КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. ХХІ ғасыр жаһандық жаңалықтардың ғана емес, білімнің дәуірлеу ғасыры. Ол қазіргі кезеңде мемлекеттің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, әлемдік қоғамдастықтағы орнын анықтап, халықтың өмір сүру сапасы мен деңгейін көрсетуде маңызды рөл атқарады. Жаһандану дәуірі - әлемдегі елдердің бәсекелестік жағдайында халықаралық деңгейде өзара кірігу үрдістерінің жандану дәуірі, сондықтан, білім – пайдалы инвестиция саласы ретінде еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси даму тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына 2012 жылғы Жолдауында Қазақстан дамуының жаңа кезеңі - бұл экономиканы нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру міндеттерін шешу болып табылады деп көрсетілді. Ел Президенті 2015 жылға қарай жоғары табысты елдер қатарына ену міндетінен бастау алатын алдағы кезеңдегі мемлекет дамуының басты басымдықтарын айқындап берді. Сол басымдықтардың бірі елімізде маман кадрлардың бәсекеге қабілеттілігі әлеуметтік-экономикалық, техникалық жүйелердің және технологиялардың бәсекеге қабілеттілігімен анықталады [1].
Қазақстанның Болон үрдісіне енуіне сәйкес, әлемдік білім кеңістігіне бағыт алуда мемлекетіміздің Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2015 жылға арналған тұжырымдамасын қабылдады [4]. Білім беруді дамыту тұжырымдамасында білімге тән біліктілікті өзара тану жөніндегі Лиссабон конвенциясының, жаңа қоғамның даму сатысына лайық мамандар даярлау үрдісін айқындаған Болон декларациясының негізгі ұстанымдары мен білім берудің халықаралық стандарттық жіктелуіне сәйкес бірқатар өзгерістердің көрініс табуы да содан.
Бүгінгі күнгі жоғары оқу орындарының басты міндеті – бәсекеге қабілетті білікті мамандарды дайындау екендігі даусыз. Заман талабы өзгерген сайын жоғары оқу орындарына қоғам тарапынан қойылатын талап та өзгереді. Сол талаптардың маңыздыларының бірі педагогикалық үдерісінде инновациялық іс-әрекет жүргізу қажеттілігі. Инновациялық процесс түсінігі, ол барлық динамикалық процестерді қамтып, жаңалық аймағында процесуалдық аспектілердің, барлық жаңалықтардың өзгеруіне байланысты.
Қоғамның жедел жаңаруы үшін білім саласының, әсіресе қоғам үшін болашақ мамандарды даярлайтын жоғары кәсіби білім беру жүйесі жедел жаңаруы керек. Бұл мәселеге келгенде, Қазақстанның жоғары білім жүйесі сәтті реформаны жүзеге асырып үлгерді. Бүгінгі білім саласына енгізілген үш сатылы білім беру, кредиттік жүйе, білім саласына мемлекет қана емес, жалпы қоғамның араласуы – инновациялық реформалардың бастапқы жемісі. Бүгінгі таңда әлемдік бәсекеге қабілетті кәсіби даярлығы жоғары, өз білімін ұдайы жетілдіріп отыратын, шығармашыл, ізденімпаз, инновациялық даярлығы қалыптасқан ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе алатын маман даярлау басымдықтар биігіне көтерілді. Жаһандану жағдайында білім берудің мақсаты мен мәнінің өзгеруі «білім беру технологиясы», «педагогикалық технологиялар», «инновациялық технологиялар» деп алатын жаңа ұғымдардың пайда болуына ықпал етті.
Қазіргі инновациялық технологиялар педагогика ғылымы мен практикасының жетістіктерін, дәстүрлі тәжірибедегі құнды дүниені, әлеуметтік прогрестің жетістіктерін, қоғамдағы гуманизация мен демократия жемісін жинақтаушы қызметін атқарады. Педагогикалық жаңалық - жаңа идеялар, әдістер, технологиялар ғана емес, педагогикалық процесс элементтерінің бірлігінің немесе жеке элементтерінің білім беру мен тәрбиелеудегі белгілі міндеттерді тиімді шешу жолы. Бұл маңызды мәселе әсіресе жоғары мектеп, оның ішінде болашақ педагогтарды даярлау үшін құнды. Аталмыш мәселе көптеген ғылыми зерттеулерге негіз болған.
