ІІІ
-
Елуге келіпті.
-
Кім?
-
Серік Қирабаев.
-
Ол кім?
222
-
Филология ғылымының докторы, профессор, ҚазПИ-дің
қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, сыншы, СССР Педагогика
ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, СССР Жазушылар
одағының мүшесі, Қазақ ССР-інің ғылымға еңбегі сіңген қайраткері.
-
Тал түсте осынша жерге келсе, сапары ұзақ жігіт екен,
әрдайым жолы болып, айы оңынан тусын!
Үшінші эссе
Балалық, бозбалалық шағы соғыс кездерінің қылыштан қан
тамған қаһарлы, жаралы жылдарымен дөп келген ұрпақ өкілдерінен
шыққан қаламгерлердің баршасына ортақ қасиеттер бар: ең алдымен
бұлардың қайсысын алсаң да, өмірдің қара қазанында қайнап піскен,
тіршіліктің тас диірменінде әбден тартылған адамдар. Қаламнан өмірге
келмеген, өмірден қаламға келген. Шығармаларындағы басты сипат,
басты құнар - өмірдің лебі, тіршіліктің бояуы. Онда да оқығаннан
тапқан дүниелер емес, өздері көрген, өздері бастан кешірген жайттар.
Мысал керек пе?
Прозашыны алыңыз – Бердібек Соқпақбаев. “Өлгендер қайтып
келмейді”. Драмашыны алыңыз – Қалтай Мұхаметжанов. “Көктөбедегі
кездесу”. Ақынды алыңыз – Қабдыкәрім Ыдырысов. “Әке жолы”. Тағы
да прозашы – Қалихан Ысқақов. “Қоңыр күз еді”.
Қабдыкәрім Ыдырысов - әкесі саяси жаладан мерт болған, жесір
ана қолына қарап қалған қоң торғай ауылдың жетім баласы. Ауыл
кеңес хатшысы; облыстық атқару комитетінің қызметкері; газет
қызметкері; баспа қызметкері; Жазушылар одағының хатшысы; кітап
палатасының директоры, баспа директоры болды.
Қабдыкәрім Ыдырысов, ең алдымен, ақын, Қазақстанның белгілі
ақыны болатын. Лорка, Луконин, Гончарды қазақша сөйлеткен
талантты
аудармашы,
публицист.
Жиырмадан
астам
өлең
кітаптарының
авторы
болған
көрнекті
қаламгер.
Оның
шығармасындағы негізгі сарындар, басты нысаналар, өзіндік
ерекшеліктер ақынның дара қаламгерлік тұлғасын көрсетті.
Әр жастағы балаларға арналған ақын өлеңдерінен кішкентайлар
психологиясын терең білетіндік байқалды: жаттауға лайық, айтуға
жеңіл жырлармен қоса, Қ.Ыдырысов қаламынан қызықты, қысқа
драмалық элементтері мол шығармалар туды: олардың көбі қазақ
радиосының тұрақты репертуарына кірді; бала-бақшаларда өскен
мыңдаған балалар жаттап айтты. Ауызекі сөйлеу тілінің екпініне
жақындық, эпос кестелерін пайдалану, заман ырғағын дөп басу – осы
сияқты белгілер ақынның балалар поэзиясындағы туындыларын
ерекшелеп тұрады.
223
Азаматтық пафос, публицистикалық леп – Қ.Ыдырысов
лирикасындағы басты сарын. Ақынның көптеген өлеңдерін түгел алып,
тұтас шолып, жинақтап салмақтағанда, көзге түсетін ерекшелік
автордың форма мәселесіндегі еркіндігі, түр ізденістеріне жиі
баратындығы еді. Фольклордағы толғау үлгілері, әлем әдебиетіндегі
еркін өлең кестелері ақынға ықпал жасағанын аңғарту қиынға
түспейді. Ыдырысовтың лирикасындағы ақындық ой түйдек төгіліп,
құйылып түсіп, толғау стиліндегі ой ағымымен айтылады: “Бақыт
туралы әңгіме”, “Қартаймаңдар, қаһармандар” жылдары осы пікірдің
айқын дәлелі.
Ақын заманымызда болып жатқан әлеуметтік оқиғалар, олардың
жеке адам санасында жасаған өзгерістерін тез сезіп, сергек жырлап
отырады.
Патриоттық рухта жазылған шығармалар қатарында туған жер,
өскен орта, бүгінгі Қазақстан туралы “Кең далам”, “Менің
Қазақстаным”, “Семей”, “Керекулік достарға”, “Алматы”, “Сырдария”,
“Отырар оттары”, “Көлсайға барғанда” сияқты өлеңдер поэтикалық
қуатымен, идеялық нысанасымен өркештеніп тұрады.
Бір қонып кеткен үйдің иесіне өліп-өшіп, айналып-толғанып
шығарма арнайтын, бес күн барып келген жеті туралы бес ай
жырлайтын өлеңшіліктен Қабдыкәрім Ыдырысовтың бойын аулақ
салатын кірпияздығы бізге ұнайтын. Балтық бойында туған “Латвия
жігіттері”, “Өлмейтін адам”, “Сильвия вальсі” өлеңдерінде әдемі сыр,
келісті, дәл табылған форма бар. Қазақ көзімен қарағанда көрінген
латыш келбеті бар.
Қазақ поэзиясы көкжиегінің кеңеюін көрсететін белгілердің бірі –
тақырыптық өріс. Бұрын шетелдерге барған ақындарымыз бірді-екілі,
өлең, цикл тудырып жүрсе, Қабдыкәрім Ыдырысов араб елдерін аралау
сапарынан “Арабстан, армысың!” атты тұтас жүйелі кітап жазып
қайтты. Бұл шығарманы оқығанда капитал елдер арасындағы
айырманы көресің, ежелгі шығыстың ғажап жырларын бөлісесің, араб
поэзиясындағы екпін-ырғақ, сарын әуездердің ауыс-күйісін байқайсың,
халықаралық аренаға шығып сөйлеген қазақ ақынының дауысын
естисің.
Суреткерлік эволюция қызық процесс қой, күні бұрын болжап
айту қиын. Толғау, тебіреніс үлгісіндегі көлемді өлеңдер жазып жүрген
Қ.Ыдырысов “Адамның кейбір кездері” атты кітабында жаңа қырынан,
жаңа олжамен көрінді. Поэзияға бүгінгі өміріміздегі тұрмыстық
детальдар енді: телефон соғатын қыздар, балкондағы күшік, сіріңке.
Бір шоғыр философиялық – сатиралық шығармалар туды. Аттарына
назар аударыңыз: “Жүрек”, “Бас”, “Көз”, “Қол”, “Аяқ”, “Тіл”, “Бет”. Сәтті
өлеңнің ғұмыры ұзақ, ал сәтті ән тексінің ғұмыры одан да ұзақ деуіміз
мақұл болмақ. Әуезбен қанаттанған әнші шырқаған, халық жүрегіне
224
жол тапқан “Баянауыл вальсі”, “Қайдасыңдар достарым?”, “Құдалар
жыры” – алысқа тартқан туындылар.
Балалар поэзиясында, лирикада татымды шығармалар берген
Қабдыкәрім Ыдырысов қаламынан “Қайта оянған махаббат”, “Жез
леген” сияқты балладалар, “Отты күндерде”, “Емен”, “Әке жолы”
секілді поэма-дастандар туды. Маңызды тақырыптарға арналған бұл
шығармаларда жанр шарттары айрықша ескерілді: ықшамдылыққа,
детальға, көркемдікке ерекше көңіл бөлінді.
Ақын өнерін жарқыратып көрсеткен, таланттың кемелденгендігін
танытқан күрделі шығарма “Әке жолы” поэмасы болатын. Бұл дастанда
тарих айыптаған жеке адамға табынушылық кезіндегі кейбір келеңісз
оқиғалар суреттелді. Адал азамат алғашқылардың бірі болып жаңа
өмір орнатушы Ыбырай жала жабылып, ұсталып кетеді. Артында жап-
жас әйел, қаршадай жалғыз ұлы қалады. Негізінен осы фабула
төңірегінен поэма сюжеті өріліп шыққан.
Дойбы ойнауға кеткен әкесі үйге қайтпай қояды. Бір күн жоқ, екі
күн жоқ. Жоқ... Әке мүлде оралмайды. Әкесін іздеп ширыққан ұлдың
толғанысынан басталған поэма эпикалық арна мен лирикалық
тебіреністің тығыз астасуына құрылған. Аз уақытта бәрі мәлім болады:
енді Қимаштан қатар жүрген достары да қаша бастайды, кейбіреуі тіпті
мазақ етеді. Бала жүрегін шымшылаған өсек-аяң қаулап барады.
Автордың жақсы тапқан, шебер пайдаланған көркем деталі - әке мен
бала бірге түскен суреттің ортасынан қақ бөлінуі. Бұл эпизодта бәрі
сөйлеп тұр. Қара қылыш, қара жылан секілді сусылдаған қара қайшы
сенің де жүрегіңді тіліп бара жатқандай. Әкесіне ара түсуді сұрап,
пионер баланың Сталинге хат жазуы да ерсі емес, сенімді нәрсе. Осы
оқиғадан соң ауыл белсендісі Жұман үлкен адамның мазасын неге
аласың деп Қимаштың өзін қуыра бастайды. Жазған хаты Москва түгіл,
облыс орталығына жетпегенін байғұс бала қайдан білсін. Сол содырлы
Жұман басқа сұмдығы аз болғандай, ішіп келіп, түделетіп есік қағады:
шешесіне бірдеңе айтқысы келетін сияқты.
Шығармадағы көркемдік табыс – идеяның айқындығында, ақын
элегиялық, пессимистік сарынға түсіп кетпей, трагедиялық әуенді,
оптимистік рухы мол, реалистік поэма тудырған. Дастан сюжеті
елімізде болып жатқан күрделі оқиғалармен тығыз байланыста
алынған. Әуелде Қимаш үшін әкеден айрылу дүниенің тозағы болып
көрінген, енді міне, ел басына ауыр күн туды – соғыс болып жатыр.
Ақын соғыс кезіндегі тыл өмірінің сұсты суретін көз алдына әкеледі.
Қимаштың заводқа кіруі де сенімді. Қиын кезде қол ұшын берген
Құрбан аға бейнесі тартымды. Қимаштың әкесін іздеуі – қастандық,
туыстық сезімі ретінде ғана емес, ұрпақтар байланысы, толқындар
жалғастығы ретінде суреттеледі. Ұрпақтар жалғастығын зорлықпен
үзуді автор ашына айыптады. Көп құбылыстарға бала Қимаштың
225
көзімен қарап, баға береміз. Сұрапыл соғыс бітіп, ер-азамат елге
жеңіспен оралды. Біреу жарын, біреу әкесін, біреу ағасын тосып алып
жатыр. Әлі де оралған әке жоқ, - Қимаш жылайды, әлі де оралған жар
жоқ, - шеше жылайды.
Осындай буынды жерлерді дәл ұстаған ақын жеке адамға
табынушылықтың, адамгершілік нормаларды бұзудың рухани өмірімізге
келтірген зиянын әшкереледі, жағдай қанша ауыр болғанымен
әділеттің жеңгенін көрсетті.
Қабдыкәрім Ыдырысов – талантты, қабырғалы қаламгерлердің
бірі еді. Ең алдымен, ол – ақын еді. Сондықтан, қауым Қабдыкәрім
ақынды қашанда жыр бәйгесінің алдыңғы легінен, қарауыл төбенің
басынан көргісі келетін. Зор салмақ артуға толық қақысы бар еді. Аяқ
астынан келген ажал қыршын өмірді қиып түсті.
Достарыңызбен бөлісу: |