2) Нәтиже.
Оқудың/оқытудың нақты нәтижелерін айқындау және оларды ЖОО-ның, мамандық пен пәннің миссиясымен салыстыру:
- Нені бағалау керек? Оқу процесінің қандай нәтижелері (білім, білік, дағды, машық, түсінік, қатынас, т.б.) бағалау арқылы анықтауға тұрарлық (маңызды)?
Оқу процесінің тиімділігі мен нәтижелігі студенттердің не білгендігімен айқындалады. Жоғары мектептің бүгінгі күнгі талаптарына сәйкес студенттер оқу процесі барысында және нәтижесінде келесідей білік, дағды, құзырлылықтарды меңгеруі және иемденуі керек:
- ақпараттың шексіз көп мөлшерінен (оқулықтар, ғылыми әдебиет, БАҚ, Интернет) өзіне қажеттісін таңдап алып, оны өз қажеттілігіне бейімдеп, практикада қолдану;
- өздігімен үйрене білу;
- проблемаларды шешу мен шешім қабылдау секілді күрделі тапсырмаларды орындау;
- қандай да болмасын мәселе бойынша өзіндік пікірі, ойы, тұжырымы, түсінігі болу, оларды ұтымды түрде басқаларға жеткізу, дәлелдеу және қорғау;
- қарым-қатынас құра білу (ауызша және жазбаша коммуникация), бірлесе жұмыс жасай білу: тыңдай білу, басқаларды сыйлау, өзге пікірлерге икемді және бейімді болу, олармен санасу, жанжалдардың алдын алу;
- өмірге деген көзқарасын, ұстанатын сенімдерін, қажеттіліктерін, құндылықтарын өмірлік философия (рухани, моральдік, этикалық дүниетаным) ретінде қалыптастыру, бұл философияны жалпы адами құндылықтармен байланыстыру;
- өз білімі мен танымының қандай деңгейде екендігін біліп, оларды әрқашан да дамытып отыру.
Студенттердің осындай білік, дағды, құзырлылықтары бағалауда қарастырылады.
3) Тұжырымдама.
Студенттердің жетістіктерін анықтауда қандай қағидаларды ұстану керектігін айқындау:
- Бағалауда ұстанған жалпылама қағидалардың қандай болуы керек? Бағалауда қандай саясат ұстану керек? (Қосымшада келтірілген «Бағалаудың алты қағидасын» қараңыз).
4) Құрал.
Оқу жетістігінің (үлгерімінің) дәлелдерін жинақтау:
- «Қалай бағалау керек? Студенттердің тақырып (пән) бойынша қандай білімді (білік, дағды, машық, құзырлылық, құндылықтар) және қандай деңгейде меңгергенін қалайша білуге болады? Студенттердің білім игергендігінің (бір нәрсені білгендігінің) дәлелі қандай болу керек? Бағалаудың қандай тәсілдері мен құралдарын қолдану керек?»
Мұнда студенттердің білім игеруде қандай нәтижелерге жеткендігін дәлелдейтін құралдарды (тәсілдерді) таңдап алу қажет. Бұл тәсілдердің жүзеге асырылуы үшін талдау мен қорытынды жасауға тұрарлықтай әрбір оқу мақсаты үшін көп мөлшерде тапсырмалар дайындау керек.
5) Талаптар.
Студенттердің берілген тапсырмаларды қандай дәрежеде орындайтындығын анықтайтын және олардың үйренгендігін дәлелдейтін талаптар (критерийлер) құрастыру:
- «Бағалаудың талаптары (критерийлері) қандай болуы керек?» (бұл жерде төменде келтірілген «Рубрика» атты бөлімшенің идеяларын қараңыз).
6) Жариялау.
Студенттердің жазу жұмыстарын оқу процесіне қатысушылардың назарына ұсыну жолдарын анықтау:
- «Бағалаудың нәтижелерімен көпшілікті қалай және қашан таныстыру керек?»
Бағалау процесіне қатысты адамдар үшін оның нәтижелерін жариялау маңызды. Мұнда жариялаудың әртүрлі тәсілдерін қарастыру қажет: жазу жұмыстарын аудитория қабырғасына іліп қою, «Автордың орындығынан» оқу, кітапша түрінде басып шығару, қабырға немесе электронды газет түрінде жариялау, диафильм немесе слайд жасау, т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |