Ежелгі дүниедегі өлшем бірліктер
Бізге нақты жазбаша деректер бойынша келіп жеткен алғашқы өлшем бірліктері Ежелгі Вавилон, Египет, Парсы, Қытай, Грекие, Рим және тағы басқа елдер ге тән. Енді солардың кейбіреулеріне қысқаша тоқталайық.
Ежелгі Вавилоннан келіп жеткен Хаммурапи заңдарында көптеген өлшем бірліктері аталады. Ол бойынша көлем өлшемдерінен 1 гур = 252,6 л. , ал аумақ өлшем бірлігінен 1 ику = 3528 м² екен.
Ежелгі Египетте парсанг, шем деп аталған ұзындық өлшемдері болған. Бір парсанг 1/9 шемге, ал ол қазіргі өлшем жүйесі бойынша 6,98 километрге тең. Ал 1 шем 62,82 км. болып саналады. 1 канна 5 адымға немесе 4,07 метрге тән.
1 адым - 81,44 см.
1 зерец – 1 1/3 спитам, ол 34,9 см.
1 спитам – 1 ½ дихас, ол 26,17 см.
1 дихас – 2 шесп, ол 17,45 см.
1 шесп – 4 теб, ол 8,72 см.
1 теб – 2,18 см.
Ал ежелгі Египеттік салмақ өлшем бірліктері бойынша төмендегідей мәліметтер бар:
1 кантар = 139,78 кг
1 киккар = 42,5 кг.
1 ойпе - 8,5 кг
1 кедет = 9,096 г.
Ежелгі Қытайда алғашқы өлшем бірліктері император Хуан-ди кезінде жасалған деп есептеледі. Сяо эрья және Кунцзы цзяюй сөздіктерінде ұзындық өлшем бірліктерінің адамның дене мүшелеріне байланысты пайда болғандығы айтылады. Ал Ши цзи бойынша алатын болсақ бұл адам дене мүшелерінің ұзындығы да әртүрлі болып келуіне байланысты император Юй кезінде олар нақтыланды. Тіпті Шан әулетінің жерлеу орнынан ондық белгілері бар сызғыш та табылған. Ал Чжоу әулеті билігі кезінде аймақ басшыларының билігі күшейгени кезде олардың өздерінің өлшем бірліктері пайда болады. Қытайда бірорталықтандырылған мемлекет құрған Цин Шихуанди өлшем бірліктерін жүйелеттіреді. Ол өлшем бірліктері Ханьшуда көрсетілген. Мин әулеті билігі тұсында өлшем бірліктері ондық негізде жүйеленеді. 1928 жылы Қытай үкіметі метрлік өлшем жүйесін қабылдайды.
Ежелгі дәуірде Қытайда чи, бу, ли деп аталған ұзындық өлшем бірліктері пайдаланылған. Бір ли 300 – 360 бу, ал 1 бу 5-6 чи деп өлшенетін болған. Бірақ олардың аттары сақталып отырғанмен әр кезеңдердегі ұзындықтары әртүрлі болып отырған. Мәселен, Шан әулеті кезеңінде 1 чи – 0,167 метр, 1 бу -1 метрдей, 1 ли – 301,50 м. болған. Чжоу дәуірінде 1-чи – 0,199 метр, 1 бу – 1,19 метр, 1 ли – 358, 20 метр деп есептелген. Бір назар аударарлығы уақыт өткен сайын олардың ұзындықтары аздап болса да өсіп отырғаны байқалады. Тан әулеті тұсында 1 чи – 0,25м., 1 бу -1,23 м. болса, ал 1 ли тіптен – 443, 70 –ке дейін жетіп отырған екен.
Ежелгі дүниедегі біршама жүйеленген және кең таралып, жақсы зерттелген өлшем бірліктер жүйесінің бірі - римдік болып есептеледі. Ол бойынша бүтін ұғымын білдіретін «ас» - негізгі өлшем бірлігі болып табылды. Оның 1/12 бөлігі унция деп аталды. Қалған өлшем бірліктерінің барлығы «астың» немесе «унцияның» бөліктері немесе көбейтінділері түрінде есептелді. Өлшеудің бұл принциптері сызықтық, квадраттық және кубтық өлшемдерді жеңілдетуге мүмкіндік берді. Сызықтық –өлшемде тіректік бірлік пес (табан, фут ұғымын білдіретін) болды. Ол 29,57 см. деп саналды. 5 фут бір пассус – екі адым (1,48 м.): 1000 адым – бір миль деп есептелді. Фут жарты футқа, ал 2,46 сантиметрге тең унция жарты унцияға және сол сияқты бөліктерге бөлінді. Архитектуралық тәжірибеде біршама басқа жүйе қолданылды. Онда өлшем бірліктері адам дене мүшелерімен өлшеніп, аталды. 1/16 фут –саусақ, 4 саусақ – алақан, 1,5 фут – бір шынтақ немесе 6 алақан деп саналды. Саусақ 1/288 футқа дейін бөлінді және ол скрупул деп аталды. Римдік жерөлшегіштер пайдаланған метрологиялық жүйе ұзындық өлшеміне айналды. Мұнда басты өлшем - акт деп аталды. Бір акт қос өгіз үнсіз жыртқан атыздың ұзындығына тең деп есептелінді. 1/12 акт пертика деп аталды. Ол 10 футқа тең делінді.
Осы сызықтық өлшем негізінде аумақты өлшеу бірліктері қалыптасты. Олардың ең кішісі скрупул – 8,75 шаршы метр еді. 288 скрупул аумақтың негізгі өлшем бірлігі – югерді құрады. 1 югер -2519 шаршы метр деп өлшенді. Үлкен аумақты өлшеу үшін центурия және сальтус делінетін бірліктер қолданылды. Центурия – 200 югерге, ол 50,38 гектарға, ал сальтус – 4 центурияға немесе 201,5 гектарға тең болды.
Достарыңызбен бөлісу: |