КСРО-ның күйреуінің келесі себептерінің бірі – елде сөз бен істің бірлігінің болмауы еді. Бар билікті өз қолына жинап алған коммунистік партияның саясатына сай “дұрыс” сөйлеу, бірақ басқаша ойлап, іс жүзінде керісінше істеудің, яғни екіжүзділікке барудың елде кең етек алғанды бүгінгі аға ұрпақтың есінде. Мұндай ел тағдыры үшін аса қауіпті үрдістің пайда болып, қалыптасуына және дамуына кінәлі басқа емес, басынан шіріген балық сияқты, сол ел басқарып отырған партияның ең жоғарғы басшыларының өздері еді. Ол туралы Н. Назарбаев: “70-інші жылдардан бастап партияның жоғарғы эшелондарында сөз бен істің бірлігіне шақырған үндеулер барған сайын күштірек әрі табандылықпен естіле бастады. Турасын айтайық, бұл талаптан нағыз екіжүзділік аңғарылып тұрды. Жоғары басшылықтағылар мұндай бірлікке ең алдымен өздерін өздері шақыруы тиіс болатын. Л.И. Брежневтің жеке басына табынуды қоздыра отырып және ең бірінші кісіге жақын адамдарға жасалатын бүкіл игіліктерді пайдалана жүріп, ат төбеліндей әміршіл топ пратия бұқарасынан барған сайын қол үзе бастаған еді.”-дейді.
Достарыңызбен бөлісу: |