Мәдениет – бұл қоғамдағы материалды ескерткіштер мен рухани құндылықтар жиынтығы, яғни бұған дәстүр, құлық, ереже, заң, тіл, норма және т.б. жатады.
Әлеуметтендіру – бұл даралықтың мәдени нормалар мен әлеуметтік рөлдерді игеруі. Социализация үрдісі өмірге келген кезінен бастап қартайғанша дейін созылады.
Әлеуметтік бақылаушы – нормалар мен ролдерді даралықтың дұрыс игеруін бақылап отырады. Ол жан-жақты: үйде ата-ана бақыласа, мектепте – оқытушы, көшеде – тәртіп сақшысы, жұмыста - әкімшілік, күнделікті өмірде – мемлекет бақылап отырады. Ауытқушыларға әртүрлі санкциялар қолданылады. Олар позитивті (сыйлау) және негативті (жазалау) болып бөлінеді. Бақылау механизмдерінің дәлдігі - қоғамның тұрақтылығы мен көркеюінің кепілі болып табылады.
4. Әлеуметтанудағы зерттеу әдістемесі. Қазіргі әлеуметтану өз арсеналында әрқилы эмпириялық әдістерді қолданады. Олардың кейбіреуі этнографтардан, статистерден, психологтардан алынған, кейбіреуін әлеуметтану өзі жасаған. Ең негізгі әдістер мыналар: ақпараттық жазба көздерін, құжаттарды сұрыптау; бақылау және сұрау әдістері.
Құжаттарды сұрыптау – бұл жазба көздің, құжаттың мінезіне тән әртүрлі вариацияларда пайдаланылады. Әлеуметтануда осы әдісті қолдана отырып өте ірі ғылыми-әлеуметтік мәселелер шешілген. Мыс: М.Вебер қоғам дамуында социомәдени фактор бар екендігі туралы гипотеза жылжыта отырып, оны осы әдіспен дәлелдеп шықты.
Осы әдістің нақты, қатал түрі контент-анализ болып табылады. Бұл сұрыптау түрі жазба құжатты әлеуметтік маңыз немесе оған әлеуметтік мән бере отырып сұрыптау арқылы іске асырылады.
Бақылау. Егер социолог анықталған бағдарлама, гипотеза, зерттеу негізінде бақылау жүргізсе, бұл стандартталған бақылау деп аталады. Мұндай жағдайда социолог өз бақылауын өзі бұған дейін болжаған индикаторларға сәйкес тіркеп отырады.
Әлеуметтануда тікелей бақылау әдісі кең таралған. Мұндай жағдайда социолог өз зерттеу объектісінің ортасында өмір сүреді. Бұл зерттеу әдісінің бір кемшілігі, объектіге тікелей енген зерттеушіде сол ортаға байланысты антипатия не симпатия сияқты сезімдік көзқарас пайда болуы мүмкін. Ал бұл еріксіз социологты субъективизмге ұрындырады.
Сұрау әдістері. Сұрау әдістерінің негізгі екі түрі бар: анкеттік сұрақ және сұхбат.
Анкеттік сұрақ. Ең алдымен социолог зерттелуге тиісті көріністің жалпы кестесін жасайды. Бұл кесте соңынан нақты негіздерге айналатын абстрактылы түсініктерден тұрады.
Анкета – орта есеппен 30-40 сұрақтан тұратын машинкада, компьютерде немесе типографиялық әдіспен көбейтілген құжат болып есептеледі. Анкета сұрағына жауап берушілер респондент деп аталады. Сұрақтар нақты болуы тиіс. Сұрақтар екі топқа бөлінеді, ашық және жабық. Ашық сұрақта социолог бос орын қалдырып, респонденттен өз пікірін білдіруді сұрайды. Мыс: «Сіздің отбасыңызда әрбір адамға шыққандағы кіріс қанша?». Сұрақтан соң бос орын қалады. Ал жабық болса, жоғарыдағы сұрақтан соң жауап беріледі. Мыс: 1) 2000 теңге, 2) 2000 мен 4000 арасы, 3) 4000 жоғары. Жабық сұрақтарды компьютерде тез өңдеуге болады, бірақ ол социологтан зерттелуші мәселені толық білуін талап етеді. Ашық сұрақтар егер социолог жағдайды толық білмеген жағдайда барлау мақсатымен жүргізіледі.
Сұхбат. Егер анкетаны респондент өзі толтырса, сұхбат кезінде оны оған маман оқып береді. Ол маман интервьюер деп аталады. Сұхбат әдісі негізінен екі мақсатта пайдаланылады, біріншіден, коммерциялық зерттеулерде белгілі бір тауарды жарнамалау мақсатында, ал екіншіден, егер анкетада қарапайым адамдарға түсініксіз терминдер көп қолданылса.
Статистикалық көзқарас тұрғысынан сұрау әдістерінің ішіндегі ең дәлдісі жалпы сұрау болып табылады. Бұның ең айқын мысалы жалпы халық санағы. XIX ғ. бастап ол Европа елдерінде, ал қазіргі уақытта барлық елдерде жүргізіледі. Санақ өте бай және нақты ақпарат береді, бірақ бұл өте қымбат тұратын шара. Ең бай елдердің өзі 10 жылда бір рет қана санақ жүргізе алады.
Осыған байланысты социологтар анағұрлым арзан, бірақ дәлдігі қалыспайтын жаңа сұрау әдісін тапты. Ол таңдап зерттеу деп аталады. Егер сұрауға жататын тұрғындарды жалпы жиынтық десек, онда таңдау жиынтығы соның кішірейтілген көшірмесі болып табылады. Мыс: АҚШ-тағы Гэллап институты тұрақты түрде таңдау методымен 1,5-2 мың адамды сұрап тұрады, ал сайлау кезінде 300 миллион американдық қалай дауыс беретінін болжап береді. Қателік бірнеше пайыздан аспайды.
Тұрғындардың қай бөлігі жалпы жиынтыққа жататынын зерттеу мақсаты айқындайды. Ал осылардың ішінен кімдердің таңдау жиынтығына жататынын математикалық әдіс шешеді.
Таңдау жиынтығы жалпы жиынтықтың дәл көшірмесі болуы тиіс. Бұл әлеуметтану негіздерінің негізі. Түпнұсқадан ауытқу репрезентативтік қателік деп аталады. Мұндай қателік анағұрлым аз болуы тиіс. Олай болмаса социологиялық зерттеу қорытындысы қате болып шығады.
Достарыңызбен бөлісу: |