Қорғаушыны шақыру, тағайындау, ауыстыру, оның еңбегiне ақы төлеу
1. Қорғаушыны күдiктi, айыпталушы, сотталушы, олардың заңды өкiлдерi, сондай-ақ күдiктiнің, айыпталушының, сотталушының тапсырмасы бойынша немесе келiсiмiмен басқа да адамдар шақырады. Күдiктi, айыпталушы, сотталушы қорғану үшiн бiрнеше қорғаушыларды шақыруға құқылы.
2. Күдiктiнiң, айыпталушының, сотталушының сұрауы бойынша қорғаушының қатысуын қылмыстық процестi жүргiзушi орган қамтамасыз етедi.
3. Таңдалып алынған немесе тағайындалған қорғаушының ұзақ мерзiм (кемiнде бес тәулiк) iшiнде қатысуы мүмкiн болмайтын жағдайларда қылмыстық процестi жүргiзушi орган күдiктiге, айыпталушыға немесе сотталушыға басқа қорғаушы шақыруды ұсынуға немесе адвокаттардың кәсiптiк ұйымы немесе оның құрылымдық бөлiмшелерi арқылы қорғаушы тағайындауға шаралар қолдануға құқылы. Қылмыстық процестi жүргiзушi органның қорғаушы ретiнде белгiлi бiр адамды шақыруға ұсыныс жасауға құқығы жоқ.
4. Ұстау немесе күзетпен ұстау жағдайында, егер күдiктi, айыпталушы, сотталушы таңдаған қорғаушының келуi жиырма төрт сағаттың iшiнде мүмкiн болмаса, қылмыстық iзге түсудi жүзеге асырушы орган күдiктiге, айыпталушыға немесе сотталушыға басқа қорғаушы шақыруды ұсынады, ал одан бас тартылған жағдайда қорғаушыны адвокаттардың кәсiптiк ұйымы немесе оның құрылымдық бөлiмшелерi арқылы тағайындауға шаралар қолданады.
5. Адвокаттың еңбегiне ақы төлеу қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүргiзiледi. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган оған негiз болған кезде күдiктiнi, айыпталушыны, сотталушыны заңгерлiк көмекке ақы төлеуден толық немесе iшiнара босатуға құқылы. Бұл жағдайда еңбекке ақы төлеу мемлекеттiң есебiнен жүргiзiледi.
6. Адвокат анықтау, алдын ала тергеу жүргiзуде немесе сотта осы Кодекстiң 71-бабының үшiншi бөлiгiнде көзделген, клиентпен келiсiм жасаспастан тағайындау бойынша қатысқан жағдайда да адвокаттардың еңбегiне ақы төлеу жөнiндегi шығындар мемлекеттiң есебiнен жатқызылуы мүмкiн.
7. Егер қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге бiрнеше қорғаушы қатысқан жағдайда қорғаушының қатысуы қажеттi iс жүргiзу әрекетi тиiстi күдiктiнiң, айыпталушының, сотталушының қорғаушыларының түгел қатыспауынан заңсыз деп таныла алмайды.
8. Қорғаушы қылмыстық процестi жүргiзушi органға өзiнiң жағдайын растау үшiн жеке басын куәландыратын құжаттарды және тиiстi жағдайларда: адвокатурадан екендiгiн растайтын құжат пен заң консультациясының адвокатқа аталған iске қатысу құқығын бiлдiретiн ордерiн немесе маңызы бойынша онымен тең құжатты; қоғамдық бiрлестiктiң немесе оның басшы органының қорғаушыны тағайындау туралы шешiмiн; күдiктiмен, айыпталушымен, сотталушымен туыстық қатынасын растайтын құжатты ұсынады.
Достарыңызбен бөлісу: |