130
–
Бір сенім, бір үміт деген сөз бар ғой қазақта. Біздің ана
тіліміздің бүгінгі жай-күйі дәл сондай. Менің осы тіл саласында
қызмет істегеніме 50 жылдан асты... 1951 жылы аспирантураға
түскем. Содан бастап, осы Тіл білімі институтында еңбек еткеніме
міне 51 жыл болыпты. Ешқайда ауысқан жоқпын, ешқайда барған
жоқпын. Жартығасырлық ғұмырым бір институттың қабырғасында
өтті. Соған қарап бүкіл өмірім қазақ тіліне арналды ғой деп
ойлаймын.
Енді... жалпы тіл туралы айта берудің қажеті жоқ шығар...
бүгінгі тілдің жағдайы... мемлекеттік тілге мәртебе алып береміз деп
күрестік. Ондағы мақсат, біріншіден тіліміздің мүшкіл халін жөндеу,
халықтың санасын ояту. Екіншіден, мемлекеттік тілге мәртебе
алғаннан кейін, оның бір тұтас үстемдігі үшін заң жүзінде күресу.
Әйтпесе қай ұлт тілін сақтау үшін күреспейді дейсіз. Күреседі,
әрине... Соның арқасында қазіргі кезде мына мемлекеттік туымыз
үшін күресу бұрынғыға қарағанда әлдеқайда дұрыстау жүргізілуде.
Мемлекеттік тіл қазақ тілі болсын деп Колбиннің заманында
айқаластық та... Ол үшін кезінде Колбин республика конференциялары
мен пленумдарында екі-үш рет менің атымды атап көрсетіп, талай-
талай сөздерді де айтты емес пе.
Түрлі отырыстарда, жиналыстарда қайта-қайта айтып, мазасын
ала берген соң сөйтті ғой...
–
Сонда ол кісінің сізді жақтырмаған себебі, екі тілді де
мемлекеттік жасағысы келді ме?
–
Иә. Қазақстанда мемлекеттік тіл екеу болуы керек деген
мәселе оның миына Ресейде жүргенде-ақ қатталып, сіңісіп келген.
Міне, сол идеясын жүзеге асырғысы келді. Оған мен, Қазақстан өз
алдына жеке мемлекет, оның өз тілі болуы керек, ал орыс тілінің
өз мемлекеті бар дегенді айтып, жиі-жиі қарсы шыға бердім ғой.
Сондықтан да оған жаманатты болдым, бірнеше мәрте сынға іліктім...
Әрине, ол мақтаныш емес... Оның бәрін ел-жұрт біледі. Сол кездерде
қатты күрестік, «Қазақ тілі» қоғамын құрдық. Сөйтіп, сол қоғам арқылы
халықтың санасын оятуға тырыстық. Абырой болғанда, ісіміз нәтижесіз
қалған жоқ, елдің санасы оянды сол кезде. Мынау ауыл-ауылдардың
барлығында халық балаларын қазақ балабақшаларына, қазақ мектептеріне
беріп, жағдайымыз оңала бастады. Жалпы, қазақ тіліне бетбұрыс сол
уақыттан бастау алып, «орыс тілін білмесең, наныңды тауып жей
алмайсың» дегендей сыңаржақ көзқарас содан бастап, өзгерді деуге болады.
131
Бірақ, «Ауру батпандап кіреді, мысқалдап шығады» дегендей, бойға
әбден сіңген оңалуы қиын ескі дертті жеңу, одан арылу оңай емес. Олай
дейтінім, қаншама уақыт бойы, санамызды ұйықтатып, көндіріп қойған
халқымызға бүгінде қайта келгендейміз.
–
Неге олай дедіңіз?
–
Оның себебі, менің есебім бойынша бүгінде халқымыздың
15 пайызы өз тілін білмейтіндер де, 25 пайызы шала білетіндер.
Кезінде осыны біреулер дұрыс түсінбей, халықтың 40 пайзы өз тілін
мүлде білмейтіндер деп жансақтық жасады. Бұл олай емес. Халықтың
15 пайызы ана тілімізде мүлде сөйлей алмайтындар да, 25 пайызы
шалашарпы сөйлейтіндер.
–
Онда жоғарыдағы лауазымдылардың көпшілігі солардың
қатарына қосылатын болды ғой?
–
Иә. Өкінішке орай, Тәуелсіздік алғаннан кейін,Үкіметке
келген жастардың көпшілігі сол жаңағы 25 пайызды құрайтындардың,
яғни өз тілін шала білетіндердің қатарына қосылады. Араларында
мүлде білмейтіндер де бар. Міне, солардың өз ана тілін іс басқару
құралы ретінде пайдалануға құлықтары жоқ. Бұл бір жағынан жалпы
біздің ұлтымызға тән енжарлық. Одан соң, ең бастысы, сол үкіметте
отырғандардың көпшілігінің сыртқа білдірмесе де іштей қазақ тіліне
деген көзқарастары дұрыс емес. Солардың кесірінен мемлекеттік тіл
мәртебесі әлі күнге төмен деңгейде.
Былайша айтқанда, қазақ тілінің пәрмені өз дәрежесінде
қолданылмай жатыр.
–
Сіз жоғарыда сана оянды, бетбұрыс болды дедіңіз... Онда
мұндай дәрменсіздіктің себебі неде?
–
Бұл халық дегеніміздің өзі, классикалық анықтама
бойынша қалай қайырсаң солай бұрылатын тобыр дегенге келеді.
Орыс тілінде сөйлеп үйренген адамдардың одан қол үзгісі келмейді.
Балаларын да солай тәрбиелейді. Кейде балаларын қазақ мектебіне
берген ата-аналар болса, «қазақша дұрыс білім бере алмайды» деп
қайтадан орыс мектебіне береді. Бұған байланысты Үкімет не істей
алады? Енді обалы қане, біршама жұмыстар атқарылды да.
Конституцияда мемлекеттік тіл белгіленді. Тілдер туралы
Заң қабылданды, екі рет тіл дамыту бағдарламалары дайындалды.
Президентіміз Қазақстанның болашағы – қазақ тілі деген сөзді де айтты.
Амал нешік, бірақ іс жүзінде баяу жылжудамыз. Ілгерілеу бар, әрине...
Дегенмен де жүз қазақтың арасындағы бір орыс үшін бүкіл мәжілісті
132
орыс тілінде өткізу әдетінен әлі де арылғанымыз жоқ. Осыны айтып та,
жазып та жатырмыз. Бірақ нәтиже аз.
Мысалға жуырда маған Парламенттен Мәжіліс депутаты Бәкір
Әбжәлел Деген азамат ресми хат жіберіпті. Онда ол тілдің жағдайы онша
болмай жатыр ғой, осы мәселеге байланысты тағы ақылдасайық дегенді
айтыпты. Қазір мен осы хатқа жауап ретінде өзімнің ойымды жинақтап,
жауап әзірлеудемін. Депутаттардың арасында да қазақ тіліне жаны ашитын
азаматтардың көп болғандығы қуантады. Бірақ, халық пен оны басқарып
отырған Үкіметтің өзі жуық арада тіл мәселесіне шұғыл бет бұрмаса
болмайды.
–
Дегенмен де көңілге үміт ұялатарлықтай ілгерілеушіліктің де
бар екендігі рас қой?
–
Әлбетте, бұл мәселеде бізде жетістік жоқ деуге болмайды.
Бірқатар игі нышандардың бар екендігі рас. Мәселен, Президентіміздің өзі
тағына отырар алдында қазақ тілінде емтихан тапсырғанын білеміз. Ол
кісіден емтихан алғандардың қатарында мен де болдым. Енді жасыратын
несі бар, Елбасымыз қазақ тілін өте жетік меңгерген ғой, тіл қорының
байлығы бірден байқалып тұрды...
Міне, сондай жағдай...
–
Тіліміз бай, тек соның мемлекеттік маңызын арттыру жағы
әлсіздеу дейсіз ғой?
–
Рас, солай. Тілдің өзінде кінә жоқ. Қазақтың тілі бай. Оны
күстаналауға болмайды. Олай дейтініміз, қазақ тілін жақсы білетін адам
Маркс, Энгельстің еңбектерінен бастап бүкіл жер жүзіндегі тілдерді аудара
алады. Біздің тіліміз жетпейді деу ағаттық. Тіліміздің қоры бәріне жетеді,
тіпті асып та кетеді. Қазір жер жүзіндегі бай тіл ағылшын тілі деп жүр.
Оксфорд сөздігінде 1милионға жуық сөз бар дейді. Ал енді біз әр сөздің
жеке санын емес, мағынасына қарай есептейтін болсақ, бір сөздің бірнеше
мағынасы бар. Одан кейін фразеологизм дейді, тұрақты сөз тіркестері...
Осылардың әрқайсысын жеке-жеке бір мағынадан есептесек, қазақ тілінде
де 1 миллионға жуық сөз қоры бар.
Сондықтан да мен айтамын, қазақ тілін «қойшылардың тілі»,
«мемлекеттік тілге жарамайды» деп жүргендердің бәрі бос сөз.
– Демек біздің тіліміздің мүмкіндіктері шынымен-ақ орасан десек
қателеспейміз...
– Қазақ тілінің басқа тілдерден ерекшеліктері, артықшылықтары
көп. Соны дұрыс пайдалана білсек...Мысалға, біз бірінші кезекте орыс
тілімен салыстырамыз. Себебі, біздің терминологиямызда орыс тілі
Достарыңызбен бөлісу: |