланғандай көрінесіңдер. Мақпал екеуіміз қорқып қаламыз. Екеуіңнен нағыз қызылқасқа бұқа туар-ау!
Күлән желкемнен қойып жіберіп, шек-сілесі қатқанша күлді.
- Сөйтіп, өзіңе сайма-сай, жақсы жігіт екендігін мойындадың ғой? –деп сұрадым күлкіден тоқтаған шағында.
- «Сайма-сай» ғана емес, өзімнен әлдеқайда артық екендігін мойындаймын. Сенімен жанқияр дос болып шығуынан да белгілі ғой. Көп шекісіп, көп тартысып жүріп, ұзақ сынасып жүріп достастыңдар ғой, ол жайларыңнан да хабардар болатынмын.
- Ал, мына соңғы күмәнға қалай келдің? .. Қандай негіз бар?
- Бұл күмәнға да сен негіз болдың... Аңырасың ғой, ұмытып қалдың ба?.. Егер осы Нұрияшың сол дерексіз қалпында тағы екі ай кешіккенде қалай болар едің?... Сонда мен алды-артыма қарамай, өз басымның арманын ғана күйттеп, саған көне салсам, екеуіңнің табысар жолдарыңа өскен ақтікен болар едім ғой, өмірлік өкініштеріңе себеп болып, обалдарыңа қалмас па едім!... Әсіресе аумаған Нұрияшымның өзін сорлатқаным, ішімнен жегідей жеп, өзімді де сорлы етер едім ғой!... Тойларың болып, Нұрияшың тіріліп, ән салып тұрғанда сол сабырыма қаншалық сүйініп, бақыт теңізінде қаншалық жүзгенімді сездің бе?... Ал, Ынтықбайдың артында қандай Нұрияштың жатқанын кім білсін, енді оның обалына қалмай, тағы да сол сабырыммен сақтанып, күте тұрайын дегенім болатын.
- Бүгін ерекше жасаныпсың ғой, есін шығарып, сонысы болса, ұмыттырайын дегенің емеспе?
- Ондайының жоқтығына кеше бір рет ант берген.
- Е, олай болса, бүгін...
- Қойшы! –деп серпіліп тұрды орнынан.
- Ал, Ынтықбайдың бүгін не себептен келмей қалғанын білемісің? –деп бастап, әңгімені өз ахуалыма бұрдым.
Партия группасының сол жиыны кеше мен кеткен соң керіске айналғанын ертеңіне естідім. Керіс болғанда да, Ахыметқан мен уақыттық шужидың маған істеген ісін ашық қастандық принципіне көтеріп, кергілеген керіс болыпты. Төрт ұйғыр, екі ханзу, бір қазақ, бір қырғыздан құралған сегіз мүше факт жағынан қаншалық тықсырса да, ол екеуі «ашық қастандық» қалпағының астына кірмей қойған екен. Түн ортасына дейін созылған сол жиын ертеңге қалдырылып, тиянақсыз тарапты.
- Группа жиынын Әбілемит бүгін парткомнан өкіл шақырып жалғастыратын болды! – деп күбірледі Ынтықбай.
Науқанның залдағы жиыны таңертеңгі өз уақытында ашылса да, өрекпімей-өзеуреспей аяқтады бұл күні. Ли журын мен Ахыметқан маған сөйлеуден тәубаға келгендей, бетіме қараудан тайсақтап қалғандықтары байқалады. Хупың идеясы жөніндегі басқаларға ауып, шымшуырсыз, қыспақсыз, шәкене сөздерімен ғана жылжып-жылжып, ағып қана өтті. Партия группасының кешке жақын қайта ашылған жиынына өлкелік парткомнан Нюханбең келгені естілді. Партгұрппадан маған жауап шықпағандықтан өз бөлмеме – қызметіме барып отырып едім. Жарым сағаттан кейін Нюханбең шақыртыпты. Секретар бөлмесіне кіріп барғанымда, ол түрегеліп қолымды алса да, үстіңгі ернінен асып тұратын ұзын мұрны жыбыр қақты. Мені иіскелеп тұрғанын сезіп, «мен де иіскелеген порымға келе қояйын ба» деген оймен күліп жібере жаздадым.
- Биғабили жолдас, партгұрппа жиынына пікір беріп жүр екенсің, бүгін неге қатынаспай қойдың? –деп ол күлімсірей сұрады.
- Кеше қатынасып, барлық «қылмысымды» баяндап болғанмын. Енді осы жолдастардан үкім күткеннен басқа жұмысым жоқ.
- Бүгін мен де естиін, қайтадан сөйлеп бер!
- Қайта сөйлеуден нервім қозады. Мына екеуіне жараланған жолбарыс, құтырған хупың болып тиісуім мүмкін. Ондай болуымды көргіңіз келсе, сөйлейін!
- Неғұрлым солай, ашық сөйлегенің жақсы! –дегенде Нюханбеңнің мұрны тіпті жыбырлап еді, бір ханзу жолдас күбірлеп оған қарсы ұсыныс қойды:
- ... Ол сөйлеп болған, ұзақ оқиға... барлығын біз білеміз. –деген мағына естілді.
- Мәселені мына халыс жолдастардан ұғасыз! –деді Әбілемит, қалғандары да осы пікірді қостаған. Ыңғай білдіріп, «Биғабіл жолдас бүгін де қатынаспасын!» дегенге келіскендей болды.
- Толықтап қайта сөйлеп берейін бе, ей? –деп Ахыметқанға қарадым мен. Ол қауқалақ қақты:
- Жо-жо-жо, көпшілік айтты ғой, менде басқадай пікір жоқ!
Көпшілік күліп жіберді «Футынжаңның» бұл аужайына, Нюханбеңнің мұрны Ахыметқанды тінтігендей жыбырлай берді.
- Түгел қосыласыңдар ма бұл пікірге? –деп алып, сонан соң Лижурынға қарады. Оның бас изегенін көріп, өзі де изектеді. – Биғабили жолдас, олай болса, менің мына пікірімді жақсы тыңдап, ойланып көр! Тегінде сын-пікір дегеннің барлығы дұрыс бола бермейді. Бәрі дұрыс болса, социялизм әлдеқашан құрылып болмас па еді, ха-һа-һа-һа.. Кей біреу білмей, қате мәселе қойып қалады. Қатесін білген соң түзетеді. Өздігінен кешірім сұрайды. Жақсы жолдас болып кетеді. Маужуши айтқан ғой, егер сынның бес проценті дұрыс болса, сындалушы шын жүрекпен қабылдауы қажет, одан зиян жоқ. Ұқтың ба, сын берушіні жау көретін адам коммунист бола алмайды. Солай емес пе?
- Солай, сын жақсы, сын достың пікірі, -дедім мен – сын түзелмей мін түзелмейді. Сынды көтере алмаған адам коммунист бола алмайды. Ал, жала жабу деген сын емес, жаланы жау ғана жабады. Жауға кешірімшіл болған адам тірі жасай алмайды. Мұны сіз де ескеріңіз!
Тұмсығын бұраңдата күліп, Нюханбең қалды да, мен шығып жүре бердім... Жолдастардан күліп қана көп пікір тыңдап, күліп қана аз сөйлеп, Нюханбең қайтты. Барлық нұсқау жолдастар ара татулық-ынтымақ қана екен. Содан екі күн өткенде мені Ли журын шақырып, Ахыметқанның пікірін білместіктен қолдап қойғанын айтып, кешірім сұрады. Осынысын көпшіліктің алдында сөйлеуін талап етіп мен шықтым. Ал, Ахыметқанның шақыруына мүлде бармай қойып едім. «Хупыңға қарсы тұру» науқанын қортындылау жиынында өзін-өзі тәп-тәуір сындады. «Көп білімі жоқ» екендігі мен «өзі біледі деп сенетін кей білікті басшылардың пікірін партияның пікірі деп қабылдай салатындығын» ептеп тиіп қашып қана сөйлеп шықты. Көпшілік алдында жыртылған абыройсымақтарын қайтадан жамап-құрап алу үшін мұны бұлай сөйлеткен Лижурын еді. Өтірік болсын, шын болсын, оңашада қауқалақтай берген соң, «Ахаңды» мен де кешірдім. Мұнан соң тату болуға келістік. Бірақ, содан екі-үш ай өткенде тағы бір «сәті» түсіп, тату бола алмай қалған жайымыз болды.
1954-ші жылдың жаз соңына таман «Шинжандағы шағын санды ұлттарға жерлік өзін-өзі басқару құқығын беру» саясаты жарияланды. Өлкелік партком әр ұлт зиялыларынан өкіл шақырып, пікір ала бастады. Біздің мекемедегі қазақтардан «зиялы» аталып шақырылғаны Ахыметқан ғана еді. «Қандай автономия құруды қалайсыңдар?», «Қай көлемде құруды талап етесіңдер?» деп сұрапты.
- Қазақтардан бүкіл өлке бойынша он шақты ғана екенбіз, -деп әлденеден ренжіп қайтты түстен кейін. – Маужуши мен партия қалай басқарса да өзі білсін, біздің ешқандай пікіріміз жоқ дедік, Биғабіл бауыр, қайсысы жақсы екенін сен білесің ғой, түсіндірші маған!... «Ұлттық автономия», тағы немене еді?... Иә, иә, «ұлттық териториялық автономия» дей ме, осыларының қайсысы жақсы?
- Білмеймін! –деп басымды жалғыз-ақ шайқап едім, қарсымдағы столда отырған Ынтықбай күліп жіберіп, қағазына үңіле тұқырды. Енді одан сұрады Ахыметқан:
- Сен айтшы шырағым, Ынтықбай, тегінде қажет бола қалғанда қайсысын таңдасақ болар екен?
- Аха, қайсысын таңдауды өз идеяңыз біледі. Бұлардың нендей мағынада екендіктерін ғана айтып берейін: ұлттық автономия деген ұлтқа бөліп басқару әдісі. Мәселен, қазақ ұлттық автономиясы болса, Шинжаңдағы қазақ халқын ғана басқаратын автономия.
- Олай болғанда, бастықтары ыңғай қазақтан сайланады деші!... Мынасы тәуір екен!
- Ие, солай! –деп мырс-мырс күлді Ынтықбай. – Басқа ұлттардан бөліп алып басқару машақаты болмаса!... Ал, ұйғыр ұлттық автономиясы құрылса, ұйғырлар басқарады.
- Құдай сақтасын, мынасы қиын екен! –деп тағы да күбір ете түсті Ахыметқан. – Ал, «ұлттық териториялы автономия» дегені қалай?
- Ол - жергілікті өзін-өзі басқару деген сөз. Белгілі бір жер аумағында жергілікті ұлттардың қайсысы көбірек сан ұстаса, соны негіз етіп құрылатын автономия. Мәселен, Шинжаң көлемінде ұйғырлар көп санды ұстайды. Сондықтан, бұл өлке бойынша ұйғыр халқын негіз етіп, басқа ұлттарды өз ішіне алған автономия құруға болады. Мұны Шинжаң ұйғыр автономиялы өлке деп атауы мүмкін.
- Ал, олай болғанда, сеніңше, Шинжаңның Еренқабырға теріскейіндегі жарым жерін қаптап жатқан қазақтарға ешнәрсе тимейтін болғаны ғой?
- Жоқ, тиеді, ақсақал. Бүкіл Шинжаң өлкесі ұйғыр атындағы автономия болғанымен, соның ішінде қазақ түгіл одан әлдеқайда аз санды ұлттарға да өзін-өзі басқару құқығы беріледі. Мәселен, сібе, дағұр ұлттары делік, оның да көп санды ұстаған жерінде... аудан бола ма, район, тіпті ауыл ғана бола ма, белгілі дәрежеде автономиялық үкіметі құрылады деген сөз бар ғой!
- Е...е... солай де, бүйтіп ырың-жырың болғанша, сонысын сұрамай-ақ қойғанымыз жөн деші!..
Автономия жөніндегі кеңеске ертеңіне тағы қатынасқан Ахыметқан кешке жақын тағы кірді біздің бөлімге. Сұрғылт жүзінде апалаң-топалаң абыржу бар.
- Өй, тіпті сол автономиясын бермей қоймайтын сияқты! –деп бастады сөзін. – "Компартия болған соң болды бізге, бөлініп жеке әкімшілік құрмай-ақ қойдық» деп тағы соны айтып ек, зекіріп ұрсуға дейін жетті бір секретар. «Бұл, Жұңго компартиясы белгілеген саяси жол. Мұны атқармай қоймаймыз!» дейді. «Партия саясатын атқарасыңдар ма, жоқ па»дегендей қатал ажар көрсетеді. Ал, бізден басқа кей ұлт өкілдері, әсіресе сарттар тіпті желігіп алыпты. Жерге таласып жатыр. Қазақ халқының автономиясына тіпті Іле аймағын да бермек емес. Әр ұлт өз автономия көлемін кеңітсе, тым болмағанда, кадрлары көбейіп, қызмет дәрежесі өсетіндей пайдасы барлығын сол таластарынан ұқтым. Сондықтан, түстен кейін мен де түстім таласқа. «Егер солтүстік Шинжанды қазақ автономиясына бермесе, бүкіл Еренқабырға бойымен Құмылға дейін созылған қазақтарымызды төңкерістік үш аймағымызға көшіріп берсін, қазақ ұлттық автономия құрамыз!» дедім.
Ахыметқанның бұл сөзіне Ынтықбай екеуіміз шек-сілеміз қатқанша күліп отырғанымызда, сол кеңеске бізді де шақырған қағаз келді.
- Әб бәле, міне! –деді Ахыметқан. – Енді сарттардың ерік алдына қоймаспыз! Жігіттер, әйтеуір, қай жерде қанша халық, қанша қазақ барына сендер жетіксіңдер ғой, бір сүйем жер бермеңдер, жігіттер, «ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді»!
Әр ұлт «зиялыларын» әр залға шақырған екен. Қазақтан қырық шақты өкіл жиылған шағын ғана жиын залын Ахыметқан спеттес бірнешеу бастарына көтеріп даурығысып жатқанда жеттім. Ең кешеуілдеп барғаны мен екенмін. Сөйлеушілердің пікірлерін тыңдай келе даурықтың бірнеше ұйғыр зиялыларының қойған талаптарына ашынудан шыққандығы байқалды:
- Ең ыза болатын жерің, "қазақтар Алтай мен Тарбағатайда ғана" дейді, тыңдаңдаршы, жолдастар! –деп Ахыметқан көтерілді. – Шинжаң қазағының шығыстағы ең шеті Баркөл ауданы ғой. Сол ауданда неше сарт бар екен? Ал Морида, Шонжыда, Жемсарыда, Үрімжі ауданында, Санжыда, Құтыбида, Манаста, Сауанда, Шихуда қанша сарт бар екен? Бұлар сол аудандардың қала мен қалашықтарындағы бірнеше аспұзылшы, кауапшыларын ғана көрген. Тауы мен далаларында қойша қаптап жатқан қалың қазақты жоққа шығаруы неткен жолсыздық!
- Үй, Ақа, оны бүгін көріпті. Басқа естиярлары түзетіпті. Жоққа шығара алмапты. Енді болды ғой! Бірақ ондағы дүңгендерді сіздің де көрмей кетуіңізге бола ма! –деп біреуі күлді.
- Көрдік, оны да білеміз. Екі-үш қалашықты маңайлап жиы қоныстанған дүңгендер бар. Бірақ, сол аудандардың өзінде де жалпы санда қазақ көп екендігіне олар да дауласа алмайды. Ал, бәрінен де ашынарлығы міне: бір ғана Құлжа қаласындағы ұйғыр санына қарап, бүкіл Іле аймағын ұйғыр аймағы деуін қараңдаршы!... Тіпті, сол Құлжаның өзінің ауданы бойынша алынған санағына қаралықшы, қане, кім көп екен!... Қорытып айтқанда мен өзім Солтүстік Шинжаң тұтас қазақ автономиясына бөлінуін талап етемін!
- Мына кісінің мұздай тайғақ басына мүншалық ұлтшылдық қалай қоныстанған, үй! –деп қалжыңшыл жатыпарлар күлді де, көпшілігі бұл пікірге қосымша қосып, құптай жөнелді: Санжыдағы дүңгендер мен Бораталадағы мұңғұлдарға өз көлеміндегі аудандардан «отау тігіп беріп», солтүстік Шинжаңды қазақ автономиялы район етіп құруды ортаға қойды. Ахыметқан өрши түсті мұны естіп:
- Азаматтар, менің пікірімді әлі де толық ұқпай отырсыздар, мен тұп-тура ұлттық автономия талап етемін! Ұйғырстан құрмақ болып отырған мына Әбілемит әпенділердің қол астына солтүстік Шинжиаңды қаратуына қосылмаймын! Мұнда Бижінге төте қарасты қазақ ұлттық автономиясын құруымыз қажет. Олай болатыны, жаңа айттым ғой, Еренқабырғаның бұл өңірінде ұйғыр тіпті аз. Нанбасаңыздар мұндағы ұлттардан сан парқын толық білетін мына Биғабіл, Ынтықбай жолдастардан тыңдап көріңіздерші, әр ауданның оқу жасындағы балаларының ұлттық санақтарын осылар алып тұрады!:.
Өлкелік парткомның саяси-заң бөлімінен келіп, жиын басқарып отырған Жағай жолдас маған күлімсірей қарап, иек қаға сөйледі.
- Бұл өзі ұлттық жиын, мұнда автономия жөніндегі қандай талап болса да тартынбай ашық сөйлеуді партиямыз қадағалап-қайталап тапсырып отыр. Қане Биғабіл жолдас, Ахыметқан ақсақал куәлік сұрады. Сөз кезегі сіздікі:
- Мен сөйлесем, Ахаңа қарсы сөйлеп қоямын ғой, тойтарғандық болып қалмай ма?
- Осы залда не сөйлесеңіз де еріктісіз. Тек көшеде айқайламасақ болғаны!
- Олай болса, мен Ақаңа куәгер бола алмаймын. Себебі, өз пікірім басқаша. Алдымен айтып алайын: Ақаң талап етіп отырған «ұлттық автономия» дейтін нәрсе біздің елімізде, әсіресе, Шинжаңда жоқ сөз. Жоқ сөз болатыны, мұнда шағын санды ұлттардың сап-таза ұлттық автономия алатындай бір-біріне аралассыз қорған соғып қоныстанған бір де районы жоқ. Ал, араларына тізімдеп, ыңғай қазақ ұлтының ұлттық автономиясын құрса, оның үкіметі тек телефонмен ғана басқаратын телефон үкіметі болар еді. Солай болған күнде де, ондай күрделі телеофн бағаналары үшін Азияны түгел басып алмасақ, ағашымыз да жетпейді ғой!.. Көпшілік ду күлді.
- Ақаңның өзін сайласақ сымсыз телефонмен басқарар!
- Ағаш жетпегенде, иендегі әр қойшының үйіне ондай аспап қайтып жетпек!
- Осыншалық аспап сатып алуға Ақаңның шәші да жетпес!
- Бәле, тақыр жерге енді отырғыздың, Ақаңның басында шаш жоқ емес пе!...Һа-һа-һа...һа... мына ұзаққа созылған ажуалы күлкі Ақаңның тақыр басынан су, бетінен қан шығарды.
- Менің айтпағым қалжың-күлкі емес, жолдастар, шын сөз! –деп тоқтаттым күлкіні. – «Ұлттық автономия» дегеніміз – біз үшін мүлде мүмкіндігі жоқ, құрғақ арманның ғана автономиясы! Ақаңның бұл талабы - мүлде үйлеспейтін талап. Ал, «Солтүстік Шинжаң қазақ автономиялы районы» деп ұлттық териториялы автономия талап етсе, онысын тым лақпа талап демек емеспін. Себебі, бұл өңірде ұйғырдан қазақ саны көбірек екені рас. Партия осы түрдегі автономия құруға шақырып отыр ғой. Бірақ, Шинжаңдағы алты жүз мың ғана шамасындағы қазаққа төрт миллион ұйғыр халқымен бәс таласудың ешқандай қажеті жоқ: жер шарында ұйғыр халқының осы Шинжаңнан басқа жиі қоныстанып, атамекен деп аталған районы жоқ. Мен енді нақтылы өз талабымды қояйын: партиямыздың ұлттық териториялы автономия құруға шақырудағы негізгі мақсаты біреу ғана болса керек. Ол, ұлттар теңдігін іске асырып, тату-тәтті ынтымақты социалистік қоғам құрудың қызметін оңайластыру ғана. Ал, менің талабым, осы мақсатты толығымен іске асырудың ең оңай жолы, автономиялық территорияға, мәнсап-дәрежеге бұлай таласпай-ақ шешім табатын жолы ұлттарды шынайы теңдік-ынтымаққа жеткізудің тамаша, ең өміршең бір жолы, теңдік-ынтымаққа қарсы ұлтшылдықты қатал тергеуге алып, сын отымен жойып отыру, әсіресе зорекер ұлтшылдарды рақымсыздықпен тізгіндеу. Мұны баса айтатын себебім, егер аға ұлт адамдары зорекер ұлтшылдықтан уақыт-уақыт жуынып-тазарып отырса, шағын санды кіші ұлт халқы ағасын ұрып та құтыла алмайды, қашып та құтыла алмайды. Үлкен балық кішкене балықтың аузына симайды. Ал, біздің үлкен ағамыз, жер жүзіндегі кішкене балықтың бәрі жабылса да мойымайтын алып аға ғой. Сондықтан біздің елімізде ұлттар теңдігі шын мәнінде орнаса, ұлттар ара алалықтан келетін апат жоқ деп сендіре аламын. Бізге автономияның да, мәнсап-лауазымның да қажеті жоқ. Ұлттар ара кадыр-қызметкерлер ара теңдік жасасын!
Тыңдаушыларымның қолшапалағы шатырлай жөнелгенде маңайыма тінте қарадым. Ахыметқан мен қатарындағы төртеуінің қолдары ғана тізе құшақтап қалыпты. Танауларын тыжырып, ырсия қарасты маған.
- Ұлттық ар-намыс жоқ екен мынада! –деп «Ақаң» күбірледі де, мен алара қарадым. Жағай әркімнен пікір сұрастыра келе, қортынды сөзінде менің пікірімді қуаттады.
- Біз шын мәніндегі осындай теңдіктен басқа автономия талап етпейміз. Егер, алмаса болмайтын, шарт ретінде қойылған автономия болса, үлкен-кішілі екі ағаның өздері біліп берсін!

