Палеография пәні, мақсаты мен ерекшеліктері.
Палеография – жазудың қалыптасуы мен дамуын, шрифтердің түрлері мен эволюциясын, қысқарту жүйесі мен кескіндік бейнеленуін, авторларын, жазылған уақыты мен жерін, материалдары мен құралдарын зерттейтін қосалқы тарихи пән. Палеография атауы: «палайос» - ежелгі, «графо» - жазу дегенді білдіретін екі сөзден тұрады. “Палеография” терминін алғаш рет ХҮІІІ ғасырда француз ғалымы Б.Монфокон қолданған деп есептеледі.
Жазудың пайда болуы ұзақ та күрделі үрдіс. Ол суреттер арқылы жазудан бастап, бүгінгі алфавиттерге дейін түрлі тарихи дамуды бастан кешіреді. Оның үстіне әр елдегі әріптердің өзіндік айымашылықтары мен ерекшеліктері бар. Мұндай ерекшеліктер негізінен олардың тілдік жүйесімен де байланысты болып отырады. Жазу мен әліпби өркениетті қатынастың басты көрсеткіштерінің бірі бола отырып, белгілі бір халықтың мәдениеті тарихының маңызды бөлігі деп те есептеледі. Палеография әліпбилер мен тілге байланысты қытайлық, гректік, латындық, славян-орыс, армян, грузин, арабтық, т.б. болып бөлінеді.
Қытай жазуының бірнеше мың жылдық тарихы бар. Қытай палеографиясының тек ХХ - ғасырға таман ғана жеке ғылыми пән болып қалыптасқандығы айтылады. Гректік палеография негізінен, ежелгі замандардан басталатын грек жазуының тарихын зерттейді. Латын әліпбиімен ежелгі Римде, ал ортағасырлардан бастап еуропалық, кейіннен басқа да аймақтардағы елдерде жазылған жазба ескерткіштерді латындық палеография зерттейді. Ж.Мобильон ХҮІІ ғасырда латындық жазуды кітаби және дипломатиялық деп бөлді, оның вестготтық, лангобардтық, ағылшын-сакстық және меровингтік түрлері туралы жазды. Сондықтан да оны латындық палеографияның негізін салды деп есептейді.
Араб, парсы, түрік, т.б. тілдерде араб әліпбиімен жазылған ескерткіштерді араб палеографиясы зерттеп, оқытады. Араб тілі, әдебиеті және жазуы туралы еңбектер сонау ортағасырларда –ақ пайда болды. Ал Еуропада араб қолжазбалары ХҮІІ ғасырдан бастап зерттеле бастады. Ресейде Петр І-нің кезінде араб қолжазбаларын жинастыру мен оларды көшіру басталды. Глаголица және кириллицамен жазылған жазба ескерткіштерді славяндық палеография зерттеп, оқытады. ХІХ - ғасырдың соңында армяндық зерттеуші Я. Ташян армян қолжазбаларының каталогын құрастырады. Сол себепті де оны армяндық палеографияның негізін салды деп санайды. Ү – ХҮІІІ ғасырлардағы армян жазуының негізгі ескерткіштері енгізілген оның каталогы бүгінде Венадағы кітапханада сақтаулы тұр. Д.З. Бакрадзе грузин жазуын кезеңдерге бөліп, палеографиялық кестелер жариялады. Бұл грузиндік палеографияның ғылыми пән ретінде пайда болуын оның есімімен байланыстыруға әкелді.
Жазу таңбалары сияқты, жазу материалдары мен құралдарының да қызықты тарихы бар. Олардың қалыптасуы мен дамуында жекелеген елдердің табиғи - географиялық және шаруашылықтық жағдайлары да өзіндік орын алады. Жазудың дамуы барысында дүниеге келген қолжазбаның сәндеп өрнектелуі жазатын адамның шеберлігімен бірге, кейбір елдегі діни ұстанымдарға да тәуелді болғаны байқалады. Жазу барысында пайдаланылатын бояулар мен сиялар, сулық таңбалар, жазу материалының форматы мен қаптары жөніндегі мәселелерді оқи отырып палеографиялық білімімізді тереңдете түсеміз. Бұл жоғарыда айтылғандардың барлығы палеографияның зерттеу және оқыту обьектісінің өте кең, әрі ауқымды екендігін көрсетеді.
Палеографияның маңызды міндеттеріне әріптердің графикасын, олардың эволюциясын, жазудың ерекшеліктерін, мәтінді қатесіз оқуды, датасын анықтауды, жазылған жерін, авторын, қолжазбаның түпнұсқалығын немесе жасанды, жалған екендігін айқындау жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |