Агрожаршы. – 2011. - №46. – 25 қараша
Сабыр С.
Ауылға бар, ветеринар!
Елге нақты қандай мал шаруашлығы мамандары қажет екендігін анықтау керек
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің республикалық форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ветеринариялық қызметті дұрыс жолға қоя алмасақ, ет экспорты туралы айтуға да болмайды. Барлық мал шаруашылығымен айналысушылар осыны есте сақтаулары керек» - деген сөзін барша қазақстандықтар және агроөнеркәсіп кешеніне қатысы бар мамандар дұрыс түсінген шығар.
Сабақ болар сол бір шақ
Мінберден Мемлекет басшысының меңзеген міндеттемесін, әсіресе, мал өсірумен, ет өнімін өндірумен және мал дәрігерлерін даярлайтын оқу орындары басты назарға алды деген сенім санаға ұялады. Өйткені Президенттің алқалы жиында айтқан агрокешенге қатысты осы саласы сынға ілігіп тұр десек, артық айтқандық емес. Себебі сонау келмеске кеткен кеңес тұсында әр шаруашылықта малдың бас дәрігері, бас зоотехнигі, әр ферманың дәрі егетін мал дәрігері болды. Яғни бір шаруашылықта оннан астам мал дәрігері төрт түліктің аман-есен қыстан шығып, көктемде аузы көкке тиіп, жазға жетуі үшін еңбектенді. Өткен ғасырдың 80-жылдары бір кеңшардың сиырына қарасан ауруы жұғып жарты мал қырылып қалған кезде сол ұжымның директоры орнынан түсіп, бас зоотехник қызметтен төмендеп, бас дәрігердің жұмыссыз қалғанын естігеніміз бар. Партиялық билеттерімен де хош айтыса жаздаған екен. Осының өзі адамға қарағанда малға деген бетбұрыстың қандай халде болғанын аңғартса керек.
Жоғалтқанды түгендеу
Қазіргі кезде малды адам баласының тіршілік нәріне негіздеп жатырмыз. Бұл бүкіл әлем бойынша қалыптасқан үрдіс. Жеті миллиард адам төрткүл дүниедегі алты құрлықтың төртеуін мекен етіп жатыр. Орманы мен таулары құс пен аңға, мұхиты мен теңізі балыққа, жазығы жануарға, төскейі төрт түлікпен толып жатса да, адам баласын азық-түлікпен қамту әлемнің басты проблемасына айналып келеді. Мұны да Елбасы агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің форумында ашық айтты. Яғни жоғалтқан жоқты түгендеп, бұрыннан барды байыту басты міндет болып отыр. Нақты айтсақ, сапалы еттің түрін кебейту керек. Ол үшін, алдымен, мал басын арттыру, өндірісті өркендету шарт. Бұл салада кәсіпкерлерде ілгерілеушілік анық байқалып отыр. Өйткені тұғырлы тәуелсіз елдің кәсіпкерлері өндіріске ден қойды, бел шешіп белсенді кірісуде, ездеріне сенімді. Тек ақсап жатқан көзге көрінбей қалған бір маңызды мәселе бар. Ол - Елбасының меңзеп отырған мал дәрігерінің жоқтығы, жоғалып бара жатқандығы.
Мамандықты мақсатты таңдау қажет
Қазір елімізде ауылшаруашылық мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындары Алматыда, Астанада, Оралда орналасқан, Қостанайда мемлекеттік университетте және жекеменшік институттарда агрофакультеттер жұмыс істейді. Астананың өзіндегі С.Сейфуллин атындағы аграрлық техникалық университеттегі «Ветеринария және мал шаруашылығы» факультетінде жалпы есеппен 1091 студент оқиды. Оның ішінде ветеринариялық санитария мамандығы бойынша 217 студент білім алып жүр. Солардың 32-сі биыл жоғары білімді диплом иесі болып шығады. Бұдан бөлек ветеринариялық медицина мамандығы бойынша 235 студент оқыса, оның 36-сы жыл соңында күректей көк диплом иесі атанады. Қарап отырсақ, мал дәрігері болу үшін оқуға түскендер саны ойдағыдай, алайда, мамандық бойынша ауылға барып еңбекке араласу ойдан шықпай тұр. Дегенмен жас буынның ауылға баратын ынтасы да жоқ емес.
- Мен ата-анаммен ақылдаса отырып, осы мамандықты таңдадым. Міне, оқуды бастағаныма үш ай болды, еш өкініш жоқ! Қазіргі уақытта ветеринарлық медицина мамандығы бойынша білім аламын. Биыл Елбасы ветеринария саласын дамытуға байланысты Үкіметке тапсырма берді. Осыған орай мемлекетімізде көптеген жұмыс орындары ашылады деген сенімдемін. Пәндер - өте қызықты, оқытушылар құрамы да білікті мамандар. Ең бастысы, осы мамандыққа деген өзімнің қызығушылығым одан әрі артып келе жатыр, - дейді ветфактың 1-курс студенті Салтанат Таурабаева.
Оқытушының өзін шыңдайтын кез
Ауылдың алтын діңгегі саналатын ароөнеркәсіп кешені Қазақстанның экономикалық тұрғыдан қарыштап дамуына себеп болатыны анық. Бұған ешкім күмән келтірмейді де. Себебі тәжірибе жеткілікті. Білікті маман бар. Маман даярлайтын база да шүкіршілік. Бұл бағытта шетелдік оқу орындарымен де тәжірибе алмасу қолға алынған.
- Атап айтсақ, жақында АҚШ-та, Германияда, Польшада, Қытайда 11 оқытушы түрлі тәжірибе алмасу тағылымдамасынан өтіп, біліктіліктерін арттырып келді. Сондай-ақ, студенттердің де шетелге барып тәжірибеден өту жұмыстары жолға қойылып жатыр. Мәселен, ветеринариялық медицина мамандығы бойынша білім алып жатқан бір студент және биотехнология саласынан бір студент Германияның Шеленберг қаласындағы оқу-тәжірибелік тағылымдамасынан өтіп келді. Тағы бір айта кететін жайт: университетте 2005 жылдан бастап отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен дәрістер мен семинарлар, зертханалық сабақтар өткізілуде, - дейді «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Айтжан ӘБДІРОВ.
Қанша керек?
Қазақстан бойынша қанша мал дәрігері немесе зоотехник керек? Шындығында, бұл сұрақ күн тәртібінде өзіндік өзектілікке ие болып отыр. Мысалы, мектепке қанша тарихшы керек десе, Білім министрлігіндегілерді таңғы төртте оятсаң да, осынша керек деп айта алады. Ал мал дәрігеріне қатысты осы сауал қойылса, Білім түгілі Ауылшаруашылық министрлігінің де ойланып қалары хақ. Бұл жерде біреуден «білмейді екен» деп кемшілік іздеудің өзі - сауатсыздық. Себебі бұрынғы жүйелі жоспар кезінде шаруашылықтардың саны белгілі, қай шаруашылық қандай мал бағатыны жатқа айтылып, хаттамада хатталатын. Ал қазір бәрі керісінше. Жекеменшікте. Кімге не қажет, қанша мал дәрігері керектігін шаруашылық пен қожалық иесі немесе кооператив төрағасы шешеді. Сонымен қатар қазіргі шаруашылықтардағы мал дәрігері төрт түліктің аурудан аман болуына себеп болса, әуежай мен теміржол стансаларында, автобекеттерде шет елдерден келетін немесе сыртқа шығатын ет өнімдерінің сапасы мен стандартын тексеретін ветеринарлық дәрігерлер қажет екенін естен шығармау керек. Сонымен қатар заман кешіне сай жаңалықтарды енгізу арқылы ет өніміне қатысты жаңа мамандықтардың туындауы да ғажап емес. Елбасы агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің форумында осыны меңзеді. Келешекте тұқырып төмен қарап қалмай, еңсемізді биік ұстап қай кезде де, қандай жағдайда да білікті маманмен дайын болу - бүгінгі күн талабы. Ғылым мен білім жетістігінің осы салада да озық тұрғаны тұғырлы тәуелсіз елдің мерейі болмақ.
Достарыңызбен бөлісу: |