ПОӘК 042-18-22.61/03-2014
|
2014ж. № басылым
|
беттің беті
|
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ШӘКӘРІМ атындағы МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
|
3 деңгейлі СМЖ құжаты
|
ПОӘК
|
ПОӘК
042-18-22.61/03-2014
|
ПОӘК
«Аңдар мен құстар биологиясы» пәнінің оқу-әдістемелік құжаттар жиынтығы
|
№ басылым
|
ПӘННІҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
“Аңдар мен құстар биологиясы”
5В080300 – «Аңшылықтану және аң шаруашылығы» мамандығына арналған
ОҚУ - ӘДІСТЕМЕЛІК ҚҰЖАТТАР ЖИЫНТЫҒЫ
Семей
2014
Мазмұны
|
|
1. Глоссарий
2. Дәрістер
3. Практикалық сабақтар
4. Білім алушылардың өз бетімен орындайтын жұмыстары
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
ГЛОССАРИЙ
Бұл оқу-әдістемелік құжаттар жиынтығында мына негізгі терминдер мен анықтамалар пайдаланылған. Оларды студент оқу семестрі бойы зерделеп, білуі қажет.
Бакалавр – ертеде батыс европа университеттерінде (қазір тек Великобританияда) – бастапқы ғылыми дәреже; Францияда, кейбір басқа мемлекеттерде – орта мектепті бітіріп, университетке түсу құқығына ие болған адам.
Биотехния – аңшылықтанудың саласы, табиғаттағы пайдалы жануарларды қорғау, санын көбейту және олардан алынатын өнімдері қасиеттерін жақсартуға арналған кешенді іс-шараларды әзірлейді.
Биоценоз – тіршілік қауымдастықтары, бірқалыпты тіршілік орнын (биотоп) мекендейтін жануарлар, өсімдіктер және микроорганизмдер жиынтығы. Мысалы, қандай-да бір көл, шабындық, жаға алқабындағы жануарлар, өсімдіктер және микроорганизмдер.
Диморфизм– жануарлар мен өсімдіктердің бір түрінде морфологиялық екі, не одан көп, ия болмаса аз, күрт айырмашылығы бар форманың болушылығы (жыныстық, маусымдық-сезонный).
Локомоция – келісімді (үйлесімді-координирован) қимыл қозғалыс жиынтығы, оның көмегімен жануарлар мен адамдар кеңістікте белсенді ауысып тұрады. Оның түрлеріне жүріс (жүру), ұшу, малту және басқалар жатады.
Орнитология – құстарды зерттейтін зоология саласы.
Популяция – жалпы ареальдың белгілі территориясында оқшауланып орныққан түр дарақтары (түрдің қарапайым құрылымы).
Сортимент – бір түрлі бұйым немесе материалдар жасауға іріктелетін әр түрлі сорттар, түрлер, типтер және көлемдер жинағы.
Среда или среда обитания - жануарларды қоршаған табиғат орта, мекендеу ортасы деп аталады. Оған физикалық-химиялық, биологиялық, биотикалық факторлар жатады. Оны бір организм тіршілік әрекетінің екіншісіне тікелей немесе жанама әсер етуінің жиынтығы деп түсінген жөн
Таксация – орманды есепке алып, материалдық тұрғыдан бағалау: сүрекдіңнің (древостой) техникалық сипаттамасын (паспорт) жасау, ондағы сүрек (древесина) қорын (санын), кейбір ағаштардың өсімін (прирост), көлемін анықтау, олардан әзірленетін әр түрлі сорттар, түрлер, типтер және көлемдер жинағын іріктеу. Ағаш қорын немесе пішен түсімінің шамасын анықтау.
Таксон – өсімдіктер мен жануарларды жүйелеудің жіктеу бірлігі (өлшемі). Негізгі таксондар-түр, туыс, тұқымдас, отряд-қатар, класс, тип.
Териология – сүтқоректі жануарларды зерттейтін зоология саласы.
Типология – қандай-да бір ортақ белгілеріне орай, берілетін зат немесе құбылыс жіктеуі.
2. ДӘРІСТЕР
1 Модуль Орнитология.
№ 1 дәріс тақырыбы - КІРІСПЕ.
Дәріс жоспары:
Орман шаруашылығы ісі бакалаврларын дайындаудағы орман аңдары мен құстары биологиясы пәнінiң маңызы.