Инновациялық процесті зерттеу барысында жүйенің бір жағдайдан екінші жаңа жағдайға көшуі және жаңалықты енгізу процесіне басшылық жасау мәселелерін зерттеу маңыздылығы Н.В.Горбунова, М.В.Кларин, А.В.Лоренсов, М.М.Поташник, П.И.Пидкасистый, Л.И.Романова, В.И.Загвязинский, А.Я.Найн, Т.И.Шамова, О.Г.Хомерики, Н.Р.Юсуфбекова және т.б. зерттеулерінде қарастырылған.
Философиялық және педагогикалық әдебиеттерде инновациялық процестерді зерттеу барысында кейбір ғалымдар жаңалықтың жүйелілік, әрекеттік тұжырымдамасын ұсына отырып (Н.И.Лапин), жаңалықты енгізуді әртүрлі деңгейде (жалпы ғылымилық, жалпы әдіснамалық) талдаудың қажеттілігіне ерекше көңіл аударады.
Инновациялық білім берудің мазмұнын жетілдіру, оны инновациялау мәселелерін Ю.К.Бабанский, В.С.Библер, Ю.С.Гершунский, В.П.Кваша, В.С.Лазарев, В.Я.Ляудис, А.В.Лоренсов, В.М.Полонский, С.Д.Поляков, М.М.Поташник, А.И.Пригожин және т.б. қарастырған.
Қазақстанда білім беру саласындағы педагогикалық инновация мен оқытудың жаңа технологиясы мәселелерін Ш.Т.Таубаева, Н.Н.Нұрахметов, С.Н.Лактионова, Е.З.Батталханов, Қ.Қ.Қадашева, Т.О.Балықбаев, Ж.А.Қараев, Г.К.Нұрғалиева, К.Бұзаубақова, С.Д.Мұқанова, Н.И.Хван, Л.Е.Румянцева, З.У.Имжарова, М.М.Мұқаметқалиқызы және т.б. педагог-ғалымдар зерттеген.
Педагогтардың кәсіби сапасын арттыру, олардың педагогикалық білігін қалыптастыру О.А.Абдуллина, С.И.Архангельский, Н.В.Кузьмина, В.А.Сластенин, Г.А.Уманов, Н.Д.Хмель зерттеулерінде; мұғалімнің инновациялық және психологиялық-педагогикалық даярлығын жетілдіру М.И.Дьяченко, Г.Қ.Нұрғалиева, К.Бұзаубақова еңбектерінде, мұғалімдердің ғылыми-әдістемелік дайындығын жетілдіру А.Е.Әбілқасымова, Б.Б.Баймұханов, Е.Ы.Бидайбеков, К.К.Закирьянов, М.Ә.Құдайқұлов, Қ.Қ.Қабдықайыров, Е.Ө.Медеуов, Д.Рахымбек, С.Е.Шәкілікова, Б.А.Әлмұханбетов еңбектерінде зерттелген.
Тақырып бойынша зерттелген ғылыми еңбектерде инновациялық технологияны орта кәсіби және орта мектеп жүйесінде қолдану жан-жақты қарастырылып, жоғары мектеп жүйесіндегі маңызды орны, әсіресе инновациялық технологияларды педагогикалық пәндерді оқыту барысында қолдану қажеттілігі мен оның теориялық негіздерінің жеткіліксіз зерттелуінде. Осы қарама-қайшылық біздің диссертациялық жұмысымыздың тақырыбын «Педагогикалық пәндерді оқытуда инновациялық технологияларды пайдалану» деп белгілеуімізге негіз болды.
Достарыңызбен бөлісу: |