онша ауыр емес қылмыс жасады деп күдік келтірілген кезде – айлық есептiк көрсеткiштiң отыз еселенген мөлшерiнен кем, бірақ айлық есептік көрсеткіштің бір жүз жиырма еселенген мөлшерінен көп;
ауырлығы орташа қылмысты абайсызда жасады деп күдік келтірілген кезде – айлық есептiк көрсеткiштің бір жүз жиырма еселенген мөлшерiнен кем, бірақ айлық есептік көрсеткіштің екі жүз еселенген мөлшерінен көп;
ауырлығы орташа қылмысты қасақана жасады деп күдік келтірген кезде – айлық есептiк көрсеткiштің екі жүз еселенген мөлшерiнен кем, бірақ айлық есептік көрсеткіштің үш жүз елу еселенген мөлшерінен көп;
ауыр қылмыс жасады деп күдік келтірілген кезде – айлық есептiк көрсеткiштің үш жүз елу еселенген мөлшерiнен кем,
аса ауыр қылмыс жасады деп күдік келтірілген кезде айлық есептiк көрсеткiштің бес жүз еселенген мөлшерiнен кем бола алмайды.
Мынадай жағдайларда кепіл белгіленбейді:
1)адамға жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қасақана қылмыстар жасады деп күдік келтірілген, айып тағылған кезде;
2)адамға қылмыстық топтың құрамында қылмыс; террористік және (немесе) экстремистік қылмыстар; ҚР ҚК-нің 1, 4, 5, 11 және 17-тарауларында көзделген аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ төтенше жағдайларда немесе жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған аса ауыр қылмыстар, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған аса ауыр әскери қылмыстар жасады деп күдік келтірілген, айып тағылған кезде;
3)күдікті, айыпталушы сот ісін жүргізуге кедергі жасайды немесе тергеуден және соттан жасырынады деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған кезде;
4)күдіктінің, айыпталушының қылмыстық әрекетті жалғастыруы туралы деректер болған кезде;
5)күдікті, айыпталушы тергеп-тексеріліп жатқан қылмыстық іс бойынша бұрын таңдалған кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын бұзған жағдайларда.
Айрықша жағдайларда кепіл мөлшері мыналарға:
1)асырауында кәмелетке толмаған балалары, қарт ата-анасы, мүгедек туыстары бар, сондай-ақ қорғаншы және қамқоршы болып табылатын адамдарға;
2)тұрақты табыс көзі жоқ адамдарға;
3)халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын, сондай-ақ бюджет есебінен әртүрлі әлеуметтік көмек түрлерін алатын адамдарға;
4)кәмелетке толмағандар мен зейнеткерлік жастағы адамдарға қатысты төменгі мөлшерден аз мөлшерде қолданылуы мүмкін не осы сомаға баламалы өзге де мүлік қабылдануы мүмкін.
Күзетпен ұсталмайтын күдікті, айыпталушы, сотталушы не басқа тұлға кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған, қолданылған күннен бастап бес тәуліктен кешіктірмей тиісті шотқа қаражат салуға және растайтын құжатты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, прокурорға, сотқа ұсынуға міндетті.
Тергеу судьясының кепіл енгізу туралы қаулысы орындалмаған жағдайда, сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адам бұлтартпау шарасын өзгерту туралы мәселеге бастамашылық жасайды.
Осы Кодекстің 128-бабында көзделген тәртіппен ұсталған күдіктіге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жағдайда, кепіл іс жүзінде енгізілгенге дейін тергеу судьясы осы Кодекстің 148-бабының жетінші бөлігінде көзделген тәртіппен күзетпен ұстау немесе үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолданады.
Бұрын таңдалған күзетпен ұстау немесе үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы кепілмен ауыстырылған жағдайда, күдікті, айыпталушы кепіл іс жүзінде енгізілгеннен кейін ғана күзетілуден босатылады. Егер бұл кезге қарай осы Кодексте көзделген күзетпен ұстау мерзімдері біткен болса, онда олар кепіл енгізілгенге дейін ұзартылады.
Кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған кезде күдіктіге, айыпталушыға – олардың міндеттері және оларды орындамаудың салдары, ал айыпталушы, күдікті болып табылмайтын кепіл берушіге – адамның қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілетіні, айыпталатыны, жасалған іс-әрекет үшін заңда көзделген жаза, күдіктінің, айыпталушының тиісті мінез-құлқын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер және олардың шақыру бойынша келуі, сондай-ақ осы міндеттерді орындамаудың салдары түсіндіріледі.
Кепiлдiң қабылданғаны туралы хаттама жасалады, онда – күдіктіге, айыпталушыға шақыру бойынша келу туралы міндеттердің түсiндiрiлгенi, ал кепiл берушiге күдікті, айыпталушы шақыру бойынша келуден жалтарған жағдайда кепiл мемлекеттiң кiрiсiне айналдырылатыны туралы ескертiлгенi атап көрсетіледі. Хаттамаға осы бұлтартпау шарасын таңдаған лауазымды адам, күдікті, айыпталушы, сондай-ақ кепіл беруші басқа тұлға болса, ол қол қояды. Хаттама және соттың депозитiне кепiлдің салынғаны туралы құжат iс материалдарына қосып тігіледі, ал кепiл берушiге хаттаманың көшiрмесi табыс етіледі.
Егер күдікті, айыпталушы өздеріне жүктелген міндеттерді бұзбаса, бірақ күдіктіге, айыпталушыға қатысты неғұрлым қатаң бұлтартпау шарасы қолданылса, қылмыстық іс бойынша үкім немесе іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарылса, кепіл берушіге кепіл нысанасы дереу қайтарылады.
Егер күдікті, айыпталушы кепіл беруші болып табылса, сот азаматтық талап қоюдың, процестік шығындардың және өзге де мүліктік өндіріп алу қажеттігінің болуы кезінде кепіл тағдыры туралы мәселені қарай отырып, прокурордың өтінішхаты бойынша кепіл нысанасына не оның бір бөлігіне өндіріп алуды қолдану туралы шешім қабылдауға құқылы.
Күдікті, айыпталушы болып табылмайтын кепіл беруші енгізген кепіл нысанасына өндіріп алуды қолдану оның келісімімен ғана жүргізілуі мүмкін.
Күдікті, айыпталушы үшін кепіл енгізген тұлға күдіктінің, айыпталушының қылмыстық процесті жүргізетін органға келуі жөніндегі міндеттерді орындауын бұдан әрі қамтамасыз етуге жағдайы келмейтіні туралы жазбаша өтініш жасаған жағдайда, егер күдікті, айыпталушы көрсетілген міндеттерді бұзбаған болса, кепіл нысанасы дереу қайтарылуға жатады.
Қылмыстық істі түпкілікті шешетін үкім немесе қаулы шығарылған кезде, тиісінше, сот немесе қылмыстық қудалау органы сонымен бір мезгілде кепіл нысанасының тағдырын шешеді.
Күдікті, айыпталушы кепілмен қамтамасыз етілген міндеттерді дәлелді себептерсіз орындамаған жағдайда, прокурор тергеу судьясына кепілді мемлекет кірісіне айналдыру туралы өтінішхат жібереді.
Үйқамақ (ҚПК-нің 146-бабы) күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстамай, бірақ осы Кодекстің 147-бабында көзделген тәртіппен судья белгілеген шектеулер қолданыла отырып, оларды қоғамнан оқшаулауды білдіреді.
Күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты үйқамақ қолданылған кезде бір немесе бірнеше шектеу:
1)тұрғынжайдан барлық уақытта немесе белгілі бір уақытта шығуға тыйым салу;
2)осы бөліктің 5) тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, телефонмен сөйлесуге, хат-хабар жөнелтуге және байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салу;
3)белгілі бір адамдармен араласуға және кімді болса да үйінде қабылдауға тыйым салу;
4)электрондық бақылау құралдарын қолдану және осы құралдарды өзімен бірге алып жүру міндетін жүктеу;
5)бақылау мақсатындағы телефон қоңырауларына немесе өзге де бақылау сигналдарына жауап беру, анықтау органына немесе күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының мінез-құлқын қадағалауды жүзеге асыратын басқа да органға телефон шалу немесе оларға белгілі бір уақытта жеке өзінің келу міндеттерін жүктеу;
6)күдіктіге, айыпталушыға немесе олардың тұрғынжайына байқау орнату, сондай-ақ олардың тұрғынжайына немесе оларға тұрғынжай ретінде бөліп берілген үй-жайға күзет қою;
7)күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын және қоғамнан оқшаулануын қамтамасыз ететін басқа да шаралар қолданылуы мүмкін.
Қажет болған кезде күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын қадағалау орнатылады.
Қамақтағы адамның тұрғынжайдан шығуына белгіленген шектеулерді сақтауын қадағалауды жүзеге асырған кезде қылмыстық процесті жүргізетін орган тәуліктің кез келген уақытында оның тұрғылықты жерінде болуын тексеруге құқылы. Тексеру күндізгі уақытта екі реттен артық және түнгі уақытта бір реттен артық жүргізілмейді. Лауазымды адамның қамақтағы адамның тұрғынжайында болуына осы адамның және онымен бірге тұратын адамдардың келісімімен жол беріледі және ол отыз минуттан аспауға тиіс.
Соттың үйқамақ туралы қаулысында күдіктіге, айыпталушыға қолданылатын нақты шектеулер белгіленеді, сондай-ақ қадағалауды жүзеге асыратын орган немесе лауазымды адам көрсетiледi.
Үйқамақтың мерзiмi, оны ұзарту тәртiбi осы Кодекстiң 151 және 547 – 551-баптарында белгiленген қағидаларда айқындалады.
Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау тек судьяның санкциясымен және басқа, қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шараларын қолдану мүмкін болмаған кезде заңмен бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деген күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты ғана қолданылады (ҚПК-нің 147-бабы).
Айрықша жағдайларда бұл бұлтартпау шарасы, егер:
1)оның Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрғылықты жері болмаса;
2)оның жеке басы анықталмаса;
3)ол бұрын таңдалған бұлтартпау шарасын немесе процестік мәжбүрлеу шарасын бұзса;
4)ол қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынуға әрекет жасаса немесе жасырынса;
5)оған ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның) құрамында қылмыс жасады деген күдік келтірілсе;
6)оның бұрын жасалған ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін сотталғандығы болса;
7)оның қылмыстық әрекетті жалғастырып жүргендігі туралы деректер бар болса, заңда бес жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деп күдік келтірілетін, айыпталатын, сотталатын адамға қатысты қолданылуы мүмкін.
Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстауды таңдау қажет болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 140-бабына сәйкес сот алдында осы шараны қолдануға санкция беру туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулы шығарады. Қаулыға өтінішхаттың негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарының расталған көшірмелері қоса беріледі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сот алдында күзетпен ұстауға санкция беру туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулыда осы бұлтартпау шарасын таңдау себептерін және қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шараларын қолданудың мүмкін еместігін негіздеуге міндетті.
Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адам ұстап алынған мерзім ішінде прокурор осы Кодекстің 131-бабында көзделген тәртіппен өтінішхаттың негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарымен танысуға құқылы.
Прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өтінішхатын зерделеу нәтижелері бойынша өтінішхатқа келісім білдіреді не оны қолдаудан уәжді қаулымен бас тартады және (немесе) өзге бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселені шешеді. Қаулының көшірмесі мүдделі адамдарға жіберіледі.
Прокурор ұстап алу мерзімі өтерден кемінде сегіз сағат бұрын тергеу судьясына өтінішхаттың негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарының көшірмелерін қоса бере отырып, күзетпен ұстауды санкциялау жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулыны ұсынуға міндетті.
Күзетпен ұстауды санкциялау құқығы – тергеу судьясына, ал осы Кодекстің 107-бабы жетінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көзделген жағдайларда – облыстық және оған теңестірілген соттың судьяларына тиесілі.
Тергеу судьясы материалдар сотқа келіп түскен кезден бастап сегіз сағаттан кешіктірілмейтін мерзімде, осы Кодекстің 56-бабында айқындалған тәртіпті сақтай отырып, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты прокурордың, күдіктінің, айыпталушының, оның қорғаушысының қатысуымен қарайды.
Тергеу судьясы қорғаушыны түскен материалдармен таныстырады.
Сот отырысына заңды өкі өкіл мен өкіл де қатысуға құқылы, сот отырысының орны мен уақыты туралы сот оларға уақтылы хабарлаған жағдайда, олардың келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болмайды.
Сот отырысы барысында хаттама жүргізіледі.
Күзетпен ұстауға санкция беруге байланысты мәселелерді шешкен кезде тергеу судьясы көрсетілген бұлтартпау шарасын таңдау кезінде ескерілетін мән-жайларға қатысты іс материалдарын зерттеумен қатар, адамға қылмыс жасады деп күдік келтірудің негізділігін тексереді.
Қажет болған жағдайда судья қылмыстық істі талап етіп алдыруға құқылы.
Тергеу судьясының күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты күдіктінің, айыпталушының қатысуынсыз қарауына күдіктіге, айыпталушыға іздестіру жарияланған немесе олар Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде болған және сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланған кезде қылмыстық процесті жүргізетін органға келуден жалтарған жағдайларда ғана жол беріледі.
Ұстап алынған жағдайда күдікті, айыпталушы таңдалған бұлтартпау шарасын қолданудың негізділігін қарау үшін тергеу судьясына жеткізіледі.
Тергеу судьясы отырыстың басында қандай өтінішхаттың қаралуға жататынын хабарлайды, сот отырысына келген адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді. Содан кейін прокурор күдіктіні күзетпен ұстауды бұлтартпау шарасы ретінде таңдаудың қажеттігін негіздейді, содан соң күдікті, айыпталушы және сот отырысына келген басқа да тұлғалар тыңдалады.
Прокурордың осы өтінішхатын қарау барысында күдікті, айыпталушы, сондай-ақ олардың мүддесінде қорғаушы осы Кодекстің 137-бабының бірінші бөлігінде көзделген өзге бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтінішхат мәлімдеуге құқылы.
Тергеу судьясы үйқамақты, кепілді қолдануды санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарған жағдайда, прокурор осы Кодекстің 107-бабында белгіленген қағидалар бойынша оған өтінішхат келтіруге құқылы.
Тергеу судьясы күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішхатты қарау қорытындысы бойынша мынадай:
1)күзетпен ұстауға санкция беру туралы;
2)екі ай мерзімге күзетпен ұстауға санкция беру үшін жеткілікті негіздер болмаған жағдайда, он тәулікке дейінгі мерзімге күзетпен ұстауға санкция беру туралы;
3)күзетпен ұстауға санкция беруден бас тарту туралы қаулылардың бірін шығарады. Тергеу судьясы осы бұлтартпау шарасына санкция беруден бас тартқан жағдайда, осы Кодекстің 137-бабының бірінші бөлігінде көзделген өзге бұлтартпау шарасын таңдауға құқылы.
Тергеу судьясы күзетпен ұстауды санкциялау туралы қаулыда осы бұлтартпау шарасын таңдау себептерін және қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шараларын қолданудың мүмкін еместігін көрсетуге міндетті.
Өзіне қатысты тергеу судьясының қаулысы шығарылған адамға сол қаулы дереу табыс етіледі, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, прокурорға, жәбірленушіге және күдікті, айыпталушы отырған күзетпен ұстау орны мекемесінің бастығына жіберіледі және дереу орындалуға жатады.
Күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстауды санкциялау немесе одан бас тарту туралы қаулыға осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 135-бабында белгіленген тәртіппен, күдіктіге бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау қолданылғаны туралы оның туыстарын хабардар етуге міндетті.
Достарыңызбен бөлісу: |