2 ОРТА ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН
2.1 VI-X ғғ.ерте орта ғасырлық мемлекеттер
Түрік қағанаты (552-603 жж.). VI ғасырдың басында Алтай, Сібір, Монғолия жерінде түркі тайпаларының үстем тап өкілдері бірігіп ашин руынан шыққан феодалдық мемлекет Түрік қағанаты құрылды.
Түрік қағанатының жері Солтүстік Моңғолиядан бастап Шығыс Еуропаға дейінгі жерге созылып, қоныстану аумағы Әмудәрияның жоғарғы ағысына дейін созылып жатты. Қазақстан жері де осы қағандықтың құрамында болатын. Бұл мемлекет туралы жазба деректер VII-VIII ғасырлардың ескерткіші Орхон-Енисей жазбаларында жазылған. Бұл ескерткіштер Енисей өзенінің бойы мен қазіргі Моңғолия жеріндегі Орхон өзені маңайынан табылғандықтан «Орхон-Енисей» жазуы деп аталып кеткен. Ескерткіштер – VII-VIII ғасырлардағы түркі ру-тайпаларының іргелі елі Түрік қағандығының тұсында Білге қаған, Күлтегін (әскер басы), Тоныкөк (ақылшы, кеңесші) сияқты атақты тұлғаларға арнап тұрғызылған құлыптастағы жазулар. Қазақстан ғылымында Орхон-Енисей жазбаларын Ғ.Айдаров зерттеген.
«Түрік» энтонимі ең алғаш рет 542 жылғы қытай жылнамаларында кездеседі. Шежірелерде түріктер Қытайдың Вэй князьдігінің солтүстік бөліктеріне жыл сайын шапқыншылық жасап тұрғандығы айтылады. Түрік атауы моңғолша тау сияқты дулыға дегенді білдіреді, сонымен қатар ақсүйектер деген мағынада да қолданылған. Ал қытайлар түркілерді сюннулердің (ғұндардың) ұрпақтары деп санаған.
Түркілер 546 жылы Алтайды мекендеген теле (тирек) тайпасын жеңіп, олардың 50 мыңнан астам әскерін тұтқынға алған. 552 жылы көктемде түркілер аварларға шабуыл жасап, оларды жеңеді. Анағұй билеуші өзін-өзі өлтіреді. Сөйтіп аварлардың күш қуатына да, олардың барлық иеліктеріне де өзін мұрагер ретінде орнықтырып, Түрік қағанатын құрады. Алғашқы қағаны Бумын болды. 553 жылы Бумын қаған қаза табады, оның орнына таққа інісі Қара-Еске отырады, оның бастауымен Букрат тауларында аварларды екінші рет жеңеді. Қара-Ескінің мұрагері Мұқан қаған, оның лақап аты Нанту болады. Мұқан қаған (552-554 жж.) билік құрған уақытта Түрік қағанаты Орта Азияда саяси үстемдікке ие болады. Бұл жылдары түркілердің батысқа жасаған соғыс жорықтары күшейе түсіп, оны Бумынның басқа бір інісі Иштеми басқарады.
552-553 жылдары түріктер «Батыста идті (эфтал) бағындырады». Отырықшы аудандардың байлығын иеленуге ұмтылу түріктердің батыстағы, Орта Азиядағы одан арғы саясаттың негізі болады. Олар эфталиттерінің батыс тармағына міне осы арада кездесті, ал эфталиттердің иелігі Каспий теңізінен Солтүстік Үндістанға және Шығыс Түркістанға дейінгі жерді алып жатқан болатын. Түрік қағанатындағы әлеуметтік қайшылықтар және мал індеттерінің күшейіп ашаршылықпен ушыға түсуі, Сүй Қытайының қағанат шекараларына шабуыл жасауы (581-618 жж.) Түрік қағанатының 603 жылы екі дербес қағанатқа – Шығыс және Батыс қағанаттарына бөлінуіне әкеліп соғады.
Батыс түрік қағанаты Шығыс түрік қағанатына біршама саяси тәуелді болды. Билік түріктердің қаған руы ашиналардың қолында болған еді. Батыс қағанатының орталығы Суяб (Жетісу) болды. Аумағы Қаратаудың Шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жерді алып жатты. Сонымен қатар Түрік қағанатының Шығыс Түркістан мен Орта Азиядағы (Самарқант, Маймург, Кеш, Нахшеб, Иштихан, Кушания, Бұхара, Амуль және Айдхой) отырықшы егіншілік мұраттарындағы басып алған барлық жерлерінің мұрагері болды. Батыс түріктері мемлекетінің бірінші басшысы – қаған жоғарғы билеушісі әскербасы болды. Алғашқы кезде қаған тағына мұрагерлік бойынша қағанаттың сол қанатына шұмұқ (ашна) фратриясының өкілдері отыратын, бірақ бұл тәртіп өзара күрес тудырып бұзылып отырды.
Мемлекетте қағаннан кейінгі адам ұлық болған. Қағанаттағы жоғары лауазымдар – ябғу, шад және елтебер - қаған руының өкілдеріне тиесілі еді. Сот қызметтерін бұйрықтар мен тарқандар атқарды. Бектер – тайпа бастықтары мен өкілдері – жергілікті жерлердегі ақсүйектер сословиесінің басты тірегі болған. Мал өсіретін ерікті қауым мүшелері қағанаттың қарауында болған. Бағыныштылық әрқашан алым-салым төлеумен қатар жүріп отырған. Бағындырылған тайпалардан құлдар тобы қалыптасқан.
Достарыңызбен бөлісу: |