Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюда. Нұр-Сұлтан қаласы, 04.07.2018 ж.
1943 жылдың қазан айында Мәншүк әскери қызметте болған батальонға Изоча станциясын еш шығынсыз жаудан азат ету туралы бұйрық беріледі. Псков облысындағы Невель қаласын жаудан босату үшін Изоча стансасындағы 173,7 биіктікте сұрапыл ұрыста қазақтың жаужүрек пулеметші қызы өзінің «Максимімен» бірге құйындата оқ боратып, 70 неміс фашисін жер жастандырады. Қасық қаны қалғанша жаумен қасқая күрескен қазақтың батыл да батыр қызы Мәншүк 1943 жылғы 15 қазанда ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты.
«15 қазанда Мәншүк қаза тапты. Бұл қаралы хабарды біз сол қырғын ұрыс болған күннің түнінде естіп, қабырғамыз қайысты. «Мәншүк өлді» деген хабарды естігенде тірі қалған солдаттар тегіс жыладық. Мәншүк ортамыздағы жалғыз гүліміз еді. Анамызды да, апамызды да, қарындасымызды да, сүйген жарымызды да біз сол арқылы көзімізге елестетуші едік», - деп жазады Мәншүктің қаруласы Әзілхан Нұршайықов өзінің «Невель түбінде» атты деректі туындысында.
Кіші лейтенант Болат Ахметжанов аталмыш ұрыс туралы естелігінде мынадай деректер келтіреді: «Біз жақтан адам өлімі көп болды, сондықтан позицияны тастап артқа шегінуге мәжбүр болдық. Кері шегінер жолда басынан жарақаттанған, ұрыс даласында бір өзі ғана қаза тапқандардың пулеметін қайта тұрғызып, орнына қойып жатқан Мәншүкті көрдік. Біз одан 4-5 шақырым қашықтықта алшақ тұрғанбыз, оған бізбен бірге жүр дегенде, ол «Өздерің бара беріңдер, егер мен кетсем, сендерді кім қорғап қалады», деп қарсылық білдірді. Ол көнбегесін, біздер кете бердік. Біраздан соң тылда өлі тыныштық орнады, біздер бір-бірімізге аң-таң күйде қарап: «Бәрі бітті», деген Болат Ахметжанов естелігін былай аяқтайды: «Осыларды еске түсіре отырып, менің айтқым келетіні, егер Мәншүк бізді жаудан қорғап қалмағанда, қазір тірі болмас едік, сондықтан біз өмір бойы Мәншүкке қарыздармыз!».
Қазақтың қаршадай қызының қазасына қатты қайғырып, «Комсомолдың Орталық комитетінің бірінші хатшысы Михайловқа, болмаса маған Батыр атағын берген Калининнің өзіне барам. Тіпті Ворошиловқа кірем. Одан түк шықпаса, менің Мәлік атым құрып кетсін, өзімнің жұлдызымды берем», - деген Кеңес одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің табандылығы мен өжеттілігімен 1944 жылғы 1 наурызда Мәншүк Мәметоваға Батыр атағы беріледі.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Отан соғысының адамзат тарихындағы ең қатыгез әрі қантөгісті соғыс, сонымен қатар фашизмге қарсы жалпыұлттық күрес» екендігін айтады. Ол «Мәскеу мен Сталинград түбіндегі қатыгез соғыста Курск пен Днепрде мыңдаған совет солдаттары өз бастарын қатерге тікті. Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин сынды Қазақстанның әскерилері жеңіс үшін жан алысып, жан берісті. Біздің жерлестеріміздің есімі мен ерлігі біз үшін аса бағалы», - деді.
Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесінде барша қазақстандықтар қазақ халқының қаһарман қызы, Кеңес одағының Батыры Мәншүк Мәметованың даңқты есімін мақтан етеді.
Мәншүк Мәметованың атында Невель, Алматы, Орал және басқа да қалаларда көшелер бар. 1931-1937 жылдары батыр қыз білім алған Алматы қаласындағы №28 лицейге Мәншүк Мәметованың есімі берілген. Республиканың ондаған мектептері, Қызылорда қыздар педагогикалық училищесі, Ақтөбе медициналық колледжі Мәншүк есімімен аталады.
Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан Алматы, Орал және ресейлік Невель қалаларында Мәншүк Мәметованың ескерткіштері орнатылған.
Ақын, жазушы Мәриям Хакімжанова 1945 жылы қаһарман қыздың өмірі мен өшпес ерлігі туралы «Мәншүк» поэмасын жазса, 1969 жылы «Мәншүк туралы дастан» (сценарий авторы - Андрей Михалков-Кончаловский, режиссері Мәжит Бегалин) көркем фильмі түсірілген
Достарыңызбен бөлісу: |