Пән–орман мақұлықтарын - фаунаны (белгілі территорияда мекендейтін, қандай болса да бір жіктеу тобына жататын жануарлар) теориялық дәлелдеу мен оны қорғау, тиімді қолдану және өсіру практикалық іс-шараларын әзірлеу туралы ғылым.
Биологияның қысқаша дамуы, оның басқа профильдік пәндерімен байланысы.
Орман аңдары мен құстарын зерделеудегі кейбір мақсаттары мен әдістері.
Пән бөлiмдерi, олардың зерделеудегi мақсаттары.
Дәрістің қысқаша жазбасы. Көптеген тірі организмдер Жерде қалай да бір үйлесімде емес, тек тіршілік етудегі биологиялық бірліктегі топтануда немесе тіршілік қауымдастықтарда (биоценоз) кездеседі. «Биоценоз» атауын 1877 ж. К. Мебиус берді. Орманда тіршілік ететін құстар мен аңдар орман биоценозының пайда болып, дамуында басты рөл атқарды. Жылықанды жануарлар көптеген сүректі, бұталы өсімдіктердің тұқымын, жемісін жояды да, оларды жер бетіне таратады, өсімдіктердің түрлі дамудағы бөліктерін жейді, көптеген зиянды, кейде орман шаруашылығына пайдалы омыртқасыз, омыртқалы жануарлармен қоректенеді. Орманды мекендейтін көптеген түрлер аңшылыққа аса құнды, олар шаруашылыққа құнды өнімдер, әсіресе аң терісін, жоғары сапалы ет, тері илеу, фармацевтика және басқа да өнеркәсіп салаларына шикізат береді. Биология дамуын 4 кезеңге бөледі: оның қалыптасуының алғашқы кезеңі Аристотель еңбектерінен басталып, К. Линней, оның ісін жалғастырушылар ғылыми жұмыстарымен аяқталады. XVIII ғ. соңында эволюциялық көзқарас дамиды. Ол, Ч. Дарвин «Түрлердің пайда болуы» кітабында баяндалады. Осыдан кейін биология дамуының 2 кезеңі басталады. Өсімдіктер мен жануарларды жүйелеудің жіктеу бірлігі–таксондар (негізгі таксондар-түр, туыс, тұқымдас, қатар-отряд, класс, тип) топтары зерттеледі. XIX ғ. соңында биология дамуы 3 кезеңі басталады. Онда зерттеушілер түр ішіндегі эволяцияға басты көңіл аударады. Төртінші кезеңде ғалымдар түр, түр топтары арасындағы туыстықты, байланысты айқындап, белгілеуде. Туыстық қарым-қатынастар, байланыстар анықталып, дәлелденуде. Мұнда негізгі зерзат (объект)–популяция (түрдің қарапайым құрылымы) болып келеді. Бұл даму кезеңі қазіргі кезде де жалғасуда. Тіршілік сферасының кішкене бөлігін жануарлар құрады, оның массасы барлық тірінің 2% аспайды. Бірақ, олар өте жоғары қуат потенциалымен, зор қозғалтқыштығымен, әрі әртүрлілігімен ерекшеленеді. Жануарлар өсімдіктер және бірін-бірі жеумен қоректеніп, заттар мен қуаттардың биологиялық айналымына қатысады. Осы жануарлардың бірталайы ормандарды мекендеп, органикалық әлемдегі жүйелеу топтарының басқа да өкілдерімен бірге орман тіршілік қауымдастықтарын құрады. Олар орманда ұя салады, терең ін қазады, тарамдалған жер астында жол салады, тұқым, жапырақ, тармақ, шөптер массасын жейді, көптеген шыбын-шіркейлерді, басқа жануарларды, оның ішінде орман шаруашылығына зиянды, әрі пайдалы түрлерінде жояды. Аңдар мен құстар өз тіршілігінде өзара, басқа жануарлармен тығыз іс-әрекетке түсіп қана қоймай, өзге де өсімдіктермен, топырақпен, рельефпен, ауа райы жағдайымен және қалған өлі табиғатпен де байланыста болады. Жануарларды қоршаған табиғат орта, мекендеу ортасы деп аталады. Оған физикалық-химиялық (температура, жарық, ылғалдық, топырақ және т.б.), биологиялық, биотикалық факторлар (өсімдіктер, микроорганизмдер, басқа жануарлар) жатады. Оны бір организм тіршілік әрекетінің екіншісіне әсер етуінің жиынтығы деп түсінген жөн. Пәннің мақсаты- Қазақстан орман қоры аумағында мекендейтін немесе келген омыртқалы жануарлар биологиясы негізінің теориялық білімін меңгерген, шаруашылықта құстарды, аңдарды, басқа да омыртқалылар өкілдерін ажырататын, олардың мекендейтін ортасын түгендейтін, жабайы жануарлар санын сақтау, қолдау, реттеу мақсатымен өзіне бекітілген аумақта биотикалық іс-шараларды мезгілінде жүргізетін орман шаруашылығы ісі бакалаврларын дайындау. Орман шаруашылығының тұрақты құрамдас бөлігіне (компонент) жабайы жылықанды жануарлар-құстар мен сүтқоректілер жатады. Орман аңдары мен құстарының биологиясы ғылым ретінде теориялық дәлелдеумен, орман мақұлықатын қорғау, тиімді қолдану, өсіру практикалық іс-шараларын әзірлеумен шұғылданады да, бір-бірімен тығыз байланыста болып, 3 бөлімге бөлінеді. Оларға-1) Орман құстарын, олардың орман шаруашылығындағы маңызын қарастыратын-орман орнитологиясы, 2) Орман сүтқоректілерін, олардың орман шаруашылығындағы маңызын зерттейтін-орман териологиясы, 3) Аңшылық жануарларды және аңшылық шаруашылықтарды жүргізу әдістерін зерттейтін–аңшылықтану жатады. Пәннің міндеті: орман омыртқалылары биологиясының теориялық негізін; олардың орманда, орман қоры аумағында мекендейтін, келген және онымен бірге аңдармен құстар түрлері құрамын; орман ортасында жануарлар мен құрамдас бөлігінің өзара әсерін; орман қорында шаруашылықты жобалағанда кездесетін шығынды бағалау әдісін; аңшылық шаруашылығын және дәстүрлі табиғатты пайдаланудың орман заңдар жиынтығы негізін; жабайы аңдармен орманда кездескендегі қауіпсіздік мінез-құлық негізін зерделеу; орман ортасын мекендейтін омыртқалылардың басты түрлерін айқындау үшін практикалық әдетін (дағды); аңдар мен құстар мекендейтін орындарын бағалау әдетін; аң ауланатын жер бөліктерін түгендеу және ретке келтіру, жабайы хайуандар санын реттеу үшін орман шаруашылығында іс-шараларды жобалау әдетін меңгеріп алу. Қазіргі биологияның міндеттері өте ауқымды және маңызды. Пәнді игеру нәтижесінде студент: сүтқоректілер мен құстар жүйелеуін (систематика), морфологиялық, физиологиялық ерекшеліктерін; аңдармен құстардың ішкі, сыртқы құрылыстарын; жануарларды жіктеудің негізгі қағидаларын (принцип); орман аңдарымен құстарының тіршілік етуін, таралуын, санының өзгеру себептерін, биотикалық шаралар технологиясын, мемлекеттік мекеме аңшылық шаруашылығында еңбекті ұйымдастыру қағидаларын; аңдар мен құстар кластарын, қатарларын, тұқымдастарын, туыстарын, түрлерін бас сүйектері, қаңқалары, ұшаларымен терісі бойынша анықтау тәсілдерін; сүтқоректілермен құстар кластарының жалпы сипаттамасын, олардың ұқсастықтарымен ерекшелік белгілерін; мекендеу ортасына, қоректенуіне, жылдық тіршілік циклдің кезеңдік құбылыстарына бейімделуіне байланысты жануарлардың негізгі экологиялық топтарын, аңдар мен құстардың экологиясын, мінез құлқын білуі тиіс. Студент: анықтауыштарды пайдалануды; коллекциялық материалдар (бас сүйегі, қаңқалар, ұшалар, терілер, тұлып-чучела) арқылы аңдар мен құстар кластарын, қатарларын, тұқымдастарын, туыстарын, түрлерін, түршелерін анықтауды; табиғатта жануарларды бақылап, оларды күнделікті жұмыста пайдалануды; негізгі орман құстары мен аңдарын сыртқы пішіндері, жүйелеу белгілерінен (тікелей, жанама) ажыратуды; орманда құстар мен аңдар санына есептеу жүргізуді; пайдалы орман құстары мен аңдар санын көбейтудің іс-шара жобасын жасауды, олардың экономикалық тиімділігін бағалауды; орман қоры бөлігінде жабайы хайуанаттарды қорғау, өсіру, санын реттеу үшін өсіру, биотикалық және аңшылық шаруашылығына арналған іс-шаралар әзірлеуді істей білуі керек. Студент: хайуанат дүниесінің даму, зерттеу, оның ішінде Қазақстандағы омыртқалы жануарлардың зерттеу тарихын; омыртқалы жануарлардың жүйеленуін, Қазақстан орман мақұлықтарының ерекшеліктерін, басты жабайы хайуанат түрлерінің биологиялық ерекшеліктерін; Қазақстандағы аңшылық шаруашылықтары қалыптасуының негізгі кезеңдерін, қазіргі күйін, болашақтағы дамуын; Қазақстан аумағында сирек кездесетін, жоғалудағы жануарлар түрін қорғауды түсінуі қажет. Орман аңдары мен құстарының биологиясы орман шаруашылығы ісі профильдік пәндері: ботаника, дендрология (ағаш текті өсімдіктерді тексеретін), орман шаруашылығы, орман пирологиясы, орман өсіруді жоспарлау, орман таксациясымен (ағаш егу көлемін анықтау) байланысты. Құстардың кең тараған есепке алу тәсілі-дарақты есептеу (үні-дауысы арқылы, көзбен шолып байқау). Өте қызықты нәтижені құстардың ұясын санағанда байқауға болады. Оның қарапайым тәсіліне түрлердің кездесуі жатады. Ұсақ аңдарды қақпанмен, орға, жырашыққа қамап ұстағанда, санайды. Қояндарды, жыртқыштарды, тұяқты аңдарды қыста, қардағы ізіне қарап, санақ жүргізеді. Аңдармен құстарды қоректену жолында, әрі өсімдіктерге тигізген әсеріненде бақылайды. Ол үшін ұядағы балапандар өңештерін қайта тарту әдісін қолданады және қалған қоректі жинап, тұжырымдайды. Жануарлардың экологиясын, мінез-құлқын зертеу үшін оларды жақсы жасырылған торуылдан қарайды. Уақытты зерттеу әдісі-хронометражда пайдалы. Інді, ұяны, қорек орнына келгендегі де санақ оң деректер береді. Түрлі өздігінен жазу, автоматтық аппараттар, радиобелсенді изотоптар, радиотаратқыштар да қолданылады. Сақиналауды жақсы білесіздер. Жануарлар биосфераның кішкене бөлігін құрады. Олардың массасы барлық тірілердің 2% аспайды. Бірақ, олар жоғарғы қуат потенциалымен, үлкен жылжымалылығымен, орасан зор әр түрлілігімен ерекшеленеді. Жануарлар өсімдіктермен, бірін-бірі жеумен қоректеніп, биологиялық заттар және қуат айналымына қатысады. Жануарлар–Жер экологиялық жүйесінің басты бір бөлігі. Жануарлар әлемін жер үстіндегі жануарлар, балықтар және басқа су жануарлары деп бөледі. Қазір жануарлардың 1 500 000 түрі жазылған. Нақты түрлер саны бірнеше млн немесе ондаған млн-ға жетеді. Жануарлар түрлерінің саны: қарапайымдар-1,5-2,0 мың; губкалар-5; ішекқуыстылар-9; құрттар-20-25; моллюскілер-70-105; буынаяқтылар-750–1050 мың, оның ішінде 1 млн жуығы шыбын-шіркей, құрт-құмырсқалар; тікентерілілер–5 мың. жуық; қабықтылар, жартылай хордалылар-1500-2000 жуық, хордалылар–50 мыңға жуық. Қазақстанның қазіргі жан-жануарлар әлемінде сүтқоректілердің 172, құстардың 490, бауырымен жорғалаушылардың 51, қосмекенділердің 12, балықтардың 100-ден артық түрлері бар. Әлем омыртқасыздарға (жәндіктер, шаянтәрізділер, моллюскілер, құрттар және басқалар) өте бай (40 мың. астам түрлер). Тек жеке жәндіктердің 30000 астам түрлері тіркелген. Қазақстан жан-жануарлар әлемінің аса көп әртүрлілігі республиканың географиялық орнына, күрделі тарихи көрінісіне және жан-жануарлар әлемі кешенінің қалыптасу жолына байланысты.
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
Бакалаврлар дайындаудағы орман аңдары мен құстары биологиясы пәнінiң маңызы неде?
Биологияның қысқаша дамуын сипаттаңыз.
Биологияның басқа пәндерімен байланысы қандай?
Орман аңдары мен құстарын зерделеудегі кейбір мақсаттарды және әдістерді атап, сипаттаңыз.
Пән қандай бөлiмдерден тұрады? Олардың мақсаттары неде?
Ұсынылатын әдебиеттер тізімі: 7.1.1.-7.1.6 (негізгі), 7.2.1.-7.2.3. (қосымша)
1 Модуль Орнитология
№ 2 дәріс тақырыбы – Орман орнитологиясы.
Дәріс жоспары:
Құстар класының жалпы сипаттамасы.
Құстар-жоғары омыртқалы жануарлардың арнаулы тобы. Олардың пайда болуы, эволюциясы.
Морфологиялық ерекшеліктері мен ұшуға бейімділігі.
Құстың ағзалар жүйелері.
Сүйектері, бұлшық еттері құрылысындағы ерекшеліктері.
Қауырсындар, олардың жіктелуі және құрылысы.
Дыбыс шығару аппараты.
Жұмыртқаның құрылысы.
Дәрістің қысқаша жазбасы. Орман орнитологиясы - орман құстарын, олардың орман шаруашылығындағы маңызын қарастырады. Олай болса, құстар-омыртқалы жануарлардың ішіндегі ерекше арнаулы тобы, жеке класс құрып, юра кезеңінен бастап, хордалылар типіне және омыртқалылардың тип тармағына жатады. Мысалы, алғашқы тасқа айналған айуандардың 55 млн жыл бұрыңғы жинағы Гондвананың батыс жағында (Австралия, Жаңа Зеландия, Антарктида) табылған. Құстар денесі тұрақты температурасымен, қауырсынымен, қарқынды тыныс алуымен, ұшу мүмкіндігімен, тістері жоғымен, жеңіл қаңқасымен, жақсы көруімен, естуімен және дауыс аппаратымен ерекшеленеді. Жерүсті омыртқалылар арасында құстар класы түрлерге ең бай (8580). Олар мына түрлерге: өмір сүру өзгешелігіне орай (отырықшы, соқпа-шанда, ұя салушы, қыстаушы, көшпелі), қоректену өзгешелігіне-(дән қоректі, жәндік қоректілер, балық жейтін, жыртқыш, талғаусыз жейтін), мекендеу өзгешелігіне-(теңіз, су жиегі, батпақты, орманды, далалы, елді мекен), мекендеушілер тығыздығына-(сансыз көп, әдеттегі, жоғалудағы, саны аз, сирек), шаруашылық және әсемдік құндылығы-(кәсіптік, сайрағыш, санитарлық, тұқым тарататын, бақ, бақшаға зиян келтіруші, сәндік) деп жіктеледі. Құстар мақұлықаты жақсы зерттелген. Олардың ішінде басым көп түрлері (515)–ұя салушылар, оның тек Қазақстанда 27 түрі кездеседі. Одан кейінгі түрлерге торғай, ржанка, қазтәрізділер отрядтары жатады. Құстар анатомиялық құрылысымен, дамуымен өзінің арғы атасы-бауырымен жорғалаушыларға жақын. Олардан көптеген қазір байқалатын белгілерді мұра етіп алған. Құстар класының негізгі басты белгілері: ұшуға бейімделуі және бауырымен жорғалаушыларға жақындығымен айқындалады. Сондықтан осы белгілерді құстардың анатомиялық, физиологиялық ерекшеліктерімен танысқанда естеріңізде сақтауларыңыз қажет. Жерүсті құстардың үйлесімді (келісімді) жүретін екі (артқы) аяғы болады. Алдыңғы аяқтары қанатына өзгерген, онда үш саусақтың қалдықтары бар. Тұлғасы тұтас үлкен төсіне, қанаттарының бұлшық еттері бекітіледі. Бассүйегі мен қаңқа сүйектері ауаға толы болады. Сүйекті құйрығы қысқа. Қауырсындану–барлық құстарға тән белгі, сүтқоректілер класы арасында кейбір тіпті түксіз түрлері де кездеседі, ал жорғалаушылар ішінде мүйізді қабыршақты немесе сауытсыз, т.б. түрлері болады. Сондықтан қандайда болмасын құстар класы өкілін жай қарапта анықтайды. Төс аумағындағы қаңқа жақсы дамыған. Ірі дарақтарда бассүйегі бір-бірімен тұтасқан. Мойын омыртқалары өте жақсы қозғалады. Бел, құйымшақ, құйрық омыртқалаларының біраз бөлігі де тұтасқан. Құстың бассүйегі жорғалаушылар мен сүтқоректілер бассүйегімен салыстырғанда айтарлықтай жеңіл. Оны түзетін сүйектер өте жұқа және ауаланған. Сонымен, бассүйек өте жұқа, бірақ өте берік, оның жігі болмайды. Кейбір юра, бор (меловый) дәуірлеріндегі құстардың (археоптерис, гесперорнис) тістері болған, қазіргі барлық құстардың жақ сүйектерінде тістері жоқ, олар мүйіз тәрізді затпен қапталып, құс тұмсығын құрады. Тістің жоғалуы ұшудың дамуына байланысты. Ол бассүйегінің неғұрлым жеңіл болуын қажет етті. Құстың бассүйегі мойын омыртқасымен сүтқоректілердегідей екі айдаршықпен емес, бауырымен жорғалаушылардағыдай бір айдаршықпен қосылған. Сондықтан бастың қозғалуы ұлғайған. Құстар бауырымен жорғалаушылардан тек төменгі ғана емес, жоғарғы жақ сүйегінің қозғалысында мұра еткен. Құс тұмсығын қатты ашқанда жоғары жақ сүйегі майысып, көтеріледі, ал жақ сүйектері қосылғанда ол түседі. Бұл, құс тұмсығының жақсы ашылуына және табылғанды жақтың жақсы ұстауына әсер етеді. Денесін бездері жоқ жұқа тері жабады. Құйрық негізінде құйыршық безі болады. Тері туындыларына денесіндегі қауырсындар, аяқтарындағы мүйізді қабыршақтар, саусақтарының ұштарындағы тырнақтар жатады. Бұлшық еттері жақсы дамыған, әсіресе төс, мойын, аяқтарындағы бұлшық еттер. Ас қорыту жүйесі тістерінің жоқтығымен ерекшеленеді, бірақ азықты жұмсартуға қажет жемсауы (кеңейтілген өңеші), ірі қос қалақшаға ұқсас бауыры, жақсы дамыған өт қабы болады. Тыныс алу жүйесі ұшуына бейімделіп, оны қамтамасыз етеді. Сондықтан өкпелері тығыз тесік-тесік ағза тәрізді, оның қосымша жұқа ауа қапшығы ағзалар арасында, сүйек қуыстарында, бұлшық еттерінде, тері астында орналасады. Құстарға қос тыныс алу тән. Себебі, ол қанатын қаққанда ауа өкпе арқылы өтеді. Бұл ұшқанда белсенді газ алмасуы жүруіне әсер етеді. Қан тамырлары жүйесі жүректің оң жағы көктамыр, сол жағы қызыл тамырға бөлінуімен сипатталады. Ондағы екі қанайналым шеңбері толық дербес (өз алдына) болады. Қызыл және көктамыр қандары араласпайды. Дене температурасы тұрақты (42-45 С). Шығару (бөлу) жүйесі қос екінші бүйрегімен және қос зәрағарымен (мочеточник) сипатталады. Зәрағарлар ішектің кеңейтілген соңғы бөліміне (клоакаға) ашылады, қуығы болмайды. Зәр құрамбөліктерінің эксперименттерімен бірге сыртқа клоака арқылы шығады. Құстың жүйке жүйесі бас миының одан әрі дамуымен сипатталады. Онда үлкен ми сыңары, көру бөліктері, жақсы дамыған мишығы, 12 жұп бас-ми жүйкесі болады. Құстар–даражыныстылар, олардың бір түрінде морфологиялық екі, не одан көп, ия болмаса аз, күрт айырмашылығы бар форма (жыныстық диморфизмом) байқалады. Негізгі морфологиялық белгілеріне орай, құстар омыртқалылардың басқа кластарына қарағанда біртекті топтарды құрады. Құстардың ішінде өте қатты қос мекенділер, бауырымен жорғалаушылар, сүтқоректілерде байқалатын жалпы құрылымынан ауытқитын өкілдері болмайды. Мысалы, қазіргі және қазып алынатын құстар арасында аяқсыз түрлері кездеспеді, ал барлық омыртқалылар кластарында олар болады. Құстардың бір түрлілігін, оның эволюция бойы қарқынды ұшуға ұзақ уақыт бейімделуі деп түсінген жөн. Ұшу негізгі жүру тәсілі болғандықтан барлық құстардың құрылысына айтарлықтай әсерін тигізді, оның сыртқы, әрі ішкі құрылымының негізгі ұқсастықтарына себепші болды. Ұшпайтын құстар (түйеқұстар, пингвиндер және басқа) ұшуға қажет бірталай басты белгілерін жоғалтқанымен, олардағы кейбір белгілер, арғы аталары бұрын ұшқанын байқатады. Мысалы, түйеқұстың алдыңғы аяқтарының қаңқасы ұшатын құстар қанатындай болып келеді. Сондықтан кейбір қазіргі ұшпайтын, қазып алынған құстардың ұшпауы пайда болған екінші құбылыс деп қараған жөн. Құстардың анатомиялық ерекшеліктері (қауырсын жабын, құйымшақ без, қаңқа, бұлшық еттер, қан айналым, тыныс алу ағзалары, дауыс аппараты, ас қорыту, бөлу, көбею ағзалары, бас миы, сезім ағзалары) туралы реферат жазыңыздар. Жұмыртқа құрылысы ең күрделілігімен ерекшеленеді. Оны сары уыздан, ақуыздан, қабыршақасты қабықтан, қабыршақтан тұратын тауық жұмыртқасын мысалға алып, сипаттап көрелік. Сары уыз–аса ірі жұмыртқаклеткасы, оның ядросы жоғарғы бетінде орналасқан, ол кішкене топталған белсенді ооплазмамен қоршалған, тұрақты қосындыларды сақтайды. Жұмыртқалаған тауық жұмыртқасы жұмыртқа емес, ол жұмыртқа жолынан өтіп, үшінші қабықпен жабылған, дами басталған ұрық. Мұндай жұмыртқаның жоғары бетінде (ұрықтану жүрсе) оның ядросы емес, даму жолындағы ұрық–бластодиск байқалады. Оның астында «ақ уыз» жиналған, түрі құмыра тәрізді болады. Оны латебра деп атайды. Жұмыртқаклеткасының басқа бөлігі негізінен «сары уызды» сақтайды, оның арасында кейде «ақ уыз» жолағы байқалады. Бұл уыздардың екеуі де жасушаның тұрақсыз қосындылары–сары уыз шарлары. Сары уыз шарлары ақ уыз шарларынан ірі, оның құрамында ақуыз, көптеген майлар болады. Ооплазманың қыртысты қабатынан сыртына қарай, жасуша қабығынан сарыуыз (вителлин) жарғағы немесе қабығы орналасқан. Ол 7-10 күн ішінде, жұмыртқалықтан аналық жасуша шыққанға дейін құрылады, ақ уыз-мукополисахарид кешенінен, біркелкі масса тәрізді, электронды микроскопта ғана көрінетін өте жіңішке жіпшелер торынан (фибрилл) тұрады. Ондағы ені 2 микронға дейінгі тор саңлауы ұрықтанғанда шәуеттерді ерікті өткізе береді (әтеш шәуетінің қалыңдығы 0,5 микроннан аспайды). Басқа жануарлар түріндегідей бұл жарғақтыңда сәулелі жолақтары бар. Оларға фолликулалық жасушалар өсінділері кіреді. Бірақ қабықтың ешқандай саңлауы болмайды да, бұл өсінділер өте жұқа сүзгі рөлін атқарады. Жалпы сарыуыз жарғағы жұқа мөлдір қап тәрізді, жұмыртқаклеткасын (кейін ұрықты) зиянды себепкерлерден (агент) қорғайды. Ақуызда 3–ішкі, сыртқы сұйық, ортаңғы тығыз қабаттар орналасқан. Қабыршақасты қабықта бір-біріне тығыз жанасқан, тек доғал ұшы екіге айрылып, арасында ауа камерасын құратын 2 қабық болады. Бұл қабық талшықтар торынан құралған, оокератин–ақ уызынан, кератинге ұқсас мүйізді заттан тұрады. Қабыршақ органикалық талшықтардан тұрады, оларға қыртыстанған минералды тұздар (кальциттер) тығыз байланысқан.
Достарыңызбен бөлісу: |