1-бап. Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) «112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі – әкімшілік бірлік аумағында орналастырылған барлық шұғыл жедел қызметтердің іс-қимылдарын үйлестіруді қамтамасыз ететін күштердің, телекоммуникациялық жабдықтардың бағдарламалық және аппараттық құралдар мен көлік құралдарының ұйымдық-техникалық бірігуін қамтитын уәкілетті орган құрған қызмет;
2) авария – ғимараттардың, құрылыстардың және (немесе) техникалық құрылғылардың қирауы, технологиялық процестің бұзылуы, механизмдердің, жабдықтардың және құрылыстардың зақымдануы, бақыланбайтын жарылыс және (немесе) қауiптi заттардың шығарындысы;
3) авариялық-құтқару жұмыстары – төтенше жағдайлар аймағындағы адамдарды, материалдық және мәдени құндылықтарды іздеу және құтқару, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету, төтенше жағдайлар аймағында және әскери іс-қимылдарын жүргізу кезінде табиғи ортаны қорғау, оқшаулау және жою немесе оларға тән қауіпті факторлардың әсерін барынша төмен деңгейге дейін жеткізу жөніндегі іс-қимыл;
4) авариялық-құтқару құралымы – авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге арналған дербес немесе аттестатталған авариялық-құтқару қызметінің құрамына кіретін құрылым;
5) авариялық-құтқару қызметі – негізін авариялық-құтқару құралымдары құрайтын функциональдық тұрғыда бірыңғай жүйеге біріктірілген төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жөніндегі міндеттерді шешуге арналған басқару органдарының, күштер мен құралдардың жиынтығы;
6) адамдар жаппай жиналатын объекті – бір мезгілде жүз және одан да көп адамның келуіне есептелген сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарының, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық, мәдени-ағарту және ойын-сауық ұйымдарының, діни ғимараттардың, ойын-сауық орындарының, барлық көлік түрлері вокзалдарының ғимараттары, құрылыстары мен үй-жайлары, сондай-ақ бір мезгілде жиырма бес және одан да көп адамның келуіне есептелген денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет ұйымдарының, қонақ үйлердің ғимараттары мен құрылыстары;
7) азайтылмайтын қор – Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтары қорының тұрақты сақталатын көлемi;
8) азаматтық қорғаныс – әскери қақтығыстар кезінде немесе осы қақтығыстар салдарынан туындайтын қауіптерден ел халқы мен аумағын қорғау жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыруға арналған азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің құрамдас бөлігі;
9) азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері – төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар кезінде немесе осы қақтығыстар салдарынан туындайтын қауіптерден ел халқы мен аумағын қорғауға арналған басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың дербес-ұйымдық бірлігі болып табылатын мемлекеттік мекемелер;
10) азаматтық қорғаныстың қорғау құрылысы – халықты қазіргі заманғы зақымдау құралдарынан қорғау үшін арнайы арналған инженерлік құрылыс (жеке тұрған және қосып салынған баспаналарға, радиациядан қорғану панаханаларына бөлінеді);
11) азаматтық қорғау – азаматтық қорғаныс, оның ішінде террористік актілерден туындаған төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарларын жою іс-шараларын қамтитын төтенше жағдайлар аймағындағы халыққа медициналық және психологиялық көмек көрсетуге, халықты, объектілер мен аумақты қорғауды қамтамасыз етуге, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыруға, сақтауға және пайдалануға бағытталған бейбіт уақытта және соғыс уақытында жүргізілетін жалпы мемлекеттік іс-шаралар кешені;
12) азаматтық қорғау күштері – азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары, оның ішінде әскерилендірілген тау-кен құтқару, бұрқаққа қарсы және газдан құтқару, судан құтқару, жедел-құтқару, мемлекеттік және мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет бөлімшелері, шұғыл медициналық және психологиялық көмек қызметі, азаматтық қорғау құралымдары, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның авиациясы, қадағалау, жағдайды бақылау және болжау қызметтері;
13) азаматтық қорғау құралдары – халықты қорғау және азаматтық қорғау күштерін жарақтандыру үшін қолданылатын материалдық-техникалық мүлік;
14) азаматтық қорғау қызметтері – азаматтық қорғаудың арнайы іс-шараларын орындауға арналған азаматтық қорғаудың республикалық, облыстық, аудандық, қалалық басқару органдары мен күштерінің жүйесі;
15) азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау – жеке және заңды тұлғалардың азаматтық қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамалары және өзге де нормативтік құқықтық актілері талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған уәкілетті органның өз құзыреті шегіндегі қызметі;
16) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
17) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның авиациясы – азаматтық қорғау міндеттерін шешу үшін пайдаланылатын әуе-көліктік құралдар;
18) азаматтық қорғаудың арнайы іс-шаралары – төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар кезінде немесе осы қақтығыстар салдарынан туындайтын қауіптерден ел халқы мен аумағын қорғауға бағытталған инженерлік, радиациялық, химиялық, медициналық, өртке қарсы, көліктік, материалдық, техникалық, гидрометеорологиялық және басқа да қамтамасыз ету бойынша алдын ала және жедел іс-қимылдары;
19) азаматтық қорғаудың басқару органдары – төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар кезінде немесе осы қақтығыстар салдарынан бейбіт уақытта және соғыс уақытында туындайтын қауіптерден ел халқын, объектілері мен аумағын қорғау жөніндегі іс-шаралар кешеніне басшылықты жүзеге асыратын және оның орындалуын қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдары, ұйымдары;
20) азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі – төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар кезінде немесе осы қақтығыстар салдарынан бейбіт уақытта және соғыс уақытында туындайтын қауіптерден ел халқын, объектілері мен аумағын қорғау жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыруға арналған басқару органдарының, күштер мен құралдардың жиынтығы;
21) азаматтық қорғаудың хабардар ету жүйесі – адамдардың өмірі мен денсаулығына төнген қатер, қалыптасқан жағдайдағы іс-қимылдар тәртібі туралы мемлекеттік басқару органдары мен халыққа хабарлауды қамтамасыз ететін бағдарламалық-техникалық құралдар жиынтығы;
22) аккредиттеу – уәкілетті органның өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерге тәуелсіз бағалау жүргізу жөніндегі жұмыстарды орындауға заңды тұлғаның құқықтылығын ресми тануы;
23) аккредиттеу аттестаты – өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерге тәуелсіз бағалау жүргізу жөніндегі жұмыстарды орындауға заңды тұлғаның құқығын куәландыратын уәкілетті орган беретін құжат;
24) «Баршаңыздың назарыңызға!» хабардар ету дабылы – дыбыстық және сөйлеу пішіміндегі дабылдамалармен және басқа да дабыл беру құралдарымен берілетін халықты хабардар етудің бірыңғай дабылы. Осы дабыл бойынша халық теледидарларды, радионы және басқа да ақпарат қабылдау құралдарын іске қосуға, беріліп жатқан ақпаратты мұқият тыңдап, іс-қимыл тәртібі мен жүріс-тұрыс ережелері жөніндегі талаптарды орындауға міндетті;
25) басқару пункттері – азаматтық қорғанысты басқаруды жүзеге асыратын органды орналастыруға және оның жұмысын қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік органдардың техникалық құралдармен, тіршілікті қамтамасыз ету элементтерімен арнайы жабдықталған және жарақталған құрылыстары немесе көлік құралдары;
26) броньнан шығару – кейiннен қайта салмай не оларды кәдеге жарату (жою) мақсатында кейiннен сала отырып, босқындарға көмек, гуманитарлық көмек көрсету, нарыққа реттеушілік ықпал жасау және табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларын жою жөнiндегi бiрiншi кезектегi іс-шараларды қабылдау үшiн материалдық құндылықтарды мемлекеттiк резервтен шығару;
27) ерікті өрт сөндіруші – ерікті өрт сөндірушілер тізілімінде тіркелген өрттің алдын алу және (немесе) оны сөндіру жөніндегі қызметке ерікті негізде тікелей қатысатын азамат;
28) жергілікті хабардар ету жүйесі – объектіде және елді мекендері бар немесе осы объекті авариясы салдарының ықпалына ұшыраған жекелеген мекендері бар іргелес аумақтарда хабардар етудің автоматтандырылған дабыл беруін қамтамасыз ететін бағдарламалық және аппараттық құралдар, телекоммуникациялық жабдық пен көлік құралдары кешені;
29) жұмылдыру резервi – жұмылдыру, соғыс жағдайы кезiнде және соғыс уақытында жұмылдыру тапсырысын орындау, гуманитарлық көмек көрсету, бейбiт уақытта табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар салдарларын жою жөніндегі бiрiншi кезектегі іс-шараларды қабылдау үшiн қажеттi және жұмылдыру тапсырысы бар ұйымдар ағымдағы өндiрiстiк қызметiнде пайдаланбайтын мемлекеттiк материалдық резервтiң құрамдас бөлiгi болып табылатын шектеулi номенклатура бойынша материалдық құндылықтар қоры, сондай-ақ арнайы құралымдардың материалдық-техникалық құралдары;
30) залал келтіруші – авариялар себептерін тергеу комиссиясы белгілеген әрекеті (әрекетсіздігі) салдарынан техногендік сипаттағы төтенше жағдай болған немесе заңсыз әрекетінен (әрекетсіздігінен) техногендік сипаттағы төтенше жағдай болған жауапты заңды немесе жеке тұлға;
31) зардап шегуші – табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың туындау нәтижесінде денсаулығына немесе мүлкіне залал келтірілген заңды немесе жеке тұлға;
32) инцидент – қауiптi өндiрiстiк объектiде қолданылатын техникалық құрылғылардың істен шығуы немесе бұзылуы, технологиялық процестiң режимінен ауытқуы;
33) кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі – қауіпті өндірістік объектілерге тәулік бойы қызмет көрсетуге арналған, дара басшылық қағидатымен әрекет ететін және оны басшылыққа алатын, қауіптілігі жоғары жағдайларда құтқарушылардың денсаулығы мен өмірі үшін рұқсат етілетін тәуекелі бар профилактикалық және авариялық-құтқару жұмыстарын атқаратын қызмет;
34) қауіпті өндірістік фактор – қауіпті өндірістік объектілерде авариялар, инциденттер кезінде туындайтын, жеке және заңды тұлғаларға, қоршаған ортаға зиян келтіретін физикалық құбылыс;
35) қауіпті өндірістік объектілердің гидротехникалық құрылыстары – тау-кен, байыту, металлургиялық өндірістердің қалдықтары болып табылатын минералдық түзілімдердің, сұйықтықтардың, қоспалар мен ауыр металдардың жиналуына арналған жасанды технологиялық инженерлік құрылыстар;
36) қоныстану аумағы – тұрғын үй қорын, қоғамдық ғимараттар мен құрылыстарды, сондай-ақ жекелеген коммуналдық және өнеркәсіп объектілерін орналастыруға арналған елді мекен аумағының бөлігі;
37) құтқару – көмек көрсету және төтенше жағдай аймағынан (орнынан) адамдарды эвакуациялау жөніндегі шаралар жиынтығы немесе төтенше жағдайлар салдарының әсерінен адамдарды қорғау;
38) құтқарушы – авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге арнайы даярлық пен аттестаттаудан (қайта аттестаттаудан) өткен жеке тұлға;
39) қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiру қаупiмен байланысты объекті иесiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi – Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өз қызметі нәтижесінде үшiншi тұлғаға келтiрген залалын өтеу мiндетi;
40) материалдық құндылықтар – номенклатурасын (тiзбесiн және көлемiн) Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын уәкiлеттi органның алдына қойылған мiндеттердi қамтамасыз ету үшін қажет тауарлар;
41) материалдық құндылықтарды мемлекеттiк материалдық резервке жеткізу – материалдық құндылықтарды сатып алу және (немесе) оларды мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау пункттерiне тиеп жөнелту (жеткiзу);
42) материалдық құндылықтарды мемлекеттiк материалдық резервке салу – материалдық құндылықтарды мемлекеттiк материалдық резервте сақтау үшiн қабылдап алу;
43) материалдық құндылықтарды мемлекеттік материалдық резервтен шығару – материалдық құндылықтарды жаңарту, қарызға беру, броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен алып қою;
44) материалдық құндылықтардың орнын ауыстыру – материалдық құндылықтарды тиеу мен түсiрудi қоса алғанда, мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын сақтайтын бiр пункттен екінші пунктке материалдық құндылықтарды тасымалдау;
45) мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет – өрттің алдын алу және оларды сөндіру, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жүргізу және ұйымдарда, объектілер мен елді мекендерде өртпен байланысты бірінші кезектегі авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу құқығына аттестаттаудан өткен басқару органдары, заңды тұлғалардың күштері мен құралдары;
46) мемлекеттік инспектор – азаматтық қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адам;
47) мемлекеттiк материалдық резерв (бұдан әрi – мемлекеттiк резерв) – жұмылдыру мұқтаждарына, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарларын жою жөнiндегi бiрiншi кезектегi шараларды қабылдауға, босқындарға көмек көрсетуге, гуманитарлық көмек көрсетуге және нарыққа реттеушiлік ықпал жасауға арналған материалдық құндылықтар қоры;
48) мемлекеттік өртке қарсы қызмет – өрттің алдын алуды және оларды сөндіруді ұйымдастыруға, бірінші кезектегі авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен құрылған облыстардағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы, облыстық маңызы бар қалалардағы, аудандардағы мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының басқару органдары, күштерi мен құралдарының жиынтығы;
49) мемлекеттік резерв жүйесінің ведомстволық бағынысты ұйымы – мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын қалыптастыру мен сақтауды жүзеге асыратын заңды тұлға;
50) мемлекеттiк резервтен материалдық құндылықтарды қарызға беру – саны бірдей және сапасы ұқсас материалдық құндылықтарды белгiлi бiр шарттармен мемлекеттiк резервке кейiннен қайтара отырып, материалдық құндылықтарды мемлекеттiк резервтен шығару;
51) мемлекеттiк резервтi жаңарту – саны бірдей және сапасы ұқсас материалдық құндылықтарды мемлекеттiк резервке бiр мезгiлде немесе уақыт өткiзiп салған кезде оларды сақтаудың белгiленген мерзiмдерi аяқталғанға дейiн материалдық құндылықтарды мемлекеттiк резервтен шығару;
52) мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау пункттерi – мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын сақтауды және сақтауға байланысты қызметтер көрсетудi шарт негiзiнде жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
53) объекті – жеке немесе заңды тұлғалардың мүлкі, мемлекеттік мүлік, оның ішінде үйлер, ғимараттар, құрылыстар, техникалық қондырғылар, жабдық, агрегаттар және азаматтық қорғау саласындағы талаптар белгіленген немесе белгіленуі мүмкін өзге де мүлік;
54) операция жасау – мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын жеткізу, сақтау және шығару;
55) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк – жеке және заңды тұлғалардың, қоршаған ортаның қауiптi өндiрiстiк факторлардың зиянды әсерінен қорғалуының жай-күйі;
56) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы аттестат – өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды орындауға заңды тұлғаның құқығын куәландыратын өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган беретін құжат;
57) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы аттестаттау – өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның заңды тұлғаның өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды орындауға құқықтылығын ресми тануы;
58) өрт – жеке және заңды тұлғалардың өмiрi мен денсаулығына, қоғам мен мемлекеттiң мүдделерiне зиян, материалдық залал келтiретiн бақылаусыз жану;
59) өрт депосы (бөлім, жеке бекет) – өрт сөндіруді ұйымдастыру мен жүзеге асыруға және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған өрт техникасы мен техникалық қызмет көрсету үй-жайлары, жеке құрам мен өрт сөндіру бөлімі байланыс пунктінің қызметтік және қосалқы үй-жайлары орналастырылған, өрт сөндіру автомобильдері мен өрт сөндіру-техникалық қару-жарағы орналасқан өртке қарсы қызмет объектісі;
60) өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзу – өрт және өнеркәсіптік қауiпсiздiк саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын орындамау немесе тиісінше орындамау;
61) өрт қауiпсiздiгi – адамдардың, мүлiктiң, қоғам мен мемлекеттiң өpттeн қорғалуының жай-күйі;
62) өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді тәуелсіз бағалау – объектілердің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін немесе сәйкес еместігін белгілеу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
63) өрт қауiпсiздiгi шаралары – өрт қауiпсiздiгi талаптарын орындау жөніндегі іс-қимылдар;
64) өрт қауiпсiздiгi талаптары – өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген техникалық және (немесе) әлеуметтiк сипаттағы арнайы шарттар;
65) төтенше жағдайлар салдарларын жоюға байланысты бірінші кезектегі авариялық-құтқару жұмыстары – төтенше жағдайлар кезінде адамдарды, мүлікті құтқару және эвакуациялау, зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету жөніндегі іс-қимылдар;
66) өрт-техникалық өнімдері – өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған арнайы техникалық, ғылыми-техникалық және зияткерлік өнім, оның ішінде өрт сөндіру техникасы мен жабдығы, өрт сөндіру жарақтары, отты сөндіретін және оттан қорғайтын заттар, арнайы байланыс және басқару құралдары, электрондық есептеу машиналарына арналған бағдарламалар мен деректер базасы, сондай-ақ өрттің алдын алу және оларды сөндірудің өзге де құралдары;
67) өртке қарсы ерікті құралымдар – дала өрттерін, сондай-ақ ұйымдар мен елді мекендерде өрттің алдын алу және оны сөндіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру үшін құрылатын қоғамдық бірлестіктер;
68) өртке қарсы қызмет гарнизоны – функцияларына өрттің алдын алу және оны сөндіру, сондай-ақ бірінші кезектегі авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жатқызылған, ведомстволық тиістілігіне және меншік нысанына қарамастан белгілі бір аумақта орналасқан басқару органдарының, бөлімшелер мен ұйымдардың жиынтығы;
69) өртке қарсы режим – өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуын алдын алуды және өрт сөндіруді қамтамасыз ететін азаматтардың жүріс-тұрысының белгіленген қағидалары, өндірістік және шаруашылық қызметті ұйымдастыру тәртібі, құрылыстарды, ғимараттарды, үй-жайларды (аумақтарды), өндірістік және арнаулы жабдықты күтіп-ұстау шарттары;
70) сақтау нормативтері – мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын ұстау және сақтау шарттары жөніндегі техникалық талаптар;
71) сараптама ұйымы – өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді тәуелсіз бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған белгіленген тәртіппен аккредиттелген ұйым;
72) судан құтқару қызметі – акваториялардағы төтенше жағдайлардың алдын алуға, судан құтқару, суасты-техникалық жұмыстарын ұйымдастыруға және жүргізуге арналған басқару органдары, күштер мен құралдар;
73) табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар – қауіпті табиғи құбылыстар (геофизикалық, геологиялық, метеорологиялық, агрометеорологиялық, гидрогеологиялық қауіпті құбылыс), табиғи өрт, iндеттер, эпизоотиялар, энзоотиялар, панзоотиялар, ауылшаруашылық өсiмдiктерiнiң және ормандардың аурулармен және зиянкестермен зақымдануы нәтижесінде қалыптасқан төтенше жағдайлар;
74) тапсырыс беру – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бюджет қаражаты есебiнен мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын жеткізу және шығару үшін өнiм берушiлер мен тұтынушыларды таңдау;
75) техникалық басшы – ұйымның технологиялық процесіне басшылықты жүзеге асыратын тиісті жоғары техникалық білімі бар маман;
76) техникалық құрылғылар – машиналар, жабдықтар және дербес маңызы бар өзге де конструкциялар;
77) техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар – қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсері, көлiк және басқа да авариялар, өрт (жарылыстар), күштi әсер ететiн улы, радиоактивтi және биологиялық қауiптi заттардың шығарындылары бар (шығарынды қатері бар) авариялар, ғимараттар мен құрылыстардың кенеттен қирауы, бөгеттердің бұзылуы, тiршiлiктi қамтамасыз ететiн электр энергетика және коммуникация жүйелерiндегi, тазарту құрылыстарындағы авариялар туғызған төтенше жағдайлар;
78) төтенше жағдай – адам шығынына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған табиғи ортаға едәуір материалдық шығынға және адамдардың тыныс-тіршілігінің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан аварияның, қауіпті табиғи құбылыстың, апаттың, зілзаланың немесе өзге де ауыртпалықтың салдарынан белгілі бір аумақта қалыптасқан жағдай;
79) төтенше жағдай аймағы – төтенше жағдай қалыптасқан аумақ;
80) төтенше жағдайды жою басшысы – төтенше жағдай салдарын жою жөніндегі жұмыстарға басшылық жасайтын басты өкімші және жауапты адам;
81) төтенше жағдайларда халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету – төтенше жағдайлар аймақтарында, эвакуациялау бағыттарында және эвакуацияланғандарды орналастыру орындарында адамдардың өмірін сақтау және денсаулығын қолдау үшін барынша қажетті жағдайларды жасауға және сақтауға бағытталған азаматтық қорғаудың күштері мен құралдарының уақыты, ресурстары және өткізу орындары бойынша өзара байланысқан іс-шаралар жиынтығы;
82) төтенше жағдайлар салдарларын жою кезіндегі кезек күттірмейтін жұмыстар – авариялық-құтқару жұмыстарын жан-жақты қамтамасыз ету, төтенше жағдай аймағындағы халыққа медициналық және басқа да көмек түрлерін көрсету, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға қажетті жағдайлар жасау жөніндегі қызмет;
83) төтенше жағдайлардың алдын алу – алдын ала жүргізілетін және төтенше жағдайлардың туындау тәуекелін мүмкіндігінше барынша азайтуға, сондай-ақ адамдардың денсаулығын сақтауға, материалдық шығындар туындаған жағдайда олардың мөлшерін азайтуға бағытталған іс-шаралар кешені;
84) төтенше жағдайлардың жiктемесi – адам денсаулығы мен өмірі, тыныс-тіршілігі жағдайларының бұзылуы, материалдық залал өлшемі үшін олардың қауіптілігіне сәйкес төтенше жағдайларды сыныптарға жатқызу тәртібі;
85) төтенше жағдайлардың салдарларын жою – адамдардың өмiрiн құтқаруға және денсаулығын сақтауға бағытталған авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған кезде халықты эвакуациялауды жүргізу, төтенше жағдайлар аймағындағы халыққа медициналық және психологиялық көмек көрсету, материалдық шығындар мөлшерін азайту, төтенше жағдайлар аймағын оқшаулау, оларға тән қауіпті факторлар іс-қимылдарын тоқтату, сондай-ақ табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар нәтижесінде азаматтар мен ұйымдарға келтірілген залалды өтеу;
86) тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектісі – пайдаланылуын тоқтату (тоқтата тұру) елді мекендер мен аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдары қызметінің бұзылуына әкеп соғатын денсаулық сақтау, телекоммуникациялар, байланыс, газбен, энергиямен, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру ұйымдары;
87) уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері – уәкілетті орган берген өкілеттігі шегінде азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу, бақылау мен қадағалауды атқаратын белгілі бір әкімшілік аумақта құрылған мемлекеттік мекеме;
88) уәкілетті органның жедел резерві – белгілі бір номенклатура мен көлемдегі техника және материалдық құндылықтар, оның ішінде дәрі-дәрмек құралдары, медициналық мақсаттағы бұйымдар қоры;
89) уәкілетті органның шұғыл медициналық және психологиялық көмек қызметі – төтенше жағдай аймағындағы халыққа медициналық және психологиялық көмек көрсету жөніндегі кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге, төтенше жағдайларды жоюға қатысушылардың денсаулығын сақтауға, қалпына келтіруге және оңалтуға арналған кәсіби медициналық авариялық-құтқару қызметі;
90) эвакуациялық органдар – халықты, материалдық құндылықтарды қауіпсіз аймаққа эвакуациялауды, оларды орналастыруды, өндірістік қызметті және тыныс-тіршілікті қамтамасыз етуді жүзеге асыру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар құратын эвакуациялық және эвакуациялық қабылдау комиссиялары.
Достарыңызбен бөлісу: |