Мектеп жасына дейінгі балардың сенсорлық тәрбиесінің теориялық аспектілер. Сенсорлық тәрбие туралы түсінік.
Сенсорлық тәрбие мазмұнына мыналар жатады: түсті ажырату, атауға үйрету, екі түсті бояуларды араластырғанда түс немесе жаңа реңк пайда болатыны туралы түсініктерді қалыптастыру, заттарды түсіне қарай салыстыруға үйрету, суреттегі бейненің түс арқылы көркемдік сипат алатынын көре білу қабілетін дамыту.
Балалар «алға-артқа», «жоғары-төмен», «алыс-жақын», «оңнан-солға», «ұзын-қысқа», «үлкен-кіші», «кең-тар», «биік-аласа» т.б. кеңістікке қатысты түсініктерді игереді, заттардың формаларын, мөлшерін ажыратады, заттарды өзара салыстырады.
Сенсорлық тәрбие мазмұнына уақыт ұғымдары да кіреді: уақытты бағдарлау, уақытты игеру, уақыттың реттілігі, уақыт ұзақтығы, т.б. Балаға «кеше», «бүгін», «ертең» ұғымдарын, уақыттың ұзақтығын түсіндіру оқыту арқылы жүзеге асырылады.
Есту сезімін дамыту, дыбыстарды тыңдап, ажырата білу, тілдік есіту және музыкалық есіту қабілетін дамыту да сенсорлық тәрбие мазмұнына енеді.
Сенсорлық тәрбие мазмұнына заттың сапасын сипап сезу арқылы ажырата білу, олардың тегісі, мамық, кедір-бұдыр, жұмсақ, қатты, ауыр, жеңіл, суық, жылы т.б. анықтайтын тактильді сезім кіреді. Иіс пен дәм түйсігін дамыту да сенсорлық тәрбиенің мазмұнына енеді.
Ойындарда және сабақтарда сенсорлық тәрбие тәрбиешінің басшылығымен жүзеге асырылады.
Баланың алғашқы бес-алты жас кезеңі оның дамуындағы ең жауапты кезең, себебі осы кезде баланың ақыл-ой қабілеттері, сенсорлық дамуы, эстетикалық сезімдері қалыптасады. Бала тұлғасының мұндай қасиеттері қызықты да мазмұнды сабақ, еңбек және ойын әрекетінде қалыптасады.
Мектеп жасына дейінгі баланың бойына ақыл –ой күштерін, ойлауын дамытудағы және ақыл –ой еңбек мәдениетін дарыту ең алдымен балаға сенсорлық тәрбие беруден бастау алады.
Кеңес дәуіріндегі педагогика сенсорлық тәрбие мәселелерінде Мария Монтессоридің сенсорлық тәрбие жүйесінде өз бейнесін тапқан позициядан принципиалды айырмашылығы бар позицияны ұстанады. Оның пайдаланған дидактикалық материалдар өзін-өзі бақылау принципіне сәйкес жасалған, мұның өзі балаларға педагогтың катысуынсыз, өз бетімен шұғылдануына мүмкіндік береді.
Ресейлік ғалым Н.М.Щелованов нәресте кезеңді сенсорлық тәрбие берудің «алтын кезеңі» деп атап көрсеткен.
Мектепке дейінгі педагогика тарихының әртүрлі даму кезеңдерінде бұл мәселе бойынша көптеген ғалымдар (Я.А.Коменский, Ф.Фребель, М.Монтессори, О.Декроли, Е.И.Тихеева және т.б.) балаларды заттардың қасиеттері мен ерекшілтерін таныстыратын әртүрлі дидактикалық ойындар мен жаттығуларды жасады.
Ғалымдар А.В.Запорожец, А.П.Усова, Н.П.Сакулина, Л.А.Венгер, Н.Н.Поддъяков және т.б. жалпы сенсорлық тәрбие бойынша көптеген ой-пікірлерін айқындай отырып сенсорлық тәрбие жүйесінің қалыптасуына өз ықпалдарын тигізді.
Кеңес педагогикасы сенсорлық тәрбиені іс-әрекеттің әр түрі: бейнелеу, құрастыру, музыкалық-қимыл үдерісінде, балаларды қоршаған ортамен таныстырғанда жүзеге асыру керек деп есептейді. Мәселен, Е. И. Тихеева сезім органдарын жетілдіру жұмысын бала тілінің дамуымен, қоршаған заттар дүниесімен таныстырумен байланыстырды. Ол жасаған дидактикалық материалдар, ойындар (әсіресе табиғи материалдармен ойындар) да түсті көлемді, форманы ажырата білуге бағытталған, бірақ балаларды заттардың қасиетімен, сапасымен таныстыру ойын әрекеті үстінде жүргізіледі, оның өзі білім мен ұғымды жақсы игеруге көмектеседі.
Мектепке дейінгі балаларға сенсорлық тәрбие беру, заттардың формасын, түсін, көлемі мен басқа да ерекшеліктері мен қатынастарын зерттеуге бағытталған қабылдау әрекеттерінің нәтижесінде қалыптасқан кез-келген түсініктер, келешекте кейіп мәніне айналуы қажет. Бірақ бұл жеткіліксіз. Себебі, әртүрлі заттардың әртүрлі ерекшеліктерінің ішінен салыстыра отырып, ортақ белгілеріне сәйкес заттардың қасиеттерінің негізгілерін айқындай білуі керек.
Ақыл-ой тәрбиесі әр заманда балаларға білім берудің негізгі құралы болып табылады. Білім алуға және ғылымға ұмтылыс халық санасының тереңнен әрдайым орын алады. Халық табиғат пен қоғам дамуының заңдылықтары бейнеленген ғылымның деректерін, түсініктерін және заңдарын мақсатты игерудің нәтижесі деп білді. Тек ақылды адам ғана терең білімдерді меңгере алатынын түсінді. Білімнің мәнін «Ақылдан қымбат байлық жоқ», «Ақылды сатып ала алмайсың», «Ақыл – тозбас киім, білім – сарқылмас бұлақ» деген халықтың даналық сөздерінен-ақ байқауға болады.
Белгілі ғалым А.Меңжанова мектепке дейінгі жастағы балалардың «ақыл-ой тәрбиесінің мақсаты – балаларды табиғат пен қоғамдық өмірдің сан қилы қарапайым құбылыстары жайлы біліммен қаруландыру, сезім мен қабылдау ерекшеліктерін жетілдіру арқылы ақыл-ой қабілетін (зейін, ой, ес, қиял, тез және дұрыс шешім қабылдау, тұжырымдау, игерген әдет пен дағдыны, білімді іс-әрекет үдерісінде туған міндеттерді шешуге пайдалана білу, өз еңбегінің сапасын, оның қорытындысын, ынта-ықыласын болжай алу) дамытуды қамтамасыз ету», - деп анықтаған.
Достарыңызбен бөлісу: |