Шежіренің пайда болу, даму тарихы
Шежіре көптеген халықтарда сақталынған, ата-баба тарқатудан бастау алатын білімдер жиынтығы. Ғылыми анықтамасын беретін болсақ, шежіре - өркениетті елдерде дамыған, ру-тайпа және жанұяның пайда болуы, даму кезіндегі көрнекті оқиғалар мен сол оқиғаларға қатысқан белді, атақты тұлғалар жайлы мәліметтерді бойына сақтаған, халық аузында сақталған немесе жазбаша нұсқалары бар, жүйелі түрде ата-текті тарататын тарихи – генеологиялық шығарма болып табылады. Шежіренің дамуы адамдар санасының өсуімен анықталса, шежіренің ғылыми тұрғыда зерттеліп, айналымға енуі шежіретану мектептерінің қалыптасу тарихымен тікелей байланысты.
Өзінің шығу тегіне деген қызығушылық адамзаттың өзі пайда болғаннан бері жүйелі түрде дамып келеді. Адамның психологиялық ерекшеліктерінің бір ұшығы - өзінің шығу тегіне деген қызығушылықты туғызса, өзінің жанұясының тарихын білуге деген ұмтылысы – ата-баба жайлы, жанұясының өсіп-өнуі жайлы білімдер жиынтығының қорлануына әкелді.
Қауымдық құрылыс кезінде өмір сүрген адам баласы үшін ата-баба тарихы, бұл өз тайпасының, руының, жанұясының шығу тегіне қатысты аңыз-әңгімелердің жиынтығы болатын. Өз руының, өз жанұясының пайда болуын сол кезеңнің дүниетанымының жетістіктеріне қарай (тотемдік, пұтқа табыну, т.б.) Табиғатпен, жан-жануармен байланыстырып, соған сәйкес өздерінің тұрмыс-салттарын қоршаған ортаға бейімдеген болатын.
Қауымдық құрылыстың ыдырап, алғашқы саяси-әскери және экономикалық мүддеде құрылған рулық-тайпалық бірлестіктердің пайда болуымен, ата-баба тарихының негізінде – жеке тұлғалардың ерлігі жайлы аңыз-әңгімелердің орны басым бола бастады. Үлкен тайпалық, рулық одақтарды біріктіруге, топтастыруға және соңынан ерте білуге қабілетті тұлғалардың қажеттілігі туындады. Осы кезеңде рубасылар, ақсақалдар, қарт адамдар ру-тайпалық одақтың саяси-әлеуметтік, экономикалық өміріне еңбегі сіңген, тарихта шынымен өмір сүрген ержүрек, батыр тұлғалар жайлы немесе әсерлеу, бейнелеу тұрғысында, тарихта болмаған қиялдағы тұлғалар жайлы аңыз-әңгімелерді халық арасына кеңінен таратып жіберген болатын. Соның нәтижесінде, осы кезеңде саны аз, кіші жанұялар, рулар араласып, саны көп, күшті ру-тайпалардың құрамына еніп, солардың атауларын, таңбаларын ала бастады. Себебі, “қандық туыстық” деген сезім – қоғамық сана мен сол дәуірдің мәдениетін жасайтын үлкен күш болатын.
Ежелгі дәуірде ата-баба тарихын білу (шықан тегі жайлы ауызша деректер – а.с.) – бұл адамның әлеуметтік статусы мен қоғамдағы орын анықтайтын маңызды фактор болатын. Өзінің түп-тамырын, шыққан тегін және өз ата-бабасының, өз жанұясының халық үшін сіңірген еңбегін білу немесе соған ұмтылу, тек рухани мақтаныш ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік “баспалдақтағы орнын” білу немесе соған ұмтылу болатын. Соның нәтижесінде, өз жанұясының атақты тұлғаларын дәріптеу, бейнелеу, мүсінін тұрғызу, бет әлпетін құю, т.б. Үрдістері жүзеге аса бастады. Осының нәтижесінде, жазу - сызуы ертерек дамыған елдерде шежіренің алғашқы жүйелі түрде жинақталуы қолға алынған болатын (шежіре жайлы алғашқы деректер мен жазба нұсқаларының алғашқы түрлері – а.с.)
Ерте ортағасырлар кезінде, ата-баба тарихына деген қызығушылық жеке жанұялар тарихы мәнінен айырылып, халықтың шығу тегі, қалыптасуы және даму мәселелеріне жауап беретін “ұжымдық зердеге”, “ұжымдық жадқа” айнала бастады [228-230].
Ата-бабалар тарихын жеткізу енді тек ауызша аңыз-әңгімелер арқылы ғана емес, жыр-өлең, мақал-мәтел, т.б. Халық ауыз әдебиетінің басқа да түрлерінде көрініс бере бастады. Бұның өзі шежіренің халық ауыз әдебиетінің бір жанрына айналып, ауыз әдебиеттің басқа да түрлерімен тығыз байланыста болуына әкелді. Осының нәтижесінде, енді ата-баба тарихын жеткізу және ата тарқату мәселесімен кәсіпқой топ (шежірешілер), жыршылар, әңгімешілер, т.б. Айналыса бастады. Осындай арнайы топтардың мәліметтеріне ортағасырлық білімді азаматтар, билеушілер қызығушылық танытып, шежіренің жазба нұсқаларының кеңінен тарауына әкеліп соқты [230-232].
Жазудың, тіл мен әдебиеттің, көркемдік шығармалардың одан ары кеңінен дамуы, жазба шежірелердің дамуына ғана әсер етіп қана қойған жоқ. Сонымен қатар, шежірелердің белгілі-бір “әдебиеттену, көркемделу, әсерлену” кезеңінен өтуіне әкеліп соқты. Соның нәтижесінде, ауыздан-ауызға жеткізіліп, халық санасына тұрақты орын алған шежірелердегі тарихи фактілер мен оқиға желістері бұрмаланып, көптеген қандас - туыстас ру-тайпалардың көптеп араласуына немесе ажырауына әкеліп соқты. Осы кезеңнен бастап, шежіреге мемлекеттік дәрежеде қызығушылық туып, ата-баба тарихы билеуші әулеттердің жүргізетін саясатының бір бөлігіне айналды.
Соңғы ортағасырлар шежіренің тарихындағы жаңа кезең болды. Билікке және билеуге құқығы бар екендігін дәлелдеу үшін, шн мәнісіндегі билеуші әулеттердің ұрпақтары мен билікке ұмтылған басқа да әулеттердің, ру-тайпалардың ұрпақтары шежіре жинауды кең түрде қолға алған болатын. Бұның жақсы жағы, шежірелердің әлі де болса сол кезеңге белгісіз жазба нұсқаларының үлкен көлемде жинақталуына әсер етсе, теріс жағы шежірелерді жинақтаған адамдар шежіре деректерін билеуші әулеттердің қызғушылығына қарай бейімдеп отыруында.
Осындай бұрмалаушылықтардың нәтижесінде, жинақталған шежіре нұсқаларының түпнұсқаларынан жасалған көшірмелер бұрмаланып, шындық сыртқа шықпас үшін түпнұсқалар жойылып кетіп отырған.
Жаңа заман кезеңінде, жаңа қоғамның, жаңа саяси құрылыстардың туындауымен шежіренің мәні өзгерді. Шежіре – ата-баба (ұлттық) тарихы мен этникалық тарихтың дерегі ретінде тек зерттеушілерді ғана қызықтырып, жекелеген адамдар мен топтар үшін ең алдымен жеке жанұяның тарихы ретінде ғана бағаланды. Осының нәтижесінде, әр рулардың, әр тайпалардың шежіресі жеке жанұяның тарихы ретінде ғана бейнеленіп, дербес, дара жанұялардың сұранысын тудырды.
Қазіргі кезеңде, шежіре осы мәндес сипатынан әлі айыға қойған жоқ. Әлі күнге дейін жинақталып, жазылып жатқан шежірелер – жекелеген рулардың, жанұялардың “сойылын соғып”, осы әулеттерден шыққан бай адамдардың, билеуші азаматтардың “тапсырысын орындауда”. Сондықтан да, осы үрдісті тоқтатпасақ, шежіренің – ұлттық тарихтың дерегі ретінде біражола тұралауына әкеліп соқпасына кім кепіл ?!
Қорыта келгенде, шежіренің пайда болуына әсер еткен басты фактор, бұл адамның өз тегіне, ата-бабасының кім екендігіне, түп-тамырына деген қызығушылығында жатса (адам табиғи сұранысы – а.с.), ауызша тарихтың тамаша үлгісі ретінде қалыптасуына, әр тарихи кезеңдердегі ерекшеліктер, өзгерістер мен бетбұрыстар әсер етеді. Атап айтсақ, әлемдік діндердің пайда болуы, қоғамдық құрылыстар, алғашқы мемлекеттер, ру-тайпалық одақтардың қалыптасуы, дамыған мемлекеттік жүйе, т.б.
Сонымен, шежіренің қалыптасуына әр тарихи кезеңдердегі өзгерістер өзіндік әсерін тигізген болатын. Олардың қатарында, әлемдік діндердің пайда болуы мен дамуы да бар болатын. Осының әсерінен, шежірелердегі сюжеттер, бір жағынан жоғарғы күш пен пайғамбарлармен, екінші жағынан рубасы, көсемдермен байланыстырыла бастады. Осының нәтижесінде, қиял-ғажайыпқа толы аңыз-әңгімелердің саны арта түсті. Рубасылар пайғамбардың балалары, туыстары болып, кейбір рубасылар белгісіз күштен, нұрдан, сәуледен жарала бастады. Ал, алғашқы мемлекеттік құрылыстардың пайда болуымен, енді билеуші әулеттердің маңыздылығы артып, шежірелердің басқа түрі пайда болды немесе шежіренің мәні өзгерді. Шежірені, енді идеологиялық қару ретінде пайдалана бастады. Мысалға, европа мемлекеттері билеуші әулеттердің шежірелері, сол әулеттің таза қанды дворяндық әулеттен екенін дәлелдеп, рыцарлық белгі алу және әртүрлі сайыстарға қатысу үшін кеңінен пайдалана бастады. Өзінің шыққан тегінде дворяндық қан бар екенін дәлеледеу үшін, әрбір адам өз тегі жайлы мәліметтерді жинап, қағазға түсірді. Осылайша, шежіренің жазба түрі пайда болып, заңдық күші бар құжатқа айнала бастады. Осының өзі, шежірені жинау, жариялау мәселесін одан ары дамыта түсті. Бірақ, бұл құжаттың шынайылық деңгейі төмен болатын. Себебі, шежіре жүйесіз, тек ауыз әңгімелерге негізделіп, салыстырусыз, тексерусіз жинақталып, автордың қызығушылығын қорғаған болатын.
Шежіренің дамуына әсер ететін басты үш фактор бар:
1. Жеке адамдық: а) өз жанұясының немесе ру-тайпаның шежіресін ғылыми жолмен зерттеу (кәсіпқойлық); б) өзі шыққан тегін білуге ұмтылу, жеке басын, жанұясын “асылдандыру”, жеке басының қамы үшін жинақтау, жариялау (әуесқойлық).
2. Мемлекеттік: а) халықты ортақ идеяға, идеологияға бағыттау, ұлттық бірегейлік пен халықтың ортақ сана – сезімін қалыптастыру, т.б.; б) билік басындағы азаматтардың, шенеуіктердің, т.б. Мүделерінің мемлекеттік деңгейге дейін көтерілуі.
3. Жаћандық: жекелеген ұлттардың, нәсілдердің, әлемдік діндердің, құрлықтардың, мәдениеттің, өркениеттің, т.б. Артықшылық идеясын насихаттаудың бір құралы ретінде пайдалану.
МОДУЛЬ 7. ҚҰЖАТТАНУ.
Достарыңызбен бөлісу: |