Робототехника – адам өміріне дендеп келе жатқан болашағы өте зор сала. «Робот» сөзі алғаш рет чех авторы Карел Чепаканың пьесасында кездесті. Пьеса фабрика жұмысының ешқандай адамның қатысуынсыз өздігінен жұмыс істейтіні туралы сөз қозғайды. Бұл қойылым 1920 жылы жарық көрген. Тілдік жүйесіне байланысты орыстың «работа» сөзі мен «робот» сөзі бір түбірлес. «Робот» сөзі чех тілінде «ауыр жұмыс», «каторга» деген мағынаға ие екен. 1927 жылы Нью-Йорк қаласында америкалық инженер Джон Уэксли дүниежүзілік көрмеде өзі құрастырып шыққан алғашқы роботты көрсеткен.
Инженер Уэкслидің роботының жұмыс істеу мүмкіндіктері аз болды, ол тек қарапайым ғана қимылдарды орындаған. Негізгі тарихының тамырын тереңдете түссек, ежелгі грек халқының аты аңызға айналған эпик ақыны Гомер өзінің «Илиада» атты шығармасында Гефест деген құдай үй қызметкерлерін алтыннан жасап, сөйлеу қабілетімен қоса, оларға күш пен ақыл берген. Ал ежелгі Грекия елінің инженер-механигі Архит Тарентский ұшу қабілеті бар механикалық көгершінді құрастырған (б.ғ. 400 ж.). Алғашқы роботтар адамның қозғалысы мен сырт пішінін қайталады.
Олар ойын-сауық мақсаттарында пайдаланылыпты. Ал қазіргі таңда тұрмыстағы көптеген қызметтерді атқаратын, қадағалайтын, мүгедектер мен сәбилерге көмекші, көңілін аулайтын, тағы да басқа түрлі роботтар, тіпті интеллектуалдық роботтар да пайда болғаны бәрімізге белгілі. Роботтардың даму тарихы күннен-күнге жетіліп, өрлеп келеді. Жоғары радиациялы, жоғары немесе төмен температура жағдайларындағы және адам қатынауы қиын жерлердегі (су астында, ғарышта) жұмыстардан босататын автоматтық құрылғылар мен механизмдер түрінде жасалып, олар үнемі жетілдіріле түсуде. Мұндай құрылғылар мен механизмдер өнеркәсіптік роботтар деп аталады.
Өнеркәсіптік роботтар – өндіріс процесінде адамның қозғалу және басқару сияқты іс-әрекеттерін және технологиялық құралдардың қызметтерін орындайтын автоматтық машина. Адамның қатысуынсыз бір немесе бірнеше технологиялық операцияны, өңделетін бұйымды тиеу мен түсіруді қоса алғанда автоматты түрде орындайтын технологиялық өңдеуші машиналардың, өндірістік машиналардың, тасымалдау және көмекші жабдықтардың жиынтығы робот-техникалық кешен деп аталады. Робот-техникалық кешеннің, әдетте, электрондық есептеу машинасы (ЭЕМ) немесе микроконтроллер негізіндегі бағдарламалық басқару жүйесі болады. Робот-техникалық кешен «адамсыз технологияны» енгізудің негізі болып табылатын икемді өндіріс жүйелерінің бастапқы буыны болып табылады. Робот-техникалық кешенді пайдалану жұмыс күшінің тапшылығы жағдайында өте маңызды.
Пайдасы
Бүгінде бала санасын дамытып, ой-өрісін тереңдетіп, жетілдіру мақсатында робот техникасын оқыту оқушылардың қызығушылығы мен ынтасын оятатын оқу ортасындағы қызықты әрі тәжірибелік жаттығуларды ұсына алатын бірегей оқу құралы ретінде танылуда. Ғылыми әдебиетке жасалған шолу көрсетіп отырғандай, робот техникасы балабақшадан бастап университетке дейін барлық деңгейде жаратылыстану және техникалық білім беру сипатына айтарлықтай әсер етіп отырған дамушы салаға жатады.
Оқушылардың робот техникасы саласында білім мен жұмыстың тәжірибелік дағдыларын меңгеруі қазіргі заман адамының жалпы ақпараттық мәдениетін, сондай-ақ инженерлік-техникалық шеберлігін одан әрі жетілдірудің негізі болып табылады. Бұл салада жүргізілген зерттеулерде роботтардың оқушылардың түрлі пәндер (физика, математика, химия, информатика және т.б.) бойынша оқуына, сондай-ақ зерттеу дағдылары, шығармашылық ойлау, шешім қабылдау, проблеманы шешу, қарым-қатынас жасау және командада жұмыс істеу дағдылары сияқты танымдық, метатанымдық және әлеуметтік дағдыларды қоса алғанда, жалпы айтқанда, ХХІ ғасырда жұмыс ортасына қажет болатын жеке тұлғаның барлық дағдыларын дамытуға елеулі әсері бар екені анық.
Үздіктер
Соңғы шыққан роботтар адамның кейпінде сөйлеп, ойлап та жүргені мәлім. ХХІ ғасыр ақпарат пен техника дәуірі десек, адамның көп шаруасын роботтар орындай бастады. Тіптен, соңғы шыққан роботтар адамша сөйлеп, адамша ойлайтын қабілетке ие. Осындай ақылды роботтардың ең үздіктеріне тоқтала кетсек. Соңғы 20 жылға жуық уақыт аралығында «Da Vinci» хирург роботтарының көмегімен әлем бойынша 3 миллионға жуық науқасқа ота жасалыпты. Da Vinci – дәрігерге ота жасау аймағын HD-сапада көруге мүмкіндік беретін хирургиялық жүйе.
Ол ота аймағында кедергісіз жұмыс жасау үшін кішкентай пішінде жасалған екен. Ал аспазшының орнын басатын роботтың адамға сәйкестендірген екі қолы бар. Осы екі қолының көмегімен ақылды құрылғы мәзірде тапсырыс берген пәрмен бойынша бұйрықты орындайды. Адам қанша уақытта дәмді ас әзірлей алса, робот та дәл сол уақытта және дәмді тамақ жасауға қауқарлы. Кітапханашы роботтар үлкен кітапханаларда оқырмандар іздеген кітапты тез табу мақсатында қолданылады. Бұл роботтар Канзас-Ситидегі Миссури университетінде сынақтан өтіп, жоғарғы деңгейдегі құрылғы деп танылған.
Шетелдік ойын-сауық орталықтарының көлік тұрақтарында қарауылдың қызметін күзетші роботтар атқарады. Жарты метрлік күзетшінің кеудесіне камера орнатылып, GPS қойылған. Бұл аппараттар Сан-Франциско және Калифорния қалаларында өз қызметін көрсетіп жүр. Қытайда дәрігер робот ресми лицензия алған. Кезекті сынақ кезінде робот дәрігерлер тапсыру керек емтиханнан үздік шыққан. Ол барлығы 360 ұпайдан асып, 456-сын дұрыс орындаған. Яғни адам дәрігерден асып түскен. Атақты футурист Рэя Курцвейлдің болжамы бойынша 2029 жылы роботтардың ақыл-ойы ересек адамдардікімен теңеседі.
Өңір жетістігі
ХХІ ғасыр – робототехниканың заманы. Экономикамызды ілгерілету үшін осы салаға терең ден қоюымыз керек. Адам өмірін жеңілдетіп қана қоймай, қауіпсіз етуіне бағытталған құлтемірлердің әрқайсысы өзінше қызықты.
Бүгінгі күні робототехника – ғылым мен техниканың ең үздік бағыттарының бірі. Жамбыл облысы бойынша 34,3% (153) мектеп робототехника кабинетімен жабдықталған. Оның 21-і Тараз қаласындағы мектептерде ашылған. Онда 41 мұғалім сабақ жүргізіп, 940 оқушы білім алуда. Мұндағы оқушылар робототехника бағытында өткен «KazRoboSport – 2018», «KazRobotProject – 2018», «Kazakhstan Robotics Challenge» байқауларына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүргені мәлім.
Республикалық, облыстық байқауларға қатысып, орын алған оқушылар саны жылдан-жылға өсіп келеді. Халықаралық робо-фестивалінде №42 орта мектептің оқушысы Максим Кулик «KazRobotics – 2017» байқауында 1-орын биігінен көрінген. Сонымен қатар осы салада көзге түсіп жүрген жасөспірімдер №21 орта мектептің оқушысы Нұрбек Маханов, №5 мектеп-гимназиясынан Жамбек Диас, №3 мектеп-лицейінен Аделя Жұмағали, №3 мектеп-лицейден Жұмағали Жүрсін есімді оқушылар осы салада ерекше көзге түсіп, болашағынан үміт күттіреді.
«Nur Otan» партиясының «Балаларға ақысыз ІТ-сынып ашу» бастамашыл жобасын іске асыру аясында Тараз қаласында 2018 жылы №30 орта мектепте және Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықта (ДЮЦ) ІТ-сыныптар ашылып, 455 бала қамтылған. Аталған сыныптарда оқушылар бағдарламалау, 3D модельдеу, алгоритмнің кезектілігін құрастыра білу сынды жаңа ғылым түрлерін меңгеруде.
Елімізде енді ғана дамып келе жатқан инновациялық саланың бірі – робототехника. Адамның қолы жетпеген жерге ойы жетеді. Мұның дәлелі – бүгінгі заманауи роботтар. Адамзат баласы өзінің қолынан келмейтін көп шаруаны осы құрылғылар арқылы игеріп жатқаны көңіл қуантады.
Достарыңызбен бөлісу: |