Оқушылардың өзіндік жұмыстары.
Оқушылардың оқу жұмысын сәтті ұйымдастыруда оның өзіндік жұмыстарының маңызы ерекше.
Бүгінгі таңда оқушылардың үзіліссіз білім алу міндеттерін жетілдіруге сай мектеп мұғалімдерінен олардың ойлау қабілеттерін дамыту, сонымен қатар өзіндік жұмыстарына қатысты іскерліктері мен дағдысын тәрбиелеу талап етілуде. Ол үшін өзіндік жұмыс оқушылардың тек үй жұмысын орындау барысында ғана емес, оқыту процесінің өн бойында өз орнын табуы тиіс. Оқушылардың әртүрлі өзіндік жұмыстары негізінде сабақтың нәтижесін және таным қабілеттерінің белсенділігін арттыруға болады.
Оқушылардың таным белсенділігі –оқуға қажетті білім мен дағдыны меңгеру және оларды өмірде, практикада пайдалана білуге, үйренуге оқушының істейтін саналы әрекеті.
Өзіндік жұмысты ұйымдастырудың шарттары мыналар:
мұғалімнің нақты тапсырмалар (нұсқаулар) беруі;
жұмысты орындаудың және аяқтаудың уақытын белгілеуі;
мұғалімнің басқаруымен оқушылардың дербестігінің мөлшері, олардың жұмысты өз еркімен және қалауымен істеуі;
оған әсер ететін мотивтер т.б.
Оқушылардың өзіндік жұмысы міндетті түрде мұғалімнің басшылығын, сонымен қатар оқушылардың дербестігін, олардың қызығып өз ықыласымен жасайтын әрекетін де керек етеді. Осыған байланысты кейбір педагогтар мен психологтар (Р.Г.Лемберг, М.Н.Скаткин, В.А.Занков т.б.) оқушылардың өзіндік жұмыстарының ерекшелігі – олардың ықыласы және өз еркімен әрекет жасауына байланысты деп санайды.
Алдынғы қатарлы мектептердің іс тәжірибелеріне көңіл бөлсек, оқушылардың өзіндік жұмыстарының сан алуан түрі бар екенін байқаймыз. Мәселен, оқушылардың сабақ үстінде меңгерген оқу материалдарын пысықтау үшін оқулық не басқа құралдар бойынша жұмыс істеуі, көркем әдебиеттерін, ғылыми және техникалық әдебиеттерді пайдалануы; жаттығу жұмыстарын жазба түрде орындауы, графикалық жаттығу жұмыстарын жүргізуі, түрлі практикалық немесе лабораториялық бақылау жұмыстарын өткізуі (репродукциялы жұмыстар), шығармашылық дағдыларын дамыту мақсатында баяндама, реферат, шығармалар, пікір жазуы және көрнекі құралдар, модельдер, конструкциялық т.б. жұмыс түрлерін жатқызуға болады.
Репродуктивтік типтегі өзіндік жұмыстарын оқушылар өздерінің меңгерген білімдеріне сүйене отырып орындайды. Шығармашылық (творчестволық) типтегі өзіндік жұмыстарын орындауда оқушылар өзінің болжау, топшылау, түрлі құбылыстардың арасындағы байланыстарды салыстыра білу қабілетіне сүйене отырып, ой қорытындысын жасап жаңа шешім табады, дәрежеде оқушылардың бейімділігін айқындап береді.
Оқушылардың үй жұмыстары мен оқу материалын қайталау кезіндегі өздігінен істейтін жұмыстарының да маңызы ерекше. Бұған қоса көрнекі құралдарын (карточкалар, схемалар, чертеждар, оқу карталары т.б.) пайдалана отырып өзіндік жұмыстарын ұйымдастырудың да пайдасы зор.
Мұғалім оқушылардың өзіндік жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру үшін, алдымен, олардың өзіндік әрекеттерінің негізгі психологиялық ерекшеліктерін білгені жөн.
Оқушылардың өзіндік әрекетіне тән ерекшеліктері мыналар:
оқушының алдын ала өз әрекетінің жалпы және нақты мақсаты мен міндеттерін анықтау;
жоспарға сәйкес амал–тәсілдерді қолдана білу;
өз әрекетінің барысын бақылап отыру.
Егер оқушы өздігінен жұмыс істеуге үйренбесе, оның оқуы жемісті болмайды, ол жиі сәтсіздікке ұшырайды. Мұндай жағдайда оқушының оқуға деген ынтасы төмендейді, соның салдарынан үлгермеушілер қатарына қосылады
Достарыңызбен бөлісу: |