Педагогические науки/5.Современные методы преподавания
Б.ғ.к.
Сыбанбаева М.А., аға оқытушы Асылова Р.Н.,
PhD Шибикеева А.М., PhD Даулбаева А.Н.
Қазақ ұлттық аграрлық университет, Казахстан
СТУДЕНТТЕРДІҢ ӨЗІНДІК ЖҰМЫСЫН ОРЫНДАУ
САПАСЫН АРТТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Бүгінгі күннің талабына сай инновациялық технологияларды қоғамның
барлық саласына кеңінен еңгізу мәселелері адамның шығармашылық
белсенділігін жан-жақты арттыруды талап етуде. Елімізде жүргізіліп жатқан
салиқалы саясаттың, объективті жағдайлардың өзі адамдардың инновациялық,
шығармашылық іс-әрекетке көшуіне кең жол ашып жатыр. Сондықтан студент
жастарды өзіндік ойлауға, қоғамдық құбылыстарды, оқиғаларды жан-жақты,
өзара байланыста диалектикалық қарастыруға үйрету, шығармашылық ойлауға
дағдыландыру - оқу орындарының басты мақсаттарының бірі десек болады.
Бүгінгі студент – ертеңгі білікті маман, тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес
қосатын, жаңаша ойлайтын азамат.
Республикамыздағы жоғары оқу орындарында кредиттік жүйе бойынша
студенттерге өзіндік жұмыс орындауға, оқытушымен өткізілетін өзіндік
жұмысқа ерекше көңіл бөлінеді. Бұл – өз кезегінде студенттердің
шығармашылық жұмыспен көбірек айналысуына жол ашады. Өкінішке орай,
студенттердің көпшілігі өзіндік жұмысты орындағанда интернеттен дайын
материалдарды сол күйінде қолданады немесе әдебиеттерден тікелей көшіру
арқылы орындайды. Әрине, өзіндік жұмысты мұндай тәсілмен орындау
студенттерге ешқандай білім бермейді, олардың шығармашылық қабілетін
оятпайды деуге болады. Сондықтан біз экология пәнін оқытуда өзіндік
жұмысты ұйымдастыруға, студенттердің тапсырманы орындауына үлкен мән
беріп, оған шығармашылық тұрғыдан келуге дағдыландырамыз.
Пәннің оқу әдістемелік кешенінде студенттерге арналған силлабуста
өзіндік жұмысқа реферат, эссе тақырыптары беріледі. Реферат жазу – шын
мәнінде шығармашылық жұмыс болып табылады. Реферат жазуда мына үш
нәрсеге назар аудару қажет.
Біріншіден, студент ұсынылған экологиялық әдебиеттермен өзіндік жұмыс
істеуді үйрену керек (әдебиеттер таңдау, іріктеу т.б.). Екіншіден, экологиялық
проблемалар бойынша білімдерді өзіндік негіздеуге, талдауға дағдылану қажет.
Үшіншіден, экологияны оқып үйрену барысында алынған білімдерді өзінің ой
желісінен өткізе білуі тиіс. Студент алдымен тақырыптың мәніне зер салып,
содан соң тақырып бойынша әдебиеттерді мұқият қарап шығып, жоспар
жасауға кірісу керек. Жоспарды оқытушыдан кеңес алып жасаған абзал.
Жоспарда кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды және қолданылған әдебиеттер
көрсетіледі.
Жасалынған жоспардың негізінде тақырыптың әрбір сұрағының мазмұнын
ашатын, нақтылайтын кеңейтілген жұмыс жоспарын құрастырған жөн. Жоспар
жасағанда, жұмыс тақырыбы және негізгі сұрақтары бірін - бірі қайталамауы
тиіс. Жоспарды көрсетіп, оқытушыдан келісім алған абзал. Содан соң оны
жазуға кірісуге болады.
Кіріспеде таңдалған тақырыптың өзектілігін негіздеу, тақырып бойынша
әдебиеттерге қысқаша шолу (аннотация) беру және жұмыс бойынша
қарастырылатын проблеманы нақтылау қажет.