Көреген тергеушім, «қырсығы бар жігітті төрде отырғанда ит қабады» деген мақал бар ғой. Бұл жиынға қатынасушылардың түгелге жуығы менің пікірімді қуаттаса да, бір сұры төбеттің маған арс ете түскенін сіз де көрген шығарсыз. Өзі бұрын ұлттық зиялыларға қақпан құру кәсібімен сіздер жақтан жез қарғы тағынған төбет екен. Қожаларына мені жарып беріп, енді алтын қарғы тағынбақ дәмесі бар көрінеді. Дәнігіп алған қылмысты кеңірдегінен тіреп құтылғаныма жауапты бола қоймаспын!


VI


Автономиялы үкімет құру жөніндегі кеңеске шақырылған өкілдердің ай бойына кеңірдек жыртысқан талқысы аяқтамай тына қалды да, өлкелік партия комитеті жағынан газетке жарияланған бір мақаланы үйренуге кірістік. Талқылай келгенімізде, Жұңгодан бөлініп тәуелсіз дербес республика құруды талап етушілер мен мемлекет ішінде Ұйғырыстан атындағы орталыққа сырттай ғана қарасты ұлттық автономия құруды талап етушілерге аспаннан жай түсті. Тізіммен шақырып, жиып әкетті. Қазақ группасындағы «ұлттық автономия» құру пікіріндегілерге де сол қатарда қатты сын берілсе де, оның бастаушысы болып өкірештеген Ахыметқан өз орынында «футынжаң» қалпында қала берді. Оған найжағайдың салқыны да тимегендігі таңғалдырды көпшілікті. Ол мақаладан жалпы ұққанымыз, бізге «керегі» ұлттық териториялы автономия ғана екен. Талқыны жалғастыра бердік.
«Солтүстік Шинжиаңды қазақ автономиялы районы» деп атап, қазақ өкілдері талап еткен пікірге Санжыны орталық еткен «Санжы дұнған автономиялы облысы» көлденеңнен килігіп, ортан белінен, яғни Манастан шығысқа қарай кесіп алды. Сөйтіп, ондағы көп сан ұстайтын қазақтарға дүңген автономиялы облысы қол астынан «Мори қазақ автономиялы аудан», «Баркөл қазақ автономиялы аудан» мен бір-екі ауданнан «қазақ автономиялы ауыл» деп аталатын «үкіметтер» құрып берді. Нәтижеде қазақтардың жерлік автономиясына Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтары тигендей болып еді. Іле-шала бұл үш аймақтан «Боратала моңғұл автономиялы облысы» деп Боратала, Жың, Арасан аудандарын, Алтай мен Тарбағатай арасынан «Қобықсары мұңғыл автономиялы ауданын» бөліп шығарды.
«Ұлттық ар-намысы жоқ» Жағай мен Ынтықбай үшеуімізден басқа қазақ өкілдері «мұндай автономияға «рахымет» айтып шыға беріп еді. Партком өкілдері алдыларынан тоса қалды да, қайта отырғызды. Жұңго компартиясының бұл «ерекше қамқорлығын» екі сағат сөйледі сонсоң. «Жерлік өзін-өзі басқару құқығы берілмейтін ұлт жоқ. Жарыққа тартып отырғанымызда қараңғыға қашуға, кері төңкеріске рұқсат етілмейді!» деп тиып тастады.
«Мұнымыз, қараңғыға қашу деп аталатын кері төңкеріс болса, жарықта-ақ қалайық» десіп қазақ өкілдері мұнысына да көне салып еді, үлкен залда жиын ашып отырған ұйғыр өкілдері ду ете түсті. «Ғұлжамызды бермейміз», «Ғұлжамызды бере алмаймыз!» деп кеңірдектер қырылдап, күрілдей жөнелді. – «Ол аймақта ұйғыр көп!», «Шаһарында қазақ деген тіпті жоқ!» , «Біз олардан үлкен, аға ұлт болғандығымыз үшін құрсағымызды кеңге салып, үш аймақтағы басқа ұйғырлы қалаларымызды бергенімізге қанағат етсе болар! Ғұлжмызды бере алмаймыз!», «Ғұлжа - сөзсіз біздікі!», «Ғұлжа өзіміздікі», «Төңкеріс орталығымызды қазаққа бере алмаймыз!»...
Бұл жиында 60 шамалы ұйғыр өкілінен шыққан мұндай ұлтшыл пікірлерге наразы болған Юсуп Қасым мен тағы бір-екеуі шыға жөнелді сыртқа. Ауыз залдағы қазақ достарына қарай алмай, бастарын шайқай қашты. Үлкен залды тыңдап бажырайып отырған біздің де ызалы таңданысымыз күшті еді. Құлжа негізгі жағынан, қазақтардың берген құрбандығы – төгілген қаны арқылы азаттық алып, үш аймақ төңкерісінің орталығы болған ғой. Қалайша ұйғырлардың ғана «төңкеріс орталығы» болып аталмақ! Ал, сол қала «Іле қазақ автономиялы облысында болса, бәрі-бір Шинжаң ұйғыр автономиялы өлкеге қарасты болмай қайда көшіп кетпек! Бұл қызынулары неткен көрсоқыр іштарлық! –дестік.
Түпкі үлкен залдағы көпшілігінің дауысы тіпті үдей түсті. «Қоңқабайдан» басталатын қорлау сөздерін қоса бастағанда біздегі әпербақандардың да жыны қозды:
- Ей сарттар, Құлжа әке-бабаларыңнан қалыпп па еді, ей!
- Сол қаладағы төңкерісті бастап, жеңіске жеткізгендер кім еді, ей!
- Қашқариядан қаншаң келіп төңкеріс ашып едіңдер, ей, әңгүдіктер! –деп жіберген үш тентектің аузын үш палуан барып басқанда, Жағай сабырға шақырып, қызынғандарды тоқтатып тастады.
- Ол қалада ұйғырлардың саны көбірек екені рас! –деді сонсоң бәсең дауыспен ақыл сөзге кірісті. – Бұл әлсіздігімізді қалаға жоламай, мал соңында сахараға тентіреп әдеттенген ата-бабамыздан көрелік. Таулары мен далаларында қазақ саны әлдеқайда басым көпшілікке ие болғанымен қалалары мен базарларды басқа отырақты ұлттарға тастап кеткеніміз рас қой, кімге өкпелейміз!... Бұрыннан сондай бытыраңқылық-орнықсыздық осалдығымыз бар. Жеке Құлжа қаласы жөнінде ғана есептесіп жеңе алмаймыз. Ұйғырлар көбірек орналасып алған. Әуелі аға-ағалап, үлкенсітіп, құрметтей сөйлесіп көрелік. Ағаның іні тікпек отауға көмек беретін адамгершілік әдеті болатындығын саналарына сиғызып байқалық. Тіпті болмай бара жатса, сол қаланың бүкіл ауданы бойынша жалпы халық санын ортаға қойып есептесерміз. Құлжа қаласы сонда да бізге тиесілі болады!...
Жағайдың осы ақылы бойынша, кіші аға өкілдерімен бас қосып, бірнеше рет сөйлестік. Інінің отау тігіп алуына ағаның көмегі болатындығын әлденеше ауызбен, әлденеше түрде жеткіздік. Қазақтарды тіпті Құлжа маңына жолатар ниеттері көрінбеді. Өздері келісіп алсын дегендей, үлкен аға үн шығармай, кіріспей қойды. (Қарашылары өзара мүйіздесіп тұрса, қожайынға келер зиян бар ма!..)
Автономия мәселесіне алғашында бойкүйез қараста жүрген қазақтар осындай намыс арқылы ынтымақтаса түсті. Үш аймақтың бізге қалған жерінің ортасынан Құлжаны тағы да ойып бермеуге келіскендіктері – мықтап ерегескендіктері байқалады. Бәрі қатынасты сөзге. «Әрқайсысы әртүрлі мінездегі, әртүрлі ниеттегі ұйғырлардан бізге бауырмалдық, жақындық, ынтымақ көрсетушілері жоқ па! Кең пейілділері қайда бұлардың, неліктен бәрі бірдей қатып қалды!» деген жұмбақты шеше алмай дағдарып мен отырдым. Әрқайсысын тіл қатпай байқастап көргім келеді. Менің түпкі идеяма автономия емес, компартия ғана орналасқан-ғой. Бұл туыстардың тіл бірлігі бірін-бірі қорқытып алуында болып жатқандығы байқалды бір шақта. Табиғи іштарлығы күшті халық па, иә, бұл айтысқа ыңғай тар пейілділерін әдейілеп таңдап сайлаған ба, белгісіз. Әйтеуір бұл алпыс шақты өкілдің басым көпшілігі пейілі тар, көзі кішкене қорқаулардан екен. Араларындағы адамша қарап, дұрыс ойлай алатын өкілдер пікір айта алмайтын халге түсіп қалыпты. Бұл жайларын ләм демей тұқырып алған Юсуп Қасымның халінен түсіндім. Маған көз астымен қарап қойып, түйіле тұқырады. Осы жайіттерін түсіне сала, сөйлеуге жиын басқарушыдан рұқсат алдым:
- Құрметті туыстар, Құлжа қаласы жөнінде бәріңіздің пейілдеріңіз осылай ма еді? Үлкен аға аса зор жомарттық істеп, кіші інілерінің бәріне енші алуды жариялап, бұйырып отырғанда, ең тату тетелес кіші ағамыздың пейілі тарайып бара жатқаны қалай? Құлжа бір ғана ұлттың төңкеріс орталығы ма еді? Інісін өзінің қыстап-жайлап жүрген жерінің дәл ортасындағы бір қаласынан да қуып тастап, орнын ойып әкеткісі келгені ме?... Бұл пиғыл бүкіл адамзаттың ажуа күлкісін келтіретін пиғыл емес пе?... Үлкені кішісіне, әлдісі әлсізіне көмектесу - әрқандай адамның адамгершілігін өлшейтін таразысы емеспе еді!
Ал, тіпті туысқандардың әрқайсысының үйлену, отау тігіп алуына көмектесу-туысқандық қарыз еді ғой! Сүйікті, кіші ағалар, сіздерде ондай адамдық, бауырмалдық дәстүр жоқ па еді?... Олай болғанда қайырымсыз туысқандардан көмек сұрамай-ақ, алдыңғы қарарымызда қала бергеніміз жөн екен: бізге автономия емес, теңдік-ынтымақта жасау ғана қажет! Сіздерді бұлай шулатып, автономия алмай-ақ қойдық!» - осы сөзбен барып орныма отыра кеттім. Кіші аға өкілдерінің өзара күбір-сыбыры үдей түсті де, бір-біріне тістерінің арасынан ысқырғандай сырылдап, кіжінсіне бастады:
- Ұқтың ба, екі жақ ортақ игіліктеніп келе жатқан бір Ғұлжа қаласы үшін ғана ұлтымызға қаншалық қиянат келтіргенімізді!
- Қандай қиянат келтіріппіз?
- Ұйғырлар тар құрсақ, рақымсыз, адамгершілігі жоқ халық екенсіңдер деген мағынадағы сөздер қарлы борандай соқпады ма!
- Ей от құйрық, оншалық сөз шықпады Биғабілдан, заһар шашпай отыр!
- Ей, дөт1, «бұ пейілдерің бүкіл адамзаттың ажуалы күлкісін келтірмей ме!» дегені, «сіздерде ондай адамшылық дәстүр жоқ екен!» дегені милләтіміздің атына абырой беретін сөз болды ма!
Көпшілік арасында мұндай күбірлер өрлей бастағанын байқаған жиын бастығы "бүгінгі уақыт бір жерге барып қалғанын" айтты да ұйғыр өкілдерінен басқа өкілдердің тарауына рұқсат етті.
Жиын орнына ертеңіне таңертең жайырақ келіп едім, өлкелік парткомның саяси бюросының мүшесі Сымайыл Ясын келіп сөйлеп тұр екен. Сөзі ұйғырлармен Шинжаң қазақтарының тарихи байланысы жөнінде сияқты: «... Солтүстік Шинжаңда қазақтар қатынаспаған, жалаң ұйғыр көтерілісі болған емес. Зорекер үкіметтер қанды қылышын алдымен шашыраңқы қоныстанған қазақ халқына үйіретін. Сондықтан алдымен қазақ халқы қозғалатын... Тіпті бұрынғы Садыр палуан бастаған қозғалаң да - көбінесе қазақтарға сүйенген қозғалаң. Әсіресе, үш аймақ төңкерісін қазақтар бастаған. Шың Шысай мен гоминдаң үкіметтеріне қарсы Алтай қазақтарының көтерілісі Іле төңкерісінен он жыл бұрын басталып еді. Басқыншы, кертартпа үкімет содан әлсіреген шақта Іле көтерілісін Нылқыдағы тағы да қазақтар қозғап, тез жеңіске жеткізді. Мұны кеше ғана бәріміз көріп едік қой. Құлжаны «ұйғырлардың ғана төңкеріс орталығы» деген сөз кімнен шықты, қане сөйлеңдерші!. Ал, зорлық күшпен тартып алмақ болдыңдар делік. Сонда Құлжаны үш аймақтан қалай бөліп әкетпексіңдер!... Тұла бойына тұтас иелеп отырған қазақ халқына Құлжаның тамдарын тік ұшар аэропланмен көшіріп әкетпексіңдер ме!..Нендей ақымақтық пікір көтергендіктеріңді ойлап көрсеңдер болады!..»
Сымайыл Ясынның бұл сөзін күні бойы талқылаған ұйғыр өкілдері ертеңіне таңертең жиыланда бірінші болып Юсуп Қасым сөйледі. Ол, құқығы жоғары саяси бюро мүшесінің пікірінен күш алған екен.
- Сымайыл жолдастың сөйлеген жөн-жасығы біздің құрсағымызда неше күн бұрын қайнап, температурасы тіпті өрлеп кеткен болатын, -деп бастады сөзін. – Көпшілік өкілдердің қабағына қарап, әрең шыдап келдім. Қаттырақ сөз шығып кетсе, кешіріңіздер! Біздің барлық ұйғыр ұлтшылдарның басқа ұлт ұлтшылдарынан парқы бар. Ол парықтары басқа ұлт халқын біз сияқты адам деп мүлде ойламаушылықтан – көрсоқыр надандықтан туындайды. Басқа ұлт халықтарының асыраған иті де аз емес екендігін, бізден жуырда жеңіле қоймайтындығын түсінбейді. Бұл нұқтаны егер аздап болса да түсінсе «Ғұлжа біздікі», «Ғұлжамызды бере алмаймыз», «төңкеріс орталығымызды бермейміз» демес еді. Бұларға қарсы «ей, сарттар, Құлжа әке-бабаларыңнан қалып па еді?» деген әріптесімнің қарымжысы дұп-дұрыс шықты. – Юсуп Қасымның бұл сөзіне жиын залы ду күлді. Шешен мұнан соң Сымайыл Ясынның ізімен қазақ халқының төңкеріске сіңірген тарихи еңбегін дәріптей жөнелді. Отан қорғау жолында төккен қаны мен тері бір сыпыра туысқан ұлттардан артық екендігін, санына, алып жатқан территориясы мен жағрапиялық жақтарына қарағанда да, Құлжа шаһарын қазаққа қимай бөліп алып қалу дегендерінің өтіп кеткен ұждансыздық екендігін басып айтты. Юсуп Қасымның дауысы, гоминдаң өктемдігінен қазақ отырақтасқан Құлжа азат болған шақта, қалың ұйғыр отырақтасқан Қашқарияның гоминдаңға желкесін төсеп, бұғып жатып алғандығын айтқанда тіпті өрлеп шықты. «Оңтүстік өкілдері, мықты болсаңдар сол кезде қайда қалып едіңдер?» -деп саңқылдап барып тынды. «Құлжа үш аймақтың басқа қалалары сияқты қазақ халқына тән екендігіне талас жүрмейді!» деп бәсең сөйлеп барп тоқтатты сөзін.
Осы сөзден соң мұңғұл халқының Боратала (үш аудандық) автономи облысы мен Қобысары автоном ауданынан басқа үш аймақ автоном облысынан жырмалаушы ашық дау-шар шыға қоймады.
Құлжа қаласына таласып, өкілдері түсініскендіктен ұйғырлардан да қайталанған ашық наразылық шықпады. Солай да, ұсақ күбір-сыбыр наразылықтар тоқтай қоймады. Маңайымдағы ұйғыр қызметтестерімнің бірнешеуінің маған қараған қабақтары салқындай берді. Кей сөздерінен менің сол жиындағы ұйғыр ұлтшылдарының ұлттық намысын қытықтаған сөзімді кек сақтап қалғандықтары байқалады...
Қазақ өкілдері Құлжаға жиналып, құрылтай шақыру дайындығын жүргізді де, бір айдан соң Іле қазақ автономиялы облыс үкіметін құрды. Бұрынғы Іле аймағының уалиі Жағай бір ауыздан автоном облыстың бастығы болып сайланды.
Бұл жеңісті Құрылтай өкілдерінің кештерде серуендемейтін кекселерінен басқа жасырақтарының ұйғыр лүкшектерінен таяқ жемегені тым аз болды бірақ. Әсіресе басқа аудандардан ертерек келіп қалған өкілдер Құлжа содырларының бұл сыйлығынан көбірек татқан екен. Құлжа қазақ автономиясына қарасты болғандықтарын естігеннен бастап ұйғыр лүкшектері «қоңқабай аулайтын» шайка ұйымдастырып алыпты. «Ғұлжа шаһары зады кімнің екендігін қоңқабай уәкілдеріне танытып қоялық!» деп басқа аудан мен базарлардан да сотқарларын жинаған екен. Бұл ниеттерін толық түсінгеннен кейін ғана өкілдері сақтанып, сыртқа шыққанда топтасып жүретін болыпты. Сонда да саяғырақ сайрандаған мырзалардың көзі ісіп, мұрны қисайып қайтып жүріпті. Тек үкімет сақшысы іске толық кіріскен соң ғана тоқтапты бұл террорлық.
Іле қазақ автономиялы облысы құрылған соң оқу-ағарту мен ұлттық мәдениетті өркендету ісіне жеделірек кірісіп еді. Бұрыннан қолданылып келген арап жазуының кедергілігі тіпті зорайып көрінді бұл жұмысқа. Әсіресе сол жақтан бастап жазылатын математикаға оң жақтан бастап жазылатын араб жазуы мүлде сәйкеспейтін қайшылық тудырады. Оқу құралдарын түсінікті етіп жасауға бөгеті тіпті көп. Сондықтан жазу өзгертуге тура келді. Сол жақтан бастап жазылатын жазу мәдениетіміздің ең үлкен ықтияжына айналды сөйтіп. Бұл ықтияжды шешу, әсіресе Шинжаңдағы қазақтар үшін оңай еді. Сылавян жазуынан өзгертіп, ұлт тіліне лайықтап жасалған Қазақстан жазуын қолдана салсақ болғаны. Қазақстан жазуын қолдансақ бізге басқа жақтардан да зор жетістік бағыш ететіндігі сөзсіз.
Жазу өзгерту жұмысын міндетті түрде Шинжаң орталығы Үрімжідегі оқу-ағарту меңгермесі мойнына алды. Ханзу жазуынан басқа, ұлттық жазу мәселесінің барлығын осы мекеме ғана шеше алады. Алдымен қазақша, ұйғырша жазу өзгерту, алқасын құрып, дереу іске кірісуге қаулы алды.
Менің қызметім бұл шақта өлкелік әдебиет-көркемөнер бірлестігінде болатын. Жазу өзгерту алқасына шақырылмадым. Жаңа құрылған бұл алқаның қазақ бөлімінің қызметі алдымен ұйымдастырылды. Қазақша «Шинжаң газет» мен оқу-ағарту журналы және жоғары, орта мектеп мұғалімдерінен басқа тілмаштардан да өкіл қосылып, жалпы 60 шақты алқа мүшесі ұйымдастырылған екен. Қазақстан жазуы мен латын жазуының қайсысын қолдану жөнінде талқы жүргізілгені, 1-ші реткі жиын талқысында-ақ Қазақстан жазуын қолдануға көпшілігінің қосылғаны естілді. Өзімізге бұрыннан таныс, зиялылар ғана емес, сауаты бар азаматтарымыздың көпшілігі білетін осы жазудағы кітаптар кітап сөрелерімізге толып, білім қазынамызға айналып алған ғой. Нақтылы қазақ жазуына енді толық көшкен-ақ шығармыз деп бейғамсып, өз жұмысыммен жүре беріппін. Жазу өзгерту алқасы құрылғанына бір апта өткенде телефон келді маған, жиынның райы өзгеріп, талас-тартыс күшейіп кетіпті. Ханзушадан аудару қызметі мен тілмаштықтан өскен газеттің бір редакторы бастап, латынша жазуға көшуді қуаттаушылар көбейіп кетіпті. Оның үгіт негізі саяси күшпен қорқытып бара жатқан көрінеді: «ханзу халқы ертең-ақ ироглифті тастап1 латынша жазуға көшпек, біз ханзу халқынан айрыла алмаймыз, айрылғысы келгендер қане айрылып көрсін!» дейді екен.
Кері төңкерісші аталып, соғылып қалудан қорыққандардың үні сол сөзде өшіп, латынша жазуға көшуді қабылдаушылар күрт көбейіп қалыпты. Соның ертеңіне алқа мүшелерінің үшеуі таңертең ерте келді маған. Латыншаны қабылдаушылар жиынға қатынасушылардың 90 пайызыңа жетіп қалыпты. Егер бүгін ертең бір тойтарыс берілмесе, қазақ жазуын латынша жазуға аударып әкететін көрінеді. Мен мұны өз мекемемнің басшылығына баяндай салып, жазу өзгерту қызметі орнына шақырушыларға ере жөнелдім. Қазақстан жазуына өтуді жақтайтын мықтырақ сауаттылардан менен басқа да екі-үшеуі шақырылған екен.
Алқаның жаңа мүшелері ретінде біз кіріп барғанда, қызу керістегі талқы іш тартып тына қалып еді. Жиын басқарушыдан бірер сағат сөйлеуге рұқсат алып, сөйлей жөнелдім.
«Кеңеспен бішкен тон келте болмайды» деп бастап, сол жақтан басталатын жазулардың ішінде тілімізге ең жақын екі түрлі жазудың бізге ең қолайлысын тауып таңдауымыз үшін, алдымен сол екеуінен де сауатымызды толықтауымыздың аса қажет екендігін жұртшылықтан естіп келгенімді айттым сонсоң: «Жұңхуа халық республикасына қарасты әрқандай ұлт халқы өздері таңдаған жазуды қолдануға құқықты», «әрқандай ұлттың қолданған жазуын идеологиялық және саяси жақтан сындауға, кері төңкерісшілдікке шығаруға ешкімнің құқығы жоқ». Осы екі тұжырымның қателігі, негізгі заңға қайшылығы бар ма?... Қане жолдастар алдымен осы мәселені тереңірек талқылап көрелікші!... Пікірді арттан сыпсыңдамай, ашық берелік!...
Жиын қатынасушылары жым-жырт тына қалды да, екінші рет қузағанымда қазақша «Шинжаң газетінің» бір тілшісі түрегелді. (Оны бас редакторының сыбырлап тұрғазғанын байқадым).
- Бұл екі пікіріңіздің негізгі заңға қайшыкез жері жоқ, заңды сөз. Бірақ –деп бір бөгелді тілші. – Бірақ, біз келешекте ұлы ханзу халқынан ұлтымыздың бөлектенетін беталыс пайда болса, алдымен арам шөпше жұлып тастай білуіміз қажет. Мемлекет тілі болған ұлы ханзу тілі латынша жазуға көшуге дайындалып жатыр. Ал, біз осы бастан сол жолға түсіп, латынша жазуға көшіп, халқымызды озық ұлт қатарына жеткізіп алуымыз қажет!
- Ал, алдыға түсіп озып кетпесек, кері төңкерісші болып кетерміз деген хаупіңіз бар ма? –деп Ынтықбай кірісті сөзге.
- Олай болмасақ та, соған жақын мағына шығады. Славян әрпіне көшіп кетсек... басқа болып кетеміз ғой!
Ынтықбай күліп жіберіп сөйледі:
- Славян негізіндегі қазақ жазуын қолданған Қазақстан қазақтары «басқа болып кетті» демекшімісің?
- Олай демесек те басқа мемлекетте, басқа ұлт болып кетті ғой!
- Оттамай тұр! – Он шақты жігіт бірден ақырып жіберді тілшіге. – Совет одағы басқа жаққа емес, социялизм жолымен бізді де бастап келе жатпай ма!
- Қазақстандағы қазақтар басқа емес, өз елінде, өз отанында, өз тілінде сөйлеп, өз жазуында бізге де көптеген кітап-журнал шығарып беріп жатса, бұл қай былжырағаның!
- Кімнен шыққан апин мұның!
- Енді қазақты қазақтан бөлуге кірістің бе, ей, сен!
- Өз ұлтымызды бөлшектемексіңдер ме, ей, сендер!
Екі жігіт қатар кіжініп, тілшінің алдына жетіп барғанда, Ынтықбай мен Күлән араларына барып тұра қалды.
Жиын бастығы жиын тәртібіне шақырысымен, мен сөзімді жалғастырдым.
- Егер менің жоғарыда қойған екі пікіріме қарсы пікірлерің болмаса, оның заңды түрдегі дұрыс ескерту болғаны ғой, солай ма? Мемлекетіміздің ұлттар жазуына қаратылған заң саясаты осылай емес пе еді? Иә жаңадан заң шықты ма?
- Жоқ, жоқ, жаңадан заң шығарылған жоқ!
- Олай болса, жазу өзгерту жөнінде ұқсамаған пікірдегі жолдастар, бір-біріңе саяси жұдырық түйіп, қорқытуды қойыңдар! Мұның үстіне тағы бір жайіттерді ұғып алалық: ханзу халқы жазуын латыншаға өзгертеді деген сөз қазіргі дәуірде ғана шыққан сөз емес, бір ғасырдан бері болып келе жатқан сөз. Ханзу жазуы сөзді таңба (сурет) арқылы ұқтыратын жазу. Әр-бір сөзді суретпен таңбалайды. Әріпі жоқ. Ал, латынша жазу – біздің жазуға ұқсас әріптен (дыбыстан) құрап ұқтыратын жазу. Әрқандай сөзді дыбыспен (әріппен) құрайды. Сондықтан ханзу жазуын латынша жазуға өзгерту өте қиын. Ханзу оқымыстылары сансыз көп таңбадан құтылып, әріп қолдануға Шыңхай төңкерісінен бұрынғы дәуірлерде-ақ ұмтылыс жасап көрген. Тілдеріндегі тұлға жағынан бірдей, ұқсас сөздердің көптігінен (ол тұлғалас сөздерді әріппен жазғанда мүлде ұғылмайтын, суретпен таңбаламаса, қай сөз екендігін айыру қиын болғандықтан) сәтсіздікке ұшырап, әріптк жазуға көше алмай келген. Сөйтіп, көп машақаттанып көріп, әріпті жазуға көшудің ең бастапқы даярлық сатысы - ханзу тілінң өзін бірлікке келтіру деп тапқан. Бірақ, қазірге дейін толық бірлікке келтіре алғаны жоқ. Ал, тұлғалас-аттас, дыбыстас сөздерді ғылыми жолмен парықтандыру делінетін қиын машақатты жұмыстары сонан соң басталмақ. Демек, жазу өзгертудегі негізгі жұмыстары қашан басталып, қанша уақытта орындалады дейтін сұрауға кім жауап бере алады, қане?... Бір-екеуің шығып, ғылым академиясынан сұраңдаршы!
Ханзу жазуы жөнінде қазірге істеліп жатқан істер, жаңа жазуға көшу емес. Оның керісінше, көне жазу таңбаларының сызықтарын азайтып (қысқартып) тез жазуға, халықытың оңайырақ үйренуіне ыңғайлау ғана. Латынша жазуға көшуді ханзу халқы қазір тумаған сиырдың уызын күткендік деп түсінеді. Ал, ханзу тілінің әріптік жазуға (латыншаға) қашан көшетіндігін кім, нақ айтып бере алады, іс жүзіндік дәлелмен сөйлеп түсіндірсінші, қане?...
Біздің жазу өзгерту қызметімізде латынша, славянша екі түрлі жазудың қайсысына көшсек те ондай машақат кедергілік жоқ. Және ұлы ханзу халқынан бөлініп кететіндей хауіп-күдік те жоқ. Мәселен, біз осы арап жазуын қолданып жүріп-ақ, ханзу халқымен бірге жасап келеміз ғой. Ал, одан бірер қадам болса да ілгері, замана мәдениетіне ыңғайлы славян негізіндегі Қазақстан жазуын қолдансақ не болады екен?... Осы жазу арқылы бөлініп кетеді деген сөз - тек арам ойдың ақымақтық сандырағы ғана!
Жиындағылардың басым көпшілігі бұл сөзімді ду көтерілген қызу қолшапалақпен қарсы алды. Пікірімнің жалғасын уақыттың шектеуімен ертеңге қалдырып, өз мекемемнің бір жұмысы үшін қайтып кеттім. Мен қайтқан соң жазу өзгерту алқасының жиын бастығы қай жазуға көшу жөніндегі кешегі талқыларын жалғастырған екен. Латын жазуына көшуді бастаған кешегі редакторыдң қолдаушылары азайып, көбі Қазақстан жазуына көшуді жақтайтындқтарын ашық сөйлеп, латынша жазуды қабылдау пікірлерінен қайта айныпты. Бұлар латынша жазуға көшуді газет редакторының саяси шоқпарынан қорыққандықтарынан қабылдағандар екен. Жиын өкілдерінен кешке жақын қай жазуды қалайтындықтарын сұрағанда алқа мүшелерінің 80 пайызы Қазақстан жазуына қол көтеріпті.
Мен екінші күні таңертең тағы келіп, біздің мәдениетіміздің тез өркендеуі үшін айтылып жүрген латынша жазумен Қазақстан жазуының қайсысы пайдалы деген сұрауға жауап ретінде тағы сөйледім:
Бұрын мұсылмандық сауат ретінде арапша құран ғана жаттап келген біздің ұлттың «оқыған» азаматтары қари1 аталғанда да бір-біріне хат жаза алмайтын. Кейінірек Жәдитше2 жазу қолданған соң ғана жартылай арапша болса да ептеп шағатай тілімен араласқан қазақша тілі қағазға түсетін болыпты. Жәдитшіліктің өзі де «пәни дүниеге» дін сауатымен араласып, қоғам мәдениетін жасасу үшін шыққан ғой. Нақтылы қазақша жазу мәдениетін дүниеге келтіріп, қазақ грамматикасын тұңғыш рет жасап, бізді жазулы ұлтқа айналдырған Ахымет Байтұрсынұлы болды. Жазу мәдениетіне осы жазумен қаныққан соң ғана Жәдит жазуының «н» мен «г» әрпін қосып «ң» әрпін екі әріппен жасағандығын сындайтын болдық. Басқа дыбыстарға жеке-жеке әріп жасағанда «ң» дыбысына жеке әріп жасай алмайтындай не албасты басқан деп күлгенбіз: расында, бұл жазу шығарудағы бір жабайылық еді. Жазу жасау мәдениетіне айқындық пен ықшамдық қажет қой.
Ал, көптен бері қытай оқығандары «латынша» деп атап келе жатқан жазу да сондай қос-қос әріптен құралған дюдай-дюдай бес әріп бар екендігін білеміз. Мұны оқу үстінде ойланып барып мөлшермен әрең анықтап дыбыстаймыз. Бұған біздің мына саналы мәдениетіміз не демек? Егер мұны жазу өнеріндегі шегіну десек, мешеу Жәдит жазуынан бес есе мешеу, яғни артқа бес есе артық ешгіну болмай ма! Әріптік жазуда сауаты толықтанып қалған бізге мұндай «әріпті» үйрету, қорлағандықтан басқа не болмақ!
Енді Қазақстан жазуы жөніне келейік: Қазақ халқы зорекер ұлтшылдардың зобалаңынан қашып, бүкіл жер шарының шалғай-шалғай түкпірлеріне шашылып кеткен болса да, тіл жағында тұп-тұтас. Мемлекет қарастылығын танытатын атаулардан басқа парық жоқ. Мағұрптағысы мен мәшрұқтағысы бірінен бірі тіл-грамматика жағынан титтей де ажыраған емес. Бәрі де байырғы өз ана тілінде сөйлейтін, филолоигя тұтастығы жағынан сызат түспеген ұлт. Тіл орталығы - Қазақстан. Демек, ұлттық мәдениетіміз де (шекара айырмашылығынан басқа) алалық жоқ. (Кей бір зор ұлтшылдардың өз тілін өзге ұлттарға дектатура ретінде зорлап жүргізгісі келетін далбасасын тіліміздегі бұл тұтастыққа мін ретінде таңуға болмайды.) Қарасты териториямыз басқа-басқа болса да, тіл жағындағы осы тұтастығымыз арқылы Шинжаңдағы қазақтар Қазақстан жазуынан орасан зор көмек тауып отыр. Мәселен, мектеп оқушыларының ол жазудағы оқу құралдарынан пайдалану арқылы өз дәрежесінен озық білімге ие болып отырғандары аз емес. Мен өзім де соның бірімін. Ал, аударма жағынан дүниедегі озық үлгілі кітаптардың Қазақстан жазуына аударылмағаны жоқтың қасы. Сөйтіп, дүниежүзілік озық шығармалар қазақ мәдениетінің төл тумасындай сіңісті қазына болып қалды. Сөйтіп, Қазақстан жазуы біздің ғылым-өнердің қай саласында болса да сондай құрметті-озық орында. Бұл кітаптарды Шинжаңның өз аудармашылары төте аударса, Қазақстандікінен сапа жағынан да сан жағынан да әлдеқайда төмен болып шығып жатыр. Әсіресе, сапа жағынан базарсыз, өтімсіз болып қалып жүр. Қазақстан жазуындағы аударманы көрген-естіген оқушылар, өз аудармашыларымыздікін алмайды. Сондықтан Қазақстан жазуын бірнешелеген аудармашыларымыз жау санап, шетке қағып тастатқысы келеді. Жеке басының пайдасына ұлт пайдасын-халық пайдасын құрбан еткісі келетін тоғышар надандар осылай әрекеттенуде!
Жолдастар, енді ойлап көрелікші, бұрыннан артта қалып келе жатқан Шинжаңдағы қазақтың маңдайына бұл озық мәдениетті жазу симай ма? Мұны саяси шоқпармен шектеп қуып шығып, көп әріпі оған қарама-қарсы жасалған бейтаныс тілдің «латынша жазуын» қолданбақ болуымыз, өзіміздің өзімізге қастық дайындағандығымыз емес пе!... «Шөпке айдаса тақырға қашатын» кедейдің малы біз болғанымыз ба? Ғылым мен мәдениетттің жер ұйығына енді беттегенімізде, егінге түсетін сиырдай үркіткен кім бізді? Қазақстан жазуын басқа елдің жазуы деп шеттету, шын мәнінде, ұлттық тіліміз бен жазуымызды айыру арқылы ұлтымызды бөлшектеу емес пе! Осының өзі өз ата-анасына істеген нағыз қаскүнемдік болып шығатындығын түсінбей ме біздің саналыларымыз? Осы сұрауларды талқылап, өтірік-шындығын, ақ-қарасын айрып көрелікші, қане!...
Осы сөзбен тоқтап, көпшіліктің пікірін тыңдадым. Талқыда сөйлеушілер қызынып, менің қойған сұрауларымды тіпті күшейтіп, зорайта түсті. Саяси шоқпар үйіріп, жат тілдің латынша жазуына жетектеушілерді аттарын атамай түтіп, тозалаңын шығарды. Теріс пиғылды редактор мүлде жалғыз қалғандығынан күлбеттеніп, үн шығара алмай қалды. Жазу өзгертудегі бұл сөзім көпшілікті қаншалық зор шабытқа ие еткендігін, мазмұнын тіпті байытып әкеткендіктерінен, ғылымилығы жақтан кемелетке жеткізгендіктерін, пікір жүргізудегі қызғындылықтарынан байқап, толық жеңіске жеткендігімді түсіндім. Ағыны қатты үстемдік толқыны кербақпа редактордың өзін де жұла жөнеліп, ұршықтай үйіріп, Қазақстан жазуына еріксіз табындырды. Газет үкімшісінің мұндай масқаралықпен мойындай жеңілуінің бір себебі, аудармашылықтағы жеке бас пайдасын күйіттегендігі екендігін менің әшкерелеп тастауымнан болғандығын сездім. Шинжаң қазақтарының жазуын қазіргі заманға, ғылым мен өнердің дамуына лайықтасқан кемелетті Қазақстан жазуына алмастыру қызметімізді, сөйтіп, үлкен жеңіспен, өкілдердің жүз пайыздық толық қабылдаған қаулысымен аяқтаттық.
Бұл жолғы күресте Ынтықбай мен Күлән өздерінің бір майданның, бір көзқарастың жауынгерлері екендіктерін толық таныған екен. Соның ертеңіне-ақ тойға шақырды.
Жағай Іле қазақ автономиялы облысының құрылу тойын әдейі кешіктіріп, жазу өзгертудың осы қаулысын күтіп отыр екен. Үрімжіден осы қаулы барысымен, Құлжада «қос жеңіс тойын» дайындап, Қазақстанды да шақыртыпты. «Совет одағы» мен «Жұңхуа халық республикасындағы» қазақтардың екі отауы мәдени-ағарту салалары жағынан тағы да жақындасып, шекараның екі жағынан тұтасып қалғандығына Қазақстан қатты қуанған екен. Мәдениет өкілдері Құлжаға зор көлеммен келіп, бірге тойласты. Бұл тойдан соң аса аңсаған сағынышты енелері мен құлындары жанасқандай барыс-келіс, мәдениет алмасу істері тіпті жиілей түсті. Мұндай жайт достың сүйінішті көңілін, қастың күйінішті көзін тартпасын ба. Армандар төлдеп, тілектер гүлдеген бір қысқа уақыт үміт қарлығаштарын қайшалыса ұшырып, шекара тәртібін ығыр етті білем. Зейіл сақшылар шекараға топтала түсті. Қырғын құралдары күн сайын көбейе түсті...
Орта Азия мен Шинжиаңдағы мұсылман ұлттардың, әсіресе, қазақтардың мұндай туысқандық етене байланыстарын мықтап шектеудің, яғни ассмилациялап, бір-бірінен алыстатып, азғындатудың саясаттарын, орыс отаршылдары сияқты көптен-ақ дайындап жатқан Бежін үкіметі алдымен тіл-жазу бірлігін бұзуға шұғыл кірісті. Ұлт жазуы жөніндегі заңдарын лақтырып тастап, орталық үкімет атынан бұйрық шығарды. Әріптерінің көбі Қазақстан жазуының әріптеріне қарама-қарсы дыбыстағы, жаңа айтылған қос-қос әріпті қаскүнем «латыншаны» жарқ еткізді:
«Жұңхуа ұлттары түгіл қабылдап, ұлы бірлікке келулері үшін «бәрімізге лайықты латынша», осы жазуды қолдану қажет!» дей келіп, Шинжиаңдағы ұсақ ұлттардың түгелімен осы жазуға көшуін қадағалап тапсырыпты. Бұл бұйрыққа қол қойған үкімет бастығы Жунлай. Тексеріп байқасақ, бұрын Азия түріктерінің маңайын басып көрмеген байтаныс «латынша» екен.

Әділетті тергеушім, өз үйінде тері піше алмайтын олақ қатынның басқа үйде Мақпал пішкеніндей өрескелдікті ішіңізден біліп, көз қиығыңызбен көріп, азуды баса күліп отырған шығарсыз!... Амал не, соқыр мысықтың тырнағына сорлы тышқан ілінеді екен!!!


МАЗМҰНЫ

Бірінші бөлім


ОЙЫН МЕН ОЙЫН БҰЗАР……….
Екінші бөлім
ТАРАЗЫ………………………….
Үшінші бөлім
УЫСТАҒЫ ШУ…………………………….
Төртінші бөлім
ЕСІРКЕУ………

1 Жүнпалық (қытайша) – мелтитаристік.

1 Жепаңжүн (қанзуша) – азаттық армия.

1 Жуан бас батенка.

1 Маузыдұң сөзі.

1 Даңуи (қытайша) – партия ұйымы (компартия комитетінің қысқартылған атауы)

1 Зор байларға тән қулық-сұмдықтан да, зорлық-зомбылықтан да, езу-қанаудан да аулақтығымен беруді ғана біліп, алуды білмейтін сонда да байлығы кемімей келе жатқан Башпайға оқу-білім жұртшылығы осылай анықтама жасайтын.

1 Үгіт-нәсиқат қосыны.

2 Қосын бастығы.

1 Хуайың – (қытай тілінде) құттықтаймын деген сөз.

2 Әуейілік – стил мәселесі деп аталып қалған.

1 Би футуанжаң – Биғабіл футуанжаң дегені.

1 Жыңуи (қытайша) – комиссар, саяси жетекші.

2 Ренжімеңіз.

3 Болама, болмай ма.

1 Санмиңжуии (гоминдаң саясаты) – үш мұрат.

1 Жаңгөдей (айтылуында Жаңгүйді) – қытай байларын осылай атайды, қожайын мағынасында.

1 Ача (ұйғырша) - әпеке.

1 Оңтүстік Кореяның сол шақтағы бастығы Лиснман (Америкашыл).

1 Хабатуан (ханзуша) – Алтай қозғалаңына қарсы Шың Шысай - гоминдаң құрған қазақ полкы. «Қазақ 8-ші полк» деген атпен Шонжыда құрылған.

1 Қожасының жендетке берген бұйрығын қайтарып алатын, «болды, қоя сал» деген мағынадағы сөзі.

1 Лүйжаң – біригада командирі.

1 Тұң шуай (қытайша) – қолбасшы.

1 Жепаңжүн – азаттық армия (компартия армиясы).

1 Барабан. Ырғағына қарай осылай атайтын.

1 Ака (ұйғырша) – аға.

1 Сы, бұсы? (қытайша) – рас па? (айтылуы – рас па, рас емеспе?)

1 Мұтлақ (ұйғырша) – мүлде.

2 Аңладыңыз ма (ұйғырша) – естідіңіз бе.

3 Сынып журыны – клас меңгерушісі.

1 Аксиятшы (ұйғырша) – кертартпа.

1 Зыдайян (қытайша) – нұсқаушы, саяси жақтағы лауазым. Бұл да Сұңжуріннің өзі.

1 Туанжаң (ханзуша) – полк құманданы.

1 Шақшақ (ұйғырша) – қалжыңшыл, нақ мағынасы қалжың.

1 Дең – қонаққа майланатын қоралы үй. Жеке меншіктегі қонақ үй.

1 Қоңырақын – Дөрбілжінде болған әйел жанды есалаң басқыншы.

2 Дижу (ханзуша) – жер иесі (момещик).

3 Бадам доппа – бадам жемісінің бейнесі түсірілген ұйғырдың ала тақиясы.

1 Бұл шақта Толы Дөрбілжіннен бөлініп жеке аудан болып құрылған.

1 Яту (ханзуша) – қыз.

1 Мәйбан – компрадор, делдал.

2 Тамады – шешесін.....

1 Район жолдас – район бастығы демекші.

1 Мау Зыдұң ықшамдап құрастырған түсінік.

1 Жолбарыстық қиянат – (үшке қарсы әрекеттегі ең ауыр жаза жолбарыс аталып соғылу) Мың юан, істеген қиянаты мың юанға жеткен қиянатшы қолға түскен жолбарыс ретінде рақымсыз жазаланады. Үй мүлкі мүсәдіреленеді.

1 Лауфың – фаң екең (үлкенсіп құрметтеген атау) – Фың Дыхуай.

2 Лаулю – Лю екең (үлкенсіп құрметтеген атау) – Лю.

1 Жыхүй жуии (ханзуша) – оппортонизм.

1 Поведа (орысша) – жеңіс, үстемдік. Совет одағының осы атты жеңіл машинесі. Бұл шақта Шинжаңда көп таралған.

1 Жұмо (ұйғырша) – ұғып қой, біліп қой деген сияқты ескерту – кесету қосымшасы.

1 Пұшайман (ұйғырша) – ұялу, масқаралық.

1 Дахыл (ұйғырша) – тосқындық, кедергі.

1 Әнзі (ханзуша) – дело.

1 «Отқа салар» (қазақ салты) – шақырған үлкен үйге жаңа түскен келін апаратын сырмақ, иә, орамал сияқты үй мүлкі.

1 Бөрік (ұйғырша) – ума.

1 Демсомол (қысқартылған атуа) – демократиялық жастар одағы.

1 Тыңжаң (ханзуша) – меңгерме бастығы. Путыңжаң – орынбасар меңгерме бастығы.

1 Ғұнсұр (ұйғырша) – элемент.

2 Бағыраз (ұйғырша) – түйсіксіз, жарымес.

1 Дөт (ұйғырша) – дүлей.

1 Ироглиф – жазу орнына қолданылатын таңба. Ханзу тілінде тұлғалас дыбыстас сөз көп болғандықтан әліге дейін әріп жазуын қолдана алмай, әр сөздің мағынасына қарай жасалған сурет (таңба) қолданып келеді.

1 Құранды түгел жаттап алғандар қари дәрежесін алады.

2 Жәдит.



жүктеу 0,6 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау