22.Топырақ-биосфераның экологиялық қуысы.
Топырақ – құрлықтың кейбір беткейлерінде тараған өте жұқа қабықша. Ең қалың топырақ өзен аңғарларында кездеседі, ол 2 метрден аспайды. Жер шарының орташа топырақ қалыңдығы – 35-40 см. Қалыңдығы жұқа бола тұрып топырақ жамылғысының тұтастығы біркелкі емес. Құмдар, тастар, сорлар, өзен мен көлдер, полярлық белдеулер, таулар, мұздықтар, т.б. құрлықтың топырағында көрпешедегі құрақтай орналасқан. Өте жұқа және тұтас емес болса да топырақтың биосферадағы маңызы зор. Топырақта өсімдік жамылғысы өсіп, дамып, ауадағы көмірқышқыл газды сіңіріп, ауаның оттегісін көбейтіп, күн сәулесінің энергиясын биологиялық энергияға айналдырады. Басқа сөзбен айтқанда, топырақта биосферадағы біріншілікті өнімділік беретін өсімдіктер өседі. Топырақта химиялық элементтердің билогиялық айналымы жүреді. Биологиялық айналым барысында топырақтың негізгі қасиеті – құнарлық қалыптасады.
Топырақтың құнарлылығын тиімді де ұтымды пайдалануда, онда жүретін күрделі де әрқилы үдерістерді түсіне білу керек. Топырақтардың пайда болуын, қасиеттері мен таралуын білу арқылы, қай жерде және қандай дақыл өсіруге, сондай-ақ топырақты өңдеудің қандай түрін таңдаған жақсы, қанша және қандай тыңайтқыштар қолдану керек деген және басқа да көптеген сұрақтарды шешуге болады.
Қазіргі түсінік бойынша топырақ – жер бетінің майда ұнтақталған құнарлы қабаты, тірі және өлі табиғатқа тән бірнеше сипаттары мен қасиеттері бар ерекше құрылым. Топырақтың негізгі қасиеті– оның құнарлығы. Топырақтың құнарлығы дегеніміз – оның өсімдіктердің қоректік элементтерге, суға деген қажеттіліктерін қанағаттандыруы. Өсімдіктер құнарлы топырақ қабатынан тамыр жүйелері арқылы қоректік затты алып, суды бойына cіңіріп, жапырақтарға түскен күн сәулесімен ауадағы көмірқышқыл газы арқылы жүретін фотосинтез нәтижесінде денесіне өте мол органикалық, биофильді минералдық заттар жинап, едәуір энергияны шоғырландырады. Осы энергиялар бүкіл жан-жануар, адамзат тіршілігі үшін өмір өзегі болып табылады.
Құнарлы топырақ ауыл шаруашылығындағы негізгі өндіріс құралы болып табылады. Егіншілік, мал шаруашылығының өркендеуі топырақ құнарлығына тікелей тәуелді. Сондықтан адам топырақтың құнарлы қабатын су және жел эрозиясынан, басқа да экологиялық апаттардан қорғай отырып, топырақ құнарын жылма-жыл арттыру және жақсарту шараларын іске асырады. Топырақ планетарлық қабаттардың (литосфера, атмосфера, гидросфера) шекарасында жайғасып, солардың бір-бірінің арақатынасынан дамып, геосфераның ерекше қабығы педосфераны, яғни жердің топырақ жамылғысын түзейді.
Топырақтың табиғи ландшафттар мен экожүйелердегі маңызы зор. Топырақты жекеленген экожүйе деп атауға болады.
Биосферадағы топырақтың рөлі. Биологиялық айналым топырақтан басталады: одан минералдық заттар мен су сіңіріледі де, айналым редуцент- ағзалардың қызметімен аяқталады. Топырақ санитарлық кедергі ретінде маңызы өте зор.
Топырақта ауамен салыстырғанда температуралық ауытқлар біршама аз, ал жер асты сулары ондағы белгілі бір ылғалдылық режимін қалыптастырады. Топырақта органикалық және минералды заттар қоры жинақталады да, онда түрлі тірі организмдердің тіршілік етуіне жағдай жасайды. 1м 2 топырақ қабатында 100 млрд-тан аса қарапайым клеткалары млн-даған коловраткалар, тихоходкалар, энхитрендер, бүргелер мен носикомдар тіршілік етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |