Талапкерлерге ашылған «Ашық есік күні»
Бүгінгі күні мектеп бітіруші түлектерді ерекше толғандырып отырған басты мәселе – мамандық таңдау. Олардың алдында сан тарау жол жатыр, алуан түрлі мамандық күтіп тұр. Әр жүректе бір арман. Ол – қоғамға қажетті мамандық таңдап, қалаған мамандығының иесі болу. Осы орайда Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжі мектеп оқушыларына жыл сайын көмекке келуде. Колледж директоры Жұмаділов Әсет Қазыйұлының бастамасымен мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағдар беру мақсатында оқу орнында дәстүрлі түрде ашық есік күні өткізіліп тұрады. Бұл бастама – техникалық мамандықтың мәртебесін көтерудің де тиімді жолдарының бірі. 2016 жылдың 23 сәуірінде Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Карипжанова Хафиза Советқызының ұйымдастыруымен мектеп түлектеріне кәсіби бағдар беру мақсатында мәдени «Ашық есік күні» өткізілді. Дәстүрлі түрде өткізіліп отыратын Ашық есік күніне қалалық, аудандық мектеп оқушылары шақырылды. Колледжге қаланың 9 мектебінен және Текелі қаласынан, Қарабұлақ, Көксу ауданынан ұзын саны 300-ге жуық оқушы келді. Бұл іс-шараның мақсаты – талапкерлерге аса маңызды таңдау жасауға болашақ мамандығын таңдауға көмектесу. Орта арнаулы кәсіптік білімге қашан да сұраныс жоғары. Тек қажеттілігін, оның тиімділігін түсіндіре білген жөн. Кездесу барысында жоспарланған көптеген шаралар өтті. Колледж оқытушылары келген оқушыларды тіркеп, қолдарына бағдарлама беріп оқу кабинеттеріне шығарып салып отырды. Мереке барысында колледж бойынша саяхат жасалды. Колледж дәліздері мен оқу кабинеттері мерекеге сай безендірілді. Бейнелеу пәні оқытушылары сурет және қолөнер көрмесін ұйымдастырды. Оқушыларға арнайы колледж білімгерлерінің қолдарынан туындаған қолөнер көрмесі мен жылдар фотогаллереясы ұсынылды. Келген оқушылар көрмеге қызыға қатысып, шығармашылық қабілеттерін жан-жақты көрсете білді. Экскурсия кезінде мектеп түлектері колледждің тарихымен, материалдық базасымен танысты, кабинеттер мен зертханаларды көрді, спорт, жаттығу және оқу залдарын, шеберхана, жатақхана, кітапхананы аралады. Химия, Физика кабинеттері, оқушылардың назарын ерекше аударды, лаборатория зертханаларының жабдықтарын қарады. Колледждің тарихы сонау 1932-ші жылдардан басталады. 2013 жылдан бері Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжі деп аталады. 35 жылға жуық тарихы бар оқу орны бүгінде еліміздегі кәсіби білім беретін үздік білім мекемелерінің бірі. Материалдық-техникалық базасы талапқа сай. Кәсіптік-техникалық мамандарын даярлайтын педагогикалық ұжым қалыптасқан. Биыл колледжді 150 түлек тәмамдайды. Оқу орны биыл осынша абитуриентті қабылдауға даяр. Сұранысқа сай мамандықтарды жұмыс берушілермен бірлесіп саралау маңызды. Сонда қоғамдағы жұмыссыздық мәселесі түбегейлі шешіледі. Алдымен орта арнаулы кәсіптік білім алуға жастарды тарту қажет. Олардың дұрыс таңдау жасауы жарқын болашақ кепілі. Ашық есік күнінде келушілерге оқу орнының мүмкіндіктері жайында толық ақпарат берілді. Колледж 10 түрлі кәсіп бойынша мамандар даярлайды. Оқуға 9-шы және 11-ші сыныптардан соң қабылдайды. Бүгінгі күні, колледжіміз «Телекоммуникациялық желі және жүйе электромонтері», «Электргазымен дәнекерлеуші», «Жиһаз-жинақтаушы», «Электронды есептеу машинасының операторы», «Автогрейдер машинисі», «Бейнелеу өнері және сызу пәнінің негізгі орта білім беру мұғалімі», «Ұста-сантехник», «Электргазымен пісіруші», «Электромонтер», «Сылақшы-бояушы» т.б. гуманитарлық салалар бойынша мамандықтар даярлауда. Оқу озаттары мен екпінділеріне шәкіртақы беріледі. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар түгелдей мемлекет қамқорлығында болады. Жатақхана беріледі. Колледж оқытушылары мектеп оқушыларын қызықтыратын сұрақтарға жауап берді, қалағандардың барлығына әр мамандықтың ерекшелігі туралы түсіндірілді.Ашық есік күні талапкерлер мен олардың ата-аналарына колледжде даярлау жүргізілетін мамандықтар туралы (Мамандықтардан қарау), колледжге түсу шарттары туралы (Талапкерден қарау) мәліметтер берілді. Мамандық таңдау жауапкершілігі зор, маңызды іс. Айналысатын кәсібіңе сұраныс болуы да басты мәселе. Сонда ғана қоғамға да, өзіңе де пайда келтіресің. Ашық есік күнін ұйымдастырушылар осылай дейді. Іс-шара келешек талапкерлер үшін пайдалы болды. Ашық есік күнінде оқушылар колледждің оқу ісімен танысып қана қоймай, сондай-ақ қызықты, жарқын мерекелік көрмеде көптеген үйірмелердің жұмысын көрді. Іс-шара барысында қонақтар колледж білімгерлерінің шығармашылық жұмыстарымен танысты. Білімгерлердің күшімен шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, әр мамандықтың қыр-сыры жайында толық мағлұмат берілді. Кездесу соңында қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Жақыбаева Ұлжанат Әуелханқызы оқуға қабылдау шарттарымен, қабылдау сынақтарына дайындықтар туралы хабарлама жасады. Акт залында болған Ашық есік күнінің ашылу рәсімінен кейін оқушылар таңдаған мамандықтар бойынша бөлініп, өздерін қызықтыратын сұрақтарға жауап алды, интеллектуалдық ойындар ұйымдастырылды. Әбунасыр әл Фараби «... адам кез-келген жұмысқа жарамды бола бермейді... жұмысты неғұрлым жетік және жақсы атқарса білгір және шебер болып шығады. Қандай әрекет, қандай іс істесек те, содан рахмет табу, соның рахатын көру біздің мақсатымыз болып табылады» деген. Олай болса біз де қоғамға ең қажетті, сұраныста ешқашан төмендемейтін мамандықтарды таңдаған шәкірттерге сәттілік тілеп, ойлаған мақсаттарына жетулеріне тілектестік білдірдік. Ашық есік күніне келген мектеп оқушылары техникалық мамандықтың ерекшеліктерін түйсініп, таңдаған мамандықтарының мәні мен маңызы туралы мол хабар алып, өз таңдауларының дұрыстығына тағы бір мәрте көз жеткізіп кетті деген сенімдеміз.
Ибраева Ардақ Қадыржанқызы,
Талдықорған гуманитарлық -техникалық колледжінің кітапхана меңгерушісі
.
Достарыңызбен бөлісу: |