Технологиялық даралық
Бұл теориялар адам еңбегін кәсіби тұрғыдан зерттеуге бағытталған. Ф.Тейлор зерттеулері жұмыскер еңбегі қалай ұйымдастырылған, ол қаншама пайдалы және адамның физиологиялық мүмкіндіктерін ескере ме және т.б. осы секілді тәжірибелік мәселелер астарын ашты.
Жұмыс орнында құрал-жабдықтардың ыңғайлы орналасуы еңбек өнімділігінің артуына әкелетіндігі дәлелденді. Өнеркәсіп үрдісі өмірге жаңа жұмыс орындары моделін әкелді.
Кеңестер Одағында бұл мәселені зерттеумен А.Гастев, П.Керженцев айналысты. Өнеркәсіп өнімділігі тек құрал-жабдықтарға ғана емес, сол сияқты жұмысшының кәсіби дайындығы және жұмыс орнының аңғайлы орналасуына да байланысты екендігін дәлелдеді. Осы зерттеушілер бастамасымен еңбекті ғылыми ұйымдастыру қозғалысы өмірге келді. Кеңес Одағының кейінгі даму барысында еңбекті ұйымдастыру әкімшілік әдістерге ауысты.
Еңбекті пайдалы ұйымдастыру әдістерін зерттеудің бастапқы кезеңінде негізгі назарда адамның еңбек орны болды. Зерттеушілер еңбек құралдары мен шикізаттың орналасуы, күн тәртібі, жұмыс кестесінің еңбеккерге ыңғайлы жасалуы мәселелеріне назар аударды.
Келесі кезеңде еңбек бөлінісі ұстанымдарын тәжірибелік іске қосу әдістері зерттеле бастады.
Еңбек социологиясы түсінігі
1. Еңбек социологиясы өз назарын қызметкер мүмкіндігіне, оны іске асыру жағдайларына, әртүрлі мүдделерді келістіру барысына салады.
Осы ғасыр басында Ф.Тейлор, соңынан Гастев А.К., Керженцев П.М. сияқты ғалымдар материалдық өнеркәсіптің эффективті даму мүмкіндігі тек еңбек құрал-жабдықтарына ғана емес, сол сияқты еңбекті ұйымдастыру тәжірибесіне, кәсіптік дайындық сияқты факторларға да тәуелді екендігін дәлелдеді.
1920 жылдары еңбекті ғылыми ұйымдастыруды жақтаушылар қозғалысы пайда болды.
Зайцев А.К., Герчиков В.И. зертеулері көрсеткендей еңбек орнын рационалды ұйымдастыру, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, кәсіби тәжірибе игеру адам мінез-құлқына оңды әсер етеді. 1989 жылы Бойков В.Э. социологиялық зерттеу жүргізіп сол кездегі Кеңес Одағындағы жұмысшылардың 62% жұмыс жағдайының қайта құру жылдарында ешқандай өзгеріске ұшырамағанын айқындады.
Нарықтық қатынастарға көшу еңбекті ұйымдастыру мен еңбекке тартудың жаңа нысандарын табуды қажет етті. Еңбектің жауапкершілік, нақтылық, талаптылық сияқты компоненттері жаңа мазмұнға ие болды.
Еңбекті ұйымдастыру эффективтілігіне кәсіпкерлік білім сапасы мен деңгейі үлкен әсер етеді. Пилипенко Н.Н. зерттеуі бойынша жарамсыз бұйымдардың 70% мен сынық бұйымдардың 30% жұмысшылардың өте төмен кәсіпкерлік дайындығы кесірінен болып табылады.
Егер кадрлар біліктілігін (квалификациясын) көтеру жаңа техника мен технология игерудің алдында болса, бұл жағдай өнеркәсіп эффективтілігі мен еңбек өнімділігінің өсуіне әкеледі.
Адамға өнеркәсіп орнының барлық факторлары, яғни дыбыс, вибрация, температура, ылғал, жарық берілуі, өнеркәсіп ғимаратының газдануы мен оның бояуының түсі әсер етеді. Бұл мәселелерді зерттеуде француз ғалымы А.Файоль үлкен әсер етті.
Әлеуметтік-биологиялық мінездегі талаптарды есепке алу адамның жоғарғы еңбекқабілеттілігін сақтау қорларын (резервтерін) іздеуді талап етті.
Қазіргі уақытта еңбек жағдайы үлкен рол ойнайды. Нақты социологиялық зерттеулер көрсеткендей еңбек жағдайын жақсарту оның өнімділігін 20%-ға дейін көтеруге мүмкіндік жасайды.
Жұмыскердің кәсіпкерлік деңгейі көтерілген сайын, оның еңбек жағдайына қанағаттанбауы күшейе түседі. Сондықтан еңбек жағдайы үздіксіз жақсартуды талап етеді.
Соңғы уақыттарда рекреация қызметіне үлкен көңіл бөлінуде. Бұл дегеніміз тікелей өндіріске кірісер алдында адамға қолданылатын профилактикалық-емдеу шаралары.
Эстетикалық көркемделген өнеркәсіптік ортаға деген талап та арта түсуде.
Подмарков В.Г., Шкаратан О.И. зерттеулері көрсеткендей жұмыскерлер өздерінің өнеркәсіптік өмірге әсер ету құқығын кең қолдана бастады.
Американ социологы Элтон Мейо 1930-шы жылдары Хоторн қаласында социологиялық эксперимент жүргізді. Оның қорытындысында егер жұмыстас жолдастар арасында, басшылар мен жұмыскерлер арасында жақсы қарым-қатынас жолға қойылса еңбек өнімділігі анағұрлым артуына қол жеткізуге болатындығы дәлелденді.
Негізгі әлеуметтік-психологиялық мәселелерді шешу еңбек өнімділігін 8%-дан 18%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Барлық еңбек топтарында, әсіресе тек қана әйелдер жиналған еңбек топтарында өзара қарым-қатынас мәселесі өте күрделі және еңбек үрдісіне тікелей әсер етеді.
Еңбек адамының мінез-құлқына тек қана өнеркәсіптік емес, сол сияқты өнеркәсіптен тыс факторлар да үлкен әсер етеді. Мыс., қоғамдық жағдай, тұрмыс жағдайы, демалу ортасы, достары, отбасы. Сол сияқты жеке адамның құндылықтар жүйесі, тұтыныстары мен моральдық қағидалары да, оның өз еңбек ұжымымен қарым-қатынасына зор әсер етеді.
Сол сияқты бұл контексте басшы ролі де өте зор. Оның әділеттілігі, өз саласы бойынша ерекше біліктілігі, еңбекқорлығы, адамдармен жақсы қарым-қатынас жасай білуі өз ролін атқарады. Мұндай жағдайда басшының сайланбалылығы жақсы қорытындыларға әкеледі.
Қазіргі дәуірде еңбекке шығармашылық тұрғыдан қарау қажеттілігі үлкен маңызға ие. Себебі еңбеккер өз жұмыс орнында да қоғам азаматы болып табылады, сондықтан ол өз еңбегінің жемісіне қоғам жемісі ретінде қарауы қажет.
Г.Н.Соколованың зерттеулері көрсеткендей, қазіргі уақытта өндіріс жұмысшыларының тек 4% ғана өздерін жаңалық ойлап табушы рационализатор ретінде сезінеді. Ал Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш анағұрлым жоғары.
Еңбек өнімділігіне саяси факторлар да өз әсерін тигізеді. 1991 жылғы социологиялық зерттеулер көрсеткендей өнеркәсіп еңбеккерлерінің 30-40% өз құқықтары үшін саяси күрес қажеттілігін жақтайды.
Осылармен қатар еңбек өнімділігі үшін адамның жасының да ролі зор. Ядов В.А. зерттеулері көрсеткендей өнеркәсіп еңбеккерлерінің еңбек өнімділігінің максималды эффективтілігі 45 жас. 30 жастағылар арасында тәртіп бұзушылар 45 жас арасындағыларға қарағанда екі есе көп болып табылады.
2. Нарықтық экономикадағы жұмыссыздық.
Нарықтық экономикаға көшкен барлық елдер жұмыссыздық мәселесімен кездесіп тұрады және оны шешіп отыруы тиіс. Орталықтандырылған экономикадан еркін нарық жүйесіне көшіп жатқан елдерде бұл мәселе ерекше өткір сезіледі.
Бәсекенің өсуіне байланысты пайдасыз кәсіпорындар не жабыла бастайды, не аман қалу үшін өз қызметкерлерінің санын қысқартуға кіріседі.
Нарықтық экономикада кейбір жұмысшылар өздерінің жұмыс орындарын жиі өзгертеді не еңбек биржасында тіркеліп жаңа жұмыс алу кезегін күтеді. Бұл фрикциялық жұмыссыздық деп аталады. Ол ақысы көп жұмыс іздейтін еңбек күшінің еркіндігі мен икемділігін көрсетеді. Егер жұмысшылар жұмыс іздеп емін-еркін жүре алмаса, яғни фрикциялық жұмыссыздық болмаса онда бәсеке мен өндіріс босаңсып қалған болар еді.
Уақытша жұмыс істемейтін жұмысшылар екі себептен: 1) жұмыс орындарын әдейі өзгертеді, мыс. ақысы аз, не 2) қайта әзірліктен өтуді жөн көреді. Сондықтан фрикциялық жұмыссыздық нарықтық экономика үшін өткір мәселе емес.
Жұмыссыздықтың басқа екі түрі циклдық және құрылымдық жұмыссыздық зардабы ауыр. Циклдық жұмыссыздық халық шығындары мен өндіріс деңгейі төмендеп, ел тоқырау кезеңіне аяқ басқан кезде пайда болады. Жұмыссыздықтың жоғары деңгейі экономикалық дағдарыс көріністерінің бірі болып табылады.
Мыс., Ұлы тоқырау кезінде ол шырқау шегіне жеткенде, Еуропа мен АҚШ-тың жұмысшы күшінің 25% жұмыссыз болды. Кез-келген елдің ақша және қаржы жүйесі жұмыссыздық осындай, циклдік деп аталатын түрімен күресуге тиіс.
Құрылымдық жұмыссыздық білімі, тиісті әзірлігі немесе бүгінгі экономикада жұмыс алу үшін қажетті жұмыс тәжірибесі жоқ жұмысшыларға ауыр соққы болып тиеді.
Нарықтық экономикада қызметтің көптеген түрлері үшін жоғары біліктілік немесе әр түрлі әзірлік курстарында жұмыстың жаңа әдістеріне тез үйрене білу, яғни тиісті әдебиетпен таныса білу қажет.
Біздің ақпарат ғасырымызда жұмысқа орналасу мүмкіндігі де коммуникация, тіл, ғылым және менеджмент саласында белгілі бір білім мен шеберлік деңгейін қажет етеді.
Экономикада құрылымдық жұмыссыздық әдетте жұмысшылардың шағын ғана мөлшерін қамтығанымен бұл мәселе ұзаққа созылады және көп шығын жұмсауды қажет етеді. Бұл білім беру жүйесі елдің экономикалық дамуында неліктен басты рол атқаруының тағы бір айғағы болып табылады.
Жұмыссыздық әкелетін шығындар жұмыссыздық салдарынан өндірілмеген өнімнің, тауарлардың көлемімен өлшенеді. Мұндай шығындар экономикаға елеулі нұқсан келтіреді, себебі олардың орнын толтыру мүмкін емес. Бірақ жұмыссыздық шығындары жұмысшылар мен олардың отбасыларына бұдан да көп нұқсан келтіреді: табыстан және жинаған ақшадан айрылу іс жүзінде айқын сипат алып, кейбір жағдайларда адамдар өздерінің үйлерінен де айрылады, мұның өзі алаңдаушылық пен үрейге, көңіл-күйдің бұзылуына, отбасының шырқы бұзылуына және тіпті қылмыс жасауға жиі себеп болады. Міне сондықтан да нарықтық экономикаға көшкен елдердің үкіметтері жұмыссыз адамдарға әртүрлі кезеңдерге жәрдем ақы береді, сондай-ақ қайта әзірліктен өтудің әртүрлі курстарына орналастырады.
Жұмыссыздық мәселесімен тек үкімет қана айналыспайды, мысалы нарықтық экономикада көптеген фирмалар өндіріс құлдырап кеткен кездің өзінде өздерінің жұмысшыларын ұстап қалуға тырысады, өйткені олар басқа бәсекелесуші фирмаларға ауысып кетуі мүмкін. Мұндай жағдай да бұл фирмаға экономика өрге басқаннан кейін өндіріске келуі мүмкін біліктілігі төмен жұмысшыларды қайта оқытуға тура келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |