«Ой қозғауды» сабақта былайша қолдануға болады:
Оқушылар қандай да болмасын ақпарат (мәлімет, проблема, сұрақ) туралы бар білгендерін берілген уақыт ішінде жазбаша келтіреді.
Мұнда ең бастысы идеялардың көптігі, олардың еркін жағдайда айтылуы болғандықтан, оқушылар өз ойындағыларын еш күмәнданбай (мәселен, олардың дұрыс-бұрыс, қажет-қажет еместігіне қарамай) келтіре беруі керек;
Идеялар ешқандай сынға ұшырамауы керек, өйтпеген жағдайда оқушылар тосылып қалып, идеяларды келтіре алмауы мүмкін;
Барлық идеялар сарқылмайынша, олар қағазға түсіріле беріледі;
Идеяларды келтіру жұмысы аяқталғаннан кейін ғана оларды талқылау жұмысы басталады.
Бұл тапсырманы орындауға берілген уақыт (2-6минут) аяқталған соң, оқушылар бірлесе (жұптасып, шағын топ ішінде, бүкіл сынып болып) жазғандарымен бөліседі, сұрақтарға жауап береді, тізімдерін толықтырады (4-20 минут)
«Ой қозғауда» балама келтіру (аналогия), қиял-фантазия, инверсия, эмпатия тәсілдері кеңінен қолданылады.
219. «Ойлан, бірік, бөліс!»
Оқушылар ойына келген жауаптарды немесе идеяларды барынша көп жазады (Ойлан). Одан кейін олар өз идеяларын әріптестерімен біріктіреді (Бірік) және соңында мұғалім бүкіл сыныптың идеяларын талқылауды бастайды (Бөліс).
220. «Ойлан, Жұптас, Пікірлес»
Оқушыларға қандай да болмасын сұрақ, тапсырма берілгенен кейін оларды тыңғылықты орындауға бағытталған интербелсенді тәсіл. Тақтада сұрақ/тапсырма жазылғаннан кейін әрбір оқушы жекеше өз ойлары мен пікірін берілген уақыт ішінде (2-3 минут) қағазға түсіреді. Содан кейін оқушы жұбымен жазғанын 3-4 минут талқылайды, пікірлеседі. Мұғалімнің екі-үш жұпқа өз пікірлерін бүкіл сыныпқа жариялауын сұрауына болады.
221. «Ойланып сурет саламыз!»
1-нұсқа. Суретті қозғалыста салу керек. Ол үшін оқушылар қолдарына дәптер мен қаламсаптарын алып, шеңберлене тұрады, сол жаққа бұрылып, сынып ішінде шеңберді бұзбай жүре бастайды. Олар алдында тұрғанның арқасына дәптерін қойып, арттағы оқушының суретін салуға тырысуы керек. Бұл жерде мынандай ережелерді сақтаған орынды:
-Тоқтауға болмайды!
-Шеңбер жүруін тоқтатқанша суретті сала беру керек.
-Суретке ренжуге болмайды!
2-нұсқа
Жоғарыда келтірілген мақсатта (мидың екі жарты шарын іске жұмылдыру үшін) бала кезден белгілі мынадай әрекет жасауға болады: оқушылар сол қолымен қарындарын сипалап, оң қолдарымен төбелерін ақырындап шапақтайды. Мұғалімнің берілген командасы бойынша («Үш, төрт! Қолдарыңызды ауыстырыңыздар!) олар қолдарын алмастыруы қажет.
Әрине, бұл тапсырманы орындау оңайға соқпайды.
3-нұсқа. Аталмыш мақсатта (мидың екі жарты шарын іске жұмылдыру үшін) тағы да бала кезден белгілі мынадай әрекет жасауға болады: оқушылар сол қолымен мұрнын ұстаса, оң қолымен сол құлағын ұстайды.Мұғалімнің берілген командасы бойынша(«Үш,төрт! Қолдарыңызды ауыстырыңыздар!») олар қолдарын алмастыруы қажет.
4-нұсқа. Оқушылар дәптерін төбесіне (басына) қойып, өзінің жұптасына қарап отырып, берілген қысқа уақыт ішінде (1-1,5 минут) оның суретін салуға тырысады. Суретті салып бітіргенше, дәптерге қарауға болмайды. Әрине, салған суреттердің қисық-қыңыр болатындығы сөзсіз, алайда олардың оқушыларға қызық болып көрінуі сөзсіз. Оқушылар сурет салынған парақтарға өз қолдарын қойып, бір-біріне тарту етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |