Сананың негізгі қасиеттері
Сана психика дамуының жоғарғы сатысы ретінде, ең алдымен, жалпыны және болмыстағы елеуліні тану қабілеті сияқты қасиетімен ерекшеленеді. Жалпыны білу адамның болмыста мейлінше дұрыс бағдар ұстауын қамтамасыз етеді, істі біліп әрекет жасауына, өзін дұрыс алып жүруге мүмкіндік береді. Жалпыны біле отырып адам әрбір жеке міндетті практикалық тұрғыдан шеше алады. Заңдылықтарды біле отырып, белгілі бір оқиғаның болатынын алдын ала болжай да аласыз. Жалпы мен елеулі жайындағы білімдерді жинақтау ғылымды И. П. Павловтың сөзімен айтқанда, «болмысты және өз басымызды дұрыс алып жүруде жоғары бағдарлылықты» қалыптастырады. Ғылым, өнер, мәдениет (сөздің кең мағынасында) қоғамдық сананы құрайды.
Жеке адам санасы мен қоғамдық сана диалектикалық, бірлікте болады. Жеке адам санасы оның болмысын ғана бейнелеп қоймайды, сонымен қатар адамзат жинақтаған білімді меңгеру нәтижесі де болып табылады. Екінші жағынан, қоғамдық сана жеке адамдар мен бұқара көпшіліктің творчестволық іс-әрекетінің нәтижесінде қалыптасады.
Сана адамның творчестволық қабілеттілігінен көрінеді. «Адамның санасы объективті дүниені бейнелеп қана қоймайды, сонымен қатар оны жасайды»Хайуан еш нәрсені де орната алмайды. Егер ол езі мекендеген жердің жағдайын өзгертсе оны саналы түрде түсініп істемейді, оның тіршілік етуі соған жеткізеді. Мәселен, ешкілер грек тауларындағы бұталарды жеп қойып, соның нәтижесінде елдің климатын өзгертті дейді Ф. Энгельс.
Адам дүниені саналы түрде өзгертуге талаптанады, оны өз қажетіне бейімдегісі келеді, тіпті ол табиғаттың жеке элементтерінен табиғатта кездеспейтін жаңа заттар жасайды. Творчество адамның бүкіл Жерді мекендеуіне және космосқа да жол табуына мүмкіндік береді.
Сананың аса маңызды қасиеті оның есеп беруі болып табылады. Адам өзінің ниеті мен күйзелісі, ойы мен түйсігі туралы өзіне-өзі есеп береді, демек, сана тек қана сыртқы білімді емес, өзің білуді де қамтамасыз етеді, яғни сана өзіндік сана-сезім түрінде де көрініс табады. Адам есеп беруінің арқасында өз күшін реттей алады, өзін түзетіп және дамытып отырады. Білім негізінде жеке адамның іс-әрекетіндегі және мінез-құлқындағы саналылық мөлшерін анықтауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |