ІҮ
Кезінде Сәбит Мұқанов, “Қазақ әдебиетінде драматургия жанры –
тек Мұхтар Әуезов қана ашқан жаңалық” деп еді. Шынында да, Әуезов
– ұлттық драматургияның атасы.
Тоғыз жасынан бастап қалада өсіп, орыс, татар, театрларын көру,
Европа әдебиетімен жете танысу оны реалистік драматургияға алып
келді. Эпостағы, аңыздағы тұтас сюжеттерді, халықтық бейне
216
нұсқаларын, ел тұрмысындағы ойын-сауық өткізу рәсімдерін Мұхтар
Әуезов
ұлттық
драматургия
жасауда
зор
шеберлікпен,
реформаторлықпен пайдалана білді. Шекспир, Гоголь, Погодин
шығармаларын аудару, үйрену, өсудің шынайы мектебі еді. Театрда
қызмет істей жүріп, Мұхтар Әуезов қазақ актерларының тұтас буынын
тәрбиеледі, білім берді. Әуезов қаламынан туған драмалық
шығармаларды бірнеше тақырыптық арналарға саралап қарауға,
зерттеуге болады, олар: аңызды, эпосты арқау еткен туындылар,
күнделікті өмірдің әр кезін бейнелейтін туындылар, либреттолар,
сценарийлер. Қаламдас достары Леонид Соболевпен, Сәбит
Мұқановпен, Ғабит Мүсіреповпен, Әбділда Тәжібаевпен, Әлжаппар
Әбішевпен шығармашылық ынтымақта жазған бірқыдыру пьесасы
және бар.
Әуезов драматургиясы - әлеуметтік тартыстар, кесек мінездер,
үлкен идеялар драматургиясы. Мұнда қазақ халқының қилы-қилы өмір
кезеңдері жанды бейнелер арқылы сыр шертеді, ұрпақтар шеруі көз
алдыңа келеді.
* * *
Әйгілі эпопеяның бірінші кітабы шыққанда Мұхтар Әуезов қырық
бесте, ал тұңғыш әңгімесі жарияланғанда жиырма төртте. Осы екі
ортадағы жиырма жылда суреткер негізінен пьеса, әңгіме, хикаят
жазды. Алғашқы әңгімесі “Қорғансыздың күнінде” маңызды, күрделі
әлеуметтік құбылыс бейнеленген. Бұл шығарманың жазылу әдісінде,
сюжет құру мәнерінде, композиялық құрылымында, сөз жоқ, әлемдік
реалистік әдебиеттің, ең алдымен, Европа прозасының дәстүрі
барлығы айқын көрінеді. “Бейшара Лизадан”, “Қылмыс пен жазаға”
дейін созылып келген гуманистік идея, адам өлімін, трагедияны
көрсете отырып, үлкен сырлар шерту сарынын жас қаламгер жақсы
меңгерген. Пейзажды, диалогты, монологты адам психологиясын
ашудың ұтымды тәсілі ретінде пайдалану - Әуезовтің жазушылық
ерекшеліктерінің бірі. Алғашқы әңгімедегі әуендер кейін, көптеген
туындыларында қайта өрбіп, дамып, өрлеп отырады. Жазушылық
сапардың бастапқы кезеңіндегі туындылардың ортақ сипаты –
олардағы трагизм, әлеуметтік қақтығыстар, адамның ішкі әлеміндегі
қайшылықтар – осының баршасында келісім, бірлікті қойып, ат кекілін
кесіп кету, морт сыну, өліммен тыну бар. Мұхтар Әуезов қазақ аулын
революцияға алып келген әлеуметтік құбылыстарды, антагонистік
қайшылықтарды сұсты, келбетті реалистік, трагедиялық шығармалар
арқылы шынайы бейнеледі.
Жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы Әуезов ізденістерінің
қорытындысы – “Қилы заман”, “Қараш-Қараш оқиғасы” хикаяттары.
217
Алғашқысында отаршылық кесапатына қарсы ызалы жүректің ашуы,
екіншісінде қорлық-зомбылыққа қарсы бас көтерген шамырқанған
намыс, кекті қарсылық бар. Бұрынғы жапа шеккендердің баршасының
кегін қайырушы Бақтығұл секілді. Күллі кектілер оның қолына ажал
мылтығын берген секілді.
Достарыңызбен бөлісу: |