Негізгі бөлімде рефераттың мазмұны, проблеманын мәні ашылуы тиіс.
Негізгі бөлімде 3-4 сұрақ қарастырылады. Материалдарды жазуда белгілі бір
реттілік сақтап, бір сұрақтан екінші сұраққа көшуде логикалық тұрғыдан
байланыстырып отыру қажет. Мұнда ең бастысы, қойылған мәселені шешуде
авторлардың пікірін өзгертпей, сол күйінде жаза бермей, олардың идеяларын,
пікірлерін салыстырып, бүгінгі күннің талабына сай байланыстырып жазу
керек. Сондай - ақ, бұл мәселені шешуде өздерінің ойларын, ұсыныстарын
беріп отырса құба-құп болар еді. Алғашқыда студенттердің ондай ойлары
қарапайым, жалаң болуы мүмкін. Бертін келе ол өзіндік пікірді жазуға, айтуға
жаттыға түсетіні сөзсіз. Сондықтан оқытушы оның өзіндік пікірін бағалып, атап
өту керек. Бұл – студентті шығармашылық ойлауға қызықтырып
дағдыландырады.
Қорытындыда тақырыптың теориялық және практикалық маңызын
көрсетіп, жұмысқа қорытынды жасап, тұжырымдарын негіздеу қажет.
Рефератты қорғау мәселесіне келсек, студент реферат бойынша баяндама
жасағанда, ең негізі мәселеге тоқталып, өз ойын ашық, нақты, белгілі бір
реттілікпен беру керек. Мұнда сөйлем құрастыруға да назар аударып, бір сөзді
бірнеше қайталаудан сақ болған жөн. Яғни, сөз байлығын дамытуға күш салу
қажет. Қойылған сұрақтарға жауап бергенде «менің ойымша», «менің
пікірімше» деп айтқан абзал. Міне, осы қойылған шарттарды студент толық
орындаса, мұндай жұмыс оның өзіндік ойлауын жетілдіріп, шығармашылыққа
дағдыландыруы, оған қызықтыра түсері хақ. Келешекте оның халқымыздың
мүддесі үшін күресіп, өз ойын батыл айта алатын, мәселені жан-жақты қарап,
талқылай білетін тұлға болып қалыптасуына септігін тигізері анық.
Студенттердің өзіндік жұмысына әр түрлі тақырыптарға эссе жазу
ұсынылады. Студенттердің эссесі – бұл оқытушы ұсынған тақырыпқа
орындалған өзіндік жазбаша жұмыс. Эссенің мақсаты - өзіндік шығармашылық
ойлауға дағдыландыру және өз ойларын жазбаша беруге үйрету. Эссе
құрылымы бойынша, титульды парақтан, кіріспе, негізгі бөлім және
қорытындыдан тұрады. Кіріспеде таңдалған тақырып негізделеді және мәні
айтылады. Зерттеу барысында қандай сұраққа жауап іздейтіні айтылуы керек.
Негізгі бөлімде тақырыптың теориялық негізі және негізгі мәселе ашылуы
қажет. Бұл бөлім аргументация мен талдауды дамытуды және оны негіздеуді
талап етеді. Эссенің мазмұны осы үрдісте ашылуы тиіс. Сондықтан біршама
қиындықтар туғызады. Басты сұрақты талдау себеп-салдарлық байланыс
арқылы іске асады. Бір сұрақтан келесіге көшу логикалық байланыспен
үйлесімділік табуы тиіс. Қорытындыда тақырып бойынша аргументті
қорытындылар жасап, қозғалған мәселелерге жалпы тұжырымдар негізделеді.
Эссені бағалау белгілі бір жүйемен талаптарға сай болуы керек.
Бағалаудың бірінші өлшемі, студенттің теориялық материалдарды білуі және
жеткізе алуы. Студентке қойылатын талап: қарастыратын ұғымдарды толық
және нақты білу, қолданатын ұғымдардың тақырыпқа сай келуі, жұмысты
өзіндік орындауы. Бағалаудың екінші өлшемі, мәліметтерді бағалау және
талдау. Студентке қойылатын талап: сауатты талдау жасау, ұғымдар мен
құбылыстардың өзара байланысын талдау үшін салыстыру және тұжырымдау
әдістерін дұрыс қолдану, қолданған мәліметтік кеңістіктің диапазоны (студент
әртүрлі мәлімет көздерін кеңінен қолдану тиіс).
Бағалаудың үшінші өлшемі, сөйлем құрау, тақырып мазмұнын ашу.
Студентке қойылатын талап: өз ойын нақты және анық жеткізе білуі, дәлелдеу
логикасының үйлесімділігі, қойылған тезистердің сауатты аргументациялармен
бірге жүруі, әр-түрлі көзқарастар келтіріліп, оларға өзіндік баға беруі.
Бағалаудың төртінші өлшемі, жұмысты рәсімдеу. Студентке қойылатын
талап: орындалған жұмыстың рәсімделуі және қолданған дәйіксөздердің негізгі
талаптарға сай келуі, сөйлем құраудың лексикалық, стилистикалық
шамаларының сақталуы, формальдық талаптарға сәйкес келуі.
Эссе орындауда студенттерге шығармашылық еркіндігі беріледі. Эссені
кез келген тақырыпқа, не туралы жазам десе, оның өз еркіңде. Эссе - өзіннің
көргені, естігені, білгені туралы ой толғау десек те болады. Дегенмен, қанша
еркіндік берілгенмен эссе жазу оңай деуге болмайды. Ең бастысы, алдымен,
ерекше, өзіндік идея таба білу керек. Содан соң, осы идея төңірегінде ойыңды
жан-жақты өрбітіп, мәселені бір арнаға алып келіп, түйіндеу қажет. Айтып
отырған мәселе студентті жақсы қызықтырса, онда эссе жақсы орындалып,
өзінің мақсатына жетері сөзсіз. Осы үрдіс барысында, яғни, студент өзіндік
жұмыс орындау барысында өзінің ойлау жүйесін, шығармашылығын
дамытады. Өзіндік жұмыс орындаудың басты мақсаты да осы десек әбден
болады.
Экология пәнін оқытуда қазіргі заманғы инновациялық технологияларды,
әр түрлі әдіс тәсілдерді кеңінен қолдануға болады. Басты мақсат –
студенттердің сабаққа қызығушылығын арттырып, теориялық білімдермен
қаруландыру. Жалпы, экологияның барлық сұрақтары күнделікті өмірмен,
практикамен байланысты болып келеді. Сондықтан біз экологиядан тәжірибелік
сабағын жүргізгенде тәжірибелік сабағының жоспарындағы сұрақтарды қазіргі
қоғаммен, тәуелсіз елімізде жүзеге асырылып жатқан
келелі
мәселелермен
байланыстыра отырып, студенттің өз пікірін айтуын, оны дәләлдеп, негіздеуін
талап етеміз. Бұл - біріншіден, студентке өз елін сүюге, патриоттық сезімге
тәрбиелесе, екіншіден, өзіндік ойлауға, мәселеге шығармашылық тұрғыдан
қарауға үйретеді.
Негізгі оқытудың интерактивті әдістеріне: дискуссия, нақты ситуацияны
талдау, әртүрлі рольде ойнау, конференция-сабақ т.б. жатады. Солардың
ішіндегі көбірек қолданатын әдісіміз дискуссия. Оның үш түрін атап көрсетуге
болады. Олар: басқаратын дискуссия, топтағы дискуссия, еркін дискуссия.
Дискуссияның
ең
басты
мақсаты
-
магистранттардың
танымдық
қызығушылығын стимулдау, бір проблемаға әр түрлі көзқарас айту, өзінің
ұстанымын жеткізе білу. Бұл әдіс, әрине, студенттердің алдын ала дайындығын
талап етеді. Талдайтын мәселе бойынша кем дегенде екі қарама-қарсы пікір
болуы керек. Нақты, жан-жақты білімсіз дискуссия жәй сөз талас болып кетуі
мүмкін. Сондықтан жақсы білім, дайындық қажет. Пәндік дискуссия бір
жағынан, студенттерге өз ойын айта білуге, дәләлдеп сөйлеуге үйретеді, екінші
жағынан, өз білімінің ақиқат екенін қорғауға дағдыландырады. Оқытушы
мұндай жағдайда, аргументация жасаудың стилін көрсету керек, шыдамдылық
танытып, менің ойымша деп, ақиқат білімді қорғауға үйрету қажет. Басқаратын
дискуссияда дискуссия белсенділігін оқытушы жүргізіп, басқарып отырады.
Әртүрлі өзекті, қайшылықты мәселелерді көтеріп, қатысушыларға ой тастап,
дискуссияны белгілі бір арнаға бағыттап, мәселені шешуге жақындатады.
Топтағы дискуссия - топты бірнеше топқа бөлу қажет. Әрқайсысына
тақырыпты, мәселені бөліп береді. Екі топ өздерінің көзқарасын қалай жеткізіп,
дәләлдей алады. Қай топтың фактілері, аргументтері көп болып, оны дәйікті
жеткізсе, сол топ жеңіске жетеді.
Еркін дискуссия - бұл қатысушылардың белсенділігіне сүйенеді.
Дискуссия жүруіне өздері жауапты болады. Мұнда, әрине, қарсыласының сөзін
бөліп, соңына дейін тыңдамай қызбалыққа салынбай керек. Еркіндік өз ойын
толық, еркін жеткізуге беріледі. Қарсыласының айтқан пікірінің қолдайтын
тұстарын және келіспейтін жақтарын айтып отыру керек. Сонда дискуссия өз
мақсатына жетеді.
Оқытудың интерактивті әдістерін қолдану әрқашанда аудиторияны жақсы,
жан-жақты дайындауды қажет етеді. Барлық қатысушылардың материалдары
болу керек, ашық диалогқа дайын болуы шарт. Оқытушыдан да нақты, терең
білімді, интерактивті режимде сабақ жүргізу методикасын меңгеруді, өзін ұстай
білуді, шыдамдылықты талап етеді.
Интерактивті педагогикалық технология қалыптасқан оқыту әдістерін
жоққа шығармайды. Педагогикалық ұйымдастыруды, оқытушы пен білім
алушының өзара байланысын біріктіреді. Қазіргі заманғы оқытудың
интерактивті әдістерін қолдану және білу – оқу-тәрбиелік процестің тиімділігін
көтерудің, педагогикадағы бірлесе жұмыс істеудің, білім сапасын көтерудің
қажетті шарты десек болады.
Өзіндік жұмыс орындау аса жауапты шығармашылық үрдіс. Оны орындау
үшін жан-жақты ойланып, мәселені шешуге өзіндік жол тауып, шығармашылық
тұрғыдан келу қажет. Студент оны орайына қарай қолданса, тақырып мәні
жақсы ашылады.
Қолданылған дереккөздер тізімі:
1.
Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика: Университет студенттеріне
арналған оқу құралы. –Алматы, 2002. 114 б.
2.
Омарова С.П. Өзіндік жұмыс арқылы студенттердің дүниетанымын
қалыптастыру. – Алматы, 2011. 26 б.
3. Чернова Н.М. Общая экология: Учебник для студентов педагогических
вузов/ Н.М.Чернова, А.М.Былова. - М.: Дрофа, 2008.- 416 с
4.
Коробкин В.И. Экология: Учебник для студентов вузов/ В.И. Коробкин,
Л.В.Передельский. -6-е изд., доп. И перераб.- Ростов н/Д: Феникс, 2007.- 575с
Достарыңызбен бөлісу: |