Копеева Жанар Тлегеновна
Сызу, бейнелеу өнері,технолгия пәнінің мұғалімі
№7 Мектеп лицей, Жезқазған қаласы
Оқушылардың жобалау іс әрекетін ұйымдастырудағы АКТ
Қазіргі кезде қоғамдық әлеуметтік өмірдің барлық саласында түбірлі өзгерістердің болуына байланысты білім жүйесінде де, оның мазмұны мен оқыту әдістемесінде де біршама жаңарулар болып жатыр. Соның бірі оқушыларды жобалау іс әрекетіне баулу. Білуге деген құштарлық, бақылауға тырысушылық, тәжірибеден өткізуге дайын тұру, жаңа мағұлматтар жинауға талпынушылық балаға тән дәстүрлі мінез болып табылады.
Ал зерттеу жұмысымен айналысу, шығармашылық жоба жазу оқушының аналитикалық ойлау қабілетін дамытады, шешім қабылдай алу қабілетін қалыптастырады. Оқушыны ізденушілікке баули отырып, ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес армандарына жетуге, өз жолдарын дәл табуға көмектеседі. Жобалау әдісінің негізінде оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыру, өздігінен білім алу, жобаның тақырыбын дұрыс түсініп, аша білу, сын тұрғысынан ойлау қабілеттері жатыр. Бұл әдіс оқушылардың өздігінен жұмыс істей білуіне, жеке, топпен, жұппен берілген белгілі бір уақыт аралығында жүргізілетін іс әрекетке негізделген.
Жобалау латын сөзі, «алға жылжу» деген мағынаны білдіреді. Ол таным әдісі ретінде оқушыларға оқу мен білімнің өмірдегі рөлін сезінуде, оқу мен білімді мақсат етуден гөрі құрал етуде, ойлау мәдениетін игеруге көмек беруі тиіс.
Оқушыны зерттеу, жобалау жұмыстарына қатыстыру үшін алдымен,оны қызықтыра отырып, зерттеу, іздену талабын қалыптастыру керек. Яғни оқушы ақпарат құралдарын пайдалана отырып ақпаратты ала білуге, оны басқаларға хабарлай білуге, өздігінен шешім қабылдауға үйрету ұстаздың міндеті.Зерттеу жобасының бірнеше түрі бар:
- зерттеу жобасы (проблеманы көре білу ең маңыздысы, нақты құрылымы бар: өзектілігі,
мақсаты, зерттеу тәсілдері, қорытындысы)
- шығармашылық жоба ( нақты құрылымы жоқ, соңғы нәтижеге байланысты дамиды, ол
газет,сценарий, бейнефильм түрінде де болады)
- ақпараттық жоба (кез келген обьект н/е құбылыс туралы ақпарат жинау, қорытындылау)
- практикаға бағытталған жоба (соңғы нәтиженің нақтылығына байланысты, нәтижеге
жетуді негізгі мақсат, міндет етіп қою)
Қазақстандағы жалпы білім беретін салада 2003 жылы жаңадан жасалған технология бағдарламасының мазмұны еңбекке баулу бағдарламасына қарағанда көлемдірек. Өйткені мұнда компьютерлік техникаға жастарды оқыту мен тәрбиелеуге, оқушылардың өз бетінше және шығармашылық тұрғыдағы жұмыстарына мән берілген. Технологиядағы жобалау әдісі шығармашылық және өз бетінше орындалатын жұмыстарды дамыту мақсатында ұсынылып отыр. Ал шығармашылық қызметке үйрету оқушылардың әдеби және көркем туындылардың үлгісі мен макетін, «жаңалықтарды», техникалық мәтіндерді шешу идеялары сияқты ерекше табыстарға қол жеткізеді.
. Барлық жоба күрделі болуы және бір оқушының орындауы міндетті емес, жобаны бірнеше оқушы бірігіп орындауына да болады. Жобаның тақырыбы оқушының мүмкіншілігіне жауап береді, ал шығарылған қорытынды практика жүзінде іске асып, қолданылуы қажет.
Жобаны орындау барысында оқушы технология пәнінде алған білімін пайдаланып қана қоймай, сондай ақ өзіндік практикасын, басқа пәндерден алған білімін де пайдалана алады. Бұл оқушының бағалы, сапалы жұмысын, жауапкершілігінің жоғары болуын, өзіне талап қоя алуын, қойған мақсатына жетуін, топтаса жұмыс істеу дағдыларын, шығармашылық қабілетінің артуын қалыптастырады.
Жоба жұмысын 5- 9 сынып аралығында, бағдарлама бойынша 4-тоқсанда 16 сағат көлемінде өту талап етіледі. Технология сабағында осы сыныптарда жоғарыда аталған жоба түрлерінің «зерттеу», «ақпараттық», «шығармашылық» түрлері кең тараған.
Сонымен қатар ақпараттандыру жағдайында оқушылар меңгеруге тиісті білім, білік, дағдының көлемі күннен күнге артып, мазмұны өзгеріп отыр.Сондықтан мектептің білім беру саласында ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы білімнің сапасын арттыру, білім беру үрдісін модернизациялаудың тиімді тәсілдерін ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр.
Қазіргі таңда дамыған елдерде ақпараттық және телекомуникациялық технологияның кеңінен қолдануына байланысты жастардың алдына жаңа функционалды талаптар қойыла бастады. Осы қабілеттер мен біліктер баланың жас кезінен қалыптасуы оқу және еңбек әрекеттерін орындау кездерінде одан әрі қарай дамуы керек. Егер еңбектің политехникалық экономикалық және экологиялық аспектілер, ақпараттық және жоғары технологиялармен танысуға жеткілікті көңіл аударылса, ондағы жұмыстардың сан алуан орындалуымен өзіндік білім алу жағын қалыптастыруды дайындауға халықтық, аймақтық жанұя дәстүрлерін жалпы адамзаттың құндылықтарды жаңғыртатын және сақтауға бағытталса аталған мақсаттарға жетуге болады. Технолгия пәні бойынша, 9 сыныптарда оқу бағдарламасы бойынша «Қоғамдық өндіріс және қызмет көрсету саласы, экология және кәсіптік бағдар» бөлімі берілген. Бұл бөлім негізгі мектеп бітіруші оқушыларды кең ауқымды жұмысшы мамандықтарымен таныстыру, әртүрлі маңызды кәсіби қасиеттерін дамытудағы адамның мүмкіндіктері туралы, түрлі саладағы мамандық иелеріне сипаттама беріліп және зерттеп зерделеу бойынша шығармашылық есеп жасап, презентациялау үшін өте тиімді.
Осы кезеңде жобалаудың зерттеу және ақпараттық түрлерін пайдаланған оң нәтиже береді. Оқушыларға «Мамандық типтері» туралы мағұлматтар берілгеннен кейін, 5 типтің таңдаған біреуіне жоба жасалып, презентациялау тапсырылады. Мысалы: «Адам-Адам», «Адам-Техника», «Адам- белгі жүйелері», «Адам-Табиғат», «Адам-Көркем образ». Ол үшін төмендегідей жоба жоспары ұсынылады:
1. Кіріспе
2. Өзектілігі
3. Проблемасы
4. Мақсат - міндеттері
5. Күтілетін нәтижесі
6. Нысаны
7. Пәні
8. Мамандық типіне талдау (таңдағанына)
а) фотофрагменттер
б) жалақылары (салыстырмалы түрде)
в) сұраныс мүмкіндігі (мамандықтың қазіргі кездегі сұранысы)
г) осы мамандыққа байланысты оқу орындары
д) денсаулыққа жағымсыз тұстары (осы типтегі мамандықтардың)
9. Кәсіби өсу перспективасы (осы мамандық бойынша)
10. Қорытындысы
11. Жарнамалық проспект (мамандық типіне н/е бір мамандыққа)
12. Пайдаланылған әдебиеттер
Жоба жеке оқушымен немесе топпен орындалады. Дегенмен топпен жасалған жоба нәтижелі болатынына көз жеткізуге болады.
Жоба презентациясы сәтті шығу үшін мына критерийлерге назар аудару керек:
- компьютерді меңгеруі;
- Power Point бағдарламасының мүмкіншіліктерін меңгеруі;
- бір - біріне сенімділікпен қарау және қолдау;
- мұғалім тарапынан дұрыс бағыт - бағдар беру;
- слайдтардың безендірілуінің эстетикалық талапқа сай болуы;
- фотофрагменттердің сапасына қарауы;
- жарнама проспектісінің мазмұны;
- әр оқушының жеке дамуына, дербес жұмыс жасауына көңіл аудару;
- берілген тақырыптың ашылуы;
Бұлай жұмыс жасау қызықты әрі оңай, себебі олар өз практикасында информатикадан алған
білімдерін қолдана алады.
Оқу үрдісінде компьютер оқып- үйрену нысаны ретінде, сонымен бірге оқыту, тәрбиелеу, дамыту мен оқытудың мазмұнын меңгеруді диагностикалау құралы ретінде де әрекет етеді.
Нәтижесінде 9- сынып оқушылары жобалау іс әрекеті арқылы және ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, технология сабағынан алған білімдерін толықтырып қана қоймай, қазіргі заман талабына сай техникалық құралдарды жетік меңгеруге, мақсат пен міндет қоя алуға, ізденушілікке, сыртқы ортамен интернет арқылы, фотофрагменттер жасау арқылы қарым- қатынас жасап, өмірде кездесетін нақты құбылыстарға бейімделеді, машықтанады. Көпшілік алдына шығып өз көзқарастарымен бөлісуді, дәлелдеуді үйренеді.
Жаңа ақпараттық технолгия еңбек сапасы мен педагог біліктілігі деңгейіне білімділік жөнінде ғана емес, педагогикалық шеберлігіне де қатаң талап қояды.Мұндай жағдайда мұғалім мен оқушы арасындағы қарым қатынас өзгереді, оқушылар өздерін нақты мәселе шешімін іздеуде мұғаліммен бірдей деңгейде сезінеді.Сонымен қатар ол оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырып, интеллектуалдық, шығармашылық белсенділігін, дарындылығын дамыту факторларының бірі болып табылса, ұстаз үшін шеберлік пен сауаттылығын арттыра отырып, даму бағытына сәйкес ізденімпаздыққа үйрету құралы болып табылады..
Ал жобалау- таным әдісі ретінде оқушыларға оқу мен білімнің өмірдегі рөлін сезінуде, оқу мен білімді мақсат етуден гөрі құрал етуде, өз бетінше қызметтік әрекеттерге үйрету арқылы алдына мақсат қоюға және оны өз күшімен орындауға баулиды, көмектеседі.
Сондықтан кез келген елдің болашағы білім беру жүйесінің деңгейіне байланысты болғандықтан, әрбір баланы білімді, жеке тұлға ретінде қалыптастыру білім беру ісіндегі басты міндет.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Педагогикалық кеңес, 2008 жыл, № 2 3. Средняя школа Казахстана, 2008, № 1, № 3
4. 12 жылдық білім, 2008, № 11
Достарыңызбен бөлісу: |