АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ШАЛҒЫНБАЕВА Қ.Қ.
Қазақ халқының еңбек тәрбиесі дәстүрлерін үздіксіз білім беру
жүйесінде пайдалану
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
Алматы, 2004
УДК 372.8
ББК 74.200.52
Ш - 21
Шалғынбаева Қ.Қ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ЕҢБЕК ТӘРБИЕСІ ДӘСТҮРЛЕРІН ҮЗДІКСІЗ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕ ПАЙДАЛАНУ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ – Алматы, 2004 – 25 б.
Пікір жазғандар: С.А. Ұзақбаева, п.ғ.д., профессор
А.К. Рысбаева, п.ғ.д., профессор
ISBN 9965-14-490-7
Тұжырымдаманың материалдары қазақ халық педагогикасында жеткіншектерді еңбекке тәрбиелеу проблемасына байланысты этнопедагогикалық әдебиеттерге, ғылыми зерттеулерге, жалпы білім беретін орта мектептердегі еңбек тәрбиесі тәжірибесіне теориялық талдау жасау негізінде құрылған.
Сонымен қатар, қазақтың халықтық педагогикасындағы еңбек тәрбиесінің мақсаты, міндеттері, қағидалары, мазмұны мен түрлері мазмұндалады.
Тұжырымдама мектеп мұғалімдеріне, тәрбиешілерге, студенттерге, ата-аналарға әдістемелік көмекші құрал ретінде ұсынылады.
ББК 74.200.52
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық
университетінің педагогика кафедрасы
баспаға ұсынған, хаттама № 10,
мамыр айының 12 жұлдызы, 2004 ж.
Ш 4310030000
00 (0) - 04 © Шалғынбаева Қ.Қ., 2004.
ISBN 995-14-490-7
І. К І Р І С П Е
Үшінші мыңжылдықтың табалдырығын аттаған бүгінгі қазақ халқының мақсаты – қазіргі ғаламдану процесіндегі өзінің ұлттық мектебін халық педагогикасы дәстүрлерінде құру, ғылым-білім пәндерін бүкіл әлемдік стандартқа сәйкестендіру барысында тек қазақ тілі құнарында өркендету, дәстүрлі еңбек тәрбиесінің дербестігіне кепілдік беру. Бұл бүгінгі мәдени-әлеуметтік ортадағы жеткіншектердің дәстүрлі еңбекке деген құндылық бағдарын қалыптастыруды, ата-бабалар тәжірибесін меңгертуді міндет етеді.
Қазақстанның тәуелсіз өркениетті мемлекет болуына байланысты Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңының қабылдануы, қазақ тілінің «Мемлекеттік тіл» ретінде жариялануы, қазақ этнопедагогикасының дербес ғылым мәртебесіне жетуі, «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамытудың
тұжырымдамасының», «Мәдени мұра бағдарламасының» және «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңдарының қабылдануы жасөспірімдерді халқымыздың дәстүрлі еңбек түрлеріне тәрбиелеу мәселесіне жаңаша көзқарас тұрғысынан қарауды талап етеді.
Бүгінгі таңда жасөспірімдерге көпсалалы ұлттық мектептерде халықтың дәстүрлі еңбегімен тығыз байланыста тәрбие беруге зор үміт артылып отыр.
Себебі, кеңес дәуірінде қазақтың ұлттық мектебі болмады, мектептер қазақ мектебі деп аталғанмен, олар орыс мектебінің қолайсыз көшірмесі еді, ұлттық мектептердің ұлттылығы жойылып, олардың қазақ халқы үшін пайдасы болғанымен, жас ұрпақтың ұлттық тұрғыдағы еңбек тәрбиесіне зияны тиді.
Ұзақ жылдар бойы әкімшілдік-әміршілдік әдіске негізделген тәрбие кезінде жеке адам елеусіз қалды, оның өзіндік мүмкіндігіне, өмірлік мақсатына мән бермеушілік және оның еріктілік негізінде дамуына тежеу салушылық орын алды. Жас ұрпақ ата тарихындағы дәстүрлі еңбек тәрбиесінен, ана тілінен, төл мәдениетінен қол үзді. Сондықтан да бүгінгі таңда, отарлау мен бодандықтың бұғауынан азат етілген ерікті қоғамда, тәуелсіз және құқылық мемлекет құру кезеңінде қазақ халық педагогикасындағы еңбек тәрбиесінің мазмұнын, қағидаларын, мақсаты мен міндеттерін қайта қарастырып, түбегейлі жаңартудың қажеттігі туып отыр. Ол үшін:
Қазіргі қазақ мектебінің болашақта «Қазақ ұлт мектебіне» ұласуын көздеп оның жүйесін теориялық-әдіснамалық тұрғыдан белгілеу;
Оқу-тәрбие процесін отбасынан бастап үздіксіз демократиялық
нысанда қалыптастыру;
Қазақтың көпсалалы ұлт мектебін балабақшадан бастап университетке дейінгі аралықта үздіксіз білім берудің барлық басқыш-сатыларын
қамтитын, әрі қазақ ұлтының тілін, ділін, мәдениетін, дәстүрлі еңбек тәрбиесін, рухани болмыс-бітімін осы басқыштардың әрқайсысында да әлемдік өркениеттің жетістіктерімен шебер ұштастыра білетін біртұтас үзіліссіз жүйе ретінде қалыптастыру;
Қоғам мен мектеп, мектеп пен ата-ана, мұғалім мен шәкірт, ата-ана мен бала арасындағы ынтымақтастыққа, сабақтастыққа, үздіксіз тәрбие нысанына, оның ұлттық ұстанымына баса назар аударып, нағыз демократиялық дербес мектеп жасау қажет.
«Қазақ ұлт мектебі» тәуелсіз Қазақстанда ғана өз атына лайық мәртебе
ала алады, өйткені ол Қазақстанның ұлттық білім саясатын жүзеге асыратын еліміздің ең негізгі көпсалалы оқу-тәрбие мекемесі болып табылады.
Жеткіншектерді жан-жақты дамыту ғасырлар қойнауынан келе жатқан еңбек тәрбиесінің ең негізгі мақсаты. Халық өзінің жас ұрпағы есті, адал, мейірімді, еңбекқор, ержүрек, ар-ожданы мол, парасатты болып өссін деген үмітпен өмір тәжірибесі сынынан өткен тәлім-тәрбие мұрасын қолданған.
Әсіресе, баланы еңбекке тәрбиелеуге байланысты ерте заманнан жиып-терген ұлттық тәлім-тәрбиесінің асыл қазынасы, мол тәжірибесі бар. Ананың бесік жырынан басталатын қарым-қатынас, іс-әрекет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, халықтың ауызекі творчестволық үлгілері – жеткіншектердің дүниетанымын, сана-сезімін, мінез-құлқын қалыптастыратын тәлімдік мұра.
Сондықтан «Қазақ халық педагогикасының еңбек тәрбиесі дәстүрлерін үздіксіз білім беру жүйесінде пайдалану тұжырымдамасын» жасауға жоғарыдағы аталған құжаттармен қатар, мемлекеттің білім беру саласындағы саясатының тұжырымдамасы, ҚР азаматтарының жаңа әлеуметтік-экономикалық мінез-құлқын қалыптастыру тұжырымдамасы, этникалық-мәдени білім беру тұжырымдамалары тірек етілді.
Тұжырымдама алты бөлімнен тұрады және қазақ халық педагогикасының дәстүрлі еңбек түрлерін өзара бірізділікті сабақтастықта жүзеге асыруды көздейді:
Қазақ халық педагогикасының дәстүрлі еңбек түрлерінде жеткіншектерді тәрбиелеу мазмұны.
Қазақ халық педагогикасының дәстүрлі еңбек түрлерін отбасы тәрбиесінде пайдалану.
Қазақ халық педагогикасының дәстүрлі еңбек түрлерін мектепке дейінгі мекемелердің тәрбие процесінде пайдалану.
Қазақ халық педагогикасының дәстүрлі еңбек түрлерін жалпы білім беретін мектептің оқу-тәрбие процесінде пайдалану.
Қазақ халық педагогикасының дәстүрлі еңбек түрлерін мектептен тыс мекемелер тәрбиесінде пайдалану.
Қазақ халық педагогикасының дәстүрлі еңбек түрлерін жеткіншектер тәрбиесінде пайдалануға болашақ педагог мамандарды даярлау.
ІІ. ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЕҢБЕК ТҮРЛЕРІНДЕ ЖЕТКІНШЕКТЕРДІ ТӘРБИЕЛЕУ МАЗМҰНЫ
Қазақтың дәстүрлі еңбек тәрбиесіндегі тәжірибесін бүгінгі таңдағы жеткіншектер тәрбиесінің негізіне алу – халық педагогикасының мүддесі, әрі талабы. Жеткіншектердің әлеуметтік ортадағы сан салалы қарым-қатынасы мен іс-әрекетін ұйымдастыру барысында халықтық тәжірибе мен ізгі қасиеттерді оның бойына дарыту қашаннан игі мақсат болып келеді.
Демек, тәрбие – жалпы адамзаттық құндылықтар мен халықтың ғасырлар бойы жинақталған, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, баланың қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын және соған сай мінез-құлқын қалыптастыра отырып еңбекке тәрбиелеу.
Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – ұлттық сана-сезімі оянған, қоғамдық байлықты еселей түсуде нарықтық экономика қағидаларына бейімделе отырып, ұлттық руханият пен мәдениет құндылықтарын кеңінен пайдалана алатын, қазақ халқының дәстүрлі еңбегіне бейімделген, белсенді, іскер, бәсекелік, қабілеттілік, шығармашылық қасиеттерге дағдыланған «сегіз қырлы, бір сырлы» жеке тұлғаны қалыптастыру.
Халықтық педагогика процесіндегі ұлттық сана-сезім – адамның рухани өмірінің басты белгілерінің бірі. Ұлттық сананың қалыптасу деңгейінен адамның ана тіліне, туған елдің мәдениеті мен тарихына, елі мен жерінің байлығына деген сүйіспеншілігі, азаматтығы көрінеді. Өз елін, ұлтын қадірлейтін адам ғана басқа елді де қадірлей біледі.
Осы ретте, жаңарған қоғамның басты мақсаттарының бірі – әрбір сәбиден бастап жоғары оқу орындарындағы жастарға дейін туған елінің мәдени қазынасынан айырылып, рухани мүгедек болып қалмауы үшін, ана тілін, дінін, салтын, дәстүрлі еңбектің түрлерін меңгертуді оларды өмірлік қажеттілігіне айналдыру.
Өркениетті республикамыздың көпсалалы мектептерінде жеткіншектерді еңбекке этнопедагогикалық мол қазынаға сүйене отырып тәрбиелеудегі ең өзекті міндеттердің бірі – дәстүрлі еңбекке баулу, кәсіптік мамандықты беру бағдарламасы арқылы болашақ мамандығына байланысты менеджмент, маркетинг, технология, бизнес, т.б. салалардан білім, тәрбие беруді ұйымдастыру, өнімді еңбекке және іскерлік бизнеске ұластыру.
Сонымен қатар еңбекке сүйіспеншілік пен еңбек адамдарына құрметпен қарауды, еңбек іс-әрекетінің барысында олардың дағдысы мен іскерлігін қалыптастыру қажет.
Тұжырымдама мақсатына сәйкес, отбасы еңбек тәрбиесінен бастап әрбір жасөспірімге жеке тұлға ретінде қарап, оның өзіне тән еңбекке деген көзқарасы, еркі, өзіндік еңбек іс-әрекетін жасай алатын қабілеті бар субъект екенін ескере отырып, төмендегі міндеттер мен бағыттар жүзеге асырылады:
Қазақ этнопедагогикасындағы ғылыми мағлұматтар мен халық тәжірибесіне негізделген дәстүрлі еңбекке тәрбиелеудің құралдары
мен әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы жеткіншектердің еңбекке деген ұлттық сана-сезімін, еңбек дағдыларын, еңбек етуге әзірлігін, әдеттенуін қалыптастыру.
Көпсалалы ұлттық мектептерді еңбек кабинеттерімен қамтамасыз ету, оқу-өндіріс комбинаттарының жанынан ашылған еңбекке тереңдетіп даярлайтын оқу орындарында дәстүрлі еңбек түрлерінің тәрбиелік мазмұнын күшейтумен қатар үйретуді, меңгертуді көздеген қосымша арнайы пәндерді, курстарды, факультативтік оқуларды енгізу.
Қазақ ұлтының дәстүрлі еңбек түрлерінің қайта түлеуіне, жасөспірімдерді еңбекке даярлаудағы этникалық салт-дәстүрлер мен
әдет-ғұрыптардың еркін гүлденуіне құқылы екенін жас ұрпақтың санасына сіңіру.
Балалар мен жастардың еңбек етуге әдеттену, әзірлену, жұмысты істей білуге деген ықыласын арттыру; олардың ұжымдық еңбек дағдыларын қалыптастыру; еңбексүйгіштік, шығармашылық, белсенділік, іскерлік қасиеттерін дамытып, оны қоғамдық еңбек талабына сай іске асыруға
көмектесу.
Тәрбиенің басты бұлағы – «ата-ана мектебі», сондықтан қыз бала мен ер бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу, оларды келешекте отбасының иелері деп есептеп қыз баланы: отбасының береке-құтын сақтайтын келін, ана ретінде имандылыққа, әдептілікке, кішіпейілділікке, кешірімділікке, жан сұлулығы мен тән сұлулығының жарасымды қасиеттеріне жастайынан бейімдеу; отбасына қажетті іскерлік пен дәстүрлі еңбектің түрлеріне: ас пісіру, іс тігу, кесте тоқу, үй ішін, өзін-өзі таза ұстау, үнемдеу, бала тәрбиелеу, т.б. үйрету, дағдыландыру; ер баланы: үй шаруашылығына көмектесуге, мал, егін шаруашылықтарына, қолөнер еңбегіне баулу және атбегілікке, құсбегілікке, сазгерлікке, т.б. үйрету, бейімдеу;
Тәрбие барысының өн бойында жастардың мамандықты еркін таңдауына негізделген кәсіби бағдар жүйесін құру; ауылға қажетті кәсіптерді меңгеруге мүмкіндік жасау (фермерлік, қожалық, жеке меншік, сәндік-қолданбалы қолөнер және т.б.);
Жас ұрпақты өздігінен білім деңгейін көтеруге үйретіп, өзін-өзі тәрбиелеуге дағдыландыру; компьютермен басқарылатын автоматтық технология жүйесін меңгерту, Интернет арқылы өзінің кәсіптік мамандық біліктілігін арттыру;
Нарық экономикасы талаптарын жүзеге асыру процесіне еркін еңбек
пен жоғары өнімділік кепіл бола алады. Сондықтан жеткіншектерге дәстүрлі еңбектің адам өміріндегі мәні мен маңызын түсіндіру, шығармашылық еңбекті дамыту, еңбек дағдысын баланың бойына жастайынан сіңіру, оны табиғи қажеттілікке айналдыру, жоғары икемділікке, нарық жағдайындағы бәсекелікке бейімдеу;
Қоғам мен мемлекет өркендеуінің ғылыми-техникалық прогреспен тығыз байланыстылығын ескере отырып, жеткіншектерді ауылшаруашылық техникасының тетігін еркін меңгерген жұмысшы маманы ретінде тәрбиелеуге баса көңіл бөлу; өнім шығару және өңдеу шеберханаларындағы еңбекке қатыстыру; өндірістің бағыт-бағдары тек қана нарық екенін, оның дүниежүзілік тәжірибеде кеңінен қолданылатынын жеткіншектерге түсіндіру; іскерлік бизнеске бағыттау және т.б.
Бүгінгі күннің талабына сай жеткіншектердің еңбек тәрбиесінің мақсаты мен міндеттерін айқындаумен қатар, оның мазмұнын, әдіс-
тәсілдерін және оны ұйымдастырудың негізгі қағидалары анықталды.
Еңбек тәрбиесінің басты қағидасы – мақсаттылық. Баланы жоғары құндылық деп бағалап, оның ерекше қабілетін және дарындылығын көре білу, сол ерекшеліктеріне сәйкес өз еркімен таңдаған еңбектің түрін меңгеруге қоғамдық ортада тиісті жағдай жасап, бағыт-бағдар беру. Шығармашылыққа, іскерлікке бейімдеу.
Дәстүрлі еңбек тәрбиесінің үздіксіздігі, беріктігі, жүйелілігі. Қазақ халқының жеткіншектерді дәстүрлі еңбек түрлеріне тәрбиелеудегі әлеуметтік ортаның тәжірибесін негізге алу, ағартушылық-педагогикалық ой-пікірлерін, идеяларын, ауызекі творчестволық шығармашылығын үздіксіз оқу-тәрбие жүйесінің мазмұнына ендіру.
Дәстүрлі еңбек түрлерінің қоғамдық өмірмен байланысы. Еңбек тәрбиесі табысты болу үшін өркениетке ұмтылған еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани, тарихи, саяси жағдайларын ескере отырып, қазақ халқының мәдени мұрасындағы тәжірибесін жеткіншек ұрпақтың бойында қалыптастыру мақсатында тәрбие процесінің барлық сатыларында (отбасы, бала-бабақша, мектеп, колледж және т.б.) тәрбие мекемелерінде ұйымдастырылатын іс-әрекеттің үздіксіздігін қамтамасыз ету.
Жеткіншектерді дәстүрлі еңбекке түрлеріне ұжым арқылы тәрбиелеу. Отбасынан бастау алатын әулеттік тәжірибені меңгерте отырып, көпсалалы қазақ орта мектептерінде халықтық педагогикадағы еңбек тәрбиесінің әдістерін, құралдарын пайдалану арқылы дәстүрлі еңбектің үйірмелік, кешенді оқу-өндірістік, ғылыми-әдістемелік орталығын ұйымдастыру.
Жеткіншектердің жас және дара ерекшеліктері мен жыныстық өзгешелігін ескере отырып дәстүрлі еңбекке тәрбиелеу. Ер баланы ер балаға тән дәстүрлі еңбек түрлеріне тәрбиелеу, қыз баланы қыз балаға тән дәстүрлі еңбек түрлеріне тәрбиелеу.
IІІ. ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЕҢБЕК ТҮРЛЕРІН ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІНДЕ ПАЙДАЛАНУ
Қазақстан Республикасының Ата Заңында: «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы, әрі парызы» деп атап көрсетілсе, «Қазақстан – 2030» бағдарламасында «Әкелер мен аналардың, аталар мен әжелердің өз балалары мен немерелері алдындағы жауапкершілігін күнделікті есте ұстауға тиіспіз. Біз өз балаларымыз бен немерелерімізді сонау алыс болашақта, олар біздің жасымызға жеткен кезде қандай күйде болатынын көргіміз келеді», [311] делініп, ұрпақ тағдырына ерекше мән беріледі.
Демек, жеткіншектердің еңбек тәрбиесінде отбасының алатын орны ерекше. Оны қоғамдық тәрбиенің қандай саласы болса да алмастыра алмайды. Өйткені отбасының мақсаты баланы өмірге келтіру ғана емес, оған мәдени-әлеуметтік ортадағы дәстүрлі еңбек түрлерінің құндылығын қабылдату, аға ұрпақтың, ата-бабалардың, даналардың ақыл-кеңесін, еңбек тәжірибесін бойына сіңіру, қоршаған ортаға, адамзат қоғамына пайдалы азамат етіп тәрбиелеу. Аға ұрпақтың, еңбек тәжірибесі, үлгі-өнегесі, өз борыштары мен парыздарын мүлтіксіз орындауы – еңбек тәрбиесінің үлкен мектебі.
Отбасы тәрбиесінің тағы бір артықшылығы – үйдегі адамдардың жас шамасы әр түрлі болса да бір-бірімен рухани жақындығы, мақсат ынтымақтастығы. Қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Ата дәстүрінің бай тәжірибесінен бүгінгі жастардың үйренетіні көп.
Қазақ отбасында жеткіншектердің еңбекке деген парасатты көзқарасын қалыптастыру жөніндегі тәжірибесінен де алатын үлгі-өнеге мол. Ол еңбектің қарапайым түрлерінен басталып, қоғамдық маңызды істермен ұштасқан. Ер баланы қозы, лақ қайтару, отын-су әзірлеу, мал өнімдерінен тұрмысқа қажетті құрал-жабдық жасау (қамшы, шідер, жүген өру, тері илеу, қару-жарақ жасау, т.б.), қора салу, киіз үйдің ағашын дайындауға, ұсталық, зергерлік өнерге баулуға көзделсе, қыз балаларды үйдің ішін жинау, ыдыс-аяқты жуу, кесте тігіп, өрмек тоқу, ас пісіріп, баланы, қонақты күте білуге үйреткен. Балаларды еңбекке тәрбиелеу барысында ата-аналар оларды тек өзі үшін ғана емес, жалпы халықтың игілігі үшін еңбек етуге, еңбекке құрметпен қарауға, еңбек процесінің қуаныш-ләззатын сезініп, түсіне білуге үйретті. Балалар үлкендерге көмектесе жүріп және олардың өнегелі істерін, шеберлік дағдыларын қабылдай отырып, үнемі табиғат аясында болды, оның әсемдігінен ләззат алды. Күннің шығуы мен батуын бақылап, құстардың көңілді әнін, шегірткенің шырылын, малшылардың өткен-кеткен әңгімелерін, ән-күйі, ертегілерін естіп өсті. Балаларды еңбекке осылайша ерте араластыру
олардың адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына, көркемдік-эстетикалық талғамдарының жетілуіне, дене бітімдерінің толысып дамуына, сонымен бірге халықтың мәдени мұрасына аялы көзқарасын арттыруға жәрдемдесті.
Оның танымдық қағидалары ең алдымен, балаларды туған жерінің табиғаты мен байлығын, дәстүрлі шаруашылығына байланысты еңбек түрлерін меңгертуге негізделген. Оларды қазақ халқы жазалау әдісі арқылы емес, балаға түсіндіру әдісінің ең тиімді, қарапайым ізгілік жолдарымен, қызықтыру арқылы үгіттеу, сендіру, үйрету, жаттату, т.б. әдіс-тәсілдермен жүзеге асырған. Осы мақсатта ертегілерді, мақал-мәтелдерді, жұмбақтар мен жаңылтпаштарды, шешендік сөздер мен баталарды, өлең-жырлар мен аңыз-әңгімелерді, эпостарды, т.б. молынан пайдалана білген. Мысалы, «Жақсы бала – сүйеніш, жаман бала – күйеніш», «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ер көгереді», «Жақсы сөз – жарым ырыс» – деген мақалдар соның айғағы. Олар жастарды рухтандыратын, имандылыққа, еңбекке тәрбиелейтін, ізгілік, іскерлік, еңбексүйгіштік қасиеттерге сендіретін құдіретті құралдар.
Демек, жеткіншектердің еңбек тәрбиесі – ата-аналарға, ата-әжелерге ортақ іс, жауапты міндет.
Сондықтан отбасындағы еңбек тәрбиесінде мына мәселелерге назар аударған жөн.
ата-әжелердің немере, шөбере тәрбиесінің игіліктеріне жарататын құнды еңбек тәжірибесін ескере отырып, мүмкіндігінше үш ұрпақ өкілдерінен (ата, әке, бала) құралған отбасыларын қуаттау, көбейту;
жеткіншектердің еңбек тәрбиесіндегі ананың орнын мойындаумен қатар, әкенің жауапкершілігін, тәрбиелік мүмкіндіктерін арттыру. Отағасы шаңырақтың қорғаны, асыраушысы, ақылшысы саналады. Сондықтан қазақ әулетінің ер-азаматты бағалау, пір тұту дәстүрін одан әрі жалғастыру;
отбасының тірегі, зор байлығы – көп бала екендігін жастар санасына
сіңіру; ұрпақтар тәрбиесінде қазақ халық педагогикасындағы дәстүрлі еңбек түрлерін меңгертуді негізге алуын қадағалау, үйрету.
Жаңа өркениетті қоғамдағы отбасының жасөспірімдерді дәстүрлі еңбекке тәрбиелеудегі маңызын, әлеуметтік-экономикалық жағдайын, хал-ахуалын көтеруге ықпалын тигізетін кейбір ұсыныстарды енгіздік:
отбасындағы дәстүрлі еңбек түрлерін әлеуметтік-экономикалық жағынан қорғауды мемлекеттік дәрежеге көтеру;
отбасы еңбек тәрбиесіндегі дәстүрлі еңбек түрлерін ғылыми дәрежеде жан-жақты зерттеу, арнайы ғылыми-тәжірибелік лаборатория ашу, бұл дүниежүзілік тәжірибеде өркениетті елдер қатарына жетудің негізгі шартының бірі;
педагогикалық-психологиялық тұрғыдан дәстүрлі еңбектің отбасы тәрбиесінде дәріптеуге тұратын түрлеріне арналған көпшілік ағарту жұмыстарын жүргізу;
отбасы еңбек тәрбиесіне арналған оқу-әдістемелік құралдар, кеңестер, ұсыныстар, озық тәжірибелер жинақтарын шығару. Мәселен, «Ата-аналар тәлімі», «Шеберлер мектебі», «Ата кәсіп мектебі», т.б.;
Қазақстан Республикасының өркениетті даму жолындағы отбасы еңбек тәрбиесінің мәртебелік орнын айрықша бағалау, оны жаңа деңгейге көтеру мақсатында жылдың бір күнін «Отбасы жұлдызы» деп белгілеу, бұл күннің барлық ұжымдарда аталып өтуін қадағалау;
Отбасындағы еңбек тәрбиесінің ең тиімді, ең құнды тәжірибесін, ерекше нәтижелілігін жинақтау және тарату, оны әрбір отбасы игілігіне айналдыру;
Отбасы күнін өткізуге бүкіл қоғам болып шығармашылықпен қарау, оны түрлендіру, мәселен, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар, кездесулер; отбасындағы еңбек әулеттерінің салтанатты шерулерін; жас отаулардың дәстүрлі еңбек түрлерінен жарыс-сайыстарын ұйымдастыру; тәлім-тәрбиелік сұхбаттар, тәжірибе алмасу, пікірлесу; көп балалы отбасыларына көмектесу, «Асар» жасау және т.б.
IV. ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЕҢБЕК ТҮРЛЕРІН МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ МЕКЕМЕЛЕРДІҢ ТӘРБИЕ ПРОЦЕСІНДЕ ПАЙДАЛАНУ
Қазақ халқында арнайы бала тәрбиесімен айналысатын қоғамдық орындар (балабақша) болмаса да, өз ұрпағын бесікте жатқан кезеңнен бастап, бесік жыры мен ұлттық ойындар, ертегі, аңыз-әңгіме, тақпақ, санамақ, қаламақ, т.б. арқылы еңбекке, адамгершілікке тәрбиелеп отырған.
Аяғы шығып, еңбегі қатып, тілі «р»-ға келген ойын баласын тәрбиелеудің ел ішіндегі дәстүрі де тәрбиеші ұстаздар назарын аударуға тұрарлық қызықты да, қызғылықты объектісі болған. Мәселен, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Ұлың жақсы болсын десең, ұлы жақсымен, қызым жақсы болсын десең, қызы жақсымен ауылдас бол», – деп келетін мақал-мәтелдердің астарында қаншама мән жатыр.
Төрт түлік малды тіршілігіне тірек еткен көшпелі халықтың ұрпақ тәрбиесінде де сол негізді тұғыр еткендігі заңдылық, дәстүрлі бала тәрбиесіндегі еңбекке баулу тәсілдерінің өзінен-ақ талай сыр ұғуға болды.
Мысалы, аяғы шыққан жас бала қозы-лақты ермек етсе, есейе келе құлын мен ботаны маңайлайды. Ал тай үйретіп міну – қазақ баласының әжетке жарағандығының белгісі. Бір қарағанда тұрпайылау көрінгенімен, осы әрекеттердің барлығында да тәрбиенің үлкен мектебі жатыр. Бала еңбектің әліппесін көзін ашқаннан оқып, оның не екендігін жан-дүниесімен сезініп өспек, сондай-ақ бүкіл жан-жануарлар, табиғат әлеміне деген сүйіспеншілік те бала көкейіне осы кезден-ақ мысқалдап дариды. Мейірімділік пен имандылықтың да алғашқы ұрығы бала жүрегіне осылайша біртіндеп сіңіріледі. «Қошақаныңа тиме, ол да өзіңдей сәби ғой, обал болады», «көк шөпті жұлма, көктей соласың» немесе «күшігіңе тамақты өз
қолыңмен бер, сауап болады» деп келетін ата-аналар сөзінде халық санасында жылдар бойы қалыптасқан философиялық қағида жатыр.
Дәстүрлі тәрбие дағдысы бойынша баланың қабырғасы қатысымен
шамасына қарай еңбекке араластырады. Ер бала әке қолғанатына айналып, қыз бала үй ішілік тірлікке қол ұшын береді. Қазіргі таңда осы жоғарыда аталған халықтық педагогикаға сәйкес қарапайым еңбек дағдыларын бала санасына жастайынан орнықтыратын алғашқы тәлім-тәрбие баспалдағы – балабақша. Мұндағы негізгі міндет – сана-сезімі ұлттық психология негізінде қалыптасқан, қазақ халқының дәстүрлерін меңгерген, дені сау, ақылды, парасатты, елжанды азамат тәрбиелеу.
Балабақшадағы балалар еңбегінің негізгі төрт түрі бар: өзіне-өзі қызмет көрсету, шаруашылық-тұрмыстық еңбек, табиғаттағы еңбек және
қол еңбегі. Еңбектің жекелеген түрлерінің үлес салмағы түрлі жас кезеңдерінде бірдей емес. Олардың әрқайсысының тәрбие міндеттерін шешуде белгілі өз мүмкіндіктері бар.
Өзіне-өзі қызмет көрсету өзін күтуге (жуынуға, шешінуге, киінуге, төсегін жинауға, жұмыс орнын әзірлеуге және т.с.с.) бағытталған. Еңбек қызметінің бұл түрінің тәрбиелік маңызы ең алдымен оның өмірлік қажеттігінде. Бұл іс-әрекеттер күн сайын қайталанатындықтан, балалар өзіне-өзі қызмет көрсету дағдысын мықтап игереді; өзіне-өзі қызмет көрсету міндет ретінде ұғыныла бастайды.
Мектепке дейінгі сәбилік шақта өзіне-өзі қызмет көрсету белгілі қиыншылықтарға байланысты (саусақ бұлшық еттерінің жеткілікті дамымағандығы, әрекеттердің бірізділігін игерудің қиындығы, оларды жопсарлай білмеушілік, көңілінің оңай бөлінуі), ал мұның өзі дағдылардың қалыптасу процесін тежейді, кейде баланың қажетті әрекетті орындауға құлықсыздығын туғызады. Алайда тәрбиеші балалардың осы жас кезеңінде-ақ өзіне-өзі қызмет көрсете білу қабілетін дамыта бастайды, қажетті әрекеттерді орындауда ұқыптылық пен мұқияттылық, дербестік болуына күш салады, тазалық пен мұнтаздыққа әдеттендіреді. Осының бәрі сабырлылықты, табандылық пен игі тілектестікті, көтермелеп отыруды талап етеді. Балалардың өзіне-өзі қызмет көрсетуіне орай тәрбиеші әрбір баламен жеке-дара жұмыс жүргізеді, онымен алуан түрлі байланыс жасайды, көтеріңкі көңіл күйін қолдап отырады. Киімнің және оның түрлі бөлшектерінің, қажетті құралдардың аттарын атай отырып, балалардың ана тіліндегі сөздік қорын кеңейтеді. Балалар өздеріне қамқорлық жасалғанын сезінеді, ересектерге сүйіспеншілік сезім мен сенімі қалыптасады.
Мектепке дейінгі естияр шақта балалар өзіне-өзі қызмет көрсетуде әжептәуір дербестікке ие болады, еңбектің бұл түрі олардың тұрақты міндетіне айналады. Тәрбиелік міндеттердің қиындатыла түсуі қимыл-әрекеттердің сапасына, өзін күту процесіндегі ұйымдасқан тәртіпке, оған жұмсалатын уақытқа қойылатын талаптың арттырылуынан көрінеді. Тәрбиеші балаларда өзара көмектесу тәсілдерін қалыптастырады, оларға
жолдастарынан қалай көмек сұрауды, қалай көмек көрсетуді, көмектескені
үшін алғыс айтуды үйретеді.
Мектепке дейінгі ересек шақта өзіне-өзі қызмет көрсетудің жаңа түрлері: төсегін жинау, шашын, аяқ киімін күту, үзілген түймелерін өздері қадау және т.б. еңбекке тәрбиеленеді. Бұл кезеңде тәрбиелік міндеттер күрделене түседі, олар: балалардың бойында мұнтаздық пен тазалық әдеттерін, құрбыларының арасында өзін дұрыс ұстау дағдысын қалыптастыруға бағытталады. Бала басқалармен араласуы барысында өзіне-өзі қызмет көрсетеді, сондықтан да ол маңайындағылардың қажеттіліктерін түсінуі, білуі тиіс. Тәрбиеші нақты мысалдар арқылы басқалардың қажетін ескере отырып қалай істеу керек екенін: шешінетін жерде шешінген баланың өтіп кетуі үшін жол беру; жуынған кезде кезекшілерді алдымен жіберу (өз міндеттеріне кірісу үшін олардың тезірек жуынғаны маңызды), балалардың бәрі уақтылы жуынып үлгеру үшін кранның алдында ұзақ тұрып алмау, басқа біреуге қолайсыздық жасамау үшін өтуге рұқсат сұрау және т.с.с. керек екенін түсіндіреді. Осының бәрі балаларды қарапайым еңбектегі сақтыққа, маңайындағыларды құрметтеуге дағдыландырады.
Мектепке дейінгі балалардың шаруашылық-тұрмыстық еңбегінің нәтижелері олардың еңбек қызметінің басқа түрлерімен салыстырғанда оншалық елеулі болмағанымен, ол балалар бақшасының күнделікті өмірінде қажет. Бұл еңбек үйдің ішінде және аулада тазалық пен тәртіп сақтауға, режимдік процестер ұйымдастыруда ересектерге қолқабыс тигізуге үйретеді. Шаруашылық-тұрмыстық еңбек ұжымға қызмет көрсетуге бағытталған, сондықтан онда балаларды өз қатарына қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу үшін мол мүмкіндіктер бар.
Мектепке дейінгі сәбилік шақта тәрбиеші балаларда қарапайым шаруашылық-тұрмыстық дағдыларды: үй сыпыру, жинау, үстел жасауға көмектесу, ойнап болғаннан кейін ойыншықтарды тәртіпке келтіру және жуу, ауладағы жапырақтарды жинау, бақтағы орындықтардағы қарды сыпыру және т.т. дағдыларды қалыптастырады.
Естияр топта шаруашылық-тұрмыстық еңбектің мазмұны едәуір ұлғаяды: балалар үстел үстіне ыдыс-аяқты түгел өздері жайғастырады, оқуға қажетті барлық нәрсені дайындайды, қуыршақтардың киім-кешегін жуады, текшелердің шаңын сүртеді, ауладағы жолдарды сыпырады және т.б. Балалардың ұлғайған мүмкіндіктерін пайдаланып және қалыптасқан дағдыларды ескере отырып, педагог балаларды еңбекте күш-жігер жұмсау қажет екенін үйретеді, тапсырылған істі орындауда олардың дербестігін, белсенділігі мен ынтасын дамытады.
Балалар бақшасының ересектер тобында шаруашылық-тұрмыстық еңбек мазмұны бұрынғыдан да молығып, жүйеленеді де, көбіне кезекшілердің тұрақты міндетіне айналады. Балалар бөлме мен аулада тазалық сақтайды, ойыншықтарды, кітаптарды жамап-жасақтайды, сәбилерге көмектеседі. Мектепке дейінгі ересек балаларды шаруашылық-
тұрмыстық еңбек ерекшелігі оны өздерінің дербес ұйымдастыра білуінде: қажетті құрал-сайманды өздері іріктеп, оны ыңғайлы орналастырып, жұмыстан соң бәрін тәртіпке келтіре білуінде. Еңбек процесінде балалар іждағаттылық, жақсы нәтижеге ынталылық көрсетеді, құрбыларына игі тілектестікпен қарайды.
Табиғаттағы еңбек балалардың өсімдіктер мен жануарларды күтуге қатысуын, табиғат мүйісінде, бақшада, гүлзарда өсімдіктер өсіруін көздейді. Еңбектің бұл түрінің байқағыштықты дамытуға, тірі нәрсенің бәріне ұқыпты қарауға, туған елдің табиғатын сүюге тәрбиелеу үшін ерекше маңызы бар. Ол
педагогтың балаларды дене жағынан дамыту, қозғалыстарын жетілдіру, төзімділігін арттыру, дене күшін жұмсау қабілетін дамыту міндеттерін шешуіне көмектеседі.
Сәбилік топтарда балалар ересектердің жәрдемімен балықтарға жем береді, бөлмеде өсетін өсімдіктерді суарады және жуады, пияз отырғызады, өз бақшасынан өнім жинауға қатысады, қыстап қалған құстарды қоректендіреді. Бөбектердің еңбегін басқара жүріп, тәрбиеші өсімдіктердің, олардың бөлшектерінің, еңбекте атқарылып жатқан әрекеттердің аттарын атайды; бұл баланың сөздік қорын молайтады, белсенділігін арттырады. Балалар өсімдіктерді қарайды («кішкене жапырағы қайсы, үлкен жапырағы қайсы, соны көрсетші», «Гүлді иіскеші», «Неше гүл ашылды екен, санашы» және т.с.с.). Педагог өсімдіктер мен жануарларды күту қажет екенін түсіндіреді.
Естияр топта еңбек күрделенеді, балалардың өздері өсімдіктерді суарады, қанша ылғал қажетін анықтауды үйренеді, көкөніс өсіреді (тұқым себеді, жүйектерге су жібереді, өнім жинайды), тәрбиешінің жәрдемімен жануарларға (тиіндерге, үй қояндарына, тотықұс, көгершін және т.б.) жем әзірлейді. Педагог қай жануарға қандай жем керек екенін, оның қалай деп аталатынын және қалай сақталатынын түсіндіреді. Жануарларды күту процесін оларды қадағалаумен тығыз байланыстырады. Балалар өсімдіктердің өсуі мен дамуы, жануарлардың жай-күйі күтімге байланысты екенін, олар үшін өздерінің жауапты екенін сезіне бастайды. Тірі табиғат мүйісінің тұрғындарына қамқорлық пен ықылас күшейеді, олар балалардың сүйікті жануарларына айналады.
Ересек топ үшін табиғат мүйісінде неғұрлым күрделі күтім тәсілдерін керек ететін өсімдіктер мен жануарлар орналастырылады, бақшада өсу мерзімі әр түрлі көкөністердің алуан түрі отырғызылады, мұның өзі еңбекті неғұрлым жүйелендіреді. Балалар еңбегінің көлемі де ұлғаяды. Мектеп жасына дейінгі балалар щеткамен түкті жапырақтардың шаңын сүртеді, жерді қоректендіреді, аквариумның суын ауыстырады, бақша мен гүлзардың жерін әзірлейді, көшет отырғызады, жабайы өсімдіктердің жемісін, ұрығын жинайды (қыстайтын құстарға беру үшін). Еңбек процесінде тәрбиеші балаларға өсімдіктердің өсуі мен дамуын қадағалауды, болып жатқан өзгерістерді байқауды, сипатты белгілеріне, жапырақтарына, ұрықтарына қарап өсімдіктерді айыра білуді үйретеді. Бұл өсімдіктер мен жануарлардың тіршілігі туралы ұғымдарын кеңейтіп, оларды ауыл шаруашылығы еңбегі процесіне баулиды.
Мектепке дайындайтын топта табиғаттағы еңбек түрінде балалар жеке құбылыстар арасындағы байланысты анықтауды, табиғат құбылыстары мен заңдылықтарын аңғара білуді үйренеді. Табиғи құбылыстарды материалистік тұрғыдан түсінудің негізі қалыптасады. Өсімдіктер мен жануарлар туралы, жанды мүйістің тұрғындарын күту тәсілдері туралы мағлұмат көбейеді. Балалардың еңбек іс-әрекеттеріндегі дербестігі артады: олар ескертіп жатпай-ақ топырақты суару және қопсыту, өсімдіктерді көшеттеп отырғызу, бақшада, гүлзарда, ал қыста – үнемі пияз бен басқа да көк өсірілетін табиғат мүйісінде тұқым себу қажеттігін өздері белгілеп отырады. Балалар қалемшелеу арқылы өсімдіктерді көбейтудің, кейінірек топыраққа көшіріп отырғызу үшін көшет өсірудің тәсілдерін біледі. Табиғат мүйісінде жануарларды (құстарды, тиінді, үй қояндарын, көгершіндерді және т.т.) күту жалғастырылады.
Балаларда тірі табиғат мүйісінің, бақша мен гүлзардың жай-күйі үшін жауапкершілік артады. Жеміс ағаштарынан өнім, гүл жинау оларды үлкен қуанышқа бөлейді. Олар гүлді ата-аналарына сыйға тартады, бөбектерге өздері өсірген жеміс-жидектерін ұсынады, көкөніс өнімдерін де жинап, жуады, тазалайды, ас үйге апарады, топ бөлмелерін гүлдермен безендіреді.
Қол еңбегі – алуан түрлі материалдардан: картоннан, қағаздан, ағаштан, табиғи материалдан (ағаш бүрінен, емен жапырағынан, сабаннан, ағаш қабығынан, жүгері сабағынан, шабдалы сүйегінен) тері, қауырсын, мүйіз, жүн, мата қиқымдарын, темір-терсек және т.с.с. пайдалана отырып тұрмыстық шаруашылық процесінің қажетті бұйымдарын жасау – балалар бақшасының ересектер тобында жүзеге асырылады. Балалар өздеріне қажетті ойыншықтар, қазақ үйдің сүйектерін жасап, бояйды, үй жиһаздарын, ұлттық киім үлгілерін пішіп, тігеді, төрт түлік малдардың бейнесін жасайды. Оларды дайындау барысында балалар ұлттық оюлар, нақыштар, өрнектермен танысып, әр түрлі бұйымдар жасайды. Мұндай нәрселер туған-туыстарға, достарға жақсы тарту болуы мүмкін. Мұның адамгершілік тәрбие беруде зор маңызы бар, ол балаларды маңайындағыларға ықыласпен қарауға үйрете отырып, соларды риза ету үшін еңбектендіреді.
Қол еңбегі балалардың құрастыра білу, ойлап шығару қабілетін, шығармашылығын, қиялын дамытады. Мектеп жасына дейінгі балалар ойлаған затына сай келетін форма таңдап алу үшін табиғи материалды мұқият қарайды: үйеңкі ұрығынан инеліктің қанатын, ағаш бүрінен – орманшыны жасайды және тағы басқа. Жұмыс процесінде олар әр түрлі материалдардың қасиеттерімен, оларды өңдеу және байланыстыру тәсілдерімен танысады, алуан түрлі аспаптарды пайдалануды үйренеді. Ойлаған заттарын жасау әрқашан да белгілі мөлшерде күш жұмсауды керек етеді. Жасалған зат берік, әдемі, сәнді болу үшін бала табандылық, шыдамдылық, ұқыптылық көрсетуі талап етіледі. Осының бәрі балаларға
тәрбиелік жағынан үлкен әсер етеді де, олардың эстетикалық сезімі мен адамгершілік-еріктік қасиеттерін қалыптастырады.
Балабақшада жаңа бағыттағы тәрбие жүйесін іске асыру үшін халықтық педагогикаға негізделген дәстүрлі еңбек тәрбиесінің төмендегідей бағыттарын белгілеу керек:
ата-баба дәстүріне, әдет-ғұрпына, ұлттық өнер саласына арналған материалдар жинап, оны сәбилер тобынан бастап, мектепке дейінгі бала жасына лайықты етіп топтастыру, мазмұндық сабақтастығын ескеру;
дәстүрлі еңбек тәрбиесін кешенді жүргізу мақсатында тиімді әдіс-тәсілдерді меңгеру;
отбасы мен балабақша арасындағы бірлікті нығайту, еңбек тәрбиесін отбасындағы дәстүрлі еңбек түрлерімен байланыстыра отырып жүргізу;
тәрбиешінің баланың жеке басының даму ерекшелігін, отбасы тәрбиесінің өзіндік сипатын жете білуі, осының негізінде еңбек тәрбиесін ұлттық еңбек дәстүріне сәйкес жүргізуі;
қазақ балабақшаларының материалдық-техникалық базасын нығайту, балаларды қазақ халқының дәстүрлі еңбегіне баулитын ғылыми-әдістемелік құралдармен, түрлі дидактикалық көрнекіліктермен, т.б. қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету.
Қазақстанда балабақшалардың мүмкіндігінше жеке-дара болуын талап еткен абзал, өйткені аралас балабақшада тәрбиені ұлттық негізде құру сәбиелерге ана тілін меңгертуде, дәстүрлі еңбек түрлеріне баулуда қиындық тудырады.
V. ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЕҢБЕК ТҮРЛЕРІН ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТІҢ ОҚУ-ТӘРБИЕ ПРОЦЕСІНДЕ ПАЙДАЛАНУ
Жалпы білім беретін орта мектептің оқу-тәрбие жүйесі бірін-бірі толықтыратын, сабақтастыратын негізгі екі бөлімнен құрылады.
Бірінші бөлім – оқу, білім беру саласындағы еңбек тәрбиесі, екіншісі – арнайы еңбек тәрбиесі. Мектептегі еңбек тәрбиесінің мазмұны мен түрлерін түбегейлі жаңарту үшін, осы екі негізгі бөлімнің мазмұнына қазақ халық педагогикасындағы жеткіншектерді дәстүрлі еңбекке тәрбиелеудің формаларын енгізу қажет.
Бүгінгі таңда мектепке арналған жаңа оқу пәндерін, төл оқулықтар мен бағдарламаларды жасаған кезде мыналарды ескеру қажет: бастауыш буыннан бастап барлық еңбек пәндерінің («технология» пәні деп енгізілген), орта және жоғары сыныптарға арналған оқу пәнінің мазмұнына ұлттық дәстүрлі еңбектің үлгілерін, ата-баба тәжірибесін, этнографиялық мәліметтерді, ата кәсібінің ерекшеліктерін енгізу, сөйтіп оқулықтың тәрбиелік мәнін күшейту, технология пәнін оқытуда дүниежүзілік сәулет, қолөнер мәдениетін, ғылым, техника жетістіктерін, әлем халықтарының озат тәжірибесі мен дәстүрлерін
пайдалану. Сондай-ақ еңбек тәрбиесінің мақсатын көздеген арнайы пәндерді енгізу ұсынылады. Олар: «Еңбекке баулу пәні», «Өнер және әдеп», «Қазақ халқының дәстүрлі еңбегі» және «Ұлттық қолөнер мәдениетінің тарихы».
«Еңбекке баулу» оқу пәні І–ІV сыныптарға арналған. Бұл пәннің негізгі мақсаты мен міндеттері:
оқушыларды жұмыс орнында материалдар мен құралдарды дұрыс орналастырып қоя білуге үйрету;
жұмыста қолданылатын материалдарды үнемдеп жұмсауға үйрету;
әр түрлі бұйымдар дайындау барысында адамгершілік-эстетикалық талғамын қалыптастыру және безендіруге үйрету;
сәндік-қолданбалы өнер туралы түсініктерін қалыптастыру.
Бұл пән төмендегідей бөлімдерді қамтиды: техникалық еңбек, көркем еңбек, дизайн, тұрмыстық еңбек.
«Өнер және әдеп» VI–VII сыныптарға арналған. Бұл пәннің негізгі мақсаты – оқушыларға ұлттық қолөнер мен әдеп жайында жүйелі білім беру; өнердің сан алуан салаларының ішкі мазмұнын ашып көрсету; баланың жеке қабілеті мен дарындылығын ояту, жетілдіру; халқымыздың ізгі қасиеттерін баланың бойына сіңіріп, имандылық мінез-құлқын қалыптастыру; шығармашылыққа, іскерлікке, бәсекелілікке үйрету.
«Қазақ халқының дәстүрлі еңбегі» VIIІ–ІХ сыныптарға арналған. Пәннің негізгі мақсаты – оқушылардың жас шамасын ескере отырып, халқымыздың ұлттық ерекшеліктері, психологиясы, дүниетанымы, ойы, тәлім-тәрбиесі, тұрмыс-тіршілігімен таныстыру; дәстүрлі еңбегін үйрету, жаттықтыру, сонымен қатар басқа да халықтардың салт-дәстүрлерімен, этнографиясымен таныстыру арқылы оқушылардың дәстүрлі еңбек туралы білімін кеңейту, диалектикалық ойын дамыту.
«Ұлттық қолөнер мәдениетінің тарихы» Х–ХІ сыныптарға арналған. Пәннің мақсаты – оқушыларға қазақ халқының ұлттық қолөнер мәдениетінің бай тарихынан (әдебиет, сәулет, бейнелеу, қолданбалы өнерлер, т.б.) алғашқы жүйелі мәлімет беру, оқушы жастардың ұлттық санасының, азаматтығының негіздерін қалыптастыру.
Жоғары сынып оқушыларына дүниежүзілік сәулет өнері мен қолөнер мәдениеті қорының бағалы шығармаларынан хабар беру де көзделеді.
Осы көрсетілген пәндермен қатар Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Атамекен», «Дәстүр», «Мәдени мұра», «Кәусар бұлақ», т.б. бағдарламаларда жеткіншек ұрпақты дәстүрлі еңбекке тәрбиелеудің формалары қарастырылған.
Мектептегі тәрбие жүйесінің екінші бөлімі – арнайы еңбек тәрбиесі. Бұл түрлі әдіс-тәсілдерге, баланың іс-әрекеті мен қарым-қатынасына негізделген, сондай-ақ технология пәнін оқытудың мазмұндас жалғасы болып табылады.
Мектепте және мектептен тыс балалар мекемелерінде арнайы еңек тәрбиесін жүргізу үшін ұлттық тәлім-тәрбиеге, қазіргі педагогика мен
психология жетістіктеріне негізделген еңбек тәрбиесінің бағдарламасын жасау қажет. Бұл ретте осы кезге дейін қолданылып келген тиімді педагогикалық әдіс-тәсілдер, сондай-ақ көп ұлтты мемлекетіміздің ерекшеліктері ескерілуі керек. Бағдарламада еңбек тәрбиесін ой еңбегі мен дене еңбегінің байланысын сабақтастыра құрып, баланы дәстүрлі еңбекке ерте баулудың, үйретудің нақты жолдарын, түрлерін көрсеткен абзал.
Әр мектепке орналасқан орнына қарай жеке меншік шаруашылықпен айналысатын жер бөлінуі тиіс. Мектеп жанында қосалқы шаруашылықтар ашу арқылы жасөспірімдерді екінші сыныптан бастап шаруақорлыққа, іскерлік пен бәсекелікке тәрбиелеуді жүзеге асыруға болады.
Сыныпта және сыныптан тыс еңбек тәрбиесі жұмыстарын ұйымдастырып өткізуде оқушылар арасынан «шығармашылық топтар» құрып, балаларды іс жүзінде әрі «жетекші», әрі «орындаушы», әрі «ұйымдастырушы» болуға үнемі үйреткен жөн.
Мектептегі және мектептен тыс балалар мекемелеріндегі еңбек тәрбиесінің мазмұнында, жеткіншектердің жас ерекшеліктерін ескере отырып, ұлттық негізде құралған «Дәстүр», «Атамекен», «Атакәсіп пен Анакәсіп» және т.б. тәрбие бағдаламаларын тиімді қолдану қажет.
Мектептегі еңбек тәрбиесі жұмысын ұйымдастыруда әлеуметтік ортаның, қоғамдық мәдени орындардың ықпалын ескере отырып, ата-аналар және қамқоршы кәсіпорындардың ұжымдарымен бірігіп төмендегі негізгі шараларды іске асыру көзделеді:
қазақ халқының дәстүрлі еңбек түрлерінің тарихи, әлеуметтік-экономикалық даму негіздерін зерделеу, қазіргі нарықтық экономикадағы дәстүрлі шаруашылықтардың жетістіктерімен таныстыру;
дәстүрлі ұлттық сәулет, бейнелеу, қолөнерінің ішкі мазмұнымен, жетістіктерімен таныстыру; оқушылар еңбегімен дайындалған шығармашылық жұмыстарынан көрме ұйымдастыруды дәстүрге айналдыру;
еңбек тәрбиесінде отбасы және мектепке дейінгі тәлім-тәрбиені сабақтастыра отырып, жаңа мазмұнды «Ана-ене салты», «Ата-әке салты», «Қолөнері», «Қыз-келін салты», «Ұлттық ойындар», «Саятшы», «Зергер», «Ұста», «Жігіт салты», «Шежіре», т.б. дәстүрлі еңбек тәрбиесіне бағытталған үйірмелер, клубтар ұйымдастыру;
оқушылардың техникалық қызығушылығын арттыруға баса назар аудару;
үй шаруасы сабағын ұлттық еңбек тәрбиесі көзіне айналдыру;
халқымыздың ертеден келе жатқан еңбек мерекелерін («Уыз той», «Бие бау», «Ерулік» «Наурыз», т.б.) өткізуді дәстүрге айналдыру, оларға жеткіншектерді қатыстыру;
Қазақстанда тұратын басқа да халықтардың ұлттық еңбек дәстүрлерімен таныстыру, тәлім-тәрбиесінен үлгі-өнеге алуды ескеру.
VІ. ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЕҢБЕК ТҮРЛЕРІН МЕКТЕПТЕН ТЫС МЕКЕМЕЛЕР
ТӘРБИЕСІНДЕ ПАЙДАЛАНУ
Үздіксіз тәрбиенің тағы бір маңызды сатысы – мектептен тыс мекемелердегі еңбек тәрбиесі, жасөспірімдер мен балалар шығармашылығының орталығы, оқушылар сарайлары, жас натуралистер,
жас техниктер станциялары, спорт сарайлары, стадиондары, клубтары, музыкалық, бейнелеу өнері мектептері, т.б. мекемелерде жүргізіледі.
Көрсетілген мектептен тыс мекемелердегі еңбек тәрбиесінің мазмұны отбасы және балаларға білім беретін басқа мекемелердегі еңбек тәрбиесінің мазмұндас жалғасы болып табылады, олар әрі өнеге-өнердің, еңбек іс-әрекетінің түрлі бағыттарын дамытатын, тереңдетіп кеңейтетін орта.
Мектептен тыс мекемелердің негізгі мақсаты олардың құрылу
қағидасына сай, яғни жасөспірімдердің дәстүрлі еңбекке қызығушылығы мен қалауына байланысты еңбек іс-әркетіне жағдай жасау, бос уақыты мен демалысын тиімді ұйымдастыру болып саналады.
Мектептен тыс мекемелердегі еңбек тәрбиесінің мазмұнын, әдіс-тәсілдерін жаңаша құрумен қатар, олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға және арнайы, әсіресе қазақ тілінде жұмыс істейтін мамандар даярлауға (ғылым, техника, өнер мамандарын, ағаш, темір, тері, мата-жіп, т.б. шикізаттардан тұрмысқа қажетті бұйымдар жасайтын, әрі балаларға үйрете білетін шеберлер т.б.) көңіл бөлген жөн.
Ұлттық еңбек тәрбие тағылымдарын насихаттап, бүгінгі күн талабымен ұштастыра білетін жастардың «Этнографиялық орталығын» құрып, онда қыз баланың еңбек тәрбиесіне сәйкес «Ою-өрнек», «Тоқыма өнері», «Аспаз», «Ақ моншақ», т.б. үйірмелер, клубтар ұйымдастыру қажет.
Ер балаларға арнап «Атбегі», «Құсбегі», «Батыр бабам», «Ұста» және т.б. еңбек мектептерін, клубтарын ашу, олардың еңбек тәрбиесіне елеулі ықпал етеді.
Нарықтық экономика жағдайына байланысты оқушылар сарайлары мен жасөспірімдер орталықтарында қазақ халқының дәстүрлі еңбек түрлерін дәріптейтін «Менеджер», «Жас саудагер», «Делдал» мектептерін, клубтарын құрған жөн.
Оқушылардың жазғы демалысында өлкетану жұмыстарын, түрлі лагерьлерді, әсіресе қалалық мектептердің шәкірттеріне арналған дәстүрлі еңбек түрлеріне баулитын еңбек және тынығу лагерьлерін кеңінен ұйымдастыру да еңбек тәрбиесінің тиімді түрлері болып табылады.
VІI. ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЕҢБЕК ТҮРЛЕРІН ЖЕТКІНШЕКТЕР ТӘРБИЕСІНДЕ ПАЙДАЛАНУҒА БОЛАШАҚ ПЕДАГОГ МАМАНДАРДЫ ДАЯРЛАУ
Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында және «Қазақстан Республикасы жаңа формация педагогының үздіксіз педагогикалық білім беру тұжырымдамасында» : «Жаңа формация мұғалімі – ол рухани адамгершілігі жоғары, азаматтық жауапкершілігі мол, белсенді, жасампаз, рефлексияға қабілеті басым, экологиялық білімді, шығармашыл тұлға, өзін-өзі дамыту және өзін-өзі көрсетуге ұмтылысы, әдіснамалық қалыптасуының жоғары деңгейін сипаттайтын әлеуметтік, тұлғалық, коммуникативтік, ақпараттық және біліктіліктің басқа түрлерін меңгерген құзырлығы жоғары маман» болуы тиіс делінген.
Осыған орай болашақ еңбек тәрбиесін ұйымдастырушы маманның тұлғалық бейнесін қалыптастыру шарттарын ұсынамыз:
болашақ мамандығына қажетті азаматтық, еңбексүйгіштік, адамгершілік қасиетттерді жоғары бағалайтын және оны өз бойына қалыптастырумен бірге, қазақ халқының дәстүрлі шаруашылық салаларындағы еңбек түрлерін меңгерген, оларды шәкірттеріне дарыта білетін іскер де қабілетті, белсенді маман болуды көздеу;
қазіргі нарықтық экономикаға байланысты кәсіпкерлік көрсетіп, қоғам
сұраныстарын тез сезіне білетін, ұлттық ерекшелікті ұлықтай отырып дәстүрлі еңбек түрлеріне орай бәсекелік іс-әрекет жасай алатын, өз ісінің нәтижелі болуына сенімі мол жасампаз маман болуды көздеу.
Мұндай тұлға қоғамның саяси-экономикалық, әлеуметтік, рухани дамуының жаңа сатысында жоғары мектептің мақсатты ұйымдастырылған еңбек тәрбиесі процесіне өзгеріс ендіруге ықпал жасайды.
Тәлімгердің осындай тұлғасын қалыптастыруда төмендегі шараларды іске асыру ұсынылады:
Білім беру мен тәрбие жүйесінде жеткіншектерді дәстүрлі еңбекке тәрбиелеуде педагогикалық-психологиялық қызмет көрсете алатын арнайы тәрбиеші-маман даярлау.
Педагогикалық колледждерге, институттар мен университеттерге талапкерлерді қабылдауда басты талап – білім деңгейімен қатар, мұғалім мамандығына бейімділігін, әсіресе, дәстүрлі еңбекке қабілеттілігін, іскерлігін ескері. Бұл үшін арнайы педагогикалық-психологиялық диагностика, тестілер, сауалнамалар жүргізу қажет.
Студенттердің бос уақытын мазмұнды өткізуге материалдық жағдай туғызу; олардың бұл салада өзін-өзі басқарумен қатар дәстүрлі еңбек іс-әрекетіне педагогикалық бағыттың болуын қамтамасыз ету.
Қазіргі нарықтық экономика жағдайында болашақ мамандарды ауылшаруашылық еңбегіне қатыстыруда ең алдымен, аудиториядан тыс ғылыми-қоғамдық жұмыста, денешынықтыру, туризм, өлкетану, экспедиция,
әр салалы клуб, отряд, қоғам, кооператив, ассоциация, өзіне-өзі қызмет көрсету еңбегі, студенттік жәрмеңке, студенттік фестиваль, Наурыз мерекесі, сәндік қолданбалы өнер сайысы, т.б. өздері қажет деген жұмыстарды ұйымдастыру.
Студент жастардың өз еріктерімен өздерін материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған экономикалық заңдылыққа сәйкес, саналы, мазмұнды іс-әрекеттеріне барынша мүмкіндік туғызу. Бұл әрекеттерді негізгі педагогикалық мамандықты меңгеруіне және оқу-тәрбие процесіне қайшы келмейтіндей етіп ұйымдастырып сабақтан бос уақыттарында жүргізілуін қарастыру. Студенттер аукционын («Шебер қолдар бұйымдары») ұйымдастыру.
Мұғалімдер даярлайтын орта арнаулы және жоғары оқу орындарында ұлттық тәлім-тәрбие негіздерін: «Қазақ этнопедагогикасы», «Қазақ халық педагогикасы», «Қазақ халық педагогикасындағы еңбек тәрбиесі», т.б. арнайы пән немесе курс ретінде оқыту.
Пединституттар мен университеттерде этнопедагогика және этнопсихология кафедраларын құру, этнопедагогика лабораторияларын ұйымдастыру.
Ұстаз қызметі тиімді болуы үшін оларды әдістемелік жағынан толық қамтамасыз ету, еңбек тәрбиесі жұмысына арналған оқу-әдістемелік, көрнекі, техникалық, компьютерлік құралдар, кино-теле хабарлар, т.б. дайындау.
Қазақ халық педагогикасының өзекті мәселелерін жариялап отыратын «Қазақстан мектебі» журналының жанынан жылына 4 рет шығып тұратын «Этнопедагогика» атты қосымшада дәстүрлі еңбек түрлерінің озық тәжірибесін үздіксіз жариялап отыру.
Қалалық, облыстық, республикалық мұғалімдер білімін жетілдіру институттарында ұлттық тәлім-тәрбие курстарын жүйелі түрде ұйымдастырып отыру; онда ұлт мәдениеті мен оқу-тәрбие жұмысының жетістіктерін, дәстүрлі еңбектің түрлерін үнемі насихаттауды қарастыру.
Мұғалімдер даярлайтын арнаулы орта және жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін орта мектептерде, гимназия, лицейлерде халық педагогикасын насихаттау орталығы – этнопедагогикалық музей, дәстүрлі еңбекке баулу кабинеттерін ұйымдастыру.
Әр ауданда халық педагогикасын насихаттаудың бір-екі тірек мектептерін ұйымдастыру. Оларда сынып жетекшілері мен бастауыш сынып мұғалімдерінің арнайы семинар-кеңестерін, үлгілі тәрбие сағаттарын, сондай-ақ ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттайтын мектепаралық байқаулар («Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны»), қолөнер сайысын («Шебер қолдар», т.б.) ұйымдастырып өткізіп отыру.
Оқу-тәрбие процесінде айтарлықтай нәтижелерге қолы жеткен, әсіресе халықтық еңбек тәрбиесі дәстүрін еркін меңгеріп, сабақ жүйесі мен тәрбие ісінде шебер қолдана білетін іскер тәрбиеші-ұстаздардың
тәжірибелерін жинақтап, аудан, облыс, республика көлемінде кең тарату; осы мақсатта ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинар-кеңестер өткізіп отыруды дәстүрге айналдыру; озық тәрбиешілердің іс-тәжірибелерінен арнайы әдістемелік көмекші құралдар, оқулықтар, альбом-буклеттер, т.б. шығару;еңбек тәрбиесін ұйымдастыруда жақсы нәтижеге қолы жеткен жеке ұстаздар мен ұжымдарға наградалар, атақтар, бағалы сыйлықтар белгілеу.
Көп салалы ұлттық мектептер мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінің оқу-тәрбие жүйесінің ішкі мазмұнына сыртқы бейнесі сай болуын үнемі ескеру; әсіресе жаңа мектептер мен балабақшаларды ұлттық сәулет өнерінің үлгі-нақыштарына сәйкес етіп салу; халықтық мерекелер мен байқауларда, салтанатты жиындарда балалардың ұлттық киім киіп шығуына көңіл бөліп, сол арқылы шәкірттерде ұлттық, елжандылық сезімдерінің берік орын алуына ықпал жасау.
Қорыта келгенде, қазақ халқының еңбек тәрбиесі дәстүрлерін үздіксіз білім беру жүйесінде пайдалану тұжырымдамасына қазақтың халықтық педагогикасындағы дәстүрлі еңбек түрлерінің бай мұрасы және өркениетті елдердің озық тәжірибесі алынды, жұртшылық пікірі ескерілді.
Тұжырымдамадағы педагогикалық жаңаша ойлау мыналар: жеке адамның тұлғалық дамуындағы еңбек тәрбиесінің қажеттілігін көрсету; педагогикалық-психологиялық іргелі ғылыми тәжірибелік зерттеулердің ұсыныстарын жеткіншектердің еңбек тәрбиесі тәжірибесінде тиімді пайдалану; еңбек тәрбиесі жүйесінің мазмұнын, әдіс-тәсілдерін, нәтижелігін жандандыруды қазіргі заманның талап бағытына, жеке тұлғаның даму заңдылығына үйлестіру; еңбек тәрбиесі жұмысын дәстүрлі еңбек түрлерінің ұлттық, аймақтық, әлеуеттік ерекшеліктеріне лайықтандыру; ортаның мүмкіндіктерін ескеру.
Тұжырымдама – үздіксіз еңбек тәрбиесін беру жүйесінің жалпы бағытын анықтайтын құрал. Ендігі кезектегі міндет – жеткіншектерді дәстүрлі еңбекке тәрбиелейтін барлық тәрбие жүйелерінің: ата-аналардың, ұстаз-тәрбиешілердің және т.б., саналы қоғам мүшелерінің шығармашылық күштерін пайдалана отырып тұжырымдаманы тәжірибеге ендіру. Осыған байланысты «Қазақ халқының балалар мен жастарды еңбекке тәрбиелеу дәстүрлері» атты арнайы курс бағдарламасы, «Қазақ халық педагогикасындағы еңбек тәрбиесінің құралдары мен әдістері» және «Қазақ халқының балалар мен жастарды дәстүрлі еңбек түрлеріне тәрбиелеу ерекшеліктері» атты оқу құралдары дайындалды.
VІІI. ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақ халық педагогикасында жеткіншектерді дәстүрлі еңбекке үздіксіз тәрбиелеуді дамытудың тұжырымдамасына қазақтың халықтық тәрбие дәстүріндегі еңбек тәрбиесінің бай мұрасы және өркениетті елдердің озық тәжірибесі алынды, жұртшылық пікірі ескерілді.
Үздіксіз еңбек тәрбиесі тұжырымдамасындағы педагогикалық жаңаша ойлау мыналар: жеке адамның тұлғалық дамуына еңбек тәрбиесінің қажеттілігін көрсету; педагогикалық-психологиялық іргелі ғылыми тәжірибелік зерттеулердің ұсыныстарын еңбек тәрбиесі тәжірибесінде тиімді пайдалану.
Еңбек тәрбиесі жүйесінің мазмұнын, әдіс-тәсілдерін, нәтижелігін жандандыруды қазіргі заманның талап бағытына, жеке тұлғаның даму заңдылығына үйлестіру; еңбек тәрбиесі жұмысын дәстүрлі еңбек түрлерінің ұлттық, аймақтық, әлеуметтік ерекшеліктеріне лайықтандыру; ортаның мүмкіндіктерін ескеру.
Тұжырымдама – үздіксіз еңбек тәрбиесін беру жүйесінің жалпы бағытын анықтайтын құрал. Ендігі кезектегі міндет – барлық тәрбие сатылары мен салаларына байланысты ата-аналардың, ұстаз-тәрбиешілердің және т.б. саналы қоғам мүшелерінің шығармашылық күштерін пайдалана отырып еңбек тәрбиесінің нақтылы ұлттық бағдарламасын жасау.
ІХ. ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңы //Егемен Қазақстан, 1999ж., 11 маусым.
Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы.-Алматы: Қазақстан, 1998. -31б.
«Қазақстан Республикасы жаңа формация педагогының үздіксіз педагогикалық білім беру тұжырымдамасы».Алматы,2005.
«Мәдени мұра» бағдарламасы мемлекеттік бағдарлама болуы тиіс. Егемен Қазақстан. 29 қараша, 2003ж.
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң (жоба). Егемен Қазақстан. 14 мамыр, 2002ж.
Қазақстан Республикасында гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы. Алматы: Қазақстан, 1994. -40б.
Қазақ халқының тәлім-тәрбие тарихынан /ҚҰрастырғандар Қ.Жарықбаев, С.Қалиев. –Алматы: Кітап, 1992. -196б.
Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы: 1 том /Құрастырғандар Қ.Жарықбаев, С.Қалиев. –Алматы: Рауан, 1994. -317б.
Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы: 2 том /Құрастырғандар Қ.Жарықбаев, С.Қалиев. –Алматы: Рауан, 1998. -415б.
Тәлім-тәрбие хрестоматиясы /Құрастырғандар С.Қалиев, Р.Ізғұттынова, Г.Жексембаева. -Алматы: Рауан, 1996. -161б.
Төлеубекова Р. Бала тәрбиесіндегі халықтық педагогика. –Алматы: РБК, 1994. -140б.
Сағындықов Е. Ұлттық ойындарды оқу-тәрбие ісінде пайдалану. –Алматы: Рауан, 1993. -63б.
Болатбаев К.К. Халықтық педагогиканы бейнелеу өнері пәнінде қолдану. Алматы: АлМУ, 1995, -76б.
Ұзақбаева С.А., Қожахметова К.Ж. Жоғары мектеп студенттеріне этнопедагогикалық білім беру тұжырымдамасы. - Алматы: Өнер, 1998. -22б.
Ғаббасов С. Халық педагогикасының негіздері. –Алматы: Әл-Фараби, 1995. -463б.
Ғаббасов С. Ізгілік Әліппесі. –Алматы: Қазақ университеті, 1992. -186б.
Қалиев С., Оразаев М., Смаилова М. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. –Алматы: Рауан, 1994. -40б.
Қазақстан Республикасы жалпы орта білім беретін мектептерінің тұжырымдамасы. –Алматы: РБК, 1994. -32б.
Қазақстан Республикасының «Жоғары білім туралы» заңы. –Алматы: РБК, 1996. -32б.
Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың тәрбие тұжырымдамасы. –Алматы: РБК, 1995. -29б.
Құрсабаев М. «Атамекен» ұлттық ғылыми-тәлімдік, рухани-танымдық бағдарламасын оқу-тәрбие жұмыстарында жүзеге асырудың этнопедагогикалық-этнопсихологиялық мәселелері. –Алматы, 1993. -110б.
Ахметова З. «Кәусар бұлақ» бағдарламасы. –Алматы: Кәусар бұлақ, 1994. -32б.
Жарықьаев Қ., Қалиев С., Әбілова З. «Қазақ этнопедагогикасы» дәрісінің бағдараламасы. –Алматы: РБК, 1993. -27б.
Бөлеев Қ. Қазақ халқының этнопедагогикасы. Оқу бағдарламасы. –Жамбыл, 1992. -17б.
Бөлеев Қ., Бөлеева Л.Қ. Мұғалім және ұлттық тәрбие. –Алматы: Нұрлы Әлем, 2000. -116б.
Әбдіқасымов Р., Бөлеев Қ., Бөлеева Л.Қ. Ұлттық тәлім-тәрбие. Дайындық курсының бағдараламасы. –Жамбыл, 1993. -15б.
Халық педагогикасы – бала тәрбиесінде //Дайындағандар Қ.Бөлеев, А.Мейірманова, Р.Садуақасова. –Жамбыл, 1992. -81б.
Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасы. Оқу бағдараламасы. –Алматы: Әл-Фараби атындағы ҚМҰУ, 1999. -33б.
Есенжолова С.Д. Этнопедагогика. Учебная программа. –Алматы: КазГНУ им. Аль-Фараби, 1998. -41с.
Бөллев Қ. Көшеров Н. Қазақ этнопедагогикасы. Оқу бағдарламасы. –Жамбыл, 1993. -23б.
Наурызбаев Ж. Этнокультурное образование школьников. Программа спецкурса для студентов педвузов. –Жезказган, 1995. -12с.
Әбдіғапбарова Ұ.М. Қазақ ұлттық ою-өрнек өнері. Арнайы курс бағдарламасы. –Алматы, 1997. -22б.
Калыбекова А.А. Казахские народные традиции в музыкально-эстетическом воспитании детей. –Алматы: Рауан, 1993. -123с.
Оршыбеков Ы. Қазақ халқының педагогикалық мәдениеті. –Алматы: Білім, 1981. -53б.
Жарықбаев Қ., Қалиев С. «Қазақ тәлім-тәрбие тарихы» дәрісінің бағдарламасы. –Алматы: РБК, 1994. -30б.
Жарықбаев Қ.Б., Бөлеев Қ. Қазақстанда педагогикалық ой-пікірдің даму тарихы. Арнайы курс бағдарламасы. –Жамбыл, 1992. -10б.
Бөлеев Қ., Бөлеев Т. Қазақ этнопедагогикасының тарихы //Қазақстан мектебі, 1996. №2.
Боданов Ж.Қ., Бөлеев Қ. Қазақтың халық педагогикасы. –Жамбыл, 1993. -22б.
Айтмамбетова Б., т.б. Қазақ педагогикалық энциклопедия сөздігі. –Алматы: РБК, 1995. -185б.
Жүнісов А. Бабалар дәстүрі. –Алматы: Балауса, 1992. -106б.
Сарыбеков Н., Сарыбеков М., Сарыбеков К.Д. Қазақ халқының табиғат қорғау дәстүрлері. –Алматы: Рауан, 1997. -51б.
Сатқанов О. Еңбек сабағында қазақ өнеріне баулу. –Алматы: Рауан, 1992. -47б.
Ұзақбаева С.А. Тамыры терең тәрбие.Алматы:Білім, 1995.-232б.
М А З М Ұ Н Ы
І. К і р і с п е............................................................................................3
ІІ. Қазақ халық педагогикасының дәстүрлі еңбек түрлерінде жеткіншектерді тәрбиелеу мазмұны ................................................5
ІІІ. Қазақ халық педагогикасының дәстүрлі еңбек түрлерін отбасы тәрбиесінде пайдалану...........................................................8
IV. Қазақ халық педагогикасының дәстүрлі еңбек түрлерін мектепке дейінгі мекемелердің тәрбие процесінде пайдалану.............................................................................................10
V. Қазақ халық педагогикасының дәстүрлі еңбек түрлерін жалпы білім беретін мектептің оқу-тәрбие процесінде пайдалану.............................................................................................15
VІ. Қазақ халық педагогикасының дәстүрлі еңбек түрлерін мектептен тыс мекемелер тәрбиесінде пайдалану.......................18
VII. Қазақ халық педагогикасының дәстүрлі еңбек түрлерін жеткіншектер тәрбиесінде пайдалануға болашақ педагог мамандарды даярлау..........................................................................19
VIIІ. Қорытынды................................................................................22
ІХ. Пайдаланылған әдебиеттер........................................................23
Достарыңызбен бөлісу: |